Photo: Alicia Zinn (https://www.pexels.com/@aliciazinn) / Pexels
- 15 нау. 2026 12:00
- 17
Ғарышкер Тоқтар Әубәкіров: Нил Армстронг азанды естімеген, ал мен жұмбақ жарыққа куә болдым
Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа қатысты кең тараған кейбір аңыз әңгімелердің шындыққа жанаспайтынын айтты. Оның сөзінше, әлемге белгілі америкалық астронавт Нил Армстронгтың ғарыштан азан дауысын естіді деген әңгімесі – негізсіз тараған ақпарат.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ғарышкердің айтуынша, ол Нил Армстронгпен жеке кездесіп, осы мәселе жөнінде сөйлескен. Сол кезде Армстронг бұл әңгіменің қалай тарағанын өзі түсіндірген.
Армстронг азанды естімегенін растады
«Мен Нил Армстронгпен кездескенмін. Оның ғарыштан азанның дауысын естіпті деген әңгімесі шындық емес. Бір журналист солай жазып жіберген, кейін бәрі соны қайталай берген. Содан кейін аңыз болып тарап кетті», – деген екен америкалық астронавт.
Тоқтар Әубәкіровтің айтуынша, Армстронг әңгіме барысында тағы бір жайтты айтқан. Оның бір әріптесі мұсылмандықты қабылдағанымен, Айдан ешқандай ерекше дыбыс немесе азан естілмегенін жеткізген.
«Ол маған: «Иә, менің бір жолдасым мұсылмандықты қабылдады. Бірақ Айдан біз ештеңені, ешкімнің дауысын естіген жоқпыз», – деп ашық айтты», – дейді Әубәкіров.
Ғарышкердің жұмбақ көрінісі
Сонымен қатар қазақ ғарышкері адамзаттан өзге өркениеттер болуы мүмкін деген ойды да жоққа шығармайды. Оның айтуынша, өмірінде түсіндіре алмайтын ерекше құбылыстың куәсі болған.
«Таңғы алты шамасында далада жүргенмін. Аспанда өте жарық жұлдыз сияқты нүкте көрінді. Қыс мезгілі еді. Бір кезде сол жарық қозғалып, дәл төбеме келді. Біреуге айтсаң сенбейді, ертегі сияқты көрінеді. Содан жүгіріп барып, қасымдағы төрт жігітті ояттым. Үшеуі сыртқа шықты. Сол кезде әлгі табақша бізге жақындап келді де, бір мезетте зу етіп жоғалып кетті», – деп еске алады ғарышкер.
Оның айтуынша, бұл оқиға әлі күнге дейін өзіне жұмбақ күйінде қалып отыр. Тіпті сол кезде бірге көрген үш азамат көп ұзамай жастай өмірден өткен.
«Бұл жайт мені әлі күнге дейін ойландырады. Нақты жауабын тапқан жоқпын. Сол кезде қасымда болған үш жігіт те кейін ерте қайтыс болды. Мұның өзі де бір түсініксіз жағдай», – дейді Тоқтар Әубәкіров.
Тоқтар Әубәкіров туралы
Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров – қазақтың тұңғыш ғарышкері. Ол 1991 жылы 2 қазанда "Союз ТМ-13" ғарыш кемесімен ғарышқа ұшып, орбитада шамамен 8 тәулікке жуық уақыт ғылыми зерттеулер жүргізді. Әубәкіров – Кеңес Одағының соңғы, 72-ғарышкері әрі тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы ғарышкер.
Әскери ұшқыш-сынақшы ретінде ол 50-ден астам әскери ұшақ түрін меңгеріп, авиация саласында ерекше ерлік көрсеткен. Осы еңбегі үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алған. Тәуелсіз Қазақстанда оған "Халық қаһарманы" атағы берілді.
Ғарышкер тек авиация саласында ғана емес, мемлекет басқару ісінде де қызмет атқарды. Ол Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің және кейін Парламент Мәжілісінің депутаты болып, елдің қорғаныс және қауіпсіздік мәселелерімен айналысты.