Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 8 сағат бұрын)
Ыбырай Алтынсарин шығармаларындағы рухани-адамгершілік білім

Омарова Ұлана
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гимназия мектебі

1876 жыл. Санкт-Петербург вокзалы

Орыстың белгілі шығыстанушысы, ориенталист, профессор Василий Григорьев ақсары жүзді, орташа бойлы қазақ жігітін қарсы алып, құшырлана құшақтап бетінен сүйді.Үйіне апарып қонақ жасады, ілтипат пен құрметін аяған жоқ. Сонау Торғай даласынан әдейі астанаға шақырып, төріне отырғызып, Санкт-Петербургтің прогрессивтік бағыттағы интеллигенттерімен таныстырған жан осынша зор құрметке ие болды.

Бұл – Ыбырай Алтынсарин еді...

Міне, Ыбырай Алтынсариннің осындай зиялылар арасында зор беделге ие болуы оның аса дарынды тұлға болғанын көрсетеді. Ол халқының болашағына сенді, болашақ балалардікі, олар білімді, өнерлі болу керек деп түйген Ы.Алтынсарин осы мақсатта көп еңбек етті. Ақын ретінде де әдебиетте өз өрнегімен есте қалған Ы.Алтынсарин әңгімелері – күні бүгінге дейін рухани-адамгершілік білімнің негізі, тәрбие көзі.

Ыбырай әңгімелерінің мазмұны әділдікке, адамгершілікке, кісілікке, талаптылыққа, өнерге, еңбекке, оқу-білімге, достыққа т.б жақсы қасиеттерге шақырады. Жақсылыққа жақын болып, жамандықтан ада болуға үйретеді. Оның шағын әңгіме-новеллаларының тақырыбын еңбек, тәрбие, өнер деп шартты түрде бөлуге болады.  

Ол  жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беру, оларды жас кезінен дұрыс  баулу мәселесіне ерекше көңіл бөлді. «Баланы дұрыс күт, түзу тәрбиеле, қисығын түзе, адасса айқын жолға сал», —  деді. Оның осы тақырыпқа жазған «Бақша ағаштары» әңгімесінде: «Жаздың бір әдемі күнінде бір кісі өзінің баласымен бақшаға барып, екеуі де егілген ағашты көріп жүрді. «Мына ағаш неліктен тіп – тік, ана біреуі неліктен қисық біткен?» — деп сұрады баласы. «Ата – ананың тілін алсаң ана ағаштай сен де түзу болып өсерсің. Бағусыз кетсең, сен де мына қисық ағаштай болып бағусыз өсерсің. Мынау ағаш бағусыз өз қалпымен өскен», — деді атасы. «Олай болса бағу – қағуда көп мағына бар екен ғой», - деді баласы. «Бағу – қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым, бұдан сен өзің де ғибрат алсаң болады, сен жас ағашсың, саған да күтім керек. Мен сенің қате жеріңді  түзеп, пайдалы іске үйретсем, менің  айтқанымды ұғып, орнына келтірсең, жақсы, түзу кісі болып өсерсің. Бағусыз кетсең сен де мына қисық біткен  ағаштай қисық өсерсің», — деді. Бала тәрбиесіне жастайынан көңіл бөлу керектігін жас шыбықтарға теңей отырып, астарлы оймен нақты жеткізеді. Бұл тұжырым осы күннің өзінде өзіндік құндылығын жоғалтпаған.

Меніңше, баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық,   адамгершілік секілді құнды қасиеттерді сіңіріп, өзіне деген сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші роль атқарады. Рухани - адамгершілік тәрбие - екі жақты процесс. Бір жағынан ол үлкендердің, ата-аналардың, педагогтардың балаларға белсенді ықпалын, екінші жағынан- тәрбиеленушілердің белсенділігін қамтитын қылықтарынан, сезімдері мен қарым- қатынастарынан көрінеді.   Сондықтан белгілі бір мазмұнды іске асыра, адамгершілік ықпалдың әр түрлі әдістерін пайдалана отырып, педагог істелген жұмыстардың нәтижелерін, тәрбиеленушілерінің жетістіктеріне зер салып талдап, жан-жақты пайымдай отырып, бағалау    керек.   

«Талаптың пайдасы» — деген әңгімесінде Ыбырай өзінің осы пікірін, негізгі идеясын жеткізіп бере алды. Әңгіменің мазмұны мынадай: «Даңқты І Петр шіркеуге барып ғибадат етіп тұрғанда, сурет салып жатқан бір баланы көреді де, оның не жасап жатқанын сұрайды. Бала: «Сіздің суретіңізді салып жатырмын», — дейді. Петр суретті көрсе, мәз еш нәрсесі жоқ екен. Бірақ ақылды Петр патша ол баланың суретке талабы бар екенін аңғарып, сурет салуға үйрететін орынға бергізеді. Кейін сол бала үлкен суретші болады».
Жазушының бұл арадағы көздегені — Петрдің ақылдылығын көрсету ғана емес, жас баланың талабын, сол талаптың арқасында неге қол жеткізгендігін  көрсету, кім талап етсе, сол мақсатына жететіндігін дәлелдеу.

«Мейірімді бала» әңгімесінде 13 жасар қыз патшаның үкімі бойынша қолы кесілуге бұйырылған әкесі үшін патшаға арыз етіп, өз қолын кесуге ұсынады. Қыз: «Тақсыр, жұмыс жасап, бала-шағаларын асырайтын атамның қолын қалдырып, мына менің қолымды кесіңіз», — дейді. Мұнда жас қыздың тек қана атасы емес, анасы мен бауырларына деген де махаббаты суреттеледі.

Ананы қандай түрде бағалап, қалай сүюдің айқын үлгісін жазушы «Аурудан аяған күштірек» деген әңгімесінде айқын көрсеткен. Бұл әңгімеде аяғы сынған Сейіт деген бала жанына аяғының ауруы қанша батса да, анасын ренжітпеу үшін қабақ шытпағандығы айтылады. Автор бұл көріністі былай суреттейді: «Сейіт  жүгіріп бара жатқанда, бір арбалы келіп, аңдаусыз соғып кетіп, аяғын сындырыпты. Ойбайлап жылап жатқан баласын көріп, шошынғаннан шешесі талып қалыпты. Мұны көрген соң Сейіт жыламақ түгіл, сынған аяғын орнына салып таңып жатқанда да дыбысын шығармай, қабағын да шытпай жатты. Сонда сынықшы кісі: «Аяғың ауырмай ма, қабағыңды шытпайсың?» — деп сұрайды. Сейіт шешесі шығып кеткен соң, демін алып, сынықшыға сыбырлап: «Ауырмақ түгілі, жаным көзіме көрініп тұр, бірақ менің жанымның қиналғанын көрсе, анам да  қиналып жыламасын, көңілі түспесін деп жатырмын», - деп жауап береді.

Сейіт шын мәнінде мейірімді бала болып суреттеледі. Мұндай жастарда жалпы адамды сүйетін жақсы мінездің біртіндеп өсетіндігі сөзсіз. Бала кезінен әлпештеп өсірген анасының қадірін білген жас, алақанына салып аялап, тәлім-тәрбие беріп отырған ұлы анасы — Отанын сүйетін, ол үшін де өз жанының ауырғанына «қыңқ» етпейтін нағыз отаншыл болып шығады. Ыбырайдың бұл әңгімесінің идеясы — осы. Бұл әңгімені осылай түсінсек қана Сейіттің мейірімді мінезін дұрыс түсіне аламыз. Меніңше, адамгершіліктің негізі мінез-құлық нормалары мен ережелерден тұрады. Ол адамдардың іс-әрекеттері мен  мінез-құлықтарынан көрінеді, моральдық өзара қарым-қатынастарды басқарады. Отанға деген сүйіспеншілік, қоғам игілігі үшін  еңбек ету, өзара көмек, сондай-ақ қоғамға тән адамгершіліктің өзге де формалары, бұл-сананың, сезімдердің, мінез-құлық пен өзара қарым-қатынастың бөлінбес элементтері, олардың негізінде қоғам дамиды, жақсы арнаға бет бұрады. Ал, қоғам дегеніміз ол адам.  Яғни адами құндылықтар көбейеді, тәрбиелі, салихалы ұрпақ келеді, құндылықтарымыз дәріптеледі.  Ыбырай шығармаларынан осы түйткілді мәселелерді көре алдым. Нақ қазіргі қоғам үшін өте маңызды және өзекті  дүниелер.

Қорытындылай келе, қазіргі таңдағы интернет желісінен, теледидар арналарынан көрсетілетін зұлымдық, ата-ана, тіпті кішкентай сәбилерге көрсетіліп жатқан қатігездікті көргенде, шынымен бізге Ыбырай шығармаларындағы қарапайым ғана тілмен жазылған адамгершілік қасиеттерінің жетпегенін түсінуге болады. Елді қорлықтан құтқаратын, игілікке бастайтын тек білім деп есептеді. Сондықтан да, «Тұңғыш дала қоңырауы атанған» Ы.Алтынсарин шығармалары оқушы бойына адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруда маңызы зор туындылар екені сөзсіз. Ал әр оқушы қазақ қоғамының іргетасын жалғастырушылар....


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама