Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Ж.Әбдірашевтың «Дала, сенің ұлыңмын» поэмасында көтерілген мәселелердің бүгінгі күнгі өзектілігі қандай?

Кең даламызды жырға қоспаған ақын кемде-кем болар. Солардың қатарында Жарасқан Әбдірашевтің «Дала, сенің ұлыңмын» поэмасы ерекше тұр.Ақын осы поэмасы арқылы қазақ даласының поэтикалық  портретін жасап шығарған.

Ақын поэмада кең даламыздың күллі тарихы мен шежіресін жырға қосады. Барлық қуаныш пен қайғыны көтерген қазақ даласына перзенттік сезімін арнайды. Поэмада «Ұлтарақтай болса да, ата қоныс жер қымбат» деген идеяны көтереді. Осы көтерілген мәселе бүгінгі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ деп ойлаймын.

Ең алдыменен, ақын поэмада туған далаға деген шексіз махаббатын білдіреді. «Сені, сені... шын сүюдің не екенін, Бір гүліңе ғашық болып ұқтым мен», - деп, туған жерге деген құрметін өлең жолдарына өрнектейді. Ақын өз сезімі арқылы туған даланың бүкіл перзенттерінің асқан махаббатын көрсетеді. Өз туған жері дегенде, тебіренбейтін жан, туламайтын жүрек жоқ. Осы сезімді жеткізуде ақын кең даламен тілдеседі, сыр шертіседі.Осы жерден автордың өзінің лирикалық бейнесін көреміз. Қазіргі өмірмен салыстырсақ, өз перзенттік қарызы мен парызын өтеп жатқан ел азаматтары да бар. Өз халқының әлеуметтік жағдайын көтеруге ат салысып, жерімізді қорғап, қолдап жатқан ақын сияқты туған жер жанашырлары да арамыздан табылады.

Сонымен қоса, ақын туған даласының ұлы тұлғаларын да жырға қосады. Даламыздың осылай жайнап тұруына өз үлесін қосқан батырларымызды еске алады. Өзінің кеш туып, талай шайқастардан кеш қалғанына өкінеді. Автор: «Сенің арың – маған да ар», - деп, даланың барлық қуанышы мен қайғысы, жүріп өткен жолы өзіне тиесілі екенін де сөз етеді. Осы жерден-ақ, расыменен де, туған дала үшін болған шайқастар мен жорықтар біздің игілігіміз үшін екенін түсінуге болады. Егер де осыны айқын түйсінген ұрпақ болса, ол туған даласына адал қызмет етеді деп сенемін. Ал, қазіргі өмірде ше? Туған даласына қызмет етіп, перзенттік қарызын толық өтеп жүргендер қаншалықты? Әрине, жоғарыда айтқанымыздай туған елге қызмет етіп жүргендер жетерлік. Десе, де, туған жердің қадіріне жете алмай жүргендер де бар. Оған қазіргі ел ішінде даулы болып тұрған жер мәселесін айтуға болады. Ата-бабамыз: «Ұлтарақтай жер үшін» атқа қонған, оны тарих дәлелдеп отыр.

Поэмада ақын көтерген бір мәселе – ер-азаматтардың ұсақталып кеткені. Осыны ақын: «Батылданса – көзбенен найзаласып, қатындарша сөзбенен тайталасып...» деп, өкінішпен шындықты жырлайды.Кешегі өр тұлғалы батырлар елі мен жері үшін деп еңіресе, қазіргінің азаматтары қара басының қамы үшін осындай жағдайға баратынын тілге тиек етеді. Бұл ақынның болашаққа деген қорқынышын білдіреді. Қазақ халқы намысты, текті болған. Сол тектіліктен айрылып қаламыз ба деген ақынның күдігі мен үрейі бар. Егер де олай болса, кең даламызды қорғайтын намысты ер-азамат қала ма? Бұл –  қазіргі кездің ең өзекті мәселесі екені шындық.

Қорытындалй келе, ақын сезімін жеткізген туған даламызға деген парызымызды өтеу – басты міндетіміз. Сол себепті кешегі қайсар, жауынгер мінезімізді, болмысымызды жоғалтауымыз керек деп түйіндеймін!


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама