- 12 нау. 2026 10:21
- 39
infohub.kz
Еуропаға виза жеңілдей ме: Бельгиядағы Қазақстан елшісі журналистермен кездесті
Бельгияда Қазақстанның бірқатар аймақтық ақпарат құралының өкілдері, оның ішінде QazaqToday ақпарат агенттігінің басшысы елші Роман Василенкомен кездесті, деп хабарлайды infohub.kz ақпарат агенттігі.
Брюссельге біліктілікті арттыру курстары аясында келген журналистер тобын Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы бастап барды. Делегация құрамында «infohub.kz» директоры Мейіржан Әуелханұлы, «Жетісу» радиосы, «Қостанай таңы» газеті, «Қызылжар-Ақпарат» медиахолдингі, «Turkistan Media Holding» және «Алматы» телеарнасының өкілдері болды.
Кездесуде елші Роман Василенко Қазақстанның Еуропалық одақпен (ЕО) арадағы қарым-қатынасының негізгі бағыттарына тоқталды. Оның айтуынша, ЕО – Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі.
«Еуропалық инвестициялардың Қазақстан экономикасына салынған жалпы көлемі 200 млрд доллардан асты, ал Қазақстан ЕО-ға импортталатын мұнайдың шамамен 13%-ын қамтамасыз етеді», — деп атап өтті елші.
Сонымен қатар тараптар көлік саласындағы, әсіресе Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясындағы ынтымақтастықты белсенді дамытып жатыр. Сондай-ақ сыни шикізат, жасыл энергетика және цифрландыру сияқты жаңа бағыттарда серіктестік нығайып келеді.
Кездесу барысында көтерілген маңызды мәселелердің бірі – визалық режимді жеңілдету. Елшінің сөзінше, қазір Қазақстан мен Еуропалық одақ арасында осы мәселе бойынша келіссөздер жалғасып жатыр.
Елші Қазақстан мен Бельгияның екіжақты қатынастарының оң қарқын алғанын да тілге тиек етті. Бүгінде Қазақстанда Ahlers, Sarens, Carmeuse, Solvay және Jan De Nul сияқты ірі бельгиялық компаниялар жұмыс істейді. Ал 2024 жылдың қаңтарында Брюссельде Қазақстанның мәдени орталығы ашылған болатын.