Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жүсіпбек Елебеков

Жүсіпбек Елебеков (1904-1977) — әнші (тенор). Қазақстанның халық артисі. Қарағанды облысында туған. Елебеков бес жасынан ән айтуды бастаған. Ән өнеріне оны ағасы Ж. Балғабайұлы баулиды. Кейін Ғ. Айтбаевтан, Қ. Байжановтан, Ә. Қашаубаевтан дәріс алады. Елебеков музыкалық фольклордың талантты насихаттаушысы болып табылады. Халық композиторларының шығармалары (“Ардақ”, “Айтбай”, “Құлагер” және т. б.) Елебеков репертуарының негізін қалайды. Абай әндерін де ол аса шеберлікпен орындаған. Қазақ драма театрының сахнасында ол Жапал бейнесін (М. Әуезов “Еңлік-Кебек” ) , музыкалық театр сахнасында Әлібек (М. Әуезов пен И.В. Коцыканың “Айман-Шолпаны”), Төлеген (Е. Г. Брусиловскийдің “Қыз Жібегі”) бейнелерін сомдады. Елебеков өнері көңіл-күй иірімдері, сезім байлығымен ерекшеленеді.

Дарынды майталман әнші Қазақ КСР-ң халық әртісі, халқымыздың дәстүрлі ән мектебінің көрнекті өкілі Жүсіпбек Елебековтың шығармашылығы көп қырлы.

Жүсіпбек Елебеков өзінің көпқырлы сан-салалы әншілік таланты арқылы отандық музыкалық мәдениетіміздің тарихына өлшеусіз үлес қосты. Ол халқымыздың ән өнерінің жарқын беттерінде сөнбейтін жарық жұлдызына айналып оның атақ-даңқын биікке көтерген, бүкіл қазақ даласын оның әр тасы мен жылғасы, әр ауылына дейін әнге көмген, халқы мен жерін әнге бөлеген өнер тарланы.

Атақты Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Ғаббас Айтпаев, Манарбек Ержановтар мәңгі өшпейтін даңқын шығарған екі ғасырлық тарихы бар халқымыздың ән мектебі қазақ еліне түгелдей тараған. Бұл арқа немесе сары-арқа дәстүрі делінеді. Арқа — Сары Арқа жері республикамыздың орталық, солтүстік және шығыс облыстары.

Арқаның әндері мен әншілік дәстүрі ең бір көп тараған мол жайылған беделді де белді дәстүр. Бұл өзі әндерінің саны мен көптігі, керемет сұлу әндер шығарған авторларының баршылығы жағынан 20-ғасырдағы Қазақстан композиторларының шығармашылығында кең көрініс тапқан танымал дәстүр. Осы арқа дәстүрі әншілерінің көрнекті өкілі Әміре Қашаубаев 1925 жылы Парижде өткен Бүкіләлемдік музыкалық көрмеде Қазақстан музыка мәдениеті тарихында бірінші рет күллі Европа халқын сүйсінте таң қалдырып өзінің ерекше биік, асқақ та күшті әдемі сұлу даусымен, ерен әншілік шеберлігімен тәнті етті. Жүсіпбек осы арқа дәстүріндегі аты аңызға айналған Әміренің әншілік жолын ұстап жөнін қуған тікелей өзінен үйреніп дәстүрін жалғастырған әнші. Қазақ музыканттарының шығармашылығын көп зерттеген журналшы Мақсұтбек Майшекиннің айтуы бойынша Әміренің өзі — “Арқа дәстүрін ұстап менің өнерімді жалғастырған Жүсіпбектен асқан әншіні әлі естіген емеспін” — деп сенім артып батасын беріп домбырасын ұстатып кеткен дейді.

Туғанына 100 жыл толу мерекесі биыл аталып өтілмекші әнші Жүсіпбек Елебеков Егіндібұлақ ауданы Қарағанды облысында 28.08.1904 жылы дүниеге келеді. Ағасы белгілі әнші Жақыпбектен тәлім алған ол өз бойына халық арасындағы жезтаңдай Ғаббас Айтпаев, Қали Байжанов, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақовтардан үлгі- өнеге алып, арқаның сан-алуан бай ән дәстүрін бойына сіңіре білді. Осылармен қосылып жиын-тойларда, жәрмеңкелерде, көпшілік арасында кештерде ән салғанда жас әнші небәрі 15 жастан енді асқан еді. Жүсіпбектің әншілік және актерлік талантын байқаған ел азаматтары оны 1920-1922 жылдары Семейдегі “Ес-Аймақ” атты драма үйірмесіне тартады, онда ол алғаш рет концерттерге шығып сахналық қойылымдарға қатынасады.

1931-1935 жылдары Жүсіпбек Елебеков Қазақ драма театрында әртіс болып істейді, онда ол тек әншілік қырынан көрініп қана қоймай көптеген есте қаларлық драмалық және опералық кейіпкерлер бейнесін жасайды. “Айман-Шолпан” музыкалық комедиясында Әлібек, “Еңлік-Кебекте” Жапал, алғашқы қазақ операсы “Қыз-Жібекте” Төлеген болып ойнады.

Біртіндеп көпқырлы әнші талантының сыры ашыла бастайды. Келе-келе ол ертеден бастау алған халқымыздың ұлттық әншілік дәстүрін кең өрістетіп дамытуға - қазақтың классикалық әндерін домбырамен сүйемелдеп айтуға біржола бет бұрады. Оның 1935 жылы филармонияға ауысып 1960 жылға дейін сонда істеуі заңды да табиғи нәрсе болатын, 1960 жылдан 1977 жылға дейін Қазақконцертте істейді. Бұл кезде ол әншілік өнердің нағыз хас шебері, майталманы, асқан орындаушы дәрежесіне көтеріледі. Бұл оның атақты әнші ретінде халқының махаббатымен зор құрметіне бөленген тұсы еді.

Жүсекең қазақтың классикалық ән өнерін насихаттаушы әрі оны асқан шеберлікпен орындаудың ерен үлгісін көрсетіп республикадан басқа шет жұрттарға шығып таныта білді. Әнші 1936 және 1958 жылдары Мәскеуде өткен қазақ өнері Декадаларында, 1950, 1955 жылдары Қытайда, 1960 жылы Монғолияда, 1967 жылы Индияда болып ән салды, оның дауысын Қырғыз, Өзбек, Түркімен, Қарақалпақ елі де сүйсіне тыңдады. Ол қазақ радиосында әнші болып жұмыс істеді, әндері радиодан шырқалып жатты, өзінің қатысуымен телефильм түсірілді.
Жүсіпбек Елебековтың өмірі мен шығармашылығындағы ең бір елеулі кезеңі — оның Эстрада-цирк студиясында ұлттық ән салу дәстүрінен дәріс беріп ұстаздық еткен 1967-1977 жылдары еді. Арқаның домбырамен ән салу дәстүрі үзілмей жалғасып қаймағы бұзылмай сақталып бізге жетіп отыр. Бүгінгі Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов сынды өнер саңлақтары осы ұлы Жүсекеңнің шәкірттері.
Жүсіпбек Елебековтың репертуарында Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Мәди, Ыбырай, Естай, Майра, Жарылғапберлі сияқты қазақтың халықтық кәсіби композиторларының ел арасына кең жайылған жарқын да тамаша әндері болды. Әнші бұларды нақышына келтіріп әрлеп, өңдеп өз мәнерімен ширата, шарықтата классикалық дәрежеде биікке көтеріп мінсіз етіп орындай білді.

Ж.Елебеков шығармашылығында Абайдың ән мұрасының орындалуы айрықша шоқтығы биік, орны өзгеше. Жүсіпбек Абайдың лирикалық ән қазынасын айтушылардың ішіндегі асқан шебер, ғажап орындаушысы еді. Ол “Татьянаның хаты”, “Сегіз аяқ”, “Көзімнің қарасы”, “Бойы бұлғаң”, “Ата-анаға көз қуаныш” әндерін тек айтып қана қоймай, бұл әндердің музыкалық- эстетикалық көркемдігін, айтар ойын, мазмұн-мағанасын, ән бойындағы жаңалығын, саздың сұлулығын барынша көркемдеп, әрлеп тыңдаушыға жеткізуші еді.

Үлкен өнерпаз, тарлан талант иесі Жүсіпбек өнері көзі тірісінде лайықты дәрежеде өз бағасын алды да. Ол отанымыздың сол кездегі ең жоғарғы дәрежелі Ленин және “Құрмет белгісі” ордендерімен марапатталды, Қазақ КСР-ң халық әртісі, Қазақ КСР-ы Мемлекеттік силығының лауреаты құрметті атақтарын иеленді.

Жүсіпбектің асқан әншілік өнерінің ықпалы бүгінгі күнде — қайта жаңғырып, қайта түлеп жатқан дәстүрлі музыка орындаушыларымыз арасында өркендеп, оның жолын қуған жас буын әншілеріміз ұлы әнші, хас шебердің ән мұрасын өздерінің шығармашылық үрдісіне нысана етіп жалғастырып сақтап келеді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама