Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жібек жолы

БАСТАУ

Ұшы-қиырсыз Жібек жолының бойымен лықылдай соққан сары жел бір мезет демін ішіне тартқан. Күн арқан бойы көтеріліп, демде қызған көсеуге ұқсап жер құйқасын көңірсіте тусті. Күйген иіс көтерілді. Әлгінде көз ұшында бөксесі ағараңдап домалаған қаңбақтар дамыл алған. Өңірдің жусан түстес торғайы да, бұлдырап ұшып жоғалар бұлдырығы да ғайып болған. Кепкен тулақтай жабайы кеңісті тіршілік атаулы әлдеқашан талақ еткендей. Меңіреуді аса бір жат тыныштық баурады. Кенет қиырдан ақ бас жыландай ширатылып көтерілген құйын көрінді, үлкейе келе өзгерді, тірі нәрсеге ұқсады. Бара-бара соңына сұйық шуда шаң тастап шапқылаған аттылы айқындалды. Аттылы да болмай шықты.

Иесіз aт қана.

Сауыры мен алқымы боз қырау тузға бөккен ерттеулі шикіл сары сәйгүлік еді. Ерінің басына қоржын тәрізді етіп қос дабыл ілген. Атырабат даласында дабылды am бұрын-соңды ұшыраспайтын. Қазақ дабылды жаман жылдарда ғана ер басына ілетін.

Шикіл сары сәйгүлік оқыстан кідіріп қалды. Жанарын тер тұтты ма, я болмаса сүйегі қайда қалғаны беймәлім иесін жоқтады ма, әлде сирағы сырқырап талды ма, қаздиып турды да қатты оқыранды. Ішін тартып ышқына кісінеді. Жас толы жанарына мамырлы көл, сұңқылдай ұшқан қу, жағасында жайбарақат үйездеген үйірі елестеді білем, төбе құйқаны шымырлата шұрқырады. Үні қаңсыған кернейден өткен желдей үрейлі шықты, шаңытқан әуеге шың-шың сіңіп жоғалды. Бозбұйра дала дыбыс берер барша тіршіліктен мақрұм қалып, марғау жата берді. Сәйгүліктің келесі мәрте кісінеуге қалпы келмеді, бүйірін - соғып, мойның ұмсынып ауыздығын қаршылдата шайнады. Басын төмен сала алмады.

Тізгіні қаңтарулы күйде қалыпты.

Езуін тұтқан сарғыш көбік арасынан әредік күміс ауыздық жылт етіп күнге шағылысады. Қайыс өмілдірік, қас қағар, кекіл басар, сағалық, сосынғы тізгін бойы түгелімен қой құмалағындай жақұт тасымен көмкерілген. Ері үйрек бас — қыпшақтікі. Ер басындағы қос дабыл бүлінбеген, бетін көрген шикі сақтиян күнге қаңсып торлап кетіпті. Дабылдың үстіңгі дөңгелек кенересін күміспен күптеген. Ілгек бауын жібек жіптен өріпті, шашағы шашырап aт қолтығын қағады. Дабыл қаққыш таяқшалар салатын қорамсақ жібектен тоқылған, шағын бітеу қап көрінді. Бөктергіде салақтап бос жатыр. Таяқшалар түcin қалғанға ұқсайды. Құйысқаны қоңыр қайыс екен, аттың жаңбырлығына сіңіп, құйымшақты бүйректей бұлтитып жіберіпті. Арқасынан ер түспегелі біраз күн болған-ау, жал-құйрығы төгілген алпауыт әсем жылқы еді бұл.

Қапталына қан жұққан...

Селеу басы селбеледі, ыстық керімсал тағы ырқылдай соқты. Алпауыт жылқы еңсесін жинап алды, алдыңғы оң тұяғымен жер тарпыды. Атырабат дүзінің дәп осы мезеті көне Інжу үгіз өзенінің үйіріліп ағар мінезіне ұқсаған. Інжу үгіз де кейде ішін тартып тұнықтанып, кейде ақ саны жалтыраған жеңге толқының алдыңа салып айдап ағатын. Сайқал күлкінің соңынан сүмектей бүлкілдейтін. Ал құшағы кең жазылған жайпуат тұста, құданың құдіреті, судың жылжуы мүлде сезілмеуші еді. Бұл түс тұңғиық терең иірім болғаны. Иірім дәл үстінен түскенше байқалмай қазаншұқырлана қайнап, ортасы шүңейттеніп жатады. Үйірсек иірімге іліккен жаңқауық екені жаңқауық та шым батып жоғалады.

Дүрия даланың қазіргі қалпы Інжу үгіздің сол иіріміне ұқсады. Бетімен дүркіреген ыстық құшақ құйындар, ақ тақым ебелек, бұғағы бүлкілдеп қалқи жүзген сылаң сағым қосыла үйірілді. Әлсін-әлі дүрк көтеріліп шаужайына жармасқан шөп-шаламды жалмап жұтып, тереңге тартып әкете берді. Күннің сары ноқат сәулесіндей болып жерде сүлеленген әлгі алпауыт жылқыны да сөйтті. Иірімге ілестіріп әкетті.

Әп-сәтте ерінің басына дабыл ілген иесіз тұлпар, оның жан шошытар кескін-кейпі дүрілдеп жөңкілген ақшыл құйындар арасында көзден ғайып болды. Дешті-Қыпшақтың бетінде мезгіл ұйыған ұлан-ғайыр даласына қыбыр әкелген не? Сауырына қан жұққан тұлпардың иесі кім? Сұңқыл дауысты жаманшылық жаршысы қос дабыл ұрар күндер туып па еді?

БІРІНШІ ЖЕЛІ

Көз жұмғанша тоймадым,
Өзімнің күміс халқыма.
Талас жазуының ескерткішінен

БІРІНШІ САРЫН

Оқиға таңсәріде басталған.

Алыстан созылып шыққан азан мақамы болмаса, әлі үлкен шаһардың ояна қоймаған керенау кезі, жар төсегіндегі құпияңа да, кеуде түрткен қиялыңа да бөгденің қол сұқпайтын тыншу шағы. Дәл осы мезгілді екі еркек әдейі тандап алған.

— Батыр бабаның шежіресін жақсы жазыпсың! Әуелі тәңірі, сосын мен разымын!..— деді толқып кеткен Иланшы Қадырхан. Үніңдегі болмашы дірілді дер кезінде жасырып үлгерді.— Біреудің басы жерде, көңілі аспанда, біреудің басы аспанда, көңілі жерде дегендей, басынды көтере туған бала екенсің, мерейің өссін, шырағым!

— Разымын!..— деді ол тағы қайталап, әлгі әсерінен айықпаған еді. Қарсы алдыңда малдас құрып отырған бозбаланың тізесіндегі көн кітаптан көзін алмады, кітап ебетейсіз үлкен болып көрінді, қиялы алысты шарлады. Дәл қазір Інжу үгіз өзенінің қос езуінде қыш құйып, құмыра күйдіріп, қабырғалы қорған тұрғызып жатқан зергер ұсталарын, шойын кетпенімен су жетелеген дихандарын ойлады; солардың қарапайым қарекеті; қанды балақ тағдыры жолына жұмыр басын пида еткен бабаларын жоқтады. Кең сарай іші тынысын тарылтқандай сезілді. Терең-терең күрсінді. «Қайқы қылышты, бейбақтарым, қыпшақ жұртының ат тұяғының астыңда кеткелі тұрған абыройын атойлап найза бойы көтергелі; шаң тұтып, тат жеген намысын алмастай жалтыратып тазартқалы қай ықылым заман етті. Рухтарың ұрпақ зердесінде әлі жүр. Енді ақын қауырсынымен көн кітапқа түсіп, ұшпақты сөзге айналыпсың, өлмесең өстіп өлме!»

Иланшы Қадырхан түрікпен кілемінің үстінде жалғыз уыс болып шошайған шағын денелі ақынның зеректігіне қайран қалды. Бәрінен бұрын жыр жолдарының әр тұсында баба ерлігіне қатыссыз болса да, «көкте тәңірі, жерде Иланшы Қадырхан бар», деп өзінің мәртебесін көтерген марапаттауды естігенде ішінен далиып-ақ қалады. Тап қазір осы кітапты ұлыс-руларды жинап, алқа жұрттың алдыңда оқытпағаныңа өкініп отыр.

Иланшы Қадырхан еңсесін көтерген. Хисамеддин енді аңғарды, қарсы алдыңдағы әмірші алып денелі екен, әп-сәтте кішігірім төбешіктей қалыпқа келді. Жазық маңдайының қыртысы жазылып, сол жақ шекесіндегі бармақтай буылтық айқындала түсті. Бұл буылтықты білетіндер "қоян тобығы" деседі, өйдеуінің мәнісі... ілкі қазақта өз тағдырын алдың ала болжағысы келген жігіт қоянның тобығын жұтады-мыс; әлгі жұғылған тобық жеті күннің ішінде белгі береді; не жігіттің шекесінен, не табанынан сүйел құсап томпайып шығуға тиіс. Кісінің шекесінен шықса, оның батыр болғаны, ал табанынан көрінсе, бопсасыз қорқақ болғаны, екінің бірі екен. Осы көне ырымға иланған Иланшы Қадырхан да есіріктеу бала шағында сол сыннан өткен деседі. Қасы қою, көзінің үстін тұтас жауып кеткен, қарашығы тереңде жатыр. Қараған мезетте сол қарашық даланың түнгі отыңдай жылт еткен сәуле шашып, қадалған жерін қарып өтеді. «Көзім тиеді», деп жас баланың, жаңа түскен келіншектің жүзіне тіктеп қарамайды екен. Қарлығаш қанатыңдай қиықша мұрты мен қою шоқша сақалы ашамай сүйекті, ат жақты жүзіне елден ерек сұс беріп тұр, тым ызғарлы көрсетеді. Жас шамасын тұспалдау қиын. Екі иығына екі жігіт мінгендей қалқан жауырын, қапсағай кеуделі. Осы ебетейсіз денесіне қарамай садақты аса шебер тартады деседі. Үлкен тұрқы қос құлаш келетін піл сүйегінен құрастырып жасаған заңғар таққа әзер сыйып отыр.

Тақ сықырлап кетті. Иланшы Қадырхан алысты шарлаған ойын келте үзіп; қыпшақ кілемінің үстіндегі «Хикаялар» дастанының иесі, жас болса да есімі жұрт аузына ерте тараған сығанақтық қыпшақ ақыны Хисамеддинге тігілді.

— Құлағым сенде, ділмар бала!

Бұл оның «көн кітаптың қалған жағын оқи түс, тыңдауға әзірмін» деген қалпы-тұғын. Хисамеддин әміршіні жылдам ұқты, тізесінде зіл боп жатқан жалпақ кітаптың сақтиян бетін алақанымен асықпай сипап қойып, әлгіде тоқтаған жерінен әрі қарай жалғап қоңыр дауыспен оқып кетті. Үні мақамды, сазды шықты, бейне бәдіктің көне қобызындай кейде қашықтап, кейде жақындап кеп құлаққа жағымды сарын құяды.

«Тірекұлы Тоғанмын, әйелімнің аты Тошайын, інім Қара Барыс. Көкте тәңірі, жерде Иланшы Қадырхан бар. Мешін жылы Тамыз айында қағанымнан, ұлысымнан айрылдым. Қатыным қара жамылып тұл қалды. Ұлдарым жетімек аталды. Жұртым боз інгендей боздады. Көктегі тәңірім менің, жанымды керек қылды. Содан көз жұмдым. Жарық дүниемен қайыр-хош айтыстым.

Үш ұлым, жалғыз інім ерлігімді дәріптеп көн кітапқа жазады... Онда былай деп бажайлаған.

Тірекұлы Тоғанмын, әйелім Тошайын, інім Қара Барыс. Әкем әйгілі Тірек батыр. Отыз оқ жұрты, жетпіс оқ қолы болыпты. Жорықта жауы мерт етті. Қылышын басқа жастанып армансыз кетті. Батырлары қан шілдеде ағып кетпесін деп отыз қабат киізге орап, жеті күндей жол жүріп, нарға салып туған жерге жеткізді. Көз жұмарда айтыпты: «Қылыш ел тоздырар», — депті.

Етек бұлап жыладым. Жылдам жылжып күндер өтті. Заманның түзу уақытысы еді. Отыз оқ елім, жетпіс оқ қолым көбейді. Күші тасты. Тоғанға толған судай болды. Қатыңдар қаншықтай ұлыды, батырлар көктемгі бұқадай құтырды. Балалар оба үйіп, көрісіп ойнауды шығарды.

Болмас дедім.

Доңыз жылы тізгін тартып атқа қондым. Құлаш келер алдаспанды айға қаратып, жетпіс оқ қолды көтердім. Күннің соңынан ердік. Батырлардың қылышы қынапта жатып таттанды, өздері аузын буған өгіздей тілдесуден қалды. Құс қанаты күйген шөлден өттік. Бұлт қанаты талған Жойқындарияны кештік. Үсрушана еліне, Бунджикат деген жын-пері толы шаһарына жеттік.

Ханы Қалаи Кахкаха деген әңгүдік ноқай неме көрінді. Сәлдесі тап аттың бөксесіндей. Сақалы жабағының жалындай. «Бір табақтан ас ішейік», дедім. Кермалдасып: «бір табақтан қан ішемін!» деді, "Қырық пышақ қыпшақ», деп кекетті. Жаушымды тепті. Өзіме жебе тастап жер етті.

Эйе!

Нәр татпай жатып тәулік ойландым. Түнде тәңірім аян берді. «Қорғаның құлат, халқын шулат», деді. Біз тәңірінің сүйген құлымыз. Қос дабыл ұрғыздым. Шіреп тұрған шаһарға ат қойдық. Жеті ай жұлқыстық. Отыз оқ қолдан айырылдым. Боздақтарым мәңгіге дамылдады.

Жолбарыстай Жағыпар батырға, қабыландай Өгіз батырға: «қорғанның астын үңгі!» дедім. Сарбаздарым тышқан болды. Қырық жерден құдық қазды. Шаһарға тышқан боп кіріп, арланға айналып, арыстанша алыстық. Халқын қой қып қудық. Ханың шаптым, қаның шаштым. Сәлдесін қаражолдың жиегіне іліп қойдым. Қауақ бас Қалаи Кахкаханың күнәдан пәк қызы қалды. Аты Тошайын екен. Аңсарым ауды, үйлендім. Шарап ішіп думан құрдық. Сарбаздарым қарық болды. Қоржындар қазынаға толды.

Жолбарыстай Жағыпар батырды, қабыландай Өгіз батырды Бунджикаттың сужүрек сүмелектері «салқындасын» деп, шыңырауға салып өлтіріпті. Қапы қалдым. Бармағымды шайнадым. Қырық оқ қолым қайғыдан найзасын жерге шаншыды. Иінің қайғы басты. Қатар өскен кісілердің жолыққаны — тірілгені, ажырасқаны — өлгені де. Өзім де өлгендей болдым. Жаттан опа тапқаным жоқ.

Сызға бауырымды төсеп жатып ойландым.

Ат басын кері бұруды бек көрдім. Бүйтіп алаңсыз жата берсек батырларым қапа қылар, қиналар. Жазым болған жолдастарын есіне алар. Қазынадан алтының алдым, қамбадан астығын алдым, кісе сап құлын алдым, қатын қып Тошайынды алдым. Қырық оқ қолға дедім: «Кіндік қаны тамған Харчук тауын, кірімді жуған Інжу өзенің сағындым. Біз кеткенде туған ұл атқа мінді, біз кетерде айттырған қалындық ұзатылды. Аттарыңның айылын тарт, шаптауын босат. Шыңғырлаудан шырқап ай туғанда... ге-ге-ге... туған жерге жол аламыз». Сыңар дабыл ұрғыздым.

Түсімде тәңірім аян берген.

«Жолбарыстай Жағыпардың, қабыландай Өгіздің о дүниеде жайлы жатуы үшін Бунджикаттың бүтін үйі, көзі тірі еркегі қалмасын», деді. Тәңірінің сүйген құлымыз. Сөйттік, тып-типыл еттік.

Тұлпар тұяғы күйген құмнан өттік, сұңқар қанаты талған жоннан өттік.

Харчук тауы - атамыз. Інжу өзені — анамыз. Атамыз ақ таяғын беліне ұстап қарсы алды. Анамыз саумал сусынымен қарсы алды. Қырық оқ қол жұртымен қозыдай жамырады. Ел еңіреп жылады. Көз жұмған батырлардың ошағына олжаны тең бөліп бердім. Әр үйдің есігіне құл салдым. Әр батырдың үйіне ақ жаулық қосылды. Мерейім өсті, жауым ықты. Еңсем биіктеді.

Бас Сағынға Иланшыны қойдым. Орта Сағынға Оғыл Барысты қойдым. Бала Сағынға Ошақбайды қойдым. Өстіп үш ұлыма ұлыс бөлдім. Өзім қара шаңырақ Отырарды жайладым. Қағанымның қамын ойладым.

Бір күндері тұлпар тұяғы бүтінделді. Бала ер жетті. Қылыш қынапта жатып мұқалды. Құс төсегім жамбасыма тастай батты. Батырларым шау тартты, қатындармен жанжалдасты.

Табанымды қан тартты.

Жауырыншыны сөйлеттім. Ол көріпкел айтты: «Күншығыста Моғол деген ел бар. Қыздары қарақат көз, қыр мұрын. Қатындары таспадай жұқа, Батырлары қапсағай. Байлығы Інжудің суындай» деді. Құба-құп. Қос дабыл ұрдым.

Жұртыма жарлық жасадым. «Сексен оқ қолды шығыстағы Моғолстанға бастаймын. Жаудан бөлекше боп көрінуге әр қыпшақ сарбазы басына қара қалпақ кисін. Атының құйрығын түйсін», дедім. Атқа қондық. «Қарақалпақ қол» атандық. Қарлы таудан астық. Дала мұхитын кездік. Ит жылын аш иттей қаңғумен өткіздік. Сарбаздардың аштықтан ішектері қабырғасына жабысты, күн біткен қырылып қалды. Тақымымыз тесілді, ат тұяғы кетілді, қол сетінеді.

Эйе! Жау төбесі көрінді.

Батырлары қапсағай емес, төртбақ, сүзеген бұқадай. Ұшқары айтқаны үшін жауырыншыны басын алдым. Жауырыншыны жау алар, есепшіні жұт алар деген осы.

Ханы Түйе палуан деген үйдей жігіт көрінді.

«Бір местен қымыз ішейік», дедім. Қаныпезер неме «қан ішейік», деді. Бұл жолы қос дабыл емес, сыңар дабыл ұрғыздым.

Қара қалпақты сексен оқ қолды сапқа қойдым. Жау қолы да сапқа тұрды. Түйе палуан: «жекпе-жек!» деді. Мен де: «жекпе-жек!» дедім. Соғыс салты, ата өткен жол, тәуекел деп бел байладым. Басыма дулыға, үстіме шығыршықты кіреуке кидім. Төрттаған деген тұлпарды міндім.

Түйе палуан аузынан ақ көбік аққан қара нарға мінді. Үстіне қос қалқан, басына шойын тостаған киді. Қолына қорғасын құйған күрзісін алды.

Сарбаздарым араның ұясындай гулеп тұрған. Тына қалды. Соғыстық ал. Қолымда ырғай сапты найза-тұғын. Үңіле шаптым. Солқылдақ шымнан шаң шықты. Қара нардың даусынан құрақ ықты. Төрттаған тұлпар басқа ойнаған күрзіні дарытпай шырқ айналды. Кіндігінің астынан найза үйірдім. Түйе палуан нағыз пері болып шықты. Күрзісін онды-солды сілтеп, найзамды сындырды. Тұлпар шаң жұтты, қаруға қан жұқты. Сол қолымды және сындырды.

Інім Қара Барыс шырқырап келіп қылыш әкеліп берді. Түйе палуанның қары талды білем, қан түкіріп, күрзісін тастады, сүңгісін алды. Бабалардың аруағын шақырдым.

Жұлқыстық кеп.

Сауытымның шығыршығы сөгілді. Түйе палуанның нары шөкті. Сүңгісін серпіп оң қолыммен қылыш шаптым. Қалқаны ұшты, қарны қарбыздай қақ айрылды. Пері екен! Қолтығыма сүңгі сұғып үлгерді. Келесі мәрте шапқанымда Түйе палуан қара нардан аунап түсті. Жеңдім.

Қара қалпақты сексен оқ қолым жауды жүндей жөнелді.

Төрттағанның жалын құштым. Жалғыз інім Қара Барыс шырқырап жетіп қолтығымнан сүйеді. Көз алдыма көгілдір Харчук, сағымдай сары Інжу келді. Көкжиектен көрінер ме деп қарадым. Көрінбеді қайран жерім. Аттан түстім. Жау сүңгісі қолтығымда шаншулы қалыпты. Суырылмады. Сонда сездім, көп ұзамай көз жұмамын, тәңірге жан тапсырамын.

Қатыным қара жамылып тұл қалады. Үш ұлым жетімек аталады. Елім боз інгендей боздайды.

Қара Барысқа салауат жасадым... «Жұртымды жүдетпе», дедім. Тошайынды өзің ал, қалған қатындарымды батырларға бөліп бер: жерімнен, суымнан айрылдым. Харчук тауынан, Iнжу өзенінен қырық үште көз жаздым. Тәңірлік жұртым үшін он тоғыз ер өлтірдім. Ерлігіммен елге табындым. Қатынға, құлға танылдым. Қағанымды саған тапсырдым»...

Кең мекенге күмбірлеп қоңыр саз құйып тұрған ақын баланың әуезді үні жаңғырып барып басылды. Көн кітаптың көне хикаясы тамамдалды. Күмбез Сарайдың ішін бейқарар тыныштық жайлады.

Ақын алдыңдағы қалың көн кітапты жаймен жапқан. Тысын сипады. Жанарына сақиналанып тұра қалған жасты сәлдесінің ұшымен ірікті. Көзқашты қылып жөткірініп алды.

Осы Хисамеддин Інжудің төменгі сағасына орын тепкен Сығанақ шаһарының тумасы. Соның ақ шаңдақ көшесінде тырапайлап ит қуып, көне медреседе масадай мазаң молдаға құлағын жұлдырып балалығын өткізген. Ғұламалар құзырына бас иген. Араб қарпін үйренісімен қауырсын қаламмен қағаз бетін шиқылдатып жыр жазды, бүгінде ел аузына есімі ілінген. Қазір бір жарым мүшел жаста, сүтке тоймаған торпақтай денесі - балғын, сүйегі қата қоймаған әлі. Маңдайы дөңес, мұрны қоян жон, беті үшкіл. Имиіп отырады. Рабайда болмаса, көбіне кісі жүзіне тіктеп қарамайды. Қазір де тізесінің басына қадала қалған, дәп осы тұрқы жемсауын торғайға толтырып, жоның күнге тосып, шеңгел басында мүлгіген Інжу ителгісіне ұқсас еді.

Әмірші бозбала ақынның осы сиқына жымия қарады.

— Астыңа тұлпар мінгізіп, қолыңа сұңқар қондырамын. Шабыт шақырып жыр жазасың, көн кітапты тамамдайсың. Осы Отырарда, Күмбез Сарайда қал!

Хисамеддин сыңар шекелеп ойланып қалды, жанары келесі оң тізесіне ауған.

— Мархаба, хан ием! Маған топшысы тобылғы қиған сұңқар да, тұяғы тас ұнтаған тұлпар да серік емес. Жалғыз тілегім бар: осы сарайдағы аты әлемге әйгілі Фараби кітапханасынан еркін оқып, тағылым табуға пұрсат етсеңіз болғаны, - деді.

Иланшы Қадырханның сол шекесіндегі қоян тобығы секілді буылтық бүлк-бүлк ете қалды. "Иә-ә-ә,бұл сарайдың, іші салқар сақи сыр, жер асты жәдігерлері үйеме қазына, бөлмелері етегін сүйретіп сұңқылдаған білгіштерге толы. Кітап байлығының өзін

Ханы Түйе палуан деген үйдей жігіт көрінді.

«Бір местен қымыз ішейік», дедім. Қаныпезер неме «қан ішейік», деді. Бұл жолы қос дабыл емес, сыңар дабыл ұрғыздым.

Қара қалпақты сексен оқ қолды сапқа қойдым. Жау қолы да сапқа тұрды. Түйе палуан: «жекпе-жек!» деді. Мен де: «жекпе-жек!» дедім. Соғыс салты, ата өткен жол, тәуекел деп бел байладым. Басыма дулыға, үстіме шығыршықты кіреуке кидім. Төрттаған деген тұлпарды міндім.

Түйе палуан аузынан ақ көбік аққан қара нарға мінді. Үстіне қос қалқан, басына шойын тостаған киді. Қолына қорғасын құйған күрзісін алды.

Сарбаздарым араның ұясындай гулеп тұрған. Тына қалды. Соғыстық ал. Қолымда ырғай сапты найза-тұғын. Үңіле шаптым. Солқылдақ шымнан шаң шықты. Қара нардың даусынан құрақ ықты. Төрттаған тұлпар басқа ойнаған күрзіні дарытпай шырқ айналды. Кіндігінің астынан найза үйірдім. Түйе палуан нағыз пері болып шықты. Күрзісін онды-солды сілтеп, найзамды сындырды. Тұлпар шаң жұтты, қаруға қан жұқты. Сол қолымды және сындырды.

Інім Қара Барыс шырқырап келіп қылыш әкеліп берді. Түйе палуанның қары талды білем, қан түкіріп, күрзісін тастады, сүңгісін алды. Бабалардың аруағын шақырдым.

Жұлқыстық кеп.

Сауытымның шығыршығы сөгілді. Түйе палуанның нары шөкті. Сүңгісін серпіп оң қолыммен қылыш шаптым. Қалқаны ұшты, қарны қарбыздай қақ айрылды. Пері екен! Қолтығыма сүңгі сұғып үлгерді. Келесі мәрте шапқанымда Түйе палуан қара нардан аунап түсті. Жеңдім.

Қара қалпақты сексен оқ қолым жауды жүндей жөнелді.

Төрттағанның жалын құштым. Жалғыз інім Қара Барыс шырқырап жетіп қолтығымнан сүйеді. Көз алдыма көгілдір Харчук, сағымдай сары Інжу келді. Көкжиектен көрінер ме деп қарадым. Көрінбеді қайран жерім. Аттан түстім. Жау сүнгісі қолтығымда шаншулы қалыпты. Суырылмады. Сонда сездім, көп ұзамай көз жұмамын, тәңірге жан тапсырамын.

Қатыным қара жамылып тұл қалады. Үш ұлым жетімек аталады. Елім боз інгендей боздайды.

Қара Барысқа салауат жасадым... «Жұртымды жүдетпе», дедім. Тошайынды өзің ал, қалған қатындарымды батырларға бөліп бер: жерімнен, суымнан айрылдым. Харчук тауынан, Інжу өзенінен қырық үште көз жаздым. Тәңірлік жұртым үшін он тоғыз ер өлтірдім. Ерлігіммен елге табындым. Қатынға, құлға танылдым. Қағанымды саған тапсырдым»...

Кең мекенге күмбірлеп қоңыр саз құйып тұрған ақын баланың әуезді үні жаңғырып барып басылды. Көн кітаптың көне хикаясы тамамдалды. Күмбез Сарайдың ішін бейқарар тыныштық жайлады.

Ақын алдыңдағы қалың көп кітапты жаймен жапқан. Тысын сипады. Жанарына сақиналанып тұра қалған жасты сәлдесінің ұшымен ірікті. Көзқашты қылып жөткірініп алды.

Осы Хисамеддин Інжудің төменгі сағасына орын тепкен Сығанақ шаһарының тумасы. Соның ақ шаң дақ көшесінде тырапайлап ит қуып, көне медреседе масадай мазаң молдаға құлағын жұлдырып балалығын өткізген. Ғұламалар құзырына бас иген. Араб қарпін үйренісімен қауырсын қаламмен қағаз бетін шиқылдатып жыр жазды, бүгінде ел аузына есімі ілінген. Қазір бір жарым мүшел жаста, сүтке тоймаған торпақтай денесі балғын, сүйегі қата қоймаған әлі. Маңдайы дөңес, мұрны қоян жон, беті үшкіл. Имиіп отырады. Рабайда болмаса, көбіне кісі жүзіне тіктеп қарамайды. Қазір де тізесінің басына қадала қалған, дәп осы тұрқы жемсауын торғайға толтырып, жоның күнге тосып, шеңгел басында мүлгіген Інжу ителгісіне ұқсас еді.

Әмірші бозбала ақынның осы сиқына жымия қарады.

— Астыңа тұлпар мінгізіп, қолыңа сұңқар қондырамын. Шабыт шақырып жыр жазасың, көн кітапты тамамдайсың. Осы Отырарда, Күмбез Сарайда қал!

Хисамеддин сыңар шекелеп ойланып қалды, жанары келесі оң тізесіне ауған.

— Мархаба, хан ием! Мағжан топшысы тобылғы қиған сұңқар да, тұяғы тас ұнтаған тұлпар да серік емес. Жалғыз тілегім бар: осы сарайдағы аты әлемге әйгілі Фараби кітапханасынан еркін оқып, тағылым табуға пұрсат етсеңіз болғаны, — деді.

Иланшы Қадырханның сол шекесіндегі қоян тобығы секілді буылтық бүлк-бүлк ете қалды. "Иә-ә-ә, бұл сарайдың, іші салқар сақи сыр, жер асты жәдігерлері үйеме қазына, бөлмелері етегін сүйретіп сұңқылдаған білгіштерге толы. Кітап байлығының өзін санап шығуға үш бірдей түйені сойып, мүшелеп бұзатын мезгіл кетер еді. Салтанат сарайының құзырын аралауға бір түйені мүшелейтін мезгіл жетеді. Қой терісімен қаптаған қыпшақ ширатпасы, таңба басқан жауырын сүйектер, көп шежірелер, Таразы ешкісінің ақ сақтияныңа жазылған араб қиссалары, балық терісімен зерлеген үнді кітаптары, қайың қабығынан түйіп істеген славян идолы, түркі жылнамасы, тышқан құмалақ қаріпті иудей інжілдері бар. Парсы, шүршіт, пехлеви, рум, орыс тілінде бажайланған әбдіредей алып кітаптар нешеме; оларды медресе тауысқан құйма құлақ қарилар болмаса, молдамен пәлен жыл шіңкілдесіп әптиекті әзер бітірген тесік саңлаулар ажыратып тани алмайды. Осы шаһарда қыпшақтың зерделі білімпазы, көзі ашық ұстазы Әбунасыр Мұхаммедұлы Мұхаммед Тархан әл-Фараби ғұмыр кешкен шақта күннің батысы мен шығысынан, күнгейі мен теріскейінен тең-тең кітаптар келіп жатады екен.

Отырар медресесінен санасын қағаз табы сарғайтқан сан ғұлама шығыпты.

Өйдәйт, көргендер сандықтай кітабын ашып жіберіп тебіренер еді, түсінде аруаққа қол беріп жылап жүрер еді, содан жұлдыздардың, қозғалысын байқар еді. Қылаяғы құрдым шақта сайрар еді. «Пәлен жылы ат шашасынан қан кешкен қиын соғыс болады, түлен жылы жылан жұмыртқасын жейтін қаратабан жұт келеді», деп пешенеңе жазғанды дәлме-дәл бажайлар еді. Иланшы Қадырхан осыларды ойлаған сайын миының қан тамыры жарылардай салмақ сезініп, мұғдарлы бір күйге түсті.

«Мұрты енді көктеген бозбала ақынның көкейін тесіп, көңілін арбаған сол кітаптары да».

Иланшы Қадырхан қос өңіріне зер салып оқалап тіккен мауыты шапанның мол шалғайын серпіп жинап алды. Қою қара қасының астынан қос ұшқын жылт етті.

— Құба-кұп, болсын! — деді.

Бұл хижраша алты жүз он төртінші жылдың Раби-ахир айы, қазақша сиыр жылының көкек айы, жаңаша, күн календары бойынша мың екі жүз он жетінші жылдың апрель айында Отырардың көз сүрінткен Күмбез Сарайында болған әңгіме еді.

ЕКІНШІ САРЫН

Қызыл қыш қабырғасының ішкі кенересін тоқсан үш тас бұт жиектеген Күмбез Сарай бүгін күндегіден өзгеше еді. Мәрмәр басқыштары жалтырата жуылған, бас қақпасы қақ жарыла ашылған, күмбез астыңдағы дөңгелек терезелердің жібек шілтері шалқып, салқын самал сарай бөлмелерін еркін аралады. Арыс өзенінен, сосын Қышқыш әулие су тоспасынан қалаға тіке тартылған қос бірдей жер асты құбырларымен келген салқын су сарай алдыңдағы үлкен әуізге жетіп сан құбылатын. Тас әбжыланның аузынан, қола жолбарыстың құлағынан, мәрмәр құмай тазының көкке шаншылған біз тұмсығынан шашырап, маржандай тізіліп кері төгіледі. Кемпірқосақ жасайды. Сарай сырты қаптағыш әшекей қыштармен безендірілген. Әлгі қыштар әр кез сайын белдеу жасап, күннің әр мезгілінде әрқилы түске құбылып ауысып тұрады. Осы белдеу-өрнек күмбезге дейін көтерілген. Күмбез сырты биенің сүтіндей ақшыл сырмен боялған. Жүз жылдан асса да түсін бермей, бүйірінде ирек сағым ойнап, көзді тайдырып, құлпыра құбылады. Әлгі белдеулер іргеге төмендеген сайын жалпақтана береді, төменгі үш жолақта араб қарпімен қыпшақтың жорық жыры қышпен жазылған. Сарайдың етегі қыз сәукелесіндей дөңгелек; үлкен биік төбенің үстіне қалыңдыктың үкілі сәукелесі ұмыт қалып, заман өте қыш сарайға айналып кеткен тәрізді. Сол сарайды астынан аса берік тоқсан үш тас тұғыр көтеріп тұр. Бейне тоқсан үш сарбаз тұра қалып найзасының ұшымен әлгі зор сәукелені қан көтеріп әкеткендей.

Хисамеддин осы салтанатты сұғына қарап жүрген, қасында самалдай шыққан әмірші; әлгідей әдемі көрініс екеуінің көз алдынан жылжып өткен. Терең ойға шомған ақынды Иланшы Қадырхан тілге тартып алаңдатпады, жай жол көрсетіп қана серуендей берді. Күмбез Сарайдың сырына қанықтыра түсті.

Зер сала түссе, оймышталып өрілген қыштың өзі әсем бұлттың ба, жер бауырлай жылжыған жолбарыстың ба бейнесін беретін секілді.

Қыш құюшыларды қышкер деседі, қышкерлер өзінше бір ру — атам заманнан су бойын жайлап кәсіп қылған Сунақтар. О баста «суы нақ» диқаншылар дегеннен шыққан дейді. Ата кәсібі саз жинап, балшық илеп, қыш күю болды. Хисамеддин талай көрген, денесінде ақ кенеп дамбалдан өзге лыпасы жоқ күнге күйіп көсеудей болған бейнетқор жандар жыл бойы кетпенің қолынан түсірмейтін. Таспадай қатыңқы, қатпа, шаршау дегенді білмейді, кетпенге аса мықты. Қышкерлер Інжудің бойын жайлайды. Өзен жағасында ат толарсағынан келетін сағыздай сары саз бар, сол сазды құмнан бөліп тау-тау етіп үйеді. Әлгі үйіндіге ешкінің қылшығын қосады, бие сүтімен араластырады. Содан соң балшықты апанға салады, үстінен үйірлеп жылқы айдайды. Шымыр тұяқпен иін қандырады. Әзір болған қамырдай қоймалжыңнан қол басындай етіп қыш құятын. Шілденің аңызағына кептіреді. Шатынаған шадыр көз сексеуіл шоғына өртейді. Осылайша, қызыл күрең саңғыраған Отырар қышы әзір болады. Ол қыш енді еш уақытта суға езіліп, соққыға сынып, ызаға мүжіліп көрген емес. Кәдімгі Қаратау тасына парапар қасат қыш шығады.

Сунақ қышкерлер өз бұйымының сапасын қылышпен шауып сынайтын. Қылыш сынынан өткен қыштан өрілген, нешеме зергердің алақаның көн еткен Күмбез Сарайдың қазіргі тұрқы осындай. Иланшы Қадырхан тамаша ымыратты қонағына көрсетіп, көз қанықтырып жүрген еді, кенет төменге, етекке тігілді. Қара қоңыздай болып тырмысып әлдекім келе жатқан. Мәрмәр басқыштан аяғы тайып, әзер ілбіген сарай қожасы — уәзір шал екен. Сақал-шашы аппақ қудай, сәлдесінің ұшына сүріне береді. Ырымға сенгіш тақуа жан, мұнысын жаманшылыққа жорып өз-өзінен күңкілдеп келеді, ақырғы басқыштың үстіне шығып, бұларға иіліп тағзым етті. Дат сұрап, келген шаруасын мағлұм қылды.

— Сізден сәрсенбі күні тілдесуге мәулет алған Хазария мен Киев жұртының кезбелері әм саудагерлері; Новгород жұртының елшісі; Моғолдан келген құныкер қара елші; Сабыр жерінен аю терісін жамылып жеткен елші; Маңғұлдан Үйсін деген елші; Хорезмнен жиеншар жытқыр ләшкар елші келіп Салтанат сарайының алдыңда салауат күтіп тұр. Хан ием, не жарлық етпекші! — деп қос қолын кеудесіне айқастырып тағы иілді.

Иланшы Қадырхан сағыр шалға қиыс қарап тұрып тыңдады, сосын талыс денесін зорға бұрып ішке беттеді. Ең алыс түкпіргі төрдегі таққа барып, әлгіде оқыс орнынан тұрғанда иығынан сыпырылып қалған асыл мауыты масаты шапаның көтерді. Қайта жамылды. Жарығы аз аңырайған сарайдан ақырын жылжып шығып келе жатқан кеспірі барысты елестетті. Хисамеддин селт етіп қатты да қалды. Иланшы Қадырхан мұның тұсына тақады, сосын «соңымнан ілес» деген ым жасады.

Бұлар мәрмәр басқышпен ақырын басып төмен түсті.

Төбенің етегінде, осы табиғи төбені бұзбай, айналдыра дөңгелек сарайлар салынған. Бейне Күмбез Сарайды қоршалай қонған киіз үй секілді, алқа-қотан орын алған. Бұлар төмендей-төмендей қарсы беттегі алаңшаға келіп тірелген. Алаңша ортасы әуіз. Әуіздің үш жағында үшкір тұмсықты үш қаншық қасқырдың қола мүсіндері тұр. Бұл қыпшақ мүсіншілерінің қолынан шыққан бұйымдар, олар ылғи да аңның бейнесін құйған. Көне рум зергерлері тәрізді не қилы құстың мүсінің жасамайды, мұсылман салтымен, құс атаулыны киелі санайды. Әлгі қола қасқырлардың үшкір азуынан су шапшиды, содан әуіз үстінде қылыштай көгілдір кемпірқосақ иіле қалған. Ауасы қоңыр салқын. Әуіздің арғы жағында Кіші Күмбез көрінді. Бұл осы етектегі сарайлардың ең сәндісі, ең еңселісі. Кіші Күмбездің ішіне бойлап сіңген сайын кісінің де, ымыраттың да баһары биіктей берді. Алып құрылыс тас төбеде керіле түсіп, бірте-бірте шалқайып бара жатқандай. Құзар басына қараған кісінің жанары талып, сәлдесі түседі.

Иланшы Қадырхан мен Хисамеддин тақап келгенде қарсы мандайдағы тасболат есік жарылып ашыла берді. Белуардан жалаңаш күтуші жігіттер жылжытып әкетіп барады. Табан астыңда Қорасан кілемі былқ-былқ етеді. Аяқ дыбысы естілмейді. Бұл Отырар әміршісінің шетел елшілерін, жаушыларын, кезбе мен саудагерлерін қабылдайтын Салтанат атты сарайы еді.

Айнала дөңгелек терезелер, биікте жарықты мол түсіріп тұр. Еденнің ортасы үй орныңдай ашық, кілемсіз. Сол ашықта әрқилы тастардан қиюластырып келтірген мозаика, қыпшақша зертас, айқышталған. Зертаста суға шомылып жатқан ақшыл төс ару, асаумен алысқан бура санды батыр бейнеленген. Көрген кісінің есін алу үшін әдейі жасаған. Табан астыңда сал бөксе, жалаңаш төс қимылдайтын тәрізді, кәдімгі тірі бейнедей. Кісі жүріп өткенде су бетіне түскен көлеңкедей діріл қағып сәуле шағылыстырады. Шетелден келген ашық ауыз аңғал елшілерді тамсандырмай қоймас.

Зертастың сыртыңда айналдыра қалы кілем жайылған. Кілем үсті жағалай жайдақ отырғыштар. Әр отырғыштың өзінше ою бедері бар. Мүсіні аттың ері секілді, тек қарсы қарап емес, көлденең-көлденең жатыр. Бірі Інжу тоғайының жидесінен, бірі Құлындының кер даласында өсетін ақ қайыңнан, енді бірі Қаратаудың қатты қара ағашынан шабылған. Кей отырғыштардың арасы ашық, онда малдас құрып отыруға деп төсек салынған. Қасқатөрде Қадырханның өз орыны.Алтынмен аптап, күміспен күптеген ер тәрізді арқасыз ағаш тақ. Әлгі Күмбез Сарайдағы піл сүйегінен қиюластырып келтірген алып тақтай емес, кәдімгі жортуылға әзір қолбасының тұлпарының арқасынан әлгіде сыпырып алған ері ғой дерсің. Қиюы, қыры білінбей жыланкөзденіп жылт-жылт етеді.

Қыпшақтың сол кездегі әйгілі ұлысы Дешті-Қыпшақтың тізгін ұстап, билік тыңдар қара шаңырағы бұл. Сан ру ежелгі қазақ елінің, Інжу жағасы мен Қаратау әм Ұлытау үстін, Есіл мен Ертіс жағасын, Алатау етегін, үстірт үстін жайлаған, әм қалалары мен сағындарының алтын қақпасы осы.

Салтанат сарайы елшілерді енгізуге әбден әзір көрінді, көрпе жайылып, отырғыш сәкі қойылған. Иланшы Қадырхан сарай етегінде тамылжып иіліп тұрған күтуші қыпшақ қызын алақаның соғып шақырып алды, жеңіл етек жібек самал желпіді. Хисамеддинге күтуші аса сұлу көрінді. Ақын жігіттің қараған мезетте жанары қарықты; қарықпай қайтсін, жебедей кірпіктер дір етіп көтеріліп төмен түсті, опат етер аумақты қарашық, қыр мұрын, сүйір иек жалғыз мәрте жанап өткенде-ақ жай соққандай жайсыз әсер етті. Сезім түйсіктерін жансыздандырып тастады. Тамыр-тамырын әдемі бір лыпыл қаққан жалын қуалады.

Иланшы Қадырхан ақын жігіттің марайма мінезін танып қалды, бірақ бойына біткен байыпты кеспірі құптаған, я ұнатпаған сыңай байқатпады.

Күтуші қыздың көмегімен иығына жамылған мауыты шапанды сыпырып, сол кездегі ғұрып бойынша хандық құқын танытатын етек-жеңі далиған, етегіне жібектен зер салған жадағай астарлы желегін киді. Өзін осы жолы да желек ішінде ерсі, оғаш сезінді. Қыпшақ қаныңа сіңген жинақы, жорық киімін қалайтын. Амал жоқ, шетел елшілерінің алдыңда көзге ұрып дабырайып отырғаны мақұл, дәстүр құқы соны тілейді.

Әмірші енді күтуші қызды Фараби кітапханасына жұмсады, сондағы жауһарлық әзіз ғұлама, құйма құлақ тілші Исмаилды шақыртты. Исмаил осы Отырардың Фараби кітапханасында кітап көшіретін, шежіре жазатын, інжіл ақтаратын. Шетел қонақтарын қарсы алғанда пәруана тілші мұқым осы Салтанат сарайынан табылушы еді. Әміршінің оң жағына жайғасып алып қилы тілді қиыстырып қыпшақ шаға аударып отырады.

Исмаил көп күттірмеді, бұрыннан осы іске құмбыл болып әзірленіп тұрған тәрізді, шұбалған етегін қолына жинап, жіті басып сарайға енді. Ханыңа иіліп тағзым етті. Хисамеддин кішілік сақтап өзі тұрып, бірінші боп қол ұсынып сәлемдесті... Қыпшақтың маңдайы жарқыраған дана ұлы десеңші! Жібек шапаны судырап малдасын құрып отырып жатыр. Сәлдесінің салалы ұшымен қызарған көзін сүртеді. Қаракөлеңке үйде көп отырып кітап көшірген кісі өстеді, кейде су қараңғы соқыр болып та шығады; әзіз тілші отыздың үстіне енді шықса да, жүзі бозаң тартып, сақалы қауқиып, мүлде егделеніп кетіпті. Жылдар жылжып өтер, тарих өзгерер, осы бозаң жүзді жанның бір жылдары есімі елді дүңкілдетер. Ағасы жазған «Тілді түзету кітабы» секілді жарқын бір дүние өмірге келерін әзір ешкім болжаған жоқ. Отырардың маңдайына сыймай кетер ұл екенің парықтаған жан болмады.

Иланшы Қадырхан үлкен ағаш таққа мол денесімен көсіле жайғасқан: бірі тілші ғұлама, бірі ақын, қос серігін он мен солына отырғызды. Болғалы тұрған білікті сөз бен салиқалы бәтуаны тыңдасын дегені. Хисамеддин әміршінің сол жағындағы төрт бұрыштап төселген көрпенің үстіне малдасын құрмай, қос тізерлеп тік шоқиған. Үлкендер алдыңда әдеп сақтап, тәлім танытқаны еді.

Әмірші асықпай екі жағына кезек бұрылып жас серіктерін байыппен бағдарлап алды. Сосын жалпақ алақаның алдыңа салып елшілерді қабыл етуге әзір екенің білдірді. Қызметші қыз сытылып шығып жөнелді. Салтанат сарайын осы мәурітте әсерлі бір тыныштық кернеді.

ҮШІНШІ САРЫН

Сосын әлгіде өздері кірген қарсыдағы тасболат есік сыртқа теуіп қақ жарылып үнсіз ашыла берді. Арғы жағынан шағын денелі, тақиялы шал көрінді. Манағы мәрмәр басқыш үстінде ұшырасып, салауат қылған уәзір шал екен, сондағы дағарадай сәлдесін тастап, тақия киген. Бұл қарт міндетінің уақытша болса да өзгергендігінің куәсі еді. Шал ортаға жетіп аз-кем иілді де, жарықшақ үнмен мағлұмдап әкетті.

— Орыс жұртының елшісі, Новгородтық Мариса Болотистый кіруге пұрсат сұрайды, хан ием! - деді шал.

Иланшы Қадырхан езу тартып, ішінен ақырын мырс етті, «естімеген елде көп» дегеннің кері осы-ay, таңданып отыр. Қайталап сұрады.

— Ныспысы қалай өзінің?

— Новгородтык Мариса Болотистый, хан ием!

— Новгород шаһарынан шыққан батпақ жайлаған рудың Марисасы, — деп бұл жерде Исмаил түсіндіріп, бажайлап берді. Әмірші енді ұғынды.

Әйтсе де әлгінің есімінде құпия бір сыр бар секілді. Көк көз, істік мұрын, ашаң жүзді, жұқа ерінді, сары жігіт тағзым етіп, қарсы кеп жайғасқанда да, әуелі аман-саулық сұрасып тіл қатқанда да, санасынан күдік кетпей қойды. Түріне тіктеп қарады, жанары тым өткір екен, мұндай жігерлі көз көпті көрген қаса сұлуда болушы еді. Үні де сыңғырлап тұр, бейне күміс ақшаларды уыстап алып сапырыстырған секілді. Айтқан сөзін жанындағы Исмаил қыпшақшаға аудара бастаған. Мариса есімді жігіт қыпшақ тілімен боздақтата жөнелгені, бұлар сасып қалды.Әлгі,әуелгі дегені ұзақ сонар сәлемде екені болып шықты. Енді келген жұмысын баяндап отыр, қуыстанып, қаймығар емес, тағы да басындағы бұлғын бөркін алып, тізесінің үстіне қойды, бұрымы бар. Иланшы Қадырханның іші жел кіргендей уілдеді.

— Кең даланың қаһарлы әміршісі, маған ара ағайын аудармашының керегі жоқ. Жастайымнан Бұлғар-башқұр арасында өстім, қыпшақша тіл сындырдым. Новгород осподары Довмонт Никон Темныйдың баласы әулие әміршінің елшісімін. Осподар Довмонт патша өз қолымен аттандырып салды, қыпшақтың ханымен сөйлес, халқымен таныс деп тапсырды. Қасымда қос митрополит серігім бар.

— Хош келіпсіз! Ниеті адал, ойы ақ адамға төріміз әмәнда әзір!

Осподар дауы мол әміршіңізге айта барыңыз, дауласу құқымызда жоқ, тату-тәтті ауызбірлікте тұрайық, — де, Иланшы Қадырхан.

Зердесі өзгеде-тұғын, «мына елшінің жауырының жапқан бұрымы несі? Ер кісіше киінген әйел болып жүрмегей. Жанары жайнаң қағып іші-бауырынды аралап барады, пәруардігер, жүзі де тым жұқалаң», деп ойлады. Ойлады да терең күрсініп тәубасына келді.

— Осподар Довмонттың кепілге берген грамотасы бар,—деп елші Мариса қойнынан ширатылған сарғыш қағазды суырып алды. Алды да ернің ширатпаға тигізіп, тағзым етті. Орауын жазды, қарпі тым ірі екен, анадайдан бадырайып көзге ұрып тұр, дауыстап оқи жөнелді.

«Осподар всея Руси Довмонт на даде Иланчи посаднику в дар берблуда... не мочно быти во владыке...»

Қадырханның ұққаны; орыс жұртының патшасы қыпшақ ханыңа арнайы ат-тонды елші аттандырған, мақсаты достасу, білісу, соның жоралғысы ретінде сыйға бір түйе жіберіпті, өз жұртыңда мәртебесі биік болуын тілепті.

Құба-құп. «Екі айшылық алыс елден шығып... ой, пәлі-ай. Көзіктірер түйекеш жетпей жабайы болып жосып жүрген қисапсыз түйесі, мыңдаған қолы бар қыпшақ жұртына жалғыз түйе жетелеп келуі қалай?! Соны да мардымды сый деді ме, әлде «қайтер» деген Осподардың әзіл-оспағы ма?! Діттеген мақсаты не?» Қадырхан бір ноқатқа үңіле ойланды, маңдай әжімі қалыңдады, не де болса сыр бергісі келмеді.

Иланшы Қадырханның зәрлі көзқарасынан ықты ма, әлде қуыстанып қипыжықтай бастады ма Мариса көгілдір көзін тайдыра берді. «Айтарым түгесілді» деген сыңай танытты, орнынан жеңіл көтеріліп, қолындағы шиыршықтап үлгірген грамотаны әміршіге ұсынды. Тағзым етті, бұрымы сусып алдыңа түсті. Қадырхан грамотаны алып, тақ жиегіне сүйеп қойды, мұнысы бітім белгісі еді. Алақаның соғып төменде тұрған уәзір шалды шақырып алды, жарлық жасады.

— Осподар дауы молға, әм батпақтан шыққан Марисаға бір үйір сәйгүлік сыйла, достық жоралғысы — сүре жазылған киелі қылышты қоса бер. Қасына Сығанақ шаһарына дейін шығарып салатын атқосшы қос. Еліне риза болып барсын, - деді. Сәл кідірістен соң,- Әлгі әкелген түйесін рабадтағы түйекештің алдыңа сад, қоң жинасын, — деді. Айтпай-ақ әлгі мұндар мақұлықтың мәнсіз халін аңғарып отыр.

Осы мезет Мариса Болотистый аса қуанышты халге түсті, жүзі жайнап, басы тізесіне жеткенше иілді, шегіншектеп шығып кетті.

«Мына елші ғой анық әйел жынысы», деп түйді ішінен Қадырхан. «Орыс патшасының қай қылығы, не гәп болды бұл?» Түгі бетіне шығып, шатынай шамданды. Бірақ әліптің ақырын күткісі келді; осы кезде пәни дүниені баз кешіп, безбүйрек болып, ел-елді аралап мәңгіп жүрген елші атаулыны жек көріп кетті. Көзіне солардың салқын күлкісі, тіміскі жанары елестеді. Қолыңды алып болып бетіңе қарайтын жаман әдетін еске алды.

Тақиялы тырақы шал Моғол елінен келген құныкер қара елшіні ішке өткізді.

Үйдей үлкен алпауыт жігіт көрінді, иілген жоқ, оң қолын төсіне апарды да қойды. Қақтаған сүр ет секілді, жанары да, жүзі де ыстық күнге күйіп қатып кеткен. Салауат сұрасты. Үні тым дөрекі, жат естіледі. Қадырхан әлгі әсерден айыға алмай отырған, тіксіне тыңдады.

— Жол болсын, жақсы жігіт!

— Әлей болсын!

Шой қара гүжілдеген жуан даусымен сарайды басына көтерді.

— Баяғы Түйе палуанның тұқымы Бауыршық сұлтанның сенімді елшісі, жауға сілтер семсері, досқа жаяр құшағы Білгіш Тұйық-Оқ деген мен боламын. Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ. Бөтегесі әлі бұзылмаған, қамшының егіз өріміндей, қылыштың қос қырындай ұйғыр, қыпшақ деген қатар жатқан ел едік. Құдіреті күшті құдайдың әмірімен әмәнда тату-тәтті өмір кештік. Бұдан былай да осы егіз ел ауызбірлікті, ынтымақта болсын десек жүректе сыз, көкіректе қыжыл қалмасын. Арыла жүрейік деп келдім, — деп Білгіш Тұйық-Окдемін басып, аздап кідіріп қалды, сүзеген бұқаша аларып алдыңдағы алапат үлкен әміршіге қарады.

Иланшы Қадырхан бұршақ жауар нөсер бұлттай түнеріп түйліге қалған, осы тұрқы қасқыр көрген қыран іспетті, қияға шырқап шығып өзін тас қып атар мезетті баққандай.

— Заманның түзу уақытысында,— деп жалғап кетті Білгіш Тұйық-Оқ. — Сенің Тоған деген батыр бабаң менің әміршім Бауыршық сұлтанның бабасы Түйе палуанды қапияда қапысын тауып өлтіріпті. Бұл Бауыршық сұлтанның жамбасы сызға тимей тұрғанда ұмытылатын кек емес. Сол арманда кеткен бабамыздың басына шалып, бата жасар бір оқ байтал, жаугер ұлдарына қалыңдық қып қосар қырық бір қыз бер. Түйе палуанның құны осы! - деп Білгіш Тұйық-Оқ кесімін де, шешімін де өзі айтып түнеріп отырып қалды.э

Қара бетіне қанжар салып жіберсең қасық қан шығатын емес. Қастыққа ғана туған, қолын қандамай жүре алмайтын қасапшы болып өтуге жаратылған жан.

Иланшы Қадырхан ағаш такты сықырлатып қозғалақтап кетті, елшінің өңмеңінен өткізе уытты жанарын түйреп қалды, анау жебе тиген сауысқандай шойнаң етіп шегініп отырды.

Кетіссең де жөн сөйлеп, ақ айтып кетіс. Тоған бабам Түйе палуанды қапияда емес, жекпе-жекке шақырып, сол шайқаста мерт еткен. Жекпе-жекке кек жүрмейді, құн берілмейді!

Білгіш Тұйық-Оқтың рухы түсіп нашарлап қалыпты. Тақпақтап шешенси алмады, Иланшы Қадырханның пысы басты.

— Маған ешбір бейбіт бәтуаға көнбе деген: е құн, е қан — екінің бірі.

— Ендеше, уәжіңді асырып ал аларыңды.

— Басыма пәле шақыратын бәтуә бұл.

— Жекпе-жек кегін жекпе-жекпен қайтарам десе құба-құп. Тоған бабаның Ошақбай деген батыр тұқымы бар, сертке тұрар Бауыршық сұлтаның сонымен шайқассын. Алып тынса артынан дауларымыз жоқ.

— Басыма пәле шақыратын бәтуә бұл.

— Көзсіз көрмедік неме, батыр бабаңның аруағын қорлап, атын былғап мал тапқың келеді, бұл қорлығыңнан қураған сүйегі де күйремес пе?!

— Қапылыста қарныңа кездік салыпты. Көріп-білген көне көздің сөзі құлағымда, сол кездігі қойнымда.

Білгіш Тұйық-Оқ шынымен қолын қойныңа жүгіртті.

Шімірікпестен жалған айтып жасытып кетпек пиғылдағы елшінің жағасынан ала түскенің Иланшы Қадырхан сезбей қалды. Үйдей жігітті қылғындыра ұстап тымақша жұлқып тұрғызды. Салтанат сарайынан жалғыз сілкіп сыртқа атып жіберді... жо-оқ... бұл ызаға булыққан Иланшы Қадырханның қиялы еді, сөйткісі келген. Өйте алмады, хандық құқы жібермеді, сабырға жеңдіріп сазарып отырып қалды.

— Сол бабалардың жекпе-жегін жазған көн кітап бар бізде, — деді Иланшы Қадырхан.

— Қайдағы көн кітап?—деп сенбеді Білгіш Тұйық-Оқ.

Хисамеддин жаныңда орамалға түюлі жатқан көн кітапты алып ежірейген елшінің қолына ұстатты. Құныкер Білгіш Тұйык-Оқ көрсоқыр сауатсыз еді. Кітапты ұстауын ұстаса да, ашуын ашса да, тысын сипап, парақтарды иіскеді де қойды. Сосын он тізесіне жатқызды. Қойнынан әлгіде суырып алған теріге ораулы қарыстай нәрсені шешті. Таспа теріні ұзақ тарқатты. Ақыры шағын кездіктің ұшы шоштаң етті. Жүзіне қан жұққан. Сол кездікті көн кітаптың арасына салып, қолы қалтырап Хисамеддинге кері ұсынды. Салт бойынша әміршіге беру керек-тұғын. Елші өйте алмады, Иланшы Қадырханның қаһарынан қаймықты.

Кітап ұсынған колға кездік қайтарып жаман кетіскен сыңайы бұл. Бітіспестің белгісі.

Екі жақ соңғы рет десті.

— Ендігіде елдесер есі барың, бәтуа тыңдар білімдің кел! — деді Иланшы Қадырхан.

— Зауалынды Бауыршық сұлтаннан күт! Ол шығыс қағаны Шыңғысханға қосылар, қосылар да Отырарға жосылар. Ат сауырының астынан айтасың сондағы сөзіңді,— деп Білгіш Тұйық-Оқ күндік елі бері көкейіне түйген құпиясын ашып салды.

«Әйтпесе, құн даулар болса баяғыдан қайда жүр? Аңысын андығаны да. Арқа сүйер адамын тапқаны. Тапқан да арам ойын іске асырмақ болып кісі естімеген құн сұрап елші аттандырған».

Қара тастай қопарылып шығып бара жатқан елшінің соңынан қарап қалған Иланшы Қадырхан осыны ойлады.

Тақиялы шал ішке кірген.

«Терістіктегі Сабыр елінен аю терісін жамылып келген башқұр елші әлгі Білгіш Тұйық-Оқпен қосылып кетті. Айтар сөзінің орныңа отыз өрме бұзау тіс қамшысын қалдырды», деді уәзір шал иіліп тұрып.

«Әттеген-ай! Бұл да өкпе артып, тоның теріс айналдырып киіп кеткен елші болды. Моғол елінің ығына іш етіп, ықпалына еріп, арызын көтеріскені де. Сонаудағы Сабыр елінің әміршісі жұрттан достық іздеп, көне шаңырақтан салауат сұрап елші аттандырған. Сол халықтың хандығын, намысын, арын көлденең кезіккен көк аттының доң айбатына айырбастап жүре бергені несі әлгінің?!» Қапа болып қарғаған Иланшы Қадырхан еді. Алақаның алдыңа салды.

Әуелі Хазариядан Сарайшыққа он үш күн, Сарайшықтан Отырарға елу күн, барлығы алпыс үш күн шеру тартып жеткен жиһанкез жандар Салтанат сарайына саудырап ене бастады. Көріп отыр. Батыстағы алыс Хазариядан, тіпті одан әрі мәрмәр теңізі жағасынан жол алып көздері қиырға, қолдары бұйымға тоймай үйренген меймандар кіріп келе жатты. Қонақтың дені саудагер, жиһанкез кезбе жандар еді. Шығыс дәстүріне салып жапырыла иіліп сәлем берді. Қолдарын кеуделеріне айқастырған күйі тоқырап тоқтап қалды. Күллісінің жүзі ұзақ жол, сүркіл сапардан күреңітіп, қарайып кеткен. Алыс Еділ бойынан басталатын Дешті-Қыпшақ ұлысының ұшы-қиырсыз кең даласы жүйкесін жеп, сабырын сығып, жүндеп жібергенге ұқсайды. Алпамсадай адуын денелері саудырап арып қалған.

— Мархаба, кең даланың падишасы!

— Төрлетіңіздер, қымбатты қонақтар!

Қонақтар жағалай жайғасқанда барып білді, көбі көне көз кәрі арландар екен, төменгі жақта бір жас жігіт отыр. Әдеп сақтап қысылса да, шет жерде, жат өлкеде бірінші мәрте болғаның жасыра алмай: барша қимылға таңырқап, жанары шырадай жанып барады. Табан астыңдағы әсем зертасқа, ондағы көз тартып, көңіл қобалжытқан айшықтарға үңіле түседі. Мұны байқап қалған керуенбасы қызыл шал жігітті оқты көзімен ата қарады. Жат жерде әр нәрсеге таңдай қағып таңырқауды ерсі деп түсінеді шалың. Содан жетесізді үйреткісі келіп-ақ отыр.

Иланшы Қадырхан қонақтарды асықпай қарап өтті де, өз-өзінен күйгелектеніп кеткен керуенбасы қызыл шалға тіл қатты. Меймандардың қай жердің, қай елдің кісілері екенің сұрады. Исмаил әуелі көне юнан тілімен сөйлегісі келіп бір оқталды да, мыналарды бағзы Әрістетіліс жұртына ешбір ұқсата алмай, қайта ойлап славян тілімен бажайлады. Дәп түсіпті, саудагерлердің жүзі жылып сала берді, бұл түсініскен қалпы.

Керуенбасы қызыл шал сөз алды.

— Ұлы патша, Киев елінің жарылқаушысы ақсүйек Мономаховичтар тұқымы Мстислав Романович Киевский патшаның әм Хазария патшасы Қотанның адал саудагерлері боламыз. Айтқанымызды ақиқаттайтын грамотамыз бар. Саудаға деп ала келген «жал күміс» пен «құйма күмісіміз» көп.

— Саудаларың не?

Исмаил бір сөзді славян тіліне аударды. Қотан патшаның жұрағаттары қыпшақшаны сарындап түсініп отыр.

Алтын, күміс құймалары, бұлғын, суыр терілері, бас зеңгітер шарап, қымбат кітаптар, отыз шақты құл, - деп мағлұм қылды керуенбасы қызыл шал.

— Қайда жол алдыңдар?

— Шығыс еліне, Моғол жұртынан да әрі аспақ ойымыз бар.

Иланшы Қадырханның қабағы қатып кетті, шоқша сақалын қатты қысып тұтамдады. Керуенбасы қызыл шал сәл кідіріп сөзін әрі жалғады.

— Пұрсат болса, сіздің уәлаяттан жолбасшы алып аттансақ деген құқымыз бар.

Иланшы Қадырхан жанарын кішірейткен күйі алыс әлденеге тігіле ойланды, қабағының қыртысы қоюлай түсті. Әлгі саудагерлер Отырар әміршісінің алабөтен бұл мінезін басқаша болжады білем.

— Өзіңізге тартар тарту-таралғымыз бар! — десіп, бас шұлғысып, дабырайтып айтпағанмен, бір-бірімен қас қағысып әжік-күжік күбірлесіп тынды. Исмаил әміршінің аузын бақты.

— Шығыс қағаныңа қазір керуен емес қол керек. Ол жақта жолдарың болмайды.

— Жаббар ием, біразымыз сауда көздесек те, жастар жағы ел танып, жер көре шыққан-тын. Ішімізде жиһанкез кезбелер бар.

Иланшы Қадырхан кірпияз күйге түсті. Ұшпақты сөз айтып мыналардың қауақ құрлы құны жоқ басын даң қылғысы келмеді. Бұл саудагерлердің қазіргі маңғұл елі мен Дешті-Қыпшақ ұлысының, әрісі Хорезм мемлекетінің арасындағы өрмекшінің торындай бас қатырар бәтуаларды ұқпасын білді, салғыласуды суқаны сүймеді. Қысқа қайтарып, шолақ түйді.

Қымбат кітаптарды Отырар базарына салыңдар. Оның шығыс қағаныңа ешбір қажеті жоқ. Қалған жиһазды Испиджаб, 'Тараз шаһарында сатуға болады.

Демін ішіне тартып, сақалың саусағымен тарап кідіріп қалды. Қонақтардың өзара ойласып, қабырғасымен кеңесуіне пұрсат берді. Керуенбасы қызыл шал қасындағы серіктерімен күңгірлесіп сөйлесе бастаған. Исмаил естіп отыр. «Жібек жолы жабылғаны ма сонда?» «Ақырзаман тақаса өстетін». «Алған жолдан кері қайтуға болмайды». «Орта жолға келгенде сауда сертін бұзып, керуенді кері бұра алмаймыз». Әсіресе төменгі жақта отырған жас жігіт қозғалақтап, шыжбалақтап болар емес. Біразы бас аманда туған жерге жетуге асықты. Енді келесісі көздеріне қан толып, алтын ақша елестеп, алған беттен қайтпауға бет алды.

Осы арада Иланшы Қадырхан сөзге араласып, әйгілеп ашып айтты.

— Дешті-Қыпшаққа, Отырар жұртына керегі - тыныштық. Олай-бұлай қатерлі кез туа қалса құндарыңды көтере алмаймыз. Сіздер үшін Бас Жібек Жолы жабық. Кермалдасып көнбей «жол аламыз» десеңдер Хорезмнің үстімен, Бүркіт қала асуымен асып жүрер Хан жолы ғана ашық,— деді.

Киевтік Мстислав Романовичтің әм Қотан ханның адал саудагерлері мына сөзді естігенде мүлде күйзелді. Отырар әміршісінің әлгі сөзінен кейін жол екі есе ұзаратының ұғып отыр. Бас Жібек Жолын сұрап құдайдың зарын қылды. «Хан жолымен» қас батыр хандар ғана жүрсін десті. Иланшы Қадырханға жиһаз, жасау үстіне қосып берер қыпша бел, құралай көз Киберия сұлуы бар екенің тағы сездірді. Сол сұлуды марапаттап мәз болысты. Иланшы Қадырхан айтқан сөзін қайтып жұта алмады. Өз жұртының маужыраған тыныштығын дүние кезген осы бір тынымсыз жандардың аз күндік қызығына қиғысы келмеді. Қан қыздырып, ойды буар нәпсіге де ермеді. Әуелі өз намысы, сосынғы қайсар қатты қыпшақ. намысы жібермеді. Тәспінің тасындай дүниені шыр көбелек айналған керуенмен қосыла жауына жетіп жатар құпия сырын ойлады. Сөйтті де, амалсыз, төменнен, Хазарияның құлан жортқан жалпақ жазығынан, Киевтің көкмайса құжынаған орманынан жеткен бәнаи бейкүнә қонақтарын амалсыз ренжітіп отыр.

— Қаланы аралап, сән-салтанатын тамашалауға рұқсат. Рабайда бір айтар арыз, бақұлдасар бәтуа бола қалса құлақ қойып тыңдауға әзірмін. Әкелген кітаптың күллісі осы Отырарда қалсын, көн құның, кіре пұлын қоса көтереміз. Қастарыңа шәкірт ақын Хисамеддинді қосып беремін, — деді Иланшы Қадырхан.

Сосын айтары түгесілгенің меймандарға сездіргісі келгендей өзінен төменіректе отырған ақын Хисамеддинге бұрылды. «Қонақтарды шығарып сад, кітаптарын саудалап ал», деп жарлық жасады. Хисамеддиннің аңсағаны да осы тұғын, көзінде ұшқын ойнап, орнынан жылдам көтеріліп кетті. Саудагерлер тағы да жапырлап тұра бастаған, бір-бірінің өкшесін андып жылыстап шығып жатыр. Көпті көрген сары тіс кәнігі саудагерлер осы дидарласуға дән разы, жастар жағы олай емес, желік жайлаған кеуделерін енді ызаға толтырып түңіліп барады. Шеттегі сары шұнақ жігіт күбірлеп келеді. "Әміршісі тете Жібек жолын бере салса қайтеді? "Хан жолы" деген не пәле тағы? Бұғынып жатып тарпа бассалар ұрылар жатағы болмасын? Керуенсіз жолдың қызығы не, ақ шаңын азық қылмақ па? Ге-ге-ге..."

ТӨРТІНШІ САРЫН

У әй, ассалаумағалей-кө-ө-ом! — деп, өңешін созып дауыстап, қайрақтай қара жігіт кірген-тін, төрге қарай құлдырап салып келеді. Иланшы Қадырхан тіксіне көз тікті, ішінен: "Мынасы несі тағы?" деп ойлады. Жиырылып отырып қолын берді. "О, тоба!" Қайрақ тастай қара қолын әлі ұстап тұр, жуық арада босатар емес. "Ол заманда-бұл заман ұры тазыдай жылмыңдап келіп ханмен қол қысысқан арсыз елшіні көргені осы. Сұм-ай, енді жаныңдағы Исмаилды жәукемдеп жатыр". Қадырхан таңырқап сақалын салалады, етегін жинап отырды. Әлгі қарсы алдыңа малдасын құрып жайғасып үлгерген. Ә деп аузын ашқаннан-ақ қыпшақшаға балықша жүзетіні білінді.

— Отағасы, мал-жандарыңыз аманшылық па? "Бәтшағар, нақа көрші отырған қоңсысындай кесіледі тегі".

— Шүкіршілік.

— Отағасы, бала-шаға есен-сау ма? "Қайындап келген күйеу жігіт пе дерсің".

— Уәй, Отырарды көрмегелі не ықылым заман өтті. Қорғаны биіктеп, көшесі ұзарып тасболат тамдар көбейген тегі. Дін үйлер мен жәдігерлердің айшығына қарап, таңданғаннан жағамды ұстадым. Қолы алтын қандай шеберлер соқты десеңші. Солар да осы дүниеден өтіп сүйегі қурайды-ау, аруағы опат болады-ау. Көшесінде көк сүңгі ұстаған жасағының көбінші. Қаншықтай бөксесі бұлтыңдаған қас сұлудың көбінші. Ішім өртенді ғой.

Сұңқылдап көп отырар ма еді, Иланшы Қадырхан қабағын шытынды, жаратпаған сыңай танытты. Жөн сұраған.

— Ныспым — Үйсін, жұрағатым — қазақ-қыпшақ. Маңғұл елінің қаһарлы қағаныңа кызмет қылам. Қыпшақ жұртының атағын сырт елге дабырайтам, шашбауын көтерем. Хал-жағдайларыңды біліп, ашына-жай адамша сырласып қайтуды құп көрдім. Қаһарлы қағанның қос шартын әкелдім. Әуелгі шарты; терістіктегі сабырлықтарға қаған жорық жасамақ, сол ізгі тілекті іске асыру үшін Сіз Ертіс бойындағы, Ұлытау үстіндегі қыпшақтарға "атқа қонбасын" деген ,жарлық таратасыз. Бұл жарлығыңызға тайтұяқ алтын жамбы аласыз. Келесі шарты: Бас Жібек жолын қайта ашып, керуен атаулыны кедергісіз өткізетін болсаңыз. Бұл жақсылығыңыз үшін таңғұттың алты бірдей етегі ашылмаған ару қызын аласыз.

Иланшы Қадырхан өз ойымен болып кеткен, сақтиян етігінің басына қараған күйі үңіле ойланды. Даласы қан сасып, ханы ат бауырында кеткелі тұрған сабырлықтарға жаны ашыды. Түңлігін сүңгі түріп, туырлығын жебе түйрейтін; азаматын опат етер, қатының күң қылар күн туарын болжады. Болжады да ара түсер айласын іздеді. Маңғұлдарға қарсы атқа қонар болса, тізе қосар, қол біріктірер Сабыр ханы қайда? Тос қағысып уәделесер елшісі қане? Әлгіде әумесер ноқай Білгіш Тұйық-Оққа ілесіп сүмеңдеп жоғалған жетесіз елшісін қайдан іздесін? Ай жүріп әрең жететін шалғайдағы сол жұртқа кісі жіберіп сөз өндіремін деп жүргенде Отырар тыныштығына қатер тумасын. Қалай қайырылғаны мақұл?

Жалғыз тапқаны: тақауда Хорезм астанасы Үргеніште болатын Дуан-арз мәслихатыңда Хорезмшах Мұхаммедті үгіттеп, сол сұрапылға тосу болар күш көтермекші, жойқын судың алдың бөгемек.

Ақылға салып, ашына ойланған. Тамағы тобарсыды. Сарайға салқын шарап әкелуге жарлық етті. Ішке құмырсқа бел қыздар құмыра көтеріп кірді. Сарайға әдемі жұпар жалбыз иісі жайылды. Қыш зерендерге шүпілдеген алқызыл шарап алдарына келіп кідірген. Бұл шырын шарапты Інжу бойын жайлаған диқандар қарбыз суынан ашытып жасайды; дәмі таңдай соратын, тамаққа жұмсақ шөлге сусын. Тіл үйірер оңаза нәрі бар.

— Уәй, ішімді қуып кетеді. Маған биенің жаңа сауған шикі сүті болса, — деп Үйсін елші шатқаяқтай қашты, зерендерді қолына да алмады. Шикі сүт аңсап құмығып өліп отыр. Қыпшақ қызы сүт әкеліп берді. Сылқылдатып сімірді кеп. Көзінің нұры қайта жанды.

— Тайтұяқ алтын жамбының да, таңғұттың алты аруының да қажеті жоқ, күллісін тәрк қылдым. Шартқа шарт, антқа ант! Қағаныңа қояр менің де қос шартым бар: әуелгісі — қыпшақ жұртына қарсы атқа қонбасқа ант беріп, "ант бұзарын" айтсын; сосынғысы — Бас Жібек жолы қойныңа қанжар жасырған жымысқы жансыз керуенге жабық, ар-намысын арқасына түйген адал саудагерлерге ғана ашық. Осы екі шартты берік ұстауға уәде жасап, төс қағыстыралық. "Ант бұзарға" жанашырын атасын, күндердің күніңде сөз бұзылса — "ант бұзар" әлгі кепілдігін өз қолыммен бауыздап өлтіремін.

Ілгеріде, заманның түзу уағында, ел мен елдің, хан мен ханның арасында "ант бұзар" атты салт болған. Бұл салттың мәнісі, екі жақ бір бәтуаға тұрып келіссе, ант айтысатын. Сосын ант берген жақ ант алушы жаққа кепілге адам өткізіп қояды. Ол кепіл кісісі ант берген адамның ең жақын ет бауыры болады екен. Сол ант бұзыла қалған күнде әлгі кепілдегі кісіні құрбан ететін. Иланшы Қадырхан сол салтты берік уәденің белгісі ретінде және қайталап отыр.

Бірауық күмбірлеп тұрған Салтанат сарайына меңіреу тыныштық орнады. Үйсіннің ішегі ит қыңсылағандай болып құрылдай бастаған. Тыпыршып, жағдайсыз мінезге түсіп ұзақ ойланды.

— Құба-құп, уағда осы.

— Шартқа шарт, антқа ант! — деп Иланшы Қадырхан тағы қайталады,— Олай болса төс қағысыңдар.

Оң жақтан Исмаил тұрып келіп Үйсін елшімен құшақтасып төс қағыстырды. Қайта ажырасып, орындарына барып жайғасты.

— "Ант бұзарын" ата,— деді Иланшы Қадырхан.

— Мұны қағанның қағарына қалдырайық, өзі атасын, — деді Үйсін елші.

— Өстіп, екі жақ та бір ауыз бәтуаға тоқайласты. Tөc қағыстырып берік байлам жасады. Иланшы Қадырхан қырдағы боспа қыпшақтарға "атқа қонбасын" деген жарлық таратады, бұл өз жұртының тыныштығын ойлағаны: соның қарымына Шыңғысхан Темірші Отырар жеріне жебе кеземейді. Иланшы Қадырхан Бас Жібек жолын ашып береді, оның қарымына Шыңғысхан Темірші бұрынғыдай жансыз керуен жөнелтпейтін болады, бейбіт сауда бел алады. Бітім осы.

Салтанат сарайында байласқан бұл бәтуаның енді бір заманда іріген сүттей шайқатылып, шіріген жіптей бырт-бырт үзілерін де, күндердің күніңде төс қағысқан осы екі ер жігіттің бір-біріне қанды азуын басарын да болжаған ешкім жоқ-ты. Ойлауға да мұрсат болмады. Маңғұл елшісі Үйсін орнынан көтерілді, әміршімен хайыр-қош айтысты. Ақырғы мәрте салауат жасап, тағзым етті де, кең адымдап, сарайдан шығып кетті.

Бұл кезде Кіші Күмбез астыңдағы Салтанат сарайында екі арыс ел тағдырын қозғаған пәруана бәтуа жүріп жатқан. Осы мезетте Иланшы Қадырхан мен Жауһарлық тілші. ғұлама Исмаил орындарында әлі тапжылмай отырған. Тағы да шешер іс пен шендесер кісіні күтетін секілді. Күтуші қыпшақ қызының қолынан салқын қымыз ішті, тамақ жібітті, шел қандырды. Артынша тасболат есік қайта ашылды, тақия киген уәзір шал кібіртіктей кірді.

— Үргеніш шаһарынан Хорезм ұлысының ұлы падишасы Мұхамедшахтың атекесі жиеншар жытқыр ләшкар, елші Шихаб ад-Дин Мұхаммед ұлы-Ахмед Несеви ғұлама Салтанат сарайына кіріп, сізге салауат қылуға пұрсат сұрайды, хан ием!— деп уәзір шал дем алмастан айтып шықты. Сөйтті де төбесінен тақиясы түсе жаздағанша иіліп тағзым етті. Келген елшіге көңілі толған сыңайы бұл. Иланшы Қадырхан екі алақаның бір-біріне түйістірді, мұнысы "пұрсат" дегені. Тасболат есік сыртқа серпіліп сықырсыз ашыла берді. Арғы жағынан ұзын бойлы, дағара сәлделі, шапаны шұбалған жігіт көрінді. Жігіт емес-ау, сексеуілдің жұмыр жігері. Ызғарлы жанары сарай ішін сұғанақтана шолып өтті. Мұсылман салтымен қол қусырып, иіліп сәлем берді.

— Уа, Иланшы Қадырхан, найзаңды, тәңірім, дүниенің қақпасын ашар кілті етсін! Салтанат сарайының есігін тыныштық күзетсін! Сұғанақ тағдыр шылауыңа оралсын, жазмыш кеп досың болып қол алсын! — деп салтанатпен тәжім етіп, төмілжіп тұрып алды.

— Мархабат, қадірлі жиен Ахмед! — деп Иланшы Қадырхан қонағына оң қанаттағы сәкіні нұсқады. Бұрынғы елшілер жайғасқан сәкіге отырғызған жоқ, жерлесіне өзгеше ілтифат, қимас құрмет көрсеткісі келді. Бірден жағадан алғандай болып жөн сұрамады. Тыныс алдырды. Сусындауға тәтті шарап, тістемеге қауын келіп жетті, "дәм ал!" деп өзі бастап жол көрсетті.

Салтанат сарайының ішін күтуші құлдар мен қызметші қыздардың аяқ тықыры, зерен сыңғыры, кездік шықылы ғана елеңдетіп тұрды. Кең мекенді сары қымыз бен үгітілме қауын иісі еркін аралады. Көңілге көрік кірді, көз шырайланды. Жол қажытып шаршаған жолаушы серігіп, тыңайып қалды.

Иланшы Қадырхан енді ғана қонағына салауат жасады.

Ахмед елші қызық бір шежіре шерткендей шешенсіп сөйлей жөнелді.

— Қыпшақтың қара шаңырақ иесі, жөн сұрар болсаң, мен дайынмын. Ерте уақытта, осыдан мың жыл шамасы ілгеріде Інжу өзені бұл арадан ақпаған. Бұл Інжу Хорезм жерінен өтеді екен.

Сондағы бектің билігінде болған. Хорезмдік бек арық қаздырып, әуіт жасатып, оған егін салдырған, қисапсыз өнім жинаған. Со заманда Отырарды Шәміл деген дихан жайлапты. Өзі ыза баспас қу, зымыстан көреген көрінеді. Сол Шәміл Хорезм бегінен «Інжу өзенінен бір арық су бер», — деп сұрайды-мыс. Әуелгіде бек көнбеген. Көп жалынады, жалықпай жағдай айтады. Бек бабамыз ақыры аяушылық етіп көнген дейді.

Құлақ, арықты Інжуден жырып алар түс биік қырат екен. Сол қыраттан өтсе арғы жағы суды өзі алып кететін тартпа ой болған. Мұны бек бабамыз білмеген. Дихан Шәміл соңынан көп сунағын ертіп келіп арық қазады. Ай қазады, жыл қазады. Ақыры ат шаптырымдай алапат қыратты қырқып өтеді. Су әлгі қыраттан асқан соң-ақ құлдырап, құлап, кедергінің күллісін орып әкетеді. Хорезм бегі саның соғып, бармағын шайнайды. Халық жинап қанша арпалысып күш қылса да судың алдың бөгей алмайды. Енді он-он бес жыл өткен соң Інжу бұрынғы арнасын мүлде өзгертіп жібереді. Барлық өзен суы Хорезм жерін тастап, Отырарға қарай кетеді, көне арнада ұйық қана қалған. Қазіргі Сор атты ну қамысты ұйық сай кешегі Інжудің сүрлеуі.

— Мұқым белгілі әңгіме ғой, — деді Исмаил.

— Шынтуайтқа келсек, Інжу өзені Хорезмшахтың жеке меншік иелігі екен, соның суы болған, - деді жиеншар жытқыр ләшкар елші Ахмед.

— Су әуелі көктегі тәңірдікі, сосын қай жермен аса сол жерді жайлаған жұрттікі,— деді мына сезікті әңгімеден тіксіне түскен тілші Исмаил.

Бұған мән берген елші болмады.

— Қазір сол Інжу өзенінен Отырар шаһары, оның қол астына қарап, уәлаятына бағынған қырыққа жуық қаласы түгелімен су ішіп, егін егіп, мал суарып дәуірлеп отыр. Асқақтап аспанға қарап барады. Содан өзім тәспінің тасына салып есептеп шықтым; әр жанның жылдық су шығыны бір динар үш жарым дирхемнен тұрады екен. Әр шаһарда қырық оқ халық мекендейді десек; әрине, шах ием, тоғай арасында торғайдай тозып күнелтіп жүрген қаңғыбас қыпшақтарды есепке алмайды, оларға су салығын салмайды... ге-ге, сөйтті... қырық оқты қырық қалаға көбейтіп, одан шыққан халық саныңа әлгі су шығының салып кеп жіберсек, бадырайып шыға келеді. Қырық жеті оқ алтын динар, немесе он жеті, керуен астық болады. Жыл сайынғы сыңғыта ішкен Інжу суы үшін осы бір түкке тұрмайтын шығынды төлеп тұруларыңыз ләзім. Шахтың мерейі үстем, байлығы ұшан-теңіз болғай деп Бұхардың бас сезіміне есеп беріп бата алып тұрарсыздар деп ойлаймын.

Іннен ысылдап шыққан жыландай жиіркенішті әңгімесін шұбалтып айта берер ме еді, Иланшы Қадырхан киіп кетті, әрі қарай тыңдауға дәті жетпеді.

— Құм санаған есепқой, саған салса "жел біздің жақтан тұрды, жұтқан ауаңа зекет бер" деуден тайынбассың!

— Өйдемеңіз. Он жеті керуеннің кіресі өзіңізден болса бек жақсы. Ал, шах иемнен болса, су зекетінің үстіне көлік майы үшін әр керуен сайын үстемеге он үш динар теңгеден төлейсіз.

— Бұдан өтер арсыздық болмас, сірә. Өстіп бақай есеппен тәспі тырсылдатып өнбес дауды өлмес құлдай қуып жүргенде зауал келер. Анталаған дұшпан қазынаңды үптеп, мойныңа қарғы бау тағар, мәстек қып мінер.

— Өйдемеңіз.

— Елдігімізді қойып, есерше егесер болсақ, айтайын: Шәміл дихан сол заманда бектің келісімін аларда оның қорқау көмейін қазынамен бітеген. Сөйтіп барып пұрсатын алған.

Елші Ахмед дәп осы сөзді есітерін алдың-ала болжап қойғандай селт етер емес, әдепкі әңгіменің әуезіне тағы түсті.

— Әр керуеннің көлік майына он үш динардан... он жеті керуен... екі жүз жиырма бір динар болады барлығы... салықтың өзі қырық жеті оқ динар... һәмбесін қосып тасқа салсақ қырық жеті оқ екі жүз жиырма бір алтын динар баданадай болып шыға келеді. Өйдемеңіз, хан ием! Шах ием: "астығы шықпай қалған жылдары мал алуға келісемін", деген. Бұл да үлкен жеңілдік, жанашырлық, туысқанға қол ұшын беру ғой.

"Мұхаммед шахтың жүйке жеген есер елшісімен кермалдасып береке таппаспын", деп ойлады ма, Иланшы Қадырхан көпке дейін сазарып отырып қалды. Шекесіндегі бармактай буылтық бадырайып баттия түсті. Исмаил әміршіден "елшімен жауаптасайын", — деп пұрсат сұрады. Мәулет алды. Екі бәдік әп-сәтте-ақ салғыласып, мақам айтысып қызыл тіл болысты. Иланшы Қадырхан өз ойымен-тұғын, биік күмбездің қызыл алау жұққан кенересіне қадалды. Алысқа, кісінің қиялы болмаса көзі жетпес тұңғиыққа үңілді. Ол тұңғиықтың, аты — тағдыр еді. Қатыгез тағдыр толқындарынан өз жұртының әлдеқашан жүріп өткен ізін іздеді. Таба алмады. Теңіздің асау телегейіндей бірін-бірі бауырға басып, алға асығып жатқан тағдыр ағысы көзін қарықтырды, жүрегін шайқады.

Исмаил мен Ахмед елші арасындағы дау аяқталуға бет алды білем, екеуінің де даусы бәсендеп, солғындап қалыпты. Көздерінің оты сенген.

— "Шәмілден қыруар қазына жедім" деген бектің қолхаты бар бізде, — деді Исмаил.

— Одан бері ғазауат су акты емес пе. Шах нем зекетті биылғы аққан судан бастап алмақшы,— дейді Ахмед елші.

— Құранның жүз сегізінші сүресінде "ұжмақ бұлағы кәусарды иесі сүйген құлына берген" демей ме. Ағып жатқан тәңір суына пендешілікпен салық салу күпірлік қой; "Хадис" кітабынан аттамақпысың?!

Ахмед елші тосылып қалды, бірауқым уақыт өткен соң барып:

— Зекет өнбей, дау өлмейді, — деді.

— Тәңір суына салық өнбейді,— деді Исмаил тілші.

Елшіден көп асып түсер білімін, білгірлігін байқатты.

Оқыған "Хадио, "Тәпсір", "Сияр" кітаптары қазір де әжетіне жарады: жетесіздің санасын торлап, қияли қып топас етсе де, көкірегінде зердесі барға шариғат жолдары да пайдаға асады екен. Шарият кітаптарының да көңілге тұтар сабағы болғаны. Исмаилдың бұған көзі әбден жетті.

Ахмед елшінің қылығы күйдіреді ғой тегі. Сәуегей болмаса қарапайым кісінің есіне түспес баяғы бір ескі әңгімені бетке ұстап, "Шах иесінің" қазынасын көбейтуге дәт қылып, су зекетін сұрап сұңқылдаған елші енді сықырлап орнынан тұрды. Арып-ашып өлеусіреп қалыпты. Келген мезетте жылы шырай, жақсы дәммен қарсы алған Салтанат сарайы қазір оған қасқырдың жатағындай суық сезілді. Абыройдан айырылып, салы суға кетіп, шығуға бет алды. "Зекет өнбей, дау өлмейді", деп күбірлейді. Жай кетіп бара жатқан жоқ, сес көрсетіп, доңыз айбат жасап барады. Күшігендей талтаңдап шығып жөнелді. Тәңірдің құлы деген осы да.

Тыстан уәзір шал кірді, жанары кіртиіп-ақ қалыпты, сақалы дірілдеп кемсендей ме-ау. Әлгі Ахмед елшінің төрткүл есікті қатты жауып кеткеніңе налитын секілді. Өзі де хорезмдік қожа тұқымынан-тұғын, басы құмырадай боп шариятшыл түге, су ақса сайына, жылқы жоғалса үйіріне дегеннің керін танытып тұр.

Иланшы Қадырхан орнынан ауыр көтерілді, қара саны қорғасын құйғандай ауырып құрысып қалыпты. Санасын ой кернеді; әлгіде ғана әр елдің жұлмыт зымыстан елшісімен, жаушысымен, саудагерлерімен сауалдасып шендесуден туған құйындай ұйытқыма қиял еңсесін жаздырмады, жаныңа жайсыз әсерін қалдырды. Енді бойына тілсіз үрей үйірілді,

қорқыныштың үрейі емес, қайғылы құлазудың үрейі. Құжынаған шаһар ішінде өзін жападан-жалғыз сезінді. Сол сезім денесін бір ысытып, бір суытып дерт буғандай сарсаңға салған.

БЕСІНШІ САРЫН

Күмбез Сарайдың тақ қойылған Дияр деген бөлмесінде кешеден бергі барша ісіне ой жүгіртіп, ақыл безбеніңе салып отырған Иланшы Қадырхан таңертеңнен әлденені тағатсыз күтулі еді. Осы бажайланып отырған күннен аттай тоғыз мүшел жыл бұрын, жаңаша күн календары бойынша мың бір жүз үшінші жылы дүние салған әйгілі ақын, сәуегей софы Ахмед Яссауидің тұрған қаласы Испиджабтан жаушы келмекші-тұғын. Күн екінді шаққа еңкейді білем, бөлме іші күңгірттене бастады, терезелер биікте қалса өстеді, жаушыдан әлі хабар жоқ. Әмірші ғайыптан жаманшылық сезгендей дегбірсіздене түсті. Кешегі әлем-жәлем киінген келімсектер; саудагер Қызыл шал, батпақтан шыққан Новгородтың Марисасы, Білгіш Тұйық-Оқ, сабырлық сандалбай елші, Үйсін елші, Несебі баласы Ахмед қайта бір көз алдынан көлеңдеп өтті. Осындағы Әбунасыр Фараби кітапханасынан тәлім тауып, көн кітабын тамамдауға қалған сығанақтық Хисамеддин қылығы, тілінен тәтті сөз тамған тілші Исмаил халі есіне қайта оралған. Осы мезетте бөлменің түстік беттегі жарма есігі ашылып, уәкіл үнді жігіті кірді. Денесі еңгезердей, жайбасар, нағыздың өзі. Он қолын кеудесіне қойып, басын төмен иді, сөйлеуге пұрсат сұрап тұр, қимыл-қалпынан тәкаппарлық көзге ұрады. Әмірші пұрсат етті. Уәкіл жүзін көтерді, қолы сол күйінде қалды.

— Испиджабтан жаушы келді!

— Әкелгені жақсылық па, жамандық па?

— Жақсылық! Испиджаб әміршісі жарлығыңызды екі етпей орындауға әзір көрінеді. "Қол сақадай сай, қос тігілген, сойыс әкелінген, енді Үлкен шаңырақтан Батыр Сайысты бастауға әмір күтеміз", — депті. Осы сөзді жеткізген жаушысы сарай алдыңда тұр, хан ием.

Иланшы Қадырхан сарай сақшысының мына сөзін естігенде сабырлы мінезін ұмытып, балаша қутыңдап кетті. Өйтетін де жөні бар. Дешті-Қыпшақ елінде атам заманнан бері үш жылда бір мәрте Батыр Сайыс деген дәстүрлі жиын өтіп тұратын. Сайыста батырлардың білек күші, жарақ жұмсау тәсілі тезге түсетін. Қолбасылардың ауызбірлігі сыналатын. Сайыстың арты үлкен той-думанға ұласатын, батырлар бір-бірімен төс қағыстырып достасып, қариялар ұл-қыздарын атастыратын, ел-елдің арасына сыйластық енетін. Енді осы сайысқа түсер қол шығының, жеңіп шыққандардың шапан-шапқытын, тойшы жұрттың сойысын қыпшақтың белгілі билері, майлы ауыз байлары кезек көтерісіп жатады. Кейде жатыпішер даңғой, мардымсыз, малжан адамдар Батыр Сайысқа ықырар бермейтін. Шығынынан қашып тырақайлайтын. Дырдуынан секем алатын. Сөйтетін де өз жерінде өткізуге ризалығын бермейтін, оның арты ырылдасқан дауға, қандыбалақ жортуылға, алакөз іріткіге айналады. Үлкен шаңырақтың көксегені бірауыздылықтың қилы кезең қағынған заманда өзді-өзі жұлқысуды жөн көрмейтін. Іргені басып ұстап үйренген Иланшы Қадырхан әлгі хабарды қуана қарсы алғаны содан. Бұл хабар ұлан-ғайыр көп ру Дешті-Қыпшақ жұртының әлі бір атаның баласындай тату-тәтті, баяғыша қабырғалы-қаһарлы ел екенің айғақтады.

— Пәлі деген! Дешті-Қыпшақтың не мықтылары күні ертең Көсегенің көк жоныңда бас қосады, білек айқастырады, төс қағыстырады! Дала дүбірінің жеткені ендеше! — деп масаттана дауыстады әмірші.

Орнынан жеңіл көтеріліп кетті, алақаның соғып уәкілді шақырып алды, жарлық жасады.

— Мен сенімді серіктеріммен ертең түнде Көсегеге жол аламын. Өзің Сауран, Сығанақ, Шабғар, Испиджаб, Таразы, Бұзық, Ақтөбе, Ақыртас, Баба ата, Қарнақ, Сүткент, Қарасуан, Оқсыз, Тек тұрмас, Келінтөбе, Құмиян, Мейрамқала, Қорасан, Бесік, Оғыз кент, Шар Дарбаза, Жауһар, Жент, Жанкент, Янкигент секілді Дешті-Қыпшақтың бас қалалары мен қорғандарына Үлкен шаңырақтан шабарман жөнелт. Әлгі айтқанымды жұртқа таратсын. Ұлыстың еңсесі биік, іргесі берік, найзасының ұшы үшкір, тұлпарының тұяғы бүтін екенің сынға саламыз. Қызық қақ арық боламыз. Сығанақтан Сунақата диханды, Жауһардан жұлдыз санаған Ғаббас көрегенді шақырт, Батыр Сайыстың бас төрешісі солар! Жақсы сөзді жаушының астына ат мінгізіп қайтарыңдар, риза болып кетсін!

Үнді жігіті басын жаймен төмен иді, бұрылмастан, артымен жылжып шыға жөнелді.

Иланшы Қадырханның кеудесіне желік кірді, иығынан ауыр жүк түсіргендей бойы сергіп, ойы жеңілдеп сала берді. Арқасынан сыпырылған асыл мауыты шапанды судыратып қайта көтеріп алып, жауырыныңа жауып, қымтана берген. Ту сыртынан, батыс беттегі құпия жапсарлас есік дыбыссыз ашылғандай сезілді. Селт етіп тұтас денесімен бұрылған.

Уәзір шал екен, жарғақ мәсісі кілем үстін мысықша басады. Дыбысы естілер емес.

— Әлгі жаушы кетпей тұр, хан ием.

— Мінгізген атқа місе тұтпады ма?!

— Хан иеммен жалғыз ауыз сауалдассам дейді.

— Тілдесуге пұрсат.

Шал дыбыссыз басып қайта шығып кетті. Әмірші таққа отырмады, жартастан тұтас ойған тас мүсіндей болып бөлме ортасында тұра берді. Жаушыны күтті. Сәлден соң қақ айрылған қара есіктің жармасынан ішке кешкі күннің қызғылт сәулесі лақ етіп құйылды. Інжудің қоймалжың, лай толқыны іспетті. Сол толқынмен малтып бөлмеге бір доп-домалақ жан енді. Ағып келе жатқан асқабақ дерсің. Тіксініп қалды. Әлгі асқабақ жігіт тақап келіп е иілгені, е тікейгені белгісіз сөлекет қимыл жасады.

Сөйтті де самбырлап сөйлеп кетті, даусы құдды қатынның үніңдей:

— Жолай көрген бір жаман жағдайды мағлұм қылғалы кідірдім.

Жаманшылық аузымнан шықпайтын жаушы едім. Атырабат жазығында алқымына қан жұққан иесіз тұлпар көрдім.

Осы үш ауыз сөйлемді жазған жаушы үш мәрте бөліп айтты, әр сөйлемнен соң демі таусылғандай тоқтап қалады. Арасында зерен толы қымызды ішіп тауысатындай мезгіл өтеді. Әміршінің қаһарынан қаймыққаны еді.

— Иесіз тұлпардың ерінің басына қос дабыл ілген!

Иланшы Қадырхан сірескен күйі тұра берді, маңдайының қыртысы қалыңдады. Қос дабылды дүңкілдете соққан сойқан

майданды көз алдыңа келтірді: батырлардың қылша мойның қылыш қияды, келіншектер қара жамылып кереге көгіне құлайды, жетім қалған баланың ойы қарғыстан көр, бойы пәс болып өседі, мына жаушыда жасында ұрыс көріп, әке-шешесін ерте жалмаған жетімек те... көзіне қан толып алдыңдағы жаушыға тігілді.

— Қашаған ат ұстатпай кетті.

Әмірші манадан бері санасын сергелдеңге салған ойын енді ақтарды.

— Көргеніңді ешкімге айтпа, құпия қалсын. Естісе ел іші дүрлігеді, жаманшылыққа жориды. Бұл бір зұлмат қаскөйдің Батыр Сайысқа жиналған жұрттың күліп келіп, күңіреніп кетсін деп жасаған жымысқы жаласы-дағы. Сайыс соңынан сол атты ұстап алдыма әкелуге қуғыншы шығарамын. Ақиқатына жетемін!..

АЛТЫНШЫ САРЫН

Бұл заманда Әбунасыр Фараби кітапханасы Күмбез Сарайдың терістік бетіндегі қума етіп салынған түкпіргі бөлмелерде болатын. Әуел баста осы кітапхана ұлы ғұламаның туып-өскен Аққорған атты қорғаныңда еді, бертін келе Отырар шаһарының орталығы қызыл қышқа оранып, атағы дүйім жұртқа дабырайған соң Әбунасыр өзі көзі тірісінде Күмбез Сарайға көшірткен. Шапқыншылықтан аман болар деп ойлады. Содан бәрі сан ықылым заман өтті, кітапхана иесі жат жерде көз жұмды, кітап қоры молыға түспесе кеміген жоқ, алыс-жақыннан іздеп келіп құзырына бас июшілер көбейді. Жауһарлық Раббас пен Исмаил, сығанақтық Хисамеддин, испиджабтық Ахмед, қорасандық Нысан абыз, шабғарлық Әнет баба, бәрі осы ошақтан сабақ алған білімпаздар еді.

Иланшы Қадырхан бүгін сол кітапхананы аралап көрмекші еді. Оның өзіндік мәзін сыры бар-тын.

Шығыстан қара бұлттай қаптап үйіріле бастаған сұрапыл сұмдықтың алды, дауыл соға.р мезеттегі ішін тартқан тыншу кез еді бұл. Елшісімен төс қағыстырып, ұлы Жібек жолы маңғұл саудагерлерін бөгетсіз өткізіп, тыныш жатса да жер астынан естілгендей сұңқыл сыбыстан шошынатын. Ерінің басына дабыл ілген иесіз тұлпар деген пәлесі тағы шықты. Содан әмірші қияпас қиялға шоматын. «Отырарда жау көзін қызықтырар қандай қазына бар?» дегенге келетін. Ойын алғаш бөлген көне кітапханасы еді, сол асыл қазынасы нендей күйде екен? Көзбен көрмекші.

«Кітапхананы аралайын», деуінің ендігі бір сыры, қазынаның кіреукелі сандығы алтыннан арыла бастаған. Бұған тікелей себепші — шаһардағы он оқ қолдың көптен бері жортуылсыз, жорықсыз қаңтарылып тұруы еді; қол шығыны, шаһардың жаңа ымыраттары, ең аяғы базарға түскен кітаптарды кідіріссіз сатып алу ақшаны аямай-ақ жұтқан. Әмірші қазынаның кемігеніңе әсте өкінген емес, кұмға сіңген судай із-түссіз жоғалып жатқан жоқ, атақ-абыройын дабырайтып барады. Осы істеп отырғаны бабалар аманаты ғана, сол дәстүрді алғы ұрпаққа жалғастырғаны. Ендеше қыруар қазынаның кітап қорына айналғаны қанша? Жаңадан нендей кітаптар қосылды? Соны білмекші.

Қасына Исмаилды ертіп алды. Кітапхана орналасқан бес қатпар қыш бөлмені бас қақпасының алдынан Әнет баба ұшырасқан. Хан сарайының қазіргі жылнамашысы, жасы жетпістің үстінде, әлі ширақ тұла бойы тек қана тарамыс пен сіңірден тұратын қатпа шал. Аса епті қозғалады, қолындағы шырағын жерге қоя салып, белбеуіне байлаған топ кілтті шешіп алды. Көп аударыстырып ішінен діттеген кілтін әзер тапты, ақыры қолы қалтырап құлыпты ашты. Иланшы Қадырхан мен Исмаил шалдың соңынан ілесті.

Бөлмелердің төбесі кілең күмбезденіп қосылған, тас төбеде сәуле түсетін, ауа кіретін дөңгелек ойықтары бар. Қабырғалары әшекейсіз, қасат қыштан өрілген. Ішкі зал перғауындар ымыратыңда қазынаға апаратын бұралаң жолға ұқсас бес бөлме де бірін-бірі қуып, иретіліп салынған. Қос қабырғадағы тас сөрелер толы кітап. Төбеден түскен әлсіз сәуле, сосын шал қолындағы шырағдан жарығы алтын тысты, күміс қаріпті кітаптарға шағылысып жылт-жылт етеді. Бейне сақ бабаның мол жиһазбен қойылған мүрдесі секілді, бетке көне леппен қосылып алтын буы ұрады.

— Кітап қазынасы қанша оққа жетті? — деп сауал қойды Иланшы Қадырхан.

Әнет баба естімеген кісіге ұқсап бірден жауап қайтармады, шырағданды бұрыштағы ыстанған текке қойды, қойныңа қол жүгіртті. Әлдебір ширатылған көне қағазды суырды. Шаттап байлаған орау жібін шешіп, қағазды жазды, дауыстап оқи жөнелді.

Қой терісімен орап, таспаға жазған қыпшақ шежіресі екі оқ жетпіс екі тең, ширатпа папирус, бетіне нақыл сөздер ойылып жазылған бабыл тас тақтасы тоқсан, Таластың Тастағы жазулары төртеу, жауырын сүйекке ойылған тамғалар елу...

Әнет баба ширатпа қағазына тізіп алған кітаптар мен жазбалар саның түгендеп, түстеп болғанша бағлан еті пісіп шығардай мезгіл өтті; енді әлгілерді жазған кісілерге, олардың сала құлаш есімдеріне келіп тірелген... Ала-ад-дин Ата-Мелик ұлы Мұхаммед Жүвейни, Мин-хаж ад-дин Абу Омар Осман ұлы Сираж ад-дин Мұхаммед әл-Жүзжани... күн кешкірді білем, төбедегі ойықтардан сәуле түсуді қойды. Қыш шырағдандағы жылқы майы жанып бітті. Исмаил жаңа шырағдан жағып, шалдың алдыңа тосты. Иланшы Қадырхан тап алдыңда жылтырап көз тартқан үлкен кітапты қолына алды, ашып қарады, ішінің өрнегі таң қалдырады, әр беттің кенересін қошқар мүйіз сызықтармен көмкерген, жазудың өзі әрқилы бейнені елестететін нақышпен жазылған. Ежелеуден әрі аспады, қарпі таныс болғанымен тілі түсініксіз. Әнет баба болмаса, өзінің тісі бататын емес. Мұқабасын күміс құймаларымен әшекейлепті, аса салмақты. Әнет бабаның... үшкіл жазулы шумер тақтасы үшеу, көшірме кітап он екі... Қаңлыдан шыққан Нұрсай құйма құлақтың баласы тоғыз түйелі Шуақ шежіреші... деген қарлығыңқы даусы құлағында тұрған.

— Хан ием, отыз үш оқ дана аса бағалы кітап пен қолжазба қоры бар, — деп бір-ақ тыныстады Әнет баба, сәлдесінің ұшымен бетін сүртті. Шұбатылған қағазын қайта шиыршықтап жатыр. Оқтаудай етіп ширатып орады. Екі басына жез шығыршық кигізді. Сосын қос қолымен көтерген күйі маңдайына тигізді, тәу еткені еді. Әміршіге ұсынды. Иланшы Қадырхан да ораулы қағазға мандайын тигізді, аз-кем толқып кідіріп қалды, сосын Исмаилға берді. Қарап тұрып көңілі өрекпігені. Кеудесіне тәкаппар қуаныш толған. Сырт қақпаға беттеді, табалдырық алдыңда қоштасып жатып Әнет баба әміршінің жүзіне қараған; "қараңғыдан жанары дымданған шығар", деп қана ойлады.

Булар енді Күмбез Сарайдың терістік жағындағы артқы есігінен шыққан. Айналасы дөп-дөңгелек тулақтай тақыр алаң, жиегін ернеулей өрік, шабдалы, жиде ағаштары өсіпті, бастары біркелкі. Батуға еңкейген күнді көлегейлеп, маңайды дем арасында күңгірттендіріп жіберді. Әмірші әлі ой үстінде келе жатқан, жаңа ғана адамзаттың ақыл-ойы ұйыған қыруар кітапты көріп, ұстап, атын естіп шыққан мезеттегі мұғдарлы әсерден айыққан жоқ-ты. Алаңды қиып өтіп, көлденең көшеге түсті.

Көше толы ығы-жығы халық екен, біреуді-біреу аңғарып аңтарылар емес. Әредік сартылдап шауып өткен қол, жүзім толы құмыраны бұратыла көтерген келіншек, үстіне бояу жұққан зергер, ошаққа салып алғандай күйелеш ұсталар, әулекі жүріс қуған бозбала, дүркірей жүгіріп өткен балалар, ақ езу болып көпіріп аузы ауырған делдал, күллісі артына қарамай безіп бара жатқан бейқарар өмірдің қайталанбас өрнектері еді. Шаһар тынысы тасыған кездегі телегей Інжудің шуашы секілді. Кідірмей жіті жүріп отырып Қан Базарға жетті. Қан Базар шаһардың терістік-батыс бетіне орналасқан. Айналасы ат шаптырым дөңгелек алаң, шетін далдалап өрік ағашы тігілген, ағаш көлеңкесіне қыш сөре қаланған, төрінде биік әуіз бар, етегінде мал базары — табаны ақ жем болған саудагерлер самбырлап қол алысып, құнжыңдасып жатыр. Қыш сөрелердің үсті қызылды-жасылды жайма, жаймаға қисапсыз жиһаз қойылған. Бұлар жұрттың арасынан әзер сығылысып өтіп келеді.

Қан Базардан Хисамеддин ақынды іздестірген.

Хисамеддин Салтанат сарайынан шыққан хазарлықтар мен киевтіктерге ілесіп жиһанкездердің қонақжай мекені Алтын сарайға жеткен. Керуен шеткі әуліге жайғасыпты. Кірекештер түйелерді отқа жіберіп, енді тырайып-тырайып тынығып жатыр екен. Керуенбасы Қызыл шал ортаға нарлап жиналған үш алапыш теңді ашуға әмір етті. Нешеме күнгі сүркіл бейнеттен мәңгүрт болған құлдар тапырлап жұмысқа кірісті. Алапыш теңнің бауыры сөгілді, ішінен сарыала бумалар төгілді, бейне көктемгі қаяз балықтың қарның жарып қалғанда ақтарылар ма қызыл уылдырық тәрізді; мұқым сары қайыспен қаптап, алтынмен аптаған көне кітаптар шықты. Көбі інжілдер екен, екі-үшеуі сәулет өнерінің сырын бейнелеген сызық пен есепке голы дүниелер.

Борбайы шыт-шыт жарылып, аяғына дорбадай қып құрым киген құл тағы бір теңді арқасынан түсірді. Хисамеддин кітаптарды көргеннен-ақ қапысыз түсіне кетті, әр әрісі Александриядан шығып, Халаба арқылы Хазарияға қапыда өткен өлшеусіз құнды кітаптар еді, саудаласа бастады. Хан қазынасынан өзінің "Көн кітабына" сыйға алған динары түгесіліп-ақ қалған. Даусы тым қатқыл шығады, ту сыртынан келіп тоқтаған әмірші мен Исмаилды мүлде байқайтын емес.

— Ханның пұлын сұрайсың! Жолай қарақшылар тонап алып қалғанда өлер ме едің?

— Тонады, қазынамды, қатынымды тартып алды, "отқа жағып жылынудан өзгеге жарамайды", деп кітаптарды қайырған. Енді қатын сатып алуға, елге жетуге қаражат керек!

— Әрбірінің құның он ділдаға шегерсеңші, жарқыным.

— Болмайды, бұлар жоқ-барды шатқан ақынның шатпағы емес, пайғамбардың лұғатты сөздері. Діңнен безгендер 391 жылы Александрия кітапханасын қиратып, өртегенде, бесінші бабам жасырып алып қалыпты. Сатпас та едім, туған жерді сағындым.

— Көлік қып мінуіңе сәйгүлік сыйлайын.

— Үш жал күміс үстеме қос.

— Жал күмісті саудаға салатын орыстар, қыпшақтар күміс динармен ғана саудаласады.

— Есеңгіреп жүріп есімнен шығып кетіпті; үш динар үстеме қос ендеше.

— Үмітің жоқ жан екенсің.

— Кімнен?

— Құдайдан да!

— Өйдеме, адал саудагерге тіл тигізу күнә. Әкем теңгенің сыңғырын естімесе асы бойына сіңбейтін делдал болған, шешем құш ханашының қызы, соларға тартып мен де сауда жолын ұстадым.

Хисамеддиннің тағаты таусылып, бетінің түгі шыға түтігіп кетті, әлгі "адал саудагерді" жүндеп жібермек болып жағадан ала берген. Андып тұрған Исмаил артынан келіп білегінен ұстай алды. Ақын жігіт жалт бұрылды. Ту сыртыңда тұрған әміршіні енді көрді, қипылықтап қалды, жүзіне қызыл арай тепті. Әмірші сарайдағы жалқындаған мауытысының орныңа жалаң шекпен, аяғына сақтиян етік, басына киіз қалпақ киіпті; көзі үйренген кісі болмаса тани алатын емес. Ақын ұстазының алдыңда ғайбат сөз айтып қалып, енді ғафу өтінудің есебін таппай қысылған халге түсті. Әмірші сыр білдірмеді, қыздың құның сұрап тұрған саудагерге алтын динар ұстатты да, кітапты алды. Араб математигі Сәбит ұлы Корраның аударуымен арабша шыққан Евклидтің "Негіздері" екен. Бірер бетін аударыстырып көрді де, аяғының ұшымен жер шұқып тұрған ақынға ұсынды. Енді дауы мен даңғазасы мол шырғалаң ортадан тезірек шыққысы келді. Қос серігіне: "Соңымнан ілесіңдер", деген ым жасады, жіті басып Қан Базарды артқа салды. Қиғаш көшелерді көктеп етіп түстікке тартты.

Бұл мезетте алау күн көкжиекке албыраған ернің басқан.

Желке тұстан, Қаратау жақтағы керуен жолмен жаяулатып қараңғылық түсіп келе жатқан. Сәлден соң қырғұлақтанып ай туады. Шаһардың бұл бетіндегі үйлер кілең жәдігерлер мен дің үйлерден тұратын. Жәдігерлерді орта шаруа, отырықшы дихандар мекендейді, ал дің үйлерді кілең қолбасылар жайлайтын. Жорық пен жортуылға дағдыланған жандардың шаһардағы жайы да қызық, жыға салып түйеге артып көшіп жөнелер киіз үй тәрізді, қыштан күмбездеп тұрғызған дөңгелек жайлар. Орталық көшеден шыға жұрт аяғы да саябырси түскен. Бұл тұстағы дің үйлердің көбінің есігі жабық, еркектерінің қол үйретуге, не аңға аттанып кеткені. Қыпшақ салтыңда еркегі бар үйдің ғана есігі ашық тұрады. Сонда ғана қысылмай енуге пұрсат.

Әр кезде алыстан тұтаса шапқан жылқы сарыны келеді, қос серігі елең етіседі. "Қол жаттыға тың Жауһартөбе дабысы бұл", — деді әмірші. Орталықты қоршаған қыш қорғанның қырына өрмелеп ай шықты. Шықты да шалдыққандай шалжайып жатып алды. Қарсы бетте Пышақшы көшесінің үйлері қарауытады, төбенің бергі етегі ығы-жығы ұсталар мекені, мұржасынан түтін ширатқан ұстаханалар; көріктердің уфілі, балғаның дүңкілі кешкі ауаға шың-шың сіңеді. Биік басынан аңғар мешіт сүлдесі көрінеді, осы елге мұсылман діңі келген мезетте салынған мекен еді, төрт жүз жылдай жауын-шашын, аңызақ-аптаптың астыңда тұрса да бояуын бермеген. Қазір төбе басына қонған дәу қарақұс іспетті. Әміршінің жұмбақ жүрісінен екі жігіт секем ала бастады. Қарсы беттен қарауытып шыға келген мешіт сұсынан және сескенді, зерделерін күдік жайлап, көңілдері өрекпи түседі. Жол бастаған алып кісі бұларды беймәлім қатерге тігіп келе жатқандай болды, кібіртік қаға бастады. Әйтсе де ішкі сырларын бір-біріне сездірген жоқ.

Тебенің басына көтерілгенде байқады, үлкен мешітжелмен гуілдеп, күңіреніп тұр екен. Бейне ішінде ондаған мүрид зікір салып жатқандай. Мешіттің бас қақпасына жеткен. Үшеуі де ентігіп қалды. Күмбез Сарайдан терістіктегі Қан Базарға дейін үш шақырым, яки жарты фарсаң . Қан Базардан Пышақшы биігіндегі Көк мешітке дейін алты шақырым, яки жалғыз фарсаң жер еді. Арасында бірнеше көшелерді қиып өтті, әуіздерден айналды, әйтеуір намаздыгер өтіп, намазшам намазын оқитын мезгілде мешітке жетті. Көк мешіттің артқы кіші күмбезінен тебе құйқаны шымырлатқан азан үні естілді, шырақшы азанды аса мұңды мысыр мақамымен созды. Иланшы Қадырхан жол шекпенің шешіп жіберді де, мешіттің алдыңдағы айтақырға жайды, тізерлеп пендешілік қарызын өтеуге отырды.

Қос серігі соңына тізіліп, үлкен кісінің қимылын қайталауға кірісті. Әмірші үш бас парыз, екі бас сүндеттен тұратын намазшам намазын оқып қалды; әуелі оң иығына, сосын сол иығына қарады, қос қолын алдыңа салып маңдайын екі мәрте сәждеге тигізді, орнынан көтерілді, сүндеттің соңғы қайырмасын күбірлеп қайталады, тағы тізерледі; сол күйі сілейіп ұзақ отырып қалды, әлдеқашан ұмытқан қиялы қапелімде есіне түсіп, соның шырғалаңынан шыға алмай қалған кісі тәрізді. Әлден уақытта барып көтеріліп, шекпенің сілкіп қайта киді, серіктеріне бұрылды. Екеуінің жүзіне алма-кезек қарады.

— Ел басына ауыр күн туар болса бір әжетіне жарар құпияны көрсетемін. Көргендерің туралы ешқашан ешкімге ауыз ашпайсыңдар. Серт беріңдер! - деді әмірші.

— Құпия көрімізге қоса көміледі, — деді екі жігіт.

Иланшы Қадырхан тағы жол бастады.

Мешітке кірді, бұл мекен әбден ескірген, содан ішінде жаназа сирек өтетін, намаз оқылмайтын. Манағы азан айтқан шырақшы көрінбеді, күмбездің төмен түсіретін бұралаң басқышымен тізесі дірілдеп жете алмай келе жатқан болар. Орталық күмбездің ішкі кенересін мәрмәр таспен көмкерген, оны қызыл қыштан соғылған дөңгелек дің көтеріп тұр. Арғы жағында, кіші күмбез астыңда зікір салатын шағын бөлме болатын, қараңғыдан қабырғадағы айшық өрнегі байқалар емес. Жай басқан аяқ дыбысының өзі жаңғырып құлақты жарады. Көнерсе де тәкаппарлығын жоймаған, сыры кетсе де сыны кетпеген жай.

Иланшы Қадырхан кірген бойда сол босағаға бұрылды. Дәл босағаның құлаш келетін қалын ернеуі бар екен, ернеу қайырылмасында бұрғының басындай иретілген айналма басқыш жоғары кетіп жатыр. Басқыш ақ мәрмәрден өрілген. Әмірші әлгі басқышқа аяғына салған жоқ, санап тұрды да, үшінші тас текпішекті ұстады. Жайлап шіреп текпішек тасты көтере бастады. Басқыш жігі ажырап, тас қозғала берді. Үшеуі қолдасып әлгі тасты жерге алып қойды. Арғы жағынан лақат қуысындай аузы көрінді.

Үңгірге әуелі Иланшы Қадырхан, сосын Исмаил, сосын Хисамеддин енді. Бұл жер асты шарына , сосын жер асты жолына түсіретін ауыз еді.

Алғаш аттаған аяқ тас төселген алаңқайға тіреледі екен. Иланшы Қадырхан қараңғыда сипалап жүріп әлдеқайдан шырағдан тапты. Қалтасынан шақпақтас алды, шағып ұшқын шығарды, пілтені тұтатты. Төңірек жарық тартты.

Алаңқайдан жер астына тұп-тура он бес тас текпішек төменге түсіреді екен. Текпішек отыз шынтаққа парапар көлбеу бұрыш жасап төмендеді. Кірер ауыздың төбесі аса пәс-тұғын. Бұлар еңкейіп енген. Текпішекпен жай басып төмендей берді. Ақыры еденіңе жолақ-жолақтас төселген шағын алаңға тірелді. Бұл кішігірім күмбезді үй, қабырғасы берік қышты бұрышты етіп қиюласқан да алмаса өрілген. Кілемнің зеріндей қыш өру нақышы аса әсерлі.

Бөлменің түстік бағыттағы іргесінде үңірейген лақат аузы көрінді. Бағытты Исмаил ойша бағдарлаған. Үңгірдің іші кеуектеліп қазылған. Келесі басқыштың басталар жері осы болғаны. Кеуек іші қапас қараңғы, ауасы тар екен. Кеуек науаның тіке түсер ұзындығы шамамен алты көздей болар. Ішіндегі жол мүлде көнерген, текпішек етіп қойған тастары бейберекет шашылып жатыр. Кейбірі сынған, кетілген. Әлгі кеуек бұларды құлдилата тартып отырып, үшінші есікке әкеп маңдай тіретті. Маңдайшада ойық бар шам немесе шырағдан қоятын орын болуы мүмкін. Төңірегі май ысы сіңіп ыстанып кеткен.

— Бұл жер асты ғарына таза ауа арнаулы желдеткіш құбыр арқылы келіп тұрады, - деп түсіндірді Иланшы Қадырхан.

Бұлар үшінші есіктен ішке аттаған, төменге ептеп түсе бастады, мұнда да тас текпішек бар-тын. Бұл текпішектер де бүліне бастаған, көп жерін топырақ көміп кетті. Төбеден құлаған болуы керек. Осыған қарағанда соңғы уақытта ғарға ешкім жөндеу жүргізбеген, құрылыс күтімсіз қалған. Осы тесіктің іші жоғарыда жүріп өткен бірінші және екінші текпішектерге қарағанда қысқа әрі тік екен. Бірден құлдилатып тартып әкетті. Мұның іші де қапас, әріден дымқыл сыз соғады. Шырағдан өшіп қала жаздап өлімсіреп қана жанады. Осы кеуек мүлде тар дәнекер бөлмеге жеткізді. Дәнекер дәлізде түрегеліп тұруға болады екен, үшеуі де еңсесін көтерді, құрысқан белін жазды.

Осы сапарда бұлар бейне үш қаба түйдің құбырының ішімен төменгі қабатқа түскендей сезінді.

Дәнекер дәліз бөлмеден жол екі жаққа айрылды.

Сол қол жаққа кететін айрық төрт-бес қадамдай жүрген соң үлкен қақпаға әкеліп тіреді. Қақпа шым шойыннан құйылған. Аузында қол басындай құлып тұр. Иланшы Қадырхан қолындағы шырағданды Хисамеддинге ұстатып, қойныңа қолын салды, кілтін суырып алды, құлыпты ашты. Үлкен қақпа жарылып жол берген, кең бөлмеге енді. "Ғар дегені осы болғаны", деп түйді Исмаил. "Отырарда ханның тұтқын қыздарды, қымбат қазынаны сақтайтын ғар деген жер асты мекені болған",— дейтін Әнет баба. Бірақ ғар қай жерде, қалай түсуге болады, ол жағын айта алмаған. "Ғар атты кереметі осы!" — деп ойлады Исмаил.

Кең бөлменің іші жарық екен, сәуле қайдан түсіп тұр, оны Исмаил біле алмады. Тек биік төбеде әлдебір асыл тастар жылтырап нұр шашады. Табан астыңда түкті кілем, мұның да әр жеріне жақұт тастарын қондырған. Хисамеддиннің қолындағы шырағдан шағылысып жалт-жалт етеді. Ғардың іші шаршылап қазылған да, қабырғасын берік қышпен өрген. Көп жерін әшекей қаптағыштармен безеген. Қабырғаның ашық-айқын бояу түсі, оймыш-оюлары көзді суырып жеп барады. Оң қабырғада қосалқы есік көрінді. Әміршінің қолы Исмаилдың иығына тиді, еріксіз бұрылды; бұлар соңынан қайта ілескен.

Исмаилға тан осы бөлмеде қазір де кісі мекендейтіндей болып көрінген. Бұлар келердің алдыңда ғана әлдеқайда шығып кеткенге ұқсайды. Төбедегі нұр шашқан тастар, еденге төселген жұмсақ кілем, бұрыш-бұрыштағы салтанаты мол жиһаз, оң жақтағы әсем есік соны дәлелдейді. "Сөз жоқ мұнда кісі мекендейді", деп түйді ішінен Исмаил.

Иланшы Қадырхан дәу есікті қайта жауып, құлып салды, кілтін қойныңа тықты. Ілгері бастап кетті.

Дәнекер дәлізге қайта келді. Оң қол жаққа кететін айырық ұзаққа апарған жоқ, тұп-тура жер асты жолына жалғасты. Жер асты жолы қатар үш кісі түрегеліп жүретіндей кең, биік, төбесі күмбезденіп қосылған қума үңгір екен. Әр жиырма-отыз қадамдай жерде төбеде ауа, жарық енетін тесігі бар. Ішінде ұстын не тіреу байқалмайды. Төбенің салмағы күмбезді қуалап қос қабырғаға түсетін еткен. Қанша жүргені Исмаилдың жадыңда жоқ, әлгідегі әсерден айыға алмаған, бір ауықта қалт кідірді. Ауызға жетіпті. Иланшы Қадырхан соңында ілесіп келе жатқан екі жігітке бұрылды, сынай қарады.

— Осы мекен бабаларың қызылбастармен соғысқан кезінде салыныпты. Жер асты ымыраттары — ғалия мен жер асты жолы бұл. Келер ұрпағының бір әжетіне жарар деп ойлаған болар. Қазір біз қала қорғанынан шығып кеттік.

Шындығында, бұлар жер асты жолының құпия тесігінен шыққанда байқады, Отырар шаһарының салқар сахи сүлдері алыстан ғана қарауытады. Шыққан жері де елеусіз, түп сексеуілдің ортасы, жыраның ернеуі еді. Исмаилдың ойлауынша, қала шығыс бетте болуға тиіс еді, бағыттан жаңылыпты, шаһар тұп-тура темірқазық жұлдызының астыңда жатыр. Жер асты жолы бұларды түстікке бұрып әкетіпті. Қала терістік бағыттан сарын береді.

Иланшы Қадырхан жырадан шығып дыбыс берді, сәлден соң әріден дүбір естілді.

Сорлы сайдан бұларды ханның сенімді нөкері күтіп тұрған.

Нөкер ерттеулі үш бірдей тұлпарды жетелеп жақындап келген. Анадайдан атынан түсіп, иіліп тағзым етті. Жетегіндегі тұлпар пар-пар етіп үрке берді, жер иісі шыққан адамнан к.атты шошынғаны. Нөкер тізгінді табан тіреп шірей тартты, жылқылардың жанары шатынап, жуасып, тұра-тұра қалысты. Адамның пысы басты. Ауық-ауық тұншыға осқырынады. Үш еркек қатар келіп атқа қонды. Нөкер де жарақтарын асынып атына мінді. Иланшы Қадырхан астыңдағы сынаптай сырғып тұрған сәйгүліктің басын шығысқа, Батыр Сайысы өтер Көсегенің көк жоныңа бұрды, шоқыта жөнелді. Өзгелері де сатырлап соңынан салды. Төрт тұлпардың тұяқ дүбірі бір ауқымға дейін түнгі даланы дүңкілдетіп соңына қат-қат сарын тастап бара жатты.

ЖЕТІНШІ САРЫН

Бұл заманғы Батыр Сайыста ойналатын ойын түрі аса мол болушы еді.

Олардың басымы жас батырларды қарудың қилы түрін меңгере білуге, жарақтармен шайқасу тәсіліне үйрететін. Соғыс шеберлігіне баулитын. Осы кезде Дешті-Қыпшақ жұртына дәстүр болып сіңген он екі ұрыс тәсілі бар-ды; найза салу, садақ тарту, сойыл қағысу, айбалта шабу, семсер сілтеу, қылыштасу, сүңгі лақтыру, арқан тастау, қанжар салу, күрзі үру, шоқпар сілтеу және үзеңгі үру деп аталатын. Әлгі қарулардың әрқайсысы қолдану үстінде неше мәрте түрленіп, әдіс тауып, аты да көбейіп кететін. Бір ғажабы осы он екі қарумен де қапысыз қимылдай алатын батыр болмайтын, бірнеше жарақты жақсы меңгерген жігіт келесі қарулардан шорқақтап шыға келетін. Бүгінгі Батыр Сайыс өтетін Көсегенің көк жоны құжынаған халық; аттылы, түйелі, жаяу, қашырлы, өгіз мінген жұрт легі көп-ақ. Оғыл Барыстың дәп осы думанға арнап тіккізген тоқсан сегіз киіз үйі адамға аузы-мұрнынан лықа толыпты. Ас ішіп, аяқ жазып, демалғаны сайыс өтетін жазыққа жосылып жатыр. Арты тырнадай тізіліп әлі келіп жетпегендері қаншама. Көшелері жетіп үлгірген жұрт аттарының терін үгіп, әр тұстан ауық-ауық бұрқ етіп басталып кететін көкпар, салым, аударыспақ секілді ойындарға қатысып қана жүрген. Білегін байқап созып, тақымын аса қажатпаған жігіттің бірі - Ошақбай. Шабғар шаһарындағы Қоңырат руынан шыққан жас батыр. Кеудесі бір кұшақ, орта бойлы, бота санды, талтаңдай басады, бұл ат үстінде көп жүргеннің кесепаты. Шанақтай дәу басын жібек орамалмен шарттанып алған. Сырттай аңыстаған көзге бойында бұғынып, булығып жатқан күш бары біліне қоймайды.

Әсіресе қара жаяу жүргенде әлсіз-ақ секілді. Ат үстіне қонса болды пендеге дес бермес дүлейдің өзіне айналады. Ерге тақымы тисе аруағы ұстап, жалға жабысқан диюмен пара-пар болып кетеді. Содан сұрапыл соғыс ашады, сан қилы әдіс жасайды. Бұл атқосшы жігіттеріне қанық сыр. Дегенше болған жоқ, әмірші түскен отау орда жақтан керней үні естілді, еңіске қарай андыздап ат қойған жігіттер көрінді, бұлар шабармандар болғаны. Батыр Сайыс төрешілері — ақсақалдар, қарасақалдар, көк сақалдар шықты. Соңынан алпауыт жылқыға мінген әміршінің өзі келеді. Кернейдің қақсауық дауысы басылған жоқ; әлгі сайыскерлер сайысқа қатынасатын қолды лек-лекке бөліп жіктей бастады. «Найзагерлер, соңымнан еріндер»! «Садақшылар, сол жаққа шық?», «Сойыл кештер, Сеңгірбайдың соңынан сал»! «Айбалта, айбалта!» «Семсердің серілері, оң жаққа сапқа тұрындар!» «Қылышкерлер, ылдиға түсіңдер!» «Сүңгішілер, кейінге серпіл!» «Күрзікештер, ортада қал» деген зор дауыстар самсаған топты лек-лекке кесіп-тұрап сайыскерлердің соңынан сүмеңдетіп қойды. Былайғы жұрт жон үстінде үйіріліп мөлиіп қалды. Көздерін еңістегі бықпырт шапқынға тігіп: «енді не керемет болар екен» дегендей, сөзден де, қимылдан да саппа тыйылып, сілтідей тынысты.

Ошақбай найзагерлер тобына қосылған.

Кернейдің даланы жаңғыртқан дауысы басылып, саз сырнайдың созылып шыққан ызғарлы үні естілді. Ұлыған қасқырдың, үні іспетті, жер-дүниені аңсыған қысаң дыбыспен тітіретіп барады. Бұл Батыр Сайыстың басталғаның марапаттаған мезет еді. Найзагерлер қырыққа жуық жігіттер екен, білектерін түрініп, құр ауаны толғап-толғап түйресті де, кезек күтіп майдан алаңын тастап шетке шықты.

Батыр Сайысты салт бойынша ескі қарудың иелері бастамақшы. Жұрт назары күрзікештерге ауған. Кілең балтыры жуан, қапсағай жауырынды, төртбақ келген жігіттер көрінді. Күрзі қатты тиіп майып қып кетпес үшін үстеріне қат-қабаттап киіп алған. Белдері сықайған қайыс белбеу. Мінгендері қоспақ түйе, жүріске емес, жүк арқалауға ғана жаралған жануарлар. Тайраңдап майдан алаңына келіп кіргенде құдды арқасына қанар қондырған құбыжықтар секілді. Майданға топырласып шықты да әмірші тұрған жаққа жаппай бұрылып тағзым етісті, қоғадай жапырылды. Сосын екі лекке бөлініп, алшақ кетісті. Қарама-қарсы тұрып алып ауыр күрзілерін көтеріп ұрысқа әзірленді. Саз сырнайдың сызылған үні шықты. Әлгі құбыжықтар ұмар-жұмар шоқпарласа жөнелді. Әуелгіде күрзілердің бір-біріне шартылдап тиген дыбысы мен палуан жігіттердің ыңқылдаған дауыстары естілген. Әр кезде соққы жеген қоспақ түйелер бақырысып қалады. Үстеріндегі жанталасып қимыл жасаған иелерімен ісі жоқ секілді; маң-маң басып, кейде тайраңдап, кейде ойқастап жүгіреді. Күрзікештердің қимылы ерен, сырықтай ұзын қаруларын басынан асыра үйіріп сілтейді кеп, қара құсын дәлдеп құлап келе жатқан қарсыластың сырығын кері серпеді. Тырапай асып тойтарады. Қапысын тауып қара саннан сүйкеп өтеді. Әр жерден бірнеше күрзікеш домаланып түсіп қалған.

Ұрысқа машық жігіттер әдіс қыла бастады; әсіресе шойын қараның күрзісі жұртты жапырып барады, ол өзгеге ұқсап жортып та, жанталасып жұлынып та жатқан жоқ, қай жағынан жау келсе сол жағына бұлт етіп оңтайланып алады, күрзі көрсе қос өркештің арасына сіңіп кетеді, тұсынан сорғып өте берген қарсыластың құйрығынан нұқып қалады, о шіркін ауып түседі. Осы мезет қапияда ту сыртынан күрзі төнген, бұғын үлгіре алмай қалды, түйенің арғы бүйіріне домалап кетті. Қайран қалысып тұрған жұрт ду етісіп сан соқты. Әлгі күрзі өркешке тиді. Шойын қара құламапты... пері-ай, қайыс белбеуінің бір ұшын жадыға байлап алған екен... түйенің бүйірінде қоржынға ұқсап салпаңдап жүрді-жүрді де, қайта көтерілді. Жұрт жағасын ұстаған. Шойын қара ту сыртынан келген әлгі күрзікешті енді соңына түсіп сүкектете қуып төмпештей жөнелді, о шіркін түйесін тайраңдатып кеп қашты, бас сауғалап бүкектей жөңкіді. Жұрт қыран-топан болысты. Өзін түйенің жадысына байлап алған шойын қара өзгелерге қырғын келтірді, оған ешбір соққы дарымады, тізеден қаққанға құламады, түйенің арқасына жабысып қалған желім дерсің; қарсы келгенді мықшиып алып жалпылдатып ұра береді, ұра береді.

Күрзікештердің сүтті пісіріп көбігін қайтарғанға дейінгі мезгіл ішінде жұлқысқан майданы саябырсып қалды. Көбі ауып түсіп, сүйретіліп тұрып жайына кеткен. Енді біразы қара құсынан күрзі жеп мәңгүрт болып,түйенің басына ие бола алмай қаңғып жөнелді. Күрзікештер жүлдесін шойын қара алады; ол өзі соққының сұмдығын мініп жүрген түйесіне жегізіп, мәз болып ыржия күледі, кездігімен беліндегі қайыс арқанды қиды, енді қоспақтан сыпырылып жатқан. Шабармандар шуласып жеткен, жеткен де аяқ-қолын серейте көтеріп әміршіге алып кетті.

Кезек найзагерлерге келген.

Бұлар күрзікештер құсап жапа-тармағай ұрыс жасаған жоқ, әуелі жекпе-жекке шығысты. Ошақбайдың қарсыласы Таразыдан келген Қыпшақбай деген жігіт еді. Бойшаң, қолы аса ұзын көрінді, онсыз да құрықтай найзасын толғап қалғанда есік пен төрдей жердегіні оңай түсіре береді екен. Ошақбай қауіп қып үстіне кіреуке киді, білегін жалаңаштады, қарсыластан өзі андаған жалғыз артықшылығы қос қолымен бірдей шанша алатыны еді. Сосын шапшаңдығына сенеді. Кезек жетті.

Екі жігіт жанасып келіп тізе түйістірді де, аттарын кілт бұрып ажырасып кетті, біраз жер боздақтатып барысты. Сосын шапшаң қайырылып бір-біріне ат қойды. Ошақбай өз жүрегінің дүрсілінен өзгені естімеді, тізгінді тісіне басты, енді байқады, қарсыласының қарқыны қатты, сорғытып салып келеді. Ырғай сапты найзасын оң қолына ауыстырды. Сол мезетте Қыпшақбайдың жылан басты найзасы зу етіп кеудесіне атылды, қарсыласының алыстан-ақ найза салғаны, бұл бұлт етіп жалт бұрылды. Шапшаң бұрылғаны соншама, ішіндегі ішектері бырт-бырт үзілгендей болып ауырып кетті. Сәтті пайдаланып найзасын қарсыласының он бүйіріне салып үлгірді, қатты түйремей, киімін ғана тесіп өтті. Бұлай ету сайыстың шарты. Кейде жігіттер қызып кетіп, не көзіне қан толып, шын шаншады, мұндайда мерт болып жататындар да бар. Ат басын қайта бұрысты. Ошақбай енді қарсыластың найзасын бұлт етіп дарытпай, алдаусырата алмасын сезді, анау да әдіс ап қалды. Басқа тәсіл қолдануы керек, ол тәсілі ат аршының жазғанда барып есіне түсті, тағы да әлгі жыланбас найза кеудесіне жебе болып атылды. Ошақбай ат бауырына денесін тастап жіберді. Найза желкесін жалап өтті. Өзі екінші мәрте түйрей алмай қалды, арттан шаншуға болмайды, ат басын жедел бұрды. Анау да айналып үлгерген. Енді арындап шаппай-ақ тақасып шаншысар шақ жеткен. «Бұрау» деп аталатын айласына салмақшы. Бұндайда жау найзасын өз найзасымен бұрап алу керек, бұған асқан шапшаңдық қажет, әйтпесе қатты екпіннен өз найзаңнан айрылып қаласың. Ошақбай ырғай сапты қарсыластың қаруына қабаттастыра беріп, бұрай түсіп, толғап-толғап қалды, алақанының терісі сыпырылғандай сезіліп жаман ашыды. Қарсыластың найзасы түсіп қалды. Ендігіде жанаса бере Қыпшақбайдың қара санынан найза салып өтті. Қопаң еткізіп көтеріп кетті. Біледі, қаруы қалың етке дарыған жоқ, сайыс салтын сақтап жеңіл ғана жарақаттады. Жігіт төңкеріліп түсті. Осы мезет тойшылар, сосын атқосшылар дүрліге шауып жетті, кеу-кеулеп аттан көтеріп әкетті. Қошемет, қолпаш не сән. Топқа жете шабарманға шатылды, шақпақтай ғана шал екен, жеті атасынан бастап түгендеп-түстеп аттарын атады, орта жолда қалт кідіртіп дұғаға қол жайдырды.

Сайыс биі арқасына алтын оқалы шапан, тұлпарына жасыл жалпуыш жапты.

Қозы еті қайнар мезгіл өте найзагерлердің жаппай соғысы басталды.

Мұнда қарсы жақтан кім көп түсірсе, денесіне аз жарақат дарытса — жүлде сонікі. Әдіс ойлап, жер жайын талғап жатуға уақыт тапшы. Әбжілдік қана алып шығады.

Ошақбай тұлпарының тартпасын қатайтып тартты, атқа қонды, андыздап кетіп бара жатқан жерлестеріне жетіп қосылды. Қарсы жақ қалмақ жігіттері екен; той іздеп, салт қуған әумесер, әңкүс серілер. Даланың желөкпе қос аяқты бөрілері өңшең. Қыпшақтардың даланы дүңкілдеткен Батыр Сайысына ат арытып, тақым тоздырып әдейілеп келіп жеткен беті. Екі тобыр ә дегенше араласып, құйындай ұйтқып, қарақұрым майдан бастаған.

Ошақбай лектің шетін ала ұрыс салды. Тұлпары сынаптай сырғыды, екі мәрте бүгіліп түсті, екі мәртесінде ырғай саптыны толғап үлгірді. Қолы мүлт кеткен жоқ, қос ат майданды тастап иесіз шықты. Тұлпар басын кері бұрғанда көрді, үш жігіт өзіне андағайлап ат қойыпты, шатқаяқтап, шегіне ұрысты. Тұлпары да тайсақтап топқа сіңер емес. Қарсы келген найзаны қағып қалғанда қару жанап өтіп, ер қапталын ұрды, қайыс керсенді қопарып әкетті. Екінші найзаны дәл қағып қара жерге қадап кетті. Үшінші найзаға үлгіре алмады, он қолдауын жанай кеп тиді, көзінен от жарқ етті, жаман ауырсынды, аттан түсіп қала жаздады. Астыңдағы есті жануар құтқарды, жалт бұрылып, топқа сіңіп жөнелді. Көз алды қарауытып талықсығандай болды, қан түкірді. Күш алып қайта бұрылғанда манағы тобыр жусап қалған еді. Қарсыластар жағынан көзге түсе қайрат қылып жүрген жирен айғырлы дәу қалмақ еді. Әлгі дәу демнің арасында қыпшақтар тобын тозған тондай етті, түтесін шығарып, ит талағандай жұлмалап тастады.

Ошақбай аңыратып ат қойды, ақырып келеді, қалмақтың пысын басып тастамақшы еді. Ол да жүрек жұтқан жын көрінді. "Өзің керексің" дегендей күркілдеп тұра шапты. Шарт та, шұрт шайқас басталды, ер сынардай боп сытырлады, ат ауыздығынан ақ көбік шашырады. Жұрт назары енді осыларға ауған. Өңге ұрыс сап-сап басыла берді, жігіттер пышырап кетті. Ошақбай жеңіс жүлдесі дәп осы шайқасқа байланысты екенің енді сезген. Аянып қалар ештемесі жоқ, алақаныңа түкіріп, ырғай сапты қыса ұстады. Дәу қалмақта найзагер екен, денесінің епетейсіз ірілігіне қарамай ер үстінде маймылша ойнайды, сырықтай қаруды оқтауша үйіреді. Найзасы мұныкінен қысқалау көрінді, сабы тым жуан, бұрау салуға, не ұрып түсіруге көнбейді. Жалғыз-ақ айла, жалтара шауып, жауының сол жағын ала ұрыс салмақты, сол қол әманда шаршауық келеді.

Әуелгі бірер қақтығысты бағдарлаумен, тәсіл іздеумен өткізді. Ат басын үшінші мәрте бұрғанда Ошақбай айласына басты, ағызып келе жатып жауының алдың кесе оң бүйірге жалт бұрылды. Қалмақтың сол бүйіріне шықты. Жанаса бере найзасын салып өтті, анау қопаң етіп қайыра жалпиды, ендігі қақтығыста қарсыласы әдіс алып мұны сол бүйірге шығарған жоқ, жолын бөгей берді. Алдынан сырғып өте берген Ошақбайды жазатайым шаншып тастай жаздады. Жылдамдығы құтқарды. Аттар да шаң жұтып шалдықты білем, шабысы бәсеңдеп, бүлкекке басты. Керісінше батырлардың қимылы құтыра түскен. Таласқан иттей болды, онды-солды құлай ұмтылды, үңіле толғап, найза қағыстырып жанталасты. К,ар талып, көз қарауытты, тақымды ашы тер жеді, аңдаусызда жарақты жанды жерге салып алу қаупі туды.

Жас батыр жақындап келе жатқан қатерді анық сезген. Жуық арада қалмақты түсіре алмаса халі қиындайды. Өйткені, сайыс салты бойынша қарсы шауып бір-бірін ала алмаған найзагерлер найзаны тұрып салысуға көшеді. Мұны төреші билер талап етеді. Сонда салмағы зіл батпан ауыр әрі жуан найзалы қарсыласы сұрапыл соғыс ашады. Алдырмайтын күшке килігеді. Дәу қалмақ бір орныңда шырқ айналып найзасын екі қолына кезек ауыстырды. Ауыстырар сәл мезетті аңғарған Ошақбай жанай бере ырғай саптыны толғап өтті, шаншыған жоқ, жуан саптыны ұрған. Дәу қалмақ сылқ етіп төмен түскен қаруын қайыра көтерем дегенше қарынан нұқып өтті. Қалмақ түсіп бара жатқан найзаны келесі қолымен қармады. Кідіруге әсте болмайды. Ырғай сапты тақымының астына сүңгітіп жіберіп көтеріп қалғанда дәу қалмақ қопаң етті. Төңкерілмеді, ауып барып қайта түзелді. Ошақбай қарсыласының сайысқа шығар алдыңда астына желім құйып, құйрығын ерге жабыстырып алғаның білген жоқ-ты. Найзасын шымыр толғап, тақым астына тағы сіңірді, дәу қалмақтың зіл батпан салмағына шыдай алмай жарағы шарт сынды. Анық жеңіске көзі жетіп, қолы тиген мезетте найзасы сынып қапы қалды. Күйініп кетті. Сәл кешіксе күні бойғы жанталасы заяға кеткелі тұр.

Найзаның қолында қалған тұқылын тастай салып қалмақтың аяғына жармасты. Көкпар тартқандағы әдісіне басты. Әлгінің келсаптай аяғын көзді ашып-жұмғанша үзеңгіден жұлып алды. Алды да артқа қайыра көтеріп тарта жөнелді. Жирен айғыр тәлтіректеп құлай жаздаған. Қолындағы келсап аяқ ер үстінен ажыраған. Тақымдап созған сайын салмақ ортаға лықсыды. Тәуекел деп соңғы мәрте сұрапыл күшпен жұлқи сүйреп тастап кетті. Үйдей жігіт омақаса құлады.

Дәу қалмақ ат аяғының астына түсті.

Сілтідей тұнып, тыныштық, кеулел тұрған жұрт дүр сілкініп күңірене жөнелді. Қиқу, айқай, күлкі қосылып құлақ жарады. Бұрын жұрт бүйтіп даңғаза болмайтын. Біразы жеңілген жігітке жанашырлық білдіріп үнсіз қалатын. Бұл жолғы дуыл ерекше өрлеп барады. Ошақбай атын бұрып соңына қарады. Жұрт дақпыртының сырын енді түсінді.

Дәу қалмақтың тері шалбарының құйрық тұсы от орныңдай болып ойылып ер үстінде кетіпті. Желім жыртып алып қалған. Құлаған күйі құйрығы күнге шағылысып майдан ортасында әлі жатыр екен. Шабармандар шауып келіп, қолтығынан сүйеп, тұрғызып әкетті. Шайлаған үйректей шайқатыла басып барады.

— Батыр Сайыстың найзагерлік жүлдесі сенікі! Жұртыңның мерейін өсірдің, төбесін көкке жеткіздің, жолыңнан тайма, батырым! - деді Иланшы Қадырхан, қарсы алдыңа келіп бір тізесін бүгіп отыра кеткен Ошақбайға. - Бұдан былай Інжудің төменгі жағындағы қалың қыпшақ пен қоңыратқа сен иесің.. Жауырыныңды тос, шапан-шапқытыңды жабайын!

Ошақбай он қолын кеудесіне қойып тағзым етті, сөйтті де орнынан көтеріліп әміршіге жақындады. Қакпақтай жауырының беріп бұрыла берді. Иланшы Қадырхан жаныңда тұрған Оғыл Барыстың қолынан асыл матадан тіккен, қос өңіріне күміс құймаларын қондырған, омырауы жібек әдіпті мол шапанды алып жігіттің арқасына жапты. Қалын жұрт қошемет қып гулесіп тұрған. Енді бұрынғыдан бетер дуылдасты, таңдай қаға марапаттасты. Батырды алыс-жақыннан келген ру билері өз еліне қонақ болып, дәм татып қайтуға шақырысты. Көпшілік көзіне мырза болып көрінгені, батыр аруағын көтеріскені еді. Ошақбай шыққан қоңырат руынан өзге де ел боп етек жайған жұрт бар екенің құлаққағыс қылғаны бұл. Бәйгіге тиесілі шапаның киіп, мақтауын естіп жігіттің төбесі көкке жетті, бас шұлғып, жайраңдап күле береді. Кең адымдап ылдидағы шабармандарына жөнелді. Батыр Сайыстың ендігі жұлқысын қызықтамақшы. Жебе тартар сайысы басталды.

Майдан ортасына үлкен қада ағаш орнатыпты, ағашқа тон кигізіпті, садақ тартқыштар әлгі қаданы айнала шауып жүріп жебе жібереді. Мүлт жібермей тигізу барда, қорамсақтағы күллі жебені бір айналымда түгел түгесе ату бар. Екеуін қоса қабат мүлтіксіз орындағанда ғана жүлде тиеді. Бәйгіге қол жетеді. Қорамсақта жебе артылса әбжілдігіне мін, қадаға тигізе алмаса мергендігіне мін.

Садақшы жігіттер кезекпен ортаға шығып, ат тізгінің барынша босатып айнала шауып өтіп жатыр. Ортадағы тон киген діңгек қап-қара болып жебе жұтады, әрі-беріден соң кірпіге ұқсап тікірейеді де шығады. Шабармандар жетіп барып тонды сыпырып алады, діңгекке жаңа тон кигізеді. Батырлардың көбі мергендікке машық екен, атқан жебелері мүлтіксіз тиіп көз қуантып жатыр. Бірақ бір айналымға деп алған жеті жебені ешкім тауыса алмады. Аса жылдам тартқанның өзіне қорамсақта екі-үш жебе артылып қала берді. Сайыпкер билердің басы даң болды, жүлдені жеңіп алар жігіт қалмады. Ақыр соңында ақылдасып келіп: «қорамсақтағы жебе саның кемітелік» десті, бәтуа сұрап әміршіге шабарман шаптырды.

Иланшы Қадырхан садақ тартуға өзі шықпақшы болды. Жұрт жағасын ұстап таңданысты; «осынша ауыр денесімен садақ тарта алушы ма еді», десті, «ат үстінде мысықша ойнаған не мергендер мәңгіп кетті емес пе», «қызбалыққа салынып күлкі болар», десті. Райдан қайтаруға ешкімнің дәті жетпеді. Иланшы Қадырхан үстіндегі зіл басқан киімін сыпырып желең түйе жүн шекпенмен қалды. Жеңін түрінді, белін буынды. Жеті жебе салынған қорамсақты мойныңа емес, ер басына ілді. Қаракер тұлпарды ойнатып ортаға шықты. Бұрынғы жігіттер секілді айналымды жақын алған жоқ, тон киген қададан алыстаңқырап кетті. Әуелгі жігіттер қадаға жақын шаппасақ тигізе алмаспыз деп қаупайлаған-ды, содан айналымды тез тауысып ала берген.

Әмірші астыңдағы қаракер жылқыны қатты тебініп қалды, тұлпар тік шаншылып түсті, ендігі мезетте көсіле шапты.Тізгінді тісіне басқан. Айналып басталар межеден ат тұяғы аса әуелгі жебені жіберді. Ер үстіне бір бүйірлеп жантайып жатып алған. Жұртқа солай көрінгенмен, айпара кеудесі ерге тимеген еді, бүгілген қамшыдай болып қана жантайған. Жебе соңынан жебе зырлады. Көз ілеспес жылдамдықпен қорамсаққа қолы тигені сол, сары жебе саусағына іліне суырылады, адырнаға салады да тартып жібереді. Көздемейтін секілді. Ытырылған жебеге, бұлтылдаған садақшы қимылына қараудан көз талды, жанары ауырған жұрт енді ортадағы. тон киген қада ағашқа тігілді. Санауға кіріскен... төрт... бес... алты... жеті... уа, аруақ! Ел гу ете түсті. Жосылып шапқан қаракер атқа бұрылған. Айналымды абыроймен тамамдап екпін алып еңіске қара жұлдыздай ағып бара жатқан әміршіні көрді.

Иланшы Қадырхан Батыр Сайыстың бас жүлдегері болды.

Соңынан қаулап шапқан атшабар, атойшы, шабарман дегеннің беті жаман, бірін-бірі таптап кетердей, түтіп жіберердей. Әркімнің ойы бұрын жетіп тізгін ұстау, кезеңі келіп тұрғанда қошемет көрсетіп қалу еді. Құйрық тістесіп барып шылауына іліге берген жандайшаптың қолын хан дырау қамшысымен тартып жіберді. Байғұс жігіт ат жалын құшып қала берді. Әміршінің одағай мінезінен ызғар таныған, сес көрген былайғы жұрт қумады, тізгіндерін тартып тосылып қалды.

Әмірші сол жосытқаннан жосытып отырып бабаларының баяғыдан бас қойған Қараспан тауына кетті. Қараспан тауы сайыс өтіп жатқан Көсегенің көк жонынан кеп түстікте, көк теңіздей толқып білеуленген бұйра адырдың ортасында маңғаз тұрған еді. Қашықтан қараған көзге кеменің діңгегі секілді, бірде алыстап, бірде жақындап бұлдырап жататын. Иланшы Қадырхан ағызған күйі сол таудың басына бір-ақ шықты, тізгінді сосын тартты. Соңынан салып қалмай келе жатқан нөкер жігіт Мақсұт пен Хисамеддин тауға маңдай тіреп келіп аттан түсті, бұлар жаяулап көтерілді. Бүйірін бетеге мен бидайық басқан діңгек қыратқа шығамын дегенше Хисамеддин ентігіп қалды. Ақыры биікке аяқ салған. Анадай жерде бетін күншығысқа беріп Иланшы Қадырхан тұр екен, түрі аса сұсты. Ақын денесі дір ете түсті. Бұл қарсы алдыңда тұрған алып денелі адам алғаш рет Күмбез Сарайда көрген кісісіне мүлде ұқсамады, бөтен боп көрінді. Шекесіндегі буылтық байқалмады, оның орнынан көлденең тартылған терең әжімдер басыпты. Қастары қанат құсап серпіліп кеткен, ортасында, сол қастардың түйісер жерінде қос қатпар тік түсіп тұр. Жанары тереңге шөккен. Қарашығы аумақтанып, төменгі жағы ақ жолақпен қоршалған. Көзінің асты қалталана бастаған, бұл көп ойдан болады. Сосынғы жақ сүйегі білініп, еттері сола түскендей. Жағын жауып барып иек тұсынан шоқшаланып біткен сақалы тіп-тік, қозғалыссыз қалыпты. Қияқ ұзынша мұрты ерсілеу едірейеді. Астыңғы ерні сәл шығыңқы. Ортасы дөң қоңқақ мұрны бүгіле қалған. Осы сұспен, осы қараспен әмірші көп тұрып қалар ма еді.

Хисамеддин келіп халқының күтіп тұрғаның, батырларының тосылып отырғаның мағлұмдады.

Батыр Сайыстың өтіп жатқаныңа бүгін бесінші күн, жиналған жұрттың етегі ыдырай бастады. Ел-елге, туған жеріне кері аттанып жатқан жұрттың сыңайы екі түрлі; бірі бәйгеге қосып сайысқа салған батыры жүлде алған топ; даңғыра қағып, асатаяқ ойнап, жігіттерінің көрсеткен қимылын аңыз қып айтып даурығысады: екінші тобы жүн болып түтіліп, жеңілген, рухы түскен елдің сыңайы. Бұлардың түрі жаман, қатын бастаған көштей тізбектеліп, тым-тырыс жылжиды, ат тұяғын аңдиды. Тұс-тұсқа қаптай өріп кетіп жатқан жұрт әлгіде ғана осы даланың даңғазасы, ән-жыры секілді еді. Төсін түтіп дүбірлетуші еді. Енді күйі тартылып жүкаяқ астына тасталған кәрі қобыздай жадау жатыр. Әр жері алағаттанып, көп үй көшкен жері ақ қайызғақ күйге түсіп қалған. Осы суретті айқындай, анықтай түскісі келді ме, түстен кейін түстіктен ауыр-ауыр бұлттар шықты. Көсегенің көксеңгір ашық аспаның басып келеді, кілең нар түйедей шудасы жалбыраған жабайы бұлттар. Бұрқырап шығады да қорғасын салмағын кең жайып, дала төсін сығымдай түседі. Қырат-қыратты қуалай өскен ақ шилер шуылдап шайқалады, бейне белі бұралып қырға шыққан келіншек сықылды; көңілдесін күтіп тұрғанда қарсы алдынан қарайып қатыгез күйеуі шыға келгендей, бұраң бел шилер шуылдап берді. Ат тізесінен келетін бітік жусан қара жерге бүк түсіп, бұғыныса қалған. Жаңбыр исі аңқылдап есті. Биік қыратта әмірші ордасы әлі тұр. Маңында тізіліп қонған ақ шағыл үйлер бірінен соң бірі жығылып, түйеге артылып көшіп жатса да ордадан қимыл, қозғалыс білінбейді. Әр кезде түндігі желп ете түсіп, көз ұшына дейін бұлдырап барып қалған көш тізбегімен қоштасқандай, көңілге бір медеу түйсік қосатындай Орданың қарсы алдыңда, жайпақ еңістегі ұзын кермеде қаптаған аттар, тұқымы да, түрі де әрқилы. Үстерінде қалмақ ері, қыпшақ ері, арқаның ақ қайыңнан қиюлап істеген қаз мойын ері, төменгі үстірт елінің жидеден бітеу шапқан қазан құйрық ері, әр жердің салтына сай соғылған сауыт-саймандар ілінген. Жалпуыштары да әлем-жәлем, тоқым қапталына зерлеп ру тамғасы салынған. Келе жатқан нөсер екпінінен ыққан аттар бір-біріне тығыла түседі, жал-құйрықтары ысылдап ауық-ауық ышқына кісінеседі.

Түстіктен бұлт селі бұрқырап жөңкіле берді.

Ордада алқа қотан отырған жұрт әлі қимыл танытар емес, баршасы ұйыған ой үстінде; тыстағы дүрбелең аттаныс, көшкін, дүлей дауыл бұларға қатыссыз, бөгде дүние секілді. Иланшы Қадырхан Батыр Сайыста озып шығып, жүлде алған, батыр атанған жігіттерге, қыздарға, сосынғы батагөй төрешілерге қонақасы беріп отырған. Әлгіде ғана ортаға тартқан астау-астау нарын ет лезде түгесілді, арда емген құлынның сүбесі, жабайы құланның көрпе жалы мен марқа қойдың ақ қардай құйрығы араласқан ақтамақ ас еді, жастар жағы құныға кіріскен. Қарияларға түйенің түз сіңбеген жас өркеші мен бағланның құмыраға салып пісірген құйқалы басы тартылған; тіске жұмсақ, жүрекке тимейтін дәмді астан соң шалдар мүлде құнықты. Қолдарына түйенің үлкен-үлкен тоқпақ жілігін алып, қызметшілерге шақтырып, ішіндегі майын ағаш зеренге лықыта сілкіп түсірген, сөйткен де үстіне тіл турап, қасықпен араластырып, қазақтың әйгілі ақшелек деген асын жасады. Сыйлас құрбыларына асата бастады. Ақшелек желініп біткен соң, мипалау үлестірілді. Қонақасының кең дастарқаны жиылды. Жұрт ішектерінің шұрылын тыңдап, тіс шұқысып, есіней тамсанып мүлгісе қалған. Оң етекте отырған Оғыл Барыс босаға жаққа бұрылып, табалдырық сыртыңда жүрелей жайғасқан қызметші жігітке ым жасады. Сол-ақ екен, ішке манағы ұры тазыдай жылмаң қаққан екі-үш жігіт қайта жосқындай кірді. Аяқтарының ұшымен басып жүріп жаңа дастарқан жайды, үстіне мейіз, құрма, өрік, туралған қауынқақ шашты. Әзірге ешкім қол салып ұмтылмады, әдеп сақтап, төрдегі әміршіні аңыстады. Сырттан екі жігіт сирақтары майысып үлкен тай сабаны қолдасып көтеріп келді, босағаға түсірді, қос құлағынан көтеріп керегенің басына іліп қойды. Жігіттің бірі сабаның ішіне піспегін салып гүмпілдетіп толғауға кірісті, келесісі білегін түріп жіберіп местің кіндік бауын шешті. Ағаш зерендерге көпіртіп құя бастады. Зерендер қолдан-қолға өтіп төрге қарай жылжыды; иісі танауды кернеді, кәдімгі ішіне білем шикі құйрық салып жұмсартқан, күшала қосып ашытқан, дәмі қышқыл, тілге үгітілме, зеңгітпе қымыз. Ішке барған бойда бірден қан тамырды қуалап басқа шапты, балқыта бастады. Әмірші қолындағы зеренді баппен шайқап құныға жұтты, денесіне түгел дарытты. Жанары жартылай жұмулы, ой үстінде отырған сыңай танытса да көңілі алакүлік еді, көз құртын жеп бара жатқан пәле бар. Онысы Оғыл Барыстан сәл төменірек жайғасқан қыпша бел сұлу қыз еді. Баршын қыз сол.

Батыр Сайыста еркектерден кем қалыспай сайысқа түскен, арқан тастаудан алдыңа жан салмаған. Жырынды шығып жүлде алған. Мана Иланшы Қадырхан жұрттың жер күңіренткен дуылына құлағын сарсытып тұрып, осы қызға шапан сыйлаған. Астына ат мінгізген. Сонда қыл қобыздың сағасындай жіңішке беліне, сәмбі талдай төгілген бұрымына, кұшаққа толмайтын жұмыртқадай жұмыр жауырыныңа, бұлтылдап айналған мықыныңа қатты қызыққан еді. Сыр білдірмей тәкаппар күйде қалған. Салқынқанды қалып танытқан. Жібек шапанды қос қолымен кең ашып сырт айнала берген қызға жапқан, жапқан да кұшақтардай болып қымтаған. Сосын қос бұрымды жыланша қысып ұстап шапанның ішкі өңірінен суырып арқасына сұлата салған. Тастай салған жоқ-ау... қысқан күйі сәл кідірген еді... сезімтал дене сезбеді деймісің. Әміршінің ауыр қолынан үріккендей жаутандап тұр еді, көрмесе, қапысыз ұққан, қалт жібермей андаған. Бұратыла иіліп тағзым етіп, атына мініп кеткен. Иланшы Қадырхан қазір де сынаптай сырғыма қымызға түйілгендей болып баяғы ыстық ықыласпен сол тұсқа бірер қиыстап еді, қыз жүзіне лап етіп тепкен қанды көрді. Былайғылар қымыздың уытына жорыған. Бұл бойын тартып ала қойды. Оң етекте отырған Оғыл Барыс тамағын кенеп дыбыс берді, әміршіден сөз күткен сыңай танытты. Иланшы Қадырхан жаңа аңғарды, босағадағы түрегеліп тұрған тай саба енді шынтақтап жатыр. Зерендегі қымызды сарқа ішіп, күтуші жігіттің қолына ырғытып жіберді. Алдыңдағы бырдай шашылып жатқан мейіздердің бірін алып тісіне басты, тамсанып сәл кідірді.

— Жұртым, керегең кең, уығың биік, шаңырағың берік екендігіңді тағы таныттың! Бек осылай болсын, осы марапатыңнан жатың жасқансын, жауың сырт айналсын! Сайыс салған он екі түрлі сын майданнан сүрінбей өттіңдер, топ жарып жүлде алдыңдар, шапан-шапқытымыз, тарту-таралғымыз жатқа кеткен жоқ, босағанда қалды! Әуелі тәңірі, сосын аруақ разы! Бабамыздың аты өліп, рухы ұмытылмасын десек осы атойдан танбайықшы! Көсегеде түйіскен төсті көр ғана ажыратсыншы!

— Бек айтылған бәтуа!

— Құлаққа енетін сөз!

— Егелі сөзге есті тұрар!

Дескен дақпырт орданы бірауық күңірентіп тұрды. Үйдің түндігі желпілдеді, көкті қақыратқан нөсер даусы құлақ жарды. Қымыз құйылған зерендер көпшілікті келесі мәрте жағалап кетті. Баршын қыз үндеген , сыпайы сызылып, қиыс қарап отыра берді. Әмірші қайыра дат алды.

— Оғыл Барыстың Көсегенің көк жоныңдай кең қаны жиылмасын, ағайынға деген ашық көңілін кірбің тұтпасын. Екі дүниеде де айтулы азамат болсын! Көсегесі көгерсін, мерейі өссін деп қол жайып бата берелік, жұртым! Ауми-е-е-ен!

Дескен жұрт батасы орданы тағы тітіретті, шалдардың көзіне жас үйірілді, жастар жағы қозғалақтап төмен қарасты; «жақсы сөз - жарым ырыс», жақсының жақсылығын айт, мерейі тасысын деген осындайдан шыққан да. Ата қазақ сөз қадірлеп өтті емес пе. Сөздің құның қазақтан артық кім түсінер.

Әмірші қайыра дат алды.

— Жұртым, Оғыл Барыстың шабарманы осыдан біраз күн бұрын айдалада қаңғырып жүрген иесіз тұлпар көріпті. Әлгі жануар ерттеулі екен. Сайысқа келгелі ру басыларынан сұрастырып шықтым; батыры опат болып, тұлпары иесіз кеткен ешкім болмады. Ғажабы, әлгі тұлпардың ерінің басына қос дабыл ілініпті. Шабарман қуып ұстай алмапты.

— Жау келгенде ұратын қос дабыл десеңізші!

— Соғыс тілеп жүрген пәлекет те!

— Балалардың ойынындағы. Ойына не келсе соны істейтін жынды кеш көп бүгінде.

— Тұлпарды ұстап істің анығына жеткен жөн.

— Оған кімнің батылы барып, жүрегі дауалар.

— Арандап қалмайық!

— Аса епті арқан тастай білетін адам болмаса ұстай алмайсың.

Даурыққан көпшілікті әміршінің биік дауысы бөлді. Орданы тыныштық жайлады, жұрт төрге қарады.

— Осы іске Ошақбай мен Баршынды жұмсағалы отырмын. Бірі асқан найзагер, бірі арқан тастаудың машығы. Сол тұлпарды не өлі, не тірі күйінде қолға түсірсін, тамғасын айырсын, Отырарға жеткізсін. Өзге ағайын оқиға анықталғанша бұл жайтты дабыра қылмай құпия ұстаңдар. Ел іші сезбесін.

Осы бәтуаға құп десіп тоқайласқан жұрт оң етектегі Оғыл Барыстан аттануға пұрсат сұрады, «көбейелік» десті, «кел демек бар, кет демек жоқ» десті, соңғы мәрте бата жасап дастарқан қайырды. Дүрк көтеріліп, әміршінің соңынан ілесті, сыртқа ағытылды. Қызметші жігіттер кебіс қойып, қамшы ұсынып, шапан жауып жанталаса кызмет көрсетті.

Бұл шақта дал ада дауыл тұрған. Төмендегі ұзын кермеде тізгінделген жылқылар ышқына кісінеп атшабарларға бой бермей жатыр. Жұлқына жер тарпиды. Тықыршып шыр көбелек айналады. Манағы бей-жай болып манаурап жатқан даланың түтесі шыққан төсінен соңғы үйлер жығылып, ақырғы көштер ұзай бастаған. Енді хан ордасының қызметшілері әлгіде бұлар шыққан ақ үйді жығуға кірісті. Тапырлап үзік, түңлік, басқұрды сыпырып жатыр. Батырлар бірінен соң бірі Иланшы Қадырханның алдыңа келіп, иіліп тағзым етіп, хайыр-хош айтысты. Көріскенше салауат сұрады. Аттанып жөнеліп жатты.

Биік төбенің басында Иланшы Қадырхан, Ошақбай, Баршын, атқосшы Мақсұт, аз ғана шоғыр болып қарауытып қала берді. Әмірші алып құшағын жайды. Жас батыр келіп қаусыра қысып төс қағыстырды. Қызбен бөлекше қоштасты, бауырына тартып бетінен сүйді. Ақырғы сөзін айтып екеуін де жоқ іздеуге аттандырып жіберді. Осы мезет бармақтай ірі тамшы бетіне тамды, көзінен ытқып жас шықты, қырат үстінде жалғыз ескен алып ағаштай шайқатылып тұрып қалды. Алыс қиыр қылғытып жұтып жатқан батырларын, бауырларын қимады. Олар осы даланың асау күлкісі, ұзақ әңгімесі, дүрбелең дүбірі, қуаныш-қайғысы екен ғой, солардан айрылған соң көңіл де көшкен жұрттай құлазиды екен, жалғызсырайды екен. Бұтағынан, жапырағынан айырылған ағаштай болды. Әлгіде ғана шуласып маңайын бөріктірген, сылқым, еркін қылықтарымен мезі еткен. Көн кітапта айтқандай, «қатар өскен кісілердің айрылысқаны — өлгені» деген осы да. Құлазыңқы мекиенді, сап-сап басылған көңілді кім толтырар. Осы Иланшы Қадырхан бала кезінде жұртта қалған. Жортуыл десе дүниені ұмытқан әкесі де, көші-қон десе ішкен асын жерге қойған шешесі де байқамапты. Жігіт көрсе жыртыңдай қалатын күтуші қыздарға сенеді. Қыздар жігіттермен көңіл көтереміз деп көштен жырақ кетеді де, баланы керең кемпірге тапсырады. Кеш созылып тарта берген. Қоналқада бағдарлап қараса бала жоқ, керең кемпір шүйкесін құшақтап қом ішінде ұйықтап жатыр, күтуші қыздар аттарын қан сорпа қылып кешке бір-ақ жиылады, баланы енді есіне алады, ал шап. Содан екінші тәулікте әкесі барып, баяғы жұртта жуа теріп жеп, жабайы бола бастаған бес жасар баланы тауып алады. Уатып ауылға алып келеді... Сол оқиға Иланшы Қадырханның зердесіне терең сіңіп ұмытылмай қалған. Мінезіне дөрекілік, қаталдық қосқан. Тап қазір жұрттан жырақ қалып, салт бойынша елдің ең соңынан аттанар мезетті күтіп тұрып сол мәуіртті есіне алды.

Иланшы Қадырханды жалғыздық қорқытқан.

СЕГІЗІНШІ САРЫН

Жоқ қараған Ошақбай мен Баршын алғашқы түнді Атырабаттың көз сүрінері кем тақтайдай жазығында өткізген. Төсінен жабайы нөсер еткен ұшы-қиырсыз кеңістік ешқандай із салдырмады, тақауда жортқан жылқы сорабы байқалмайды; Оғыл Барыстың шабарманы иесіз тұлпарды осы тұста көрген еді. Ақ саз ат жұлығына желімдей жабысып, жүрісті шабандата берді. Әрі-беріден соң бойлары бусанды, қайта тоңазыды, алысты шола-шола жанар жасаурады. Күн еңкейе қос жоқшы тізгін тартып қоналқы жер іздеген. Көп шиырлап жүріп басына шоқ жыңғыл өскен төбешік тапты. Төбешік деп көңілге тұтқаны болмаса бұдырсыз кеңістіктен айырмасы шамалы, айнала көз тоқтатып, көңіл бөлетін қыбыр білінбейді. Ақ сазға шыққан боз селеу теңізі ғана жыбыршиды. Бұлар ат байлаған жыңғыл басын беймәлім мақұлық қырып жеп кетіпті.

Ошақбай әуелі өз атына, сосын Баршынның мінісіне шылбырдан шідер салды. Ерін алып басқа жастайтын етті, тоқымдарды төсенішке жайды. Әріден селеу жұлып әкеліп аяқ жақты жұмсақтады. Өстіп жүріп Ошақбай тұла бойын әлдебір алау қыздырып бара жатқаның сезді. "Желкемді күн жылытты білем" деп, бұрылып қарап еді, жартысы ғана көкжиекте қалыпты, қыздыра аларлық қауқары жоқ. Қыз анадай жерде із кесіп жүрген. "Жыңғылдың басын жеген жабайы құлан екен" — деді. Ошақбайдың денесі тағы қызынды. Ат дорбаны алдыңа алып аузын ашты. Қыз келіп орамалын жайды, жүрелеп қана жайғасқан, дорбадан піскен ет, жал, жая алып кездігімен қиғаштап турай бастады. Турап болған соң кездігін көк шөпке сүртіп қыныңа салды, белбеуіне қыстырды. "Әкемнің көзі еді", деді Ошақбай. "Дәм алайық", деді. Қыздың атын атағысы келді. Денесін тағы алау аралады. Батар күннің ақырғы албырт жалқыныңа қарап қырын отырған қыз жүзі алабұртып көрінді, балқып бара жатқан алтын тайтұяқты елестетті. Ошақбайдың бойын тағы әлгі құйын кезді. Екеуіне де ас батпады.

Жігітке тамақ жегізбеген әлгі беймәлім дерт еді, Баршынға ас батырмаған қорқыныш болды. Мидай меңіреу жазықта жауынгер жігітпен жол жүріп, жеке қалып көргені осы. Енді амалсыз айдалада түнегелі отыр. Дүбәра ойдан қыздың тамағына тас кептелгендей сезілді, тынысы тарылды, жылағысы келді. Жайылып кеткен тұлпарына жетіп барып, шідерін шешіп, ырғып мініп қашқысы келді. Қиқу салып мылқау кеңістікті оятпақшы болды. Бірақ тілсіз үрей жігерін тұсай берді.

Ай туа бұлар алаңсыз жатып ұйықтамақшы еді.

Алаңсызы құрысын, жігіт пәруана күйге тап болды, қызға тақала түсіп, сыбырлап атын атады. Қыз қалтырап үндемеген. Сұлудың ыстық демі діңкесін кұртып аласұртты. Әр кез көзін ашып алады. Аунап түсіп, қасындағы қызға асық көңілдің, ықыласын айтуға тағы батпайды. Қол салу ұят секілді. Баршын қалш-қалш етті, манағы жансыз дала енді қилы жәндікке толып кеткендей, ию-қию дүние басталды. Жылаған, сыңсыған, ысқырған, ұлыған дыбыс көбейді.

Жеті қарақшы жұлдызына көз тіккен.

Ошақбайдың есіне осы жұлдыз шоғыры туралы әкесінің айтқан ескі бір әңгімесі түсті. Бұл шоғыр адамның жұлдызға айналған жаны, солардың рухы-мыс. Түстікке таман бір-біріне жақын тұрған қос жұлдыз қыз алып қашқан күйеу жігіт пен күйеу жолдас екен. Алдағы оқшау шығандап бара жатқаны күйеу жолдас көрінеді. Ал жаныңда кішкентай серік жұлдызы бар келесі жұлдыз қызбен күйеу жігіт екен. Соңдарынан ұбақ-шұбақ салған бес бадана жұлдыз әлгі пақырларды қуған қарақшылар-мыс. Олардың ойы күйеу жігітті өлтіріп, қалыңдықты олжалап қалмақшы. Нешеме замандар бойы осылай қуысып келеді. Қарақшы жұлдыздың алдыңғысы қалындық пен күйеу жігітке қуып жетті дегенше дүниеде ақырзаман болады. Бұл жұлдыз санаған көрегендердің болжап білгені.

Осы әңгімені Ошақбай қасындағы қызға айтып берген.

Қыз үнсіз қалған еді, жігіт басын көтерді, сұлудың жүзіне үңілді. Екі көзі жасқа толып жеті қарақшы жұлдызына қадалып қалыпты. Жанары жерде жатқан қос жұлдыз секілді! Ай сәулесіне шағылысып жылт-жылт етеді.

— Біз кәртейгенше қуып жетпесе екен, — деді дірілдеген үнмен.

— Бізге ұқсап ат шалдырып кідіріп қалмаса жеткізбес-ау, - деді Ошақбай.

— Аттары шалдықпайтын шығар, — деді Баршын.

— Кім білген соны,— деді Ошақбай.

Қыздың баладай сенгіштігіне, сезімталдығына қайран қалды. Сыр пернесін тап басқандай болды. Денесін буған дерт дегенің істетті, төніп кеп қыздың үлбіреген бетінен сүйді. От болып алаулап жатыр екен, ернің күйдіріп алғандай болды. Қысылудан ба, асықтықтан ба, дәнеме айта алмады. Өз денесі тигенде сезді, қыз дір етіп ширай қалғаны. Әрі шегінді. Шап беріп ұстап қалмаса мүлде қатайып алып, бой бермей, қармауынан шығып кететінің білді. Білді де кеудесімен езе құшақтады, келесі бетінен сүйді. Ерні тотияйын тигендей дуылдады.

— Жау емессің ғой, батыр!

— Асықпын өзіңе!

— Жар төсегіне деген абыройымды сақтасаңшы!

— Маған дүрия даладан артық жар төсегі жоқ!

— Жіберші!

— Жарымсың!

Ошақбай қапсыра қысқан, қыз күллі күшін жинап бұлқынды кеп, торға түскен Інжу сазаныңдай болды. Жігіт ернің шоққа басқандай боп қызды ерніңен айыра сүйді. Асық сөзін айтты. Жылап жалынғаныңа да, тулап бұлқынғаныңа да ырық бермеді. Дүлей күшпен етегін түрді. Табиғат-құдірет пәктік пен күнәһарлық арасына белгідей қып тұтқан қыз пердесі дәке боп ыдырады. Пәк екенің сонда сезді. Денесі қорғасындай ауырлап, күнделікті күлген, ызаланған, өкінген, опынған, қуанған, қызғанған, қарғаған, ашынған, сағынған, ұрысқан пенделік қалпынан арылып табиғаттай тыныш, бей-жай, марғау, әсем, аңқылдақ, албырт күйге түсті; жай адамнан қуатты құдіретке айналды. Ентігін басып көтеріле берген. Қыз жүзіне зер сала қарады. Тоқпақтай бұрымын тістеп алыпты, ішінен өксіп жатыр ма, әлсін-әлі кеудесі бүлк-бүлк етеді.

Дыбысы шығып кетпес үшін әдейі бұрымын тістегені екен. Батыр қызды жақсы көріп кетті.

Жас батыр майдан даласын жеңіспен тастап шыққан еді.

Баршынның көзіне тұңғиық зеңгірдегі жеті қарақшы жұлдызы құдды аттылы кісі құсап жылжып, шоқытып жөнелгендей көрінген. Әлгіде Ошақбай әңгімелеген күйеу жігіт пен қалыңдыққа қуғыншы қарақшылар жақындап қалғандай сезілді. Садақ тарта бастады білем, төменіректегі жұлдыз сорғып ағып түсті. Тағы бір ат бауырын жазса-ақ жететін секілді. Әлгі қос ғашық соңдарынан салған сүркілді ұмытып, ат шалдырып дамылдауға кірісті ме, әлде ұйықтады ма, орындарынан жылжитын емес. Қыз денесі тоңазығандай тағы қалш-қалш етті. Шашылып жатқан киімін жинады. Әлдебір асыл затын шөп арасына түсіріп алып, сипалап іздеген жоқшыдай көңілі құлазып, жаның қарманды. Жүрегі айнығандай болды. Жанарының сағасынан қос салқын тамшы құлдап кеп құлағына ұялады. Денесінің қызуы қайта бастады.

Барлық арманы, барша тәтті үміті кеудеде қыжылдап жүріп-жүріп бір күндері осылай жым-жылас болардай, жоғалардай сезілді.

Бала кезінде булардың үйі Қараспан тауының етегін жайлайтын. Жылқышы әкесінің жалғызы еді. Шешесі ерте қайтқан. Ерке өскен шола қыз көкесінің құлағын сарсылтып жүріп Отырардың Қан Базарынан алтын тана алдырды. Жеңсізінің кеудесіне жарқыратып тағып алған. Өгей шешесі қаскөй еді, "етегін жаба алмай жүрген қарға алтын әшекей неге керек", деп жер-жебіріне жете кейіді, құлағын жұлды, ақыры жеңсізінен үзіп алып әбдіреге салып тастаған. Әкесі ғой құйымшағы ойылып жоқ қараумен жүреді. Баршынның есіл-дерті алтын әшекейде. Өгей шешесінің көзін ала бере тананы шарқ ұрып іздейді, ақыры тауып алады; қуаныштан жүрегі жарылардай болып, құрбысына көрсетуге жүгіреді. Өңіріне асығыс іле салады. Үй алдыңда қайнап шығып жатқан бұлақ болатын. Секіріп өте бергенде төсіндегі алтын әшекей үзіліп суға түседі де кетеді. Суатты кешіп әрі іздейді, бері іздейді, таба алмайды. Тас жарығына сіңіп кетті ме, ағып кетті ме, онысын білмеді. Көресіні өгей шешеден көрген сонда. Бұрымынан тартты ма-ау, "жалмауыз қар", деді ме-ау, "жер жұтсын" деді ме-ау, әйтеуір жер-жебіріне жетіп жазалаған. Жортуылдан жүн жеп, жабағы саңғып келген момын әкені жаман мүжіген, қызының сыртынан сөзбен шоқытқан. Не болса соған можып күйінген әкесі: (әлі құлағында қалыпты) "әй, қыз болып көгермессің!" деген, сөйтіп, жүрегіне жазылмас жара салған.

Әлгі сөзден соң Баршын жылтырақтан жеріп, еркекшора болып кеткен. Әкесімен ілесіп жылқыға шыққан. Атқа мініп, ер киімін киіп, өзгере бастаған. Сол оқиғадан соң әлгі үй алдыңдағы су "алтын суат" аталды. Бүгінде де солай деседі. Осыны ойлап жатқан Баршынға өз алтын суаты да суалғандай сезілді.

Жігіт қайта айналып келіп қасына жантайды, құшағына қысты. Елік лағындай үркек денені демімен жылытты, бойын үйретті, асық көңілдің лебізін айтты. — Жарымсың! — деді үздігіп. Таң бозы селбелеп қана білінген.

Аттар шоқақтап ұзап кетіпті. Маңайдың боз өлеңін жеп бітірген. Ошақбай барып, шідерін шешіп, қос тұлпарды жетелеп алып қайтты.

Ерттеуге кірісті, Баршын қыз батырдың қолына бір-бірлеп тоқым, ер жарақтарын әперіп тұрды. Екеуінің де көңілі өрекпулі, асқа зауқы соқпады. Аттар ерттеліп болды. Өздері сырт киімдерін киіне бастаған. Баршын қыз жыңғыл тасасына кетті, бірақ сирек, сидаң бұталар жарытып тасалай алмады, қыздың қимыл-қалпы түгел көрініп тұрды. Ол әуелі қос етек жібек көйлегін беліне түріп байлады, сосын жырық балақ шалбарын киді, шалбар өзіне шақтап тігілген екен, тал шыбықтай мықыныңа лықып қаптала қалды. Енді әлгі көйлегінің етегін қайта түсіріп, шалбарының ішіне салды, белбеуімен қынай белін буды. Кеудесіне жеңсіз желеңін киді. Басында құндыз бөркі, мойныңа қорамсағын асынып, қолына садағын ұстап қалқадан шыға келгенде жігіт жүзін жалын шарпығандай болды. Күн де арғы жағынан қалшиып көрінген. Баршын сұлулығын барша бояуымен қанық ашып көрсетті. Ақшыл маңдайы бөрік астыңда батып бара жатқан толық ай тәрізді, ақындар күміспен күптеген балдақ сабына теңеуші еді, дәл сол ақша маңдай осы. Қасы қалың, қара, ортасы қосылып кеткен. Жанарының аумағы кең ағы аз да қарашығы үлкен. Мұрыны қырлы, тәкаппарлық танытып тік түскен. Бетінің бояуы бозғыл, үш күн бұрын Батыр Сайыста қызарған алмадай еді, бүгін мүлде қаны қашып кетіпті. Үстіңгі ерні көрінбейді, жымқырып алған-ау, астыңғы еріні жұп-жұқа екен, анық байқады, қаны шыға шыт-шыт жарылып кетіпті. Әсем еріннің қалайша шытынап жарылғаныңа жас батыр түсіне алмады. Иегі сұңғыла сүйір, ойып келтірген қобыз құлағындай, сол иегінің үстінде ноқаттай қоңыр меңі тұр. Бұғағы білінбейді, иық бітімінен сезді; мойны сұңғақ, төсіндегі тіреген қос әңгелекті жеңсіз желек тырсылдата таңып, көзден жасырып әкеткен.

— Жаңа танығандай болып тұрғаның, батыр! - деді қасына тақаған қаса сұлу. Сыңқ етіп күлді. Ат тізгінің ұстады садағы мен қорамсағын ер басына ілді. Ошақбай қыздың қолтығынан демеп атқа қондырды. Өзі де тұлпарға мінді, әлгіде жасаған жеңіл наз бен әзіл, қимыл-қалпы жігітті балқытып мәңгірте берді! Осыны сезді білем, Баршын айтты:

— Батыр, бүгін жоқ қарағалы екінші күн өтті, ештеме ұшырата алар емеспіз. Көз талды, көңіл торықты. Ара жазып, айырылысып іздеп көрелік. Күн бата Шудың Кәрікен деп аталатын тұзды сағасынан табылайық.

Жанары жаутаңдап, «не деп қалар екен» дегендей үркектей тосылып тұр.

— Адасып кетер, не жалғыз жүруге қорқар деп ойлаған едім. Менің де демегім осы. Ара жазып қарасақ көз қиыры кеңейеді, жоқ ұшырасып қалуы жазым емес.

— Ендеше келістік!

— Құба-құп.

Бөктеріне ілген азық дорбасы бар еді, шешіп алды. Баршынға ұсынды, қыз әуелде алғысы келмеген, қыстап көндірді. Ерінің қасына байлап берді.

— Ер азығы жолда деген, қарным ашса құс атып жермін. Қапы қалып адасып кетіп жүрме. Қоналқыға қас қараймай жет!

Кәдімгі қосағындай бұйыра сөйледі, бұған Баршын шамданған жоқ, жалт етіп қарады да қойды. Ошақбай соңғы сөзін соншалық ыстық ықыласпен, жаныңа жақын тарта айтқан. Атын тебініп келіп, сұлуды қапсыра қысып бетінен сүймек болды. Қоштасар мезеттегі қимастығын жеткізбекші еді. Қыз бұлт етіп қармауынан шығып кетті. Ат басын түстік бетке бұрып алып ытырыла жөнелді. Лезде-ақ қашықтап, сол құйғытқан күйі ноқатқа айналып, ақырында айтақырдың кенересіне жетіп көзден ғайып болды.

Ошақбай тізгінің терістікке бұрған, көп ұзамай көңілі жаман құлазыды. Жаның беймәлім уайым жеді, жалтақтап, қыз кеткен қиырға қарай берді. Асық жарымен енді қайтып кездесе алмастай қапалы күйге түсті. Бұрын тап бұлай көкірегі сыздамаушы еді.

Күн құланиектеніп қалған.

Айнала мидай жазық, асық ойнаса болатыңдай айтақыр, жып-жылмағай жады жер еді. Әредік жетім жыңғыл ұшырайды. Оның өзі сусыз шөлден, құс саңғырығынан, жыл бойғы ұлыған желден қажыған, ағарып кеткен. Aт cay желіспен келеді. Бір мезет батырдың көзіне алыстан дуадақ ұшқандай әлдене қалбаңдап шалынды. Тұлпар тізгінің барынша босатты, жүзін ыстық керімсал ұрды. Әлгі қалбаңдаған неме бұта түбіне бұқты ма, әлде, сол жыңғылдың өзі ме, зым ғайып жоғалды. Із кесе шоқытты. Жүрегі дір ете қалды, дәл табан астыңда ат ізі жосылып жатыр, жалғыз емес, алты қаралы. Қатар жүрмеген, тізіліп, бірінің ізін бірі баса шауып өткен. Айналасын сезіктене шолды, көңіліне қауіп ұялады. Әдетте саяқ жылқылар қабаттаса жарыса жосиды, тап мынадай, үйездеген қой құсап боспаушы еді. Сол сүрлеумен күн тас төбеге шаншылғанша шоқытты, еш қара көрінер болмады.

Сол сүрлеумен күн екінді шаққа еңкейгенше бүлкектеген.

Алыстан көкжиекте шұбатылып Шу өзенінің сағасы көрінді.

Көгілдір түсті жібек жіптей шиыршықталып сырғи ағып жатқан жойқын арна байқалмады, әлгіде алыстан ғана солай көрінген, енді жағадағы қалың жыныс көзге көрсетпей жіберді. Қарсы алдынан перде тұтқандай сезілген. Тізгін тарта жүрді, үзеңгіге аяғын тіреп ер үстінде түрегеліп тұрды да оң мен солға алаңдай қарады. Балдыр көкжиекті көзі талғанша ұзақ шолды.

Кәрікен деп аталатын тұзды алқапты еңістей берген. Ғасырлар бойы сумен ілесіп келген қара тікен сор жинала-жинала, сүзіле-сүзіле жалтыраған көк сеңгірге айналған. Үсті түз, асты салқын сазды алап. Кәрікенді жағалап ат басын күннің шығысына бұрған. Алыстан жалғыз қара шалынды. Жаны жылып жүре берді, жазбай таныды, анық сол!

Кәрікен бағзы заманнан бері тұзы шығып шытынап қатқан қара ұйық батпақ-ты. Мұнда дімкәсі бар жұрт керуен тартып келіп, қос тігіп дамылдайтын. От орныңдай етіп тұзды ойып, соның балшығына белшеден батып, кеңге түседі. Дертіне қарай біреу ұзақ, біреу аз жатады. Тек ұйықта балбырап, балқып, ұйықтап кетпегені жөн. Бұл кеннің серті. Балшықтан шығып болған соң кеспекке құйып ала келген таза суға жуынады. Жылы киінеді. Қосқа кіріп жас сорпа жасап ішеді. Сол кезде тұла бойдың терлемеген, ұйып, балқымаған жері қалмайды, манағы түз уыты шымырлап тамырларды қуады, жүйкені ширатады, буын-буындағы ұялаған сарсуды қуады; дерттен құлан таза айықтырады. Қазір мезгіл көктем. Кенге түсіп емделетіндер күн әбден қызып, шілденің керімсалы соққан кезде жөңкіліп жетеді. Ылдиға түсе берген Ошақбай ойын қарсы алдыңдағы шоқ қараған бөлді, қараған емес-ау, соның қасындағы шеңгел алаңдатқан, әдетте шеңгел мен қараған қосылып өспейтін. Өстіп келе жатып шеңгел арасынан шолтаң ете қалған жылқы құйрығын көрді. Көз алды буланып, бұлдырап жүре берді, жаманшылықты сезді.

«Дабыл ілген иесіз тұлпар сол», деп ойлады. Сосын шоқыта жөнелді, құлдилатып келеді. Ат мойныңа лықсыған ерін де, аяқ астыңда қалып жатқан қазан шұңқыр оқпан кендерге де көңіл бөлмеді. Әлгі жылқыға тезірек жеткісі бар, иесіз мұндарды ұстағысы бар.

Желке тұстан күн қызарып бата бастаған еді, соңғы шапағы шеңгел арасында мөлиіп тұрған әлгі аттың ер-түрманыңа шағылысты, енді байқады, ер үстінде ешқандай дабыл көрінбейді. «Бауы үзіліп түсіп қалған шығар», деп жорыды. Иінің алға салып жіберіп сорғыды. Әлгі ат дүбірден шошып секем алатын емес, көңіліне дік алды, "байлаулы болмағай", деп қаупайлады. Қызыл шапақтың астымен жақындап-ақ қалған. Әлгі атқа құрық бойы тақаған, тақаған да үңілген. Төбе құйқасы шымырлап, іші мүздап жүре берді.

Ат астынан арбаңдап әлдекім шығып келеді, ә десіп ес жиғанша болған жоқ, әлгі пәлекет ытқып жетіп тізгінінен шап бергені. Астыңдағы тұлпары шыңғыра шатқаяқтады, аспанға атылды. Ошақбай жалға жата қалып найзасына жармасқан. Әп-сәтте тақымынан суырып алып, қарманған қолды дәл нұқып өтті, тізгіні босап қоя берді.

Ойқастап шыға бергені сол еді, оң бүйірден зырқырап жеткен жебе тұлпарының бүйіріне шым батып жоғалды, жануар гүрс құлады. Ошақбайдың бір аяғы жығылған аттың астыңда қалды. Енді аңғарды, айналасы андыздаған аттылы, бесеу болар, жер астынан шыққандай қаумалап келеді. Жан дәрмен жұлқынып аяғын суырды, найзасының сабы босамады, шарт сынды. Осы мезет батырдың, мойныңа бұғалық түсті, қос қолдап жармасқаны сол еді, жұлқа тартып әкетті, жығылған жоқ. Әудем жерге дейін дедектеп жүгіріп барды. Ышқырында кішкене кездік жүретін, ендігі қаруы сол ғана.

Кездікті ойлағаны болмаса ала алмады, бұғалық тынысын тарылтып жіберді, көз алдыңда жасыл сағым ойнады. Әлгі адамдар ес жидырмай байлап-матап тастады. Бұғалықты босатты. Көтеріп ат артына отырғызды. Осы кезде көз ұшынан жалғыз қара болып құлдырап Баршын жеткен. Шырқырап жетті де, құнжыңдасып жатқан жау тобын шырқ айнала шапты. Қолдан келер көмегі жоқ, жылап жүр, аттан салып жүр. Қыз даусынан батырды сұрапыл қайрат кернеді, жанталаса жұлқынып білегін буған тұсау жіпті бырт-бырт үзді. Анталаған жанкештілерден атсыз, жарақсыз құтыла алмасын және білді. Енді кешіксе өзімен қоса Баршын қызды да мерт қылатын.

Ышқырынан көздігін суырып алды. Ер үстіне жайғаса берген жігіт қолының жарасымен алданып жатқан, андаусыз қалды. Артына жалт қарады да баж етті. Қылпыған көздік кеудесін қопарып өткен. Ат жалына сұлап түсті.

Ошақбай жігітті аударып тастап ер үстіне ырғып мінбекші еді. Әлгі өлексе жалға желімдей жабысып қозғалмады. Екінші мәрте қыл бұғалық мойныңа жыланша оратылды.

Сол мезетте бар даусымен Баршынға айқай салды.

— Өзің құтыл! Үш күнге дейін аман оралмасам опат болғаным, Ошақбайдың қабірі деп айтып жүруге мына бармағымды көміңдер!

Деді де сол қолының бармағын ер басына қойып кездігімен шауып алды да, қызға қарай лақтырып жіберді. Баршын қанды бармақты қағып алды. Осы мезетте опыр-топыр аттарына қонған қос жігіт қызға қарай құйғытты. Ұстап алмақ ниетпен атойлап соңына түсті. Анық қатерді Баршын енді сезді. Сыңсыған күйі тізгінің кілт бұрып безіп жөнелді. Кешкі қараңғылыққа тас болып батып жоғалды. Соңынан сүрендей қиқуласып қос қарақшы кетті.

Ошақбайдың жаныңда үш жау қалыпты; текемет басқандай ыңқылдасып ұмар-жұмар жәукемдеп батырды есеңгіретті, қайыра матады. Бұл жолы қыл шылбырмен байлады. Әлгідегі жалға сұлаған жігіт жан тәсілім етсе де тақымы қарысып, аттан сыпырылмады. Үзеңгіден борбайын әзер ажыратты, астына қамшы салып жүріп кері қайырды. Ерден сыпырып түсіргенше серіктерінің жан тері шықты. Көкпар шапқандай ентікті. Ошақбай өлген жігітті енді таныды, Батыр Сайыста күш сынасқан дәу қалмақ екен. Жүрегі тулап кеп аузына тығылғандай сезілді. Өзгесі қалмаққа ұқсамайды; ер-тұрманы, әбзелі, жарағы моғол жұртыныкі секілді. Басшысы болар, сырықтай ұзын, қара сүр жігіт алақаныңа түкірді.

— Менің бұғалығым болмағанда шетіңнен жайрап жататын едіңдер! Әлгі екі итте қыпшақтың қаншығына жете алмай тілін салақтатып әлі-ақ қайтып келер!

Алатаудың терістік пұшпағын, Жоңғар үстіне жайлаған ұйғыр елі батырларының сөзі осыған келетін. Бұлардың қыпшақ еместігіне енді көз жеткізді. Әлгі дөкір басшысы барқылдап боқтап жүр.

— Қыпшақ көрсеңдер бұттарыңа іш етіп қоясыңдар! Белінен жолбарыс ырғып өткен түйедей кирелеңдеп қаласыңдар!

Барқылдақтың айтып жүргені шындық, шегіп жатқан түйенің үстінен жолбарыс ырғып өтті дегенше әлгі түйеден қайран жоқ жолбарыстың пысы баса ма, әлде серті солай ма, аурудан тұрғандай халге түседі. Белін көтере алмай боздайды. Ақыр соңында мал болудан қалады. Мұндайда түйекештер түйені тезірек сойып алуға тырысады.

Дөкір жігіт келіп Ошақбайға қыл бұрау салды. Қыл арқанды қолынан, аяғынан күрмеп қоржындап байлады да, ортасына ағаш жүгіртіп бұрады дерсің. Қолы жұлынып бара жатқандай сыздап ауырды, шылбыр бұлшық етін кесті, көзінен еріксіз ытқып жас шықты. Санасы бұлдыр тартты. Сүйек-сүйегі қақсап шыбын жаны көзіне көрінді. Тістеніп дыбыс шығармады. Өстіп жас батырдың есі ауып, талып кеткенше азаптады...

Әлден уақытта басын көтерген.

Дөкір басшы ентігіп анадай жерде отыр екен. Жерге түкіреді, күңкілдейді. Құлағына ызыңдаған сөздері жетеді.

— Бауыршық-ака, тұтқынның алдыңа өзіңіз отырасыз ба?

— Ой, әкеңнің! Аяқ-қолы маталған тұтқыннан қорқып бұтыңа саңғып тұрсың ғой шамасы, отыр қане, өлмейсің!

Бауыршық акасы Ошақбайдың алдыңа сөмпитіп сарбазын отырғызды. Келесі сарбаз тағы ызындайды.

— Бауыршық-ака, мына өлікті қайтеміз?

— Ой, әкеңнің! Қу қалмақты сүйреп апарып кең шұқырға отырғыза сал, көрген кісі тұзға түсіп терлеп жатып өлген деп ойласын.

