Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 7 сағат бұрын)
Ерік құрбаны

Айнажан бүгін аң-таң еді. Түсі сұрғылт тартып, жүні жығылып, от пен судың арасында тұрған адам секілді. Бір орында дәйек тұтып отырғысы келмейді. Әлсін-әлсін далаға шыға береді. Албардың алдындағы ақ қаланың аузына келіп, әлдеқайда күннің батысына көз салады. Қабақтан түсе берісте созылып жатқан қара жолда анда-санда қарайған жүргінші көрінеді. Қысқы суықта шираған қардың үстінде шананың табаны шықырлап, әлде қайдан құлаққа келген секілді болады. Батуға таянған күн құлақтанып, ақтық нұрын ақ қардың бетін күлімсіретіп, сеуіп тұр. Теріскейге ызғарланған желдің лебі бетке тигенде ине тығып алғандай шым ете қалады. Су тасыған қатындар, мал суарған адамдар желдің ызғарынан жеңіліп, еріксіз қырындайды. Көлбеп ұшқан көк түтінде кештің ызғарына беттей алмағандай төмен қарай құлдилап, ақша қардың бетін аймалай құлап жатыр.

Жалғыз Айнажан ызғардан именбейтін тәрізді. Екі беті қызарып, мөлдіреген қара көзді бір нүктеге тіреп тұр. Сол жақ болса керек!..

— Еркежан, неғып тұрсың?— деп су әкеле жатқан жеңгесі қатарласа беріп, тоқтады. Аяғындағы қатқан кебісін біріне-бірін ұрып тықылдатып, көк аяң тартып бүріскен қолын аузына тақап үрледі.

— Құдайдың күні не боп кетер екен, қыратын шығар... Жұрттың бәрі ұйлығып үйде отырғанда, сенің далада тұрғаның не? Әлде, бүгін күйеуің келуші ме еді?!— деп жеңгесі күлді.

Айнажан жеңгесінің бетіне ажырайып қарады, еріксіз күлді.

— Күйеуім келуші ме еді?— деді.

— Еркежан-ау, келсін деп шын шақырсақ қайтеді...

Айнажанның бетіндегі күлімсіреген түс бірден жиылып кетті, жеңгесіне ала көзімен бір қарады да, үйіне қарай бұрылып, жүре берді...

Түн. Үйдің іші тастай қараңғы. Дала дүрілдеген боран. Ызғырған жел даланы басына көтеріп, ұйытқыған қармен терезені көміп жатыр. Терезенің төменгі жағы тегіс көміліп, жоғары жағындағы бір көзінен ғана жылтыраған саңылау көрінеді.

Жеңіл ғана киініп, күпісі мен бөкебайын бас жағына үйіп, шоқиып Айнажан отыр. Жүрек бір орында тұрмай лүпілдеп, жақсылық па, жамандық па, бірдемені күткен тәрізденеді. Осы ісінін не екенін, бұған ділгерлендіріп отырған кім екенін ой жіберіп шолады. Қиял жүйрік қой, зымырап отырып келіп бір жерге мүдіреді, оң жағында жатқан шешесі, Айнажанды тапқан шешесі, ұлдан артық мәпелеп, маңдайынан сипап өсірген шешесі! "Тоқалдың он ұлына да бермеймін",— деп аспанға көтеретін, "қарағымды ұзататын күн болса, қалай жалғыз қалар екем",— деп жылайтын шешесі.

Сөйткен шешесінің жанында жатқан Айнажан буынып-түйініп, бірдемеге әзірленіп отыр. Әзірлігі өзгеше, кім білсін, бұл есікті қайтып көрмейін деп те отырған шығар. Бірақ, ол ұл орнына мәпелеп өсірген әжесін неғып қияды? Ең болмаса бірер ауыз тіл қатып кетуі, жөнін айтуы керек шығар? Ақтық рет бетінен сүйгізіп, әжесінің мамасын иіскеуі керек емес пе? Әжесінде жазық не?

Айнажанды ренжіту оның ойында бар ма еді?! Қызға еркек қожа. Әкесі биледі де, өзінің қалаған жеріне бермек болды. Айнажан естіп жылағанда, байы өлгендей болып дауыс қылған осы әжесі еді ғой! Айнажан қабағын шытып, ренжіп отырса, неге ренжігенін сұрап-білгенше төзбей, жанын құрбан қылғандай болатын жанашыры осы еді ғой...

— Апырай, әжемді қайтсем екен?!— деп Айнажан ұзақ ойға шомды.

Дала боран. - Жел ұлиды, ысқырады, өлімсіреп жылағандай болады. Желмен бірге, мөлдір көзін ыстық жаспен шылап, Айнажан да жылайды. Жандай көрген жалғыз әжесін тоқалдың табасына тастап, ойламаған іске бел буғанына өзін шілтелегісі келеді. Бірақ, әзір іс өткен жоқ қой, әлде болса әжесінің жылы төсегіне кіріп, аймалап сүйсе қайтеді. "Әже, бір сені ренжітпеу үшін не қорлыққа болса да төздім!" — десе қайтеді...

Жоқ болмайды... Айнажан, сүйгеніне уәде беріп қойған. Айнажан, уәдесін жұтпауға тиіс емес. Әжесі үшін Айнажан, бәлкім, көнер де ме еді? Бірақ әкесінің жылатып бергелі отырғаны, жасы қырықтан асқан біреудің малы арқасында тоқалдыққа алғалы отырғандығы — міне осылар Айнажанды күйдіреді. Мұны ойлағанда Айнажан от болып, өртеніп бара жатқан секілденеді.

Әжесі қозғалып, аунап түсіп жатты.

— Айнажан, қалқам, жақынырақ жатшы, арқам тоңып қалды,— деді әжесі.

Айнажаннан ерік кетіп, әжесінің көрпесіне кіріп құшақтап қысты...

Есік тықылдағандай болды. Далада сыбдыр білінді. Айнажан басып көтеріп алды. Үлпілдеген жүрек бұрынғысынан да үдеп, аттай шабуға айналды.

— Апырмай, енді қайтем?.. Жоқ, кету керек.

Айнажан есікке бара бергенде, әжесінің жыламсыраған дауысы естілді.

— Айнажан! Қалқам, қайдасың?

Дала тастай қараңғы. Алай-дүлей боран. Гулеген жел әлде қайдан қуыс тауын кіріп, денені шымырлатып, тоңдырып келеді. Ауылдан шыққалы шана жол табанына түскен емес, пар ат ілбітіп тарта ма, қалай, шана ептеп қана қозғалған секілді.

— Апырмай,- адастық — деп көшір Айнажанның тұла бойына суық суды құйып жібергендей болды. Қатар отырған мына Айдар, Айнажанды қорқытпайын деді ме екен, қайрат бере сөйледі.

— Жоқты айтпашы, адам адаса ма екен. Осы бетімізбен жүріп қара жолды қазір қиып аламыз,— деді.

Мұны айтуын айтса да, өзі сеніп келе жатқан беттерінің қай жақ екенін өздері де білмейді. Үсті-үстіне ұрса да омбы қарға малтығып, ат жүруді сиретті. Ақырында түпкі ат қарға бауырлап жатып алды.

— Ойпырмай, сай болмаса игі еді,— деп көшір түсе қалды. Атты қабырғалата жүріп алдын орала беремін дегенде, аяғы сырғанап кетіп, зымырай жөнелді, айқайлаған дауысын жел көтеріп әкетті. Жолдастарына есіттірмеді.

Көшір атты тұрғыза алмады ма деп Айдар да түсе қалды. Ол да аттың алдын орала бергенде, сырғанап кеткенін бірақ білді. Сасқанынан дауысы шықпады...

Ертеңіне Айнажанды іздеген қуғыншылар малығып құлап жатқан атты тапты... Аттан екі жүз қадамдай жерге барып, өліп жатқан Айнажанның сүйегін тауып алысты.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама