Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 22 минут бұрын)
Желідегі жалған әскер туралы жазба авторы ұсталды

Астанада Threads әлеуметтік желісінде армиядағы зорлық туралы жалған жазба жариялаған азамат ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап Tengrinews.kz хабарлады.

Ақпаратқа сүйенсек, 23 ақпанда Threads желісінде анонимді пост жарияланған. Онда автор өзінің әскерде қызмет еткен кезінде зорлық көргенін айтып, қудалаудан қорқатынын мәлімдеген. Ол бір жыл бұрын әскерден оралғанымен, сол оқиғаның салдарынан әлі күнге дейін айыға алмай жүргенін айтқан.

Жазбада командирдің өзіне сексуалды сипаттағы әрекеттер жасауға мәжбүрлеп, әйтпесе жазалайтынын айтып қорқытқаны туралы баяндалған. Автор оқиғаны егжей-тегжейлі сипаттап, көптеген қолданушылардың назарын аударған.

Сонымен қатар, ол елден кетуге асығыс себебі бар екенін айтып, қаржылай көмек сұраған. Постқа ақша аудару үшін банк реквизиттері қоса тіркелген.

Алдаудың қалай әшкереленгені

Жазбаның шынайылығына күмән келтірген қолданушылардың бірі полицияға хабарласып, көрсетілген деректерді тексеруді сұраған. Тексеру барысында банк шотының иесі 17 жастағы жасөспірім екені анықталды.

Ол өз реквизиттерін хостелде танысқан танысына бергенін айтты. Танысы өзінің есепшоттарындағы проблемаларға сілтеп, аударымдарға көмектесуді сұраған. Жасөспірім оның қандай да бір заңсыз әрекеттерге баратынын білмеген.

Екі күн ішінде оның шотына 100-ден астам аударым түскен.

Ұстау және салдары

Жедел-іздестіру шаралары барысында жазба авторы анықталып, ұсталды.

«Жарияланған ақпараттың шындыққа жанаспайтыны анықталды. Оның үстіне, контент авторының әскери қызметке ешқандай қатысы жоқ және ешқашан әскерде болмаған. Өз әрекетімен ол әскери қызметті де қорлаған. 23 жастағы қала тұрғынының айтуынша, жалған хабарламаны ақша жинау мақсатында әдейі таратқан», - деп хабарлады полиция.

Көрiнеу жалған ақпарат таратқаны және алаяқтық фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдікті сот санкциясымен қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына тоғытылды.

Жаңалықтар

Жарнама