Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Жол үстінде

ДАЛАДАҒЫ ОТ

Түн еді. Желсіз тынық жазғы түн бұл жақта қандай керемет!.. Мен көрген сайын сұқтанамын. Адам тілі тұрсын, ұлы суретшінің ұшқыр қиялы, шебер қолы жеткізе алмас Көкше түнін, оның тамаша келбетін мен тек үнсіз, жүрекпен ғана ұғынатын тәріздімін.

Рас, Көкше түнінде айырықша сыр бар, оның келбеті ерекше сұлулықтың аса нәзік, аса абзал кейпін көз алдына тарта қояды. Ұйықтап кетіп кенет көзіңді ашсаң саған қою қара кірпіктерін төгілдіре, қадала қарап дәл жаныңда адам айтқысыз бір сұлу қыз тұрғандай... Жоқ! Көкше түнін сұлулар тәңірісімен де салыстыруға болмайды, бұл болымсыз, өте ескі, әлсіз теңеу...

...Кешке қарай күн аспанда ақырын жылжиды, күндіз оқтын-оқтын соғып тұрған жел өз-өзінен жуасып, майда ғана қоңыр самалға айналады, сөйтеді де бірден тына қалмайды, кең даланы қаптай өскен көкпеңбек егін салаларын үрлеп толқыта ойнайды, егінжай сыбырлап толқып, теңселеді, дәл осы кезде ұшы-қиыры жоқ егіс даласы көк теңізге ұқсап сабырмен шайқалып, тербеліп тұрғандай болады... Жол бойындағы бұталар анда-санда сілкініп, жапырақтары суыл қағып назданады, әлсін-әлі ұшып-қонып «шықылық» қағатын торғайлар әлдеқалай дамыл тапқандай тына қояды, сен де машинаның жүрісін тежеп, батып бара жатқан күннің келбетіне қарайсың. Көз алдыңда күн емес, шарға ұқсаған дөңгелек, қып-қызыл от сонау бір көкжиекке кіріп бара жатқандай... Түн даланы бір сәтте құшағына басады. Осы сәттен кейін Арқаның сирек кездесетін әдемі, үнсіз, таза мөлдір түні басталады. Аспан жап-жақын, әрі барқыттай жұмсақ. Өлі, суық табиғат емес, тірі жандай, өзіңнің бір қимас досыңдай жылы да, қылықты, ерке де назды, телміре қараған аспан емес, сені жан-тәнімен беріле сүйген абзал жанның көз жанарындай мұңды, сағынышпен ләззатқа толы. Дәл осы бір шақта сені жер үстіне бітетін барлық орман мен тоғай, мың түрлі шөп пен жемістер, гүлдер мен таулар, өзендер мен бұлақтар, көлдер мен теңіздер қоршап алып алыстан ақырын ғана хош иісті лебімен желпігендей, ауа әрі жұмсақ әрі тәтті, көкірегіңді керіп, ішкі сарайыңды толтыра береді, сен өмірде болмаған құмарлықпен жұта бересің. Шіркін, Көкшенің тынық түні — сені кім сүймес!

Дәл осындай әдемі түнде мен егін далаларын қақ жарып келе жаттым. Жан-жағым қалың бидай, бастары баданадай болып тығыз жамырай өсіпті, әлі жетіле қойған жоқ, дегенмен бойшаң, мұрттары жас жігіттің мұртындай тебіндеп келе жатқан үлбіреген мамық, бастары салмақты. Халық нәубеті ғой, биыл өнімі көп, берекелі болатын түрі бар. Қайта-қайта қараған сайын менің өне бойымды қуаныш кернейді, көзіме тау-тау астық пен күндіз-түні комбайн штурвалынан кетпей еңбек дабылын қаққан мыңдаған ержүректі, балуан білекті ұл, қыздар көрінгендей... Биылғы күз өте бай, өте құнарлы күз болар деймін... Осындай ойлар қызығымен байқамай қалсам керек, бір ашық алаңға шыға келдік. Біз тоқтадық, мен машинадан түстім. Түн маужырап, жер-дүние қалғып тұр, жиі жұлдыз менің көзіме сондай әдемі, сондай жылы көрінді. Міне, төбеден сусыл қағып бір үйрек етті, неге жалғыз! Мерген оғы жұбынан айырып осылай қуып тастады ма екен? Кім білсін!.. Әне, алыста әлдекімнің салған әні, гүрілдеген машиналар даусымен араласып барып тоқтайды, аяқ астымнан пыр етіп торғайлар ұшады, қарсы алдымнан қосаяқтар зымырай жөнеледі, әдетте күн сарыны осы ғой!.. Сол жағыма бұрылып көз жіберіп едім, анадай алыста маздап жанған от көрінді. Бұл маңда бригадалар қосы жоқ еді ғой, бұл қайдан келген от? Әлде мен секілді жолаушы болар, шамасы осы түнді далада өткізейін деген-ау. Жаз, әсіресе дәл бүгінгідей жаз түндерінде далада қонғаннан артық не бар! Мен де осы маңдағы ұсақ көлдерге жақындау бір жерге қонбақ едім, далада отты маздатып жағып, машинадағы екі үйректің етін аспақпыз. Жерошақты қазып жіберіп, ет асқан да өзінше қызық. Алдымен құстың жүнін жұласың, одан кейін істікке шаншып жіберіп қаулап тұрған отқа үйтесің, әрі семіз, әрі жас құп еті отқа түскеннен кейін Қадыр әкәлардың дәмді шашлығындай хош исімен мұрныңды жарады. Сөйтіп құс етін пісіріп отырғанда-ақ, ындынын аузын арандай аша бастайды, тамақ алдыңа келгенде қиратып, орып тастайсың. Бұлай құныға жеуге кең даланың ауасы да әсерін тигізбей қоймайды.

Сөйтіп мен бүгін далаға қонып, маздатып от жағамын, егер Арқаның егінді даласында пісірген тағы үйректің етін жегіңіз келсе маған, біздің оттың басына келіңіз!

Мен алыстағы жанған отқа әлі қарап отырмын. Осы бір оттың жануы да қызық! Біркелкі маздап жанып тұрды да, кенет лап етіп аспанға көтерілді. Осылайша дүркін-дүркін қайталай береді, менің көзіме от басында отырған бір топ балалар елестейді, олар ағаш бұталарын тау ғып үйіп тастап, алдарындағы отқа кезекпен лақтырып тұрғандай... әйтпегенде от бір қалыппен тыныш қана жанар еді. Қалайда осы бір от мені өзіне тартады, әлденендей белгісіз күш мені сонау жанған отқа қарай жетелейді, бар соған, бар дегендей болады, құлағыма сақылдап күлген балалар даусы келгендей, кімдер екен? Не істеп жүрген жандар; білгім келеді, көргім келеді. Шіркін, адам-ай, сенің құмар болмайтының, білгің келмейтінің болар ма! Кеттім сол отқа, кімдер болса да бара көрермін...

Қарағай мен қайың аралас өскен кішіректеу қыраттың бауырындағы бір алаңда от басында 13—14 жастар шамасында бір бала отыр, ағаш жапырақтарын сындырып алып, жанына үйіп қойыпты. Жанған оттың қарқыны бәсеңдей бастаса бала бір топ жапырақты отқа тастай береді, біртіндеп сөніп бара жатқан жалын қайта көтеріледі, өзінің сүп-сүйір қызыл тілдерімен көкте шарлап, ауаны кезеді, жалын аспанға ду көтерілген сайын бала қуанады. Масаттана түседі... Машинамен келіп қалған бізге бала онша көңіл аудара қойған жоқ, мен от қасына келгенімде ғана таңырқаған болды. Шамасы бұрынғы көріп жүрген адамдары болмағанға өкінді білем.

Жөнін сұрап, жәй-жапсарын білейінші, жалғыз емес шығар деп ойладым да, балаға бұрылдым. Жаңа ғана от басында тұрған бала ғайып болды да кетті. Мен аң-таңмын. Сөйтіп тұрғанымда шофер да келді. Біз жан-жағымызға көз тастадық. Отта шелек бұрқылдап қайнап жатыр. Отқа таяу шөппен жаба салған кішіректеу қос. Қостың аузы тым кішкене, сондықтан оның ішінде не бар екенін көріп болар емес... Қосқа таяу бір зәулім биік ақ қайыңның түбінде женіл «газик» машинасы тұр. Шофері ішінде ұйықтап жатқан болар деген оймен қарап шықтық, ешкім жоқ екен. Не болса да осында түнерміз, қос иесі кешікпей келер, бала хабар бере кеткен болар деген оймен біз шешініп от басына жайланып отыра бастадық.

— Ассалаумағалайкүм! Орта толсын-ақ,— деп орта бойлы, арықтау қара кісі жетіп келді. Біз де түрегеліп амандастық. Жайдары, ақкөңіл, талайлармен жолдас болып ысылған жан тәрізді, бірден асты-үстімізге түсіп бәйек болды да қалды.

— Ақсақал-ау, мұныңыз қалай? Көрпе төсемей-ақ қойыңыз, біз жерге отыра береміз, далада адам бап іздей ме?

— Жоқ, шырақтарым, бар болғансын төсеген жақсы, бұл шіркінді өзім әдейі төсеу үшін алып шығып едім... Біз жайғасып отырдық. Жанған оттың ыстық лебі анадайдан-ақ бетке ұрып тұр, үйректердің жүндері жұлынып, қара шелекке түскелі жатыр. Қос иесі 55—60-тар шамасына келіп қалған адам сияқты, әйтсе де өте тың, пысық, көз нұры әлі де өткір, қағілез жан көрінеді. Сөзге сараң ба деймін, аты-жөнімізді айтқаннан кейін бастырмалап еш нәрсе сұраған жоқ, өзі де жөнді ештеңе айта қоймады. Осылай біраз отырдық, мен бала кезімнен бастап-ақ әңгімеқұмар жанмын, ауылда үлкен кісілердің әңгімесін, ертегі мен дастандарды тыңдап отырып босағада талай рет ұйықтап қалғаным әлі есімде, осы әдет менен өмір бойы арылар емес, жол жүрсем қасымдағы жолдасымды «бір әңгіме айтып жіберіңізші?» деп мазалау менің үйреншікті «ауруым» болып алған. Сол бір ескі сарып түрткілеп қоймады, ақыры мен ақсақалға қолқа салдым:

— Қария, бір әңгіме айтып жіберіңіз, көңілді отырайық, көпті көрген адамсыз ғой, естіген-білгеніңіз де аз емес шығар,— дедім.

— Нені айт дейсің, шырағым, қайта өзіңде әңгіме көп болар,— деп ақсақал сөзді тез тұжырғысы келді.

Өз басыңыздан біраз өмір өткенге ұқсайды, біз ермек етер бірдеңе табарсыз.

Ақсақал үндемеді. Мен өтінішімді тағы қайталадым.

Қоймадың ғой, інішегім, «Көн құрысса қалпына тартар» деген мәтел болушы еді, жазушылардың әдеті емес пе, тегінде мазалай берсем осы шалдан бірдеңе шығар деген үмітің бар шығар!..

Осы соңғы кезде жазушы дегендер тым көбейіп кетті білем, көбінің газеттерде, журналдарда шығатын сын мақалалары мен баяндамаларда аттарын жиі кездестіреміз, бірақ шығармаларын көрмейміз... Кейбіреулерінің кітаптарын оқи қалсаң ұйқың келеді, сөздеріне түсінбейсің, ойлары тым тайыз көрінеді маған. Әсіресе соңғы шыққан ақындар арасында сағым сияқты сипатсыздары көп-ау деймін... Бұл әншейін кездесіп қалған соң, саған айтып жатқан наз ғой, әйтпесе әдебиетті мен секілді шалдар терең түсіне де бермес... Енді сенің сұрауыңа жауап берейін. Мен 1954 жылдан бері осы елде тұрамын, өздеріңіз айта беретін тыңды игерушілердің біріміз. Мені бір қаусап тұрған шал екен деп ойлама! Осы тыңның алғашқы соқасында менің де үлесім бар,— менің тартқан соқамның да сарнаған ізі жатыр... Бұл туралы кейін айтармын, бір жазар еңбегіңе нәр болар, шырағым, қолқа салып қоймадың ғой, саған басымнан өткен әңгімелерді айтайын, ал тыңдай бер! Шарт сол: егер жаза қалсаң менің атымды қыстыра көрме құдай сақтасын, жаным сүймейді... Мынау Тоқсан деген жиенім деп, манағы баланы көрсетті.

— Ендеше сізді Тоқсан деп атасам қайтер еді?

— Жақсы.

ЫЗҒЫРЫҚТА

Ол әңгімесін былайша бастады:

— Анамнан шыр етіп жерге түскенде қайғы мен зарды, бейнет пен жоқшылықты бірге ала түскен жанмын. Бала боп ойнап, бағландай қырда секіргенім жоқ. Аяғымды иық басып, «қол бала» болуға жарауым-ақ мұң екен, қатал өмір ауыр жүгін мойныма арта салды.

Талдан ат мініп, асыр сап қырда ойнаған балалар дәуренін мен білмеймін. Менің. балалық шағым қой мен қозының соңында өтті. Далада, шыжыған күннің ыстығында, ертеден қара кешке дейін қой бағып, үйге оралсам әкем марқұмның түнерген қабағын көріп, ащы зарын естимін: «Тағы да, көшіңдер! Жер менікі, қаңғып келген құлдан туған неме! Сен де жерге ие болайын дедің бе? Көш дегенсін, көш!» деп, шаңырағымызға әңгір таяқ ойнатып кетті ғой, әлгі төбет деп, әкем маған өз мұңын шаққандай болады.

Бұл маған көптен белгілі сыр. Әкемнің осы сөзін естігенде көз алдыма ұзын бойлы қара кісі елестейді. Ол тікірейген ала көздері от шашып, қалың қабағын түкситіп, «Көш дегенсін, көшіңдер!»—деп қасымда тұрған тәрізді болады. Мен көзімді жұма беремін. Қасымда тұрған кісі емес, біздің үй ішінің жанын ала келген ажал сияқты. Мен қорқамын...

Бұл осы рудың биі Бейсеке. Бейсеке біздің үйдің үстінен оқтын-оқтын соғып тұратын дауыл сияқты. Оның едірейген қара мұрты, түкті қабағы, қырылдай, сөйлейтін ашулы сөзі маған ежелден таныс. Ол келген сайын қырық жамаулы қара үйдің ішіне қайғы мен қасірет ала келеді. Ата жауының әмірлі балағат сөздерін үнсіз жеңетін байбынды әкем екі-үш күн сөзден қалады. Біздің үйді қасірет туманы басқандай ауыр бір күй орнайды. Анам байғұс екі баласын бауырына басып, қара көзді жасқа көмеді. Мен екі босағада екі күй, екі қасірет тербетіп отырған екі панамның кейісті жүздеріне кезек қараймын. Ұлы бақытсыздықтың мызғымас мекені болған қарата үй бүгін-ертең күйреп жығылғалы тұрғандай қалтырайды. Ашулы әкем қан майданға аттанғалы жатқан батырдай елестейді маған. Қасиетті ана осы түйіндерді — ұлы жорық күйлерін жүрегімен сезіп, екі көзін жаспен бұлайтын сияқты. Мен үй ішіндегі үнсіз тартқан екі күйден осыны аңғарамын. «Аттанады әкем» деймін мен оймен топшылап. Менің кішкене жүрегім осы сырды сездіреді. Мен тіл қатпастан сол сырдың түйінді шешуіне сенемін.

Аттанар әкем майданға! Қара сұр қатал жауынан кек алар. Бірақ ат қайда?..

Мен шырылдап келіп анамның қойнына ендім. Қасиетті ана жыртық шапанның өңірімен менің кішкене денемді жапты да, маңдайымнан иіскеп, бұрынғысынан да қатты еңіреп жылай бастады.

— Тоқтат зарыңды! Кімге жылайсың? Кімге шағасың, мұңыңды? Құдай болса, баяғыдан бері естімес пе еді мұң-зарды, жарылқамас па еді сені мен мені! Тый көзіңнің жасын! Жүрер жолдың қамын істе! Ертең таққан үйді жығамын, көшемін бұл жерден!.. Анам келін боп түсіп, әкем күйеу болған Шүрекбай тауы, кіндік кесіп, кірімді жуған Қаратал мен Қайыңды, қидым сендерді жауыздарға...

Әкем осы қатал бұйрықты беріп, ақырғы шешуін айтып, үйден шықты. Бұл кезде күн еңкейген шақ еді. Батыс жақ қызғылт тартып, күн ұясына қонбай біраз тұрды. Мен далаға шығып, әкемнің қасына келдім. Оның өткір көзінде ашу мен қайрат оты жанып тұр екен. Қасына келген маған назарын аудармай, батысқа қарап тапжылмай тұрып қалды әкем. Кім білсін, батып бара жатқан күннің қызғылт шұғыласына қарап, үміт сәулесін көріп тұр ма?.. Әлде өз өмірін батар күннің артынан шығатын қараңғылық теңізіндей, түпсіз бір тұңғиық деп ойлай ма? Ол жері маған мәлім емес. Қалшиып қатып қалған әке қасында мен де тұра бердім. Күн де батты. Жер үстін қараңғылық жаба салды. Біз үйге кірдік.

Анам от жаққан екен. Қараша үйдің ортасында ақырын ғана маздап жанған от мені лебімен тартып, маған жылы ұшырап тұр. Мен от басына келдім. Әне-міне дегенше-ақ біздің үйдің азғана жаны маздап жанған оттың басына жиналды. Әлде жанған оттың жалынды лебі бойларын жылытып, ашуларын жадыратты ма, болмаса ашуы тарқап, жайласар мезгілі жетті ме? Мен оны қайдан білейін, әйтеуір үй ішінде қайтадан тіршілік белгілері басталып, әке мен ана бізді орталарына ала отырып, сөзге кірісті...

Таң атысымен үй жығылды, елден безіп не табамыз деген ана сөзі, өз кезенгенінен қайтпайтын әке жүрегін жібітіп, көшемін деген ойына тоқтам сала алмады. Шиеттей балалардың қолында тұрған не бар? Біз жасты көзімізбен жаутаң қағып, әке жүзіне телмірумен болдық. Сол екі ортада маңайдағы үйлерден лек-легімен біздікіне қарай адамдар да шұбырды.

— Жазеке, жол болсын! Елден бұрын үй жыққаныңыздың мәнісі қалай? Жөніңізді айта кетіңіз?

— Бетім Сахарлы, кетемін бұл жерден.

— Оныңыз қалай?

— Онымның «қалайы» жоқ. Көштім біржолата, ақ боз үйдің қарашысы боп, басымнан ерік, аузымнан сөз кеткенше, тескен тау өтіп кеткенімнің өзі жақсы.

— Шиеттей үш баланы шұбыртып, ел кеземін дегеннің жөні болмас, сабыр етсеңіз қайтеді?

— Жоқ, сабыр етемін деп, сары уайымның ұясы болуға айналдым... Енді сабырым кетті. Ағайын, саған ризамын, жолыма бөгет болмаңдар! Мені тоқтатқанда сендердің бөліп берерлерің не? Енді Бейсекеге құл болғым келмейді. Менің тоқтамым осы, қатын, арт жүгіңді,— деп, әкем сөзді тұжырып тастады.

Әке шешуінен көңілі қайтқан жұрт кенет тоқталып, бір-біріне қарасты. Біздің үйдің қазынасы болған азғана аяқ-табақ пен сынық кебеже арбаға қонып та қалды. Бес жанның ортасындағы жалғыз көрпе мен екі құс жастық та сол арбадан орын тапты. Жастайынан асықты бірге ойнаған ауыл үйдің қара борбай, жыртық көйлекті балалары да үйлеріне қайта бастады. Тап осы кезде маған әлдеқайдан қимастық сезім пайда болды. «Кетпейік, әкетай, қалайық осында!» деп бірнеше қайталадым.

Бұзаулы сиырға жегілген ағаш арба шиқылдап орнынан қозғала берді. Кейі таяқтарына сүйеніп, кейбіреулері белін басып, шоқпыт киімді ағайындар артта қалып барады. Әкем олармен қысқа ғана амандасты да, «аман-есен болсақ көрісерміз!» деді. Жан сезімі нәзік ана сорлы жиналған елмен жыласып айрылды. Міне, мен солайша туған ел, ескен жермен бірінші рет қоштастым.

Жол алыс, күн ыстық. Бетіміз Сахарлы. Алдан күткен ендігі өмірдің кескіні қандай боларын уақыт көрсетер.

...Сол бетімізбен көше қонып, Сахарлы қаласына келдік. Бұл қалада Бейсеке жоқ. Бірақ, қала түсі ызғарлы, бізге дес берер емес. Талай адам тастай батып, судай сіңіп жатқан қалаға біз сыймадық. Сыймағанымыз емес пе, бізге орын қала шетінен тиді.

Бейсеке әміріне бой ұсына қоймайтын өрт мінезді әкем, алдынан айғайын салып шыққан адамды көрмесе де, қала ішіне кіруге батпады білем, арба бетін тәпелтек шым үйлерге қарай бұрып, бір алаңдау жерге келіп тоқтап қалды. Қарақұрым киіз үйді осы араға орнатып, әке мен ана жабдықтарына кірісті. Үй ортасында ауылдағыдай от маздап жанды. Бұл екі арада қасымыздағы үйлердің жыртық тонды, жамау етіктілері де біздің үйге келе бастады. Алдымен келген ұзын бойлы, ақ сары орыс қазақша біледі екен, әкеммен сөйлесіп, жөн сұрасты. Оның артынан бір татар, тағы бір қазақ келді. Сөйте-сөйте талайлар жиналды. Мен бәрінің де ауыздарына қараймын. Біреулері өздерінің кәсіптерін, біреулері жұмыссыздығын айтады, тағы бірі қала тұрмысының қиындығын, барлық өмір кілті саудагерлердің қолында тұрғандығын баяндайды.

Жиналған адамдармен әкем көп сөйлесті. Ел тарасымен шайымызды ішіп ұйықтауға жаттық. Мен әке қасында жатырмын. Ол ұзақ уақыт дөңбекшіп ұйықтай алмады. Тастай қараңғы үй ішінде жалғыз әке өз жүрегімен сырласқандай ауыр дем алады. Жазылмас жарасы, жете алмас мүддесі бар шер көкіректей ауық-ауық қатты күрсінеді. Ертеңгіні уайым еткен әке жайынан алдымызда әлі де тұрмыс дозағы тұрғанын байқаймын. Анда-санда ауыр күрсінген әке демі, өмірдің соқпақты батпақ жолдарын кезіп, ауыр жүктерімен алысып жүрген жанның бейнесін көз алдыма әкеледі. Сіз білесіз бе? Жүрек сезімінің ұлы-кішісі жоқ. Ұлы мен кішілік ақыл-ойда. Терең сырлы асыл жүректің ақырын соққан сақау тілін жанмен ұға білуде. Сөйтіп оны адам тілімен айта білуде. Баланы жас десеңіз де, оның жүрек сезімімен ойнамаңыз! Бала жүрегі үй ішіндегі өмір белгілерінің бәрін де сезеді. Бала өз жүрегімен сөйлесе біледі. Бірақ, ол жүрек сезімін ақылмен қорытып, сізге айта білмейді.

Кіршік шалмаған нәзік сезімді бала жүрегі қандай тамаша! Қандай сезімтал! Сіз наныңыз маған!..

Тап осы түнде әке жүрегі мен менің жүрегім сырласқан сықылды. Мен әкемнің ауыр халін ақылмен емес, жүрекпен сезінетін сияқтымын. Жүрекпен сезінгенім сол емес пе, күрсіндім.

— Қарағым, неге күрсінесің?—деді әкем.

— Жай,— дедім мен, не айтарымды білмей. Бірақ жүрегім жай емес дегендей аузыма тығылды. Көзіме жас келіп, жылап жібердім. Әкем өзінің жыртық күпісінің өңірімен мені қапсыра жауып, бауырына қысты да, ернін маңдайыма тақады. Дәл осы кезде әкемнің де көзінен жас моншақтап ағып жатқандай болды...

...Қатал тұрмыс бізді ауыр қыспағынан босатпады. Әрі сауын, әрі көлік етіп отырған жалғыз сиырды сатып, қысқа баспана орнаттық. Әкем әркімнің арба, шанасын жөндеп, нәр табады. Шешем Халиулла деген бай саудагердің кірін жуып, суын тасиды. Мен де сол байдың үйінде қызмет істеймін. Елді тастап қалаға келгендегі біздің өмірдің кескіні осылайша болды.

Шешем екеуміз Халиулла саудагердің үйіндеміз. Қаланың ортасында басқа үйлердің тәңірісі тәрізденген екі қабат көк үй менің көз алдымнан әлі кетпейді. Ағаш қақпалы, тақтаймен қоршаған кең албардың ішінде кішкене ас үй бар. Бұл үйдің бір жағында күнделікті тамақтар қамдалады. Ал екінші жартысы малайлар тұратын, кір жуатын орын болады. Салахитден деген малай жігіт екеуміз Халиулла саудагердің жегін аттарын бағамыз. Салахитден ат жегіп, ат доғарады, мен оларды суарып, қорасын күреймін.

Жарылғалы тұрған шиқандай екі беті қып-қызыл, қарыны асқабақтай жуан, екі мұрты делдиген Халиулла саудагер қара пәуескесінен түсіп жатып бізге әмір береді.

Халиулланың берген әмірін мүлтіксіз орындау бізге парыз. Алғашқы барған кезімде тіліне түсінбей талай таяқ та жедім. Ол өз әмірін ұғындыруға олақ. Сөзін мұрнынан сөйлейтін, бірақ онысына қарамай мінезі тасыр, аузы мен қолы бірге жүретін жан екен. Басы-көзің демей көңіліне жақпасаң қолындағы таяғымен төпелей бастайды. Оның қолынан сені айырып алар жан жоқ...

Менің жалшылық өмірім осы күйімен созыла берді. Халиулла үйі күнде думан, күнде базар. Қырымнан келген неше түрлі саудагерлер осының үйінде. Күндіз-түні гармонь тартылып, билер биленіп, әндер айтылып жатады. Біз қора ішінде күйбең қағып жұмыс істейміз.

Ашық тұрған терезеден сызылып гармонь даусы шыққанда Салахитден күрегіне сүйеніп тұрып ауыр күрсінеді. Бұл күрсіну емес, арман, өкініш. Ол тап осы минутта нені ойлады, кімді сағынды? Қайда шарқ ұрды? Неден безінді? Мен оны жан сезімім арқылы білемін.

— Әй, қазақ малайы! Біздің яш гүмірлар ошылай үта бирә міни? Әлде, бізгә дә ярық күнләр киләрмі әлі, юқмы? Китәсім килә минім шул боғачның юртынан, китәсім килә, бәғрім,— деп ол қолындағы күрегін лақтырып тастап, ат қорадағы үйілген шөптің үстіне шалқасынан құлай кетеді. Салахитден сол жатқаннан адамға тіл қатпай жата береді. Бай үйінде ойналған гармонь даусы да тынымсыз сарнап, бір күйге екінші күйді жалғастырып безек қағады. Терезеден шарқ ұрып, далаға құлаш сермеген татар күйлері жүрегіме шымшымдай бойлап, мені де өз құшағына тартады. Мұңды сазбен мың бұралған күй сарыны мені әлдеқайда жетектеп ала жөнеледі. Құдіреті күшті ән дүниесі жалшылық өмірінің ауыр қасіретін ұмыттырады. Анадан туа өзім көрмеген балалық дәуреннің маған белгісіз талай сырларын мен ән арқылы сеземін.

— Не ішләп ағзыңны ашып тұрасың, қаһар сұққыры,—деген ащы дауысқа жалт қарасам, қызыл бет Халиулла екен. Беті сұрланып, көзіне қан толған, удай мас Халиулланың үстіне киген татар шапанының екі өңірі делдиіп, түймелері ағытылып кетіпті. Көзі едірейіп, екі қолы екі жағына салбырап төрт тағандап тұрған күйінде ол:

— Атны китір, атны, қаһар сұққыры,— деп қырылдап айғайлады. Мен оның бұл сияқты мас күйін, оқыс тұрысын бірінші рет көріп тұрмын. Кенет шыққан бай даусына жалт қараған маған, ол қазір Халиулла емес, аузын ашқан аждаһа сияқты көрінді, салақтаған екі қолынан тырнақтары жылтылдап, көзінен от шашып, мені жұтқалы келе жатқандай. Қатты шошындым. Менің ащы дауысымнан селк еткен Салахитден орнынан ұшып тұрды. Осыдан кейін не болғаны белгісіз, құлақ шекемнен сарт еткен қатты жұдырықтан талып кетіппін... Көзімді ашып қарасам аузыма су тамызып, Салахитден отыр екен...

— Уа, дүния, дүния,— деді ол көзімді ыңыранып ашқанда. Дүние қараңғы тартып, жұлдыздар заматта сөне қалыпты. Денемді қалтыратып әлдеқайдан ызғарлы аяз қысқандай. Жүрегім аузыма тығылып, тынысым тарылып барады.

— Су берші, су!

Шалқамнан түсіп алдында сұлап жатқан мені тастай салып, Салахитден жүгіре жөнелді. Су іштім. Салахитден суды ұсынған қолын кейін тартыңқырап, менің бетіме тесіле қарап ұзақ тұрып қалды. Өмір тепкісінің талай тілікпесін көрген азап құлы маған не айтқысы келді? Нені ішіне бүкті? Екеуміз де қосылып, еңіреп жылап жібердік...

Сол түні мен Халиулла саудагердің үйін тастап шықтым. Сол түні бала жүрегімде бірінші рет кек пен ыза оты тұтанғандай болды. Кішкентай қос жұдырығымды тас қып түйіп алып, үйге қарай боздай жөнелдім...

***

Бұл уақиғадан кейін Халиулла саудагердің үйіне мен қайта оралғаным жоқ, әкем де бар деп айтқан жоқ. Ана байғұс сол үйдің босағасында жүре берді. Менің ендігі өмірім әке жанында, әке жұмысына көмектесу болды.

Біздің маңдағы жиырма шақты үй кедейлер таңның атысы, күннің батысы дамыл көрмейді. Бәрінің де тартқаны азап, шеккені бейнет. Біздің үй көшіп келген күні әкеммен сөйлесетін ұзын ақ сары орыстың аты Григорий екен. Оны біз Күргірей дейміз. Күргіреймен әкем дос болып алды, бірінсіз-бірі астарын ішпейді. Екеуі де қыс болса шана, жаз болса арба жөндейді. Жұмыстың ара-арасында балтаның саптарын да жасайды. Қаланың бір шеті мен екінші шетінен біздің осы екі үйге сынған арба мен шаналарын сүйретіп әкеп тастап жатқан елді көресің.

Таң саз бере тақ-тақ еткен балта мен балға дауыстары күн бата әрең тоқтайды. Күргірей мен әкем қолындағы қос балта кейде әнге қосылған екі адамдай бірге шаңқылдап барып тық-тық етіп тоқтайды. Бұл екеуінің үнінде де бір нәрлі ырғақ бар сияқты. Қос балтаны жарыстыра шапқан екі адамның күшті қолдары балталарын басынан асыра сілтеп, алдарында жатқан жұмыр дөңбекке қадағанда, менің көзіме әлденендей сурет елестейді. Тап осы қалыптарында бұл екеуі арбаға белағаш шауып жатқан ұсталар емес, ауыр тіршіліктің, қатал өмірдің біз шыға алмаған адыр-дөңестерін, асқар биіктерін балтаның астына алып жатқан жандар тәрізді...

Әсіресе, екеуінің «Еһ, еһ» деп ерегісе соққан дыбыс күйлері, маңдайларынан бастап арқаларына дейін шып-шып аққан ащы терлері менің осы ойымды бекіте түскендей.

Осылайша талай жаздар мен қыстар өтті. Біздің қысқы тіршілік жаз күндерінен анағұрлым ауыр бола бастады. Күргірей мен әкемнің қол жұмысы қысқа қарай азаяды, біз қол шанамен Сахарлы тауынан қалаға отын тасимыз. Қысқы борандарда үсініп-қабынып қалаға жеткізген отынды күні бойы базарда тұрып бір үзім нанға әрең сатасың. Тынысымыз тартқан бейнет, ауыр еңбек жемісі үй-ішімізді тойындыруға жетпейді.

Мен ер жеттім. Жылда қаһарын төгіп қайта оралатын үйреншікті қыс биыл тағы өз сарынымен өте шықты. Жылт етіп, күн жарқырап, жарқ етіп жаз келеді. Майдың қоңыр самалды еспе желі еркелеп беттен сүйеді, дала жаз киімімен безеніп, арқа кеңиін деді. Мен жұмыстан қайтып келсем, әкем мен Күргірей оңаша сөйлесіп отыр екен. Қастарына келіп отыра кеттім, олар әңгімесін бұзбай сөйлесе берді. Жезді маңында көмір шығады, сол көмір кеніне, жұмысшылар арасына жетейік деседі. Мен «кен», «жұмысшы» деген сөзді өз өмірімде осы әңгімеден есіттім. Бұл 1907 жылдың жазы еді...

ЕР ЖЕТУ

Өмір қақпалап отырып, бізді Жездіге де әкелді. Ұшы-қиыры жоқ жазық дала, аттың тұяғы, құстың қанаты күйерлік ыстық. Жұмысшылар тұратын жер барақтар қасқырдың апанына лайық. Бұл жердегі тіршіліктің алғашқы хабаршылары темір жол бойына көмір таситын түйелі кірекештер.

Біз Сағындық деген жұмысшының жер барағына орналастық. Әкем Күргірей екеуі қол өнерінде, мен қара жұмыспен айналыстым. Менің қолыма алғашқы тиген кемір елеуіші. Ол заманда тау-тау болып үйіліп жатқан ұсақ көмірлерді елеуіштен өткізіп, күлінен айырады. Міне, біз сол азаптың бір құлағынан ұстадық.

Таң сәріден тұрып жұмысқа келдім. Үмітті өмірдің ұстатпас көлеңкесін қуған қайсар әкем осы Жездіні тапқанда өз арманының бір белесінен астым ба деп ойлап еді, ол жаңылған екен. Бұл арман белесі емес, азап белесінің бір қиясы тәрізді. Көз алдымнан өтіп жатқан жұмысшылар әрекеті маған осы ойды бекіте түсті. «Кел бері, кел! Қашсаң да енді құтылмайсың» деп алдымда азап дүниесі тұзағын құрып тұр. Мен сол тұзаққа өз мойнымды ұсына бердім. Азап дүниесі мені өз түбіне тартып әкетіп бара жатқандай қыса түсті. Тау-тау боп үйіліп жатқан көмір екен десем, кемір емес, менің, мен сияқтылардың маңдайының арылмас соры екен. Біз күн сайын сол таумен алысамыз. Күн сайын ондаған күректі күшті қолдар осы таудың тас-талқанын шығарады. Қас қарая типылы шығуға таянып, шөгіп қалған тау, таң атысымен қайта өседі, қайта қаһарына мінеді, біздің арылмас сор осы таусылмас таудың ішінде жатқандай.

Мұндағы тіршіліктің тұтқасын қолына ұстаған ағылшын Бейсеке, Халиуллардан анағұрлым қатал, анағұрлым мейрімсіз. Қыстың ызғырық қызыл шұнақ аязындай оның аузынан шыққан леп жұмысшы біткеннің арқаларынан қысып, оларды қалтыратып барады.

Мен осы жұмыста бір айдан астам уақыт болдым. Айдың аяғында алар ақым қарызға жетпей, әке алдында есепке отырғанымда, бір қатты сүріндім. Әкем таяғымен алдындағы жерді шұқи отырып:

— Шырағым, енді жігіт болдың, өмірдің не екенін білетін уақытың жетті. Өз ісіңе ұқыпты болмасаң, тамағыңды асырай алмайсың. Орта жастан асып кеткен әкеңді қашанғы қанжығаңа байлап жүресің,— деді.

Менің екі бетімнен отым шықты. Бір ай жұмыс істеп, бір тиын үйге әкеле алмағаныма өзім де қатты назаландым. Көмір елеу ісінде еңбек өнімсіз болады екен, маңдай терімді бес сыпырып еткен еңбектің айлық қорытындысы бұлай болғанда, енді менің ол жұмыста қалуымның орны болмас.

Осы түйінге іштей тоқтаған мен әке жүзіне қарасам, ол әлі сол таяғымен жер шұқыған қалпында төмен қарап отыр екен.

— Аға,— дедім мен.

— Не айтасың?

— Көмір елеуішінен шығамын, шахтаға жұмысқа кірем.

Бұл айда жартымды еңбек таба алмағанымды менің іске шалағайлығымнан, еріншектігімнен болды ма екен деп күдіктеніп отырған әкем, мен шахтаға түсемін дегенде үн қатпады, өткір көзін бір аударып маған тесіле қарады. Бұл қарас: «шахтаға түскенде сен не бітіресің, алдымен көмір елеуішінде пісіп қарасаңшы, шахтер болу сенің қолыңнан келмес»,— деген күдікті ойдың зілді қарасы еді.

— Түсемін шахтаға, қайтсем де шахтада істеймін, енді көмір елеуішінің маңына да бармаймын, — деп мен, сөзді кесіп айттым. «Жарайды» дегендей әкем басын изеді.

* * *

Маралды көмір кенін басқаратын ағылшынның орынбасары жылт-жылт етіп, бір жерге тұрмайтын безілдек сары, оны жұмысшылар өз атымен атамай, «Ақтиін» деп атайды. Жұмысшылардың «Ақтиін» деп атап кетуінің мәнісі де оның сүңгуір үйректей сусылдап, бір орында тұрмайтын сабырсыздығынан болуы тиіс. Ақтиін өте қатал, бейбастақ адам. Ол келгенде жұмысшыларға ақыра келеді. Оның қолында да Халиулла саудагердің таяғына ұқсаған күмісті таяғы бар. Мұның да ашуы мен таяғы бірге жүреді.

Мен көп ұзамай-ақ Жездідегі көмір елеуішінен ауысып, Маралдыға барып шахтыға түстім. Менің қолыма да қайла тиді. Жұмысты күніне 12 сағат істейміз. Қызмет ауыр, ол заманда мұндай техника деген атымен жоқ. Қандай ауыр істің өзін қайламен орындаймыз, көмірді қазудан вагонеткаға арту, сыртқа шығаруға дейін адамның мойнында.

Мен жұмыс істедім, ауыр қайланың тегеурінді тепкісіне шыдадым дегенім болмаса, қолыма бұдан да бір тиын ақша алып көргенім жоқ. Маңдай терін күніне тоқсан рет сыпырып, тас көмірмен алысқан он шақты адамның ақысын біреу алады. Еңбек жемісін біреу орады.

Ол алушы мен орушының атын «артель бастығы» деседі. Сөйтіп, біздің он адамнан құрылған «артельдің» бастығы Баянды шолақ дейтін бір сұм еді.

Оның ай сайын жасайтын «есебі» бойынша, біз үнемі оған бересі боп шығамыз, «Пәлен сомға етігіңді жаматтым, пәлен сомға жұмыс киімін әпердім, пәлен сомға қой сатып алып, етін бөліп бердім, жүріп-тұру жолдарымен пәлен сом ақшам шықты»,— деп, бар жұмысшының ақысын өз аузына тығады. «Артель бастығы» болғандығы үшін де біз еңбегімізден оған ақы төлейміз. Қорытып келгенде, ай сайын біз оған бересі боламыз.

Ауыр еңбекпен бірге басыма түскен сордан мен құтыла алмадым. Жұмыстан шығып кетуге де мұршаң келмейді, егер жұмыстан шығатын болсаң, Баянды шолақтың қарызын төлеу керек. Ол кезде қарыз төлей қоятын қуат бізге қайдан келсін! Жалғыз сиырды Сахарлыда сатқанбыз, әкемнің тапқаны, менің қарызданып жүріп енгізген кірісім үй ішін асырауға әрең жетеді. Аяққа бүтін етік, үске бүтін киім кию дегенді ол заманда ойлап та болмайды. Тұрмыс сұрапылы мені осылай тық- сырып айдай берді. Өмір осылай ете берді.

Маралды көмір кенінде жұмыс істейтін жұмысшылардың көпшілігін танитын болдым. Жұмысшы деген халық қандай бауырмал келеді. Әне-міне дегенше үйір болдық та кеттік. Бәрінің де көрген күні менен артық емес, бәрінің де тартқаны ауыр азап, бәрінің де күткені бір жақсылық. Бірақ, сол жақсылық қайда? Сол нанды бізге кім береді? Әңгіменің үлкені осында емес пе?

Өзім сияқты жұмысшылардың арасынан менің көзіме алғашқы көрінгеннен бастап екі адам ерекше түсті. Бірі — Яша деген орыс. Ол бойы ортадан жоғарылау, жазық маңдайлы, өткір көзді, сөзді салмақпен сөйлейтін адам. Екіншісі — Яшаның қасында жүретін Қасен дейтін қазақ. Қасен қазақы пысық жігіт, сөзге де осал емес, ашуланса мінезі тік, жайшылықта жайдары, аздап домбыра да тартып, қоңырлатып ән де салады. Бұл екеуі Күргірейдікі мен біздің үйге жиі-жиі келіп әңгімелер айтып, шай ішіп кетеді. Адамға кім жылы сөйлесе, сол жақын емес пе? Біздер бұл екеуін жақсы көреміз...

Тұрмыс жылдан-жылға ауырлай бастады. Күн сайын он екі сағаттан істеген ауыр еңбектің көрсетер рақаты жоқ, рақат қайда, жұмыстан шаршап келген кезіңде үйде жерлік нан болмай қалатын мезгілдер жиі ұшырайды. Бейнеті көп, сәулеті жоқ өткен күннің опасыз бейнелерін амалсыз еске алады адам. Ол замандағы көрген бейнетті айта берсең, жазуға қағаз да жетпес.

