Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Жұмақыздың құбылысы

Қызы Гүлжанды екі баласымен пойызға отырғызып жіберіп, вокзалдан шыққандағы оның жүзі қаншама уақыттан бергі көңіл тербеген қым-қиғаш сезімдердің толқынысынан қатты абыржулы еді. Тел қозыдай қос шалдуар жиен немерелеріне бауыр басып-ақ қалған екен. Қайраттанып, мықтысынып тұрғанымен пойыз орнынан жылжып жүре бергенде қолқа-жүрегі елжіреп, жарты жаны солармен бірге кетіп бара жатқандай, діңкесі құрып буын-буынынан әл кеткендей, құлап қалуға шақ қалды.

«Жүке, сабыр, сабыр. Қызыңа күйеуіңнің қасына бар десе, бар деп, құлақ етін жеп жүріп, оны қуғандай етіп жіберіп отырған өзің емессің бе? Енді неге босайсың?» — дегендей, өзіне-өзі күш беріп, көңілін тоқтатып, бойын тіктеп алды да, машинасына қарай ілби басып жүріп кетті. Іші қоңылтақсып, жаны құлазып, құр сүлдері келе жатқандай. Алайда, ол бар қажыр-қайратын жинап, қатайып, аяғын ширағырақ басты.

Ішкі әйелдік сезім түйсігімен қызына қатысты осы бір шешімінің дұрыстығына әбден көз жеткізгендей. Соны ойлағанда көптен бергі жүрегін қобалжытқан алақынан арылғандай көңілі орнығып, иығынан бір жүк түскендей, бойы жеңілдеп сала бергендей. Күйеуі қызмет істеп жүрген «ит арқасы қиянда» дейтіндей шалғай түкпірге барғысы келмеген қызын ақырында көндіргеніне өзі іштей тәубе дейді. Солай бола тұра, бөтен ел, бөтен жерде екі баламен қалай күнін көрер екен деп те уайымдайды. Әйтеуір, күйеуінің жанында ғой. Бір жөнін табар. Тек, Аллам екеуінің ынтымағын жарастырғай. Жұмақыз қазір Тәңірінен «солардың араларына әзәзіл шайтан кіруден сақтай гөр» деп тілейді.

Өзінің жарты ғасырлық ғұмырында ол аз қателесті ме? Соны ойлағанда көкірегін өкініштің өткір уыты аяусыз тілгілеп өткендей беймаза күй кешеді. Қайсыбірін айтып тауысады? Бағы басқаға тәуелді әйел жолының қиыны-ай! Оны бір білсе, Жұмаңыз білсін? Осы жасына дейін ғазиз басы не көрмеді?..

...Қызмет бабымен Астанаға ауысқан ұлымен бірге көшіп келгелі Жұмақыздың бойы сергек, көңілі көтеріңкі еді. Өзін ширақ сезініп жүрген. Жаңа жер, таңсық орта, мұндағы тіршілік ағысы оны өз еркінен тыс қарбаласы көп басқа арнаға түсіріп жібергендей. Құдай берген қуаттың арқасында бір үйдің тірлігін шыр-көбелек айналдырады. Одан артылса, ермек ететін өзінің үйреншікті кәсібі бар.

Ұлы әлі үйленбей жүр. «Үйленсеңші, күш-қуатымның барында немерелерімді бағып-қағып, өсіріп алайын», — деп айта-айта Жұмақыз шаршады. «Бұйрық болған күні бір шүйкебасты өзің-ақ жетектеп келерсің» деп қойған. Сол күнді іштей ақсаумен, жақсылықтан үміт етіп жүрген жайы бар-ды.

Тұрмысқа шыққан қызы да осы қалада еді. Күйеу баласы аяқ астынан солтүстік облысқа қызметке ауысып кетіп, қызы қыс ішінде екі баласымен даңғарадай үйде бір өзі қалды. Жұмақыз ойлай-ойлай, жас неме балаларымен қиналып қалмасыншы деп қызын қастарына алып, бірге тұруға ұлын көндірген. Ақыры, қазір қолда келін жоқ, әпкесі мен бауыры бір шаңырақ астында тұрса, несі айып екен?! Құлдыраңдаған жиен немерелері қолына келіп, Жұмаңыз қарың болды да қалды. Құдайдың, бұл да болса, берген бағы емес пе?! Жұмаңыз немерелеріне өзі қарап, қызының алаңсыз қызмет істеуіне жағдай туғыза алғанына қуанышты еді. Бұнысы — қайтсем, қызымның жүгін жеңілдетем деген қамқор ана көкірегінің қам-қарекеті де. Қызының өзі екі сәбиге ана болса да бұған әлі жас секілді. Әркім өз баласының қамын жеген мархабаты мол ана көңілі-ай! Қалай десе де, немере ыстық екен. Бұрын қызы алыста тұрып, білмей келіпті ғой жазған басы, енді еміреніп, айналып-толғануында шек жоқ. «Апалап» іші бауырына кіріп кеткенде жанын үзіп беруге бар. «Қыздан туғанның қиығы жоқ» — деп қалай дәл тауып айтқан.

Таңертең ерте тұрысымен, жасынан үйренген дағдысы бойынша қызыл машинасына от алдырады. Машина іші жылыған соң немерелерін отырғызып алып, ызғыта жөнеледі. Биыл біріншіге барған Абылайды — оқуына, Шыңғысын — балабақшаға апарып тастайды. Бұл айналып келгенше киініп, таранып-сыланып, әзір тұрған қызын жұмысына жеткізіп тастап, қайтар жолында асықпай базарына соғып, керек-жарағын, азық-түлігін ала оралады. Келісімен түскі асын қамдап қойып, сабағы біткен соң Абылайды алып келеді. Ал, сонан соң екеуі дабыр-дұбыр болып отырғандары. Абылай кіріп келгенде үй-іші көңілденіп, думанға толып жүре беретіндей. У да шу-базар. Кәдімгідей ес, апасына мектебіндегі қызықтарын айтып тауыса алмайды. Өзі сөзшең-ақ. Түс қайта сабағын қаратады. Бір уақыт далаға ертіп шығып бой жаздырып ойнатады. Аптасына үш күн орталықтағы жүзу бассейніне апарады. Ол жаттығудан шыққанша машинада отырып, кейде көз шырымын алатыны бар. Кейде ызғытып, қажет жеріне барып келеді. Абылай шыққан соң екеуі бақшаға соғып, Шыңғысты алып қайтады. Келген соң немерелерін аулада ойнауға қалдырып, өзі үй тірлігіне кіріседі. Бір күннің осылайша қалай өте шыққанын да аңғармай қалады. Гүлжанды жұмыстан қайтарда інісі ала келеді. Жастайынан бірінің көңіліне бірі қарап өскендіктен болар апасы екеуі ерекше тату. Ұлы мен қызы қызметтерінен оралғанда бір үйлі жан түгел жиналып, арқа-жарқа болып қалысады. Төрт көздері түгел бір дастарқан басында мәре-сәре болып отырудың өзі қандай ғанибет екенін Жұмақыз енді ұққандай. Бұл оның ең бір мерейі өсіп, көңілі марқаяр сәті еді. Бәлкім, ана бақыты осы болар — балалары қасында, немерелері көз алдында. Абылайдың ежіктеп кітап оқып бергені, Шыңғыстың отыра қалып, айдақтатып суретін салғаны көңіліне қуаныш құяды. Жас уақытында «жұмыс, жұмыс» деп, күні-түні сабылып жүріп, өз балаларының қалай өскенін де білмеген мұндар екен ғой. Қазір, мына құлдыраңдаған немерелерінің әрбір қылығын қызықтап, көзінен таса еткісі келмейді. Осы жаман немерелері қасына келгелі қуатына қуат қосылып, өзі де жасаңқырап кеткендей...

Осылайша, қарбалас тіршілікпен сынаптай сырғып, күндер өтіп жатты. Немерелерінің қылықтарын қызықтап жүріп, Жұмақыз алты ай қыстың қалай тез өткенін аңғармай да қалған секілді.

Неден екені белгісіз, кейінгі уақытта оның көңіліне бір кірбің түскені анық. Қызымның бір жағына шығысып, қызмет істеуіне қолғабыс тигізіп отырмын деп өзі іштей тоң санап, марқайып жүрген нәрсесі алдамшы бірдеңедей көрініп кетті. Өзін-өзі алдап жүрмесе неғылсын? Бұған дейінгі берік сенімі күннен-күнге сетінеп бара жатқандай. Сөйтіп, Жұмақыз өзінің бүгінгі тіршілігінің дұрыстығына да күмәндана бастады. Сол-ақ екен, түн баласы оны небір беймаза ойлар қаумалап, немерелерінің тәтті қылықтарына жұбанған көңілінің шырқын бұзып, бойын мазасыздық билей бастайды. Осы бір мазасыз үрей қашан, неден пайда болып жүр? Түк түсінсе, бұйырмасын!

Еріксіз жарсыз өткізген жарты ғұмыры елес беріп, жалғыздықтың тауқыметін тартқан жылдары есіне оралды. Балаларын жалғыз өзі өсіріп, жеткізіп, қазір бәрі ұмыт болды-ау деп еңсесін көтерген бір кезі еді. Бірақ ұмытылмапты. Енді ойласа, жаны қорланған, күйінген сәттері көкейінде сайрап жатыр екен. Көңіл түкпірінен демде бас көтеріп, қаз-қалпында көз алдына тұра қалғандай. Жалғызілікті әйелдің көрген күні құрысын...

...Жомарт екеуі отасып, жап-жақсы шаңырақ құрып еді. Жолдасы басалқы, елпең-желпеңі жоқ, тоқталған жігіт. Үй тұрмысына да жайлы болып шықты. Екеуі бір қыз, бір ұл сүйді. Сүттей ұйып отырған кездерінде аяқ астынан отбасының шырқы бұзылды. Шайтан түртсе, дауа жоқ екен ғой. Бәрі мұның мектептегі мұғалімдігінен аудандық бір мекемеге кәдімгідей дырдай бастық болып, атүсті қызметке ауысуынан басталған секілді, енді ойлап отырса. Жұмыс ауанымен анда-мұнда шапқылау, түрлі жарыстарға, сайыстарға жастарды әзірлеу, оларды алып бару, алып келу осыған жүктелетін. Жаңадан барған соң, бас тартуға ұялатын. Аудан көлемінде түрлі сайыстар, кездесулер өткізу — бәрі осының мойнында еді. Бұл жаңа қызметін құлшыныспен, беріле атқарып жүрді. Осы жұмыс әрі өзіне ұнайтын. Жолдасы да ерте кетіп, кеш келетініне, жұмысбасты тірлігіне түсінушілікпен қарап, қарсы бола қойған жоқ. Қайта сөзбен демеп отыратын.

...«Тау мен тасты су бұзар, ағайынды сөз бұзар» дегеннің кері аумай келді. Бұл бір-екі күн жұмыс бабымен жол жүріп келсе, күйеуі салқын тартып қалатынды шығарды. Байқаса, бұл жоқта абысын-ажындары қамқорсығансып, жандары ашығансып, әр нәрсені сылтауратып, үйге келгіштей береді екен. Әр келген сайын:

Мырзажігіт, келін көрінбейді ғой, тағы облысқа кеткен бе? Ас-суларыңды іштіңдер ме? Ой-бу-у, мына шиеттей балалармен саған қиын болды-ау. Абыржып қалдыңдар-ау, — деп, әдейі құлағын бұрап, мүсіркеп, өзі де балалардың у-шуынан сіркесі су көтермей отырғанда әдейі жанды жеріне тигізе сөйлеп, жараға тұз сепкендей ушықтырып кетеді екен. Бұл ұзағырақ бөгеліп қалғанының мән-жайын айтып, оның ашуын басып, ренішін жуып-шайып, отбасы тірлігі қайта мамыражай қалыпқа түсіп, қызметіне алаңсыз кірісе ме, арада біраз уақыт өтер-өтпесте күйеуі тағы бұзылып қалады. Үйге тағы да абысындары келген болып шығады. Мұның қызметінің өскені, әйтеуір ағайындарға тыншу бермеді. Отбасының кикілжіңі жиілей түсті. Аузы сүйреңдеген үлкен абысыны кез-келген жерде, қисынды-қисынсыз ортада енді мұның жұмысын тілге тиек етіп, қайнысын сыртынан жұрт көзінше: «Әйелін басына шығарып алды, ынжық неме», — деп мұқатып отыратын көрінеді. Оны Жұмаңызбен тату бір абысыны жұқалап жеткізді. Жұмақыз жастық аңғалдықпен оған сонда да еш мән бермеді ғой. Өз тағдырына соншама енжар болар ма? «Е, көре алмаған абысын не демейді? Өзім сүйіп қосылған жарымның көңілінен шықсам болмай ма? Менің оған көңілім ақ, пейілім адал, ал оның маған қалтқысыз сенетіні анық» деп ойлады ғой. Өзі осы ойына қатты сенді. Алайда, дүние тек ол ойлағандай таза әділеттіліктен, шынайы сүйіспеншіліктен ғана тұрмайтынын, абысындарының жанашырлықтары аярлықпен астасып жатқанын, соның астарында кейбір зымиян, жымысқы мысық тілеу әрекеттердің барын ол кезде қайдан білсін? Кейін өкінгеннен бармағын тістеді ғой...

...Жұмақызға көптен көңілін лоблықтырып, алаңдатқан жайдың сыры біртіндеп айқындала бастағандай. Сөйтсе, ол қызы мен күйеу баласының екі жақта жүргеніне алаңдап, содан туған мазасыздық екен ғой. Осыны көңілмен болжап, түсінген сәтінде ол қызымен ашық сөйлесуге оқталды.

Әй, Гүлжан-ау, осы сенің не білген ойың бар? — деп бастады әңгімесін, екеуі кешкі астан кейін бір оңаша қалған сәтте.

Өзің мына жақта, күйеуің ана жақта. Бұл қандай тіршілік, түсіндірші?

Апатай, не болып қалды? Өзің қобалжулысың ғой. Тентек немерелерің ренжітіп қойғаннан сау ма?

Жоқ, оларға ренжіп нем бар? Мен ренжісем, туған қызым саған ренжимін... Өзің тікеңнен тік тұрмай, отыршы мына жерге.

Ал, отырдым. Анықтап айтшы, не болып қалды?

Айтамын, айтамын... Саған мен айтпағанда кім айтады? Кеше кешке күйеуіңмен телефонмен сөйлесіп жатқаныңда құлағым шалып қалды. Қызметін әзірге сол жақта жалғастыра беремін дей ме, қалай? Басында бес-алты айға ғана кетті деген едің. Сол жақта әлі істей тұратын сияқты ма? Не дейді өзі? Ұғындырып айтшы.

Айтатын несі бар, апа? Бәрін өзің дұрыс жобалап отырсың. Әзірге сонда істей тұрайын дейді. Бір жағы, облыста істеп, ысылған деген аты жақсы, әрі әскери шенін бір сатыға болса да өсіріп алайын деп жүр ғой. Маған сонда кел дейді.

Ал, сен не дедің?

Мен не деуші едім? Бара алмаймын дедім.

Әй, ақымақ қызым-ай! Сенің өстіп бір нәрсені бүлдіреріңді сезіп едім-ау. Қап-ай! Онікі дұрыс қой. Ер жігіттің қызмет жағдайын, болашағын ойлағаны — әбден орынды.

Ендеше мені неге қажап отырсың? Оның сыртта істеп келгеніне мен қарсымын ба? Қайта алаңдамай, қызметіңді істе, балаларды бағуға апам көмектесіп жатыр деп айттым.

Соны да сөз деп айттың ба? Айтқан уәжінің түрін қара...

Апа, немерелеріме өзім қараймын, бірге тұрайын деген соң қолыңа көшіп келдім емес пе? Айтқан сөзіңнен шыққан кезім бар ма?

Е-е-е, қызым-ай! Мен саған қолыма келіп тұр дегенде, қыс ішінде екі баламен қиналмасын деп ойладым ғой, әрі жас келіншегім бір өзі қалып барады деп күйеуіңнің көңіліне күдік кірмесін дегенім емес пе?

Мұны естіген Гүлжан сықылықтап, күліп ала жөнелді.

Әй, апа-ай, сен де қайдағыны айтасың-ау! Не көрініпті оған қарадан қарап жүріп күдіктеніп. Сенбейтін болса, қайтып келіп, қасымда отырсын...

Жоқ, қызым, олай деме. Сыртта жүрген адам не ойламайды дейсің?

Жақсы, апа. Өзіңнің қасыңда алаңсыз тұрып жатырмын. Ең бастысы, ешқандай күдікке енді орын жоқ қой, — деп, тағы біршама күліп алды. Қамсыз адамның ашық та таза күлкісі. Қайран жастық-ай!

«Қап-ай, мына түйсіксізге қалай түсіндірсем екен?» деп ойлады Жұмақыз. Ерлі-зайыптының арасына қылаудай сызат түспеуі керек. Ал, сызат түссе болды, ол күннен-күнге жіп ажырап ұлғаймаса, қайта бірікпесі анық. Оны Жұмаңыз өз басынан біледі. Білгеннен соң, қауіп қылады. Оны Гүлжан қайдан білсін?! Бірақ қызы зерек көңілмен бәрін қапысыз түсінген. Анасына еркелей күліп отырғаны ғой.

Күлме, қызым. Сен менің жанымдағы жан тыныштығыңды ойламай, күйеуіңнің қасына барғаның жөн шығар.

Қызы мұндай сөзді күтпесе керек, біреу оқыс біз сұғып алғандай ыршып түсті:

Не, не дейсің? Мен ол жаққа қалай барамын? Апатай-ау, өзің ойласаңшы! Күйеу балаң әлі пәтер ала алмай жүр. Қашан алары тағы белгісіз. Өзі жатақханада тұрады. Мен екі баламен оның қасына барып, қысылысып, қалай тұрмақпын?

Ендеше, Алматыға, ата-енеңнің қолына барып тұр. Күйеуің қашан үй алғанша сол шаңырақта отыр. Сен менен кеткенсің, сол үйдің адамысың...

Тү-у, сен де айта береді екенсің, апа. Ол кісілердің үйлерінің тар екенін білесің ғой. Әрі тұрмысқа шықпаған қызы қолдарында отыр. Ол үйге мен сыймаймын. Шынымды айтсам, қайын әпкеммен сыйыса алмаймын. Мінезі шайпау, кісіні кемітіп, мысқылдап, шағып сөйлегенін көтере алмаймын. Мен ол үйге барсам, қайта күйеуіммен арамызға сөз жүгіртіп, ши шығып кетуі әбден мүмкін. Ала, сен қорықсаң, осыдан қорық.

Туысқанды адам таңдап алмайды. Қандай болғанда да әдептен озбай, тіл табысып тұруға үйренгенің жөн.

Жоқ, апа. Менің осы арада тұрғым келеді. Сенің қасыңда болсам, екі балаға да алаңдамайды екенмін. Өздері саған әбден бауыр басып қалды. Оның үстіне қазіргі жұмысым да жақсы. Содан қол үзгім келмейді. Кейін мұндай табысы мол қызмет таба аламын ба, жоқ па?..

Жұмақыз осы арада күйіп кетті:

Бәсе, бәсе... Қызметім жақсы де. Содан шыққым келмейді де... Ал, сенің торғайдың миындай миың болса, «күйеуім Нартай келісті жігіт, содан қол үзіп қалмайын» деп неге ойламайсың? Маған «жұмысым, жұмысым» дейді ғой өзеуреп. Жұмыс қашан да табылады, жақсы күйеу табылмайды, шұнақ қар.

Ой, апа-ай! Сен біздің арамызға кіріспесеңші. Біз өзіміз келісіп, осылай шештік қой: бір-екі жыл бөлек тұра тұрамыз. Оның несі бар екен? Қазіргі жастардың бәрі осылай, еркін жүреді. Бір есептен, сенің қасыңа көшіп алғаным дұрыс болды.

Есепшілін қара өзінің... Қуарған ғана қу қыз! Сен күйеуіңнен бөлек тұрмайсың, мен сені бөлек тұрғызбаймын. Сен мына түріңмен жап-жақсы азаматыңнан айырылып қалайын деп, шошаңдап жүр екенсің ғой. Әйелдің орны — еркегінің қасында. Сол су ішсе, су ішіп, сол у ішсе, у ішіп, екі елі ажырамай, бірге жүруі керек. Әрі-беріден соң әйелдің міндеті — күреп ақша табу емес. Күйеуің асырасын...

Ал, оның табысы аз болса, қайтеміз, — деді қызы мысқылдай.

Адамның бағы — табысының аз, көптігімен өлшенбейді, барды қанағат тұта білуінде.

Апа, сен ескіше ойлайсың. Қазіргі заман басқа, оның өз қағидасы бар. Бәрі қаражатқа келіп тіреледі...

Сені осы пиғылың түбі жарға жықпаса, не қылсын?..

Жұмақызға Гүлжан да тура жас кезіндегі өзі сияқты ойлайтындай көрініп кетті. Әсіресе, осынысы жанын одан сайын күйдірді. Өзінің кезінде «Жұмыстан қол үзбейін, жұмыста жеккөрінішті болмайын, қызметіме сөз келмесін» деп, күні-түні шапқылап жүріп, отбасына жете көңіл бөле алмағаны рас. Оның үстіне, абысын-ажынның күйеуі екеуінің арасына от тастаған сөздерін өршітпей, дәл уақытында басып отыруды да білмепті. Аузы-басы сүйреңдеген сол бір сумақай, сұғанақ қатындардың бетін қатты қайтаруды қаперіне де алмады. «Ауыз өзінікі, айтады-айтады, сосын жалығып, қояды» деп ойлаған. Арам ниет өздігінен тыйылсын ба? Олардың бетін қайтарып, ендігәрі босағадан қарамайтындай тойтарыс беру — табиғаты жуас Жомарттың да қолынан келмеді. Қайта солардың ыңғайына жығылды емес пе?

«Адам тілі — тас жарар, тас жармаса — бас жарардың» растығын ол кезде бұл сезіп-біліпті ме? Жомартты көпе-көрінеу ағайынның сөзі бұзды. Әйелінің қызметі өсіп, өзі соның көлеңкесінде қалғандай ішқұсалыққа түсіп, бөтелкеге үйір бола бастады. Абысындары кейде бұл жоқта оған әдейі ішкізіп, көңілге қаяу салар әртүрлі қаңқу әңгімелер айтып, әбден бабына келтіріп қоятын. Бұл жұмыстан оралғанда Жомарт елеуреп, кикілжің бастайтын. Әншейінде «ләм» демейтін күйеуі, ішіп алса, көтеріліп шыға келетін болды. Жоқтан өзгені сылтауратып, айқай-шудың дәл үстінен түскен үлкен абысындары өздерінше төрелік айтқансып, мұны шайпау тілдерімен аяусыз піскілеп-піскілеп кететін. Ал, бұның сол кезде кикілжіңді өршітпей, қызметін тастай салып, жалған намысты қойып, үйде отыруы керек-ақ екен. Сонда бәрі өз орнына келер ме еді, кім білсін? Оған әйелдік өзімшілдігі жібермеді. Жұмақыз қазір «жеке басының бақытын жұтқан сол қызметі құрғырды өткізіп беріп, арадай талаған туыстарының арасынан күйеуі мен екі баласын алып, көз көрмес,құлақ естімес жаққа неге ғана кетіп қалмадым екен?» деп те ойлайды. «Жұмыс, жұмыс» деп, сол арадан кетсе, аштан өлетіндей жабысты да қалды. Оның үстіне қызметте жақсы аты шығып, ауызға ілігіп келе жатты. Оны кейбіреулер одан да жоғары орынға барады десіп жүрді. Соның буы мен жастық қамсыздық қосылған соң орға жықпай қойсын ба? «Өзім де бір азаматтан кем емеспін» деген шалт сезім бойын ала бастады. Осы бір сезімнің астарында өзім де бір еркектен кем табыс таппаймын, тышқандай екі баланы өзімнің-ақ бағып-қағып, өсіруге шамам жетеді деген астамшылық жататын. Сол алдамшы, әзәзіл пиғылдан арылуға құдіреті жетпегені ғой кезінде. Әйелмісің деген. Бір күнгі қызметтің уақытша буына мастанған не деген сорлы еді десеңші...

Осының бәрін қызына қалай айтып ұғындырар.

Мен қалай ойласам да сенің қамыңды жеп, жүдеп жүрмін... Менің мына қу самайым тектен-текке ағарды дейсің бе? Күйеусіз қатынның күйінің қандай болатынын білгеннен кейін, саған қақсап айтып отырғаным. Ана екі баланы әкесінен суытпа... Еркек балаларға әке мейірімі аса керек, — деді бастырмалата.

Жұмақыз ұлының мінезінің томырықтау, дүңк етпе, адамға үйірсектігі жоқ, саяқ, суықтау мінезін әкесіз өскендігінен бе деп ойлайды. Бәлкім, жүре келе ашылар. Бұл Жомартпен ажырасқанда есін-білер білмес еді ғой, содан бұйығылау өсті. Әңгіме бала жайына ауысқанда Гүлжан сөз қайтармай, тосылыңқырап қалды. Мүмкін, оның есіне бала кезінде өзінің де: «Бәрінің папасы бар, неге біздің папамыз жоқ?» — деп, мектептен жылап келетіні түсті ме екен? «Адасқанның алды — жөн, арты — соқпақ» деп бекер айтылмаған-ау. Жұмақыз не бір соқпақтармен жүріп өтуге тура келерін жастықпен ол кезде қайдан білсін? Әйтеуір, балаларының бетіне шіркеу боларлықтай жаманат жабыспағаны анық. Соны ғана көңіліне медеу тұтады.

...Бұл тағдырдың алға тартқан тосқауылынан жастық аңғалдықпен ұтып шықтым деп ойлаған. Бірақ, жеңдім дегені — жеңілгені, ұттым дегені — ұтылғаны екен, енді ойлап қараса... Қайсысы көңіл арбаған әсіре қызыл елес те, қайсысы шын бағы екенін ажырата алмапты ғой сорлы басы. Әттең... Тағдырды алдай алмайды екенсің. Соны кеш ұғынып, опынып отыр да...

Қызына көптен бері айтуға оқталып жүрген сыр ұшығын біраз тарқатып алған соң өзі де босап, бордай егіліп, ағыл-тегіл жыласын келіп. Пәлен жылғы көңіл түкпіріндегі шемен болып қатып жатқан шері ағытылып кеткендей, тоқтай алсашы. Көптен бұлай жыламап еді. Қайта, баласының үйде жоғы жақсы болды. Жұмақыз балаларының көзінше көзіне жас алмайтын. Қызы мен ұлының жас кезінен осылай, оларды жасытпау үшін көз жасын көрсеткен емес. Жылағысы келіп бара жатса, оңашада жылап-жылап алатын. Ал бүгінгі жыласы тіпті бөлек еді. Бұл көз жасында осы уақытқа дейін мойындауға дәрмені жетпей жүрген өкініші де, әкелерінен ажыратқанына балаларының алдында ақталуы да жатқандай.

Қызына осыған дейінгі жалғыз өткізген жарсыз өмірдің қиындығын, әлдекімдерден көрген қиянатын, назы мен мұңын шаққандай бір күй.

Бода-бода болып отырған шешесін қалай жұбатарын білмеген Гүлжан өзі де қосыла жылап жіберді.

Апа, апатай саған не болды? Сен мықты едің ғой. Біздің екеуміз де, шешеміз де бір өзің емес пе едің?..

Әкелеріңнің орнын қайдан толтырайын, әйтеуір, бір далбасамен өткен өмір де...

Жоқ, олай деме. Бүкіл өміріңді бізге арнадың. Бізді еш нәрседен тарықтырмай өсірдің. Жұрттың біразының қолы жетпей жүретін заттар біздің үстімізде болды. Ең тамаша мектептерде оқыттың, ең атақты білім ордасын бітірткіздің. Қос-қостан диплом әпердің. Мен кішкентай кезімнен білемін, сен бірнеше жерде жұмыс істейтінсің. Ерте кетіп, кеш келетінсің... Екі алақаның қол жұмысынан қап-қатты сүйел болып жүруші еді. Сонда мен: «Өскенде апама жұмыс істетпей, үйде отырғызып қойып, өзім бағамын» деп ойлаушы едім. Кешір, апа, мен сол бала кездегі арманымды ұмытып, саған өз балаларымды бақтырып қойған екем-ау.

Гүлжан бетін алақанымен жауып, екі иығы селкілдеп кеп жыласын.

Жұмақыз оны бауырына басып, тап кішкене кезіндегідей басын көкірегіне қойып, шашынан сипап отыр. Кішкене күнінде ауладағы балалармен шекісіп қалып, жылап келгенде дәл осылай жұбатушы еді. Гүлжан өжет қыз еді. Өзі үшін де, інісі үшін де ешкімге есесін жібермейтін.

Е-е-е! Ерте кетіп, кеш келгенде не тындырып тастады дейсің? Үйдегі жалғыздықтан қашып, сырт жұмысымен айналысып жүрдім емес пе?.. Шаршағаннан әбден қалжырап, жастыққа басым тие салып, ұйықтап кетуді ғана ойлап келетінмін де. Сен не білуші едің?!!

Екі алақаны қап-қатты сүйел болса, күрек ұстады дейсің бе, қу темірден де. Ешкімге кіріптар болмай, өз тірлігімді өзім бітірейін деп машина алды емес пе? Демде жүргізуді үйреніп, зыр қағып жүретінді шығарды. Күні-түні қөлікпен шапқылап жүрген адамның қолын руль қажамағанда қайтсін?

Бірте-бірте жылауын тоқтатып, өзіне-өзі келген қызы:

Апа, осы сендер неге ажырастыңдар? — деді батылсыздау.

Бұл — Жұмақыздың «алдымнан шықпаса екен» деп, ғұмыр бойы қашқалақтайтын сұрағы және ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір қойыларын білетін. Не десін...

Әкелеріңнен ажырасқаным жастықтың бір қатесі болды ма деп ойлаймын. Соны сені қайталамаса екен деп, қу жанымды шүберекке түйіп отырғаным жоқ па? — деді бар болғаны, біраз үнсіздіктен кейін.

Апа-ау, жалғыздықтан жаныңды қинағанша біздің жас кезімізде неге қайтадан тұрмысқа шығып кетпедің? Сөз салушылар жоқ емес, болды ғой, — деді қызы әлгідегіден де әлсіз үнмен.

Е-е-е! Отқа қанаты күйген көбелектің қайта ұша аламасын сен білмеуші ме едің?.. — Жұмақыз Гүлжанға осылай дегенімен өзінің есіне анасы айтып отыратын бір сөз түскен еді.

...Анасының Зылиха атты жамағайын сіңлісі болушы еді. Ауыл-аймақ тегіс оны бет біткеннің сұлуы дейтін. Көріктісі — көрікті-ақ еді. Аяң астынан күйеуі қайтыс болып, сол келіншек екі баласымен ерден жастай қалды. Арада уақыт өте келе оған қызығып, сөз салушылар көбейеді. Жұмақыз онда институтта оқитын. Бір барғанында анасы оған Зылиханың басқа ауылға әйелі қайтқан ауқатты біреуге тұрмысқа шығып кеткенін айтқан. Жөн болған екен деп ойлаған.

Кейінгі бір жылдары Зылиханың аты аталса, анасының: «Бағы ашылмаған сорлы болды ғой, барған жерінде басы сыйғанымен, балтыры сыймай жүр екен», — деп отырғанын сан мәрте естіген еді. Басы сыйғанымен балтыры неге сыймайтынын бұл басында түсіне алмаған. Сөйтсе, кейінгі күйеуі екі баласына күн көрсетпейтін жайсыз, қытымыр адам болыпты ғой. Өгей әкенің ызбарынан балалары тоз-тоз болып кеткен көрінеді. «Басы сыйған жерге — балтыры сыймағанның» не екенін сосын ұққандай. Осы сөздің көкірегіне жатталып қалғаны сондай, қайтып тұрмыс құруды тәуекелі түгілі, ойына да алмады. Бірақ қазір қызына оның бәрін айтып жатпады...

Жұмақыз күйеуден ажыраған соң қызметімді алаңсыз істермін деп ойлаған. Рас, біраз уақыт құлағының тыныш болғаны рас. Бірақ басы бос адамға сөз үйір келеді екен. Әсіресе, күйеулері кешкісін жұмыстан кешіксе, осының қасында отырмаса, неғылсын дегендей, бір нәрсені сылтауратып, бұның үйіне бір келіп кететін келіншектердің қылығына әлі күнге дейін қорланады. Алақандай ауылда жасырын сыр жатпайды. Сөз салушылар көбейді. Бөрік киген атымыз бар, еркекпіз деп қоңырайғандардың да есек дәмемен бұның үйін торитындары аз болмады. Бұл беттерін қайтарған соң жөндеріне тек кетпей, бықсыған небір қитұрқы сөз таратуға тырысқандарын қайтерсің? «Е,е, оны білеміз ғой»... «Етегіне намаз оқып жүр дейсің бе?»... «Бәрі белгілі нәрсе ғой» деген сияқты жыпсыма, екіұшты сөзді әдейі айтатындар болды. Өзінің мінезінің бір-беткейлігінің арқасында көлденең сөзге ілікпей, сол арадан абыроймен көшіп кеткеніне қуанды...

Бұлар тұратын ауданға кадрлардың білімін жетілдіруге бір адамды оқуға жіберу жөнінде жоғарыдан сұрау келген екен, бұл соны ести сала, басшылардың кеңсе табалдырығын тоздыра жүріп, ақыры оқуға жіберуге келісімдерін алды-ау. Жіберетін басқа адамның реті де болмады ма, құдайың жарылқағаны ма, әйтеуір, таңдау Жұмақызға түскені. Содан екі баласын ертіп, жақсылықты алдан күтін, Алматыдан бір-ақ шыққаны...

Құдайға тәубе, Алматыға келгелі жаман болған жоқ, екі баласын аман-есен өсірін, оқытып жеткізді.

... Екеуара әңгімеден кейін біраз күн өткен соң Гүлжан:

Мақұл, апа. Сен солай дұрыс болады десең, мен Нартайдың қасына-ақ барайын. Тек сен жыламашы, апа, — деді, мұны мойнынан құшақтап.

Сөйте ғой, ақылдым. Сенің отбасыңның түтіні түзу шықса, менің де абыройым. Менің жақсылығымды асырып, жаманшылығымды жасыратын сендерсіңдер. Көргенсіздің баласы дегізбесеңдер болғаны. Беттеріңнен жарылқасын, қарашығым, — деді көзіне тағы жас алып.

Қызына көп нәрсе айтқысы келген, бірақ алқымына өксік тығылғандай, сөйлей алмады. Жұрт: «Шешесі байдан шыққан, қызы қай бір жетіскен дейсің?» демесе болғаны. Жұмақыздың ендігі бар арманы — балаларының бақытын көру ғана.

Немене, апа, өзің жылауық болып барасың ғой. Қартайып қалғансың ба? — деді Гүлжан сөзінің аяғын қалжыңға сүйеп.

Қартайсаң, қартайған шығармыз... — деді Жұмақыз жеңіл күрсініп. Ол қызының шешіміне шексіз қуанышты еді...

...Вокзалдан шығып, машинасына келіп жайғасқанымен де, жүруге асықпады. Екі білегін рульге артқан бойы басын шалқайтып, арқалыққа сүйеніп, аз-кем отырып қалды. Қайда асығады? Ойын жинақтап, өзімен-өзі бірқауым отырды. Баласының қызметтен әлі келе қоймасы анық. Үйге барғанда не істемек? Төрт қабырғаға қалай сыяды? Одан да көңілім бөлінсін, қаланы бір айналып шығайын деп ойлады. Баланың айлығына телміріп қарап отырғанша деп, шәй-суандық пұлын өзі ажырататын Жұмақыздың ермек кәсібі болушы еді. Немерелері қолына келгелі ол әдетінен бас тартқан. Бір жағы қызы көмектесіп тұрғандықтан қаражаттан пәлендей қысылыс та болмады. Бірақ бүгін үйге қайтуға асықпады. Бұрынғы әдетіне басып, қаз-қатар тұрған таксилердің жанына қапталдаса келіп, тұра қалды. Бір-екі адам ала кеткісі келді... Жол-жөнекей әңгімелесіп барса да көңілі бөлінер еді ғой. Бұрын-соңды оның дәл қазіргідей, әйтеуір біреумен соншалықты әңгімелескісі келмеген шығар-ау!..


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама