- 12 қаз. 2021 00:00
- 210
Франция баспасөзінің тарихына шолу
Франция баспасөзінің қарлығашы ретінде 1604 жылы жарық көрген «Газет француаз» басылымын айтамыз. Осы басылымның ізін жалғап артынша жарық көрген «Француз меркурий» газетін де айтып кетпеске болмас. Жалпы алғанда әлемдегі ең алғашқы журнал - Франция мемлекетінде жарық көрген. Ол «Журнал де Саван» деп аталатын басылым еді. Әр елде баспасөз сан қилы қиындықтарды басынан өткергені белгілі. Ал Франция баспасөзінің тарихында дүрбелең уақыт 1629 жылғы Людовиктің цензура туралы заң шығаруымен келген еді. Жалпы «Цензура» дегеніміз сөз бостандығына тыйым салу деген мағынаны білдіреді. Кез келген жариялануы тиіс ақпарат, мақала, хабар-ошар -барлығы дерлік қатаң сүзгілеуден өтеді. Билік өз қарамағына жандайшап журналистерд тартып, тікелей өздері қалаған тақырыпта мақала жариялатып отырған. Дегенмен цензура болғанның өзінде мұқым ел арасында шындық деп шырылдаған баспасөз адамдары көп болған. Францияда баспасөзде жіберген қателік деген айыппен 869 БАҚ өкілі 1660-1756 жылдары Бастилияда қамауға алынған. Бастилия – ол монархия қарсыластарын қамауға алатын абақты.
Бертін келе Франция революциясы жылдары журналистер пікірі қоғамның мінберіне айналған. 1789-1799 жылдары болған франция революциясы баспасөзге айрықша әсер етті. Ой бостандығына шек қойылмайтыны жөнінде қаулы шығып, нәтижесінде революцияға дейін бар–жоғы 27 газет шыққан болса, революциядан кейін 250-ге дейін басылымдар шыға бастаған.
БАҚ-тың қоғамдағы ықпалы едәуір артты. Журналист Камиль Демулен: «бұрынғы режим тұсындағы листоктар тек ауа-райын жазатын. Бүгінгі журналистер –қоғамды билеушілер» деп баспасөздегі оң өзгеріске сипаттама берген. Баспасөз қоғамға бағыт бағдар беруші бола бастады. Бастилия алынғаннан кейін «Париж революциясы» газеті жарық көрді. Газеттің атауының өзі билікке қарсы бағытта екенін аңғартады. «Ұлылардың Ұлы болып жүргені біздің бүгіжіктегенімізден. Еңсемізді көтерейік!» деп ұрандатып баспасөзге жаңа бір дем бергендей болды.
Франция басылымдары «Саяси», «Арнаулы», «Экономикалық», «Статистика» сынды бірқатар салаларға бөлінді. Сондай-ақ, «Ашетт», «Эрсан», «Пресс де ла ситэ», «Экспансьон» сынды баспасөз монополиялары болған. Монополиялалардың ішіндегі ең беделдісі деп Роберет Эрсан негізін салған «Эрсан» тобын айтуға болады. Ол Францияның 58-ге жуық басылымын уысында ұстаған беделді монополия болған.
Тележурналдар тарихына тоқталатын болсақ көшбасшысы ретінде о«Теле-7 жур» журналын айтамыз. Телекөрермендерге хабар таратып қана қоймай, сол тақырыптарды талқылауда алдына жан салмаған. Сондай-ақ, ерекше тележурналдың бірі әрі бірегейі болып «Телерама» журналы саналады. Ол сыни материалдар жариялауымен ерекшеленді әрі зиялы өкілге арналған элиталық басылым болды.
Ғылыми жетекшісі:Майкотова Ғ. Т. , ф. ғ. к. , доцент, Әлім Ә, . А. , аға оқытушы.