Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Ел аузындағы әңгіме

Бұрын бір атағы жер жарған аты шулы Айқозы деген ұры болса керек. Ол кезде көршілеріне де алыс-жақын деп қарамай тыным бермепті. Және жортуылдан қайтқанда жолы болмайтын күні жоқ екен. Бірақ «адам шайтан емес» демекші, Айқозы да қартаяды. Бұрынғы күн жоқ, жортуылға шығуды аңсайды да отырады екен. «Заман озды, мен тоздым» деп ішкені ас болмай бұрынғы күнін көксейді.

Ақыры бір күндері шал Айқозы «ауру қалса да, әдет қалмайды» деп жорыққа дайындалады. Ол үйінен аттанарда он жасар жалғыз баласы болса керек. Айқозы баласына:

— Егер бір жылға дейін келмей қалсам, ондай әкеңнің кәріліктің жетегінде кеткені. Жолым болмаса, оралмаймын. Бір жылға дейін күт, содан кейін келмесем, әкем өлді деп есепте де, өз бетіңмен күн көре бер, балам, — деген екен.

Сонымен Айқозы аттаныпты алыс жердегі қазақ ауылдарына. Осы кездерде өзі де қатты жұтап қалса керек. «Құдай қаласа, мол олжамен қайтармын» деп ойлайды. Өзі кәрі адам аяқ-қолы қалтырап, атқа дұрыс отыра алмайды. Бірақ көңілі алып-ұшып келе жатады. Сонымен үш күн, үш түн жүріп көздеген ауылына жетеді көз байлана. Түн ішінде бір үйір жылқыны алдына салып жөнеледі. Бірақ бұрынғы айласы жоқ, оның үстіне ауылдың жалаңдаған жас жігіттері қойсын ба, қуып жетіп шалды ұстайды. Бұл бір бектің жылқысы болса керек.

Бек қатыгез түсі суық, шамалыға жібімейтін адам екен. Ол шалдан:

— Мына түріңмен жылқы ұрлайсың, тіпті жазалауға да қимай отырмын. Кәуреген жаман шалды жазалағаннан не пайда маған? Одан да мен сені босатайын. Енді ұрлығыңды қоясың ба? — депті.

— Ет тәттілігін қойса, мен ұрлығымды қоямын, — депті.

Ашуланған Бек:

— Бұл әбден алжып қартайған кезде жібереміз, — деп терең зынданға алып кетеді.

Бір жылдай уақыт өтеді. Шалды зынданнан шығарып бек:

— Ақылың кірді ме, есуас шал, ұрлығыңды қоясың ба? — десе, шал айтқанынан қайтпайды.

— Ет тәттілігін қойса, мен ұрлығымды қоямын, — деген.

Әрине, бек бұл шалды босатқанымен, бұдан енді залал жоқ екенін біледі, «не қауқары болсын» деп. Алайда, ол шалдың сағын сындырғысы келіп, өз алдында дегенінен қайтарғысы келеді. Шалды тағы жауып тастайды. Бір-екі жылдан соң тағы сұрайды. Шал дегенінен қайтпайды. Ақыры сонымен он жылдай уақыт өтеді. Шал әбден қартайып көзінің нұры таяды. Өзі сақал-шашы аппақ қудай. Енді Бек шалды қоя бергісі келіп, зынданнан шығарса, шал «кетпеймін» деп әлек салады. Қуып жіберсе де, қайтып келеді. Бұған естері шыға таңданған бек, мырзалар себебін сұрайды.

Сонда шал:

— Менің ауылға барар жолым жоқ. Жалғыз балам мені танымайды. Әлдеқашан өлдіге санап қойған. Қайтпаймын, — депті.

Сонда бек не істерін білмейді. Өзінде қалдырайын десе, кешегі тұтқында азап көрсеткен шалды бүгін қасына алса не болады деп арланады. Ол қайта жауып тастауға дәті бармайды. Ақыры ол шалдан құтылу үшін оның алдында айып төлеп, көп мал, сыйлық беріп, еліне шығарып салады.

Баяғыда жалғыз атпен түн жамылып келген ұры Айқозы, сөйтіп, он жылдан соң ырғалып-жырғалып еліне қайтыпты.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама