Жүз құс төсегі
Ағаштан түйін түйетін бір ұста болыпты, ол 33 жыл 3 ай жұмыс істеп, 999 төсек жасап шығарыпты. Бірақ, өзі осы уақытқа дейін төсекте ұйықтап көрмепті. Ол өз-өзіне ант беріп, ең жақсы төсекті өзіне жасамақшы болады.
Жұрттардан естуінше, Нань тауында бір ағаш бар, жапырағы жылдың төрт мезгілінде де жап-жасыл, ешқашан түсі өзгермейді. Егер сол ағашты пайдаланып, төсек жасаса, бақыт төсегі болады, бірақ бұл ағашқа мейірімді, батыл, еңбекқор адам ғана қол жеткізе алады.
Ұста сол ағаштан төсек жасауға бел буады. Ол балта, ара және жолда жейтін тамақ алып, алыстағы Нань тауына қарай бет алады.
Жол кедір-бұдыр, қия жартас, тау биік, тікенектер. Ұстаның аяқ-киімі де тозып кетті, аяғы жараланды, шаршады, қарны ашты, сөйтіп демалуға отырғаны сол, бір қырғидың самұрықтың балапанын қуалап бара жатқанын көреді. Енді жетіп, балапанды теуіп жерге кұлатқанда ұста балтасын бар күшімен қырғиға лақтырып, қырғиды қуып жібереді.
Ұста жаралы самұрықтың балапанының жарасына дәрі жағып, таңып қояды. Ұста ұсақ тамағынан құсқа жегізеді. Осы уақытта құстың анасы ұшып келіп, ұстаға: «Рақмет, мейірімді адам! Мен бұл істі жүз құсқа айтамын, олар барлығы саған көмектеседі» , — дейді.
Жерге жарық түскен кезде, ұста жабайы жеміс ағаштарын тауып, тамақтанбақ болады. Ол қып-қызыл жемістерді көреді, бірақ масалар ұстаның мазасын алады, сол сәтте бір көлеңке зу етеді, қараса ол қарлығаш екен, тездетіп масаларды жеп қояды да, ұстаға: «Рақмет, сен біздің балапанымызды құтқардың!» — дейді.
Ұста жемісті жеп, жолын жалғастырады. Қалың орман, ну тоғайдың арасынан зорға жол тауып келе жатқанда, кенеттен: «Абайла, арыстан келді», — деген дауыс естіледі. Ұста арыстанның басын байқайды, ол барған сайын жақындап келеді. Ұста қайда жасырынарын білмей, есі шығып тұрғанда, алдынан түрлі-түсті перде пайда болады да, арыстанның көзінен таса болады. Бұл тәкаппар тауыстың құйрығын жайғаны екен. Ұста оған ризашылығын білдіріп:
— Рақмет, мені құтқардың,— дейді, Тауыс оған:
— Сен самұрықтың балапанын құтқардың, саған рақмет!— дейді.
Қайта жолын жалғастырады, ұста қалың тоғайда адасып қалады. Осы уақытта қырғауылдың: «Қайың ағашына қара, мен соның басында отырмын», — дегенін естиді. Ұста ағашқа өрмелеп шығып, төңірегіне көз жүгіртеді, алдынан аспан асты ағашын көреді, өте қалың, жапырақтары бейне қол шатыр сияқты. Ұста ағашты таба алмайды. Енді не істерін білмей тұрған кезде, бір топ араның ұшып жүргенін көреді. Ұста олардың жол көрсетпек болғанын түсінеді. Аралардың артынан еріп, ағашты іздейді.
Көз алдында керемет көрініс. Аңсаған ағашы құзда өсіп тұр екен, жапырағы жасыл, ағаштың айналасы ақ ұлпа бұлттар, бұлттардың арасынан көптеген таудың шыңдары көрінеді, ертегі әлемі сияқты.
Ағашқа абайлап шығып, ағашты шабады, дауысы барлық жерді жаңғыртады. Ұста енді ағашты аралай бергенде, масалар ұшып келеді. Сол сәтте, айнала жап-жарық болып, жүз құс ұшып келіп, масаларды бір-бірлеп жеп қояды. Жүз құс ұстаға көмектесіп, ағаштың түбіріндегі топырақты бір-бірден шоқып, ағашты құлатады. Жүз ақ құс аспанға көтеріледі. Ұстаға: «Ағашқа мін, көзіңді жұм», — дейді. Ұста ағашқа мініп, аспанға көтеріледі. Ұшып бара жатқан кезде ұстаның киімінің ішіндегі маса оны шағып алады. Ұста ауырғаннан көзін ашып жібереді. Сөйтіп, өзінің өте биікке ұшып бара жатқанын көреді, қорыққаны сонша, аунап кетеді де, өзенге құлап түседі.
Жүз ақ құс ағашты өзенге лақтырады. Көп ұзамай, жас балықшы ұста мен ағашты жағаға алып шығады. Енді алғысын білдірер кезде балықшы құсқа айналып, ұшып кетеді. Жүз ақ құс осылайша тағы да ұстаға көмектеседі.
Ұста ғажайып ағашты алып, үйіне қайтады. Сол ағаштан төсек жасай бастайды. Ол құстардың өзіне көп көмек көрсеткенін есіне алып, құстардың бейнесін ағашқа сала бастайды. Ұста бар өнерін салып жасағандықтан, оның салған бейнесінің бары тіріліп жатқандай болады, тоғыз жүз тоқсан тоғыз күнде оған көмектескен жүз құстың бейнесі бітіп, олар ұстаны төңіректеп ұшып жүргендей болады.
Бұл төсек әдемі ғана емес, сонымен қатар ерекше ғажайып күшке ие болады. Соқыр адам отырса, жанары қалпына келетін, ауру адам сүйкенсе болды, жазылып кететін, қарны аш адам жатса, тоятын, жаураған адам ұйықтаса, жылынатын. Осы жүз ақ құс төсегінің арқасында ұста ауылының адамдары бақытты ғұмыр кешеді.
Уақыт өте келе, бұл сыбыс екі озбыр байдың құлағына да жетеді, төсекті тартып алғысы келеді. Ауыл адамдары мен ұста төсекті жақын арадағы жүз құс жартасына алып келеді. Ол өте биік, ол жерде жүз құс құдығы бар еді, астында үлкен өзен ағып жатыр. Ұста мен ауыл адамдары төсекті сонда тығып қояды. Сол сәтте екі қомағай бай да келіп жетеді. Олар садақтарына от жебе дайындап келген, олар от жебемен ұстаны өртеп, төсекті қиратқылары келеді. Осы кезде құдықтан жүз құс ұшып шығып, екі озбырды талап өлтіреді.
Біраз уақыттан кейін құдықтан жарық көрініп, жүз құс төсегі ұшып шығады, ұста төсектің басында отырады. Төсек барған сайын ұзай түседі, барған сайын биіктей береді, биіктей береді, сөйтіп ақ ұлпа бұлттың ішіне сіңіп, жоқ болады.