Кейбір басты міндеттеріміз туралы
Жаңа тақырып — біздің советтік өміріміздің шындықтары, әдебиетіміздің негізгі өзегі болуға тиіс. Міне, осы бір ең маңызды, ең ардақты міндетімізді орындау жолында біз, жазушылар қалың жұртшылық алдында, партиямыз алдында аса борыштымыз. Еңбек, ғылым майданындағы табыстар сонша көп, сонша биік, оның үстіне жүрісі нажағайдай тез, бүгін бір жаңалықты көріп болғанша тұс-тұстан басқа бір ғылым, еңбек жаңалықтары қабындап шыға келеді, сомдықтан әдебиетіміз алда болу үшін, өмір шындығын бұрып қамтып, бұрын жазу үшін жылдамдық керек, атқан оқтай тездік, шапшаңдық керек.
Жазушының, совет жазушыларының алдында тұрған міндеттер орасан көп, үйткені олар партияның идеология майданындағы жауынгері, сондықтан бүгінгі күннің, бүгінгі сағаттың тілек, мүддесі жазушы шығармасының тетігіне, тақырыбына айналмасқа мүмкін емес. Бүгінгі күн тілегінен аулақ тұрған жазушы, бүгінгі өмір шындығынан аулақ тұрған адаммен тең.
Күп мен сағаттар әкелген өмір жаңалықтарын, әрі қызу, әрі қызықты еңбек майданының сыр-сипатын дәл кезінде бейнелей қоюға роман, повестер мен поэмалардан гөрі қысқа өлең, очерк, әңгімелер әрі ыңғайлы, әрі өте қолайлы. Оның үстіне жақсы әңгіме, жақсы өлең, жақсы очерктер оқушылар үшін де қымбат. Осы күнгі газет, журнал дегендеріміз аз емес, солардың бетінде қызықты, мазмұны бай, мағынасы терең қысқа жанр шығармалары әлсін әлі басылып тұрса кім қызығып оқымас!
Ендеше Жазушылар одағы қысқа жанрға неге көңіл бөлмейді, оның тағдыры басшылықты неге селт еткізбейді? Әлде, қазақ жазушыларына бұл, «ұсақ-түйексіз-ақ» зымырай беру керек пе?
Тіпті, күнделікті өмір тілегін былай қойғанда, әдебиетіміздің жан-жақты өсу міндеті, біздің қысқа жанрларға аса жауапты қарауға, олардың хал-жайын дүркін-дүркін сөз етіп отыруға шақырады. Повесть, роман дегендер көркем әдебиеттің жоғарғы биігі екені рас, бірақ бұтақсыз бәйтеректің өте көріксіз болатыны тәрізді, қысқа жанрлары бірге өспеген әдебиет жан-жақты бар гүлімен жайқала тербелген орманнан гөрі жапырақсыз, бұтақсыз бәйтерекке ұқсастау.
Соңғы жылдары әдебиетте қысқа жанрмен араласып жүрген ақын жазушылар баршылық. Әйтсе де жүрек сезіміне тиер, ойыңа бір қозғау салар қысқа әңгіме, новелла деген жоқтың қасы.
Бірден роман, повестер жазған Әбдіжәміл, Тахауи, Сафуан, тағы солар сияқты біраз жастар болмаса, прозада қысқа әңгіме, әдемі очерктермен көзге түскен жастар жоқтың қасы. Ал, қысқа өлеңдер мен лирика машығымен көрінген жас ақындар Тұманбай, Ғафу, Ізтай, Сағи кейінгі көздерде ауызға аларлықтай ештеңе жазған жоқ.
Қысқасы соғыстан кейінгі өткен жылдарымыз ішінде әдебиеттің әңгіме, новелла, очерк өлең түрлеріне көңіл бөлінбей кетті. Осы салада үзбей жұмыс істеп келе жатқан кейбір ақын, жазушылардың еңбегі Жазушылар одағының пленум, съездерінде сөз болмайды дегенді көпшілікке ескерткіміз келеді, іске бұлай қарау қате, әдебиетіміздің мінсіз жаппай өсуіне зиянды демекпіз.
Енді бір айтайыншы дегенім аударма мәселесі мен Жазушылар одағы жұмысы туралы еді.
Орыс әдебиетінің, сол сияқты отанымыздағы басқа ұлттар әдебиетінің жақсы үлгілерін жыл санап жоспарлы түрде қазақ тіліне аударып отыру біздің, қазақ жазушыларының интернационалдық борышы. Аударма тек қана «біз аудардық», болмаса «біз аударғанбыз» деген сөздерді ,айту үшін ғана жасалмасқа керек, аударылып отырған шығарманың геройы осы аударма арқылы өзіне тағы бір жаңа достар тауып, жаңа елдің, жаңа халықтың махаббатына бөленуге тиіс, өз тағдырына толғандыра біліп, жүрек сезімін тербеуге, тебірендіруге тиіс, бір сөзбен айтқанда шығарма өзінің ана тіліндегі қуатын, көркемдік сапасын, сипатын, ой толықтырар сезім күйлерін жоғалтпасқа керек.
Біздегі аудармалардың басым көпшілігі бұл мақсатты орындай алмайтын нашар аудармалар. Сондықтан мұндай аудармалар әзірге алған нысанаға жеткізбеген, оның орнына ұятқа қалдырарлықтай өте олақ орындалған. Аударма төңірегіне кім көрінгеннің ұя салып, күн көріске, көлденең табысқа айналдырып жібергендерінің салдары осылай болмақ.
Менімше, аударма мәселесі ең жауапты, ең ардақты міндеттеріміздің бірі. Бұл партиялық, үкіметтік маңызы бар мәселенің бірі, бұл істі Жазушылар одағы тікелей өз қолына алуы керек, сөйтіп аударма жұмысындағы ірі кемшіліктерді тез жою қажет.
Жазушылар одағы басқармасының жұмысы туралы не айтса да сыйғандай. Егер мекемеде істелетін күнделікті істерге қарасақ Алматыдағы толып жатқан министрліктерден ешбір айырмасын көре алмайсыз. Жазылып жатқан протоколдар, беріліп жатқан мәліметтер, біреудің үстінен қарайтын тағы біреулер — бәрі де кәдімгі өзіміз көріп жүретін мекемелерді көз алдыңа әкеледі. Тек бұл мекемеде егін себу, мал басын көбейту сияқты күрделі істеріміз жайлы жоспар да, ақпар да жоқ. Сөйте тұра жас жазушының он шақты қысқа өлеңін, бірер әңгімесін табан аузында оқи қоюына мүмкіндік те жоқ. Бес қысқа өлеңге де, бірер әңгімеге де күн тағайындап, жиналыс шақырылады, хатшы мен төраға белгіленіп, протокол жазылады. Оның үстіне «пәлен күні кел, түген күні кел!» дейтін жүрдім-бардым жауаптар да кездесіп жатады.
Менің ойымша, Жазушылар одағының бірінші секретарынан бастап, барлық творчестволық қызметкерлері шығарма оқуы керек, жиналыссыз, протоколсыз-ақ шығарманы бағалауға болады ғой, саяси жұмыстарының өзі жазушының шығармалық істерімен тығыз байланысты тұрғанда біздің ұйымның ісі айта қаларлықтай алға баса қояр ма екен! Осы жағын бір ойласқанымыз жөн емес пе!