ТОҒЫЗЫНШЫ САРЫН

Құба белден кіреуке көзденіп күн көтерілді; өйткені ашық аспан жиегіне ақ өңез тұрған, астыңдағы боз дала сағым тарқата қойған жоқ; өйтетіні, осы алап, осы таң қу жауырын сүйегінің арғы жағынан қаралған. Жауырын ұстаған жауырыншы Жалаңаш әулие болатын. Ертемен екі бас сүндет, екі бас парыздан тұратын памдат намазын оқи сала, жалаңаш тәніңе түйе жүннен тоқылған шекпенің киіп, осылай өрлеген. Күншығыстан күнбатысқа қарай сұлап жатқан, Қоңыраттардың бас қойып, орда тіккен Жетітөбе деп аталатын қарауыл биігіне тырмысты. Тырмысып ең еңселі төбесіне шықты, астына түйенің мойнағынан жасаған бөстек төсетіп, қолына қу жауырынды алып аруағына сыйынған. Қалшылдап, дірілдеп басынан тая бастаған дәулетін шақырған. Қу жауырынды күнге төсеп алысқа сүзіле қараған. Көз алдыңда қу жауырын, одан әріде Бәрі ойнақтың жалпақ жазығы, әрісі жарық, дүние, аруақтар әлемі. Жанарына не ықылым құбыжық елестетпекші еді.

Жалаңаш әулиенің қыли көзі бірте-бірте кішірейіп нешеме ойға сүңгіп, сүзілгенімен қиялы қалықтап көтеріле қоймады. Қозыға тойған күшігендей жер бауырлап қалбаңдай берді. Пәлі, қас қылғанда арғы-бергі итжығыс заманды болжай алмады, зердесі жетпеді. Көзі жасаурап кетіп тізесінің басына ойысқан, бір құмырсқа жорғалап барады екен, сұқ саусағымен шертіп жіберді. Ашық қалған тізесін шалғайымен қымтап жапты. Әлденеге ызасы келіп күпірлік жасап жекіп жіберді.

Түндегі қырағы келіншекпен болған, ойдай деген, мәслихатты еске алды... Қырағы келіншек осы өлкенің, тума перзенті, кәдімгі шүйке бас, байтал шауып бәйге алмастың өзі. Дәп осылай. Жалаңаш әулие ойлайтын. Қардың құтырмасы бар ма. Аңшы әкесіне тартқаны ма, әлде Алланың әмірімен қыранның көзін жанарына жамап алған ба, қырағының өзі болып өсті. Дүйімге аты жайылды, елдің сөзі дуалы емес пе, әлгі қарды мақтай-мақтай дабырайтып әкетті. Жаугершілігі мол пәруардігар ықылымда жортуылдан запыста болған жұрт келіншекті қорған етті. Қарауыл қаратты. Ақыры осы елдің батыры Ошақбай жеке отау тігіп жаныңа қондырған, Жетітөбені қоныс қып берген.

Өй, бұзылған бетпақ заман-ай!

Содан бері әлгі сайқал Жалаңаш әулиенің жалпақ дастарқанынан ет алып қашқан ұрыдан жаман әсер етті, зығырданың қайнатты. Түнемесіне көз ілмей, жүрегінің терең түкпірінен қарғыс айтып та көрді, «шашы ұзын пәледен құтқара көр!» деп тәңіріне жалбарынды, болмады, құтылмады. Жайлауын тарылтып, бейіт жасауға деп бөліп қойған төбелеріне мұнара орнатты. Мезгіл ете бәсекелес, бақталас болып алды. Жұрт та тік мүйіз ешкіге ерген қой тәрізді мәңгүрт тобыр емес пе, қырағы келіншек не десе, «ие» десіп, томпаңдап соңынан ілесе берді.

Жалаңаш әулиені зәуіде жаназа шығарғанда болмаса көзге іліп, көңілге пір тұта бермеуге айналған. Бастан бак таяйын десе өстеді.

Әлгі Ошақбай батыр да елі тыншып, ұрпағы өрбіп жатқан соң неғылсын, әулиеге қол беруді, мінәжат қылуды қойып, қыз айттыруға ниет қылды. Бауырын сызға төсеп жатып алатынды шығарды. Сөйтіп, үйленіп, отау көтергелі жүргенде осы қырағы келіншекпен кезікті. Кезікті де ұйыққан иттей шырқ айналды. Бұрынғы күйеуін бір айдың ішінде опат қылған қар екен, батырдың басын асқабақша айналдырды. Ақыры көңіл жарастырып тынды.

Жалаңаш әулие: «Ошақбай қарағым, басың жас, хан қызына үйленерлік қауқарың бар, әлгіден күншілік жер аулақ жүргін», деп ақыл айтпақшы еді. Қапы қалып ұшырата алмады. Батыр Сайысқа аттанып кеткенің біліп өкініп-ақ қалған.

Сонымен Жалаңаш әулие түндегі қырағы келіншекпен болған мәслихатты еске алған.

Қойдың қу жауырыныңа бесіктен қарап өскен балалық шағын ойлап кетті. Жалаңаштың әкесі де жауырыншы, болжағыш кісі болған екен. Көз жұмарында сол шапағатты кәсібін жалғыз ұлына мирас етіпті. Етпесе де әкенің қиын жолын қуар еді, қу жауырынды қолына алып сұңқылдар еді, өйткені, ес біліп етек жапқалы көргені осы жауырын, естігені жауырынның қасиеті, құлағына құйғаны көріпкелдің әңгімесі. Әуел баста дәп әлгі қураған қаңқа бесігіне таңылған, содан соң төсегінің басына ілінген, атқа мінсе дорбасында жүретін, ұйықтаса түсіне кіретін. Ілкі заманнан жауырыншыны жасынан баулып, сұңғыла сезгер, үңіле көрер тәрбие беретін. Жалаңаш сол қатал мектептен өтті. Жұрттың «жауырыншы туа бітер қасиет, ал жауырыншылық қиын бейнет» дейтіні содан.

Әкеден қалған мирас кәсіпті бала қор етпеді, құлпыртып әкетті, беделін аз жылда-ақ атырапқа жайды. Болжап айтқаны болып жатты; қу қаңқаға үңіле қарап, ішін басып бүгіле ойланған мезетте көз алдыңа нешеме құбыжықтар елестетуші еді. «Пәлен жылы пәлендей пәлекет болады» дегенде жұрттың жүрегі зірк ете қалатын. Жалаңаштың мерейін әсіре өсірген оның бірер ай, не бірнеше күнге бұрын болжағаны емес; жеті, не он жыл алдағыны меңзеп айтқан әрәдік ғақылияты еді. Жетім уақыт, бетпақ заман туралы қияли толғамдар айтатын. Бақ, дәулет дегенің мал соңында томпаңдап жүреді білем. Әйтеуір, қой қорасына маңырап кірген сайын, жұрт жағасын ұстап: «әулие-екең жорыса екен, болжаса кетті», десті. Беделі шөлге біткен дарақтай биіктеп, даңқы ұрыс дабылыңдай даланы дүңкілдете берер.

Ой, заман-ай деген! Жортуылы мол жаугершілікке толы күндер жетті. Қара жерден қос құлағы тік шыққан құбыжықтай қырағы келіншек ғайыптан пайда болды. Жұрт соның сөзіне құлақ асатын болды. Ол қар өзі құсап болжамайды, қарауыл қадаға шығып алып алысты шолады, көзіне не іліксе соны баян қылады. «Керуен келеді» десе, ел айырбас затын әзірлей бастайды, «жау келеді» десе, батырлар жарағын асынып атқа қонады. Ел сырғақтап Інжу бойындағы қалың, тоғайға сіңіп кетеді, е бұғынып жатып бас салар мезетті күтеді. Содан кім жақсы — қырағы келіншек жақсы болып шыға келеді.

Осыны ойлаған Жалаңаш әулие тістене күңіренді. Қапелімде аузынан шығып кеткен күнәлі сөзге өз-өзінен тіксініп қалды. Киелі аруақтарды үркітіп алам ба деп қорықты. Тфә! Тфә! Содан Жалаңаш әулие қырағы келіншекпен кереғарласып кетсін бір, тәжікелессін, талассын. Нақа бір шаршы топтың алдыңда айтысқан жыршылардай болды. Қауырсыны ұшып қалбақтасты, көкнәр ішкен шалдай барқылдасты. Енді бірде ес жиып, ентігін басып, еліне қараса, сұмдық-ай, «алжыған білем» десіп, өзінен сырт айналып сырғақтай бастапты. Жалаңаш әулие қарап отырып өлсін бе, жандалбаса қып айлаға көшті.

Таласты түндегі мәслихатпен тамамдаған.

Сунақтар салған Сығанақ шаһарының күншығыс бетіндегі әйгілі орын Көк кешенге жиналған ақсақалдар әуелі Жалаңаш әулиені тыңдады. Сонда Жалаңаш сөзін «жұртым, халқым» деп бастады, суға кетіп бара жатқан балықшыдай қарманды, «жұртымды ойлап түн ұйқымды төрт бөлемін, тамағыма ас өтпейді», деп көңіл босатты. «Жетінші атам пайғамбарды көзімен көріп, соңына еріп саһаба болған кісі. Содан Арыстанбаб туыпты, содан Сиқым, Қиқым әулиелер жараған. Жын-перімен жолдас болған білімді-білікті жандар екен, көріпкел атаныпты. Осылардан тараған ұрпақ «Жауырыншы» атамыз көрінеді, болжап білгенің, көзіне елестегенің, түсіне кіргенің жұртына бағыштады; батырын қатерлі жолдан қорғады, қатының құрсақ көтергіш кір етек етті. Өстіп еңіреп жүріп ел тыныштығын ойласақ, енді келіп зердесі тайыз, шашы ұзын, көңілшек келіншек сол еңбегіме уыстап топырақ шашады. Батырын азғырып, елді аздырып барады. Өзімді бауыр тақыр, бадырақ көз етті. Не жауырынды отқа тастап, қарғыс айтып, қаңғып кетемін, не қырағы келіншекті көзімнің алдыңа көлбеңдете бермегін, халайық. Келіншекті құртпасақ бак тайып, қыдыр үркеді, етегімізге пәлекет жабысады...» Жалаңаш әулие аз айтса да сырын ақтарды, жүдә болмаса шын кетісерін аңғартты.

Алқа жұрт, ақсақал біткен кешеннен сыртқа шығып ақыл қосты, мол кеңесті. Келесі сөз қырағы келіншекке тиген.

Қырағы келіншек табалдырық жақтан көтеріліп, қыпша белін бүгіп көпшілікке ізетпен сәлем етті, ақсақалдар жағы риза болып қалысты. Өзі де үріп ауызға салғандай сұлу екен, жүзі бал-бұл жанып, бұғағы дірілдеп дегбірді алды, жұрт назары түгел бағышталды. Ашық, жіңішке дауыспен сөйлеп кетті.

«Қу сүйекке қарап күбірлеген жауырыншы емеспін», деп бастады, көкейінде ашу тұрған, әсіресе әулиенің өзін "көңілшек келіншек", "зердесі тайыз" деп, әйелдігін бетіне басып қорлай сөйлегені жаныңа батты. "Болжағанымды емес, көргенімді айтамын... Бұрынғылар өтірік пен шындықтың арасы төрт-ақ елі, құлақпен естіген өтірік те, көзбен көрген шындық деп тұжырымдаған. Менің дерім шындық, әулиенікі жансыздан естіп жобалаған болжам ғана. Ол кісі айтқыш болса; он, не он бес жылдан кейін келетін ғазауат күнді емес, ертеңгі кесепатты тапсын, алдың ала ескертсін. Алысты арбамай-ақ, жақынды айтсын. Ешкімді күндемеймін, өз басым күншілік жерден келе жатқан жауды сезсем, түстік жерден қарасын көрем, қасиетім көзімде". Үні дірілдеп барып кілт үзілді, шаршы топтың алдыңда сөз сөйлеу неткен қиын еді.

Қариялар жер шұқып отырып қалды, бір-бірімен күбірлесіп, бас изесіп мәслихат құрды. Бір бәтуаға тоқайласты. Көшеннің әсем күмбезіне кешкі күннің қызыл бояуы жұққанда барып жасы үлкен кәриялар шешімін айтты. Келіншекті әлдекімге әмеңгерлікке беріп, ендігі көріпкелдікті Жалаңаш әулиеге тапсырды. Жұрт Жалаңаш әулиенің сөзіне тұрмақ ісіне бас ұрмақ. Осыған қол жайып бата жасады да ақсақалдар «аумин» десті.

Ақсақалдар тарасты, былайғы кетпенің иығына асқан диқан, қамшысын қонышына қыстырған малшы, қолына сыр сіңген зергер жағы Жалаңаш әулиенің қарияларға астыртын дүние өткізіп үлгергенің білген жоқ. Қырағы келіншек енді қарауыл мұнарамен қош айтысты, басына таза жаулық салып әмеңгерін күтеді, қиялын қор етіп, әлдекімнің жекуінде, жетегінде кетеді. Жалаңаш әулиенің алшысынан түскен, шаршы топтың алдыңда беделі өсті, келіншекті пысы басты. Шашылған абыройын қайта жиды, ашылған етегін қайта қымтанды... Сол әңгімені есіне түсіріп отырып Жалаңаш әулие танауының астынан мырс-мырс күлді, өзінше мәз болды. Күн едәуір көтеріліп қалыпты. Қу жауырынды қайта бір қолына алып күнге төсеп сүзілді кеп. Басы ішіндегі дәнің алып кептіріп қойған қауақ тәрізді дың-дың етеді, қиял келер емес. "Уа, пәруардігар дүние, осыншаңа да шүкіршілік!" деп тізесіне қарағаны сол еді, дүбір естіді, жүрегі зірк ете қалды. Жауырынды жаныңа тастай салып жазық, далаға тігілді. Даланың бетімен сағым жүгіре бастапты. Дүбір зорая түскен, сөйтсе, дәл иегінің астыңда, ойпатта қап-қара қол келеді. Сүңгісі ме-ау, үзеңгісі ме-ау күнге жылт-жылт шағылысып бет қаратар емес.

Жалаңаш әулие талып түсе жаздады, шамасының бар жеткені жаныңда пырылдап ұйықтап жатқан шапқыншы баланы құйрықтан бір салды. Көзі шақшиып аяқ астыңдағы қолды нұсқады, сосын, «ылдидағы елге жүгір», деп ым жасады. әлгі жалаңаяқ зәнталақ зытып-ақ жөнелді. Қорыққанынан үні шықпай, қара саны қорғасын құйғандай қозғалтпай қалды. Кешегі Көк кешенде қырағы келіншекпен өлердей айтысқаны есіне түсті, «бекер өйтіппін», деп күйінді, өзін қарғады.

«Тыныш үйде тары көжеге тойып алып бүк түсіп жата берсемші. Желігіп: «жау қараймын, ертеңді болжаймын» деп неге қағындым екен. Ел қамы қара басымның садағасы. Енді жау сүңгісіне түйрелетін болдым». Жау жаққа қарауға дәті шыдамай жауырынмен жер шұқылады.

Сөйткенше болған жоқ, әлгі аттылы топ «ой, бауырым!» деп ауылға қарай ат қойсын. Елге қаза әкеле жатқан қол өстетін. Жауырыншы әулие жүрегі жарыла қуанды, орнынан ытқып көтерілді. "Батыр Сайысқа кеткен Ошақбай батыр мерт болмағай!" деп ойлаған.

— Ой, бауырым-а-й!

Ылдидағы ауыл елең етісті, артынша-ақ ит ұлып, жылқы кісінеп, оған әлгі атой салып бауырымдаған топ аттылының даусы қосылып атырапты күңірентіп әкетті. Жалаңаш әулие жағасын ұстады; батыр мінген қаракер тұлпар көрінбейді, оның орныңда жал-құйрығын күзеген арыстай араб жылқысы келеді, үстінде ешкім жоқ, өзгесі жылқыны жетектеп, жылап, дауыс шығарып даңғаза көтеріседі. Ат үстінде бүгіліп бауырымдаған біреуі әйел секілді, үні сызылып жіңішке шығады. Жауырыншы әулие астыңдағы бестегін алып, жаяулатып жүріп, ауылға жетемін дегенше ел іші суық хабарға қанығып үлгеріпті. Жаманшылықты жұрттан бұрын жори алмаған әулие іші жиди өкінді. Әйтседе, жауырынымен болжап біле алмаған көрсоқыр кінәратын аламан-тасыр байқатпай жіберерін біліп тағы қуанды. Боздап қоя берді.

— Ой, бауырым-а-ай!

Жалаңаш әулие келе батырдың отауына кірді, азан айтқандай аңырап, қарылып қатар тұрғандармен көрісіп кетті. Езіле еңірейді. Енді аңғарды, құшағына қысқаны қырағы келіншек екен, жылан ұстағандай боп кері шегінді, төр жаққа беттеді. Жайғасып алып шарта жүгініп Бұхар мақамымен құран оқи жөнелді, жұрт тыншыды, жоқтау басылды. Үлкен сүрені әдеттегідей тез қайырмай, бес мәрте қайталады. Дұға соңынан қариялар Ошақбай батырдың жақындарына көңіл айтты. Сосын барып батырдың серіктерінен жөн сұрады. "Ошақбай қайда" десті.

— Шу бойында белгісіз жау қапыда қолға түсіріп байлап-матап әкетіпті. Үш күн іздеп ұшты-күйлі таба алмадық.

— Өлмеген ғой онда! Ауылға ат қойып не жындарың бар?— деп тігілді Жалаңаш әулие.

— Батырдың тұтқынға түскен мезеттегі серті солай: «үш күннің іш інде құтыла алмасам тірі қалуым екі тал ай. Туған жерде белгім болсын. Ошақбайдың мүрдесі деп көміңдер, жаназа шығарыңдар», деп сол қолының бармағын кесіп қалдырып кетті.

— Астапыралла, онысы қанекей?!

Қазалы хабар алып келгендер үшеу еді: бірі Иланшы Қадырханның қасынан қалмай жүретін, Батыр Сайысқа бірге барған сенімді нөкері Мақсұт болатын. Ол жасынан саудамен айналысқан, ірі алыпсатар еді, оның керуендері Хорезмге, әрісі Иранға кетіп жататын. Екінші кісі әйгілі атшабар Бадриддин еді, оның әкесі Тажидин бірнеше жыл Отырардың датқасы болған білікті жан. Үшінші кісі ерлерше киінген қыпшақ қызы Баршын еді. Қыздың есімі Батыр Сайыстан кейін-ақ ел-елге дүркіреп тарап кеткен, қазір құлағы түрулі жұрт естіп-білген, ерлік ісін аңызға айналдыра бастаған. Бұл үшеуі Иланшы Қадырханның тапсыруымен Ошақбай еліне қайғылы халді естірте келген. Әрі қаралы қауымға әміршінің салауатын әкелген. Жұрт назары түгел ауып, қариялар қаңтарылып отырған... Баршын ару қолын қойныңа жүгіртті, орамалға ораулы затты суырды. Бейне бір асылы бұйым ұстағандай аса еппен орауын жазды. Әкеліп Жалаңаш әулиенің алдыңа қойды. Қан жұққан орамал арасында Ошақбайдың жалғыз бармағы жатқан.

Жалаңаш әулие тізесінің дірілін әзер басты.

— Батырдың жаназасын өзім шығарам, — деді.

Ауылдың басшы қариясы жігіттерге жарлық бере бастады; алыс-жақын ағайынға хабаршы аттанды, сойыс әзірленіп, үй тігілді, отау алдыңа керме тартылып батырдың тұлпарлары байланды. Осы мезет ішінен лүпілдеп отырған Жалаңаш әулие әлдебір құбылысты аңыстады. Батырды жоқтайтын жылаулы топтың ішіндегі қырағы келіншек пен он қанаттағы шарт жүгініп отырғандардың ортасындағы Баршын қыздың жанары кезіге кетті, кезікті де арбасқандай, өңменінен өткізе ұзақ қадалысты. Әулиенің көз алдыңа жылан арбаған балгер елестеді. Сүт пісірімдей қадалысқан мезетте балгердің жанары қанталап, жыланның басы қалтаңдап кетіп еді. Соңында жылан сұлық түскен. Дәп осылай сүқтанған сұмдық суық қарас-тұғын. Әлден уақытта Баршын ару дауыс шығарып сыңсып жіберді, жанарын жас жуды. Қырағы келіншек тәкаппар күйде қалды.

Бұл ғажайыпты көріп отырған Жалаңаш әулие ішінен «шоқ, шоқ қарлар!» деді, дұға сүресін судырата желіп оқи жөнелді.

Осы оқиғадан үш күн өткенде Жалаңаш әулие байырғы әдетімен Жетітөбенің басына қайта шыққан. Күн бесін намазы оқылар уақыттан сәл төмендеген. Өзінше «қарауыл қарап қайтамын» деген сылтауы бар. Шынтуайтқа келгенде күні бойғы бас алмай соққан майлы етті бойына сіңірмектің. Әрі көпшілік назарынан оқшауда дамылдап көз шырымын алмақшы. Жүрек майы аузына кілкіп алыс қырқаға әзер көтерілді, көкірегі сырылдап, самай тамыры лыпып соқты. Соңында семпиіп бөстек, жастық арқалап келе жатқан атойшы балаға жаман көзімен қарады. Жанарында: мәстек құрлы құның жоқ, аяқ артуға лау қылар ма еді», деген кейіс сөздер тұрды. Жеки жүріп бөстекті жайғызды, жастықты қолтыққа қысып шалжайып жата кетті. «Жүгермек, маңайды қалт жібермей шолып отыр!» деп жарлық айтты. Зеңгір көкке қарап қиялға батты. Бұйырса, батырдың жаназасына підияға тіккен жеті қара түгелімен шұрқырап қорасына қосыларын сезді. Сезді де ішінен әдемі мақам оқығандай ыңылдайды, міңгірлейді. Осы өмірдің кейінгі уақытта өзіне соншама ыстық сезіліп, тәтті болып бара жатқаның ойлады. Ойхой, қызық дәурен қимас күндер-ай!

Өстіп жатып көзі ілініп кетіпті.

Атойшы баланы қара басты білем, асықты ойлап, мәңгіріп отырғанда андамай қалды. Жетітөбенің күнбатыс жақ астымен қара сендей ағып ауыл жаққа өтіп бара жатқан қолды көрді. Батар күнге шағылысқан қаруларынан байқады, анық жау! Баж етті. Жастықтан басын жұлып алған Жалаңаш әулие жаман шошынды, жан қалтасынан жауырынды іздеді. Болған істі бағдарлап үлгергенше атойшы бала атқып тұрып ауылға зырлады. Төтелей тартып бар даусымен айқайлап барады.

Жауырының енді тапқан Жалаңаш әулие сілейіп отырып қалды. Жау тұсынан етіп кетті. Жауырыншыны жау алар, есепшіні жұт алар деген сөздің ақиқатына көзі енді жетті.

Топ кісі ауылдан мүрдені шығарып бара жатқан. Ішінде қырағы келіншек бар-тын. Алыстан, Жетітөбе баурайынан жайсыз жүгірген баланы шалды. Жұрт қаңтарылып қалды Артынша-ақ Жетітөбенің сайынан лықылдай асып төгілген қолды байқады. Дереу зузаға байлаулы батырдың тұлпарын шешіп алды да тізгін салып үстіне ырғып мінді. Зуза көтерген шалдарға: "Сіздерге жау тимес, ілгерілей беріңдер!" деп тапсырды. Өзі ат басып бұрып ауылға шапты. Ойы — жаназаға жиналған жігіт атаулыны атқа қондыру, әйел мен қыз-қырқынды Інжу бойының тоғайына қашыру еді.

Ауылға атой дер кезінде жетті. Қырағы келіншек айтысымен-ақ қару ұстауға жарайтын еркек кіндік атқа қонып үлгерді, ошақтардың оты сөнді, қыз-қырқын, бала-шаға Баршын арудың бастауымен тоғайға сіңіп жоғалып жатты. Әп-сәтте-ақ ауылда тірі жан қалмады, бұралқы иттер ғана үй-үйді еркін аралады. Атқа отырған жігіттер ойласа келе жойқын қолға қарсы тұра алмасын білді, ашық майдан ашуға қауқар жоқ, қару аз десті. Екіге бөлініп, түн жамылып қапталдан шаппақшы болып келісті. Сөйтіп, кең ашылған қышқашқа айналып, сыртты орай кері шегініп кетті. Әлгіде ғана дүрмек көтерген ауыл адыра қалды.

Үлкен жолдың үстінде зузаға салып мүрде көтерген Мақсұт, Бадриддин, төрт-бес ауыл ақсақалы ақырындап алға жылжыған. Кібіртіктеп біраз жүрді. Іш үрейлерін жасырып үндемейді. Тізелері қалтырап жүрістері өнер емес. Алда келе жатқан Мақсұт алыстан шұбалған шанды көрді. Қалт кідірді. Әлгі шан тура төтелеп салып келеді. Жүрегі дауаламады, даусы шықпай қалды. "Қайдағы бір тұтқында кеткен Қоңырат батырының аруағын сыйлаймыз деп жүргенде дағарадай басымнан айрылармын", деп ойлады. Зузаның өзі ұстаған ағаш сабы қолынан сусып түсті. Шұбалған етегін жинап алып тұра қашты. Қалған шалдар да мүрдені қара жолға бүрк еткізіп тастай салды. Шашылған тезекке ұқсады, бет-бетімен бас сауғалап барады. Атыз-арыққа бұғып әп-сәтте-ақ ызым-ғайып жоғалды.

Күн бата шыңыраудан ай көтерілді.

Жау ауылды анық көзеп үлкен жолмен жөңкіліп келе жатқан.

Бұта арасында жатқан Мақсұт әлгілерді киім киісінен, қару-жарағынан тани кетті. Бұлар — нағашы жұрты қызылбастар,

Абескүн теңізін жағалай жайлаған жаугер жандар. Қызылқұмды кесіп келіп, Інжу өзенінен Мейрамқала қолтығындағы салмен өткен. Отырардың көп бекінісіне көрінбей, оң жағалауға шығып алып, жиектеп жеткен беті. Әдетте қызылбастар шаһарды шабуға батпайды. Ал, Інжу бойының сол жағасындағы қарасирақ диқандарға көңіл бөлмейді, олжа түспес, күр қантөгіс жортуыл десіп, оларға жоламайды. Көз құртын жейтін Сығанақ пен Сауран арасын жайлаған Қыпшақ пен Қоңыраттың бай ауылдары.

Дешті-Қыпшақтың айы көкжиектен тұсау бойы көтерілер еді, көтерілер де аппақ нұрын үлкен жолға төгер еді.

Саулап аққан алпыс қаралы қол тізгін тартты. Қол бастап келе жатқан жұдырықтай жарғақ шал белгі беріп, сарынды токтатты. Керуен жолдың үстінде серейіп үлкен зуза, үстінде дөңкиіп мүрде жатыр. Маңайында адам аяғының ізі шұбырып түсіпті. Кілең сүйір табан мәсінің ізі. Әлгі жолбасшы шал мүрдені көрмек болып оқталған. Өліктің бетін ашпақшы. Атының аяңын басып, еңкейіп келіп мүрденің орау жібін қылышымен бырт-бырт қиды. Текеметтің орауын жазды. Аппақ кенеп кебінді қақ айырып ішіне үңілген, төбе шашы шымырлап, арқасынан суық жылан жорғалап өткендей болды. Тіксініп кетті. Ай жарығымен анық көрді. Арыстай алып мүрденің қос құлаштай келетін кебінінің ішінде өлік жоқ. Шорт кесілген үлкен бармақ жатыр.

Шалың тайқып шыға келді, өзгелері үңілмеді, тосылып тұрған. Жолбасшы сілейіп қалған қолға қайрылып тіл қатты.

— Мынау ала мойын алыптың ақыры екен! Жүрегінің дүрсілін басып қайта қатайды.

— Балалар, жолымыз болмас, ат басын кері бұралық.

Желіккен сарбаздар сөзге бәтуа берер болмады.

— Қара жолдан өлік шықты деп шошығанымыз жарамас.

— Тақымымыз тесіліп бес күн жортқанымыз зая кетпекші ме.

— Қайтсек те осы ауылды шауып қайтамыз!

Ойнақшыған, қызынған аттар тізгін босасымен-ақ жосқындап жөнелді. Жарғақтай жолбасшы шалды шаңға көміп жөнеле берді. Жолбасшы айналып келіп кебінді қайта жапты, сыртын текеметпен қымтады. Қол соңынан сонарлай салды.

Қызылбас қолы әудем жердегі ауылға әп-сәтте-ақ маңдай тіреді. Адамдары жау келе жатқаның сезген, сезген де босып кеткен. Тыста қыбыр еткен қимыл байқалмайды. Бірер сиыр мен маңқатайлақ күлді айналшықтап жүр. Әдетте жау шапқанда шығатын бала шарылы да естілмейді. Әр жерде шала сөнген ошақ қоламтасы көңірсиді. Аш бөрідей жаланған қол қарайлап кідірмеді, аттан түсе-түсе қап үйлерге сүңгіді. Енді аңыстады, әр үйден таяқ ұстаған шалдар шыға бастады, ауыздарында аталы сез; әр үйден кейуана кемпірлердің бажылдаған даусы естілді, айтқаны қарғыс. Қол қызығатыңдай қыз, келіншек қалмаған. Тек қана қолдарына іліккен әдемі мүлік, асыл бұйым, жақсы жараға мәз. Қоржынға, қойны-қонышына тығып талтаңдап кері шығады.

Жолбасшы шалға мұның бәрі ұнамады.

«Қол айызын қандырып жұлқысар қарсыласы жоқ ауылды шапқан жаман екен. Батырды емес, кемпір-шалды жүндемек пе», деп ойлаған ол. Шетке ойысып атынан түсті. Болып жатқан аламан-асырға тіксіне қарады. Аяғымен теуіп жылқының жас тезегін іздеді. Айналасы айтақырға айналған аса ұзын кермеге кезікті. Тамағы жұтындырмай, тынысы тарылды. Көрме маңы тұяқшылар, бырдай боп шашылған жас тезек. Ендеше осы арада әлгіде ғана талай тұлпар қаңтарулы тұрған. Ендеше ауыл еркектерінің бас сауғалап қашқаны.

Мұның бәрі шалға мүлде ұнамады.

Ендеше атқа мінер ауыл еркектері қапылыс кезенді күтіп бұғынып жатқаны. Тамағына күрт кептелгендей сезілді. Атын қаңтара сап, кілт бұрылып жігіттерге жөнелді. Қолбасшыны іздеген. Үйді-үйге кіріп, сұрау салып жүріп, үлкен әбдіренің ішінен әзер тауып алды. Сандық түбінен тырбаңдап алтын теңге теріп жүр екен. Қойны, қонышы сылдыр-сыңғыр етеді. Жолбасшы шал шарылдай ұрысты, намысына тиді, жеті атасынан қайыра сыбап шақты.

— Жүрегім жамандықты сезіп тұр!

Қолбасшы ыржия күліп сандықтан шықты, бірақ ішінен түтеп тұрған.

— Кәрі жолбасшы қорықты екен деп құйрығымызды қыса алмаймыз.

— Көрменің маңайы толы тезек.

— Тезек болса ше?

— Жылқынікі, жап-жас.

— Ауыл жаназа шығарып жатқан. Жаназаға жиналған жұрт әр рудың адамдары, олар бір ауылға бола бастарын қатерге тікпейді. Сосын ашынып, қайрыла шабарға жан да, мал да қалмаған. Ендеше жігіттерді несіне тізгіндейміз, адыра қалған ауылды тонасын, тозаңын шығарсын.

— Жортуылда жүрген қолдың алдынан өлік шыққаны жаман ырым.

Шалдың айтайын дегені бұл емес-тұғын. Манағы мүрденің ішінде ешқандай өлік жоқ екенің, бұл бір бәлелі жер екенің мағлұмдамақ еді. Қолбасшы қайтадан сандықтың ішіне кіріп кетті. Жолбасшы шал жер боп жасыды. Осы қолды талай жол бойғы құм дауылынан, қаңсытқан шөлден, беталды адасудан аман алып келе жатқан білгірлігіне топырақ шашып тур мына жаман. Дуалы сөзін мәнапасқа айналдырмақшы. Таудай айбарын төбешік құрлы көрер емес. Осы ойдан жолбасшы шал шытына қалды. Бетінің түгі шығып баһары бұзылып кетті. Ләм деп сөз айтуға дәті жетпеді, бұрылып жүре берді. өрме басындағы қамшық есті болған айғыр мінісіне беттеді.

Бұл жануарды қамшық есті қылған шалың емес, қолбасшы жігіт еді. Осы айғырмен бірер мәрте құм ішінде керуенге шауыпты; саудагерлердің дүниесін тонапты, олжалаған мүлкін атқа артады да тырақайлап қашады, тұяғын еспе құм тұтып, арқасын ауыр жүк езген жануар онша жорта алмайды. Сонда үстіндегі әңқұс жігіт бұзаутіспен өрген дейді, қызылмай қылып зорықтырған дейді, содан айғыр үйірге түсе алмайтын болып қалған.

Сонда: «Өзіңіз секілді үйірге қызықпайтын қылқұйрық еді, лау етіңіз», деп шалға сыйлаған еді.

Бай ауылды азғана қол ай ауғанша ақтарды. Бықпырт қылып тонады. Атқа қонғанда аңғарды, қол-аяғы ауырлап қалыпты. Бөктерге ауыр қоржын байланған, сауырға кілем жабылған, ер басына ілінген алтын бұйымдар жалт-жұлт етеді. Жылқы аршының кемітіп тыпыңдатып тастады. Бейне жаугер қол емес, қамсыз шұбырған керуен дерсің. Сарбаз атаулы жүкті әйел секілді тақымы босап қопаң-копаң желеді. Манағы аққан жұлдыздай жылжыған қатерлі екпін жоқ.

Суға тойып берекесіз жорғалаған кекілік үйіріндей үдеріп шықты.

Қызылбас қолы шабан жүріспен Жетітөбе қырқасынан асқанда ай батты. Маңай қараңғы тартқан. Алдағы жолбасшы шалға сенеді, жол тауып келе жатқанға ұқсайды, соның соңынан сүмеңдеп ере берген. Жыңғыл мен алаботасы мол Бөріойнақ жазығына түсті. Түсті де кібіртіктеп қалды. Оппа оқап пен оқпандар жиі ұшырасып адымды тұсады. Оның үстіне оңнан да, солдан да шарылдаған жат дауыс шығып шошынта берді; әупілдек пе, мәлін бе, әлде аты беймәлім пәлекет пе, даланы басына көтеріп барады. Қан мұздатар қатерлі кез туған.

Шал оң бүйірден ұлыған бөрінің даусын естіді, елемей жүре берер еді, әлгі үнге сол қанаттан ұлыған дауыс ұласты. Елсізді жаңғыртып қаумалап келеді. Артынша-ақ әлгі сарын атойға ауысты, жусан түбіртегінің арасынан андыздай ат қойған қол байқалды. Бұлар дүр етіп үрікті. Жарақтарына жармасты. Бірақ қалай сілтерін білмей тосыла берген. Топтана, тұтаса қимыл көрсете алмады. Қараңғыда зырқырап жеткен жебелер аттарды томпылдатып түсіріп жатыр, жігіттерден қауқар қалмады, пышырап тоза бастады. Келесі қапталдан да ат дүбірі естілді, қызылбастар қыспаққа түскенің енді сезген.

Қос бүйірден қыса қаумалап ұрыс салған мезетте ортадағы топ түтіліп жүре берді. Әуелі жебеге жем болды, сосын найзаға үйренді, сосын тырапайлап қашқан біраз жауды бұғалық жібермеді. Ысқырған жебе, пәруана үн, шыңғырған жылқы, қағысқан қылыш алапты бірауық жаңғыртып тұрған. Көп тұлпар иесіз қаңғып кетті. Аз ғана аты жүйріктер ғана Інжу тоғайының ішіне бас сауғалап сіңіп жоғалды.

Таң бозы біліне жазықты қайыра тыныштық басқан. Қазақтар жаралы болған біраз жауды көгенге тізіп ауылға беттеді. Төскейде жалғыз қара жолбасшы шал қамшық есті айғырын жаяу жетелеп қыр асып бара жатты. Соңынан ешкім қумады. Шал төтелеп тартып Отырарға жетпекші, қаһарлы әміршінің аяғына бас ұрып, қанды жолға бастаған желөкпелерді айыпқа жығып, тұтқынға түскен жазықсыз жігіттерге сауға сұрамақшы еді.

ОНЫНШЫ САРЫН

Қырағы келіншектің айласымен ауыл жау шапқынынан қат құтылды: жаралы болған жігіттерді қоспағанда, зар илеп тұтқынға кеткен қыз жоқ, тоналған мүлік қайтып келді, желіккен қолдың желкесін қиды. Сұмдық опатты естіген қызылбастар енді қайтып атқа қонбас, қонса да қыпшақтарға жоламас. Інжу бойын мазалаудан тиылар. Жеңіске жеткен жігіттер жаралысып артына таңып, дабырласып, гулесіп ауылға қайтып оралды. Көктемде жылы жақтан келген ұзақ қарғалар мен қыстап қалған ала қарғалардың бастары қосылмаушы ма еді, сөйтіп ағаш басын базарға айналдырып жататын. Қазіргі ауыл дәл соған ұқсады. Табан жолдың үстінде қалған батыр мүрдесін қайыра әкелді. Тоғай сағалап кеткен жаназашыл шалдар жиылды. Ел ес жиып, етегін жапты. Күні бойы гу-гу сөз басылар болмады. «Қайран Ошақбай болғанда бүйтіп ит жемі боп жүрмес едік», деседі. «Қырағы келіншектің тапқырлығы ғой құтқарған. «Жалаңаш әулие жауырының отқа жағыпты». «Мүрдені тастай қашқан Бадриддин дәретім бұзылды деп су басынан шығар емес». Осы тақылеттес әңгіме от сұраған әйелдей ауылды түгел аралады. Түс ауа батыр зузасы қайыра жолға шықты.

Төбенің ең биік басынан қабір қазылған. Жылаулы жұрт жай жылжып келіп зузаны қабір жиегіне қойды. Қатыңдар қырық қадам кейінде қалған. Еркектер жапырыла тізерлеп отырысты. Аруақты о дүние аттандырар соңғы сүре оқылды. Сосын батырдың ет жақындары бармақ оралған кебінді қолдан-қолға өткізіп қабір ішіне қойды. Аузын ағашпен бекітті. Ішіне топырақ түсіп кетпесін деп шишыпта төседі. Үстіне топырақ тастай бастады. Әуелі жақындары, сосын жамағайындары, сосын жекжаттары топырақ салды. Қабір үсті лезде дөңкиіп шыға келді.

Осы мезет ой жақтан саяқ салт атты шаңқытып шықты. Жұрт шошымалы болып қалған екен, үрпиісіп, кірпідей жиырыла қалды. Әлгі әуейі ыңылдап келеді.

Тақай бере тізгінің тартты, сәлемдесті.

— Ассалаумағалайкөөм!

— Уа, ғалейкум салам!

— Қояр көбейсін!

Жылаулы топ мына сөзді естігенде ызадан жарылып кете жаздады.

— Ойбай әкеңнің, мынау не дейді-ай?!

— Қояр көбейсе-е-ен!

— Әкелші, өзін де қойып жіберейік!

— Бұл иттер қойса қоя салар, қолдары қызылға тиіп тұр екен,— деді де әлгі ащы тілді адам атын бұрып тайқып жүре берді. Жылаулы жұртты кекетіп, мұқатып кетті. Топ ішінен біреу дауыстап қалды.

— Өй, мынау бәдік қой! Сыпаның бәдігі,— деді. Түтігіп тұрған жұрттың жүзі енді жыли бастады. Бұл елде Омар деген сыпа болатын. Қаныңа біткен қасиеті ме, әлде жұрт «сыпа, сыпа» деп мадақтап жүріп сағыр адам етіп жіберген бе, ежелден ерек қасиеті бар, қызық жан. Кәсіп қылмайды, жұмыс істемейді. Жортуылға шықпайды. Діңге де берілмейді. Тек жаныңа бейпіл ауыз бәдігін ертіп алып ел аралап жүргені. Жай араламайды, сыпалық мінез танытып, жұртты күлкіге қарық қылып жүреді. Осыны ойлаған жұрт бір түрлі серпіліп, жадырап қалды. Қазаны ұмытып ой жаққа, сыпа келе жатқан жаққа тігілді. Шынымен ел сүйсінген сыпаның қарасы көрінді, әлгі бейауыз жігіт шабарманы екен.

Жұрттан бірді тастап шықты, сыпаға қарсы жүрді. Бүйтпеске болмайтын еді. Бәрібір жеңілтек жігіттер сыпаға күлемін деп, қабірдің, жаназаның қадірін түсірер еді. Не де болса киелі орыннан оқшаулап кеткені жөн.

Сыпа тақап келген. Көпшілікке қарап қос алақаның кеудесіне айқастырып иіліп тағзым етті, бұл сәлем бергені. Жігіттердің бірі барып тізгінің ұстайын деп еді, оң қолын сілкіп, "қажеті жоқ", дегенді ұқтырды, мұрның шүйіріп тұр, шалдар жағасын ұстады, жастар жағы жыртыңдай күлісті. Сыпаның жүзі соншама маңғаз, тәкаппар еді. Жұрттың жүзіне емес, бөркіне қарайды. Жанынан қарманып әлденені іздеді, ақыры тапты, алтыннан істелген тіс шұқығыш екен. Жібек жіптен бау жасап байлап қойыпты. Сыпа тісін шұқыды. Топ тосылып тұрған, әлден уақытта барып сыздана шырт түкірді.

— Ошақбайдың аулы осы ма? — деді ақырын ғана.

— Осы, осы!

— Соның аруағын еске алып жүрміз!

— Батыр тұтқынға түсіп опат болған.

— Жігіттер, сыпаны ауылға бастаңдар!

Сыпа әлгіден соң тіл қатқан жоқ. Жұртпен ілесіп ауылға беттеді. Кәриялар атқа мініп, жастар жағы жаяулатып-ақ еңіске аяңдаған. Үлкен топтың табанының астыңдағы сүрлеуден бозамық сүлдер көтерілді. Сыпа сала құлаш орамалын алып бетін көлегейледі. Қарияларға таман ойыса жүрді.

Жастар озыңқырап кеткен. Жаназадан соң қайдан әңгіме болсын, не сөзуар деген шалдың өзі насыбай шақшасын ерінің басына әлсін-әлі қаға береді. Сыпаның киімін марапаттасты. Шекесінде қисая қонған ақ киіз қалпақ, тік жаға көйлек, сыртыңда желең шапаны бар, аяғында ақ сақиян етік; етік те, шапан да, көйлек те кірсіз, көз тартады. Малшысы садыраға батқан, диханы шаңға шашалған, тойшысы май жұқтырған, саудагері тер сасыған сандалбай келеңсіз заманда ақ киіп, кірсіз жүру кереметтей қызық еді. Елдің төбесінен қарайтын шолжаңдығын қайтерсің. Сәлемдессе қолын кеудесіне қойып иілетін ізетін, қол алысса бес саусағын бөстекі ұстата салатын сылқымдығын қайтерсің. Гулесіп келе жатып байқамапты, енді аңыстады, сыпа жолдан шығып бөлек кетіп барады.

— Оу, сыпеке, қайда кетіп барасыз? — деп біреуі айқай салды.

— Сыпекең үстіне шаң, қонбасын деп жұрттан жырақ жүретін әдеті, — деп ендігі бірі ұғындырып жатыр.

— Осы жұрттың көңіліне келер деп ойламайды-ау! — деп әуелгі сөйлеген кісі шырт етіп шамданды.

«Пәлі, оны ойласа сыпа болама; сыпа ата қазақтың аты-шулы еркесі емес пе? Ерек жаратылған жан ғой! Тезек тәрізді дүниенің соңынан сүмеңдесе, мал жинап жаның пұлдаса, сөзін сатып арын бұлдаса екінің бірі болғаны да, бұл кісілер зәуіде қыдыр боп кездеседі, бифәни мінез-құлқымен бұл дүниенің тезекпен бірдей екенің дәлелдейді; біз ғой таң алакеуімнен тырбаңдап оянамыз, қасымызда жатқан қатыныңызға қарауға жүрек дауамайды, дәрет алып намаз оқуға қамданамыз, сұңқылдап кеп тәңірге аян береміз; ол кезде сыпекеңдер шалжайып жатып ұйқысын қандырады, төсектің жылуына таңғы ләззаттың қызуын қосады; біз болсақ намазды тамамдай салып далаға тапырлаймыз, кетпенді шыдап бала-шағаны шошытамыз, арық қазып, әуіт ойып, арам терге малшынамыз; сыпекең тісін шұқып шайға отырады; біз болсақ түске дейін түтеміз шығып шаң жұтамыз, шақырайған күннен ығып тал паналаймыз, жылып кеткен шалап ішеміз, төбемізге келіп сайрай бастаған бұлбұл құсты тас атып қуамыз, өйткені аздап көз шырының алсақ дейміз, содан тырайып жатып ойланамыз, «ойбай, пәленшеден алатын қарызыңды сұрамаппын ғой, пәленшеге төлен бересі едім, қауындыққа қаныпезер бала қаптап кеткен шығар», осыны ойлап жанымыз шошиды, дамылдамақ түгілі арбаңдап жүгіре жөнелгенімізді байқамай қаламыз; сыпекең ол уақытта суға шомылуға шығады, келіншегіне «былқытып ас пісіріп қой», деп бұйырады, сөйтеді; біз болсақ түс қайта жерағашқа жармасамыз, ыңыршығы айналған жаман атанды жүргізе алмай ит жемі боламыз, аяқ тырп-тырп, буын сырт-сырт, кеуде сыр-сыр етеді, сонда да сүйретіле түсеміз, итін деп жер айдап жүреміз; сыпекең бұл кезде етке тойып алып, үйдің көлеңкесіне көрпеше жайдырып, самал жұтып жатқаны, ыңылдайды, қиялдайды; біз сорлыға қас қарайғанша дамыл жоқ, атанды отқа жібереміз, жерағаштың кірмесін суға саламыз, кетпеннің босаған басын қайта саптаймыз, табалдырықтан аттай сұмдықтың нақ үстінен шығамыз, балалар бықпырт төбелеске кіріскен, шаң-шұң айқай құлақты жарады, жүгермектерді жекіп сыртқа қуасың, қатыныңа кіжінесің: «сенің-ақ қазаның төңкерулі жатады» дейсің, «алты баламен арыстанша алысып әбден қажыдым», дейді ол, «өлейін деп келгенде басыңнан сүйер адам болсайшы», деп түңілесің, «сүйейтін адам тауып ал», деп табалайды ол; сыпекең бұл шақта қою шайға қанып алып, саптамасын киіп, желегін жамылып, домбырасын тыңқылдатып ауыл аралауға шығады, қайда жиын, қайда ахаху, соның төрінде отырады; сенің кешкі быламықты қылғытуға ғана шамаң келеді, топырлап келіп үйді көтеріп бара жатқан қара борбайларға тоқтау айтар жағдайың жоқ, басың тиген жерге қор ете қаласың; сыпекең сыңқ-сыңқ күліп, қыздардың буына мас болып, қымызға қанып кері аяндайды, самалға кеудесін төсеп ән шырқайды, отауына жетеді, сосын ақ төсекте мамырлап жатқан жар құшағына сүңгиді де кетеді, сөйтеді; біз болсақ басымыз тоқылдап, аяғымыз топырлап жатып жаман түстен шошып оянамыз, төсек жетпей домалаймыз, әйеліне қол созуға дәрменің болмайды, аяқ-қолың қорғасын құйғандай ауырлап сырқырайды, қақсайды, үрлейсің; сыпекеңдікі өмір де, біздікі әшейін тырбаңбай тіршілік қана, тесік өкпе күйкілік, кебісі теріс айналған атаңа нәлет күндер; солай жамағайын, сыпекеңді жұрт өмірді сүре білгендігі үшін құрметтейді, сыпаның бойынан өзі татпаған өмір ләззатын тұшынсам дейді, өзі аңсаған күңдерді көргендей болсам дейді, сыпа сол арман-ләззаттың себепкері».

Сыпа әлі жұрттан жырақ келе жатқан.

Шалдар жағы кейінгіге сабақ болсын деп сыпаның қалай үйленгені туралы әңгімені қозғады. Сыпаның әкесі елге сөзуар мінезімен мәшһүр Бекен тарқылдақ деп аталған кісі екен. Ел кезіп, шешендік сөз жарыстырып жүргенде аулынан «әйелің туыпты» деген хабар келеді, сонда Бекен тарқылдақ: «не тапса о тапсын, маған алтын суатты босатып берсе болғаны», деген екен.

Осы сөзбен дүниеге келген бала сөзуар әкесіне үш қайнаса сорпасы қосылмас сыпа болыпты. Домбыра шертуден өзгеге көңіл бөлмей, әуейілеп өсіпті. Тік кетер бір сезді екен. Қарт әкесі жалғыз ұлының отау көтергенің қатты қалайды, ел аралап қыз қарайды, естіп жүріп Маңғытай руының байына көз тігеді, әлгі байдың өнер қуған әнші қызы бар екен. Бұлғақтап өскен қыз тарқылдақтың тымпиған баласын қайтсін. Байғұс әке айла ойлапты. Ұлына бай қызымен тобық ойна деп ақыл береді. Ол ойынның мәнісі: жігіт езінің ұнатқан замандасына тобық сыйлайды, сөйтеді де: «тобықты пәлен мерзімге ойнаймыз, осы уақыттың ішінде жаныңнан тастамай сақтап жүресің, қапысын тауып «тобығымды бер» деймін, табан астынан қолыма ұстатсаң - ұтқаның, сасқалақтап таба алмай қалсаң - ұтылғаның», дейді. Сыпа жігіт домбырасын тыңқылдатып отырып сұлу қызға сертті тобығын берген дейді. Қыз ұтылса - тимек болып, жігіт ұтылса - сыпалығын тастамақ болып серттеседі. Енді Бекен тарқылдақтан ұйқы қашады, сол қардың тобықты ұмытып үйінде қалдыруын аңдиды. Қыз сыралғы сұңғыла көрінді, тобықты жатса да, тұрса да жанынан түспейтін етіп жалаңаш төсіне жасырып сыртынан жеңсізін киіпті деседі. Мұны жансыз жеңгетайдан естіген тарқылдақ мүлде түңіліпті. Баласына: «байдың қызы ауру әкесіне жұмасына бір мәрте ет турап нарын жасап береді екен, бар да ет турап отырған үстінен түсіп, әкесінің көзінше тобығыңды сұра», депті. Сыпа жігіт қапысын тауып ауылға ұрланып кірген, үстіне қыздың жеңгесінің киімін киіп, отауға от сұрай енген екен; жүзін көлегейлеп кеп, «еркежан-ау, майлысынан асатып жіберші», деп тақымдаса отырған деседі, қыз мол етке қолын көсе бергенде сыпа тобығын сұрапты, сұлу сасып қалыпты, әкесінің көзінше жалаңаш төсіне қолын жүгіртуге қымсынады, батыл екен, «жігітім, айлаң асты, тобығың төсімде тұр, ұтсаң да, ұтылсаң да өз қолыңмен ала ғой», депті. Содан тымпиған сыпа сұңғыла сұлуды уәжден жеңіпті. Көңіл қосқысы келетінің мағлұмдапты, ақыры тағдырларын қосақтап тыныпты.

Манағы бәдік бұлар жеткенше жұртты дүрк көтеріпті. Үлкен отауды босаттырып, жасандырып, сыпа түсуге әзірлеген. Сойыс әкелдірген. Әйелдер нақа бір айт мерекесінің асын пісіріп жатқандай, жүрістері жіті, қимылдары мінсіз, жаназаны тарс ұмытқан. Үйді-үйге буы бұрқыраған табақ, сонымен қоса сыпсың сөз таратып болып жүр. Шеткі үйден әдемі киініп, тамылжи төгіліп қырмызы қыздар шықты. Алдарында баяғы бәдік. Сыпаны қарсы алуға өріп келе жатыр. Бала біткен тарыға түскен торғай дерсің, сәл дауысқа ду көтеріледі, қаптай жүгіреді. Қыздар сыпаға жетіп сәлем берісті, қолтығынан алып аттан түсірді, отауға бастады. Сыпада үн жоқ, алшаң басып аяндайды, жұрттың аузы ашылып қалған.

— Бұл дүниенің қожасы бір өзі секілді.

— Туғалы тоя ас ішпеген-ау, жағы пышақ жанығандай.

— Жұртты көзіне ілер емес, тегі.

Сыпа сегіз қанат ақ отауға кіріп қақ терге барып жайғасты. Малдасын құрған жоқ. Тізерлеген күйі шарт жүгініп отырды, қолға қондырған қаршыға секілді, қаздия қалған. Үстінде тік жаға жібек шапан, басында киіз қалпақ, сақал-мұрты жаңа ғана ұстарадан шыққандай жып-жинақы. Есікке емес, маңдайшаға қарайды. Оң бүйірінде отырған жан серігі - бәдігі құлағына төніп әлдене деп сыбыр етті. Сыпа ішінен бірдеңені күбірлеп айтқандай болып қолын жайып бетін сипады. Өзгелер де алақандарын бетіне апарысты. "Аруақтарға көңіл айтқаны", деп ұққан.

Ас алдыңда қолға су құятын бала кірді. Көтерген табағы мен құмырасы бар. Жұрт: «әуелі сыпекеңнен баста», деп баланы төрге өткізді. Сыпа қолын ұзақ жуды. Күтуші қыз ұсынған қол сүрткіш сулық орамалды алмады. Белбеуінің ниетіне сүртті. Дастарқан жайылды, табақ тартылды. Ет турағыш жігіт сыпаға пышақ ұсынды, бас мүжісін дегені, бөгде пышақты да жамады. Жанынан қол басындай кездігін суырды, алақаныңа сүйкеп, алдыңдағы басқа бірауық қарап отырған. Отырған да қуарып қалып таңдайын алып жеген. Сосын бәдігіне ысырды. туралып ас алуға келгенде сыпа тағы бір өнер шығарды, Жалғыз турамды алып аузына салды, өзгесін бәдігі жәукемдеді. Тау боп ет үйілген табақты мешкей бәдік лезде босатып берді.

Сыпа үшін сорпаны да бәдік ішті.

Сыпа үшін қымызды да бәдігі қылғытты.

Сыпа үшін бәдігі ауылдың қонақ кәде рәсіміне арнап домбыра шертпекші еді. Қожасы қабағын шытынды. Қолын созды. Бәдігі түсіне қойып домбыраны сыпаға ұстата салды. Сыпа жанарын жабықтан аударды, аспанға қарады. Қойнынан әлденені іздеді, жібек баулы алтын тіс шұқуышын алды, тісін шұқыды.

— Бұларды аңыстаған жұрттың көбісінің шыдамы таусылып, шалдар жағы белі сырқырап үйден шығып кете бастады. Қас қақпай отырғандар аса төзімділер еді. Соншама салқын қанды мына жанның қиыс-керіс мінезіне таңданады. Түн ортасы болып қалды, табан аударып селт етер емес. Бейне төр алдыңа әкеліп қойған тас балбал секілді. Сыпа тісін шұқып болды. Tic шұқуышын белбеуінің жиегіне сүртіп қалтасына салып қойды. Алдыңда сұлап жатқан домбыраны алды.

Жұрт сілтідей тына қалған. Манағы, бейіт басында "Ошақбайдың аулы осы ма", деген сөзден басқа әлі ештеме деген жоқ. Енді ауыз ашып, "әу" десе керемет болатыңдай көрінді.

Сыпа өлең айтқан жоқ, ләм деп ауыз ашпады. Домбыраны шертті. Шерткенде де үстіңгі бос ішекті қағып әлде бір мыңқылдаған дыбыс шығарды. Әлгі дыбыс әдемі әуенге ұласты, түйенің боздауына, яки бақсының мақамына ұқсайды, лықылдап төгіле түсті. Жұрт күлкіден жарылғалы отыр. Мынау күй емес, мақам әншейін. Әдемі әуен бір. Сыпа шертіп-шертіп келіп әрәдік оң қолын сылқ түсіреді, домбыраны ұстап сол қолы ғана қалады. Әлгі қолдың саусағы перне үстімен жорғалайды кегі. Пернені нықап басып-ақ әуенді үзген жоқ, лықылдатып, тыңқылдатып созып барады.

Домбыраның өзі сөйлеп жатқандай, ал сыпаның жүзінен күйге еліккен ешбір белгі білінбейді, қозғалмайды, тебіренбейді. Есік жақтағы бірер бозбала мырс-мырс күліп жіберді. Сол сол-ақ екен, былайды жұрттың да тиегі ағытылды, жарыла қарқылдасты.

— Мынау күй емес, бірдеменің дыбысы ғой тегі!

— Дыбыс емес, мақам ба дерсің.

— Қайдағы мақам, қанды қыздыратын киелі әуен. Хор қызының қасында жатып тыңдар ма едің, шіркін!

Сыпа қабағын шытынды. Домбыраны алдыңа сұлатып салды.

— Бұл Әбунасыр Фараби бабамыздың "Иірім" деген саз сырнаймен салатын күйі,— деді де балбал болып қатты да қалды.

Домбыраны төменде отырғандар алды. Жұрт даурығы басыла қайта дастарқан жайылып, табақ тартылды. Майға былғаған ақтары, сыр елінің "майсөк" деген тағамы. Балықтың уылдырығындай болып майға бөгіп жылт-жылт етеді. Мұның бір шатағы, жас сорпамен қосылса-ақ бөртіп шыға келеді, етке тойған адам жесе жарылып өлері анық. Біле тұра әдейі әкеліп тартып отыр. Сыпаны сынамақшы.

Дәстүр бойынша сыпа алдыңа келген асты ауыз тиіп қайыруы керек-ті. Табағы босап қайтса тым жақсы.

Бұл жолы мешкей бәдіктен қайран болмады. Үйме майсөкті сыпаның жалғыз өзі тауысты. Артынан шұбат келді, одан соң қымыз ішілді. Сыпа сыр бермей шыдап-ақ отыр. Өзіне ізетпен ұсынылған екінші зерен толы қымызды тауыса бергенде, жүрегі су ете түсті. Асқазаны шүр ете қалған.

Самайынан терін сүртті, алтын ұшты арша тіс шұқығышына жармасты. Ішінің анық бұзылғаның білген. "Таң әлеті тақау ма екен", деп шаңыраққа қараған. Жұлдыздар сирекси бастапты. Манағы ілесе келіп жайғасқан топ жөнің тапқан, бір-бірлеп шығып үйлеріне тарап кетіпті. Олардың орныңа кілең қыз аңдыған бозбала, қотан күзеткен малшы жұрт тоғытылды. Бәрі де әйгілі сыпаның сырына қаңбақ, қимылын андамақ, көріп қалмақ.

Қара саны кескен томарға айналып ұйып, астыңдағы аяғынан жан кетті. Белі шытынағандай болып сырқырады. Дәл осылай қыбыр етпей, қабақ шытпай танды атырса, содан сыр бермей аттанып кетсе жарағаны. Сыпалық атының дабырайғаны. "Уә, арғы-бергі аталарым, қиналғанда жар бола көр", деп күбірледі ішінен. "Жамандарға табалатпа, сүйегіме таңба салма".

Ел іші "сыпа келді дегенше қыдыр келгені" деп, қашанда сыпаны қасиеттеп сыйлауға құмар. Сый арты осындай сынға, қинауға ұласып кетеді. Көнбеске құқы жоқ. Ата-бабалары көніп келген көне жол бұл.

Арпадан ашытқан боза келе бергенде бәдік байғұс «аттарды қараймын», деп желеу іздеп зытып жоғалды. Үлесмін қарақан басы әзер тауысты. Тауысқаны бар болсын, басы зеңгіді, ішінде нақа ит таласып жатқандай болды. Тісін шұқыған болып тағы да шаңыраққа қиыстады.

Домбыра екінші мәрте айналып келгенде ол осы өңірге әйгілі «алты саусақты» Қайрауықтың күйін шертті. Қайрауық күй шерткенде қай қолы ішек қағып, қай саусағы перне басқаның ешкім аңғара алмайды екен. Екі бүктеліп, домбыраның үстіне түсіп, сұрапыл сұңғылалықпен тартқан. Содан «алты саусақты» атанған. Бұл күнде алты саусақты Қайрауықтың көп күйін жастар келістіріп тарта алмайтын еді. Жұрт күй перісінің атын естігенде селт етісті, құлақ түрді.

Сыпа «алты саусақты» Қайрауықтың күйін жалғыз ішекпен салып берді. Бірер шал сақалы дірілдеп үйіне кетті. Әйел біткен жаулықтарымен бетін басты. Жастар жағы көздеріндегі моншақтаған жасты жасырып теріс айналды. Күй біткенде таң сыз бере бастаған.

Тыстан бәдік келіп: «сыпеке, аттар әзір, аруақтар ризалық берсе көбейелік», деді. Күткені де осы сөз еді. Отаудың иесі ұсынған таңасқан бие сүтін сіміріп салып орнынан көтерілді. Бәдігіне сүйеніп барып ақсаңдай басып атына мінген.

Ауыл-ел сыпамен жылап айрылысты.

Сыпа да, бәдік те қыр асқанша жай аяңмен жүрді, ауыл шетінде үйіріліп қалған жұрт соңдарынан әлі қарап тұрғаның біледі. Қыр асып түскенде барып сыпа қарысып қалған жағын әзер ашты. Қырылдап қана сөйледі, бәдігіне бұйырды.

— Ауыл көрінбей ме екен артымызға қарашы.

Бәдік ауылдың төбесі қыр астынан көрінбейтінің айтқан.

— Ал ендеше!.. Сүйегімді сосын жинап аларсың! — деді де Омар сыпа аттан аударылып түсті. Түскен жоқ, қалың жусанға далия құлады; ішіне не қилы нәрсені іспе деген қанар көш кезінде түйе үстінен осылай домалайтын, бой-бой болып, ақтарылып қалатын. Дәл солай болды. Түні бойғы өңешінен өткізген майсөк, жас сорпа, қымыз, шұбат, боза, биенің шикі сүті, — күллісі қосылып намысқой жігітті жайратып салды.

ОН БІРІНШІ САРЫН

Қыпшақтар жусанның жасын тек қана тамырынан айырады. Осы өсімдіктің сабағы әрдайым табиғатқа бағынып: керімсал ұрса кеудіреп, жауын суын жұтса былқылдап жасарып жатады. Жылдың қыстан өзге үш мезгілінде төбесінен дүр етіп нөсер өтсе-ақ ду етіп жас бүр жарады. Қалың қара жусанды қонышынан кешіп Отырар даласын жаяу аралап келе жатқан Иланшы Қадырхан осыны ойлады. Жусанды емес-ау, осындай өсімдік тақылеттес, өз нәрін тереңнен тартып, кәрі сабақты қайта жасартып, әлсін-әлі маңына әдемі әтірін шашатын жасамыс қыпшақ жұртының бүгінгісі мен кешегісіне ой жүгіртті.

«Дабыл ілген иесіз тұлпарды іздеп жүрген Ошақбайды тұтқындап кеткен кімдер? Неге өйтеді? Өзгені емес Ошақбайды қолға түсірерлік себеп неде?»

«Батырсыз қалған ауылға тұтқиылдан тиген қызылбастар мінезін қалай түсінуге болады? Батырсыз ауылды жауға көздеген жансыздың жымысқы тірлігі емес пе?»

«Өз елінің ішкі-тысқы саясаты қалай?»

«Ықылым сегізінші ғасырдан бастап осы күнге дейінгі ұлан-ғайыр ұзақ уақытта Дәшті-қыпшақ деп аталатын Інжу үгіз өзені мен Харчук тауын, Хорезм мен Абескүн теңіздері жағасын, Құлынды даласын, Есіл мен Ертіс өзендері бойын желдей есіп, еркін кезіп жайлаған сан қилы рулар жинағы бұл. Көне қара шаңырақ, аса айбарлы ел. Ескі шежірешілер көбіне Дешті-Қыпшақ, кейде Қаңлы-қыпшақ деп хатқа түсіреді. Бұл ұлыс күннің батысында Бұлғар елімен, терістікте сабырлықтармен, күннің шығысында Маңғұл, Моғол жұртымен,түстікте Хорезм, түстік-батыста Қараханид хандығы, одан әрі түстікте қызылбас елімен жиектеседі. Осы ұлан-байтақ үлкен жерді жайлап жатқан Дешті-Қыпшақ бейне жанартау мінездес еді. Кейде күш-қуатын жапан далаға сіңіріп тыншу қалатын, кейде аса мол қол жинап жалын құсатын. Көршілерін жалмап жұтатын. Ат басын кері бұрған мезетте түстік мұхитына өтіп кеткен мұз таулары секілді лезде еріп жоғалып жатады. Осы сұрапыл күштің басына қыпшақ атын дабырайтқан Алаша, Тоныкөк, Оғыл атты атақты хандар отырды.

Тоғызыншы ғасырдан бастап, Дешті-Қыпшақтың түстік жағы, дәлірек ойласа, Отырар мен оның қол астына қарайтын қырықтан астам қалалар Хорезмнің жұрымында жатты. Інжу үгіз бойындағы дихан халықта солай жапырылды. Бұған баста себепкер болған мұсылман діңі еді. Араб қолбасшылары Отырар мен Испиджабты жаңаша (григориан, яғни күн календары бойынша) 840 жылы, Таразды 893 жылы, Сығанақты 843 жылы жаулап алды. Қараңғы халыққа діңнен тор құрды, есін алды. Көп ұзамай әлгі шаһардың халқы көтеріліске шығып, апиын жұтқан арабтарды кері қуды. Бас бостандығын жеңіп алды. Бірақ арабтар бос кеткен жоқ, дінің таратып; соңына сахаба, баб, ата деген дің ұстар ұяластарын қалдырды. Түлкіге салған түтін секілді діңмен ел санасын улады.

Содан Дешті-Қыпшақта Жалаңаш әулие, Арыстан баб, Жылаған ата, Баба түкті шашты Әзіз деген дің басылар дәуірледі.

Сол шырмауға ерте іліккен Отырар, оның қарамағындағы қырық шақты қала Хорезмге саяси жағынан кіріптар болды. Өйткені, ең мықты дің тізгіні Бұқарда еді. Әйтсе де мүлдем бас иіп бағынып кетпеді. Бұған, бұрын-соңды Иланшы Қадырхан оқыған тарихшылар Ибн әл-Әсірдің, Әбу-Исқақ Истахридің, Әбужафар әт-Табаридің, Әбілқасым Ибн Хаукәлдің, саяхатшы Шәмседдин Макдисидің сөздері куә.

Қазіргі Хорезм әміршісі Мұхаммед қасында үнемі қыпшақтан кеңесші ұстайды. Иланшы Қадырханның өз басы Үргеніштегі мемлекеттік кеңес — Дуан-арздың мүшесі. Аузы дуалы айтқыштың өзі. Айбарлы Мұхаммедтің шешесі Тұрқан ханым қазақтың қаңлы руынан шыққан. Иланшы Қадырхан сол Тұрқан ханымның туған жиені.

Отырардың бүгінгі құдіреті ше?.. Күннің батысындағы Мәрмәр теңізі жағалауынан басталып күннің шығысына кететін «Ұлы Жібек жолы», ежелгі бабыл жерінен шығып, үндіні көктей өтіп, Хорезмді басып Қытайға қарай жол алған «Бас Жібек жолы», сабырлықтардан тіке Хорезмге тартылған «Жау жолы» осы қаланың үстінен өтеді, Отырардың «Қан Базарына» саудасын салады, кең сарайда қонып дамылдайды, сосын тағы да таусылмас жолға шығады. Осының өзі туған қаласын салтанатқа бөлеп, байлыққа белшеден батыра берді. Атағын дүйім жұртқа жайды. Өзі бай, өзі атақты елге жау көзі бұрын түсетіні мәлім. Содан араб халифалары баяғыда дүркін-дүркін жорықтар жасапты. Бір-ақ басын жарға ұрған Інжу жайыны секілденіп есеңгіреп кете берген. Жансыздарын жіберіп елінің осал жерін іздетті; хандар арасында алауыздық таратты. Осының бәрі Дешті-Қыпшақты қылыш күшімен бағындыра алмасын білген бейбақ күншілдіктің кесепаты еді.

Әуелде араб жиһанкездері Отырарды «Фараб» не «Бәрәб» деп жазып жүрді. Әбу-Йсқак Истахри мен Шәмседдин Макдиси «Бәрәб»деп атапты Отырар кітапханасында сақталған «Худуд әл-Әлім» деген кітапта қаланы «Пәрәб» деген. Осының бәрі Иланшы Қадырханның ойынша: «қос өзеннің қосылатын жеріндегі өлке» деген мағынадан шыққан сөз. Арыс өзенінің Інжу өгіз өзеніңе құя беріс жиегіне орнаған Отырарда қазір нешеме ғұлама, өнерпаз, көріпкел, сәуегей, зергер мекен етеді. Шаһарды екі жүз мыңдай халық мекендейді; көшесінде сан жүздеген тасболат тамдар, жәдігер, кешендер бар; монша, мешіт, сауда дүкендері, ұстахана, қышхана, гүртхана, әсем әуіздер бар. Ойлап кетсе ғажайып баққа еніп, мәуесінен татпай-ақ, зәмзәмінен сусындамай-ақ көңілі тойып жүрген жұмақ пендесіндей сезінеді өзін.

Жәдігер деген тастан салынған ымырат, дің үй дегені түрі киіз үй тәрізді күмбездеп салынған мекен, бұл екі құрылыс та шаһардың орталық көшесінде көп кездесетін. Қазақ ата зергерлігінің әліппесінде тағы да екі құрылыс кезігеді, олар — үй тас деп аталатын киіз үй секілді тас үй де, сосынғы кешен атты жеке дара тұрғызатын күмбезді ескерткіш, үй тас пен кешендерді көбіне дихандар мекендейді. Қаланың шеткі көшелерінде тасболат тамдар көп ұшырасады, тасболат тамдар киіз үй секілді дөңгелек емес, төрт бұрышты, не қоржынды етіп салынған. Үйлерінің қабырғасы әрқилы әсем қыштан қаланған, оларға тән тұрақты құбылыс есіктерінің біркелкі түстікке қарап тұруы еді. Тасболат тамдарды ұсталар, қолөнершілер, тоқымашылар жайлайды.

Сығанақта қыпшақтың ежелгі қаласы. «Тұман жазбалары» дейтін көне шежіреде шаһар оныншы ғасырда Сунақ деп аталыпты. Бұл «суы нақ» қоналқы деген ұғымнан шыққан көрінеді. Бертін келе, он бірінші ғасырда бұл қала туралы кезбелер көбірек жазады. Махмұд Қашғаридің«Түркі тілдерінің сөздігі» деген еңбегінде «Сугнақ гуздар еліндегі қала» деген түсініктеме бар. Кейіннен өзі білетін араб тарихшылары сол

Сығанақ пен Отырарды салыстыра дәріптейтінді шығарды. Расында, Сығанақ олардың ұғымынша «қос өзеннің арғы жағындағы (Мавераннахра) елдің тағдырын білдіріп тұратын бірден-бір темірқазық жұлдызы іспетті еді. Шаһарды елшілер мен жаушылар: «Дешті-Қыпшақтың» екінші шаңырағы, Ұлы Жібек жолының алтын қақпасы деп санады.

Үшінші мықты шаһары Испиджаб еді. Испиджабты әуелде Қаңлы көсемдері салғызған. Қаланың өзіне тән ерекшелігі сол, алтын, күміс өндіретін, кен қорытатын. Биік тау басына қазаншұнқырлар қазып, оған тастарды салып, үстіне сексеуіл өртеп қола қайнатады. Ұсталарға қару-жарақ соғатын темір әзірлеп береді. Испиджаб бабы көп уақытқа дейін базарында құл сатуға рұқсат етті; қала базарынан түріктер мен славяндарға лек-лек құлдар жөнеліп жататын!. Осы озбыр тірлікті тыйғалы Иланшы Қадырхан нешеме әрекет жасап бақты. Әйтсе де сауда қыздырып жүрген жедбуаз кәззаптарды колға түсіре алмай-ақ қойды. Амалсыз әлгі қанқұйлы бабтың көзін жойып, оның тағына Оғыл Барысты отырғызумен тынған.

Кітап жазатын ешкі сақтияның жасаумен аты шыққан Таразы деген шаһарының салтанаты өз алдыңа бір төбе.

«Сақтар ошағы» деген сөзден шыққан Ясы қаласының зергерлік өнері көзі бітелмес бұлақпен парапар»...

Отырардың жусанды жазығын жаяу аралап келе жатқан Иланшы Қадырханның санасын торлаған ой осы еді, соңынан сүркіл салған ат дүбірін естіді, ойын бөлді. Қақпақтай жауырының шұғыл бұрып қараған. Нөкері Мақсұт көрінеді. Бір атқа мініп, келесі атты жетелеп жақындап қалыпты. Тақап келгенде барып көлігінен түсті. Иіліп тағзым етті. Иланшы Қадырхан енді нөкеріне қарай жүрді. Жаңа байқады, алып денелі жігіт әлі қос қолын кеудесінен алмай иіліп тұрған.

— Не айтқың келіп тұр, Мақсұт? - деді Иланшы Қадырхан анадайдан дауыстап.

— Ошақбай ауылын шабатын қызылбастарға астыртын хабар беріп, жол сілтеген атшабар Бадриддин екен, хан ием, — деді Мақсұт сол иілген күйі.

— Оны қалай растайсың?! .

— Қызылбастың жолбасшы жарғақ шалынан естідім, тұтқын қазір Күмбез Сарайда отыр, жауаптасуға әзір, хан ием.

— Уа, жаратқан, жансыз етегімнің астынан шықты десеңізші?!

— Бадриддиннің ойы бұрыннан бұзық болатын.

— Арандатып тұрғаннан саумысың? Талай жарлығымды қиын жолда қалт жібермей орындай білген білгірлігін қалай түсінем?!

— Оның әкесі Тажвдин бірнеше жыл Отырар әміршісі болған. Қыруар қазына жеп байыған. Қатының қырыққа жеткізген.

— Ләппай деген.

— Сол әкесін райбаттап тақтан түсірген сіз деп ойлайды.

— Сонда әлгіндей опасыздыкпен не мұратқа жетпекші?

— Көксегені алауыздық, арандату. Қызылбас ханы опат болған аз ғана қолы үшін құн даулайды, екі ел арасында қызыл көз жанжал жүреді, соғыс басталады, оған керегі сол. Керегі сіздің тағыңыз.

Әмірші мына сөзден қатты ашуланды, ызадан жерге түкірді. Аузына жусан дәмі білінген. Атқа қонды, тізгінді кері бұрып, қалаға қарай шоқыта жөнелді. Мақсұт соңынан ілесті. Жусанды даланы армансыз кешіп келіп, Отырар шаһарына тұс-тұстан құйылатын керуен жолының біріне түсті. Бұл жолмен тақауда мал айдап өткен білем, майда тұяқ мақұлықтардың шұбырынды ізі жосылып жатыр. Борпылдаған ұлпа топырақ ат шашасын қапты, шаңнан жаяу борасын көтерілді. Жол көп шұбырындыдан керпіліп тоза бастаған. Тізгінді қиыс бұрып борпылдақтан шыға жүрді. Көп ұзамай даланың жусаны майдалады, бара-бара сирексіп, аралары алағаттана түсті, енді кілең түбіртекке айналды. Алыстан шаһар сүлделенді, ақ шаңқан аспанға күмбездерін көтеріп, мұнараларын шаншып тәкаппар көрінді, берідегі қызыл күрең қорғандары шегіп жатқан түйелер секілді. Қала үстін көгілдір түтін басқан. Манағы жусанды дала түгесіліп, енді селеу, ебелек, боз, өлең, ит құлақ, итсигек өскен жазық басталды. Жазықтың жиегі қалың бауға барып тірелетін, бас арықтан өткен соң-ақ өрік, жиде, шабдалы, жаңғақ, тұт, тораңғы, қара ағаш тоғайына кіресің. Кірмей тұрып-ақ Отырар қаласының сүлдерінен көз жазып қаласың. Қаланы қалың бау көрсетпей жібереді. Бетке әтір иісті самал соқты. Жыныстың арасында салқын су сылдырап жосып жатыр. Бей-берекет емес, жүйек-жүйекпен, атыз-атызбен құлдилай ағады. Бұлар баудың арасына еркін сіңе түсті. Көлеңкеде қонып отырған бөгелек пен сона секілді жәндіктер ду етіп ұшып, аттарға қона бастады, тұлпарлардан тыныш жүріс кетті, пысқырынып, құйрығымен шапаттап жанталасқа түсті. Ағаш арасы қапырық екен, әмірші пысынап кетті, баудан тезірек шыққысы келіп шоқыта жөнелді. Көлікті көрер көзге шыбынға талатып, ұзақ жүріп жыныстан әзер сытылды, қаланың тұлғасы қайта көрінді; енді бақшалық басталады.

Отырардың бұл терістік беті болатын. Қауын, қарбыз еккен жалпақ атыздар көз сүрінтеді, көкпеңбек кілем жайып тастағандай. Қалың пәлек арасынан күләба қауындардың бұлтиып-бұлтиып бөксесі көрінеді. Қауын біткен торлай бастапты, бұл жүзін жуып, дәм кірді деген сөз. Қарбыздың бояуы айқындала түскен, бұл қабығының қалыңдағаны, қабығы қалыңдаса ішіне шырын жиып жатқаны. Көгілдір атыздардың арасын қақ жарып келе жатқан жолды су әбден рәсуалапты, кей жері мимырт батпақ, кей жері көлкіген шалшық, кей тұста ат тұяғын желім саз қабады. Бақша арасынан өткен жолдың сықпыты осы. Қалаға тақаған сайын бақшалықтың түрі де, түсі де өзгере берді. Сол қол жақтары атызға қауақ егіпті, бұл дақылды кісі жемейді, ыдыс жасайды. Қауақтардың көлемі әзірге кішкентай, шағын қыш құмыра секілді; бұл дақыл піскен кезде бой жасап үлкейеді, қабығы қатаяды, сосын диқан үзіп алады, бас жағынан дөңгелектеп ойып тастайды, бұл келешек ыдыстық ауызы, сол ауыздан ішке ожау жүгіртіп дәнің алып тастайды; сосын күнге кептіреді, сосын ыстықкүлге отырғызып қояды, әлгі қауақ күлге отырған сайын қызара түседі, сонымен әрі жеңіл, әрі әсем ыдыс дүниеге келеді. Оң канаттағы асқабақ атыздары болды, пәлегінің көлемі үлкен, түйе жапырақтыкіндей екен. Асқабақтың да қызылы, ағы, сарысы, көкшілі көз тартып домаланып жатыр.

Бас арықтан өтісімен жасыл бақшалық шаһар үйлеріне жалғасты. Бұл негізінен қаланың сыртқы мекен-жайлары. Диқандар отыратын жер рабат деп аталады. Рабаттың белгілі жүйемен салынған көшесі жоқ, ығы-жығы, кейде жыпырлай, кейде пышырай орнаған балшық үйлер ғана. Үйлердің арасынан керуен жолы әрең өтеді. Рабат түгесіліп, қыш қорған бадырая түсті, көз алдыңда еңсесін көтерді. Қақпа алдыңда Иланшы Қадырхан тізгінің тартты. Мақсұт қатарласа берді.

— Әлгі қызылбас шалымен кешке сауалдасамын. Күмбез Сарайға жүре бер. Бадриддинге байқау бол, көз жазып қашырып алып жүр ме, — деді.

Жолаушылар екі айырылысты.

Иланшы Қадырхан қыш қорғанға енісімен-ақ ат басын жоғары бұрды, шығыс беттегі, Қышқыш әулие қорығының ішіндегі ханша сарайына тартты. Мана уәкіл үнді жігіті: «ханша кешелі-бүгін сырқаттанып жатыр», деп құлаққағыс қылған еді. Енді жан серігінің халін біліп қайтпақшы.

Тұлпарына тақым басты. Кеңсірігін қаланың қапырық ауасы кесті. Жаңа ғана жұпарын жұтып, кең тыныстап қайтқан даланы ойлады, сол далада еркін жосытып, еш ойсыз, еш қарекетсіз жүрген жастық шағын сағынды. Онда сәмбі талдай майысқақ, мақсатсыз, сезімтал еді, қазір қара ағаштай қатты, қатал, шарт сынғанша жатқа ығын, досқа өтін бермес біртоға жанға айналған. Кейінгі кезде өзі де сезеді, жар төсегіне де жылуы кеміп барады, ханша сарайына сирек соғады, әйелімен әрәдік ұшырасады. Он бес жылдан артық көңіл қосып, жүрек жарастырған Бикемен түс шайысқан, "е сен" деген күні болған жоқ. Қайта жыл өткен сайын асық жары сарайдағы нешеме сылқым сұлулардан артық көрініп, өзіне тән әсем мейірімімен, жұмсақ ықыласымен баурай тартады. Жол жүріп, не жортуылдан сүлеленіп келіп ұшырасса-ақ, баяғы бір жаңа табысқан жылдардағыдай қимас құштарлықпен өбіседі. Бике: "пірім-ау, құшағың қатайып, алақаның ыстық болып кетіпті ғой!" деп наз ете күлетін. Бұл: «сағынғаным ғой», дейтін. Осылай әзіз ықыласпен сыр жалғасатын. Жұрт басқарған әміршіге кейде елшілер сыйға Қыз тарту етеді, кейде алыс жортуылда жүріп "жат елдің сұлуымен көңіл жарастырыпты", деп естиді, мұның бәріне Бике көп мән бермейді, қызғанышпен әміршінің аяғына оралғы болмайды. Бар сырды жүрекпен ұғып, үнсіз шыдайды. Ілкіде ұшырасқан мезетінде көкірекке жиған мұң мен қапасын түгел ақтарады. Тағы да өзінің риясыз сенгіштігімен, құлай сүйген махаббатымен мас етеді. Екі жарды қапаландырып қыспаққа салатын, тығырыққа тірейтін жалғыз жай бар, ол Бикенің құрсақ көтермей келе жатқаны, Иланшы Қадырханның кіндігінен тұқым тарамауы еді. Алғашқы асық жылдары бұған мән берген ешкім болмады: келе-келе сынадай еніп кететін қаскөй ойға айналды. Жар төсегінің жылуынан жерітіп жүрген осы жай ма деп те ойлайды.

Ханша сарайына келіп қалыпты, атынан түсті, тізгінді талтаңдай басып жаныңа жеткен кемпір бет күтуші жігіттің қолына ұстатты. Өзі жіті басып, жоғары көтерілді. Қақпаны тағы сол тарттырылып, еркектік қалпынан айырылған кемпір бет жігіт ашты. Иіліп тағзым жасады. Әмірші сырт киімдерін шешіп жіп кермеге ілді. Түкпіргі бөлмеге өтті, соңында еріп келе жатқан күтуші жігіт жөтелгендей болды.

Бұрылып әлгінің жүзіне қарады. Жігіттің жанарында айтылмаған сөз тұрды.

— Хан ием, ханша жалғыз емес, — деді жігіт әйел дауыспен сыбырлап.

— Сырқат жаныңдағы күтуші қыз ба?

— Жоқ хан ием, ханшаның қасында тәуіп бар.

Иланшы Қадырхан мына сөзден жиырыла қалды, "тәуіп алдырдым деп маған неге айтпаған", деп ойлады." Күтушілердің күллісі сыртта сенделіп жүр, ол есігін тарс жауып алып, тәуіппен қалған". Көңілін келеңсіз бір күдік жайлады. Қарап тұрып торықты. Күтуші жігітке "ханша бөлмесінің есігін аш!" деп жарлық жасады. Күтуші кілтті әзір ұстап тұр екен, шойын есіктің жапсарындары ұңғыға сұғып екі мәрте бұрады, есік ашылып жүре берді.

Бөлме іші ала көлеңке. Дөңгелек терезелердің шілтері түсірулі. Иланшы Қадырхан алға өтіп биік төсекке беттеді, шымылдықты серпіп ашуға оңтайлана берген, өзін-өзі токтатты. Аяқ тықырын естіген шымылдық ішіндегілер де қозғала бастады, беріде тұтылған жібек матаның дірілінен сезіп тұр. Кебіске сұққан аяқ тықыры естілді. Әлдекім жөткірінді, еркектің үні. Шымылдықтың шетін ақырын ашып сыртқа шықты. Шықты да кері бұрылып жібек матаның ашылып қалған жапсарын қайта қымтады, сыртын беріп тұрып тағы жөткірінді. Иланшы Қадырхан беліндегі қылышқа жармасқан. Әлгі кісі бері бұрылды. Жанарын жалт еткізіп қараған, хан жүзіне шоқ басқандай болды. Тәуіптің көзі аса өткір екен, қадалып тұрды-тұрды да күбір етті.

— Ханша дем алсын, буының жел алған екен, үзіп шықтым, - деді. Жанарымен есік жақты нұсқады. Қалшиып қатып тұрған әмірші енді тәуіпті сыртқа бастады, жарығы мол үлкен бөлмеге шықты. Жаңа байқады, тәуіп пәкене ғана шал екен, сақалы аппақ, селдір, басында тері тақиясы бар, жауырыны еңкіш, жел үп етсе ұша жөнелетін ебелек секілді. Әлгіндегі қызғаныш сезімі сейіле бастады. Әміршіні ала бөтен таңқалдырған нәрсе тәуіптің отты жанары еді, сол жанармен көзі түйіссе-ақ тұла бойын шымырлатқан пәлекет сезім жайлайды. Еркінен айыра қаны қызады. Әлгіде лап еткен ашумен шалды шауып тастай жаздағаның ойлады, олай еткізбеген осы жанар-тын. Енді қол көтермек түгілі кейи де алмады, рухы түсіп, үнсіз қалды. Тәуіп артыңда сөлбірейіп тұрған кемпір бет жігітті қолын сілкіп қуып жіберді, әмірші екеуі ғана қалды.

— Ханшаның дерті ауыр. Дәп осылай емделмей, ескерілмей жүре берсе бірер айда делқұлы болып кетеді, — деді.

Әмірші қатты шошынды, қағыс естідім бе деп қалды; тәуіп шал жан қалтасынан тәспісін алып тырсылдатып тере жөнелді. Жанары жұмыла түсті. Иланшы Қадырхан тәуіп жүзіне енді тіктеп қарады.

— Балам, сауалыңды ұғып тұрмын. Жалғыз-ақ ем: ханшаға жиі келіп тұрғайсың, — деді.

Шалдың жанары бірте-бірте ашылып келе жатты. Иланшы Қадырхан жүзін тайдырып әкетті. Осы мезет ол өзіне беймәлім, беймәлім емес-ау, білмейтін, парықтай қоймаған, зердесіне сап қорытып көрмеген дүниеауи құпияның көптігіне таңданды. Қол мен қылыштан да өзге шақшадай басты шарадай етер, жігіт жігерін боркемік жасар, алмас қылышты морт сындырар нешеме ақыреттік күштер барын енді байқады. Сол тұңғиық шымырлатып тарта берді.

ОН ЕКІНШІ САРЫН

Бес аттылы бұл түні де ат ауыздығын алмай ұзақ жүрді, осы Шу бойындағы Кәрікеннен шыққалы бергі оныншы түн болатын, бара-бара тұяқ асты салдырама ақтасқа айналды; Ошақбай өздерінің өзенді өрлеп келіп Таластың тауына кіргенің білді. Жігіттің құйымшағы ойылып, тақымы тесілді, кешелі бері түз құйғандай дызылдап ашытатынды шығарды. Аштықтан білем, көз алды қарауыта береді; өзін тұтқындаған жігіттер күніге төрт-бес мезгіл ат шалдырады, жерге жантая кетіп, дорбаларынан кесек ет, малта алып жейді, талғажау етеді. Ошақбайға ештеме татырмайды. Аттар түн салқының Құныға жұтып қаншама жол аршындады, көктегі жұлдыздар сиреп, жаз таңы біліне бастады. Өзен бойы ат алқымынан келетін бал құрақ екен, жылқы адымын тұсап жүрісті мандытар емес. Аш бөрідей бұл кектеген топ оныншы күні де ел қарасын көре алмады; елсізбен ғана келе ме, әлде жұрты көшіп кеткен бе, бұл арасын Ошақбай айырмады. Әйтеуір қыр астынан қыр шығады, белін жазған белдер түгесілмейді, жүйкені жеп барады. Әлден уақытта аттар тізесі дірілдеп болдырды да, кідіріп қалды. Ошақбайдың құлағына алдындары қапсағай жігіт пен Бауыршықтың күңгір-күңгір кеңескені келеді. Аштықтан, сосын азаптан талықси бастаған.

— Азық таусылды, ат арыды, ел ішімен жүрмесек болмайды, — дейді жігіт.

— Патшасы бар үйге қонбаймыз,— дейді Бауыршық.

— Байеке, «патшасы бар үйіңіз» не?

— Балалы үйді айтамын да. Не айтқанға көнбесе, не ақылға ермесе бала деген патша емей немене.

— Мұныңыз жөн екен.

Бауыршық топтың соңында әзер ілбіп келе жатқан, баяғы Баршын сұлуды қуып жете алмай қалған жігітті шақырып алды, әлгі сөзді ұғындырды, алдағы ауылға шолғыншы етіп жіберді. Бұлар аттан түсті, алдыңдағы қапсағай жігіт келіп Ошақбайды кескен томардай қып ердің артынан сыпырып алды. Жерге жантайтты. Ешкімде тіл жоқ, жақтары қарысып,қарны қабысып қалжыраған түрі бұл. Ошақбай талықсыған күйі мызғып кеткен екен, «уа, әкеңнің» деген барлыққан дауыстан шошып оянды. Бауыршық жігіттерді сыпырта боқтап жүр.

— Байеке, патшасы жоқ үй болған соң келістім де.

— Ой, әкеңнің, руын неге сұрамадың?!

— Білмедім ғой, ашықтық, арыдық.

— Мына иттің жатырласы болып шықса қайтесің?!

Бауыршықтың "мына ит" деп тұрғаны өзі екенің Ошақбай түсінді. Қарап жатып көзіне жас алды. Жасып емес, қамығып. "Жатырлас" жігіттерін ойлады, Інжу жағасында жайбарақат өмір кешкен ауылын елестетті. Құлағына руластарының самбырлап сөйлескен дауысы келеді. Намысы жолында жан берген жайсаңдар еді, бейхабар қалып бармағын шайнаған шығар... Ақыры бұлар атқа қонды, қыр асып, ауыл шетіндегі қараша үйге кеп маңдай тіреді. Шолғыншы жігіт бастап келген. Үй ішінен жалаңаш етіне шапан жамылған сырықтай сидам отағасы шықты, ат тізгінің ұстап, жігіттерді ішке бастады.

Босағада саздан істеген шырақ тұр, білік бойындағы ешкі майы білем, шыртылдап жанады. Ошақбайды шырақ қасына қалдырып, өзгелері озыңқырап барып төрге жетіп жайғасты. Бауыршық үй егесімен амандық сұрасты. Өздерінің Бұхар жақтан келе жатқан саудагер екенің, жолда қарақшыларға кезігіп, әзер құтылғаның, "мына қолы байлаулы жігіт сол кәззаптардың бірі, өзгесі керуенді талап жатқан. Біз безіп жоғалғанбыз. Әлден уақытта артымызға қарасақ осы жігіт қуып келеді екен. Келсең келе ғой деп тұтқындап әкете бардық", деп мағлұмдады. Отағасы сөз алды.

— Әйел көршіден қымыз сұрай кеткен, қазір келіп қалады. Өз биеміз сусамыр болып сүті іріп кететінді шығарды.

— Сусамыр деген ит ауру,—деді Бауыршық. Десе де, ойы алай-түлей. Шолғыншы болған жігітке алара қарайды.

— Қай ел боласыңдар, жігіттер?—деді отағасы.

Бауыршық шолғыншы жігітке жаман көзімен ата қарады.

— Қыпшақпыз ғой.

— Қоныстарың қайда?

— Алатау бектерінде, әлі алыс, жеті күншілік жол, — деді күмілжіп Бауыршық. Шолғыншы жігіт жер шұқылап отырған. Есік ашылып тыстан тәйтіктегене көтерген әйел кірді. Қымыз сапырылды. Жігіттердің жүзіне нұр жүгірген. Ошақбайға да қымыз тиді, сусынмен қоса бойына жылу тарады, шатасқан ойы жазылды, аяғын созды. Үй егесінің сөзін тыңдады.

— Баяғының адамдары балаларына ақыл үйретсе: алақаныңды дүние тұратын етіп қуыс қып ұста, ашық ауыз болып алақаныңды жайып жіберсең қолыңа ештеңе тұрмайды, ал тым дүниеқор болып жұмып қалсаң қолыңа түк тамбайды деп айтып отыратын. Сендер осы сөздің соңғы шартын ұстап саудагер болыпсыңдар, ай, жаратпайтын кәсібім. Мына тұрған Таразыға үйір жылқы айдап барып құр дамбалшаң қайтқаным бар. Дүниеде маса мен саудагерді жек көремін...

Бауыршық төменде отырған шолғыншысына тағы тігілді.

Тап осылай боларын Бауыршық мана шолғыншы жігітінің сөзінен-ақ сезген. Ит-ай, мүләйімсіп келіп: "байеке, ауыл шетінен көңілі ашық бір жігіт таптым. Қиналмастан "түсіңдер, құдайы қонақ болыңдар", деді. Аты-жөнімді де сұраған жоқ", деген. Ит-ай, еке, екелеумен тұп-тура қыпшақтың үйіне әкеп кіргізді де жіберді.

Бауыршық біледі, қыпшақтар келген қонақтың ешқашан бетін қайтармайды, ат үстінен аты-жөнің сұрамайды. Моғолдар ғой: "әкеңнің аты кім?" "Нағашың қай жұрт?" Ныспың қалай?" "Құқың не?" "Қатының не ел?" "Атың жүйрік пе?" деп езбелеп есті шығаратын. Ал мына қызыл көз Қыпшақ үйіне кіргізіп алып, қымызын беріп отырып шикі май ішкізгендей ішін ірітіп барады. Жай сөзбен-ақ боқтаудан бетер жерлеп отыр. Өздерін масаға төнбегені батады әсіресе.

Енді аңыстады.

— Бұл байғұста қашып кетер қауқар қайда, жақ сүйегі ғана қалыпты, — деп үй егесі тұрып барып тұтқынның қолын шешті.

— Бұл байғұсты аштан өлтіреміз бе? — деп барып әйелінің қолындағы табақтан үлкен ет алып берді.

Бауыршық енді болмаса үрген бүйендей жарылғалы отыр, тырсылдап, пысынап қасындағысына сыбырлады.

"Аттарды ертте", деп жарлық етті. Шолғыншы жігіт те ілесе кетті, сыртқа сытылды.

Ас алыңдар, малды ертеңгісін жейсіңдер енді. Қариялармен мәслихат құрасыңдар.

— Алла разы болсын!

— Тоналғандарың туралы әңгіме естиміз.

— Біз жүреміз,— деді Бауыршық ет жеп болысымен-ақ.

— Күн қызғанша жонға шығып кетпесек аттар болдырады, сонаға таланады. Ел арасы алыс, жеті күншілік.. Бауыршық үй егесі сырықтай жігіттен жаман шошыған. Мысықша басып, ел көзіне түспей түнделете жүріп келе жатқанда жұртты жинамақ, тұтқынды әлдендірмек, мән-жайға қанбақшы. Іші уілдеп жүріп атқа қонды, Ошақбайды қайта матады, қапсағай қараның артына жарбитты.

Торсылдатып желе-жортып жөнелді. Былай шыға Бауыршық шолғыншы жігітті бұзау тіспен аямай өрді. Қолының құрышын қандыра ұрды. Ат жалын құштырды. Манадан бергі бойына запыран болып жиналған ашу-ызасын аямай төкті.

Жігіттер жеті күн бойы ел қарасынан жырақтап сонарлай сүркектеді, ыстық ас дегенді ұмытып, ат терін жеп, аң атып қоректенді: жетінші күні ел қарасын көргенде жауырыныңа қан қатқан шолғыншы жігіт өкіріп жылап жіберді.

Қиырына көз жеткісіз көкпеңбек кең өлке, көкбұйра жазық. Алыстан ақ қарлы тау мұнартып тұрады. Көлдері көп. Жағалай жайлаған асау халықты Моғолдар, өздерінше ұйғырлар деп атайды екен. Ұлы Жібек жолының төсінде жатыр; қыздары көгілдір, қатындары қызыл, еркектері қоңырқай киетін көрінеді, Құрықтың ырғай сабындай ылғи бойшаң, алып тұлғалы. Ошақбайдың Отырардың Қан Базарында күннің батысынан келген бұйра шашты, алып тұлғалы аристерді көргені бар. Булар да Азия жүрегін жайлаған қошқыл аристер секілді. Қарапайым тұрмыс кешеді, қымбат киінбейді, көп жуынбайды, ерлері асау үйретумен, әйелдері бетін бояумен күн өткізеді. Жейтіні жылқының еті, ішетіні биенің сүті. Мекендері қыпшақтың ақ жұмыртқадай киіз үйіне ұқсамайды, шошала іспетті қосын ғана. Тұс-тұсынан сырықпен тіреп, басын буып, сыртынан киіз жаба салады. Мұндағы жылқы түлігінің шеті мен шегі жоқ. Үлкен саздан қаптатып айдап өткенде күн көзін кілкіп шаң тұтады, шошынып ұшқан торғайлар қанаты талып құйма тұяқтарға топ-топ құлап жатады. Шошала іргесінде жатып Ошақбай әл жия бастаған. Бауыршықтың сегіз қатыны бар екен, тоғызыншы күні султан отауынан түнеріп тұрып: "жолға аттанамыз", деді. Ошақбайды ақ атанға отырғызды, өзі арабы айғырға мінді, қызметшілері егізге аяқ артты. Қызыл құмды кешіп айға жуық қаңғырды. Қабырғалары қолға ұстайтындай болып адырайып әбден арығанда ақ шандақ далаға шықты, құйынмен ілесіп қол жатқан жерге келді.

Күннің астына көсіліп жата кеткен ақ сыпырадай селеулі дала Ошақбайдың жүрегін шайқап-шайқап жіберді. Даланың беті быжынаған будыр. Бұл шығыс қағанышың алтын ордасы болды, қаз-қатар тігілген шатыр шағаладай ағараңдайды, жер ошақ қардан түтін тік шаншылып шығады, жарақтардың шыңылы, жылқылардың шұрқыры сарындап жетеді. Тақап келгенде көрді, қай жағына қараса да сартылдаған сарбаз, жөңкілген лек, асау үйреткен, жарлық таратқан жосқынның, беті жаман, тырапайлап шауып бара жатқаны. Осы үлкен тобырда темірдей қатаң тәртіп бар секілді. Араласып кетсе-ақ құмырсқаның илеуіндей құжынайтыны анық. Бір байқағаны, жерін ат тұяғы шиырлап-тоздырып жіберген,жел үпетсе-ақшаң бүркетеді, шөбін көк тұқылдап жеп бітірген. Бұрын белуардан майса болған мамырстан екені көрініп тұр, өр жерде сойдиып-сойдиып жетім ағаштар көрінеді, бұлақ суы жылтырап қана ағады, әрідегі арнасы кеуіп қалған. Осыншама ел, осыншама жылқы қалай аштан қырылып қалмай отырғаны таңдандырды. ()ң қанаттан ақ теріден істелген он шақты шатыр шалынды. Бұлар көлік басын солай бұрған. Жер астынан шыққандай дәл тұмсығының астынан қос аттылы андағайлап ат қойғаны. Бауыршық дереу қойнынан әлдебір жылтыраған жез қайрақты суырды, әлгілерге көрсетті. Жол тосқындар бұларды босатып қоя берді. Ақ шатырда ешкім қарсы алмады, буына пісіп келе жатқан Бауыршық итырықтады кеп, бүкеңдеп жүріп атын қаңтарды, түйені шөгерді. Ошақбайды қолтықтап көліктен түсірді. Бір түрлі жөгі болып, мүләйімси қалған. Шеткі шатырға бастады, есік алдыңда сақшы көрінбейді, тұрғындары талақ етіп тастап кеткен секілді. Бауыршық жөткірініп дыбыс берді, түсірулі тұрған тулақты серпіп ашып, ішке енген, өңгелері де соңынан сүметіліп ерген. Кірмей жатып бір-біріне басын соғып топырлап кідіріп қалды.

— Ұйқымды бұзған қайсыларың?! - деген жуан дауыс өңменінен өтті.

— Қағанның сүйген нөкеріміз.

— Түні бойы ит ұлып жатқызбағаны. Төрлетіндер. Күтуші күң бе, қызметші құл ма деп ойлаған едім. Қайдан келесіңдер?!

— Арысы Дешті-Қыпшақтан, берісі Жетісудан жол алдық.

— Ой, бауырым-ай, көріспегелі көп болды ғо-о-ой!— деп әлгі шалжайып жатқан бұларға тапырлай ұмтылды, құшақ жая көрісті, жуан дауысы құлақты жарып барады. - Қағанға қызмет көрсетем деп іш құса болып өлуге айналдым. Не туған жер, не тойып ішер тамақжоқ, күнімен күнге шыжып, түнімен масаға таланып өлер болдым. Бүйткен елшілігі бар болсын!

— Бұл отағасы Юсуф Канка деген қыпшақ ағаң болады,— деп таныстырды Бауыршық. Өзі де тер алдыңа шалжайып жата кетті. Құйрығы ойылып отыруға жарамай қалған. Әлгі гөй-гөй кісі елдің амандығын сұрады. Отырарда туып-өскенің айтты, жасынан кезбелікке үйір екен, сол кезбелік енді алтын босағасынан, қатынынан, балаларынан айырып осы ақ шатырға қыңсылатып байлап қойыпты. Қағанның ең сенімді елшісі көрінеді. Қиынға салып соқта ілдірер қыраны екен.

— Қағанның қаһары қалай?—деп сұрады Бауыршық.

— Бетін аулақ қылсын, қазір алдынан тірі кісі шықпайды.

— Тәуба, енді қайттік?!

— Әліптің аяғын бағасың да, құйрығыңның жарасын жазасың. Жат та тынық. Ақ түйенді сойып ас қылмасақ болмайды, аштан өлеміз.

— Қаған қазанынан сарқыт тимей ме тегі?

— Сарқыт сарқылып барады.

— Жорыққа әзірленіп жатқаны ғой онда.

— Болса болар. Терістіктегі қалмақ, әрісі жақұт еліне жорық жасамақ еді. Әлгі елдің хандары нағыз кәззап, қулығына құрық бойламайтын пәлелер, ыза баспайтын жырындылар көрінді.

— Не істепті соншама?

— Қағанға керуен-керуен қазына, нояндарына үйір-үйір жылқы жіберіпті, қыздарын тарту етіпті. Енді қаған қылышын кімнің төбесіне ойнатарын білмей дымы құрып отыр. Желеу таппай жынданғалы жүр.

— Көрші шатырларда жатқан қай елшілер, отағасы?!

— Табаныңа көсеу басқан араб елшісі ғана, қалғаны құрыды, безіп жоғалды, қағанның қағарын дәріптеп дүниені кезіп жыр жырлап жүр.

— Араб елшісін неге жазалаған, отағасы?

— Әлгі байғұс маңғұлдарды мұсылман дініңе енгізе қоямын деп мысық дәмемен келіпті. Қаған сезіп қойып, қатты ашуланған көрінеді. "Менің тәңірім Сүлде, сыйынарым қылыш, соған тағзым ет те еліңе қайт, түмендерім жеткен кезде қақпанды шалқасынан ашатын бол", депті қаған. "Құдайдың құлы, Мұхаммедтің үмбеті ғана қасиетті жерді баса алады", депті елші. Сонда қаған: "қасиетті желаяғым сенбісің", деп табаныңа көсеу бастырыпты.

— Жуық арада жолыға алмаймын-ау, - деп күңіренді Бауыршық. Көз алдыңа қағанның қылышы, көсеуі, буы бұрқыраған табағы кезек көлеңдеп есін алды; қарап жүріп қатындарымды көре алмай шейіт болмасам жарар еді, құдая қаһарыңнан аулақ қыл, пәлесінен сақтай көр, шаужайына жармасып, құйысқаныңа қыстырылып жүріп ел билейтін халге жетсем қызыл сақал қақбасты желкемнің шұқыры көрер еді, жаназасында боз қасқа шалар едім, деп ішінен ұлыды.

Күнде таңертең ояна салып қырқаға шығатын болды. Алыстағы биіктің басына тіккен қаһанның жібек шатырына көз тиіп, ұзақ-ұзақ тұратын, өткен-кеткеннің шылауына оралып: "қағанның қаһары қандай?" деп сұрайтын. Өстіп жүріп Бауыршықтан әл кетті, қуат кеміді. Тірсегі тасқаяқтай тоғысатынды шығарды. Жанары шүңірейіп ішіне түсті. Ақыры ақ атанның асық жілігі асылар күні Юсуф Канка жақсы хабар жеткізді. Етегін қолына жинап алып жүгіріп келе жатқан еді, алдынан Бауыршық шықты.

— Сүйінші! Қағанның қабағы жылыпты, - деді анадайдан айқайлап кәнігі елші.

Бұлар дүрлігіп биік басындағы сары шатырға жол алды.

Ошақбайды айқастырған үш найзаның ұшына отырғызып шығыс қағаны Шыңғыс ханның алдыңа алып кірген; көз алдында алтын тақ, ортасында екі бүктеліп атылуға ыңғайланған мысық мұрт жолбарыс жатты, көзінің алдыңда көлденең тартылған қос сызық қана, маңдайында әжім жоқ, маңдайынан төмен сұлап бір тал ұзын шаш түсіпті, ол шаштың түбі қайда екенің бағдарлап таба алмады. Әлгі жолбарыстың аузы ашылып, азу тістері көрінді. Ошақбайдың астыңдағы найзалар дірілдей бастады. Мысық мұрт тіл қатты. Қағанның аяғының, қасында етбеттеп жатқан Бауыршық сұлтан бетін жерден алды, басын көтерді. Әлгі сөздің мағынасын Ошақбайға ұғындырды.

— Көктегі тәңірінің сүйген құлы, хандардың ханы, дүниенің әміршісі қағанның қояр қос шарты бар. Бірінші шарты; қыпшақ колбасы Иланшы Қадырханды қағанмен торсық қымызды бөліп ішісер көңіл жықпасы етесің соған ара ағайындыққа жүресін. Келесі шарты; осындағы түменбасыларға қыпшақ қолының күшін, сырын, жеңілмес тәсілін үйретесің. Сонда ғана басың босанады. Әйтпесе, Бауыршық сұлтанның бабасының құныңа алған құн бодауысың. Құнға кеткен жанның сұрауы болмайды.

Ошақбай терең ойда тұғын; қол жинап құжынамай-ақ, бәле іздеп ат арытпай-ақ жайбарақат өмір кешіп жатқан жерлестерін ойлады. Күнге шағылысып шабылған кешенді, аяқ астыңда домалаған хош иісті қауынды, құмдағы жантақ сабағына шел қарбыз отырғызып жыл он екі ай тоқтаусыз жылжыған керуенді, күмбездеріне ирек сағым оралған сарайларды көз алдыңа келтірді. Келтірді де мысық мұрт жолбарыстан тіксініп кетті.

— Ағайынның жақыны келісімен шаруа сұрар, сауалдасар; жақтырмаған ағайын: "ертең де күн бар ғой", деп атына мініп малына таяр, сосын сиыр құйымшақ татар. Қаһан бізді келісімен қабыл қылды, ағайындығын танытты.

Сұңқылдап сөйлеп отырған Бауыршық сұлтан еді. Төрде жатқанның екі езуі құлағына қарай жаймен жылжып барады екен, жым болды. Етбеттей құлады. Төрдегі жатқан сары тісін көрсетті.

— Шеңгел де жерінде шуласын деген. Жат жерде тұтқын болып жүріп туған жердің тағдырын тақымдарыңа бастырып бере алмаймын, — деді Ошақбай.

Бауыршық мына сөзді естігенде мұз жегендей қалшылдап кетті.

— Бұл пиғылдан тыйыл, қағанға сыйын!

— Сыйынарым сатқындық емес.

— Әлі-ақ тәубаңа келерсің. Құйрығыңның астыңдағы найзаға тік отырарсың...— Өстіп бастырмалатып есті алар ма еді. Төрдегі жатқан басын тағы көтерді, алтын таққа сыймастай болып ісіп-кепті, ыр етіп айбат шақырды. Ошақбайдың сөзін маңғұлша естігенде бұрынғыдан бетер қаһарланды. Төбесінен маңдайына сұлаған бір тал шашты ұстады, қолы дірілдеп әлгіні үзермен болды, Ошақбай енді байқады, күзетші торғауыттар томпылдап етбеттей құлап жатыр, өзі де омақаса жығылды. Көтеріп тұрған найзагерлер найзасын тастай бере тізерлей кетіскен. Қостағы жұрттың өмірі қағанның жалғыз тал шашына ілініп тұрған, үзілді дегенше осыншасы опат болғаны. Батырдың жаралы қолы тағы қыл бұрау салғандай үзіліп ауырды, одан арғысын білмейді... шыжыған күннің астыңда шиге ораулы сірескен күйі есін жиды.

Ошақбайдың көр азап күні осылай басталған.

Манағы найзагерлер батырды сыртқа сүйреп шығарған. Әуелі жұқа киізге орады. Бесіктегі балаша қол-аяғын қақайтып, тысқа басын ғана қалдырып қылқитып таңып тастады. Енді киіздің сыртын шыпта шимен қаптады. Жіппен шандып байлады. Сопақша тірі қауын пайда болды. Осы сопақша тірі қауынды табан жолға, аяқ астына тастады. Тастаған да домалатып тебуге салған. Әуелі төбесіне ат құйрығы байланған сары шатырдан шыққан түменбасылар, мыңбасылар, жүзбасылар тепті; олар қиқалақтап жан терге түсіп жүріп сопақша тірі қауынды көрмедегі аттарының аяқ астына әкеліп тастайды. Қоқиланып тұлпарларына мініп жөн-жөніне кетеді. Енді атқосшылар тірі қауынды кері тепкілеп домалатып қаған шатырының жаныңа жеткізеді. Әуелгіде Ошақбайдың көз алды бұлдырап, ішек-қарның әлдебір мақұлық аралап жүргендей сезіліп, есінен тана беретін. Күн батып, қол тыншыған шақта барып мұның орауын жазатын. Құлдарға қосып көгендейтін. Ішті қуатын көк саумал беретін. Шегірткелердің шырылын тыңдап жатып Ошақбай жағасында жым тоғайы бар, арасында жолбарыс жортқан Інжу өзенің ойлайтын; маңғұлдар оны Хешан мүрен деп атайды екен, қамысының сылдырын естігендей болатын. Сұңғыла сұлу Баршынды сағынды. Өстіп жатып танды атырды, бұл жақта күн бірден шапағын шашыратпайды, шаң тұтқан көкжиекке малтып тұрып алады, ол шаң құмырсқадай қолдыкі. Таң ата жұлмыт жігіттер келіп Ошақбайды орап тастайды, сосын өңкендеп, ыңқылдап теуіп жөнеледі... Жас кезінде әкесінің жұмсауымен Үргенішке барған еді. Жолбасшысы бозбаланы бозахана үйіне ертіп әкелген. Бозахана ұстайтын еңгезердей парсы екен, екеуін шешіндіріп, тек көйлекшең-дамбалшаң қалдырып қуыс бөлмеге кіргізген. Кіргізген де не қилы пәлекеттерді көрсеткен. Ошақбай бозаның уытынан мас болып мәңгіріп кетті, жолбасшысы көкнәр езіп ішті, сосын дәл осы үйде апиын шегетіндер, героин дейтін қозы құмалақ көк дәрі иіскейтіндер, морфи араласқан қамыр жұтатыңдар, марихуан соратындар, гашиш шегетіндер болатының айтып, олардың, қиялмен-ақ о дүниеге барып-келіп отыратының жыр қып құлағына құйған. Не құбыжық кісілерді көзіне елестеткен. Ошақбай қазір де аяқ астыңда домалаған кезде баяғы бозақордың құжырасында о дүниеге барып-келіп жатқандай жаман бір жағдайда болатын. Сөйте-сөйте маңайдағы құжынаған өмірді сезінуден қалды. Өлі мен тірінің арасында мәңгіп домалай берді, жата берді. Бұрынғыдай ішек-қарның сұғанақ мақұлық араламайтын, тепкен аяқтың иесін де айырмайтын. Тек алыстан сарын болып жеткен Інжу өзенінің сырғи аққан сыбдырын сезетін. Әлдебір асыл затын жоғалтып алған адамдай мәңгүрт күйге түскен.

Ошақбай қаншама қиын хал кешіп, азап көрсе де өзінің сүйегіне сіңген, бабадан мирас боп келе жатқан жаугер мінезінен танған жоқ. Қайта түйсігі алғырлана түсті. Жорықта қол бастап жүргендей, нақа, көзіне түскен жау өмірін жіті шолып, "қиын-қыстау күндерде керек-ау" дегенің көңіліне тоқи берді. Жадыңа жаттап үлгерді. Әуел баста-ақ батыр еске тұтқыштығымен ерек болатын. Көңілі бейне Көкшенің құмы іспетті еді. Әлгі құмның беті сусып, тобарсып жатса да тізеліктен ойып жіберсең-ақ көзенің көзіндей тұщы су мөлдіреп жинала кететін. Ылғалды астыңда сақтайтын. Ошақбай көңілі де ылғал сорған сол құмға парапар еді.

Өстіп жатқанда анадай жерден жүздік лек лықсып өте берген. Жүрісіне қарағанда шолғыншы лек секілді. Шомбал бітімді өрім жігіттер: бастары дулығасыз, жай ақ сыпыра терімен танып алған, иықтары қалқан иініңдей ішке кіре түскен, ат қапталын ұрған жуан сандары шошытады. Тері шалбардан ба, әлде бітімі солай ма, балтыр дегенің жолбарыстың бүкіс беліндей. Атқа отырысы да ерекше. Қатты тартылған садақ секілді, имиіп, бүкшиіп кеткен. Әні-міні дегенше тау селіндей сарқырап тұсынан өте шықты.

Шолғыншы лектен соң самала көрінді. Ащы шаң қалықтап көтеріле түсті. Андағаны, самаланың жарағы жалғыз садақ екен. Өзге қаруы жоқ. Кәдімгі марал мүйізінен иіп жасаған, адырнасы егіз өрім таспа, жебесі қызыл ұшқат, "зарлауық" атты садақ бұл. Тым алысқа тартылады. Жүз қадам жердегіні қапысыз түсіре береді. Жебесі ұлып, зарлап ұшады. Негізгі қолдың алдыңда жүретін, нешеме қат тосқауылды қақыратып сөгетін "Жебелі самала" осы. "Қылышкер самала" соңынан көрінді.

Ошақбай әуелі қылыш ұстаған бірде-бір білекті байқай алмады. Андап қараған: бір қылыш ердің артыңдағы бөктергіде, келесі қылыш сол тақымның астына ілген қынапта — әр жігітке қос қарудан екен. Бірі майрылса келесісі әзір. Ат үстінде маймылша ойнайтын айлакер кіл. Қос қолымен бірдей қылыштаса береді. Биік бөктерден бері түсе бере қиқу салып, шапсын кеп: бірде жылқының оң бүйіріне, бірде сол бүйіріне құлайды. Қарақұрым қол әп-сәтте қоғадай жапырылып жоқ болады да, келесі мезетте ат үстіне өрттей қаулап қайта көтеріледі. Жылқы жалына жалын тигендей.

"Қылышкер самаланың" жүріп өткен жолынан жұмыр бас күзгі құртша төгілері рас.

Осыншама қанқұйлы қолды бір мезгілде болмашы ыммен қырғын ұрысқа салып жіберер қағаның айтсаңшы... қаһан емес қаһар!.. Тірі жын!..

Маңғұлдың күллісі көсе, ал қағаны болса қызыл сақал, жирен мұртты. Қойдың көзі кешкі күн шапағына шағылысқанда жасылданып тұрмаушы ма еді. Қаған жанары дәп сол. Аяқ-қолы дауыл күні кереге тіреген сырықтай серейіңкі. Қандай биік жылқы болса да тік тұрған қағанның кеудесінен ғана келеді екен. Денесінің ірілігіне қарамай жіті қозғалады жылдам сезеді. Садақ тартуға соншама машық. Жай сөйлесе де айтқаны жебемен парапар.

Әр сөзі дабыл ұрғандай құлағында әлі шыңылдап тұрған.

"Шығыс қаһарымын!"

"Ел-елді жаулап алу үшін емес, сол елге тыныштық орнату үшін шабамын. Мың сан жортуылды бір ғана ұлы жорық саппа тияры қақ".

"Шарап пен күшәлалы қымызды күнде татпай, сирек ішіп сылқия тойған ләзім".

"Маңғұлдан мыңбасым, қыпшақтан түменім болса — жер дүние алақаныма айналар еді".

Ошақбайға осы сөздердің күллісінен "қыпшақтан түменім болса" дегені шошытты: шошытпай қайтсін, күндердің күніңде өз ұлты өз ұлысы қанқұйлы жорықтардың ұйтқысы болғалы тұрса, өз ұрығы уысына қан шеңгелдеп туса, "қыпшақ" дегенде жұрттың есіне қылыш пен жебе түсетін болса — несі жақсы!.. Өйтіп өсірген абыройы адыра! Өйтіп жинаған байлығы адыра! Ошақбайды өз руына деген қағанның осы опасыз құлқы қорқытып еді.

Жаз өтіп, шілде жетті. Көп ұзамай боқырау басталды білем. Мың сан қол дүрліге көтеріліп көшіп жөнелді. Қайтқан теңіздей болды. Шаңнан күн көзі тұтылды. Батырдың орауын шешіп, көрден тұрған аруақтай етіп түйенің құйрығына байлады, бұл енді көтерем тайлақты айдап жүретін болды. Басы айналып, сүйегі саудырап әлсіреп-ақ қалған. Айдалада, жапан түзде шаң жұтып қалып қояр ма еді, көтерем тайлақ көп көмек көрсетті. Ілбіп еріп, сүмеңдеп берді. Жазық таусылып, бұйра-бұйра құмға келіп кірген. Қызылқұмдай емес, қолмен үйген көрістан еліндей жыпырлаған ақ төбешіктер ғана. Бауыры ала шабыр от. Түлкі мен борсықтан аяқ алып жүргісіз, қай тұстан да борсаңдап жүгіріп бара жатқаның көреді. Оларды маңғұлдар қуып жатпайды, қиқулап ақшағыл құм төбеге шығарып жібереді де тұсында тұрып алып: "қиыт! қиыт!" деп айқайлай береді. Әлгі мақұлық төбе басына тырмысады, аяқ астыңдағы шағыл құм сусып төменге тарта береді. Осылайша, сүт пісірім мезгіл тырбаңдаған түлкі ақыры өкпесі өшіп, төрт борбайы төрт жаққа кетіп, сырғығаннан сырғып қиқушының алдыңа түседі екен. Маңғұл мәз, түлкіні қанжығаға байлайды да, келесі төбеге шаба жөнеледі. Жай жүргенің көрген емес. Нақа жаназаға ат қойғандай үйдің табалдырығына дейін құйғытып келеді.

Жана қоныс жайдақ өзеннің жағасы болды. Мұнда келген соң Ошақбайды орамады, жалықты ма, әлде "мәңгітіп миын айналдырдық" деп ойлады ма, босатып, қызметші құлдарға қосты. Отын теріп, от жағатын етті. Суық түнде сирағын қоламтаға қақтап отырып туған жерін еске түсіретін; шым-шымдап зердесіне батырлық намысы, ызасы, кегі қайта оралатын; іші жидігендей болып бұрынғы болмысын іздейтін.

Қағанның тоқалы ұл туған түні, түн емес-ау, таң әлетінде жаман қостың іргесінде бүк түсіп ұйқылы-ояу жатқан Ошақбайдың санасына әлдеқайдан желім ой жабысты. Ұйқы көрмей қанталаған көзін қиырға қадаса да, аяғындағы жарғақ мәсісінің жыртығын санаса да әлгі ой ұмытылар болмады. Қайта мезгіл өткен сайын тұла бойын меңдетіп аурудай буа берді. Сол күні қаған елінде ұлан-асыр жиын болып, үлкен айналма бәйге шабылды. Бәйгеден озып келген ат иесіне құтанымен құл, жасауымен қыз тігілген. Неше ықылым елден тойшылар жиналды. Ошақбай санасына жабысқан ойдың орындалар мезетінің, енді туғаның сезді. Сезді де қостағы іркіт құйған тері торсықты алды, ішіндегісін итке құйып, тазартып жуды. Шекпенінің ішінен шандып байлап тастады. Табақшыларға тақасты, сорпа тасығыш болды, көзді ала бере піскен етті торсыққа тоғытады, үлесіне тиген азықты да аузына алмайды, жинай берді. Торсығы томпая бастаған күні бәйге аяқталған.

Қонақтарға арналып тігілген үйлерді торыды. Ат шаптырым келетін көрмені шолды. Қаған торғауыттары да қақаған аяздай арқаны қыса түсті, қос пен қостың арасына аяқ бастырмай, күтушілерді жарты күн сайын алмастырып, тіміски жортты. Торғауыттардың мінгені кілең қысқа борбай жылқылар. Ошақбайдың көздеген ойын іске асыруға жарамайды, құр бекер опат етеді. Алыс елден келген тойшылардың аттары ғана сирақты, еңсесі биік, сездірмей шығарып әкетсе, сосын желмен жарысса, желім ойдың жүзеге асары хақ.

Көз алдыңда сұмдық болды. Бәйгеден әлгіде ғана бірінші болып келген ақсауыр ат әлдекімнің қанжарына түсті, опатқа ұшырады. Ошақбай жандәрмен дегенде аттардың ара-арасымен сытылып үлгерген. Сәл кешіксе жалаға ілігетін еді. Ақ сауыр аттың иесі алапты басына көтеріп жаман өкірді, "құныкерімді тауып бер!" деп аттан шақырды. Атшысын жарып тастады. Осы дүлей жын ойнақтан ат ұрлай алмасын сезді, сезді де іші уілдей өксіді, санасына желім боп жабысқан ойдың үдесіне шыға алмасын білді. Үй-үйдің арасымен ұрыша бүлкектеді, ұйыққан иттердің ортасына түскендей болды.

Той тарайтын күні таң алдыңда көрме басы тыншыған. Сан мың ат сап түзеп мүлгіп тұрған. Сыбдырын сездірмей тақай түсті, көздегені қоян көк сүмпіс жылқы. Төрт аяғы найзаның сабындай төрт жаққа кетіп, жал-құйрығы таралып, арып қалған. Атшысы қаққан қазыққа парапар пәлекет екен. Манағы қанды оқиғадан қатты шошынған ба, әлде ат қадірі өткен бе; мызғитын түрі жоқ, басы қақайып қадалып отыр. Өстіп бақыл бола берсе таң атып қалатын. Енді күтудің пайдасы шамалы.

Тәуекел деп тізесін жазбай аттардың көлеңкесімен жылжыды. Дәл осылай мысықша басып жақындар еді-ау, тағы болмайды, кермедегі жылқылар үркеді. Дүрлігіп, таптап кетері анық. Жылқылар мұның екі аяқты иесі екенің сезгені мақұл, сонда ғана бой таса етеді. Атшыға сездірмей, әрі жылқыны шошытпай жылжу, діттеген ойын екі есе қиындатты. Найза толғар жерге тақаған мезетте қоянкөк сәйгүлік елен етті, құлағын қайшылады. Атшы айналып қарады: бұл кезде Ошақбай бірер аттап жерге жатып үлгерген, басын иығының ортасына сіңіре бұқты. Әлгі қаныпезер қадалып қалыпты, көзін уқалады, айналасына алақтай қарады, енді кідіру опат болумен бірдей еді.

Ошақбай қойныңа тығып жүрген селебесін оңтайлап ытырылып берді. Атшы ауыз ашып үлгермеді. Әуелгіде қатты шошынып құйрығын көтере берген күйі қайыра құлады. Ұмар-жұмар ұстаса кетті, ә дегеннен-ақ белдесіп ала алмасын білді. Маңайдағы аттар парылдап үрке бастаған. Батыр селебемен атшының қолындағы тізгінді қиып жіберді. Келесіде селебе өзіне қадаларын білді ме, атшы жаман шошып, далия құлады. Қарулы жігіттен қауқар қалмаған. Жарықшақ, жуан даусымен маңайды басына көтере айқайлады.

Қоянкөк сәйгүліктің тізгінің ұстап, тұра бергенде байқады, анадайдан андыздап жүгіріп келе жатқан атқосшыларды көрді. Аттың ақтарын босатып үстіне ырғып мінгенде шаужайына әлденеше қолдар жармаса берген. Тебініп үлгерді. Тұлпар бейне қарақошқыл бұлт ішінен сытылған найзағайға ұқсап сырғып кетті. Соңында атойлаған, қиқу салған дауыс кулак тұндырды.

Күн көкжиекке иек артып қараған еді, ығы-жығы маңғұл аттанысын көрді, күндегідей жайбарақат қозғалыс емес, ауыл ортасына пәлекет еніп кетіп, соны жабыла қуып шығара алмай жүрген бақсылар іспетті. Ала құйын аламат күй. Сол тозақ отының ішінен жалғыз аттылы сытылып шыққан, соңынан салған қуғыншының екпіні сұмдық. Дала бетімен кілең көкала құйындар сонарлап сырғып бара жатты.

ОН ҮШІНШІ САРЫН

Ошақбай әуелгі шабыста-ақ қуғыншыларды сағымға араластырып бұлдыратып тастап кеткен. Қоянкөк сәйгүліктің тұлпар тұқымынан екенің енді сезді. Қыпшақтың кер даласында еркін көсіліп қайыс тақым болып қалған екен. Ә дегенде-ақ алқымы желге толып, еті қызынып, аршыны барынша жазылды. Жердің бетіне тұяғы тиер-тимес болып қалықтап ұшқан құс па дерсін. Маңғұлдың топан аяқ, жатаған, келте сирақ жылқылары бірауқым қуған соң бүлкекке басып барлығып қалды. Түс мезгілінде түгел тұралады, аяқ артуға ғана жарап ілби аяндайды. Әлі де соңынан қалмай салып келе жатқан аяқты қуғыншылар - қалмақтыкі, яғни қыпшақтыкі, не соның жылқысын мінген ұйғырдыкі ғана. Жердің жайына жетік пе, әлде Ошақбайдың, қарасын байқап төтесінен сала ма, бірер қуғыншы қалатын емес, мезгіл өткен сайын ара жолды қысқарта түсті. "Күн тезірек кеш кірсе екен" деп тіледі. Қоянкөк аппақ терге малшынды, қазір бесін намазы оқылар мезгіл, күн көтерілгеннен бері дамылсыз шабу атқа ауыр. Бәйгеге түсіп жүрген жырынды жылқы болғасын ғана жарап келеді. Енді байқады, әрәдік тақымының асты дір-дір етеді, ат тітірей бастады. Жақсы нышан емес. Бұрынғыдай созылма шабыстан жаңылып кібіртік халге түсті. Шабысы іріген сүттей іртік-іртік болды. Дәл осылайша кете берсе көпке шыдамасы анық. Соныңа қараған, қуғыншы қарасы әр жерде үзіліп тырнадай тізбектеліп келеді. Алдыңғысы жонды кесе құлады. Сайды құлдилап келіп бұлақтың үстінен түсті. Тізгін тартты. Атқа су ішкізген жоқ. Домалай басып келіп, басындағы орамалын алды, бұлаққа батырып малшыды, аттың алқымын, сауырын сүрте бастады. Мұздай су от боп күйіп тұрған денеге мұз басқандай әсер етті. Бұлшық еті ширап, тамырын тартып алды. Енді тізгіннен ұстап олай-бұлай жетелеп жүре түсті. Өзінің таңдайы кеуіп, тілі ісіп тұрса да бұлаққа бас қоя алмады. Атын тезірек суытқысы келді. Жануар жүріп кеп, кейде төрттағандап тұра қалып ышқынады, тағы жүреді, тағы кідіреді. Әзер деп зәр шығарды. Енді денесі жеңілдейді.

Тізгінді беліне орай салып, бұлақ жиегіне етбеттей сұлады, тіс сырқыратқан кәусар суын ұзақ сімірді. Аяқ-қолын барынша жазып тарбиып жата бергісі келді. Бойына шым-шымдап нәр жүгіріп маужырата берді. Жүрегінің дүрсілін тыңдады. Дүк-дүк-дүк. Осылайша көсіліп көз жұмғысы бар, қайғыны да, қуғынды да ұмытар мезгілді соншалық аңсады, азаптан жалықты. Дүк-дүк-дүк. Жер астынан жеткендей болған жүрегінің дүрсілі емес еді.

Ат дүбірі жақындап қалған.

Басын көтеріп алды. Алпауыт торыға мінген зор денелі қара сақал тақап қалған. Ақшиған көзін анық көрді. Бұл енді атының ауыздығын салып, ырғып мінді де, көсілте жөнелді. Үзеңгіні жанап өтіп тұяқ астына ұзын жебе зырқырап кеп зірк етті. Сәл кешіккенде өзіне қадалар еді. Анау соңынан барқырап айқайға басты. Сәйгүліктің шын иесі осы қара сақал болғаны.

Келесі қуғын жебелер Ошақбайға жетпей түсіп жатты. Оны ысқырған даусынан аңғарды. "Күн тезірек батса екен" деп ойлады. "Көз байланып, құмға сіңіп құтылар күн туар ма екен?!"

Ат тұяғының астынан баданадай торғайлар ытқып ұшып жатыр. Шыр етіп шырқау көтеріліп кетеді. Түс кезінде бүйтпес еді, ыстықтан қорынып жер бауырлап жалбақтар еді. Ауа да көп сапырылған қымызға ұқсап жұмсара түскен. Тақымы удай ашып, көзін түз тосап тұтты. Денесіне желең киген шекпен етін қызылшақа етіп жеп қойғаның білді. Қарныңа ел қонбағалы тәулікке тақапты, енді есіне түсті, бүйіріне байлап алған торсығын сипалады. Бауын шешіп, ішіне қол жүгіртті.

Түйір етті алып аузына салды, ет емес, түйенің сіңірі екен, ағаш қабығын қайзағандай болды. Ішіне нәр жетпей, қарның жылан жалағандай ашқарақтана түсті. Әлгі пәруардігәр пәлені түкіріп тастап келесі колға іліккенің ауызға сала берген. Алдынан ауыл кезікті. Әуелгіде жүрегі тас төбесіне шыға шошынды. Қашқынның жолын тосатын жындыбас жігіттері болатын, ондайға тап келсе, құрығаны. Атты бұрып әкетуге кеш қалды, неде болса үстінен шауып өтпекші. Соңындағы өлермен қара сақал елді басына дүрк көтеріп аттанға салды. Әр үйден жүгіріп жігіттер шықты. Ошақбай шайқастан құтылмасын енді білді. Қарсы алдыңда бір әйел үш бақанның басын қосып көлеңке етіп, астыңда өрмек тоқып отырған. Шапқылаған күйі әлгі бақанның бірін іліп әкетті. Қолына көлденен алып ер басына ұрып қарш еткізіп сындырды. Жуан жағын қалдырды. Сойыл орныңа қару қылмақшы. Ауылды арқа тастап қайқаңға көтеріле берген. Ат тізгінің тартты. Қалмай келе жатқан қара сақалдың жолын тосты. Қара сақал күшіне сенді ме, әлде, жебесі түгесілген бе, жарағына жармаспай сойылын жұлып алып ақыра шапқан. Екеуі бір мезет ұшыраса кетті. Ошақбай бақанды дер кезінде қорғаныш етті. Тосып қалды. Ұзын ағашты құлашын кере ұстап басынан асыра көтере қойды. Өзегіне қорғасын құйған зіл сойыл сорғып келіп бақанға тиді. Шың етіп тайқып кетті. Алақаны сырқырап ауырды. Қара сақал атын тоқтата алмай сол екпінімен ағызған күйі өте шықты. Ошақбай мезетті ұтты. Атын тебініп қалып қапталдаса ұмтылды. Найзагерлігі ұстап кетті. Ұзын бақанды найзаға ұқсатып қатты толғап жауының бүйірін нұқып өтті. Ананың көзі ақшаң ете қалды. Жуан ағаш ат тепкісінен бетер тиді білем, түсі оңған шекпендей қуқыл тартып, кідіріп қалды. Қоянкөктің арының басып, қайта айналып келгенде көрді, қара сақал ер үстінен ақырын сусып барады екен. Көктемде, бұтақ басына ілініп тұрып-тұрып, терісін қалдырып, төмен суситын жыланды көрген еді. Мына жауы да сол терісін тастап түлеген жыланға ұқсады. Қолынан зіл сойылы түсіп кетті, қалқаны ұшты, қорамсағы ер басында қалды, өзі томардай гүрс құлады. Ошақбай қара сақалдың атын жетегіне алды да, шоқытып жөнеле берді.

Соңынан шұбай қуып келе жатқан жігіттер қара сақалдың басына үйме-жүйме болып кідіріп қалды. Қаза көтерген ащы айқай шықты. Топырласып аттан түсті. Енді ешкім қуа шықпады, көзіне қан толған өлермен қыпшақты ұстай алмасын білді ме, не жүректері шайлықты ма, улап-шулап кері жосқындады.

Ошақбай қос тұлпарға кезек ауысып мініп бүлкектей берді. Қиырсыз кеңісті қанша жортса да тауыса алатын емес. Күн батып, шыңғырлаудан шалқайып ай туды. Селеу басы тыншыған. Күндізгі бұйра толқындай болып ырғатылып жатқан жапан енді керенау күйге түсті. Табиғатта кісі көңілімен қоса күйзелетіндей: әлгіде ғана ала құйын қаптай аласұрған аптапты дала, енді жұмсақ алақанымен жатқыза сипаған ат жалына ұқсап сап-сап басылып қалған. Тілерсекті тұсаған боз бидайық баяу ырғалады. Батыр әбден қалжырап титықтағаның енді сезді. Түбіне түсіп паналайтын е ағаш, төбесіне шығып дамылдайтын е төбе көрінбейді. Тақтайдай жазықта жатып демалу қауіпті. Өзге амалы қалмай, көп айналып атынан түсті. Тізгінің шешіп қос атты шідерлеп бекітті. Бидайыққа отырып дорбасының аузын ашты, ішінен ет алып, талғажау жасады. Ерін басына жастап тыраң етіп көсіліп жата кеткен. Көзіне шүпірлеп жұлдыз толды.

Зорланып жылағысы келді, сүйегі қатайғалы қаншама жылдар өтті, жылауды да ұмытады екен. Дүбірлі дәуір кешкен Отырар шаһарын сағынды, іргесінде жылжып аққан Арыс, әрісі Інжу суын лайымен сімірер ме еді; ойхой, жағасына су ішуге барған некен-саяқ малды құйрығымен қағып құлатып әкетіп жатқан жайыны, бақшасында күн қызғанда тарс-тарс жарылатын қауыны, шығыр тартқан дихан, қыз қорып түні бойы көз ілмей жөтелетін зымиян кемпірлер, пәлі, табаныңа кірген шөңгесі, шекесінен өтіп мұрнынан қанды сау еткізетін аптап күні қазіргідей көз алдыңда. Қазір де көріп тұрғандай болады. Ел-жұртының әр күні қызық өмір еді. Бүгін дүйім жұртты дүрліктіріп той береді, ертең есті алған палуандар күресі, сосын күйшілер жарысы, мешкейлер бәсекесі, жарапазан айтқыш заржақтар, сыпа деген пәлекеті қызыққа қарқ қылатын.

Сері деген елден ерек жүретін жігіттері болады. Ошақбайдың жас кезінде көргені бар.

Әкесінің тірі кезі, таң бозынан тұрып, үй-ішін дүрліктірген: Пәлен деген сері келеді", деп сойысқа мал алдырған. Ауылдың ақсақалдарын жинаған. Ақылдасып кеп қонақты күтіп алуға арнап сегіз қанат ақ отау тіккен. Қарауыл төбеге шолғыншы жіберген. Мал сойылды, қымыз пісілді, қымыран ашыды, қонақ әлі жоқ. Шолғыншының көзі кіртиіп кешқұрым қайтып келген. "Жалғыз түйелі кісіден басқа ешкім көрінбейді", деген. Әкесі жер шұқып отырып қалған. "Серінің мұнысы қалай? Батыр ауылын менсінбегені ме? Түспей өтіп кеткені ме?.." Шалдар жағы: "Өй, пәлі-ай, ішегіміз шұрқырап кетті", десіп үйді-үйіне тарай бастаған. Қырқадан тайлағын бақыртып біреу түсіп келеді, жаман түйекеш болар десіп отырған. Әлгі ауылға тақап келіп, тайлағын шөгерді, көлігінен түсіп жаяу жүрді. Аңыстайды: мауыты шапаны күнге шағылысып жалт-жұлт етеді, бөркінің кенересі толған жақұт тастар, алып денелі, шалқақ төсті серінің өзі. Уә-ә-ә! Әкесі сасқанынан етегіне сүріне берді, жүгіріп жетіп, қолын алды, тағзым етіп үйге бастады. Ошақбайды ауылдың шалдарына шаптырды. "Сері келіпті" деген хабар лезде дүйім жұртқа тарап кетті.

— Өй, сері деген ақ жабулы арабы жылқы мініп, нөкер ертіп, шалқып жүрмеуші ме еді! Мынаның бақырауық тайлағына жөн болсын?

— Ит біле ме?

— Осы серіге Иланшы Қадырхан бес қыздың бодауына келген жүйрік тұлпар сыйлапты дегені қайда?!

— Ит біліп пе?

— Қазір жақсы атқа ит батпақтайды. Мынаның хорезмдік қиқар саудагер ұқсап тайлақ мінгені ұят екен.

Осы лақап күллі ауылға лықа толған. Батырдың тіккізген ақ отауының қақ төрінде мұртын салалап, қымыз жұтып отырған серінің сөзі әлгі лақапты саппа тыйды. "Астымда Иланшы Қадырхан сыйлаған сәйгүлік бар еді, жолай Арыстанбабтың шырақшысы ұшыраса кеткені... Сері-еке, туғалы тақымыма жылқы басқан жоқ едім, мініп жүрейін, сері-еке... деп жүйкемді босатты. Беріп кеттім. Бұл дүние бес күндік қызыққа татыр ма екен!.." Айтқаны осы болды. Ел арасы тағы гу етті.

— Қаны таза серінің сөзі бұл!

— Қылығы қандай сабаздың!

Сері Ошақбайдың аулында қонақ болып бес күн жатты. Ойнады, күлді, ішті, жеді. Кешқұрым домбыраның тыңқылына қосылып насият сөздер соғады, дүниенің жылқы тезегімен бірдей екенің бақыл қып пәлсапа айтады, түнімен бозбаламен қосылып серуендеп кетеді, күндіз ұйықтайды, бесінші күн легенде әкесі серімен соңғы рет салауаттасты. "Жалғызыма деп ұстаған жорға жүйрігім бар еді, тақымыңа басқайсың. Бір үйір жылқыны алдыңа салғайсың. Жүрген жеріңде жүзің жоғары болсын", деп батасын берген. Ер көңілді сері жігіт пен кәрі қолбасшы төс түйістіріп ажырасқан. "Қиын күнде бір-біріміздің қасымыздан табылайық", десіп уағдаласқан... Сол сері Інжудің мұзы қақ-қақ шытынап жатқан қыстың қақаған аязында, әкесінің жамбасы жерге тиген күні қайта бір соққан. Баяғы достық салауатты ұмытпапты. Жер қайысқан нөкерлерімен ауылға ат қойып еңіреп жылап келген. Кәрі қолбасшыны арулап жөнелтіскен. Бөркіндегі ең асыл деген тастарды үзіп қазаның жаназасына тіккен. Содан кейін әлгі сұңғыла серіні көрген емес. Жылдар ете Арқа қазақтарын аралап жүріп жұтта аштан өліпті деп естіді.

Ошақбай жапанда жатып осы оқиғаны елжірей еске түсірген. Көз алды буалдыр тартып мызғып кетті. Аса талықсып қатты ұйықтады. Тан бозы білінер-білінбесте аттардың қатты пысқырған дыбысынан шошып оянды. Басын көтерді. Денесі мылжаланып ісініп кетіпті. Ойын жия алмай біраз зайыр отырған. Әлгіде ғана санасын даңғазаға толтырған түсін еске түсірді.

Түсінде Баршын сұлуды көрген. Қара жамылып жүр екен. Ошақбай қызға үздігіп: Аман оралдым ғой, қара жамылуыңды қой", дейді. Баршын келіспеген сыңай танытып үнсіз басын шайқайды. Күннің шығатын жағында көлденең сұлап жатқан Қаратауды нұсқайды. Қараса, Қаратау бөктері қарақұрым болып төмен легліп түсіп келе жатқан қол екен. Жау қолы екенің таныды. Шошып, жанынан Баршын сұлуды іздейді, зым-зия жоғалған, таба алмай алақтап қалады. Жау жақта қалған арқасын әлдебір суық аяздай қариды.

Дүңкілдеген дабыл үні естіледі. Дауыс шыққан жаққа қарайды. Сөйтсе, Баршын сұлу ерінің басына қос дабыл ілген алпауыт тұлпарға мініп алыпты, қос білегін кезек көтеріп дабыл ұрып жүр. Атының қанжығасына қан жұққан. Дүңк-дүңк-дүңк. Ошақбай жаманшылықты сезіп, жанынан атын іздейді, қапелімде қашықтап кетіпті. Жүгіріп жетеді. Тізгінің тартып атқа қонған. Тебінеді кеп. Астыңдағы көлігі тұлпар сіресіп қозғалар емес. Енді байқады, шідерін шешпепті, ұмытып жетіпті. Жерге қайта түседі. Құлағын дәу дабылдың ырдуан үні жарып барады. Дүңк-дүнк-дүңк. Атының шідерін шешіп, енді тұра берем дегенде зердесіне әлдене сап еткені. Ұмытқаны есіне түсті. Жалт бұрылып, айнала орағытып шауып жүрген Баршынға айқай салады.

— Астыңдағы баяғыда екеуміз іздеген дабыл ілген иесіз тұлпар ғой. Таста түс! Астыңдағы ат емес, жаманшылық!

Ошақбайдың жаман түстен жаны ауырып, еңсесі езіліп отырғаны осы еді. Кідіруге болмайды. Кирелеңдей көтеріліп қос атты шідерден босатып, біріне мініп, келесісін жетелеп сөнуге айналған айдың соңынан бүлкекке басты. Дәл осы ай ғана Дешті-Қыпшаққа адастырмай апарары анық. Соңынан сүлделеп ере берді.

ОН ТӨРТІНШІ САРЫН

Қоян жылына қараған күз айында Үргеніштің Шах сарайында Дуан-арыз мәслихаты бас қосты. Алқа жұрттың бәрінен биікте, маңдай төрдегі үлкен тақта Хорезм әміршісі Алла ад-Дин Мұхаммед жайғасқан. Арт жағында қауырсын қалам, ширатпа қағаз ұстаған кеңесшісі, он қанатта ет жақын қолбасылар, баптар мен бектер, ал сол қанатта қыпшақ қолбасылары, олардың ішінде Отырар ханы Иланшы Қадырхан бар. Күн құланиектеніп келе жатқанда жиналған жұрт әлі тапжылар емес, әлгіде Мұхаммедтің ұзын сонар батагөй салауаты біткен. Ендігі сөз оң қапталдағы қауын бас Бұхар бегіне тиген. Ол алдыңа аса қалың шарият кітабын жайып салып, қолындағы құлаш келетін тәспісін тізесінің басына ілді, тамағын кенеді.

— Шах ием, заманның түзу уақытысында әміршіге қарсы ә деп ауыз ашу күпірлік еді, қазір жұрт қағынды. Бейәдеп бектер көз алартып көтеріліске шықты. Ондай адам екі дүниеде де оңбай өтеді, көрінде жатып өкіреді әлі. Самарқан бегі Османның бейбастығы талай жұртты бұлдіретін болды; сүтке тамызған айран тәрізді, қоламта үрлеген жел секілді пәлекет. Ноқан Османның басын кесіп қадаға шаншып қойған ләзім. Сонда ғана шахтардың шахы, тіл-көзден аулақ болғай, абыройын асырады, аруақтарын риза етеді. Бүлінген елді ырыққа салар жалғыз-ақ тәсіл бар.

— Соныңды үйретсейші!

— Не асылдар бар ғой арамызда!

— Түні бойы көз ілмей ойлап шықтым, - деді әлгі Бұхар бегі.— Қазір ел арасында қыз зекеті, түңлік зекеті, қырман зекеті, түтін зекеті, жол зекеті, таразы зекеті, қол зекеті деген жеті түрлі алым бар. Бұл әлі аз. Осы зекеттерден оп-оңай құтылып кетіп, қарақан қу басын күйіттеп жүрген күнәһарлар көп. Әлгі алымдардың үстіне тағы да үш түрлі зекет қосқан мақұл. Балиғатқа жетпеген қыздар үшін қалың мал зекетін, перзенті көп үйден төсек ақы зекетін, тумаған әйелдерден бедеу зекетін алатын етіп жарғы жазыңыз. Осы зекеттерді төлеп құтыламын деп жүргенде миы ашып, мәңгіп бітеді, басың қайда десең, құлағын көрсететін болады. Сонда ғана баяғы бабалар армандап кеткен сәлдеңе бозторғай ұялап, сүт ұйытқандай тыныш заман туады, шах ием!

Қауын бас бек сәлдесінің ұшымен самайын, сосын езуін сүртті. Ентігін басып тор жаққа қиыстады. Саусағын тәспі бойымен жорғалатып жіберді.

Құлаққа енетін жақсы сөз,— деді шахтардың шахы. Келесі тұстан әйгілі батыр қолбасшы Темірмәлік сөз алды.

Ұлардай шулаған аш-жалаңаш елден үстеме зекет жию ерсі-ақ. Халықты босқын етеміз, ашаршылыққа ұшыратамыз. Менің дерім: күннің шығысынан қатерлі жау жылжып келеді. Қыпшақ ханының айтуынша шығыс қағаны Алатау үстін жайлаған ұйғырларды қосып алған. Алтай жынысын мекендеген қалмақтармен ауыз жаласқан. Темірқазық астыңдағы Сабыр елін қан жоса қылып жүр; енді бірер аттаса — қарсы алдыңда Дешті-Қыпшақ тұр. Осы дүлейге тосу болар күш қане? Елдің етегін жабар ақыл қане?..

Батыр Темірмәлік өңі түгілі түсінде де жауды көреді-міс деген сөзге сенбеуші едім, енді иланып отырмын. Әйтпесе, шығыс қағаны қайда, Хорезм қайда? Ол да бір жапан даланы кезіп жүрген құйын да, біз аспанмен тілдескен биік дарақпыз ғой. Құйын дарақты құлата алмайды.

— Шах иемнің сөзі дұрыс. Шығыс қағаны құйын болып келсе, сарайдың есігін ашып жіберіп ішіне кіргізе қоямыз, ұжмақ үйге апарып сылқым сайқалдарға жәукемдетеміз. Бірер күннен соң жының алған бақсыдай болып жайына кетер.

— Жекжат болып шыға келеміз.

Шахтың қасында тұрған кеңесші көреген сөз алған.

— Әуелі қыпшақтармен қылыштасып көрсін. Аңысын аңдиық.

Есік жақтан басын иіп Ахмед елші салауат сұрады.

— Менің дерім: Інжу бойындағы қыпшақ қалалары су зекетін төлегісі келмейді. Ханы кетеді. Дуан-арз не Інжудің нәрінен салық өнетін етіп, не өзен суын кері, ескі арнасына бұратын етіп жарғы шығарсын. Сонда әлгі шах ием айтқан алып дарақтың биіктей берері даусыз.

— Қыпшақтардың тірлігі қиғылық қой!

— Зорлық деңіз.

— Отырар әміршісі Иланшы Қадырханның сөзіне құлақ қоялық,— деді шахтардың шахы.

Оң қанаттағы желпініп отырғандар жым болды.

— Менің дерім: аламан асыр заманда зекет жинап, салық даулайтын қыруар қолды қағанға қарсы қоялық. Қол күшін біріктірелік. Отырар қалаларынан су салығы өнбейді, өйтер болсақ, туысқан бауырға жарақат түседі, ел арасына араздық кіреді. Есепшіні жұт алар деген ақиқатты ойлайық. Інжу өзені замандар бойы қыпшақтардың емірене емген анасы, анасын еш ұл салыққа сатпайды. Келесі дерім: Темірмәліктің айтқаны ақыл. Қазір менің жанымда отырған Ошақбай батыр Шыңғысхан ордасынан тақауда қашып келген. Қаған қолының күшін көрген. Маңғұл қосының ол шеті мен бұл шетіне шығу үшін аттылы кісі алты күн жүрген. Олар жайлап өткен жерге үш жылға дейін шөп шықпайды, бұлақтар қаңсып, өзендер суалады. Жебесі желді, жылқысы белді дейді. Маңғұл жарты ғұмырын ат үстінде өткізеді-міс; ер үстінде ет жейді, жалға сұлап жатып мызғиды, жарын ат сауырының үстінде еркелетеді; астындағысы зорықса, жетегіндегі мініске ауысып мінеді. Жылқының жалына жармасса-ақ жан ала алмас сайтанға айналады. Ал жерге түссе талтаңдап жүре алмайды.

— Пәлекеттердің беті аулақ!

— Аттылысымен қыпшақтар шайқассын, біздер жаяу қолға қарсы турармыз.

— Елші жіберіп сыр тартсақ қайтеді, шах ием! Шахтардың шахы сақалың салалады, көзін жұмып терең ойланып қалды.

Сол қанаттан тағы бір бек салауат сұрады.

— Шах ием, Испиджабтың әйгілі мешітінің астыңда бір заманда бабаларымыз қазған жер асты жолы бар-тұғын. Қазір сол құрылыс құлауға айналған. Ақша төгіп, ұста жалдап жөндетуге пұрсат берсеңіз екен. Қыз қамайтын құжыраға айналдыра салсам...

— Дәп мешіттің астына шашы ұзындарды жинау күпірлік болар.

— Онда мешітті шаһардың күншығыс бетіне көшіре қоямын.

— Болса болсын. Ых-ых-ых!

Шахтардың шахы маңдай әжімін сипап шаршаған сыңай танытты. Қос қолының саусағын біріне-бірін кіріктіріп сыртылдата бастады. Сырмінез ақсақалдар қипыжық қақты. Дуан-арызды жабатын себеп іздеп сұңқылдасып кетті.

— Бесін намазының мезгілі тақапты, пірәдарлар.

— Шах иемнің асыл дидары күннің ауғаның да байқатпапты-ау.

Жылына бір мәрте жиналатын ұлы мәслихат бұл.

Осы қолпаштаудан соң шахтардың шахы түсін жылытып орнынан көтерілді. Дуан-арздың тамамдалғаның білдірді, сыртқа беттеді. Соңында шұбатылған ханзадалар мен бекзадалар, күтушілер, елшілер, қолбасылар тоғытылып келіп есікке кептелді. Иланшы Қадырханның қасындағы Ошақбай күңкілдеп келе жатқан. "Күні бойы бас қатырып даурыққанда жалғыз ауыз әңгіменің ұштығына жетіп, бір сөзге тоқайласқан жоқпыз, бұл қалай?" дейді. Иланшы Қадырхан жанарын жалт еткізіп қарады, сұқ саусағын көтерді, бұл оның: "ішіңді тесіп бара жатса да дымыңды шығарма", дегені еді.

Замана туды мәлімсіз мұндар, Кіші жоқ енді үлкенді тыңдар, Кітап жазуға көрінген құмар.

БІРІНШІ САРЫН

ЕКІНШІ ЖЕЛІ

Замана туды мәлімсіз мұңдар,
Кіші жоқ енді үлкенді тыңдар,
Кітап жазуға көрінген құмар.
Бабылдың mac тақтасынан

Отырар жерін бұл кезде аралап көрген кісінің көзіне әуелі тас төбеден төске шаншылған шағыр шапақты күн, дәл сол күннің астыңда өз көлеңкесін серік еткен жалғыз ілікті тораңғы талдары, сосын қу мекиен құба жон түсер еді; түсер еді де көрбілте сартозаң жолына салып алып алысқа-алысқа кетіп жатқан күрең сүрлеуге салар еді, бұл күрең сүрлеу Ұлы Жібек жолының сүлделенген сорабы-тын; сол сорабтың екі езуі толы тезек, түйенікі, пілдікі, сосын екі аяқтынікі, содан соң жолаушы көзін мұнарасы алқара аспанды тесіп жібере жаздап тұрған мешіттер, сарай күмбездері тартады, тартады да тап өзіне сәумеңдетеді, жолаушының жүйкесін жеген жайпақ төскей таусылмайды-ау, таусылмайды, айтылып бітпеген қыпшақ қиссасындай, артыңда "хош-хош" айтысып кері бүлкектер гөй-гөй кезіңді күтіп қала береді; көзіңе көк зеренде тұрған көлдей күлтеленіп сағым көрінеді. Жарасында жайсаң жұмақ, әдемі әуіз, үр қыздары, осылар елестеп есеңгіреп келе жатқаныңда әлгі мұнаралы мекен-жайды жоғалтып аласың; жүрегің тас төбеңе шығады, жоғалтқан жоқсың-ау, сылаң сағым ендігі мәурітте шөлге айналып мың құбылған пердесіне орап көрсетпей қойған сол жан сақтар салқар сарай табан астыңда тақау-ақ жатуы мүмкін, керісінше монтаны сығанның, алақаныңа қарап айтқан болжамындай көз қиырындағы бірдеме болар, табан астыңда Ұлы Жібек жолы жоқ, жетім сүрлеу ғана, тулақтай кеберсіген таңдайыңды жібітіп, жан шақырып тыныстауға бұрылып едің ғой, енді бар ойынды бұйдалап тартып келеді, "пәруардігар заман-ай, қысастанған кесапат тағдыр, жалғыз түйені жетелетіп, жортақы атты ырқылдатып қыласынды қылдың ғой", жолаушы өстіп жабығып келе жатқан; дәп сағымның етегіне оралып, құйынның қасында қап-қара болып күнге күйген диқан жүр, арық қазып жатыр екен; Уа, төбеңнен нан жауғыр Диқанбаба, осы өлкеде атыз-арықтан аяқ сүрінеді, бұл тағы не қылғаның?" деп жөн сұрайды бұл, Диқанбаба жаратпаған сыңай танытады; "қолына кетпен ұстаған диқанның өз арығы, өз атызы болғаны жөн, өзгенікіне сұғын салған дихан емес, сен сықылды саудагер ғана", дейді әлгі; жолаушы түсініп тұр, бұл өңірде диқан мен саудагер ит пен мысық секілді, бірін-бірі әмсе даттап балағаттап жүргені, бұлардың дауын Қан Базарда көрсең, ойпырмой, қауырсыны түскен әтештердей қалбалақтасады, бірінің-бірі көзін шұқып мінің бетіне басады: жолаушы саудагер емес-тұғын: Диқанбабаның ішірткідей сөзіне ішін тартып ызаланған жоқ; "Отырар шаһарын жер жұтып кеткен бе бұл?" дейді, диқанбаба қалың көзіне көлегейлеп тұрып-тұрып: "әне бір құба бел түйе өркеш сағымды көрдің бе, ие, тап сол сағымның түстігінде шілбиіп тұрған тораңғыны шаламысың, сол тораңғының көлеңкесі іспетті қарауытқан Күмбез Сарайдың мұнарасы, сол мұнараның астыңда құжынаған ел, деп алақаныңа салғандай етіп анықтап айтып береді, бұл жолаушы тағы бүлкектейді, жетегіндегі түйесі мұрындығын ауырсынып мыңқылдайды, мұрның тақауда тескен тайлақ еді, әрі-беріден соң тайраңдап желеді, желіп келе жатып арыққа сүрініп жұлыны үзіліп кете жаздайды, жолаушы саудагер болмаса да қара жерді жырымдаған диқан біткенді ішінен сыпыра боқтайды, боқтап келе жатып аузын баса қояды, күпірлік жасағаның қарашы, ораза ұстап ауыз бекіткелі бес-ақ тәулік өткен, өй, ығыр шығыңды шығарған қатын-баланың қамы-ай, ораза ұстап салқын сыз үйінің төрінде шалжайып жатпас па еді, қатының жұмсап рақатқа батпас па еді, қан шілденің ыстығында желігіп "күй айтысына" қатысамын деп шыға қалыпты, сынға түскен қарсыласын жеңіп аты дабырайса жақсы-ау, саусағы сүрініп жұртқа күлкі болып жүнжіп қайтатындар да болады, "ондайыңнан сақтай гөр, жаратқан! Арғы-бергі қос ішектің пірлері! Қайрауық атыммен айтыстан жеңілді дегенше жер жұтты десейші", өстіп күңіреніп келе жатып бөктеріндегі қоржынды сипалады, бір басында бұлтиып жатқан домбырасын бағдарлады, күн көзі тиіп қаңсытпасын деп шекпенінің шалғайымен қымтаңқырап қойды; аяғының астыңдағы жетім сүрлеу келесі бір сүрлеуге қосылды, көп ұзамай сартабан сорапқа айналды, тораңғының тұсынан өте бергенде сал бөксе керуен жолына қосылды, керуен жолының екі езуі толы өрік, құрма ағаштары, жемістері пісіп әлдеқашан төгіліп кетсе де танауды қытықтаған әдемі иісі шығады; күйші Қайрауық шайыр иісін құныға жұтады, соңында сүмеңдеген тайлақтың мұрыны дамылсыз шуылдайды; әлдене жолаушы көзін жылт етіп қарып өткені, бағдарлап қараса тал арасында кетпені жарқылдап дихан жүр. Тыраң-тыраң етіп жер шабады кеп, сонадайдан келіп сәлем береді: "Уа, Диқанбаба, Отырар шаһары қай тұста?" деп жөн сұрайды, анау кетпеніңе сүйеніп шөлмиіп тұрады, сосын басындағы тақиясын алып умаждап бетін сүртеді: "Отырар көшесі атыңның тұяғының астынан басталады, бұл Талды көше деп аталады, оңға таман қиыстасаң Қышқорғанға тірелесің, маңдай алдыңдағы саудагерлер мекені Алтынтөбе, қанаттары елді мекен Пышақшы көшесінің пұшпағы", деп бажайлап бара жатқан: сөз арасына "Қан Базары қайда?" сауал қыстырып жіберген, ананың ойы белгілі: "тіміскіп пайда іздеп жүрген саудагер екеніңді сезгем, қаңғыбас күшіктер-ай, жол сұрап тірлік істетпейді", деп кейіп тұр ішінен. "Қан Базар әне", деп шаңы шығып жатқан аламан айтақырды нұсқады да алақаныңа түкірді, қабырғасының сайы шығып жерді бұрқылдатып шаба жөнелді. Қайрауықтың қарап келе жатып көңілі сыздады, саусағы дірілдеп домбырасын сипады, қапа болды; жасы отызды алқымдапты, әлі бүйіріне май, қорасына мал біткен жоқ, елді еңіретіп пәлен күй шығарды, текежәумітін тебініп кедейліктен құрық бойы ұзап шыға алмай жүр; несібесін осы жолы сынар!

Осы оймен бұрқылдақты көпсіте кешіп Қан Базардың ішіне кірген, өйдәйт, мұндағы жұрттың беті жаман, бейне құмырсқаның илеуі дерсің, бірі сатып, бірі саудалап, бірі сатып алып өңеш созып жатқан дүниеауи пенделер. Қайрауық аузын ашып аңырып қалды, езіне тура салып бес-алты кісі жүгіріп келеді, "тал түсте тонамақ па, бәтшағарлар!" деп ойлауы мұң екен, әлгілер жетіп келіп шалғайына жармасқаны, бір қауға сақалдысы жіті қимылдап мұның қолындағы бұйда жіпті жұлып алды да, тайлақты тайраңдатып жетелей жөнелді, өзге кісілер "әттеген-ай" десіп бет-бетімен тарасып кетті, бұрын жеткен кісінің қолына жармаспайтын өздерінің серті білем. Қайрауық атын тебініп қалып тайлағының соңынан салған, борбайлатып жетіп келді; "уа, ақсақал, тал түсте тонамақпысың, бері әкел бұйданы", деп тақымдаса берген, қауға сақал барк ете қалды, "тонаушы емеспін, делдалмын , тайлағыңды артық бағасына сатып беремін", деп бажайлады, байырқалатты. Кан Базарда дүниеңді, малынды әп-сәтте сатып беретін алыпсатар делдалдар болады, олар тілімен ақша табады, аузымен орақ орады дегенді еститін, мына қауға сақал дәп сол қызыл көзің; мал базары айналасы ат шаптырым келетін әулінің сыртыңда екен, "сататын тайлағым жоқ", деп Қайрауық қайыра тіл қатқанша болмады! Әлгі далақбай қауға сақал тайлағын көп түйенің ішіне қосты да жіберді, мына шетке қыдиып шығып, аршамен тісін шұқып тура қалғанда Қайрауық қайран қалды; әлгіде ғана арбаңдап жүгіріп келіп кісінің шылауына жармасқан арсыз адамның орныңда білікті, білгір базаркеш қалған, мал саудалаған жұрттың төбесінен қарайды, мардымси тіл қатады, "пәлі, бүйтіп нан тапқаныңа болайын", деп ойлаған тайлақ иесі енді қауға сақалдың қалай саудаласарын білгісі келіп еріксіз тосылды. Тайлағын сатуға үнсіз бейіл берді, "айтыстан жеңіп сый-сияпатқа кенелсем жүк артып қайтармын", деп ши борбай немені жетелей шыққан, енді қарсы кездесіп қағып әкеткен делдалдан қаймығып-ақ тұр, түйе сатып алғыштар ағылып келе берді.

— Жеті күн жортса да шалдықпайтын желмаяның тұқымы, садақ сирақ тайлақты төрт динарға сатамын, — деді қаба сақал делдал.

Қайрауық ұяттан беті өртеніп, аяғының басына қараған. "Делдалдың саудалап тұрғаны тышқақ тайлақ, сұрағаны қос нардың ақшасы, беті бүлк ететін емес". Саудашы да көпті көрген сағыр екен, бітіспеді.

— Жарты динардан артық берерім жоқ,— деп қасқайып қарап тұр. Қаныпезердің айтып тұрғаны тұсақ қойдың бағасы.

Делдал да, саудашы да беріспей біраз тәжікелесті. Әрі-беріден соң шаңқылдасып боқтасып алды. Енді бір мезетте шүйіркелесіп сөйлесіп кетті. Жан беретін науқастай қалыпсыз дүбәра күйге түскен. Ақырында сыбырласты, жымыңдасты, қол соқты, нақа көп жыл көріспей жүріп жаңа кездескендей құшақтаса кетті. Қайрауықтың қолына жалғыз динар тиді, сөйткенше болмай, әлдебір күміс теңгелерді қаба сақал өз қалтасына жытырды, "бұл менің тіл ақым", деді. Саудашы тайлақты жетелеп жөніңе тайды, делдал тағы базар сыртына жол тосуға бүкеңдеп бара жатты. Тағы да тақымы дымданып төрт түлік айдап келген дала қыпшағының жағасынан алады, малын бұтарлап базарға салады, "қол ақы", "тіл ақы", "көз ақы" деген пәлелерін тізіп тұрып қалтасына тоғытады.

Жалғыз динарды алақаныңа қысып аяндап шетте қаңтарулы қалған атына келді. Енді күй айтысы болатын жерді іздемекші. Атқа қонды. Базарды сырт айнала шоқытты, жүрегі дауамай, ығы-жығы жұрт илеуіне жолар емес, жаман шошыныпты, "делдалға ұшырассам жаяу қалармын", деп қауіп қылады. Өстіп келе жатқанда тоғай боп өскен шок талға маңдай тіреді. Шоқ талдың іші әуіз екен. Әуізден әрі балшық сәкілер, мәслихатқа жиналған жұрт отыратын алаңқай болып шықты. Ақ сәлделілер қаптай жайғасқан. Алаңқай төріндегі биік тақта өткір жанарлы, сүйір сақалды, алып денелі кісі отыр. Қайрауық атын қаңтарып алқа жұртқа тақай берген. "Жансызды жазалағалы жатыр" деді қатарындағы кісі. "Бұзықты жұрт көзінше жазалайтын дәстүр бар".

Шағырмақ ақ сәлделілер ханның кеңесшілері болғаны ғой төрдегі алып денелі адамның аузын бағып үңіліп отыр, жел соқса жапырылар қоға секілді, қос қолын кеуделеріне айқастырып әрәдік бүгіле түседі. Қайрауықтың ханды көргені осы, тұлғасына сүйсініп, көз қарыған салтанатына қайран қалды. Хан сұқ саусағын көтерді, әріден, әуіз тасасынан екі жігіт денелі кісіні дедектетіп сүйреп келеді екен, дәп ортаға жете бергенде денелі кісі бұлқынып қалып жігіттерден босанды да етбеттей сұлады, хан аяғына бас ұрып жатыр.

Отырар әміршісі қаныңа қарайған; Дешті-Қыпшақтың кіндігінде жүріп күндес қатыңдай күңкіл салған Бадриддиннің қылмысын айтып бетіне басты, жұрт жүзіне қарағысыз етіп жерледі. Қызылбастарға, әрісі Қараханид хандарына туған жерінің аруларын сатып, осал мезетін нұсқап, құпиясын сыбырлап жүрген бейауыз бейшараға қаһарын қатты төккен. Күн астыңда жусаған қойдай болып отырған кеңесші-ақылшыларына қолқа салды. "Жансызға лайық жаза ойлап табыңдар", деп табыстады. Етбетінен түсіп сары тозаңды иіскеп жатқан жалалыға көз қырын да салмады, тас тұғырға айналып, шаншылып отырып қалды. Оң қанаттан Барсакелмес деген аралды жайлаған жалбағай қария салауат сұрады. "Тентекті қараңғы жерге қамап, жайын балықтың етін жегізейік, ала сиырдың айраның ішкізейік, астына ақ киіз төсейік. Ақ пен балықты ай бойы қоса қабылдаған кісі алапес болып шыға келеді", деп мағлұмдады. Одан төменірек құйрық басқан көсе қолбасшы: "қопаға жіберейік, жолбарысқа жем болсын", деді. "Екі басты жыланға арбатайық, ісіп-кеуіп жатып жан кешсін", деді. "Бұтқа таңып қоялық та табаның жалаңаштап сиырға жалатайық күлкіден ішегі түйіліп өлсін" десті. Қызылқұмнан келген кәрия сөз алған. "Қансыған шыңыраудың түбіне тырп еткізбей байлап қоямыз, шекесіне әр кезде бір мәрте су тамызамыз, үш тәулік бойы бір жеріне су тамызсақ есірік болып шыға келеді", деді. Әмірші сұқ саусағын жоғары көтерді, бұл оның соңғы жазаға тоқтағаны. Пәлендей көп күш жұмсамайды, жаның ауыртып қинамайды, байлап қойып, шекесіне тырсылдатып су тамыза береді; "қияли болып кетсін бәтшағар!" Қолын сілкіді, жаңағы екі жігіт етбеттеп жатқан жалалыны қолтықтан алып сүйрете жөнелді, анау қол ілігер қармау іздеп тырбаңдап жанталасып барады, байбаламға басқан. Алыстай бере үні өшті.

Қайрауық әлдебір жан ауруын бастан кешіргендей күйзеліп кете берген. "Қазір осы аланда өнер жарысы басталады", деген жаршы даусын естіді, кілт кідірді, кері қайырылғанда көрді, әрідегі әмірші түсін жылытып жарлық жасапты; ауқымды алаңның ортасына су себіліп, кілем төселіп, үстіне ұзын жолақ көрпешелер салына бастапты. Әлгіде ғана ала көз ажал кезген келеңсіз ортаны енді домбыра думанының дүрмегі ажарлаған. Күтуші жігіттердің бота тірсегі майысып жеміс салған үлкен табақтарды көтеріп келеді, соңдарында құмыра ұстаған сұлулар, ақсақал-қарасақал атаулының алдыңа барып иіліп қолға су құяды, сусын ұсынады. Олардың ибалы кызметі мен әдемі әлпеттері еркектердің ажарын ашты, жүздеріне қан жүгіртті. Қайрауық қайырылып кеп қоржынынан домбырасын алды, атына шідер салды; қайта айналып келгенде манағы салтанатты алаңға сіңе алмады, құжынаған жұрт қақпақылдап жіберер болмады, жаршының саңқылдаған даусынан домбыра жарысының басталып кеткенің аңыстаған. Шанағы қазандай үлкен, иіні келте сарғыш домбырасын қысымдай ұстап ілгері өтті, кеудесі қысылып, шалғайының әлдеқайда кейінде қалғаның байқады, қолымен тарта бергенде дыр етіп жыртылып кетті. Шалғайы жыртық, қайрақ тастай қатыңқы жігітті жуан орта көзіне де ілмеді. Әй, менсінетін емес, мойның ұмсынып құлағын салған, түрікпен күйінің мақамымен боздаған домбыра үнің естіді; әлгі үн күзгі бозаның уытына ұқсайды, тұла бойды ду-ду қыздырып жөнелген, бебеу басылып: "бес күйшімді жеңсең бас бәйгі өзіңдікі, жігітім", деген әмірші даусы шықты. Даурықпалар күйшінің атын дабырайтып қошеметтеп жөнелді. Дуылдақ ортаны: "әміршінің әйгілі бес күйшісі келеді" деген сыпсың хабар жайлады, сол сол-ақ екен, жұрт жарылып жол ашты, қаздай тізіліп, білектері сыбанулы, белдері буулы бес жігіт өтіп келе жатқан; қайсысының кәрі, қайсысының жас екенің ажырату қиын; кілең сақал қойған, мардымси маңғазданған, әулетті кісілер; алқа ортаға жетті де әуелі әміршіге, сосын халыққа бұрылып иіліп тағзым етті; "түрікпеннің жының қағып алады енді", "пысы басып барады", "саусақтары қамшының сабындай екен", деген сөздер құлақ тұндырады. Әлгілер жағалай отырысты да түрікпен күйшісін айтысқа шақырды. Жол бойынша әуелгі мәулетті қонақ алды, қос иінің салып жіберіп, басымен тізесін ұра жаздап, екі бүктеліп бүлкілдеді дерсің; кеудесінің астыңда әлдебір тоты құс құлпырып сайрап жатқандай болды; толғап-толғап тоқтағанда, тыңдаушы жұрт сілтідей тына қалған; бес күйші түнеріп аяқтарының ұшына қараған; жұртқа қылған қысастығы көрінеді, төмендеу отырған жалпақ күйші әлгі түрікпен күйін дәл айнытпай шерте жөнелді, ол да қадау домбыраны тоты құстай сайратты, сұңқылдатып өлтірді. Ұзақ күйдің ырғағын жалғыз мәрте салғанда-ақ қағып алып, қайта тартып беруге сұңғыла сақ құлақтық, алғыр зейін қажетті; ондай қасиетсіз күй айтысына қатыса алмайсың. Әлгі зарлауық сарын басылды, күйдің қарымтасы қайтты. Енді жалпақ жігіт айтысқа арнап төл күйін тартып жібергелі қомдана берген еді, жуан төрдегі егде күйші: "жә, салдырамамен басымды ауыртпа!" деп тежеп тастады, білегін түріп, екі иінің бүлкілдетіп өзі шертіп жөнелді. Түрікпен жігіті жол аңдыған баукеспедей әрбір үнді қалт жібермей зердесіне тоқи бастады, күй лықылдап құйыла берді, бұл бәрінен өзгеше; өңкеңдей желген желмая ма, қисса оқыған жырау ма, әлдебір ғаламат сарын, тыңдаушы жұрт жағасын ұстаған: "бақсының арқасын қоздыратын мақам мынау", "жолдан тайдыратын пәлекет сарын", "ұзақ сұңқылды қалайша қайталайды енді", десіп сыбырласа бастаған; енді аңыстады, күн ауып бесін уағы болып қалыпты, қариялар жағы сетінеп жатыр, әмірші әлі тапжылмай тыңдап отырған. Егде күйші шертпесін тамамдады, түрікпен жігіті сол сарынды бұзбай шұбыртып тартып жөнелді, төрдегі Иланшы Қадырхан қабағын шытынды: жат жерлік жігіт үстіңгі ішекті әредік бос қосып отыр, егде күйшідей дәмді дыбысты теріп тартпайды, ақыры саусағы қарысып жол ортадан үзіп тынды. Сарапшылар бәйгіні Күмбез Сарайдың бес күйшісіне берді, түрікпен жігіті суға сүңгітіп алған суырдай болып, боршасы шығып, домбырасын егде күйшіге қалдырып шетке ығысты. Күмбез Сарайдың күміс саусақ күйшілеріне қарсы айтысқа шығуға ешкімнің батылы бармады, қайта-қайта қарқылдаған жаршының даусы қарлықты: осы мезет жетім көңіл боп тұрған Қайрауықтың делебесі қозды, әлдебір желік кимелетіп әкетті, ортаға шыққан; жұрт қыран-топан болысты, жігіттің жыртық шалғайына, сұрықсыз нұсқасына, шанағы дәу, сабы келте домбырасына күлген. Әмірші: "айтысты әрі жалғай беріңдер", деп орнынан көтерілді, ортаға келіп тізесі дірілдеп жайғасып жатқан жігітті қомсынды, "осыдан дәмді күй шыға қоймас", деп ойлаған. Қан Базардың әуізді алаңынан алыстап Күмбез Сарайға беттеген, жарым жолда ойы бұзылды білем, қиыс кетті. Соңыңда сенімді нөкері Мақсұт еріп келеді. Көшені көтей өтіп мәсісін ақ ұлпа шаңға бөктіріп шаһардың күнгей шетіне шықты. Мұнда шок жиде тоғайы бар. Сол тоғайдың ішінде жорық шатыры тігулі-тін, әміршінің көңілін құбылтып, ойын бұзып, дедектетіп тартып әкетіп бара жатқан пәле бар, ол маңғұл елшілері сыйға беріп кеткен таңғұт қызы еді. Сарайынан бөлек ұстап, ханшаға көрсетпей құпия сақтап келген. Бүгін оңашада бақұлдасып тілдесіп көрмек. Мақсұтты сыртқа қалдырып өзі шатырға енді. Әуелгіде үй ішінен ештеме көре алмады, қызды қашып кетті ме деп ойлап, кілт бұрылған, селк ете қалды, тұтқын қар босағаға жабысып тұр екен. Сұлудың қолынан ұстады, жүзіне нұр жүгіртіп жымиған болды, қыз дір-дір етеді, ортаға жетектеп келіп тұла бойын тінте қарады; үстінде желең жібек шапан, ішінде лыпасы жоқ, маңғұлдардың тұтқын әйелдерді осылай ұстайтының біледі. Жанары үлкен, тұңғиық, ішіне түссең тереңіне тартып әкетер иірім секілді, кірпігін әлсін-әлі қағып сол тереңді көлегейлей береді, үркектеп тұр. Иланшы Қадырхан еш зұлымдық жасамайтының ыммен ұғындырып көрді, қыз түсінбеді білем, басын шайқайды, бұл: "еліңді сағындың ба?" деді, "босатып қоя берейін бе?" деді, басын шайқады, енді аңғарды, алдыңдағы нәзік жанның көңілді қыжылдатып қызықтырар жері айқын жанары да, ұзын кірпігі де емес, жұқа жібек шапан астыңдағы жалаңаш тәні емес, қызарып, көпсіп тұрған астыңғы еріні екен. Қыпшақ сұлуларының еріні жұқа келеді, әміршінің мынадай қаны шыға қызарған ток ерінді көргені осы. Шыдай алмай қызды қапсыра құшты, қос қолын жоғарылатып келіп сұлудың басынан ұстады; бейне сындырып алмауға тырысқан асыл құмырадай қос қолдай қысып, әлгі әдемі ерінді сүйіп алды. Бір мезетте ту сыртынан тысыр естілді, асыл құмыра қолынан түсіп кетті.

Мақсұт екен; "Хан ием, сыртта бес күйшіңіз келіп тұр", деп хабарлады.

Әмірші шатырдан шыққанда күннің қызарған шапағы бетіне шашылды. Екіндіге еңкейіп қалыпты. Енді аз уақытта батып кетуге бет алған. Әріде бес көлеңке тұр, көлеңке емес-ау, соған ұқсап сорайған күйшілері екенің білді. Рухтары түсіп, мойындары ішіне кіріп кетіпті, домбырадан айырылған. Тақап келіп мән-жайды сұрады. Егде күйші егіле жауап қатты.

— Қайрауық деген күйшінің соңғы сарының сала алмай қор болдық, тақсыр!

— Қайрауығы несі? '

— Әлгі жыртық шапан, шақша бас, дәу домбыралы жігіт ше...

— Пәлекетті шаршата алмай сілеміз қатты.

— Жаны жоқ жын ба деп қалдық, тақсыр.

— Алты саусақты екен, тақсыр!

— Күйді башпайымен тартқанда салымыз суға кетті, тақсыр!

Күйшілердің ендігі сөзіне құлақ салған жоқ, дереу тұлпарын алдырды, жарағын асынды, атқа қонды. Соңында Мақсұт шауып отырып манағы күй айтысы өткен әуізді алаңға жеткен. Жұрт тарап кетіпті. Әмірші қатты қапаланған, денесін шаң басып, жосқындай жортып Қан Базарды сүзді, манағы көзіне соншама қораш көрінген жас күйшіні іздеді, жұрттан айыра алмаса да, Күмбез Сарайдың саңлақ күйшілерінен жеңіп алған бес домбырасы-ақ анадайдан мен мұндалап еді, ұшты-күйлі жоқ, жер жұтып кеткендей. Әмірші жан-жақтағы тоғыз торап керуен жолдарына шолғыншы шаптырған. Өстіп жүргенде күн батып, қас қарайған. Әлден уақытта Темірқазық жұлдызы астымен кететін кіші жолдан шолғыншысы оралды, "алты саусақты күйші жалбағай жетім керуеннің соңынан ілесіп барады", деп келді.

Иланшы Қадырхан солай шапқан.

Базарға айдап әкелген қоралы қойын, үйір-үйір жылқысын сатып; сатқанда да делдалдың қолына түсіп түтіліп шыққан қыр байы еді бұл; ақшасына астық, мата, тұз, жеміс, өрік, мейіз сатып алып, аз ғана түйесіне теңдеп қаладан шыққаны сол еді. "Мені де ілестіре кет", деп алты бірдей домбыра өңгерген жігіт ұшырасты. Қыр байы әуелде ерткісі келмей көп қиқақтаған. Ұры болар деп сенбеген. Жігіттің жылы шырайына, жөндем сөзіне қарап іші жылыды, "жүрсе жүре қойсын, алты домбыра арқалағаныңа қарағанда ауысып кеткен пақыр болар", деп ішінен аяған. Енді ғана шаһардан ұзап шыққаны сол еді, соңынан сатырлата шапқан ат дүбірін естіді. Қыр байы жаман шошынды. Түйелердің артыңда ілбіп еріп келе жатқан жігітке жетіп келді, төбесінен қамшы үйірді. "Өй, алты домбыраңның ішін, соңымыздан салып келе жатқан қарақшылар сенің жемтіктесің болар, айт қане?!" "Пірәдар-ау, мен жалғыз аттылы кедеймін". "Өй, арам қатқыр, қаланың делдалына бір мәрте жем болып едім, енді жол тосқан ұрысына жем қылмақпысың!" деп Қайрауықты жәукемдей жөнелген.

Арт жақтан аңырата салған алып түлғалы айбарлы адам бұлардың алдың орағытты. Керуен бір уыс болып үйіріле қалды. "Қайрауық қайсың?" деп ақырды қуғыншы кісі. Қайрауық атын тебініп, алты домбырасын саудыратып алға озды. Бай жігіттің тұқым-тұяғын қоймай қарғап жатыр. Қуғыншы кісі атынан түсті. Қайрауық та атынан түспек болып, аяғымен үзеңгіні іздеп тырбаңдап жатқан, әлгі кісі адымдап келіп жас жігітті ер үстінен іліп алып бауырына басты. Қатты құшып бірауық тұрып қалды.

— Қушық кеудеңе сиғызып жүрген қасиетіңнен айналдым, — деді тебірене күбірлеп.

Әлден уақытта қос жігіттің құшағы ажырады. Иланшы Қадырхан осы суыт жүрісін уажымдады.

— Қайрауық інім, астыңдағы жаман текежәумітті ана Қақсауыққа қалдыр, қазір келіп жететін атқосшының жетегіндегі тұлпарға мін, алты домбыраны алып Отырарға жүр, бұдан былай Отырардың саңлақ күйшісі атанасың! — деді.

Кейіндеп қалған атшабар, атқосшылар жетті. Әміршіге жапырлап тағзым етіп, Қайрауықтың алдыңа аяғын санап басқан сәйгүлік тосты. Қайрауық ет қызумен билеп тұрған тұлпарға қонды. Шоғыр топ тасырлатып кейін жосыды. Енді біруақта күміс саусақты күйшінің соңында жазылып бітпес әңгімесі бар кең дала, керулі түн пердесі, перизат қылықты самал жел, үрпиісіп үріккен керуен жетімсіреп қала берді, Дешті-Қыпшақ жұртының және бір жарық жұлдызы ағып барып Отырар шаңырағынан мекен тапты.

ЕКІНШІ САРЫН

Осы заманда Інжу өзенінің найқалған сол жағалауында Отырар шаһарының көп серіктері болатын. Әйгілі қаланың атағы мен абыройын Жауһар, Бесік, Оқсыз, Балтакөл, Келінтөбе; Мейрамқала, Құмиян, Қорасан деп аталатын үлкенді-кішілі қорғандар мен шаһарлар қосыла көтерген, досына жаяр құшағы, жауына тосар айбары болған. Бұл жағалауды жергілікті жұрт Түгіскен алқабы деп жалғыз атпен атады. Түгіскен жерін диқандар жайлады. Інжуден жырып үлкен арықтар қазды, ол арықтардың бойына жүгері, күріш, қарбыз, қауын, тары екті. Жүгерісі бас алып піскен кезде ішіне түскен аттылы кісі көрінбей кетеді екен, күріші үш судан соң-ақ сабағын көтере алмай құлай берген, тарысы қаяздың уылдырығындай аса дәмді болған; қарбыз бен қауындары шілде түсе-ақ пісе бастайтын, әлгі бақшаларға бара қалған кісі тарсылдаған дыбыс естиді екен, ол дыбыс аса піскен дақылдың күн қызуына шыдамай өз-өзінен жарылғандағы үні көрінеді. Ұлы Жібек жолының Қызылқұмды көктеп өтетін тармағы Боран жолы деп аталатын; аталмыш қалалардың ұстасы мен зергері бұйым жасап сол керуен жолына шығаратын, ағылып жатқан саудагерлерге сататын. Жиегіне жақұт тастарын қондырған шолпы, алтын тана, жыланбас білезік, өрнек күмістен істеген сырға, қып-қызыл маржан тасынан тізген шолпы берісі Бұхар, әрісі Бағдат базарында қараған көзді сүріндірді, делдалдың қолын дірілдетті, саудагерді сақылыққа үйретті. Түгіскен ұсталарын дүниеге мәшһүр етті.

Жауһар қорғанының тумасы Ғаббас әлгі бұйымдарды зер сала зерттемекші еді.

Сол оймен әдейі келіп Мейрамқала базарын аралап жүрді. Үлкен жайманың шетінде қол басындай көзені шалды. Көзге қораш көрінсе де құпия сыры бар секілді. Әлгі көзе аса көне, саз балшықтан күйдіріліп жасалған. Түбі сынып түсіпті. Аузы сүйір, оймақ көлеміндей ғана, үш жағында үш қыры бар. Сол қырлардың арасына шаршылап әдемі ою салыпты. Кәдімгі қазақтың қошқар мүйіз ұлт өрнегі. Көзе иесінен сұраған. Ол: "бұл көзе бағзы заманда тәуіптің сынап құйып алып жүретін ыдысы, осы ыдыстағы сынаппен емделген кісіге дерт жоламайды", деді. Тағы бір жаймадан шағын білезік көрді. Білезік кішкентайлығына қарамай соншама салмақты. Екі басы да жұмыр. Бір басы ішкі жағынан бидай сиятындай болып ішіне ойылып түскен. Жұмыр бетіне салынған әдемі өрнегі бар. Кәдімгі "жылан-бауыр" деп аталатын Отырар зергерінің қолтаңбасы бұл. Әлгі ернекте қыздың қасы секілді қиық, сызықтар мен тарыдай ноқаттар алмасып отырады. Күміс пен алтынның қорытпасынан жасалған. Күн нұрына шағылысып жалт-жұлт етеді. Бұл бұйым жас қызға деп соғылған. Салмағына қарамай, білекті қыспайды. Өз-өзінен түсін ашып аунап тұрады. Зергер қорытпаның қасиетін молынан пайдаланған. Келесі жаймаларда үлкенді-кішілі құмыралар қаптап тұр. Ұстап көрді, бір қызығы, бұл құмыралардың салмағы оның үлкен-кішілігіне мүлде қатыссыз, қайта көбіне көлемі үлкен құмыраның салмағы жеңіл болып келеді екен. Ыдыстардың түрі мен түсі әрқилы, бірін-бірі қайталамайды. Осыған қарап құмырашының балшық таңдауы, оны күйдіруі биік білімпаздығын танытады. Бұл ыдыстарға құйылған шарап, не сусын ешуақытта бұзылмайды, дәмін жоғалтпайды. Қайта сақталған шараптың әуелгі табиғи қасиетін күшейте түседі. Бұл Ғаббас көрегеннің көз жеткізген ақиқаты. Мейрамқала базарының келесі бір жаймасында шашқа тағатын шолпы жатыр екен. Шолпы жеті темір танадан тізбектеліп жасалған. Әр тананың бетіне салған өрнек-бедері әрқилы. Таналардың қос бетіне де ернек жүргізген. Салмағы ауыр. Мұндай әсем шашбауларды бойжеткен қыздар тағады.

Бұл шолпы тек сәндік үшін жасалған емес; ол қыз бұрымының дұрыс өсуіне, жинақы тұруына тікелей себепші. Шолпыны "жапырақ", "жылан көз", "қос құлақ", "қос бұрым" деп аталатын ою түрлері өрнектеген. Бұл оюлардың баршасы қазақ зергерлерінің ежелден келе жатқан төл өнер үлгілері. Шолпының қасында жалтырап тана жатқан, алақаныңа салды, тананың бетінде тамаша айшық барды. Айқасып, алмасып келіп отыратын, меңдуана шөбінің басы тәрізді бедер мен лағыл гүлінің бедері көз тартады. Меңдуана қоңырауының іші тола тарыдай-тарыдай дән, ал лағыл гүлінің ортасында жалғыз көз бар. Тана қаңбақтай жеңіл. Жібек киімдерге таққан мезетте матаның түсін ашып құлпырып кетері сөзсіз. Келесі бір жаймадан бұрын-сонды көріп білмеген шашбаутас ұшырасты. Шашбау тас күмістен соғылған, айналасына алты ұя жасаған, әлгі ұяларға көздің жасындай етіп жақұт тастарын орнатыпты. Тастар көкшіл түсті, айналасындағы ақшыл күміспен астасып құлпыра түседі. Шашбаутас әдетте сыңар сатылады. Ғаббас көреген "Отырарға бара қалсам Иланшы Қадырханның үйіндегі келініме сыйлайын", деп сол сыңар шашбаутасты сатып алды. Қалтасынан орамалын суырды да шаршының шетіне ұқыптап түйді, қойныңа тығып алды. Базардың бай жаймасынан уыс-уыс күміс ақшаларды көрді, тісіне басып темірін сынады, бетіндегі жазуларын оқыды. Бір ақша жалпақ, әрі екі бетінде де жазуы бар екен. Бедері де ала бөтен өзгеше. Өте көнеріп, таттана бастаған. Отырардағы ақша соғатын зергерлердің қолынан шықпағаны көрініп тұр. Ежелеп еді, тілі ескі арабшаға тартып барады, "жер тәңірісі Ескендірдің қос қанатты тұлпары Буцефал", деген сөйлем жазылыпты. Әдетте ақшалардың бетіне патшалар мен шахтардың бейнесі салынушы еді, енді байқады, мынаның бетіндегісі аттын басы екен... о, тәңірі... қос мүйізді Ескендірдің төрт аяқты серігі ғой мынау... Ғаббас көреген соңғы динарына әлгі көне төнгені сатып алды. Бұйым болып жарытпаса да ескі күндердің ескерткіші ретінде кітабының арасында жүрер, аты жер жарған жиһанкез қолбасының уағында соғылған ақша кімде қалды дейсің. Осы оймен көңіл тоғайтқан көреген күн батпай Мейрамқаладан аттанып кетті. Аттанбасқа да болмайтын еді. Мейрамқаланың маңайы үлкен арық, арықта көлкіген су, сол суға диқандар не қилы дақыл егіп, жайқалтып өсіріп жатады. Су көлкіген жерде маса көбейетін әдеті. Кеш болса-ақ Түгіскен алқабының бар масасы Мейрамқаланы басып алады, дыңылдап, ызылдап, быжынап келіп талайды. Әлгі тырақы диқандар матадан масахана құрып алып соған сүңгиді кеп, үйіне түтін салады, көшеде қалғаны тұла бойын шапаттап жүргені. Жұрт: "Түгіскеннің масасы табаның мен алақаныңнан шақсын", деген қарғыс шығарып алған. Сол қарғысқа Ғаббас көреген ілінгісі келмеді, көлігін жіті бастырып Жауһар қорғаныңа тартты.

Ғаббас Інжу жағалап жүріп отырып ай туа Жауһар тұсына жеткен. Қорған өзеннің оң жағалауына орналасқан еді. Енді өзеннің арғы бетіне өтпекші. Жүргінші жұртты ары-бері өткізіп тұратын салшы болатын, дарияның жайпауыт жағасына келсе, салшы салын қаңтарып кетіп қалыпты. Ұзын жеті бөренені қиюластырып, ернеуіне қау тұрғызып, әспеттеп жасаған үлкен сал қайранда сұлап жатыр. Жалғыз адам көтеріп суға түсіре алмайды. Әрі толқын сырын, есу тәсілін білмеген кісі ағыспен ілесіп қаңғымалап кетеді. Салшы: "енді ешкім келе қоймас", деп ойласа керек. Ғаббас атынан түсті. Жағаны жаяу жиектеді. Осы маңда қайықшының қамыс күркесі болатын. Қоныс аударып кетіпті. Түбіртекке сүрініп, бетін жыңғыл бұтасына шапаттатып көп жүрді, күркені қойнаудың арғы қолтығындағы тұмсықтан тапты. Атын қаңтарып, дыбыс қып ішке кірді. Қайықшы жігіт қамыс күркенің ортасына от жағып, отқа құмыра қойып отыр екен, құмыраның аузынан жайынның тәтті иісі шығады. Қайықшы әуелгіде беймезгіл қонақты жаратпай қалған, көреген шалды сақалынан танып жүзін жылытты. Орнынан тапырлай тұрып қолын ұсынды.

— Ел-жұртыңыз аманшылық па, қария? — деді дауыстап. Тізесінің үстіне салып қармақ егеп отыр екен, әлгі қармағы дамбалына ілініп, тозған бөзді дыр-дыр жыртты. Жігіт жыртықты қолымен жапты.

— Шүкіршілік, Ердуалы шауып жүр, Айдай қуатты, ауыл-ел тегіс аман, — деді шалың. Қайықшы ішінен күліп ыржиды. Түсініп тұр; Ердуалы деп отырғаны жалғыз ұлы, Айдай жас әйелі, сол екеуі арқылы күллі ел-жұртының амандығын білдіріп тұр. Бұл өзі қызық шал. Қайда жүрсе де әйелін марапаттап бітеді, бал асын ың ер жетіп қалған ы н жыр етеді. Ақкөңіл, адал қуанышпен айтады. Әуелгіде шалдың бұл сырынан бейтаныс жандар: "жас қатын аламын деп алжаса бастаған білем", десетін.

Келе-келе ұғынды. Сөйтсе, шалынды — қыпшақ еркектерінің әйелінің атын атаса аузы қисайып қалатындай қиқар мінезі, балаға елжіремейтін суық табиғаты күйдіреді екен. Күйген шал қасақана сөйтеді екен.

— Қайдан жүрсіз, қария?

— Мейрамқаланың жұма базарынан келемін. Масасына таланбайын деп қонбай аттанғаным ғой. Қайығың жүзіп тұр ма, балам?

— Мейрамқаланың сыртындағы алапат қорымда ордалы жылан бар көрінеді, қария.

— Болса-болар. Елі мал ұстамайды екен.

— Малын әлгі жыландар шағып тауысыпты ғой, қария.

— Сөйтсе сөйткен де шығар. Диқаншы мен зергерден өзге кісіні көрмедім.

— Сол жыланның біреуін өлтірсе мыңдап, жүздеп қалаға шабуыл жасайтын көрінеді.

— Қайығын жүзіп тұр ма, балам!

— Оны қоя тұрыңызшы. Өткізіп саламын, қария. Өзіңіздің дидарыңызды көріп, қолыңызды алуға аңсаймыз, ит тіршілік бұғалықтап жібермейді, барып-ақ сауалдасып қайтар едік. Жылына бір мәрте көргенде шамалы уақытыңызды қиыңыз енді. Дәм татыңыз. Жаман балаңызға ақыл беріңіз, демалыңыз, дамылдаңыз.

Қайықшы жігіт жалпақтап жік-жапар күйге түсті. Буын бұрқыратып құмыраның аузын ашты. Ағаш табақ алды. Құмыраны табаққа төңкерді, ылжырап піскен семіз жайынның еті ортаны толтырды. Иісі танауды қытықтады. Майы жылтылдап тәбетті тартты. Жігіт сырттан құмыра толы салқын су әкелді. Тізесі жылтырап тұрып шалдың қолына су құйды. Алдыңа шыпта жайды, табақ тартты. Ғаббас көптен балық етін жемеген, сүйексіз, қылтанақсыз майлы сүбені аузына апара берген.

— Ендеше Мейрамқаланы жылан бұзады ақыры, - деп қайықшы қойып қалды . Отқа сексеуіл тастады. Білегін сыбанып қолын табаққа салды. - Көктемге салым сексеуіл алуға Апанқаққа барайын. Апанқақ деген қалың жым тоғайды білесіз ғой. Алыстан-ақ ысқырық естідім. Әлгі мұңдар мақұлықтар екен, өріп жүр-ау, өріп жүр. Сексеуілдің бұтасы сау емес. Тораңғының түбі үйме-жүйме. Әйтеуір түйеден түспегенім ақыл болды, әзер қашып құтылдым... Тоғайға ерт қойса қайтер еді?!

— Болмайды, балам. Жым ортасындағы қаланы басып қалады.

— Шаққаны мүрдем қатырады дейді.

— Қала датқасына ақыл бердім. Жұрт құмнан ешкіемер деген кесірткені көп қылып ұстап, қаладағы әр үйдің әулісіне жіберсін. Ешкіемер жүрген жерге жылан жоламайды. Жылан шаққан кісіге әлгі ешкі емердің сорпасын ішкізсе мың да бір ем — уды тез қайтарады.

— Алырмай-ә!..

Қайықшы жігіт ауыз аша таңырқады. Жайын еті жайына қалды.

— Қария, жаман жылы тоғыс жұлдызы ауа туады депсіз ғой.

— Айтсам айтқан шығармын.

— Онда байқадыңыз ба, сол жұлдыз бұрынғы орнынан ту май жүр!

— Балам-ай, жападан-жалғыз қарекет кешіп қайық ескеніңде ойлайтының, осы ма? Аузыңнан тәуір әңгіме шықпады ғой тегі?!

— Тәуір әңгіме сиреп барады, қария. Осындай аңсап жүріп ұшырасқанда көкейдегі сауалымызды шешіп алсақ дейміз де... әйтпесе... байқаған боларсыз, тақауда қоныс аудардым. Бұрынғы қайық шығарып жүрген жерім бір түнде жоқ болды, су астына кетті, оның орны тұңғиық қойнау қазір. Ойлап отырсам бұл да тегін емес секілді.

— Дарияның осы тұсы сол бүйірге көп аунап кетіпті. Қолтыққа жетпей тоқтамас. Өзен арнасының ауысуы жаманшылық емес, балам.

Жайынның еті жартылай желінді. Кілкілдеген майы жүрекке тиіп беттетпей қойды. Оның үстіне қайықшы жігіттің уайымы үдей түскен.

— Тақауда салшының салын жайын ұрды. Саудагерлерді өткізіп келе жатады. Жағаға тақап қалған. Сол арада дарияның суы жарлауыт болып көтеріліпті де ішінен жайынның жалы көрініпті. Әлгі мақұлық пәрменімен келіп құйрығымен соққанда салдың бір жақ қауы жапырылып түскен. Салшы талып қалыпты.

— Жайын үлкейсе жағаны қарап қылар деген бұрынғының сөзі бар емес пе.

— Кейде қайығымның асты қалтырай ма-ау, иірім тарта ма-ау, пәлекет айналдырып жүр. Бала кезімнен басын ұстаған кәсібімді тағы қимаймын. Өстіп жүріп жайынға жем болармын ба, қайдам.

— Балам-ай, сары уайымды қойып қайығыңды әзірлеші. Мені арғы бетке жеткізіп сал. Атымды осында қалдырамын. Ертеңгісін салшыға тапсырарсың, судан өткізіп, қорғанға жеткізіп берсін.

— Осында қона кетсеңізші, жатып тұрып демаласыз, тамақ сіңіресіз. Әңгімеңізді армансыз тыңдар едім, сауал қояр едім.

— Ертең сәске түске дейін Отырарға жеткенім жөн.

— Апырмай, Мейрамқаланың жұма базарын көріп, енді Отырардың жексенбі базарын тамашаламақсыз ғой. Желдей есіп қызық дәурен кешті деген осы да!

— Базаршылап жүретін делдал емеспін. Әмірші Иланшы Қадырхан: "күннің шығысынан үш елші келді, салауат сұрасуға көреген қатынассын", деп шабарман жіберіпті. Содан барлық шаруаны тастап шабылып Отырарға барамын.

— Апырмай, қария, елшімен сұхбат құрған қызық шығар өзі.

— Қайдағы қызық, ол сенің құда жекжатың емес, ақтарыла әңгімелесер. Ішіне ызғыма жылан толған қап секілді қызыл көз өңшең, аңысынды аңдиды, қыбынды таниды. Ел мен елді кетістіретін де, бітістіретін де солар.

Шал қолын жайып бата жасады. Қайықшы жігіт табақты алып, бетіне дастарқан жапты, ағаш сәкінің үстіне апарып қойды. Құмырамен қонағының қолына су құйды. Енді байқады, көрегеннің саусақтары аса салалы, арық, аппақ екен, бірер жеріне қара сияның дағы түсіпті. Сияны шалың өзі жасайтын. Бидайды күйдіретін, сосын талқан қып үгетін, әлгі қара талқанға үкпе түз бен сағыз шөптің сүтін қосатын; осы қоймалжыңға су араластырып сия шығаратын. Етбетінен түсіп, кеудесіне жастық басып, қауырсын қаламды шиқылдатып жазып жатқаны. Жауһар қорғаныңа барған сайын сәлем бере кіретін, сонда көретін... Шал орнынан көтерілді, шапанының шалғайына жабысқан шөпті сілкіп түсірді. Сыртқа сытылды. Соңынан ескегін алып қайықшы жігіт шыққан. Түн тұнық екен, оның үстіне ай жарық. Дариядан қорықпай-ақ өтуге болады. Жарлауыттың кенересіне келгенде қайықшы шалдың қолынан алып, қолтығынан демеп төменге түсуіне көмектесті. Қайықтың көгенің босатты, ішіне үңілді, ескектерін екі жақ кенере деп ұңғыға бекітті. Шал келіп қайықтың ішіне аяғын сала берген, шошып кетті, іші көлкіген су. "Балам-ау, қайығыңның түбі тесік пе, ішіне су толып кетіпті ғой", деді күдігін жасыра алмай. Қайықшы түсіндіріп жатыр: "суда көп тұрған қайықтың ішіне су өтеді, бұл қауіпті емес, бір деңгейден аспаған, көтеріліп бара жатса төгеміз ғой. Бұл өзі қайықтың қаңсып кетпеуіне септік, әрі салмақты етеді, анау-мынау ағысқа ырық бермейді", деді. Қайығының жақсы ағаштан жасалғаның айтады. Әуелгіде бұлар мінген қайық қиқалақтап жағадан қашықтай қоймады, сыңар езу жылқыдай жағаға тарта берді. "Бұл жердің ағысы қатты, ылғи ескекті кейін тебеді", деп түсіндіріп жатыр. Есіп келеді.

Дарияның ортасына жетіп қалған. Ай жарығы ұп-ұзын болып түсіп тұр екен. Көрегеннің көзіне қылыш соққан ұсталар елестеді, әуелі ұзын темірді қып-қызыл етіп қыздырып төске салатын, темір аппақ болып кеткенше балғамен ұратын, сосын әлгі ақ темірді бірте-бірте быжылдатып суға батырып суаратын. Қазіргі айдың сәулесі сол бір ұшын дарияға сұғып суарған қылыштай болып көрінді. Қайық шыр көбелек айналып кетті, шал ауып түсе жаздады, жігіт жанталасып есе бастады. "Шүңейтке кезіктік", деді қайықшы. "Неге аулағырақ алмадың?", деп кейіді көреген. "Қария-ау, шүңейт деген иірім секілді емес, қазір осы жерден ойылса, ертең ана тұстан ойылады. Су астының қалыбы бар ма? Шам алып шүңейт іздеп жүреді дейсіз бе?"... Бұл қайықшы жігіттің ақталғаны. Ақыры жолдың жартысына жеткенде су беті тынышталды, қайық та еркін көсілді, лезде-ақ жағаға жеткізді. Көрегеннің мәсісі дымданып қалды, қайық түбіндегі су көтерілмепті; әлгіде шыр көбелек айналған мезетте аяғын-шылап алған. Шал қайықшы жігітке алғысын айтты, батасын берді. Қайық ақысын ұсынғысы келіп оқталды да қалтасынан қолын тартты, бәрібір жігіт алмас еді, құр ренжітіп тынар еді.

Осы оқиғадан соң біраз күндер өткен.

Інжу қолтығындағы Жауһар қорғаны түн тыныштығына шомып тұрды. Қорғанның ішіндегі үйлер тегіс ұйқыда, оттар өшіп, кісі аяғы басылған. Әрәдік маң төбеттер балпылдап үреді. Қорғанның ортасында биік дөң бар еді, сол дөңнің төбесіне төрт бөренені қада етіп қағып, олардың басын көлденең ағаштармен қосқан, үстіне кісі жататындай жайлы шартақ жасаған. Шартақтың үстіне сатымен шығады. Ғаббас көреген сол сатыны сықырлата басып шартаққа көтерілді, әлгіде әйелі шартақ үстін жайлап, кілем төсеп, жастық тастап қайтқан. Төбедегі ай сүттей аппақ, шалын биік үстіне шығып алып көк тұңғиығындағы көп жұлдыздың қозғалысын есептемек, тұрған орның хатқа түсірмекші, қиялына ырық бермекші.

Ай жарығымен кітап жазған кісінің қиялы қанатты келеді; қағазына үзіліп түсе жаздаған жұлдыздарға қарап қойып, түнгі самалды сіміре жұтып, әрәдік шалжия жатып керіліп алып, қауырсынмен шиқылдата беру шалыңның сүйегіне сіңген әдеті. Бүгін де сол. Бұл шақта көзі ашық дүниені кең аралап кеткен өзінің "Евклидтің "Негіздерін" кемелдендіру" деп аталатын кітабы ғұлама есімін шын дабырайтқан. Алыс-жақыннан шәкірттер іздеп келе бастаған. Иланшы Қадырхан өзін Отырар шаһарына қаншама шақырса да келіспеді. Құлақ жарған жаршысы, азынаған азаншысы, шаңға бөгіп легліген сарбазы, сапырылысқан саудагері жоқ; Інжу бойында ит даусына ғана селт етіп бұйығы жатқан Жауһарды қимаған. Кетсе-ак қиялын үзіп алардай сезінген...Иә-ә-ә... Бұл күнде Күмбез Сарайға Дешті-Қыпшақтың саңлақ перзенттері жиналыпты-мыс, сығанақтық қын Хисамеддин, асқан күйші Қайрауық, "Тілді түзету кітабын" жазған жауһарлық тәржімашының тумасы Исмаил, шежіреші Әнет баба сонда деседі. Құба-құп. Атың төскейден естілсін, есіктегі басыңды төрге сүйрер ұлдар көбейсін". Осы ойдан қарт астрологтың кеудесіне жылы қуаныш кірді. Сақалын тарамдады. Ширатпа қағазды қайта бүктеп, қауырсын қаламды қағаз қуысына қыстырып бас жағына қойды. Көсіле жатты, көзін жұмып ой тұңғиығына шомды.

Әуелі ақиық ұстазы Әбунасыр Мұхаммед ұлы Мұхаммед Тархан Фараби туралы ойлады, сол жерлесінің "Ізгі қала халқының көзқарастары туралы кітап" деген ғажайып шығармасын еске алды, тақауда үшінші мәрте оқып шыққан. Ол кітапта улы ғұлама қоғам туралы зерделі ой қорытқан, коғамның өзі толық әм толымсыз болып екі жарға бөлінеді дейді: толық коғамның. өзі үш түрлі: үлкен, орташа және кіші, ол кісінің жорамалынша үлкен қоғам - бүкіл жер жүзіндегі ақылды адамзат та; ал орташа қоғам — белгілі бір ел, мемлекет; кіші қоғамға жеке дара қала халқын жатқызған. Енді осы қалалардың өзін " ізгі" және "надан " деп екіге бөледі." Адамдары бақытты болу үшін біріне-бірі көмектесіп отыру мақсатымен бірлескен қала ізгі қала болады, халқы бақытқа жету үшін өзара көмектесіп отыратын коғам да ізгі коғам болады", - дейді. Шыныңда да "өзім ғана жетісе қалайын" дейтін кәперсіз жандар әлгіндей ортаға сыйыса ала ма? Надан қалаларды Әбунасыр бабасы сегіз түрге бөледі; бұл қалалардың халқы бас пайдасын жұрт мүддесінен жоғары қояды, өзімшіл, менмен, мақтаншақ келеді; олардың ұғымынша өмірдің ең асыл ләззаты байлықта, билікте. Мұндай адамдардың арасындағы байланыс та болымсыз, тұрлаусыз нәрсе... Япырмай, ғұлама бабам осы кітабын жазғанда көз алдыңда қандай қаланы елестетті екен? Ауызбірлігі мол, түсінігі терең, бір-біріне қол ұшын беріп отыратын қаласы осы Отырар емес пе?

Әбунасыр ізгі қаланы қатты аңсаған. Оның ойлауынша ізгі қала тұрғындарының дені бақытты, білімді, өнерлі, зергер, еңбексүйгіш, меймандос, шыншыл болады; өсек, өтірік, ұрлық, бұзақылық жойылған. Жұрт та бір-біріне үнемі ізгі ниетпен көмектеседі, қайғысына қосыла қабырға қайыстырады, қуанышын қоса көтереді. Ешбір қаламен соғыспайды, бірақ өзгелер шабуыл жасай қалса тойтарар қайраты мол. Ешкімге есесін жібермейді. Ол қаланың әміршісі де ержүрек, білімді, қылышты емес, кітапты сыйлайтын саналы жан болғаны ләзім... ойпырмо-о-ой... барқадар бабаның Отырардың ертеңін елестеткені ғой бұл.

Шартақ үстінде шалқасынан жатқан Ғаббас көреген тақауда ғана күннің шығысынан келген үш елшіні есіне алды; әлгі елшілерді маңғұл әміршісі Шыңғысхан өз қолымен аттандырыпты. Самарқанға өтер жолда олар Отырарға түсіп дамылдаған еді.

Қызығы бар. Әлгі елшілер үлкен шаһарда шаның сілкіп, аунап-қунап, бел суытып апта жатыпты. Әміршіге таңғұт сұлуын сыйлапты. Аттарын тынықтырыпты. Аттанады-ау деген күні Күмбез Сарайға келіп салауат сұрапты деседі. "Дешті-Қыпшақтың дәм-тұзына разымыз, рұқсат болса жүреміз. Тақсыр-еке, қасыңызға ең сенімді деген жалғыз серігіңізді ертіп шығарып салыңыз, айдалада айтар сөзіміз бар", депті. Сонда Иланшы Қадырхан біраз ойланған; елшілермен қалай салауат жасайды? Қасына кімді ертеді?.. Сығанақтық Хисамеддин елші ісінен хабары аз, жас әлі. Қоңырат батыры Ошақбайдың маңғұлдармен қысастығы бар, сөз жоқ қақтығысып қалады, әзіз тілші Исмаил жедел кеңеске шорқақ, әрі кейінгі кезде кітап езіп қияли болып барады. Көз алдынан кеңесші, ақылшы дегендерді түгел тізіп өткеріп шығады.

Ақыры көргені көп, тоқығаны мол, ақылы дария Ғаббасқа тоқтаған.

Ат жіберіп шаһарға алдырған.

Елшілерді көреген мен әмірші Оқсыздың бозбұйра жазығына дейін шығарып салған. Қоштасар мезгіл таянады. Елшілер бір мезетте тізгін тартып аттан түседі, айдалаға шапан жайып жайғасады. Бұл екеуі де аттарын тұсап жіберіп жақындаған. Жусанға жүрелеп-жүрелеп отыра кетіседі. Елшілер шөп сындырып тістерін шұқиды. Әмірші белбеуін қаттырақ тартып қайта байлайды.

Аз-кем кідірістен соң елшілердің басшысы отырарлық аса сұлу, алып денелі Юсуф Канка сөз алды дейді.

"Тақсыр-еке, бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ, айтқан сөз атылған жебе, осында қалсын; біз шығыс әміршісіне қызмет қылсақ та кіндік қанымыз тамған туған жерді ұмытпаймыз. Ұлысымыздың тыныш өмір сүруін қалаймыз. Есіңізде шығар, ұйғыр султаны Бауыршықтың Білгіш Тұйық-Оқ деген елшісі келіп бабасының өтеусіз кеткен құның сұраған. Оған Сіз: "Жекпе-жекке құн жүрмейді: Бабаң құнсыз өліммен өлген. Қаның қанмен жуғың келсе батырдың Ошақбай деген тұқымы бар, әлгі сұлтаның Ошақбаймен жекпе-жекке шықсын, жеңіп алса айтысарымыз жоқ", дегенсіз. Сол уәде бойынша Бауыршық сұлтан ат арытып келіп Ошақбайды жекпе-жекте жеңген, тұтқынға алған. Тұтқын да басыбайлы құлмен парапар. Құлды Бауыршық сұлтан шығыс қаһаныңа сыйлаған екен. Пәле болғанда әлгі мұндар қашып құтылыпты. Қарақан басы құрымай, маңғұл елінің ең жүйрік жылқысын қоса ала кеткен. Әмірі күшті қаһан қатты ашулы, іздемеген жері жоқ-тын. Кеше естідім, әлгі мұндар сіздің қол астыңызда колбасы болып еркін жайлап жүрген көрінеді. Екі ел арасы ушықпасын десеңіз, қаһан ашуына себепкер болмайын десеңіз; біреудің басы байлы кісісін қайтарып беріңіз".

Екі жақ та түнеріп отырып қалды. Жақыннан, жусан арасынан бозторғай шырылдады. Аттар пысқырды, ауыздықтың сыңғыры естілді. Ғаббас көреген жер шұқып отырған еңселі елшіге сауал қойды.

— Әңгіменің қанығы керек, Ошақбайдың осында екенің қайдан білдің?

— Таңғұт сұлуы сездірді, — деді Юсуф Канка бүлк етпестен.

Осы сөзді естігенде Иланшы Қадырхан әлденесін ұмытқан кісідей, сол ұмытқаның есіне тұтқысы келгендей қиналған қалып танытты; жанарын ыза жасы тұтып, тынысы тереңдеді. Бұдан әрі шыдай алмас еді.

— Қағанның құйыршығы, жадыңа сақта! Әуелгі сөзімнен қайтпаймын. Ошақбайды әлгі жымысқы сұлтаның артынан бұғып келіп бұғалықтап емес, қарсы шауып шайқасып алсын, сонда ғана басы сұраусыз. Бауыршықтың осы ісі қатын қылық,— деді. Қазандық астына түсіп шыққан сексеуіл томарыңдай болып қарайып отырған, енді бір күйінсе лап етіп жанатыңдай.

Молда торғай тәрізді жусаннан әзер асып бұқпантайлап отырған мыртық Махмуд қозғалақтады. Бұл өзі Хорезмнен шыққан, заты мұсылман, кейіннен шығыс қағаныңа сатылып кеткен, аса зымиян қатерлі адам еді. Сөйлер кезде кісінің бетіне тура қарамайтын. Бұл жолы да сөйтті.

"Әмірі күшті қаған сөзін айтамын. Шыңғысхан Хорезмнің көр көкірек шахына, оның шапанының астыңдағы бектері мен баптарына ызалы; олар кілең саудагер, дінің сатқан, бауырының қаның ішкен қаныпезерлер. Сол мұттайымдарды тәубасына келтіріп, халқының көзін ашу үшін көмекке келеді. Жақын арада жорық жасайды. Дешті-Қыпшақтың қолбасылары, хандардың ханы Иланшы Қадырхан қаған жағында болсын. Бұл бітімді әзірге Мұхаммед шахқа сездірудің қажеті жоқ. Тек төс қағыстырып уәде байласып қоялық. Күндердің күніңде қаған түмендерімен Хорезмді түте жөнелгенде, Иланшы Қадырхан мың сан қолымен қанатыңда болсын. "Мұнысы үшін қалаларына тимеймін, құдандал жекжат боламын, көп қазына сыйлаймын" деді... хо-о-ош... қаған сөзі осы. Жаныңда бейсауыт көз жоқ, қысылмай сөзіңді бер, кепілге алтын қыран суреті салынған таңбалы қайрақ тасты қалдырамыз".

Екі жақ тағы да бірауқым үнсіз қалды. Күллі ел тағдыры бір тал шашқа, бір ауыз сөзге ілінген қиын хал еді. Арбасып, аңдысып келіп, қаның ішіне тартқан мезет:

— Сатыла алмаймын, - деді Иланшы Қадырхан.

Мыртық Махмуд жыланның көзіндей түйме жанарымен бұған қарап тұрып-тұрып мырс ете қалды; кекеткені, кетіскені еді бұл.

Келесі соңғы сөзді түсі жылы, жалпиған семіз бұхарлық Әлиқожа алды, бұл да нешеме ханға, бірнеше шахқа, екі-үш сұлтанға кызмет қылған, ақырында Шыңғысхан ордасынан пана тапқан пақыр еді.

— Иланшы Қадырхан қарағым, Отырар бұқасындай бір бет екенсің, балам да бір бет еді, ақыры мүйізінен айрылып қатынқұмар болып кеткен. Менің дерім халық қамы, жалпы мұсылманға жанашырлық. Құранның жетпіс екінші сүресінде: "барша мұсылман ауызбірлікте болыңдар, алыс-жақынды дініңе ортақ қылыңдар", демей ме. Сол сүрені жадымызға тұтар болсақ, бәріміз мұсылманбыз, итше ырылдасар жайымыз жоқ. Ал, шығыстағы Шыңғысхан уәлаятын неге өз дінімізге енгізіп алмаймыз. Әрі жалпақ жер үстінен діндес, мұңлас бауыр табар едік, әрі сауапқа қалар едік. Әлгіндей түсініспестікті қойып, осы отырған баршамыз құдіреті күшті құдай жолына кызмет қылайық, Шыңғысханға қосылайық, маңғұлдармен аралас-құралас ел болайық, дінімізге енгізейік... иә, сөйтейік.

Ғаббас көреген зымыстан Әлиқожаның сөзіне шыдай алмай киіп кетті.

— Діңдес боламыз деп жүріп, күндес болып кетпейік. Дініңе көрінгенді енгізе қоятын болсаң өзің сөйт, сатылып, бұтына іш етіп, сол қаһанның құйыршығы ұқсап жүрген жоқпысың.

— Астапыралла, тіліңе шоқ түссін жүзіқара!

— Қожекең құдайдың оң көзі, тіліңді тартып сөйле.

— Ендеше тантымасын!

— Ол де бар маған, біз жүреміз арып-ашып ел қамын ойлап, бұлар салқын сарайға тығылып алып, байғыз құсап қарға адым жерді барлай алмайды.

—қарт тегі! - деп ақырып қалды Иланшы Қадырхан. — Ел қамын сендерден сұрамадық! Көк қарға артына қарамай әулие ағашқа қонады деген. Сұрықтарыңа қарамай ақыл айтпақ боласыңдар, одан да адал астарыңды тауып ішіңдер, көз жұмғанда еркін бұйырар тоқымдай қара жер тауып өліңдер! Жолдарың болсын! — деді де Иланшы Қадырхан орнынан шұғыл көтеріліп кеткен. Соңынан Ғаббас көреген ерген. Екеуі де атжалын тартып мініп, тізгінді босатып шаба жөнелді. Жазықтың бетімен сырғи ағып, әлгіде көкірекке толып қыжылдатқан ыза-өкінішті желге шайғызып біраз жерге барып қалған, Ғаббас артына бұрылып қараған еді. Көз ұшында көк бұйра жусан арасында үш үйім тезектей болып үш елшінің қарасы қалып барады екен. Баяғы отырысқан күйі-тін.

Ғаббас көреген ай астыңда шартақ үстінде жатып осы оқиғаны ойлаған.

Бас жағына қойған ширатпа қағазды сипалап тапты, еңсесін көтеріп малдасын құрып отырды, әлгіні тізесіне қойып орауын жазды. Төбедегі аппақ ай ауып кетпей тұрғанда жұлдыз бағытын тәптештеп жазбақ болып қолына қауырсын алды.

ҮШІНШІ САРЫН

Иланшы Қадырхан ақылын ашуға жеңдіріп жорық қосына жеткенде шатырында сақтаулы сұңғыла сұлу таңғұт қызды қылышымен шауып тастамақ ойда еді. Шатырдың жібек перделі есігін серпіп ашып ішке кірген, қалт кідіріп қалды. Қыз төрдегі төсектің үстінде үлбіреп ұйықтап жатыр екен. Бұрынғысынан да сұлу болып көрінді, ұзын бұрымы мойныңа оратылып қалыпты, қылыш көтеріп қандамай-ақ осы бұрыммен буындыра салмақ. болды, төне түсті. Іші еріді, әдемі ток еріні үзіліп түсіп жерде жатқан өрік тәрізді, көз тартып, көңілді ұйтқытып шыдатар емес; әмірші жеңсік асын көрген жерік жандай жанары жасаурап, соңғы мәрте сүймекші еді, оянып кетті; қыз жаман шошынып төсектен шоршып түскені, іргеге шегінді. Иланшы Қадырханды тағы ыза кернеді, манағы кәззап елшінің; "Ошақбайдың осында екенің таңғұт сұлуынан білдік", деген сөзі есіне сап етті; қыздың бұрымынан ұстады. Өзіне тарта түсіп, қылпыған қанжармен серпіп қалмақшы, танауына жұмсақ жұпар келді, әміршінің бойы балқыды; Қадырхан да бала болған, жотадан гүл терген, сол бір фәни шақта дүркіреп өткен нөсер соңынан жүгіруші еді, даланы желпіген жайсаң жұпарды жұтушы еді, дәл сол еркін елітпе жұпар, көз алдыңда уылжып піскен өріктей тоқ ерін қосылып жан дүниесін қорытпаға салған қорғасындай ерітті.

— Ошақбай батырдың осында екенің елшіге білдірген сенбісің?

Қыз басын шайқады.

Иланшы Қадырханның есіне енді caп етті; құдай-ау бұл қыз қазақ тілін білмейді ғой, қайтіп құпияны ашпақ, қалайша батыр туралы білмекші, кәззап елшінің бар ойы қыздың көзін құрту болмасын, анық арандатқан.

— Мен сіздерше білемін, нағашым қыпшақ тілді шешемнен үйренгем, — деді қыз күбір етіп. Әмірші аяғының астыңдағы лықсып бара жатқан жерден теңселіп барып тұрып қалды.

— Отырарлық Юсуф Канка жаман адам, ол мені туған жерімнен айырды, жолда жел ашпаған етегімді көтермек болды, көнбедім. Кәрін тікті, көзімді жоюды ойлады. Жолай сәті түспеді. Сізге сыйлағаны өшін алғаны еді. Енді жалалы қып кетіп отыр, хан ием!

Иланшы Қадырхан мына сөзге бар жүйесімен тебіренді, қыздың жан тазалығына риясыз сенді, әлі де ашылып бітпеген сырды сұрады.

— Әлгі жымысқы Ошақбай батырдың елде екенің қалайша білген?

— Елшіні шатырға келіп халімді біліп тұруға өзіңіз рұқсат еткенсіз. Ел-жұртымды сағынбауға шипа болар деп ойладыңыз. Юсуф Канка әлгі шарт бойынша күн сайын бір мәрте осында бас сұғып тұратын. Сол әдетімен келгенде Ошақбай батырмен ұшырасып қалған еді.

— Шатырға келуге батырға кім пұрсат берді? — Әміршінің даусы қалтырап қатты шықты, шатынаған жанарына қан толды.

— Маған мәлімсіз, хан ием!

— О, қағынған заман, таза төрімді бөгде біреудің таптағаны ма енді?!

— Жалғыз мәрте түнделетіп келгені бар, хан ием. — Жанары жәудір ете қалды.

— Өзіңіз Інжу бойынан жолбарыс аулай кеткен күні. Әмірші алдыңда тізесін бүгіп сусып барып отырды.

— Нақақ күйдіріп турсыз, хан ием. Батыр мені бұл шатырдан кездестірем деп ойламаса керек, көрді де жайына кетті.

ТӨРТІНШІ САРЫН

Шатырда өткен әлгі әңгімеден соң ай жанарын туғанда Дешті-Қыпшақ кіндігін дүр сілкінткен оқиға болды. Жетітөбе жазығындағы қоңырат аулының түндігі желпілдеп, ошақтары түтіндеп думан басталған, Ошақбай батыр мен Баршын сұлудың қосылу тойына қырық ру қазақтан тойшылар ағытылды; алқа топта жауырыны жерге тимеген палуандар, жел аяқ жүйріктер, салымның, көкпардың қайыс білек пәлелері; атқосшылары бір бөлек, өзі бір бөлек жүріп шаңнан қорынған сыпалар, атағы жер жарған жалбағай серілер, небір кергіме масыл салдар; той болады деп сыбыс тарағалы ашығып жуан қарындарын босатып үлгірген мешкейлер; жыршылар, жыраулар, бәдіктер, ақындар, бақсылар, думанкеш дүрмек жұрт сабылып кетті.

Тайқазандар құмырсқа бел жер ошақтарға шермиіп шөгіп жатты, ауыл сыртынан ат шаптырым келетін ұзын керме тартылды, кермеде сұлу сирақ жылқылардың не қилысы, ығай мен сығай, сығылысып тұр, күнгей беттегі төбе басында сауықшы жұрт жиналған; асатаяқ шылдырлатып, шаңқобыз сызылтып, даңғыра қағып, сапы шертіп жер-дүниені даңғазаға толтырып барады; етектегі қосақталып тігілген жеті бірдей отауда мешкейлер жарысы, ойпырмой, шіркіндерде ес болсайшы, шаптан түрткен қожасына, даурыққан жұртқа арқа сүйеп дандайсып өнерін көрсетті дерсің. Ең бір шой мешкейді — жалпақбас сүйір қарын Қазанқап деп бес сөзбен атайды екен, жалпақ төрге жайғасып алып, шарта жүгініп отыр, аспазшысы жаныңда көрінді; дермене жусанға тойып семірген құнан қойды қос жігіт әзер сүйреп есік алдыңа әкелгенде, жалпақ бас сүйір қарын Қазанқап мешкей қасындағы аспазына жарлық жасады; "қойды бауыздап, бауыздау қаның сарқа ағыз", деді, "сосын боршалап әуре болма, терісін сыпыр да қазанға тұтас сал, бас-сирақ, ішек-қарын, қырық қатпаршақ, өкпе, бүйрек деген майда-шүйделері де қазанға түссін. Жалғыз ғана бауырды алып қал. Өзгесін түгел ас". Сөйтті. Терісін сыпырған бойда, тай қазанға тұтас салған құнан қой демде пісті. Үлкен астауға салып мешкейдің алдыңа тартты. Мешкей қолын жуды, білегін түрінді. Жанынан ұзын сапты селебесін суырып жүзін жарқылдатып алақаныңа жаныды. Астауға төнген; әуелі аппақ қардай болып төңкеріліп жатқан құйрықты жәукемдеді, білемдеп тіліп алып, аузына салып жалмады дерсің, нақ бір шөліркеп келіп қауын жеген кісідей болды, көз жұмып қылғытты келіп, жұтты келіп, төбе құйрықты толғап-толғап тамамдаған мезетте, есік жақтағы бірер жігіт жүректері лоблып далаға зытты, жалпақ бас сүйір қарын сабаз енді сүбеге ауысты, содан соң оң жамбас, сол жамбас; жауырын, тоқпан жілік. еті, одан ауысып қолдауды жеуге кіріскен; бара-бара шайнауы шабандап, көзі жұмыла берді, қойдың сырт мүшесі түгесілді, енді ішек-қарынды жұлып жеп рәсуасын шығарды, ең соңында ыңқылдап, күрсініп кеп, сүйектерді мүжуге жұмылған, жұрт жағасын ұстаған: "мынаның қарыны меспен парапар екен", "май жұтуы жүрегімді көтерді", "ішінде айдаһар жыланы болғаны", "ай бойы аш жүрген ғой шамасы", "мұнан өтер мешкей болмас сірә", десіп күңіреністі, күңкілдесті; жалпақ бас сүйір қарын Қазанқап мешкейі сүйектерді тықырлап мүжіп, енді сорпаға ауысқан, аттай жеті зерен шүпілдеген сорпаны ішті, сосын қымыз сұрады, жұрт қыран-топан күлкіге батып өліп қалыпты тағы да жеті зерен қымыз қылғытты, алдыңдағы дастарқанды жиюға әмір етті, соған ғана шамасы жеткен, орнынан көтеріле алмай жүрелеген күйі көзі бозарып мелшиді де қалды: қос жігіт келіп қолтығынан сүйеп тұрғызып, ауыл жаныңдағы тас бұлаққа әкетті, соның салқын суына жатқызып жаның кіргізіп алмақ, әйтпесе, әлгі жегендерінің бәрі сыртына теуіп жүрегі жарылып өліп кетуі кәдік. Жалпақ бас сүйір қарын Қазанқап мешкейдің жегенің жеп, ішкенің қылғыта алмай біраз мешкей жеңіліп қалды, пұшайман болды. Ақыры қоңырат тойының бас мешкейі Қазанқап аталды, қариялар астына ат мінгізіп, үстіне шапан жапты.

Тойшы халық өнерпаздар мен мешкейлер жарысын қызықтап жатқанда байқамапты; "сал келе жатыр", деген сыбыс тараған. Әйгілі салды көруге құмар жұрт ауылдың келесі жағына ағытылған. Жосқындап шабармандар жүр, ерулеп атұстарлар шығыпты. Әлгі айтқан сал көрінбеді.

Келесі тұстан қыпшақтың өрім сұлулары сыңғырлай күлісіп келеді, салды қарсы алуға барады: бұрымдары тірсегін соғып, басындағы сәукелелері тәкаппар теңселіп, жақұт тастары жылтылдап, шолпысы сылдырап, қолдарында қаз мойын домбыра, бұрала басып былқылдап, тізіліп тұсыңнан өткенде тірідей есіңнен тандырады, жұпар иіс әтірлері маңайды мас етті. Орталарында әнші қыздар, қосылып шырқай жөнелді, бейне күміс қанат әсем күс қалықтап көкке көтерілгендей сезілді, қыз аузынан шыққан ән құдды күміс қанат құсқа ұқсайды екен.

Керім сал әлі көрінбейді.

Салдың атын ұстап, қошемет қылуға келіншектер шыққан, кілең жар төсегінен жаңа тұрғандай ашық ренді, жалын жанарлы, жайдары топ; наз етіп қылымси қарағаны мірдің оғындай; аппақ тістерін көрсетіп күліскені құдды кәусар бұлақтың тастан құлаған дыбысы секілді, көгілдір даланың реңін қыз-келіншектердің шеруі шайдай ашып, қызғалдағын төккен көктем мезетіндей құлпыртты, көз жауын алды.

Сал зым-зия жоғалған.

Шабарман жігіт шауып келіп хабар айтты: "сал қыр астыңда аттан құлап жатыр", — деді.

Қыз-келіншектер легі ду етті, біреулері шошынып, біреулері күлісіп жатыр. Келіншектер сал сырына кәнігі білем, кілем көтеріп жүрді. Сал әдейі құлаған екен. Келіншектер келіп кілемге салып әлпештеп әкеткенше жата бермекші, салдың құқы солай. Сал елдің еркесі, желкесінен түспес шолжаңы. Келіншектер барып, жусан үстінде шалжиып жатқан салды көтеріп кілемге отырғызды, жабыла қаумалап ауылға бет алды. Қызылды-жасылды алқа топ жаймен жылжып, иіріле билеп, беткеймен лықып келе жатқан. Келіншектер легіне қыздар қауымы қосылды. Манағы мерекелі орта көз жауын ала құлпырды. Салдың жанары жасаурап, осы қошемет, осы марапазға мас болып мәңгіп отырған; маңдайы кере қарыс, қою қасты, қыр мұрын, қиық мұртты, ат жақты әсем жігіт екен, бұғағы бүлкілдеп ән бастап жіберді; қолында үкілі домбыра, басындағы үкілі бөрікпен қосыла бұлғаңдап тәкаппар салтанат жасап, өзін осынша марапаттаған қауымға бағыштап әу деп дауыс қалықтатқан. Әуелгіде әулетті даусы келіншектердің құлағын жарып өткен, ауыл үстінде еркін қалықтады; асқа отырған батагөй жұртты дүр сілкіндірді, жүз жасаған бейқам қарияларды елеңдетті, сосын тойлы ауылдың барша дуылын саппа басты. Қыздардың сылқым күлкісі тиылып, жігітке аңтарыла қарасады, келіншектерден қымсыну кетті, дүрмектеп көтеріп келе жатқан салға айызы қана, бейіл бере бұрылады. Толып туған айдай аққұба әншіге егіле зер салады, ұят-аятты ұмытып жанаса жүреді, көздері жасаурап, бірін-бірі итеріп ілгері озады. Сал әні қуанышкер қауымды құйын тигендей қылды; жаз болса осы даланы боз бидайық, басатын, шілде түсе толып пісетін, сол бидайық. Теңізіне әлдеқалай құйын кіріп кетсе қызық көрініс жасаушы еді, ат тізесін ұратын бозала шөп жер қауып, мың бұрала үйіріліп, серпіле көтеріліп, толқын ата қайыра түрегелуші еді; тойлы ауыл әнші даусынан сондай күйге ұшырады.

Сал салтанатына алыстан көз салып самарқау тұрған қырағы келіншек көңілсіз еді, жаны жалғызсырап, жаман торықты. Дидарына ғашық болып құлай сүйген батырынан бүгін мәңгіге айрылады. Жат сұлудың құшағына салып бермекші. Маңайындағы үлкен дүрмек, дәл бүгін үшінші күн, селт еткізген жоқ. Еш еліктірмеді. Керісінше жаназаға келгендей көңілі суынып, қайғы жұтып қарая түсті. Санасына сан қилы қиял тоғысты. Әуелгіде Баршын сұлуды қапысын тауып мерт қылғысы келді, тағы ойлады, батырдың жүрегін жаулай алмаса бекершілік болады. Қайырылмай кеткен жігітке қысастық жасаса ше, жо-о-оқ, өмірі тұл болып өтсе де батырға қол көтермек емес. Батырсыз елі қаралы, жері қараң қара жамылып жүріп кешкен күні құрысын, адыра қалсын.

Қырағы келіншек түйліге қалды.

Еңкейіп бара жатқан күннің астынан ағараңдай шұбалған шаңды көрді, енді бір ауқымда шаң арасынан көш сүзілді, қалыңдығын алып келе жатқан Ошақбай батыр бұл. Ауылға жетуге әлі қозыкөш жер бар. Қарап тұрып келіншектің көңілі өрекпіді, кеудесіне өксік толды. Ат жалын құшып жылап жібергісі келді. Кермеден тұлпарын шешіп алды, ауыздығын салды, ерге қонды.

Әлгі жаққа құйғытып шаба жөнелді, неге бүйтеді? Мақсаты не? Өзі де білмейді. Қамшының ащы өрімін тістеді, ат тізгінің барынша босатқан. Кең даланың құлашы жазылды. Құлағының түбінен жел азынады. Жылқы жалы бетін шапаттады. Келіншек ағытылып жылап келе жатқан.

Тізілген көшке тақап келгенде тізгінің тартты.

Түйелердің тізбегіне көз сүрінеді, соңы қырқаның астынан әлі шықпапты, басқы нарлар келесі қайқаңға көтерілген. Тең-тең жасау, жиһаз артқан құбақан түсті түйелер. Қалыңдықтың қай жерде екенің аңғара алмады, басқы нардың белінде балақана бартын, ішінде үлпершектей үлбіреген сұлулар отыр, қайсысына көз салса да іші қыжылдап қисапсыз байлық бетіне басыла берді. Салтанаты сүріндірді. Өзінің жастық шағын еске алды... қолынан қыраны түспейтін аңшы әкесі дұрыстап киіндіре де алмаған. Ұзатылғанда жасау орныңа он батпан астық берген. Құдай-ау, енді ойласа өзіне мына тағдыр әбден күліпті ғой! Қорлап келіпті ғой!

Енді аңыстады, Баршын сұлу балақанада емес, салт атпен батырмен үзеңгілес келе жатыр екен. Осы мезетте қалындық сыңғырлай күлді, келіншек ішін тарта қалды. Жас жұбайлар өзіне күлісті деп жорыды. Жанары салқынданып сұрлана түсті.

Әлгіде ғана Ошақбай қалыңдығына әңгіме айтқан. Сөйтсе, Баршынды кім көрінгеннен қызғанып жүріпті, әміршіден де қорыған, астыртын андып баққан: бір күні жауырыншы Жалаңаш бұған сыр айтқан: "Иланшының баласы шаһар шетіне, Арыс жиегіне шатыр тіккен, Баршын сұлу екеуі сол шатырда кездесіп тұрады-мыс, әмірші әрәдік ханшаға білдірмей көңіл тояттатып қайтады-мыс", деген. Онсыз да елегізіп жүрген батыр әлгі сөзден жаман шошынады. Өрт тиген қаудай болады. Тұлпарына мініп жолға шыққан. Сабыла шауып әлгі шатырды табады, көлденең ұшырасқан күзетшіні итеріп жіберіп, қылышымен пердені тіліп қараса... қасы-көзі қиылған бейтаныс сұлу отыр... қарап тұрып-тұрып кері қайтады. Жалаңаш жауырыншы батырды әміршіге арандатқан екен. Ойламаған жерден батыр мен әмірші арасында араздық туып кете жаздады. Әзер түсіністі. Осы оқиғаны батыр жаңа ғана Баршынға мағлұмдаған; әлгі күлкі содан туған еді.

Қырағы келіншек ат тізгінің тартты.

— Батыр, салауат сұрауға бола ма? — деді.

— Келіншекті Баршын сұлу да таныды. Ошақбай атын ойқастатып тақай түсті. Сәлемдесті. Келіншек тұлпарын тебініп көштен жырақтай берді, батыр да еріксіз соңынан ілескен.

— Жолай кезіккен жолбикені құшып жар тауыпсың, батыр! Қосағынмен қоса ағар, қоңсың қайырлы болсын!

Батыр сұрланып кеткен.

— Тұспалдамай турасын айт, қырағы келіншек!

— Алғашқы ақ төсегіңді армансыз қызылдай алмай қапыда қалып жүрме дегенім ғой, батыр.

— Алғашқы төсегімнің сауабын сенен сұрамадым ендеше!

— Ол не дегенің! Қыпшақ батырлары не төсегін қызылдап қыз алушы еді, е көңіл жарастырып төсек жаңғыртушы еді, қыз емес, әйел емес, еркекшораны құшып не күйге түскенің дегенім де, батыр! Көңіліңе алма! Сені сүйіп едім, қайыр-қош бол!

Осыны айтты да қырағы келіншек тізгінің барынша босатып беталды шаба жөнелді. Батыр аңырып қалды. Әлден уақытта барып есін жиды. Сүлесоқ ілбіп келіп, көшке қайта қосылды, жас қалыңдығының мұңды жүзіне тіктеп қараған жоқ, қарай алмас та еді.

Күн қан қызылданып батып бара жатты.

Меңіреу далада қырағы келіншек көп сенделген; ат тізгіні қалай ауса, солай бұрылып, мәңгүрт күйге түсіп, басы ауған жағына кете берді. Боз дала көз алдыңда мұнартып жатты: әріде аң ба, әлде жылқы ма жосқындап өтеді, көңіл аударып жатқан бұл жоқ, ат тұяғы оппаға түсіп сүрініп кеткенде барып тұңғиық ойдан малтып шығып маңайына қарайды. Тағы еңсесі езіледі, тағы мәңгүрт күйге түседі. Жылай-жылай кеудесі босап жансызданып қалған тәрізді, ендігі өмірі қызықсыз, татусыз құр әурешілік қана; сол құр әурешілікті тезірек тауысуға тиіс еді-ау, маңайына қарады, арқасына дейін шымырлап кетті, тұла бойын мұздай тер жапты, жанарын уқалады.

Тап алдыңда ерттеулі ат тұр, ерінің басына қазандай-қазандай қос дабыл ілінген.

Дабыл ілген иесіз тұлпарды көргенде келіншектің тұла бойы түгел қалшылдап кетті.

Шындығында иесіз тұлпардың түрі жан шошырлық еді. Жал-құйрығы ұйысып, шор-шор болып қатып қалған. Терден бе, шаңнан ба ат сауыры теңбіл ала. Ердің қасына, қанжығасына баттасып қан жұққан. Тартпа аттың бауырын кесіп тереңдеп терісіне сіңіп кеткен. Көп уақыт ері алынбаса өстеді. Ат жанары да кісі шошырлық, ақ пен аласы араласып, әлдебір ала құйын оңаза күйді танытады. Ауыздығы қиылып тіпті, екі жағында құр салбырап жүр. Дабылдың беті шытынап торлаған.

Қырағы келіншек марғаулап есін жиды, қорқынышын басты. Иесіз тұлпарды ұстап алуды ойлады.

Астыңдағы тұлпары шошынып жолайтын емес, енді қайтпек, сәл кідірсе жұмбақ ат жосып жөнелгелі тұр. Жабайы болып қалған. Өзі тақылеттес төрт тұяқтыны аса сағынып, әрі аса шалдығып амалсыз қайырылғаны еді.

Келіншек ат мойнынан шылбырын шешіп алды. Шумақтап қолына жиды. Шылбырдың бір басын түйіп тұзақ жасады. Тәуекел деп тастап көрмекші. Шылбырдың келесі ұшын беліне байлады.

Белін садақша бүгіп оң қолын серпіп қалды, ат мойныңа тұзақты дәл түсірді. Иесіз тұлпар пар етіп үркіп жоса жөнелді. "Келіншектің қолынан қыл арқан шығып кетті. Арқанның бір ұшы тұлпар мойныңда, келесі ұшы өз белінде еді, атын тебініп қалды, өз ойынша соңынан қуа шаппақшы болды, сөйтіп шылбырды саумалап қайта тұтпақшы еді. Астыңдағы аты опасыздық етті, жалт бұрылды, кері тайқыды. Тырсылдап керілген арқан келіншекті ер үстінен жұлып әкетті. Келіншек сүйретіле құлады, сөйтсе де шылбырды қармап үлгерген. Саумалап өзіне тарта бастады. Иесіз тұлпар ышқына шапты. Аз уақытта арқанды босатып еңсесін көтеріп алмаса халі мүшкіл, киімі жыртылып, жусанға шабақталады, арғы жағы анық ажал. Алғашында келіншек ат арының аздап кеміткендей болды, арқанды шірей тартып, кеудесін көтере берді. Енді бір мезетте тізерледі, қатты жусан көйлегін қақ айырып саның шабақтап кетті, тізесі удай ашып ауырды. Сүйегі қан қақсады. Ендігі мезетте қарғып түрегелмекші еді, ат екпіні күшейіп көтеріле алмады, бүгіліп құлай берді, екі мәрте ұмтылды, екеуінде де тізесін жаза алмады. Енді жалғыз амал шылбырды белінен шешіп жіберу. Саусағы қарысып шиеленіп қалған түйінді босата бастады тырнағының көбесі сөгілді.

Келіншек беліндегі қыл арқанның шиесін шешкендей болған, әл дәрмені бітіп қолы босап кетті. Енді бар денесімен сүйретілді. Қас қағым уақытта көз алдыңа Ошақбай елестеді, алып денелі, аса сұсты, аңқылдаған бала мінезді қызық қалпы, өзінің асық жаны, үміті мен тілегі. Келіншек қос қолын созып батырға ұмтылады. Ендігі бір мезетте батыр өзін сүйреткен иесіз тұлпарға мініп алып аяусыз қамшылап жосытып бара жатқандай болады. Келесі бір мезетте батыр даланы бөріктіріп дабыл ұрады. Келіншектің құлақ тұсы шағып шыңылдады. Таңдайына өмір дәмі білінді, дермене дәніңдей ащы, аузын қуырып барады. Өмірдің өз таңдайына мұншама ащы сезілерін білмей келіпті ғой. Одан арғысын келіншек сезінуден қалды, санасы алай-түлей күйге түсіп қараңғы тұңғиыққа шым батып жоғалды.

Ерінің басына дабыл ілген иесіз тұлпарды бірнеше күннен соң Қараспан тауының жылқышысы көріпті, жылқының мойныңда жыландай иретілген қыл шылбыр ғана бар деседі. Сабыла қуып жабайы болған жануарды ұстай алмай қалыпты.

БЕСІНШІ САРЫН

Таңғұт сұлуының қасынан шыққан әмірші ат басын шаһардың түстігіне бұрды. Мұнда жаңа салына бастаған Арыстанбаб ымыраты бар еді. Соны көрмекші, бас зергермен тілдеспекші. Ымыраттың еңсе көтере бастағаныңа жылдан асқан. Қоржын тектес қос қанаты, ортаңғы бөлмелері бітіп, енді күмбез керегесі қауланып жатыр. Қақпасы түстікке қарайды, құрылыстың арты толы әулиелер қорымы, айналдыра тұт ағашы егілген . Ымырат тұтасымен тастан қаланыпты; әуелі керуен тартып Қаратаудан тас жеткізу, келген тасты қашап, сындырып бір қалыпқа келтіру көп уақытты алады екен, әйтпесе, қыштан өрсе баяғыда бітетін еді. Бас зергер ұсталықты Самарқаннан үйреніп келген қыпшақ тумасы, жасы елуді алқымдаған көрікті жігіт еді, көрді де шаңға бөккен жалпақ алақаның шекпенінің өңіріне сүртіп, әміршіге келіп қол ұсынды.

Тең иық адамдарша тік тұрып сәлемдесті. Бұған Иланшы Қадырхан шамданған жоқ, қайта ұстаның тәкаппар қалпына таңырқай қарады. Зергер әміршінің тізгінің ұстады, қолтықтап аттан түсірді. Кызмет көрсетуге келген шәкірттерге тізгінді берді, әміршіні ымырақа бастады. Қаратас қалыпқа құйғандай қырланып жігі білінбей өріліпті. Қарап келе жатып: "қалауын тапса қож-қож тас та қыш секілді әрленіп кетеді екен-ау" деп ойлады әмірші. Осы ұстамен Ескі Дарбаза шаһарында, сосын Төбе Құдықта танысқаның еске алды... Ескі Дарбаза Отырардың түстігінде Бөген тауының етегінде орын тепкен қыпшақтар Помпейі. Жақындап барған кісінің көзіне әуелі табиғи жартастар шалынады. Жартас кілең боркемік ақ тастар ғана. Баяғы бір заманда еңселі тау болғанға ұқсайды. Жартас арасына енген сайын аса үлкен шүңейтке кезігесіз. Шүңейт кәдімгі шар аяқ секілді. Кенересі де, түбі де ақ қайрақ тас. Шүңейттің түстік бағытын ала ішкері озған кісі жартастан ойып жасалған тас үйлерге келеді. Үйлер аса көп. Көлемі де, пішіні де қазақтың киіз үйіне ұқсайды. Кенересі дөңгеленіп ойылған, жоғары биіктеген сайын күмбезденіп, керегесі қусырылып кетеді, Төбеде жарық, таза ауа еніп тұратын тесік бар. Зер салып қараған көзге қабырғадан әдемі өрнектер елес береді. Осы тас үйлердің баршасы Бас зергердің сызуымен жасалған деседі. Құрылыс белгілі бір жүйеге, өнер зері мен қол бедеріне бағынған. Дарбаза шаһарын тамашалап болған соң Иланшы Қадырхан Бас зергерді шарқ ұрып іздетеді. Қол бедеріне асық жанды Отырарға алып кетпекші болады. Ақыры Бас зергер жоғарғы жақтығы Төбе Құдық деген жерге кетіпті дегенді естиді. Төбе Құдық - айналасы ат шаптырым тақтайдай жазық үстірт. Үстірт төрінен тасты тесіп бұлақ ағады. Сол бұлақтың жағасында алыстан қараған Иланшы Қадырхан көзіне жайылып жүрген түйелер көрінді. Тақап келгенде шөгіп жатқан тас түйелер ұшырасты. Көлемі кәдімгі тірі түйеден үлкен. Тұтас тастан қашалып жасалған. Белшелер мүлде мәлімсіз аса берік ерітіндімен сыланған. Түсін бермей жылтырап тұр. Бұл сырды зергер мүсінді сақтау үшін емес, құйып келтіргендей мінсіз, әдемі болуы үшін пайдаланған. Күн батуға бет алған еді. Әлгі түйе көздеріне қызыл нұр кілкіп, дөңкиіп-дөңкиіп мылқау қалған. Мойындары әсем иірілген, жондары жылтырап, бұлшық еттері білеуленіп, тамырлары баттиып, көп қарай түссең тыныстайтындай болып көрінеді. Иланшы Қадырхан медреседе оқып жүргенде көне рум елінде мәрмәрдан мүсін шапқан ұсталар болады-мыс дегенді еститін. Солардың талантын марапаттасатын. Енді міне, қатты қара тастан-ақ жабайы қайламен түйе мүсіндеген ұстаға амалсыз бас иіп тұр. Мүсіннің аса үлкендігі, дәлдік пен тендік заңын зер сала сақтауы таң қалдырды. Мүсіндердің айналасына құмалақшалар шашылған.

Құмалақшаны да зергер тастан шауып жасапты. Тақтайдай биік үстірт, тесін тесіп аққан тас бұлақ, батар күнге мойындарын созып шөгіп-шөгіп қалған алып тас мүсіндер, торғайдай шашылған құмалақшалар тұтас қосылып Қазығұрттың қайталанбас суретіне ғажайып сәулет қосады екен. Бүгінгінің көзі көріп, көңілі сүйсінсін, келер ұрпақ ескерткіш тұтсын деп жасаған қиял жемісі еді бұл. Тастан қашалған түйенің үш бірдей мүсінің көріп қайран қалған Иланшы Қадырхан Бас зергерді құлай құрметтеген, шеберлігіне тәнті тұрған, содан Отырарға алып келген.

Арыстанбаб ымыратының үлкен қақпасы, тепе-тең етіп екі бүйірге созып әкеткен арқалықтары еріксіз назар аударады. Бас қақпаның биіктігі тоғыз көз. Кенересі жұмырлана өріліпті. Бейне бір жуан есілген арқан секілді. Осы қақпаның маңдайшасы тағы үш көздей биіктетілген де күмбезденіп қосылған. Ымырат табалдырығынан аттаған жан бірден ең үлкен, ауданы он сегіз жарым құлаш келетін орталық бөлмеге енеді. Бөлменің екі бүйірінен қос есік кетеді. Бөлме күннің қай мезгілінде болса да жарық тартып тұрады. Күмбездің астын қуалап кететін кенереде дөңгелек терезелер бар. Қаланып болмаған бас күмбездің ауданы жиырма бес көзге тең болуы керек екен. Осыған сәйкес күллі құрылыстың ішкі бөлмелері бас күмбезге тепе-тең түсетіндей етіп өрілуі тиіс. Орталық бөлме дөңгелек салынған кең жай, ортада әдемі әуізге орын қалдырылған. Күмбез асты әшекей қаптағыштармен қапталады, ал қабырғалар көгілдір сырмен боялмақшы екен.

Осыншама алып құрылысты дәлме-дәл өлшеп салуға нендей сызықтар мен өлшемдерді қолданарын білгісі келді. Бас зергерге сауал қойды.

— Қыпшақ өлшемдері туралы кітап жазып жүрмін, — деп бастады сөзін Бас зергер. — Қай ұлттың болмасын өзіндік өлшем заңы бар. Қыпшақ өлшемдері де ешкімнен кем қалыспайды; қазір қырман зекетін, астық саудасын табақ, шараяқ, батпан, қап, қанар, құмыра деп өлшеп жүрміз. Бұл өлшемдердің ең кішкентайы көзе, пиялай, қадақ, мысқал болып келеді. Бұлардың бәрі кім көрінгеннің ойша ала салған өлшемі емес, жылдар бойғы қалыптасып, тәртіпке түскен өлшемдер. Мысалға қыпшақтың бір мысқалы, хорезм дирхемінің жеті бөлегі, яғни дирхемнің төрт жарымға бөлгенге тең алтын салмағы екені анық. Жер көлемін танап пен бап өлшемдері арқылы анықтаймыз. Енді ұзындықты: шынашақ ұшы, бармақ, елі, сүйем, тұтам, қарыс, қадам, табан, шынтақ, кез, құлаш деген белгілі атаулармен есептейміз. Ұзындықтың ең ұзағы фарсаң да, ең қысқасы шынашақ ұшы болады. Қазір осы құрылысқа қолданып жүрген өлшеміміз көз, шынтақ, қарыс, құлаш секілділері. Біздің бір көзіміз моғол елінің бір шынтағына парапар. Біздің бір қарысымыз хорезмнің бір наджабына тең болып келеді... — Бас зергер өлшем заңдары туралы көп тәптіштеді. Бұдан Иланшы Қадырханның ұққаны әлгі өлшемдер кездейсоқ келтіріле салмайды, ел мен елдің, салт пен дәстүрдің ара қатынасынан қорытылып шыққан, бір тоқтамға тоқайласып алынған. "Әйтпесе біреудің қарысы ұзын да келесінікі қысқа, осыдан қалай ортақ өлшем тудырмақшы?" деп ойлайтын. Көптен көкейінде жүрген осы сауалға енді жауап тапты.

Арыстанбаб ымыратын әлі тамашалап жүрген. Он қабырғадағы жарма қақпадан өтіп, кіші бөлмеге енді. Төрт қабырға да жарылған қызғалдақ қауызындай тепе-тең, жұмыр қабырғадан тұрады екен. Төрт қабырғадан да ішке қарай ойық етіп бір көздей тас өрілген. Тастар жалпағынан қаланған. Ұсталардың ымыраттың сәндігімен қатар беріктігін де ойлағаны еді. Ескерткіштің тағы бір ерекшелігі, күмбез астына бірде-бір тұғыр не тіреу қойылмаған. Ымыраттың төбесі қабырғаның ішкі жағынан қызғалдақ қауызындай екінші мәрте өріліп биіктетілген де күмбез қалпағымен жапсарласқан. Осыдан құрылыс қабырғасы екі қабат болып шыққан. Бас зергердің құрылыс есебіне жетік жан екеніңе енді көз жеткізді.

Иланшы Қадырхан мен Бас зергер зәулім ескерткішті көп аралады. Сыртқа шыққанда күн шақырайып тас төбеге жеткен еді. Керімсал соғып тұр. Шәкірт ұсталар үлкен орда ұнтақтап жатыр екен. Бұларды көріп ұрадан шыға бастады. Ac тегістейтін болат сүргінің ернеуіне келіп жайғасты. Бас зергер сусын алдырды. Көзе толы тары көженің суын әмірші ұзақ сімірді, салқын, дәмді сусын маңдайынан тер шығарды. Мұртын сүртіп тілге келді.

— Сойыстарың түгесілген жоқ па?

— Әзірге жетеді.

— Сұрайтын не мұғдарың бар?

Тағы бір керуен қоссаңыз. Бұрынғы үш керуен шалдығып шаһарға әзер жететін болып жүр, ит арқасы қия нан тас тасу оңай ма?

— Ертеңнен бастап сексен түйелік керуен қолыңа келеді.

— Алла разы болсын!

— Ымыратты қай мезгілге тамамдайсыңдар?

— Дәтке қуат берсе айдың алтыншы жаңасында соңғы тасты қоятын шығармыз.

Иланшы Қадырхан қабағын түйіп ойланып қалды, қолындағы көзені шәкірт ұстаға ұсынды. Бас зергер жұмысты осыншама созғанға әмірші ренжіген болар деп іштей қауіп ойлады. Өлшеуіш жіпті білегіне орай түсті. Ақ жарғақ мәсісінің басына қарады. Иланшы Қадырхан ымырат құрылысының ұзақ уақытқа созылғаныңа назаланған жоқ-ты, өзі де түсінеді, ымыраттың салынуы қаншама қиын өтсе, құрылыстың дәуірлеуі де соншама ұзақ болады. Асығыс салынған құрылыс тез тозады. Жо-жо. Әміршіні қинаған бұл ой емес-тін. Шекесінен өткен ыстықтан да шағырмақ әм санасын торлап, еңсесін езген іс бар еді.

Тап күні кеше Таразының Қыпшақбай деген найзагер жігіті келген. Келген бойда Күмбез Сарайға еніп әміршіге бас иген, аяғына жығылып арызын айтқан. Ағайынмен араздасып жетіпті. Испиджаб бегі Оғыл Барыс сүйегіне таңба салып, намысына тиіпті.

Қыпшақбайдың ет жақын бауыры Оғыл Барыстың қарындасына ғашық, болыпты. Ағасы қызды хорезмдік батыр Темірмәлікке атастырып, қалың малын алып қойған екен. Әні-міне ұзатамыз деп отырғанда таразылық жігіт қызға астыртын ұшырасады, өлердегі асық сөзін айтады. Жас қыз таразылық жігітті шын сүйеді екен. "Қолыңнан келсе құтқарып қал", — дейді. Намысына бекінген жігіт тәуекел деп ұлан-асыр той күні қызды жабықтан суырып алып атқа өңгеріп қашқан дейді. Бектің жігіттері сезіп қалып соңынан қуады. Қос ғашық қашып шыққанда алакеуім таң екен, күн екіндіге тақағанша қара көрсетпепті. Ақыры аттары барлығады, артынан салған жігіттер ат ауыстырып мініп қуа береді. Қос ғашық құтылмасын біледі. Сонда төрт аяғы төрт жаққа кетіп тұралап қалған атты құшып жылап тұрған жігітке қыз келіпті дейді. "Жастық желікпен емес, жаныңды ұғып қалап едім, қуғыншылар құтқарар емес. Боркемік болма, бойыңды қатайт! Етегімді тұңғыш көтер де, өзің құтыл", депті. Сонда шын асықтар ат көлеңкесінде албырт көңілдің мауқын басыпты... Арттан қуғыншы жетіп қызды колға түсіреді. Жігіт тауға шығып кетеді. Қуғыншылар ішінде Оғыл Барыстың өзі де бар-мыс. Қарындасына қыл бұрау салып азаптаған дейді. Мұны алыстан байқаған жігіт жазықсыз қызға жаны ашып қайыра келіп колға өзі түсіпті. Қазір қос мұңлықта Испиджаб зынданыңда тұтқында жатқан көрінеді.

Жалалы болған інісін іздеп келген Қыпшақбай сұмдықтың үстінен түседі.

Барша Испиджаб шаһары бүлінген дейді. Қалыңдығынан айырылған Темірмәлік бір түнде бектің тыныш шаһарына ат қойыпты, адамдарына тимеген, үйлерін өртемеген, сарбаздарын жауып жіберіп бай үйлерді тонатқан. Тонағанда: "бектің қарындасына берген қалың малдың есесі бұл" деп тайып тұрған. Істерін айтып істепті. Жаман мұқатып кетіпті.

Мал ашуы — жан ашуы деген емес пе. Әрі қарындасының қорлығына күйінген, әрі үйлердің тоналғаныңа опынған Оғыл Барыс нәр татпай бауырын сызға төсеп тәулік бойы жатыпты. Көңілін сұрай келген қарияларға тіл қатпапты. Жұрт батырдың жатысынан шошыпты. "Тоналған мүлікті ел болып жинап иелеріне қайтаралық", десіпті. Батыр ыңыраныпты да қойыпты. Таразыға елші аттандыралық, не бұзығын тыйып айыбын төлесін, не қызымызды алып қалың малын берсін", десіпті. Бек үнсіз жата беріпті. Қариялар Оғыл Барыстың бұл мінезінен түңіліп жайына кетеді. Күн өтеді, келесі түні жігіт еңсесін жиып орнынан көтеріледі. Көрген кісілер батырдың түрі жан шошырлық күйге түсіп қарайып кетіпті деседі. Жігіттерін шақырып алып жарлық жасайды. Зындандағы мұңлық жігітті алдыңа алдырады.

Таразылық жас жігітті тырдай жалаңаш етіп шешіндіреді де темір төске шалқасынан жатқызып таңып тастайды. Нөкері күллі сұмдықты көріп тұрады. Оғыл Барыс білегін сыбанып жіберіп қолына ұзын қос ши алады. Әлгі қос шидің басына макта орап тұтқын жігіттің үрпіне жүгіртеді.

Қыпшақбай інісінің осы азабының үстінен түскен.

Араша түсіп ұмтылған екен, бектің жігіттері жібермепті. Дулат батырық. Мұны естіген әмірші Испиджабқа жаушы жіберіп Оғыл Барысты Күмбез Сарайға шақыртқан. Бүгіндері келіп қалады. Батырларды беттестіріп, шайқалып кеткелі тұрған қос шаһар шаңырағын қорғаштап көрмекші... Жаңа әлгіде Бас зергермен қосылып зәулім ымыратты аралап шыққандағы қуанышын су сепкендей басқан, еңсесін езген осы жай еді.

Иланшы Қадырхан орнынан тұрып Бас зергермен қайыр-қош айтысты. Шәкірт ұста әкеліп көлденең тартқан атқа қонды. Тізгінді шірей тартып тұрып ер үстінде көтеріліп мауты шапанының шалғайын жиды. Ат басын бұрып ымыраттан айнала берді. Төтелеп Күмбез Сарайға тартты. Үлкен көшенің топырағы қопсып кетіпті. "Үстінен су жіберіп, сыпыртып алған жөн-ау" деп ойлады. Сәйгүлік "шашасынан шаң шықты. Оң самайын күн күйдіре түсті. Сарайға тақап келгенде байқады, жиде ағаштарының көлеңкесіне тартылған ұзын кермеде жылқы толған. Керсені күміспен күптелген моғол ері, үйрек бас қыпшақ ері, ақ қайын арғын ері аралас, сауырлары көбікке бөккен, саудырап арып қалған. Жүгіріп жеткен ат ұстар жігіттің қолына тізгінді тастады, аттан түсті, жіті адымдап сарайға беттеді. Мәрмәр басқышқа аяғы тигенде жүрегі қатты соғып қунап кетті. Жан дүниесін жігер биледі. Діттеген ойға шын бекінген жанның сыңайы еді бұл. Күтушілер қақпаны ашты. Бұл ортадағы Салтанат сарайына соқпай құпия есік арқылы түкпіргі бөлмеге өтті. Уәзір шал: "Сарайда Оғыл Барыс пен Қыпшақбай отыр, солардың батагөйлері келген", деді. Уәкіл үнді жігіті әміршінің жол киімін шешті,'Иығына әсем шапаның жапты. Сусын келтіруге пұрсат сұрады, әкелдірген жоқ. Салтанат сарайының төрдегі жарма есігі қақ айырылып ашылғанда тұнып отырған жұрт ду етіп орындарынан көтерілді. Әміршіні көріп жаппай иіліп сәлем берді. Иланшы Қадырхан биік таққа жайғасты. Қол қусырып тұрған жұрт жапырласып қайта отырысты. Жанарларын жерден алып төрді сүзді. Әміршіден салауат сұрасты, ағайындарша амандық білісті.

— Ағайындар, үлкен шаңыраққа кетісіп емес, келісіп келгеніңді тілемеп пе едім! Бұл дауласатын емес, бәтуаласатын жер емес пе? Қилы заманды қолдарыңнан жасап жетіпсіңдер, кәне не дейсіңдер?!

Иланшы Қадырханның бұл сөзі аса ызғарлы шықты. Екі жақта жанарларына қан толып отырған қос батыр үнсіз қалды. Оң қанаттан ақсақалды батагөй шал қамшысын алдыңа тастады. Әмірші сөйлеуге пұрсат етті. Шал Оғыл Барыстың даугері болып шықты.

— Хан нем, жүгінсек, тентекті тыйып, айыпкерді жығып бер деп жүгінеміз. Болған жайды біліп отырсыз. Оғыл Барыс бұзылған қарындасының жоғын жоқтамайды, айыпкерді жазалап кегін қайырды; енді сұрайтыны кек құны емес, айып құны; елді бүлдірген бұзықтан айыбын алып беріңіз!

Сол қанаттағы жалпақ бас көсе таразылық сөз алды.

— Бөле тартар ештеме жоқ; жазаға жаза!.. ер жігітімізді қорлап жазалаған екен, енді жазғырары кәне, өздері айыпкер. Күйлеген сайқалды қолымызға берсін, біз де күнтимесіне көсеу қыздырып басып кегімізді қайтарамыз.

Сол қанаттағылар қатты даурығысты.

— Айып туралы сосын сөйлесеміз!

— Жазаға - жаза, кекке кек!

— Басы тегін жігітіміз жоқ!

Иланшы Қадырхан алақаның қатты соғып қалғаның өзі де сезбеді, шын ашуланды, тақ шытынардай болып сықырлады. Даурықпа саппа басылды. Әміршінің қаһарына ілігіп қалармыз десіп батагөйлер ауыз жапты.

— Даугерлердің өзін тыңдайық! - деді саңқ етіп. Оғыл Барыс еңсесін көтерді.

— Хан ием, ошақтағы шоққа қолымды бірінші тыққан - өзім. Жат елдің табасына қалған да өзім. Айып сұрасам да, кек қайырсам да менікі әділ. Екі шаһардың түндігі желпілдеп бүлініп кеткелі тұр. Мен бүгін өз намысымды өз құйрығымның астына басқан жылаулымын. Жылаулыны табаламас болар. Ашындырмай, айыпкерді жығып, айыбын төлетіңіз. Сонда ғана ел бетіне тура қарай аламын, сонда ғана жатқа таба, досқа күлкі болмаймын, - деді.

Қыпшақбай батыр сөйлеуге пұрсат алды.

— Хан ием, менің жаныма бататыны жалғыз інімді қалындықтың бодауына келген құлдай-ақ сұраусыз, бәтуасыз білгенің істеп жазалағаны. Артынан іздеп келер жұрты жоқтай еркінсігені. Еліміздің аруағын басқа тепкені. Біле білген батыр болса әуелі айыпқа жігіттің жұртын жығар еді, сұраусыз жандай сүйегіне таңба салмас еді. Енді Оғыл Барыстың ісінен бәтуа, сөзінен дуа кетті. Білмей істеді. Білмей істегенге айыпкер жоқ, айыпты өзі, — деді.

Зердеге салып қараса екі жақтыкі де жөн секілді, Оғыл Барысты жығып бергелі тұрған нәрсе оның асығыс, ойланбай істеген ісі де, Қыпшақбайды мойынсындырар нәрсе бір елдің салтанаты мен думаның іріткен інісінің тентектігі. Безбендеп келсе бірінен-бірі асары жоқ, бірін-бірі басары жоқ пәтуасыз пәлекет, сұрқылтай заманның сұңқылы. Тыныштықтың жол тосар басы.

Сарай ішін бірауық меңіреу тыныштық басты. Отырғандардың көбі Қаратау қойнауындағы әйгілі Қатынқамал үңгірін көргені бар. Табаныңа мүк өсіп, төбесінен су тамшылап, ауасы ыза тартып тұратын жер асты мекен-жайға түскен кісі ең әуелі құлаққа ұрған тыныштықты сезінуші еді. Содан соң бойын үрей жайлайтын. Тап қазір де сарай ішін үнсіз үрей кезді. Күллісінің тілін тұсап, құлағын тұндырып тастаған секілді. Әміршінің даусы шықты. — Екі жақтың да жоқтап келгені ер намысы, ел намысы екенің білемін. Қос батырдың алдыңа атадан қалған салтты тартамын, сол салтты орындаңдар да, соңдарыңнан желпілдеп келген батагөй даугерлерді тыйындар, бәтуаға келіндер, бітісіңдер.

Аз кідіріп сөзін әрі жалғады.

— Ертең осы сарайға жалалы жігіт пен қызды алдырамын.

Сосын қос батырды Күмбез Сарай алдыңдағы ашық алаңға шығарып қолдарына садақ беремін, қорамсағына сыңар жебе саламын. Оғыл Барыс басына қарындасының сәукелесін киеді, Қыпшақбай басына інісінің қоқайма қалпағын киеді. Сосын сексен қадам жерден бір-біріне қарсы қарап тұрып атысады, атысқанда қарсыластың өзін емес бас киімін түсіргені жөн.

Ішек түскен жігіт бірінші болып жебе тартады. Сондағы қойылар шарт мынау: тигізе алмаса — өз обалы өзіне, қарсыласының құқын орындауға мойынсұнады. Бас киімді атып түсірсе жалалы жігіт пен қыз соныкі, құны сұраусыз, не істеймін десе де өзі біледі. Ал қарсы қарап тұрған батырдың бас киімін емес, мүлт кетіп өзін атып мерт етсе; ердің құны екі жүз жылқы, айып өтеуі және жүз жылқы, опат болған батыр жағына үш жүз жылқы өткізеді. Сонымен ел арасы бітіседі.

Әмірші шартын мағлұмдады. Жініккен топ су сепкендей басылды. Екі жақ та ауыр сынға түскелі тұр, осы жолда батырының не мерт боларын, не құн алып қайтарын анық сезгендей. Батагөй даугер шалдар кесіп-пішіп ештеме айта алмады, сөз аңысын итке тастаған сүйектей қып батырлардың еріне ысырды. Ата салтынан шығарым жоқ, - деді Оғыл Барыс.

— Атысуға мен әзірмін, — деді Қыпшақбай.

Осы сөзбен алқа жұрт алақан жайып бата жасады, уәдені бұзбайтын болып серттесті, ертеңгі болар қанды шайқасты күтісті.

Иланшы Қадырхан Испиджаб шаһарына шабарман жіберіп жалалы болып тұтқында жатқан жігітпен қызды ордаға алдырды. Балаханалы қос үлек Отырарға ертеңіне сәске түсте жеткен. Үлектің алды-арты қос-қостан сарбаз, ешкімді жақындатпай, еш жерге кідірмей суыт жүріп сарайға бір-ақ маңдай тіреген. Жалалы жолаушыларды қарсы алуға ешкімнің дәті шыдамады. Әміршінің тапсыруымен Мақсұт шығып түйелерді шөгерді, балахананың шымылдығын ашты, жігіттерге жарлық жасап шаруаға жекті. Қыз түйеден өзі түсті, бетін ешкімге көрсетпеді, басына қара жамылып алыпты, қызметші жігітке жай ілесіп сарайға беттеді. Жүрісі салғырт, самарқау. Жалғыз-ақ қос етек жібек көйлектің дірілінен сұлудың мықынды екенің аңғарысты. Келесі балаханадағы жігіт талықсып жатыр екен, қызметшілер ақ киіз әкелді, соған көтеріп салды. Шет-шетінен қаумалай ұстап ішке әкетті. Мақсұт әміршіден мәулет сұрап шаһар шетіндегі ханша сарайына шапты. Ханша мекеніңде тәуіп шал бар еді, соны әкелмекші, таразылық жас жігітті көрсетпекші.

Таң құлан иектене Күмбез Сарай алдыңдағы ашық алаңға кешегі батагөй, даугер шалдар, шабарман әм атойшы жігіттер жинала бастады. Бәрінің де жүзі келіге салып түйіп-түйіп алған тары қауызындай, әлем-жәлем сұспен қарайды. Түнімен ұйқысыз өткізген көздері домбығып кетіпті. Екі жар болып үйіріліп тұр. Жарақ асынған батырлар да көрінді, жұрт солай қарай ойысты. Хал сұрасып сәлемдесіп жатыр. Батырлар тілден қалып тұңғиық күйге түскен. Келді де ұрысқа әзірлене бастады. Әуелі бойындағы қорамсақ, қылыш секілді жарақтарын шешті, сосын кіреукелерін ағытты, қызметші жігіттер сауытты сыпыруға көмектесті. Енді жалаңбас, желең көйлек, жеңіл дамбалмен ғана қалды. Бұрынғы айбар-рухын жалғыз-ақ аяқтағы ақ езу саптама етік айғақтап тұрды.

Қақпа ашылып арғы жағынан әміршінің өзі көрінді. Қолында қызыл тобылғыдан иіп, екі ұшына мүйіз орнатқан үлкен садақ білегінде салпылдаған дәу қорамсақ; қорамсақ істеген ісі де, Қыпшақбайды мойынсұндырар нәрсе бір елдің салтанаты мен думаның іріткен інісінің тентектігі. Безбендеп келсе бірінен-бірі асары жоқ, бірін-бірі басары жоқ пәтуасыз пәлекет, сұрқылтай заманның сұңқылы. Тыныштықтың жол тосар басы.

Сарай ішін бірауық меңіреу тыныштық басты. Отырғандардың көбі Қаратау қойнауындағы әйгілі Қатынқамал үңгірін көргені бар. Табаныңа мүк өсіп, төбесінен су тамшылап, ауасы ыза тартып тұратын жер асты мекен-жайға түскен кісі ең әуелі құлаққа ұрған тыныштықты сезінуші еді. Содан соң бойын үрей жайлайтын. Тап қазір де сарай ішін үнсіз үрей кезді. Күллісінің тілін тұсап, құлағын тұндырып тастаған секілді. Әміршінің даусы шықты. — Екі жақтың да жоқтап келгені ер намысы, ел намысы екенің білемін. Қос батырдың алдыңа атадан қалған салтты тартамын, сол салтты орындаңдар да, соңдарыңнан желпілдеп келген батагөй даугерлерді тыйындар, бәтуаға келіңдер, бітісіңдер.

Аз кідіріп сөзін әрі жалғады.

— Ертең осы сарайға жалалы жігіт пен қызды алдырамын.

Сосын қос батырды Күмбез Сарай алдыңдағы ашық алаңға шығарып қолдарына садақ беремін, қорамсағына сыңар жебе саламын. Оғыл Барыс басына қарындасының сәукелесін киеді, Қыпшақбай басына інісінің қоқайма қалпағын киеді. Сосын сексен қадам жерден бір-біріне қарсы қарап тұрып атысады, атысқанда қарсыластың өзін емес бас киімін түсіргені жөн.

Ішек түскен жігіт бірінші болып жебе тартады. Сондағы қойылар шарт мынау: тигізе алмаса — өз обалы өзіне, қарсыласының құқын орындауға мойынсұнады. Бас киімді атып түсірсе жалалы жігіт пен қыз соныкі, құны сұраусыз, не істеймін десе де өзі біледі. Ал қарсы қарап тұрған батырдың бас киімін емес, мүлт кетіп езін атып мерт етсе; ердің құны екі жүз жылқы, айып өтеуі және жүз жылқы, опат болған батыр жағына үш жүз жылқы өткізеді. Сонымен ел арасы бітіседі.

Әмірші шартын мағлұмдады. Жініккен топ су сепкендей басылды. Екі жақ та ауыр сынға түскелі тұр, осы жолда батырының не мерт боларын, не күн алып қайтарын анық сезгендей. Батагөй даугер шалдар кесіп-пішіп ештеме айта алмады, сөз аңысын итке тастаған сүйектей қып батырлардың еріне ысырды. Ата салтынан шығарым жоқ, - деді Оғыл Барыс.

— Атысуға мен әзірмін, — деді Қыпшақбай.

Осы сөзбен алқа жұрт алақан жайып бата жасады, уәдені бұзбайтын болып серттесті, ертеңгі болар қанды шайқасты күтісті.

Иланшы Қадырхан Испиджаб шаһарына шабарман жіберіп жалалы болып тұтқында жатқан жігітпен қызды ордаға алдырды. Балаханалы қос үлек Отырарға ертеңіне сәске түсте жеткен. Үлектің алды-арты қос-қостан сарбаз, ешкімді жақындатпай, еш жерге кідірмей суыт жүріп сарайға бір-ақ, маңдай тіреген. Жалалы жолаушыларды қарсы алуға ешкімнің дәті шыдамады. Әміршінің тапсыруымен Мақсұт шығып түйелерді шөгерді, балахананың шымылдығын ашты, жігіттерге жарлық жасап шаруаға жекті. Қыз түйеден өзі түсті, бетін ешкімге көрсетеді, басына қара жамылып алыпты, қызметші жігітке жай ілесіп сарайға беттеді. Жүрісі салғырт, самарқау. Жалғыз-ақ қос етек жібек көйлектің дірілінен сұлудың мықынды екенің аңғарысты. Келесі балаханадағы жігіт талықсып жатыр екен, қызметшілер ақ киіз әкелді, соған көтеріп салды. Шет-шетінен қаумалай ұстап ішке әкетті. Мақсұт әміршіден мәулет сұрап шаһар шетіндегі ханша сарайына шапты. Ханша мекеніңде тәуіп шал бар еді, соны әкелмекші, таразылық жас жігітті көрсетпекші.

Таң құланиектене Күмбез Сарай алдыңдағы ашық алаңға кешегі батагөй, даугер шалдар, шабарман әм атойшы жігіттер жинала бастады. Бәрінің де жүзі келіге салып түйіп-түйіп алған тары қауызындай, әлем-жәлем сұспен қарайды. Түнімен ұйқысыз өткізген көздері домбығып кетіпті. Екі жар болып үйіріліп тұр. Жарақ асынған батырлар да көрінді, жұрт солай қарай ойысты. Хал сұрасып сәлемдесіп жатыр. Батырлар тілден қалып тұңғиық күйге түскен. Келді де ұрысқа әзірлене бастады. Әуелі бойындағы қорамсақ, қылыш секілді жарақтарын шешті, сосын кіреукелерін ағытты, қызметші жігіттер сауытты сыпыруға көмектесті. Енді жалаңбас, желең көйлек, жеңіл дамбалмен ғана қалды. Бұрынғы айбар-рухын жалғыз-ақ аяқтағы ақ езу саптама етік айғақтап тұрды.

Қақпа ашылып арғы жағынан әміршінің өзі көрінді. Қолында қызыл тобылғыдан иіп, екі ұшына мүйіз орнатқан үлкен садақ білегінде салпылдаған дәу қорамсақ; қорамсақ ішінде құс қауырсының бекіткен қос жебенің кіресі қылтияды. Жақындап келіп батырлардың жүзіне қарады; аз-кем аңысты андады: "құрым қап кигізіңдер", деп жарлық жасады. Соңында шұбап келе жатқан қызметшілері әзірлеп алған құрым қапты батырларға берді, бұл жебенің кеудеден еркін өтіп кетпеуіне септік. Сауытты шешіп, құрым кигізудің мәнісі - сауыт киіп атысу екінің бірінің қолынан келер іс, батылдығына сын түспейді, ал жеңіл құрым киген, жігіттің жүрек жұтқаны болмаса көпшілігі өзіне кез келген жылан бас жебеден талығары хақ. Біле тұра әдейі істеді. Батылдығын сынайды. Жігіттер кеудесіне жеңіл құрым қапты киді.

Алқа топ кейін серпіліп кетті. Әмірші орнынан тапжылмады, әлі де бірдеңені күтетін секілді. Сарайдан Мақсұт көрінді, қолында ораулы заты бар, ортаға келіп шүберекті шешкенде көрді, қос ғашықтың бас киімдері екен, Қыпшақбай інісінің ақ жиек киіз қалпағын, Оғыл Барыс қарындасының үкі сәукелесін киді. Сосын барып әміршінің алдыңа барып иіліп, өздерінің әзір екенің білдірді.

Иланшы Қадырхан жанындағы Мақсұттың қорамсағына қол салды, ішінен бір жебені суырып алды да, ортасынан қақ бөлді, "жебенің үш жағын алғаның әуелі атасың", деді. Сосын айналып кетті, екі таяқшаның сыны құшын бірдей етіп теңестірді де, келесі жағын жеңіне сүңгітіп жіберді. Жігіттерге бұрылды. Жебенің қос сынық ұшы тұтамынан қылтиып қана шығып тұрды. Әуелі Қыпшақбай ұмтылған. Суырып алды. Қолында жебенің тұқыл түбі тұрды. Жігіттің «жүзі біртүрлі бұзылып, күреңітіп кетті.

Иланшы Қадырхан әуелгі жебе мен садақты Оғыл Барысқа ұсынды. Мақсұт сексен қадам жер өлшеді. Батырлар сызықтың басына кетті. Сексен қадамдық қашықтық тобылғы, сапты, қайыс кірелі қыпшақ садағы үшін онша алыс жер " емес, дәл осындай жерден жауын оңай түсіре беретін. Бірақ бұл жолғы сын мүлде өзгеше, мүлт жібермей бас киімге ғана тигізуі керек. Сексен қадам жерге жетті де, Оғыл Барыс кілт бұрылған. Қыпшақбай межеге бұрын жетіп қасқайып қарап тұр екен.

Оғыл Барыс жерге еңкейіп алақаның топыраққа көсіді. Қонышына қақты. Жебе тартып жүргендегі тәсілін ойланды. Қазақ салтыңда садақ тартқыштар "көз мерген", "қол мерген" болып екіге бөлінетін. Көз мергендер жебенің ұшын межеге анық көздеп алмайынша атпайтын, ал қол мергеннің бар — кереметі тұспалында болатын, садақ ұстаған сол қолы мең адырна тартар оң қолы бір деңгейден табылса-ақ жебені жібере беретін, өстіп-ақ мүлт жібермейтін. Қол мергендер көздеп емес, кезеп ататын. Оғыл Барыс қол мерген еді. Соңысынан секем алды.

Құлашын барынша керіп, белін жазып көз ұшындағы қалпақты іздеген. Көзбен емес, жебенің ұшымен іздеді. Көңілі тағы секем алды, садақты темен түсірді. Бұрын кезеп қана атып жүрген жанға сықсия көздеу аса қиын екен. Алыстағы алақандай қалпақты кездеп әуре болмайды. Маңдайынан тер шыққаның сезді, самайы шыбын қонғандай жыбыршыды. Құлашын екінші мәрте керді, екінші мәрте жебенің ұшымен жауын іздеді. Жебенің жылан басы жігіттің кеудесінен сырғып көтеріліп бара жатты, тамағына жетті, күреңіткен жүзіне жетті, сумаң қағып маңдайға ерледі, жалғыз елідей және көтерілген. Оғыл Барыс тартып жіберді.

Көзін жұмып қайта ашқанда көрді, ақ жиек киіз қалпақ жерде домалап жатыр екен.

Артыңда демін ішіне тартып тұрған дандамайы жамырап кетті. Батырдың аруағына сыйынып шуылдасты, мергендігін марапаттады. Жүгіріп жетіп қолынан садағын алыпты, сәлделерінің ұшымен терін сүртіп, қолынан тәу етіп болып жатыр.

Иланшы Қадырхан садақ пен жебені Қыпшақбайға берді.

Қыпшақбай көз мерген де, қол мерген де емес-ті, жақсы найзагер, жауырыны жерге тимес палуан болатын. Садақты құлашын кере тартқанда көз алдыңда ештеме көрінбей кетті. Әміршінің: "Дат!" деген даусы шықты. "Батыр, көзіңе қан толып тұр, әзірше атпа", деді. Қыпшақбай садағын темен түсірді, жылан бас жебені кіре қайыстан шығарып алды. Жүрегінің дүрсілін басты. Әлгіде ғана қолды болып бас билігі бөгдеге кетіп бара жатқан інісін ойлаған, ғашықтыққа бола опат болған жас қыршынды жоқтаған, тәуекел деп кек алып тынбақшы еді. Әмірші садақ тартуға мәулет берді. Құлашын қатты керіп, жерден қайыра көкпар алғандай белін жазып көтеріле түсті. Жебенің ұшы тобылғы сапқа тиді. Көз алдыңда ат үстінде жантая жатып найза салғаны елес берді, аяғының астыңдағы жер кейін лықсып бара жатқандай сезілді. Тағы да сексен қадам жердегі қасқайып тұрған қас батыр бұлдырап қана көрінді. Басынан үкілі сәукелесін іздеген. "Дат! деген дауыс тағы шықты. Селк етіп жебені жіберіп қоя жаздады. Қарсыласының шашбауын көтергендер шуласа жөнелді.

— Қыпшақбайдың қолын қан тартып тұр!

— Батырымызды опат қылмақшы!

— Ойы бұзық, қаны қас!

Қыпшақбай терең-терең тыныстады. Сәл бүгіле түсіп құлағының шыңылын басты. Алақаны тершіді, жебені тісіне басып тұрып, құрымға қолын үйкеп-үйкеп сүртті. Ұзын жарақты адырна қайысқа қайыра салып жатып қарсыласына көз жіберген. Оғыл Барыстың тізесі дір ете қалды. Анық ажал елестеп кеткен. Өз кеудесіне ол екі мәрте оқ жылан болып атылуға шақ қалған. Екі мәртесінде де әміршінің "дат!" деген даусы құтқарды. Енді үшіншіде ешкімнің "дат!" демесін сезген, сезген де өзіне кезелген жылан бас жебеден жаман шошыған. Дулат батыры енді ештемеге қарамай тартып жіберерін білген.

Садақ сабы сынардай боп бүгілді, адырна қайыс тырсыл қақты. Құлашқа жуық ұзын жебе жігіт құшағына солайымен жұтылды. Қыпшақбайдың көз ұшында қарсыласының түгі шыққан жүзі, сосын ажал елесі толған әлеміш жанары көрінді. Садақ сабы жоғарылай берді. Жігіттің қою қасынан елі асқанда жебесі қорғасын байлағандай зіл тартып көтерілмей қойды. Жылан бас жебені қалың қастың арасынан алып кете алмасын енді сезді. Ешкім де айқайлаған жоқ, ешкім ара түспеді. Қыпшақбай садақ керген құлашын төмен түсіріп жіберді.

Оғыл Барысты мерт қылып опа таппасын түсінді. Ата салтынан аттап өтіп әділ айқасты қандағысы келмеді. Қарсыласының өмірін қимады, өз намысын қиды. Ата салтын адалдап жеңілді.

Осы мезетте Оғыл Барыс кең адымдап келіп Қыпшақбайды құшақтай алды. Кек буған қос арыс төс қағыстырып тұрып қалды.

Иланшы Қадырхан да тақап келген. Ерлік пен ездікті, таразылар сынының дәл осылай аяқталарын болжамаған. Намыс желігі жүйкесін меңдепті. Жаңа әлгідегі тәнің құяңдай буып тұрған жаман ойлар ыдырап жүре берді. Былайғы жұрт та тілге келді. Екі жік арасындағы мұз құрсау сөгілді. Сең жүргендей сезілді. Жандайшап топ жайдары күйге түсіп, жамырасып, араласып кетті. Шұрқырасып керісіп жатыр.

Әмірші сайыс бәтуасын білдірді.

— Қос батыр, енді баяғыдай туыс болдың! Ата салты көңілді жарастырды, жарақатты — бітістірді. Ендігі сөзді сендерден естиміз.

Оғыл Барыс күркірей күлді.

— Аласым жоқ, кегім қайтты. Мергендігім Қыпшақбайдың жолына пида. Жастық желік тайғақ жолға түсірген екі баланың билігін батырға бердім. Өзі шешсін, өзі түйіндесін!

Мына сөзге Қыпшақбай морт сынардай иланды.

— Қилы заман қысаңынан із таптық. Жебемізді кезейтін бір-біріміздің кеудеміз емес, кермалдасып келер жау болсыншы,— деді.

Таразы мен Испиджаб шаһарының қос батырын қолпаштаған жұрт ат байлаған кермеге беттеді, әміршімен төс қағыстырып қайыр-қош айтысты; бұдан былай жақсы күндерде, қуанышты бәтуамен ғана табысайық деп тарасып бара жатты.

АЛТЫНШЫ САРЫН

"Көріскенше күн жақсы болсын".

Жер кіндігін жайлаған маңғұл ұлысының қаһарлы қағаны Шыңғысханның көгілдір Керуен бойындағы ордасы Қарақорымнан Дешті-Қыпшақ еліне екінші мәрте елші керуен шықты. Керуенді үш күншілік жерге дейін шығарып салған Юсую Канканың өз әріптесіне айтқан сөзі әлгі еді. Қатерлі сапарға басын тігіп, неғайбіл істің куәсі болуға жол алған төрт жүз елу кісінің көкейіндегі ойы да осы. Көктемнің жылбысқы жолымен мұнша жұрттың не мақсатпен шатқаяқтап жосылғаның қаған мен керуенбасы Омар қожадан өзге ешкім білмеді. "Көріскенше күн жақсы болсын". Бұл керуенші пақырларың бейне жорықтағы батырдың хабарын күткен асыл арудай: не, тамыр ұстаған тәуіптің аузын баққан саржамбас арудай жақсы күнді күнін үйренген. Бал ашып шақырған, жерік асындай сағынған. Домалақ жердің үстін тыныштық кезгелі көп болған жоқ-ты. Ұлы Жібек жолының бойымен керуен тізбегі әлі шұбап жатқан. Әйтсе де мұхит суының дүлей шақырып көтерілер көзіндей ішін тартқан сұрапылдың суық лебі сезіле бастаған. Сол шаншу леп ерте тұрған елгезек жанды тітіркендіруші еді. Елін ойлаған батырдың ұйқысын бөлетін еді. Ұлы жол да қазыналы шеруді емес, қан жоса сабылысты күтетін тәрізді.

Осындай аламан алды қысас күндердің бірінде Қарақорымнан быжынап шыққан керуен жол бойғы елді жаман шошытты. Шошытқан тырна тізбектің молдығы емес, суыт жүрісі еді. Бес жүз түйелік керуен әуелі түстікке, сосын батысқа бұрылып апта жүргенде көлік сауырын сабалаған көдірең көде сиреп барып Ұлы Жібек жолына қосылған. Сапаршылардың жиһазы мол, салтанаты көз тартады. Ұзына жолдың сүреңсіз сұрқына қызылды-жасылды рең қосып, бейне шұбалған от кең қиырмен ақырын жүзіп келе жатқандай еді. Бас түйе мен келесі қос қоспақта үш бірдей күміс балахана теңселеді. Алдыңғы балаханада бетіне жел тимеген маңғұл қызы бар, ол керуенбасының жолбикесі , келесі түйелерде күтуші күндер — олардағы кілең құйын етек сұлулар. Қоналқыға жетіп, түйелер тізе бүккенше әйелдер көп көзіне түспейді. Таудың сараман тасындай боз қоспақтар бірінің құйрығына бірі тіркеліп, байыппен, баппен ырғала шерулейді. Түйе сайын қос тең, тең ішінде нендей қазына бары беймәлім, әйтеуір көліктің белін езіп қайқаң қақтырады. Жүк үсті түкті кілеммен жабылған. Әр тұста жел қағып, күн жеген аспаз, кірекеш, түйекеш, құл, құтанның басы қылтылдайды.

Керуенбасы - Отырар тумасы Омар қожа деген. Жұмыр басын сан қатерге тігіп жүріп қағанның сеніміне өткен жаужүрек жан. Жебе жетер бойы ілгері келеді, астыңда жал-құйрығы төгілген қыпшақ тұлпары, тізгінің сүзіп соңындағы тізбектелген сәумендеген малаяқ пақырлардан озып-ақ кеткісі бар. Иесі жібермейді. Омар қырыққа енді шыққан, алып денелі, аса нұсқалы, көрікті кісі еді. Оның үстіне басындағы ақ жібек сәлдесі реңін ашып, кере қарыс маңдайы мен қою қасын айқындай түседі. Қыр мұрынды, шоқша сақалды, жанары өткір. Бетке айтар тік мінез. Берілсе құлай сүйеді, кетіссе морт сынады. Жарғақ шалбары ақ жем, көптен бері аттан түспегені байқалады.

Оң жағында кеспектей жуан Хаммаль Мераги келеді, артына қарар болса тұтас денесімен бұрылады. Ел бүлдірген дүрегей жан. Омардың естуінше осы жасына дейін төрт патшаның сеніміне кіріп, тоғыз мәрте елшілікке жүріпті, бірер батырдың басын жұтыпты. Қай ру-ұлыстан шыққаны белгісіз. Онысын тіс жарып ешкімге айтпайды, сонысына қарамай қалпағының ішіне нан піскен мақтаншақ. Осы сапарға жүз кісіге татырлық айла-амалы үшін алып шыққан. Алыстан көрінген жолаушының атқа отырысынан пиғылын таниды; жиегіндегі шөп басына қонған шаңынан кімдер жүріп өткенің қапысыз біледі; аспандағы қыранның қанат қағысынан жел бағытын айырады; қоналқыны күншілік жерден бағдарлайды. Жібек жолының бойымен бүлкектеген бөрі мінез жан.

Бұлардан кейінде, керуен қатарында қара жорғасын аяңдатып Пақыриддин Дизеки келеді, қыпшақ салтымен жеңіл киінген, аяғында рақтиян етік, бұтыңда жарғақ шалбар, кеудесінде жалаң шекпен, басында елтірі бөрік. Алтын ыдыстай таза кісі, қалтасынан аршадан жонған тіс шұқығышы түспейді. Оқығаны мол, тілі майда, сыпайы. Екі бетінің нұры тамып, шырайланып тұрады. Қоржынынан қағазы, қауырсыны, дәуіті қалмайды. Жібек жолы туралы кітап жазғалы біраз болды. Бұл сапардың хатшылығына меркіттердің Хара-Хото қаласынан келіп қосылған. Жолға көнбіс, ертеден қара кешке бәйітін айтып, сазын ыңылдап, көзін жартылай жұмып бүлкілдейді де отырады.

Керуеннің бел ортасында сауыт-сайманы сыңғырап келе жатқан Амин ад-дин Хереви батыр. Заты тәжік, діңі мұсылман. Отызға жаңа жеткен шағы. Жебе тартуға, найза салуға айтуы жоқ шебер, осы керуеннің бетке ұстар қалқаны. Жүз кісіге қаймықпай қарсы шыға беретін жаужүрек, арқасы бар адуын. Дулығасының астынан әлі күн жеп қараймаған қылша мойны көрінеді, сапар соңы Отырарға жеткенше құрым киіздей көңірсуі хақ.

Жылымық кез. Түстіктен жылы еспе жел өтіп жонның қарын әкетіпті. Ауа таң асқан сүттей кіршіксіз таза. Қиырдан қорғасындай ауыр нөсер бұлты көрінеді, жер бауырлай жылжып - терістікке көшіп жатыр. Жібек жолының өн бойы қозға түскен сәмбі талдай былқылдай бастапты, ат шашасынан сазға батып, түйе қамыр басқандай қайқаң-қайқаң етеді, Жібек жолы көне жыр секілді.

Әуезі ілкіден басталып, жолаушыны терең тебірентер мәслихатымен баурайды. Сүрлеудің терістік жақ жиегі ылғи алағат, ақтаңдақ. Бұл батысқа шерулеген керуеннің көптігінен, жосқынның молдығынан енді түстік жақ ернеуіне көк шөп тебіндей бастапты, бұл батыстағы Хорезм, Дешті-Қыпшақ, Киев ұлыстарынан келіп жетер керуеннің сиреуі, үзіле бастауы болатын. Жол сырына қанық кісінің батыс пен шығыс арасындағы селқос мінез, шалыс саясатты сүрлеу сүлдесінен тануы оңай. Ирелең, бұралаңы мол сартап жол көз сүрінтер қиырға дейін жыланша жылжып кетіп жатады. Бейне молданың оқуына ұшырап жан кешкен, еті ағып, қаңқасы ғана қалған жылан ба дерсің. Сол өлі жылан қырдың қабырғасын, белдің белін орай түсіп, қияға қайқаңдап, тау мен өзеннің аңғарын жағалай сырғиды да отырады. Шөлге ілінсе құмның қойнауын қырағаттайды. Тақырға шықса ақбөкеннің соңына ілескен құйын іспетті көкжиекке жеткенше тіке жосиды. Нуға кірсе мың бұлқып, шығар жол іздей бұратылады кеп. Жол — жыланның аунап түсіп, кейде тапа-тал түсте көз жаздырып кететін кезі де болады. Онда керуенші пақырлар әр қыраттың басына үйген мола тастарды бетке ұстайды. Бет алған бағытта тас не тау болмаса, қиырдың әр тұсына балбал қондырады. Балбалды зергер ұсталар тастан қашап жасайды. Ілкі жолаушының келер күнге түйе жетелеп жетер буынға арнап қалдырған тілсіз мұрасы бұл.

Ұлы Жібек жолының ұзына бойы "күншілік" не, фарсаң деген көлік жүрісімен өлшенетін. Сол белгіні медеу тұтқан кәнігі кірекештер қоналқыдан таң бозынан бас көтерер еді. Тіздеулі қалған түйелерді әкеледі, шөгереді, қомдайды, жүк артады. Содан соң қос басына жүгінісе кетіп, азынап, ұлып тұрған аш қарынға ел қондырады. Керуенбасы Омар қожа серіктерін жаныңа алып оқшау отырады. Күзгі құндыздай жоны жылтыраған күрең местен дөнен қымыз жұтады, Қойдың сүбесін жеп, жал қайзайды. Жолбике мен күтуші күң күндіз ұйықтап, түнде еркек жаныңа жатып үйренген; әлгідегі таң әлетіне дейінгі созылған махаббат ләззатына мас болып басы зеңгіп, асқа тәбеті шаппайды. Саумалға ірімшік жібітіп жеген болады. Күн көрінген қылдырықтай тамағынан әзер өтеді. Кірекештер құнан қымыздың қойыртпағын жеп, құрт талмап, меске жолай құйып алған салқын суды ішеді. Таза ауада кәусардан еркін сімірген судың өзі шипа. Сосын тырна тізбек керуен жол алады. Күн тырмысып әуелі қара құсты қыздырады, тас төбеге жетіп самайдан тер ағызады,, түйе шабынан ақ көбік көрінеді, кірекештің киіз қалпағы ернеуінде ирек сағым ойнайды. Бас мәңгіріп, көз қарауытады. Бақана пердесін де үп етіп шайқап өтер леп болмайды. Керуен түс кезінде көлік шөгермейді, өйтсе, түйенің сіңірі тартылады; ыстық күнде жүкті түсіріп, кері тиеу ғазауаттың ісі. Кірекеш біткенді тұралатар тырақы жұмыс. Кәнігі жолаушылар күн ауа ғана дамылдайды, көлікті отқа қойып, аз-кем мызғиды, аяғын созып, жүйкені жеген ырғаң жүрісті ұмытқысы келеді. Туған жер, ұмыт өлке осындайда ойға оралады. "Бәтір-ау, менен өзге жұрт қатынының қасында, балаларының ортасында омалып отырып-ақ күнелтеді. Күнелтеді емес-ау, құртқа тойған қарғаша талтаңдап жүріп ғұмыр кешеді. Ертең не пәлеге ұшырап қалам-ау деп түнімен тізесін құшақтап дірілдемейді. Біз ғой, кірекеш деген пақырың, пақыры несі, тас маңдай байғұстың бұралқы иттей жат жерді кезіп, көрінгенге телміріп жүргеніміз. Нақа бір әкеден қалған байлықты базарға салғандай делдалмен кергілесеміз, ұрымен пергілесеміз, жол бойғы сүркіл бейнет неге тұрады. Ай жүресің, жыл жүресің, ырғаңдап келе жатып ұйықтайсың, алдыңа қойған асты да теңселіп отырып қылғытасың, ырғаңмен ән саласың, ырғаңмен армандайсың. Қыранша қалықтаған асқақ қиялың бір күні жүйке жеген ырғаңбай әләулайдан, пәс ойдан әрі аспайды. Сондай бір сұрқыл сапардан оралып, әйелімен жеке қалғанда жаман қысылғаны бар, ол: "батыр-ау, белі кеткен түйедей ырғаңыңа жол болсын", — деген. Сонда байқаған: отырса да, тұрса да, жүрсе де, тіпті жар төсегіне қисайса да тіршілігі ырғаңнан артпайды екен. Сұмдық шошынып, жағасын ұстаған. Кірекеш болғанша батпақ илеп итқора салған кеш ілгері деп түйген. Осы сапар аман оралса түйені желкесінің шұқыры керсін, құтылады, тіпті болмаса қашып жоғалады"... Кірекешті Керуенбасының ақырған үні селт еткізді, тыпың етіп орнынан тұрды, ә дегенше-ақ жерде жатқан зіл теңді лып еткізіп арқалай жөнелгенің білді, білсе де өзін-өзі тоқтата алмады. Қолы да, белі де, сирағы да мұныкі емес, керуен басынікі секілді; қалай бұйырса солай жұмылады. Кідіргісі көп көрді, ерік күші жетпеді, қашан жүк түгел артылып, қоспақтар тізіліп жолға шыққанша өзін-өзі кідіртер құдіреті болмады. Сосын бір түйенің мойныңа жармасты, иіріне аяғын қойып, өркешке тырмысты, қос өркештің арасына жайғасқанда барып уһ деп жан шақырды. Күтуші күң мен жолбике қыздың көрген күні кірекешпен салыстырғанда жұмаққа пара-пар еді. Олар күні бойғы жүріске бейіл бере балахана ішінде ұйықтайды, қоналқыға жеткенде барып бас көтеріп маңына қарайды, ас ішеді, сыланып-таранады, бар арманы - қожаларына ұнау, солардың көңілінен шығу. Ұзақ жүріске шыдамай шаршап, не жапан түзден жалығып елірме болған жолбикені керуенбасы жолай сатып та кетеді. Ондай күйге ұшыраған қыздың күні қараң.

Жібек жолы Жетісу үстінен өткенде жолаушыларды көп қажытты. Қолдың саласындай болып тулап ағып жатқан өзендер жиі ұшырасты, еткел іздеп жоғарылы-төмен сырғып, жүріп қалады. Оның үстіне жолбарыс, қабылан жортқан жымы кеп, қоналқыда шетке шыққан түйені жарып кетіп жатады. Қалың елдің сұғанақ көзі және бар. Күзетші қолы жоқ, жиһазы мол керуенді тонап алуға дәмегөйлер де табылар. Содан Омар қожа Жетісу жеріне келгенде Жібек жолының сырт тармағын қалады, бұл тармақ Іле бойының сол жағасын қырағаттап барып шағыл құмды кешіп өтетін, содан Талас бойының Бала сағын, Орта сағын, Бас сағын атты үш шаһарына жеткенше қопалы даламен жүретін, ақ шағыл шөлейтті кезетін.

Керуен Бас сағынға сегіз фарсаң жер қалғанда дүлей дауылға ұшырады. Бұлт Ақыраш теңізі жақтан көтерілген. Әп-сәтте маңай қара түнекке айналып, азынады да кетті. Түйелер төрт тағандап тұрып алды, боздап, жер тарпыды. Дереу дөңгелетіп шөгеруге бұйырды. Ортасына балахананы түсірді, аттарды қаңтарды, шетке теңді үйді. Осы жанталас әрекеттен байқамапты, ұлыған жел сұрапыл жауынға ұласты, жаңбыр емес бұршақ болар деп жорамалдаған. Омар сәлдесінен әлде бір жылбысқы мақұлықты алып лақтырып жіберді, лақтырғаны қайыра ұшып кеп бетіне тигендей сезілді. Балахана ішіндегі қыздар құлындағы даусы құраққа шығып шыңғырды кеп. Кірекештер мен түйекештер дүрлікті, аттар үрікті, керуенді үрей жайлады. Батыр емес пе, ен әуелі Амин ад-дин Хереви сезді, сезіп қана қоймай, екі-үш мақұлықты езіп алды. "Омеке, аспаннан бақа жауып тұр", деді қатты дауыстап. Екі арыс онсыз да дүрлігіп жүрген жұртты шошытпайық десті, нардың ығына жайғаспақ еді, отырар жерде мұндар мақұлық быжынап жүр, бас түйені паналады. Омар ойындағы күдігін жасырмады: жаманшылыққа көрінбесе игі еді. Батыр жұбату айтты: "Омеке, тәуекелге бел будық. Бір түйені шалып тәңірден бата сұрасақ қайтеді? Әбден арыған көлік онсыз да жүкті ауырлап келе жатқан жоқ па, Омеке? Мұндай сұмдықты бұрын-сонды естігенің бар ма? Жоқ, Омеке, жолымыз болмас деп ойлаймын. Кеше ымырт үйіріле байқаған шығарсын, алдымызды жолбарыс кесіп өтті ғой".

Дүлей жел батыр мен керуенбасының сөзін үзіп-жұлқып әредік есіттіреді. Бақа жауыны сүт пісірім мезгілге созылды. Соңынан құм суырды, ішін тартып жел ышқынды, жолаушылардың азан-қазан сүреңі басыла берді. Бұлт өте дауыл басылды. Батыс жақтан қан қызыл болып батып бара жатқан күн табағы көрінді. Жосаға малып алған қалқан секілді. Ілініп тұрды-тұрды да тұңғиыққа батып жоғалды. Омар қожа енді байқады, жұрттың бәрінің түсі күреңітіп етіпті, әлем-жәлем, жаңағы қан қызыл күннің түсіне соншама ұқсас. Ішінен тәубасын атады. Кірекештерге жүк тиеуге жарлық жасады. Табан асты былқылдаған жаман жерден іңір үйірілмей тезірек аттанғысы келді.

Балаханадағы қыздар естен танып жатыр екен. Ах шатырды түйе үстіне қайта қондырып, қайқаңға жетелеп шыққанда барып дыбыстары шығып, ақырын дауыстап көмекке шақыра бастады. Керуенбасы жолаған жоқ өзгелері балаханаға рұқсатсыз бас сұға алмайды. Жүк олпы-солпы тиелген бе, ауып түсе берді, түйелерде дәрмен жоқ, көзін тозаң тұтып, тәлтірек қағады. Жібек жолының бойында жатқан Қаңлылардың Бас сағын атты сәулетті шаһарына жете алмайтының Омар қожа енді сезді. Өзегі өртене өкінді. "Әттеген-ай, жол торыған ұрыға жем болып жүрмесек жарар еді", деп қауіп ойлады. Айдың ескісі, әзірге тумайды. Өстіп кете берсе түйелердің табаның алдыратын, жықпылы мол сексеуіл тоғайының ішіне енді де кетті, неде болса кідіргені жөн. Әзер деп ашықтау алаң таңдады, бақа жауған жоннан ұзап шыққаныңа қуанды. Түйелерді қайыра шөгеріп, жүкті түсірді. Ортаға от жағуды ойлады. Бір кірекешті сексеуілге жұмсады, бұл баяғы жылы ошағын сағынып, мәңгүрт болуға айналған байғұс еді. Анадай жердегі түп сексеуілге барды да патырлатып бұта сындыра бастады. Кенет жан даусы шықты. Жігіттер дүрлігіп солай қарай жүгірді. Әлгінің даусы жер астынан шыққандай аса зәрлі естілді.

— Жігіттер, мені бір пәле кеудемнен орап алды. Құтқара көріңдер, - деді. Үні ыңырсып барып басылды.

Кірекештер ағаш басына шүберек орап дереу от қойды да, әлгі бейшара құлаған жерге тақады. Жығылып жатқан жолдасын көрді.

— Жігіттер, жақындай көрмеңдер! Аяқ бассаңдар темір құрсау қыса түседі. Тынысым тарылып барады. Кірекештің үні үзіліп кетті. Жаныңда жанды мақұлық байқалмайды.

— Пақыриддин жарықтықты шақырыңдар!

— Сол кісі көрсін!

— Әулиенің тұяғы ғой садағаң кетейін!

Шекпенінің етегін беліне буып Пақыриддин жетті. Анадай жерде сіңірленіп біткен бір түп сексеуіл. Сексеуіл түбінде кірекеш жатыр. Кермеге салған терідей сіресіпті де қалыпты, қимылсыз, өліп кеткенге ұқсайды. Қарт ғұлама жарықты жоғарырақ көтеруге жарлық етті, жақындаған жоқ. Денесімен тітіркеніп дірілдеп кетті. Кірекештің кеуде тұсында жеңді білектей жуан белдікті көрді. Әлгі белдік жарыққа шағылысып жылт-жылт етеді. Күбірлеп әзер айтты.

— Сексеуілдің иесі бар екен ғой. Түбінде жатқан айғыр жылан жігітті орап алыпты. Оның басын таппасақ өлтіре алмаймыз.

— Астапыралла, неткен үлкен мақұлық еді!

— Шақпағаныңа қайранмын!

— Жарықты көбейтіп қоршайықшы! Сексеуіл түбінен әлсіз үн тағы шықты. Жылжыған тобыр қалт кідірді.

— Жақындай көрмендер... кеудемді сығып барады!

Пақыриддин жігіттерге тоқтау салды.

— Тақамаңдар! Өлтіріп алармыз.

Осылайша жолаушы біткен жолдасын жыланнан қалай айырып алуды ойлады. Сексеуілге от қоюға болмайды, кірекешті қоса мерт етеді. Амин ад-дин Хереви садағын алып көздеп те көрді, басын шайқап, жебені адырнадан қайта алды. "Жыланның кеудені ораған ортан белінен өзге жері көрінбейді, жебе мақұлықты шаншып өтіп кісіні мерт етеді. Бастан тимеген жебе бәрібір өлтіре алмайды",— деді. Жігіттер жыланның басын іздеп жақындай түседі, кірекештің жан даусы шығады. "Қадам бассаңдар сыға түседі, жоламаңдар" деп безек қағады. Жұрт тағы кідіреді. Сарсаңға түскен мезетте Пақыриддин ақыл берді. "Таңға дейін күтелік. Жылан бәрібір алдырмайды", деді. Керуеншілер кері тайқып түйелерінің қасына кетті.

Жылан ораған кірекеш түннің бір уағына дейін жолдастарымен дауыстап сөйлесіп жатты. Кеудесін езген салмақтың азайғаның айтады. Алыста тірі жетім боп қалған балалары мен тірі жесір әйелін әңгімелейді, солардың қамы үшін қаңғырып жүргенің айтады. Таң әлетінде Пақыриддиннің көзі ілініп кеткен екен. Қалғымауға тырысып-ақ отыр еді, көп күнгі жосқын жүріс, одан бергі ұшырасқан қорқынышты оқиғалар титықтатып кеткен секілді, аз ғана уақыт тәтті ұйқыға шомды. Түс көріпті. Маңайдың бәрі құлаққа ұрған танадай тынши қалыпты. Тіпті түйелердің күйіс қайырғаны, аттардың пысқырғаны да білінбейді. Айналасында пырдай болып шашылып ұйықтап жатқан кірекеш, түйекештердің де тыныстағаны сезілмейді. Серейіп қатып қалған секілді. Тыныштық та сұмдық қорқынышты болады екен. Жансыз суреттің ортасында тұрғандай сезініп, көмейі көтеріліп, қатты да қалды. Дыбыс шығаруға дәрмені болмай, тынысы тарылып, шошып оянды. Жастанып жатқан ерден басын жұлып алды, әлдеқайда алыстан бозторғайдың әлсіз шырылы естіледі, оның да бірте-бірте үні өшті. Орнынан атып тұрып маңайына қарады, әлгідегі түсінде көргендей, жігіттердің бәрі шашылып ұйықтап жатыр екен. Ортадағы үлкен балахананың жібек шілтері түсірулі, дір етіп қозғалмайды. Жүгіріп түнде жылан ораған кірекеш жатқан жерге жақындады. Әлгіде ғана сарнап сөйлесіп жатқан бейшара сұлық қалыпты. Жүрегі жаманшылықты сезіп жаншыла соқты. Ештеңеден сескенбей ғаріп жанға жетіп келді, түндегі қайыс белбеудей кеудесін қысып жатқан алып жылан ізім-ғайым жоғалыпты, жігіт арыстай боп жан кешіп жатыр. Қолынан ұстап көтеріп еді, шекпенінің қолтығынан үңірейген ойықты көрді, түнде жыланның бас сұққан жері осы! Амин ад-диннің үшкір жебесінен қорғалап залым мақұлық басын кірекештің қолтығына жасырыпты.

Дүрлігіс басталды, болған істі көзімен көріп жағасын ұстады. Түнімен ғаріп жанның халін біліп, анадайдан сауалдасып шыққан кірекеш күңірене дауыс салды. Жоқтау айтып жаман ырымға бастады. Жұрт шейіт болған бейбақты арулап жерледі.

Жібек жолының бойында тағы бір төмпешік пайда болды. Енді қашан жел үріп, құм басып қалғанша өткен-кеткеннің көңілін аударып, көзін тартып жатқаны.

Бас сағын шаһары ат шаптырым жерде екен. Керуен көтеріле тізіліп, аяқ жағы жолға шыққанша алғы түйедегілер алыстан шағаладай болып шүпірлеген қала күмбездерін көріп қуанысты. Шаһар әсіресе атқан таңмен сәулеттеніп кетеді екен. Ат шаптырым аумағын қос сақина қорған орайтын. Сыртқысы көне балшық дуал. Ішкісі саңғыраған аққыштан өрілген аса биік қабырғалы қорған. Әр жерінде үңірейген, оқпаны байқалады. Сол биіктің қақпаға тақау бетінде айқыш-ұйқыш сызық, шұбар ала дақ көзге ұрады. Бұл бір кездегі қанқұйлы соғыстың ізі еді. Омар қожа лекіп келе жатқан керуенді жанынан өткізіп, соңын тосты. Амин ад-дин Хереви атарласа берген. Бір түрлі жүдеп, түтігіп кетіпті, түндегі оқиғаның әсері батыр жаның қатты қозғаған. Керуенбасы серігіне сауал қойды.

— Садақ тартар болсақ, жебең сонау қорған басындағы күзетшіні қағып түсіре алар ма? Батыр биікті дәл мөлшерледі.

— Маңғұл жебесі желді ғой, жетуін жетер-ақ, бірақ кіреуке киген кісіні ала алмас. Мұндайда жақынға ұшса да тиген жерін қақыратып кететін қыпшақ садағына не жетсін?!

Батыр керуенбасының неге мұндай сауал қойғаның түсінбеді.

Елші керуен тәспінің тасындай сорғып келіп қаланың терістік жағындағы аумақты Керуен сарайға бұйда тартты. Тырандай жайғасып жатқан. Үлкен әулінің іші жиһанкез жолаушыға лықа толған. Сарқырап ағып жатқан тас бұлақтың екі жағасына текемет жайып жіберіп, малдас құрып, мәслихаттасып, ас-суын ішіп, демалып жатқандар қаншама. Енді біреулер меймандос шаһарға тоң-торыс өкпелегендей түйесін жадылап, жүгін артып, жолға шыққалы жатыр. Әулінің төрі базарға айналған. Теңін ашып, дүние-мүлкін жарқырата жайып, көзді қызықтырады. Жұрт қызылды-жасылды жібекке, пүлішке, масатыға, батсайыға; алтын, күміс зергерлік бұйымға: жақұт, дүр, маржан, гауһар, зухра секілді асыл тастарға сұғына, ынтыға қарайды. Көргенінің өзі дәтке қуат секілді. Білегі бураның саныңдай күл мен үкінің қауырсыныңдай үлпілдеген қыз сатып, көңілі күпті боп, тоңайған саудагер керуен арасымен ток бөріше бүлкілдейді. Жемтіктес делдалды жұрт арасынан ә дегеннен-ақ жыға танып алады, әуелі ымдасады, сыбырласады, сосын құнжың етіп қол соғады; бұл келіскені, кетіссе — ала көзімен ішіп-жеп, көрге түскен шек өрместей болып ажырасады. Соңынан айбарақтап топырақ шашады.

Омар қожа жаныңа Хаммаль Мерагиді алып қала әміршісіне сый тартуға жөнелді. Дәстүр солай. Жөн білер, салт таныр текті жолаушылар шаһар әміршісіне әманда тарту-таралғы апарады. Сұхбаттасып, әлей болсын айтады. Ақсақал, қарасақал әмбилердің алдынан өтеді. Сонда ғана Бас сағын қаласынан абыроймен аттанары айғақ. Сарандық қып сый тартпаған керуенбасыны әмірші жек көреді: жек көрді дегенше бәле жабысты дей бер, түйеңнің жүгі ауғыш болады, ілгері басқан аяғың кері кеткендей жүрісің өнбейді, жолай "аударыспақ ойналық" деп жұлынып шыққан жол-тосарлар көбейеді: қойшы, әйтеуір, ішірткі ішкендей ішің қабысып күр қол қаларың анық. Осыны ілкіден сезген Омар қожа Бас сағынның әміршісіне өзінің нақ сүйер жолбикесін әкетті, алдыңа тамылжытып апарып, сұлудың бетіндегі пердесін ашып жібергенде әлгі адамның көзі ақшаңдап кетпесіне кім кепіл. Әрі жолбике жолдағы сүркіл бейнеттен бе, әлде қорықты ма, Іле тоғайынан өткен күннен бастап айкезбе ауруына ұшыраған. Түнемесіне, ай туса-ақ төсегінен тұрып кетеді, содан түйелердің өркешіне өрмелеп, жолды жағалап жырқылдап жүргені, ай батқанда бағып орныңа келіп жатады. Омар келесі ай тумай тұрғанда құтылайын деді ме, әйтеуір, керуен тізе бүкпей жатып жәудіреген ақтамақ сұлуды жетелей жөнелген.

Күн еңкейе керуенбасы қосқа қайта келген. Пай-пай, қызара бөртіп алған, ықылық атады, тарыдан салған уытты, бозаға сылқия тойғаны көрініп тұр. Келді де керуенді жолға шығаруға жарлық етті. Топыр басталды. Құрысқан белін жазып, шағын шайлада қауырсының сусылдатып, сапарнамасын көшіріп отырған Пақыриддин Дизеки жаман қапаланды. Қапаланбай қайтсін, дамыл жоқ қой, дамыл жоқ; кірекештердің мойны қамшы сабындай болып сорайып кетті, түйекештер екі-үш күннен бері көз ілмеген. Енді ғой түйенің жадысына қоса таңып тастамаса жүре алмайды, қалғып келе жатып жығылуы хақ. Әлгіде ғана жұртқа тамақ істеп берген аспаз табаққа енді ғана қолды сала берген-ді. Қожасы әңгірлеп әкетіп барады. Бұл әңгірлек жұрт құсап, жолай кезіккен шаһарға қонса қайтеді, көліктерін тынықтырса, кірекештерін ұйықтатса қайтеді? Жоқ... қасақана кері жүреді. Жүкті түсіріп, енді тырайған шағында "жүреміз" дейді. Содан күн астыңда көңірсіп кете барғаның. Күн ауып, дала салқын тартады. Көліктің жүрісі енді өнеді. Сонда "қонамыз" дейді. Қоналқыда тыныштық берсе жақсы екен-ау; "түйені әрі айда, бері айда!.. Отты түнімен жағып отыр!.. Күзетке тұр! Көз ілме!.. Қырды шолып қайт!.. Ac пісір!.. Дәрет алатын су жылыт!.. Жайнамазды әкел!.. Құманды әпер!. Түйені қайыр!.." Осындай жарлық сандырақ секілденіп бір тынбайды. Күтуші құлдардың қу сүйегі қалады, құлағың қайсы деп сұрасаң көзін көрсетеді. Түнемесіне жер бауырлап жолбикесіне барып, өңкеңдеген даусы аттарды өлеңдетер, ұят жоқсауығын құрар, сайрандар. Осыны ойлап қой Пақыриддин Дизекидің зығырданы қайнайды, "мұншама кері кеткір зәнталақ жолаушыға жолдас қылған қай құдай" деп налиды. Әңгірлектің алдынан шықты.

— Уа, батыр, күн болса батып барады. Жүргіншінің жолы қиын, алдымызда Таластың тауы жатыр. Көлікті тынықтырып алмаса қасудан аса алмайды, кірекештің"белі кеткен, күтушінің өңіне ұйқы тепкен.

— Түйенің арқасында отырып-ақ ұйықтайды. Уақыт тығыз, жол ұзақ, - дейді әңгірлек.

— Жау қуып бара ма түге, әлде бұл шаһардан су шықты ма?

— Онда не әкеңнің құны бар?! Қауырсыныңды қолтығыңа қыс та томпаңдап жолға түс. Әйтпесе асқабақтай басынды қоржыныңа салып беремін!

Зиялы жан жаман жүдейді. Әкіреңдекпен айтысып абырой таппасын және біледі, ол нәкәсқа қылышпен кісі шабу деген жолбикенің қойныңа барғаннан да оңай. Айтты бітті. Кірекештер құрақ ұшып жүріп жүк артты, түйені бұйдалап, бір-біріне іркес-тіркес тізіп, керуен жолға түсті.Жетісу пұшпағының қара барқын кең жазирасы жетім керуенді демде жұтып әкетті. Аяқ астыңдағы Жібек жолы әзер-әзер білінеді. Жол тауып келе жатқан Хаммаль Мерагидің тапқырлығы. Жүріс суыт. Омар қожаның керуенді мұнша неге сүркілге салғаны белгісіз, әйтеуір жай жүріс емес бұл. Әрәдік артына қайрылып: "түйеден ауып түскеніңді жарып кетем", деп айқайлап қояды. Жан шошытар жаман сөздер айтады.

Зиялы ғұлама Пақыриддин Дизеки амалдың жоқтығынан ілесіп келеді, мана-ақ ат құйрығын кесісер еді, әңгүдік керуенбасымен кетісер еді; артыңда, айшылық жол кейінде қалған балаларының қамын ойлады. Солардың көз жасынан қорықты. Мына Омар қожадай қайратты жігітті туған жерден айырып, осыншама бейнетке жазып, қайқаңдатып қойған Шыңғысхан қаһары мұны таппас деймісің. Ертесіне дүниенің қай қуысына тығылса да құрығы жетер. Бұғалықтап тұрып сауалдасар. "Үмбетім, неге опасыздық еттің? Алған жолдан неге қайттың",— дер. Сонда ғой Омар қожадай сұм ажыратып алар деймісің, "қайта шоқ-шоқ айтып, арыстанның аузына итере түсер. Содан қорқады. Кесірім айдалада, Хара-Хото шаңының арасында іңгәлап қалған балаларыма тиіп кетпесін дейді.

Өстіп күңіреніп келе жатқанда асуға ілікті. Қия жартастан қылдап ету қиынға түсті, сол қол жағы биік жартас, он тізенің астыңда шыңырау құзар, аяқты шалыс бассаң-ақ шыңырауға құлағаның. Омар қожа түйелерді бір-бірлеп жетелеп жүруге жарлық етті. Арқа тұстан ай туды. Бұл да болса жолаушыға үлкен медет екен, аяқ астына қарап, андай басуға септесті. Тас терлей бастады, мұны Пақыриддин Дизеки жарға сүйенген сол алақанынан сезді. Енді не де болса алғы түйенің соңынан тырмысып қалмауы керек, кідірсе-ақ төмендегі құзарға қарайсың, өйтсең басың айналып жүре береді. Тізесінің сары суы бар еді, дірілдей бастады, алдыңда бара жатқан кірекештің ауыр тынысын естіді. Байқұс ыңқылдайды, ыңырсиды. Омар қожаның "жарып тастаймын" деген қоқан-лоқысы құлақ жарады. Ауырып келе жатқан кірекеш шыдамады білем.

— Жарып таста!— деп айқайлап жіберді,— Жарып таста!

— Жарып тастаймын!— деп керуен басынан Омар ақырды. Кірекеш тістене ыңырсиды.

— Жарып таста... лағнет... бүйтіп сүрген өмірді ит жесін...

Керуен кідіріп қалды. Омар тап қазір қия жолмен қырға тырмысқан керуенді сыналап кірекешке келе алмас еді. Зығырданы қайнап не қыларын білмей тұр. Ашу-ызадан өрт болып қан түкіреді. Бара-бара ақылға, тоқтамға келе бастады, өстіп жүріп күллі керуенді опат қыларын білді. Зорыққан көшті қорқытып та, жалынып та көрді, ештеме өндіре алмады.

— Мәңгі бастар өңшең! Жетесіздер, құнсыздар! Сендердің жолында алтын басымды аяққа теңеп мен жүремін. Миғүлалар!

Құйрықтарыңа үскі сұққанша ештемені сезбей бересіңдер. Әлгі қаңлының қаласынан жедел кетпегенде қандарың су боп ағатын еді. Құның әлдеқашан төленген, өтелген, жалғыз бақыр динарға да тұрмайды. Отырарға жетпей дамылдауға хақымыз жоқ! Көр соқыр кещелер өңшең! Осы жолда қаған жарлығын орындай алмасақ туған жерді қайтып табандарың баспайды.

Керуен сүлесоқ ілби бастады. Омардың әлгідей ашынып айтқан сөзінен емес, Пақыриддин Дизекидің қол септігінен еді. Ғұлама шал анадайда жер бауырлап жылап жатқан еңгезердей кірекешке барған, басын көтерген. Бейшара жігіттің көзінен қажыған, қарайған, мысы құрыған адамда ғана болатын сұмдық сөзді оқыды. Ол сөз өзегіне күрт түскен дімкәс жанның жанарында болушы еді. Сол сөзді ауыр жараланып, ақтық рет бақұлдасқан батырдың көз шарасынан көруші еді. Кірекештен соны оқыды. Ажал атты от көзді аждаһаны, екі басты жаналғышты көрді. Көрді де сұмдық шошынып, кірекешті қолтығынан сүйеді. Демеп орнынан тұрғызды, тоқтау айтып, жұбатты. Кірекешті ілбітіп әкеліп қатарға қосты. Жазмыштың жібіндей етіп қолына бұйданы ұстатқан.

Керуен асудан асып желі азынаған жон үстіне дамылдаған. Омардың ашуы тарқады білем, ешкімді жарған да, шапқан да жоқ, түйелерді шөгеруге жарлық етті де, тас ығына оранып жатып қалды. Жұрт түнімен ызғып шықты. Ызғымай қайтсін, ерте көктемнің ысқырған желі аш құрсақ, дәрмені аз, арық топты дірдектетсін кеп. Әрі-беріден соң кеңтерлі түйелерің боздап кетті. Аттар шұрқырай кісінесіп тізгінді үзе жаздады. Таң селбелеп атқанда керуен қайта қозғалды.

Жібек жолы көгілдір ылдиға құлияды екен. Атқан таңның нұрымен жон үсті, одан арғы адырлар, көкжиекпен ернеулескен мидай жазық пердесін ысырған қыл қалам суретіндей елес берді. Пақыриддин Дизеки қарап тұрып қайран қалды. Қыпшақ жері мұнша сұлу деп бұрын-соңды ойламаған еді. Күн сәулесінің өзі көркем дүниенің бетімен сылаңдай сырғитын секілді. Сағым ба, мұнар ма дерсің, шындығында екеуі де емес, шексіз қиырдың үстімен сайрандаған сұлулық қана еді. Сол сұлулық тау-таудың арасымен сынаптай сырғыған өзен иірімінде еді. Сол сұлулық кеудеңді керіп бара жатқан кіршіксіз ауада еді. Жазыққа бірегей өң беріп барқыт түгіндей боп қылтиып келе жатқан көк шөпте еді. Шуда бұлттың ойқастап жөңкілуінде еді. Жолаушыны күткен ауыл қариясындай әр жерде қарауытқан балбал тастың бедерінде болатын. Әлгідегі күллі әдемілік, әсемдік аяқ астыңда жүз бұралып, тынбай толқып Отырар жеріне әкеле жатқан Жібек жолында еді. Жібек жолы жүрген сайын жолаушының ет жақын бауырыңдай болып етене жақындасып, сырласып, сыйласып кетеді. Керуеншінің Ұлы жолды түсінде көріп, өңінде аңсап жүретіні тегін емес; әлгі сұлулықты, елдің қасиетін, туған жердің тәттілігін сездіретін де, тұщынатын да осы жол екен. Ұзақ жолдан қажып келген жолаушының үйіне бұрылар мезетінде көлігінен түсе салып Ұлы жолдың жиегін құшақтап жылайтыны содан болар. Көпке дейін әулісінен аттап шықпай қаңтарылып қалған саудагердің ақыр соңында керуен тартып, осы Ұлы сорапқа қайыра келіп қосылғанда түйесінен домалап түсіп ақ шаңнан тәу ететіні содан шығар. Жібек жолының айтылмаған дәстүрі, жырланбаған жыры мол, алыс-жақынды көріп үйренген кәнігі жолаушы әманда оған арнап құрбандық шалады. Сөйтіп бас түйесінің тізесін қандайды. Артқы көліктің мойныңа туған жердің топырағын тұмар қып байлап қояды. Аман-есен қайтып оралуға дәм жазсын деп бата жасайды. Мұның бәрі Жібек жолымен керуен тартып келе жатқан зиялы жанның ойлағаны еді.

Елші керуен Қарақорымнан шыққаныңа аттай ай толғанда ежелгі қыпшақтың ту тігіп, орда тіккен қасиетті мекені Қараспан тауына ілікті. Тақтайдай жазықтың үстінде жасыл барқытқа оранған айбарлы биік еді. Қарсы алдынан нұсқаланып шыға келгенде керуенбасы Омар шыдай алмады. Көңілі босап, атын борбайлап шаба жөнелді. Көз жасын ешкімге көрсетпеуге тырысты. Iші-бауырың ащы бір өксік буы п, запыран тастағандай боп қопарыла солықтады. Ат жалына жатып алды. Тезі қатты, морт мінез жанды қорытпаға салғандай еріткен туған жердің сағынышы еді.

"Омарға сыпалықты тастатқан, елшілікке айдаған қай сор десеңші".

Дүниедегі ең тәтті түйсік туған жердің топырағынан бас алады екен. Реніш, өкпе, наз, қуаныш, іңкәрлік, ашу, жолда көшкен кер бейнет, бәрі-бәрі нарт таудың нұсқасын көргенде, кіршіксіз таза ауасын жұтқанда ұмытылып жүре берді. Күллісі қосылып, сағыныш атты лүпілдеген сезімге ұласты. Қараспан тауы дала мұхитында жүзген алып кеме секілді еді.

Таянған сайын шоктығы көтеріліп, басы биіктеп айбарлана түсті, көгілдір мұнары сейіліп, тасы да, бұтасы да, жырасы да сымбатты кеменің сан бөлшегіндей елес берді. "Неткен ыстық ең, туған жер!" деп Омар дауыстап жіберді. "Ойхой, заман-ай, төсегінде шалжайып жатқызбай, сұқ итше сүмеңдетіп қойдың-ау. Адамның басы алланың добы деген, менің басым қағанның қаңбағы болды ғой. Қалай жұмсаса солай ығып домалана берем. Өстіп домаланып жүріп сүйегім қай сайда шашылар екен. Тыныш үй, жылы төсек бұйырмады. Бұтымның ақжем, құйрығымның тулақ болғаның елемей ай жүремін, жыл жүремін, әйтеуір әміршінің жарлығын орындап қайтамын. Қаһан түшкіріп қалса, мен "жәрәкім алла" деймін. Жанқияр еңбегімді ескерусіз тастамас, Отырардай бір шаһардың қожасы етер".

Осы үмітке малданып Омар әжептеуір көтеріліп қалды. Ат тізгінің тартып, еңсесін жинап отырды. Соңында бүлкектеп келе жатқан керуенді тосты.

Жаңа байқады, арасында жүргенде білмейді екен, қарсы алдынан қарағанда көз алдыңа сұмдық сурет ашылды. Түйелер әбден арыған, мойындары қылқыңдап, тапырақтай басады. Кірекештер де қажыған білем, көлік үстіне тік отырмай, имиіп, бүгіліп, жады ағашқа таңып қойған дорбадай салақтайды. Кейбірі жантайып жатып алыпты. Әуен бе, ән бе, танауларымен ыңырси күңіренеді. Күн қақтап, жел өткен жүздері отқа ұстаған қаңылтырдай. Жақтарына шыбын тайып жығылғандай. "Мына түрімізден жұрт шошынар" деп ойлады керуенбасы. "Осы күйімізбен Отырарға кірсек қой, қала датқасы тең иық болып сөйлесу түгілі есігінен қаратпас. Қаһарлы қағанның жарлығын жеткізу мұң болар содан. Керуенді бірер күн тынықтырып алған жөн-ау".

Қараспан тауының қолтығын кеулеп барып бұйда тартты. Түйелерді шөгеріп-шөгеріп, жүгін түсіріп, отқа жіберді. Күң мен құл ас қамына кірісті. Аяқ асты былқ-былқ етеді. Жусан жаңа бүр жара бастапты, жұпар иісі танауды қытықтайды. Омар сыз жерге шекпенің төсеп тастап шалжиып жата кетті. Буын-буыны босап, созылып, серейді де қалды. Жан рахатына шомды. Жілігіне қорғасын құйғандай зіл тартып, жүйкесі шымырлады. Тас төбеде, зеңгір көкте ноқаттай болып қыран қалықтайды. Қос қанатын жайып жіберіп жаймен айналады, паң, тәкаппар.

Қара жерде тырайып жатқан өзінің қаншама қайраттымын, қаншама еркінмін, ермін десе де қыранмен салыстырғанда екі аяқты; жол шандатып, қара жерді мезі етуден аспайтын пенде ғана екенің түсінді. Пенде болғанда да егін салып жер көгертіп жүрген диқан емес, қыш құйып ымырат тұрғызған зергер ұста емес, әншейін ғана ел-елдің арасына сөз тасыған, әміршінің "алып кел, барып келі", түйенің соры. Өзіндей ақылды жігіттің соры. Қираттым, жапырдым деп өрекпіп жүргені пендешілік қана. Әркімнің-ақ қолынан келетін іс. Бұл кеудесі аяққаптай, алдынан құл мен күң өтіп көрмеген Омарың, Омекенің ешқашан да сол пендешілік атты күйкі өмірден аттап өтіп, дүниенің бетіне өрлікпен тура қарай алмайды, кең аршындай алмайды. Өз бетінше соқпақ сала алмайды. Жұмыр басты жұрт, жұрт болғанда да миы ашып, мәңгүрт болуға айналған, сөз тасыған, жансыздық еткен елші деген қу аяқ кезбелердің ізімен кетеді ғой. Сөйтіп кісілік қалпын қор етіп өтеді, өшеді. Жібек жолының үстінде шаңы ғана қалады.

Осы ойдан Омардың тынысы тарылып, жанарына жыланкөзденіп жас тұрды. Кеудесін диірмен тасы езгендей сезілді. Туған жердің жас жусаның жастанып жатып, қымыздай салқын, шәрбат ауасын сіміріп жатып жан кешіп кеткісі келді. Шейіт өлімді қалады. Күллі денесін жер тартып, ет жүрегі бәсеңси лүпіл қақты.

Өстіп шалжайып жатып шынымен жан кешсе қайтер еді? Соңынан кім жоқтау айтып, күңірене дауыс салар еді? Елші керуен түйе басын Керлен бойына қайта бұрар ма еді? Құдіретті қаған он көзіндей болған батыр серігін жоқтап бармағын шайнар ма екен? Пәлі-ай деген. Бармақ тістеп күйінетін қағандық өрсең-ау, күйінбек түгілі мұртынан күлер, "мандайын тасқа соққанша туралап тарта беретін бәтшағар еді, өзіне де сол керек" дер. Керуеннің де қалыбы қисаймас, жүгін теңдеп, көлігін ондап алып бүлкектей Отырарға тартар. Ешкім де өліміне қабырға қайыстырмас. Бір бұтаның түбіне жүзін жасыра салар. Әне бір жүйкесі тозған, асудан өткенде жерді құшып жылаған кірекеш: "Омекең о дүниеге аттанып кетіпті дегенді естігенде жүрегі жарыла қуанар. Ол ғана емес, осындағы арып-ашып, тозған, шаршаған кірекештің күллісі іштерінен тәуба айтып: "қызыл көз, құрығы қатты пәледен құтқарғаныңа мың шүкіршілік" деп қутыңдап қалар. Жымыңдасып, ыржыңдасып керуендегі асыл қазынаны бөлісер, сөйтіп көзді ашып-жұмғанша тоз-тоз боп жоғалар.

Шалқасынан жатқан Омардың жанарына қалықтап ұшқан қыран шалынды. Енді аңғарды, қыран манадан бері өзінің тас төбесіне шүйліге ұшып жүр екен. Құзғын емес, ер адамның басын айналып бәле шақыратын. Қанаты асыл, қайраты қатты, сері мінез түз тағысының мына тосын ұшуына жөн болсын. Асыл қыран аспанда жүріп-ақ екі аяқтының ойын танушы еді ғой. Ендеше дәл солай! Қауырсыны сусылдаған сері мінез, асыл қыран туған жердің төсіне жата кетіп, қилы қиялға шомған Омардың ойын оқып жүр. Шаршаған, шалдыққан жерлесінің бойына әл қосып, жүйкесіне жігер бергісі келгені.

Кеудесіне қыран күшінің шымырлап құйылып жатқаның сезінді. Сезінген сайын өмір дәмі таңдайына тәттілене түсті, тымырына қосымша бүлкіл қосылды, бойымен қызу жүгірді, сүйек-сүйегіне дейін сыздап, қайратқа толды.

Жібек жолының шаңы болғалы жатқан жігітке қыран күші сұмдық әсер етті.

Керуенбасы орнынан қарғып тұрды.

— Түйені әкел! Жазыла! Құмандағы суды жылт! Қосты жық! Отты сөндір! Тендерді түйеге арт! Сусын ішіп ал! Күндер балаханаға кірсін. Кірекеш, бұйда тарт! Хаммаль Мераги, жолды бағдарла! Керуенді баста!

Керуендегі жолаушылардың жарлықтан құлағы тұнды. Сары бүлкек басталды. Елші керуен тырнадай тізіліп келіп Ұлы сорапқа қосылды. Бұл тұстағы Жібек жолы бейне түкті кілемдей бұйра жусанды кең алапты арқадан осып өткен қамшы ізіндей ұзынша кесіп өтетін. Қиыр таусыла қоймайтын. Әйтсе де түйе табаның қаққан тас, ілгері басқан аяғын кері жіберген құм, тірсекті ұратын жықпылды жынысы жоқ; үлпілдеп жатқан күрең топырақты шашадан кешіп тартатын да отыратын. Қыпшақ. даласының кеңдігін керуеншілер енді сезінді. Бұл кеңістік төсін жайлаған жұртқа да мол мінез берген екен, көз ұшынан әрәдік көрініп қалатын жылқышы ауыл, ауыл маңындағы желіде тәспінің тасындай тізілген құлын, үйездеген жылқы, қоңыраулатып салған ән: күллісі мына табан астыңда керіліп жатқан кер далаға соншама ұқсас. Соншама мінездес. Кісілерінің үйі қоңыр, мінезі орнықты, қимылы жай. Бойы бұлақ басына біткен дарақтай биік, ұсқынды, нұсқалы, кілең көз тояттар сұлу жандар. Жел қағып, күн өткен жүзі қара торы келеді. Aт жалында ойнайтын шабандоз, құйынмен жарысқан жел аяқ бәйгешіл, найза ұшымен саршұнақ түйреген найзагер, қарақұрым жауға қаймықпай кірген жаугер: үстінен күні-түні ағылып өтіп жататын дүниелі керуенге сұғын қадамайды, көлігін торымайды. "Дешті-Қыпшақ жерінде керуен тоналыпты-мыс", дегенді Омар өз басы ешқашан естімеген. Талай мәрте Жібек жолының бойында жорыққа аттанған жарақты қолға ұшырасты, бірақ олардан титтей де залал көрмеген. Әуелде қарсы алдынан қаптап шыға келген қолдан жама-а-ан сескенетін, ә дегенше-ақ әлгі самаладай жігіттер тұсынан саусылдап өте шығатын, содан жүрегі орныңа түсіп, жағасын ұстайтын. Қыпшақ қолының мәрттігіне қайран қалатын. Маңғұл сарбазына кезіксе ғой, әлдеқашан талапайы шығып тоналар еді, түйеден де, жиһаздан да айрылып, жол үстінде аш бөріше ұлып қалар еді. Маңғұл жерімен өткен керуеннің қаһанның таңбалы қайрақ тасын алып, шыбын жаның шүберекке түйіп жүретіні содан, қайрақ тасты көрсетсең ғана жанкешті зұлматтар ештемеңе тимейді, боқтап-бұралап, нақа құны кеткендей кейіп, кіжініп жөніңе жоғалады. Жаныңды қағанның қайрақ тасы құтқарады.

Керуен Қараспан тауынан шығып күн жүргенде алыстан Отырар шаһарының дабысы сарындап жете бастады. Құлаққа өмір шуылы құйылды. Жібек жолымен қарсы ұшырасқан керуен тізбегі көбейді. Кілең мол дүниенің қазаныңа малып алғандай алпыншақ-салпыншақ, қызылды-жасылды аламан жолаушылар.

Жол әлденеше тармаққа бөлінді. Бейне көне Інжу үгіз өзенінің теңізге құяр кезінде сан тарауға бөлініп, етегі кең жайылып, үлкен аймақты қамтитын асау мінезін елестетті. Шұғыл түстікке бет алып, Шаш шаһарына кетіп жатқан Кіші Жібек жолы: терістікке бұрылған Күміс жол — Қара таудың етегін бөктерлеп барып Күмістінің асуынан асады. Сөйтеді де Шуды жағалап келе жатқан Жау жолына қосылады, содан тіке терістікке тартады. Сарысу өзенің өрлеп барып, Сарыарқаны көктеп өтетін әйгілі Хан жолына айналады. Қазіргі елші керуеннің сорғып келе жатқан бұтағы Бас Жібек жолының Отырарға бет алған ақтабан сорабы еді. Сорап жүрген сайын біресе онға, біресе солға бұрылып бейне Інжу үгіз өзенінің кең қолтықты, көп қойнаулы, терең иірімді ағысындай бекініске, қалашыққа, сарайшыққа соға бастады. Соққан сайын сақырлап қайнап жатқан жойқын тіршілік толқыныңа ілесіп, жүрісін жылдамдата түсті. Көліктің аяғына жел бітті. Кірекештер мойның созып, әлсін-әлі көкжиекке тігіліп, атағы жер жарған Отырар шаһарын көруге асықты. Шаршап-шалдыққан жол бейнетін тарс естен шығарды.

Отырар тоқсан жолдың торабында дүм-дүниені жалмап жұтып жатқан тартпа шүңейтті, иірім ағыс іспетті еді. Иірім тым алыстан байқалмайтын. Сыр ашпайтын. Күншілік жер қалды дегенше-ақ керуеншілердің аяғы тасқаяқтай тоғысады, арбауға түскен торғайдай болады. Тартпа шүңейттің күші сезіле бастайды. Сол күштің дің өзекті ортасына тақаған сайын жүректі қозғап, көңілді өрекпітер әлдебір қасиетті әсері сезілетін. Сол сезім күшейе түседі, бара-бара тұла бойды шымырлатар тағатсыздыққа тірейді. Сәл дыбысқа елігесің, сәл дүбірге желігесің. Маңайың қызық әңгімеге толады. "Мына керуен кеше Отырардың Қан Базарынан шығыпты?" "Шіркіннің жасауы көздің жауып алады тегі!" "Балаханадағы үр қызы ма дерсің! Екі аяқтыдан да соншама сұлулар туады ә!" "Алақаныңа салып қойып бетіне қарап отыратын сурет қой!" "Мына бекіністің қарауыл мұнарасы неткен биік еді, басына шығудың өзі мұң болар!" "Жолдың өзі далиып кеңіп бара жатқан жоқ па?!" Осындай гу-гу таңданыстар құлаққа дамылсыз жетеді. Иірімнің аяғыңды тартып, шыр көбелек айналдырып үйіріп әкетіп бара жатқаның байқайсың. Тартса, тарта түссе екен дейсің. Осы шақта ешқашан керуеннің басын басқа бағытқа бұрып әкете алмас едің. Күшің жетпес еді оған. Даңқты шаһарды көруге ынтығар едің. Бар болмысыңды иірімнің ырқына бересің.

— Отырар! Отырар! - деп керуен басында бара жатқан Хаммаль Мераги айқайлап жіберді. Жұрт елең ете түсті. Керуенді жай соғып өткендей болды. Қалт кідірістеп қалды.

— Отырар! Отырар!

Керуендегілердің тап қазіргі көңіл-күйі дүниені толқынымен тербеп жатқан мұхит шетіне шығуға зар болған теңізшідей еді. Көкжиекпен астасқан телегей көзді жеп, жанды жалықтырады. Талай тау толқынның астыңда қалып қоя жаздайды. Дүлеймен алысып жанталасады. Енді бірде желкен діңгегінде тұрған қарауыл-теңізші қуаныштан жүрегі жарыла жаздап "жер! жер!" деп айқайлар еді. Көкжиекті қолымен нұсқар еді. Дала мұхитын ай бойы кешіп келе жатқан керуеншілер дәл сондай әсерге бөленді. Жолбасшы Хаммаль Мерагидің сөзі сұмдық шаттандырды.

Арқа тұстан күн көтеріліп келе жатыр еді. Шаһар таңғы аппақ нұрға малынып көзді қарықтырды. Әуелі көкті шаншыған ақшыл мұнаралар шалынды. Сосын сал жігіттің үкілі бөркіндей болып көркем күмбездер көтерілді. Күмбез бүйіріне күн нұры шағылысып жалт-жұлт етеді, жақұт тасын орнатқан сәукеледей құбылады. Сосын мәрмәр тұғырға тұрғызған хан ордасы Күмбез Сарай бой көрсетті. Бояуы ақшыл. Айбары алыстан айқындалып, бедер-белдеуі быжырқайлана берді. Қолдың саласындай көшелер: ондағы сәнді сарай, медресе, гүртхана, күшхана, базар, кешен, жәдігер, дің үй, тасболат там, мешіт, ымырат үй, керуен сарай, әуіз, қылует — күллісі көз алдынан қалқып өткенде керуеншілер таңдай қағып, "аһ" ұрысты. Өмірінде мұндай салтанатты көрмегендігін айтты. Тамсанып, таңданысты. Әсіресе Омардың ішін өртеген шаһардың сыртын тұтас орап жатқан зәулім биік қыш қорған еді. "Мұндай да биік қорған болады екен-ау", деп саның соқты. "Басында қарауыл қараған сарбазға ешбір жебе жете алмас. Қақпасының өзі шым шойыннан, қарасаң қалпағың түсердей! Заңғар ғой, ғазауат қой! Тас атқыш тақылдақ түгілі зымыранмен атып ала алмассың!" Керуенбасы өз-өзінен күңіреніп бей-жай күйге түскені.

Енді аңғарды, қорған ішіндегі салтанатты сурет алыстан қарағанда ғана, күн арқан бойы көтерілгенде ғана айқын көрінеді екен. Содан бірте-бірте мұнарға батып, берідегі дуалға бойтасалай береді. Шаһар ішін қорған көлегейлейді. Жолаушы жақындаған сайын қарсы алдыңда бедірейіп безерген қыш қабырғаның өзі ғана қалады. Өңгесі жоқ болып кетеді. Омар бұл сырға сұмдық таңырқады.

"Құданың құдіреті, шаһар іші алыстан алақанға салғандай бадырайып тұрып, тақағанда ызым-ғайып жоғалатыны қалай? Жын жұтты ма? Киелі жер деп естігенім ұшқары сөз болмады. Іші тола кітап ашып, жұлдыз санаған қияли дегені рас екен!"

Омар Отырар ұсталарының жер бедері ілімін аса терең білетінің, шаһарды сол ілімнің күшімен құбылтып салғаның сезбеді.

Отырарға ат шаптырым жер қалғанда лекіп келе жатқан керуенді кідіртті. Жібек жолының жиегіне шығуға жарлық етті. Бұл тұстың түгі тықырланып, жері тұяқшиір тақырға айналыпты. Кірекештер күллі түйені шөгерді. Серіктері аттан түсті.

Омар Ұлы жолмен қоштасу рәсімін жасамақшы болды.

Керуенбасы, сосын кірекеш, түйекеш, құл-құтан түгел түйені тасалап іш дәрет алды. Жуынып-шайынды. Керуеннің бас жағында көсіліп шөгіп жатқан қара нардың алдыңа жайнамаз жайылды. Қара нардың алдыңда ақ қозының жүнінен басылған шаңқан текемет. Керуенбасы кебісін шешіп шетіне шықты, қос қолын кеудесіне ұстап сүмпиіп тұра қалды. Өзге жұрт жол жиегін қаздай тізіліп тізерлесе кетті. Омар құранның "Жол" атты жиырма екінші сүресін қоңыр мақаммен дауыстап оқи жөнелді. Төбе құйқаны шымырлатқан сұңқыл үн құлпыра құйқылжыды. Бұл қоштасу әні секілді мұңды бір сүре еді. Ұйып тыңдап отырған жұрт көзіне жас алды.

Жібек жолымен қоштасу қиын.

Ұлы Жол жолаушының анасы іспетті. Алысқа аттанса тілеулесі, жақында жүрсе сырласы. Тағдырдың біз білмеген көп бұралаңына салып сүркілдетер, алыс-жақынмен табыстырар, шаршатар. Адам атаның қолынан жетелеп жүріп өсірген батагөй ақылшысы бұл. Қол қусырып қарсы алар досқа да, жол тосып аңдысқан қарақшыға да бірге жолығады, бәлені де, жаланы да қосыла көреді. Жолы жаман жолаушы өтсе дағы бұл сорапқа сор ат жамалады. "Ауыр жол"'деп аулақтайды. Тіпті "жау жолы", "бөрі жатағы", "қарақшы соқпағы" деген үрей туғызар аттар дүниеге келеді. Осының бәрі жүріп өткен жолаушыдан. Ақылгөй ана оны да көтереді: төсінен жортып, шаң қаптырып кететін кезбе мен саудагерді ұлыңдай сүйеді, арқасында аунатып еркелетеді. Көз көріп, құлақ естімеген елге адастырмай апарып, игі жақсымен таныстырар, жекжат етер. Жол болмаса туған жердің ыстық демін, тәтті дәмін, жақсы-жаманың парықтай алар ма екенсің; жат өлкеде жүріп сағыныш атты құдіретті тұщына алар ма екенсің; кейінгі буынға әз сөзіңді қалдыра алар ма екенсің; қайдағы сөз! Қайдағы құдірет! Жолсыз өткен тіршілігің көрмәдік, көзсіз күнкөріс-дағы. Жібек жолынсыз қара қазақтың алтын ордасы, торқа болар топырағы, салтанаты, сәні — Ұлы Отырар дүниеге келмес еді..

Омардың қоңыр даусы дірілдеп бұзылып кетті. Еңкейіп, жайнамаз шетінен бір шөкім топырақ алды. Маңдайына басып тәу етті, көз жасымен шылады. Көп уақыт дәмдес-тұздас болған, өткен өмірінің жолдасы, ілгергі үмітінің тілекшісі бек жолына жүрек алғысын білдіріп, қайыр-қош айтысты.

Керуен Жібек жолымен жылап қоштасты. Соңына қимасындай қарай-қарай кетті.

Омар шаһарға елшілікке Хаммалъ Мераги мен Амин аддин Херевиді аттандырды. Қала әміршісіне тарту жөнелтіп, салауат білдірді, шаһарға кіруге пұрсат сұрады. Пұрсат келсе: осыншама кісіні нешеме күнгі бейнетке жегіп, сүркілге салған, басын қатерге тіккен жарлықты орындамақшы. Ол жарлық — қағанның құқы — қыпшақ қолының саның, жарақ күшін, шаһардың әлсіз жерін білу: сұрапыл тасқынның алдыңда тұрған Отырардай тас қамалдың іргесін сөгу еді.

Жансыздыққа жол алған.

Шаһар әміршісінің "кіруге пұрсат" деген қос ауыз сөзі түс әлетінде келіп жетті. Ұзын керуен құлдилап кеп қаланың Алтын қақпасынан құйылды. Қақпаға еніп бара жатып елші Омар еріксіз артына бұрылған. Неге екені белгісіз Жібек жолы қан түстеніп қалып барады екен. Ет жүрегі дір етті.

ЖЕТІНШІ САРЫН

Хижраның алты жүз он бесінші жылы, жаңаша, күн календары бойынша мың екі жүз он сегізінші жылы, қазақша Барыс жылының көкек айы еді. Отырар әміршісі Иланшы Қадырхан Хорезмнен, шахтардың шахы Мұхаммедтен жеткен жарлықты орындауға кірісті; жарлықта күннің шығысынан, қаған ордасынан Омар қожаның бастауымен келген төрт жүз елу жансыз саудагер, кірекеш, елшінің қауақ құрлы құны жоқ басын. алу керек-тін және олардың қол астыңдағы бес жүз түйеге теңдеген асыл жиһаз, тайтұяқ күміс, жамбы, құйма алтындарды Бұхарға жөнелту қажет-ті. Мұхаммед шах тақауда төсек жаңартқан, жас иіс перизат Бұхар тумасы еді, соның жасауына дүние толмай жатқан. Иланш Қадырханды шахтың жарлығынан гөрі, жауына деген қысастық жеңді. Жылдар бойғы жүрегіне беріш болып жиналған ызасы қанға бастады. Жымысқы саудагерлерді Ақ қорған бекінісінің жазығында лақша бауыздатты, қанымен жусан суарды, жұртына "елін сатқан опасыз өстіп өледі", деген тәлім үйретті. Әлгілердің арам ниетпен әкелген дүниесін қайыра теңдетіп, Бұхарға жөнелтуге жарлық етті.

Бұл керуенді бастауды сенімді қызметшісі Мақсұтқа тапсырды.

Керуен Отырардан шыққанда ауа райы ашық болатын; күн тас төбеге шаншылып алып, жердің көне құйқасын көңірсітіп қуыра бастады, жусан біткен бір уыс болып жерге жабысып алған. Түйе табаншамен былқ-былқ-былқ етіп тапталады да, келесі мезетте бел жазып қайта түрегеледі. Әрәдік туған жерін сағынып келген құстардың әдемі үні естіледі. Биылғы көктем ерте шыққан, онсыз да қары мардымсыз, сүлесоқ, сарт есек қыс қыр асуы-ақ мұң екен, тырналардың тырауы кернейлетіп қоя берген. Содан бұл өлкеге қарбалас кимыл келген; диқандар ертемен тұрады, ескі арықтарды қайта қырнайды, атыздарды биіктетеді, шығырды жөндейді, кетпен шыңылы көбейеді. Отырар шаһарына да күннің батысынан да, шығысынан да қаздай тізіліп қоңыраулатқан ұбақ-шұбақ керуендер тоғытыла бастаған, ел-елдің, қатынасы көбейіп, дамылсыз тіршіліктің доңғалағын қайта бір айналдырып жіберген.

Әне жерден де, мына жерден де мал айдаған, асау қуған жігіттердің төбесі қылтылдайды, қарасы көрінеді. Сары бидайық бетеге, изен, қазоты қалың шыққан. Бұйырса, малға да, адамға да рақымы мол мамырстан заман болғалы тұр. Жайбарақат тіршілік, қарекетшіл халық, асықпай аққан Інжу өзені, алыстан қарауытқан Қаратау, аяқ-қолын барынша созып керіліп керенау жатқан дала табиғатыңда өзгеше құбылысты тілемейтін тәрізді, алыс-жұлысты ұмытқалы не заман, осы күй, осы күнкөріс қана жанның рақатына айналған. Маң-маң басқан бас түйеде келе жатқан керуенбасы Мақсұт осыны ойлаған, күн қызуынан маужырап, қалғып-мүлгіп ит рәсуасы шыға бастады. Әрәдік дағарадай басы бір жағына ауып түсіп, селт етіп көзін ашып алады. Маңайында мидай жазық, соңында шұбатылған керуен, ол тағы қалғиды. Қоңыраулары сылдырап, маң-маң басқан нар түйелер танауын шу-шу еткізіп, бастарын шұлғып қояды. Бірнеше ай азапты жол жүріп, сіңірлері созылып Отырарға жетті де, апта өтпей алыс сапарға және шықты. Бұл жолы аяқтарына байлаған құрым жоқ, тасты жер, қырат-қырат асулар алыста қалған, алда табанға жұмсақ тиер Қызылқұм, солай қарай беттеп келеді. Табанға былпып басылған жол жүрісті мүлде самарқауландырып жіберген секілді, әйт-шу, арттағы құлдардың үні көмескі шығады, шала естіледі, тағы есінеді.

Керуенбасы Мақсұт мінген қара нар мазасыз, ғұмырында нешеме керуен тартып, жол бастап үйренген жануар жер жайын, жол жайын кісіден кем білмейді. Ауа райын алдың ала сезетін қасиеті барды. Сол қасиеті әлденені сездірді ме, не алыс сапардан шаршады ма, жүрісі мардымсыз, аяңы аңғырт, екі жағына жалтақ-жалтақ қарай береді. Әр кезде ауыр басын қатты шұлғып маң кетеді. Жануардың бұл мінезіне керуенбасы Мақсұт әуелгіде мән бере қоймады. Өйткені өзі талай мәрте керуен бастап, түйе тартып Қызылдың құмын кесіп өткен, ұрыға ұстатпай, қуғыншыға із қалдырмай үйренген жырынды жігіт еді. Кешегі оқиға есіне оралды.

Кеше, күн ауарда Пышақшыдағы бұған Күмбез Сарайдан жаушы келіп; "Иланшы Қадырханға жет", деген жарлық әкелген. Бұл асығып-үсігіп Салтанат сарайына кіргенде әмірші жалғыз күтіп отыр екен. Түсі суық, қасының арасы тұтасып қосылып кетіпті. Аса бір жайсыз хабар естісе естуші еді. Ұйқы көрмеген көзі қызарып, домбығып, түйліге қарайды. Мұның сәлемін ернінің ұшымен "шүкіршілік" деп қана қабылдаған.

— Саған ғана сеніп тапсырғалы отырған жарлығым бар.

— Әміріңізге құлдық!

— Күннің шығысынан келіп жансыз боп жазаланған саудагерлердің бес жүз түйелік жиһазы қалды. Теңге буған алтын, күміс құймалары бар. Арына сеніп табыстаймын. Бұрауын жоғалтпай Бұхарға жеткізесің, сондағы Мұхаммед шахтың қолына тигізесің. Ал мынау кепілдік қағаз, "алдым" деп таңбасын бассын, қойныңа тігіп алғайсың.

— Тақсыр, қол қосып бересіз бе? Жол қиын, қатерлі.

— Бере алмаймын.

— Қызылқұм бұл күндері жол тосқан ұрылардың жымына айналған. Заман да қағынып кеткелі тұр. Жол ауыр, тақсыр.

— Көп көзге сенім аз. Тәуекел деп кірекештермен кете бер.

Өзіңнің де он кісілік күшің, сан күндік айлаң бар емес пе, саған сенемін де.

— Қашан жол алуға жарлық етесіз?

— Күні ертең, таң бозынан бұйда тартыңдар.

— Ауа райын андамаймыз ба, тақсыр?

— Оған пұрсат жоқ, қайткен күнде де керуенді тез жеткізген жөн. Ауа райы құбыла қоймас. Көктемнің күні ғой, құмның тыншу шағы. Қаупайламай аттанып кетіңдер.

— Құба-құп!

— Алла жолыңды оңғарсын!

Иланшы Қадырхан иіліп тұрған Мақсұтқа жол сапарының оң болуын тіледі, батасын берді.

Керуенбасы қайтып сөзге келмей, бойына біткен тоң мінезбен ішінен түйіліп тез бұрылып кеткен-ді...

Мақсұт қандай жолға жұмсаса да Дешті-Қыпшақ аруағының, оның Иланшы Қадырхандай ақылды азаматының айтқанынан аттап кете алмақ емес. Сол жолға жұмыр басы пида. Сан қилы қатерлі сапарда әміршінің жолына басын тіккен, қорғап қалған, енді осы жарлығын да жан-тәнімен орындауға бейіл. Бұл өзінің бойына сіңген қасиеті. Оған қоса жігіт жігері, алғыр ойы, адуын, асқақ қайраты және бар.

Ертемен таң бозы біліне бастағанда Мақсұт төсегінен тұрып киінді, жарағын асынды, үйінің төбесіне шыққан. Көгілдір зеңгірге зер сала қараған. Заңғар аспанда жанар тұтар тұлдыр жоқ, кірі ашылған көйлектей самал төсінде желпілдеп тұр. Самалдың кеудені ашқан әдемі жұпары бартын. Кенет Мақсұттың оң бүйіріне шаншу қадалғандай сезілді, түстікті түгел көмкеріп жатқан Інжудің арғы жағынан, Қызылқұм арасынан әлдекім бұғынып алып жебе тартып жатқандай. Сұп-суық ызғырық еседі. Денесі түршігіп тоңази бастады. Әлденеден қатты сезік қылады, неден? Heгe? Өзі де оншасын білмейді. Күннің батысына, жаңағы бір бүйіріне шаншу болып қадалған ызғырық соққан тұсқа ұзақ сүзілді. Қара мұнардан өзге ештеңе көре алмады. Кідіруге болмайды, әміршінің жарлығы солай.

Жедел басып Қан Базардың сыртындағы керуен сарайға жеткен. Сарай ауласында қауырт қимыл, бес жүз нарға жүк тиеліп жатыр. Бура санды, балуан білекті кірекештер аяқтарының ұшымен басып зыр жүгіріп қызмет қылады. Қолдасып кеп, лып-лып еткізіп жүк көтереді, нар бүйіріне лық еткізіп тең қояды. Қыл арқанмен тартып таңады, жыңғыл қазықтан бұрау салады. Маңқ дегізіп бұйдасынан тартып тұрғызады да сарай қақпасының сыртына жетелеп апарып тізе береді. Осы жұлмыт қимыл сүт пісірім мезгілге созылған, күллі жүк тиеліп, түйелер тырнадай тізіліп болған.

Мақсұттың жанарына күннің әуелгі шапағы шашырады. Бес жүз түйелік әйгілі керуен тізбектеліп Дарбаза қақпадан шыққанда көне көшелердің қарбаласы басталған. Намазға тұрған ақсақалдар аңыра қарасады; бұл қақпамен бұрын керуен жүрмейтін, қол ғана өтетін, әрі мына керуеннің жүрісі тым суыт. Аз уақыттың ішінде Арыс көпірінен өткен. Керуен басындағы Мақсұт түстікке, Інжуді маңдайға алып жедел жүруге жарлық жасады. Күн қызып жерді көңірсітіп қуыра бастағанда баяғы мазаң ойды ұмытып та үлгірген. Оның үстіне керуенші атаулының нешеме қат заманнан қалмай келе жатқан салты бар; керуенбасы жолға шықса жаманшылық шақырып уайымға берілмегені ләзім, әр нәрседен шошына берсе ойлағаны жолда шын пәле болып жабысады. Неде болса керуен жолға шығып қойды, алған беттен қайту жоқ.

Түс әлетінде ұзын керуен Інжу өзенінің жым басқан жағалауына келіп жетті. Өзеннің бұл тұсы өткел бермейді. Бұлар біраз озыңқырап барып жағасы жайпақ Алпауыт өткеліне түсті; ені атшаптырым болып созылып жатқан өзеннен өту жеңіл емес, бағытыңнан айырылып, табан жазсаң иірімге түсіп кетесің, суды аса сақтықпен кешті. Жайпауыт жермен жылжыды. Мақсұт жол бастап әккіленіп қалған, "түйенің аяғы тайып, оппа, не шүңейтке түсер болса бұйдасын қиып жіберіңдер", деп кірекештерге жарлық жасады. Су жыландай иретіліп, көп жүріп жағаға да шықты. Соңғы түйе келіп жеткенше иіріліп күтіп тұрды. Сырғи аққан көк тұңғиық соңында қалды.

Қарсы беті Қызылқұм, бұйрат-бұйрат, жал-жал болып мұхиттай толқып жанарды жейді, төбеде заңғар аспан етекте сусылдаған ыстық құм, одан өзге ештеме жоқ. Маң-маң басып еспеге сіңген сайын сүрлеу де бұралаңдай қашып есті кетірді. Соңына қарайды. Түйелердің арасында анда-санда қылт-қылт етіп кірекештердің бастары көрінеді. Меңіреу өлке бар құпиясын қойныңа тығып алып момақансып жатыр. Әрәдік алыстан шаңытып әлденелер көрінгендей болады, бәрі бұлдыр елес, бәрі беймәлім сағым.

Керуен тырнадай тізіліп тарта берді.

Тап осылай тоқтаусыз жүріп көп жол өндіріп тастады. Бірінші күні түстенбей тартып, қоналқыда бір-ақ дамылдамақшы. Күн де шалдырып, майы таусылған шамға ұқсап қызарып көкжиекке еңкейді. Аптап ыстық басылып құмның лебі салқын тарта бастады. Түйелер әлі сіңірі созылып шаршамаған секілді, кідіріс бермей лықылдап салып келеді. Тайлақ кезінен бастырып, керуен тартып үйренген жануарлар жер табаның қуырып аршындай аяңдайды. Еңсені басқан, иықты езген ауыр жүкке әбден мойынсұнған. Мақсұттың қара нары жалға көтеріле бергенде әріректен әлдене шандатып жоса жөнелді, аң ба, құйын ба, аңғара алмады. Көзбен алысқа ұзатып салып қонатын жерді мөлшерлеп, бағдарлап, біраз кідірген. Соңғы түйелер талтайып тұрып қалды.

Керуен әйгілі Белқұмға кіргенде күн сары майдай еріп құм талқаныңа араласып сіңіп жоғалған. Мақсұт ырқылдап ойға түсіп келе жатқан қара нардың бұйдасын тартты. Үлкен құм қойнауды қорған тұта керуенді иіріп жіберіп, аялдауға жарлық жасады. Нар біткен бақырып шөге бастады. Күллі түйе шөгеріліп болған мезетте қызыл қойнауға жаңа бір шаһар орнағандай көрінді. Қарауытып, үйме-жүйме болып, алқапты тұтас алып кетті. Кірекештер енді тендерді шешіп түсіре бастады, біразы қауырт қимылдап сексеуіл сындырды, от тұтатты, ас қамына кірісті. Тендер түгел түсіріліп, жиналып біткенде қас қарайып іңір үйірілген еді. Қырқадан қылтиып ай туды. Қызметші жігіттер қоржындағы кесек-кесек піскен етті алып, отқа жылытып, дастарқанға салып турай бастады. Күні бойы қажалған құйрықтарын жұмсақ құмға сұғып, кейбірі көсіле сұлап, ет жеп, гулесіп отыр.

— Бұл Белқұм қарақшының жымы десетін. Көз ұйқыға кеткенде бас салып қылыштап кетіп жүрсе қайттік?— дейді керуенге осы жолы ғана ілескен жас кірекеш.

— Қайдағыны айтады екенсің, жарқыным!

— Қарсы қайрат қылатын қол да жоқ.

— Не қыл деп мөңірей бересің енді?

— Сақтықта қорлық жоқ дегенім ғой.

— Бабаң батыр болған еді, өзің қояндай қалтырайсың, бәтшағар.

— Дәп сол бабам айтып отыратын. Белқұм ұры мен бөрінің ұясы деп. Көре қал, әр бұтасы әр пәлеге айналады.

Керуенбасы мына әңгімені естіп жатса да үндеген жоқ. Шапаның жамылып, жадыны жастанып мызғыған болып жата берді. Шыныңда да жас кірекештің айтқаны рас еді. Жұт жылдары осы құмның әр сексеуілі бір-бір бөріге айналып, әр соқпағы жол тосқан баукеспенің дәл үстінен түсіретін еді. Талай мәрте керуен бастап жүріп шайқасқаны бар. Әйтсе де қонуға тура келеді, қараңғыда жол жүріп, түйелердің табаның алдыртқысы жоқ. Таң бозынан жол тартып кетсе төрт күн дегенде Бұхарға жетіп барары кәдік. Алда әлі ауыр асу, сусыз сахар шел жатыр. Соған күш сақтап, сайланып өткені жөн.

Басын көтеріп кірекештерге жарлық жасады.

— Жігіттер, сексеуілді мол қып үйіп алыңдар, отты сөндірмеңдер, теңге күзет қойыңдар!

Мақсұттың көзі ілініп-ақ кетіпті.

Ай көтерілген сайын өңі бозарып қанқызылдана түсті, сексеуіл шоғы дерсің, жалқын сәулесі ә дегенде құмды алапты қарып өткен. Манағы жас кірекештің бойын тілсіз үрей меңдеді. "Ай ағарып туса бүйтпес еді-ау", деп ойлады ол. Қисапсыз қол сұрапыл ұрыстан соң кешке салым дамылдап сұлай-сұлай кетпеуші ме еді, мына жоталар дәп сол; ай енді қан сіңген қалқанға ұқсады. Алқызыл жалқынға бөккен торы белдер көз салған сайын алабұртты, жүрегін көтерді. Жаман бір халге бастады. Осы шұбырынды керуен сорабын "Жау жолы" деп атайды. Жол ылғи құм жотасын бөктерлеп, сексеуілі сирек шабырды қамшылар жаққа қалдырып күнгейге тартады да отырады. Ертеде бұл "Жау жолымен" жас кірекештің бабасы керуен тартқан. Інжу бойындағы Отырардан ерте аттанады екен, күз түспей тұрып Бұхар, Самарқан, әрісі Бағдат, Мысыр елін аралап сауда жасап қайтатын; мәмлүк қыпшақтарымен құрдай қатынасып жататын. Сондай ұзақ сапарда аңызақ шөлден опат болмау амалын жасайды-мыс. Қонған жерінен түйе жантақ деген шөл шөбін іздейді екен. Тапқан түйе жантақтың қаужағын қырқып, сабағын қалдырған, Сол сабақтың өзегін бәкімен қақ тіледі, арасына шөлқарбыздың шопағын қондырады екен, сосын сабақтың бетін құммен қайта көмген. Керуен кейін қайтар жолда шілденің аңызағына ұшырайды, кірекештердің көзіне ажал елестейді. Өліп-өшіп көктемгі қонып өткен жеріне жетеді.. қараса...жантақ сабағына отырғызып кеткен дақыл дәні көктеп, өркен жайып, пәлек арасынан бұлтиған шөлқарбыз көрініп жатады. Кірешілер жантаққа біткен шөлқарбызбен сусындап алып келесі қоналқыға жетуге асығатын, сосын келесіге.

Әлден уақытта ұйқыдағы Мақсұттың құлағына әлде бір ызың естілгендей болды. Әлгі ызың білеу-білеу бура сан құмдарды күңіренте жөнелді. Жүрегі қатты соғып, орнынан ұйқылы-ояу қарғып тұрды. Денесі мүздап қалыпты. Тамағы құрғап дыбысы шықпады. Алғашында көзіне ештеме көрінбеген, бірте-бірте құм шағылдарына жан бітіп көтерілгендей сезілді. Маздата жаққан от сөнуге айналған, күзетші жігіттер қалғып отырған. Керуен бастайтын қара нар орнынан оқыс тұрып үздік-создық боздай бастады. Мақсұттың даусы енді шықты.

— Жігіттер, құм дауылы келеді!

Жер дүние аласапыран күйге түсіп күңірене жөнелді. Ай да жылт етті де, сөне қалды, маңайды қара түнек басты. Өре түрегелген кірекештер алғашында естері шығып дүрліге берді, жау шапты деп ойлады, манағы жас кірекеш "бөрі, бөрі!" деп бар даусымен маңайды көшіре шыңғырып жіберді. Белі көтеріле бастаған құм көзіне мыңдаған бөрі болып көрінген.

Керуенбасы Мақсұт осы жаманшылықтың болатының алдың ала сезген тәрізді еді, бірақ тап мұндай сұмдықты түсінде де көрмеген. Бұл өз өмірі ішінде естіп-білмеген сойқан, сұрапыл құм дауылы еді. Жер-көкті сабалап, ысқырып, түтіп жеп барады.

— Жігіттер, түйелерді тұрғызыңдар! Қырға тартыңдар! — деп айқай салды.

Жан сауғалап жүрген жігіттер түк істей алар емес. Құм қауып, жер тырмалап домалап қалып жатыр. Ішін тартып соққан ышқынды дауыл жатқан түйелерді жалмап жеді, Мақсұттың көзі түкті көрмесе де, бақырып-боздап құм селінің астыңда қалып жатқан түйелердің жайын анық сезген. Кісілерін де бағдарлай алмады, дауыл ма, әлде соның шуылы ма, әлде жаны шыға шыңғырған кірекеш үні ме, қайдағы бір жайсыз дыбыс Мақсұттың құлағынан кетпеді. "Дауыл тұрып түйе жығылса, ешкіні көктен ізде" дегендей, дүлей күш Мақсұттың өзін де лақтырып жіберген-ді. Ол жерге етпеттей жатып қанша жабысса да тоқтай алмады. Домалап бара жатып бүйірі қатты бір нәрсеге соғылды, жандәрмен деп соған жармасты, қара нардың артқы сирағы екен. Жануар жан далбасамен шапшып, аласұрып, жөңки жөнелді. Керуенбасы енді ақтық күшін жинап, нардың иір мойнынан қармады; қайратты мал малтып, қарғып біраз жерге барғандай болған, Мақсұт есінен танып кетті.

Құм дауылы тәулік бойы дамылсыз соқты. Бұрынғы Белқұм бұл дүниеден жоғалды. Өлке тып-типыл өзге бір құм теңізіне айналған. Келесі тәулікте демін ішіне тартып тынши қалған осы теңіз толқындары арасынан құр сүлдері ғана қалған қара нар малтып шыға келді. Кешегі алып түліктің орныңда саудыраған төрт сирағы, кәукиген басы ғана әзер қыбырлап, күңірене боздап кеп жүрді. Есті жануар құм еспелерін табанымен тарпыды, топырақ боратты, иесін іздеді. Ақыры әлдебір еспе арасынан өлі мен тірінің ортасында ессіз жатқан кісіні тауып алды. Бұл керуенбасы Мақсұт еді: күн көзі жылытып, жел лебі есіп, есін жиғызды, көзін ашып, басын көтерді. Маңайында қабырғасы ырсиып мая жонданған құм жоталарынан өзге дәнеңе жоқ, меңіреу жатқан өгей дүние. Сүйретіліп тұрып қара нарға мінді, қырқаға көтерілді, бұл да жерден көзін алмай әлденені ұзақ іздеген, із кескен, тірі жан ұшыраспады. Құм тұңғиығында қалып қойғанға ұқсайды. Ақыры Мақсұттың да миы ашып, мәңгіріп жөніңе кетті.

Ол осы бір сұмдық оқиғаны Отырар әміршісі Иланшы Қадырханға келіп мағлұмдаған. Әмірші қатты опынып, құм жұтып опат болған кірекештерді, бес жүз түйені, тең-тең алтын, күмістерді іздеуге бел байлады. Көреген керуенбасы, жырынды ізшіл, кәнігі аңшы, сартабан жолбасшы қарияларды жинады. Ұзақ жолға әзірленді. Бірақ ойға алған істі орындауға жазбаған екен, бұл жолғы сұрапыл сойқан күннің шығысынан соқты.

СЕГІЗІНШІ САРЫН

Ғаббас көреген биік шартақ үстінде етпетінен жатып көн кітапты оқуға кірісті; ай сүттей жарық, терістіктен майда самал есті, лықылдап доң үстіңдегі маса мен шіркейді ылдиға қуды, Жауһар қорғанының көне сүлдері алыстан қарауытады, жебе ататын ойық оқпандары ай сәулесімен бадырая түскен. Көрегеннің қолындағы Хисамеддин ақынның тақауда жазып тамамдаған "Хикаялар" атты дастаны еді, жас ақын ұстазына әкеліп сыйға тартқан.

Қарт оқымысты ай жарығының астыңда ақынның алғыр қиялынан туған толғауды шөліркей оқыды. Бір байқағаны жас ақынның жыр жолдарында тілмен айтып жеткізе алмайтын сіре мұң жатты. Сол мұң жырдың айрықша алтын қабаты секілді еді.

Сөздің суреті көрінді.

Мұнда көн кітап жазған ақын туған, Мұнда "Негіздерді" талдаған ғалым тұрған . Болса тәңірім екінші өмір қиғандай Сығанақта көз жұмар ек қиналмай. Ен далада мекендеген еркін, ерке ел едік, Жұртымызды жеті қаттың ілімімен жебедік. Дешті-Қыпшақ кеңісінен көтереді күн көзін, Тамылжыған нұрға малып Отырардың күмбезін, Туған жерді сүйген сайын күнге ұсаймын күнде өзім. Өтті тарих сары далаға жасап жаз, Ерлік қана бұл дүниеде жасампаз, Ешбір ақын сендегіні түгел таусып жаза алмас. Ымыраттың жолбарыстай бүгіледі жондары, Сан ғұлама сол мекенде асыл ойын толғады, Намысымыз алмас қылыш тат баспайтын қолдағы...

Осы жерге келгенде көрегеннің мақамы үзілді, тамағына тас кептелгендей болып, сәлдесінің ұшымен жанарын сүртті, терең-терең күрсінді. Күрсіністің сыры бар-тын.

Тақауда көреген сұмдық оқиғаның куәгері болған.

Күллі Мәуереннахрға қатер төнді, шығыстан Шыңғысхан қара дүлей дауылдай жолындағының бәрін жайпап келе жатыр-мыс; ақыл ойдың биік шыңы болған талай ғасырлық салтанатты зәулім ымырат, зергер қолының бедерін сақтаған сәнді сарайларды күлге айналдырып, халықты қан жоса ететін, ат ауыздықпен су ішетін, батыр ер үстінде ұйықтайтын заман туды, "Үргенішке, дуан-арызға жиналыңдар!"— деген шахтардың шахы Мұхаммедтің жарлығын естіген. Естіген де қыпшақ қолбасылары мен хандары мәслихат жасаған. Көп ойласып Үргенішке Иланшы Қадырхан мен Ғаббас көрегенді жіберген, босуға тосу болар, дүлейдің бетін қайырар қол сұра; білек қосып күреселік дескен, саналы мәмілені күтіскен.

Дуан-арз мәслихаты әуелі шет елдік елшілерді қабылдаудан басталған. Күннің шығысынан үшінші мәрте елші келіпті.

Бұл жолы қаған сөзін айтуға Ибн Кефредеж Богра деген жирен сақал татар жетіпті, жаныңда шұбатылған селебе секілді екі көмекшісі бар. Салт бойынша әуелі елшілер сөз алған.

— Адал ниетпен жіберілген қаған елшілері Омар қожа, Хаммаль Мераги, Пақыриддин Дизеки әм Амин ад-дин Хереви жазықсыз мерт болды; онымен қоса төрт жүз қырық алты кірекеш, бес жүз түйе, нешеме қат асыл жиһаз, құйма күміс, алтын түйіршіктері жоғалды. Адал саудагерлерді арандатқан қыпшақ ханы Иланшы Қадырхан екен. Қаһан жазықтының басын сұрайды, қанға қан, жанға жан, сонда ғана кегі қайтады.

Ибн Кефредеж Богра сөзін айбат шеге айтты, саусағымен сақалын тарап сұрланып отырып қалды. Қолы толы жақұт тасын қондырған жүзіктер екен. Мойнындағы сала құлаш тәспісі де асыл тастардан тізілген. Жалтылдап көз қарықтырады.

Шахтардың шахы оң қанатты көмкере жиектеген ақылшы, кеңесшілеріне бұрылды, солардан шешім күтті.

"Иланшы Қадырханның отына қол күйдіріп қайтеміз. Өзі үрлеген екен өзі өшірсін. Кіріптар болып не қыламыз, шах ием", десті.

"Құдая, көресіні қырық пышақ қыпшақтан-ақ көріп болдық-ау, жауға шапса жігіттерімізді желіктіріп соңына ілестіреді, жаудан қашса қылышқа бізді құрбан етеді, таусылмайтын дау-дамайын шешеміз деп шақшадай басымыз шарадай болды; не қыл дейді енді! Арылып тынайықшы пәлелерден!" десті.

"Төрт мұсылман саудагері бастаған елші керуенді құртып келіп, енді бізді кіріптар қылмақ. Құның өздері көтерсін. Төрелігін біз берелік!" десті.

Сосын сәлделері былғаңдап дуылдады дерсің, нақа бір сарайда зікір салып, жарапазан айтылып жатқандай болды, бара-бара Иланшы Қадырхан мен Ғаббас көрегенді көзге шұқып жекіп, тілдеуге басты; күз айында қаны толып жалы таралған жылқылар сәл нәрсеге желіге қап осылай шұрқырасатын, осылай оқыранар еді, сосын беталды маңып жосқындар еді; мұндайда қайыс тақым жылқышының құрығы керек. Төр алдыңда үлкен піл сүйегінен істелген тақта отырған шахтардың шахы қабағын шытынды, кеңесшілерінің мәнді сөз, тоқайласар бәтуа таппай күр шұрқырасқаныңа қынжылды. Бөстекі әңгімеге қарны ашты. "Біле білгенге Хорезм еліне қарақұлақ болып отырған қыпшақтар емес, шығыстағы Шыңғысхан емес пе. Қарыны тойғанға марқайып қарап жатпай, жымысқы иттерін жібереді кеп, ол иттері кілең мұсылман тағы. Мұсылман жұртының аруағын қорлап қорқыта ма-ау, құн сұрай ма-ау, төбені тесіп барады. Бұл атаңа нәлеттерден құтылатын күн бар ма, әлде көресіні елшіден көріп өтпек пе?!" Шахтардың шахы жаман ашуланды, терісіне сыймай тырсылдап ызаға булықты, жанарын жалт еткізді, шуылдақ сәуріктер жым болып басылды.

— Иланшы Қадырхан бөтеніміз, емес, жиеніміз. Жаман қасындағысын қарақтар деген. Білгіш болсаң елшіге уәж қайтар! — деді шахтардың шахы шыдамай кетіп.

Кеңесшілер сөз ауаның, ой арнасын ауыстырды, өзге арнаға түсті.

— Осы Шыңғысхан деген кесапаты кім болды екен?!

— Жорық жасап қағаның шыққан жатырына қайта ендірмесе болмас; жер қайысқан қолы бар-мыс дегені шіп-шикі лақап. Баяғыда қызыл бастарда осылай көкіген, шынтуайттап майданға түскенде көрдік, көбі белін буып, бөрік киген қатыңдар екен, қарық болғанбыз.

— Мен айтсам анығы сол: батырымызды қапыда ұстап байлап әкетеді, құл етеді, бұл бір; Иланшы Қадырханға уәде еткен ант бұзарға таңғұт қызын жіберіпті.тұтқын қыз ант бұзарға жүрмейтіні анық, Шыңғысханның мұнысы бітісейін дегендік емес, кетісейін дегені, бұл екі; құдіреті күшті шахтардың шахы Мұхаммедті "ұлымдай жақсы көремін" деп және мазақ етті, бұл үш; қазір қай базарға бас сұқсақ та Інжудің сары масасындай ызындап өсек таратып жүрген жымысқы саудагерге кезігеміз, бұл саудагерлер қағанды марапаттап, құдіреті күшті шахтардың шахын даттап жүр, бұл — төрт. Шыдамның да ширығар, ақылдың да азаяр, сабырдың да сарқылар мезеті болады. Сол мезет жеткен секілді, - десті.

— Елшінің кілең мұсылман болып тотықұстай сайрап келетіні намысқа тиеді. Сонда жерлестеріміздің игі жақсыларының бәрі жансыз болып кеткені ме? Сонда тәжікелесеріміз кім? Қарақұлақ маңғұлы қайда?

— Елшімен тәжікелесіп абырой таппаспыз.

— Ит терісін басына қаптайықшы!

Шахтардың шахы кеңесшілердің сөзін бөлген жоқ, керісінше бас изеп, еңсеріле тыңдап мақұлдаған рай танытты. Ендігі мезетте есік жақта жер боп жасыған Ибн Кефредеж Богра шыдай алмады, қолын кеудесіне айқастырып сөйлеуге пұрсат сұрады. Әмірші басын изеді. Елші сол иілген күйінде қатты қарайып сөйлеп кетті. Дауысы кіші күмбезді жаңғыртты.

— Мұхаммед шах, елшіге тіл тигізу кешірілмес күнә, айықпас қатер, көңілге түскен жара. Қақпаңнан қандай құрметпен кірсек, дәл сондай сияпатпен шығарып салу парызың: Кел демек бар, кет демек жоқ. Өз басым мұсылман емеспін, маңғұлдың бір руы "татар" деген боламын. Татарлар ер жүрек, жаугер, екі сөйлемейтін жандар. Татар түмені Шыңғысханның сенімді торғауыттары. Қайсыңмен де тең иық болып сөйлесуге құдіретім жетеді. Мына ши бөрідей шуылдағыңды тыйып, бәтуаға кел; не құнымды қолыма бер, не кетісіп көр! Екінің бірі.

— Пәлі, қалай тантиды мынауың?!

— Төбемізге жаңғақ шағып, құдық ойды деген осы!

— Кетіссе — қараң қалдық!

— Қыпшақ қылышымен бауыздар ма еді!...

— Сөйт! - деген дауыс дүйім жұртты селк еткізді. Дабыра сап басылды. Бәрі төрдегі шахтардың шахына қарады, оның шатынап ішіп-жеген жанарынан, жан шошырлық айбарынан алаңсыз ықты. Атылуға ыңғайланған жолбарыстай бүгіле түсіп, алға ұмтылтып, оң қанатта отырған хорезмдік қолбасы Темірмәлікке түйлігіп кетті. Соңғы сөзді сол айтқан. — Сөйт! Өз дегеніңді көз алдымызда өзің орында! — Шахтарды шахына керегінің өзі осы еді, қулық ойлаған. Адал мінез аңқау қолбасы Темірмәлікті көптен ұнатпай жүретін, оның бетке айтар туралығын жаратпайтын, қиып түсер қайсарлығынан қаймығатын. Аңқау батырды сүріндірер ор іздеп жүрген, сол ор осы мәурітте табылды. Темірмәлікке тап қазір жазықсыз елшіні өлтіргізу оны омақастырумен пара-пар. Содан соң шығыстағы шатақ қаған елшісіне құн сұрайды, сонда "кісіңді опат еткен осы", деп ұстап береді. Әрі қыпшақ қылышы осында отырғандардың ішінде-жалғыз Иланшы Қадырханда бар. Оны да "қылыш иесі", деп кылмыскер қып кіріптар етуге болады. Жалғыз жебемен қос құланды құлату деген осы... иә-ә- ә... Шахтардың шахы ішінен жымиды, сырты әлі түлен түртіп тұрған.

Дуан-арз мүшелері қатерді сезіп тосылып қалды.

Темірмәлік абайсызда қолын отқа тығып алған баладай бей-жай күйге түсіп, түнеріп отырған, оқыста айтқан сөзінен тая алмайды. Ер үшін екі сөйлеу өліммен бірдей. Елшіні өлтіруге қолы және бармайды. Батырға бәрінен де намысы қымбат еді. Орнынан ырғып тұрып сол қанаттағы Иланшы Қадырханға қарай жүрді. Қылыш сонда. Өзінің де белінде алдаспаны тұрып, біреудікіне жата жармасу жаман екен. Майдандас серігінің алдыңда күнә жасағандай кібіртіктей берді. Сарай ішін тылсым тыныштық билеген.

Осы мезетте Раббас көреген жанындағы әміршінің қылышын жұлып алды, иесі аң отырған, жармасам дегенше болмады, шал қылышты лақтырып жіберді. Қылыш шахтардың шахы отырған тактын дәл алдыңа түсті. Көрегеннің айласын бәрі түсінді. Иланшы Қадырхан өз қылышын көзі тіріде ешкімге ұстатпас еді, шайнасып өлер еді, енді қылышты Темірмәлікке шахтың өзі берсін.

Шахтардың шахы тырп етіп қозғалған жоқ.

Темірмәлік барып тақ етегінен алмас қылышты көтеріп алды. Жалт бұрылып төменде тұрған елшіге қарай жүрді. Ибн Кефредеж Богра тайсалмай тұра берген, жанындағы екі серігі жүгіріп келіп шахтың алдыңа жығылды, кешірім сұрап жалына жылады, маңдайларымен жерді соққылады. Әлгі сөзге елшінің кінәлы емес екенің, қағанның жарлығы солай болғаның жыр қылып жөнелді. Қасық қаның ки деп өтінді. Екі ел арасына өрт түседі десті. Қағанның қаһары жаман десті. Шахтардың шахы дүниедегі ең парасатты, ең кешірімді жан десті.

Шахтардың шахы қаның ішіне тартып сазарып отырып алды.

Темірмәлік жалтыраған қылышты тісіне басты, әуелі оң қолының, сосын сол қолының жеңін түрінді. Жүндес білегін шынтаққа шейін жалаңаштады. Қылышты қолына қайта алды. Ауаны тіліп екі мәрте шырқ үйіріп өтті. Сосын елшіге ақырын басып жақындай түсті. Бір аттады, екі аттады, жетті, Ибн Кефредеж Богра тапжылмай тұра берді, тек үңіле қараған кісі елшінің көзінен сұрапыл арпалысты сезер еді. Өшпенділікке толы жасыл ұшқынды көрер еді. Темірмәлік кәнігі қимылмен сол қолымен елшінің иегінен қапсыра ұстады да темірдей саусағымен қысып, көтере түсті, елші титтей де қарсылық білдіріп қаруды серпіген жоқ, сілейіп тұра берді. Еркек бір қатаймасын, қатайса лыпылдап аққан қаныңа дейін қоюлап, қарайып кетеді білем. Елші өз руының сүйегіне сіңірген мықтылығын мұқатқысы келмеді, аруағын қорламады, жаны үшін жалбарынбады, жағын ашпай қарысқан күйі тұра берді. Мұның аты — еркектік еді. Темірмәлік оң білегін жайымен көтере түсті. Қылышты жалт еткізіп күре тамырға басып тұрды да елшіні бауыздап жіберді.

Шапшып аққан қан колбасының өңірін жауып кетті. Елші денесі кескен томардай гүрс құлады. Темірмәлік қылыш жүзіндегі қанды сүрткен жоқ, кері бұрылды, алмас жарақты шахтардың шахының алдыңа тастай салды. Қылыш манағы көтерілген жеріне қайта түсті. Темірмәлік орныңа отырған жоқ, қайрылып сарайдан шығып жүре берді.

Шахтардың шахы намаздыгер көлеңкесіндей болып сорайып тағынан көтерілді. Аяғының астыңда бас ұрып, жаныңа сауға сұрап жатқан қос елшіні мәсісінің ұшымен түртіп тұрғызды. Сосын оң жағында тұрған кеңесшісі Несебі ұлы Ахмедке бұрылып әлденені күңк етіп сыбырлады. Өзі жымиып күледі. Осы ісіне көңілі толып тоғайған сыңайы бұл. Орныңа қомпайып қайта жайғасты.

Несебіұлы Ахмед тымпыңдап қолтықтағы қосымша бөлмеге жүгіріп кеткен. Сәлден соң қайтып оралды. Қолында жаңа тұтатқан қыш шырағданы бар. Шырағданның майын әлгіде ғана құйған білем, білігінен қарақошқыл түтін шұбалып шығады. Соңында қос қызметшісі сүмеңдеп жүрген, соларға бұрылып жарлық жасады. Еңгезердей қызметші құлдар шахтың алдыңда дірілдеп тұрған елшінің бірін қапсыра құшақтады, қолын артына қайырып ұстады. Несебіұлы Ахмед қыш шырағданды көңірсітіп тұтқындағы елшіге тақай берді.

Елшінің үлкен күрең сақалы бар-тын, Несебіұлы Ахмед сол сақалды шырағдан жалынымен пышырлатып өртей бастады. Сақал иесінің шырқырап жан дауысы шықты. Шырағданды айналдыра ұстап иектің ұшына жетті. Иек ұшынан сол жақты өрлеп жоғарылап самайға апарды, енді қайта төмендеп кеп оң самайға өрледі. Кілем үстіне үзіліп-үзіліп күл түсе бастады. Несебіұлы Ахмед шырағданды аулағырақ әкеткенде байқады, елшінің жағы мен иегі үйткен терідей болып бырысып қалыпты, күйген сақал түбіртегі қарайып-қарайып ноқаттанып, көрінеді. Елшінің түрі кісі шошырлық, жанары шатынап, бет-аузы күлді-көмеш, піспей үзген Бұхар қарбызындай болып алағаттанып қалған. Аппақ сөлдесі төмендегі әлеміш бетке мүлде кереғар көп сыңайды сиықсыздандырып жіберген. Қараған жұрттың көбі ішінен күбірлеп көзін тайдырып әкетті.

Екінші елшінің ебелек секілді аппақ қау сақалы да демнің арасында жоқ болды. Орныңда қызылшақа күйелеш әлпет қана қалды. Ол не де болса бейіл беріп дыбысын шығармады.

Несебіұлы Ахмед ісін тамамдап кері тайқығанда барып қос елшінің уілдеп күңіренгені естілді, әлсіз күңіренсе де әлде қарғыс, әлде тәңірге жалбарыныш, төбе құйқаны шымырлатқан жайсыз бір үн сарайдың ішін сырқыратты. Ғаббас көреген мына көріністен, сұмдық үннен құлағын басып безіп жоғалғысы келді. Қасындағы әміршіден қаймықты. Әмірші аса қарайып, балбал тастай қатып отырған. Оның жан сезімін андау қиын-ды.

Шахтардың шахы ауыр қозғалып алқа топқа қарады.

— Мына сатқындарды шекараға дейін шығарып салыңдар, ендігәрі етегін сүйретіп сүмеңдеп келмейтін болсын. Шатпақтап шатақ іздеген қағаныңа қаһарымызды жеткізсін,— деді.

Сақалы өртенген қос күйелеш елшіні еңгезердей шабармандар келіп сүйрелей алып кетті. Шахтардың шахы орнынан көтеріліп, тақтан түсті. Дуан-арз мәслихатына жиналған жұрт дүр етіп тарауға айналды. Әуелде тойға келген қуанышкер халық абайсызда ет жақының опат қылып алып, осылай көнілсіз тараушы еді. Жаназадан шыққандай аяқтарының басына үңілісіп бір-бірінен көздерін алып қашады. Ыңғайсыз бүгежектейді. Тап қазір әйгілі Дуан-арздың осы мәслихаты ақтығы, ақырғысы екенің біраз пенде білген жоқ.

Болжаған жалғыз Ғаббас көреген еді.

Бүгінде ай астыңда көн кітап оқып тебіренген көреген сол бір сұмдық оқиғаны Дешті-Қыпшақ пен Хорезмнің жамандық шақыртқысы деп болжаған, жалалы күніңе жорыған.

Т О Ғ Ы 3 Ы Н Ш Ы С А Р Ы Н

Сыр қазағы Ошақбай шілде керімсалына қақталып алыс жайлаудан Отырарға келген; соңында жүк артқан жүз қаралы түйесі бар, атқосшы жігіттері үйір жылқыны тықсыра қуып Дарбаза қақпадан енгізді. Ошақбайдың ойы Көкмардан мешітінің құзырына бас иіп, әулиелердің қолын алып, жаздайғы жиналған зекетті тапсырып қайтпақшы еді. Сосын Фараби кітапханасының иесі Әнет баба дертті деп естіген, көңілін сұрамақшы. Бұл заманда ел-елден келіп жеткен зекетті мешіттің бас шырақшылары қабылдайтын, дүниенің есебін алатын, хатқа түсіретін, сосын барып әміршінің алдыңа апаратын. Інжу өзені мен Қаратау бойын, Шу мен Сарысу сағасын жайлаған қазақтарға зекет түтін басы бөлініп салынатын. Сосын жылына екі мәрте сұрайтын. Бірінші мәрте қойдың күземі қырқылып, малдың көкке тойынып, қаны толған кезде, екіншісі күйек біте жиналатын. Бас жидашы зекетті ру басыларына тапсырып қоятын, ру басылары ауыл ақсақалдарына, ауыл ақсақалдары атқамінер азаматтарға қол артады, соларға сенеді. Жиналған зекет осы тәртіппен керісінше өрлей-өрлей барып Отырардың қыруар қазынасына қосылатын.

Ошақбай ұзын керуенді мешіт қорасына енгіздіріп, шұрқыраған жылқыны әуліге үйіргізді, бас шырақшының көз алдыңа түгел тізіп ру таңбасын табыстады. Шырақшының ширатпа қағазын алды. Зекет өткізумен күнді аударыпты. Ісін тамамдап, атқосшылары мен кірекештерін еліне қайтарды, атына келді. Күмбез сарайға қарай жүргелі тұр еді. Жауырыншы Жалаңаш ұшыраса кетті, әуелгіде танымай қалған. Қол алысқанда барып шырамытты, дауысынан таныды. Шалын көп өзгеріпті, сәлдесі үлкейе түскен, сақал-мұртын ақ шалыпты, жанары аумақты еді, көз еті көмпиіп өсіп қарашығы ішіне түсіп кетіпті, жылтырап қана көрінеді. Денесі іркілдеп әзер қозғалады, алақаны ұлпадай жұмсақ.

— Көкмардан мешітінің кіші шырақшысымын, — деді Жалаңаш,—Өзің қалайсың, жұрағатың аман ба? Жаназаңды сыртыңнан шығарып едім, өмірің ұзақ болады екен, балам, тірі кісіге өлді деп лақап тараса сөйтеді. Екі дүниеде де еркін жүресің енді.

— Ауылдан неге кеттіңіз, әулие?!

— Өзің жоғалған соң берекеден айрылдық. Көрінген шашы ұзын аруағыма тіл тигізуді шығарды. Қатын бастаған ел қараң қалмай ма сосын. Әрі жаугершілік көбейді, тыныш жатып түс көре алмайтын болдым.

— Шаһардағы өміріңіз жайлы шығар, әулие?!

— Бек жақсы, балам. Бес уақытылы намазыңа уақап болсаң болғаны. Өзгесі өзінен-өзі келіп аузыңа түсіп жатады.

— Әулие, Күмбез сарайдағы Әнет баба дертті көрінеді, жалғызілікті жан еді, басына барып дұға оқып шықсаңыз қайтеді. Атыма мінгізіп апарар едім.

Жалаңаштың жанары көрінбей кетті.

— Ондай қолбасыны естімедім ғой, балам.

— Ол кісі колбасы емес, ақын еді.

— Балам-ай, ақынға дұға дарымайды, ол да аулындағы сыпа, сері, сал секілді дінсіздің бірі де.

Ошақбай Жалаңаш жауырыншының дүние, динар түспейтін жерге басқысы келмей тұрғаның түсінді. Сүйретіліп барып атына мінді.

— Бой жасап жатқан қарияның аруағы разы болар еді ғой.

— Ақында қаңғырған қандай аруақ болсын, тіл мен жаққа сүйенген пәтуасыз нәлет қой ол!

Енді ішінен кейіді. "Осы жұрт ауыз ашса-ақ жаназа шығарып беріңіз", "дұға оқып жіберіңіз", "құран шығарыңыз" дейтін болыпты, заман өзгерейін десе өстеді; бара-бара құдайдың атына күпір келтірер тегі. Және де "әулие, қысқы соғымнан сыбағаңды жеп кет", деп біреуі айтпайды, аузын қу шөппен сүрткен сүмелектер өңшең. Бұларды о дүниеде бақұл болсын деп дұға оқимыз, сүре бағыштаймыз, әлпештейміз, сөйтіп жүріп дандайсытып алдық. Құдайды ұмытып, еркінсіп, қыздың қойныңа барады, кісі бауыздайды, барымта жасайды, шарап ішеді, сөйте жүріп көксейтіні — жұмақ. О дүниеде де білгенің істемекші ғой. Күнәларына біз күйеміз, не татқан ләззатымыз жоқ, не тапқан малымыз жоқ, неғайбіл жүрген жан болдық, әрі-сәрінің ісі оңбас деген осы".

Жалаңаш әулие көптен көңілінде жүрген түйткілдің шетін шығарып үлгерді.

— Жоғалып кеткеніңде жатпай-тұрмай жаназаңды шығардым, құран тамамдадым. Артыңда қалған қарлар ауыз жарытқан жоқ. Зәуіде осындай Отырарға келгеніңде табалдырық түбіне елеусіз тастап кетер сыйың болмас па. Алтын таққа отырғыз демесең өзгесін істедік қой. Қайт дейсің?

— Әулие, өкпе-назыңызды көтеремін ғой, — деді. Шындығында не айтарын білмей қалған, от сұрай келіп, қолын күйдіріп алғандай болды. Жалаңаштың Әнет бабаға қарай баспасын білді. Атын кілт бұрып жүре берді.

Пышақшы көшесімен келе жатып жаны торықты, әлгі сөзінің ойлағаннан көп-көрім пәс, жүдеу шыққаныңа, айтарын келістіріп жеткізе алмағаныңа қапа болды. Кеудесін ыза ашытты. "Өзіме де обал жоқ!—деп ойлады Ошақбай,— "Аузым қышып жүре қал дегенім не. Аруағынан садаға! Әнет баба кім, Жалаңаш жаурыншы кім; ақын шал асыл тас та, әлгі әулие жабысқақ тозаң-дағы ".

Ошақбайдың жаны кірсіз таза, бүкпесі жоқ, бұра тартары аз, айтқанға сенгіш-ақ. Оның үстіне сөзге олақ. Бұйығы, бұратана өскендіктен бе, не морт мінезді әке тәрбиесі ме, егескен кісісімен уәж жарыстыра алмайды, жеңіліп тынады. Өзі де сезеді, ішіне жиналған пиғыл-пікірі айтарға келгенде аузынан бөстекі шығып, не борпос естіліп, есіл ойын тәрік қып кетіп жүр. Иі жұмсақ, мінезі момын жігітке бұл да бір жабысқан сор балшық екен. Сор болмай қайтсін, сезіп жүр, құрбылары әзіз сөзін әзілге жориды, ру ақсақалдары алдың орағытып сөйлейді. Жаңа да алыстан ат терлетіп келіп зекет өткізіп, кызмет қылып жүргенде.. әлгінің... мәнапас қып жерлеп тастағаны. "Көптен ғаріп боп төсек тартып жатқан Әнет бабаның көңілін сұрайын, хал-күйін білейін, сосын күн кешкірмей тұрып көзімді жоғалтайын. Қаратау етегіндегі аулыма жетейін, келіншегімнің көңілін аулап сұхбат құрайын", деп ойлады Ошақбай. Осы мезет көз алдыңа жанарының үстінде жана туған ай секілді сызықтай қоңыр қалы бар әдемі келіншегі елестеді. Әуелде келіншегінің жанарындағы жіңішке қалды көрмей жүріпті, осы жақында ғана байқаған. Байқаған да барша болмысымен ынтыға ғашық болған.

Орталық көшелерде кісі аяғы сирек, күн сенбі еді, көпшілік Қан базардан қайта қоймаған кез. Әрәдік иығына құмыра қойып ырғатылған құмырсқа бел қыз көрінеді, көлеңкеде ақтаяқтарын алдыңа сұлатқан ақсақалдар бас шұлғысып, қутыңдасып әңгімеге кіріскен; бұл түс биік дарбазалар, дарбаза неғұрлым үлкен әм еңселі болса, оның иесінің де лауазымы мықты. Бай, саудагер, делдал дарбазасын биік етіп жасатады. Ол дарбазаның іші кең әулі, әулі толы жеміс ағаштары, түбінен сыңқылдап су ағып жатады, әулі түкпірінде қума етіп салған тасболат там; бұл тамдар көбіне үш, не бес бөлмелі болып келеді. Бірінші бөлме ауызғы үй, ыдыс-аяқ, қазан-ошақ тұратын дәліз, кебісіңізді сол дәлізге қалдырып ішке өтесіз; бұл қазандық бөлме, қонақтарды қабылдап, ас жасайтын жер, төрінде текемет, етегінде мұржалы балшық ошақ, бұл қазандық бөлмені бәйбіше жайлайды; одан әрі жүресіз, төргі бөлмеге жетесіз, мұның еденіңде қалы кілем, құс жастық, әулі жақ қабырғада сүйектен ойып жасалған үлкен төсек, бұл бөлмені жас тоқал жайлайды; одан әрі түкпіргі бөлмелерде құрулы шымылдықтар ғана, шымылдық ішінде он екіде бір гүлі ашылмаған әңгелек төс қыз отырады, бұл үй иесінің кенже тоқалы ма, әлде қалыңдығы ма, пенде біліп болмайды. Ошақбай Отырар шаһарын мекендейтін таныстарының үйіне барған сайын осыны түсінбей дал болатын.

Ат тұяғы шықылдап тасқа тиді. Күмбез Сарайға апаратын бос көше осы.

Ошақбай тұлпары үрке берген соң атынан түсіп жетегіне алды.

"Дүние деген түбі түскен шелек",—деп ойлады Ошақбай, "оған құйған су тұрмайды, саулап аға береді, жамап-жасқауға және келмейді. Ол үшін жаңа кенере жасау керек, ал енді шіріген, шеті қажалған, кенересі кетілген шелекке жаңа түп салу мүмкін емес. Дүние де осы шелек секілді ұстағаның ұстап, ұстамағаның төгіп-шашып дөңгелене береді, даңғырайды, дабыл қағады, бірақ соның бәрі парықсыз нәрсе. Біреу жарлы, біреу бай, біреу батыр, біреу бопсасыз қорқақ; біреу арзан, біреу қымбат; қым қиғаш әрекетпен жүріп жатады. Тіпті ойыңа алмаған нәрселер дүниеде масайрап жарапазан ойнап шығады. Өйтпесе әлгідей отауы, ошағы бар салиқалы үйде пендеге белгісіз әйел заты жүреді, оны не қызына, не күңіне жори алмай дал боласын дегенге кім сенеді. Әйтпесе күні бойы бірер дирхем үшін дауласа-дауласа жағы қарысып, өзегі талып келген делдалдың әулісінде көмбесі жатады. Дәп сол көмбемен дүниеде алшаң басып өтуге болар еді. Атымды елге жаямын деп дүниеде даңғыраумен өтетіндер қаншама, не өзіне, не өзгеге рақымы жоқ, тәтті ауыздың дәмін кетіріп, жақсы кісінің көңіліне тиіп итшілік ғұмыр кешетіндер қаншама. Мұны да парықсыз өткен, тозығы жеткен шелек демей қайтерсің".

Осы бір жүдеу ойды жетелеп жас батыр Күмбез Сарайға келген. Терістік беттегі шырын құжыраларға бұрылды. Әзіз ақын сонда тұратын. Әнет бабаның қоңыр қыштан соғылған қос бөлмелі құжырасы тым жүдеу көрінді. Сырт сылағы түсіп алағаттанып қалыпты.

Шөже торғайлар шүпірлеп отыр. Аяқ тықырынан дүр етіп ұша жөнелді. Атын қаңтарып, тізгінді құжыраның ернеуінен шығып тұрған паруаз ағаштың ұшына байлады. Дыбыс беріп ішке енді. Ауызғы бөлме алакеуім, әйнегі терістік беттегі бөлменің көрген күні осы. Кібіртіктеп келіп ішкі үйдің есігін ашқан.

Шал төр алдыңда төрт қабаттап бүктелген текемет үстінде жатыр екен.

— Ата, халіңіз қалай? - деп жылжып барып шалдың тарамыс қолынан ұстады. Сұп-суық. Жүрегіне мұздай үскі сұққандай сезілді.— Уә, ата?!

— Қай баласың? - деген үн құлағына әріден талып жетті.

— Танымай жатырсыз ба, жырау?

— Дауысыңнан шырамытам, дәу де болсаң Ошақбай шығарсың, алақаның түрпідей екен. Батыр біткеннің қолы егеумен парапар-дағы.

Бұл шалға тақалыңқырап отырды.

— Көрген жарыққа, татқан дәмге разымын, қалған қызық сендердікі. Әншейін жатқан аруақпын. Қатарың кетіп кеміген соң дүниенің дәмі болмайды екен.

— Халіңіз қалай, ата?

Шал әлдене ұмытқаның есіне түсіргісі келгендей батырдың жүзіне ұзақ, үңіле қарады. Ошақбай түсінді, қарт ақын қапа болып қамығып жатыр.

— Сөзім таусылып қалғаны, — деді де, сұлқ түсіп жатып қалды. Әлгі сөзді уақыттың таты жеп, сағы сынған сағыр шалдың, қаншама қиналып, нешеме қат ойланып айтқаның аңқау батыр байыптай алмады. Білгені — шал бой жасап жатыр: Сезгені - реңі пәс, жанары солғын. Жалғанда "сөзім таусылып қалды" деуге ешкімді жазбасын да. Адам да жер бетінің дабырасы, дауы, жыры, базары-дағы. Сол базардың дуылы басылса, күллісі саппа тілден айрылса несі қызық. Айтақырға айналғаны да, көкіректің көр болғаны да. Ол да бір жазарға ойы таусылған жазушы-дағы, кеудесінен жалыны басылған ақын-дағы. Кіреге салып тартылмай қалған жебемен пара-пар да. Шал қасында отырған батырға өмірдің осы ащы ақиқатын аңғартқан.

Есік ашылып ішке Хисамеддин кірді. Сыртқы желең шапаның шешті, судыратып төсек жиегіне үйді, тізерлеп келіп шалға үңілді. Шал жүзіне нұр жүгірді, жақсы шәкіртінің жаныңда болғаның қалап-ақ жатыр.

— Әкемнен мен де отыз бес жасымнан қалып адам болғанмын деген екен бір ноқай жігіт. Өй демессіңдер, өз қолдарың өздеріңе жеткен кезде кетіп барамын. Ізсіз емеспін, ізімді жалғар жеткіншегім бар,тексіз емеспін, тегімді жаңғыртар батырым бар. Замандасым Көлбұқадай асқан күйші емеспін, сарын айтуды мирас еткен жырау ғана едім.

— Тәуіп шақыртайын ба?

— Алаңдама. Тәңірдің өлшеп берген жарығынан өзге артық жазбаған бізге.

Ошақбай тұрып киіне бастады. Шалдың көзін ала бере аяқ жақта шоңқайып отырған ақын жігітке көзін қысты, "сыртқа сытыл", деп ым жасады. Хисамеддин тізесінің құрысын жазып қариямен қайыр-қош айтысты. Ошақбай қырдағы елге жүретінің айтты. Екі замандас тізбектеліп сыртқа шықты. Тыста күйбеңдеп жүрген қызметші құлға динар ұстатты, "бабаның халі төмендесе-ақ Күмбез Сарайға хабар жеткіз", деп тапсырды. Былай шығып батыр дат алды.

— Сөйлесетін сөзім бар, сәті түспей жүр еді, — деді батыр.

— Осы көшенің аяғындағы шарап ішетін гүртханаға барайық, сонда отырып әңгімелесейік, — деді ақын.

Қыр қазағы гүртхананы білген бе, үндемей құрбысының соңынан ілесті. Әлгідегі аурулы қарттан шыққандағы көңілсіз күйден арылмаған. Қосылып көшені аяқтап келеді, бірі аттылы, келесісі жаяу, өткен-кеткенге көңіл аудармай көп жүрді. Ұзын көше сарқыла берді. Оң қанатта қыштан соғылған пәкене үй кезікті, соған бұрылған.

Ошақбай атын үй алдыңдағы ақырға емес, жұрт көзінен қаға берістеу көлеңкеге қаңтарды. Сырт шапаның шешіп ер үстіне сұлатты, самайынан тер cay етті. Ішке Хисамеддин бастаған. Табалдырықтан аттасымен-ақ танауды хош иіс тепті, гүл өсірген бе, әлде әтір сепкен бе, үй ішінің иісі ала бөтен. Кең бөлме, бөлменің екі жағынан ағаш нар жасап биіктетіпті, ортасында екі кісі қатар жүріп өтерліктей жол бар; нар үстіне түкті кілем төселген, әр жерде құс жастықтар жатыр, "шәниіп жат та қылғыта бер" деген ықылас танытады; үй қабырғасы да тұтас кілем, алқызыл бояу мен быжырқай өрнектер көз сүрінтеді. Бұлар төрге таман өрледі де, оң жақтағы нарға көтерілді. Хисамеддин нарға шыға бергенде кебісін шешіп кетті, мәсісімен жоғарылады. Ошақбайдың аяғында сақтиян етік еді, әдеп сақтап шеше қалса жалаңаяқ қалғалы тұр, тәуекел деп етігімен өрлеген. Нар үстіне шыққанда байқады, түкті кілем біртүтас емес, бөлшек-бөлшек екен, әркім өзінің қалаған кілемінің үстіне жайғасады, өзге жұрттың кілеміне аяқ салмайды. Манағы өздері кірген есік жақтан жіті басып гүртхана иесі келді, иіліп тағзым етті, "әміріңізге құлдық, қонақтарым", деді. Хисамеддин қарбыз суынан жасаған шарап сұрады, Ошақбай тарыдан ашытқан бозаға ықырар білдірді. Қарсы қабатта жалғыз қара болып бір жігіт отырған, әлгі танауының астынан ыңылдап әлдебір мақамды созып отыр. Әріде қаба сақал саудагер шалжайып ұйықтап жатыр, үй ішінде өзге жұрт көрінбейді. Қолына қос құмыра алып гүртхана иесі келді, соңында сылаңдаған сұлу қыз ілескен, қыз жез табақ көтеріп алыпты, табақ ішінде мейіз, ерік, құрма секілді жемістері бар. Қыз иіліп табақты алдарына қойған мезетте Ошақбай танауын әлдебір әдемі жұпар қытықтады, сұлудан жаңа жуылған матаның иісі аңқыды...

Хисамеддин құмыраны жылдам көтеріп, ішіндегі шарапты сылқылдатып жұтып жатыр. Батыр да сөйтпекші еді, қою боза тамағынан еркін жүрмеді, түйіле берді. Әлгі сұлудың кетіп үлгіргені мұндай жақсы болар ма, әйтпесе батырыңа күлер еді, қасын қағып, наз көрсетіп есеңгіретер еді. Сақтиян етігінің қыртысын жазып табаныңа үңіле ойланды, көптен көкейде жүрген ойынан шошынды, сол ой шаршатқан. Қарап отырып жүрегі көтерілгендей сезілді, аузы күшәла татыды.

— Менің маңғұл ордасынан қашып келгеніме жылға жуықтады. Көрген сұмдықты сөзбен суреттеп, көзге елестетіп-ақ айтамын, ешкім е деп мән бере қоймайды, құлақ аспайды. Сол дүлейдің алдыңа тосу болар айла іздейік, қалың қыпшақтың игі жақсысын мәслихатқа шақырайық деп әміршіге де жүгіндім, сыр ашып ештеме демейді, Дуан-арздың мәмілесін күтелік дейді, ал оз басым Дуан-арздан мысқалдай пәтуа шығады дегенге сенбеймін. Аузыңның дуасы бар ақынсың ғой, ел басына төнгелі тұрған қатерді жырлап жария етпеймісің, әміршінің алдыңа барып жүгінбеймісің?!

— Айтқалы жүрген әңгімен осы ма, батыр?

— Осы!

— Дәл осы сөзді талайдың алдыңа тарттым дедің ғой, оларың кім?!

— Дуан-арздың бас мүшесі Қараша қолбасыға мағлұмдадым. Ол көкең: "Маңғұлдар әуелі қыпшақтармен соғысады, итше жұлқысып жүріп күші сарқылады, сыртынан бақылап қана тұрамыз, қай жеңгені біздікі, қай жеңілгенің қосыла тонаймыз, жеңгенің қосыла марапаттаймыз", дейді. Нағыз безбүйрек зәнталақ көрінеді.

— Ағайынмен алыстан сыйлас деген осы болады.

— Келесі жүгінген адамым Оғыл Барыс еді. Ол көкең: "Тыныш қана бұғынып жатайық, сен тимесең мен тиме бадырақ көз, келе қалса қонақасы беріп, шапан жауып сыйлайық, тас жүрек болмаса жылыр, жібір", дейді.

— Үйге кірген жыланның басына ақ құйып шығармақшы екен ғой.

— Жалаңаш жауырыншыға мағлұмдаған едім, "Е, несі бар, маңғұлы не, шүршіті не, бәрі де ұлы салық, келсін де билік құрсын, мұрнымызға жіп өткізіп жетелесін, бас білгі етсін, әйтпесе қыпшақ-қыпшақ дегенге дандайсып құдайды ұмытып барамыз" дегені.

— Дүйім жұртты жалғыз динарға айырбастап жүре беретін пиғылы арам адам ол. Діндарға туған жер де, туысқан халық та қымбат емес, жиған дүниесі артық.

— Келесі жүгінген адамым Қыпшақбай батыр еді. Әлгі әңгүдік неме: "Аттаншы-аттан, дереу атқа қоналық, маңғұлдардың ордасын шабалық", деп өкіреңдеп бітті. Қазір елінде қол жинап жүр деп естимін.

— Білекке сенген жан сол! — деді Хисамеддин.

Ошақбай боза уытына қызып қалды, асқазаны сарымсақ жегендей бүріп ауырды. Әлгі сусынның бара салып қоңылтақ қарынды жәукемдеп жатқанын сезді, сөз жоқ соның ланы, боза жақпайтын. Сыпайгершілік сақтап "шараптан жеңіл ғой" деп ішкен. Осы мезетте сұлу қыз екінші құмыра әкеліп алдыңа қойды, сылдыр етіп күлгені. Ошақбай құмыраға үңіліп қарап еді, жүрегі көтеріліп жүре атқып тұрып, жаныңда жатқан қалпағына жармасты. Әлгі жұтқаны алқымына келіп алып барады. Сәл кідірсе бұлдіретін түрі бар. Табалдырықтан жалғыз-ақ аттап сыртқа шыққан, ал ыңыран, ал ышқын. Ішіне ала қоян кіріп кетіп соны қайта қуып шығара алмай жүргендей болды, жан тері шығып тамшылады. Әлден уақытта есін жиып, көзін ашты, еңсесін көтерді. Көше жиегінде бірер бала бастары жылтырап бұған аңтарылып қарап тұр екен. "Көрер кезден ұят болды-ау",— деп ойлады. "Жүгермектер несіне сықсия қалған?" Жеті атадан жіберіп жекігісі кеп бір тоқталды". Жаныңа гүртханада кызмет көрсеткен сұлу тақады, қолында құмырасы бар, құмыраға үркектей қараған, қыз: "салқын сумен шайыныңыз, сергисіз", деді. Алақаныңа сыздықтатып су құйды, сылдыр етіп күлді, күлгені судың дыбысына ұқсас, "түкпіргі бөлмеге барып жата қойыңыз, төсек жайғап, шымылдық түсіріп келдім", деді. Сұлу мұның көзіне жәудір өтіп қараған еді, жүрегі тағы ойнап шыға келді. Осы мезетте көше жиегіндегі домалақ бастың біреуі: "аға атыңыз қазықтан босанып қашып барады", дегені. Жалт қараған. Алырмай, шоңқиып шын жаяу қалатын еді, айналайындар-ай! Қазықта тұлпары жоқ. Әріде, көшені қырқып етіп бүлкектеп барады, Құмыра ұстап тұрған қыз: "батыр, шымылдық ішінде жорға байтал бар ғой, жортақы атты қайтесіз", деді сыңқ етіп. Ошақбай бұл сөзге мән бере қоймады, жүрек майы аузына қалқып ат соңынан тапырақтай жүгірді.

Құлқын сәріден тұлпар арқасынан ер түспеген, аш еді. Көкмардан мешітіне мал айдап келді, шырақшыға зекет өткізді; Жалаңаш жауырыншымен уәждасты, қисық сөзге келісті, Әнет бабаның көңілін сұрады, жақын құрбысымен дастарқан құрды, сөйтіп жүргенде түс ауды... өңді міне сақтиян етігі сықырлап ат соңынан жүгіріп келеді. Құнтсыздықтан емес, көресіні митың тіршіліктен көрді. "Құру-құрру" деп дауыстады. Тұлпар көшеде көлденең кезіккен жүргіншіден шошып, манағыдан бетер безінді, жортысты қойып, енді көсілте жөнелді.

Батыр 6aji даусымен айқайлады. Ат иесіз екеніңе енді көз жеткізді білем, кілт кідірді, қайта қайрылды. Оқыранып мойның созды. Осы мезетте Ошақбай мысықша басып келіп, торының шылбырынан шап берді. Аттың қоңыр жанарын жас тұтты. Батыр тұлпарды ұрып жазалаған жоқ, тартпасын қатайтып қайта тартты, ерге қонды. Тізгінді Дарбаза қақпаға бұрды. Шарап уыты санасын жайлаған ақынға да, бәйек болып қызмет көрсеткен қызға да қарамады, жаның жалғыздық жеді. Қарақұрым халық жайлаған қалада өзіңді еш серіксіз, жалғыз сезінген қиын.

Бағанадан санасына шайырдай жабысып шықпай қойған сарсаң ой шаршатты. "Осы шарап ішіп, өлең жазып, аң қуып, жайбарақат күн кешкен жұртының ертеңі не болмақшы?" "Өтеусіз, елеусіз өтіп бара жатқан жастығының қарымтасы қайсы?" Баяғы бір бозбала шағында кеудесінде пырылдап ұшып жүрген бозторғай тәрізді құйтақандай арманы болушы еді. Ол пақыр тынбай қанат қағып жүруші еді. Енді есіне түсті, сол бозторғай кеудесінен шығып көз көрмеске ұшып кеткен бе, әлде қараңғы қапаста жатып өліп қалған ба, әйтеуір жоғалтып алыпты. Арманның жоғалғаны да.

Атының лыпылдаған жылдам жүрісіне елікті. Бірауықта еңсесін көтеріп қомпиып отырды. Кешкі күн қарақошқыл шаһар үйлерінің арасына сіңіп барады екен, қызылиек кез. Кеше кеште жеген асы есіне түсті: келіншегі қысқы сүрден сақтап қалған қол басындай қазыны жас етке араластырып асқан екен. Буы бұрқырап табақ келді. Сонда қаракесек ет ортасында қауынның жарты тілігіндей болып сары қазысы жатқан. Мына қарақошқыл құжынаған шаһар үйлері, соның арасына сіңіп бара жатқан жарты тілік күн — сол табақты елестетті. Отырар шаһары буы бұрқыраған үлкен табақ секілді еді. Қарнының қатты ашқаның енді сезді. Таңертеңнен бері қара қонақтамаған қоңылтақ асқазанды әлгідегі бозбұйра боза ішірткідей шайып кеткен.

Aт тұяғы шақылдап қорған қақпасынан өтті. Cap желіс бүлкекке басты. Жануар осы жүрісінен танбаса, толып туар ай қамшылар жаққа өткенше Жібек жолына жетіп жығылады.

Жібек жолы мен Отырар егіз ұлдай.

Бірінсіз бірінің қызығы жоқ, тіршілігі тұзсыз астай дәмсіз. Бірінсіз бірі үлкен әңгіменің кіріспесіндей ғана, орта жолдан үзілген қисса іспетті. Жер ана құрсағынан жарып шығып дүниеге келгенде Жібек жолы Отырар шаһарының кереге жаюына, жұрты құжынап, іргелі қоныс болуына барша болмысымен жәрдем етті, атарын шар тарапқа таратты Отырар да қарымтасыз қалған жоқ. Ұлы сүреңді ғибратты сапарнамасын толғады, қазыналы керуенің аттандырды, желаяқ жиһанкезін жөнелтті, ұзына бойына бекіністері мен сағындарын шашудай шашып жіберді. Бірін-бірі марапаттап өтті. Жібек жолына келген қатер тас қамал, шойын қақпалы шаһарға соқпай өйтпейтін. Отырардан тараған сүркіл жорық, дүмей думан Жібек жолының үстімен шандатушы еді.

Ойхой... Қазір де ай астыңдағы әйгілі даңғыл аса сұлу. Аспандағы құс жолымен жарыса шаңытып, құлдай ағып созылып жатыр. Сорабына көз жетпейді. Келісті кендікті жырлаған ұзақ дастан іспетті. Ол дастанның жыр жолында қасірет те, күлкі де, айтыс та, бас алған қысастық та, ынтық асықтардың от лебі де бар. Дешті-Қыпшақ жерін үлкен домбыраның күмбірлеген шанағына теңер болсақ: Жібек жолы сол киелі аспаптың бебеу қаққан ішегі еді, Отырар тиегі еді. Қосыла күңіреніп күй туғызар. Көне әуен аса дәмді, құлақ құрышын қандырып, қиялды қозғар, кеудеге құйын желік бітірер.

Қас батыр Ошақбай тыңдасыншы!

Түнгі даланы белінен құшып жатқан Жібек жолының бойында әр қиырда, арасы ат шаптырым қашық-қашықта керуен қоналқысы кезігеді. Қиырдың ұйқысын қашырып, күңгір-күңгір кеңесіп, салқын ауаны құныға жұтып отырған жолаушылар мол. Түнгі жолдың тірі аруақтары. Ортасында от, меңіреу түңді қаусыра жамылып, қысыр әңгіме шертіседі. Сызылтып сыбызғы шалады, қобыз күйлейді. Күндізгі Отырардан көрген керемет қызықтарын айтып тауыса алмайды. Бұл мезеттегі Жібек жолы тым сұлу, тым кербез, қылықты келіншектей. Жолаушы біткеннің көңіліне құмарлық сезімін оятып, ұйқысын қашырып, манаурап жатқаны.

Құс жолының астыңда ақ шаңдақ көйлегі ағараңдап жатқаны!

Сонда ғой көліктен түсе қап, етпеттей кетіп құшып сүйгің келеді. Керіліп жатқан кербез жолды аймалап еркелеткің келеді. Төсіне құлағыңды төсеп жүрек дүрсілін тыңдағың келеді. Шын асықтық, осы. Сөйтіп жол жиегіне жата кетсең ғой, құлағыңды төсесең ғой; жарым ортада жүгі ауып қалған жолаушы жайлы, қапылыста опат болған батыр туралы, жорықтағы жарын күтумен кейуана кемпірге айналған ару туралы; қысқасы, үлкен өмір, жетілген ұрпақ туралы әуезді әңгіме есітер едің. Отырар сырын ұғар едің.

ҮШІНШІ ЖЕЛI

Елді халық едім, енді елім қайда?
Қағанды халық едім, қағаным қайда"
Қандай қағанға бұдан былай
күш-қуатымды жұмсаймын.

Иоллығ – Тегіннен

БІРІНШІ САРЫН

Ошақбай жар төсегінен шошып оянған, арқасынан құмырсқа жүгіріп өткендей болды, әлденеге сезік қылды. Ештеме естілмейтін секілді. Ашық түндіктен сирей бастаған жұлдыз шоғырын көрді, таң жақын болғаны. Ай батып үлгірген, әшейінде керегеге ілініп тұратын ақ сәулесі ызым-қайым жоғалған. Жаның сипалады, қолына Баршынның бұрымы ілесті, сұп-суық болып жастықтан асып жатыр екен. Әлгіде неден шошып оянғаның ойлады, есіне түспеді, "түс көрген болармын", деп ойлады, тысқа шығып тұлпарын қарағысы келді. Отырар шаһарынан ауылға әлгіде жетіп, суытып қойған; отқа таң ата жібермекші еді, шаһардан шыққалы бір тәулікке жуық cap желіспен жүріп алыс жайлаудағы аулына әзер ілікті. Әдетте жол жүріп шаршап келгенде алаңсыз ұзақ ұйықтайтын. Бүгін ала бөтен елегізулі, жаман түс көргендей шошымалы күйге түсті. Атын барлап қайтуға ерінді. Жылы төсекке қайыра қисайды, көрпесін жамылды. Бойы шымырлап марғау ұйқының құшағына ене берген.

Әуелі қаңсыған кернейдің ішінен жел өткендей азынаған дыбыс шықты. Тынысын тартып тыңдай қалды. Сәлден соң әлгі дыбыс сыбызғыдай созылып тебе құйқаны шымырлатты, бара-бара аса бір жат дауысқа ұласып кетті. Жаманшылық белгісіндей әнтек үн біраз сұңқылдап барып кілт үзілді. Ошақбай төсегінен атқып тұрды. Шырт ұйқыдағы Баршынды оятты.

— Бұл жайлауға қашан қонып едіңдер?

— Қашан қонғаны қалай?

— Бұл жайлауға қашан көшіп келіп едіңдер?!

— Бүгін де, түстен кейін. Батыр-ау, не болып қалды?

Өзің емес пе ең: "Ауылды жаңа жұртқа ауыстырыңдар", — деп жарлық жасаған.

— Мына дыбысты бұрын естіп пе едің?

— Батыр-ау, бұл не сұмдық?

Ошақбай етігін жүре киіп сыртқа сытылды. Торысы қазықты шырқ айналып тепсініп тұр екен. Белдеуге тік шаншып қойған найзасын іле кетті. Баршын садағы мен қорамсағын көтере шыққан екен, атының тартпасын тартып кері айналған батырдың қолына ұстатты. Шылауына жармасып жүр.

— Ауылды оятып, аттарды ерттетіп сақ отырғайсың. Мен қыр асып біліп қайтайын. Бақыл бол, Баршын! - деді де жас батыр тұлпарына мінді, тізгінді босатты. Қазық кеміріп тықыршып тұрған ат ытырыла жөнелді. Бет алды күннің шығысы, Қаратаудың Сүйіндік асуы еді. Соңында қоғадай жапырылып, бұрымына оратылып Баршын келіншек қала берді.

Ошақбайдың тынысы тарылды, жалға бетін басты; таң алдыңда алыс көкжиектен аппақ жұлдыз ақпаушы ма еді. Ақ көйлекті батыр сол жұлдызға ұқсады. Тұла бойы ерт тигендей қызынды. Құйма тұяқ тасыры мен азынаған жел қосылып құлағын тұндырды. Асуға шыға аттың шаты жыртылардай жазылды. Соңғы жұлдыздар сөніп маңай ағара бастаған.

Ошақбайдың көзіне қос ақ қасқыр шалынды, қырқаны құлдап бермен жосып келеді, бұл өңірде бұрын-сонды ақ қасқыр болмайтын. Әлгіде азынап ұлыған дәп осы мұндар мақұлықтар екенің білді. Тақап қалғанда көрді, екеуінің аузында екі бөлтірік бар, түн әлпетінде бөлтірігін тістеп ауа қашқан қасқырларды көргені осы.

Әлгілер қарсы ұшырасқан аттылыны көргенде қалшиып, қатып тұра-тұра қалысты. Бауырын көтермеген күшіктерін жерге түсіріп алды. Арланы болар, жер бауырлап жатты. Азуды қандар қырғын шайқасты күтті. Көзінде қамсау от пен өшпенділік тұрды.

Ақ қасқырлар Қаратау үстінде жортпайтын, олардың мекені Ақырап үстіндегі салқар сахара еді, ол да бұлардың аршының созып адымын өлшер алтын мекені тұғын. Баялыш арасынан түлкі қағып жейтін, сексеуіл түбіне күшіктейтін. Күні қызарып төбеде ұзақ тұрып алатын бұйрат шағылдың үстінде армансыз бүлкектеуші еді. Онда табанға былпып тиер жантақ өсетін, ұршықтай үйіріліп шауып жүретін қайыны болатын; аспаннан аяғы салбырап түсті ме, не қара жерден қос құлағы тікірейіп тік өніп шықты ма, оншасын білмейді. Қос аяқты қаптады дерсің. Әлгілер зырқыратып имек таяқ алатын атты, азуын қаршылдатып тазы қосты, сосынғысы жаман түстей жан шошытар күндер болды. Ұяластарының көбі қос аяқтылардың беліне тері боп оралып кетті. Айға қарап ұлып қан құсты. Имек таяқ садақтың жебесі мен шыбық борбай тазылар ұяластарын опат қылды, өзін туған жерден бездірді. Безбүйрек етті. Қаратау үстіне осылайша ауып келген.

Ошақбай қапысыз ұқты, тұлпарын қиыс бұрды. Қасқырлардың бөлтірігін асап ауа қашуында, құлазып ұлуында жұмбақ сыр барын сезді. Бүйірлері қабысып, табандары қанаған, алтын мекенінен айрылған жетім хайуандарды аяды; жандарынан сырғып өте шықты. Асудан асып, қасқыр қашырғандай аламан апатты барлағысы келді. "Мақұлықтарды мұнша бездірген не хал" деп ойлады ішінен.

Қаратау қырына көтеріле берген. Күн сәулесі көзін ұрды. Сол сәуленің астынан қара құрым қаптаған қолды көрді. Жүрегі шым етті. Қол кері кетіп барады. Жанарын жас тұтты. Атын бұрып жартастың қалтарысына бұғынды. Алақаның көзіне көлегейледі, сол!.. Дәл сол сұмдық!.. Сұрапылдың әуелгі толқыны бұл!.. Жүрегі қатты дүрсілдеп кеп кеудесін тарылтты, қол бірте-бірте ақшыл тұманға араласып алыстап кетті, көз ұшында қайтқан судай етегін жиып, ақырында жоқ болды. Ошақбай әлгі көріністің алдамшы екенің білді. Жау қолы өзінен өрі кетіп бара жатқан жоқ, керісінше, дәл осы тұрған Сүйіндік асуын тұстап келеді. Әдетте таң алдыңда көрінген нәрсенің барлығы сағымға оранып алыстап бара жатқандай елес береді. Тіпті, алыстай-алыстай көзден ғайып болады. Енді күн арқан бойындай көтеріліп, жер бетінен таңғы бу тарағанда әлгі алыстап кеткен нәрсе иегіңнің астыңда тұрады. Жоқ қарап үйренген Ошақбай табиғаттың осы бір сылқым құпиясын қапысыз андаған.

Енді бір мезетте қайтқан судай қаптаған қол осы асуға жөңкіліп келіп бас ұрары хақ.

Таңғы ауаны атойлаған ащы айқай тіліп өтті. Селк етіп айқай шыққан жаққа қарады. Алысты барлаймын деп аяғының астыңдағыны көрмепті. Сұмдық аяғының астыңдағы қысаңда екен. Бірі аттылы, келесісі жаяу — екі жігіт соғысып жатыр. Жаяудың қолында ұзын найзасы бар, аттылыда айбалта, сілтеген сайын күнге шағылысып жалт-жұлт етеді. Жаяу жігітті шырамытатын секілді, өзін емес, қимылын, найза толғасын таныды. Ошақбай барлық қауіпті ұмытып тұлпарына қамшы басты. Асудың бұл тұсы тік шүңейт еді, жай аяңмен жүрмесе домалап кетуі кәдік. Ат еріксіз аршының тежеп, китіңдеп, сирағын санап басты. Дәл осы митыңмен қысаңға жеткенше жекпе-жектің немен тынары белгісіз. Жаяу жігіттің аты әріде жебеге ұшып теңкиіп қалыпты.

Батырдың екі көзі шүңейттегі шайқаста еді.

Ат үстіндегінің қимылы қатты, айбалтасын оңды-солды еркін сілтеп жаяуды таптап кете жаздайды, бірақ қаруын дарыта алмайды. Найза жіберер емес. Алдың тосып кідірте береді. Найзагер жігіт шаршаған білем, найзасын тек қорғанысқа толғап жүргендей көрінді. Ошақбай жан даусы шыға айқайлады. "Найзаңды абайла! Найзаңды абайла. Шауып түсіреді!" Жігіт жалт қараған, Ошақбайды танымаса да, өзіне жанашыр келе жатқаның шырамытты. Шындап қимыл көрсете бастады.

Әлгі ойдан Ошақбайдың тамағына тас тығылған. Найзаны шабан түйреді дегенше балтаға шаптырғаны. Жігіт бойында өзге жарақ жоқ еді. Қорамсағы мен қалқаны саның бос соғып салпылдап жүр. Қыпшақ жігітіне жәрдем келе жатқаның сезген жау бұрынғыдан бетер құтырды. Найзаға тіктеп ат қойды. Не атты түйретіп, не жауын түсіріп тынбақ сыңаймен үңіле шапты. Найзагер көз ілеспес шапшаңдықпен найзасын көтеріп үлгерді, ат кеудесінен қаруын тайдырып әкетті, қарақұсынан төнген балтаны көрді, жалт бұрылды. Айбалта ауаны осты. Бүгіліп бара жатқан жауды бүйірден қатты нұқып қалды. Маңғұл батыры ат жалын құшты, анадай жерге барғанда тұлпарынан ауып түсті. Әлгідей қатты нұқудан бойын жинап тіктене берген қыпшақ жігітінің аяғы тайып кетті. Ауыр найзаны қолынан түсіріп алды. Маңғұлдың шаруасын тамамдадым деп ойласа керек, қимылы жай, осы мезетте аттан ауған маңғұл атқып тұра салып ұмтылды. Өңмеңдеп келеді. Жерден көтеріле берген найзаның ұшын шауып жіберді. Қыпшақ жігітінің қолында күр жартыкеш сап қана қалды. Енді жауының жолын сонымен бөгеді.

Ошақбайдың ері ат мойныңа лықсып шүңейт табаныңа енді жеткен. Садағын жұлып алып жебе салды, адырнаны салалап тарта бастады. Жүрісі жайсыз тұлпар көздетер емес. Анық көрді. Жау қолындағы айбалта екінші мәрте көтерілді, екінші мәрте темен түсті, қыпшақ жігітінің қолындағы ұзын таяқ қақ бөлінді, сұмдық-ай, жігіт жарақсыз қалды. Айбалта үшінші мәрте төмен түскенде қыпшақ жігітінің кеудесіне сіңді. Ошақбай одан әрі шыдамады, көре тұра бауырын өлімге қолымен қиғандай сезінді, садағын тартып жіберді. Жебесі лағып кетті. Жақсы көздемей асығыс атқан жебе өстеді.

Айқайлап ат қойған. Маңғұл жігіті қолындағы айбалтасын түсіріп алды. Теңселіп кетті. Қос қолдап бүйірін басты, жаныңа кеп ойқастаған Ошақбайды анықтап көре де алмады, гүрс құлады. Ішіне қан толып кеткенің білді. Бүйіріндегі жарадан ештеңе шықпапты.

Ошақбай тұлпарынан түсті, жетіп барып қыпшақ жігітінің бетіне үңілді. Таныды. Таразы шаһарының әзіз батыры Қыпшақбай екен.

Ел шетіне жау келгенде жұрттан бұрын өре тұра келіп атой шақырған, кеудесін бірінші болып жау айбалтасына тосқан қыршын батырды жоқтады. Сәурік түскен үйірдей пышырамай білек қосып бірлесіп шыққанда ғой, ел болып етек жиса ғой, бұлайша торғайдай тозбас еді, әр сайда мүрдем қаппас еді. Бас-аяғы бүтін болар еді. Қыпшақбай батыр Таразы шаһарынан бастап шегіне ұрыс салған, қолды түгел опат қылған, ақырында аттан да, қарудан да айырылған. Басын көтеріп отырып жаңа байқады, Қыпшақбайдың жан кешіп кеткен түрі сексеуілдің ошаққа түсіп жанбай қалған су томары секілді еді, жасына жетпей семіп, жас дәуреннің қызулы, қызықты күндерінен мақұрым қалып, баз кешкен бейбақ бұл. Он қолының бас бармағында тісінің ізі бар, өзі шайнаған. Өмірінің қыршын кетерін біліп бармағын тістеді ме, әлде туған жерін жау аяғы таптағанда түскен таңба ма, ол арасын білмеді. Жақсы замандастың опат болғаныңа қайғырып отыра беруге болмайды, желке тұстан жау келе жатыр.

Қыпшақбайдың ауыр денесін көтеріп апарып төбеге қойды. Еңістен селдің суы алып кетеді. Енді қақпа тастарды үйшіктеп үйіп бетін жапты. Сосын батыр сүлдесін ұзын-ұзын тастармен бастырып шықты. Оба үйді. Өстіп жүргенде күн арқан бойы көтеріліп қалған. Асыға қимылдады.

Атына мініп асуға қайыра тырмысты. Желкесін күн қыздыра түсті. Жалғыз аяқ жолды сораптап біресе оңға, біресе солға бұрылып, аттың сауырына шөмиіп, тырмысып келеді. Асуға өрмелеу аса қиын. Тас басып үйренген жылқы болмаса, өкпесі күйіп, тасырқап, тұралап қала береді. Бірнеше мәрте еңкейіп тұлпардың көзін сүртті. Бірнеше мәрте аттан түсіп, торыны жаяу жетеледі, тізгін алақаның кесті. Қатты алқынып, аузы кермек татыды. Көз алдыңдағы шоқалақ тастар жылжып бара жатқандай сезілді. Аяғы тайып шүңейтке құлай жаздады. Аты алып қалды, не қилы асуды өрлеп, киік отын теріп жеп, арқар құсап тауда өскен жануар қиынға талмай өрмеледі. Екі танауы желге толып желпілдеп кетті. Мана шүңейтке жылдам түскен батыр қайтар жолдың соншама қиын боларын ойламапты.

Самай тамыры лыпылдап соққан мезетте асудың қыр арқасына аяқ артты. Жел азынап тұр екен. Қалпағын ұшырып әкете жаздады. Бүгіліп барып бойын тіктеді. Атының кеңсірігін сипады, алғаш рет артына көз салған-ды.

Төменде қалған қисапсыз жыра, шатқал жымы көз тұндырды. Сол жыра, шатқал жыланша иретіліп қозғалатын секілді. Жанарын тұтқан терді сүртті. Асу астыңдағы қап-қара жым жау табаныңа түскен екен. Шүңейтке легліп құйылып жатқан қолдың түрі жаман. Қаратау шатқалын қарақұрым жау басыпты.

Тұлпарына мінді де шоқыта жөнелді. Қақпа тастардан ат аршыны жазыла қоймады. Ошақбай қамшы ұрды. Жануар ышқына жосып жөнеле берді, ауылға тез жетпесе болмайды, бейқам жатқан жұртты көтергені жөн, Отырарға шабарман жібергені жөн. Өзі Қыпшақбай құсап асу аузында ауыл жігіттерімен қала тұрады. Жау алдың тойтара тұрады. "Жау келді" деп жеткен шабарманға шаһардағылар қалай қарар екен, көз алдыңа елестетіп көрді: Дуан-арздың бас мүшесі Қараша колбасы: "маңғұлдар әуелі қыпшақтармен соғыссын, қай жеңгені біздікі", дейді. Испиджаб бегі Оғыл Барыс: "қонақасы беріп, шапан жауып сыйлайық, тас жүрек болмаса жылыр, жібір", дейді... әй, пәруардігар дүние-ай... Жалаңаш жауырыншы ше: "мұрнымызға жіп өткізіп жетелесін, бас білгі етсін, қыпшақ-қыпшақ дегенге дандайсып құдайды ұмытып барамыз", дейді. Ошақбайдың іші жиди өксіді, ат жалын қашырлатып шайнады. Көкірегін салқын жел қарыды.

ЕКІНШІ САРЫН

Келіншек қол тимеген ақ тақымын қайың ерге қажатып, астыңдағы аламан айғырды қан сорпа қылып шауып Отырар шаһарына енді. Аршының басып жөнел деме аяңға түсті. Енді байқады, қала сыртынан ат қарғып өте алмайтын қыл аяғы құрдым ор қазылыпты, ордың сырты жалпақ даланың етегін кеміріп жеп, ішкі ернеуі білезіктей безер қорғанға сұғынып жатыр. Ор іші көлкіген су. Айғыр тұяғы топырлап аспалы тақтай көпірден өтті. Қақпаға келгенде аңғарды, қыш қорған тым биіктеп дабырайып кеткен екен. Арқар жон зәулімінде қыш өрген зергер ме, қарауыл қараған қол ма, бармақтай болып әлдекімдер қараңдайды, құзар басынан қарауытып әзер шалынады. Бұрынғыдай тізбектеліп кіріп-шығып жатқан керуен көрінбейді. Дүниені жалмаған пәлекеттер әне келеді, міне келеді деп, күтіскен қанөзек шақ-тын. Тас түйін болып бекінген шаһар сықпытына Баршын сұлу көз сұғын көп қадай алмады. Кешені үркітіп, сораптай бүлкектеп Күмбез Сарайға төтелей тартты. Ордаға шауып келіп маңдай тіреу жаман ырым саналатын, Баршын тізгінді келтеледі. Сарайға тақап келіп атынан түсті. Тақымы түз тигендей ашыды. Кібіртіктей басып мәрмәр басқышына аяғын сала бергені сол еді, қалт кідірді.

Үш еркек төмен төгіліп келе жатыр екен. Таныды, алдағысы әмірші, сосын серігі Мақсұт, сол иықтағысы Хорезмнен қол ұшын бергелі жеткен колбасы Қараша. Келіншекті көріп кідірістеп қалды. Әміршінің жанарынан сауал оқыды. Келіншек кеудесін иіп тәжім етті.

— Хан ием, маңғұл түмендері Сүйіндік асуы арқылы Қаратаудан бері асып келе жатыр.

— Алдағы қол кімдікі екен? - деді Иланшы Қадырхан салқын қанды мінез танытып.

— Астапыралла, сұмдық қой мынасы? — деді Қараша колбасы.

— Меркіт ханы Арсылан көрінеді, — деді Баршын.

— Ошақбай батырдың өзі қайда?

— Топ жігітімен жау алдыңа аттанған.

— Топан судың алдың бес-он бөрімен бөгей қоймақшы, ә. Бәтшағардың батырын, - деді Қараша колбасы мысқыл аралас үнмен. Әмірші жаратпай қарады. Жыртыңдап күле бастаған колбасы жым болып басылды. Көзқашты қылып келіншекке тігілді.

Иланшы Қадырхан жанындағы Мақсұтқа қарап жарлық жасады.

— Қос дабыл ұрыңдар! - деді. Бұл ел басына қатер төнгенде қолды түгел дүрк көтеретін белгі болатын.

— Қадырхан-ака, сыңар дабыл да жетпей ме? - деді Қараша колбасы. Бұл қол түгел көтерілмей-ақ, қақпаларды бекітіп сақ тұрыңдар деген белгі еді.

— Әуелі жауды ашық далада қарсы аламын. Қыпшаққа қылышты еркін сілтейтін майдан қажет. Қорғанға тығылуға ерте әлі.

— Қолды заяда қырып алмайық дегенім ғой, Қадырхан-ака!

— Тұран жері жолында қай елім болса да зая өлім емес! Өзің Отырарда қал, қорғанды қайта бағдарлап, Хорезмнен келген қолды аралап шық!

— Құба-құп, Қадырхан-ака!

Әміршінің жарлығымен Күмбез алдыңдағы сақадай сай тұрған дабылкеш жігіттер дабылдарын ер басына іліп, жапырлай атқа қонды. Қол жатқан көшелерді шарлап дабыл ұрып жөнелді. Атойшылар қолбасыларға жарлық әкетті. Күн тас төбеге жеткенше мың сан қыпшақ қолы атына мініп, жарағын сайлап, қаладан шығып ашық далаға лықылдап ақтарыла бастаған. Найза ұшы күнге шағылысып жалт-жұлт етеді, дулығалардың шашағы желбірейді, садақтар санды ұрып, қорамсақтар бөксені сабалайды: жігіттер кеуделеріне тор көз кіреуке киген, білектері түрулі, біразы арқаларына қалқан байлаған: күрзі, сойыл, сүңгі, қылыш секілді қол қаруын жалаңаш ұстағандар да әредік ұшырасып қалады. Екінді мезгілінде он мың қол қаладан шығып болды.

Иланшы Қадырхан шаһарды хорезмдік колбасы Қарашаға табыстап, қол бастап аттана берген. Соңында сыңсып жылап ханша қалды. Сенімді нөкері Мақсұтты сүмеңдетіп ертіп сарайдан шықты. Баршын сұлуға, қолбасыларға қосылды. Мінгендері кілең ирек қамшыны сүймейтін, салпиыңқы сауыр, айпара алқымды аламан тұлпарлар. Шаңқытып — шаһардан шыққан. Әміршіні көргенде даладағы ешкі құмалағындай пышыраған қалың қол етек-жеңін жиып тәспінің тасындай тізіліп тұра қалды. Қолбасыдан жарлық күткен. Иланшы Қадырхан құлаш келетін алдаспаның суырып алып төбесіне көтерді; "аруақ!", "аумин!", "аттан!" деген дауыстар даланы басына көтерді, алдаспан жарқ етіп күннің шығысын нұсқады. Әміршінің астыңдағы алып тұлпар томардай тұяғымен топырақ шаша ілгері жосыды. Қара сел соңынан ағытылды. Даланың жүзін жер бауырлап ұшқан шаң жапты, әлгі шаң бірте-бірте қанат қағып биіктеп кетті, ақыр соңында күн көзін жапты. Дүркіреген дүбір көпке дейін басылмай тұрды, сонан соң алыстан естілген нөсер даусындай сарынға ұласты, сосын домбыраның үстіңгі шегінің мыңқылындай меңіреу мақамға айналып, ақыры құлақта ызың қалдырды. Ымырт үйірілді. Көкті көп жұлдыз жайлады. Жерде де мың сан жұлдыз жымыңдайды. Бұл Қаратаудан асып үлгірген жау қолы-тұғын, далаға қосын тігіп, жылтыратып отын жағып бейхабар жатыр. Қыпшақ қолы түн ауғанша саулаған; жыпырлаған жау отына жете алмады, үркер ауа әмірші қолды кідіруге жарлық етті. Бәрібір бұл түнде жауды орнынан баса алмайды, таң ата барып ілігетін түрі бар. Өйтіп арамтер болып сабылғанша, кідіріп, аттың терін үгіп алмақшы. Күн көтеріле қырғын майдан басталмақшы.

Бөген мен Шаян өзендерінің шалғыны белуардан келетін жасыл алқабында таң хабаршысы торғай шырылдаған жоқ, мақұлық біткен түнде келіп басқан ат тұяғының астыңда опат болған-ды. Селеу басы шықтан ада. Шегірткелер секірмейді. Жылқылардың оқтын-оқтын пысқырғаны естіледі. Алтын күннің жібек жіптей қызыл сәулесі жасыл алқапты осып өтті. Қара жерге жан кірді бұл жаппай көтерілген қол-тұғын. Жау жағы әлі қыбырсыз, ұзақ сүркіл жортыстан, қиын асудан алаңсыз қажып тырапай асып тыншу жатыр. Биік төбешіктің басында қадау ағаштай болып тұрған Иланшы Қадырхан еді, көз жетер жерді үңіле, ұзақ шолды; жау легін есептемек ойда еді, қаншама қадалып қараса да көкжиекті тұтас алып қарауытып жатқан жау тобын мөлшерлей алмады, есебінен жаныла берді. Желдің бағытын андады. Жаның белгісіз үрей жайлады, бұрын бүйтпейтін, талай жекпе-жекке шығып та көрген, жүрегі бүлк етпеуші еді. Жанарына жалқын сәуле толды. Күн көтеріліп кетпей тұрып жауға шапқаны жөн, әйтпесе жігіттердің көзіне сәуле шағылысып, кібіртік қақтырып, еркін қимылдай алмай қалады.Төбеге Мақсұт көтерілген. Қолдың түгел атқа қонып әзір тұрғаның мағлұмдады. Әмірші әлгінде он мың қолды үш топқа бөлген: бірінші топты бастайтын нағыз қанқұйлы қолбасылар еді, олардың жау-жүректігі сонша, жалғыз болса да тұтасқан жауға тайлықпай ене беретін; олар маңғұлдарды қақ маңдайдан қақырата ұрады. Келесі топты Иланшы Қадырханның өзі бастамақ, бұлар жаудың терістік қанатынан тиеді. Маңдайдан және сол қабырғадан соққы жеген пәлекеттер оң бүйірдегі Бөгеннің жарлауыт жағасына ойысары анық. Үшінші топты Мақсұтқа табыстаған, ол қиын халде болмаса ұрысқа кірмейді, ұрымтал мезетті күтеді, жаман айтпай жақсы жоқ, алдары екі лек опат болса тықсырған жауды бөгей тұрмақшы. Бұл Иланшы Қадырханның айласы еді. Табиғатыңда қыпшақ ашық далада ұрыс салуға машық.

Бұл хижраның алты жүз он алтыншы жылы, рамазан айы; қазақша қоян жылының қыркүйек айы; жаңаша жыл санаудың мың екі жүз он тоғызыншы жылы, сентябрь айының алғашқы аптасы еді.

Иланшы Қадырхан алдыңа әкеліп тосқан атқа ырғып мінді, аламан тұлпар ерен салмаққа шыдай алмай сырғып кетті. Әзір тұрған қос лек шекесі қылтиған күн астымен сынаптай сырғып жөнелді. Жау қосыны иек астыңда еді. Тұтаса шапқан ат дүбірінен әуелгіде жер сілкінді ме деп ойласа керек, күзетшілерінің көзіне күннің батысынан лықыған бұлт селі көрінген, тырбаңдап аттарына ауыздық саламын дегенше болған жоқ, әлгі қап-қара нөсер бұлты жойқын колға айналды. Жан дауыспен аттан салды. Қосақтап-қосақтап отқа жіберген жылқылар үркіп жөнелді. Орындарынан атып-атып тұрған меркіттер безек қағып көліктерін қуған, үріккен жылқының дені ұстатпай, әлгі қарақошқыл қолға араласып кетті. Көбі қара жаяу қалды, кері тайқыды. Бұлт селі алдыңғы қостармен тұмсық түйістірді, жалмап жұта бастады. Кейінгі жақта шеп құрып жатқан жау атқа қонып үлгірген. Майдан қос үстінде басталды.

Әуелгіде есеңгіреген жау кімнің қыпшақ, кімнің мық, кімнің меркіт, кімнің таңғұт екен ін ажырата алмай жан далбасаға түске н. Қарайып көрінгенге жебе жіберіп өз адамдарын өзі сиретіп-ақ тастады. Қолбасшысы әккі Арсылан дереу дауылпаз тартқызып өз легін шегіндіріп әкетті; жебеге жем болып жұлмасы шыққан алғы топ соңынан ілесті. Иланшы Қадырхан сол қанаттан ұрыс бастағанда анық сезген, сәл кешіксе жау тас түйін жұдырыққа айналып кетеді, астыңдағы атына қамшы басқан. Соңындағы құйындай зулаған жігіттер ол жақ, бұл жағынан ысқыртып жебе жіберіп келеді. Өйтетін де жөні бар, әміршісін қорғағаны. Аламан тасырға тасқаяқтай келіп тиісті. Алмас қылышын оңды-солды сілтей бастады; қолым шығып қалды ма деп қаупайлаған, қызынып алғасын жай отыңдай жайтаңдатты. Тиген жерін алып түседі. Шауып жатқан жоқ, нұқып қана жүргендей. Он шақты ат демнің арасында алдынан ойнақтап шықты. Бір мезетте он саны дызылдап ауырды, жебе қадалыпты, қатты бұлшық етке дари қоймай дір етіп тұра қалды. Тартып көріп еді, суырылмады. Сап жағын қылышымен қиып жіберді. Қарсы беті қақырап сөгілген жауын көрді, бірақ шашылған тарыдай бастары пышыраған жоқ, жасқана ұрыс жасап барады. Етегін түре тиіскен. Соғыстың ең қиыны жауының етегін көтеру, сосын әлгі етекті қақыратып бой-бой ету. Сосынғысы оңай, табаныңа түскені дей бер, өз дегеніңді істеп тынасың. Қылыш шақылы азайып, оның орның найзагерлердің ыңқылдаған сарыны басты. Қоян-қолтық айқастың арасы алшақтап бара жатқаның байқатты. Меркіттер ат үстінде маймылша ойнайды екен, найзаны бұлтылдап дарытар болмады. Көзді ашып-жұмғанша ат бауырына түседі, енді қас қағымда сауырда сұлап жатқаның көресің, оңтайын аңдап арыстанша алыса кетеді. Үстерінде сары тон. Тауда өсетін түйежапырақтың тамырын кептіріп, соны қайнатып нарпос деген бояу жасап, тонды әрлеген. Әлгі тондары дыр-дыр етіп жыртылғаны болмаса иесінің түгі қисайып жүрген жоқ. Енді аңғарғаны, тондары тым үлкен де денелері шағын көрінді, сонда найза мүлт кете береді. Қыпшақтар мен меркіттер кезек түсіп жатыр; майдан ұзаққа созылатын түрі бар. Айла ойлап, айналасын бағдарлаған. Жаудың ортаңғы шебі бұзылып, қыпшақтың мықты қылышынан жусап түскен екен, енді қалғаны оң қанатқа ойысып барады. Арқасынан сүйеуі кеткен терістік беттегі тонды перілердің шебі оңай сетінеді. Ұрыс басталар алдыңдағы Иланшы Қадырханның айласы орындалды. Жау денесі лықсып барып Бөгеннің жарлауыт қабағына ұрды. Қыпшақтар атойлап шауып қоршауға алды. Алды өзенге кептеліп, арты бошалап берекесі кеткен пәлелер күйрей жеңілді. Бас сауғалап қашуға да шамасы келмеді, қылпыған қылышқа келіп өздері түсті.

Қыпшақ қолы жеңіске масайрап желігіп алған; мысы түсіп, үрей жайлаған азын-аулак жауды жәукемдей жөнелді. Иланшы Қадырхан жау қолбасшысы Арсыланды іздеді. Қалын шоғырдың ортасында болар деп болжаған. Қасындағы жігіттер: "хан кетті", деп айқай салды. Сөйтсе, сол жақ шетте сала құлаш ақбоз атты көсілтіп барады екен. Денелі жан көзге демде түсті. Соңынан салды. Ығы-жығы майдан даласынан суырылған сүңгідей болды; алда Арсылан, соңында Иланшы Қадырхан, тізбектеле созылып қайқаңға көтерілген. Әміршінің көз алды қарауытып жүре берді. Әлгіде қара саныңа қадалған жебенің салдары ма деп ойлады, қан көп кетті деп қаупайлаған. Көз алдың түгел тұндырып қарауытқан жау легі екен, шегі-шеті жоқ, жапырылған қоғадай болып жақындап қалған. Арсыланның құтылып кететін түрі бар, әрі ызадан, әрі жеңісінің көпке созылмасын сезген Иланшы Қадырхан қорамсаққа қол салды. Жебесін оңтайлады. Алдынан қарсы шыққан қолды көріп Арсылан арының басқан екен, аралары тез қысқара түсті, бұл ұзын жебені адырнаға салып шірене созғанда садақтың солқылдақ сабы сол саусағына келіп тірелді, жіберіп қалды. Жебе зырқырап ағып Арсыланның желкесіне қадалды, алып дене шалқайып кетіп құлай жаздады, бойын түзеп ат басын кері бұрды. Иланшы Қадырханға қарай бірер тебінді, аузын ашып әлдене айтқысы келетін секілді, ұмтылып келеді. Иланшы Қадырхан қалт кідіріп екінші жебеге жармасқан. Арсылан атының жалын құшты, Інжу бойының сәмбі талынан жасаған кішкене таяқ желкесінде шошайып кетті.

Кідіруге болмайтын еді, тұлпарың орныңда шырқ айналдырып, шауып ойпатқа түсіп жоқ болды. Соңынан қуа шыққан жігіттерге бетпе-бет ұшырасты. Қыпшақ сарбаздары майдан даласын тастап шықсын деп жарлық жасады. Өзенді жағалай шауып Мақсұт қолына қосылуға әмір етті.

Сұрапыл дауылдай желке тұстан қаптап келе жатқан жау легін көргенде жүрегі зірк ете ойқастап шығып, қолбасы соңынан қаша жосқындаған. Заманалар бойғы соғыс тарихында нешеме қолбасыны қайраңға отырғызған, бармағын шайнатқан, жеңіліс таптырған осындай жүрек шайлығуы еді. Жүрегі шайлыққан қол бопсасыз баламен пара-пар. Ол қанша мықты бола тұрса да жасқанып шабады, қанша қайрат қылса да қылышы қылпып түспейді, жебесі тимейді, найзасы батпайды, аты жүрмейді. Тасқа түскен пышақтай арманда кеткенің содан. Осы жүрек шайлығуына қарсы қаншама тәсілдер табылды, нешеме ұрандар айтылды, атойлар шақырылды; әйтеуір саңлақ, қолбасылар сарсаңға түскен. Саның соққан. Кейін шегініп бара жатқан қыпшақ қолын да осындай жаман жағдай басталған. Аттар бырдай болып шашылған өліктерге сүріне берді, қол бытырай жайылып шегінген; дәл осы мезетте ұрыс басталса қыпшақтарға опат келеді. Жандарын сақтаған нәрсе жаудың әлі жете алмай келе жатқаны еді. Шегінген қол мен лықыған селдің арасы қысқара берді.

Дәл осы жағдайда жаумен ұрыс салуға әсте болмайды. Олар бытыраған қолды бұлқынуға келтірмей жұтып жібереді. Қарсы шауып тіреске түскені ләзім. Иланшы Қадырхан қолды кідіртпеді, сәл болса да уақытты ұтқысы келді, аз болса да арттары тың қолға жақындап табан тіремекші еді. Артынан мықты сүйеу сезінген самала тайсалмай ұрысары хақ; ең бастысы әлгі шайлыққан жүректі басып алуға болады. Осы жайттарды санасында кезек салмақтаған Иланшы Қадырхан сырғып бара жатқан ержүрек батырларын көргенде қан жұтқандай сезінді, өзегін өкініш тілді, қанезу қырқаларды көзбен шолды. Әлгіде Мақсұтқа жөнелткен шабарманнан хабар күтті. Ат тізгінің тартып, шырқ айналып кері бұрылды, жауға қарсы беттеп тұрды. Әйгілі қолбасылары да әр жерде жігіттерін топ-топ қылып үйіріп кідіре бастады, қанқұйлы ұрысқа әзірленді.

Қаратаудың көне қырқасынан асып төгілген жау қыпшақтар мен Арсылан қолының қақтығысын сәске түсте естіген. Естіген де ат жалын түйіп лек-лек болып ашық даладағы майданға асыққан. Әуелгі лекті ұйғыр султаны Бауыршық бастап келе жатқан; оның жетегінде қос жүйрік бар; ұрыс үстінде ауысып мінеді, таңнан кешке дейін қолы талмай қылыштасатын сұрапыл күштің иесі тұғын. Кеше түннен ат үстінен түспеген. Асудан енді аса бергенде қыпшақтың бір топ қылышына кезікті. Әлгі иттер қысаң аузында тұрып алып қане жіберсінші, кешке дейін қырқысқаны. Ен жақсы қылышкерлері қапелімде опат болды. Зәнталақ-ай, қыпшақтың саяқ тобын қаңсылатып қырып салып, бірер желаяғын қашырып тынғанда бармағын шайнады ғой. Шайнамай қайтсін; құтылып кеткеннің бірі өзінің ата жауы, бауыздау құныкері Ошақбай екен. Кеш таныды. Әлгінің төбесінде найза үйірген ептілігін, азынап шабар айбатын шырамытып, "қызыл көзді қайда көрдім", деп тұрған. Ат жалын құша құлаған бір қыпшақ: "бақұл бол, Ошақбай!" деп айқай салған. Төбесінен күрзі түскендей сезінді. Соңынан тырапайлап қуып берді. Астыңдағы айғыры болдырып қалды. Сонда, айдалада, ашу үстінде атының қарның жарып салып, жер бауырлап жылап жатқанда соңынан мініс жетелеп нөкерлері жеткен. Енді міне салпаңдап, қос тұлпар жетелеп, құныкерін қуып, қолдың ең алдыңда келеді.

Сосынғы лекті Жетісу бойын жайлаған жұрттың ел ағасы Тәжібек деген бастаған, көп шайқалған саба секілді семіз денелі кісі еді. Сүйіп жейтін асы сойған жылқының шикі үлпершегі, сусыны биенің шикі сүті болатын. Көз ұшындағы қалпақты құлата беретін сұңғыла садақшы еді. Кешелі бері қарны қоңылтақсып, көзіне пышаққа іліккен жылқы елестеп, мәңгіп, жүдеп келе жатқан. Қорамсағы қалың жебе, қайта-қайта қолын жүгірте береді, қан тартса өстетін.

Үшінші лекті Қадан деген қалмақтың қатынқұмар қолбасысы бастап келеді; соңында сүмеңдеген бір оқ сарбазы бар.

Төртінші лектің алдыңда Алақ нойон, астыңдағы атынан гөрі өз денесі үлкен, үйдей жылқының арқасына балшықтан оба орнатып, соның төрт тұсына "мынасы қолы", "мынасы бұты болсын" деп бөрене қондыра салғандай, арса-арса алып адам тегі. Басы жалаңбас, шашын тықырлап қырғызған, қылыш осқан ба, әлде құйқасы күйген бе, қатпарланып жатқан тулақ секілді. Бас терісі келіспеген пенде еді. Әрәдік атын бұрып соңында шөжедей шұбатылған сарбаздарын сыбап боқтаудың астына алады.

Бесінші, алтыншы лекті маңғұлдар "түмен" деп атайтын. Өйткені лектің қолбасылары мен сарбаздары ішінара манғұл руларынан еді. Унер-Гулижа мен Гугус-Гулижаның қолы бұл; кіл жебемен жарақтанған, белдеріне бір-бір арқан байлаған шабандоздар. Алыстағыны садақпен жайпайды, жақындағыны қыл тұзаққа түсіріп, тақымға басып сүйреп әкете беретін.

Қыл тұзақ тастауға аса шебер жандар еді.

Жетінші түменнің басында Бала сағын, Орта сағын, Бас сағын шаһарларын күлге айналдырған Төлен-жерби келеді. Сары шатырда Төлен-жербидің орны ерекше, қаһанның қарсы алдыңда отыратын. Қағанның қарсы алдыңда отыруға көп қолбасы жарамайтын. "Қаһарына ұшырап қаламыз", деп қиғаш ойысатын. Әрі Төлен-жерби аса шешен, тапқыр, ұлу кісі болатын. Сөзуарлығын жаратты ма, әлде қолбасылығын ұнатты ма, өзге рудан болса да қаған оны "Отырарды алған соң сені нойон етемін", деп дәмелендіріп қойған. Төлен-жерби онысына да тәуба айтады. Әйтпесе, Арсылан, не Бауыршыққа ұқсап қолдың ең алдыңда жүрері анық еді, содан бірінші болып қан шеңгелдер еді, мұрттай ұшып мүрдем кетер еді. Саптың соңында бүлкектеп жүріп жан сақтағанға не жетсін. Нойон аталып, алшаң басып алты алашты билегенді айтсайшы!..

Сегізінші түмен Қаратаудан бері асқан жоқ әлі. Оны әйгілі Шики-Хутуху нойон бастап келе жатыр. Шики-Хутуху нойон әдетте шаһар алынып, қақпасы ашылып болған соң талауға, тонауға ғана қатысады. Қолы қырылған елді шабады. Қаһанға мол қазына жинап беретін жидашы жан. Баяғыдан арбалары ауырлап,түйелері мамырлап түмен соңында қалған. Сарбаздары кілкіген семіз, жетектегі жылқылары майдан әзер жортады. Қолдың жартысына жуығы майданға түспей, тұтқынға іліккен қыздарды, қатындарды нойондарға үлестіріп қызылмай болып кетеді.

Тоғызыншы, оныншы түмендер Шу өзенінің ну шалғынды жағасында тынығып жатқан. Бұл түмендерді сұңғыла колбасы Сүбідей мен Жебе бастайды. Шатырлардың жібек шілтері ақырын тербеліп, ошақтардың тік көтерілген түтіні танауды қытықтап, ит біткен көлеңке іздей бастаған. Қолдың дені өзенге ат жууға кетті. Сүбідей төр алдыңда сұлап түсіп, құмалақ ашуға кіріскен. Құмалақты араластырып ақ терінің үстіне шашып жіберді, сөйтті де арбаңдап қайта жинады, ойша мөлшерлеп үш топқа бөлді. Бөлінген үш үйме құмалақты алдыңа тізіп қойып азырақ тыным алды, көзін жұмды, құмалақты түнімен сан дөңбекшітіп мазалаған жас тоқалына ашпақшы. Көзіне елестетті; манғұлдың қол астынан қашқан меркіт ханы Түктіханның қызы еді, Ырғыз өзенінің жағасында қашқындарды қырып салып, ханшаны қағанға сыйлаған, қызын өзі алған, сол жас тоқал кәрі денесін қайта жасартып еді, тұла бойына ыстық бір леп қосып еді; бүгін түнде түсінде жалаңаш жүр екен. Жаман шошынған. Құмалақтың басы тақ түсті, тұйық болғаны, тоқал тірі, ешқайда кетпегені. Кеудесі көтеріңкі, екі жұп қатар түссе, осылай жоритын. "Бұл қар несіне жетісіп кеудесін көтереді", деп күңкілдейді Сүбідей. Бүйірге тағы үш-үштен тақ түсті, ойпырмай, етегінде жалғыз дара құмалақ қалды. Қолы дірілдеп ауада қалт кідірді, құмалақты орныңа қойған жоқ. "Етегі ашық қой қардың, әб-бәсе, жалаңаш жүруі жаман еді. Баһадүрлердің бірінің тырнағында кеткені, басқаға жем болғаны". Сүбідей құмалақтарды шашып жіберді, күңіреніп тізесін құшақтады. Сырттан дабыра естілді. Басын көтерген. Қолын кеудесіне айқастырып нөкері кірді.

— Тақсыр, Тоғышар нойон келіп тұр, — деді.

— Жібер! — деді Сүбідей еңсесін жинап, жанарындағы жасты сүртті. Сырттан сүмпің етіп нойон кірді, ұры тазыдай шатыр ішін тінте қарады, бір тізерлеп шөкелеп отырды да. басын иді. Сөйлеуге рұқсат сұрағаны. Тең иықша тілдесер нойон болса да мұның жасын сыйлағаны. Қағанның құқы солай.

— Қаратаудың арғы етегінде қыпшақ қолымен кезіктік. Андып тұрып тарпа бас салды, Арсыланның қолы түгел опат болды. Қазір Бауыршық пен Тәжібек жұлқысып жатыр. Нойондар кіріспесе жеңе алатын емес. Қайтеміз?

— Қол шамасы қанша екен?

— Он мыңдай болады. Әзірге жартысы жер құшқан.

— Онда әлгілер де жетеді. Кешке дейін жеңісе алмаса ұрысқа Алақ нойон әм өзін түсесің!

Тоғышар нойон қайтып жауап жатқан жоқ, артымен жылжып шығып кетті. Өзінің әзірге жоғалтары жоқ. Тәжібек пен Бауыршықтың сілікпесі шықсын, жүндей түтілсін, сосын дайын жеңісті қалпақпен ұрып ала қояды. Қолдың аттары, жарақтары түгел өзінікі болады. Қаһан құлағына да өз аты дабырайып жетеді. Туасы қыпшақ жұртына қожа болып қалуы да ықтимал.

Тоғышар нойонның бұл ойы орындалмады, арман еткен абыройы көзінен бұлбұл боп ұшты, қыруар мүлік жетімнің тойына ұқсап көмейін толтырмады; қайта қан құстырды, запы қылды. Көрер сұмдығы күн батар алдыңда басталды.

Қыпшақ қолы сына секілді-тұтаса шауып Бауыршықтың қалың легін дәкедей ыдыратты; сосын Тәжібектің тірсегінен сойыл соқты. Сойыл соққандай сезілгені сол, алғы сапы найзаға шаншылып, кейінгісі жебеге егіліп түсе бастағаның көргенде, жігіттер жапырыла ықты. Ат бауырына жатып зытты. Тоқтатарлық күш болмады. Басқа ұрған жыландай болып иретіле шауып әр тұстан тиіскені болмаса, зәрі қайтты, азудан айырылды. Қыпшақтардың да қолы орасан-сиреген. Сонда да салалы саусақтай жалғыз ымырадан шықпай, тұтаса қимылдайды, шендесе шұбырады. Жау күшін қайта жинап, ақтық айқасқа түсуге жұмылып бакты, Бауыршықтың да, Тәжібектің де жан далбасадан өзге әрекеті азайды. Жігіттері кері тайқи берді. Өстіп жүріп нойондарға таба болды, олардың көз түрткісіне айналды, атойлап азынай-азынай дауыстан қалды, қан түкірді.

Осы мезет қыпшақ қолы кеңінен серпіле берген. Ортада жалғыз жігіт қалды. Найзасын көкке шаншып айқай салғаны.

— Жекпе-жек! Жекпе-жек!

Ортадағы Ошақбай батыр еді, әлгіде келіп қосылған, енді қыпшақ қолын сәл болса да тыныс алдырмақшы, арыстандай айбар жасап айқайлап жүр.

— Бауыршық, жекпе-жек!

Бұл кезде жау жағы да кейін серпілген. Дал-дұлы шыққан етегін жия бастаған. Бауыршық дауысты таныды. Қолдың алдыңа ойқастап шығып атынан түсті, тың тұлпар әкелуге жарлық етті. Найзадай қатқан құба айғырды жетелеп келіп алдыңа тартты. Бауыршық жылқының тізгінің түйді, тартпасын қатайтты. Атқа қонды. Қылышын қолына алды, садақты ерінің басына байлады, найзаны тақымына қысты. Екі жақ та сілтідей тұнып үнсіз қалған, әркім-ақ жеңіске деген үміттің осы қос жігіттің жекпе-жегіне байланысты екенің: не үзіліп түсерін, не жалғанып кетерін анық сезген. Сезген де жандарын шүберекке түйген. Бауыршықта өз кезегінде "жекпе-жек!" деп барқырады.

Баяғы заманғы жекпе-жек салты бойынша ұрысқа әркім өз қалаған қаруымен шыға беретін, жылдар өте салтта өзгерді, тәртіп те көбейді; енді жекпе-жекке кім шақырса сол жарақ таңдаудан қалыс қалады, қарсыласына қарайды, соның қаруына сай қару алады. Ошақбай да сөйтті. Шебер меңгеретін найзасын тақымына басып, қайкы қылышын қолына алған. Ұрысқа әзір екенің білдірді. Екі батыр ұйтқып майданға шықты. Бір-біріне үңіле шапты, әуелгі қақтығыста-ақ алып түсетіндер болады, бұлар өйте алмады, болат қылыштар шың-шың етті. Қайта айналып екінші мәрте шүйлікті, бұл жолы аттар шырқ үйіріліп қосақталып қалды, бар пәле қылыштан-тұғын, болат жүзі шайнасып түскен. Ошақбай жауының ақ көбікті езуін көрді. Бауыршық қан толған қызыл көзді дерді. Осыдан қарсыласын қылышпен шауып түсіре алмаса халі мүшкіл, Ошақбай сұңғыла найзагер, қолына найза тисе-ақ бой бермей кетері анық. Осыны ойлаған Бауыршық жанталаса жұлқынып қылыш ойнатты, қарсыластың қатты тойтарғаны соншама, алақаны жаңғырығып, сай сүйегі сырқырады, қаруды түсіріп ала жаздады. Ендігі кезекте ат қолтығына ауып үлгірген, алмас қылыш ерінің басын шауып түсірді. Батырлар ажырасып жүре берді. Қайыра түйіскенде Бауыршық оңтайлап ұрып қарсыласының қалқаның қақ айырды. Жекпе-жектің алғы шарты тамамдалды, үш мәрте тайталастан соң әркім келесі жарақты жұмсауға ерікті. Бауыршық атын кері бұрып жатып байқады, Ошақбай қылышын қынабына сүңгітіп, тақымынан найзасын алуға оңтайланған екен. Жүрегі зу ете түсті, ырғай сапты, болат ұшты ұзын ұңғы кеудесіне қазір-ақ кіргендей сезінді, бұл жаман ырым. Қылышын лақтырып жіберіп, жалма-жан жебесіне жармасқан; қыпшақтар жағы шу ете қалды; садақты ең соңында жұмсауға қажетті, әрі қалқансыз қалған кісі жебеге оңай түседі. Ет қызуда ештемені андамаған Ошақбай найзасын үңіле ұстап жауына ат қойған, анау тайқып шыға келді, тұлпарының басын бұрып қашуға айналды. Енді маңғұлдар жағы бебеуледі. Ошақбайдың жауына ат бойы ғана жақындауы жетер еді, найзасын жалғыз толғап Бауыршықты тымақтай қағып тастар еді, анау жеткізер емес, сынаптай сырғып бұлт-бұлт етеді. Сөйтіп бара жатып садағына жебе салып үлгірген. Атын кілт бұрды, Ошақбайдың найзасы кеудесіне қарыс қана жетпей қалды, дір етіп кідіріп қалды, садағын тартып жіберген. Жебесі Ошақбайдың найза ұстаған оң қолының қарына қадалды. Найзасы түсіп кетті. Бауыршық ат басын бұрып алып тағы тырақайлады. Ошақбай тұлпарын сыңар езулеп тартып еңкейіп барып найзаны жерден іліп алды. Бойын түземек-тұғын, көтеріле берген, екінші жебе кіндігінің астынан дір етіп қадалды, қадалды да жарымына дейін сіңді. Батыр ат жалын құшты. Қолынан найзасын түсірген жоқ-ты. Бауыршық қашып жүріп жекпе-жекті опасыздықпен жеңгеніңе мәз, қан түкіріп тобына барып қосыла берген.

Қыпшақтар жағынан ақ сүмбе тұлпарға мінген бір әйел шырқырап жылап батырдың алдынан ойқастады. Жетіп барып Ошақбайдың қолтығынан сүйеді. Бұл — Баршын сұлу еді. Жас келіншектің қара көтеріп айтқан ащы зары майдан даласын шымырлатты, қыпшақтар қабырғасымен қайысты, найзаларын темен салды. Жекпе-жекті алыстан шолып, аһ ұрып тұрған Иланшы Қадырхан жаман жүдеген. Тап қазір ұрыс басталса қыпшақтар жағы түтіліп шығары анық. Күн еңкеюге әлі сүт пісірімдей мезгіл бар. Соғыс салты бойынша ұрыс күн батпайынша бітпейтін. Әрі батыры жеңіп, әрі бойына желік кіріп үлгірген жау жағы тұтаса қимылдай бастаған.

Иланшы Қадырхан тұлпарын көсілтіп ортаға шықты, жау жағынан жекпе-жекке кісі шақырып шырқ айналды, әрі күйіктен, әрі тоз-тоз болып жеңілуден сақтап қалар жалғыз жол осы секілді. Ойға салып салмақтап жатуға мұршасы жоқ-тын. Жау жағын қалт кідірткен зор дауыспен "жекпе-жек" деген сөзді үш мәрте қайталады.

Бір елдің әміршісіне қарсы жекпе-жекке келесі елдің әміршісі ғана шыға алмақшы. Қаған әлі майдан даласына жетіп үлгірмеген. Мұндайда қаған тұқымы, әміршінің оң көзі Тоғышар нойон ғана ұрыса алады. Салт жолы, дәстүр дегені осы.

Иланшы Қадырханға қарсы Тоғышар нойон шықты. "Ә- ә" десіп шабысқан әуелгі шайқаста маңғұлдың қылышы қақ бөлінді, екі аттылы екінші мәрте түйіскенде Тоғышардың басы домалап жерге түсті.

Манғұлдар жағы күңіреніп кетті, дауыс көтеріп, шұбыра жосып нойонның басына үймелеген.

Күн батып іңір үйіріле бастады. Алыстан иесіз босқан жылқылардың кісінегені келеді. Жаралылардың зарлаған даусы зорайды. Иланшы Қадырхан жігіттерді түгендеді. Осы далаға жеткен он мың қолдан төрт жарым мыңға әзер ілінер сарбаз қалыпты. Маңғұлдың екі жарым түменің жайпағаны анық. Әр қыпшақ бүгінгідей майдан берсе құжынаған жаудың әлі-ақ таусыларына сенеді. Енді сетінеген қолды сығымдап Отырарға жеткені жөн.

Мақсұтты шақырып алды. «Аты жүйрік жүз жігіт ал да осында қал. Түнімен от жағып шығасыңдар. Таң алдыңда шегініп кетіңдер», деп жарлық жасады. Жау қыпшақтар жаққан отты көріп ертеңгі ұрысқа қамданады; нойоның арулап, басына тас үйеді, қыпшақтардың қайсарлығын дәріптейді.

Әмірші ендігі колға дереу шегінуге жарлық етті. Бөген даласын тастап жылыстап жөнелді. Таң әлетінде сабау астына түскен шекпендей түтесі шыға тозған аз ғана қыпшақтар Ошақбай батырдың денесін алып Отырар қақпасына енген.

ҮШІНШІ САРЫН

Өмірде осы Отырардың көне арығы секілді, ернеуі езіліп, сайын шөп басып, сүлделене береді, бір замандарда жер бетінен мүлде ғайып болуы мүмкін ғой. Жаз құлпырып, енді оның қонысын күз алды, жапырақтарға дақ түсті, бұлт соңынан бұлт жөңкіді, көше бойындағы қолдың саласындай арықтарға неше мәрте су лықып толып, неше мәрте жылымдап қайтты. Ешкімнің көңілін алаңдатпайтын тәрізді. Кісі ғұмыры да ешкімге елеусіз, ешкімге бақи болмайтын, түс секілді-ау: балағын шөпке ілдіріп жүгіруге тоймайтын балалық шақ, сосын жасыл жапырақтай желкілдеп келетін жастық, алаңсыз аңқылдап соғатын Інжу бойының самалындай алғашқы махаббаттың тәтті күндері, бәрі-бәрі ауысып, бірін-бірі кимелей асықтырып, ығыстырып жатады. Бірақ мезгіл кісі жаныңа өз таңбасын басып, жүрекке дақ түсірмей қоймайды екен. Таңғұт сұлуының да бүгінде сырты бүтін, іші түтін. Күн көзіне ерте алақан жайып, ерте көктеп, ерте солып үлгірген шөптей нәрсіз халде еді. Әлгіде ғана Отырарды аралап қайтқан.

Махаббат құштарлық қана, кімде құштарлық мол болса соның махаббаты тегеурінді дейтін марқұм шешесі. Махаббат жалқынданбай-ақ сыйласып өтер сүреңсіз күндер дейтін әкесі. Өзі үшін сол махаббатың азап қана еді, жаның жеді, жастық шағын ызым-қайым етті, жүрегін жаралады. Енді міне Көкмардан мешітінің астыңдағы ғарда жападан-жалғыз жабығып отыр.

Әмірші ертерек келсе екен, ақтық рет, ақырғы рет ашыла сөйлесер еді, аһ ұрған көкірек дертін айтар еді. Тегінде таңғұт сұлуында ақырғы сөз деген болмапты ғой. Ылғи ойындағысын айта алмай келеді, не дегені, діттегені болмай шығады, батырды көрсе-ақ дүниені тарс ұмытады.

Кенет қыз есік жаныңда елеусіз келіп көлеңкеде қалшиып тұрған Иланшы Қадырханды көрді, көрді де селк ете қалды.

Манадан бергі жаның жеген сезімдер ыдырап жүре берді, орнынан қозғалған жоқ.

Көз жұмып құлай сүйген әміршісі қасына тақады. Сауытын шешпепті, балағына, шалғайына шаң жұққан. Алып денесі ауыр қозғалады.

— Жорықтан қашан оралдың? — деді қыз көзін төмен салып. Үні дірілдеп шықты. Бозғыл бетіне ду етіп қызыл шапақ жүгірді.

— Таң әлетінде.

— Қол дін аман ба?

— Үштен бірі ғана оралды.

Қыз тағы да тосылып қалды; бұрын болса мойныңа оралар еді, қытығы келгенше құшар еді, сосын сақылдап кеп күлер еді. Қазір өйте алмайды. Әмірші алдыңда күнә жасап алғандай сезінеді.

— Солар ма? — деп сұрады.

— Иә, солар, — деді Иланшы Қадырхан.

— Енді мені өлтіресің ғой, — деді қыз.

Бұрын болса тап осы сөзге Иланшы Қадырхан шарт сынар еді, қазір қолының дірілін басу үшін қанжарының сабын қысты. Сәкі үстіне барып жайғасты. Сусын сұрады. Қыз орнынан жеңіл көтеріліп келесі бөлмеден су әкеліп берді, құдықтікі екен, жұтқанда тісін сырқыратты.

Таңғұт сұлуы жерден жүзін көтерді, жанарына жас үйірілген. "Жылап түр жазған", деп ойлады батыр. "Жанымен жылап тұр".

— Қазір киініп шығайын,— деді. Төргі бөлмеге кетті. Сонда қыздың жасауы бар-тын. Қазір құлпырып киініп шығады, көз жауын алады, қалай ғана қолы барып өлтірер екен. Өзі өлтірмесе де опат болары анық. Таңғұттардың ата жауы маңғұлдар шаһар сыртын құрсаудай буып жатыр. Ішінде қаған шатырына қызмет қылып Юсуф Канка жүр екен. "Баяғы таңғұт сұлуын қолыма қайтарсын, орныңа қыпшақтың он тұтқының айырбас етемін", деп кісі салыпты. Бұл сөзді әлі айтқан жоқ. Сезімтал жан айтпаса да сезген секілді... Ішкі бөлмеден құлпырып шыға келді, шашында шолпы, басында биік сәукеле, аппақ жүзі бал-бұл жанып, астыңғы тоқ еріні шиедей шіреп пісіп тұр.

— Ел-жұртыңды сағындың ба? — деді. Бұлай демеуі керек еді. Жаның жеп, жүрегін осқан кешегі күндерді есіне салмауы керек еді. Аңғал басы асығыс кетті.

— Ұмытылар жара ма ол?— деді таңғұт сұлуы темен қарап, қарсы алдыңа келіп тізерлеп отырды. Үніңде салқын сыз тұрды. Иланшы Қадырхан оғаш айтқаның сезді.

— Юсуф Канка сені қайта сұрап жатыр, барар ма едің?— деді.

Иланшы Қадырхан тағы бүлдіргенің сезді. Әлгі айтқаны қызға естіртер сөз бе еді, әсіресе сезімтал сұлуға, өзін шын сүйген жанға?.. Осыны ойлағанда Иланшы Қадырхан сұмдық шошынды, таңғұт сұлуынан емес, өзінен. Өзінің сөз білмес, сезім түсінбес топас болып бара жатқаның аңғарды. Кісіге әдемі қылық, әсерлі әуез беретін нәрсе жаймашуақ күндер мен қыз махаббаты екен ғой. Сол жақсы күндерден де, қызулы махаббаттан да жұрдай болармын деп ойлап па еді. Таңғұт сұлуын ғана жоғалтады екен десе...

— Бұрындарда мұнша ұзақ кідірмейтін едің, пірім!— деді сұлу.

— Таңдайым кеуіп барады.

— Шарап әкелейін бе?

— Қымызды аңсадым.

Таңғұт сұлуы "неге?" деп сұрағысы келген. Бірақ осындай аласапыран шақта "білмегендей болып сауал қойғаным көңіліне тиер" деп ойлады. Тақастанып қалды. Жеңіл тұрып барып құмырамен су әкеліп берді. Батыр құмыраның ернеуінен жұтты.

Әңгіменің нәрі кеміп, әрі кетті. Екеуінің де жан дүниесі алай-түлей еді. Ақтарылып, ағытыла алмады. Енді тап осылай сүт пісірім мезгіл тілдессе күллі жақсы сезімнің опат боларын сезді. Иланшы Қадырхан енді таңғұт сұлуынан мүлде айрыларын білді. Екеуінің арасындағы асыл махаббат асыл ыдыстай еді, екеуі де аялап ұстаушы еді, енді сол бұйымды байқаусызда тас үстіне түсіріп алғандай болды. Быт-шыты шықты. Сынған дүниені дем арасында жинастырып желімдеп алмаса кеш болады. Енді қайтып құрастыруға дәрмені жетпейді. Сосын өмірлері өкініште кетеді. Сол сынықтар жүректі тырнап іште жата береді, тат басады, айықпас жарақат жасайды. Тірі болса ұмытылар-ау, оның орның басқа мақсат, бөгде махаббат басар-ау. Бірақ сол сынықтар көрге қосыла түсері хақ қой. Мұны Иланшы Қадырхан да, таңғұттың жас сұлуы да анық түсінді.

Адамның іші бір дүние, сырты бір дүние болатыны несі екен? Айбатымен елді ықтырған алып еркектің жаны неге соншама нәзік? Неге екеуі қосылып бейқарар өмір кеше алмады? Ханшадан қаймықты ма? Ел сөзінен қорықты ма?

— Ас алдырсам қайтеді?

— Зауқым шаппайды.

— Қатты шаршапсың ғой, жатып дамылдашы!

— Аз уақытқа ғана кіргенмін.

— Ұмытшы сол соғысты... соғысы құрысын... шаһары құрысын... керек десең қағаныңа өз аяғыммен-ақ барайын ұмытшы бәрін! — деп сұлу ышқынып жіберді. Қыстығып айтты. Кейде кісі ұйықтағанда жаман түс көріп, сөйлеп, шошып оянатын; қыздың мына күйі соны елестетті. Жаны қысылғаның байқады. Жас жуған жүзін батырдың жалпақ алақаныңа салды.

— Аз уақытқа ғана кіргенмін.

— Пірім, өзіңіз құпия қып айтқан жер асты жолымен шаһардан шығып кетейікші. Қызылқұмның арасына кіріп, құдық қазып, қос тігіп тіршілік етеміз. Аң ауласақ та өлмейміз. Еркін өмір сүреміз!

— Қорқыныштың да, ерліктің де не екенің ұмытамыз ғой!

— Иә, пірім! Махаббаттан өзгені ұмытамыз!

— Иттей жұлқысқан қолбасысы, бетінің арын белге түйген елшісі, қан ішкен қағаны, шулаған шаһары адыра қалсын ә!

— Дүниеде екеуміз ғана боламыз, пірім!

Сұлудың үні еріксіз ащы шықты. Иланшы Қадырхан май қосып еріткен қорғасындай лықылдап ұйып бара жатқан денесін қайта жинап алды. Салқын су сұрады.

— Өйте алмаймын.

— Көзімізді шел қаптай, көкірегімізді шемен басқаны ма, біткені ме бәрінің?!

— Қайта сол шемен мен шелден енді арылдық па десек...

Иланшы Қадырхан бұл сөзін де андаусыз айтты. Бекер өйдеді, кеш түсінді. Тамағына келіп тас түйін тығылды, тынысы тарылды. Қанжарының сабын қатты қысты. Осы мезет таңғұт сұлуы тағы еңіреп жылағасы келген. Жаутаңдап батырға қарады. Бауырына кіре түсті. "Құдайым-ай, бәрінің осымен біткені ме? Бәрін құштарлыққа жорығаны ма екен?"

— Бұрынғының бәрі құр әурешілік қана ма?

— Өй демеші, - деді Иланшы Қадырхан. — Өй демеші. Сені менен тірі тұрғанда ешкім ала алмайды. Бірақ сенімен енді шын асық болып ұшыраспаймын. Ел еңсесін басқан қатерлі шақта қатайғанымыз жөн.

— Пірім, мен махаббатсыз жалғыз күн де тұра алмаймын.

— Ол не дегенің!

— Не елім, не махаббат дегенім!

— Қатерлі күндер туғанда ғарға кіріп қызықтап жата алмаймын.

— Ендеше қасында болайын, қолына қос, жарақ бер.

— Болмайды, тұқымыңа қарсы жебе тартар жайың жоқ.

— О, пірім, не өлім, не махаббат қана! Қапаста жатып өмір сүргенше, қылышқа түсіп опат болғаным артық.

— Олай деуге хұқың жоқ! — деді Иланшы Қадырхан. Сұлуды қапсыра құшып ернінен сүйді. Бұлқынып еді, босатпады. Қыз денесі әлден уақытта қауырсындай қалқып батырдың қолында қанды. Иланшы Қадырхан сұлуды сәкіге жатқызды. Көз алды қызылды-жасылды сәулеге толды, басы айналғаны бұл, құлай құшып, қыз екеуі бір денеге айналып жүре берді. Батыр осындайда қызды сүюден қанбайтын, жан дүниесі тегіс балқыды; денесі сал боп дірілдеген күйі ұзақ жатып қалған; әлден уақытта шекелей тұрып, орнынан көтерілді, кетуге айналды. Таңғұт сұлуы сәкіден сырғып түсіп батырдың аяғынан құшты, бар денесімен оратылды. Иланшы Қадырхан кідіре алмады, ғарға сүт пісірімдей ғана уақытқа кірген еді, өз мөлшерлеуінше едәуір мезгіл өтті, қыз құшағынан әзер босап, сыртқа сытылды.

Осы кездесуден бір жеті өткенде Иланшы Қадырхан Көкмардандағы ғарға қайта келген, сұмдықтың үстінен түсті. таңғұт сұлуы өз бұрымына буынып жан кешіпті. Сұлу өз-өзінен қылқынды ма, әлде бөгде қаскөйдің қолынан опат болды ма, онысын біле алмады. Көзінің үстіндегі иненің жасуындай жіңішке қас қарауытып үлкейе түскен, астынғы еріні сол албыраған күйі қалыпты.

ТӨРТІНШІ САРЫН

Көне Інжу ерте көктемде есінен адасатын: кәдімгі күйі келген Отырар бұқасы болатын, өйдәйт, тұмсығын жерге салып сүркектейтін, алакөзденіп кісіге қарайтын, құйрығын қақшитып қаңғымалап кететін. Інжу де дәл сондай болады; қыстайғы сүр мұздың астынан арбаңдап шығып ағытылады дерсің. Ағытылатын да қос арнаны кезек қауып қызыл суға толтыратын. Арық атызды қарық қылатын. Дихан әулетін қырға қуатын. Аң атаулы жағадағы тоғайды тастап ашыққа өріп шығатын. Бұқа мінез әлгі пәлекеттің сыры белгілі: жолыңдағыны жалмайды, қаусатады, қашан биік алдың бөгегенше сөйтеді. Дүниені бүлдіре береді. Биікке басып ұрып гүрс құлағанша әңкүстеніп бітеді, сосын тыраң етігі кері найқалады, сабасына түсіп баяғы арнасын іздейді. Отырар шаһарына шытынап кеп маңдайын ұрған маңғұл қолының халі селді елестетті. Тұмсығын ұрып тырапай асты да, айнала Қадырханның көзін тұндырды, жүрегін көтерді. Биік қорған басынан кері шегінді.

Бүгін үшінші күн жау жағы ерен қимылда: әуелі саты қойып биікке өрмелеген. Қыпшақ жігіттері баспалдақ ұшына бұғалық тастап, не қармаққа іліп тайдыра берді. Бүкеңдеп өрмелеген жаудың желкесінен құм толы қаптарды, жебе зырлатты, найзамен нұқыды, әйтеуір қорған басына аяғын салдырмаған. Жүндей түткен. Жаңа аңыстағанда сезгені жау енді тіке шабуылды доғарған секілді. Нендей айла жасамақ, келесі соғысы қашан, ол жағын әмірші болжай алмады.

Бақылау мұнарасына қолбасыларын қалдырып Күмбез Сарайға оралған. Салтанат сарайына кірді, қызметшінің қолына қылышын, шапаның қалдырды. Таққа келіп жайғасты, еңсесін темен салып түнеріп отырып қалды. Кенет сол жағынан сыбдыр естілгендей болды. Селт етіп солай қараған. Тас тұғырға ұқсап тұрған ханша екен. Басында көгілдір жаулық, үстінде бүрме етегі жер сызған ақ жібек көйлек, аяғының ұшы көрінбейді. Әмірші көзін бірте-бірте жоғары көтерген: бұл күнде Бикенің бөксесі толып, мықыны мамырлаған, кеудесіндегі қос зерен пәлек арасына жасырынған әңгелектей толысып піскен, жұпар шашып, кеудеше астыңда тырсыл қағады, иығы сұңғақ, мойны үлпілдеген жіңішке еді, енді байқады, жуандаған секілді, оның үстіне бұғақ бітіп тамағының астын толыстырып жіберген; иегі сол қалпы, қыз күніндегісіндей ұшы сүйірлене сүмірейіп, сопақша жүзіне ерекше әр қосып тұр, еріні жұқа, танауы қырлана түскендей ме, бұрынғыдай тәкаппарлықты емес, тыныш мойынсұнуды танытады; көзінің асты көгіс секілді, жанары қиғаш, қарашығы кішкентай, қастары қою, арасы бояумен қосылған; қабағына қос әжім түсіпті, маңдайы торсықтай томпиып тұр, жұрттікіндей жайпақ, не алшақ, не тайқы емес; тік түсетін тоқ маңдай. Иланшы Қадырхан осы Бикені алғаш көргенде маңдайына ғашық болған. Сопақша жүзіне дөңгелене түскен тік маңдайы ерекше сән беретін. Жігіт көңілін қыз-қыз қайнатқан-ды. Қазірде сол әдемі ақ маңдайды, сол қыр мұрынды көргенде көзіне кешегі күңдері көлбең еткен. Онда қалыңдығын құштарлықпен сүйген, араларында ара ағайын сыр болмайтын, риясыз күлкі мен от құшақ қана еді, аңқылдаған асық күндер кешіскен. Жылдар өте Бике құрсақ көтермеді, батыр күрсінуді шығарды. Содан келіншектің қабағына қос әжім түскен. Батыр шеттен келген елшілерді қабылдады, тұтқын қыздар сыйға тартылды, ешқайсысына көңіл бөлмей жүріп, тақауда таңғұт сұлуының сықпытына үйірілген. Соны сезгенде Бикенің өзегін қызғаныш оты өртеген, мысы түскен, тәкаппар танауы қусырылып, қырланып кеткен. Осы өзгерістің бәрін батыр білмейді емес, білетін, қайтсін.

— Бике, қасыма тақашы, — деді Иланшы Қадырхан ауыр ойдан басын көтеріп, серпіле ұмтылып.

Ханша судырап келіп тақты жиектей отырды. Білегін созып ерінің тізесіне салды. Жанары жәудір етті.

— Шалдығып біттің-ау.

— Халіңді сұрамағалы көп болды ғой.

— Халқыңның халін ойла, бізде не бар.

— Бике! — деді Иланшы Қадырхан. Ханшаның толық мықының қапсыра құшақтады. Жүрегі аузына тығылды. Ханша жүзін жерден алды. — Кеш мені!

— Әлдеқашан кешкем.

Өзіне оқыс тартып келіншектің маңдайынан иіскеді.

— Көп ұзамай көз жұмамын ғой деймін.

— Не дейді? Сен айтатын сөз бе бұл, Бике?!

— Аруақтар түнімен ұйықтатпайды, төсегімнің астынан тықырлатып көр қазып шығады.

— Қорыққанға қос көрінер дегеннің кері де. Қорқыт атаңа да көр елестеген екен.

— Көзіме көрінбесе де дыбысын анық естимін.

— Ненің?

— Әлгілердің... жер қазғаның, топырақ тасығаның.

Иланшы Қадырханның есіне баяғы тәуіп шалдың айтқаны түсті. "Ханшаның дерті ауыр. Дәп осылай емделмей, ескерілмей жүре берсе делқұлы болып кетеді", деп еді-ау. Содан жанары өткір тәуіп шалды жұмасына жалғыз мәрте келіншек шымылдығына кіргізіп ем жасатқан. Дертінен құлан таза айығып, қарға аунаған түлкідей құлпырып шығып еді. Бұғағы дірілдеп сыңқылдап күліп, етегі дүрілдеп наз етіп қабылдауды шығарып еді. Тәуіп шал қоржының қазынаға толтырып, томпаңдап, шүршіттердің керуеніңе ілесіп кеткелі келіншектің қалпы жоқ, бұрынғы сүлделенген күйіне қайта түскен.

— Төсегімнің астынан тықырлағандай болады.

— Үсті тыныш болғасын сөйтеді де.

— Күлмеші!..

— Бүгін жаныңда боламын.

Осы түнде ханшаның айтқаны ешқандай қорқыныш та, Қорқыт атасының көрі де емес екеніңе көзі жетті. Әмірші сұмдықтың үстінен түсті.

Ханша сарайы Күмбез Сарайдың желке тұсында, күннің шығыс бетінде, дөңестің басында болатын. Қыш қорғанға жақын еді. Қырдан соғар самалдың өтінде, шаһар шуынан қаға беріс етіп әдейі оқшау салдырған. Сырты гулеген ақ қыш, іші мәрмәр мәзін мекен еді... Әмірші ханшамен дәмді сұхбат құрып түннің бір уағына дейін отырып қалды. Күтуші болып істейтін кемпір бет жігіт шарап пен қарбыз суын әкелді. Жатар мезгіл жетсе өстетін. Күмбез ойықтарында жылтырап жанып тұрған шырақтарды өшірді, шілтерді түсірді. Төсек басында жалқы шырағдан қалды. Сырттан әтір майын құйған жез шырағдан әкелді, соны тұтатты, әлгі маңына жұпар шашып шытырлап жана бастады, төсек басындағы жай шырағданмен алмастырды. Сездірмей сытылып жоғалды. Иланшы Қадырхан күндізгі ұрыстан қатты шаршаған, жілігіне қортпа құйғандай зіл тартып, басы зеңгіп, жастыққа қисайысымен ұйықтап кетті.

Бике күндегі әдетімен көз іле алмады. Жаныңда ері жатса да сезім түйсігін жайлап алатын қорқынышты күтті, көр қазатындарды ойлады. Сол-ақ екен құлағы шыңылдап жүре берді, суық терге малшынды. Төсегінің астынан тықырлаған дыбысты тағы естіді.

Әуелгіде ханшаның үні шықпай қалды, әлгі тықыр күндегідей аяқ жағынан емес, дәл жастығының астынан естілген. Ерін оқыс түртіп оятып жіберді. Иланшы Қадырхан басын жұлып алып жұпар шашқан шытырлақ шырағданға, сосын әйелінің жүзіне қарады. Бикенің жанары аумақтанып барады екен. Тықылдаған үнді құлағы шалды. Қорған басында жүрген күзетші сарбаздың аяқ тықыры ма деп ойлады, жо-о... дыбыс биіктен емес, төменнен, жерден шығатындай. Құлағын құс жастыққа басты. Бұл жолы анық естіді, тапжылмай жатып ұзақ тыңдады, сосын төсегінен жылан шыққандай ыршып тұрды.

— Жау қорғанның астын үңгіп жатыр!

Ханшаның ащы даусы шығып кетті.

— Енді қайттік, пірім?!

— Жер асты тықырына қарағанда үңгігіштер қорған ішіне өтіп үлгірген. Бұл сарайды тастап шығуың керек. Күмбез Сарайдағы Салтанат үйіне барып жайғасасың!

Иланшы Қадырхан әуелі күтуші жігітті шақырып алып ашылып-шашылған ханшаны киіндірді. Сосын күзетші әм нөкерлер тоғытылды. Келіншегін Хан сарайға көшіруге жарқ жасады. Қолбасыларға шабарман аттандырды. Түннің ішінде Күмбез Сарайға ала мойын алыптар жиналды, мәслихат құрды. Әмірші болған жағдайды жігіттерге түгел мағлұмдады. Бұрын-соңды ұрыс тарихында шаһар біткенді жер қаптырып жүрген қатал тәсілді жау қайталап жатқаның айтты, ақылға шақырды.

Мұны естігенде Қараша колбасы безілдеп қоя берді.

— Жер астынан жік шықты деген осы ендеше! Біз қорғанның үстінде бұқаша сүзісіп жатқанда бір түмен қол ханша төсегінің астынан шыға келеді әлі. Құдая-құдауанда, естімеген елде көп, бұл пәлекеттен қайтып құтылдық енді?!

— Үңгір қазушылар қорған астына кідірмей шаһарға енген, — деді Иланшы Қадырхан.

— Бүйткен шаһары да, қорғаны да адыра қалсын, қақпаны ашайық та ашық далаға шығайықшы. Арам қатып өлерміз тегі!

— Бірнеше жерден шыға келсе қай тесіктің аузын басамыз түге? — деді Мақсұт.

— Тап қазір қақпаны ашып сыртқа шығу шаһарды да, қолды да опат етумен пара-пар. Маңғұлдар бізді ашық далаға жеткізбейді, жолдан-ақ алып соғады; екіншіден — жау саны алты-жеті есе көп, ашық майдандасу көзсіздік, - деді Иланшы Қадырхан.

— Жалғыз амал бар саққұлақ жігіттерді жинап шаһардың жау жатқан бетін түгел тінте тың тыңдатамыз. Мұнымызды маңғұлдар сезбеуге тиіс. Анықтайтынымыз үңгігіштер қанша бағытпен қазып келеді, тоқайласар жері қайда? Біліп аламыз да іннің тесіп шығар аузын бағамыз. Әйелдер тегіс қимайы қайнатып қыш кеспектерге құйып әзір тұрсын. Жеме-жемге келгенде "тесіп шығады-ау" деген тұсты ойып жіберіп, үстерінен қимайы құямыз.

— Әміршінікі жөн сөз, жер астынан шықса төбесінен қимайы құялық қорғанға өрмелесе желкесін қиялық! Өліспей беріспейміз деген сертіміз бар! - деп дауыс көтерді қыпшақ қолбасылары.

— Неғайбіл іс екен, - деп күңіренді Қараша.

Осы тұн саққұлақ жігіттер тыңдап жүріп жер астын үңгігіштердің үш бағытпен жер қазып келе жатқаның анықтады: бірінші бағыт тұп-тура Күмбез Сарайдың астына келе жатыр, келесі тармақ ханша сарайының ішінен шықпақшы, үшінші бағыт Арыс өзенімен шаһарға су тартқан жер астыңдағы Бас құбырды тұстан келеді. Әсіресе, жаудың Бас құбырға дәлдеп бағыт алғаны шошынтты. Жау ішінде шаһар құрылысын аса жетік білетін бір адам бар, не, қыпшақтар ішінде жаудың жансызы болғаның Иланшы Қадырхан саққұлақ жігіттерге тағы тыңдатты, бағдарды өлшетті, сосын Ғаббас көрегенді қасына ертіп алып жер асты үңгірлері қашан тесіп шықпақшы, қай тереңдікте келеді, соны есептетті. Күн көтерілгенше сенделді... Таң ата Алтынтөбе тұсынан жаудың әлсіз шабуылы басталды да, аз соғыстан соң өшіп тынды. Маңғұлдар үлкен майданға өзгеше әзірленіп жатқан секілді. Дауыл алдыңдағы ішін тартқандай тымырсық кез еді бұл.

Ғаббас көреген түрлі есептер шығарып, қағаз шимайлап, сиясын сарқып түс әлетінде барып өз түйгенің әміршіге мағлұмдады.

— Хан ием, кеше түнде ханша сарайында болмағаныңызда қапы қалады екенсіз. Ол сарайға әкелетін жер асты жолы негізінен біткен. Нанбасаңыз бүгін түнде сарайға жатып тың тыңдаңыз. Тықыр естімейсіз. Жер қазуын түнде-ақ доғарған. Енді олар қалған екі тармақтың діттеген жеріне жетуін күтеді, ол екеуінің төрт күндік жұмысы бар әлі. Жау жер асты шабуылын бір мезетте, бір түнде үш жерден бастамақшы. Оған көз жеткізу үшін мына сызықтарға зер салып, есепті шығарсаңыз болғаны.

Қолбасы көрегеннің шығарған есептері мен сызған сызықтарына зер сала қарап шыққанда барып сырттағы жаудың шын шабуылы жер астынан келетінің анық сезді. Көз жеткізді. Кешегі түні ханшаның қасында болмағанда қапы қалуы сөзсіз еді. Маңғұлдар жер астынан тесіп шығар еді. Қол күші екіге бөлінер еді, ең сұмдығы шаһарда дүрлігу туар еді. Ол дүрлігу қамысқа түскен өртпен парапар болар еді. Шындап келгенде өртті өшіре алмасын ойлаған әміршінің тұла бойы түгел қалшылдады, салқын ауаға желең шыққан кісі тап осылай тоңазитын, жанымен тітірейтін.

Күмбез Сарайға сенімді серіктерін жиды, Қайрауықты, Хисамеддинді, Исмаилды алдырды; алқа топ құпия мәслихатқа кірісті. Әуелгі сөйлеген Иланшы Қадырхан болды; жау жағадан алып тынысты тарылтуға айналды деді.Шаһар ішінен жымысқы жансыз шықты деді. Маңғұлдар астымызды үңгіп жатыр деді. Алқа халайық, ақыл қосайық деді.

Ғаббас көреген жасы үлкендігін танытып, әуелгі пікірді өзі айтты. "Інжу жағасындағы жайдақ тақырда сор болатын, әне күні барып көрдім сол сордың беті қабыршақтанып ұлпасын тұзға бөгіпті: әлгіге от тигізіп едім, гу етіп жана жөнелді. Сонда бір ой түсті, көпіршіген тұздың бетін жинап алып келіге түйсе, оған қамыстың борығы мен мақтаның ұлпасын қосса, дауасыз жанатын дәрі шығар еді . Сор дәрімен маңғұлдардың киімін, сатысын, жарағын өртеуге болар еді",— деді. Қария: "қалай қарайсыңдар" дегендей жағалай көз жүгіртіп, сақалын тұтамдап отырып қалды. Көрегеннің дегені көпшілік көкейіне қонбады, "тері сор, бейнеті зор пәлекет іске бастағалы жүр, тұз жанушы ма еді", десті; "қайдағы-жайдағы қиялға ермей-ақ қылышымызды қайралық та", десті. Қарияны жалғыз Хисамеддин қоштады. "Әлгі сор дәрі де әмірші айтқан қимайы секілді керемет нәрсе, тегін жатқан түз ғой, қайтсек те жасап көрелік", деп өзеуреді. Жұрт екі жар болып шуласқан. Ақырында Иланшы Қадырхан сор дәріні Ғаббас пен Хисамединге жасауға жарлық етті.. Бірақ бұл дәрінің пайдасын көруге қоршауда қалған осы ғазиз ұрпақтың маңдайына жазбапты. Қайрауық: "Әлгілердің тесіп шығар аузына құйма құлақ күйші жігіттерден күзет қоялық", деді, өзі бас болып ханша сарайының астыңдағы кеуекті күзетпекке келісті. Әр оқпанның аузына саққұлақтар бөлінді. "Жансыз болып жүрген кісіні тауып алғанша қақпаны ашып, жауға тұтқиылдан тиісуді доғара тұрған ләзім", десті. Осы бәтуаға тоқайласқан қолбасылар жөн-жөніңе тарасты, сезікті кісілердің көзіне түспеуге тырысып бағады, әсіресе хорезмдік Қарашадан аулағырақ жүрмекші. Жұртты жөнелтіп тыныстауға отырғаны сол еді, уәзір шал сырттан кемсеңдеп жетіп келді.

— Хан нем, әлгі Қараша ит қамшымен осып жіберді, сізбен сөйлесетін сөзім бар дейді!

— Мәулет бер!

— Тақсыр-ау, ит арқасы қияннан қатынымызды, қора-қопсымызды тастап қол ұшын беруге келсек, кетісетін сыңай танытқаныңыз қалай? Жасырын мәслихат өткізгеніңізге жөн болсын?

— Қараша, елдігіңді танытады екенсің — тантымай сөйле! Мәслихатымыз қылыштың жайы емес, халықтың қамы болған соң жон білер ғұламаларды жинадым, пиғылын сұрадым. Бөлістен құр қалғандай уәзірді сабап кіргенің жарамады.

— Тақсыр-ака, бөлінісе қалғанға қайдан білейін.

— Білмесең зердеңе тоқып ал. Отырар секілді ендігі мақсатымыз да жалғыз, тағдырымыз да бірге.

— Арадан жансыз шығыпты десе ме-ау тегі.

— Ондай күдіктің бары рас.

— Көңіліңе дық алады екенсің. Құрсаудай қорғаннан шығып хабар жеткізер кім болушы еді, білмей айтылған сөз ғой.

— Ары таза адам көңіліне дық алмас болар.

— Қадырхан-ака, менің сезіктенетін кісім бар.

— Ол кім тағы?

— Айтсам ғой сенбейсіз, сырты бүтін, іші түтін сұлу сайқал бар, ылғи еркектермен қосылып қақпадан шығып, ұрысқа қатынасып жүреді, өткен жолы қолдан көш кейін қалып әзер жетті.

— Баршын сұлу ондайдың адамы емес. Қиянат сөйлеп тұрсың.

— Қадырхан-ака, көріңіз де тұрыңыз, осыдан төрт күн өткенде бар қылмысын бетіне басып шашынан сүйреп алдыңызға әкелемін, тіл-ауызым тасқа, жаңсақ айтпаймын.

Осы әңгімеден аттай төрт күн өткенде жер асты шабуылы басталды. Үркер ауып бара жатқан. Таң сүлдері қиыр көкжиектен селбелеп қана сезілді. Шаһар шырт ұйқыда еді. Әлдеқайдан, алыстан гуіл сарыны жетті. Қимайы құйған қыш кеспектің жаныңда мүлгіп тұрған Қайрауық селт етті, еңсесін көтеріп алды. Аяқ астынан тышқан жорғалап өткендей әлсіз тықыр естілген. Бұл ақырғы адым жолды жылдам үңгуге кіріскен жау еді. Саққұлақ тыңшы жалт бұрылып, айналада пышырап дамылдап жатқан колға хабар берді. Қол тапырласып тұра бастаған. Сөйткенше болған жоқ, аяғының астыңдағы тас еден темен қарай лықси жөнелді. Ернеуінде тұрған Қайрауық қоса кететін еді, жеңіл ырғып шетке шықты, әзер тырмысып үлгерді. Киіз үйдің орныңдай аумақты оқпан пайда болды. Әлгі оқпанның шаңы сейілісімен-ақ, арғы жағынан қарауытқан жау легі көрінді, лек лықсып ауызға тепті. Қайрауық бала кезінде суыр аулаған, жана қазылған інің тауып алып, ішіне шелектеп су құятын; әлден уақытта суға тұншығып, батпаққа малшынып ит рәсуасы шыққан сумақай мақұлық аяқ астынан сопаң ететін, тапырлай қашатын. Дәл сондай болды. Қараңғы үңгір ішінен көк сауытқа оранған маңғұлдар "е-ә" десіп сыртқа лап қойды. Алдыңғылары қыпшақ сүңгісіне шаншылды; ыстық қимайы да әзір болған, жігіттер домалатып келіп оқпанның ішіне құйып жатыр, иісі жаман жылбысқы сұйық маңғұлдардың үстін алып кетті. Қайрауық қолындағы шырағданды ор ішіне лақтырды, қимайы лап етіп тұтанған; көр етіп қазған тас қараңғы кеуек ішінде аласұрған жау жалын жұтып жаман дүрлікті. Үстері өртенген бірер маңғұл сыртқа атқып шыққан, шарт та шұрт қылыштаса кетті, қимайыға күйіп өлгенше қылыштан опат болғаның қалаған. Қалған жау кейін лықсыды білем, шыңғырған дауыс, жөнел деме жөңкіліс кеуектің ішін күңірентті. Әсіресе үсті өртенген жау жанталасқа түскен. Қалғаны қимайының зәрдей ащы түтініңе қақалды, жөтеліп барады, тынысы тарылып, басы зеңгіп, ұрыспақ түгілі қашып құтылу мұң болды. Қыпшақтар кеспек-кеспек қимайыны апанға лақылдата құйып, от қойып өртей берді. Манағы екі маңғұлдан өзге сыртқа шыққан кісі болмады, қалған қол кейін серпілген.

Қорған сыртындағы кең шатырдың ішінде жер асты шабуылын басқарып тұрған Шики-Хутуху нойон жаман шошынды. Жер асты жолының сырттағы аузы нойон шатырынан басталатын. Әуелде оқпан үңгір бір жүздігін жұтқан, келесі жүздікті түсіргелі, жарлық жасағалы оңтайланған. Оқпан ішінен жайсыз шуыл естілді, қолма-қол ұрыстың қаһарлы атойы емес, қапыда жылан басып кетіп шыңғыра қашқан қыздардың шуылы секілді. Тіксініп қалды. Танауына аса жат иіс сезілді, қойды көңірсітіп үйіткенде, не итсигек шөбін өртегенде осындай иіс шығушы еді, жоқ, иіс әрі өткір, әрі күлімсі еді. Нойон үңгір аузынан кейін тайқыды. Сосын оқпаннан будақтап көк түтін шықты. Қолбасы саның бір-ақ соқты, қайран боздақтарының үңгір ішінде отқа өртеніп жатқаның енді сезді, қылышын алып үлкен шатырды тіліп-тіліп жіберді. "Желпілдетпей жинап әкетіңдер", деп жекірді. Сөйткенше болған жоқ, оқпан ішінен күйелеш-күйелеш, бас-сирақ үйткен долыдай бір пәлекет шықты, көзі атысып, аузы қиғаштанып кеткен, нойон әзер таныды, нешеме шайқасқа шімірікпей кіретін жүзбасы Құмырсқа ғой бұл! Бауырым-ай, не сұмдыққа тап болғансың? Шики-Хутуху нойон ботадай боздап келіп батырын бауырына қысты. Қыпшақ атаулыны қарғап-сіледі. "Иттердің төбесіне жай түсір", деп тәңірден тілек етті. Оқпан ішінен көп қол шықпай қалды. Біразы алғашында-ақ өртеніп опат болған, қалғаны жолда түтінге тұншығыпты, тар іннің ішінде бірін-бірі таптап, қарсы кезіккенің жарып салыпты. Тірі шыққаныңа кісінің қарауға дәті шыдамайтын; киімінің қайда қалғаның білмей, мәңгіп, өзегі түсе жөтеліп, жұлмыттай жұлынып жүрген бірдеме. Қол емес қара сайтан.

"Қағанның алдыңда аузым қышып осы айланы өзім айтып едім, енді беліме тас байлап сілкіп өлтірері анық!"

Әрідегі Алак нойон мен Тәжібек шатырынан да шу шықты, олардың оқпаныңа түскен қолдың да халі қай жетісті дейсің, соны сезді де аузына жүрек майы кілкіп, басын қос қолымен ұстап беталды далаға жүгіре жөнелді... о-о-о... өкірген даусы жер жарып барады, соңынан нөкерлері андыздады, жетегінде нойонның тұлпары... о-о-о... колбасы жынданды ма деп қаупайлаған, қуып жетіп атты көлденең тарта береді, жүзіне тіктеп қарауға жан шыдамады, тек сай сүйекті сырқыратқан зор дауыстан ығып қоғадай жапырылды, о-о-о, нойон тұлпарына мінді де тізгінді барынша босатып жалға жатқан, күннің шығысына ат қойды, тотыққан жүзін туған жер жақтан сырғи соққан салқын самал епті, а-а-а, соңындағы қапырық пен шаң, қимайы мен қан жұтқызған жын ойнағын, өліспей беріспейтін пәлелер мекенің ойласа-ақ жаны шошиды... о-о-о!

БЕСІНШІ САРЫН

Шики-Хутуху нойон ат жалына жатып алып көсілте берген. Құйма тұяқ астынан бұлдырықтар бұлдырап ұшты, тақымына шылқылдап тер өтті, ер басы кеудесін келіше түйгіштеді. Бойына салқын ауа сіңіп ес жиғандай болды. Әуелде жынданып кеттім бе деп жаман қорыққан. Шым-шымдап желігін басты, тарсылдап соққан жүрегін тыңдады. Ат тұяғының тасырынан өзге ештеме естімеді. Әрәдік соңына бұрылып қараған, қуғыншы шықты ма деп қаупайлады, жоқ, жалғыз суыртпақ бозамық сүлдеден өзге дәнеме шалынбады. Қарсы беттен Қаратау күмбезі көтерілді, жым-шатқалы әлі алыс, алыс болса да айқын адыраяды, әрі-беріден соң өзіне қарай өңмендеп жылжығандай көрінді. Тізгінің тежеп арының бәсеңдетті. Кеудесін көтерді. Ер басына сиыр сілекейіндей мизам оратылды. "Күздің де келіп қалғаны ә" деп ойлады. "Өлі мен тірінің арасында жүрген мұғдарсыз жанға келесі көктем бұйырар ма екен? Әлде жанымызды соғыс тәңірі Сүлдеге табыстап, жаһаннамға жаяу тартамыз ба? Сүйегіміз ай қорғанның түбінде шашылар екен?" Нойон қатты құлазыды, жігерін жілікше мүжіген уайымы бар. Атынан түсті. Аяқ астыңдағы кәудірек жусан күтірлеп сынады. О-хо-хо- ой! Бұдырсыз далаға керіліп түсіп жата кеткісі келді. Атының тізгінің ұзартты-дағы белбеуіне қыстыра салды. Бір шөкелеп отырды, шыжымдап дәрет сындырды. Жусанға алақаның сүйкеп көтеріле берген.

Алыстан әлдене қарауытқандай сезілді, жоқ, қараңдаған. Өлексе шоқыған күшігенге жорыды. Қазір бұл далада не көп, өлексе көп, өзегін қан тартқан хайуанат атаулы тойынғалы қашан. Әлгі қараңдаған туралап салып келеді. Жақындағанда ажыратты, ерттеулі ат екен, иесін майданда опат етіп ойнақтап шыққан опасыз жануар болды. Жарақат тегі, алқымы мен қапталы қызыл ала қан. Нойонның көзі ер үстіне түсті, иесіз ат дегені бекер екен, тұла бойы қалшылдап қоя берді. Айқайлауға үні шықпай, тізесі бүгіліп, отыра кетті.

Состиып үркіп тұрған әлгі жылқы ытырылып жосыта жөнелген. Аты да сарынға ілесіп кері шатқаяқтап еді, белге байлаған тізгін қалт кідіртті. Нойон әлден уақытта өз-өзіне келіп қайрат жиып қайта көтерілді; қатты ыңылдады. Жанары ақшаңдап әлпін іздеді, әлдене арқалаған жылқы алыста сорғып барады екен, лезде ноқатқа айналып жоғала берді.

Нойон соңынан салуға қорықты.

Жағын сипады, қисайған ештеңесі жоқ. Қатты дірілдеген тізесін қолымен басты, жүкті қатыңдай сүйретіліп атына әзер мінді. Тізгінді күннің батысына бұрды. Майда аяңмен келеді. Екі иығы жоғары едірейіп шығып кеткен. Бойындағы жалт-жұлт еткен жарағы, асыл ер-тұрманы болмаса қойшыға ұқсар еді. Өмірі ыбылжудан аспайтын, шекесінен күн өтіп өлеусіреген пақырлар ше. Оларға жарау жүйрік мінгізсең де митыңдап жүріп ай ішінде мәстек қылып береді. Нойон да әлгідегі заулаған қарқын жоқ, қарқын түгілі кісілік қалпы қалмаған, құр қауқар ғана. Үп еткен желге ұшып жөнелетін секілді.

"Әлгі сұмдықтың қолына түскенше майданға түсіп мылжаланғаным жақсы", деп ойлады нойон. "Жалғыз жүріп қорыққаннан гөрі пәлен қызыл көз қыпшаққа қарсы шапқаным мың мәртебе артық. Қанша дегенмен қыпшақ та өзіңдей адам ғой. Әлгі тұлпар үстіндегі пәлекет емес. Соғыстың қорқынышы мүлде басқа, қолдың атойы мен айқайының желіктіріп әкететін рухы бар, содан әлгі қорқыныш дегенің сағымға айналып жоқ болады. Қарсы келгенмен өлердей қырқыстың. Ажалды да тайсалмай қарсы аласың. Өйткені соғыстағы ажал нақа бір құрдасын, танысың, дәмдес-тұздасың тәрізді. Сол ажал кезеңін тауып алқымыңа қылыш тақаса, оңай-ақ мойынсұнасың. Танысыңа, не құрдасың ақ арыз бергендей боласың... Керісінше, жападан-жалғыз жүріп ажалмен кездессең шыбын жаның шырқырайды. Тізең дірілдеп отыра кетесің. Бойында желік те, ерікте болмайды. Бар тапқаның тырақайлап қашып жан сақтау, байбалам салып жалбарыну. Қор өліммен өлу".

Нойон атына қамшы ұрды. Көсілте шапты. Жат ажалдан қашып, құрдас ажалына тезірек жетпекші. Отырар шаһарына шандатып кіреді. Қимайыға күйіп, қанға шашалып жатқан қолға араласады; бұл да түтін жұтады, жер асты жолымен еңбектейді, қорғанға өрмелейді. Тайсалары жоқ. Қапылыста мүлт кетіп құрдас ажалына ұшырасып қалса, көптен көріспеген жолдасындай шұрқыраса сәлемдеседі, жай-жапсар сұрасады, "жаныңды бере қал" десе, қиналмай мойынсұнады. Осы жолда мерт болып мәңгіге көз жұмып жатқандар аз ба, соның бірі де; осы жолда талай жас өрім жігіттердің жаның алып жүргендер аз ба, соның бірі де. Үлкен жолдың титімдей жолаушысы-дағы, сұрапыл соғыстың жан беріп, жан алғышы-дағы.

Шики-Хутуху нойон ат басын бұрып қаһанның жібек шатырына тартты.

Қаған шатырының алдыңда жібек шапаның желең жамылып тұр екен. Екі жағында екі нөкері, төменіректе нойондар, қолбасылар ереуілдеп шаһар жаққа көз тігісе қалған. Жаңа шабуыл басталғанға ұқсайды. Отырар жақ кілкіген шаң, будақтаған түтін; дабыл дүңкілі, ат дүбірі, қол атойы, жарақ шақылы қосылып тұтасқан шуылға айналыпты. Жер мен көкті солқылдатып барады. Шики-Хутуху нойон қоғадай жапырылды, атын аулаққа қалдырып, шатыр тұрған төбеге жаяулатып жүрді. Қос қолымен ішін басып иіле түседі, бара-бара адымы майдалап, қыбырлай жылжыды. Еңсесін зіл басты. Қаһан жорғалап келе жатқан нойонды таныған. Қабағы түсіп, кірпідей жиырыла қалды. Қылышының сабын қысты. Мысық мұрты жыбыр етті. Нойон тақай бергенде қаһан қолын сілкіп ым жасады, кідірсін дегені, жанындағы қос нөкері жүгіріп келіп алдынан найза айқастырды. Нойон қалт кідірді, еңсесін көтерді.

— Дүниенің алтын тұтқасы, жарылқаушы ием, дат! — деді нойон.

— Бұралқы күшіктей қаңғып өлмей, қайтып келгеніңе жол болсын енді?! Жер астына түсіріп түменді қырдың, қаһарымнан қаймығып безіп жоғалдың. Құнсыз басыңа қылышымды қор қылмаймын, - деді қаһан. Деді де жымиды, былайғы жұрт ішін тартты.

— Соғыс тәңірісі Сүлдені көрдім, жарылқаушы ием! Нойондар жағасын ұстады, қаған тағы жымиды.

— Қаратаудың етегіндегі соғыс өткен дал ада қаңғып жүр. Әуелгіде майданнан шыққан иесіз ат деп ойладым, дәл солай көрінді, тақап келгенде анық байқадым. Қанжығасына қан қатқан, соғыс тәңірісі Сүлде екен, ер үстінен әзер көтеріліп үлкен басын шайқап-шайқап тұрды да жөніңе жоғалды.

— Жер астына түсіп қырылған түменіміз тәңірге барып жолыққан болар, содан аян бергелі жол алып келгені шығар, — деді қаһан.

— Тәңірім маған тегін көрінген жоқ, майданнан қашқаным үшін жанымды алмақшы, жарылқаушым.

— Мүмкін бізге жеңіс жолын үйреткелі келген болар,— деді қаған.

— Тәңірім түбіме жеткелі жүр.

— Аяғымызға тұсау, қолымызға опат болған Отырарды алуға көмектескелі келді ме, — деді қаған.

— Тәңірім мені құптаған жоқ, — деді нойон.

— Соғыс тәңірісі Сүлде соңымызға түсіп желеп-жебеп жүргенде біздің тайсалып тырапай асуымыз күпірлік. Нойондарым, қолбасыларым, дереу қолға жетіңдер, жарлығымды таратыңдар. Опат болған түменімнің тұлпарына мініп тәңіріміз Сүлде келіпті, ол майдан даласын аралап жүр, енді көкірекке жігер, білекке күш құяды. Екі дүниеде де өлмейтін етеді. Жігіттерге жебе өтпейтін, қылыш батпайтын болады. Өрмелеңдер, қиратыңдар, өртеңдер, қырыңдар, жойыңдар, тып-типыл етіңдер, қаның шашыңдар, тозаңға араластырыңдар!..

АЛТЫНШЫ САРЫН

Қазақша қазан айының басында Отырарға сұрапыл соққы әкелген тас атқыштар соғысы басталған. Бұл соғысты қағанның оң көзі Алақ нойон басқарды. Қасына қытай ұсталарын ертіп жүріп, тас атқыш қару жасауға қамданды. Күннің шығысынан, қаған жаулап алған жерлерден үлкендігі киіз үйдей, салмағы он пұттан асатын тас атқыштарды мұнда жеткізу мүмкін емес еді. Арада шөлейт дала, қарлы тау, жойқын өзен жол тосты, осылардың бәрінен сүйреп алып өту үшін тас атқыш қаруға қыруар қол жегілер еді. Оның үстіне қол жүрісі шабан тартар еді. Соны ойлаған қаған кезінде Алақ нойонға жарлық жасаған: тас атқыштың аса қажет жабдықтары — ширатпа сіңір арқан, тартқыш тарамыс, тас лақтыратын ұзын сапты ожау, темір шығыршық, ұстағыш тиек секілді құнды жарақтарды ғана түйеге теңдеп алыңдар деген. Тас атқышты жасайтын ұсталар да ере жүрді. Барған жерде ұзын-ұзын бөренелер табылса-ақ, әлгі ұсталар әп-сәтте сұрапыл қаруды қолдан жасап шығатын.

Әуелі қытай ұсталары Інжу өзенінің жағасын тінтті, ондағы ну тоғайдан қажет ағашын іздеді; жыңғыл, жиде, сәмбі тал, қара ағаш, өрік, тұт, шабдалы секілді қисық-қыңыр өсетін ағаштарға тимеді, олардың көзіне оттай басылған тораңғы талы еді. Тораңғы талы оқтаудай түзу әрі соққыға жарылмайтын қатты келеді. Жүз шақты тұтқын тоғай-тоғайды кезіп тораңғы кесті. Бұтағын қырқып, қабығын аршып, жуан-жуан бөренелер жасады. Қос-қостан түйеге теңдеп шаһар сыртына тасып жатты. Тау-тау етіп бөрене үйді. Бұлардың біразы тас атқыш қаруға айналса, енді біразы от қойып шаһардың ішіне ататын оққа айналмақшы. Бұл да нойонның есебі еді.

Ұсталар әуелі ұзындығы алты құлаш келетін қос бөренені таңдады, бұл ағаштар тас атқыштық кәсекесі, яғни табаны болады. Тас атқыштың кәсекесі қаншама үлкен болса, бұған бекітетін ожау да соншама ауқымды келеді, мұндай ожаудан атылған тас та алысқа кетеді. Қос бөрененің арасын бес көз етіп алшақтатты да қатар қойды. Тас атқыштың табаның әзірледі.

Тас атқыштың табаны болған қос бөрененің ортасын бірдей қашықтықта дәл өлшеп қашаумен ойды. Ойық жасап жатқанда бөрененің шытынап кетпеуін ойлады. Ойықтарға биіктігі жеті көз келетін қос қада ағаш орнатты. Әлгі қадалардың басын ұзындығы бес кездік көлденең ағашпен қосты. Енді бұл қос бөренеге орнатқан құдды дар ағашы тәрізді болды. Ұсталар әлгі көлденең ағаштың ортасын әуелі киізбен орады, киіз сыртын түйенің мойнағымен қаптады. Бұл тас лақтырғыш ожаудың сабы келіп ұратын жер. Ожауды ұстап қалатын осы көлденең ағаш еді. Қатты соққыдан жарылып кетпес үшін, әрі ожау сабын сындырып жібермес үшін көлденең ағаштың дәл ортасын өстіп мойнақпен қаптайды.

Енді жеті кездік тік тұрған қос қаданы ойықтан шығып кетпесі үшін қарсы жағынан екі тіреумен бекітеді. Бұл тіреулер де қатты ағаштан жасалған. Ожау сабы әлгі дар ағашын сұрапыл серпінмен ұрған мезетте қос тіреу қозғатпай ұстап тұрады, қаданың беріктігіне тән еді. Осы істерден соң ұсталар тас атқыштың негізгі жұмысы тамамдалды деп есептейді.

Тас атқыштың табаны болған қос бөрене бар емес пе еді, соның ортасын ойып жеті кездік қадалар қақты; енді сол қос қаданың бөренемен кірігер жерінен қос бөренені жалғастырып ширатпа сіңір арқан байланды. Бұл сіңір арқан қос бөренені астынан қосып тұрады. Сіңір арқан тас атқыштың ен басты бөлшегі. Өйткені әлгі ожауды сұрапыл серпінмен қозғайтын осылар. Бұл сіңір арқандар қаған елінен әдейі түйеге теңделіп әкелінді. Сіңір арқанның ортасына үлкен ожау бекітіледі. Ожаудың сабы аса қатты жиде ағашынан жасалған. Басы әр нәрсе салуға арналып ойықталған. Саптың ұшында тесік бар. Осы тесіктен арқан өткізіп ширатып, есіп әлгі көлденең тартылған сіңір арқанға мықтап байлайды.

Тас атқыштың табаны болған қос бөрене бар емес пе еді, сол бөренелердің келесі бастары ішке қараған бүйірден ойылады. Бұл ойықтан арқан тартқыш айналма бөрене өткізіледі. Айналма бөрененің ұзындығы да бес кездік. Әлгі сіңір арқанға бекітілген ожауды көтерген мезетте ожау басы көлденең дар ағашының мойнақ ораған ортасына тиеді, енді ожауды төмен түсірсек ожау басы айналма бөренеге тиеді. Өстіп ұсталар тас атқыштың ең ауыр шаруасын тамамдады.

Арқан тартқыш айналма бөрененің екі басы ойылады, бұл ойықтар бұрау ағаш салатын ұңғылар еді. Қол диірмен тартқанда дөңгелек тастың шетінде оқтау кіргізіп айналдыратын ойық болмаушы ма еді, мұнда да дәл сондай. Айналма бөрененің бір басына темір шығыршық кигізілді. Бұл шығыршық бөренені ұстап тұруға қажет. Темір шығыршықтың араның тісіңдей тістері бар. Бұл тістерге тиек орнатылады. Тиек жалғыз. Құдды қақпандікіндей. Айналма бөрененің ұңғысына оқтау салып айналдырса оған қоса темір шығыршық та дөңгелейді. Ылғи да солдан оңға қарай айналады. Бірақ керісінше солға қарай айналмайды, өйткені, шығыршықтың тісіне тиіп токтатып қалатын тиек тұр. Қалған кілтипан тиекте енді. Осы тиекті дәл қондырмаса тас атқыш дұрыс лақтырмайды, шығыршықты не ерте, не кеш босатып қояды да қыруар еңбекті зая жібереді. Осыны ойлаған ұсталар шығыршық пен тиекті орнатуға келгенде бір-бірімен ұзақ ақылдасып, ойласып, өлшеп қимылдасты. Бас ұстаның кеңесіне жүгінді. Қалған жұмысты ұсталардың өздері-ақ жеке дара атқарысып жатқан. Қастарында көмекші құлдары бар. Барлық ауыр жұмысты солар атқарады. Таңертеңнен қауырт басталған қимыл кешке қарай саябырсуға айналды, әр жерде қалқиып-қалқиып отыз шақты тас атқыш еңсе көтерді. Зәрені алып, арбиып-арбиып тұрысып таңдайларын тақылдата бастады. Қашау мен шапашот үні басылған.

Ұсталар әзір болған тас атқышты сынауға кірісті.

Жылқының құйрық қылынан есілген мықты арқан әкелінді.

Ожаудың басы мен сабы қосылар жерден күрмеп байлады да арқанның келесі ұшын арқан тартқыш айналма бөрененің ортасына байлады. Ожаудың ойық жағы дар ағашына қараған. Енді екі жігіт қолдарына оқтау таяқ алып тас атқыштың табаны болған қос бөрененің екі жағына тұрысты. Оқтауларын ойыққа сұғып, айналма бөренені өздеріне қарай домалатып айналдыра бастады. Айналма бөрене дөңгелеген сайын қыл арқанды беліне орай берді. Қыл арқан қысқара түсті. Ожау басын еңкейте тартты. Ожау басы төмендеген сайын сабын шіреп ұстап тұрған сіңір арқан ширатыла берді. Тырсыл қағып үзілердей болды. Түйе сіңірінің шіреген шиқылы естілді. Ожау басы төмендей-төмендей арқан тартқыш айналма бөренеге келіп тиді. Осы тірлікке жіті көз жіберіп оқшау тұрған ұста жігіттерге белгі жасады. "Оқтауларды суырып кейін кетіңдер", деп ым жасады. Өзі жүгіріп келіп ожаудың ішіне жерде жатқан дәу тасты көтеріп салды.

Алып тас атқышты сөйлетуге үш кісі дөп жететін.

Ұста мысықша жұмсақ басып келіп тас атқыштың сол жақ бүйіріне шықты. Темір шығыршық осы жақта еді, қолына оқтау таяқты алды. Аса еппен тиекті ұрып қалып темір шығыршықтан тайдырып жіберді. Тиектісінен босанған шығыршық оңнан солға қарай шыр көбелек айналды; оған қоса айналма бөрене де дөңгеленіп, көз ілеспес жылдамдықпен беліндегі арқанды босатты. Арқан тарқатылысымен-ақ ожау басы қайқаң етіп көтерілді. Ұңғысындағы үлкен тасты сақ еткізіп атып жіберді. Сақпан ұрғандай сезілді.

Ожау алқымы көлденең ағашқа барып ұрған. Түйе мойнағынан шаң бұрқ етті.

Лақтырылған тас алысқа түсті. Жанындағы екі жігіт ара қашықтықты өлшеп келуге ұмтылды. Ұста тас атқышты айналып қарай бастады; айналма бөрене мен темір шығыршықтың қоспасынан түтін шығыпты, күйген ағаш иісі көңірсиді, бұл жылдам айналымның салдары, ұста әлгі жерге сыздықтатып су құйды. Ожаудың сабын, сағасын қарады. Жарылған, не сынған жері байқалмайды. Енді аспалы көлденең ағашқа өрмеледі, түйе мойнағы жыртылыпты, күнге құрап қалған көн тері қатты соққыға шыдамапты, жыртылған жерге жаңа мойнақ орады, енді төмен түсіп, сіңір арқанды аңыстады, үзілген талшығы жоқ секілді, ұста қатты қуанды; жас сойылған атан түйенің тізе тарамысынан есілген еді, біраз күнге жарайтын құқы бар. Taп осы сіңір арқанды жасау қаншама итарқы жұмыс екенің біледі. Әуелі жаңа сойған жас түйені табады, соның тізе тарамысын құлдап кесіл алады, әлгіні көлеңкеде кептіреді, келіге салып түйеді, жүн етіп сабайды, түтеді; сосын барып буға ұстап қайта еседі, ным сіңіреді, ширатады, сіңір арқан енді әзір болады. Ұста танауының астынан ыңылдап жүріп сіңір арқанға сіңіріп май жақты. Осы мезетте тас соңынан кеткен қос құл қайтып оралды.

— Тас атқышыңыз бір пұттық тасты екі жүз он көз жерге лақтырыпты, - десті.

— Өте жақсы екен! Сүлде тәңірім жар болса қыпшақтардың төбесін оямыз әлі, — деп күңкілдеді қытай ұста.

Өзге жасалып жатқан тас атқыштардың дені жарамды шықты, тек шеттегі екі тас атқыш қана іске аспады; бірінің бұрау салған мезетте сіңір арқаны шарт үзілді, келесінің атқан кезде ожау ұстайтын көлденең ағашы ұшып кетті; жанындағы ұстасын опат қылды. Алақ нойон бұл қаруларды қайта жасауға жарлық етті. Жер ошақ қаздырып, қазан астырды, тай қазанмен май қайнатқызды. Тас атқыш жасаудан артылған ағаштарды кеспектеп кескізе бастаған. Сол кеспектерді қайнаған майға батырып, майын сорғытып, үйе берді. Ұсталардың біразы тас қашап оқ жасауға жұмылды. Құл біткен жосқындап, керуен тартып, Қаратаудан тас алып келуге жөнелді. Қалған қол бөрене тасып, оны кеспектеп қырқып, майға батырып бықпырт болысты. Осы түн тас атқыштарға деп қашалған тас, майлы кеспек, су түбіртек, зіл бөренелер әзірленді: қол ертеңгі жойқын шабуылға арнап адырнасын қайта тартып байлады, қылыштарын қылпыта қайрады, түн ауа тырайып жатып дамыл алды. Отырардың ақыреттік зауалын күтісті.

Тан ата жапалақтап қар жауа бастаған, көкті қымтаған бұлт демнің арасында дүниені күңгірттендіріп жіберді, күндегідей шығыстан бозамық сәуле селбелемейді, үп еткен жел білінбейді.

Аспаннан ақ қанат көбелек жауғандай сезілді, жайпақ даладағы жүздеген қос қар астыңда қалып бара жатқан қабір секілді, аппақ дүние арасында қарайып-қарайып көрінеді, аттардың жал-құйрығы репетсіз сүмпиіп, жайылудан да, кісінеуден де қалып, мүлги бастаған. Тас атқыштардың арбиған нұсқасы әр жерден қарауытады. Әуелі қызметші құлдар оянған, оянған да дүниені тыныштық құшағына алып, кешегі қан сасыған даланы ақ ұлпамен көміп жатқан жайбарақат, марғау мезетті көрген. Күндегі үйренген шуыл да, шаңда, түтін де, қан да жоқ. Ошақтағы оттар көзін қысқан. Қыбыр еткен тіршілік білінбейді. Құлдар осы көріністен қатты қорыққан, соғыс тәңірісі қос біткенді аралап жүрген болар деп ойлаған, сан мың сарбазды қасақана қырып тастаған шығар деп шырамытқан. Сөйтті де тапырлап қосқа қойып-қойып кетісті. Қолды оятқан. "Сұмдық болды, аспаннан ақ қанат жауып тұр, дүниенің бәрі тым-тырыс, соғыс тәңірісі қолды кебінге орап тастағандай", дер еді, батыр біткен жөңкіліп сыртқа жүгірер, қолбасыны іздер. Қолбасы да тыныштықтан жаны шошып қорқады, ат жалын тартып мінгелі, тіпті бесіктен белі шыққалы тыныштық дегенді" білмепті ғой, тарс есінен шығарыпты. Естігені ат дүбірі, жер жарған атой, қылыш шыңылы, тас атқыштар тақылы, түсінде де жауымен жекпе-жек шығып, жаны алқымына тығылып ұлып жүреді. Құлағына дабылдың дүңкілі мен кернейдің сұңқылы сіңіп қалыпты. Енді бүгін құлаққа ұрған танадай тыныштықпен бетпе-бет кездесіп қалғанда қорықпай қайтсін. Маңғұл қолбасылары тыныштығын жаман шошитын, оны жаманшылық шақыртқысы, көзі атысқан пәлекеттің басы деп ұғатын.

Алақ нойон жаны ышқына аттан салды, қос біткенді дүрліктірді, қолды шабуылға бастады. Демнің арасында аласапыран дүлей соқты. Бықпырт басталды. Әуелі саты, арқан арқалаған құлдар жөңкіді, соңынан лек-лек жаяу қол жүрді, садақтарын мойныңа іліп, қылышын қолына алып құнжындай ұмтылады. Соңғы лек маңғұл жігіттері, сары тіс сарбаздар; кеудесіне де, арқасына да жез қалқан киіп алған, қолдарында садақ қана. Олардың соңынан қос түйеге сүйреткен тас атқыш тұғырлар жылжыды. Тас атқыштардың артыңда аттылы қол, жеңдерін түрініп, жебесін оңтайлап бүкең-бүкең жортады, ә десе-ақ андыздап шабар бөрілер секілді; бұлар ұрыстың соңын күтеді, қорған құласа, не қақпа қақыраса, шаһар ішіне лап қоймақшы. Жаулардың төбесінен асыра лақтырған бұғалық болмақшы.

Жапалақтап жауған қар толастай берген. Бұлт етегі түріліп, іргеден күн сығалады. Даланың көрпесі сөгілген.

Тас атқыштар соғысы осылай басталды.

Тас атқыштарды қорғанға екі жүз көздей жақындатып келіп, түйелерді босатты, әр тас атқыштың ара қашықтығы елу көздей еді, бұл шабуылшы қолдың еркін жылжуына бөгет болмауға, әрі қорғандары қыпшақтардың қорғаныс күшін бөлшектеуге бағышталған әдіс-ті. Отыз шақты тас атқыш шеп құрып, тура-тура қалғанда шаһар қорғанының күншығыс бетін түгел алып кетті. Алақ нойон дабыл ұрғызды, керней ұлытты. Тас атқыштың жаныңда әйел тұрған жігіттер қолдарына оқтау алып айналма бөренені екеулеп айналдыра бастады, ожау басы темен түсті, ұста ожауға май сіңген түбіртек салды, түбіртекке от қойды, ожаудағы майлы ағаш быжылдап жана бастады; енді тиекті ағытуға болады, ұста ұстағыш тиекті тайдырып жіберді, ожау сақ етіп дәу түбіртекті лақтырып жіберді, түбіртек жалын атқан күйі биік қорғанның ішіне барып түсті. Әрідегі тас атқыштар да быжылдатып май кеспектерді ата бастаған. Әрі-беріден соң ауаны түтін жайлады, қорған ішінен жалын шықты, қыш зеңгір басындағы біраз қол өрт сөндіруге кетті білем, қатары сирексіп қалды. Бас ұста сүт пісірімдей мезгіл ішінде қорғанға қарай жеті май кеспек атты, оның алтауы қорған ішіне, біреуі сыртына түсті; енді үзілуге айналған сіңір арқанды ауыстырғаны жөн, сосын тас атқылауға көшеді. Көмекші құлдарды жауып тозған арқанды шаптырып тастады да, орныңа жаңа арқан байлатты, ортасына ожау бекітті, айналма бөрененің шығыршық кигізген басына су құйды, қос қаданың былқылдап босаған түбіне сына ұрды; осы істерді тамамдап болған соң құлдарға қимылдаңдар деген ым жасады. Айналма бөрене жылдам зырлады, үлкен ожау қож-қож тасты қиналмай ытыра бастады. Тас қорғанның қыр арқасына барып тиді. Бастары қылтыңдап тұрған қолдың дәп төбесіне түсті білем, қорғанның ішінен шу шықты, одан арғысын ұста көре алмады, өйткені жанарын тер тұтты, қыш қорған жалын құсты, түтінге қақалды, сосын жаяу қол шабуыл бастаған. Бас ұстаның тізесі дірілдеді, үлкен тастарды ожауға салам деп жүріп бірнеше мәрте саусағын ездіріп алды, кешеден бері аш екені есіне түсті, құлағы шыңылдады, аяғының астыңдағы жер дөңбекшіп қозғала бастағандай сезілді. Бара-бара тас атқыштың тақылдаған даусын естуден қалды. Ішінен қағанды қарғады, осыншама ит арқасы қиянға алып келіп, сіңірін создырып, тас арқалатып қойған тағдырын тілдеді, аса ауыр тасты ожауға әзер көтеріп салған еді, тиекті тайдырғанда алып қасық аузындағысын шырт еткізіп түкіре алмады, көтеруін-көтерген, бірақ алысқа лақтыра алмай, қиқаң еткен. Ауыр тас қалбалақтап барып қорған түбіндегі соғыс ашып жатқан маңғұлдардың басына түсті. Бас ұстаның дәрмені бітіп бөренеге отыра кеткен. Қасындағы қос құл шу етісті.

— Құрыдық, өлдік!

— Атқан тасымыз маңғұлдарды жаншып кетті!

— Ойбай, нойон келе жатыр!

— Беу, беу, шыбын жан үшін құл болсам да қылыштан құтыла алмадым-ау!

Алақ нойонның езуінде ақ көбік, көп айқайлағаннан еді, екі көзі шатынап шауып келді. Атынан түсті, шабармандары етек-жеңіне ілесіп шауып жүр. Нойон жетіп келіп жапалақтай жарбиып отырған ұстаны тұтамдай сақалынан тартып тұрғызып алды. "Сен қақпастың кесіріңнен алты бірдей азаматым жер құшты, топырақ асады, қол кейін шегінді", деп зәрленді. Ұста еңіреп жіберді. "Атқан тас аса ауыр соқты, әмірші ием", деп бебеуледі. "Тас ауырлық етсе, өзің жеңіл шығарсың", деді нойон ессіз ыржиып. Жандарын шүберекке түйіп тұрған қос құл да қосыла ыржиды. Жерде жатқан оқтау таяқтарын алды, оны айналма бөрененің ұңғысына салып екі жақтап бұрай бастады, ожау басы темен түсті, сіңір арқан шиыршық атты. Осы мезет құлдың бірі келіп бас ұстаны көтеріп алып екі бүктеді де ожауға салған. Екінші құл тиекті ағытып қалған. Алып ожау қаңбақ құрлы салмағы жоқ шал байғұсты сақ еткізіп атып жіберді. Жан даусы шыға шыңғырған ұста қорғанның ішіне барып түсті.

Бұл кезде қорғанның ішін өрт қаптаған.

Орталықтағы қыштан соғылған Күмбез Сарай мен әрідегі Пышақшы, Алтынтөбе көшелерінің жәдігерлері мен тасболат тамдары болмаса, қорғанға тақау салынған кешендер мен дің үйлерді өрттен сақтау мүмкін емес-ті. Отты сөндірем деп жүргенде жау тас атқыштары қорған бұзатын сұмдықтарын зырлата бастаған. Ендігі күшті қорғанның кетілген жерлеріне төгуге мәжбүр болды. Демнің-арасында өрт тиген, тас езген қыпшақ қолы сирексіп қалды. Иланшы Қадырхан саулектерін ішкері шегіндіріп жіберген, шаһар халқын өрт сөндіруге жапқан, жаужүрек барлаушыларын қорған басында қалдырған. Өз ойынша тас атқыштар соғысына төтеп беру қиын, сандықтай тастар төбеден түсіп жатқанда жігіттер жүрек дауалатып ұрыса алар емес, етегі сөгіліп, шегіне береді. Тас атқыштар дәл осылай түс ауғанша тақылдаса тамтығы қалмайтын. Қорғанның дал-дұлы шығатын, қолы жусап түсетін түрі бар.

Иланшы Қадырхан қарап тұрып қан жұтты, тырнағының көбесіне дейін сырқырады, ұрысқа түспей-ақ қырылып жатқан жігіттеріне жаны ашыды, ызадан бармағын шайнады.

Әмірші түс әлетінде тас атқыштардың орын ауыстыра бастағаның байқады. Жүгіріп қорған қырына шыққан. Сонау төменде құжынаған құл тас атқыштарды түйеге жегіп көлденең сүйретіп барады екен. Бұл енді олардың қорғанның сау қалған жерін атқылайды деген сөз. Ендеше манадан бергі атып құлатқан, жырымдаған кетіктерге жаяу қол шабуыл бастайды. Шындығында солай болды. Тас атқыштар ұрып бұзған қорған кетіктерінен жау ағытылды. Торсық әбден суға толған мезетте, асып төгілер сызат іздемеуші ме еді, жау сыңайы да солай; кетіктерден лықылдап ішке құйыла берді. Бұл сұрапылға жалғыз амал қазақтың алмас қылышын тосу еді. Иланшы Қадырхан қолды жауға жұмылдырды.

Қолы қылыштан шығып қалған екен, көп сілтеуі доп дарымай құр ауаны осқылады. Екі-үш шайқасқанда шауып түсетін жауды жүндеп жүріп алады. Байқағаны, қорғанның осы тұсынан құйылған қол маңғұлдар емес, Іле бойының ұлыс руларынан атқа мінген желөкпе жігіттер еді. Аурудан тұрғандай әлсіз тегі. Жалтақтай ұрыс салады. Көптен тоя ас жемей, қорған сыртыңда қаңтарылып, қатқақсып қалған, содан астыңдағы арық аттарын сойып жеп, жалтақтап іші етіп әлеусіреген түмен еді. Қыпшақ қолы жеңіл жәукемдеп, кейін серіпті. Жау қаша ұрысты, қашақтың қайраты болған ба? Әлгіде лықылдап құйылған қол аяғы құрдымға кетіп, сетінеген азғана топ; біреуі домалап, екіншісі сатымен сырғанап, келесісі қорған жиегіндегі көлкіген суға сүңгіп, бас сауғалап барып маңғұл тобына қосылды. Маңғұл түмені тұтаса шабуылдады. Төбесінен домалатқан тасқа, құм толы қапқа, өртенген құрымға, саулаған ыстық қимайыға мұрты кетіліп серпілер емес; мүрдем қапқанының орныңа келесісі турады, сосын екіншісі, қаптай өрмелеп келеді. Енді аңыстады, қолдың алдыңдағысы күміс қалқан жамылған Қадан екен, Иланшы Қадырхан ішін тартты. "Қадан бастаған манғұлдарды өлім ғана шегіндіреді", деп естіген.

Алмас қылышын аспанға әуелетті, бұл оның қорған басындағы қара халық кейін шегінсін, орныңа қарулы қол көтерілсін деген белгісі еді. Қыпшақ қолы қорғанның басына қарай жөңкілді, өстіп тас атқыштан әбден жырымдалған қыш арқада қос қылыш кезікті. Маңғұл мен қыпшақ шарт та шұрт ұстасты. Бетпе-бет ұшырасып көріскендей болды. Иланшы Қадырхан жебесіне жармасқан қылыштасына кеткен жауды түсіру қиын, садағын легліп қол құйылып жатқан қорған кетігіне көздеді. Маңғұлдың бас жағын тұспалдап жебесін жіберді, дедектеген жау қолын жоғары көтерген күйі сұлқ түсті. Осынша жақын жерден мүлт жіберу мүмкін емес еді, қорамсағындағы жиырма жебе сол шама жауын сұлатты. Енді байқады, жау әлігі жолды бітеп қалыпты, қорғаннан асып төгілер қол сирексіді, ішке өтіп үлгірген жау қоршауға түсті.

Күн ауа қорғанға кірген жау легі түгел туралды, арттағы шабуыл толастап, маңғұл қолы қайтқан судай кері серпілді.

Тас атқыштардың тақылдаған таңдайын қан мен шаң тұтып, әр жерде сорайып, сойдиып қалды. Майдан шуылы басылды. Осы сұрапыл соғыстан қыпшақтар жағынан Ғаббас көреген мен Қайрауық күйші тасқа езіліп опат болды, өз жұртының шаңырағын қорғап шейіт өлімімен кетті; сиреген қол жарақтарын жерге шаншып, қылыштарын жалаңаш ұстап күңірене жыласты, қосарысты найза сабына салып Арыстанбаб ымыратына апарып қойды. Жаназасын шығарды. Әнет бабаның қасына жайғастырды. Жұрт қазамен жүріп байқамапты, әлгі бетпе-бетте Оғыл Барыс қара санынан жараланып, шөкелеп қалыпты, сыр бермей сүйретіліп қосқа жетемін дегенше қан көп кетіп есінен тана құлапты. Жігіттер енді әзіз қолбасының көңілін сұрауға жосқындады.

Кешке білді, жау жағынан Тәжібек пен Қадан колбасы мерт болыпты, шыбын жандарын соғыс тәңірісі Сүлденің шылауына байлапты. Бауыршық сұлтанды не өлінің, не тірінің ішінен таба алмай, қыпшақтарға елші жіберіп, сұрау салды. "Қолдарыңа түссе қыпшақ тұтқындарымен айырбас жасап қайтарыңдар", — деп елшісі еңіреп жетті. Булар-Тәжібек пен Қаданның ит талағандай жансыз денесін қайтарды. Содан маңғұлдар жағы түннің бір уағына дейін күңіреніп жатты, жақсы адамдардың аруағына бағыштап жаман адамдарын бауыздады, даланы бөрі ұлып бөріктіргендей етті.

Әмірші Оғыл Барыстың басын сүйеп, дем салып жұлдыз ауғанша отырды; тәуіп алдырды, жарақатын жудырды, киіз күйдіріп бастырды. Жұлдыз ауа қасына Хисамеддин мен Исмаилды ертіп Күмбез Сарайға аттанды. Фараби кітапханасына келіп жетті. Түн жамылып кітапхананы көшіруге жарлық жасады.

Әуелі кітаптар қатталып буылды, сыртынан ылғал өтпейтіндей етіп терімен оралды, орамдарды қыш құмыраға тоғытты; қыш құмыра аузы сазбен сыланды. Ең сенімді деген жігіттер әзір болған құмыраларды түйеге артып Көкмардан мешітіне тасыды. Мешітке жеткен қыруар құмыраны жер асты келиясына түсірді. Иланшы Қадырхан қазынаны өз қолымен жайғастырды. Тан ата Фараби кітапханасы жер асты мекеніңе түгел тығылып біткен.

Иланшы Қадырхан жер астыңда тұрып қолындағы шырақты биік көтерді. Дөңкиген құмыраларды сипады, шаңға бөккен Хисамеддин мен Исмаилды жаныңа шақырды, қалған жігіттерді сыртқа шығарып жіберді. Қимас кісісімен қоштасардай болып теңселіп тұрып қалды. "Өзіміз опат болсақ та осы кітаптар жоғалмаса екен, көненің алтын жүзігіндей келер күнге шірімей жетсе, уақыт жалына жармасып ессіз жосқындаған ұрпағының көңілін аударса, сөйтіп, жусаны қызғылт сары өңез даланың қойныңда туған топырағын тұлпарындай сүйген намысқой батыр, етегінің арын елінің арындай сақтай білген қыздар, ат арқасы құйрығына тоздырған шабандоз, сирағының сіңірі тартылған саудагер, күміс саусақты күйші, көн кітап жазып миы сарғайған ғұлама, күс алақан зергер, жанталасып жағымсыз күндер кешкен әмірші, сал, сері, сыпа, өзі қазған арығының ішінде басы қалған диқан, түп-түгел қатар жатқаның біле-білсе; сосын аяғының астыңда көпсіп жатқан топырақтан тәу етсе — осы күндерінің ұмытылмағаны, төгілген қанның зая кетпегені. Осы жанталастың жақсыға бастағаны да. Жанталасты жас ұрпақ көрмесін де.

Аумие-е-ен!"

Иланшы Қадырханның көзінен қос шәкірт осы сырды оқыды.

— Қос бұтағым менің! Баяғыда өздерін көрген жер асты жолына түсіп қаладан шығындар. Ауызда Жауһар қорғанының қайықшы жігіті күтеді, сол жігіт сендерді Інжуден өткізіп салады.

Әрі қарай Жау жолын өздерің табасыңдар. Дәруіш киімін киіп Бұхарға, одан әрі Меркіге өтіңдер. Маңғұл қылышы жетпеген жерлерге жол алыңдар. Шам шаһарындағы Әбунасыр бабаның құзырына барып бас иіндер. Мына дүлей басылар, басын тасқа ұрып тосылар, сонда жыл құсындай қайта оралыңдар, - деді. Әміршінің жанары аумақтанып кетті, тынысы тарылды білем, жұтқыншағы жоғарылы-төмен әзер жылжыды. Серіктерін сөйлеткен жоқ. Онсыз да олардың көздерінен: "туған жерді жау басып жатқанда бас сауғалап қайтіп кетеміз", "теріміз де, көріміз де бірге емес пе", деген сауалды ұққан. Ұққан да қан жұтқандай қарайған.

— Біз опат болсақ та ертеңгі тұяғымыз үзілмесін, атымыз ұмытылса да затымыз ұмытылмасын дегенім. Күндердің күніңде қылыш ұстайтын қазақ жетілер, қауырсын қалам ұстайтын ұрпақ өздерің; улы жол, атадан қалған жақсы сөз бен жақсы ырымды жадыларыңнан шығармаңдар, - деді.

Заманның беті қисайса кісі ойламаған үкімге көнеді екен; қабырғасы қайысқан екі жігіт ауыр жарлыққа амалсыз мойынсұнды,жер асты жолына түсті.Тағдырдың жолы ауырласа кісі істемеймін дегенің істейді екен; қос ғұлама туған жерден безіп жат өлкеге сапар шекті. Жылай-жылай, арттарына қарай-қарай кете барды.

Әмірші жер астынан шыққанда жол тосып тұрған жігіттер шу ете түсті. "Исмаил мен Хисамеддинді өлтіріп тыныпты" деп ойлады. Ойламай қайтсін, әлгідегі алып денелі адамның орныңда бүкшиген, сақалы аппақ боп қуарған, жанарының оты сөнген сүлдер ғана шықты. Ешкімнің тілге келуге дәті жетпеді, теріс айналып ығыса берді. Кейбіреуі еңіреп жылап бетін басып отыра кетті. Енді біразы беталды пышырап жосқындай бастады. Әміршінің қарлығыңқы, қатқыл даусы тоқтатты. Жігіттер қалт кідірді.

— Жігіттер, мешітті бұзыңдар!

— Тақсыр-еке, о не дегеніңіз!

— Жер асты ымыратының аузы жоғалсын!

— Тақсыр-еке, жаман айтпай жақсы жоқ, жау қорғанды қиратып шаһарға басып кірер болса қашып шығар жол керек емес пе?!

— Бізді тағдыр Отырармен қосыла опат болуға жазған.

Жігіттер одан әрі сөз жарыстырып жатпады, әміршінің райдан қайтпасын біледі, қайла алып келіп жұмысқа жұмыла кірісті. Көне мешіттің әуелі тіреулері қулады, сосын қабырғасы шытынады, түс әлетінде орталық күмбез желге ұшқан шаңырақ құсап ортасына түсті. Шаһардың түстік батыс жағын қою шаң тұтты. Қыстың жылусыз күні шеккен түйедей мешіттің жалаңаш қабырғасына шағылысып жылт-жылт етеді. Аяқ астыңдағы қар жылбысқыланды. Алыстан, қорған сыртынан дабылдың дүңкілі шығады, қос дабылдың дүңкілі. Сол тұстан топ қарға үдере көтерілген, әлгілердің қалбалақтаған қанаты сәл мезетке күн көзін көлегейлеп кетті, жігіттердің денесі түршікті Күмбез Сарай жақтан жалбалақтап шапқан аттылы көрінді, тақағанда таныды, Қараша қолбасы екен, өкіріп келеді: "Оғыл Барыс көз жұмды", деп дауыс салды. Суық сөзді естігенде Иланшы Қадырханның тұла бойы тітіркенді, қан тамырын қуалап мұз түйірі жүгіргендей сезілді, тізесін қолмен басып "аһ" ұрып еңсесін көтерді.

Асылдың тезі тек қайтпайды екен. Иланшы Қадырханның көз алдыңа өмірінің ең шұрайлы мезеттері көлеңдеді. Көгілдір көкжиектер еді ол. Сайқал сағымы ғана қалыпты. Осыдан аттай төрт жыл бұрынғы Отырардың жаймашуақ мамырстан күндері есіне түсті. Ойхой, дәурен-ай! Салтанат сарайында көн кітаптан қара өлең оқыған Хисамеддин ақынның қоңыр даусы қазіргідей құлағында. Көне Інжудің көктемгі сарыныңдай талып жетеді. Батыстағы Новгород улысынан, одан арғы Киев пен Хазар жұртынан сартабан болып келген елшілерді, кезбелерді еске алды. Солардың тарыққанда қол ұшын берер достық көмегін сағынды. Атырабат жазығында өткен Батыр Сайыстың қиқуын емексіді. Содан соң-ақ төсегінде тыныш ұйықтап көрмепті ғой. Ерінің басына қос дабыл ілген иесіз тұлпармен ілесе қазақ даласына қандық өз пәле еніпті. Жаманшылық жол кесіпті. Ғазауат күні басталыпты.

Сол ғазауат текті тұқым батырлары Ошақбайдың, Қыпшақбайдың, Оғыл Барыстың басын жұтты — кіреуке сауыт сөгілді деген осы да: көреген ғұламалары көз жұмды — жетім қалды деген сол: елі тозды — Отырардың алтын заманы біткені бұл: ендігі сыйынары қан тартқан қылыш қана!

ТҮЙІН

Көктемгі жылымықпен ілесіп қазақтың ұлу жылы Хижраның алты жүз он жетінші жылы келген, күн календары бойынша мың екі жүз жиырмасыншы жылдың март айының жиырма екісі еді. Кіші Жібек жолының үстінде Отырардан Самарқанға қарай үзік керуен кетіп бара жатты.

Қар еріп жер бусанып жатқан кез, жусандар бүр жара бастапты, түйе табанының астыңда тозған жол былқ-былқ етеді. Жол ернеуінің ақ өңез соры шыққан. Ер қажаған ат арқасындай алағаттанып көрінеді. Керуендегілер үнсіз. Нақа бір жаназадан қайтқандай мойындары ішіне кіріп, көлікті әзер ілбітіп, көңілсіз жылжиды. Керуен басында қос салт атты, қағанның қайсар қолбасылары Алақ нойон мен Шики-Хутуху нойон келеді. Түрлері жан шошырлық жаман, көрден шыққандай шаңға батқан, жарақаттан сау жері жоқ, қаннан ба, ластан ба, қарулары күнге жылтырамайды, қылыштарымен жер қазған ба дерсің, қорамсақта жебе таусылған, ер басында бос салпаңдайды. Соңындағы қолдың да рәпеті бұзылып, келіге түсіп шыққандай кісілік қалыптан айырылған. Сақалдары қауқиып, көздері ұңғысына кіріп, кіртиіп кеткен. Жортқан мезетте аттарының іші келі түйгендей дыбыс шығарады. Маң-маң басқан түйелер ғана қонды секілді, иықтарын езген саудагерден құтылып, қыстай еркін жайылып өркеш қатайтқан-ды. Осы даланы аямай-ақ сілкілеген сұрапыл соғыс түйелерге соқпаған тәрізді, қайта бейбіт күндегі көр бейнетінен құтқарып беталды бос тайраңдатып жібергендей. Артқы түйеде биік балақана бар еді, шайқатылған сайын ішінен қатты ыңырсыған үн шығады. Жүдеу топты бұрынғыдан бетер көңілсіз күйге түсірді. Әлгі дауысты қол естімегенсіп-ақ келе жатқан, бірақ мезгіл өткен сайын балаханадағы жан тәсілім берердегі жанталас үн төзімдерін мүжіп, төбелерінен жай түсіргендей болды. Жаман әсерге бастады. Ақыр соңында Шики-Хутуху нойон ат тізгінің тартты. Соңындағы сүмеңдеген колға: "ананың үнің өшіріңдер!" деп ақырып қалды. Жігіттер дереу соңғы түйені керуеннен бөлді, балахана ішіне үңілген. Мұнда екі кісі жатқан; біреуі Отырар әміршісі Иланшы Қадырхан, келесісі маңғұл қолбасыларының бірі Бауыршық сұлтан еді. Екеуі де ауыр жаралы.

Иланшы Қадырханды кешегі ақтық шайқаста Күмбез Сарайдың биік күмбезінен колға түсірген, бір жолына түменге жуық жігіттерін опат қылған, енді жаны шығып кетпей тұрып қағанға жеткізбекші. Сарнап келе жатқан Бауыршық екен, ол да тап өткен айда Отырарда жараланған; шаһар қорғанынан ұрыса шыққан қыпшақ батырының соңынан қуалаймын деп жебеге жем болды, омақаса құлады, көне көз қытай емшісі болмағанда өліп те кететін еді, әлгі емші кеудесіне қадалған жебені суырып тастауға тәуліктей мезгіл әрекеттенген, ақыр соңында пышақпен оң қолдауды бұзып, қабырғаның астына қол жүгіртіп жебені суырған, жараны қайта тіккен, таңып тастаған; қолбасы әне өледі, міне өледі деп: айға жуық, жанталасты, оңайлықпен көз жұматын емес, енді жүдеу қолдың есін кетіріп келе жатқаны мынау. Балаханаға төнген жігіт қанжарын көтере берген. Жалт еткен қанжар жүзін Бауыршық та көрді, өзінің ажалы өмір бойы жұлқысып келе жатқан қыпшақтан емес, қасындағы қолынан келер деп ойламапты-ау. Жігіт қанжарын қайта тартып алды, қатерлі күнді бірге кешкен қанды шекпен жолдасын бауыздауға қимады, дос қарғысынан қорықты, оның үстіне сарнап жатқан Бауыршық тынши берген. Қанжарды көріп шошыды ма, әлде жарасының сыздауы саябырсыды ма, сұлқ түсіп сазарды да қалды. Керуен тағы ілгері жылжыды.

Бауыршық әлгіде тамағына төнген қанжардан қорыққан жоқ-ты, ауруы да басылмаған, қапелімде көзіне ажалы елестеген. Кәдімгі өзінің таныс ажалы. Иланшы Қадырханның арғы жағынан қара бас жылан болып көрінген. Сол көптен күткен жан алғыш пәлекетті көргенде тынши қалған, сосын дәл осы шіркінді қайда көрдім деп ойлаған. Жүзі таныс секілді, бұдан бұрын да бірнеше мәрте беттескен еді, онда ол қара бас жылан емес-тұғын. Мүлде басқа болып ұшырасқан.

Осыдан аттай үш жыл бұрын Алатау бөктеріндегі сегіз қатынының ортасында бұлғаңдап, ойпырым-ой-ой, бағлан жеп, қымыз ішіп, қамсыз-мұңсыз өмір кешкен, соны елестетті. Әр отауға кезекпен қонатын, келесі қоналқыға түс ауа келетін, ширатылып аттан түсетін, алдынан бұратылып шыққан келіншегінің қолына тізгінің лақтырып тастайтын, сөйтетін де отауға кіреді, мұндағы қылығы ерекше; қою қымызды шәугімге құйғызып, отауға тезек шоғын алдырады, әлгі шәугімді тапқа қойып жылытады, ішіндегі қымызды қанжылым етіп қыздырып отырып ішеді; бұл уақытта малшылары есік алдыңа көлденең тартып бағлан жығады, жас қозыны демде жәукемдеп сойып, қазанға салады, буға пісіреді, астауға салып алдыңа тартады; Бауыршық болса қолына кездігін емес, шапашотты, астына қоятын жаңғырықты алады, қозының жас етін сыпырып бір бөлек, сүйегін бір бөлек үйеді, етті малшыларына үлестіріп жібереді. Енді күллі сүйекті алдыңа алып майдалап тұрып шабады, шауып болған соң қазандағы жас сорпаға сүйекті қайыра салдырады қазан астына қос тезек тастатып бүлк еткізеді қайнатады, сонымен қызыл күрең майлы сұйық пайда болады, сол сорпаға шамалы сүзбе қосып араластырады да зерең-зерең етіп ішіп алады, мырзаның асы осы, сусыны тапқа қыздырған қымыз; бетінің нұрын жоймай, келіншектерін қаншықтай қатырып, алшаңдай басып дәурен кешкен. Сөйтіп жүріп Бауыршық аса жаман түс көрген. Түсіне қыпшақтар қолынан мерт болған арғы бабасы кірді. Ол қылышын жалаңдатып: "сен жүрсің жас сүйектің бал сорпасын ішіп, мен жатырмын сүйегім қурап, намыстан қор болып", деді. Бар болғаны осы, пәленің алды кісінің жүзіне тура қарамай келеді деуші еді, солай екен.

Әлгі түстен соң Бауыршық қыпшақтар еліне елші аттандырған. Қанқұйлы қаскөй Білгіш Тұйық-Оқ дегенді атқа қондырған. "Не бітісіп, не кетісіп кел", - деген. Сол жарлықпен жөнелген Білгіш Тұйық-Оқ арып-ашып ай өткенде әзер оралған. Алдынан жалғыз өзі шауып шығып сұрағанда, елшінің айтқаны: "Иланшы Қадырхан құн беретін емес, даласына қос дабыл ілген иесіз тұлпар жіберіп қайттым", деген. Бауыршық: "жіберген тұлпарын кімдікі", деген. Білгіш Тұйык-Оқ: "менімен қатар Отырарға терістіктегі Сабыр елінен де елші жетіпті. Аю терісін жамылған башқұр жігіті екен. Ханының достасайық деген салауатын әкелген көрінеді, құлқын сездім де қыпшақтармен арандаттым, өзіме тарттым. "Халқыңа төнген қатерге маңғұл елі ғана қарсы тұрады, ханыңа қол ұшын береді", деп сендірдім. Салтанат сарайына кіргізбей ілестіріп кеттім. Жолда басын алып айдалаға тастадым да, тұлпарына дабыл іліп бос жібердім. Әрі иесіз тұлпардан қыпшақ жұрты шошынады, әрі қыпшақтардан құн сұрайтын тағы бір жау шығады", — деп мағлұмдаған... Осы сөзді естіп тұрып Бауыршық жаман тітіренген, алдыңдағы қаныпезер елшіден шошынған, жанындағы жолдасын да ойланбай бауыздап жүре беретін қаскөйлігінен ішін тартқан; сол мезетте Бауыршықтың көзіне бірінші мәрте ажал елестеп еді, онда ажал алдыңа Білгіш Тұйық-Оқ болып келген, ыржиып күліп қол берген.

Бауыршық сол ажалды қыпшақтар жеріне басып кіргенде екінші мәрте ұшыратты. Ошақбайды жекпе-жекте опат етіп ерен масайраған. Қосқа келіп қолды дүрліктіре той жасаған. Жігіттерге тұтқын қыздарды аямай үлестірген. Қаратау етегінде жылқы сойып, қымыз сапырып, алау жағып мәре-сәре болған түменің аралап жүрген. Әуелі түн түнегінің ішінен ақбоз атты көрген, сосын ыржиып күлген қақтаған сүр ет секілді жігітті байқады, бұл баяғы Білгіш Тұйық-Оқ еді. Қос аралап жаяу жүрген сұлтанды елші ымдап "шеткерірек шығып кетіңіз" деп шақырды. Султан тағы да жаман шошынды, шошынса да сыр бермеді, жүрегінің өрекпуін басып, елшінің соныңа ілесті. Біраз жер жүріп тоқтасқан, елші атынан тусті. Тізгінді беліне байлап жерге жүрелеп отырды, қамшысының сабымен жер шұқыды.

— Не демексің, Білгіш Тұйық-Оқ?!

— Тақсыр ием, қағанның жарлығын орындап қайтқан бетім осы.

— Не жарлық ол?!

— Тақсыр ием, ерінің басына дабыл ілген иесіз тұлпар есіңізде шығар, соны тақауда қағанның елшісі Үйсін екеуміз іздеп жүріп тауып алғанбыз. Жылқы жабайы болып кетіпті, ері арқасына сіңіп, жануар өлуге айналған. Әзер ұстадық. Қағанның алдыңа апардық. Қаған түрі жан шошырлық тұлпарға қарап тұрды-тұрды да, мені отауына жеке алып кетті. Жазалайды екен деп қорықтым. Өйтпеді. Қаһанның айтқаны: "қасындағы Үйсін елші менің туысым, туысым болса да ісіме кереғар неме, ана жылы Иланшы Қадырханмен төс қағыстырып достасып қайтқан, сөйтіп, ойға алған ісімді бүлдірген, әлі де аяққа оралғы болар түрі бар, жарамды тұлпарына отырғыз да айдалаға ертіп шығып сабырлық елшіге істегеніңді Үйсінге де істе", деді. Астыма осы ақбоз атты мінгізді. Үйсін елшіге қайыра әкеліп қосты.

Сонда қағанның айтқаны: "Жаманшылық шақыртқысы етіп бұл тұлпарды несіне әкелдіңдер, соғыс тәңірісі Сүлде ашуланып жатыр, ұсталған жеріне апарып, жайына жіберіңдер", деді. Бұл жарлыққа Үйсін риясыз сенді, мен қағанның әдейі көз қылып айтқаның сездім.

Қақтаған сүр ет секілді жігіт ерсі ыржиып әңгімесін әрі жалғаған, тыңдап отырған Бауыршықтың құлағы тарса бітелгендей болды, қаны басына теуіп ештеме естімей қалды. Тұла бойымен түгел қалшылдады. Әлден уақытта барып Білгіш Тұйық-Оқтың: "бұл жолы далаға жирен тұлпар жібердім, қос дабылдың ортасына Үйсіннің басын байладым", деген сөзін естіген. Естіген де ажалды екінші мәрте елестеткен. Ажал көз алдыңдағы қақтаған сүр еттей жанкешті жігіттің қара сапты қанжарында тұрғандай көрінген. Қылышына қалай жармасқаның сезбеді. Білгіш Тұйық-Оқ андаусыз отырған, шатқаяқтай кейін серпілді, Бауыршық әлгі қақтаған сұр етті турап тастады... Султан өліктей қуарып қосқа таң бозында әзер келген. Қолды қырғын ұрысқа көтерген.

Отырардың майдан даласында Шики-Хутуху нойонның көргені Үйсін елшінің жирен тұлпары еді. Алжасқан нойон елшінің басын соғыс тәңірісі Сүлдеге жорыған.

Түмен арасында иесіз тұлпар туралы сыпсың сөз тарады. Әрқилы аңыз айтылды. Сол сыпсыңды естіген Бауыршық мән-жайды бірден түсінді, айлы түңде атына мініп тайып тұрды. Сол мақұлықты ұстап әкелуге аттанды. Ондағы ойы, елшінің қаскөйі екі елді опат етер деген ақиқатты әйгілеу, болған оқиғаны қолға түсіндіру еді. Тірідей ұстай алмады, ақыр соңында садақпен атып құлатты. Діттеген ойын іске асыруға жазбаған екен; иесіз тұлпарды атып Отырарға қайтып келсе — түмені түгесіліпті, бармағын шайнады, сөзінің салмағы азайды. "Қияли колбасы" атанды. Қан түкіріп жүріп қыпшақ батырының жебесіне жем болды. Енді міне ерінің басына дабыл ілген иесіз тұлпар сырын қолына мәшһүр ете алмай өліп барады. Жауымен бетпе-бет келгенде селт етпейтін жүректі жігіт осы бір сұрқылтай оқиғаны ойлағанда есінен адасады, сай-сүйегі сырқырайды, жаман налиды.

Балахананың іргесінен қара бас ажал тағы көтерілді.

Жүзіне қан қатып, арқанға маталып жатқан Иланшы Қадырханға қарады, арыстай алып денесіне, сұлу тұлғасына көзі сүрінді. "Расында қыпшақтың арысы екен ғой", деп ойлады. "Өзіне ұқсап көрінгеннің шылауында сүмеңдемейді, құйысқанға қыстырылмайды, жандайшап болмайды; келген жауға жұртымен қосылып қарсы турды, жұртымен бірге жеңілді, армансыз кетіп барады. Мұның елі қайда, өзі қайда? Сегіз қатыныңа сәуріктер иелік етіп жүрген болар, қисапсыз жылқысын маңғұлдар сойып жеп бітірген шығар. Тыныш өмір жамбасына батқандай сүйегі қураған бабасына құн даулады ма-ау, қыпшақтармен егес іздеді ме-ау, бар ойы байлығын асыру болыпты. Ойхой, дүние-ай, сен де бір ит екенсің иттен туған. Енді қазымыр қағанға өзінен гөрі Иланшы Қадырхан өтімдірек, өзін сарнағаны үшін әлгіде бауыздап тастай жаздады, ал мына қыпшақ, маңғұл біткенді жеті атадан қайырса да керуендегілер қыңқ демейді. Қол тигізбей Көк сарайдағы қағанға жеткізбекші".

Бұл жалғанда төрдегі басынды есікке сүйреген жаман екен, өмірде өз тұстасыңмен тең иық болып сөйлесе алмаған; құнсыз, дымсыз, мұратсыз, халықсыз, қатынсыз айдалада ит жемі өліммен көз жұмған жаман екен; ылайым ендігі буын әңкүстенбей, әділ өтсе; бір-бірінің астына ши жүгіртпесе, бір-бірінің көзіне көлгірси күлген болып, ішінен жебе тартып жатпаса; дуасыз елшілерге жүгінбесе; тіміскіп, ырылдасып, жұлқысып, жүндей түтіліп өмір кешпесе... Бауыршық болып жүрмесе екен!..

Өңмеңдеп келе жатқан үзік керуен қалт кідірді. Соңғы түйедегі балаханадан тағы сарнаған жат үн шықты. Аттар құлағын қайшылап, түйелердің желке шудасы шымырлады. Қол түгел жерге қарады. Балаханадағы сарнауық бар даусымен қаһанның атына тіл тигізіп жерлеп жатыр, алжыған нәкәс шалдың соңынан ерген қолбасылар түгел есірік деп қарғайды; тап Бауыршықтың даусы Шики-Хутуху нойон қылышын қынабынан суырып алып ат басын соңғы түйеге бұрды.

Кермалдасқан қу дүние-ай, Шики-Хутуху нойонның қылышымен қоса ажал деген қисық ауыз пәлекет, төрткүл жердің үстіндегі жанды-жансыздың ақыры Дешті-Қыпшақтың дүрия даласын күңіренте күлген: күлген де Бауыршықтың бақыр құрлы құны жоқ дүбәра басын қағып түскен. Бұл ажал осы төрт жылдың ішінде мұқым бір дүниенің боздақтарын жалмаған. Жапанға сүйегін шашқан. Ендігі мәурітте ешкімге дес бермейтін, ешкімнен сескенбейтін құдіретке айналған. Маңғұл мен қыпшақтың қанды қылышын аузына тістеп, арқырай кісінеп Сүлде сынды соғыс тәңіріне айналған. Сүлде біреуге зырқырай ұшқан зарлауық жебе, енді біреуге ерінің басына дабыл ілген иесіз тұлпар, келесіге сәлдесі шұбалған жымысқы елші болып көрінетін. Көрінетін де кермалдасқан қос аяқты пенделерді бір-біріне итше ырылдататын, таластыратын: бірінің-бірі тақымын айырып, алып түсіп жатса: бірін-бірі ат тұяғымен мыжғылап қамырша илеп кете барса: күлетін, жер дүниені күңірендіретін... O-о-о...қаны сорғалаған қылышты аузына тістеп дүниені дүбірге толтырып Сүлде жосып жүр! Әуел баста ол да өмірге шырылдап келген бейкүнә сәби-тін. Керулен бойында құлын қуған бала болды, ата-анасын шошытып "жау шаптылап" айқайлайтын, әуел баста оны ешкім ажал екен деп ойламады. Әлгі бала балиғатқа жетті, ауылдың түн ұйқысын бөліп атойға басты, жаманшылық шақырып қылыш қайрайтынды шығарды. Көрген жан ішін тартып тырапайлай қашатын. Бозбала қолға ілесіп, жорыққа аттанды. Жолда қандай бір себеппен серігі мүрдем кететін, е аты сүрінеді, е жолбарысқа жем болады. "Қанды қол" атана бастады.

Қанды қол жігіт Хара-Хото қаласын құмға айналдырып, жан жолдасын құдыққа тастап қайтқан жолда әлдебір көріпкелге жолыққан деседі. Сол көріпкел жігіттің шын аты Ажал екенің дәл тауып айтыпты. Бұдан былай Ажал-жігіт қылышын қарсы келген қасқа да, досқа да сілтеді, жұрт оны: "тәуекелдің ісіне" жорыды. "Апат", "Қанды ауыз" деген сұмдық ұраның ұрымтал жерден жол табу деп ұқты. Жұрт дегенің бура соңынан боздақтаған бота екен, бұйдасынан жетелеген керуен екен. Ажал-жігіт ат басын қалай ұрса солай сүмеңдеді, қалай тартса солай итырықтады. Кең далаға дүрілдеп тиген қаудың өртіндей жүрген жерін қарап қылды, қан жоса етті; жортқан сайын араны ашылады, жалмаған сайын қорқаулана түсті. Ажал-жігіт айбарлы қаһарға айналды. Қасына торғауыт ерткен қағанға айналды. Сол қаған жауларының пысын басып, елшілердің аңыз қып айтып жүруі үшін қабыланың күшігін іздеткен. Ақыры кәнігі аңшылары Үндінің ну орманынан қос күшік тапқан, көзін ашпай тұрғанда Керулен бойындағы қағанға жеткізген. Әдетте қабылан күшігі көзін екі жетіден соң ашады, алтыңдай сарғыш жанарын жыртитқан мезетте кімді көрсе, соған бауыр басып кетеді. Өмір бойы соған серіктеседі. Қос күшікте сөйтті. Қағанның қолынан жілік мүжіп, етегін жамылып ұйықтайтын. Арлан құралпы болған кезде бір күшігі балшық жалай алмай жан кешті. Сыңары қалды. Сол сыңар өсе келе ботадай ірілеп, теңбіл терісі жалынша құлпырды, мақұлық атаулы маңайдан безді. Әрәдік қаған ордасын қабылан күркірі тітіретуші еді. Жүрегінің түгі бар талай жігіт қағанның аяғын жастанып оқ атқан жалқын жанар, теңбіл тонды пәлеге қарай алмай көр болатын, бозарып-сазарып қауқары қашатын. Қаған қабылан ерткен Шыңғысханға айналды, қанды жорыққа шықты; Сүлде тәңірінің "жебеуі", ноқай нойондардың демеуі есіртті-ай! Енді міне ешкімге ырық бермей, ешкімді шыбын құрлы көрмей араның ашқан ажалға айналған. Енді ол көрінгеннің қылышының жүзінде, қыл шылбыры мен жебесінің ұшында: пәтуа сұрап тәжікелеспейді, кезіккенің қиып түседі.

Ауруды асқынтқан, ажалды басынтқан өзіміз: иә, күнделікті күйкі тірліктің соңынан сүйретіліп жүргенде, бір-бірімізді менсінбей, түсінбей, білмей, болмашыға малданып; дөкейдің соңынан жалпақтап, кішінің төбесінде діңкілдеп келгенде ұтқанымыз қайсы?! Ұтылғанымыз қайсы?!

Үзік керуеннің табанының астыңда жетімсіреп қалып бара жатқан Кіші Жібек жолының жоқтауы бұл.

Арысынан айрылған қаралы келіншек болмаушы ма еді. Жібек жолы дәп сол. Әуелде қасқа жолмен қол сабылған. "Отырарды жаудан қорғауға аттандық", дескен. Жүз жасаған қария қол жайып боздақтарға батасын берді, ақ кимешекті кейуаналар: "құдая, жалғызымнан көз жазып қап жүрме",— деп тілек айтты. Жар төсегінің ыстығы бойынан тарамаған жас денесін өксікке буып келіншек қалған. Қыпшақ қиырының үстінде тісіне қылыш басқан Ажал жүргенің білмеген. Әлдекім қапылыста жебеге шаншар-ау, көкіректегі асық оты өшер-ау деген ой қаперіне келмепті. Жәудіреп қол кеткен жаққа қарай бердік. Күн артынан түн өтті. Біз тұмсығын көкке шаншып ит ұлитын болды. Жібек жолының үстімен жүгі ауған жетім тайлақ, сауырына қан жұққан иесіз тұлпар боздақтайтын: кеше ғана маң даланы күлкісімен дүркіреткен батырың ұшты-күйлі жоқ. Жолына қарай-қарай көз талады. Үмітсіз шайтан деген осы.

Әуелі сол қиырдан қиқу шығар: жалғыз аттылы ауылға ат қойып келер. Жаманшылық белгісі бұл. Ызғырық өтінде дірдек қағып тұрған құса көңіл жұрт сең соққандай дүрлігеді. Бауырым-о-о-ой! Жас келіншек құрақша қалтырайды. Қас қағымдай мезгілде — батырының белін сындыра жаздап қысқаны, өбіп сүйгені, алдыңа алып ойнатқаны, бұрымын білегіне орап ауыртқаны, көктемгі құтырған бурадай төсімен жаншып өзгені елес беріп өте шығар. Соның бәрі жалқын дәурен екен ғой! Бауырым-о-о-ой! Ендігі қалғаны ащы ексін пе... сыз төсек пе... қапалықпен күн кешу ме... келіншек есінен танып кереге көгіне құлайды. Дүниеде жақсы адамның артыңда жас аруы "аһ" ұрып қалмасын де: онда өмірдің бояу-белгісі, дәм-ырзығы, ащы-тұщысы, қуаныш-күлкісі көр көкірекке айналғаны... көкжиекті мұнар жапқаны... көзді шел басып, бетті әжім сызғаны. Бауырым-о-о-ой! Опасыз дүние деген осы.

— Отырар ұмытылса бұл жұрттың күні не болар екен?

— Қазақ улысының күні не болар десеңші?!

— Шілдің қиындай тоз-тоз болып кетеді-дағы.

— Осыншама ұлан-ғайыр жалпақ далаға кім иелік етер?

— Жігері құм, рухы пәс, төменшік жетімектер толып жүр ғой. Күні үшін тырбаңдар, мал жияр, қарны тойған кезде құдайын ұмытар.

Отырардың іргесінде Кіші Жібек жолының үстінде отырған Ошақбай аулы күннің батысына сырғақтап көше берген. Батыр аулы деп айту қазір күпірлік. Жетімектер мен жесірлер тобыры ғана: жүгі ауған үзік көш қана. Батырынан айырылған қаралы келіншек. Кеудесінен шыбын жаны шығып кетпеген соң, тамырынан ыстық қан жүгірген соң кісі қайғыдан өлмейді екен. Тұрып, жұрт қатарлы қарекетін істейді. Тіршілігін күйіттейді. "Жау кеп қалды", деп етегі түріліп жосқындап бара жатқан жұрттың жыртығын жамайды, жүгін артысады, бала жұбатады, асын әзірлейді. Шіңкілдеген текешік шалдардың жарлығын орындайды. Қан-сөлсіз жүзін жаулығына жасырды. Жарының төсегін құшып талай танды көзімен атырды. Қаралы келіншек: "Батырым өлді - күнім сөнді, үмітім өшті, өмірім тұл енді", - деп ойлаған. Құр рухы сүйретілген. Сөйтсе бұл өмірдің қатпар, қалтарысы мол білем. Баяғы ауылға ат қойып келіп, күйеуінің қазасын есіттірген бопсасыз қорқақ жігіт көз салсын. Сұңғыла сұлулығына табынсын. Жөнді-жөнсіз ыржалақтап әзіл айтсын. Сұм жалған-ай! Боздағының көзі тірісінде үй іргесіне тіктеп кеп ат байлауға жарамай жүрген жетесіз жаман бұл күнде тіріліпті. Қамшысын шолтандатып жетім ауылға әмір ете бастапты. Сөзі ірі: "пәленше батырмен тізе түйістіріп ұрысқа кіргенімде... бір торсықтан қымыз бөліп ішкенімде... көз жұмарда басын сүйегенімде..." деп бөсе бастапты. Екі сөзінің бірі — "шаншып тастадым", "жарып тастадым". "Оу, батыреке, өңге жігіт өліп жатқанда атынды қан сорпа қып қашып келгенің қалай?!" деп ешкім айтпайды. Қариялар таяғымен жер шұқиды. Сөйтіп жүріп әлгі әңгірлек келіншектің үйін торыды, түнемесіне қойныңа барды, нәпсісін оятты. Сөйтіп жүріп жаңа бір қоналқыда батырдың төсегін былғап, келіншектің етегін түрді. Мөлдір бұлақты ылайлады. Тірінің тіршілігі тәтті деген осы.

Бопсасыз жігіт дабырайды, текешіктер жетілді. Келіншек майдан даласында мерт болған боздағын есіне сирек алатын болды. Сөйтіп жүргенде Кіші Жібек жолымен, Жау жолымен маңғұлдар түмені, самаласы, торғауыты жосыды. Кешегі Отырар Дешті-Қыпшақтың айбары, абыройы екен ғой! Тоқсан тарау Жібек жолының тізгін ұстары екен ғой! Ата қазақтың ту тігіп, аруаққа қол жайған киесі екен ғой. Енді Жібек жолының бойымен қанды шеру қол сабылды, дүрия даланы құйын кеуледі, Інжу үгіз қызарып акты, қала көшелеріне шоп қаулады.

Кешегі бура санды, кіреуке киген, жүрген жері думанды қызық батырлар қайда? Кешегі батыс пен шығыстан жалғыз ауыз пәтуалы сөз, парықты достық іздеп сабылған елшілер қайда? Басқа қонған бак қайда? Осы жұрт не ықылым заманнан зарлауық, жылаулы емес шығар. Сұм жалған деген осы.

Иен даладан дүркіреп жабайы бұлттар етті. Қаңсыған адырлардан қарғын акты. Қарғынның қызыл суы жолындағы қиыршақ, тас, құм, бұта, ағаш атаулыны құмыға жұтып, қоймалжыңына араластырып алысқа-алысқа әкетті. Арналардан сарын естілді. Дүм-дүние қайта тіріліп көк шөп тебіндей бастады. Дүниеде шөп қана құдіретті көрінді. Нешеме қат ымыраттың қираған қышына көктеді, көшкен жұртқа тебіндеді, cap табан жолдың ернеуін көк пүлішке орады.

Шөп бірте-бірте Жібек жолын жалмап жұта берді. Әуелде ақтаңдақ Ұлы сорап сонадайдан көзге ұрып, табанды тартушы еді. Жерұйыққа жетелеуші еді Бірте-бірте күзгі жұрттай қуарды. Сосын жалғыз аяқ жетім сұрлеуге айналды. Көгілдір жібек жіптей ұзына сорабы қалды. Асылдардың үні қашықтады. Бебеу басылды. Сарын өшті. Отырар атты он жылға созылған үлкен әңгіменің әуезі үзілді. Қиын кітап тәмәмдалды.

1962—1972 жылдың қараша айы.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама