- 14 шіл. 2022 00:00
- 307
Жүсіп Баласағұнның жар таңдауға байланысты өсиеті
Жастық шақта адам сұлуқұмар сезімнен аса алмай, тек көрікті, сұлу әйел көздейді. Ал сырты сұлу қыздың ішкі жан дүниесі де сұлу болып кездесуі — өте сирек құбылыс. Сұлу қызға үйленгендер жүре келе әйелін кім көрінгеннен қызғанып, уақытын үнемі өз әйелін қорғаштап күзетумен өткізеді. Сөйтіп, сұлуға үйленген адам күзетшінің кейпіне киіп, қандай сорға тап болғанын өзі де байқамай қалады. Бұл туралы ақын:
«Сұлуқұмар, сұлуды аңсап сор қума, Қызыл жүзді сарғайтпа һәм қор қылма», — дейді.
Ал кейбіреулер «қатын алмай, қайын ал» деген бағытты ұстанып, бай жерден әйел алуды ойлайды. Ондай адамдар күндердің күнінде сол әйелдерінің ашса — алақанында, жұмса — жұдырығында болып, жалтақтап әйелінің аузына қараумен күнін өткізеді. Соның салдарынан ол үйдегі отбасының басшысы кім екенін айыру да қиын болады:
«Ей, тыңдаушы, бай әйелден үміткер, Құлы болып қалма оның, білікті ер», — дейді.
Ал бәрінен де көзін сүзіп қарамайтын, ерінің көзіне шөп салмайтын, ақ ниетті, әдепті, пәк, ұятты қалыңдықты табу — қиынның қиыны.
Сондықтан ақын:
«Қайын алма, алсаң нағыз қатын ал, адамшылдық сіңген асыл затын ал», — деп қорыта айтқан.
Яғни Жүсіп Баласағұн бабамыз да Пайғамбарымыздың (алейһиссалам) хадисінде айтылғандай, әйелді иманына, рухани нәрі мен ішкі жан дүниесінің сұлулығына қарап таңдау керектігін өсиет етеді.