Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Келін мен шешей

(пьеса)

Бip перделі пьеса

ҚАТЫСУШЫЛАР:

Әбдірақ — колхозшы.
Әйімкүл — оның әйелі.
Бәти — колхозшы.
Сақан — колхозшы.
Жұмабай — жер ауған бай.
Шәмшия — оның қызы.

БІРІНШІ ПЕРДЕ

Бір бөлмелі үй, екі терезе. Жұпыны ғана бұйым. Тор алдында сәкі. Шымылдық ашылғаннан кейін сахна аз-кем бос тұрады.

Әйімкүл (тыстан кіре беріп, артына бұрылып дауыстап). Шешей деймін, кішкене ғана келіп кетші!

Бәти (Әйімкүлмен бірге үйге сөйлесе кіреді). Ысқақ қайнағаңның өнері саған жұққан ба, оңашалап сөйлеспесе, көңілі көншімейтін оның. (Отырып.) Ал айта ғой, не кәдеге жарар екем?

Әйімкүл (о да отырып). Шешей-ау, Шәмшияның үйін қайтеміз?

Бәти. Иә, иә... ( Ұмтыла түсіп.) Мен де сенімен ақылдасармын деген екем-ау, оны қайтсек екен, келін?

Әйімкүл. Біздің үйдегі қайның безілдеп жолар емес.

Бәти. Біздің үйдегі қайнағаң одан он есе жаман, сол үйді тіпті аузыма алуға қорқам.

Әйімкүл. Онда қайттік, шешей-ау?

Бәти. Қайдан білейін, келін-ау?

Әйімкүл. Ұят болды-ау, шешей, бергенін ала береміз, ала береміз... Тым болмаса бір самаурын су қайнатып беруге жарамай отырмыз.

Бәти. Ибай-ау десеңші... Бүгін не берді саған, келін-ау?

Әйімкүл (күлімсіреп, қалтасынан шығарып). Мына бір білезікті.

Бәти (ұстап қарап). Оңдысын-ай, келін, мынаның! Салып көрші қолыңа.

Әйімкүл (білезікті салып жатып). Сізге де берді ме?

Бәти. (қалтасынан алтын балдақ шығарып, киіп, күлімсірейді). Мына біреу... (Екеуі қолдарына қарап, күлімсіреп аз отырады.)

Әйімкүл (кенет). Шешей-ау, Құлғайшаны сездің бе?

Бәти. Жоқ, келін.

Әйімкүл. Өшігіп алыпты бізге, «байдың үйін қорғаштайсыңдар» деп.

Бәти. Адыра қалсын-ау, байды жек көрсе, баяғыда байдың есігінде неге жүрді екен?

Әйімкүл. «Екпіндімін»деп, «бәйге алдым»деп сол қатын-ақ төбемізге секіріп болатын шығар. (Бұртиып.) Сіздің үйдегі қайнаға той соны сүйрелеп. Биыл айтпап па ем?

Бәти. Жоқ, келін, тап сол айтқаныңнан сау ма дедім.

Әйімкүл. Сау емес, сау емес... Сенім бар ма еркекке? Сені алдай салған ғой әшейін. Осы жаздың ішінде он шақты еркектің, әйелімен айрылысқанын білемісің?

Бәти. Иә, иә... солай екен-ау, келін.

Әйімкүл. Жұрт көзіне қалай ілігемін деп Құлғайшаның істемегені бар ма. Тәбілшік баланы жаздай үйіне жатқызып... соған қойдырып ала берген ғой.

Бәти. Нені айтасың, келін-ау?

Әйімкүл. Еңбеккүнін айтам.

Бәти. Иә, иә... қойдырып ала берген.

Әйімкүл. Маусым айында Құлғайшаға отыз бес еңбеккүн жазыпты, менікі он екі-ақ күн.

Бәти. Иә, иә... менікі он бір-ақ күн.

Әйімкүл. Бізден артық не істеп еді ол қатын?

Бәти. Иә, иә... Шеп кезінде ол мәшиненің артын тастады. Біз шөмеле салдық, мәшиненің артын тастағанға көп бермей ме екен, келін?

Әйімкүл. Тәйірі, бір жұмыс емес пе?

Бәти. Иә, иә... бәрі бір жұмыс. Мәшиненің артын тастап жүріп, сол Құлғайша мені шақырды бір күні: «Баламды емізіп келе қояйын, сен міне тұршы, шешей»,— деп. (Күліп.) Аңқау басым, әлгі мәшинесінің артына міне қоярмын ба... Келін-ай, шөп те мұнда ауыр болады екен, әлгі құрғырын мәшинеден сырып түсіре алсамшы. Сасқанымнан айырын тастай қашыппын ғой. (Аз тыныс.)

Әйімкүл. Енді қайттік, шешей? Әлгі әңгімемен айтам.

Бәти. Иә, иә... бәсе, қайтсек екен, келін?

Әйімкүл. Шешей-ау, араққа толтырып болды осы үйді сұлу мұрт қайнаға әкеле береді, әкеле береді.

Бәти. Иә, иә... қайтсін-ау байғұс.

Әйімкүл (күлімдеп). Әлгіге ептеп беріп жүрмін. «Шаршап жүрсің ғой» деп жатарда ғана беремін. Көңілдендіріп алып құлағына құямын да жатамын.

Бәти. Икемделе ме, келін, сірә?

Әйімкүл. Икемделмеу қайда, сұлу мұрт қайнаға келген күні «ауылға жолатпау керек» деп даурыққан менің байым еді ғой, осы күні сол қайнағаға сәлем беріп, амандасатын да болып жүр.

Бәти. Иә, иә... сенің байың жөндем той, біздің үйдегі қайнағаңнан құдай сақтасын! Жұмыспен басы қатып жүр. Әйтпесе бақан алып қуар еді ғой ол.

Әйімкүл. Сұлу мұрт қайнағаңның қармақ сал деп жүрген адамы мына екпінді қайным — Сақан ғой. Басқарма мүшесі той ол. Қарындасы колхозға кірем деп арыз берсе, сол Сақанның сүйеуі өте керек білем.

Бәти. Иә... иә... ол омыраулар болса, кімді болса да алғызады қалқозға.

Әйімкүл (күлімдеп). Шырайлым айтады: «Сол собалыңмен дұрыстап бір таныстыршы, ар жағын өзім реттейін», — дейді.

Бәти. «Шырайлың» кім, келін-ау? Шәмшия ма?

Әйімкүл. Сол өткір қыз-ау, шешей, ә?

Бәти. Иә, иә... Ажарға да тәуір.

Әйімкүл. Мінезін де ұнатам, нақ баяғы қыздардың мінезі:

Бәти. Кірмеген жері жоқ, бармаған елі жоқ, ысылады той сосын.

Әйімкүл. Өздері бір үлкен қалада тұрыпты, шешей-ау... Шырайлым айтып отырады: «Ылғи әкімдер келіп, қонақ болып жүруші еді», — дейді, «талайының басын айналдырып ем», — дейді. (Аз тыныс.) Сақан мен шырайлымды қалай сөйлестірсем екен, шешей?

Бәти. Иә, иә... мен де соны ойлап отырмын-ау.

Әйімкүл. Шеттен сұлу қыз келгенде, баяғының бозбаласы жеңгесін араға салып сөйлесер болар еді.

Бәти. Иә, иә... бәтір-ай десейші. (Аз тыныс.)

Әйімкүл. Бүйтсек қайтеді, шешей?

Бәти. Иә, иә, келін...

Әйімкүл (күлімдеп). Сақанға арақ беріп мас қылсам...

Бәти. Иә, иә, келін.

Әйімкүл. Mac болған кезде шырайлымды шақырып келе қойсам.

Бәти. Иә, иә, келін. Осының дұрыс, келін, осының дұрыс.

Әйімкүл. Нетші, шешей... Сақанның үйіне соқта, сыбырлап айта ғой: «Әйімкүл жеңгеңнің сақтағаны бар екен» де, «оңаша ғана бара ғой» де.

Бәти. Иә, иә, дұрыс, келін.

Әйімкүл. Мен күтейін, шешей, ә?

Бәти. Иә, иә.. күт, келін. (Тұрып.) Қазір жібере қояйын. (Бәти кетеді.)

Әйімкүл (жалғыз. Ескі шапан жамауға кіріседі. Күрсініп). Сәті болып алына қойса жақсы болар еді... Шешей байғұс жылайды да отырады: «калқозына басымызды» деп... (Ойланып.) Біздің «әлгі» де бір сорлы, құр екпіндімін деп мастанып. Өз басынан артылмаған адамшылығы құрсын! Бір кездегі ауылдас, аталас кісімізді қорғай салғаннан не кемшілік келер еді соған?!

Тыстан Жұмабай кіреді: сұлу мұрны, жұпыны киім. Әйімкүл ұшып тұрып, көрпе салмақшы болады.

Жұмабай (безілдеп). Айналайын келін, ниетіңе ризамын! Бұл қалпыңды өзгерт: кісі көзінше мені құрметтей көрме! (Сандыққа отырып.) Құрмет тілемеймін, қарағым. Айтып ем ғой өзіңе: менің тілегім сол ғана. (Жағалай қаранып.) Әбдірақ келмейтін бе еді бүгін?

Әйімкүл. Келмейді, жұмыстың басында болады.

Жұмабай. Сақан үйінде жүр екен.

Әйімкүл. Шақырттым ғой, келеді қазір.

Жұмабай. Ә, бәрекелде, өзім де ойлап ем. Сүйте ғой, қарағым. Шәмшияны да жіберейін, ойнап-күліп отырыңдар. Әй өркенің өскір, келін!.. (Тұра бастайды.)

Әйімкүл. Рас. Шырайлымды жібере қойыңыз.

Жұмабай. Жібере қояйын. (Кетеді.)

Әйімкүл (ойланып). Одыр мінезді жігіт еді. Сақанды айтам-ау. Икемге көне қойса... Шырайлыммен бір сөйлестіре алсам, сосынғысын көре жатар ек. (Ойланып). Бәтір-ау, не боп кетер екен осы жұрт? Бозбаланың қыздан шошынғанын мұнда көрдік! Қыз дегенде қырылып жатпас па! «Байдың қызы»,- «кедейдің қызы» дегенді шығарыпты, бәтір-ау, қыз болған соң бәрі бір емес пе?

«Қызыл бидайдың» әнімен бір ауыз өлең айтады. Тыстан Сақан кіреді.

Әйімкүл (күлімдеп). Ал, екпінді қайным, жоғары шық.

Сақан. Е, неге шақырдың?

Әйімкүл (күліп). Шошудан саумысың өзің?

Сақан. Шошымай... байың үйде жоқ, оңаша отырып шақыртқан соң...

Әйімкүл. Қой, шырағым, оның адамы емеспін.

Сақан (сандыққа отырып). Жұмысым бар, бол, неге шақырдың?

Әйімкүл (күлімдеп). Байғұс екенсің ғой, дәкпірімді жаңылтып... от ала келген кісі құсамай отыршы аз ғана.

Сақан. Отырмаймын, айт жұмысыңды!

Әйімкүл (назданып). Ту... дікеңдеп... (Төсектің бас жағындағы сандықты ашады.) Шаршап жүр ғой деп мен сені аясам. (Қалың сандықтан алмай.) Әлде керексінбейтін шығарсың сен?

Сақан. О не?

Әйімкүл (күлімдеп). Азғана қымыз бар еді.

Сақан. Арақ па? Ол қайдан келді мұнда?

Әйімкүл (сандықты жауып). Тергейтін болсаң, түк бермеймін.

Сақан. Бермесең құрысын. (Орнынан тұра беріп.) Әбдірақ келмей ме бүгін?

Әйімкүл (салқын). Білмеймін.

Сақан (есікке барып ойланып тұрады. Бір қолы есікте, кейін бұрылып). Әлде...

Әйімкүл. Бара бер. Сұрасаң да бермеймін енді.

Сақан (бұрылып). Қой, берерсің... (Сандыққа отырып.) Әкелші, дәмін татайын, қолың ұялмасын.

Әйімкүл. Тергеп боласың ғой тағы.

Сақан. Сөзді қой, әкел, уақытым жоқ... Қырманға барам. (Әйімкүл арақ шынысын сандықтан шығармай құйып, стаканды Сақанға ұстатады.)

Сақан. Ту... мұнша толтырғаның не? (Стаканға қарап қойып.) Бұл антұрған мас қылып жүрер, асығыс жұмыстарым бар еді.

Әйімкүл. Мас болып бала ма ең?

Сақан. Әй, тәуекел... (Ішіп салып, көзін жұмып бірсыпыра отырады.) Ту... Ащысын-ай... Бақайымнан барып бір-ақ шықты-ау.

Әйімкүл. Тағы берейін бе?

Сақан. Сүйтесің бе? Өзің білші. (Жымыңдайды, қалтасынан махорка алып, үлкен ғып орайды.)

Әйімкүл (тағы толық стакан беріп). Тез жүр, біреу келіп қалар.

Сақан (қызу). Келсе мені қорқар дейсің бе? Неге қорқамын? Қылмысым жоқ. Тапсырылған жұмысты мүлт еткізбей орындаймын. Басқа қалқоздар былығып егінін суға ұрындырды, менің бригадам қалай істеді? Ойнама, шырағым!

Әйімкүл. Арақ ішті деп жүрер.

Сақан. Сен берген соң ішіп отырмын. Басқа жерде ішкенімді көрдің бе, сірә? Әй, осы сен арам оймен ішкізіп отырмаған едің. Не ойың бар, айтшы?

Әйімкүл (күліп). Рас, қызбен таныстырайын деп ем.

Сақан. Қайдағы?

Әйімкүл. Шәмшия ше?

Сақан (шошынып). Әй, кет әрі... Аулақ! Бай-құлақпен құшақтастырайын деген екенсің.

Әйімкүл. Қойшы, бай-құлақ болса, әкесі болды, қызына бірдеме жұғып қалды дейсің бе?

Сақан (шылымын тартып). Аулақ, аулақ!.. Көрмегенім бай болсын!

Әйімкүл. Екпінді болам деп періште болып кетсеңдерші. Ойнап-күліп өткізбеген өмірдің де қызығы бола ма екен? 

(Күрсініп.) Ойқай, дәурен-ай... (Сақанға қарай түсіп, іс тігіп отырып өлең айтады.)

Қарағым, айналайын ойыныңнан,
Ақ білек орай түсті мойынымнан.
Болғанда тан мезгілі туар шолпан,
Тұрар ма ем ширатылып қойыныңнан!
Қарағым, сен де селім, мен де селім,
Бұл елге сен болмасаң келмес едім.
Қайрылып ақша беттен бір сүйгізсең,
Жетсе де нақ ажалым өлмес едім...

Сақан (қызынып). Ту...әлденелерді еске түсірдің-ау...әкелші домбыраны!

(Домбыраны сабалап тартып ән салады.)

Деген соң екпіндімін, екпіндімін,
Өмірдің екпінімен ектім гүлін.
Жарыста жүлде алумен озып шығып,
Еңбектің майданында өтті күнім!
Енемін еңбек десе еміреніп,
Қалдығын ескіліктің жемірелік.
Талмаймын, тайталаста үздік шығам.
Үлгі алсын басқалар да мені көріп...

Әйімкүл. Қойшы, екпінді қайным, адамның аңсаған өлеңін айтсаң қайтеді?

Сақан (қызып, тағы әнмен):

Майданда алысқаным бай мен құлақ.
Бай-құлақ тозғындады туып құлап,
Тығулы қойынында қанжары бар,
Жүректі жібіте алмас жыламсырап...

Соңғы өлең айтылғанда Шәмшия кіріп, сахнаның жанында тұрады. Онды киінген бойжеткен қыз.

Шәмшия. «Жыламсырап» дейсің бе? Күлімсіресе қайтер ең? Онда «жібір» ме едің? (Сақанға қатарласа отырады. Сақан адырайып алыстай түседі.)

Әйімкүл (мәз болып күліп). Қайтейін-ау сені. Қартайып қалған менімен әзілдескенше, мынадай тең-құрбыңмен...

Сақан. Аулақ, аулақ... Құлақтың қызын тең қылма! (Әйімкүл аңырып, бетін шымшиды.) Шәмшия (әнмен):

Болғанын қашан көрдің қыздың құлақ,
Ұялып өз сөзіңнен жүрме, бірақ.
Қырына алса қыз деген күйдіретін,
Күлерсің күні ертең-ақ өзін, шырақ.
Ерікке қоймай сүйреп жастық жалын,
Түйдірді орамалға беттің арын.
Күлші, жаным, көктегі күнім болып,
Мойныңды бұра түсші, қалқа жаным!

(Сақан көзін жұмып, басын төмен салып отырады. Шәмшия Сақанның мойнына қолын салады, иығына басын сүйеп.)

Қадалған жүрегіңе қандай тікен.
Тікенді өз қолымнан жұлсам ба екен?
«Жас жастың тілегі бір» деген қайда?
Ойынды таста, сәулем, болса бөтен...

Сақан (мас болып, көзін ашпай). Ә, бай-құлақ! Құртармын тұқымыңды! Қазармын көрінді!..

Әйімкүл. Бәтір-ау.

Шәмшия. Қаздырмаспын. Айла-амалы алпыс екі атанға жүк болған әйелмін ғой, көндірермін дегеніме!

Әйімкүл жайраңдады, Терезені ашып, Бәти басын сұғады.

Бәти. Болды ма, келін? Ілікті ме тұзаққа?

Әйімкүл. Ілікті, шешей.

Бәти. Иә, иә... келін.

Әйімкүл. Иә, иә, шешей.

Екінші терезені ашып, Жұмабай басын сұғады.

Жұмабай. Нетті ме, келін?

Әйімкүл. Әу?

Бәти. Иә, иә...

Сақан (төмен қараған күйі). Ә, бай-құлақ! Құртармын бәлем! Қырқармын тамырыңды!

Жұмабай мен Бәти терезені кенет жауып, Шәмшия Сақанды өзіне тартып, оның басын тізесіне салады, бетін сипайды.

Әйімкүл (Шәмшияға жақындап). Еркежан-ау, мінезі жаман мұның, жібере тартқайсың. Қорқам өзінен, осы ауылдағы байлардың бәрін кәнпескелеткен осы.

Шәмшия. Соның үшін де қармақты осыған салып отырған жоқпыз ба... Мұның басын айналдырмай бізге күн жоқ.

Әйімкүл. Шынымен көнер ме екен, еркежан?

Шәмшия (күрсініп). Қайдан білейін. Асау сынғанның талайын ашсам алақанымда, жұмсам жұмырымда қылатын қыз едім. (Сақанның бетін сипап отырып ән салады.)

Ұйықта, өркөкірек қайратты ерім,
Шешілсін менің үшін буған белің.
Қаңбақтай жел аударған домаландым,
Қарасар қорғандығын керек сенің.

(Әйімкүл екеуі қосылып.)

Қосылса қыз бен жігіт қандай қызық,
Көмкеріп көкжиегін таны сызып.
Тараған қараңғылық бұлдырындай,
Буланып көз жанары дене қызып!
Кім екен тартыс, талас, жік бастаған,
Көңілге шошынарлық дық тастаған?..

Сақан (сандырақтап). Ә, бай-құлақ! Қоймадың ба? Қол салмақсың ба қолқама?

Әйімкүл. Бәтір-ау, неткен болады? Шошып отырмын, еркежан...

Шәмшия (күлімдеп). Бұл біздің талай көрген қоқайымыз.

Әйімкүл. Еркежан-ау, көндіре алсаң, қосыласың ба осыған?

Шәмшия. Қосылам.

Әйімкүл. Қосылам дейсің? Шын сүйіп қосыласың ба?

Шәмшия (аз ойланып). Жоқ, сүймей қосылам.

Әйімкүл. Бәтір-ау...

Шәмшия. Сүйіп көргем жоқ ешкімді. Сүймеймін де. Мен өзімнің мақсұтты ісімді сүйем. Соның үшін тием. (Күлімдеп.) Мұны қолға ұстасам не істейтінімді білемісің?

Әйімкүл. Иә,иә, айтып ең ғой... (Түсі өзгеріп, көпке қарап.) Бәтір-ау, мұның айтқаны жаман еді-ау. Біздің үйдегі мұнымды білсе, төбемді оймай ма?

Тыстан Әбдірақ кіреді. Әйімкүл сасады. Шәмшия Сақаңды көтермелеп тұрғыза алмайды.

Әбдірақ (аңырып). Бұ не?.. Әй, мынау итке не жоқ? Апыр-ау, Сақан, Сақан! Сақан деймін!.. (Сақанды еріксіз тұрғызып отырғызады. Басын көтеріп.) Саумысың, әй?

Сақан (ұйқыдан оянғандай селк етіп). Ә... Не болды?

Әбдірақ. Неғып отырсың?

Сақан. Әй, қызық... Түсімде бір қызбен жолығып...

Әбдірақ. Өңінде болмасын, мынау отырған емес пе? Сақан (аң-таң). Әй, бұ неғып отыр...

Кенет терезе ашылып, бөтелке көрінеді.

Жұмабай. Келін шырағым, мынаны ал, бітіп қалса, берерсің.

Екінші терезе ашылып, Бәти басын тығады.

Бәти. Көнді ме, келін?

Әйімкүл. Шешей...

Әбдірақ (аңырып). Ә?.. Алда ғана құзғындар-ай!..

Шыға ұмтылады. Терезені тарс жауып Жұмабайлар қашады. Аз тыныс.

Сақан (орнынан тұрып, есінеп). Да... бұл бір сабақ болды. (Әйімкүлге.) Екпінді жеңге, енді бөтелке жиюдан аулақ болыңыз! (Шәмшияға.) Замандас, қосылудан айрылуымыз тез болды, айып етпеңіз!..

Шымылдық.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама