Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ең керемет дәм туралы

Ерте-ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде, «Ертегі» деген керемет патшалық кұрған өлкеде бір айтулы оқиға болыпты. Ол қандай оқиға дейсің ғой, ізгі жүректі, ұшқыр қиялды жас дос? Ол былай болған..

Жер бетіндегі барлық жан-жануар атаулы қасиетті мекен санайтын Шаңырақ биігі басында, Кіндік белгі қасында «Ұлы жиын» деген өтіп тұрады екен. Ол жиынға дүниедегі бар тіршілік иесі асығып жетіп, қуана бас қосатын болған. Өйткені, ол байтақ жер бетіндегі кең өрістей, шалқар теңіздей, арналы дариядай өмірдің ең маңызды мәселелерін келісіп, ақылдасып шешетін бейбіт, мәмілелі ұлы жиын еді.

Бірде сондай жиынға шақыру кезінде мынадай хабар айтылады: «Әр тіршілік иесі өзінің сүйікті асын алып келсін. Кімнің дәмі тәтті екен, қандай тағамның қасиеті артық екен — соны біліп, соны ғаламға паш етейік!» Бұл хабар төрткүл дүниеге түгел тарайды.

Ал межелі күн жеткенде, бәрі-бәрі құрметтейтін Шаңырақ биігі басына, Кіндік белгі қасына әлемнің төрт тарабынан асыққандар ағылып келе бастайды. О-о, бұл тірі ағында кімдер, нелер жоқ дейсің?! Аң патшасы арыстан, құс патшасы бүркіт, су алыбы кит, дала еркесі киік, маңғаз піл, жайбасар керік, құс сұлуы аққу, жезтаңдай бұлбұл, жасқаншақ жарқанат, тіпті ызыңдаған сонаға дейін бар мұнда. Жүгірген аң, ұшқан құс, жүзген балықтан қалмайын деп, дөңгеленген қаңбақ, жел айдаған үпелек, жан-жануарға ілескен дән-дәнек те осында жетіп жатты. Осынау жанды ағынды «тіршілік дариясы» деп айтуға болатын еді.

Бұл жиында тек Адам ғана көзге түспеді.

«Ау, Адам-дос қайда екен?!» — десті жиылған көп қауым.

«Ол жер жыртып, арна қазып, үй тұрғызып, еңбектеніп жатқанын көрдік. Сірә, сол жұмыс деген бейнеттен қолы босап келе алмаған болар?», — десті Адамды көрген тағы бір топ куәгер.

«Біздің азығымыз жолымызда жатады, аяқ астынан табылады. Ал Адамның ырыздығы тер төкпей өнбейтін қиын дәм деседі. Сірә, оның татымы да сондай ащы шығар?..» — деп шуласты тағы біразы.

Жиналғандардың бұлай айтатын себебі бар еді. Шаңырақ төбе басында, Кіндік белгі қасында жайылған, өрістей кең дастарханға өздерінің ең сүйікті, аса қадірлі дәмдерін алып келді олар. О-о, бұл дастарқанда не жоқ?! Шалғынды даланың майса көдесін елік, шөлейт қырдың жұпар иісті жусанын ақбөкен, бөрте тау бөктерінің шырынды маралтамырын бұғы алып келсе, сусиыр тропик батпағының шекердей борығын, піл жунгли нуының пүліштей талшын бұтағын ала келген. Кең жазықтағы шетсіз-шексіз даладай дастарқан бетінде жылы елдерден әкелінген інжір, зәйтүн, ананас, банан, солтүстіктің тундрасында піскен қырау түкті жидектер, шырыны шыққан мүк-қына, орман мен даланың қияқты-масақты дестелері, жеміс-жидек, жаңғақ-дәнек, тамыр-түйнектер бау-бау, жал-жал боп үйіліп жатыр. Ал енді майлы жілік, құйқалы қоң ет сүйреткен арыстан, койот, қарсақ, қолтырауын сияқты топтың дәм-тағамы өз алдына бір төбе. Тіпті су бойлап жеткен мұхит китінің мұртын майлаған бір асам теңіз шаянының өзі үлкен дастархан шетіне тау боп үйілді.

Осындай жиын, осындай кең дастарқан еді бұл!

Жиналғандар әлгіндей деп шуылдасып жатқанда, кенет бәрінің тұмсықтарына әлдеқайдан бір хош иіс жетті. Бәрі тым-тырыс боп, иіс келген жаққа қарасты. Топқа Адам жақындап келе жатыр екен. Жаңағы керемет хош иіс сол Адаммен бірге келе жатқаны белгілі болды.
Адам өзін жұмыс деген бейнет кідіртіп қалғанын айтып, жиылғандардан кешірім сұрады. Біреулері оған күлді, енді біреулері түсіністікпен қарады. Сонан соң кең дастарқан басында дәм тату басталды. О-о, бұл дегенің ұлан-асыр той еді! Елік жасыл даланың майса көдесін, ақбөкен қырдың жұпар иісті жусанын, бұғы бөрте тау бөктерінің шырынды маралтамырын, сусиыр тропик батпағының ақ борығын, піл жунгли нуының пүліштей талшын бұтағын екен — бәрі-бәрі өз дәмдерін өздері тамсана татып, өзгелерге ілтипатпен ұсынды. Мәз-мәйрам мешіндер банан, ананас жемістерінен шашу шашты. Жолбарыс, қабылан, түлкі сияқты тағы бір топ майлы жілік, құйқалы қоң етті алға тартты. Алыс судан келген дельфин теңіздің майшабағын байқап көруді ұсынды. Тіпті дөңгеленген қаңбақ, жел ұшырған үпелек, құс тұмсығында келген дән де өздері өскен топырақтың құнарын тамсана айтып, басқаларды сендіріп бақты.

Әйтсе де... Ұлы дастарқан басындағылардың бірінің дәмі біріне ұнай қоймағанын несіне жасырамыз? Бұл өз-өзінен түсінікті нәрсе ғой. Мешін жұпары бұрқыраған жасыл пішенге мұрынын шүйірді; арыстан шырыны тамған жеміс-жидекке тосырқай қарады; киік майлы жілік, қоң еттен алысырақ барып тұрды. Сөйтіп, дастарқан басы топ-топқа бөлініп кетті. Сол сәтте Адам ошақтағы оттан жаңа ғана алып, жылы күйінде кеудесіне қысып әкелген ып-ыстық күлшесін шығарды. Жиылған қауым тағы да сілтідей тынды. Керемет хош иістің қайдан екенін енді бәрі көрді.

Адам әуелі ыстық күлшеден бір үзіп, өзі ауыз тиді. Сосын, бір үзіп, киікке ұсынды. Бір үзіп, керікке ұсынды. Бір үзімін мешінге ұсынды. Арыстанға ұсынды. Қолтырауынға берді. Судан көз салған балыққа үзіп тастады. Тіпті ызыңдап жеткен маса да бір сәт байыз тауып, ыстық күлшенің сөлін сорып көрді. Берекелі күлше жиылғандардың бәріне жетті. Бәрі тамсанып, таңдай қақты. Бәрі де менің құрметті де сүйікті тағамым осы болғандай екен деп арман етті.
«Не деген керемет дәм?!» — десті бәрі.

Күлшеден тамсана дәм татпаған бірде-бір тіршілік иесі қалған жоқ. Адамның дәмі бәріне ұнады.

— Бұл дәмнің аты — Нан! — деді Адам. — Нанның сондай тәтті болғаны — оған менің еңбегім сіңді, маңдай терім тамды...

Адам еңбекпен келген нан туралы айтқанда, жиналғандар оны қызыға тыңдады. Адамның еңбегі сіңген, маңдай тері тамған, жүрегінің ыстығы мен алақанының жылуы дарыған дәм сондай тәтті болыпты. Еңбектен туған игіліктің бәрі сондай қасиетке ие болмақ екен. Сондықтан да Адамның еңбекпен тапқан тағамы — жер бетіндегі ең керемет, киелі дәм.

Сол күні Ұлы жиын «Жер бетіндегі ең тәтті, ең қасиетті тағам — Нан» деп тапты. Сонан бері әлемдегі бар хайуанат өз жерлерінде, өз дәмдерін татып өмір сүріп жатыр. Бірақ дүниедегі ең керемет дәм — Нанның қасиетін бәрі мойындаған, бәрінің есінде, бәрі де оны қадір тұтады.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама