Жүз ауыз өтірік айтқан Тазша
Баяғыда бір хан болыпты. Ханның сұлу қызы бар екен.
Бір күні хан: «Кімде-кім жүз ауыз өтірік айтса, қызымды беремін!», — деп жариялапты. Таланттының бәрі де өтірік айтамын деп одан-бұдан құрап айтса, не дәмін келтіре алмай, не жүзге толтыра алмай, ханға басын алдыра беріпті.
Сонда бір сиыр баққан тазша бала: «Ханға мен жүз ауыз өтірік айтамын», — деп мәлімдепті. Хан: «Айт!» — деп рұқсат қылған соң, Тазша бастап кетіпті: «Болмаған бозбала күнімде, тумаған атамның ту жылқысын бақтым. Атам арнап ұрғашы ала тайға ен сап берді. Ала тайым ай жасап, жыл жүріп бала байтал болды.
Байталымды айғырға қостым, бұзау болды. Бір күні желіні жетіп жүрген ала бием бошалап кетіпті. Әкемнің сары биесіне шығып көздесем, көрінбейді. Атымның үстіне құрығымды шаншып шығып қарасам, көрінбейді, құрығыма қамшымды шаншып қарасам, көрінбейді. Қамшыма пышағымды шаншып қарасам, көрінбейді. Пышағыма бізімді шаншып қарасам, көрінбейді. Бізіме тебенімді шаншып қарасам, алты дарияның ар жағында, бес дарияның бер жағында айға қарап құлындап, күнге қарап оттап тұр екен. Құлын биенің белінен былай бір аттап, былай аттап түседі екен. Құрығымды қайық қылып, әлгі дариядан ә дегенше сырғып өтіп қасына жетіп бардым. Енесіне мініп құлынды өңгеріп едім, көтере алмай омақаса жығылдым. Құлынына мініп, енесін еңгеріп алып, алты дарияны аттап, бес дарияның бер жағынан өте шықтым, — дегенде Хан: «Ой, ол дария деп дардай ғып айтып отырғаның шұқанаққа жаңбырдан іркілген шалшық-мал-шық, — депті. Тазша:
— Шалшық-малшық емес екенін содан байқаңыз, бер жағынан ертемен ұшқан тұрымтай кешке ар жағына азар шығып қонды.
Хан:
— Әй, оның тұрымтай емес, қанаты жетілмеген балапан-салапан ғой.
Тазша:
- Балапан-салапан емес екенін содан біліңіз, тұғырға байлағанымызда томағасы тоғыз қанатты үйдің шаңырағынан асып тұрды.
Хан:
— Ой, оның үй емес, балалардың ойын күркешігі ғой.
Тазша:
— Күркешік-мүркешік емес екенін сонан байқаңыз, есігінен өкірген өгіздің дауысы төріне естілмейді.
Хан:
— Ой, оның бір тайынша қашқанның бұзау-мұзауы да.
Тазша:
— Оның бұзау-мұзау емес екенін сонан біліңіз, бір сапарда алпыс кісі мінгесіп жүріп, кісі басына алпыс алтыдан қоян алдық.
Сонда хан:
— Ой, өгізің құрысын, бағанағы биені өңгеріп құлынмен қайда кеттің? — депті. Тазша:
— Дариядан өтіп келе жатсам, еспеген қоян өре қашты. Тебеніммен тіреп тұрып, инеммен екі салып, біреуін соғып қалдым. Пісіріп жейін деп, бір етек тезек теріп әкелсем, барлығы да бөдене екен. Ұйықтап ши түбінде жатқанда, теріп ала беріппін. Әкеліп төгіп салғанда, ұшты да кетті. Қайта барып шын тезек теріп әкеліп, қоянымды қақтап жеп, майын етігіме жағып, биемді бір қазыққа байлап жатсам, ұйықтап қалыппын. Бір мезетте жау шапқандай тарс-тұрс төбелес шығады. Шошып оянып кетсем, аяқ жағыма тыққан екі етігім қызылшеке болып төбелесіп жатыр. Бір етігім біріне: «Маған су жақты, саған май жақты!» — дейді. Жанжалы осы. Ұрыстың басы былжырамадан шыққанын білдім де, екеуін екі қойып, орны-орнына тығып қойдым. Тағы ұйықтап қалыппын. Таң қыланда тұрсам, май жаққан етігім жатыр, су жаққан етігім өкпелеп, қашып кетіпті. Қанша ұзады дейсің деген оймен сыңар аяқтап, ізімен кеттім. Бием қазыққа байлаулы қала берді. Желе жортып күн қуыппын. Ең аяғында етігімнің ізі шырмаяқ шырдың үлкеніне соғып, адастырды да кетті. Не болса да осы елден сұрайын деп, жақын жердегі бір ауылға келсем, шыбын-шіркейдің рулы аулы екен. Атақты бір адамы қаза болып, қасқа шыбын сойып, ас беріп жатыр екен. Сұрастырсам, қашқан етігім сол аста табақшы болып, табақ тартып жүр екен. Көрінген жердей көзімді алартып едім, қорыққаннан қос табақ, сасқаннан сан табақ әкеп тартты. Етті жеп, етігімді екі құлағынан тартып, тебіне киіп, қайтып келе жатсам, бағанағы еттің тұзы ашты болып қатты шөлдеп кеткенім. Күн ми қайнаған ыстық. Су ішейін деп құдыққа барсам, құдықтың суы қатып қалыпты. Балталасам ойылмайды, тескілесем тесілмейді. Тепкілесем болмайды. Шекеммен ақырын ғана нұқып қойып едім, мұзы ойылып кетіп, мөлдір суы көріне кетті. Ішіп, жуынып, қанып алып, қайтып ауылға келе жатсам, жолдағылар: «Жаным-ау жарты бас қашан болғансың, шекеңнің жартысы қайда?» — деп күліседі. Бұлар не айтады деп сипап көрсем, шекемнің жартысы бағанағы мұз ойған құдықта қалып қойған екен. Қайта жүгіріп келсем, шекемнің шарасына алпыс үйрек ұялап, қырық қаз жұмыртқалап қалған екен. Барлығын үркітіп жіберіп, шекемді орнына орнатып, биеме қайтып келе жатсам, алдымнан алпыс құмырсқа шығып: «Ауылға жүріп, түстеніп кетіңіз!» — деп жік-жапар болып болмағаны. Қабырғаммен кеңесіп едім, үй-түзін көре кетелік дегендей қылған соң, құмырсқаның аулына келдім. Төменгі үйдің төрінен, тоғыз бөлмелі үйдің көрінен орын беріп отырғызды. Үй иесі: «Мына кісіге бураның санын бұзып, қазанға сал», — дегеніне, бұл шіркіндердің бурасы қайсы деп отырсам, шегірткенің сүрлеген саны екен. Алдыма әкеліп қойғанда, қара көздікпен жамбасты қайшылай турағанымда, қайқайма табақ ет шықты. Артылғанын асатып, қалғанын қатын-баласына беріп, қайтып келе жатсам, жамбасымнан жанжал шықты. «Бұл не?» — деп, құлағымды салсам, қыным мен пышағым күңкілдесіп ұрысып келеді екен. Қын пышаққа: «Ішіп- жеп аласың да, ішіме жатып аласың», — дейді. Пышақ: «Тұмсығымды тамағалап, танауымды пысылдатып, ішкен-жегенімді мұрнымнан шығарып келесің ғой», — дейді. Ұрысы осы, мұртымнан мырс етіп күліп жүре бердім. Бияда бес күн жаяу, жалғыз баяғы бие байлаған жерге келсем, бие байлаған қазығым шоңкиған қасқырдың мойны екен, құлынымен қоса бір жапырағын қалдырмай жеп кетіпті. Осымен тама жүз ауыз болды, ханеке, — депті Тазша. Хан сонда Тазшаны арқаға қағып, қызын қосыпты.
(Талдықорған уезі, Ғали Орман ұлынан және басқалардан)