- 31 қаң. 2018 00:00
- 321
Жаңғыру ұлттық өнерден басталады
Бүгін метрополитеннің Алмалы бекетінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұйымдастыруымен қолөнер көрмесі қала тұрғындарына ұсынылды.
Шара барысында өнер академиясының Тəрбие ісі жөніндегі проректоры Ергөбек Шыңғыс Құлбекұлы: «Бүгінгі шара Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» жəне төртінші өндірістік революциялық жағдайындағы Қазақстанның өркендеуіне бағытталған. Елбасымыз аталған тақырыпты қозғай отырып, ең негізгі ерекшелік ретінде ұлттық өнерге баса назар аударған болатын. Сондықтан да шығармашылық көрме Елбасы жолдауын қарапайым емес, барша адамзатты біріктіретін ортақ, əрі қуатты «өнер тілімен» жеткізбек. Қоғамды этикалық, эстетикалық тұрғыда байыту – Ұлттық өнер академиясының басты мақсаты. Бұл миссияны академия ұжымы, таланттары өз деңгейінде атқарып келеді», – деді.
Көрмеге студенттермен қатар, ҚР кескіндеме жəне мүсін өнерінің майталмандары Б.Досжанов, Ж.Қайрамбаев, Қ.Оспанов, М.Жүнісбаев, Б.Тұрғынбай, Б.Байділда, С.Тайнов, А.Абжанова сынды өнер қайраткерлерінің жұмыстары қойылған. Қолөнер шеберлерінің туындылары ұлттық құндылықты, салт-дəстүрімізді дəріптеп тұр. Əсіресе, Б.Байділданың «Батыр Бауыржан» мозайкасы, Б.Досжановтың аллюминийден жасалған «Керуен», Ұзақбай Асыланның «Бақсы» мүсіні жəне Дəуренбек халық назарын аударды.
Шараның өткізілуіне үлес қосқан Алматы метрополитенінің баспасөз хатшысы Игорь Сахар: «Жылда метро бекетінде 30-ға жуық түрлі көрнекті шаралар өткізіліп тұрады. Мəселен, Байқоңыр бекетінде кітап көрмесінің фестивалі қолға алынды. Ал бүгін біз Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының түлектерімен бірлесе ұлттық өнерге бағытталған қолөнер көрмесін ұйымдастырып отырмыз. Осы тектес іс-шаралар жастарды патриоттық сезімге үндеп, өнерге деген сүйіспеншілікті арттыратындығын» айтты.
Көрмеде қолөнер туындыларынан бөлек, «Алатау» этнографиялық ансамбілі Түркештің «Көңіл ашар», Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы», Əбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» сынды күйлерін орындап, шара мерекелік концертке ұласты.
Арай ЖҰМАТАЙ,
Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Журналистика факультеті, ІІ курс