Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ғажайып шәлі

Ерке қыз көрші үйдегі өзімен жасты Айна қызбен ойнап отыр. Қуыршақтарына әдемі көйлек киіндіріп, бір-біріне «қонаққа» апарып жүр. Екі құрбы қуыршақтарын тілдестіріп отыр.

— Сәлеметсіз бе. Мен сізге қонаққа келдім, — дейді Ерке қыздың қуыршағы.

— Сәлемет пе. Қалыңыз қалай. Төрлетіңіз, — деп Айна қыздың қуыршағы

қонағын күтіп алып, зыр жүгіріп жүр. Аналарынан естіген сөздері ғой. Мысық екеуінің ойынын бақылап анадай жерде отыр. Анда-санда аяқтарымен бетін, мұртын сүртіп, тазаланып қояды. Кеш бата ойындары әбден қанған екі қыз үйлеріне тарасты. Күн ұясына батып бара жатқанда далада жүруге болмайды деп Ерке қыздың анасы қатаң ескерткен. Далада жаман нәрселер жүреді екен. Сондықтан күн ұясына батқанша үйде отырып, содан кейін кешкі салқынмен серуендеуге болады.

Анасы дәмді кешкі ас пісіріп қойыпты. Әкесі де жұмыстан келіпті. Кішкентай інісі де орындығына отырып, қасықты үстелге тақылдатып, тамақ сұрап отыр. Қарны ашқан ғой. Ерке қыз қолын сабынмен тазалап жуды. Өйткені, күні ұзақ далада ойнады. Қолында түрлі микробтар бар. Егер қолын жумай тамақ ішсе, ауырып қалуы мүмкін екен. Мұны да анасы айтқан. Ал астан кейін міндетті түрде ауызды шайып, қолды тағы да жуу керек. Сонда тісі маржандай болып тізіліп тұрады екен. Ерке қыздың Мысығы да ақылды, кірпияз жануар ғой. Ол тіпті жиі жуынады.

— Анашым, осы Айна мүлдем жуынбай ма? — деді дастархан басында Ерке қыз.

— Неге олай дейсің?

— Білмеймін. Көйлегі үнемі кір болып жүреді. Қолдары да, беттері де сатпақ-сатпақ. Ол сондай жақсы қыз ғой. Бірақ, неге тап-таза болып жүрмейді.

— Иә, мен тазамын, — деп Мысықта әңгімеге араласты.

Айна қыздың өзі де анасы да, әкесі де, бауырлары да өте жақсы адамдар. Тек бір кемшілігі, анасы салақтау. Үй ішін де, бойларын да таза ұстамайды. Әрине, бұл өте жаман қасиет. Ерке қыз ұйықтар алдында тістерін жуып, ұйқы көйлегін киіп алды да, Мысығынан сұрады:

— Мысығым, айтшы, Айна қызға қалай көмектесуге болады? Мен оның тап-таза болып жүргенін қалаймын.

— Таза жүр деп айта салмайсың ба?

— Ол ренжіп қалмай ма?

— Онда...онымен бірге ойнамай-ақ қой.

— Жо-жоқ, ол не дегенің! Айна қыз өте жақсы қыз. Мен оны жақсы көремін. Онымен бірге ойнаған сондай көңілді. Мысығым, сен ақылды едің ғой. Бірнәрсе ойластырсаңшы, — деп Ерке қыз Мысығына өтініш айтты. Расында мысығымыз ақылды еді ғой. Бәлкім таң атқанша бірнәрсе ойлап тауып қалар. Ал қазірге пырылдап ұйықтай тұрсын.

Таң атты. Терезеден түскен күннің сәулесімен Ерке қыз да күліп оянды. Жүзі сондай қуанышты.

– Мысығым, мен таптым! Айна қызға қалай көмектесу керек екенін таптым, — деп қуана айқай салды. Ұйқысынан әлде қашан оянған мысығы Ерке қыздың бұл қылығына таңдана қарады.

— Ал менің ойыма ешнәрсе келмеді. Сонда, қалай көмектеспекісң?

— Кейін айтамын. Қазір таңғы астан кейін екеуміз, «Тек пайдалы заттар» сатылатын дүкенге баруымыз керек.

— Жарайды.

Ерке қыз бен Мысығы «Тек пайдалы заттар сатылатын дүкенге» келді. Дүкенші ағай олармен қуана көрісіп, не үшін келгендерін сұрады.

— Ағай, маған әдемі тоқыма жібін беріңізші.

— Тоқыма жібі деймісің. Қазір, қарап көрейін. Егер ол пайдалы нәрсе болса, міндетті түрде табылуы керек, — деп Дүкенші ағай сөрелерді қарай бастады. Бір кезде түрлі-түсті тоқыма жіптерін Ерке қыздың алдына жайып салды. Бірінен бірі өтеді. Түрлі-түсті, жұп-жұмсақ жіптер. Ерке қыз бен мысығы ақылдаса отырып, аппақ жіпті таңдады. Дүкенші ағайға алғыстарын жаудырып, үйлеріне қарай қуана кетіп бара жатты.Анасына аппақ жіптерді алып келіп, Ерке қыз еркелеп:

— Анашым, мына жіптен әдемі шәлі тоқып беріңізші, — деді. Ерке қыздың анасы нағыз шебер тоқымашы. Жіптерді қолға алса болды, шәлі де, әдемі көйлектер де, күнқағар қалпақтарды да дап-дайын болып шыға келеді.

— Қызым-ау, оны қайтпексің? — деп таңырқай сұраған анасына:

— Анашым, өтінем, тоқып беріңізші. Бұл әзірге құпия. Бірақ, ол ғажайып шәлі болады, — деп жауап қатты. Қызының көңілін қимаған анасы ертеңге дейін әдемі шәлі тоқуға уәде берді. Енді Мысық пен Ерке қыз ертеңгі күнді тағатсыздана күтті. Мысық Ерке қыздың не ойлағанын қанша білгісі келсе де, ойына ешнәрсе келе қоймады. Ерке қыздан жалынып сұраса да, ол ешнәрсе айтпады. Тек жымиып қана қояды. Хош, шәлінің жайы ертең белгілі болмақ.

Таң ата ұйқысынан ояна сала, Ерке қыз анасына жүгіріп барды. Міне, керемет. Анасы уәде еткендей аппақ шәлі тоқып қойыпты. Өрнектері қандай әдемі десеңші. Шашақтары да төгіліп тұр. Ерке қыз қатты қуанып, анасын құшақтап, сүйіп алды.

— Анашым, енді осы шәліні алып, Айна қыздың үйіне барайық. Мұны оның анасына сыйлаңыз.

— Сонша жасырған сырың осы ғана ма? — деп Мысық бұртия қалды. Бірақ, не үшін шәліні көрші тәтеге сыйламақ болғанын түсінер емес.

Анасы бірден келісе кетті. Үшеуі, әрине үшіншісі Ерке қыздан бір елі қалмайтын Мысық досымыз ғой, көрші үйге келді. Айна қыздың анасы қонақжай кісі. Оларды қарсы алып, дастархан жайып, тәттілерін қойып бәйек болып қалды. Айна қыз да қуанып жүр. Тек...таң әлдеқашан атса да, беті-қолын жумапты. Ерке қыздың анасы біраз уақыт отырды да, сыйлыққа аппақ шәліні беріп, үйіне қайтты.

Үйде өзі ғана қалған Айна қыздың анасы шәліні жамылып, айнаға қарады. Керемет! Қандай әдемі шәлі. Қардай аппақ, мамықтай жұмсақ. Кенет үстіндегі көйлегінің кір екенін байқап, ұялып қалды. «Мынадай шәліге кір көйлек жараспас» деп дереу көйлегін ауыстырды. Айнаға қарады, орамалы қисайып кетіпті. Оны әдемілеп қайта байлады. Енді айналасына қараса, үйдің іші шашылып жатыр екен. Бұл мынадай әдемі шәлінің сәнін бұзатын сияқты. Айна қыздың анасы сол арада үйдің ішін жинап, шаңдарын сүртіп, мұнтаздай таза етіп қойды. Ерке қызбен ойнап ойыны қанған Айна қыз да үйіне келген еді. Аппақ шәлі жамылған сұлу анасын, мұнтаздай таза бөлмені, жайнатып қойған дастарханды көріп, Айна қыз қатты таң қалды. Анасы қызын көріп ұялып кетті. Дереу жуынатын бөлмеге апарып, жуындырып, тап-таза, әп-әдемі қызыл көйлегін кигізіп, шашын тарап, екіге өріп берді. Міне, айнадай жарқыраған сұлу Айна қыз!

Көршісінің бойындағы өзгерісті байқап Ерке қыздың анасы да, Ерке қыз да қатты қуанды. Содан бері Айна қыз да тап-таза жүретін болды.

— Иә, сен ақылды екенсің, — деп Мысығы Ерке қызды мақтап қойды.

— Ол «ғажайып шәлі» болады деп айттым емес пе, — деп анасына мақтана  қарады.

— Ақылыңнан сол. Осылайшы ізгілік нұрын шашып жүре ғой, құлыным, — деп анасы қызын еркелете құшақтады.

Балақай, сенің де Ерке қыз сияқты жақсы істерің арқылы айналаңа ізгілік нұрын шашып жүргенің анық.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама