- 04 мам. 2018 00:00
- 281
Жұбату
Мамыр айы.
Таң алды...
Ауыл Нұра бойында. Аспанды түнерген қара бұлт қаптап, қара түнді өте-мөте меңіреу қылып тұр. Көшіп шаршап келіп, жаппалап қонған ауыл ұйқы тұтқынында жатыр.
Төңірек тып-тыныш.
Күншығыстан ескен майда қоңыр жел өзен бойындағы қалың талдардың, бұталардың, шөптердің бастарын теңселтіп, ақырын ызыңдап тұр. Көрінбей ақырын жүріп, жұмсақ сыпсыңдаған жүйрік жел мен түнерген талдардың жапырақтары қалтырасып, ақырын-ақырын сыбырласып, сырласқандай. Осы қараңғы түнде майда қоңыр желдің жаяулаған жұмсақ қоңыр сарынынан басқа, бұталардың ақырын ызыңдаған баяу үнді, мұңды күйінен басқа, тал жапырақтарының жат тілді сырлы сыбырларынан басқа, алдыңғы ауылдан ақырын, нәзік сыңсыған бір ызың естіледі. Сыңсыған ызың жүректің ең нәзік сезімді күйлерін қозғап, үзіліп-үзіліп, өксіп-өксіп естіледі.
Еріксіз тыңдап, құлағымды сала, ызыңға қарай жүрдім. Таяуырақ тыңдағанда, ызыңнан көкіректі қарс айырған жасырын күйініш, ащы қасірет естіледі. Мұңды, қайғылы зар естіледі.
Түнерген, меңіреу қара түнде әрбір жан ұйқы, тыныштық құшағында жатқанда, бұл нендей сызылған мұңды ызың екен? Бұл ызың неге жүректің мұңды нәзік тамырына тиеді? Неліктен жүрек бұл үнмен бірге елжіреп алып ұшады? Ызын алыстан нәзік сызылып үзіліп-үзіліп сарнайды.
Сорлы ана ма бұл елде
Қарағынан айырылған.
Қараңғы түнде еңіреген
Қулық бие бола ма,
Құлынынан айрылып,
Құлынын іздеп зарлаған?
Аң ба екен әлде оқ тиіп,
Жанталасып сарнаған?..
Таянған сайын сыңсыған ызың анығырақ шығады, таянған сайын жүрек елжіреп өксиді. і . Демігіп келсем, өзеннің жағасында бір түп талдың не көзінің жасын көл қылып егіліп, зар жылап отырған Мүслима екен...
— Қарындасым, неге жыладың? Не болды саған, мұңды қарындасым, неге жыладың? Неге егіліп, ыстық жасыңды төгесің? Ай, мұңды зарлы қарындасым, туысқан бауырым! Меңіреу дауысыңды естіп келдім! Күйініш қасіретіңді қасірет ызыңдаған жылауың маған да қайғылы жүрегімді елжіретіп қозғады. Көзіме ыстық-ыстық жас емес, сендей шерлі, мұңды, көзінің жасын бұлаған қазақ қызы көп! Сендей қабағы, бақыты ашылмаған, қазақ қызы көп. Олар да жылайды. Мүмкін сенен де көбірек жылайтындар бар шығар.
Мен білемін қаусаған шалдың құлдығында, күңдігінде жүріп сарғайған қазақ қызын. Мен білемін наданның хайуан нәпсісі үшін екі, үш қатынның бірі болып қыспақта жылап жүрген қазақ қызын. Мен білемін шын махаббатпен сүйген ғашығына қосыла алмай сарғайып, «уһ...» дегенде көкірегі қарс айрылып жүрген қазақ қызын.
Қарындасым, шерлі қарындасым, Мүслимажан! Жылама, тый көзіңнің жасын. Өтер қайғылы қара түн! Міне, рауандаған таң белгісі. Ашылар бақытың. Зұлмат қара түнді қуып, жарқырап таң атар! Дүниеге алтын күн шығар! Міне, ақырындап ескен, беттен сүйген майда нұрын шашып, жер-көкті шаттандырып қарсы алдыңнан күн шығар! Міне, ақырындап ескен, беттен сүйген майда жел. Бұл – таң хабаршысы!
Бұл – бақыт хабаршысы. Miнe, жарқырап атып келе жатқан ерік таңы... Міне, бұл бақыт таңы, қара алдыңа, күтіп ал бақытыңды.