Photo: Ayazhan (https://www.pexels.com/@ayazhan-3173683) / Pexels
- 27 мам. 2026 11:30
- 23
Ескі үлгідегі 2000 теңгеліктерді ауыстыру мерзімі жақындап келеді: Ұлттық банк халыққа үндеу тастады
Қазақстанда ескі үлгідегі 2000 теңгелік банкноттарды қабылдау тоқтатылады. Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айта кетейік, бұл – «Қазақ Елі» монументі бейнеленген, ал сыртқы бетінде Қазақстан картасының контуры мен Ертіс өзені, стилдендірілген киіз үй және мемлекеттік тудың үзіндісі бар банкноттар. Бұл 2012 жылғы үлгідегі ақшалар.
Ақшаны ауыстыру мерзімі
Аталған банкноттарды төлем құралы ретінде қабылдау мерзімі аяқталуға санаулы күндер қалды. Нақтырақ айтсақ, 24 маусымнан бастап бұл ақшалармен ешқандай тауар немесе қызмет ақысын төлеу мүмкін болмайды. Дегенмен, әлі де уақыт бар.
Банкноттарды қайда және қалай ауыстыруға болады?
Ескі үлгідегі банкноттарды ауыстыру үшін үш жыл уақыт беріледі. Оны екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» арқылы жүзеге асыруға болады. Ал Ұлттық банктің филиалдарында бұл ақшаларды мерзімсіз ауыстыруға болады.
«Екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» арқылы ескі банкноттарды жаңасына үш жыл ішінде ауыстыра аласыздар. Ал Ұлттық банктің филиалдарында бұл мерзімсіз. Қолдарыңыздағы ақшаны тексеріп, банкноттарды уақытылы ауыстырып үлгеріңіздер!» - деп кеңес берді ҚР Ұлттық банкінің қолма-қол ақша айналысы департаментінің бас маманы-аналитигі Әсел Ақтлеу.