Гланның ажалы
Глан әулеті хабар-ошарсыз кеткен лейтенант Томас Глан туралы газеттерге хабарландыру қанша берсе де, ол табылмайды. Ол опат болған, тіпті оның қандай жағдайда қаза тапқанын да білемін.
Былайша айтқанда, оның отбасының іздеу салудағы табандылығы қайран қалдырады. Жалпы Томас Глан іздеуге тұрарлық адам болатын, кей жағдайда оны айырықша азамат деуге де татитын, жұрттың бәрі жақсы көретін. Өз басым, Гланды күні осы уақытқа дейін жек көрсем де, есіме тек өшпенділікпен түсірсем де, оған өзіне лайық бағасын беру керек қой. Оның ажар-көркін өте-өте тартымды болатын, оған жастық жігері қосылып кез келгеннің басын айналдырып ала қоятын. Ол өзінің оттай жанған жыртқыш жанарын бір аударса болды, өзіңді бірден соның ырқындамын деп сезінесің, ондай сезімді мен де бастан кешіргенмін. Бір келіншек айтыпты дейді: "Ол маған қарағанда өзім өзімдікі болмай қаламын, бейне бір уысына алып умаждап жатқандай сезінемін" деп.
Алайда Томас Гланның өзіне тән кемшіліктері де болды. Оның өзін жек көретін болғандықтан оларың жасырудың да қисыны жоқ. Ара-тұра ол тым қарапайым, кішкентай баладай ұшқалақ, барып тұрған көңілшек болатын, бәлкім, әйел затының соңынан қалмай оған жабысып жүретіні де содан шығар. Олармен талай сағат мылжыңдасып, ерсі қылықтарына қарқылдап күліп, қалжыңдасудан қажымайтын, әйелдерге де керегі сол ғой. Бірде оның бәзбір кісі туралы дамбалына май толтырып қойғандай дегені бар. Ол тапқырлығына өзі мәз боп қарқ-қарқ күлді, ал мен болсам, аузымнан ондай сөз шығып кетсе, күлудің орнына ұялар едім. Сосын, біз бір шатырдың астынан қоныс тепкен кезде оның қандайлық ақымақ екеніне көзім кәміл жетті. Ертеңгілік маған үйдің қожайыны келіп, таңертеңгі асқа не әкелейін деп сұрады, асығыс оған бір үзім нан мен жұмыртқа дедім. Тура шатырдың астындағы баспанада тұратын Томас Глан сол кезде менің бөлмемде отыр еді, менің сөзіме ал кеп қарқылдап күлсін. Одан бір жанына рақат тапқандай "бір үзім нан мен жұмыртқа" деп қайталап тұрып қарқылдайды. Менің таңырқай таңданып, алая қарауым ғана оны сап басты.
Мүмкін оның осындай бейшара қылықтарының қалғанын есіме түсіруіме қарай айтармын, ондай жағдайда оған сөзсіз ораламын, өйткені ол менің дұшпаным, аяудың еш қажеті жоқ. Бүл арада ізгі бола қалудың не қажеті бар? Рас, ол мас болғанда ғана есерленіп кететін. Бірақ маскүнемдіктің өзі бір жиіркенішті кесел емес пе.
Мен онымен 1859 жылдың күзінде танысқанымда ол отыз екі жаста болатын, екеуміз түйдей құрдаспыз. Онда оның қаба сақалы болатын, үстінде жағасы тым ашық тоқыма жейдесі бар, көбіне оның жоғарғы түймесі салынбайтын. Мойны алғаш маған айырықша әдемі болып көрінген, сосын ол менің тарапымнан өзінің қас жауын тапқаннан кейін қарасам, оның мойны менікімен тіпті де артық емес, мен қайта өзімдік ін жұрт көрсін деп көптің алдына тарта бермеймін. Мен онымен паромда кездескенмін, жолымыз бірге болды, алайда бірігіп арба жалдауға алдын ала келіспеппіз, темір жолмен ол жерге жете алмайсың. Әдейі із тастамас үшін ол жердің атын атамай отырмын, ал Глан әулеті ары алдында арылған соң, оны іздеуді доғарса да жарайды, өйткені ол екеуміз бірге барған, атын әдейі атамай отырған жерде қаза тапты.
Жалпы, Томас Глан туралы өзімен кездеспей тұрып естіген едім. Естуіме қарағанда, ол Солтүстік Норвегияда атақты бір тұқымның жап-жас мұрагер қызына ғашық болып, оны жұрт алдын¬да ұятқа қалдырған соң ажырасып кеткен көрінеді. Ол қыз алдында өзімді-өзім құртамын деп есерлікпен уәде беріпті. Қыздың несі кетіп барады, оған ондай мүмкіндікті жасай қойыпты. Былайынша, Томас Гланның атағы сол күннен бастап-ақ шығыпты, жалғанды жалпағынан басып ішіп, кім көрінгенмен жүріп, дау-жанжалдардың бірінен соң біріне килігіп, ақыры отставкаға шығыпты. Мұрныңды бұзғаны үшін кек қайтардың не, қайтармадың не, жалпы жақсы әдіс емес бүл!
Айтқандай, оның жас бикешпен қарым-қатынасы жайында басқа да сыбыс бар: ол жалпы, қызды ұятқа қалдырмаған, бұл олардың ата-анасына ұнамай, табалдырықтан аттатпай қойыпты, бойжеткен де оларға қарсы тұра алмаған, өйткені атын атаудың қажеті жоқ, бір швед графы оған құда түсіпті. Бұған мен онша сеніңкіремеймін, Томас Гланды суқаным сүймегендіктен алғашқы сыбысқа көбірек ден қоямын, себебі бұдан бәрі шығады. Қалай болғанмен де ол атақты ақсүйек бикеш жайында ауыз ашқан емес, оны ежіктеп мен де сұрағаным жоқ. Оның маған қажеті қанша!
Ал ана жолы паромда біз өзіміз бара жатқан мекен турасында ғана сұрады, себебі онда бұрын екеуміз де болмаған екенбіз.
— Онда мейманхана бар болуы керек, — деп Томас Глан дерегін картадан тексеріп жатты. — Сәтін салса, сонда қоныстаймыз; айтуға сенсек, қожайыны кәрі ағылшын кемпірі, анығырағы, бұдан. Көсемі көрші мекенде тұрады екен, оның әйелдері көп көрінеді, кейбіреулері он жасқа да жетпеген дейді.
Көсемнің қанша әйелі барын, елді мекенде мейманхананың бар-жоғын да білмеуші едім, сондықтан үндемедім, ал Глан жымиып күлді, күлкісі онда маған тым тамаша көрінді.
Иә, ұмытып барады екенмін. Ол өзінің сұлу сыр-сымбатында кінәратсыз да болмайтын, сол аяғында баяғыдағы бір оқ тиген жараның орны бар, күн бұзылса-ақ қақсай бастайды деп оның өзі айтқан.
II
Араға апта салып жартылай ағылшын кемпірдің мейманхана аталатын үлкен лашығына орналастық. Мейманхана деген аты ғана, қабырғаларының дені балшықтан соғылған, жартылай ағаш, ағашы құрсын құжынап жүрген құрт-құмырсқа. Мен залға жапсарлас бөлмеде тұрдым, көшеге шығатын кішірек көмескі жасыл терезесі бар, ал Глан шатырдан әйтеуір бір тесік таңдап алды, оның да терезесі бар, бірақ менікін ен қараңғы, ұсқынсыздау. Сабан шатырды күн қыздырып, Гланның тұрағы күні-түні қайнайды да тұрады, оның үстіне баспалдағы және жоқ, төрт-ақ тепкішегі бар ескі сатысым ақтан өрмелеп жүргені. Бүл арада менің ешбір кінәм жоқ. Таңдауды Гланның өзіне ұсынып:
— Мұнда екі бөлме бар екен, бірі — жоғарыда, бірі — төменде, кәне, айсын таңдайсың? — дегенмін.
Глан екеуін де қарап шығып, жоғарыдағы сын таңдады, мүмкін тәуірі не мен кірсін деген болар, ол үшін разылық білдіріп, рахметімді айтқанмын. Демек, бір-бірімізге кеткен есеміз жоқ.
Ең ыстық күндері аңға шықпай, үйде отыратынбыз. Айтары жоқ, ыстық адам төзгісіз болатын. Түнде маса-сонадан тор көздер арқылы қорғанатынбыз, кейде жарқанаттар көзі көрмей торға соғып, быт-шытын шығаратын; Ганга ондай оқиғалар жиі ұшырасты, өйткені ол ыстықтан шатырдағы терезені жаба алмайтын, мені, әйтеуір құдай аяды. Күндіз біз лашық алдындағы ши төсеніште жатып, шылым шегіп, айналадағы өмірді шоламыз. Түз емдіктер қара түсті, қалың ерінді келеді, бәрінің көзі қап-қара, тұңғиық, қалақтарында сырға, олар мүлдем жалаңаш дерліктей жүреді, беліне байлаған шүберек немесе жапсырып алған жапырақ болады, әйелдерінің белдемшелері қып-қысқа. Балалар күні-түні тыр жалаңаш жүгіріп жүреді, қарындары қабақтай болып, жалт-жалт етеді.
— Әйелдері тым семіз екен, — деді Глан.
Дау жоқ, әйелдері ересен семіз келеді екен, оны алғаш Глан емес, мен байқағанмын, бірақ таласпай-ақ біріншілікті соған-ақ бердім. Сосын олардың бәрі сондай ұсқынсыз емес, араларында сымбаттысы да бар, бірақ бәрінің беті толық, томпақ; айтқандай, жартылай талдық, шашы ұзын, тісі аппақ бір әйелмен танысқаным бар, ол бәрінен де әдемі, әрі сүйкімді еді. Мен оған бірде күріш алқабының шетінде тап болдым, ол етбетінен түсіп қалың шөптің арасында екі аяғын қайшылап жатыр екен. Онымен бірден ұғынысып, таң алдында бір-ақ ажырастық, ол үйіне кетті, ата-анасына көрші мекенде қонып қалдым дейтін болды. Глан ол түнді тіптен жас шамасы оннан аспаған екі қызбен өткізіпті. Есерсоқтанып, сондайлармен әуейленіп, күріш арағын ішу деген оның талғамы қандай екенін көрсетпей ме.
Екі күннен кейін біз аңға шықтық. Шай плантациясын, күріш алқабын, шабындықтарды басып, мекендерді орай өтіп, жаға бойлап ғажайып, түсініксіз ағаштары аяқ алып жүргісіз орманға сұғына түстік. Бамбук, манго, тамаринд, дик, Мамед, түз ағаш сияқты құдайдан басқаға белгісіз ағаштар туралы екеуміздің де түсінігіміз шамалы. Алайда өзендердің суы тіптен саяз екен, қалың жаңбырға дейін осылай кемеріне толмай тұратын көрінеді. Біз жабайы кептерлер мен қырғауылдар атып алдық. Кешке қарай екі ілгішін көрдік; төбемізден тотылар ашып жүрді, Глан ғаламат мерген екен, атқаны мүлт кетпейді, бірақ оның мылтығы менікіне тәуірірек қой, соған қарамастан әлденеше рет мен де көздегеніме дөп тигіздім. Алайда менің мақтангөйлік ғадетім жоқ, ал Глан болса "мынаның басына, мынаның құйрығына тигіземін" деп бөсе береді және оны атарының алдында айтады, ал құс құлағанда барып қарасаң, оқ басына не үйығына тиген болып шығады. Екі ілбісінге тап келгенде Глан оларды бытыра мен түсірмек болды, қас қарайды патрондар да таусылуға жақын, қараңғыда қиын болады, деп мен бастырмадым. Жалпы ол мен қандай ер жүрек өжетпін, бытыра мен де ілгішін атқанмын деп мақтанғысы келді ау деп ойлаймын.
— Атпағаным өкінішті болды, — деді ол маған. — Сендердің осы әсіре ақылмандықтарыңа. Соның не қажеті бар? Ұзағырақ өмір сүргілерің келе ме?
— Өзіңнен ақылдырақ санасаң, оған тек масаттануым керек болар, — деп жауап қаттым.
— Жарайды, болмашы нәрсе үшін ұрсыспайық, — деді ол
Бүл соның сөзі; ұрсысқысы келсе, есемді жіберіп қарап қалар мен жоқ. Оның жеңілтектігі мен билеп-төстеушілігі сонда-ақ менің жынымды ұстата бастаған. Мәселен, осының алдында мен таныс Рамилдық қыз Маггимен тып-тыныш келе жатқанмын, екеуміздің де көңіл күйіміз көтеріңкі. Глан лашықтың алдында отыр екен, басын изеп жымиды. Магги оны алғаш көрген онда, ал кеп сұрасын менен ол туралы. Оның қызға эсер еткені сондай, ақыры екеуміз айырылысып, екі жаққа кетіп тындық.
Барлығын Гланға айтқанымда, ол істің өңін лезде айналдыра қойып, бәрін менің ойлап тапқаным ғып шығарды. Алайда мен бәрін оның есіне түсірдім. Онда ол маған емес, қызға жымиып күлді ғой.
— Оның үнемі бірдеңе шайнап жүретіні несі? — деп сұрады ол.
— Білмеймін. Бірақ тіс адамға шайнау үшін берілмей ме? — деп қайырып тастадым.
Сол да жаңалық болып па, Маггидің малжаңдап бірдеңе шайнап жүретінін мен де білемін, онысын және бірден байқағанмын. Бірақ ол сағыз шайнамайды, тісі онсыз да ақтың ағы, әйткенмен оның көзіне түскенді аузына салып шайнап жүретін ерсі әдеті бар. Қолына не түссе соны шайнайды, ақша деп, қауырсын деп, қағаз деп қарамайды. Мұнда тұрған қандай өрескелдік бар? Бәрібір ол жергілікті бірінші ару боп қала береді. Глан әншейін іші күйіп менен қызғанады. Белгілі жай ғой.
Рас, келесі кеште Магги екеуміз қайта татуластық, бірақ Глан туралы қайтып жұмған ауызды ашқан жоқпыз.
III
Тағы бір апта өтті, біз күн сайын аңға шығып, қыруар құс атып алдық. Бірде ертеңгілік орманға кірер-кірместен Глан маған: "Тоқтай қал!" деп сыбырлады. Заматта мылтығын ала салып, тартып жіберіп еді, жас қабыланды сұлатып түсіріпті. Оны мен де өлтіретін едім, бірақ Глан бұрынырақ атып, абыройын алып кетті. "Ал енді мақтанады кеп" деп ойладым. Жыртқыштың жанына келсек, оң бүйірден тиіп, арқасына қадалып тұрған жерінде сеспей қатырыпты.
Мен қолымнан қаққанды жаратпаймын, сондықтан да:
— Мен де атып түсіретін едім, осылай, — дедім.
Глан маған қарады.
— О, не менің де осылай атып түсіретініме күмәнданасың ба? — деп әлгі сөзімді қайталадым.
Глан тағы да тіс жарған жоқ. Балалығы ұстап кеткендей, жансыз жатқан жыртқышқа мылтығын қайта кезеп, бүл жолы басынан атты. Мен түкке түсінбей, оған аңтарыла қарадым.
— Міне, — деді ол. — Маған оның бүйірінен тигізгенім ыңғайсыз көрінеді.
Көрдіңіз ғой, оның менмендігіне әлгіндей жай ғана ату жоқ емес, қашанда ол адақтап алға шығуы керек. Оны есерлік демей көр енді! Бірақ онда менің не шаруам бар, оны әшкерелейін деп отырғаным жоқ.
Кешкісін атып өлтірілген қабыланды алып келгенде күземдіктер бізді алқа қотан қоршап алды. Рас, Глан бұны ертеңгілік атып түсіргенбіз деді де қойды, артық-ауыс сөзге барған жоқ. Бүл жерде Магги де бар еді.
— Ал оны кім атып өлтірді? — деп сұрады.
— Өзің де көріп тұрсың ғой, оның жарасы екі жерде, біз оны таңертең атып түсіргенбіз. — Ол қабыланды аударып, оған бүйір мен бастағы екі оқтың да орнын көрсетті.
— Міне, мынау тұстан менің оғым тиді, — деп ол бүйірдегі тесікті көрсетті, сонда бастан тигізген мен болып шықтым. Оны түзетіп әуре болғам жоқ және оның керегі қанша. Сосын Глан күземдіктерді бірін қалдырмай күріш арағымен суарды.
— Демек, олар бірге өлтірген болды ғой, — деп баяу сөйлеген Магги ұдайы бір ғана Глан жаққа қарай берді.
Мен оны аулағырақ алып кетіп:
— Сен немене ылғи оған қарай бересің? — дедім. — Ал мені көзің көрмей ме?
— Көреді, — деді ол. — Бері қара мен бүгін келемін.
Тура келесі күні Глан ол хатты алды да. Пароходпен келіп жүз
сексен миль құрылықты айналып өткен хат туралы айтып отырмын. Хат әйел қолымен жазылыпты, соз жоқ, бүл бұрынғы құрбысы, жоғарғы мәртебелі бикештен келген деп түйдім. Хатты оқып Глан ызадан қарқылдап кеп күлді де, әкеп тапсырғаны үшін хат тасушыға шайлық берді. Алайда ол ұзамай тағы да тас боп үндемей қалып, түнерген қалпы күн ұзаққа екі қолын айқастырып, бір нүктеге қадалды да отырды. Кешкісін ол түздік бір шал мен оның ұлының қауымында мас болғанша ішіп, мені де құшақтап, бірге іш деп қинады.
— Сен бүгін не үшін мұнша ақ көншек болып кеткенсің, — деп сұрадым.
Ол сол арада тағы да қарқылдап күліп:
— Сіз екеуміз Үндістанның қойнауына сүңгіп кетіп, аң аулап жүрміз, ә! Осының өзі күлкі туғызбай ма? Жә, ішейікші әлемнің барлық патшалығы мен барлық ерлі-ерсіз, алыс-жақын жақсы әйелдер үшін! Ха-ха! Ойлашы бір, байы бар қатын өзін бөгде еркекке ұсынады, кәдімгі некелі әйел!
— Графиня ма? — деп мысқылдадым. Мысқылым нысанаға дөп түсті. Ол ырылдаған иттей тісін ақситты, өйткені мен сеніммен айтып, удай ашып тұрған жеріне тиіп тұрмын емес пе. Сосын ол кенет тұнжырай қалып, қабағы қайта-қайта тартып, түнеріп отырды да қойды, — тегінде артық лағып кеттім бе, менің бақытсыздығым мен жан қиналысым кімге қажет деп ойласа керек. Сол сәт біздің лашыққа бірнеше бала жүгіріп кірді айқайлап:
— Жолбарыс! Ой, жолбарыстар. Қала қоршауының түбінде өзенге барар жолдағы тоғайда жолбарыс бір баланы алып кетіпті.
Ызадан булығып, оның үстіне ішіп отырған Глан мылтығын ала сала ай-түй жоқ, тіпті басын да бүркем елестен тоғайға қарай тұра тартты. Бүл жолы бытыра алмай, үлкен мылтықтың өзімен тартқаны қызық болды, жан керек болмаса өйтпес еді ғой. Оған өзеннің өткелінен өту керек, жаңбыр жаумай суы саяз дегенмен де, онша қауіпсіз емес. Ұзамай екі рет атылған мылтық даусын естідім, ізінше үшінші гүрсіл де тоғай жаңғырықтырды. Мұнымен енді арыстанды да қалпақтай ұшыруға болады, ал бүл арада небары жолбарыс қана. Бірақ үш оқ та далаға кетіпті, Глан жеткенше баланың пара-парасы шығып, желініп те қойыпты, ол мас болмаса, оны құтқарамын деп түні бойы ол көрші лашықтағы бір жесір әйелмен және оның екі қызымен сайран салды, нақты олардың қайсымен болғанын білмеймін.
Тағы да екі күн. Глан бір сағат та cay болған жоқ, шөлмек тестер жыртылып айырылды. Ол мені де шақырды, не айтып, не қойғанын білмей, маған қызғанасың деп те соқты.
— Қызғаныш көзіңізге шелдей қаптатып жүр, — деді.
Қызғаныш дейді! Қызғанатын мына менмін бе?
— Кешіріңіз, мына мен қызғанамын ба! — деймін. — Иә, сонда неден қызғануым, нені қызғануым керек?
— Жоқ,, сіз, әрине, қызғанбайсың, — деді ол — Айтқандай, бүгін Маггиді көрдім, әдеттегісіндей шайнап жүр.
Тілімді тістеп шегініп кеттім.
IV
Біз қайтадан аңға шыға бастадық. Глан менің алдымда өзін кінәлі санап, кешірім сұрады.
— Жалпы мені бәр-бәрі өлгенше тойғызып бітті, — деді ол — Мүлт кетіп, оқты қақ желкемнен қонжитсаңыз жақсы болар.
"Графиняның хаты неғып әлі күнге дамыл-тыным бермей жүр" деп ойлап:
— Не ексең, соны орасың, — дедім. Күннен күнге ол тұнжырап, үндемейтін болып кетті, ішуін тоқтатқанымен, жағы сопайып жүдей бастады. Бірде тереземнің түбінен сықылықтаған күлкі мен күбір-сыбыр естіледі, қарасам Глан өзінің алаңсыз ойнақылығына қайта басып, Маггимен сөйлесіп түр, өзінің кісі арбау сиқырын іске қосқан сыңайлы. Зайыры, Магги үйінен шыққан да, бүл жолын торып жүрген. Тура менің тереземнің түбінде ештеңеден именбей шүйіркелесіп түр. Қарадай қалшылдап кеттім, мылтығымды ала салып, ата шықтым да, Маггиді қолынан ұстап, үнсіз-түнсіз тұра жөнелдім. Глан үйге еніп жоқ болды.
— Сен онымен тағы да сөйлесетін болғансың ба? Не үшін? — деп сұрадым Маггиден мекенді бойлап келе жатып.
Ол жауап қайырмады. Маған ауыр соқты, жүрегім ессіз тасырлап кетті, тынысым тарылып, демім бітіп қала жаздады Маггиді ешқашан дәл қазіргідей сұлу қалпымен көрмеген шығармын, ақ қыздардың ішінен де мұндай әдемісін көрген емеспін. Оның тампилдік екенін де мүлдем ұмытып кеттім, жалпы одан басқа ешкімді ойламадым да, еске де алмадым.
— Айтшы, сен неге онымен сөйлестің? — деп сұрадым.
— Ол маған ұнайды, — деп жауап берді ол
— Ол саған менен де көбірек ұнай ма?
— Иә.
Ал, міне, қаласаңыз, ол бұған менен Де көбірек ұнайды екен, сонда одан менің нем кем? Бұған мен қашанда қайырымды едім, ылғи ақша тықпалап, сыйлық әперетінмін, ал ол?
— Ол сені күлкі етіп жүр, ұдайы бірдеңе шайнап жүреді дейді.
Магги түсінбей бара жатыр енді, оған ежіктеп баяндауға тура келді. Оның қолына түскеннің бәрін аузына салатын әдеті барын, Глан сол үшін мазақтап күлетінін түсінікті-ақ етіп айттым. Ақыры, оған сөзім әжептәуір эсер етті.
— Бері қарашы, Магги, сен қаласаң, мәңгілік менікі боласың, — дедім одан әрі. — Мен бәрін де ойландым: мен кетерде сені ала кетемін, әйелдікке аламын, естисің бе, сосын біз менің отаныма барамыз, сонда өмір сүреміз. Ал бүл қалай?
Бұл да оған әсер етті Магги керемет көңілденіп, бүкіл кеш бойы ауыз жаппай сөйлеумен болды. Гланды бір-ақ рет еске алды.
— Ал Глан да бізбен бірге бара ма?
— Жоқ, ол бізбен бірге бармайды, — деп жауап қаттым. — Сен өкінесің бе?
— Жо-жоқ, — деп тез жауап берді. — Мен қуаныштымын.
Қайтып ол оны ауызға алған жоқ, мен де тынышталдым. Сосын
оны өзіме шақырғанда ол тіл қайырған жоқ.
Екі сағаттан кейін жалғыз қалғанымда Гланның шатырына өрмелеп шығып, ши есікті қақтым. Ол үйінде екен.
— Сізге әдейі ескерткелі келдім, ертең аңға шығуымыздың ешбір реті, әлбетте, жоқ.
— Не үшін? — деп сұрады Глан.
— Өйткені өзіме-өзімнің сенімім жоқ, кенет мүлт кетіп оқты сіздің желкеңізге ұрып жіберуім кәдік.
Глан жауап қатпады, ал мен өз бөлмеме түстім. Осындай ескертуден кейін менімен бірге аңға бармауы өзіне де тиімді, сосын не үшін ол менің тереземнің түбінде сенде тіліп, Маггимен дауыстап әзілдеп тұрды деген сұрақ туады. Жалпы оған отанына неге кетпеске, оның үстіне хат жазып оны шынымен шақырып жатса. Әлде шақырғаны бекер ме? Бірақ ол еңсесі түсіп, тісін шықырлатып: "Себепсізден себепсіз бе! Еш жазықсыз ба! Жоқ, одан да мені төртке бөлсін мейлі!" деп айқай салды емес пе.
Әлгіндей ескертуден кейін ертеңгілік Глан, міне, менің төсегімнің жанында айқайлап тұр:
— Уақыт болды, қария, уақыт болды! Ауа райы дегенің тамаша. Аң аулау үшін туған күн. Ал кештегіңіз енді бос мылжың. Әлі сағат төртті де соққан жоқ, сонда да табанда атып тұрып, жинала бастадым, менің ескертуімді аяқасты етіп мұрнын шүйіргені ме екен бұл. Мылтығымды оның көз алдында оқтадым, ол қозғалмастан қарап тұрды. Оның үстіне ешқандай тамаша күн де жоқ, қайта жаңбыр сіркіреп түр. Ол турасын айтқанда, мені мазақ етіп келекелеп түр. Алайда тіс жарып, ештеңе айтқаным жоқ. Күні бойы орманды шарлап жүрдік те қойдық. Әрқайсымыздың қамшы басар оз ойымыз бар. Сонымен құстарды қоя бергеніміз болмаса, ештеңе атып жарытқанымыз жоқ. Бізді аңшылықтан гөрі басқа бірдеңе алаңдататын сияқты. Түстен кейін Глан алдыма түсіп, әжептәуір ілгерілеп кетті. Менің қолайыма тура болсын дегені шығар, менің мылтығымның аузы алдында жүрді де отырды, мен бүл мазағына да шыдадым. Біз олжасыз оралдық. Оқасы жоқ, өзін аздап ауыздықтап, Маггиді жайына қалдырар деп ойладым.
— Бүгін менің өмірімдегі ең ұзақ күн болды, — деді Глан кешкісін лашыққа тақап келгенде.
Одан өзге бір-бірімізге сөз катысқан жоқпыз.
Бәлкім, хаттың әсері болар, келесі күндері ол қабағы қарс жабылып тұнжырады да жүрді.
— Бұдан әрі шамам жоқ, бұлай өмір сүре алмаймын, жоқ, шамам жоқ, — деп түн баласы айқайлап шығады, ол даусы бүкіл үйге естіледі. Түнеріп тұнжыраған бойымен ол қожайынымыздың игі ниетті сауалдарына да жауап бермей, ұйықтағанда ah ұрып, ауыр күрсініп жатады.
"Иә, оның ары таза емес! — деп ойлаймын. — Үйіне неге кетпейді! Соз жоқ, бүл арада қуып жіберген жерге қайтып баруды намыс көреді, тәкаппарлығы босатпайды.
Маггиді мен кеш сайын көріп жүрмін, ал Глан онымен сөйлеспейді. Оның шайнауды азайтқанын, тіпті доғарғанын байқап қуанып қалдым, бір кемшілігінен арылған екен, сондықтан оны еселеп сүйемін" деп ойладым. Бірде ол Глан туралы сұрады және абайлай ауырып қалған жоқ па? — деп сұрады. Кетіп қалған жоқ па?
— Егер ол өрем қаппаса, кетіп қалмаса, сөз жоқ, өз үйінде аунақшып жатқан шығар, — деп жауап бердім. — Маған оның бар-жоғының бәрібір. Діңкелетіп бітті.
Үйге таяп келгенімізде Глан ши төсеніште қолын басына төсеп, аспанға қарап жатыр екен.
— Іздесең, әне жатыр ғой, — дедім.
Магги табанда оған жүгіріп барды, ұстап үлгермей қалдым:
— Енді мен ештеңе шайнамаймын: қауырсынды да, ақшаны да, қағазды да, — деді ол қуанышты үнмен.
Глан оған әрең көз аударып, сосын аспанға қайта тесілді, Магги екеуміз кетіп қалдық. Оны уәдесін бұзып Гланмен қайта сөйлескені үшін кінәлағанымда, ол оған тойтарыс бергісі келгенін айтты.
— Онда жөн! — дедім. — Бірақ сен шайнауыңды сол үшін қойған жоқсың ба?
Ол жауап қатпады, ал жауап қатпауында не сыр бар осының?
— Кәне, айтшы, сол үшін қойдың ба, әлде басқа ма?
— Жоқ, — деп шырылдады ол. — Сен үшін қойдым. Өзім де осылай ойлап едім. Глан үшін бірдеңе жасайтындай онда не хақысы бар?
Магги кешкісін келемін деп уәде еткен еді, келді де.
V
Ол оған сағат онда келді, даусын естідім. Бір баланы жетелей келіп, қатты-қатты бірдеңелер айтты. Баланы неге ертіп әкелді, үйге неғып кірмеді екен? Оны аңдып отырмын, менімше балаға дауыстап жатқаны жай ғана белгі беру, байқаймын, екі көзі шатырда, Гланның терезесінде. Төмендегі дауысты естіп, ол жоғарыдан басын изеді ме, қолын бұлғады ма — әйтеуір бірдеңе жасады. Бір-ақ нәрсе айқын — баламен сөйлескенде шалқалап жоғары қараудың қажеті қанша — мұны түсінуге ақылым жетеді. Жүгіріп шығып, оны қолынан шап бермек ойым бар еді, ол баланы қоя беріп, өзі біздің есіктен кірді. Міне енді оның сазайын оңдап тұрып беремін. Маггидің есіктен қалай кіргенін естіп тұрмын қателік болмауға керек, ол менің бөлмеме келді. Алайда ішке кірудің орнына сатымен өрмелеп шатырға, Гланның үйшігіне бара жатқанын байқадым. Есігімді айқара ашқанша Магги жоғарыға шығып кетті. Оның соңынан ши есік жабылды да, мен қайтып ештеңе естімедім. Бұның бәрі сағат онда болды.
Бөлмеме кіріп, мылтықты алып, түн болғанына қарамастан, отыра қалып оқтай бастадым. Түн ортасында жоғарыға көтеріліп, Гланнын есігі сыртынан тың тыңдадым, Маггидің сонда екенін, олардың жарасып қалғанын білдім де, қайта түстім. Сағат бірде кайта көтерілсем, бәрі тып-тыныш. Есіктің түбінде олардың оянуын күтіп отырмын. Сағат үш, сосын торт болды. Сағат бесте олар оянды. "Жақсы болды" деп ойладым, ойымда басқа ештеңе де жоқ, маған керегі олардың ояу екені. Сол сәт қожайынның бөлмесінен бір шу шықты, көзге түсіп қалмас үшін жүгіріп төмен түстім. Глан мен Магги оянды, не істейтінін тыңдап тұра түру керек еді, бірақ кетіп қалуға тура келді.
Төменде тұрып: — Міне, ол осы арадан өтті, иығымен есігімді жанай кетті, бірақ ашқан жоқ, сатымен өрмелеп жоғарыға шықты, сатысы ілдалда торт тепкішегімен әне түр" деп ойладым. Төсегім қозғалмаған қалпы, бүгін оған жатқаным жоқ, терезенің түбінде отырып мылтығымды сайлаумен болдым.
Жарты сағаттан кейін сатымен түсіп келе жатқан Маггидің аяқ сықыры естілді. Терезеден басымды шығарып, оның үйден қалай шыққанын көрдім. Оның үстінде тізесіне де жетпейтін сиса белдемшесі бар, иығына Гланның жүн шарфын салыпты. Үстінде өзге ештеңе жоқ, белдемшесі мыж-мыж. Әдеттегісіндей баяу басып кетіп барады, тіпті менің тереземе бұрылып та қараған жоқ. Сол қарамаған күйі кетті.
Ұзамай төменге Глан түсті, қолында мылтық, бес қаруы бойында, аңға шыққан беті, бірақ қабағы қатыңқы. Маған ол басын да изеген жоқ. Оның киім киісі бүгін ерекше, аса сәнді. "Күйеу құсап сәнденуін!" деп ойладым.
Табан аузында жиналып, оның соңынан тарттым, екеумізді де үн жоқ. Алғашқы екі қырғауылдың парша-парша сын шығардық, өйткені оларды үлкен мылтықпен аттық, сонда да бірдеңе ғып үйтіп, қуырып, ағаштың саясында отырып жеп алдық. Осылай талма-түс болды. — Мылтығыңызды оқтағаныңыз анық па? — деп айқайлады кенет Глан. — Аяқ астына бірдеңеге тап беруіміз мүмкін. — Оқтадым! - деп мен де дауыстап жауап бердім. Осы арада ол бір сәтке бұтаның ар жағына барып жоқ боп кетті. О, қазір ғой, мен оны итке ұсатып қуана-қуана атып салар едім! Бірақ асығысы не, мейлі ол осы ойымен жүре тұрсын, менің қандай пиғылым барын ол өте жақсы біледі, мылтығыңды оқтадың ба, деп пысықтап жатқаны да сондықтан. Өзінің өркөкірек тәкаппарлығын тек бүгін көрсетпесе екен, жаңа жейде киіп алғанын көрмейсің бе, жүзінде керемет өрлік бар. Сағат бірдің кезінде өңі құп-қу ашулы ол тура бетіме: — Жоқ, бұған тіпті де төзуге болмайды! Ақыр соңында оқ салған-салмағаныңызды, патронның бар-жоғын тексеріңізші, — дейді қазымырланып. — Одан да өз мылтығыңызды тексергеніңіз жөн болар, — дедім шамданыңқырап. Алайда оның менің мылтығым туралы не үшін қайта-қайта сұрай беретінін сезіп тұрмын.
Ол қайтадан шегініп, басқа жаққа бұрылды. Оның орнын жеткілікті етіп айқын нұсқап бердім-ау деймін, ол басын салбыратып үндемей қалды. Бір сағаттан соң бір кептер атып алып, мылтықты қайта оқтадым. Мен оқтап жатқанда Глан ағаштың тасасынан шын оқтады ма екен, деп қадалып қарады да тұрды. Содан соң ұзамай ол дауыстап дұға оқуға кірісті, анау-мынау емес қалыңдық сүресін сызылтты. "Қалыңдық тойының дұғасын әндетуін қара, өзі де . барын киіп, байлауышын салып алған, — деп ойлаймын. — Шамасы, бүгін өзін айрықша ер санайтын секілді". Сосын ол тура менің алдымда басын салбыратып баяу адымдап, әндетіп кетіп бара жатты. Тағы да тура менің мылтығымның аузына арқасын төсеп барады, зайыры, міне қазір, қалыңдық тойы дұғасын оқып, "күткенімнің бәрі, міне, қазір жүзеге асады" — деп ойлап бара жатқан болар. Алайда ештеңе де болған жоқ, дұғасын бітірген соң оның бұрылып артына қарауына тура келді.
— Бұл қимылмен бүгін құс атып жарытпаспын, — деп ол аңда жүріп әндеткені үшін кешірім сұрап жымиды. Тіпті осының өзінде оның күлімдегені ғажап болып шықты, көзі жасаурап, ерні шынында да тартып тұрғаны белгілі болды, соның өзінде де осындай қиын шешуші сәтте де миығымнан күлкі кетпейді деген бір ескерту бар сияқты.
Мен қатын емеспін, мұндай әрекетпен мені ала алмайсың. Ол шамдана бастады, мені айналшықтап бірде оңы, бірде сол жағыма шықты, кейде тоқтап күтіп алды. Сағат бесте кенет мылтық даусын есіттім, сол жақ құлағымның үстінен оқ зу ете түсті. Ба¬сымды көтерсем, бірнеше қадам жерде Глан түр, менен көз айырар емес, мылтығы түтіндеп кетіпті. Амал қайсы, мені атпақ болғаны ғой.
— Мүлт кеттіңіз, сіз нашар ататын болыпсыз, — дедім.
Алайда ол ешқашан нашар атпайды, бұл жолы мүлт кеткен • жоқ, мені қасақана ыза қылғысы келді.
— Оу, сайтан, кегіңді алсаңшы енді? — деп айқай салды ол жауап орнына.
— Бәрінің де өз уақыты бар, — дедім тісімді шықырлатып. Осы¬лай бір-бірімізге қарап арбасып аз-кем тұрдық, кенет Глан иығын қозғап қойып: "Қорқақ!" деп айқай салды. Аһ, солай ма, мені су жүрек қорқақ дейсің ғой! Қор ендеше, деп мылтығымды алып тура бетінен көздеп тартып қалдым. Не ексең, соны орасың...
Глан әулетіне бұл адамды іздеп әуре-сарсаңға түсудің, қажеті жоқ. Қайтыс болғандар туралы мағлұмат бергендерге бәзбір сыйлық тағайындап жататын хабарлар көптен бері жынымды ұстатады. Томас Глан Үндістанда аң аулап жүріп қаңғыған оқтан қаза тапты. Сот оның есімі мен қайтыс болған күнін хаттамаға енгізді, хаттама папкаға тігілді, онда ол қаңғыған оқтан қаза тапты, естимісің, қаңғыған оқтан қаза тапты деп айқын жазылған.