- 03 мам. 2021 00:00
- 281
Философиядағы таным мәселесі
Ақыл-парасат, сана-сезім иесі ретінде адамның ең басты қасиеттерінің бірі – өзін қоршаған ортаны танып-білуге деген ерекше ұмтылыс. Адам айналасындағы әлеуметтік дүниені, табиғи әлемді танып білу барысында олардың ішкі құпиясына үңіледі, қасиеттерін анықтайды, даму заңдылықтарны біледі, өзінің орнын, басқа адамдармен қарым-қатынасын анықтайды. Түйсіктердің, қабылдаудың, ақыл-ойдың арқасында біз заттарды, оладың қасиеттерін танып білеміз. Осы тұрғыдан алғанда, таным дегеніміз сыртқы заттар мен құбылыстардың, олардың қатынастарының адам санасында идеалды образдар жүйесі ретінде бейнелеуінің қайшылыққа толы күрделі процесі.
Философиядағы тиянақты идеалистік ағым жалпы алғанда дүниені танып-білуге болатындығын мойындайды. Бұл ретте, мысалы Р.Декарттың, Г.Лейбництің, Г.Гегельдің жүйелі ой-пікірлерін атап өтуге болады. Алайда, Гегель дүниені танып-білуде «абсолюттік идеаның» өзін-өзі танып –білу жолындағы бір сатысы ретінде қарастырады. Ал субъективті идеалистер дүниені түйсіктермен ой-өрістің әртүрлі жиынтығы деп қарайтын болғандықтан, олардың дүниені танып – білуі туралы субъектінің өзін-өзі танып –білуіне келіп соғады.
Сондай-ақ, кейбір философтар дүниені танып – білу мүмкіндігін мүлде жоққа шығарады, абсолютті ақиқат, заттардың ішкі мәніне таным арқылы жетуді мойындамайды. Философияда агностицизмнің көрнекті өкілдері Д.Юм мен И.Кант болып табылады. Бұлардың қорытынды пікірі: агностик пікірден ары аспайды, олар құбылыстың бер жағында тоқтап қалады, түйсіктердің ар жағында қандай да болсын «анық» нәрсе бар деп танудан бас тартады.
Танымның формалары мен түрлері көп. Ең алдымен таным ғылыми және ғылыми емес деп бөлінеді. Ғылыми емес танымның түрлеріне күнделікті тұрмыстағы танымдар, көркем бейнелер, діни танымдар т.б. жатады. Ғылыми таным – таным процессінің негізгі түрі.
Ғылыми танымның негізгі міндеті – заттар мен құбылыстардың негізгі сырын, олардың өмір сүру және даму заңдылықтарын ашу. Ғылыми таным негізгі екі деңгейден тұрады: эмпириялық және теориялық.
Эмпириялық танымның міндеті – факті жинау ісімен айналысу. Эмпириялық зерттеу ең алдымен зерттеу бағдарламасын жасап, соған сәйкес бақылау, эксперимент жүргізеді, жиналған мәліметтерді саралаудан өткізіп, түсініктеме береді, алғашқы жалпылау жасайды.
Теориялық таным – заттар мен құбылыстардың мәнін, заңдылығын білуге бағытталған таным; ол аса жоғары дәрежелі абстракциялауда іске асады: теориялық таным ұғымы, категория, заң, гипотеза және т.б. формаларда жүзеге асады. Теориялық таным салыстыру, анализ бен синтез, абстракциялау, шектеу, логикалық және тарихи, аналогия әдістерімен жүзеге асады.
Жоғарыда айтылған ойларды қорытындылай келе, мынадай түйінді тұжырым айтамыз: танымның екі деңгейі – эмпириялық және теориялық деңгейлері бір-бірімен диалектикалық бірлікте өмір сүріп, әрекет етеді, яғни бір-бірін толықтырады. Эмпириялық зерттеу әрдайым теориялық танымның алдына жаңа міндеттер ұсына отырады, ал тереңдей түскен теориялық таным өз тарапынан эмпириялық танымның алдына барған сайын күрделірек міндеттер қояды, сөйтіп бұл жерде кері байланыстар принципі әрекет етеді.
Данат Жанатаев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, доцент Назерке Бауыржанова Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты