tengrinews.kz
- 21 ақп. 2026 07:30
- 15
Жаңа зерттеу: Миды сақтаудың қарапайым әдісі деменция қаупін 40%-ға азайтады
Мидың денсаулығын сақтаудың ең тиімді жолы – оны үнемі жаттықтыру. АҚШ-тағы Раш университеттік медициналық орталығының зерттеушілері кітап оқу, жазу және шет тілдерін үйрену сияқты зияткерлік іс-әрекеттердің егде жастағы адамдарда деменция қаупін 40%-ға дейін азайтатынын анықтады.
Бұл зерттеуге 80 жастағы 1939 адам қатысып, олардың денсаулығы сегіз жыл бойы қадағаланды. Ғалымдар қатысушылардың балалық шағынан бастап өмірінің соңына дейінгі зияткерлік белсенділігін бағалаған.
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, ең жоғары «зияткерлік байыту» көрсеткішіне ие адамдарда Альцгеймер ауруының даму қаупі 38%-ға, ал когнитивті бұзылулардың қаупі 36%-ға төмен болған. Бұл адамдарда Альцгеймер ауруы орта есеппен бес жылға, ал когнитивті бұзылулар жеті жылға кешірек басталыпты.
Сонымен қатар, зерттеушілер қайтыс болған қатысушылардың ми тіндерін талдап, балалық шақтағы жоғары зияткерлік белсенділігі бар адамдарда Альцгеймер ауруымен байланысты патологиялық ақуыздардың жинақталуына қарсылықтың жоғары екенін байқаған.
Бұл нәтижелер миды үнемі жаттықтырудың оның денсаулығын сақтауда маңызды рөл атқаратынын дәлелдейді. Ғалымдардың айтуынша, кітапханаларға, білім беру бағдарламаларына және басқа да оқу мен білімге деген қызығушылықты арттыратын ресурстарға қолжетімділікті кеңейту деменцияның таралуын азайтуға көмектесетін құрал болып табылады.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.