Қанды ауыз ағылшынмен оның асыранды төбеті Ақтиіннің қорлықтары бірінен бірі аса берді. Бұлардың айуандықтарына ыза болған жұмысшылар 1916 жылы көтеріліс жасады. Бұл менің көрген бірінші көтерілісім. Көтеріліс ел таңертеңгі жұмысқа жиналғанда, бірден дүр ете түсті. Барлық жұмысшы жұмысқа түспей тұрып алысты. Бұл көтерілісті Яша мен Қасен басқарды. Бұл хабарды естіген ағылшын, Ақтиінді бізге жіберіпті. Ақтиін келе жігіттер оны қоршап алып, қолын артына байлап тастады...

Арнасы кең тұңғиық, өткел бермес асау теңіздің ұлы тасқынындай кемерінен асып тұрған жұмысшылар толқыны Ақтиінді селді тасқынның құшағына алды. Қолын байлаған күйі оны тачканың ішіне салды, бір кезде Ақтиін салынған тачка арба зымырай жөнелді. Ерегіскен топ Ақтиінді қала шетіне апарып төңкеріп тастады. Ақтиіннің күмістей жылтыраған ақ киімі қара күйелеш болып шыға келді. Ол қора ішінен сыртқа шығарып тасталған бір арба нәжістей қозғалмастан сол орнында жатып қалды. Қара жүрек ағылшын ит жанынан айрыламын деп қорықты-ау деймін, үш күндей жұмысшылар арасына келе алмады. Көтерілістің ақырғы күні Сахарлыдан шақырылған қарулы қолдың келуімен тынды. Олар Яша мен Қасенді тұтқынға алды. Патша үкіметінің бұл қатал ісі, Яша мен Қасеннің тұтқынға алынуы жұмысшылар арасындағы наразылықты бұрынғыдан да күшейте түсті. Кемерінен асып, асқан шыңға құлаш сермеген жұмысшылар толқыны бір мезгіл бәсең тартқандай болғанмен, іште қайнаған кектің ызғарлы аязы әрбір жұмысшының қабақтарынан сезіліп тұрғандай еді... Бұрынғыдай емес, жұмысшылар енді өзара ұйымдаса бастады, завод иесінің озбырлығына қарсы көтерілген әлсіз үндер енді қатайып, әлденендей бір жаңа арнаға, жаңа 'бағытқа құлаш ұрған тәрізді... Күргірей мен менің әкем анда санда, әлдеқайда кетіп қалады, барған жерлерінен тым ашулы, тым ызалы қайтады... Талай рет сұрайын десем де бала күнімнен қаймығып, қорқып өскен мен әке назарына шыдамаймын, өзімнен өзім сескеніп тоқтай беремін... Өз шаруасын жеке басқарып, өз тағдырын өзі билеп қалған өктем, қара тастай жұмбақ әке, өз бетімен маған сырын айтып, өз еркімен жүрек кілтін бермейді... Өткен көтерілістің тастап кеткен ұшқыны ма, әлде Қасен мен Яшаның кегін алу сарыны ма, білмеймін, менің жүрегім әлдеқайда жетектеп, әлденендей бір күйді толғайды, менің көзіме тағы бір дауыл елестейді, ол дауылды шақыратын бұлт — менің әкем мен Күргірей, олардың тас түйін болған ызалы кейпі... Дауыл емей немене, бұдан кейін тыныштық болмады. Ағылшын мен жұмыскерлер арасы тым шиеленісіп кетті. Жұмысшыларды топ-тобымен жұмыстан шығара бастады, завод иесінің бұл зұлымдығына қарсы ашынған көп оқтын-оқтын көтеріліп барып басылады, Күргірей мен әкем жанжалдың жуан ортасында, мен де солармен біргемін. Жұмыссыздық басқан кейбіреулер аз ғана жиған-тергенін түгесіп, барақтар жағалап қайыр тілеуге айналды. Бұларды көрген мен шошынайын дедім, аштық адамның ең қатал жауы, оның тырнағына бір іліксең, құтылу қиын. Күн сайын біздің есікте телміріп нан сұрап тұрған қара бала аждаһадай жалаңдаған аштық біздің үйге де таянып тұрғанын, ол апаттан құтылу қиын екенін білдіре келген хабаршы тәрізді... Сол баланы көрген сайын менің тұла бойым әлденеге шымыр ете қалады, көз алдым қарауытып, басым айналғандай... үстімді ауыр жүк басып тұрған тәрізді. Осы балаға құрығын салған қатал тағдыр мені де көп кешікпей өзінің шеңгеліне алатындай көрінеді, қайда қашып құтыларсың? Қашқанмен барар жерің қайсы, табар бақытың, қорғалар сая қайда! Қолының ұшын саған кім бермек! Кім есіркемек!

* * *

Жұмыссыз қалғанымызға бір айдан асты, неге көнбеген бас, аштық пен бейнет біздің еншімізге тиген «байлық» емес пе! Зарыға, сарғая жүріп, бірдеңеге қолың іліксе, әне-міне дегенше ұстаған бұтағың үзіліп-ақ жүре береді, бір саты жоғары көтеріле беріп құлап түскендей боласың...

Осылайша бір басып, бір құлап өмір сүруге біз үйреніп кетсек керек, жұмыстан қуылғанымызды естігенде шешем байғұс ренжіген де жоқ, таңырқаған да жоқ, көптен бері осы суық сөздің айтыларын күтіп жүрген адамдай «солай ма!» дей салды. Әкем мен Күргірей енді үнемі әлдеқайда жоғалып кететін болды, кейде ертемен кетсе, кешке келеді, кей күндері күн бата кетіп, таң алдында қайтады... «Қайда бардың? Не істеп жүрсін» деп біз әлі күнге әкеден сұрамаймыз, біздің үйде әке тексеру тәртібі жоқ, ондай тәртіп орнатайын деп талап ететін ана байғұсқа құдірет қайдан бітсін Ал, мен болсам әке әмірін екі етпей орындауды ғана білемін, жақсы баланың әке алдындағы таусылмас борышы — өсиетін екі етпеу, әке жүрегіне дақ салмау деп түсінемін...

Күндер өте берді, белгісіз жай ғана өткен жоқ, әр күн өзінің батпандай ауыр салмағымен баса-жаныштап етіп жатты, кейбіреулерді күйретіп жоқ қылады, енді біреулерді шұбыртып қайыршы, мүсәпір етеді өлмей, тентіремей қалған біз сияқты бейнеткер жандарды езгілеп, иіп сындыруға жанталасады... Міне, өтіп жатқан күндер сипаты осындай. Жұмыскер барақтардағы қасқырдың апанындай жер кепелерін күн сайын тастап, қыр кезіп шұбырып жатқан жаяу-жалпы жандар қайда барып тоқтайды, алдарынан кездесер бақыт бар ма?

«Бақыт» деген біздің заманда үлкен сөзге айналды. Ол кезде бір үзім нан тауып жеу жұмыссыз адамға бақыт еді. Өз жаныңды, бала-шағаңды асырарлық жұмыс тауып алу бақыттың ең зоры еді. Шұбырған жандардың ауыр күйін көргенде оларға тілейтін бақытым аштан өлмесе екен, жан асырарлық кәсіп табылса екен деген тілек.

Менің жүрегімді әлденендей мұңлы күйлер басып, көзіме жас тамшылары ұялады. Осы бір жапан кезіп бара жатқан сорлы жандардың ауыр халы маған ортақ. Бала-шағасын қолдарынан жетектеп ит арбамен күн сайын қыр асқан орыс, қазақтың бәрі менің өзім сияқты, я менің туысқандарым тәрізді, мен оларды аяймын!.. Іштерінен бөліп аларым жоқ, бәрі де менің мұңдасым, бәрі де менің сырласым, бәрінің де менімен тағдырлары бір, біз бір жүрек, бір тұтас тән сияқтымыз. Тағдыр бірлігінсіз шын достық бар ма! Меніңше адамдар арасындағы ұлы достық тағдыр бірлігінде ме деп ойлаймын! Бұл қағиданы оқымасам да, менің жүрегіме сол бір ауыр күндер уақиғасы ұялатқаны анық. Мен оны мәңгі ұмытпаспын.

Осынша жанды сүйретіп әкетіп жатқан апат, бақытсыздық менің басымда да тұр, біздің үйді де жегідей жеп қусырып келеді, бір күндері біздің босаға да күйреп құламақ, біз де сонау шұбырған жандар түскен соқпақпен тентіремекпіз, бізді де қатал тұрмыс жыланша ысқырып айдамақ, қайда айдайды, қандай қыраттарды кезіп, қандай қыспақтардан өтеміз? Кім білсін?

ЛЕКТЕ

Қызылдар келе жатыр деген хабар бір күні сақ ете қалды. Бұрыннан әлденеге елеңдеп жүрген ел бұл жаңалықты бірден бірге қақпақылдай жүгіртіп лезде таратты. Завод іші құйын соққандай абыр-сабыр болды, әсіресе әкімдер, олардың үй іштері үрпиісіп, қымбатты заттарын буып-түйе бастады, пәуескелерге жүктер тиеліп, аттар әбзелдерімен әзір тұр. Қалаға келгеніне екі-үш күн болған ақтың бір топ әскерлері мен стражник, полицейлер ерсілі-қарсылы шабуылдап жарлықтар таратуда.

Менде үрей жоқ, таңертең кеткен әке әлі қайтпаған, көршілер де сасуда, не істеу керек! Оны білер, оған жауап берер пенде жоқ. Кәрі ана сырын да, қайғысын да, айтар ойын да көбіне ішке сақтайтын, абзал, парасатты ана маған анда-санда бір көз қырын тастап пеш алдында әлденені қамдап жүр. «Қызылдар келеді...» деген жаңа хабардың шешуін таба алмай мен отырмын. Қызылдар деген кімдер? Бұл сұраудың толық мағынасы маған жұмбақ, жұрттан құлағыма шалынған сөз — жұмыскер, кедей жақтаушысы. Рас па екен?! Кімдер болса да тез келсінші!

Күн батысымен әкем келді, қасында бөтен екі адам бар, дайындалған тамақтан бірер ұрттап орнынан тұрды.

— Сен үйде бол! Мен қазір кетемін, бүгін қайта алмаспын,— деді маған қарап. Жүзінде әлденендей бұрын маған белгісіз бір рең бар, сөзін бөліп-бөліп айтады, тағы да бір айтылар сөздің белгісі көз жанарында тұрғандай, қырын қарайды. Ержетіп қалсам да бұрын: «Бірге барамын, ала кет»,— деп көрмеген менің жүрегіме әлденендей қобалжу кірді, осы жолы әкемнен қалғым келмеді. «Кетемін, қайтсем де бірге кетемін!»

Осы ойға әбден бекіп, әкеме қарасам, ол екі баланың бетінен кезек-кезек сүйіп отыр екен. Шешем жансыз аруақтай босағада қатыпты да қалыпты. Өмір бойы үйден кетіп бара жатып балаларды бетінен сүймейтін әкенің мына бір нәзік, жұмбақ мінезі сорлы анама нажағайдың оғындай тиеді, қайғы, қасірет сапарындай көрінеді, мен де үрейленейін дедім, адам жүрегі әрі сезгіш, әрі нәзік қой, менің жүрегім де сол сәтте дір ете қалды! Тұйық та болса әке қимылы, әке мінезі алыс, қауіпті сапарға аттанарын хабарлағандай, қайтсем де бірге кетемін, не көрсем де бірге көремін деген ой енді мүлде бекіді.

— Әке! Мені де ала кет, қалмаймын, бірге кетемін!

Менің даусым орасан қатты шықты білем, әке жолдастары маған жалт қарасты. Мен сазарған күйімде тұрып қалдым. Менің шын бекінгенімді сезді ме қалай, әкем тіс жарып үндемеді. Үй іші көпке дейін үнсіз, қимылсыз тұрды... Бұл көріністі әке жолдасының бірі бұзды: — Барсын, керегі болар! — деді, даусы қатаң, зілді естілді, бұған қарсылық айтылған жоқ, мен олармен бірге кете бардым!

* * *

Біз шет жақтағы бір жер үйге келдік, есік алдында қорасы бар екен, жұрт сонда толып отыр. Алдымен менің көзіме түскен кәдімгі өзіміздің Күргірей, иығында мылтық, түсі ызғарлы, одан көзімді аударып жиналғандарға қарадым, бәрі де осы заводтың жұмысшылары, бәрінің де жүздері таныс, бәрі де мылтық асынған. Күргірей бізді шақырып алып бір-бір мылтық берді, маған тигені бердеңке екен, он шақты оғы бар, жиналған топтың қасына кеп біз де отырдық. Ұмытып барады екем-ау, бұл үйдің маңы күзетшіге толы ма деймін, бізді келе жатқанымызда бірнеше жерден ұстап, тексерген болатын...

...Біз отырғаннан кейін көп ұзамай-ақ тағы да бірнеше адамдар келді, олармен Күргірей, менің әкем тағы бірнешелері сөйлесіп жатыр, жылтылдаған май шамның жарығы ешкімді анықтап көрсетер емес. Бір кезде отырған топқа қарап, талдырмаш ақсары жігіт:—Жолдастар!— деді. Оның даусы ете ақырын шықты, әйтсе де, отырғандар елегізе қалды. Мен де ынтыға қалдым, осы бір бейтаныс ақсары жігіттің сөзі менің тағдырыма бір өзгеріс әкелгендей, мені әлдеқандай бір ауыр, қауіпті жолға сілтегендей. Қандай жол? Нендей сапар?

Сөз қорытындысы ертең бұл қаланы қызылдар алмақ, қала ішіндегі бір топ ақтың әскері ұрысқа дайындалып жатыр. Біз атыс басталған кезде ақтардың көк желкесінен тұс-тұстан оқ жаудырып үрейін ұшыруға, сөйтіп олардың қаруларын тастап, атысты тез тоқтатуына себепші болуға тиістіміз. Бұл жол өте ауыр жол, соғыс шығынсыз, адам өлімінсіз болмақ емес, кімде-кім қауіптен қорықса қарулы жұмысшылар тобының қатарына осы бастан кірмеуге хақы бар. Әңгіме осымен тынды, қауіптен қорқып топтан шашау шыққан ешкім болған жоқ. Ақсары жігіт Матвеев екен, ол бізді бес, оннан бөлді, әрқайсысына бастықтар тағайындады, біз әкем екеуміз Күргірей тобына қосылдық. Әркім өз тобымен белгілі жерінде атыстың басталуын күтетін болды, қызылдар жағынан мылтық атылмай ешкім қозғалмайды, керекті бұйрықтарды Матвеевтен кезінде алып тұрмақ. Жұрт тарады, біз де Күргірейге еріп өз жөнімізге аттандық. Менің жүрегім дамылсыз дүрсіл қағады, тұлабойымда әлденендей белгісіз бір қобалжу, өрекпу бар. Құс мылтықты киімнің ішіне тығып алып, аяңдап келемін, бірақ ойым әлдеқайда. Қызылдар, соғыс, өлім... Осы үш сөз ойымды билейді, осы үш елес көз алдымнан кетпейді, аяғымды басқан сайын осы үш құдіреттің алып құшағына кіріп бара жатқан тәріздімін...

***

Келесі күні түс ауа бере атыс басталды. Біздің аз ғана топ жаудың маңдайынан тиді. Күтпеген жерден, тұс-тұстан атылған мылтық даусы ақтардың үрейін алды, кейбіреулері қаруларын тастап бет-бетімен қаша бастады, қызылдар жан-жақтан тарпа бас салды. Біз әлі жанталасып атысудамыз, алдымыздағы ақтар тобы берісер емес, алғашқы қарқында басып қалған окоптан бір пулемет, бірнеше винтовка қолға түскен. Біздегі бар қару, жауға күш көрсетер қару осы ғана. Атыс барған сайын қызуда, жаралы, оққа ұшқан адамдар көріне бастады. Жау баяғыдай емес, бар күшін біздерді қоршауға арнаған секілді. Уақыт өткен сайын жан-жақтан қысып келе жатқаны сезіледі, жұмысшылар сасайын деді, бірақ жауға беріскен жоқ. Қолдағы бар қарудан оқ жаудырып бетін қайтарып тұр. Күргірей: — Жау енді біраздасын қарсылығын тоқтатады, өйткені ақтардың күші бітуге жақын, осы бір атыс жүргізіп жатқан жерден басқа жерлердің бәрін біздің қызылдар алды, тек бірен-саран қарсылықтар болып жатса керек, оларды лезде жоймақ, бізге берілмесін деп хабар жіберіпті,— деді. Бұл сөз жұртқа қайрат беріп, жігер қосты, атыс үдеген үстіне үдеп, тартыс қыза берді. Ақтар да мүлде ашынды білем, оқты бұршақты жауындай сеуіп, бас көтертпейді. Күн де батуға айналды, біздің қатарда адамдар селдіреді, әр жерде бірлі-жарым мылтық даусы естіледі, тек дамылсыз оқ шашып азынап пулемет тұр, мен де үздіксіз атып жатырмын. Күргірейдің көзге көрінбегеніне, не бұрынғыдай даусы естілмегеніне біраз болды. Міне, азынап тұрған пулемет үні де кенет басыла қалды, менің жүрегім «зу ете» түсті, не болды, бәрі де осымен біткені ме? Жаңа ғана жауға қарсы оқ жаудырып жатқан есіл ерлер тегіс апатқа ұшырағаны ма! Өмір бойы бейнеттен көзін ашпаған сорлы әкем, қымбатты әкем маған,«қош!» деген бір ауыз сөзін айта алмай жан тапсырғаны ма? Көз жұмар алдында, ұзақ қайрылмас сапарға аттанар алдында өз қолымнан бір жұтым су беріп, қасиетті әке жүзіне бір қарамадым-ау! Қайдасың менің қамқорым, асыл абзал әкем!

Мен әкем жатқан тұсқа қарай тұра жүгірдім...

***

Күн бата қаланы қызылдар алды. Ақтардың біразы қашып, қалғаны қолға түсті. Мен жаралы әкемнің қасында отырмын. Әкем есін білмейді, жарасы өте ауыр, оң аяғы мен кеудесін мықтап таңып тастаған. Анда-санда дәрігер келіп көріп кетеді, өзара әлдене деп сөйлескені болмаса маған ештеңе айтпайды. Анам байғұс әкемді үйге әкелгеннен бері екі көзі бұлаудай... алғаш көргенде қорыққанынан талып қалған еді, қайта қазір басын көтерді, бірақ әлі ес-түсін білмейді, тек еңіреп, боздап жылайды, есін білмей қиналыс көріп жатқан әкені құшақтап тоқтаусыз жас төгеді. Шаршағандығы ма, әлде қорыққанынан тілі байланып қалды ма, кім білсін! Әйтеуір ғарып ана ақырын әлсіз ғана өксиді, әке жүзінен көз алмайды. Мен жұбатамын: «Сүртші көз жасыңды, өксігіңді басшы, апатайым! Жыламашы!» Менің бұл сөздерім ана қайғысын қақ жарып, оның ғарып жүрегіне жарық сәуле түсіре алмайды. Сөйтіп біздің жер кепе қайғы мен қасірет дауылынан қалтырап, тербеліп тұрғандай. Манадан бері аққан ана байғұстың көз жасы қасірет көліне айналып, біздің жер кепе көл үстінде батқалы тұрған иесіз қайыққа ұқсайды. Бақытсыз ана өксіген сайын көл ақырын ғана шайқалып, тербеледі, кел үстіндегі біз де иесіз қайықпен бірге теңселеміз. Жел қаттырақ үрлесе аударылғалы тұрғандай жер кепе қалтырайды, біз де қалтыраймыз... Күргірей де жаралы, бірақ оның жарасы қауіпсіз деп естимін, басқа жолдастардың көбі оққа ұшқан. Біздің топтың тап бергені ақтардың бастығы екен, сондықтан да бұл жерде ұрыс қатты болған ғой. Ақтардың атаманы Семенов деген бірнеше адамдармен қолға түспей қашып кетіпті. Осы итті неғып ұстай алмай қалды екен? Әлде айлакер қу неме адастырып кетті ме, әлде қызылдардың күші жетпей қалды ма? Неліктен құтылып кетті? Менің әкемді атқан дәл соның өзі тәрізді, менің ата жауым, қас жауым сол сияқты, дүниеде тірі жүрсем кегімді сонан алармын! Егер ауыр хал үстінде жатқан абзал әке осы жарадан мерт болса, әке құнын сонан сұрармын!

Таң бозарып келе жатқан шақта әкем аз ғана дамылдағандай болды, көзін ашып маған бір, анама бір қарап әлденелерді айтқысы келгендей, бірақ шама жоқ, үнсіз, тілсіз... Мені көзімен ымдап шақырған сияқты, мен бетіне бетімді тақадым, сүйер ме екен, әлде бірдеңе айтар ма екен! Жоқ, сүйген де жоқ,. ештеңе айтқан да жоқ, тек қош дегендей екі көзін бірер мәртебе ашып-жұмды да, әп-сәтте үзілді. Үй ішінде жыпылықтап жанған білте шам сөнді, есік пен терезеден таң сәулесі түсіп, үй жарыққа — күн нұрына толды...

Тоқсан әңгіменің дәл осы жеріне келгенде ауыр күрсінді де қалтасынан орамалын алып көзін сүрткендей болды... От маздап жанып тұр, отқа қырын бере жантайып жатқан ақсақалдың жүзі маған көрінбейді, әйтсе де оның көздерінен моншақтап жас тамғанын сезгендеймін. Әкесіне деген зор адамгершілік махаббаты әлі сөніп болмаған осы бір жанның ескі жарасы кенет ашылып кетіп, бір сот шаншып ауырғандай...

Неткен ғажап! Бір үйдің ішінде екі құбылыстың екі сезімнің нышаны қатар жүр. Азалы үйдің қасірет, зар-күйі, күңгірт, ауыр, аза үстінде атып келе жатқан таң, жарық сәуле, қызыл арай, әдемі күн нұры. Шіркін, өмір, не деген кереметсің! Өлім үстінде, өлік бетін жерге жасырмай-ақ, ағарып таңың, күлімдеп күнің шыға береді-ау!

Осы бір таң алдында өмірмен қоштасқан қазақ шалы революция үшін күрескен көптердің таңға қарай аттанған алдыңғы сапында ұрыс салған қаһармандарының бірі, бақыт жолындағы көп құрбандардың бір елеулісі секілді көрінді! Мен көзіме жас алдым, бұл жас біздің жаңа заман үшін қанды шайқастарда селк етпеген қымбатты аталар рухына сүйсінген, мақтан еткен жүректен шыққан ризалық белгісі еді.

Біраз үнсіз отырып ақсақал сөзін жалғастырып әкетті:

— Өлікті таза арулап қойдық. Қабыр басына өзінің жолдастары және қызылдардың бастығы барды, көптеген сөздер сөйленді. Мен әке рухының алдында қызылдар қатарына кірдім Қымбатты әкенің өлімі де, өмірдің қатал шындығы да мені күреске шақырды, алға сүйреді.

АДАСУ

Қашқан ақтарды қуып келеміз. Арқарлы даласынан қаптаған ел кебіне қазақ елі екен, анда-санда ұшырасып қалатын бірен-саран орыс қалалары жолда көп кездеспейді. Астыртын адам жіберіп, я сол жердің кезіккен адамынан сұрап, біліп ауылға кіреміз. Әзір ақтар бізге душар бола қойған жоқ, бірақ олар жүріп кеткен жердің бәрі өрт тигендей тып-типыл тонау, кісі өлтіру дегеніңіздің неше түрлісі алдымыздан шығып жатыр. Ақтардан жапа көрген ауыл адамдары алғашқы кездерде бізден де қорқып тығылып, қаша бастады, ауылда қалған кемпір-шалға, аяғы ауыр әйелдерге, жас балаларға жылы шыраймен қарап, қамқорлық еткенімізді көргеннен кейін ел бізге сеніммен қарайтын болды. Ағаш, тау арасына сіңіп кеткендері қайтып келіп ақтардан көрген зорлық, жәбірлерін айта бастады. Елдің сөзіне қарағанда талаушы ақтар арасында, әсіресе, тым мейірімсіз, қатал бір жирен офицер көрінеді, ол бастаған ақтар тобы қолдарына түскен қыз, келіншектерді зорлап, жазықсыз адамдарды атып кетеді екен. Бұл маңайдың адамдары ол офицерге «Жезмұрт» деп ат қойыпты. «Жезмұрт» тобы біз кірген ауылға соқпай бұдан үш күн бұрын ілгері асты деген хабарды анықтап, ел адамдарының сілтеген жөнімен біз жүріп кеттік. Жолшыбай бір-екі қазақтан басқа ешкім кездескен жоқ. Ендігі баратын ауыл 35—40 шақырым. Жолда кездескен адамдар кеше сәске түсте алдағы ауылды ақтар шауып кеткенін баяндайды, дәл санын айта алмайды. Өте көп, кез келгенді қиратып, жойып барады деседі.

Мен барлаушылар қатарындамын. Біздің әскер басымыз Логинов деген кісі, өте байсалды, тәрбиелі адам, көптен бері бірге жүріп, талай қанды ұрыстарды бірге өткізген қызыләскерлер өте ер, айқасқан жауын алмай қоймайды деп мақтасады. Логинов жүрген жерінің бәрінде елді жинап, совет өкіметінің, большевиктердің,— ұлы Лениннің кім екенін, нені көздеп, алдарына қандай мақсат қоятынын үнемі түсіндіріп отырады. Қызыләскер қатарына кіргеннен бері мен де жаңа өмір туралы көп нәрсені аңғарып қалдым, әсіресе Ленин аты маған тым жылы, тым жақын көрінеді.

Жолшыбай пәлендей уақиға бола қойған жоқ. Ақтар «анда кетті, мұнда кетті» деген хабардан аяқ алып жүре алмайсың, тоналған ауылдар өте жиі ұшырайды. Әдемі киім, бағалы заттардан бастап, семіз жылқы, ерттеулі атқа дейін сыпырып кеткен. Біздің қол түс кезінде бір орыс поселкесіне кездесіп, сонда біраз тыныстайтын болды-ау деймін, үй-үйге бөлініп түсе бастады. Біз де бір кедейлеу үйге келіп түстік. Барлаушылар отрядының командирі Захаров мені жақсы көреді. Өзі бұрын қазақ арасында тұрған болар, ептеп қазақша да біліңкірейді. Жаңа ғана орналаса бергенімізде Захаровты үлкен бастықтар шақырып әкетті. Захаров лезде қайта оралды, біз барлау жұмысына аттанатын болдық. Бетіміз қазақ ауылдары, суыт жүріп келеміз, алдымыздан бұйраттар, кішкене қойтастар мен төбелер кездесіп қалады. Мұндай кездерде отряд тоқтайды, Захаров бұйраттарға шығып қарауыл қарайды, әлденелерді анықтайды, кейде қасына біреуімізді ертеді де, өзі ілгері кетіп қалады, ол қайтып оралғанша біз тынығып, бой жазып қаламыз. Міне, алдымызда таулар мен ормандар көрінеді, бұл жердің таулары өте ықшам, әдемі, қатар-қатар тізбектеліп, созыла береді. Кейде сандықша-сандықша кіші таулар саты-саты боп тіркесіп жатады. Тау етектеріне жамырай біткен орман, әуелі қызыл шіліктен басталады да, тауға өрлеген сайын жыныс орманға айналып кетеді.

Алыстан қарағанда бұл сурет көз тұрсын, көңіл тоймас сурет емес пе! Тау мен ағаштар бірін-бірі безендіріп, әшекейлеп, түрлі түсті құбылыстарға бөлеп тұр. Тіркес-тіркес тізбектеле мұнартқан таулар сұлу ма, болмаса ақ қайыңдар мен қарағайлары, шіліктері мен тобылғылы талдары араласа өскен орман сұлу ма! Оншасын бірден айыра қою өте қиын. Табиғат шебер, сұлу, данышпан ғой! Оның құдіретімен жасалған дүниеде не керемет, не тамаша жоқ. Мен далада тұрғандықтан ба, қалай, табиғат зейнеттерін жаныммен беріле сүйемін. Менің көз алдымда табиғат құбылып, сайрап кетеді, алдымда тұрған өмірдің бәрі жанды секілді, олардың нәзік, терең сырларын, сұлудай сырлы көркін мен басқа жұрттан ерекше бір сезім жолдарымен ұғатын тәріздімін! Мені ақындарша сөйлейді екен деп сөге көрме, ежелден осылай сөйлейтін әдетім бар, кім біледі, маған да табиғаттың бергені аз емес шығар, бірақ соның көбін төгіп, шашып, іске ұқсата алмаған жайым бар ма, қалай!.. Адам бойында толып жатқан жақсылық, өнер нышанымен қатар, ысырапшылдық, көрініп тұрғанға қызығып, соның маңынан шықпай айналшақтау деген сияқты қырсықтар да аз емес қой. Әйтеуір сен не десең о де, сенің алдында тақылдап сөйлеп отырған шалдың бары осы... Бірді айтып бірге кетіп бара жатқанымды қарашы! Сонымен біз әлгі таулы, орманды тұсқа келгенде, Захаров отрядты тоқтатты:

— Мына бастаушы (проводник) қазақ, осы таудың арғы қойнауында үш үлкен ауыл бар дейді, аралары бір-бірінен 15—20 шақырым болса керек, ақтар осы ауылдардың бірінде болуға тиіс деді. Содан кейін отрядты үшке бөлді, түн ортасы ауа бергенде осы арадан табысамыз деп өзі оңға қарай бет алды. Мен Ғалау дегенге ердім, біз бес адамбыз. Әрбір топ өз жөндеріндегі тау қойнауларына сіңіп жоқ болды. Ымырт жабылмай ауыл қарасын алыстан болса да көретін жерге жету керек, әйтпегенде түн ішінде тау мен орман арасында адасып кету оп-оңай емес пе! Бізді бастаушы жігіттің айтуына қарағанда, ауыл тау бауырын етектей орнаған. Бұл елдің сол жағын сырттай отырған тағы да бірнеше ауылдар бар. Біз ағаш-ағаштың арасымен жүріп отырып, күн еңкейе бергенде бір кішіректеу жартастың түбіне келдік, азырақ аялдап маңымызға көз жібердік, жартас қасында адамның, аттардың ізі байқалады. Ғалау аттан түсіп шыңның басына ептеп өрмеледі, біздің жүрегіміз дүрсіл қағады, кім біледі, жартастың аржағында мылтықтарын құрып тастап ақтың солдаттары бізді қарауылға алып, тырп еткенімізді аңдып отыр ма! Соғыс жағдайында нендей кереметтер болмайды!

Ғалау әлден уақытта қайтып келді. Ауыл осы жартастың ығындағы кішіректеу бөлек таудың бауырында екен. Сезікті еш нәрсе көзіме түскен жоқ, әйтсе де аттарды осы жартасқа қалдырып, бөлек тауды баспалап ауыл адамдарын аңдиық, мүмкін қас қарайғанша біреу-міреу маңымыздан өтер, болмаса күн батып, қас қарайған соң ақырындап ауылға кіреміз де, бергі шеткі үйден ақтар жайын толық сұрап білерміз. Әзірше сақтанған жөн, кім біледі, ақтар осы ауылда шығар. Ғалаудың бұл сөзін бәріміз де дұрыс көрдік. Бұқпалап барып төртеуміз бөлек таудан орын алдық та, ауылдан шығар адамдарды аңдып отыра бердік.

Ауыл өмірі өзінің кәнігі қалпында тәрізді, әр үйдің мұржаларынан түтін будақтап шығып жатыр, менің мұрныма пісіріліп жатқан нанның, асылып жатқан семіз еттің исі келгендей болады, анау бізге жақын тұрған шеткі үйде барқыт қамзол киген сұлу келіншек екі жеңін сыбанып алып қамыр илеп жатқан секілді. Тіпті оның келбеті, жүріс-тұрысы менің көз алдымда айқын, ашық, әне оның қос етек көйлегі көлең-көлең етеді. Әне, ол маған қарап ақырын ғана күлімсіреп: «Құрбым! Тау басында несіне тоңып отырсың, үйге кір, тамақ іш!» деген сияқты. Мен ауыр күрсінемін, үйден аттанғаныма онша көп болмаса да үйді, тыныш өмірді, пеш аузында маздап жанған отты, сорлы анам мен інілерімді сағынған секілдімін. Жаңа білдім ғой!

Күн де батты. Біз ауылдан шыққан пендені сезгеміз жоқ. Үйлер арасында қыдырып жүрген бірен-саран бала-шағадан басқа ешкім көзге түспеді. Ел әбден орынға отырды-ау деген кезде біз аттарға келдік, аттарды күзетіп отырған солдат, біз кеткелі ешбір адам көрінген жоқ, ешбір бөтен дыбыс естілген жоқ деп хабарлады. Ғалау екеуміз қатар, алда, қалған үшеуі артта келе жатыр. Маңай тым-тырыс. Ауылға жақындап қалдық, ақтар мұнда жоқ екен ғой деген сенім бәріміздің жүрегімізге бірдей орнаған, енді дабырлап сөйлей бастадық. Ғалау cap желіске салып айдай жөнелді, мен де қатарласып келе жатырмын. Кенет қара түнді қақ жарып пулемет даусы қарсы алдымыздан сарнап қоя берді, біз жалт береміз дегенше жан-жақтан мылтық дауыстары шыға бастады. Менің атым әлденеден шошып солға қарай ала жөнелді, атпен алысуға шамам жоқ, еркіне жібердім, ауылдан қуғындар шықты білем, шапқан аттардың дүбірі түйдек-түйдегімен шығады, тұс-тұстан мылтық дауыстары лезде жауды да кетті. Мен қашып келемін, жолдастарым қайда екені белгісіз, тек олардың да қаша жөнелгені есімде. Алдағы бір тау жықпылдарына келгенімде атым желігін басайын деді, сонда да мен шірене тартып әрең тоқтаттым, артымда қуғыншы дыбысы естілмейді, алдымнан кездескен бір шатқалға жасырынып тұрып тың тыңдадым. Маңайым құлаққа ұрған танадай. Шатқалдан шығып жан-жаққа қарадым да, беталысымды анықтадым, енді жолдастарымды баяғы жиналуға уәделескен жерден таппасам басқа жерден кездесе қоюым мүмкін емес. Тәуекел деп тау арасымен жорта жөнелдім. Түн қараңғы, жападан жалғыз мен келемін, не ұшқан құс, не жортқан аң жоқ! Кейде етектерден жазық кездеседі, кейде қойтастар тәрізді дөңестерді басып тау араларына кіресің, әлде бір шатқалдарға түсіп кетесің, міне осылайша кейде аяңдап, кейде желіп мен келемін. Алдымнан үлкен жартас көрінді, қызық! Әлдекімге еңкейіп екі қолын бірдей созған еңгезердей дәуге ұқсап еңкейе біткен, созылып тұрған екі қол тәрізді сүйрігі бар, дәлдеп айтқанда қол емес жілігінен кесілген екі шынтаққа ұқсас. Мен қалқайып тұрған жартастың астынан өте бердім, сол сәтте бір құдірет мені ат үстінен балаша жұлып алды да, аспанға көтеріп әкетті, есім ауып кетсе керек, бұдан кейін не болғанын сезбедім... Бір мезгілде құлағыма: «Өзі қазақ қой, тегінде әскерге тіленіп кірген-ау! Байғұс, есін жинай алмай өліп кетер ме екен! Байқамаған екенсіңдер!» деген қазақтардың сөздері естіледі. Мен екі көзімді аштым, білте шам жанып тұр, қасымда толған адамдар, бір кішіректеу үйдің төрінде шалқамнан жатыр екенмін...

ТҰТҚЫН

Көзімді алғашқы ашқанымда жөнді еш нәрсе айыра алмадым, көз алдым бұлдырап, әлденелер ербиіп маған төніп тұрғандай, бірақ, нелер екені белгісіз... Көзімді жұмып қайта ашқанымда маған тесірейе, телміре қарап отырған екі-үш адамды анық байқадым. Біреуі ересектеу, қалғаны жас жігіттер, ересегі қою қара мұртты, ықшам ғана дөңгелете қойған сақалы бар, қара кірпіктері ербиіп, шүңірейген көздерін жаба қойыпты. Қайратты көздерден шашыраған от ұшқындары тым әріден, тереңнен жылтырайды, менің көзіме қаулай жанып тұрған от қызуын самсаған торлармен қоршап қойғандай. Одан басқаларының жүздері маған әлсіз шам жарығынан жөнді көрінбейді...

Екі қолыммен аяғымды ептеп қозғадым, аман сияқты, тек қана басым мең-зең. Осылай тағы да ойда, үнсіз біраз жаттым да, қаным кеуіп бара жатқан соң су сұрадым, бір уілдірдей жас жігіт маған су әкеліп берді...

* * *

Шүңірек көз қара мені тергеуге алды, мән-жайымды сұрап, әбден егжей-тегжейіне дейін қалдырмады, мен де жасырмай шынымды айттым. Жолдастарымнан қалайша бөлініп қалғанымды баяндағанымда шүңірек көздің кірпіктері жалын атып, екі беті сұрланып, біразға дейін үнсіз отырды, алдында отырған мені мүлде ұмытып кеткендей екі көзін бір ашып, бір жұмып ойға кетті.

— Қызылдарға өзім тіленіп кірдім дейсің бе?

— Иә.

— Біздің жігіттер сені қатеден ұстапты, қызылдарда бұл елдің кегі жоқ. Ақтар жәбір көрсетіп, тонап, жазықсыз адамдарды өлтіре бастаған соң, бас қосып қаруланып едік, оның үстіне «Жезмұрт» деген бәле шығып бір топ әскерімен осы ауылды талап, Ақылбай дегеннің қызын тартып әкетті. Бұрыннан ашуы алқымдарына тығылып тұрған ел жігіттері, кенеттен кек алу шешіміне тоқтап еді, санап қарасақ қару тым аз екен, содан кейін осы бүгін түнде осы ауылға кірген 20-30 адам ақтарды өлтіріп қару-жарақтарын алды. Енді «Жезмұртты» қумақпыз, ол Қостөбе деген жерде жатыр деседі, өзі бір барып тұрған қаныпезер болса керек, күні кеше сол маңдағы елдерді талап, екі-үш адамын атып кетіпті. Саған мұны айтып отырған себебім бар. Біздің ішімізде әскер өнеріне жетік бір де бір жан жоқ, өзің бөтен бала емес көрінесің, бізбен бірге «Жезмұртты» ұстауға барсаң қайтеді. Егер тірідей ұстап алсақ қызылдардың қолына бергіміз келеді, сонда сен де өз жолдастарыңа аз олжамен қайтпайсың.

Шүңірек көз осыдан кейін менің жауабымды күтті ғой деймін, үнсіз отырып қалды. Мен де лезде жауап бере қойғаным жоқ. Бір сәтте басыма әлденеше ойлар келді, егер босата қалса өзіміздің адамдарды қайдан, қалай табамын, жалғыз іздеп жүріп тағы бір пәлеге душар болсам қайтемін... міне, бұған жалғаса көз алдыма қару-жарағы жоқ момын елді жәбірлеп жүрген «Жезмұрттың» сұп-суық мейірімсіз келбеті елес береді. Мына жігіттермен бірге соған бар, сол жауызды құртыңдар дегендей құлағыма әлдеқайдан үн келеді. Кейде «Жезмұрт» дәл көз алдыма менің әкемді өлтірген офицерге, менің құныкеріме ұқсайды. «Бару керек!» «Жоқ, қайту керек!» деген екі ой қабаттасып біріне-бірі бой бермейді, мен қай жағына ауарымды білмей дел-сал боламын.

— Сенімен көп сөйлесіп отырар уақыт жоқ, біздер қазір аттанамыз, егер бізге ергің келмесе жөніңе жүре бер!

Мен ұйқыдан шошып оянғандай селт еттім. Сол сәтте бұлар барып ұрыс жүргізетін жерден өзімнің жолдастарымды да тауып алуым оңайырақ болар-ау деген бір ойдың ұшығы керіне қалды.

— Жарайды, барайын,— деген сөздің аузымнан қалай шығып кеткенін сезбей де қалыппын.

ЖОРЫҚТА

Қарулы елу шамалы жігіт бауырынан жарап тұрған бір-бір сәйгүлікпен жорта жөнелдік. Топтың ең алдында манағы менен жауап алатын шүңірек көз, оның аты Сәдуақас екен, қасында екі жігіті бар, біреуі маған су әперген әдемі, талдырмаш ақ сары жігіт — Шәкен, тағы бірі көмір қара, төртбақ — оны Бұралқы деп атасады. Сәдуақас мені өз қасына алды. Ауылдан шығысымен ол жігіттерін он-оннан бөліп, әр топтың бастықтарына жүрер жолдарын тәптіштеп ұғындырды, табысар жерді белгіледі, жолда ақтарға кездесіп қалсаңдар, ұрысқа кірмей жалтарып, адастырып кетуге тырысыңдар, ал жолдарың болсын, бөгелмей тез жету шарт, істің кілтін бәріңнің мезгілімен түйісулерің шешеді. Осы сөздерді айтып, Сәдуақас жігіттер тобын аттандырып тұр, ең ақырғы топпен бірге біз де жөнелдік. Алдымызда оның өзі, осы сапарға бұл ауыл өте ұқыпты дайындалса керек, сайлап мінген аттары мен Сәдуақастың сыңайы соны аңғартты. Айсыз түнде, тау арасында аттар аяғын өте жеңіл басады, бәрі де ыңғайлы, жүріске берік. Сәдуақас та өмір көріп, ысылған, бұрын да қанды жорықта болған адам ба деймін. Өз шешіміне сенімді, алған бетінен қайтпайтын қайсар, көзқарасы мен сөйлеген сөзі күш, қайратқа толы. Түн жамылып жортып келеміз, артымызда талай-талай асулар мен бөгеттер қалып барады, осылардың бәрінен Сәдуақас өте бір ептілік, асқан шеберлікпен алып өтеді. Бытыра мен шиті мылтықтан басқа бұрын қолдарына қару алып көрмеген осы адамдар, қорлау мен зорлықтың ызғары сай-сүйектерінен өткен кезде батыр да, ер болған, өлімге бас байлап, кек алуға аттанған. Алған беттерінен қайтар емес, не жауды қиратып есесін алмақ, не сол бір намыс пен ар жолында қызыл қанға батпақ. Онсыз тоқтар бұлар жоқ! Алдарында не тұр, өмір ме, өлім бе? Оны болжап білу қиын! Әсіресе мен үшін осы сапар түгел жұмбақ, алды-арты тұйық бірдеңе. Мен еріп келемін, бірақ осы жорықтың мән-жайы дегеннен білетінім ауылдың жазықсыз адамдарын өлтіріп, тонап, аяулы қызды, біреудің ет жүрегін жарып шыққан балапанын, сүйікті, уыздай үлбіреген пәк жанды, асыл жанды тартып әкеткен. Жас пенденің ұясынан айрылған балапанның аянышты үні ұйқыда қалғып отырған ел азаматтарын оятып күреске, майданға шақырған, осы жорық сол зарлы үнді, тұтқында отырған сорлы жанды іздеп шыққан саңлақтар жорығы. Міне, менің білерім осы. Сәдуақас әзір бұдан басқа ештеңе айтқан жоқ. Әлі жортып келеміз, жол-жөнекей бөтендей бір уақиға бола қойған жоқ. Түн ортасынан ауған шақта бір қақпа тастың маңына келдік. Сәдуақас кенет тоқтай қалды да, секіріп аттан түсті, бәріміз де қарғып жерге түстік, жан-жағымыз үйдей тастар. Атын жетелеп Сәдуақас тасты айнала берді. Біз де аттарды жетелеп соңынан ердік, қақпа тастардың аржағы қуыс екен, жан-жағын шыңдармен қоршаған осы бір алаң Арқанын, мал қамайтын өте кең шарбағына ұқсайды, төрт қабырғаға ұқсас біткен жартастар, ортасы үлкен, кең алаң. Алаңға тығылған адамды дәл үстінен шыққанда болмаса аңғарып болар емес. Бізден бұрын мұнда алдыңғы топтар тегіс келіп жеткен екен, олармен сөйлесіп, істің мән-жайына толық қанған Сәдуақас:

— Ауыл адамдарымен хабарластыңдар ғой! Ақтардың жанын әбден білдіңдер ме? Осы түннің сертті түн екенін Ғайни (Жезмұрт қолындағы қыздың аты Ғайни екен) біледі дедіңіздер ме?—деп қайталап сұрады. Сәдуақастың қасында тұрған ұзын бойлы ақ сары жігіт: — Бәрі де орындалды, ауылдан келген хабаршыны жаңа қайтардық, құдай бұйырса істің сәті болар,—деп жауап берді.

Бұдан кейіп Сәдуақас жігіттерді үш топқа бөлді, әр топқа басқарушы тағайындап, барлығының міндеттерін түсіндірді, егер кенеттен атыс басталып кетсе қаша жөнелмеңдер, жауға қарсы оқ атыңдар, табанды берік болыңдар, егер кейін шегіну керек болса өзім хабарландырамын, жанынан қорыққандар осы бастан бұл іске араласпасын, атыс болып жатқан кезде бір қорқақтың ойбайын салып қаша жөнелгені барлық қыршын жастардың ажалы болады және кім де кім қаламын десе қазір айтсын, мұндай іс құрбандықсыз болмақ емес!

Осы сөзді айтып Сәдуақас біраз үнсіз тұрды, шаршы топтан еш адам жауап қатқан жоқ, әлден уақытта біреу:

«Үйде тыныш жатқанмен жан қалмайтынын осы көптің бәрі өз көздерімен көргендей болған жоқ па, енді артқа қарар жөн жоқ, бастаңдар, сыбағамызды алып, жастығымызды жастана құлармыз»,— деді. Барлық жігіттер осы сөзді мақұлдағандай болды, ызалы топтар біртіндеп орындарынан қозғала бастады, мен Сәдуақастар тобында қалдым, біздің бетіміз «Жезмұрт» сұмның түскен үйі...

* * *

Жер үсті құлаққа ұрған танадай, түн әлі де тастай қараңғы, ай туар кезге әлі де біраз уақыт бар, ісіміз оңға басса жарар еді, ауыр жолдың алдын болжау қиын ғой, алға тосқан нысанаға түзу жеткенше, көңілге орнаған ой орындалғанша нелер кездеспейді! Бөгетсіз даңғыл дегеніңіз асу бермес, асқар болуы ғажап емес қой, мынау жым-жырт дала қойнында ие пәле жатқанын кім болжамақ! Аз да болса соғысты көріп қалғандығым ба, менің ойыма толып жатқан күдіктер ұялайды, менің көз алдымнан талай қауіп-қатерлер тізбегі өтеді. Біз жүріп келеміз. Кейде жер бауырлап, кейде еңкейіңкіреп алға жылжимыз, Сәдуақас бір кездері тоқтап жата қалады да тын тыңдайды, сонан кейін тағы ілгері бастайды. Бізден бөлініп кеткен топтардан әзір хабарымыз жоқ, не болар екен? Немен тынар екен бұл сапар?

Бір кезде алдымыздан қарайған үйлер көріне бастады, біз жүрісті жылдамдата бастадық. Ауыл сыртында күзет жоқ сияқты, жұрттың көбі ұйқыға жатқан, тек қана әр жерде бірер үйдің терезелерінен әлсіз шам жарығы сықсияды. Шеттегі бір шым үйдің тұсына келдік. Сәдуақас Бұралқыны сонда жұмсады, біз мылтығымызды оңтайлап ұстап оның оралуын күттік, не хабар әкелер, тегі бізді шеттегі елмен байланыстырып тұрған арқанның бір ұшы осы балшық үй тәрізді. Әр адам тілсіз, тұрған жерінде қатып қалған, біреуге біреу сыбыр етпейді, қасыңда тұрған тірі адам емес, шешуі қиын жұмбақ, оның нені ойлап, дәл осы сәтте неге бекіп тұрғанын болжау мүмкін емес!.. Қазір кенеттен атыс басталып кетсе, кім нендей қайрат көрсетер, нендей амал жасар? Меніңше ор адам осы тұрғанда өз жайын ойлап, өзі істер ісіне бекініп, өз қайратының жетер мөлшерін шамалап тұрғандай; Өзгені білмеймін, мен қазір осыны ойлап өз тағдырыма үкімімді дайындап тұрмын... Бұралқы қайтып оралды, бөтен хабар әкелмеген болар, біз солға қарай бұрылып тез-тез жүре бастадық. Ендігі әр қадам алда тұрған қауіп-қатерге барған сайын бір табан жақындата бермек, мен өз жайым арқылы қасымдағы серіктерімнің сезім-күйін білгендеймін, тұлабойымды әлденендей орасан бір күш қапсыра ұстап алып қысқандай, жүрегім аузыма тығылады, біресе денем шымырлап, өнебойым безгек жайлағандай қалтырайды, алқымымды басып, денемді кернеген үреймен алысамын, жан тәтті емес пе! Арман, үрей, ақыл мен сезім ашық майданда! Міне, осылай біз келеміз. Бір үлкен ағаш үйдің тұсына жақындағанда Сәдуақас бізді тоқтатты. «Жезмұрт» осында екен, бірнеше адам терезе тұстарында қалатын болды, біз қора жақпен үйге кіретін болдық, я сәт! Ісіміз оңға басса екен!

* * *

Мен зып беріп қақпадан кірдім де, бір қараңғы бұрышқа жасырына қойдым, есіктің маңдайшасына фонарь қыстырыпты, онда жыпылықтап май шам әлсіз ғана жанып тұр, аласа баспалдақтардың біріне қисая кеткен солдат отырған күйінде ұйқыға кетіпті. Мылтық даусын шығармай жайратайын деп оңтайлана бергенімде далада мылтық дауыстары жамырап қоя берді, тегінде біздің жігіттер ізін білдіріп алған-ау! Солдат ояна кетіп, қақпаға қарай ата бастады, көк желкесінде тұрған мен оны атып түсіріп, үйге қарай ұмтыла бергенімде үй ішінен дүркін-дүркін мылтық даусы шықты, әлдеқайдан қаңғып келген оқ тиіп, фонар әйнегі күл-талқан болды, әлсіз де болса жанып тұрған май шам жалт етіп сөне қалды. Мен үйге қарай ұмтылдым, есікті ашып жіберіп кіріп келсем, үй іші тастай қараңғы екен, көзге еш нәрсе көрінер емес, терезенің қақпағын жауып тастаған. Үй неше бөлме, ауыз үйден кейінгі бөлмелер құрылысы қандай? Міне, мен бұларды жолдастарымнан сұрамаған екенмін! Не істеу керек! Далада атылған мылтық даусы тым жиілеп барады, әсіресе осы үйдің маңында атыс үдей бастады, мен жүгіріп қораға шықтым да қақпа түбіндегі үйілген ағаштарды паналап алдыма көз жібердім, бірнеше ақтың солдаты бізге жақындап қалыпты, алдыңғы біреуін нысанаға алып ата бастадым. Менің қатарымда оңды-солды біздің жігіттер екен, олар да атқылап жатыр. Ауыл қым-қуыт, тұс-тұста атылған мылтық, анда-санда біреулердің айғайлаған дауыстары келеді. Біз де қасарысып беріспей жатырмыз, мылтық өте жиі атылып, ұрыс қыза бастады, жан-жақта жамыраған мылтық даусынан кімді кім атып жатқанын біліп болмайды. Қалың атыс бір кезде он шақты, одан кейін бес-алты, бара-бара жалғыз-жалғыз жекелеген атыстарға айналды да, кенет тына қалды. Бізді бастырмалап жатқан ақтар тобы да бұдан кейін бетін аударып шегініс тапқандай. Атыс мүлде тоқтап қалған жоқ, қақпа алдын, терезе маңдарын әлі де атқылап, бізді уысынан босатпай қысып-ақ тұр, әйтсе де манағыдан көрі тартыс бәсеңдеу. Мылтығымның бес оғын шығарып болып, бір тізбек оқты оңтайлай бергенімде оң жағымнан жаралы адамның ауыр ыңырсыған дауысы шықты, неге екенін білмеймін тұлабойым шымыр етіп, жүрегіме үшкір бірдеңе қадала қалғандай болды, орнымнан тұра жүгірдім. Жетіп келсем баяғы маған су беретін Шәкен деген бала жігіт мылтығын кезеген қалпында құлап түскен. Келе сала басын көтеріп жарасын қарадым, оқ оң қолына тисе керек, қан саулап ағып тұр, жеңін шешіп жіберіп көйлегінің шүберегімен орадым да мықтап байлап тастадым. Содан кейін жерден көтеріп алып, қораға енгіздім, бұл кезде таң бозарып үй маңындағы атыстар алыстап бара жатты, мен Шәкенді қора ішіне орналастырып қақпадан шыға бергенімде алдымнан Сәдуақас кездесті, ол да бір қолын белбеуімен мойнына таңып алыпты. Түсі өрт сөндіргендей, қиналған жүзінде шаршап, талу емес, өршеленген ыза белгісі тұр. Есік алдындағы ұрыс басылып, жігіттер қашқан ақтарды қуып кеткен екен.

Ол маған «жүр!» дегендей ым қақты, мен Шәкеннің жаралы болғанын айтып та үлгірмедім, айбынды әкесінің соңына ерген жас баладай Сәдуақасқа ердім де жүре бердім, екеуміз ағаш үйге кіре бердік.

* * *

Біз ішкі есікті сындырып, ішкі бөлмеге кірдік. Бір жағы ашылып қалған терезе қақпағынан бөлме ішіне аздап жарық саңылауы түсе бастапты. Сәдуақас төрге қарай ұмтыла беріп: «Сұмдық, сұмдық!» деп өз-өзінен айғайлап жіберді. Әлі еш нәрсесін жөндеп аңдай алмасам да, Сәдуақастың үрейлі даусы маған адам айтқысыз бір ауыр күйдің қорқынышты кейпін көз алдыма әкеле жатқандай көрінді, денем лезде шымыр етіп, екі өкпем алқымыма тығылды. Жан түршігер бір оқиғаның болғанын сезе қалдым, мен де Сәдуақасқа жақын таяна бердім, төрде сәкі үстінде ыңырсыған бір жанның әлсіз үні естіледі. Сәдуақас сол үн шыққан жаққа қарап мелшиіп қатыпты да қалыпты. Мен қасына келгенде ол ұйқыдан шошып оянғандай селк ете қалды...

Бір ғана терезеден түсіп тұрған әлсіз жарық бөлме ішінде қара көлеңке тартады, нәзік қана шыққан адам дыбысы үзіліп барып қайта жалғанады, ақырғы дем, ақырғы тыныс... Енді бұрылып қарасам Сәдуақас қараңғылау тартқан бұрыштағы әлсіз жанды алдына алып, жансыз бетіне телміріп отыр екен. Оның екі көзінен жас тамшылары тынымсыз құйылады, еріндері күбірлеп әлденені қайталайды. «Жаным, сәулем, қош!» деген сөздер менің құлағыма келеді. Мен оған жақындай түсемін, міне мүлде таянып келдім, ашық қалған жарты қақпақтан сықсия қараған нұр біртіндеп бөлме ішін жайлап барады. Қарсы алдымда Сәдуақас отыр.

Қатал, әмірлі ер жігіт лезде майысып, лезде күйреуге бет қойды, өлімге қарсы шапқанда, қайыспаған белі, қайтпаған жүрегі бір сәтте жасып, күрт сынды. Сәдуақастың ендігі кейпі жау түсіретін ерден гөрі басына қара жамылған қайғылы жарға, қасіретті анаға ұқсас... ол анда-санда даусын созып «Ғайни, жаным, енді менің күнім не болар, қош!» деп қайталағанда менің де жүрегіме аяныш ұялап, көзіме жас тығылады. Сәдуақас, Ғайни жайлары мен үшін шешусіз бір жұмбақ. Жұмбақ болса, бола берсін! Қимас жанын жоғалтқан ер қайғысы кімді тебірендірмес! Жауыз-ай, нағып қана өлімге қиды екен! Нағып қана абзал жанды қор етті екен!..

Адам азбасын десеңізші, азған жан қымбат, таза дегендерді керек ете ме! Оның жүрегімде аяу, сүю, өкіну, ұялу сезімдері қандай болмақ! Ол нендей аяулыңды аяққа басып, нендей қымбаттарды күйретпейді!

Мені Сәдуақас зары әлдеқандай бір ауыр, ащы мұңға батырды, менің екі көзім Ғайнида, оның көркін жеткізіп айту тым қиын, күнәсіз адал нәрестенің ақ беті әлі де өзінің ересен сұлу кейпін жоймаған. Мұндай кіршіксіз ақ жүздің тамаша сипатын мен бұдан бұрын ешқайда ұшыратқан емеспін! Түнде ғана жауған аппақ ұлпа қарда таң сәулесі ойнағандай әрі таза, әрі жұмсақ қыз жүзінде өмір сәулесі кете алмай қалып қойған тәрізді... Оның жансыз келбетінің өзі адамға аса сүйкімді, тым жылы.

Екі иығын жапқан қою қара шаш, маңдайдан тік тартылған келісті мұрын, ықшам біткен жұқа қос ерін, қиғаш тартылған жіңішкелеу қара қастар шын бір нәзік сұлудың сирек кездесер қияпаты ғой... өлім алдындағы жанталас, қорқыныш үрейі болар, қара көздері шарасынан шығып, ұзын кірпіктерінде жас тамшылары тұрып қалыпты...

Бір кезде үй ішіне кіре бастаған сырттағы адамдардың дыбыстары, дабырлап сөйлеген сөздері естіле бастады, Сәдуақас өліктің жанынан тұрып маған жақындады.

— Жүр, кетейік! Ендігісін өздері де реттер!

Ол есікке қарай ұмтылды, мен де ілесе бердім. Даладан бірнеше қарулы адамдар cay етіп төргі бөлмеге кірді. Сәдуақас оларға көңіл аударған жоқ, екеуміз лезде далаға шықтық. Дала жап-жарық. Мен маңайға көз жібердім, бұрынғыдай емес, осы бір шақта көптен мүлгіп жатқан қазақ даласы маған тым жылы, тым ыстық көрінді. Бұрын далаға қарасам баяу, үнсіз, тұйық өмірге көз жібергендей болушы едім, ал бүгін, дәл осы сәтте дала өзгеріп басқа күйге, жаңа күйге түскендей. Түнде өзім паналап жауға оқ атқан ағаштардан бастап барлық мені қоршаған дүние гүл боп жайнап, әнші құстарша сайрап кеткен, менің көптен ашылмай жүрген жүрек сырымды жаңа ұққандай, мен атқан оқ оны да сергітіп, оны да ұйқысынан оятып жібергендей.

Сәдуақас қарулы бес жігітті шақырып алып, бұйрық беріп тұр. Бұлар он басылар, қазақ арасында мұндай жігіттерді әрбіреуі ұстаса кетсе он адамға бой бермейтін мықты деседі, айтса айтқандай басқалармен салыстырғанда бұлардың түстері бөлек, көзқарастары өткір, қимылдары шапшаң, бәрінде бір-бір кескен винтовка, белбеулеріне көлденен қыстыра салған осы бір шолақ мылтық әрі жарасып, әрі өте бір айбын беріп тұр. Мен бұл жайды түн қараңғысымен байқамаған екем.

— Алдымен жаралылар, өліктер жөнелтілсін, оның артынан қолға түскен ақ солдаттарын алып жүрерсіңдер, күзетшілерін. мықты болсын, бұл іске пысық жігіттерді бөліңдер, күзетшілер тобын, Қойбаған, сен басқар, жол-жөнекей солдаттарды жәбірлеуші болмаңдар, олар батыр қолындағы семсер емес пе! Біздің кегіміз семсерде емес, батырда! Қаз ашуын тырнадан алмай-ақ қойсын! Мен мына Тоқсанмен бірге төтелеп кетпекпін. Жолда сақ болыңдар. Басқару ісін Бұралқыға тапсырамын, ендігі шаруаны осыдан сұраңдар, ал жолдарың болсын, ауылдан табысармыз!

Сәдуақас осы сөздерді айтып, жігіттерді жөнелтіп салды. Жұрт ауылдан қара үзіп кеткенше, біз қотанның бір дөңестеу биігіне шығып арттарынан қарап тұрдық.

ЕР СЫРЫ

Даяр тұрған аттарға қондық та, жорта жөнелдік. Шынын айтсам менің ойым Сәдуақасқа ере беру. Жаудан түсіріп алған жап-жаңа бесатарды (винтовка) тақымына баса салған Сәдуақас, біраз жолды үнсіз, қасқыр жортаққа салып, одан кейін бүкең желіспен қарбытып алды да:

— «Жезмұрт» терезеден қашып құтылып кетті, қырық күн қан жауса да ажалды өледі деген осы-ay! Иттің әлі де татар дәмі алда екен, бүгін кегімді алмаймын-ау деген ойым жоқ еді,— деді.

— Терезе алдын баққан жігіттерден қалай аман құтылып кетті екен?

— Құтылғаны сол, Нығмет дегенді өлтіріп те кетіпті. Жоқ, менен құтылмас, бар өмірімді арнасам да, «Жезмұртты» құртпай тынбаспын! Жер үстінде ол екеуміздің біріміз ғана өмір сүретін шығармыз...

Мына қолға түскен солдаттарды енді тыныш жатқан қазақтарға тимей, үйіме қайтамын деген ант берсе бет-бетімен жөндеріне қоя беремін, бұларда не жазық бар, «ат» десе атады, «шап» десе шабады.

«Солай емес пе»,— дегендей Сәдуақас маған қарады. Мен басымды изедім. Енді бір сөз сұрайын дегенімше ол тағы көкжал бөрідей жорта жөнелді...

Менің ойым шартарапта... Мен не көрдім! Сәдуақас пен Ғайни менің көз алдымда өткел бермес егіз дария, сыр білдірмес екі биік шың тәрізді. Сүйген жарлар ма, арманда кеткен екі ғашық па? Қадірлес құрбы, жанашыр туысқан ба? Кім айтар маған бұл сырды, кім шешер маған бұл жұмбақты? Тек қана Сәдуақас, одан басқа пенде бұл сырға ортақ болмауға керек. Түнгі өлік басындағы Сәдуақас зары осыны ғана аңғартқандай, тұйық бір жайды мезгегендей. Мен солай жорамалдаймын. Қалай білсем екен, қалай сұрасам екен?

— Тоқсан, менің байқауымша сен оқыған, көпті көрген жастың бірі сияқтысың! «Ана қазақтарыңа барып айт, бізге қосылсын!» деп, қызылдар әдейі сені бізге жіберді ме, онда менің әзірге ісім жоқ. Сен айтпасаң да біз қызылдарға қосылармыз, әйтпегенде мына аласапыран кезінде босқа шығын болып кету оп-оңай. Мен өзім де сенімен бірге бастығыңа кісі жібермек ниетім бар, бізді өз әскерінің ішіне қосып алсын! Бұл әңгіме өзіне басқа.

Неге екенін өзім де білмеймін, түндегі уақиғадан кейін сенімен оңаша сөйлесіп бір сырымды ақтарғым келеді де тұрады. Қанша қара тастай қатып қалғым келсе де еркім жоқ, сенен алыстайын десем әлденелер саған қарай итермелеп қайта қасыңа алып келеді. Мүмкін дәл саған ғана емес шығар, әйтеуір маңайымды қоршаған тірі жандардың біріне өз жүрегімді ақтаруға зәру сияқтымын. Айтарымды тегіс айтып болып еңіреп жыласам ба деймін. Көз жасын төгу де кәзір маған қажет шарттың бірі, әдетте жасық адам ғана егіліп жылайды, жас ездікті көрсетеді деседі, меніңше бұл қате болжау, қате тұжырым ба деймін. Болаттан жаралған шын ерді көз жасы жасық етпес болар, қайта жалындаған өрт қызуын басып, от жүрегін суытар да, қайтпас қайсар, майрылмас болат күйіне қайта әкелер... Көз жасы кейбір шақтарда ер жігіттің жүрек тынысы, қатты алған демі, қайта шақырар қайраты ғой! Ер мен ездің жас төгердегі айырмасы біреу-ақ: ез ел көзінше күңіренеді, басын көтере алмай, белін бекіте алмай зар шақырады, ер алты қырдың астында үнсіз, жалғыз, не жанашыр шын досының қасында мөлдір жасын бірер іркіп, қатты күрсіне дем алады да тоқтайды, сөйтіп күреске түседі. Сондай-ақ мен де көз жасыма, жүрек сырыма жалғыз сені куә етпекпін, саған ғана өз өмірімде бірінші рет ақтарылмақпын... Сен де бір сертке жарар азаматсың ғой, тыңдар жайдың егжей-тегжейін өзін түйіндеп, өзің шеш, не десең де мен саған барымды баяндауға бекіндім!

* * *

— Неден бастап, саған қалай ұғындырсам екен? Көңіліңде сайрап тұрған күйді сөзбен айтып шығу тым-ақ қиын. Суға кетіп бара жатқан адамдай-ақ ойына түскен сөздің анасына бір, мынасына бір жармасып босқа шаршайды кісі. Қанша мехнатпен табылған сөздердің бәрі де көңілде тұрған ойды жеткізе алмас, жалындаған жүрек сезімін ақтара алмас!

Мен сөзді, әңгімені ауыл шешендерінен көп тыңдаған жанмын, бірақ әрқашан да сол әңгімелердің мен үшін әлдебір айтылмай, маған жетпей қалған қырлары бардай, әлденені айтушы тастап кеткендей болады да тұрады. Соған қарап бірдеңе айтар кезде мен де жүрексіне беремін!

* * *

Адамға бақыт та, қайғы да күтпеген жерден кездесе ме деймін, өзгені қайдан білейін, тап маған солай кенеттен пайда болады. Жаңа жігіт боп бой түзей бастаған шағымда ауырмай, сырқамай бір түнде әкем өлді. Бұл менің басыма түскен ең ауыр қасірет! Өз әкесін кім жек көреді дейсің, әйтсе де мен әкемді шексіз ынтыға сүюші едім. Жиырмаға келгенше бала жүрегімен әке бетіне елжірей, еркелей қарау менің таусылмас арманым тәрізді еді. Әке мейірімі, ырзалығы мен үшін өте қымбат, өте биік. Ол менің қас-қабағыма қараған сайын, мені еркелетіп маңдайымнан иіскеген сайын, мен оны ренжімесе екен, менің бір оғаш мінездерімді көрмесе екен, мені сүйе берсе екен деп арман етуші едім, ол мені анда-санда үнсіз ғана сүйіп, қатты қысып құшақтайтын еді. Оның жылы жүзі, жұмсақ көзқарасы, маған әке жүрегінің кіршіксіз ыстық, таза мейірімін көрсетер еді. Міне, он жыл өтті, бірақ менің ол қайғым әлі сөніп болған жоқ, менің қадірлі әкемнің «Сәдіжаным!» деген бір ғана сөзіне төлеу болар қымбатты мен әлі көргенім жоқ. Жоқ, мен үшін әке жарасы жазылмайды, әке орны толмайды!

ЖҰМБАҚ

Күн кешке айналып бара жатқан кез еді, дала әлі де жарық, желсіз түнгі жаз даласын білесің ғой, қандай керемет! Жұмбағы көп, сыры бар. Батар кезінде сұлу күн табиғатқа ерекше бір көрік беріп, сан алуан сымбаттарға бөлейді, өз сәулесінің кереметіне малындырады, өмірге онсыз да құмар адам жанын әлденендей лепті, әлденендей құдіретті күшпен жоғарыға, өте биікке шақырғандай арбап ойнайды. Ұшқыр ойға тербеу салып, көңілге желік, сезімге қанат береді, қызықтырады. Сөйтеді де үлбіреген көк шатырға кіріп қыз тәңірісіндей ғайып болады.

Сіз күн нұрының осындай шақтарына көз жіберіп байқадыңыз ба! Есіңізге алыңызшы! Осы бір құбылыстың сезімге берер нәрін, жан күйіне қалдырар әсерін қалай топшылап, немен балауға болар! Мен өзіме қымбат, өз жүрегіме тым жақын осы күйді айтып ұғындыра білмеймін, тіл әлсіз, сөз сараң болады да тұрады. Сезім дүниесінің күші әрі терең, әрі ақылға сыймастай ғажайып қой!

Мен далада тұрдым. Ауыл кеше ғана көшіп қонған. Маңайым балауса көгал, қоңыр жел баяу есіп, ақырын-ақырын аяқ астымдағы көк майсаны қыдырады, менің де бетімнен сүйіп, қойны-қоншымды аралайды. Күндіз күнімен сарылып жұмыс істеген дене самал жел тиген сайын рахатқа батқандай. Ауыл-үйден қыз, келіншектердің күлкісі, жылаған баланың даусы шығады, бір жағынан ызалы қатындар мен бейбастақ жандардың ащы айғайы, кірлі боқтығы естіледі, бұл елдің күндегі әдеті. Мен әлі тұрмын. Әне, жыртық шапанды қара кемпір бір қап тезек арқалап үйіне қайтып келеді. Оның аржағында қашаған қуған біреу, тегінде жылқышы Жаналы болар, астындағы аты ыңғайлы екен. Қашағанды бұлтартар емес, құрықты көлденең ұстап жетіп-ақ барады, әне тастап та жіберді, бір мезет табанды үзеңгіге тіреп жіберіп оқыс тартып қалғанда, өмірде құрық көрмеген жер тағысы шалқасынан құлап түсе жаздады, тек артқы екі аяғымен серпіп аспанға шапшиды. Дәл осы бір сәтте кәнігі жылқышы құрық бауын асаудың сағағына қарай тез жылжыта қойды, қыл мойынға іліккен құрық енді қандай дәу пері болса да босатар емес, анадай жерде ноқтасын ұстап даяр тұрған ауыл жігіті тез барып құрыққа түскен қашағанды құлағынан басып ноқталап жатыр. Әне, ауыл сыртын ала қолдың саласындай жас ағаштар, мұны да ел адамдары қызыл ағаш деседі. Ағаш онша қалың емес, ұзындығы екі шақырымдай, қатар, түзу өскен өңшең ақ қайыңдар, арасы балапан қызғыл шыбықтарға толы, аяқ жағы қалың шілік, тобылғы-мойылдар. Мен кеше ауыл қонысымен аралап шықтым, кішірек болғанымен өте сұлу, сүйкімді ғой. Сол қызыл ағаштың бас жағын ала салт аттылар келеді, мүмкін осы ауылдан бір жаққа барып келе жатқан біреулер болар, болмаса байдың еріккен мырзалары мен ерке бикештер ме екен? Сізге айтуға ұмытып барады екенмін-ау, бұл елдің еркектері былай тұрсын, қыз-келіншектері де үнемі салт жүреді, тіпті кейбір бойжеткендер еркекше киініп алып, небір тамаша жорғалармен ауыл кезеді.

Сонау келе жатқан аттылар менің көңілімді бөле берді, бұрын бұл сияқты жандардың талайы келіп, талайы кетіп жатқанда ойыма да кіріп шықпайтын мен Қызыл ағаш басын өрлеп маған қарай жол тартқан осынау белгісіз адамдарға көзім түскеннен бастап-ақ жүрегіме әлденендей қобалжу кіріп, соларды көргенше асықтым. Бұл не ғажап! Алыстан сағынып күтердей менде кім бар? Жалғыз анам қасымда. Ендеше маған не болды, әлдекімді асыға күткендеймін. Кімді күтемін? Осы сұрауға табар менде жауап жоқ. Міне, аттылар таянып қалды, мен танымаймын, әйел адамдар. Сырға, білезік, сақина соқтырамыз деп келіп жатқандардың бірі болар, қазақ әдетінше амандық айтысып, үйге кірдік. Үй дегенім болмаса, менің баспанам да, зергерлік дүкенім де осында. Келген келіншек пен қыз, қасында бала жігіт бар. Ауқатты адамның қызы болар, маған алтын білезік соғып бер деп өтінді, істерім көп-ақ еді, әйтсе де өтінішін тастай алмадым, бірақ тым қыспауын сұрадым, қыз оған көнді. Неткен керемет екенін кім білсін, сөйлеген сайын қыз үні мені өзіне тартып, адам айтқысыз тамаша күшпен менің еркімді билеп барады, дәл осы кезде қыз не айтса соған көніп, не сұраса соны беретін жайым бар. Осы бір майда, ерке үн маған баяғыдан бері қымбат, баяғыдан бері сүйікті, асыл, бағалы тәрізді. Мен осы үнді, осы жанды көптен бері жоғалтып, таба алмай, сарғая-сағына күткендеймін. Міне, енді ойламаған жерден кез болып аса құмарлықпен тыңдаймын да таңырқаймын. Әлденелер түсініксіз, әлденелер бұлдыр сағым! Оған қарамастан белгісіз бір күш асықтырады: «тез, тез!»—дегендей болады. Анда-санда бір сөз айтқан қыз үнін мен таңдайым кеуіп сусын іздеген жандай сіміремін. Осы сәт, осы үн маған аңызақта ескен самалдай тал бойымды аралап, тіл жеткісіз рахатқа бөлейді. «Менің сағынышым, менің ынтызарым! Сөйлеші, тағы бірдеңе айтшы!» дегім келеді, бірақ тіл күрмеліп, тек жүрек лүпілі, жан сыры арқылы ұғысқандаймын, ол да менің жан күйімді ұға ма қалай, білегін өлшеуге (өлшеуін алмай білезік соғуға болмайды ғой) ұсына беріп төмен қарайды. Жаудыраған жанарын жапқан қою қара кірпіктер менің көзіме, терезеден маған қарап ұшқалы тұрған қос қарлығашты қамап қойған тордай елестейді. Мен тордан үңіліп қараймын, қалың, қою, аса жиі құрылған тор көздері қос қарлығашты тас қып жауып, маған көрсетпейді...

Олар аттанып кете барды, мен қала бердім. Бұл кеш менің өміріме әрі жат, әрі сонша қымбат өзгеріс әкелді, менің жүрегіме өшпейтін таңба салды. Бұдан бұрын үлде мен бүлдеге бөленген нелер сұлу бай қыздары келмеді ме менің дүкеніме? Нелер сиқырлы қара көздер ұрланып қарамады ма маған? Ал, солар не қалдырды артына? Өздері кетісімен бәрі де ұмыт болмады ма! Бір қара көздерді екінші бір жаңа көздер ауыстырып, бір сәт кірпік қаққандай ләззат қалдырып өтіп жатпайтын ба еді!.. Менің ержеткеннен бері көргенім де, баққаным да осы ғой. Мұндай жандардың бәрі маған зергер деп, мен оларға іс беруші ретінде қарайтын едім ғой, енді не болды! Бұл не күй? Бақытым ба, сорым ба? Жаңағылардың кеткеніне біраз уақыт өтсе де мен есеңгіреген адамша есікке қараған күйі тұрып қалыппын. Сорлы анам мені ауырып қалды деп шошынған-ау:— «Қарағым, Сәдіжан! Саған не болды, орныңа отырып, ісіңе жұмылсаңшы! Әлде бір жерің ауырып тұр ма? Өңің келіспейді ғой!» — деп мені құшақтай алды.

— Жоқ, апа! Еш жерім ауырған жоқ, тек әншейін... Осыдан басқа не айтарымды білмей орныма отыра кеттім, анам біраз қасымда тұрды да мен үндемегесін үйден шығып кетті. Күн де батты, үй ішінде аспалы жетілік там жанып тұр, мен әлі отырмын, қолым іске бармайды, көкірегімде әлденелер ұялап ауыр тартқандай. Басымда тұман, тұман ішінде тастай қараңғыда мен әлдекімді көңілмен, жүрекпен іздегендеймін...

* * *

Бала күнімнен менің алдыма екі таңдау тұрды, екі түрлі жол жатты, қай таңдауды алып, қай жолға түсемін? Кім боламын? Бұл мен үшін тағдырдың ғана ісі еді. Ішер асы, мінер аты, киер киімі даяр бала болашағы туралы қайдан ойламақ! Мен де еш нәрсе ойлағаным жоқ. Екі таңдауды да әке беріп, екі жолды алдымнан әкем сызды. Бір таңдауды қолыма ұстатып, бір жолға жетектеп салып қойды да, енді біреуін еш балада жоқ әдемі ойыншықтай қойнынан алып күнде көрсетер еді де, қолыма бермей тығып қояр еді. Мен берген таңдауды алдым да, алдыма тартқан сүрлеуге (әрине, жол емес, сүрлеу) түсіп ақырын жылжи бердім, бірақ, ой-арманым әке қойнындағы ойыншықты алу, соған не болу ниетінде жатты. Әке әперген таңдау, әке қақпайлап салған жол: оқу, молда болу жолы еді. Әке қойнында қалған «ойыншық» әкемнің өнері, күнделікті істер кәсібі еді. Менің әкем тамаша, атақты зергер еді. Мен сол бір өте нәзік, өте әдемі әке қолынан шыққан заттарға қарап қызығушы едім, маған олар басқа бір балаларға арнап істелген баға жетпес көркем ойыншықтарға ұқсаушы еді. Менің алғым келуші еді.

Оқу жолында әке, шешем менен қаржы, қаражат аяған жоқ. Таңның атысы, күннің батысы демей дамылсыз еңбекпен сарғая отырып тапқан табысын менің жолыма арнады, мен де еңбегін босқа жіберген жоқпын. Зерек, инабатты бала атандым. Қысқасы мен көп оқыдым, көп үлгердім, араб тілінде шыққан кітаптарды қалай болса солай түсінетін дәрежеге жетіп, Қазаннан айдалып келген Ибраһим деген ғұлама адамнан парсы тілін үйреніп жүргенімде әкеден айрылдым. Осыдан кейін оқу мүлдем доғарылды. Мен молдалық жолынан шығып, әке жолына, зергерлік жолына түстім.

— Неге олай еттің? Молдалық саған ұнамады ма деп сұрай көрме! Оған берер дәл осы кезде менде жауап жоқ еді. Айтарым сол, табиғат адамды басқадан гөрі бір нәрсеге аса икем, аса ынтық етіп жарата ма деймін, мен қанша жақсы оқығаныммен осы зергерлік ісіне жасымнан құмар, жасымнан ынтызар болдым. Сабақтан босап үйге қайтқан кездерімде әкеме көмектесемін, әкем кейбір жеңіл-желпі деген істерін маған тапсырады, менің зерлегеніме, суарғаныма қарап отырып үнсіз ғана күрсінетін еді. Мен бірдеңесін бұзып қойдым ба деп, қысылып:

— Аға, неге күрсіндіңіз? Маған зергерлікті қимай, молдалықты сыйлаған өзіңіз емес пе! Әкеліңіз келіспей тұрған жерін қайта жасайым,—дегенімде:

— Балам, осы сенің молдалығыңнан зергерлігің басым ба, қалай? Қондырған зерлеріңде менде жоқ бір өрнектер, қараған көзді өзіне тарта қоятын бір керемет күш, әдемі сипат бар сияқты, темірді суаруың да өте шебер, соған қарап жайнамаздан көрі саған мен тартып келе жатқан дозақ оты тым жақын ба деп күрсінемін,— дейтін еді. Ақыры айтқаны келді, мен зергерлік соңына мықтап, біржола түстім. Саған айтайын дегенім бұл емес еді, тек ғашықтық қиссаларын, қолға түскен араб, парсы шайырларының жырларын барынша көп оқысам да, 27 жасыма дейін ғашықтық, біреуді аңсау, сағыну дегенді өз басымнан кешіп көрмегенімді жол-жөнекей кездескен кейбір сұлулар жүрекке із тастамай өте шығатынын ғана айтпақшы едім.

Ал, міне, әлдеқайдан келген бір белгісіз қыз менің ұзақ жылғы тыныштығымды бұзып, салқын қаныма қызу беріп, суық жүрегіме от тастады. Неліктен, бұл кімнің әмірі, кімнің құдіреті?!

Адам өмірінде түсініксіз күйлер де көп қой, соның ішінде алуан сырлы, нәзік, тым елгезек жан сезімі кейде өз тамырын ұстатпай, өз болжауын сездірмей әуре етпей ме! Мен кешеден бері сол жан күйінің сүле аурудай сергелдеңіне тап болдым, қолыма алған ісім оңбайды, ойым әлдеқайда, себепсіз елегізіп тың тыңдаймын, бұрын көрмеген, білмеген біреуді іздеймін. Маңайымнан көре алмай, даладан, алыстан келер ме екен деп күтемін. Тысқа шығып қызыл ағаш жаққа көз жіберсем кешегі салт аттылар келе жатқандай болады. Шамасы ауырған болармын, денем күйіп бара жатқандай! Апа, төсек салшы, жатып дем алмасам болмас!..

AHA ҚҰШАҒЫ

Төсегі құрғырға неге ғана жаттым екен! Аз да болса жаным жай табар ма, әлдеқалай тап болған қыз елесі жоғалар ма деген үміт. міне, мүлде жоқ болды. Өнер қызығын арқау, зергерлік атағын жүрегіне нәр, басына бақыт тұтқан Сәдуақас бүгін соның бәрінен айрылды, енді қанағатшыл көңілді елегізу, қобалжу басты. Жарқыраған өнер қызығын күңгірт тұман, шытырман ой басты. Төсек үстінде көз жұмбай мен жатырмын. Көзінің қарашығындай жалғыз ұлының кенет өзгерген халін көріп тәңірге жалбарынғандай мұңды, үрейлі ана отыр.

Төсек маған жеңілдік әкеліп, бойымды сергіткен жоқ, қайта үстімді торлаған бұлтты қоюлатып, ауыр салмақпен екі иығымнан жанша берді. Бір ойды тағы бір ой басып, көз алдымнан қыз бейнесі кетпей қойды, көзімді жұмсам: «Ағай, білезік соғып беріңізші!» деген әдемі, ерке үн келеді де, ақ уілдір, абзал қыз жұмсақ қана балғын білегін маған тоса қояды, сол сәтте жүрегім аласұрады, әлденендей жылы, әлденендей тәтті леп бетімді шарпиды, ақырын соққан қыз жүрегінің дүрсілі құлағыма келіп, қыз кеудесінің қысыла тартқан демалысын естимін...

Міне, үш күн, үш түн өтті...

Бұл күндер менің бар өміріме тең, ауыр салмақты. Бұрынғы мен түскен даңғыл жол енді кезеңі кеп қияларға, асуы биік қыраттарға айналып барады. Тыныш қана бір қалыппен мені тербеген өмір енді дауыл ұрған дарияға ұқсайды, қайда бара жатқанымды өзім де білмеймін, бірақ ескі сүрлеуден бұрылып, басқа бір ізге түскелі тұрғаным анық. Бұдан бұрын әке мен ананы ғана сүйген бала жүрегіме әлі сыры тұйық, сүйер-сүймесі белгісіз қыз тағдыры байланды. Мұның арты не болмақ? Қазақ дегені болмаса, өз тілегінен, өз қалағанынан басқаны сыртқа тебетін, бір туласа мойны астына түспей тоқтамайтын қыр баласы сенің жайың маған ертеден мәлім, қырық ру, қырық құрау болған сен мені әлі қабылдай қойған жоқсың. Сенде жат мінездер, оғаш көріністер көп қой, келгеніме екі-үш ай болған мені «қарауыл бала, зергер жігіт!» деп атауың да осы мінезіңнен болар.

Қыз не дер? Ел не дер? Екеуі де әзір тас қараңғы түн сияқты. Мен ақырын жылжып, бірте-бірте сол тас қараңғы түн қойнына кіріп бара жатқандаймын. Түн артынан жарқырап күн шыға ма, әлде алаулап өрт келе ме, онда менің ісім жоқ, тек ілгері басамын, тек жақындай түсемін. Өйтпеске амалым не! Жүрек әміріне қарсы тұрар бұл дүниеде кім бар!

* * *

— Құлыным, жүдеп кеттің ғой, жалғызым, таянышым! Құдай сені қандай дертіне душар етті. Сорлы анаңның көрейін дегені осы ма еді? Бір сен деп, сенің қызығың деп қалқақтап жүрген басым тағы да не сұмдыққа кездестім? Сенен айрылсам күнім не болмақ! Уа, жаратқан құдірет! Жалғыз баламның алдында ала көр!

— Жыламашы, зарламашы, апажаным! Сен қорқатын ештеңе жоқ. Менің денім сау, тек қана жатсам-тұрсам ойымнан кетпей жүрген бір ғана жай бар, сол есіме түскен сайын ұйқым қашып, мазам кетеді. Ол науқас емес, шешуі қиын жұмбақ, сыры да, кілті де алыста, әлдекімнің қолында, кешікпей жұмбақ та шешілер, мен де айығармын. Қорықпа, жылама, апатайым!

Істеп отырған жұмысымды тастап, сорлы шешемді құшақтай алдым. Ол да мені жас нәрестедей көкірегіне қысып, бетімнен, көзімнен кезек-кезек сүйді, тізесіне қойып, басымнан сипады. Мен шалдуар баладай еркелеп ана алдында көзімді жұмып жата бердім. Үстімді басқан ауыртпалық біртіндеп сейіліп бара жатты. Сонау кіршіксіз таза, әдемі өмір өз құшағына ала қойғандай. Күн санап алыстап бара жатқан балалық шіркін, алаңсыз қайта оралғандай тал бойымды тәтті, ыстық күй басып, көңілім жадырайын деді. Ана құшағының қымбат, мейірімді сазы мені маужыратып, тербеді. Мен зергер Сәдуақас емес, кішкентай Сәдіжан болдым. Өзі өлмей өшпес ана жүрегінің оты, өмір бақи сарқылмас ана махаббаты әрі жылы, әрі рахат самалындай соқты, менің жаным жай тапты. Мен ұйқыға кеттім...

«Әке — күш пен қайрат, ана — балаға ізгілік пен махаббат»,— деп шығыс данышпандары текке айтпаған-ау!

ШАРТ

Саған айта кетейінші, мен бұл ауылға кірмемін. Егер Меңдібай қос аттап кісі жіберіп, шақыртып алмаса бұл жерді өмірде көрмеуім де мүмкін ғой. Қызын ұзатқалы отырған алтын, күмісі көп байға атақты зергер керек болса керек, бай қолы ұзын емес пе, әркімнен сұрастырып жүріп мені тапқан болар. Біздің ел Көкшетаудың солтүстік-батысында, міне мен сонан келдім. Келгеннен бері талай жайларды бастан еткіздім, мына түндегі екеуміз куә болған уақиға сол аз уақыттар ішіндегі мен кешірген уақиғалардың жалғасы болар, бірақ ең соңы болмас. Ал тыңдай бер, мен баяндай берейін.

...Ауылына келісімен бай, бәйбіше шақырып алып істер ісімді айтып, төлер ақыға дейін қадағалап келісті. Соның артынша бәйбіше қызының ескі білезік, сақинасын маған әкелді де:—Шырағым, осыларға лайықтап бұл қызға керекті деген істеріңді соғарсың, баланың өзі келе алмайтын болғансын әдейі үлгі болсын деп әкеп отырмын. Шешеңмен екеуіңе ішер сусын, жейтін тамақты керегінде алдырып ішесіңдер, болмаса барып ас үйден мезгіл-мезгіл тамақтанып тұрсаң да өз еркіңде, ас табылады бұл үйден, не ішіп, не жеймін десең де ауырсынатын біз жоқ. Әйтеуір Зұлқия жанға соғар заттарыңды ел көзі сұқтанардай ықыласпен тындырсаң болғаны, жат жерге кеткелі отырған бала ғой. Әдейі осы сөзімді оңашада есіңе тағы бір салайыншы деп келдім. Отағасымен ақысына келістіңдер ғой, егер ойдағыдай етіп шығарсаң мен де құр қоймаспын, жалғыз қызымнан аярым жоқ. Тек алла істер ісіңнің сәтін берсін!

Айтарын айтып, бәйбіше кетісімен мұның қызы қандай екен, бір көрер ме еді деген ой маған сап ете қалды. Адамның жастық шағы қызық-ау, сол сәтте көз алдымда ұзын қара шашты, аққұба қыз, қара көздерін маған қадап: «Құрбым, міне мен, кел алтыбақан тебейік, зергерлік ісін қайда қашар дейсің, асықпа, мен де асықпаймын!» деп күлім қаққандай болады, мен де оған қарап күлімсіреймін.

ЗҰЛҚИЯ

Бір күні бай қызына соғар білезіктің өрнектерін ақ қалайыға түсірдім, әлдебір өрнек тізбектерінің қисынын келтіре алмадым білем, төккен зер гүлдерінің кейбірі өзіме ұнамады, көп отырдым, көп ойландым. Өзіме белгілі қала шеберлерінің көптеген мәнер, айшықтарын, зергерлік үлгілерін алдыма жайып тастадым да, ойға кеттім.

Зергерлік тамақ асыраудың амалы ғана емес, адам бойына біткен өнердің бір түрі ғой. Істер ісіңнің кілті тез табылса, шеккен өрнек гүлдері бірін-бірі шешіп ойнап тұрса, көңілің тасып, қолыңа алған ісің орала кетеді. Ал қолға алғаннан қыбын таба алмасаң, ойыңа алғаның тым бұлдыр, өте көмескі болса, қабағың жабылып, бойың жадырамай әуре боласың. Қашан жоғалтқаныңды тауып, зер сырының өте нәзік, өте ойнақы келбетін көргенше жаның жай таппайды.

Осылайша өзіммен өзім қаптаған ой үстінде, жоқ іздеген жандай дел-сал болып отырған кезім еді, есіктен әлдекім кіргендей болды. Апам үйде жоқ еді, мүмкін сол шығар, мен басымды көтермей отыра бердім. Әдемі кесте нақыштарын, өрнектер мен оюлардың ең бір келісті мүсіндерін таңдап алып, оларды зергер көзінің аса қырағы, аса қатал сынынан, зергер жүрегінің сезімге өткір талғампаз елегінен өткізу қиынның қиыны, сап күміске сепкен зер нақыштары шым жібектен төгілген кесте жіптеріндей қараған көзді аса сұлулық құдіретімен тарта қоймаса, адамның жан сезіміне тиіп құмарлығын, ынтықтығын қыздырмаса, шебер қолынан шыққан істің олақ болғаны дей беріңіз. Істелген іске мін тағар, айып табар жанның әрқашан да көп болатынын мен бала кезімнен білемін. Ондайда шебер қолынан шыққан затты «жақсы», «жаман» деуге өткір сезім, алғыр ақыл, көпті көрген байыпты көз керек екенін аңғарушылар сирек болмай ма! Ақшалы мырза, дарақы бикеш, мейманасы тасыған бай — зергер соты, зергер тағдырының қожасы. Менің қорқарым да, үміт артарым да осылар, бұларға тек мінсіз ісіңмен қатар өз айтқандарын екі етпейтін мінезіңмен жағасың. Әр елдің өз тәңірісі бар, соның айтқаны жөн, соның айтқаны биік, асыл. Бұл төңіректің құдайы Меңдібай. Менің жаным әзір соның қолында, оның әмірі маған заң. Менің оған ұнар-ұнамасымды қызына соғар білезігім шешпек. Бұл осы ауылдағы бірінші ісім, бірінші қарлығашым. Бұрынғы істеген зергерлік өнерімді көріп отырып, Меңдібай:

— Жаман емес екен, бұл жұртқа соғып берген сақина, білезіктерің ғой, ал біздің балаға қалай соғарыңды өзің білесің, тіршілік болса оны да көзбен керерміз!— деген.

Оның бұл сөзінде: «Жұртқа бұрын соққан істеріңнен маған деген өнерің асып түспесе болмайды, ойлан»,— дегендей астар жатыр еді. Оның үстіне бұл сөз маған күш пен құдірет менің қолымда, мен аяусыз қаталмын, мені әлде бірдеңелермен алдай салармын деме дегендей суық ызғар белгісін де көрсеткен. Өнеріңмен бірге ауыр дәулетің болмаса аспан мен жер ортасында жіп-жіңішке қылға асылып тұрған жандайсың. Әлдеқалай саған қаһарын төккен бір мырза соғып кетсе, қыл үзіліп кетеді, сен омақаса құлайсың, тірі қалуың екі талай. Егер тірі қала қойсаң бұл соққыдан басыңды көтеріп оңалу жеңіл болмайды. Сондықтан күн райына жалынған егіншідей, жуандар мен малдылар райына қарап күн көрмесе болмайды. Алыстан қарағанға бишара, момын көрінетін қазақ даласының бұл айтып отырғаным көп сырларының бірі. Жасымнан қалада өстім дегенің болмаса, сен де қазақ баласысың, тыңдап ұғып ал. Өмір адамды қайда сүйремейді, менің айтқандарымның бірі кей тірлігіңе керек те болар. Мықтылары әлсіз, момындарын күн сайын талап жеуден көз ашпайтын қазақ даласының мұң-зары, жүрек шері көп қой.

Осы бір қалың ой маңайымды тұмандай қаптап, әрі қиял мен арман, әрі ертеңгі қолға алар білезік жайы мазалап басымды көтере алмай отырдым да қойдым.

— Зергер, басыңызды көтермейсіз бе! Сонша ынтыға қарағандай киіз үстінде не жоғалттыңыз?

Кенет шыққан бөтен дауысқа жалт қарасам, қасымда қыз отыр. Кірген шешем екен десем, мен танымайтын біреу болғаны, оның үстіне әдемі киінген қыз болғаны қайран қалдырды. Менде жұмысы болып келген тағы бір ауқатты адамның баласы болар; үстінде ақ жібек көйлек, жеңіл ғана ақ барқыт қамзол, басында үкілі тақия, барқыт қамзолдың алтын оқалары күн нұрымен құбылып жарқыл қағады, құлағында қымбатты сырға, саусақтары толған жүзік. Не қызға қарарымды, не оның өте сәнді киімі мен асыл моншақтарына қарарымды білмей састым, қыз да құмарынан шыққанша қарасыншы дегендей біраз үндемей отырды. Екі беті қызыл күрең тартқан, маңдайы ашық, нұрлы құбылыс жылы лептен көрі салқындық әсері басым қоңыр көзі күлімсіремей жай ғана қарайтын осы қыз біздің босағадан кірген сұр жыланға ұқсайды. Қыз бетіне таңырқап қараған маған ешбір себепсіз үрейлі, қорқыныш аралас сезім пайда болды. Бір қарағанда сүп-сүйкімді, тіпті сұлу деп те айтуға жарайтын қыз қияпатының басқа адамдардың көзі шалмайтын астарлы, тұйық сырын мен ашқандаймын. Бұл не? Тіл қатысып сөйлеспей, жан сырын жақын білмей күдік оты жүрегімде қайдан, қалайша тұтанды! Жеңілдік, ұшқалақтық па, ойлап отырған ойымды бұзып, істеп отырған ісіме бөгет болғанына наразылық ызасының белгісі ме? Түсіну қиын. Қыры көп, сыры терең адам мінезінің кейде өзіне түсініксіз жәйттері де көп пе деймін.

Екеуміз салқын ғана амандастық. Мен жөн сұрадым. Меңдібай қызы Зұлқия деген осы екен. Ол қазақ қызына бітпеген батылдықпен қысқа сөйледі. Сыртқы суықтығына қарағанда үні, сөз мәнері біртүрлі сүйкімді, майда сияқты, оның айтқандарын тыңдап отырып ақылға емес, байлық құдіретіне арқа тіреген астамшылық сөздердің өктемсіген екпіннің ызғарын сезбеуге болмас еді. Алдымда жатқан зер кестелеріне мұрнын шүйіре қарап, «Ана біреуі Мәдинаның білезігінде бар, ал мына біреу тым бедерсіз екен, ортада жатқандарының кестесі тым ұсақ па, қалай? Енді мынасы маған келіспейді»,— деген секілді толып жатқан «кінәраттарды», күдіктерді бастырмалатып айтып шықты.

— Қарындас, қазір сіздің сөзіңізге жауап беру тумаған баланы ұл ма, қыз ба деп таласумен бір теңдес, істелмеген іс туралы алдын ала сөйлеуді жаратпайтын едім, сізге арнап соғар заттарымның қандай болуы керек екенін бәйбіше мен ақсақал маған ескертіп еді, соғып шығарғансын сынап, мінеп, жаратсаңыздар аларсыздар, ісім ұнамаса қайтып кете беруім оп-оңай ғой.

— Ибай, о не дегеніңіз, сіз кетсеңіз басқа біреу табылар, малға кім келмейді, дүниеде зергер құрып қалды дейсіз бе?

— Жоқ, зергер құрыды дегенім емес, әншейін сөздің реті келгенсін айтып жатқаным, қыз балаға ашулану келіспейді, одан да жарастық жақсы.

— Пішту, шіркін! Менімен жарасқандай нең бар. Дәмеңіз зор екен.

— Сізбен теңесу бізге қайдан келсін, бір аймақты аузына қаратып отырған бай қызына, әлдеқайдан келген жалғыз атты зергердің теңдес болмасын айтып түсіндірмей-ақ білерміз, жас болғансын қалжыңдап жатқаным ғой,— деп сөз аяғын тұжырғым келді.

— Бәсе, солайша жөніңе көш, маған соққан заттарыңды өзім ұнатпай, өзім көрмей алмаймын.

Зұлқия тағы да осы әлпетті сөздерді айтып шығып кетті.

Дәулет теңсіздігі маған осы қыз арқылы өзінің тағы бір қырын көрсеткендей болды. Басың алтын, ақылың дария, өнер иесі болсаң да сен тұңғиық түбінде малтығып жүрген сорлысың, өмір қыры биік, ол биікте бай, мырзалар, дәулет буымен бұла болған ерке бикештер тұр. Сенің өнерің оларға өз атақтарын, өз салтанатын біреуден асыру үшін керек. «Тең теңімен, тезек қабымен»,— дейтін қазақ мәтелі осыған арналған, маған өкім сөздер сөйлеп кеткен бикештің өзін еркін ұстауы да осы қағиданың күші болар... Тегінде байқап отырған адамға өмір әрі ақылды, әрі қатал, оның жұдырық-соққысы әке таяғынан да қатты, әке таяғынан да өткір, бұл таяқта көп мағына, көп сыр бар екен! Мен енді ұға бастадым!

РИЗАЛЫҚ

Зұлқияның білезігін соғып бергеннен бері бай мен бәйбіше маған бұрынғыдан гөрі жылы шыраймен қарайтын болды.

Шынында да білезік өте әдемі еді. Оны соғып шығару маған да оңайға түскен жоқ. Талай ірі шаһарларды кезіп, жәрмеңкелерде тартысқа түскен жырынды, қу, әрі әдісқор қыр көкжалын екінің бірі алдына кесе-көлденең тартатын тоқты-торымға тоқтай қою оңай ма? Шынтуайтқа келгенде ол өзі күнде көріп бауыр басқан тірліктің біріне де тоқтамайды, ере шыққан ту биенің етіне де мойын бұрмай жорта береді. Оны тоқтату үшін өз өмірінде тісі тимеген қызыл керек, көзі көріп, қолы ұстамаған тағыны керсе ол жерік асындай бас салады. Терлеп, рақаттанып қылғи береді. Сондықтан мен не де болса жаңа, соны бірдеңе табуға тиіспін. Онсыз менің күнім қараң!

— Не істеу керек?

— Ауыл кезіп бұл төңіректегі білезік, сақиналар мен күміс ер-тоқымдарды тегіс қарап шығу қажет. Ендігі менің соғар зергерлік істерім олардың бір де біріне ұқсамауы шарт. Мен осыған бет қойдым. Таңның атысы, күннің батысына қарамай ел кездім, бәрін де білдім, содан кейін осы жаңа білезік соғылды. Бұл мүлде өзгеше, бұрын көріп білмеген жаңа білезік еді.

Төккен гүлдер сәулетін, зер нақыштарының өте бір нәзік сипаттарын былай қояйықшы, білезік шығыршығының жиектерін қуалай қапсырған әдемі қос жібек жіп тәрізді алтындаған шынжырлардың түйісе келіп дәл сағадағы екі гауһар тасына шегеленуі, әсіресе, шам жарығында керемет әсем құбылады. Гауһар тастардың төгілген нұрын білезік гүлдеріне, зер нақыштарына лезде таратып, ойнап тұрған тәрізді.

Білезікті алғаш апарғанымда Меңдібай қолына ұстап отырды да, шам табағынан түскен сәулемен бірнеше түрге ауысып құбылып ойнағанын көріп: «Не деген ғажап! Бұдан артық жан бітірсін бе!» деп, басын шайқап біраз отырды. Қасында отырған он шақты бай, мырзалар да шуласып мақтап жатты. Бәйбіше өз разылығын айтып Зұлқияны шақырды, төргі үйден асқақтай басып көңілсіздеу кірген бай қызы әкесінің қолындағы білезікті көргенде қуанғаны сондай, төрде отырған үлкен кісілерге ибалық етуді де ұмытып кетті.

— Аға, маған берші,— деп әкесінің қолынан білезікті жұлып алды, сөйтті де әлденеден кенет шошынған жандай сұқтана қараған күйде үнсіз тұрды. Мен екі көзімді қыздан айырмай қадала қарап тұрмын, байлық буына піскен қатал, ерке қыз не айтар, әкесінің қуанышын қайталар ма, болмаса өркөкірек өзімшілдігіне бағып мін тағар ма? Жүрегім аузыма тығылғандай, тынысым тарылып, демалысым азайып бара жатқан секілді. Бай қызы менің осы ауылдан тапқан алғашқы дұшпаным ғой, оның маған айтқан сөздері әлі есімде, міне, сол сөздің түйінін енді дәл осы сәтте асығып күткендеймін.

Қыз үндемеді, тек қолындағы екі білезіктен көздерін айырмай қараған күйі жалт бұрылып, үйден шығып бара жатты. Мен телміре қарап қала бердім, ол есікке жақындай беріп мен тұрған босағаға көз қырын бір ғана аударып, тез басып шығып та кетті. Оның көзінде ойнаған жалын менің жүрегіме түсініксіздеу бір леп берді, әрі жылы, әрі жұмбақ қыз қарасынан мен қуаныш белгісін, шаттық ұшқынын байқадым. Оның үстіне тағы бір айтылмай, ашылмай кеткен сырдың ұшығы жылт еткендей бола қалды.

МЕҢДІБАЙ

Міне, осы кештің артынан Меңдібай анда-санда мені бала жіберіп шақыртып алады, өзі отыратын жасаулы үйінде қасына отырғызып, ризалық сөздерін айтады. Кейде дүкенге келіп құйған жүзіктеріме ұзақ қарайды, қолына ұстап айналдырып көреді де: «Құдай тағаланың рахымы күшті-ау, мына жесір шешеңді өлмесін деп саған зергер өнерін бере салыпты, әйтпесе біздің Қойбағар сияқты біреу боласың да қоясың ғой, сенің инабатты, өз ісіне өте ұқыпты жігіт екеніңді Көбелек қажы айтып еді, менің шақыртуыма да себепші болған сол кісі ғой. Өзің осы біздің ауылда қал, бұл төңіректе ауқатты адамдар көп, қолың істен бос болмайды»,— дейді. Осы тәрізді тағы да толып жатқан «жанашырлық» сөздерді көпіртіп айтып келеді де өз байлығына, өз дәрежесіне кешеді. Байлық мақтан жайын айтқанда екі көзі жайнап, ақсұр бетіне қан жүгіріп біртүрлі өзгеріп жүре береді.

— Сен білмейсің ғой берісі Қызылжар, Омбы, әрісі Петрембор (Петербург), Ташкент, Бұхар деген шаһарларда мені білмейтін, маған иіліп сәлем бермейтін пенде бар ма! Менсіз сауда қызбайды, менің атым аталмаған жерде іс оңбайды. Менімен таласар, менің алдыма шығар құдірет жоқ. Жеті атамнан бері арылмай келе жатқан байлық атақ, әзір шайқалған емес. Атам Қанай тіккен ақ орданың бір уығы сынып, бір керегесінің көзі шытынаған жоқ. Алты арысқа кеткен атам аты, аруағы бұрынғыдан да бетер көтерілмесе, төмен түскен жоқ. Біздің үйде алтын мен гауһар дегеніңіз жеткілікті, ерегессем ер тұрманымды сап алтыннан құйдырамын. Ердің алдыңғы қасына гауһар жаптырамын. Шырағым зергер! Біздің үйге соғар затыңнан алтын, күмісті аяма, өнерін жеткенше қолдан.

Кей күндері сөзін осылай бастап, осылай аяқтайды да, мен не дер екен дегендей біраз үнсіз отырады. Мен айтарға сөз таба алмай қысыламын, мұндайда өз көзінше кісі мақтап үйренбеген де қиын екен.

Бірақ бай менен мақтау сөз естімедім-ау деп қынжылмайды, айтайын дегенін тегіс айтып болады да орнынан тұрады. Соған қарағанда бұл сөздері дәл маған арналмаған тәрізді, өзі үшін, өз жүрегінің мансап шөлін қандыру үшін айтылатын секілді. Меңдібайға өз атағын, өз байлығын өлеңдей жырлап отыру күн сайын үш мерзім ішер асы, алар қуаты, онсыз байекең отыра алмайды, өмір сүре алмайды, көңілі тыныштық тауып, рахатқа батпайды. Мүмкін бұл мінез бай біткеннің бәріне ортақ, бәріне тән мінез болар, сонда да біздің Меңдібайда тым басым сияқты. Байлық мастығының уы Меңдібайдың қан тамырларын тегіс жайлаған, тал бойын кернеген, билеп-төстеп алған.

Ол ұзақ сөйлейді, мен тыңдай беремін, тыңдай беремін.

Өзінің сауда-саттық ісін қан базардың ортасында тұрғандай қызына, екілене баяндайды:— Сауда деген өнер, ақыл мен айланың таласы ғой,— дейді ол, содан кейін көріп отырған сырғаны әлденендей тәкаппарлықпен менің алдыма тастай береді. Бұл кезде оның жүзінде маған арналған мысқыл, әжуа қабындап сыртқа шыға бастайды, «менің қасымда сен де кісімісің, сенің өнер дегенің қайыршының әркімге телміріп қайыр тілегенімен тең ғой, қай мырза іс соқтырар екен деп екі көзің төрт болып отыратын сорлы сенің күйің маған аян, менсіз сенде күн бар ма»,— деген сияқты.

Оның кенет өзгерген қатал үнінен аяушылық пен мысқыл аралас сөздерді түйдек-түйдегімен естігенде менің тұлабойым шымырлап, қаным қайнайды, бірақ іштей тынып отыра беремін! «Зергер шырағым! (Ол менің атымды атауға арланады, өз үйіндегі жалшыларын да істейтін ісіне жалғастырып бірін қойбағар, бірін қозыбағар, енді бірін түйеші деп атау бұған мақтан секілді). Менің айтқандарымды құлақ түріп тыңдап отырсың ба? Тыңдағаның жөн, кім біледі, әркімге білезік, сырға соғып жүріп байып та кетерсің, сол кезде менің айтқандарым саған ұшан теңіз пайда келтіреді, байыдым деп асып-тасып кетпе! Мына Меңдібайды есіне ала жүр»,— деп қарқылдап күледі де, орнынан тұрып асықпай жәйімен аяңдап үйден шығады. Бай болғансың оның үстіне Меңдібай болғансын, жалғыз жүре ме, қасында бір-екі жандайшаптары болады ғой, олардың міндеті бай күлсе бірге күліп, бай қабағын шытса бірге шыту емес пе! Міне, сол итаршылар Меңдібайдың маған айтқан соңғы сөзіне мәз болғансып, маңайды жаңғырықтыра күліп бара жатады. Мен қараша үйдің киіз есігін жартылай ашамын да ит мінезді екі аяқты айуандарға қарап ұзақ тұрамын. Көз алдыма мен туған, өскен осынау байтақ өз елімнің тағдыры, ауыр халы, надандық пен қорлық тұзағында кешкен бейнеті елестейді. Оқығандығым ба, болмаса жас жүрегімнің тым нәзіктігі ме, әлденендей бойымды ауыр күй басады, көкірегім қысылғандай болады да жүрегім шаншып ауырады...

***

Меңдібай ауылындағы менің өмірім осылайша өтіп жатты. Жан ауруынан адам өлген бе, құр сүлдерін сүйретіп, ызаға булығып жүре бересің. Бұл күй кімнің басында жоқ, анасынан туысымен жоқшылық көріп бай біткеннен жәбір тартқан даланың жарлы, жақыбайлары өз жүректерінде қайнаған кек жалынын өз өмірі үзілгенше сыртқа бip шығара алмай кетіп бара жатқан жоқ па!

Сол бір көп арманды шерлі жандарды құшағына алған мына қиырсыз далаға — қазақ даласына тіл бітсе, зар мен мұңнан, қасірет пен қайғыдан басқа сен не істер едің.

Бауырым, Тоқсан! Менің бұл сөзім жасына жетпей қартайған, талып, шаршаған адамның сөзі.

Бала күнімнен қиссалар оқып, дуан аралаған менің санамда әлдеқайда бір ерекше сезім пайда болғандай, ол сезімнің тамырын әлі күнге өзім де дәл баса алмаймын, бірақ қазақ өмірі әрі аянышты, әрі мағнасыз бұлдыр тұманға ұқсайды да тұрады. Мен басқа дүниенің адамы тәріздімін, адамы тұрсын бұл даланың тоғай мен шөптері де — сен бөтенсің біз саған жатпыз дегендей. Ал, сол маған керек дүние, маған керек дала қайда! Оны кім береді, қайдан табам! Міне, бұл мен үшін шешілместей тас түйін жұмбақ. Қасыңда келе жатқан Садуақас диуана ма, жын ба? Әлде есінен адасқан делқұлы ма оны өзің шеше бер!

ТОЙ

Сәдібек деген орта ауқатты адам, жігіт-қыздарды шілдеханаға шақырды. Арнап шақырғансын мен де бардым.. Істейтін істерім әлі де көп еді, әйтсе де ойын-сауық кеудесінде жаны бар адамды қызықтырмай өзінің ыстық лебімен тартпай қойған ба! Ауыл, аймақтың қыз-қырқындары, жігіт-желеңдері тегіс-ақ жиналған екен. Қос ағаш үй лық толы. Мені төргі бөлмеге шақырды, бұл ауқатты адамдарға арналған бөлме болса керек, отырған жастар тегісімен сәнді киінген. Той бастап жүрген жігіт:—зергер келеді, мына жерден сырылып орын беріңдер деген әмірлі үнмен мені бір барқыт қамзол киген, таңқы мұрын, жуан қара қыздың жанына отырғызды. Мен отырысымен ойын лезде басталып жүре берді. «Орамал тастамақ», «хан жақсы ма», деген сияқты ойындардан кейін ән, күй басталды. Ел ішінде неше түрлі саңлақтар жоқ дейсің! Бірінен бірі өткен талай әншілер құбылтып шырқағанда басқа дүние барын ұмытып кетесің. Ойқастап көкке көтерілген жырдың мұңды сазы шым-шымдап бойды ерітеді, үй төбесінде қалықтаған ән әуесін жастар жерге түсірмей бірінен-бірі қағып әкетіп жатқандай. Бір жүректен зар төгілсе, бір жүректен ызалы у құйылады. Біреу сүйгенін жоқтаса, біреу малға сатылып бара жатқан қайғы-шерін айтады. Енді біреулер кездесе алмай, тілегің, жастық арманын айта алмақ жүрген сүйікті ғашығына арнап тіл безейді, сүйсем екен, сенің сүйіктің болсам екен дейді, басы байлауда тұрған сорлы қыз сүйдім деген құрбысына жауап ретінде өз халін баяндайды, кешір мені, ұмыт, мен саған жар бола алмаймын деп жалынады, өтініп сұрайды. Осы күйді, осы бір ауыр аянышты жан сырларын жастар бір-біріне ақын тілімен, ән сазымен жеткізеді.

Ойын қызуы Зұлқия маңында, өз кезектері келгенде жығылған-сүрінгендерге «жаза» беру, кейбір тоғышар мырзаларды ақ жаулықтар талауына айдап салу сияқты неше түрлі ойын кәдесіне лайықты іс те Зұлқия алдынан өріс алып, басқарушы жігіттің тегеуіріні арқылы орындалып жатыр. Осы төңіректердің Меңдібайдан кейінгі атақты байы Бегімнің есерсоқ баласы Хамит ән айтудан бас тартып, жанжал шығарайын деп еді: «Саудаласып керегі не, өлең білмесі бар, ойынға несіне келеді! Ақжаулықтар талауына беріңдер!»—деген Зұлқияның әмірі бойынша екі жігіт сүйреп апарып қатындар арасына сүңгітті де жіберді.

— Түйебас қылыңдар! Кел жабылайық, жан керек болса айыбын тартып өз басын сатып алсын! Әйтпесе басына жаулық кигіземіз!— деген бір қатынның өктем даусы бөлме ішін жаңғырықтырды.— Ойбай өлдім, өлдім,— деген мырзаның даусы шығады. Оның даусын естігенде қыз, жігіттер тобы қыран күлкі.

***

Мен ауыз үйге шықтым да шетте отырған біреудің қасынан орын алдым. Бір әйел ән салып отыр, оның даусы күшті емес, қоңыр ғана, дегенмен құлаққа жағымды, сүйкімді. Қасымда отырған жігіттен бұл кім деп сұрап едім:

— Кәмшат емес пе, соны білмей тұрсың ба?— деді.

— Кәмшатың кім? Мен оны қайдан білейін.

Ол бетіме тесірейе қарады да: «Бәсе Кәмшатты білмей тұрған кім десем, сіз екенсіз ғой. Бұл Кәмшат осы ауылға белгілі ақын әйел»,— дей салды. Мен Кәмшат әніне бұрынғыдан гөрі басқа бір құмарлықпен құлақ түрдім. Кәмшат өзінің әдемі қоңыр даусын үзілдіріп ән шырқайды, анда-санда домбыра сазына қосып ән аяғын қайырады. Жұрт ұйып тыңдап отыр. Мен де тыңдап отырмын. Қызық! Ән де, сөз де әрі салмақты, әрі мұңды. Осы әнді айтып отырған жан менің көзіме бұрын-соңды көрінбеген, құлағыма шалынбаған ел сырының тағы бір қырын алдыма тартқандай. Қазақ әйелінің ақыл, ойы неткен ұшқыр, неткен бай! Әлде бұл мен секілді жасынан оқып, қиссалар жаттап, әлдекімнің ойын өз ойындай, әлдекімнің жырын өз жырындай соғатын сорлы ма! Ондай адамдар ел ішінде аз болмас. Біреудің сыртынан пәлен екен деу қате болар, өзін де көріп сөйлесерміз, әйткенмен бұл әйелдің салған әні өз сарыны, өз күйімен тым өзгеше, тым салмақты, тым ауыр. Ән айтып отырған күйлер, ән толғап отырған жайлар қазақ арасында күн санап өтіп жатқан, болып жатқан күйлер ғой. Бірақ сол әр жерде, әр ауылда өз сарынымен, өз қайғысымен кетіп бара жатқан індет, кінәраттар, қайғы мен қасіреттер, қаталдық пен зұлымдықтар дәл осы әйел әнінде бастарын қосып бүкіл халық мұңына, ел қайғысына айналғандай. Мына ән жалғыз әйел жүрегі емес, барлық ауыл жүрегінен шыққан зарға ұқсас. Мені жайлаған ойлар, мені басқан ауырлықтар кілті осында жатқандай, маған таныс, менің жүрегіме жылы сарын. Мүмкін өмірге келген бар тіршіліктің егіз болатыны тәрізді маған ұқсаған қиял иелері де егіз болатын шығар, бұл әйел менің сыңарым шығар, мен секілді не керегін, не табарын білмей жүрген қарындасым болар! Басқалар сезді ме жоқ па, ал, мен осы әннен көп мағына, көп ұлағат алғандаймын.

Мен жылжып жаңағы әнші әйелдің қасына бардым, жиырма бес, отыздарға таянған, бетінде білінер-білінбес шешек дағы бар, қаршыға көз, әдемі жібек шәлі салынған Кәмшат менің сәлеміме ернін жыбыр еткізіп қоя салды.

— Әніңіз неткен жақсы еді.— Ол жымың етіп күлгендей болды. — Сөздеріңіз оқыған адамның сөзіне ұқсайды, қайда оқыдыңыз, кімнен оқыдыңыз?

— Ешқайда, ешкімнен де оқығаным жоқ. Оқымасақ та естір құлағымыз, байыптар санамыз бар, біз де жан емеспіз бе!

Менің сөзіме шамданды ма немене, оның екі көзі жайнап, шұғыл өзгерді. Бет әлпетінде ашу мен күштің ізі тұрғандай.

Ауыл өмірінде ойын, той ең қымбат, ең биік нәрсе ғой. Ойын, тойы кетсе бұл елдің несі қалады, қазақ ауылына біткен өлең-жыр, шешендік дәстүрі ақын ойының жүйрік лебі осы ойын, тойдан өсіп, қанаттанған шығар, біздің ел тұрмысындағы көптеген әдемі қағидалар, қазақ бойындағы өнер, ән мен күй, ойын-сауықтың бесігінде тербеліп өскен перзенттерге ұқсайды. Менің байқауымша солай, ал өзін ойлап қарашы, Тоқсан! Ойын болып жатқан үйде бастары қосылған жастардың арасында не айтылмайды, нелер шерлі жүректер өз күйігін сыртқа шығармайды. Қатар отырған қыз бен жігіт өз мұңдарын сөзбен де, болмаса аһ ұрған жүрек үнімен де сыртқа шығарады ғой. Өз басының халін торға түскен тотыға теңеп, ән шырқаған қазақ қызының мұңды даусы, бостандық сұраған ұлы жүректің қайғылы зары емей немене! Өнерпаз кедей жігіт кемдік, теңсіздігін осы арада жыр етеді. Ақын заманның азғанын баяндайды, күйші жаныңа батыра, тұлабойыңды шымырлатып әлденендей бір сазбен алысқа, қиырға шақырғандай болады. Ойын-той қазақ елінің мұң мен зары, арман мен өкініші бір сәт қана бірігетін жүрек сазының ой-өрістерінің құйылысар, қанатталар жері секілді. Мен ойын мен тойды жанымдай сүйемін. Маған бұл жер еріккен көп тобырдың бас қосқан жері емес, әр алуан өмір күйінің топтасқан тоғысы, ел жүрегінің дүрсілі болып елестейді. Шертер сыры, жан аянышы, боздаған көз жасы аралас әлдекімге жалбарынған, бас армандарын өлең, жырға бөлей ағытатын жастар сауығынын ұға білген жанға берері көп, салар салмағы да ауыр ғой.

Оңаша болғасын, әрі ешкімге айта алмай құса болып бара жатқансын бойымда жүргеннің бәрін қалдырмай ақтарып жатқаным ғой, мүмкін менің бұл ойларым саған қызық та болмас, ренжи көрме! Бөтен ел, бөтен жерде тусаң да бауырымсың, кім біледі, өз басыңнан кешіргендерің де аз емес шығар, сенің де жүрегіңде толып жатқан арманың бар, өкінішің мен қуанышың бар жан шығарсың! Адам басынан не кешірмеді, нелер етіп, не кетпейді. Соның бәрі тек сырласқанда, іштегіңді түгел шерткенде ғана аян болмай ма!

Осыдан кейін Сәдуақас кілт тоқтап, атының жалын он қолымен сипады, ақырын ғана күрсінді. Шынымды айтсам, дәл осы сәтте оған жауап қатар менде хал жоқ еді. Оның мұңды даусы баладай таза ақ жүрегін жарып шыққан қасірет күйлері мені мүлде баурап, тал бойымды билеген. Менде ой да, тірлік те жоқ, тек қана тыңдау, оның аузынан шыққан сөздерді сіміре беру, жұта беру қалған. Дәл бүгін сол қалпымды еске алсам, өзімді өмір бойы су көрмеген шөлге, Сәдуақасты шөл үстіне ақырын ғана бүркіп тұрған жауынға ұқсатар едім. Су тимей семіп, қурауға айналған менің жаным: «себеле, жауа түс, менде де албырап өсер гүлдер мен жайқалып тербелер көгал бар»,— дегендей еді. Оған көп жыл өтті, бұл көңіл түкпірінде өшуге, сөнуге айналған ескі білте шамдай әлсіз сәулені тұтатуға сен себепкер болдың-ау!

Тоқсан осы сөзді айтып маған қарады. Мен әңгіме үзіліп кетпесін деп: «Айта беріңіз, Тоқа, өмір әр адамның басына өз салмағын салмай өтпейді, тіршілік сонысымен де қызық қой»,— дедім.

Мен одан көзімді аудармай қарай бердім.

— Зергер осында ма? Шақырып жатыр,— деген әлдекімнің даусымен жалт бұрылсам ойын тараған, жұрт орындарынан тұрып жатыр екен. Кәмшатпен қоштасып мен де киініп далаға шықтым. Дала түнере қалыпты, тегінде жел тұрып, боран болуы да мүмкін-ау...

* * *

Далада тұрмын. Біреулер пар, біреулер сыңар жеккен, енді біреулер салт мінген, дүрліге жөнелісіп жатыр. Жастар емес пе, шаналысы да аттарына қамшы басып бірден-ақ жорта жөнеледі, ауылдан ұзап шықпай-ақ жарыс басталды, сөйтіп үйлеріне жеткенше қызық думан үзілмейді.

Меңдібай ауылының жігіт, қыздары әлі аттанған жоқ. Мен ілесіп келген жолдастарымды іздедім, олар шанаға аттарын жаңа жегіп жатыр екен. «Күн боратып кетпей ауылға жетіп алсақ жақсы-ақ болар еді, желдің терістен шығуын көрмейсің бе, бір соқса оңдырмай соғады»,— деді маған жолдасымның бірі. Мен де күн жүрегінің соғуына құлақ салғандай жан-жағыма көз қадап үнсіз тұрмын, терістен соққан жел кейде тына қалып, кейде жалт бұрылып оңға шыққандай мінез көрсетіп, құбылып тұр. Әрине желдің бұл ойнақшуы тегін емес...

Мені бір бала келіп шақырып кетті. Зұлқия шақыртыпты. Не айтпағы бар, қасына келсем әдемі сырлы қашауаның қасында тұр екен. «Сізді бірге қайтсын деп шақыртып едім, бізде орын бар ғой, жүріңіз»,— деп маған қарады.

— Жақсы, болса болсын.

Біз жүріп те кеттік. Ауыздығымен алысып тұрған қос ақбоз ойнақтап ала жөнелді. Бір қашауада екеуден екеу-ақпыз, оның үстіне қашауа үстін киізбен қоршағандықтан ба, қызбен екеуміз тым сығылып, тығыз отырмыз, бірақ менің басыма еш нәрсе кіріп шықпайды. Дәл қазір әрі сақау, әрі саңырау адамдаймын. Жортып келе жатқан екі ат анда-санда пысқырынады, мен жан-жаққа көз жіберемін, жер үсті аппақ қар, ұлпа қар емес, сіресе біткен тығыз, шымыр қар, жер бетін айқара құшақтап қатып қалған. Үйіріле соққан қатты жел сірескен қар көрпесін желпілдете қағып сілкеді, қар түйіртпектерін қуалап ойнайды. Кейде сақылдап күледі, кейде азынап айғай салады. Желдің осы бір мінезі мемім, көз алдыма көк долы қатынның әрі жылап, әрі айғайлап ауылды басына көтеретін сорақы мінезін көлденең тарта қойды, мен мырс етіп күліп жібердім.

— Неге күлдіңіз?

— Жәй.

— Айтуға болмайтын жәйт пе?

— Неге болмасын, бірақ сіз үшін оның ешбір мағынасы болмас.

— Неге?

— Өлі даланың бір мінезіне күлдім.

— Даланың мінезі болғаны қалай? Ол адам емес қой.

— Рас, мінез деген сөз аузыма қайдан түсті (менің өзімнің оқығанымды жасырғым келді) екен?— Иә, Қазаннан келген Ибраһим деген ғұлама кісі солай сөйлеуші еді, сонан естігенім есімде қалған болар.

— Айта бер! Даланың несіне күлдің, әлде жел боп келіп құлағыңа перінін қызы бірдеңе сыбырлады ма? Дәл осындай таң алдында пері қыздары қыдырады деседі.

— Сыбырлады.

— Не деді?

— Сорлы зергер-ау, бай қызының қасына отырдым деп несіне мәз боласың, бұл саған қазір-ақ көрген түстей болмай ма?—деді.

— Шын солай деді ме?

— Солай деді.

— Оның айтқаны келмесе қайтесіз?

Зұлқия мені құшақтай алды, ойыннан шыққан желіктің әсері ме, мен де қысып құштым да бетіне ерінімді тақадым, қыз ақырын сүй дегендей көздерін жұма берді, айналаны қоршаған өмірді лезде ұмытып кеткенім сонша, тек қана хош иісті жұпармен араласып кеткен қыз демінің әрі ыстық, әрі сүйкімді лебінен басқа еш нәрсені сезбеймін. Қос ақбоз жорта берсе екен, жол созыла берсе екен, мен осылай, тек Зұлқия құшағында ұйқылы-ояу отыра берсем екен. Осы бір сәттегі тілегім де, арманым да сол ғана.

Ауыл шетіне кіре бергенімізде жел әбден қатайып жаяу бұрқасын боранға айналды, осы жерден қал дегендей Зұлқия менің қолымды қаттырақ қысып, бетіме бетін тақады. Мен айқара құшақтап екі бетінен кезек-кезек сүйдім. Бұл кезде таң да бозалаң тартып қалған болатын. Міне, боран түтей бастады, қашауадан қарғып түсіп үйге қарай аяңдадым. Құтырған жел өнебойымды қармен атқылап, қысып ала жөнелді. Шапшаң басып мен келемін, үстім боран, аяқ астым шақырлаған қар, көкірегімде жанар, жанбас бір ұшқын, көз алдымда Зұлқия. Өңім бе, түсім бе?!.

КҮДІК

Зұлқия екеуіміздің арамыз өрмекшінің торындай шырмауық іздермен қаптай берді. Бұл іздің бас-аяғын табу енді менің өзіме де оңай емес. Қашан тоқталар, немен, қайда барып үзілер, ол жағын ойлаған мен жоқ. Сол бір келер күн жайын ойлайықшы, мына шимай шытырық іздерді өшірейікші деген Зұлқия да жоқ. Жалғыз ғана білерім көкірегім бос, жан жүрегімде Зұлқия салған от жоқ. Күн ұзын жұмыс істеп отырып Зұлқия жайын бір де бір ойлап, оны бір де бір жоқтаған емеспін. Осылай бола тұрса да кейде есіктен Зұлқия кіріп келгенде өнебойымда бірдеме лып етіп тұтанып, тамыр-тамырларыма өзінің уын лезде жая қояды, қолымдағы істеп отырған ісім түсіп кете жаздайды. Бұл халдың бара-бара өртке айналып кетері де, болмаса осылай анда-санда бұрқ етіп барып сулы шаладай бықсып сөнері де әзір белгісіз.

Алайда мен қауіпсіз емеспін. Алдым тұйық, әрі тастай қараңғы. Уақыт өткен сайын өз еркімнен өзім айрылып бара жатқандаймын, тағдырым біреудің қолында тұрған секілді. Ол қайда апарады, немен тынады? Бұл сұрауға әзір жауап жоқ. Мен қорқамын, түпсіз терең тұңғиыққа кеткелі тұрғандай кейде мені үрей қаптайды, құтылар жол таба алмай сасамын. Дәл осы бір сәттерде Зұлқия маған қыз сипатындағы жыртқыш тәрізді болып елестейді, мені жұтқалы тұрғандай қорқыныш әкеледі. Бұдан кейін жайма-шуақ ой, әдемі, тәтті кезеңдер көз алдыма сап етіп, мені қызықтырады, өзіне тартады. Енді Зұлқияны көргім келеді, құшқым келеді. Не ғажап!

Зұлқия мінезі де менің ойларыма ұқсас. Толған жұмбақ. Кейде ол жалын болып, ыстық жан жүрегімен сүйгендей, кейде тәкаппар, салқын, қанша елпілдесе де, күйіп-жанса да әлі күнге ішкі сырын білдірген емес. Бұл не? Ойын ба, әлде тойымсыз сайқал бай қызының ермегі ме? Мен кім? Зұлқия кім? Бұл сұрауға жауап таппай тоқтаман. Енді бұрынғыдай үндемеске шыдам жоқ, күп санап дерт күшейіп бара жатқандай. Тез ем таппасаң мерт боласың! Не есің барда етегіңді жап. Не Зұлқияны жар ет, екінің бірі!

ЖӘБІР

Енді Зұлқиядан өзімді аулақ ұстайын дедім. Мойныма алған зергерлік жұмыстарын тез бітіруге бар күшімді жұмсаймын. Кейде күндізді былай қойып, түнімен таң ағарғанша отырамын, осы жұмыс азабынан болар, көзімнің түбі шаншып ауыратын болды. Оған қараған мен жоқ, білетінім тек іс, басқа дүние күйіп кетсе де мойын бұрмаймын. Зұлқия анда-санда түн қараңғысын жамылып келеді, мен тіл қатпай алтын, күмістерді біресе балқытып, біресе қайта суытып отыра беремін, айтқан сөздерін естімеймін. Мен саңырау. Енді мені қозғар күш жоқ. Менің бұл мінезімді алғаш көргенде Зұлқия қатты ашуланып, өктем-өктем сөздер айтты, намысыма тие сөкті. Мен қара тастай қаттым да қалдым. Ол есікті тарс еткізіп жапты да шыға жөнелді. Одан кейінгі келістерінде де менің бетім өзгерген жоқ. Әйел ғой, қажыды білем, бір күні мен үйде жоқта апама келіп жылапты. «Мен сіздің балаңызды сүйемін, онсыз жер басып адам болып жүре алмаймын!»—депті. Шыны ма екен! Әлде айла-тәсілі ме екен? Апам байғұс бір түрлі аянышты түспен маған айтып отыр. «Сөйлес, өзіңнің тең емес екеніңді айтып түсіндір, дәулеті асып тұрған мұндай бай қызы келін болардай бізде не құдірет бар, айтсаң, жалынсаң өзі де ұғар, өзі де түсінер»,— дейді. Сорлы ана жалғыз баласының тым алысқа кетіп қалғанын біле ме екен! Зұлқия, Сәдуақас жайы өте терең кеткенін, енді айрылмас құлар жар таяу тұрғанын сезе ме екен. Жарға құлар, дауыл соғар кезде Зұлқия қол үшін бере ме, Сәдуақас дегенді біле ме! Зұлқия менің көлеңкем, түсімде көретін қиялым емес пе! Байғұс ана, сен оны ұғамысың!

— Жарайды, апа, сөйлесейін, айтып ұғындырайын, барып төсегіңе жат та дем ал, ұйықта, шаршадың ғой! Мен де жатып дем алайын. Апам төсегіне жатты, ауыз бөлмеде шам сәнді. Мен де жетілік шамды басыңқырап қойып, қара көлеңке тартқан үй ішінде шешіндім де шалқамнан жата кеттім. Көзіме әлденелер елестейді, басыма толып жатқан ойлар тығылады, мен қаптаған ой, жапырылған елестер ортасында тым-тырыс жата бердім. «Мың бір түн» хикаяларынан бастап, хаяр әйелдер жайын баяндайтын толып жатқан ертегілерге дейін көз алдымнан өтіп жатыр, өтіп жатыр. Елес бұлттары таусылар емес, тіркес-тіркес болып қаптай өрлейді, мен шаршайын дедім. Ең ақырында өзімнің ауыр халіме ой жібердім, теңіз ішінде қайықсыз жүзген жандай тұла бойым мұздап жүре берді. Дәл қасымда Зұлқия, ол маған таяна, жақындай түседі. Ол мені жұтқалы келе жатқан жолбарыс секілді, оның түсі адамға ұқсамайды, саусақтарында тырнақтары салақтайды, мен жан ышқына әлдекімге тығыла беремін. Бұл не ғажап! Шамадан тыс шаршағандық, талыққандық зардабы болар. Бір мезгілде ұйықтап кетсем керек, «Сәдіжан, Сәдіжан!» деген дауыстан ояна келсем, Зұлқия. (Ол да мені Сәдіжан деп атайтын болған).

Мен көзімді ашысымен құшақтай алды. Ыстық бетін бетіме басып ұзақ сүйді. Мен ақырын ғана оның құшағын босаттым да, басымды жастықтан көтеріп алдым. Ол да қарсылық еткен жоқ, оның үстіне менің жүрегімде тұман аралас кішкене сәуле жылтырайды, мүмкін ғашықтық деген өмірде дәл осылай ақырын тұтанатын болар, қиссаларда айтқандай бірден қаулап жанып кетпейтін шығар. Алғашқы сөзді маған айту керек, қайтсе де бүгін арамызда тұрған махаббат жібін не мүлде үзу керек те, не басты байлап майданға түсу керек! Екінің бірі, басқа жол жоқ. Мен осы жайды ойлап бөгеліп отырғанда Зұлқия:

— Неге сүймейсің, Сәдіжан, не жаздым саған?

— Несіне сүйемін?

— Бұрын неге сүйіп ең?

— Ақырын ойламай ақымақ болыппын.

— Ақыры деген не?

— Не екенін өзің айт!

— Мен түсінбеймін.

— Неге түсінбейсің, бала емессің ғой.

— Бала болсамшы?

— Ол қалжың ғой.

— Қалжың емес.

— Ендеше жөніңе көш!

— Жөні деген не?

— Әдейі түсінбеген боласың-ау, саған ермек керек болар!

— Маған не айтарың бар, айтшы жұмбақтамай?

— Айтсам айтайын, мұның аяғы немен тынбақ?

— Немен тынушы еді, мені ұзатады, барар орным да асқан бай, шешеңмен сонда көшіп келесің, екеуміз осылай тағы да тату-тәтті өмір сүреміз.

— Бар болғаны сол ма?

— Басқа менің қолымнан келер не бар?

— Өзім де солай ғой деп ойлап едім, жоқ, мен бұған көне алмаймын, менің арым, менің намысым бұған жібермейді. Не мүлде менікісің, не бүгін ат құйрығы кесіледі, қазір табанда, жауабын бер!

— Сен тулама, аяз әлін, құмырсқа жолын білгені жақсы. Сені мұндай дүлей, өз шамасын білмес адам деп ойлаған жоқ едім. Маған күйеу боларлық сенде қай байлық, қай бақыт тұр! Зергердің қатыны болып мінсе атқа, кисе киімге, ішсе асқа жарымай отырар жайым жоқ.

Мен ұшып түрегелдім, өнебойымды ашу кернеп, көзіме қан толып кетті. Алдымда тұрған бай қызын қос бұрымынан ұстап алып сілейтіп сойғым келді, жұдырығымды түйіп, он қолымды көтеріп-ақ алдым, даусым да қатты шығып кетсе керек, анам сорлы жүгіріп келіп қолымды ұстай алды. Жүрегім аузыма тығылып, екі көзім қарауытып кетті. Бір кезде есімді жиғандай болдым, жан-жағыма қарап Зұлқияны іздедім. Ол қаздаң басып есіктен шығып барады екен.

— Не істедің, күнім, неге жәбірледің ол сорлыны,— деп апам еңіреп жылап жіберді. Кімді кім жәбірлегенін ана байғұс білмейді ғой.

АҚҚУ КӨЛІ

Зұлқия уақиғасы менің денеме дақ, жүрегіме қаяу салмай кеткен жоқ. Дерт жайлаған жандай жаным ауырып, жүрегіме әлдене қадалғандай болды, есеңгіреп көп жүрдім. Түнгі жанжалдан кейін ол да көзіме көрінуді қойды. Жан ауруының үстіне Зұлқия жайындағы бұрын естіген ауыл-үйдің толып жатқан өсектері енді менің көз алдымнан қайтадан өтіп, жауыздық пен махаббаты, қаталдық пен көз жасы қатар жүретін бір жанның аса жұмбақ, аса қауіпті келбетін көрсеткендей. Бәрі де шын болмағанмен ел сөзі де бір негізге, бір дәлелге сүйеніп айтылатыны анық. Сөзді тыңдаушы көп те, мән беруші аз ғой. Мен де кезінде ақылға салып мән бере алмадым, ұшырар дертке өзім келдім. Осы күйге түстім. Кеш ойланып, кеш ақылға келу өмірден үнемі опық жеп жүретін адамдардың әдеті секілді.

Тіршілікте ұмыт болмайтын не бар, менің жүрегімнен Зұлқия оты өшіп, Зұлқия салған жара жазылайын деді. Меңдібайға істер ісімнің ауырлары бітіп, сақина, сырға дегендей ұсақ-түйектері ғана қалды. Қыс өтіп жаз да келді.

Жаз даласы қандай! Жазбен бірге ауыл өміріне сымбат, көрік пайда болады, жүдеу, көңілсіз қазақ даласы лезде түлей қояды, қызық думандар көбейеді. Ауыл көркінің бұл шағын тек қана ақындар жырламаса мен жеткізіп айта алмаймын.

Ауыл қорадан көшіп, қырға қонды. Әдемі көгал маңайымызда бір шаң жоқ, тек самал жел желпи еседі. Желмен бірге көк масаты шөп шайқалады. Бүгінгі ұйқы қыстың алты айына бергісіз, әрі тәтті, әрі қатты. Тан атқанша қыбыр. етпей ұйықтадым. Ерте тұрып далаға шықсам, көз тояр емес, дүние құлпырып, жайнап кетіпті, үйге кіріп мылтығымды алдым да жаяу жүре бердім. Құс дегенің осы маңдағы кішкене көлдерде көп деседі. Ауыл қонғаны кеше ғой, үрке қойған жоқ шығар. Ауыл сыртындағы бір қойтасқа шыға келсем сонадай көз ұшында, дөңгелек тоғай көрінеді, бұл жақта тоғай маңы көлсіз, томарсыз болмайды, ендеше құстар да сонда. Мен жүріп келемін. Жан-жағым жаз, жаз болғанда кәдімгі танғы самал. Арқада таң самалы ала жаздай үзілген емес, бұл жердің қазақтары жолға шықса таң самалымен шығады. Самал соғарда киіз үйлерінің іргелерін түріп тастап көкіректерін кере жұтады. Самал желін дертке шипа, бойына қуат санайды, кейде бір күн шығармақ, ыстық қапырық болса: .«шіркін, самал соғар ма еді»,—деп арман етеді. Міне, мен сол ерке самалдың, тамаша самалдың ортасында келемін. Қазір бұрынғы зергер, молда Сәдуақастың үстіне мерген Сәдуақас, әнші Сәдуақас қосылған. Әрі жаз, әрі көрікті таңсәрісі, оның үстіне бетіңнен сипап, өнебойыңды аралаған сырлы самал, ерке самал кімнің көңіліне жел беріп, кімге ән салдырмас. Мен ән саламын, өз дауысыма өзім ғашық жандай құмарта, үдете шырқаймын. Менің даусым жетер бұл маңда ауыл болмас, өзім шыққан бай ауылы тым алыс, енді мені кім тыңдамақ, кімнен қорғанып, кімнен сескенем. Бұл да болса адамға бір еркіндік қой. Айтқасын, саған бәрін қалдырмай айтайыншы, менің ептеп өлең шығаратын да әдетім бар. Бірақ бұл ақындық емес. Құнанбайдың Ибраһимі, Ақан сері, Біржан сал қатарлы ақын болмағансын өлең шығарып әуре болудың жөні жоқ. Ал менікі әншейін ермек, көңіл жұбату. Міне мен кең далаға, әдемі жаз даласына шыққан соң тағы да ақындығым ұстап, өлеңді соғып келемін. Менің сондағы шығарған өлеңім әлі есімде. Егер тыңдағың келсе саған айтып та берейін деп ол азырақ бөгеліңкіреді де, жоқ, бұл ән салатын мезгіл емес, жан-жағымыз андаған жау, күн сайын кісі өлімі, тіршілік болса көрісерміз, сонда өзіңе айтып берермін. Осыны айтып ол үзілген сөз желісін қайта жалғап кетті.

Мен ағаш бауырындағы көлге жақындай бергенімде күн де жамырап шығып келе жатты. Аспан таза, күн нұрының өткір сәулесі мөлдір, көкпеңбек аспанды түрлі түспен құбылтады. Ерсілі-қарсылы үйректер ұшып, әлдеқайда биікте тырналар қиқулайды, бір жақтан кісінеген жылқының, тағы бір тұстан мөңіреген сиыр даусы келеді. Әне оң жақта, алыста бір ауыл отыр, кімнің ауылы болды екен?

Жол-жөнекей бір де бір адам кездескен жоқ, тегінде менен басқа дала кезіп, құс іздеген адам болмағаны-ау! Көл жағасындағы сиректеу қамыс арасына кірдім, тегінде бұл жағада бұрын ағаш өскен болар, ертеректе кесілген ағаштың жуан түбірі тұр. Бір шеті аздап шіриін депті, сол түбірге отырып, көл бетіне көз жібердім. Көл жиегі шоқ-шоқ қамыстар, арасы әжептеуір ашық алаң, ортасы мөлдір айдын. Су тыныш, дәл осы сәтте айдын көл дәу шараға құйып қойған тұнық суға ұқсайды. Айдын бетінде әзір бір де құс көзге түспейді. Қоңыр самал ақырын үрлен тұр. Мен мылтығымды қасыма сүйеп қойдым да, көл бетіне қарап отыра бердім. Көл тыныштығын анда-санда бұзып тұрған балықтар ойыны. Ақ шабақтар әр жерден жарқ етіп көрінеді де жоқ болады. Бір сәт су беті діріл қағып, дөңгелек дана әжім пайда болғандай. Тағы тыныштық, тағы үнсіздік. Осылайша көл беті дүркін-дүркін дыбыс беріп, құбылып назданады, мен отыра бердім. Құстар қайда кеткен, жан-жақта қонып жатқан ауылдардан үркіп кеткен бе? Әйтпесе осынау көл неліктен құссыз қалған? Осындай таң-тамаша ойда отырғанымда аспанда әдемі үн естілді, үн ән сазындай рахат, жанға жайлы. Мен жалт қарадым, көк мөлдір ашық аспанда қос аққу көрінеді. Мен қамыс арасына тығыла қойдым. Екі аққу мезгіл-мезгіл ән салады, бұл ән бұрын-соңды мен тыңдаған әндерден басқа, бұл дауыс адам баласына бітпеген бөлек, өзгеше. Құс біткеннің сақтық дәстүрі бойынша көлді айнала ұшпай-ақ, аққулар дәл айдын ортасына келіп қонды. Таза суға қайта-қайта шомылды, содан кейін қанаттарын жайып бірер сілкінді де, көл бетінде жүзе жөнелді. Тегінде бұл кел аққу келі екен ғой, мен аққу көлінің жағасында отыр екенмін, бұдан артық маған не керек! Тілі шыға бастаған кезден-ақ аққу құс туралы толып жатқан аңыздар, ғажайып әңгімелер тыңдап өскен жас қазаққа көл бетінде жүзе жөнелген қос аққу періштеден бір кейін бе! Құс төресі аққу, киелі, қасиетті құс аққу, бала күнімде түсіме талай кірген, менің бесік жырым, менің бала ғашығым, әкем марқұмның аққудай таза, қасиетті бол дейтін құс тәңірісі міне алдымда, қамысты көлдің айдынында жүзіп барады. Мені билеген ынтызар құмарлық енді от түскен қаудай лап ете қалды, шоқ қамысты етпеттей құлаған күйімде тыпыр етпей жата бердім. Екі көзім айдын бетінде.

Жоқ, менің алдымда құс емес, сағынып көріскен қос ару. Мен көрмеген өте биік, өте нәзік жан сыры, тазалық, достық, сұлулық қасиетінің аса бір абзал, жарқын келбеті тұр. Осынау кіршіксіз таза жандар (жандар дегенім үшін кешіре көріңдер) қонысымен көл суы да бұрынғысынан бетер мөлдір, тұнық бола қалғандай, көл жағалай өскен құрақтар да бой түзеп, сыланғандай. Күн көзі өзінің әдемі нұрын айдын көлге, аққу көліне төккендей, жер де, көк те масайрап қуанғандай, менің де көкірегім күй сандығындай сайрайды. Амал не, тіл байлаулы! Менің құмарым, менің қуанышым көз алдымда, жүрек лүпілі, жан сезімі, көз қызығы бәрі де сол екеуінде. Тек қос сұлу мені сезбесе екен, көл бетінен кетпесе екен! Міне мендегі қазіргі тілек, қазіргі арман осы. Ақырын ғана қатар жүзген қос аққудың кейбір мінездері сағыныш, еркелік наздарына толы, мен айттым ғой аққу емес, қарсы алдымда екі жас, екі ынтық тұр. Олар анду, өсек, озбырлық дегенді білмейді, өшпенділік, зұлымдық оларға жат. Тек қана сүю, тек қана достық, таза, мөлдір, дәл өздері жайлаған көл суындай.

Қатарын жазбай қос аққу көл ортасындағы бір топ қамысқа кірді, әне жас құрақтар оларды жасыра қойды, мүмкін екі жас енді жасырынбақ ойнар, әдемі құрақ, арасын кезіп сайрам салар...

Мен орнымнан тұрдым да, мылтығымды иығыма асынып жүріп кеттім. Аққу көлі артымда қала берді. Алдағы бір қырдан аса беріп аққу көліне ақырғы рет көз тастадым. Менің көз алдымда әлі де жас құрақтар судыр қағып жайқалғандай, екі аққу біріне бірі еркелеп назданғандай, қуып ойнағандай...

ҮМІТ

Ауыл бұл жерде көп отырған жоқ, көшпелі қазақтардың әдеті емес пе, көктем туысымен көше қойып жаз басында жайлауда болатын.

Бұл ел де сол әдетіне бағып талай көшіп, талай қонды. Мен ауыл орны жаңарған сайын, әртүрлі жер сипаттарын көрдім. Не деген бай, не деген қызық жерлер. Бірде күн ұзақ жүріп құм мен шөлден басқа түк кере алмайсың, өлдім-талдым дегенде таңдай жібітер суды әрең тауып жан шақырасың. Бір кез алдыңнан көк майсалар жайқалып, күміс көлдер жарқ ете қалады. Бұл әдемі табиғат бауырында ел біраз аялдап тынығады, малына қоң, адамына қуат жинайды. Сөйтеді де тағы ілгері аттайды, жайлауға жетуге асығады.

Жаз жайлауына жету қазақ біткеннің бәріне сайран емес, көліксіз, күйсіз жандар жол-жөнекей шашырап қала береді, олардың көбі сол қалған жерде жаздай отырады. Кейбір еті тірі пысықтары әркімнен көлік сұрап алып жайлау келеді. Тоқсан, уға білген кісіге жайлау өмірінің той думанымен бірге қасірет, қайғысы да мол. Тек адам өз басына құрық түскенше басқа"адамның қайғы-зарын елемеуге үйренген ғой,— әйтпесе зейін қойып тыңдағанға, тесіле қарап көкірекке тоқығанға қан жайлаудан не көріп, не білем десе де болғандай. Жайлау қандай күйдің құлағын бұрамайды? Қандай кептер шерткізбейді? Қыстай тыныш жатқан қазақ даласы теңіздей шайқалып, тербеліп жатпай ма...

Менің жүрегіме соңғы дерт осы жайлауға келіп қонысымен пайда болды. Бір күні кешке жақын қызыл ағаш бауырында, далада тұрғанымда сол бір кеште біздің үй жаққа келе жатқан салт аттылар мен білезік соқтыра келген белгісіз қыз жайын өзіңе бұдан бұрын айттым ғой...

Міне, осы бір кеште кенеттен көз алдымда жарқ етіп жоқ болған абзал қызды мен күнде іздеймін, тағы бір көргім келеді. Мен асығамын, бірақ қыз асықпайды. Оның маған келмей кетпейтіні анық, ол қолыма өз білегін ұстатып, өз жүрегін қалдырып кеткендей, оның қайта оралмай тынбасы маған мәлім. Оның соқтырар білезігіне тағы бір оралары ақиқат. Бірақ, қашан оралар, неге ғана ертең келіңіз демедім! Неге ғана қолымдағы барлық, істі тастай беріп, тек сол қыздың өтінішін орындамадым! Енді міне, зар болып күнде кешке қызыл ағаш басына қараймын. Салт аттылар көрінсе жүрегім дүрсіл қағады, сол бір жұмбақ жан маған қымбатты, маған сүйікті жан келе жатқандай көрінеді, тез-тез деп асықтырамын, не керек, аттылар бұрылып бөтен жаққа, бір қиырға кетіп бара жатады. Менің айғайлап бар даусыммен оларды шақырғым келеді, байғұс қыз мені көрмей адасып бара жатқан тәрізді, мен өзіме өзім сенбеймін, бірақ даусым да шықпайды...

Ал кей күндері менің халым одан да нашар болады, қызыл ағаш баурында ешбір аттылар көрінбейді, қыбыр еткен бірнәрсе білінбейді, дөң үстінде ай туғанша отырып, әбден шаршап үйге кіремін де, шешінбестен төсегіме құлай кетемін. Менің бұл халымды сезген анам сорлы да жүдеп барады. Оны жұбатар менде дәрмен жоқ.

Осылай жүріп екі жұмадан астам уақыт өтті. Көңілім алаң, жаным ауру. Үміт пен қорқыныш қатар басады, қатар жаншады. Үміт шіркін:«Сенің қымбаттың, жан серігің, құдайдың саған арнаған аяулы жаны сол қыз, ол да сені сүйеді, көп кешікпей тез жолығасыңдар, шыда күт!» дегендей. Ал оның артынан түсі суық, әмірлі, ызғарлы қорқыныш келіп: «Жоқ, Сәдуақас, сені үміт алдайды, оған нанба, Зұлқияны сүйіп не таптың басың аман, денің сау тұрғанда бұл жерден, бұл елден тез кет, өзің үйренген қалаңа бар! Меңдібай жұмыстарын тез бітір де аттан, жоғал!»—деп әмір етеді. Мен екеуін де тыңдап, екеуінің де айтқанына көнемін. Екеуінің де әмірін бұлжытпай орындаймын. Түбінде қалай ауарым белгісіз, әзір халым жел үрлеген қаңбақтай, басым дал, жүрегім жара.

Бүгін басым ауырыңқырағансын кешке қарай далаға шықпадым. Төрде жастық үстінде шалқамнан жатырмын, басым мең-зең, екі қолым төбемде. Бұл осы «дертке» ұшырағалы бірінші рет батар кешті көзбен ұзатпай үйде жатқаным болар, қашанғы құр үміт соңында жүре бересің, көрініп тұрған бір қара болмағансын адам мүлде қажиды екен, үміт те үзілерге таянады екен! Мен енді сары уайым құшағына кірдім, бұл да адам мінезінің шытырман, шырмауығы қалың жағы ғой, қолына бір түссең қысып алады да босатпайды.

— Қарағым Сәдіжан! Кісі келіп отыр, басыңды көтермейсің бе? — деді анам өзінің ақырын сөйлейтін салмақты қалпымен. Мен жата бердім, қазір маған кісі қажет пе! Дәл осы сәтте маған оңаша, тас қараңғы түн, тыныштық керек!

— Зергер науқас болар, апай, біз кетейік, тағы бірде келерміз,— деген әйел даусы құлағыма келе қалды. Не ғажап, мынау таныс дауыс қой, менің көптен зарыға күткен даусым ғой, я тәңірі бере гөр! Жалма-жан орнымнан ұшып тұрдым. Қыз да бөгелді, сол екен, менің ынтызарым екен.

— Есенсіз бе, қарындас!—даусым қалтырап, буындарым дірілдеп кетті.

— Шүкір!—Үні талықсып құлағыма әрең жетті.

— Сізді көптен күтіп жүр едім, келгеніңіз қандай жақсы болды.

— Жайша күтіп пе едіңіз?

— Неге жайша болсын, білегіңіздің өлшеуін жоғалтып алғаным, кісі жіберейін десем не аты-жөніңізді, не қай ауылдікі екеніңізді сұрамаппын, сонсын өзі де бір келер деп асыға күткен едім. (Қазақ арасында бір-біріне сену сезімі өте күшті болады).

— Менің атым Ғайни, біздің ауылды Баржақсы ауылы дейді. Қыз кідіріп тұрып қалды да, біртүрлі жылы үнмен: — Жоғалтып алғаныңыз қиын болған екен,— деді.

— Аса қиын болды, сізге ұятты болдым, айып ете көрмеңіз!

— Айып еткендей не бар! Кімнен қате өтпейді, тек істің кешіккені болмаса, басқасының оқасы болмас.

Алғашқы келгендегідей емес, қыздың барқыттай жұмсақ дауысында діріл бар, әлденеден қорыққандай екі көзін төмен түсіріп алған.

Менің көзім қызда, үй ішінде әлсіз жанған шамның сәулесі қыз нұрынан ұялғандай өз табағына қорғалайды, көргім келіп аяулы ынтызарымның жүзіне бір қарағым келіп тықыршудамын, осы сәт, осы сапарда бір қарамасам өмірде көре алмай арманда кететін, өкініште өтетін жандаймын. Шам жарығына қырын қарап, босағаға таяулау отырған. Ғайни орнынан қозғалар, маған жақын келер емес. Есімнің кеткені сондай, бері жақындаңыз, білегіңіздің өлшеуін алайын деп қызға шам жарығын нұсқадым, Ғайни салмақпен орнынан тұрып маған тым жақындамай анадайдан оң білегін ұсынды да: «Енді жоғалта көрмеңіз, қайта-қайта білек өлшей бергеннің қызығы да болмас»,— деп күлімсіреді. Күлімсірегені қандай еді, ақ бетінде нұр сәулесі қылаң беріп жоқ болды, үй ішінде таң шапағы жарқ етіп сөне қалғандай. Менің тал бойымды әлденендей нұр жапты, жүрегім жып-жылы, жаным рахатта. Бірақ осы сәт неге қысқа, неге тар! Неге таңдар атып, күндер батқанша созылмайды, неге осылайша сәулем алдында тұра бермеймін! Өмір не деген тар, не деген қызғаншақ!

— Жақсы, мен жүрейін, қашан бітерін айтсаңыз кісі жіберіп алдырармыз.

Менің аузыма жөпелдемеде сөзі құрғыр түсе қоймады, не дерімді білмей бөгеліп қалдым, ана баланың қорғаны емес пе! Осы бір қиындықтан кәрі ана құтқарды.

— Қарағым, біздің үйге осымен екі келдің, ана жолы да құр ауыз шығып едің, енді бұл жолы шәй ішпей аттанғаның жөн болмас, самауыр қайнатып отырмын, шай ішіп кет!

— Рахмет, апа, асығыс едік, қыз балаға түн ортасына қалу лайық та емес қой, рұқсат етсеңіз біз аттанар едік.

— Жоқ, қарағым, сенің мен сияқты анаң бар шығар, ана сыйлап өскен балаға ұқсайсың өкпелетем десең өзің біл, маған салсаң шай ішпей кетпейсің!

— Жақсы, апатай, отырайық!

Қыздың соңғы сөзін естігенде қуанып кеттім, жас баладай екі санымды шапалақтап үй ішінде жүгіргім келді.

Апам шай жабдықтарын қамдап жүрген кезде мен Ғайнидан ауылдың жайын сұрап білдім, әңгіме арасында қыз өзі туралы да баяндады; оның сөздерінен әкесі орта жастан асқан момын адам екенін, мына қасындағы бала жігіт — Шәкен мен екеуінен басқа аға, інісі жоқ екенін аңғардым. Сұраған сөздерге қыз өте қысқа жауап қайырады, мен де көрінгенді сылтау етіп мазалай беремін. Менің бір бөгеліңкіреп қалған кезімде қыз да бірер сөзбен менің аты-жөнімді сұрады. Мен айтып бердім, міне, дастарқан төселіп, быжылдап самауыр да келді. Ғайни төрге шықты басындағы жеңіл тақиясын сандыққа қойып жатып, бөгеле қалды, сандық үстінде жатқан кітаптарды тез-тез қарап шығып, бір кітапты бөлегірек қойды да орнына отырды. Алдына қойған шыныаяқты өте нәзік, шебер ұстап табақшаға шәй құйды. «Кітаптарыңыз көп екен, қайдан алғансыз, ауыл арасында кітап деген мүлде жоқ, молдадан оқып жүргенде аздап кітап оқып едім, енді қарайып та бара жатқан секілдімін».

Осы сарында өзінің мұңын айтты да, кімнен оқыдыңыз деп менен сұрады.

Мен бала күнімнен қыс қалада тұрып, жаз ел аралап зергерлік істеген әке кәсібінен бастап өзімнің қалай оқығаныма дейін қызға тегіс айтып бердім. Тыңдап отырған Ғайни молда болмай, зергер болғаныма әрі таңырқап әрі шошынғандай болды. Өз ойынан өзі ұялды білем, ақ бетіне қан жүгірді, қыз дереу қырын қарап, жүзін менен жасыра қойды. Мен де қыз жүрегіне орнаған күдікті сезе қалдым. Жоқ, мен молдалықтан безген жоқпын. Көзімді ашқаннан әрі қанық, әрі туғанымдай жылы әке кәсібі мені өзінің зор құдіретімен күн санап тарта берді, баурай берді, бала жүрегіме өрмекшідей ұя салып, өзінің әдемі торларын құрды, асқан шебер әке қолынан шыққан әрбір зат ертегіде кездесер сиқыр қолынан шыққан кереметтей, менің көз алдымда құлпырып, өзіне ғашық етті. Мен нәресте шағымда олармен ойнадым, менің ойыншығым бара-бара көкірегімдегі арманға айналды, осыларды өзім білсем, өзім соқсам екен деп жанталастым. Жалғыз баласының тілегін қазақ қолынан келсе екі етпейді ғой, әкем марқұм жеңіл-желпі істердің соғуын үйрете бастады, мен асқан ынтамен іске жұмылдым, міне соның ақыры осыған әкелді, зергер болғаныма өзім қатты разымын, ел іші толған молда ғой, ауыл мен сияқты зергерді де жатсынбас.

Ғайни қатты күрсінді... тіл қатқан жоқ. Шай ішіліп болды, олар аттанғалы сыртқа шықты, мен де ере шығып Ғайнидың атын кермеден шешіп, алдына тарттым, теңбіл көк ат жетегімде келе жатып ақырын ғана сілкінді, судыраған әдемі жалы, мінсіз сұлу денесі, мөлдіреген өткір көзі бұл атқа ерекше сымбат беріп тұр. Қыз алдына әкеліп тоқтатқан кезімде ат біртүрлі адам мінезіне ұқсас еркелікпен иегін менің иығыма арта қойды. Ғайнидың қолтығынан сүйеп ерге отырғыздым. Ат тізгінін қолымнан алып жатып, қыз маған қою ұзын кірпіктерін ашып, қара көздерімен қадала қарады, көз қарасы әрі мұңды, әрі жұмсақ. Әлі сыр ашпаған құмар көздер бір-біріне телміріп, жүрек сырын, жастық мұңын шағып тұр, қос көкірекке ыстық от қойып дамылсыз жағып тұр. Міне, Ғайни да осы күй, осы тілсіз шақ бұзылмаса екен, созыла түссе екен дегендей қимылсыз қалдық. Бір кезде Ғайни мөлдіреген қара көздерін қалың кірпіктерімен жаба қойды, маған қымбат, маған қасиетті екі жалын кенет үзілді, бірақ көп сырлар, көп жайлар айтты маған ол.

Атының тізгінін қолына жиып ұстап, жүруге ыңғайланған қыз маған қош деді. Оның даусы менің құлағыма: «Құрбым, менің мұңды жүрегімде не барын білесің бе? Ая!.. Бекер мазалама, үміт алдамшы, бақыт жолы тым тар, аса қиын» дегендей...

ЗҰЛЫМДЫҚ

Жайлауға қонғалы біраз уақыт өтті, ел қонысын жаңартып қонамыз десіп қамданып жатыр, баяғы қыстаудағы әйгілі түннен кейін Зұлқияны көрген емеспін. Байға соғар заттарымнан қалғаны бір кездік еді. Сол кездікті бітіруге асығып жатқан кезімде ауылдас бір үйге кеткен шешем маған бір суық сөздің ұшығын жеткізді.

Өз өмірінде әке қасында жүріп көпті көрген шешем бұл сөзді айтқанда өте үрейлі, қорқынышпен баяндады. Мен бұл хабарды тыңдап отырып таң қалдым, шын ба, әлде өсек пе! Егер шын болса соққан зерімнің ұнамағанын менің өзіме неге айтпайды, неге елге таратады?

* * *

Ертеңіне Меңдібайдікіне тағы бардым. Бай үйде оңаша екен, есік алдында тұрған бәйбіше барып сөйлесті де, «кірсін дейді!» деген бұйрықпен мені алып кірді. Сәлем бердім, бұрынғыдай жауап қатқан жоқ, құлағы тас керең болған жандай тырп етпестен түнеріп отыра берді. Босағаға таман мен де отырдым. Алыстан орағытып жатпай-ақ, мен бірден байға істемекші болған заттарымның түгел біткенін айтып, енді ұлықсат болса ақымды алып жөніме кетсем жақсы болар еді деген тілегімді білдірдім.

— Оның дұрыс. Бірақ ақы деген бұрынғыдан өзгерер, кейінгі соққан сырға, жүзіктеріңмен күйеудің ағасына арнап істелген алтындаған кездігің Зұлқия жанға да, мына маған да ұнамай тұр, тегінде қолдан келмейтін іске ұмтылмаған жөн ғой, сенің соққан кездігіңді Омбы, Қызылжар саудагерлерінен арзанға сатып алады кісі.

— Бекер айтасыз, менің істеген ісімді Омбы, Қызылжар былай тұрсын, бұл патшалықтан таба алмайсыз, ақысын бермей кетсең де істеген ісімді жамандай көрмеңіз!

— Қой, шырағым, олай деп шатпа! Меңдібай көрмеген дүниеде ешбір зат жоқ. Соққан заттарыңды керек десең өзің ал, маған алтын, күміс, гауһар дегендерімді қайырып берсең болады, басқа еш зат сұрамаймын.

— Япырай, мұныңыз қиянат емес пе, әділетке көшіп уәделі еңбегімді төлеңіз.

— Әділет деген не? Әділет мына мен, басқа әділет жоқ, бергенімді ал да жүре бер!

Мен сөз таластыра бастап едім: «Төкең мына зергерді үйіне ертіп апарып салшы, тиісті ақысын соңыра апарып берерсің, ертең таңнан қалмай көшір! Баратын жеріне Жақыпбайдың (кедей ағайыны) қара өгізімен апарып саларсыңдар!

Төкен деген жылмаңдаған пысық, Меңдібайдың қасында жүретін атқосшы жігіті босағада отырған маған жетіп келіп, тұр деп бұйырды. Мен тұрмадым, тап беріп қолыма жармасты, мен қағып жібердім. Қайта келіп жармасайын деп еді, мен сол қолынан ұстап тұрып өзіме тартып алдым да, оң қолыммен өңменінен итеріп қалғанымда босағаға барып сарт ете қалды. «Мынау ит өлтірді, ойбай өлдім!» деп Төкен үйді басына көтерді. Бір үлкен жанжалдың боларын білдім де, мен үн-түн жоқ шығып жүре бердім. Ал, екінші бір үйдің жабығынан сығалап менің ұнжырғамның түскеніне, мойныма су кетіп үйге қайтқаныма мәз болған, күлкіге батқан Зұлқия тұр. Тегінде жауыздықтың да арам жүрекке өзінше құяр нәрі, берер ләззаты бар ма деп ойлаймын.

ЖАЛҒЫЗДЫҚ

Ертеңіне қара өгізге жеккен жайын ауыз арбамен біз Меңдібай ауылынан шықтық.Бай бізді қуды. Меңдібай ауылынан кеткенмен бұл елден мүлде кетіп қалар менде күш жоқ, тау етегін жайлаған шілік, тобылғы, шыршалардың қасына тоқтап, арбадағы әкем марқұмнан мұра боп қалған шатырды орнатып, көрпе-жастық пен қобди сандықты лезде-ақ жинап үлгірдік. Шіліктің аяқ жағын ала бір жар көрінген, мен барып қарап келдім, құрып бара жатқан өзен екен, өзен табанында әлі де су жылап ағып тұр. Ішерлік күнделік суды осыдан алуға болар. Апам шай қойды, біз шай ішіп болып, дастарханымызды жаңа жия бергенімізде:

— Ассалаумағалайкум, — деп екі адам шатырға кіріп келді. Біз сыпайы амандастық. Мен аты-жөнімді айтып түсіндірдім. Келгендердің біреуі:

— Ия, Меңдібай ауылында асқан шебер зергер жатыр деп естігі едік, сол жігіт сен екенсің ғой, ал бұл ауылда ұзақ боласың ба?—деп сұрады. Мен: «Қанша боларымды айта қою қиын, егер іс табылса біраз уақыт зергерлік істесем бе деген ойым бар»,— дедім.

— Іс табылады ғой, ел болғансын не болмайды, бұл маңай зергер дегенді өмір бойы көрген емес, соған қарағанда тез қайтуың қиын болар.

— Шебер қолы істен жерімес деген бар ғой, қанша болса да үлгіруге ынта салармыз.

Ауыл адамдары үйлеріне қайтып кетті, мен оларды сәлемдесіп шығарып салдым, бұл кезде күн де батқан, аспан ашық, жаңа қоныс маңын қыдырып мен жүрмін.

Әр жерде бытырап өскен көп тастар мен шоқ-шоқ ағаштар көз ұшында бұлдырайды. Аспанда жұлдыз жиі, мұндай түндерді біздің қазақ күндізгідей екен деседі. Бауырына қос тіккен шілігіміз кішкене тауды етектеп, сайды ерлей бітіпті. Мен суала бастаған өзен жағасын азырақ қыдырдым да, бір биіктеу жардың қабағында біраз отырдым. Өзен суы иірім-иірім болып, құруға айналған екен. Жағаның адырайып тұрған биік жарларына қарағанда бұрып әжептеуір терең өзен болған сияқты. Арғы бетте жалғыз ағаш көрінеді, түн қараңғысынан қайың ба, я болмаса терек пе, онысын айыру қиын. Осы бір қоңыр салқын түнде айдалада жалғыз ағаш, жар басында мен, ағаш тілсіз, мен үнсіз.

Араб хикаяларын естігенің бар ма? Онда жалғыз ағаш туралы, оның түбін мекендеген пері туралы толып жатқан кереметтер баяндалады. Ал мен бар ғой, дәл осы түнде пері, перінін сиқыры емес, жалғыздық жайын, басыма түскен ауырлық жайын ойладым, қарсы алдымда өскен жалғыз ағаш менің өмірімнің өзімнен-өзім жасырып келген, жүрек түбіне тығып ұстаған зарлы шерін көз алдыма тарта қойды. Мен жалғыз екенмін, мен әлсіз екенмін, күшті жел тұрса домалай беретін ебелек екенмін. Меңдібай зорлығы, Меңдібай күші маған осылай деген жоқ па? Мені құйындай үйтқытып қуған жоқ па? Ендеше жалғыздық деген, дәрменсіз, кәріптік деген осы да!

АРМАНДА

Ертеңіне ауыл ақсақалына барып сәлем бердім. Мен келген кезде үй іші толған адам екен. Таңсәріден тұрып алып қыдырысып қымыз ішетін ел әдеті емес пе, сол ескі сүрлеу, кәрі жөнмен бүгін де бас қосқан жұрт алдарына қымызды мөлдірете қойып, әңгіме соғады, бірінен бірі қақпақылдай қағып алады да кезек тастасып, кезек аңдысып отырады. Мұндай жерде көбінесе шешендік жайы аңыз. Өздерінен бұрын өткен Толыбай, Көкбайлар сөзі қайта жаңғырып, қайта толғанады. Таңдайы тақылдап бірі айтса, өзгесі тыңдап: «Пәлі, шіркін, сабазым-ай! Қарадан хан, күңнен шешен туады деген осы емес пе! Тағы айта түс, білгеніңді тегіс ақтар!» — десіп, дулап жөнеледі. Сөзге тоқтау, сөз салмағын сезе білу өнері бір кезде біздің қазақ арасында аса биік, аса қадірлі болған-ау! Мына жұрттың айтып отырғаны да, бастарына көтере мадақ етіп отырғаны да сол бір сөз өнері, тапқыр шешендік.

Мен кіріп сәлем бердім. Өз үйінің он жақ босағасын ала төрге таман астына көпшік салып, ақ жастыққа шынтақтай отырған қою қара сақалды кісі, осы ауылдың құрметті ақсақалы болар, мен кіріп келгенде отырғандар менен көздерін аударып, сол адамға қарай қалды. Бұл қараста:«Бұл келген кімің еді, қалай қарсы алсақ екен? Ия, елемей отыра береміз бе,» — деген сұрақтар тұр еді.

Мен тура сол кісіге қарай аяңдадым, жолдағылар сырылып жол берді, дәл қасына келгенімде ақсақал ұмтылыңқырап менің қолымды қос қолдап уыстады да, жібермей біраз тұрды.

— Е, балам, естігі жатырмын. Қонысың құтты болсын! — деп өз жанынан орын нұсқады. Бұл ишарат мені отырғандармен жағалай қол алысып амандасу борышынан құтқарды, мен отыра кеттім.

Қызып отырған әңгіме доғарылды, енді жұрт алдарындағы қымыздарын тезірек ішіп тарауға бет қойғандай. Бір жақтан бөтен адам келгенде ауыл ақсақалын оңаша өзі қалаған адамдарымен ғана қалдыру бұл елдің әдеті ме, әлде менің қала оқығандарынша киінген киімім әсер етті ме, оншасын білмеймін, әйтеуір жұртқа абыржу кіргені анық. Маңайын қоршаған адамдардың қимыл, қозғалыстарын тапжылтпай бағып қалған қария бұл күйді сезе қалды.

— Отыра беріңдер, асығыс ештеңе жоқ болар, менің байқауымша бұл жігіт кеше ел шетіне шатыр тіккен зергер болар, сөзді өзіне берелік, аты-жөнін сонсын баяндар,— деді.

Мен өз жайымды түсіндіріп, әдейі ақсақалға сәлем бере келгенімді айттым. Біреулер құлағын түріп тыңдады да: «Е, соны қойшы, бір дуаннан шыққан төре ме деп қалсақ, зергер екен ғой, өзінің тырашын қарай гөр, киімді көнтше киіпті, мұндайлардың есерлеу болатын әдеті ғой»,— деп күлісті. Бұл сөздерді құлағы шалған қария отырғандарға зекіп, ұрсып тастады. Айбынды қарттың зілді сөзін естігендер табанда жым болды, біразы үйден сытылып шығып та кетті, біраздары қалып, менің не істейтінімді, олардың бағасын сұрастыра бастады. Мен жауап бердім. Ауыл ақсақалының аты Нұрахмет екен.

Нұрекең көп сөйлемейтін, әрі сабырлы, әрі ақылды кеңпейіл адам керінді. Ол маған өз ақылдарын қысқа сөздермен айтты да, осы маңайдағы ауылдар жайын баяндап шықты. Сонан кейін маған. «Шамаң келгенше іс аларсың, ел көп қой, жұмыс табылар, саған өз тарапымнан тапсырарым да, ақыл ғып айтарым да, әуелі осы өзің түскен ауылдың мұқтажын өтегеніңше басқа ауылдардан іс алмағаның жақсы болар. Бұл төңірек ұлан-байтақ кең дала, осы далаға жамырай қонған ел әлі де екі-үш ай жайлауда болмақ»,— деді.

Мен уәде бердім. Сөз бітті, Нұрекеңнен рұқсат алып далаға шықсам, күн төбеден ауып барады екен. Қасымда тұрып ауыл адамдарымен қоштасып, қосқа қарай жол тарттым. Кішкене қойтастар, ана жер, мына жерде сай-салалар, тобылғы, шілік, аяқ астым майда көгал, боз дала.

Мал жайылса да, әлі тақырланып ескіре қоймаған ауыл сырты әлі де көрікті, басқан сайын табаным жұмсақ көк шөптерге толады, тап-таза көкпеңбек жер үсті, биыл жаңбыр мезгілімен жауып тұр, дала көркі сәнді, жер әрі жас, әрі хош иіске толы, алды-артымды орап ұшқан көбелектер менің жүрегіме балалық желігін береді. Сол сот бассалып көбелек қуа жөнелгім келеді, ауыл өмірінде үлкен кісінің соңынан жүгіруі барып тұрған әбес нәрсе. Ондай адамға сенім, құрмет деген лезде жойыла қалады, мені екі аяғымнан тас қып ұстап келе жатқан осы қағида.

Әттең қағида, сен болмасаң мына шұбар ала көбелектің соңынан жөнелмес пе едім, сонымен бірге қыр кезіп, өкпем өшкенде тоқтамас па едім! Шөп үстінде құмарым тарқағанша аунап, тырайып жатпас па едім!

Қосқа келгенімде апам біртүрлі қуанышты кейіппен қарсы алды, мені көптен бері көрмей сағынып көріскен адамның тұрпаты, жүзінде ырзалық, қуаныш нұры.

— Сәдіжан, мұнша неге кешіктің қонақтарын, сені көп күтті, ақыры сен келмегенсін кетіп қалды.

— Қонақ дегенің кімдер, апа?

— Ғайнилар ғой, жаным.

Ғайни! Атын естігенде тұла бойым шымыр етіп, екі өкпем аузыма тығылды, сасқанымнан «қайда, қайда?» — дей беріппін.

— Кетіп қалды дедім ғой, отыршы, жаным, сонсын бастан-аяқ айтайын,— деді, сасқалақтаған анам. Мен буынымды зорға бекітіп бірер аттадым да қос алдындағы томарға отыра кеттім.

— Сен кетісімен көп кешікпей-ақ шешесімен Ғайни келді, біздің, осы жерге қос тіккенімізді кеше білсе керек. Әдейі бүгін: «Қоныс құтты болсын!» айтып, ерулік әкеліпті. Шешесі бір ақкөңіл, кісіге бауырмал адам екен, бір көргеннен-ақ екеуміз сырлас болғандай сөйлестік, тілі қандай, көркі қандай! Ғайнидың сені күткісі келді білем, шешесін көп бөгеді, шай іштік, ұзақ әңгіме шерттік, бұл жерде қос ішінде жалғыз отыруыңыздың жөні болмас, біздің үйдің қасына көшіңіздер, дүкен құрып, іс тындырарға жарарлық бізде қоңыр үй бар. Сонда отырсаңыздар ол мына қостан кең ғой деп, шақырып кетті. Өздерінің аттанғандарына да көп болған жоқ,— деді апам.

Бұл сөздер менің ойымды сергітіп, көңілімді аулаған жоқ, қайта уайымды күшейтіп, көкірегімде жанған отты лапылдаған жалынға айналдырды. Адам айтқысыз шөлдегенімді, сағынғанымды, бір көруге зар болғанымды енді, осы сәтте біліп, осы бір сәтте сезгендеймін. Құлағыма Ғайни үні келіп, ақырын ғана алған демі естілгендей. Аяқ сыбдыры, ақ жібек көйлегінің көлеңдеген елесі көз алдымнан кетпейді. Тағы бір көріп мауқымды баса алмадым-ау деген арман, өкініш үстінде маңдайымды екі қолыммен ұстап, үндеместен отыра бердім.

ЗАРЫҒУ

Ғайни үйінің қасына кешіп келдік. Ауылдан алыстау өз қосымызда отыра берсек те болатын еді. Сағыныш пен арман шіркін жетектеп қоймады, сол үйдің қасында отырсам күнде керіп, күнде сөйлесіп жүретіндей болдым да тұрдым. Мен құмар болғанмен ол маған құмар ма, жоқ па деген ой басыма келсейші. Адам деген өзімшіл, өз тілегі, өз арманы болмаса басқаны керек те етпейді ғой. Келдім, жақын қондым, сонда не таптым? Ғайни мен іздеген, мен сағынған жалғыз жан, бұрынғыдан да алыстап кеткен жоқ па! Арадағы үш ай мені қоршаған темір қақпадай, Ғайни аяғын бұлай қарай баспайды. Ғайни ізі бұл жерге түспейді. Анда-санда үйінен шығып бара жатқанын сыртынан көріп, іс соңында мен отырамын. Көңіл аланы, жүрек дерті күн санап күшейе түседі. Не істеу керек, қандай амал бар бұл дерттің сөнеріне?!

* * *

Моншақ тағу салт болып кеткен қазақ елінің қыз, келіншектері зергер десе өліп-өшіп тұрмай ма. Біз үй тігісімен құмырсқадай қаптап, іспен кемді де тастады. Мен басымды көтермей тындыра бердім. Жұмыс көп, оған алар ақы аз, неге деп сен сұрама. Ауылда ауқатты, әлді адамдардан кәрі кедей-кепшіктер көп қой, оны өзін де білесің. Қаптаған көптің дені солар, бәрі де бір-бір күміс сақина, не болмаса күміс білезік соқтырғысы келеді, алмай қайырып жіберуге менің дәтім шыдар емес, ала беремін, ала беремін.

Жұмыстың аса көбейіп бара жатқанынан шошынған анам кейде:

— Сәдіжан-ау, енді жұмыс алғанды тоқтатсайшы, қыс қайда қыстарымыз әлі белгісіз ғой, заман болса мынау, бірде олай, бірде былай .болып тұрған шақ... Аласапыран аударылып, төңкеріліп жатқан кезде зергерлікпен отыра беруге мұршаңды келтіре ме, жоқ па? Кім біледі алда не тұрғанын, ұшарымызды жел, қонарымызды сай білген жанбыз ғой,— деп қатты мұңаяды. Мен ол кезде істеп отырған ісімді тастай беріп:

— Апа, мұңаймашы, бәрі де орындалады, қалаға бара алмасақ осы ауылда қыстап шығармыз, бізді қуып жатқан кім бар, аласапыран басылған соң қайтармыз,— деп көңілін жұбатамын. Жалғыздық пен жесір өмірі қажытқан ба, әлде өмірден ерте кеткен қимас серігі, абзал досы, адал жары есіне түсе ме, әйтеуір анам байғұс соңғы әзірде жоқ нәрсені сылтау етіп жабырқап, жылайтын болды. Бұл күй — ана зары менің шымбайыма қатты батады, онсыз да құр сүлдерім жүрген тірі аруақтай мені жегідей жейді. Бір денені екі бірдей құрт жайлап, бір жүрекке екі бірдей дақ түскеннен ауыр не бар? Менен басқа сүйенері, менен басқа қуаныш пен шаттығы жоқ ана, баласының дәрменсіздігіне, қиын халіне қиналатын болар, сыр бермейтін айлакер, ақылды қыз қайда апарар, қай жарға жығар деп те қорқатын шығар. Рас, дәл бүгінге дейін менің басыма түскен күйді жалғыз анам ғана біледі, менің сырыма сол ғана ортақ.

Зырлап күндер, зымырап түндер өтіп жатты. Бірақ көңіл алаң, кеудем бос. Шын сүю, жан-тәніңмен аңсау деген өте қиын екен. Бұл күйді өз басынан өткермеген адамның ұғуы да оңай болмас. Мен осы жайдың ауыр салмағын енді ғана Ғайниды көріп, Ғайниды сүйген шағымнан бастап қана сезігі, білдім. Зұлқия екеуміздің арамызда болып өткен жақындық мұның қасында көрген түс тәрізді. Ғайниды мен қалтқысыз сүйемін. Бірақ оған жолығуым қиын. Ғайни да менің маңыма жоламайды. Қыз бен жігіт халы қазақ арасында аса қиын екенін өзін де білесің.

Інісі арқылы, інісі деймін-ау, еркекшора сіңлісі, Шәкен арқылы (Шәкен дегенде менің құлағым елең ете қалды) Ғайни оқуға кітап алып тұрушы еді, кейінгі кез¬де оны да қойып кетті. Соғып беруге уәделескен заттарын әлдеқашан тапсырғам. Енді міне екі арадағы дәнекер үзіліп, жалғыз аяқ сүрлеу кесілгендей күн туды.

Хат жазып кітап арасына салып жіберейінші деп талай оқталдым, бірақ оған батылым жетпеді. Босқа жеңілдік көрсетіп үркітіп алармын, мүлде теріс қарап суынып кетер деген қауіп қарсы алдымды кес-кестей берді. «Өзі бір келер, сол кезде ретін тауып тіл қатармын. Көңілдегі ойымды, ынтызар халымды өзіне баяндармын», — деп күткен Сәдуақас бүгінге дейін қыз қарасым көріп, үміт соңынан ергеннен басқа ештеңе тапқан жоқ. Ендігі күн, ендігі тілек не әкелер, оған кімнің көзі жетпек, не де болса күтемін, сарғая отырып сабыр тілеймін. Үмітім таусылып шыдамым кетіп бара жатса әлдекім құлағыма сыбырлап: «Күт, келеді, үмітіңді үзбе! Шыда, тағы да шыда, енді аз қалды, кішкене ғана шыдасаң мұратыңа жетесің! — деп көңіліме жел, денеме қайрат береді. Мен күте беремін, үміт үзілмейді, кейде адам өмірде бір ғана үмітпен тұрады, аш адамның әр нәрсені қорек етіп жан сақтағаны секілді, өзегің талса, басыңа қара түндей ауыртпалық орнаса үміт татар нәріңдей, жағар шамшырағыңдай көрінеді, үмітсіз адам бұл дүниеден мүлде кетер адаммен тең ғой!

Ғайни келмейді, шыдай-шыдай менің де діңкем құрыды. Енді неге де болса бекінер шақ жеткендей, көлеңке қуған есуастарша әлдекімді сыртынан иемденіп, басқа аңсау енді тоқтар, не алған нысанаға жетермін, не өрмелеген жіп үзіліп, құздан төмен құлармын, басқа шара жоқ. Не істеу керек, қалай сөйлесу керек деген сұрау баяғы: «хат жазу керек»,— деген ойға әкеп бекітті. Түнде шам жарығымен Ғайниға хат жаздым.

Жазылған хат кетті.

Хатты беріп жіберу онша қиын болған жоқ, бірақ хат артынан менің күдіктерім күшейіп, қорқыныш, үрейге айналды. Қыздан келетін жауап мені жұтар аждаһа секілді әрі ызғарлы, әрі қауіпті көрінеді де тұрады. «Жоқ, сіз адасқан жансыз, менің жөнім басқа!»-—деген сөзді қыз хатынан оқу, қыз аузынан есту маған ажалмен тең. Біреу есік ашса селк ете қаламын, тұла бойым қалтырап кетеді, келген-кеткен адамның бәрі маған Ғайни жазар, Ғайни айтар қатал, суық сөзді әкеле жатқандай. Осылай тар қыспақта ұйқысыз, күлкісіз бірнеше күндер етті, мен мүлде әлсіреп шаршадым, жұмыс қалды, кей күндері күн ұзын жатып та қаламын. Анам сорлы екі көзі бұлаудай, күндіз-түні қасымнан кетпейді. Соғуға берген заттарын ала келген адамдар кейде «зергер науқас» деген жауапты алып қайтып жатыр.

Менің дәл осы күндері басымнан еткен ауырлық пен ішімде жанған құмарлық, ынтығу отын саған түсіндіруге менде дәрмен жоқ. Ал өз басыңнан кешпесең, мен секілді түн ұйқыңды төрт бөліп, жар тілегін тілемесең сенің де ұға қоюың қиын.

Бір күні таң сәріден дала кезіп кетіп қалдым, осы жерде аса жиі кездесетін қойтастардың біріне шығып ауыл жаққа қарап тұрмын. Неге қарап тұрмын, кімді күтемін, ол да өзіме мәлім емес, әйтеуір қарау, әйтеуір әлдекімді күту! Әне, ана бір бетте қаптап өріске шұбырған қой, оның соңында таяқтарын көлденен ұстаған қойшылар. Одан ормен қырдан ауылға құлап келе жатқан үйір-үйір жылқылар, жылқы соңында түн күзетінен қайтып келе жатқан жылқышылар, олар ән салмайды, тек қана жылқы соңынан ере береді. Ауылға жетіп, жатып тынықсам екен, ұйықтасам екен дейді. Бұдан көзіңді алсаң, жер бетін қаптаған маса, сона дегеніңіз маза берер емес. Құлағыңа қобыз ойнатып ызың қағады. Бет-аузыңа әлсін-әлсін жармасып, шағып кеткісі келеді. Дегенмен таң сәрідегі дала жүрегінде адам айтқысыз сырлы күй бар, мен бала күнімде ерте тұрып күс аулаған әке қасында еріп жүріп осы бір жатаған дала сарынын талай сезем, дала өз-өзінен жамыраса тіл қатып, біресе күймен, біресе аңызбен тербеліп қозғалатын сықылды, кейде мені шақырып: «Бері кел, саған оңаша айтар қызық сырларым бар», дегендей. Мен бұл күйдің соңында жүріп талай рет әкемнен қалып қояр едім. Аңшылық құмарлығы билеп алысқа кетіп қалған әкем, бір кезде мені іздеп әрең тауып алар еді. Міне, сол өзім өскен, өзім туған далада тұрмын. Бала күндегідей бүгін шат мінезім жоқ, ойым алтау, шешуі қиын бір жұмбақтың соңында басым қатулы.

Әне, ауыл жақтағы сайды өрлеп осы қойтасқа қарай салт атты келеді, бұл кім болды екен? Мал іздеп жүрген біреу дейін десең бұлтақтап ешқайда соқпай тұп-тура жортып келеді. Соған қарағанда жолаушылап бара жатқан біреу шығар, жаз күндерінде біздің қазақ, ел қыдыруға құмар-ақ қой. Ұзатқан қыз, құда-құдағи, не бір нағашы, қарындастары табылмаса, «әкесінің жиені екен» деп сүйек қуып жүре береді. Бұл әдеттің өте бір бауырмалдықтан туғанын, я болмаса қолы бос, жұмысы жоқ ерігудің салдары екенін әлі күнге айырып біле алмаймын. Не десек те жаз бойына жекжат іздеген қазақтардан арыла алмайсың. Міне солардың біреуі сайды өрлеп, аңыратып келеді, тегінде күн шығып, ыстық түскенше біраз жерді қарбытып тастайын деген болар. Көзбен айырғандай жақын келіп те қалды, әуелі астындағы атын таныдым, мынау Ғайни ғой, япырай қайда бара жатыр. Жалғыз шығуына қарағанда әлдекіммен уәдесі бар жан тәрізді. Екі ынтық осы қойтастар арасында жолығар. Бірі алдымда, енді бірі кім екен? Көптен бері жүрегімді жайлаған өрт енді сені дауыл үрлегелі тұр, күйдір, жандыр, мені аяма! Үш ай бойы шешілмеген жұмбақ бір сәтте шешілгелі, үш ай бойы алдымда тұрған үміт бір сәтте жоқ болғалы тұр. Әуелі бір жылы сөзге келіспей тұрып қыздың мені іздеп шығуы мүмкін емес, таң сәріден қазақ қызының жалғыз жолға шығуы да қағидаға жат нәрсе. Ендеше осы маңайда толып жатқан шоқылар арасында әлдекіммен уәде байласқаны анық. Тағдыр бүгін мені соған куә болуға шақырған болар. Не де болса көндім. Қазақта қыз мінетіп төл атын еш пендеге бермек емес. Олай болса, Сәдуақас, сенің көрерің алда. Сол көреріңді көр де тәубеңе кел, өз шамаңнан асамын деп бұдан бұлай аласұрма. Жас жүрегіңде қаулаған жалын мен бірге салмақты мінез, салқын ойын да бар. Басар қадамыңды өлшеп, ұмтылар биігіңді абайла! — Басыма осы қалыптас толып жатқан ойлар қаптап, бір кезде ыза мен намыс буа бастады. Қолым кісендегі кездігіме (қазақта пышақ, кездік, бәкі тағып жүру ол кезде әдет болатын) қалай барып қалғанын өзім де білмеймін. Кездік сабынан қысып ұстаған күйі бір тастың тасасына жалт бердім де, қызды аңдыдым. Енді жүрегімде сүйіспендік жалыны лан етіп сөне қалды, оның орнын кек пен ыза басты. Екі көзім қанталап, өнебойым қалтырайды, кім екен деймін ішімнен, кім де болса аман жібермеспін, кегімді алып, намысымды қорғармын. Менде жалтарыс жоқ, осы сертім серт, сорлы анам, жалғыз анам қош бол!

Атты адам жақындай түсті, не ғажап! Екі көзім көр болған ба! Әлде есімнен тандым ба? Шын-ақ бұл Ғайни болғаны ма, қалай? Көзімді орамалмен сүртіп қайта қарадым, Ғайни емес, анық ол емес, мынау Шәкен ғой. Тегінде хабаршыға жіберген-ау. Аңди тұрайыншы, кіммен кездесер екен? Нендей жәйді көрер екем? Қорған тасты айналып екінші жағынан баспалап қарап тұрдым. Шәкен маған, мен тұрған жерге келді де, атының басын тежеп, жан-жаққа көз жіберді. Сонан кейін тоқтап тұрып, тағы да маңайын шола бастады. Бір мезгілде: «Зергер, ә, зергер»,— деп ақырын дыбыстап мені шақырғандай болды. Жаңылыс естіп тұрмын ба дегендей мен дыбыс бермей тағы да аңдыдым. Құлағымды тосып тыңдап тұрмын. Анық мені шақырады, мені іздейді.

Тас артынан кенет шыға келген мені көргенде Шәкен қуанып кетті. Аттан секіріп түсіп, маған қарап жүрді, амандастық.

— Япырай, көз алдымда қайда кетіп қалдыңыз! Таба алмай әуре болып қайтамын-ау! Ғайниға не дер екенмін деп қорқып кеткенімші,- деп Шәкен сөзбен бастырмалатып әкетті.

— Мені қайдан көрдіңіз?

— Ойбай-ау, ауылдан бері шығысымен Шерубай қырқасынан сізді көзім шалған, тек осы маңға жақындай бере жоғалтып алғам жоқ па!

— Мен сені неғып байқамадым екен, — деп өтірік таңырқадым.

Ол «қайдан білейін» дей салды.

Енді не айтар екен, мені неге іздеді екен деп ынтығып тұрған маған Шәкен қалтасынан алып, бүктеулі қағазды ұсынып жатып: «Мынаны Ғайни сізге бер деп еді,» — деді. Жүрегім ойнақшып аузыма тығылды, қолдарым қалтырап қағазды жерге түсіріп ала жаздадым. Менің бетіме таңырқаған пішінмен бажырая қарап тұрған Шәкенге:

— Басқа ештеңе айтқан жоқ па? — деуге шамам әзер келді.

— Жоқ,— деді де ол атына секіріп мінді. Мен тілсіз мылқаудай сілейіп тұрған күйде қала бердім.

ЖАН СЫРЫ

Ертең!..

Сарғая күткен күн ертең тумақ. Ертең Ғайнимен кездеспекпін, Шәкен әкелген бір жапырақ қағаз соны айтады. Хат сөзі аз болғанмен қуаты қандай күшті. Талайдан бойымды басып жатқан қасірет, ауыр ой нышандары құйын көтеріп әкеткендей лезде жоқ болды. Көңілім тасып айдалада ән шырқадым. Ғайни атын жүз құбылдыра айтып, айналып-толғандым. Ғайни жазған бір жапырақ қағазды біресе қалтама саламын, біресе қайта алып оқимын. Көңілім тояр емес, ындыным кеуіп қалған тәрізді, сіміре бергім келеді. Оқыған сайын жүрегім елжіреп, тұла бойыма әлденендей рахат сезімі құйылғандай. Ертең ел жатысымен Далабай шоқысына Ғайни келмек. Ия сәт! Жолымды оңғара көр! Үйге келдім, апам күтіп отыр екен. «Неге мұнша кешіктің? Көңілін көтеріңкі ғой, не естіп, не білдің? Әлдебір қуанышың бар ма, Сәдіжан?» — деді. Менімен Ғайни арасындағы жәйді жақсы білетін апам, қатты қайғыратын.

— Қуаныш, апа, мәнісін ертең біржола айтайын, шайың болса жақсы болар еді, әрі шөлдедім, әрі қарным ашқан секілді.

— Жақсы, ертең-ақ айтарсың, мен шай жасайын. Апам шай жасауға кетті. Мен төр алдында ыңырсып өлең айтып жата бердім, көзімді жұмсам-ақ көз алдымда күлімдеген Ғайни тұрғандай.

* * *

Бұл төңіректің қазағы өздерін Арқа елінің қазағымыз деседі. Өз жерлерін арқа жері деп атағанды сүйеді. Сол Арқаның әдемі қоңыр түні мен Далабай шоқысында отырмын. Бұл шоқы күндіз талай аралаған жерім. Сондықтан болар, қай тұста не бары көңілімде сайрап тұр. Далабай шоқысы сұлу жердің бірі, шамасы бұрын қалың ағаш өскен болар, шоқы маңында жуан түбірлері көп-ақ. Оның үстіне әр жерде теңкиіп-теңкиіп жатқан сандық тастар, шоқы маңын басқан талдар мен тобылғы, мойылдар. Біресе анда, біресе мұнда кездесіп қалатын бірен-саран жас қайыңдар осы шоқының шежіресі емей немене! Мен ауыл жақ бектердегі екі-үш сандық тастың ортасында отырмын, екі көзім ауыл жақта, көңілім судай тасқан, дүниеде менен бақытты жан тумаған сияқты. Түн қандай жақсы! Жоқ, мұндай түн ешбір жерде, ешуақытта болған емес. Маған нанбасаңыз өзіңіз мына аспанға қараңызшы! Айтып берерге жай бір қарапайым адам былай тұрсын, ақын тілі жетер ме!

Талай-ақ бұлтсыз жаз күндері болған шығар, бірақ дәл осы түндей елжіреп тұрған, ұлы қуанышыңдай шат, арманыңдай биік, жүрегіндей таза түнді кім керген. Жоқ, бұл түн менің түнім, бұл түн Ғайни түні.

Ғайни келе жатыр, мен оны көзбен емес, көңілмен сезіп отырмын. Үйінен шыға әрі тез, әрі сақ басқан қыз кебісінің сүп-сүйір тақасы даланы емес, менің жүрегімді басқандай. Қыз өкшесінің тықылы менің жүрегіммен бірге соғып тұрғандай. Өз жүрегімнің тынысын санаған есепшідей оның басқан қадамын санап отырмын. Оның жүрек лүпілін сезіп, оның жан күйін ұғып отырмын. Асығып келеді, сағынып келеді, мен де ынтыға, сағына түсемін!

Міне қарсы алдымнан сыбдыр естіледі, мен бір басып, екі басып сол сыбдырға қарай жүремін, құмарымды, ақ сәулемді тезірек құшсам екен, сарғая күткен ауыр күндер сырын ақтарсам екен деймін. Әне о да көрінді, құйын көтеріп әкеткендей мен дедек қағын алдынан жүгірдім, екі құшақ қалай айқасты, екі жүрек қалай соқты, екі тіл не айтысты — оның бәрі есімде жоқ. Тек, Ғайни екеуміз құшақ жаза алмай ұзақ тұрғанымыз, құшырлана сүйіскен қос еріннің әрі ыстық, әрі тәтті шағы, жабыса қалған қос жүректің тепсіне ұрған дүрсілі: «Жаным бауырым, тынысым, бақ жұлдызым!» дескен жылы, нәзік, қымбат сөздер дәл кәзір басымнан өткендей көз алдымда.

...Саған тағы не айтсам екен? Бұл сәт жанмен, сезіммен ұғар өте бір биік, өте бір нәзік, жан күйінің ыстық, рахат шағы емес пе! Пида бола сарғая, сағына қуған арманыма жеткен менің жүрегімді мақтаныш, шаттық кернейді, екі бетім дуылдап жалын атады. Өз қуанышымды өзімнен қызғанамын, рас па, осы бақытқа шын жеттім бе деген күдік те бір мезгіл тынышымды алғандай болады. Бұл не ғажап!..

Айдалада, түн қараңғысында мойныма оралған ерке қыз абзалы, менің жан пидам, өз тынысымның үзілмес лебі, жүрегімнің тамшы қаны бейнелес. Мен отырған орнымда тас боп қатып қалған жандаймын. Менде қимыл жоқ, қозғалайын десем, тынысым үзіліп кетердей, жүрегім тоқтап қалардай. Құшағымда қыз емес, әлде нендей керемет, аса қадірлі, аса қасиетті, нәзік, сұлу жан иесі, маған әрі жұмбақ, әрі қымбат!.. Өмір бойы кездеме көрмеген тағы адамның алдына сен кенет үлбіреген аппақ жібекті тастай берші, ол үлпілдеген жібекті көргенде әрі қуанып, әрі шошиды, үгіліп кетер ме екен, әлде бір дақ, әлде бір сызат түсер ме екен деп қорқады, жүрексінеді, бірден бас салмай ақырын ғана сипап көреді... Менің халым де дәл осындай, мен де әрі қуанып, әрі қорқамын, жан сәулемді ақырын ғана қысып, ақырын ғана үлбіреген ақ бетінен сүйемін, ақырын ғана қозғалып, ақырын ғана дем аламын. Ол да өзінің ыстық, жұқа ернін менің ерініме таяп ұзақ сүйеді. Осылайша біз жүрек күйінін тәтті құшағында, тіршіліктің айғай, шуынан, өсек аяңынан, қорқыныш пен қаупінен аулақ, басқа бір дүниеде, ләззат пен қуаныш дүниесінде, әлдеқандай жұмбақ рахат өмірде отыра береміз... Тартып алмасаң, ешнәрсе ұсына қоймайтын саран, өмірдің адамға берген баға жетпес ең қымбаты екеу болса бірі, біреу болса — дәл өзі осы бір шақ па деймін. Мен оқыған араб, парсы ақындары (кәзір өздерін зиялымыз дейтіндер «ақын» деген сөзді «шаһір» деп атасады, бұл мінез мені өте қорландырады, өзіне тартпайды) шарап жырларын көп жазады, дүниедегі ләззатты, қиялдағы әдемі рахат жайларды шараптан тауып, шараптан алғандай көтере, келістіре сипаттайды, соған қарап мен де солай шығар деуші едім, жоқ, олай емес екен! Ол жалған, ақын қиялынан туған шала перзент, ауру перзент, қиял науқасы, жан ауру науқасы екен, оған енді көзім жетті. Шын ләззатты мен жаңа алдым, шын бақытты мен енді таптым.

Сен бақытты көрдің бе, бақытпен сөйлесіп, сырластың ба? Дос болдың ба бақытпен?..

Жоқ! Сен бақытты көрген жоқсың, онымен сырласқан жоқсың сенің жүрегіңде бақытқа деген махаббат оты әлі жанған жоқ, сенін тамырыңда бақыт құйған қан тамшылары ойнамайды, сенін жүрегің бақыт атын естігенде лүпіл қақпайды! Сен бақытты білмейсің! «Махаббат», «Бақыт» деген екі сөз саған жат қой, бұл сөздерді естігенің болмаса, жан жүрегіңмен қызғана қабылдайсың ба? Жоқ. Бұған сен кінәлі емессің, екеуміз туған ел де кінәлі емес. Бірақ әлдекім, біз білмейтін, біз көрмеген біреу кінәлі шығар, оны табу екеуміздің қолымыздан келер ме?

Менің құшағымда отырған Ғайни сол сәтте қол жетпейтін бақытым, түнгі жарық жұлдызым, ұлы арманым секілді еді. Менде кенет қолы жеткен бақыт пен арманына ырзалық, мақтаныш, тәубеден гөрі қорқыныш, үрей басым еді.. Әлдекім тап осы арада, дәл осы қуаныш үстінде менен тартып әкетердей, жанып тұрған от жүрегіме мұз тастардай еді. Неге, кім, не үшін менің бақытымды алмақ? От жүрегіме неге мұз тастамақ? Бұған жауапты өмірден, мен көрген, мен кешкен аз ғана да болса — ащы, қысқа да болса — зарлы, қиянатшыл, озбыр дүниеден іздеймін... Аузым күйген сияқты, табанымды тас тілген тәрізді...

Манадан белгісіз бір жерде жасырынып тұрып шыға келгендей аспанда жарқ етіп ай туды. Барқыттай жұмсақ ай нұры жылжып келіп Ғайни бетіне төгілді. Мен бұл жүздің көркін, келбет мүсінін, шырай, өңін ай жарығынсыз, өз жүрегімнің сәулесімен-ақ кітап оқыған шәкірттей жатқа білемін, оқып отырған жолдардың әрбір әріп мүсіндері тыныс белгілері шәкіртке қандай аян болса, Ғайни жүзінің бар құбылысы, бар мәнері, өң-шырайы маған сондай тегіс мәлім, менің жүрегімде, менің көз жанарымда сайрап тұр. Тіпті оң көзінің астын ала біткен кішкентай қара меңге дейін есімнен кетер емес.

Ай жарығымен қосылған Ғайни нұры төңіректі күндізгідей жарқыратып жіберді, мен таңырқап жан сәулемнің бетіне тесіле қалдым, оның қара көздерінен моншақ жастар тамшылап тұр екен, бұл неліктен? Ернеуінен асып төгілген қуаныш толқыны ма, әлде жас жүрегін жайлаған дерт запыраны, қасірет зары ма?! Мұны маған кім айтар, кім баяндар!

Денемді суық кернейді, жүрегім қалтырайды, не сөз, не сыр естимін? Дәл қазір ме?! Ғайниымның, — бақыт нұрымның өз аузынан ба?! Неге қорқам! Мүмкін тек ұлы қуаныштың өз кереметі, өз толқыны шығар. Адамға қуанған да, қайғырған да бір емес пе! Екеуі де ыстық жүректі тербетіп, от көзіңнен жас тамшыларын келтірмейтін бе еді?

Ғайни бір кезде ақырын ғана күрсінді, бұл күрсіну көз жасының тамшыларын азайтқан жоқ, қайта адам айтқысыз күшпен дария толқынын жиекке атқандай, жас толқындарын тасқындап ағызды. Омырауға төгілген ыстық жасқа қарап мен де ауыр күрсіндім, маған, менің басыма орнап келе жатқан қою қара бұлттың шақырар дауылы, ызғырық ызғары әлден-ақ сезілгендей, шымырлап тал бойымды жайлағандай болды.

— Сізді кім деп атасам екен? Ер адамның атын бірден атай қою, әрі қиын, әрі ғұрыпта жоқ. «Аға» дер едім оның да реті келмейді ғой.

— Неге реті болмасын. «Аға» деп атай беріңіз!

— Жоқ. Ағалық жолы үлкен әлі, ал, біздің бұл отырысымыз аға мен қарындас жолынан бөлегірек емес пе?!

Мен сөз таба алмай, жауап бере алмай қысылайын дедім. Сасқалақтап аузыма түскен бір сөзді айта бастап едім:

— Сіз қысылмай-ақ қойыңыз, келудің, тілдесудің жолын тапқанда, қалай атаудың да жөнін табармыз, Әзірше «Зергер» деп атасам сіз ренжімессіз, — деді Ғайни. Даусы әрі зарлы, әрі тәтті.

— Атай беріңіз! «Зергер» деген атқа құлағым үйренген, ол менің азан шақырылмай қойған, құдайдан өзім тілеп алған атым ғой,— дедім мен де оның сөзіне іле жауап беріп.

Ғайни мұңды көзімен маған тесіле қарады да, кенет кірпіктерін жаба қойды, осы қарастан тым тереңде, көз қарашығының түбінде жатқан зарлы күйдің, ауыр хасіреттің белгісін байқағандай болдым.

— Зергер! Сен;.менімен бірге, менің қуанышты жүрегіммен бірге удай ащы қайғымды да құшып отырсың. Қасірет пен мұң жүрекке сыйғанмен, құшаққа сия ма? Ол жәйлі өзін, ойла! Әйтеуір, мен талыға күткен құмарлық, зарын басқалы келген ғашықтан гөрі қазір жалбарына, зар шаға келген сорлы, бақытсыз жанға ұқсаймын. Өз сапарына аттанбай жатып, алды кесілген жолаушыдай, ия бір, ұшайын деп талпына бастағанда, ұясын жыртқыш аңдыған балапандай ажал мен үміт таласында тұрған жанмын. Ажал тырнағы бұрын ілер ме, әлде үміт сәулесі бұрын түсер ме деп, екі тілектің жүзінде екі айырым жолдың торабында тұрғанымда құдай сені кез келтірді.

Ол тіл қатпай, белгісіз бір ой көшінің соңында өзімен өзі болып отырып қалды, көз жасы тиылған, бірақ жүзінде ауыр қайғының белгісі бар. Көкірегін кернеген дерттің зардабы сыртқа теуіп тұрғандай, алқына дем алады. Мен аяп кеттім. Бойымда бар қайрат пен намыс оты өрт түскен қаудай бұрқ ете қалды. Ғайни үшін, Ғайнидың тілек, арманы үшін дал осы сәт өлімге бару керек болса, мен басымды байлар едім, бірақ көрініп тұрған жау, төніп тұрған ажал қайда. Ол кімдер? Ғайнида не кегі, не алмағы бар?

Бір кезде Ғайни тұнжыраған қалпын өзгертіп, басын көтерді де, үзіліп қалған сөз аяғын қайта жалғап әкетті.

— Ия, ойда жоқ жерден сіз кездестіңіз, (Ғайни үнемі бірде «сіз», бірде «сен» деп сөйлейді) кездестіңіз де менің жүрегімде шешуі қиын жұмбақтай орнадыңыз, мен әрі таба алмай, әрі ұмыта алмай көпке дейін әуре болдым. Ұмытқым келді, көрмегендей, сенін үніңді естімегендей қалып білдірдім. Жастық күші, жүрек әмірі адам еркінен басым ба деймін, қайда тығылсам да қоймай, қалай бұлқынсам да жібермей, мені саған қайта алып келді. Өткен жыл бір зиялы ағамыз менімен сөйлесіп отырып: «Қазақ қыздарында да жастық, махаббат, өмір туралы ойлар бар екен-ау!» деп таңырқап еді, оның ойынша біздер мал сияқты, ойдан аулақ, тілге топас жандар секілдіміз. Сіз де оқыған жігітсіз ғой, ауыл қыздары жәйлі қандай ойыңыз бар екенін кім білсін! Бәйбіше әмірінде сабылған күңнің, сүйгеніне қосыла алмай шариғат бұйрығына бас иген қыздың жүрегінде нендей зар, нендей шерлер жоқ. Қайғы мен қасірет адамды әрі шешен, әрі батыл етпей ме? Мен де ауылдағы шариғат құлы, құдалық құрбандарының бірімін. Бауырын көтермей мойнына «қарғысын байлап менікі деп ие болатын ит баласындай, қыз бола бастағанда-ақ әлдекім бізге қарғы байлайтынын өзің де жақсы білесің ғой!

Шерлі адам не ойламайды, ой қайда жетектеп, қайда апармайды! Бала күнімде «Жүсіп пен Зылиха» қиссасын оқып отырып талай жылағаным бар. Бірақ Зылиха маған бөтен, алыстағы біреу, оның зары, оның арманы аяныш болғанымен, аулақтағы әлдекімнің басынан өткен бір елдің, бөтен біреудің шері тәрізді еді. Енді дәл кәзір сол бір ертеде өткен қыз халы менің өз басымда, сол Зылиха мен, оның арманы менің арманым, оның зары менің зарым болды. Соны көріп жүрегіме әлде не орнағалы мен сол қиссаны түнде қойныма қысып жатамын да, көз жасымды көлдей өтіп төге беремін, қойныма қысқаным тірі адам, аяулы, асыл адам, — өзімнің егізім, мұңы бір, зары бір туғаным секілді. Менің саған айтар арызым да, саған шағар сырым да осы. Менің мойныма түскен тұзақ арқан емес, шынжыр. Оны үзер менде күш жоқ. Ендігі жәйді өзің ойла, өзің болжа, басар қадамды өзің өлшеп, өзің шеш! Қорғалар бұта, арқа сүйер тірек таба алмай жан-жағыма жаутаң қағып тұрған кезімде құдай сені жіберді. Мен жау оғынан қашып сенін қолтығыңа тығылдым.

Ғайни сөзін тоқтатты да, қалтасынан ақ жібек орамалын алып көз жасын сүрткендей болды. Мен ұйқылы-ояу жандай отырып қалдым, қайғы мен қасірет отында күйген қыз жүрегі әрі тәтті, әрі ащы уларын шым-шымдап менің қаныма құйғандай, мен талып бара жатқан жандаймын. Бір сәт екі құлағым бітіп қалғандай жаңағы қыз үнін, қайғылы жүректің мұңды сазын, керемет күшін, қыз жүрегінің мөлдір, таза толқынын іздеймін. Сол бір әлсіз нәзік үн мені алысқа, ұлы дауылдар құшағына шақырғандай болады. Неге тоқтап қалды? Неге үзіліп кетті? Бұл зар ғана емес, таңғажайып жан сыры, мен ойламаған, мен білмеген өмір жұмбақтарының шешуі ғой! Тағы айтшы, айта түсші! Ойы мен қыры, тартыс пен зары, зорлық пен сотқарлығы көп ауыл өмірінің терең дариясына қарай мені сүйреші!

Бірақ, үзілген үн қайта жалғанбады, қыз сыры, жалынды қыз жүрегі қайта ашылмады, қайта тұтанбады.

Мен шариғаттан, моллалықтан осы арада бездім. Тағдыр мені зергерлік жолына итергеніне дәл осы арада қуана разы болдым.

Өзің ойлашы, Тоқсан! Егер мен әкем ұсынған қағидаға бас иіп, молла болсам, Ғайни сымбатты зар жылаған талай абзал жандардың обалына қалмас пе едім? Талай көз жас менің мойнымда кетпес пе еді? Талай сүймеген жүректер мені қарғамас па еді? Менің атым адам емес, неке қияр, қара жүрек молла атанбас па еді!

Солай, молла жолы — шариғат жолы сол екен! Оны бұдан бұрын кім ойлап, кім болжаған!..

* * *

Ғайнимен кездескен түннен бастап менің өмірім бұрынғыдан бөтен бір кезеңге бет алып, бір жолсыз сүрлеусіз қияға ауысқандай болды. Бұл қыз менің бақыт қиям ба, әлде тайып жығылар шатқалым, ажал табар шыңырауым ба? Оны алдағы өмір көрсетер. Енді белді тас буынып күреске, тартысқа түспесем бақыт таба алмаймын. Менің бақытым — маңдайыма жазған жарық жұлдызым сол бір қияның үстінде, шынжыр арқанға байлаулы, ол арқанның бір ұшы менде, бір ұшы менің қас жауымның қолында. Солай, тең тартыста Ғайни тұр. Кім жеңер екен! Кім жығар екен? Бұл да жұмбақ, қараңғы. Әзір өрмек жүзі маған ауған, Ғайни жүрегі менде. Бірақ, мал берген құда арыстандай азулы, жолбарыстай түсі суық, шынжыр балақ шұбар төс. Оның күші байлықта, оның қалтасы жуан. Ашық тартыс, ашық күрес маған қауып, ондай жауды тек қана айламен, ақылмен жеңу керек. Міне, бүгіннен бастап Сәдуақас ойы осында. Сәдуақас тілегі қайтсе де арманына жету — Ғайнижанды сүймесінен, жау қолынан құтқару. Көріп отырсың ғой, өзің айтшы, менде бөтен таңдау бар ма? Шегінсем-ақ өлгелі тұрмын, одан кейін мені адам деу, жігітке санау қиын. Өлім жолы да, бақыт жолы да мен үшін біреу-ақ, ол — қан майдан, ұлы тартыс!.. Менің солай ұмтылмасқа, одан өтпеске шамам жоқ! Жар сүйген жалынды жүрегім, жастық шағым солай қарай сүйрейді, жүр дегендей болады, бір жағынан Ғайни да қолын бұлғап шақырып тұрғандай, өзім де жаныммен, бар тілегіммен солай қарай ұмтыламын, қор тірліктен қан майдандағы өлім артық! Мен өлімге қарсы шапсам ғана бақытқа жетемін, онсыз маған тірлік жоқ!

Соншама неге қиналасың, өз басыңа қара түнді неге үйіп төгесің? Дәл кәзір саған төніп тұрған ажал, сені қоршаған жау көрінбейді ғой дерсің! Оның рас, дәл осы сәтте маған қанжарын жалақтатып алдымда тұрған ешкім жоқ бірақ, ертеңгі күн, Ғайни екеуміздің қосылар күніміз аспанда дауыл бұлтын шақырары, қанды күрес тудырары кімге күмән, кімге жұмбақ! Артыңа бұрылып қарашы, сен не көрер екенсің! Құлағыңды түріп тың тыңдашы, нендей әуез, нендей сарын құлағыңа келер екен? Анау жатқан қанды жол «Сұлушаш», «Еңлік — Кебектер» еткен жол, ана қаралы қабір сол бір абзал жандардың қабірі ғой, әне, құлағына шалынған мынау мұңды зар солардың шерлі жүрегінен шыққан қасірет зары емей немене? Бұл зарды, бұл қайғылы жырды ел ішінде кім білмейді? Кім жырламайды, жырлай отырып кім көз жасын бұламайды?! Ел сыры, қазақ сыры сені мен маған аян емес ме! Ертеңгі Ғайни екеуміз жүрер жол осы қанды жол, осы зарлы жол ғой, одан бұрылып кетер қай жол бар? Біз паналар қандай таса, қандай бекініс бар? Жоқ! Ауыл ішінде, ел ішінде бізге пана жоқ бізге сүйеніш аз, біз арқа тірейтін тіреу әлсіз. Сондықтан алыстан, біз білмейтін жат елден, жат жерден қорғап тауып, пана іздеу керек. Оны қайдан, кімнен табамыз? Сәдуақас басын мең-зең ғып, Сәдуақас жүрегіне ас батырмай жүрген ендігі жәйт осы күй.

— Қызық-ай! Мұндай қызық болмас, сойымен мен Зухраханум боламын, кәне сен татарша сөйлеп қарашы,— дейді қуанған, шаттанған Ғайни.

Мен татарша әлденелерді айта бастаймын. Ол құшағына қысып ұзақ сүйеді.

ҮРЕЙ

Маған бір күннен екінші күн аса қадірлі, аса қымбат бола бастады, өйткені әр күндердің маған әкелер бақыт, қуанышы әрқилы, өздерінше зор, баға жетпес қымбат. Менің маңайым қызыққа, жүрегім қуанышқа толы. Мен армансыз жанмын. Мұнын, бәрін маған Ғайни әкелді. Менде Ғайнидан бөлек тіршілік жоқ, өмірге сол үшін туып, сол үшін өскендеймін. Баяғыдан бері қала мен даланы, ауылдан-ауылды зергерлікпен емес, Ғайниды ғана іздеп кезгендеймін, біз екеуміздің екі жақта туып-өсуіміз әлдекімдердің істеген қатесі тәрізді. «Жан-тәнімен сүю» деген қазақ сөзінде ұлы мағына бар, ауыр салмақ бар. Бұл мағынаны, бұл салмақты шын сүйе білетін, жалынды жүрегі елжірей білетін абзал адам ғана түсінбек. Жан-тәнімен сүю қандай ғажап, оның берер ләззаты нендей тамаша! Егер білгің келсе, сен де сүй, сен де тат!

Бірақ жар сүю бұл заманда оңайға түспейді, өмірде сүйіспеншілік, ғашықтық дүниесінен тар дүние жоқ, қол-аяғыңды кісендеп қапасқа салғаннан гөрі бос жүріп, үйіңде отырып тартқан азап қандай ауыр!

Бұл қапастың тарлығын, бұл қасіреттің ауырлығын басыма түскен мен ғана білермін, менен басқа жан білер ме, түсінер ме! Әрбір өткен күнің қандай тамаша, қызық болса алдағы күндерің соншалық ауыр, соншалық қауып пен қатерге толы. Ақ жүрегің, таза жаның бола тұрып өзіңді ауыр қылмысты біреудей, қатал, қаныпезер хан алдында өлім күткендей сезіну, әрбір атар таңнан қорқыныш, қауіп хабарын күту қандай азап! Шіркін, қазақ сенің ата дәстүрің, шариғат, бата жолдарың қандай мехнат зынданы еді, сенің қызың мен ұлыңа берер бақытың, ұсынар жүрегің не деген қара тастан қатты еді! Нәресте шағымызда төккен махаббатыңды, ыстық жүрегіңді енді неге аяйсың, неге жасырасың бізден!

Менің жәйімді қарашы! Менің жүрегімді қақ жарып көрші! Қаулап тұрған жалынды от пен у емес пе! Мен де сенің балаңмын ғой, неге аямайсың неге есіркемейсің! Таңның атысынан күн батқанша жан сәулемді бір көрмеймін, маған қымбат, маған қасиетті, бойыма қуат, көңіліме күн шуағындай ерке, назды үнін бір естімеймін. Не жаздым мен саған! Менің жас өмірімнің, жас тілегімнің не күнәсі бар сенің алдыңда!

Ел көзіне түсемін, өсек-аяңға ұшыраймын деп Ғайнидың өзі де келмейді, ал, маған ол үйге бару былай тұрсын, маңына жақындауға тиым салған. Қазақ арасына өсек тарады дегенше, біздің жолымыз кесілді, мойнымызға құрық түсті дей бер, Ғайни да, мен де істің осы жағын ойлаймыз. Ел өсегіне жол бергіміз келмейді. Сондықтан азап тартамыз, зарығамыз. Мұндайда құмартқан жас жандардың мауқын басар шағы түн ғой. Ғайни екеумізге сол түндер де тым сирек тиеді, зарықтырып, әбден болдыртып барып қолымызға әрең түседі. Бұрын да аңдудан құр болмаушы еді, соңғы кезде шешесі әлденеден сезіктенген бе, көңіліне күдік кіргендей түн баласы үнемі қасына алып жатып, таң атқанша аңдитын болыпты. Мұның арты неге соғар, оны бір құдай білсін!

Ғайниды көру, оған кездесу кілті де қыздың өз қолында, бұрын-соңды жаман аты шықпаған, өз ауылына қадірлі қыз аброй, атағын өте сақ, өте мықты ұстайды, өзінен хабар болмай, маңына жолатқысы келмейді. Әлдеқандай себептермен үй-ішінде аңду босаңсыған кезде біздің үйге сіреңке сұратып, Шәкенді жібереді. Егер бірер шырпы сұратса, бүгін түнде ел ұйықтаған кезде ауыл қасындағы бір шоқ талға келіп жолық, саған айтар асығыс сезім бар дегені. Болмаса бір қорап сіреңке сұратады, онда бүгін түн қауіпсіз, Далабай шоқысында табысайық деген ишараты. Міне, мен сорлы күн сайын осы екі ишараттың қайсысы келер екен деп асыға күтумен отырамын. Кейде өте ұзақ уақыт еш хабарсыз сарыламын. Сағыныш тақсіреті бар денемді жайлап, екі көзім есікке қараумен, кіріп шыққан адамдарды аңдумен төрт болады. Даладан естілген адам сыбдыры жан жүрегімді жейді, әлім құрып, бойым дел-сал болады.

Бүгін мені Ғайни шоқталға шақырыпты. Бұл жақсы ырым емес! Қандай хабар естимін! Қандай жамандық қарсы алар, қандай суық сөз кез келер? Бұл ишарат асығыс, қатер жәйін хабарлау ишараты. Сақ едік, ешкім сезген жоқ секілді еді, не болды екен? Нендей жамандық естіді екен? Сорлы Сәдуақас, беліңді бекем бу!

Ауыл ұйқыға кетісімен уәделі жерге келдім. Ғайни әлі жоқ. Ай тумаған, аспанда бірде-бір жұлдыз жоқ, арқаның тастай қараңғы түні. Бір топ шоқталдың арасында мен отырмын... Жан-жағым жым-жырт. Өлі дүние, мылқау тіршілік. Мен де мылқау, мен де үнсіз, тек екі құлағым түрулі, жан сәулемді күтемін! Оның асыға басқан аяқ дыбысын естігім келеді, «тез, тез!» деймін ішімнен. Бірақ меңіреу түн тіл қатпайды, ешбір дыбыс білінбейді, қыбыр еткен тіршілік сезілмейді. Жер дүниені қаптаған қою түн ғана өзінің қорқынышты құшағын жайып маған төне түскендей. Мен адам айтқысыз бір қап-қара алыптың кең қойнына кіріп бара жатқандаймын.

Адам біткен шырт ұйқыда, бүкіл тірлік иесі рахатқа бөленген, жер, дүние әрі тыныш, әрі тұйық. Бұл түнде дәл осылай мен құсап тал арасында ауылға қарап телміріп отырған тағы біреу көз алдыма келгендей. Ол ұры. Ұры кәсібі түн жорту ғой, бүгінгідей қоп-қою қараңғы түндер ұры сорлыға сирек кездесер бақыт емес пе! Әне, бір ауылдың желкесіндегі шоқы түбінде ол да бұғып, жасырынады. Сыбдыр еткен шөптен, қыбырлаған тіршіліктен шошиды, селк еткендей тұлабойы шымыр етіп, жан-жағына ұрлана, үрейлене қарайды. Сонда да кеңілі ауылда, назары қотандағы қойларда. Қой күзеті қашан ұйықтар, күзетші даусы қашан тынар! Оның ындыны соған құриды, оның екі көзі соны аңдиды. Ол да көзге түспесем екен, із-түзімді қыбыр еткен жан иесі сезбесе екен деп тілейді. Оның да өн бойын қорқыныш, қауіп-қатерлер қаптаған. Оның тілегі: өз қолына ұрлар заты түскенше түн қараңғысы ашылмаса екен, ай тумаса екен, артымнан қуғын ермесе екен!

Мен сол ұрының сыңары секілдімін. Менің отырысымда одан айырма жоқ. Мен де сыбдыр шықса селк ете қаламын, қараңдаған зат көрінсе менің де жүрегім су ете түседі, кісі көзіне түсу маған да қауіп, маған да зор қатер. Ендеше ұрыдан менің нем артық? Жалғыз ғана адал ниетімнен басқа осы отырысымда ұрыдан қандай айырмам бар? Қандай артықшылығым бар? Өзің ойлашы, Тоқсан, менің жазығым не? Жазығым сүйгендігім бе, жар тандап, өзіме жұбай, жан серік тапқаным ба? Мұнда не кінә, не жазық бар? Өз сүйгенін ел көзінше көре алмау, өз жарымен ел алдында тілдесе алмау, айтар сөзін, сүйер жүрегін жасырып, тығып ұстау біздің қазақтан басқа елде де бар ма екен? Егер бар болса мұндай қатал, мұндай мейірімсіз қағида адам үшін, ұрпақ үшін өте ауыр қиянат емес пе! Балапан шақтарында ұл мен қызына өз жүрегін жарып берер ата-аналар бұл сұмдықты неге тыймайды, өз ұрпағын ержеткен кезінде неге есіркемейді? Мұнда не сыр, мұнда не гәп бар!

Осындай торлаған ойлар шырмауында отырғанымда Ғайни келді. Менің көп күткеніме өзі кінәлі адамдай жалбарынып, есіркейді. Түсінбейді, мен сезбейді дей ме екен?

Менің де жүрегім елжіреп кетті, сол сәтте оны жас нәрестедей алдыма алып құшағыма қыстым да, ақ бетінен сүйе бердім, Ғайни да өте бір нәзік, өте бір жан жүйесін балқытар сағыныш, еркелік назымен қарсы алды. Тоқсан! Мен бұл түндерді, осынау Ғайнимен оңаша өткізген шақтарды көз жұмып, көр жамылғанша ұмытпан. Мүмкін бұдан былай да жар құшармын, өмір өз дегенін істетпей қоймас, бірақ Ғайни аты құлағымнан кетпес, Ғайни үні көңіл күйім болар, Ғайни сыры жүрек түбінде жататын ең қымбат қазынам болар!..

Ия, сөзді бөлмейікші, енді не болды, Ғайни не айтты екен деп сен до тықыршып келе жатқан шығарсын. Айтайын!

— Мен таң атқалы ой шырмауынан шыға алмадым,— деді Ғайни біраз уақыт өткенсін. — Өз басының қайғысы адамды қайда болса сонда сүйреп, талай күйге салады екен, талай нәрсені ойлатады екен. Ана жылдары мені оқытқан молда бір күні менің көкеме (бұл жақта әкесін көке деп құрметтейді) «Ләйлі — Мәжнүн» қиссасын оқыды, қисса оқылып біткенше көкем де, тәтем де (шешесін Ғайни солай атайды) көзінен аққан жастарын тыя алмады, қастарында тыңдап отырған мен де анда-санда көзіме жас алдым. Әсіресе Мәжнүн ғашық дертіне шыдай алмай жынданып Ләйліні іздейтін тұстарын естігенде, көкем қыз әкесін ызалы сөздермен сөгіп, өз баласына жаны ашығандай қынжылғаны әлі көз алдымда. Дәл сол сәтте мен көкемді бұрынғыдан да қатты жақсы көрдім, жүрегінде аяушылығы, көңілінде адамшылығы үлкен әкесі бар маған қай қыз, қай бала тең келер деп ойладым.

Ал, бүгін ше? Бүгін сол жақсы әке, асыл әке, аяушылығы зор әке қайда? Өз баласын неге аямайды, сүйгеніне неге қоспайды? Сонау Ләйлі мен Мәжнүн жәйі өз басына келгенде неге жібімейді, неге ескермейді? Кешегі қисса тыңдағандағы ана мен әкенің көз жасы өтірік пе еді? Әлде аяушылық дегенің өткінші жауындай бір мезгіл өте шығатын мағынасыз бірдеңе ме? Мұны маған кім түсіндірер, кім ұғындырар? Мені бұл ойларға ызғырықтай әкеп тыққан кеше біздің үйде болған уақиға. Саған айтайын дегенім де сол еді. Ал, тыңдай бер, менің сенен басқа төрешім де, сүйенерім де жоқ!.. Ғайни даусы дірілдеп, көзіне жас алғандай болды, менің де жүрегіме әлдекім біз сұғып алғандай шаншып-шаншып кетті...

— Кеше көкем мына ауылға барып қайтты. Көкем келгенде мен кесте тігіп отыр едім. Жайланып отырғансын бір аяқ қымыз ішті де тәтеме қарап: «Әлгі зергеріміз барып тұрған елден шыққан алаяқ дейді ғой, жап-жас басымен халықтың тырнақтап жинаған алтын-күмісін ұрлағанша мүрдем неге кетпейді екен. Қаршадай күнінен неғып қана сондай іске қолы барып, жүрегі дауалайды!» деді. Бұл сөзді естігенде менің қолымнан кестем жерге түсіп кетті, өңім де қуарып кетсе керек. Айтқан сөзден шошығаным сонша, көпке дейін есімді жия алмадым, тілім байланып қалғандай болды.

Тәтем: «Қой, бекер шығар, ондай жаман сөзді кімнен естідің», — деп еді. Меңдібайдың жоғалған жылқысын іздеп жүрген Кәрміш деген жігіті мына ауылға түскен екен, сол айтып кетіпті және Меңдібай осы зергер жәйін хабарлау үшін биге әдейі арнаулы кісі жіберемін деп отырған депті. Тегінде бұл хабар анықталса, зергермен ел арасы жақсы болмас, деді. Осы сөзді естігеннен кейін мен шыдай алмай шығып кеттім. Мен кеткенсін не айтқандарын білмеймін, Әлде үрейлі қалпымнан сезіктенген бе? Әлде кестемнің қолымнан түсіп кеткенін көзі шалып қалған ба? Болмаса көкем бірдеме айтқан ба? Әйтеуір, тәтем маған қатты ашуланды. Зергермен араларыңда бір пәле бар, сенің сыңайың соны аңғартады, жасырмай айт деп мені қатты қысты. Әбден болмағансын аузына түскен жаман сөздерді айтып балағаттап сөкті. Бұдан былай мені көзінен таса қылар емес, аңдумен ұстайтын түрі бар.

Сенің күнің не болар? Айтқан сөздің растығына мен сенбеймін. Бірақ ел не дер? Ақылға келер ме? Не өсекке еріп, бой бермей тулар ма? Осыдан қорқамын. Құдайдың өзі сақтамаса, бізге қолын кім бермек! Ғайни сөзін тоқтатып, мені өте бір ыстық сезіммен оттай қызу демі бетімді шарпып, жұп-жұқа еріндерін ерініме таяды, мен бір сәт бүкіл дүниені ұмыттым...

— Әкелген хабарың өте ауыр, бұл мен естімеген және өмір бойынша естірмін деп ойламаған сұмдық екен. Ақпын деп ант ішкенмен ел беті жамандыққа ауса, оны тоқтатар кім бар? Оған қарсы тұрар қандай күш бар? Құдайдан тілек тілеп зар жылағанмен де табар бақыт аз ғой. Зар еңіреген, алла атымен мұң төккен талай жазықсыз жандар жәбір тартып, жапа шегіп жатқан жоқ па.

Басқа түсер ауыртпалықты ер жігіттей қарсы алармын. Ақ адамның жолы ашық, ары таза ғой, сөзге келсе, дәлелге тоқтаса менің адал жан екеніме халық көзін жеткізу қиын да болмас, тек қана ел ішіндегі бір қаныпезер тентек өзі жанғалы тұрған қамысқа өрт салып жібермесе болды да. Осынша елден бір әділет иесі табылар. Жылама сәулем, ақырын күтелік. Алла атымен айтайын, ешнәрсе етпес, аққа құдай жақ емес пе!

— Ылайым айтқаның келсін! Бағыңды ашсын бір алла. Менің тілегенім сенің амандығың ғой, біздің ел тентек ел еді, қайдан білейін? Жалғыз сенер жан би ағаң, сол кісінің ашуына тәңірім тоқтау сала гөр!

Бұдан кейін сөз тоқталды, біз жым-жырт болған түнгі аспан шымылдығын жамылып отыра бердік. Сүйген ғашық жарыңды құшағыңа қысып түнде ауыл сыртында екеуден-екеу отырған қандай қызық! Қандай қымбат! Жап-жаңа Ғайни әкелген суық, хабар лезде естен шығып кетті. Біз адам тілі жеткізе алмас бір жәйтті сезім күйінің ішінде отырмыз. Бұл күйді сен сұрама, мен айтпайын. Мен оқыған кітаптарда бұл шақты біреулер ұйқылы-ояу шақ, біреулер ғашық отына күйген шақ, ал, енді біреулер ғашықтық уына мас болған шақ деседі. Меніңше, бұлардың бәрі де — жалған, бәрі де— жеңіл.

Осы бір сәтте жүректер ғана қабысып, қос көздер өз ұшқындарын алмасады, қадала қалған әр көзден ете бір ыстық, ыстықтығына қарамастан жылы, әрі қымбат сезім ұшқындары секіріп жүрек түбіне бойлайды, қан тамырларыңды шымыр еткізіп есіңді билейді, тұла бойыңды рахат дүниесіне малып бір-біріңе құмарлық, достық шарапатын маздатады, ынтызар етеді. Осылайша дамылсыз ауысқан керемет ұшқындар күшін не деп айтса болар, оны мен білмеймін, мен саған баяндай алмаймын. Тіл сүюден, құшақтар аялаудан босамайтын адам өмірінің бұл кезенін теңерлік дүниеде ешбір құдірет жоқ секілді. Өмірдің осы сәтімен салыстырғанда жаңағы мен айтқан сөздердің бәрі де — бос, бәрі де — мағнасыз.

Бір-бірімізді қиыспағанмен айырылысуға тура келді, қанша тәтті, қанша қымбат болғанымен әке мен шеше ызғар, «сезіп қояр» деген қорқыныш бізді өз әміріне бағындырды, жетектеп алып кетті. Қорқыныш деген неткен суық, неткен қатал!

Мені қатты бір қысып, құшақтап ұзақ сүйді де, Ғайни кете барды; ол өзі кетейін деген жоқ, оны үрей дауылы еркіне қоймай көтеріп ала жөнелді. Ол әмірге қарсы тұра алмаған дәрменсіз мен, отырған жерімде қала бердім.

Жап-жаңа дүние жап-жарық, маңайым нұрға, жылы шырайға толы еді, міне Ғайни кетісімен қараңғылық қайта баса қалды, айдала түнеріп, ауыр, жұмбақ күй төнді. Ғайни өзі әкелген сәулет күмбезін өзімен бірге әкетіп, мені бір қараңғы көрге қамап кеткендей, барлық тірі, қызық өмірді ертіп әкетіп, мені көр ішіне жалғыз тастағандай. Міне, көңілден шаттық, көзден нұр кетіп енді жан-жақтан сұрсыз, сиықсыз күңгірт ойлар қаптады. Ғайни әкелген суық хабар қайта баурап, өзінің әрі ызғарлы, әрі қатал жүзін маған көрсете бастады. Мен ауыр күрсіндім. Лезде көз алдыма бала күнімде ел ішінде көрген қайғылы бір уақиға елестей қойды.

...Жаз, кәдімгі төгілген жұмсақ, маужыраған балғын, көз тоймас көркем, сүйікті жаз. Бұл жазда дала қандай! Жүз түрлі шөптер бірімен-бірі құшақтасып, өздерінше күлісіп, ән салғандай. Дала үнге, әдемі күйлер сазына толы. Маған нанбасаң дәл осы мен айтқан жаз айында орман-таулы, балауса шөпті Арқаның бір көркем белесіне шығып тың тыңдашы! Ән мен күй, мың түрлі дыбыс, мың түрлі үн сезіммен, жүрекпен сезінер өте нәзік, өте қымбат дала тілі, өсімдік шуы, тірі жәндіктер сарыны бірімен бірі жалғасып, бүкіл дүниені тербеп, күйлер сазына бөлеп тұрғандай.

Дала сөйлемейді деп, орман, тоғай, жер мен су ән салмайды деп кім айтар! Жоқ, оған мен нанбаймын. Алыста, құба жонда, айлы түнде мен дала жүрегінің дүрсілін өз жүрегімдей сезіп, дала үстінің ән мен жырын талай тыңдаған жанмын. Дала тілі, тәтті, ерке дала жыры ғажап қой!

Дәл осындай жазғы далада, айлы түнде ән шырқатып бір салт келеді. Қуанышы тасыған көңілде шек бар ма? Жалғыз өзі думан, жалғыз өзі той. Бүгін оған жер мен көк, дала, шептер бір түрлі мейрімді, бір түрлі ақ көңіл, ерке. Жер үсті таңғажайып хош иістерге толы, осынша дария тасқынындай жұпар бір кеудеге сияр емес. Жел мінезі де бүгін аса қызық. Бұрынғыдай бет-жүзіңді сипай соғып еркелемейді, тым-тырыс, аса бір қылықты назбен сені көтеріп алып жүріп кеткендей, сен желге мініп аспан астында жүзіп келе жатқандайсың. Міне, осындай қызықтар ортасында өзінің сүйгеніне келе жатқан жігітте не арман бар! Ол неге жер-дүниені басына көтеріп айғай салмасын? Жігіт ән шырқайды, бар даусымен айғай салады. Мен келе жатырмын, мен кәзір жетемін! Менен бақытты жан жоқ бұл жалғанда! —Жігіт ойы, жігіт сөзі осы. Бұл — жылқышы Торғауыт.

Ауылға жақындаған сайын саябыр тартқан жігіт даусы дәл мына жартас маңына келгенде мүлде тына қалды. Жас жігіт секіріп аттан түсті. Ат тізгінін ер қасына қаңтара тастап жартас маңайын бір сыдырып шықты. Жоқ, жан қалқасы, сүйген жары әлі келмеген. Келмесе келер, бұл отыра тұрады, күте тұрады, бұлай кешігу қыз әдетінде бар. Толып жатқан аңдушы көздерге шалдырмай кете қою оңай шаруа деймісің! Нанбасаң осы қыздың халіне өзің бір сәт түсіп қарашы. Не көрер екенсің, басыңнан нендей күйлер кешірер екенсің? Қазақ арасында бойжеткен қыз әке-шеше қарауылынан бастап бүкіл бір ауылдың қатаң бақылауында, қырағы көздерінде болмай ма? «Қызға қырық үйден тыю» деп қазекең бекер айтпаған болар!

Жігіт бір тасты қалқалай отырып ынтызарын күтіп отыр, келеріне сеніп отыр. Сондықтан болар, судай тасыған кеңілі әлі лепіріп шалқиды, оқтын-оқтын айғайлап жібергісі келеді, ән салғысы келеді. Тіпті әнші құстарша сайрағысы келеді, бірақ ауыл жақын болғанға жүрексінеді, әлде кімнің құлағына шалынар деп қорқады. Сөйтеді де жерге жата қалып тың тыңдайды, ауыл жақтан асығып келе жатқан қыз дыбысын, өзінің жан сәулесінің дыбысын естігісі келеді, сол дыбысты естіп қуанғысы келеді.

Міне, міне келе жатыр, о да асығып, о да қуанып келеді, қазір екеуі бірін-бірі құшақ жая қарсы алады. Жігіт орнынан тұрып қызға қарай аттайды, қыз да қарсы алдында, енді бір сәт екі жас сағыныш мауқын ұзақ сүйіспен баспақ, біріне-бірі ерке, ыстық сөздер айтпақ. Кенет маңын қоршаған қара тастарға жан біткендей, жан-жағынан ербиген адамдар шығып жігітке тап береді. Қыз жүрегі бір сұмдықты сезгендей әрі жалынышты, әрі қорқынышты дауыс жартасты жаңғыртады «өзің құтыл, қаш, бұлар сені аямайды, маған қарама!» деп жалынады қыз жігітке. Бірақ қаптаған аңдушы құрбандығын шалмай тоқтар ма! Ойда жоқта пайда болған залымдардан бір мезет сасып қалған жылқышы Торғауыт жалбарынған қыз даусын естігенде, бойын жинап-ақ алды. Қарсы алдына жетіп келген біреуді жұдырығымен құлақ шекеден тартып жіберіп, омақата сілейтті, екінші біреумен алыса түскенде, қыл мойнынан тұзақтың қалай ілігіп қалғанын сезбей де қалды. Сол сол-ақ екен, лезде мұны сүйрете жөнелді, бір сәт өзінің ат бауырында кетіп бара жатқанын байқады. Содан кейін есін жиған жоқ, бұл дүниеге хош айтыса алмай көз жұмды. Сүйгенінің ауыр, аянышты өлімін көріп талып қалған қыз Гүлзияны жендеттер атқа өңгеріп әкеп, шешесінің қолына берді. Жылқышы Торғауыт аттан құлапты, үркек ат сүйретіп өлтіріпті деген хабар тан, ата бүкіл ел ішіне тарап та үлгірді.

Осы хабармен жарыса Қасен қажының қызы Гүлзия жынданыпты деген лақап та ауыл арасына жайыла қалды. Бірақ бұл лақапты айтушылар әуелі жан-жақтарына қарап, өздерінен басқа маңайда бөтен адам жоқтығына көздері жеткенде ғана біріне-бірі сыбырлап айтады. «Мен айтты деп ешкімге сездіре көрме?» деп жалынып, жалбарынады. Бүкіл бір болыс елге өз ырқын жүргізіп қалған Қажекеңнің құлағына шалынар ма қайтер деп қорқады, оның ақ борандай айбынынан ығысады. Біз, балалар, бұл әңгімені талай адамның аузынан естігеміз, жынданған қызды көруге қызығамыз. Жындану деген бізге әлденендей қызық көрінеді. Бұл сөздің бізге дене түршіктірер қорқынышымен қатар қызық, тамашасы да бар сияқты. Жынданған адам бойында бір ұлы сыр, керемет құбылыс, таңғажайып бір жұмбақ жатқандай... Біз сол бір сиқыр, қорқыныш кереметінің өзін көрердей боламыз. Мен таңның атысы Қасен қажының ауылын жағалайтын болдым. Қыз жатқан үйге көпке дейін бөтен адам жібермейтін болды. Дегенмен күн асқан сайын Гүлзия науқасы өте меңдеп кетті. Қыз алғашқы дертке душар болған мезеттен бері бірде-бір есін жинаған жоқ көрінеді. Берген тамақты лақтырып тастап: «Торғауыт! Торғауыт!» деп есікке қарай жүгіреді екен, болмаса: «Ойбай өлтірді, ұстаңдар! Әне Торғауытты қылқындырып жатыр ғой, ат бауырына салды-ау! Айырсаңдаршы! Кім бар мұнда, тірі жан бар ма жаны ашыр»! деп талып құлайды екен деген секілді алуан-алуан хабар ел ішіне тарайды. Осындай суық сөздерді естіген ауыл үйдің ерлері бастарын шайқасып, аяушылық сөздер айтады, ал кейбір қыз, қатындар көздеріне жас алып, мұңын шайғандай болады, Торғауытты өлтірткен қажыға лағнет айтып қарғайды, бұдан бөтен ол сорлылардың қолынан келер не бар!

Бір айдай азап пен қорлықта жатып қыз өлді. Қыз өлгенмен қыз артында ертегідей сайрап екі жастың арманда кеткен күйі, қаралы тағдыры қалды... Көрген де, кермеген де бұл жәйді аңыз етті. Қыз өлімі ауыл адамдарына тіл бітірді. Торғауыт қабіріне күн шұғыласын түсіріп, Торғауыт жәйін қайта тірілтті. Армандарына жете алмай кеткен екі ғашық, екі пәк жан туралы ән шырқалды, талай көздерден жас дариясын саулатқан бұл жырды мен сан мәртебе егіле тыңдадым, бұл менің көзімнен алғашқы рет шыққан аяушылық жасы болар, бұл менің кеудемнен үзілген бірінші жалын, бірінші өкініш болар. Әнші тілін сезіммен қабылдау талайларға ортақ жәй ғой, мен дәл сол кезде Торғауыт пен Гүлзия тағдырын терең ұқпасам да, жүрегімде әлдене пайда болғандай еді, міне бүгіп сол «бірдеңе» қайта оянып, бас көтергендей... Мені қол былғап шақырғандай. Кел бері, келі Мен сенің өз тағдырыңмын, өз күйіңмін, менен бұрыла қашар жол жоқ. Менен бөтен жалтарыс табуың қиын дегендей. Торғауыттың мойнына түскен арқан саған да таяу, саған да жақын деп ым қаққандай. Мен өз-өзімнен селк ете қалдым, жан-жағым қап-қараңғы түн. Мылқау дала ауыр еңсесімен бірте-бірте мені басып тұншықтырып барады.

ЗҰЛЫМДЫҚ ТЫРНАҒЫНДА

Бұл өсекті таратқан Зұлқия екен. Шамасы менің көзімді жоймай тынбайын деген-ау! Бұл елдің биіне Меңдібайдың арнаулы кісі жіберуін күтпей-ақ ауыл ішінде маған сенбестік күшейіп, маған қарсы қастық оты тұтана бастады. Өсек өз дегенін істеді. Зұлқия ойлаған зұлымдық ой өзіне жол тапты. Алдымен маған көз алартқан жақын ауылдың бір-екі байы, олар өздерінің соғуға әкеп тастаған заттарын қайтарып алуға келіпті. Бұлар алдағы соққалы тұрған қара дауылдың хабаршылары. Енді дауылдың соғар күні де алыс емес шығар.

Жазда күн түнеріп, дауыл аспанды торлай бастаса, қазақтар дереу қазық қағып, киіз үйлерін арқанмен бастыра қояды, әйтпегенде қатты соққан дауыл үйді көтеріп әкетіп талқанын шығармақ. Күні бұрын қам жасамаған адам апатқа өзі себепші, өзі кінәлі. Ендеше менің үстімді қоршап келе жатқан бұлттың бірте-бірте қоюланып барып дауыл шақыруы ғажап емес қой! Алдын ала қам жасап, қарсы шықпасам болмас! Өлсең де, тірі қалсаң да қан майдан үстінде жағаласып кеткеннен артық не бар!

Абырой болғанда, кезегі жетпегендіктен бұл екеуінің де істерін әлі қолға алған жоқ едім. Әкелген заттарын өздері түйген түйіншектерімен қайырып бергенімде екеуі бір нәрсеге таң болғандай біріне бірі қарап отырды да, тез-тез түйіншектерін шеше бастады. Қолдарына алып өз моншақтарын өздері көргенде бастарын шайқасты. Сүйтті де маған ештеңе деместен үйден шығып бара жатты, біреуі даусын созыңқырап: «Шамасы, бекер сөз екен-ау», деді. Мен үндеместен қала бердім. Не де болса белді бекем буып, іске тығыз кіріспесе болмас, бұл екеуінен кейін де келушілер тоқтар деймісің. Келген кісілер кетісімен мен ауыл ақсақалына қарай бет қойдым.

Сәлем беріп кіріп келгенімде, Нұрекең үйінде екі-үш адам отыр екен. Ақсақал бұрынғысындай жылы амандасып, қасына отырғызды. Амандық сұрасқаннан кейін қымыз да келді. Қымыз ішіліп болғансын мен Нұрекеңе сөйлесер шаруам бар екенін айтып, оңаша тыңдауын өтіндім. Ол кісі менің тілегімді қабылдады, үй ішінен басқа адамдар шықты да, біз оңаша қалдық.

Маған Меңдібай ауылында болған жәйдің бәрін жасырмай тегіс айтып шығуға тура келді, мен Зұлқия екеуміздің арамыздағы жақындықты бүркеп қалдым да, әңгіменің қалғанын, әсіресе қыздың өз еркіне мені зорлап көндірмекші болғанын, өзімнің оған көнбей үйден қуып шыққанымды басыңқырап, көтере баяндап бердім.

Ақсақал (өз елі Би-еке дейді) сөзімді бөлместен тыңдап шықты.

— Бәсе, осындай себебі бар екен ғой. Мен алғаш естігенімде бұл хабарға қайран болып едім. Сені біреуге қиянат етер деп сену қиын тәрізді, бірінші көргенімде-ақ тәрбиелі адам екен деп ішімнен сүйсініп едім, оның бер жағында ауыл адамдары да қатты мақтайды, істеген істеріңе де орасан разы. Жүрген жеріңе, дәмдес болған ауылыңа жамандық (Зұлқияның ырқына көнбегеніме разы болды ғой деймін) істемей, адал болғаның мақтарлық жәйт, сенің осындай таза, керемет мінезіңді Меңдібай қайдан білсін, қатын-баласының тіліне еріп, сөзіне сеніп отыр ғой. Жақсы, өзім бірдеңе етіп Меңдібай құлағына шындықты жеткізермін. Мезгілімен келіп айтқаның дұрыс болды, өзім де сені келер деп тосуда едім. Жалпы ауыл халқы адал, момын болғанымен, ел болғансын тентексіз де болмайды ғой. Жанжал, дау іздеп жүретіндер біздің ішімізде де құр емес, оларды өзім тізгіндермін. Басқалар сенің басыңа өз беттерімен зиян келтіре қоймас. Хабарласып тұр, балам, өзім де хал-жайыңды біліп тұрармын. Сөз бітті. Мен орнымнан тұрдым да қоштасып шығып кеттім. Көңілім аз да болса орныққандай болды, бірақ әлі қоршаған бұлт жадырай қойған жоқ. Аспанда күн шығып, көктің жүзі жадырар нышан байқалар емес, сергек ұйықтап, сақ тұрған жөн болар.

Ауыл арасы біраз жер болғанмен үйге келіп те қалыппын. Қанша жүргенімді ой үстінде келе жатып байқамай қалсам керек. Ғайни үйінің маңында бір бөтен ат тұр, бұл кім болды екен? Мендегі моншақтарын қайырып ала келген біреу болар, осылайша бар ел хабарланып болады десеңші. Тек дау-жанжалсыз тынса екен! Егер бір тентек көңіліне күдік алып, дау шығарса, құйын көтеріліп, дауыл соқты дей бер, онда мені бұл жерден қумақ, қуын қана қойса жарар, ызалы, кекті жұрттың жазым етуі де мүмкін-ау. Арқа сүйерім, көңілге демеу қыларым өзімнің адалдығым мен Нұрекеңнің әділ, адамшылық жүрегі. Одан басқа нем бар! Үйге таяу келгенімде байлаулы атқа таман біреу жақындай берді, мен назар аударып қарай бастадым. Ойпыр-ай, мынау Төкен залым ғой! Зұлқия алдымнан тағы шықты ма! Бұл маған атылған оқтың ең соңғысы болмас, әйел кегі удай ащы, құн жолындай ауыр болады деуші еді, рас екен ғой!

* * *

Меңдібай атымен өсек таратып кеткен Кәрміш жоғалған жылқыны іздеп жүрген адам болмады, жылқы жоғалдыны сылтау етіп мені іздеп, мені қуып жүрген жамандық ұрығын себу мақсатымен осы ауылға әдейі жіберілген Зұлқия, Меңдібайлардың жансызы екен. Ол әрі мен туралы жамандық қауесетін таратып, әрі менің жәйімді анықтау үшін келген екен. Бүгінгі Төкен хабары соның айғағы, соның нәтижесі ғой. Зұлқия маған не қылар дейсің, оның өресі өз үйінің төрінен, өз қорасының қақпасынан әрі аса қоймас деуші едім, оным қате екен. Зұлқия өте айлакер, өте қауіпті жау екен. Бүгін ол мен сүйеніп тұрған жалғыз қабырғаны құлатып, мен ұстап тұрған жалғыз талды маған білдіре қиып жіберген жоқ па? Бұдан кейін менің су түбіне кеткеннен басқа нем қалды?! Неткен қаныпезер жандар! Зұлқия жөні бір басқа, ал шешесіне жол болсын? «Қызымды баласына ти деп азғырды, тіпті болмағансын алдап үйіне шақырып әкетіп, дуа оқымақ болған жерінде Зұлқия сезіп қалып, қашып құтылыпты, содан бері қызымның ауық-ауық басы ауырып жатып қалады, талай жерде кез болып бірге дәм татысқан абысыным болғансын қимай, аяғандықтан кісі жіберіп хабарлап отырмын. Өзі ұры, шешесі сиқыр жауыздарды үйінен қусын, әйтпесе қолындағы бой жетіп отырған қызын бір пәлеге душар етері анық», депті.

Ғайнимен соңғы жолығу, соңғы хабар осы ауыр салмақты менің өзі сынғалы тұрған мойныма тағы артты, мені өмір тасқынының мұздай суық құшағына итере түсті. Ешқайда қашып шыға алмастай жан-жағым тұйықталып, сәуле түсерлік саңлау біткеннің бәрі жабылғандай болды. Мен қараңғы кер ішінде, я болмаса аузын тас қақпақпен бітеген үңгір ішінде қалғандай болдым. Төкен арқылы, қыз шешесі арқылы сілтеген қанжар ешқайда бұлтармай дәл жүрегімнен тиді. Жара ауыр, жазылар ма, жоқ осы қансыраған қалпымда көз жұмар, тірлік шіркінмен қоштасар мезгіл жетті ме!? Мана Нұрекеңе барып соңғы хабарды айтып ақыл сұрап едім. Ол кісі табанда жауап бермей, кейінге сілтеп еді. Міне, о кісіден де хабар келді: «Көшсін! Ел ішінің қалпы ел сөзінің сиқы маған ұнамайды, бір күні уысымнан шығып кете ме деп өзім де қорқудамын», депті.

Бірінің артынан бірі түскен нажағайдың оғындай екі жаманат соққысы мені езіп, жаншып кетуге аз-ақ қалды. Күрт үзіліп кетердей белім майысты, екі қолыммен жер тіреп, тәлтіректеп әрең тұрдым. Сорлы анам, бұл жайларды естігенде сен қайтерсің! Саған айтпасқа амалым жоқ, үй жығарда, елден қуыларда өзің де білерсің. Ол сағатқа дейін сенен жасырудың енді не мағынасы қалды? Басылар, әлі де орнына келер деген үміт жолы мүлде қиылған жоқ па? Айтпасқа не шарам бар, аяғаннан, есіркегеннен не пайда?! Қартайғанда, жалғыз ұлыңның қызығын көремін, немере сүйіп мұратқа жетемін дегенің осы ма? Өзің сиқыр, балаң ұры, қара ниет жауыз Меңдібай таққан ат, оның ерке қызы Зұлқия берген сый осы. Мүмкін екеуміздің мойынымызға мәңгі ілінген қарғыс таңбасы шығар бұл.

Шешесі сиқыр екен деген сұмдықты естігеннен кейін ауыл адамдары біздің үймен қатынасты мүлде тоқтатты. Есік алдында кездессе, болмаса су алуға барса, кейбір долы, бейпіл ауыз қатындар әлденені сылтау етіп шешемді тілдейтінді шығарды. Ауыл қазақтары берген істерін қайтарып алды да, жаңадан іс соқтыруды үзілді-кесілді тоқтатты. Бара-бара біздің ауылда отыруымызға іштей қарсылық күшейе бастады.

* * *

Істің жәйі осылай болғанымен, шешеме айта қою маған аса қиын, ойларымды қорыта келіп, енді айтайыншы деп талай оқтандым, бірақ дәл айтарға келгенде, жүрексінемін, көз жасынан тайсала беремін, шыдай алмас мерт болар деп қорқамын.

Ғайнидың үйіне Төкен келіп кеткеннен бері біздікіне тірі пенде қатынамайды, шешесі бізге тіс жарып ештеңе айтқан жоқ. Оның үндемегенінен не пайда? «Зергердің шешесі сиқыр екен...»—деген сөздер сол үй арқылы ауыл-үйді қыдырып-ақ жүре берді. Апам үй кезіп, ел араламайтын кісі ғой, сондықтан бұл жаманаттан әлі хабарсыз.

Бір күні Бұралқы екеуміз (осы ауылдағы бір кедей жігіт, түнде біздің қасымызда болды, байқаған шығарсың,) құс атуға кетіп күн бата қайттық. Үйге келсем, шешем байғұс бүк түсіп жатып алған, екі көзі бұлаудай. Бір сұмдықтың болғанын сездім. Қаным қайнап, өкпем аузыма тығылды. Не болды, апатай, кімнен жәбір тартып, нендей қорлық көрдің? Көз жасыңды тыйшы, айтшы маған, не болды?

Осы бір шеккен азап шеңберінде қатты қысым қорлық тақсіретін тартқанына көп уақыт өткен-ау, анам даусы қарлыққан, әлсіреген.

Шешем көп сөйлеген жоқ: «Кетейік, шырағым, бұл елден, бізге қоныс, бізге мекен болудан кеткен екен бұл жер, бұл ел», — деді... Осы сөздердің өзін де бөліп-бөліп әрең айтты. Қанша жалынсам да бұдан кейін тіл қатпастан сұлқ жатты да қойды. Мен екі бетіне телміріп қасында отыра бердім. Бір кезде: «Таңдайым кепті ғой, Сәдіжан! Су әперші», — дегенсің су әпердім. Анам байғұс тынышталайын деді. Менің де көңілім аздап орныққандай болды. Шаңыраққа қарасам аспанда жұлдыздар сөнген. Мезгіл түн ортасынан ауған кез. Көрген қорлықтың ызасымен шаршаған сорлы анам біраздансын ұйқыға кетті. Біздің үйде не болды? Анам пақыр кімнен жапа шекті? Міне, мұның бәрі мен үшін жұмбақ, шытырман тоғай, түк көрінбес тұман, солардың арасында қалың ойда мен отырмын. Бір кезде сықыр етіп есік ашылғандай болғанға жалт қарадым, бір жапырақ қағазды әлдекім лақтырып жіберді де, өзі кетіп қалды, алып қарасам, Ғайнидың маған жазған хаты екен. Жалма-жан шам жарығына таянып, хатқа төндім. Хат сөздері үшкір найзадай қадалып, әрі аяз қақтаған темірдей өнебойымды мұздатып әкетіп барады, тісім-тісіме тимей қалш-қалш етемін. Шыбын жанды қоярға жер таппай жылан алдында қорғалаған торғайша діріл қағамын. Өз баласын өзі ұстап бергендей не болды екен деп Ғайнидің шешесіне де қарғыс айтқандаймын. Не керек, мұның бәрі далбаса, әлсіз жанның өлер алдындағы айғайы тәрізді. Әңгіме біздің тағдыр ілігіп тұрған қылдай жіңішке бақыт жібінің мүлде үзілгенінде ғой. Міне, біз бақыт шыңының ең биік мұнарасынан құлап барамыз, қайда түсеріміз белгісіз. Көл, дарияға түссек толқын ұрады, дауыл сабалайды, оған шыдарлық бізден қайрат пен күш, ақыл мен айда табылар ма? Ал, тасқа түссек тіл тартпай мерт боламыз. Осы екі жол, екі үкімнен басқа жарық сәуле менің көзіме дәл осы сәтте көріне қоймайды. Ыза мен қайрат тартыс майданына шақырса, торығу, үмітсіздік көрге тартады, сенің өмірден аларың бітті, енді тіршілікке керегің жоқ дегендей. Хатты оқып шыққанша талай ойларға ауысып, талай тоқтамға келемін, бірақ бір де біріне табан тіремей, сырғанай беремін.

— «...Тәтемде не жазық бар, талайдан бері өз бойындағы күдігін көкемнен жасырып-ақ келіп еді, тек Меңдібай үйінен келген хабаршының сөзі сорлы ананың жүрегінде жатқан жарасын ашып жіберген жоқ па? Сен туралы, сенің анаң туралы айтылған қорқынышты сұмдықтар тәтем тұрсын, одан қайраты басым, шыдамы күшті еркектердің зәресін ұшырғандай, иә, оған жалғыз сенің тілегіңді өзіне иман еткен мына мен ғана шыдармын, жалғыз мен ғана нанбаспын. Сенің ақ екеніңе, сенің анаңның сүттен таза екеніне мен ғана сенемін, менің көзім әбден жетеді.

Әке-шешем мені ортаға алып қысты. Мен бәрін де жасырмай айттым. Енді маған бәрібір, не сенімен бірге өмір сүремін, не өлемін. Бұл екеуінен басқа менде таңдау жоқ. Көкеме, тәтеме айтқаным да осы.

Күндіз сен жоқ болғансын шешеңді біздің үй шақырған. Менің ойлауымша сол әңгіменің салқыны болар. Ол кісіге не айтқанын естімесем де, жүрегім сезгендей. Не жақсылық айтты дейсің! Амал не? Құдайдың ендігі салғанын тағы да көрерміз. Бұдан былайғы жерде жүз көрісіп, тілге келу бізге аса қиын. Мені көзден таса жібере қоймас. Тірлікте — өзім, көрге түссем — аруағым сендік. Ер жігіт едің, құтқару жолын өзің шеш, өзің тап. Сағынамын, сарғаямын, неге де болса шыдаймын. Хош жаным!» Хат аяғы осылай тоқтаған. Сорлы анамның ауыр халін енді түсіндім, енді білдім.

Бұған дейін қараңғы түн, жансыз дала ғана куә болған ғашықтар сыры да ашылды. Түн қараңғысынан жарық дүниеге, өсегі мен қызғанышы, достығы мен дұшпандығы бірге жүретін фәни дүниеге шықты. Бұл маған ерік пен теңдік беретін дүние емес, ақша мен мал дүниесі. Бұдан әділет сыбаға маған тимейді. Менің сенерім әлі де түн қойны, ақыл мен айла. Түбінде жеңу үшін бүгін жалтарыс табу керек, қаулап жанған жастық жалынын баса тұру керек. Осы түйінге іштей тоқтаған мен шешінбестен төр алдына жата кеттім. Қауіп-қатер күткен жағыңнан келмей әлдеқайдан келеді. Мен Зұлқиядан мүлде құтылдым, ол маған істеймін деген қастандығын орындады, ендігі жолығар пәле, тиер соққы Ғайнидың әке, туысқандары мен құдаларынан болар деп ойлаушы едім. Солар сезіп қалмаса екен, солар білмесе екен деген ниетте едім, сақтық, сергектігімнің бәрі солар үшін еді. Мұным қате, адасқандық, аңқаулық екен. Зұлым бай қызы менің соңымнан әлі қалмаған екен, тасада тұрып қанжар сілтеуін тоқтатпаған екен. Бүгінгі етіме түскен ауыр жара соның қолынан, соның сұққан қанжарынан.

***

Бұл ауыл да мені қуды. Төңіректе отырған басқа ауылдармен тілдесіп байқап едім, ешқайсысы маған қоныс бере қоймады. Ғайни екеуміздің жақындығымыз лезде жан-жаққа тарап та үлгірді. Өсек деген қаптап-ақ кеткен. Біреу анау, біреу мынау деп құрыққа сырық жалғап өсіріп әкеткен. «Ойбай, қызбен екеуі екі атқа мініп қашып кеткелі жатқан жерінен әкеп ұстап алыпты. Қыз бишараны зергердің шешесі әбден сиқырлап тастаса керек, осы зергерге бермесеңдер, суға кетіп өлемін деп, әке-шешесіне тап-тап беретін болса керек, сиқыр оқуының күштілігінен ауық-ауық көгеріп талып қалады дейді. Тегінде аруақтар буып тастайтын болар. Салиха байғұс та мүлде жүдеп біткен көрінеді, екі көзі күндіз-түні бұлаудай, қайтсін байғұс, аса бір жақсы көретін баласы еді..»

Мен туралы, менің шешем туралы ауыл арасына тараған әңгіменің сиқы осылар тәрізді. Бұдан кейін біздің маңымызға кім жуымақ? Оның үстіне соғыс хабары да ел құлағын бұрынғыдан гөрі елеңдете бастады. Қызылдар Омбы, Қызылжарды алып, актарды бері қарай тықсырып келеді екен, пәлендей қалада қырғын соғыс болып жатыр екен, түгендей қалада қалаға бара жатқан Сәберлілерді солдаттар ұстап алып «тыңшы» екенсіңдер деп атып тастапты, деген сияқты хабарлар соңғы әзірде жиі естіліп, жиі тақай бастады. Қай хабар анық, қай хабар өтірік екенін айыру қиын. Әйтсе де соғыстың Сібір даласында, тіпті қазақ жеріне таяу маңдарда жүріп жатқаны анық.

Мен неде болса Сандықтау қаласына бет алдым.. Алдымен сонда барып, орналасып алмақпын да, егер соғыс дүрбелеңі әлі алыс болса, Ғайниды бір түнде алып қашпақпын. Сандықтау өзімнің талай асыр салған қалам ғой, бұл жер татары, қазағы, орысы араласып жатқан жердің бірі, әкем марқұммен қадірлес болған Бәкір, Құлтума дегендер сонда тұрады.

Ауылдан мені қалаға көшіруге белсеніп шыққан баяғы Бұралқы деген кедей жігіт. Соның жалғыз атына жайнауыз арба жектік те жүріп кеттік. Құз болып қалған кез. Әйтсе де күн жылы. Шешемді арбаға отырғыздық па, божыны қолына беріп, атты ауыл сыртындағы бір сүрлеуге салдық. Бұралқы екеуміз арбаның соңынан аяңдап келеміз. Еріп келе жатырмын дегенім болмаса менің құр сүлдем қалған, басым да, кеудем де тек бір бос қуыс. Дәл кәзір миыма ештеңе кірер емес, бойым дел-сал, жаным ауру. Ауылдан ұзап шығып, біз жолдағы бір төбенің маңынан өте бердік. Айдалада жалғыз біткен тіп-тік биік тебе екен. Мен ұшар басына көз жібердім, әлдекім қол бұлғап шақырғандай, жүрегімде өзіме түсініксіз бір қимастық сезім пайда болды. Сол сезімнің күші ме, әлде ауылда қалып бара жатқан сүйген жардың құдіреті ме? Ол жағын саған ұғындыра алмаймын. Әйтеуір мен төбе басына шығып келемін. Етегінен жоғары өрлеген сайын жүрегім діріл қағып, өкпем алқымыма тығылған секілді. Аса бір сағынышты, сүйікті жан мені тебе басында күтіп тұрғанға ұқсайды, кенет сол адам қарсы алдымнан шыға келердей күтемін, асығамын. Міне, төбенің ұшар басына көтерілдім, жан жоқ, маңай тым-тырыс. Тым болмаса маса, соналардың ызың қаққан тәртіпсіз әндерін де естімейсің. Төбе басы тақыр, жермен жексен болған кішірек тастарды қына, мүк басып кеткен. Аса көңілсіз қоңыр жәй, қоңыр күй. Алып ұшқан көңілім басыла қалды. Бір кішіректеу тасқа отырып, ауыл жаққа қарадым. Анадай алыста ауыл көрінеді, үй араларында жүрген адамдар бұлдырайды, мен сол болар-болмас бұлдыр тұман арасынан Ғайниды іздеймін. Ол үй сыртында маған қарап, біздің арбаның жолына қарап тұрғандай, көзінде жас, көңілінде қайғы. Ғажап-ай, міне оның даусы да маған анық, айқын естіледі: «Сәдіжан, хош! Мен қара жерге кіргенше сендікпін. Тез кел, сағыныш зарын тарттырма, жәбірлетпе мені?»

«Тез келемін, Сәдуақас өзі кеткенмен бар өмірін, бар тіршілігін сенімен бірге қалдырып кетті, енді онда сенен бөтен өмір жоқ, сенен бөтен тілек жоқ».

— Сәдуақас, саған не болды, көп отырып қалдың ғой! Әне шешей де арбадан түсіп бізге қарай келе жатыр. Сабыры таусылған-ау, тегі. Ауылды қимайсың, онда қимас жаның бар, маған айтпасаң да көңіліммен сеземін, мен де жаспын ғой. Кімді ойлайсың, кімді қиып кете алмайсың — оншасын өзің білесің. Мүмкін ел өсегі рас та шығар! Ғайни екеуің бір-біріне ғашық екен деген сөз заматта ауыл-үйге тарап кеткен жоқ па? Біреулер сенін. шешең сиқырмен қыздың басын байлапты-мыс деседі, оған өз көңілім сенбейді, жалғыз мен емес, ауыл арасында сенбейтіндер көп, бірақ біздің қолдан не келер, құдай алдарыңнан жарылқасын,— деп Бұралқы менің алдымда кінәлі жандай төмен қарады.

Біз бектерге түсіп келе жаттық, төбе басынан суық жел соққандай болады, аяқ қимылынан ұсақ тастар домалайды, нақ сол тастардай мен де домалап келемін. Тастар етекке соғылар да тоқтар-ау, ал мен қайда барып тоқтармын, мен құлайтын бөктер, қайда? Маған тірек болар тиянақ, мені ұстап қалар жазық қайсы?!

***

Баяғы биік жалғыз төбеден кейін арба соңында Бұралқы екеуміз жүрдік те отырдық. Барар жер алыс, ат арық. Біз түскен сүрлеу бірде үзіліп бірде жоғалады, ондай кездерде қалың боздың үстімен тоқтамай жылжи береміз. Ұшы-қиыры жоқ көз жеткісіз кең дала. Анда-санда көз ұшында бір салт адам, не түйе мінген жолаушы елестейді, бірі батысқа, бірі шығысқа кетіп бара жатады. Не бір қалың ішінен үріккен қоян алдыңды орайды, болмаса кішіректеу дөң астынан тулап шыға келіп таңырқағандай бізге қарап тұрады да жалт береді. Осылардың бәрі менің көңіліме ауыр, мұңды күйлер өрмегін шырмағандай... Көңілсіз қоңыр сарын менің бойымды мүлде билеп алған, одан құтылар менде дәрмен жоқ. Бұралқы арбада отырған шешеме барып әлденелер жәйлі әңгімелескен болады, одан кейін ат қасында қатарласып біраз жүреді. Сонсын алда кетіп бара жатқан мені қуып жетеді, маған бірдеңе айтқысы келген адамдай тамағын кенейді, мен сыр бермегендіктен үндемей аяңдай береді. Күн кешкірейін деген екен, толып жатқан ойлар қамауында келе жатып байқамай да қалыппын. Кәрі шешенің әрі қарны ашып, әрі шаршағандық сыңайы бар. Осы маңға тоқтап тамақтану керек. Жан-жаққа қарасам, оң жақта әудем жерде кішіректеу көл көрінеді. Аттың басын соған қарай бұрдым. Лезде жерошақ қазып жіберіп, от жақтық, ауылдар талай қоныстаған жер ғой, маңайы толған тезек. Қу тезек отқа қандай жақсы жанады, оның қызуына не пісірем десең де еркің. Біз арба жанына киіз төсеп, көрпе жайдық. Жаяу жүріс қажытайын деген бе қалай, жата кеттік. От маздап жанып тұр, шешем шай ма, әлде басқа бірдеңе ме,— әйтеуір тамақ қамдап от басында отыр. Менің басымда жалғыз-ақ ой, жалғыз ауыр күй. Қайда бассам да сол күйдің пернесін басамын, қайда бұрылсам да сол қайғылы, мұңды сарын өз құшағына ала қояды. Шынымды айтсам, ол күйден алыстағым да, кеткім де келмейді. Сол бір мұңды саз болмаса енді менің тіршілік ете алар халым жоқ. Бұл Ғайни күйі, Ғайни сазы. Неге қашасын? Неге Ғайниыңды тастап, бас қамыңды ойлайсың деп сөге көрме! Мен қашып бара жатқам жоқ. Кенет апанын жау қамаған арлан қасқырдай өз апанымдағы жалғыз жан ашырымды жау қамалынан алысқа, қауіп пен қатері жоқ бір жерге жасырмақпын. Күрес пен тартыс таңдары содан кейін менің тілеп алған сыбағам болмақ! Мылтық атылар шақ, қанжар сілтенер кезен алдымнан шықса, мен одан тартынбаймын. Ғайни үшін, өзімнің махаббатым үшін менде аянар ештеңе жоқ! Кәзіргі ойым тек сорлы анамды бір сенімді қолға табыс ету. Содан кейін қолым бос, жолым ашық емес пе?

Дастархан үстінде Бұралқы шыдап отыра алмады білем:

— Сәдуақас! Сен осы бетіңмен Сандықтау бармақсың ба? — деп менен қайта сұрады. Мен:

— Ия, Сандықтау барамын,— дедім.

— Бірден Сандықтау баруың киын болар, ел ішіне тараған хабарларға қарағанда қала дегенің осы кезде тым құтырып тұр дейді, ауылдан шығарда мен саған бұл жәйді айтпағаным бәрібір ол жерден кету керек болды ғой. Ал, енді өзіміз болып ақылдасайықшы, күнде ату, асу болып жатқан қалаға кемпір шешеңмен жетіп барғанның жөні келер ме? Бір бәлеге душар болып қалу да қиын емес қой, аласапыран үстінде сен кімсің деп сұрап, тексеріп жатпас, қолында мылтығы бар біреу атып тастар, оның бер жағында барысымен қыстап отыратын үй табыла қоя ма, жоқ па? Бұрышты тамыр-таныстарың орнында отыр деймісің! Қала жатақтарының бәрі дерлік соғыстан қорқып елдеріне көшіп жатыр деген. Менің саған берер ақылым: сен әзір қала дегенді қоя тұр. Тіпті Сандықтаусыз тұра алмайтын болсаң, әуелі жалғыз өзің бар да, ұя даярлап ал, сонсын шешеңді апара қоюың оңай ғой.

— Бар тәуекел, маңдайға түскенін көтеріп алармыз. Егер өз басыңнан қорықсаң бізді жақын ауылдың біріне баста да, қайта бер, одан да көлік жалдап қалаға апарып салар біреу табылар.

— Сен маған бекер өкпелейсің, менің ойлап тұрғаным бас қамы емес, апа отырған кәрі шешеңнің жәйі да. Ауылдан еріп шыққанда бұл сапардың қауіп пен қатері мол екенін ойламады дейсің бе! Тек сені қимағандықтан неге де болса көнбедім бе! Әке-шешем де, оның бер жағында ауыл адамдары да соғыс деген пәленің құтырып тұрғанын, кәзір қалаға бару қорқыныш екенін маған айтқан. Қайтсең де ендігісін өзің біл! Менікі — ойымды айтып ақыл қосайын деген ғой.

— Ренжімеші, бауырым? Бұл күндегі менің сөздерім аңдаусызда табанымен қып-қызыл шоқ басқан адамның үрейлі айғайына, жан ұшырған бебеуіне ұқсас. Сондықтан жақсы айттың, жаман айттың дей көрме. Тілеймін. Көңілі жарым адамның әрі күдікшіл, әрі өкпешіл болатын әдеті ғой. Бірге еріп шығуын шықса да қайтқысы келген шығар деп қалғаным рас еді. Енді ол ойдан қайтқандай жәйім бар. Бірақ қайда барамыз, кімнен пана күтеміз! Тағы қай есікті сағалап, қай адамға жалынамыз? Мен туралы айтылар өсек алдымызды шарлап-ақ кеткен шығар, бұрынғының үстіне нендей сұмдықтар қосылмады дейсің. Жас баладай нәресте, нанғыш ел бізге үрке, үрейлене қарайтын болар.

— Мен бұл жәйді да түсінемін. Бір-бірімен күн сайын қат-қабат араласып жатқан ауылдарға жаманат лезде тарайтыны сөзсіз. Дегенмен, менің ойым Шұбарда отырған нағашым ауылына барып, өз шаруаңды бір ыңғайлап сәтіне келгенінше сонда тұра тұрғаның жөн болар деген ниет еді. Кедей де болса нағашымдар қайырымды, бауырмал кісілер, мені көргенсін анау-мынау деген алып қашты өсектерге де мән бере қоймас. Қала жәйін өз көзіңмен көріп, отырар орыныңды тауып алғансын, шешейді алып кетуің оп-оңай емес пе!—деді Бұралқы.

Ақылдаса отырып, Бұралқы айтқан тұжырымға тоқтадық. Шешем де осы түйінді ұнатты. Біз бетті солай бұрдық.

* * *

Жолшыбай екі қонып, үшінші күні күн бата Шұбардағы ауылға, Бұралқының нағашысының үйіне келіп түстік, үй-іші жиен келді деп қатты қуанды. Қырық жамаулы кішкене құрым үйге кіріп жайластық. Жөн сұрасып, мән-жайымызды түсіндіргенше мыжырайған сары самаурынмен шай да келді. Шай үстінде әңгіменің аяғы созыла берді. Бұралқының нағашы атасы Иман балуан денелі, ақ жарқын адам екен, жасы қырық бес, елулер шамасына келіп қалғанымен әлі әзіл, қалжыңы қалмаған, өзінше сөзге де ұста кісі көрінеді. Шай құйып беріп отырған қара кемпір тың, қимылдары шапшаң, сөзді көп сөйлемейтін тұйық, бұл Иманның бәйбішесі. Бұл екеуінен басқа үй-ішінде ересек адам көзге түспейді, тек іргеде төрт-бес бала алдарына қойған тамақтарын у-шусыз жеп отыр. Төрде ешкі мен бұзау терісінен салған үш-төрт тулақ, бір ескі киіздің сілемі, ана бір тұста сынық абдыра, оның үстінде екі бөстек, тыстары жыртылған бірер жастық бар, әзірге менің көзіме түскен бұл үйдің жиһаздары осылар.

— Кісі жатсыну деген бізде болып көрген мінез емес, оның үстіне мына жиен алып келіп отыр, уақытың біткенше қадірлі қонағымыз боларсың. Бұл ауыл жайлауға көше алмай қыстау маңында қалып қойған кедей ауыл болғанымен бірер қонақты күтіп аларлықтай шамасы бар. Биыл қыс ерте түсетіндей көрінгенсін, жаппай қыс қамына кірісіп жатқан жәйіміз бар. Еккен азғана да болса егініміз бар еді, кешірек пісті, енді сол егін орағына күш салып жатырмыз. Шырағым, сен бөтен бала көрінесің, түсіндіре кетейінші, біздің бұл он-он бес үй жайлауға көшпейді, қыстау маңында отырып бір десе — жарым деседен бидай егеді, жайлау көшіп, ойын-той қызықтау кедей адамның кәсібі емес қой. Бай, мырзалардың, жөні бар, қысы-жазы не жейін, не киейін демейді, малының қысқы шөбін малайлары дайындайды, сонсын жайлау кезіп, той қумағанда олар не етпек! — деп Имекең сөзін бітірді. Мен өзімнің разылығымды айттым. Істің сәті болса, көп отырмаспыз, өзім қалаға барып қайтысымен көшеміз ғой, «сақтықта қорлық жоқ»,— деп өткендер айтқандай, қауіп пен қатері көп шақ басқа туып тұрған жоқ па,— дедім.

— Оның рас. Соғыс деген пәле аса өршіп бара жатыр білем, пәлен жерде ақ пен қызыл соғысып жатыр дейді, ақ қашып қызыл қуып келеді екен, жуыр арада біздің елге де келіп қалмаса не қылсын деген тәрізді алып қашты сөздер осы ауылға да күн сайын жетіп жатады. Ақыры, әлденендей себептермен көше алмайтын болсаң, біздің үйде қыстап шығарсың, қысқы үйіміз мұндай емес, кең,— деді Иман ағай.

— Жақсы, аға! Алдағы болар істі кім болжайды, не көрсек те бірге көрерміз, тек құдай жақсылығын берсін.

— Жақсы лепес жарым ырыс деген бар ғой, түсің игі, сөзің жылы екен, қарағым, үйренісе келе бұл ауылда өз елің болып кетер, өзің жақсы болсаң, жұрттың бәрі туысқан, құдай тыныштығын берсе, баратын қалаңа өзіміз апарып салармыз.

Мен таң қылаң бере бастаған шақта төсектен тұрдым. Ақ таңдақ көк жиекке жаңа ғана жайыла бастаған бір тамаша тан келбеті әлемді құшақтап тұр. Дүниеде қыбыр еткен еш тіршілік жоқ. Адам да, мал да, табиғат та тан қойнында. Дәл осы сәтте менің көзіме түн деген өлшеуі жеткісіз жылы көрпені әлденендей құдірет бар әлемге айқара жауып ұйықтатып қойғандай, енді сол көрпені сол құдірет бір шетінен түре ашып келе жатқандай көрінді. Неткен ессіздік! Өз ойымнан өзім шошындым тәңірі алдындағы бұл астамшылық, бұл күнәні кім кешірмек, я, жасаған! Әлде мен жындануға айналдым ба? Басым ауырғандай, шекеме біз сұғып алғандай бір ауыр сезім билейді.

Бұл ойды тастай беріп жан-жағыма кезек қараймын. Біз түскен үй ауылдың бір шетінде, басқа үйлерден оғаштау екен. Әне, алдымда жапырлаған қара үйлер, үйлер емес-ау, кереге-мосыға іліп қойған жалба-жұлба құрымдар. Кейбірі әлі де үй қалпын сақтағаны болмаса, сырт пішіні аса жүдеу, шала түлеген арық, көтерем баспаққа ұқсайды, қалқиған тұрысына қарағанда жатқан орнынан біреу жаңа ғана көтеріп алып, қалқайтып қойып кеткен секілді. Ана біреулері жамбастай қисая орнаған бір аяғы сынған ескі қосқа ұқсайды, оның ар жағында өмір бойғы арықтығынан бауыр жүні түспейтін сатпақ ала сиырдай ақ, сары, боз жамаулармен қапталған бір үйшік көрінеді. Әр үйшіктер жанында бір сиыр, ия бірер ешкі жатыр. Бәрі де жүдеу, бәрі де арық. Ақтаңдақ көк жиегінен көтеріліп таң сәулесіне айналған кезде ауыл адамдары асығыс орындарынан тұра бастады, бұл маңай енді дүмбірлеген сөз дабырына, жылаған баланың, әлдекімді қарғап-сілеген қатындардың бажылына айналды. Есік алдарында оттар жағылып, будақтаған түтіндер аспанға атады. Біздің үй де тұрды. Бұралқы менің қасыма келді. Аз күндер болса да бірге жүрген жолдас, құрбысын, одан әрі кетсе ұзақ жол үстінде кездесіп серік болған кісісін қимау әдеті деген адамда бір қасиет бар ғой, сол әдеттің салдары ма, болмаса Ғайни ауылының адамы болғандықтан ба, әйтеуір Бұралқы маған келгенде, менің көзімде қимастық зарының жалғыз тамшы жасы, менің жүрегімде қимастық сырының ұшқыны тұрды. Мен ұялып қорғалаған жоқпын, көз жасымды жасырып көлеңкелеген жоқпын. Қара көзден домалаған жас тамшылары биік жартастан құлаған бұлақ суындай екі бетімнен сырғанап тама берді. Менің бұл халымды бірінші көргендіктен болар, Бұралқы шошып кетті: «Не болды саған, Сәдуақас? Түсің қашып тұр ғой, бауырым, айтшы маған, не болды?» — деп мені құшақтай алды.

Күйеуі өлген қаралы қатынның өксігін сенің естігенің бар ма? Осы сәтте менің халым де дәл сондай еді.

Біраздан соң екеуміз ауылдан алысырақ кетіп, көк шөпке отырдық. Мен Бұралқыға Ғайнимен екі арамыздағы бар жұмбақты шешіп, бар сырды ақтардым. Ол егіле отырып тыңдады. Өзінің достық жүрегін ашты, әрқашан да жәрдем қолын ұсынуға даяр екенін айтты.

Бізді шайға шақырды, мен қалтамнан Ғайниға жазып қойған хатымды Бұралқыға табыс еттім. Жарынан айырылып зарлаған адамның не жазары, не айтары өзіңе де аян ғой, сондықтан оның бәрін саған айтып жатпай-ақ қояйын, ал мына бір өлең ұйқасымен жазған жерін айтып берейін, тыңдашы!

Талай жылдар іздеп сені талып ем,

Құмар болып күйіп едім, жанып ем.

Шарпып едім қанатымды жалынға,

Жан сырыңа жаңа ғана қанып ем.

Кімдер қиған маңдайдағы бағымды!

Кімдер алған қызық думан шағымды!

Кім айырған жүрегімді кеудемнен,

Қара ниет қай жағымнан табылды?!

Қара боран соқсын дауыл азынап,

Қыс қаптасын ерегіссе жазын ап!

Сен болмасаң мағынасы не өмірдің,

Жұтсын мені берген құдай қазір-ақ!

Мұңды шерім — Ғайни жаным, арманым!

Мен жолыңа бір өзімді арнадым.

Жолбарыстай жортуылды таңдадым,

Сұм өмірдің тыныштығын алмадым.

Шыда, жаным, мен келермін, келермін!

Азап-дозақ бәріне де көнермін.

Сеніменен бір болармын тірлікте,

Бөлсе тағдыр, қан майданда өлермін.

Осы хатты алып Бұралқы жүріп кетті, мен біраз жер шығарып салдым да, қайта оралдым. Мен келсем, Имекең үйінің жұмысқа жарарлық адамдары белдеріне бір-бір орақ қыстырып алып, бидай оруға кетіп бара жатыр екен. Арасында шешем де көрінеді. Мен де солармен бірге егін орағына аттандым.

* * *

Бақыт деген бар ма дүниеде? Әлде қиялшыл адам баласының өзі ойлап тапқан сандырағы ма! Мен түсінбеймін! Егер бақыт дейін десең, барлық адам баласына неге ол бірдей емес? Неге біреулер өте бақытты, біреулер аса бақытсыз? Бұған жауап берер кім бар? Мейманасы тасыған байды оған «бақыт құсы қонған» деседі, бұл сөзде не сыр, не жұмбақ бар?! Өмірде тірі пендеге қиянат етпеген осы ауылда не себепті бақытты адам жоқ. Таңның атысы, күннің батысына қарамай маңдай терлерін бес сыпырып еңбек азабын тартқан осы жандар неге бақытты емес? Неге аш-жалаңаш, ауру-сырқау. Бақыт деген құс болса да, әділ болмас па! Қиянат озбырлығы көп, залым адам неге бақытты болады? Мұның мәнісі қалай?

Мына мені қарашы? Мен неге бақытсызбын? Менің жүрегімде пенде баласына деген қара ниет жоқ, менің өмірімде түймедей қара таңба жоқ, олай болса мен дүниедегі ең бақытты адамның бірі болуым керек қой. Ал, осынша бақытсыздығыма себеп қайсы? Мұны маған кім айтар, кім ұғындырар?!

Бүгін, міне, алты күн, Иман ағайдың егін орағында жүріп анам ауырды. Ауру бірден қатты тигені сондай, егін басынан үйге әкелгенше тұла бойы өрт алғандай қызды да, есінен танды. Осы бір дерт жайлаған кештен бері мен көз шырымын алмастан қадірлі анамның басында отырмын. Әлсін-әлі маңдайына суық орамал қойып, қысыла алған әлсіз демін тыңдаймын да, мұңға батамын. Аяқтарын ақырын басып менің қасыма Имекең мен оның әйелі келеді. Тіл қатпай науқас ананың бетіне үңіліп ұзақ тұрысады да, екеуі қатты күрсінеді, бұл күрсінулер басыма түскелі тұрған қасірет шеріне қамығу күйі екенін мен іштей сеземін. Сөйтеді де Иман ақсақал құлағыма сыбырлап; «шырағым, шешең іштеңе тілемей ме,— тамақ керек етсе, біздің қатын дайындай қойсын»— дейді. Мен жауап берудің орнына басымды шайқаймын. Міне, осылайша бүгін алты күн, алты түн өтті. Бірақ ана байғұс бері қараған жоқ, менен күн санап алыстап бара жатқандай. Таңды таңға, түнді түнге қосып кірпік қақпай мен отырмын. Менің жүрегімді зарға, көзімді жасқа арнап жаратқан болар бұл құдай. Көкірегіме у үстіне у құйып, көз жасымды сығып ала бергеннен басқа сұм дүние маған не берді! Дәл осы сәтте мен науқас жанды күтіп отырғаннан гөрі, анамды өлтіргелі келе жатқан қанды балақ жауды аңдып отырған ызалы батырға ұқсаймын, бірақ көзіме түсер жау қайда? Олар жүз болса да жалғызбын деп тайынар мен жоқ. Майдан үстінде қызыл қанға батысып, ұрыс салуға даярмын. «Ана, шіркін ана, ақ сүтіңмен асырап, бір мен үшін ғана өмір сүрген едің, менің бұл дүниедегі ең қымбатым, менің қимасым сен», деп өлсем, арманым бар ма! Тек көзіме көрінер, айқасқа түсер жау қайда! Жоқ! Сені мен менің жауым көрінбейтін, ізі-түзін білдірмейтін өте сақ, ете қорқынышты айлалы жау ғой, оны мен қайдан табармын, оны мен қалай білермін? Ең болмаса бұл ауылда тамыр ұстар да бір жан болмады-ау, япыр-ай, мынау неткен өмір еді!

Биыл күз де қаһарын төгіп тұр. Біраздан бері соққан өкпек жел адамның сүйек-сүйегінен өтеді, малдар далада тұра алмай, жыртық үйлерге ықтайды, ауыл егін орағын бітірісімен қораға көшпек еді, менің анамның ауру халіне қарап көшпей отыр. Ауру тым ұзап кетсе, ауыл адамдарының да шыдамы таусылар, сонда мен қайтпекпін? Әл үстінде жатқан шешемді көш артынан сүйремекпін бе? Жоқ. Олай болмайды, ана дерті бері қарағанша мен осы жерден қозғалман. Бұл ауыл да менен жыртық күркесін аямас. Әзіргі жәй осы, алда не тұр, оны болжау қиын. Өзің ойлашы, дүниеде менен ғаріп, менен сорлы жан бар ма?

Менің жүрегімде жанған қос шамшырақ бар еді, оның бірі анам, екіншісі Ғайни, мен солардың қуатымен шаттанып, солардың қуатымен өмір сүруші едім. Менің бойым биік, алдым жарық тәрізді еді. Енді сол қос шамшырақтың бірі қарсы алдымда сөнгелі тұр, әлсіз алған ана демі шырағданның майы таусылып сөнер шағындағы жыпылық атқаны бейнелес қой, мен әлсін-әлі бытырай іріген майды білте маңына жинап сенуін кешіктіріп тұрған жандаймын. Оған қарап таусылар май құрымай, шамшырақ сөнбей тынар ма? Ал, енді қос шамшырақтың сыңарын менің жүрегімнен суырып алып, рақымсыз қатал әке өз үйіне кілттеп тастағанын өзің де білесің. Алыста, қамау торында тұрса да сол бір сәуле менің көкірегімді жылытып, бойыма әл береді. Осынау қиянатшыл жалғанда су түбіне батырмай, мені мықтап ұстап тұрған сол ғана.

Бүгін шаңқай түсте сол жатқан ауру күйінен бір сәт айықпастан, маған бір тіл қатпастан шешем байғұс бұл дүниеден сапар шекті. Ана өлімімен бірге біздің жағып отырған от сөнді, біздің күрке құлады. Енді маған жанған оттың бәрі ортақ, тігулі үйдің бәрі мекен. Қашан Ғайниыммен бір болып, өз басыма үй соққанша менің жолым қауіп пен қатерге толы. Міне, мен сол қатерлі жолға өзім тілеп аттанып барамын.

КЕК ЖОЛЫНДА

Бірнеше күн жол жүріп, шаршап-талығып Ғайни ауылының тұсына келдім. Күн әлі батқан жоқ. Қара суық соғып тұр. Биыл елдің қыстауларына бұрынғыдан ерте келулеріне де осы суық себеп. Әрі қатты, әрі ызғарлы жел солдан шығып, азынағанда мал былай тұрсын, адамның өзін де ұшырып жібергендей.

Ауылға ел ұйқыға жатқансын кіруім керек. Менің келгенімді ауыл адамдарының бірі сезсе, мақсат орындалмайды, одан кейін мен Ғайниды мүлде жоғалтуым мүмкін. Сондықтан тау арасындағы бір ағашқа паналап отыра тұрмасам болмас. Бұл жақта ұзын-ұзын тау тізбектерін қоршай жарысқан ну ормандар мен қатар шолақ тауларды бауырлай өскен қысқа топ-топ ағаштар өте көп. Ауылдар өз қыстауларын үнемі сол шолақ тауларды жастай қондырады. Мен күн батар алдында қыстауды бүйірлей біткен қайың мен қарағай аралас бір ағашқа келіп кірдім. Ойым Бұралқының үйін қараңғы түспей тұрып мөлшерлеп алу. Маған айтуынша, оның үйі ауылдың шығыс жағында шолақ таудың сол қанатын ала салынған үш үйдің ортаңғысы. Аяғымды сақ басып, алды-артымды қарауылдап отырып ағаштың ауыл жақ шетіне таяндым да, алдыма көз жүгірттім. Сөйтіп, Бұралқы үйі осы болар-ау деп шамаладым, барар жолдарымды белгілеп ауылдың жатуын күтін отыра бердім. Енді мен қол созған нысана, мен іздеген бақыт дәл қарсы алдымда тұрғандай, аяғымды бір аттасам жеткендеймін, қолымды ілгері созсам алғандаймын. Көкірек толған қайғы мен қасірет, ой толған күдік пен қорқыныш әп-сәтте жоқ болды, көңілім тасып, бет алдым жарқырап, жадырап кеттім. Тіпті көптен көрмей сағынған жарым қасымда, құшағымда отырғандай сезіледі. Өз-өзімнен күлімсіреп, қуанамын. Ертең күндіз Бұралқы үйінде тығылып жатамын да, хат арқылы сөйлесемін, сонсын Ғайни екеуміз келесі түнде жоқ боламыз. Шешім осы, серт берік. Одан кейін Сәдуақасты жердің үсті тұрсын, астын ақтарса да табар ма екен? Жоқ, пенде баласы таба алмас! Міне, түн де өзінің адам айтқысыз зор, қап-қара денесімен аспанды жаба салды. Суық жел құтырына соғып, әлденені іздегендей тау қойнауларын, ағаш араларын тіміскілей кезеді. Өзінің өткір тырнағымен жер тырнаған ашулы арыстандай топырақты суыра тартып, аспанға атады, ұсақ тастармен жан-жағын атқылап аласұрады. Әрі қалтырап тоңып, әрі қуанышқа масайраған мен ауыл адамдарының ұйықтауын талып күтемін. Тез, тез, ақырғы шамдар сенсе екен, ақырғы үйлер ұйқыға жатса екен!

Тілек те қабыл болды — ел де жайланды, мен де ауыл сыртымен жүгіре басып, Бұралқы үйінің тұсына келдім. Ия тәңірі, жолымды оңғара гөр!

Терезеге төніп біраз тұрдым да, жан-жағымда ешбір дыбыс сезілмегенсін, саусақтарыммен шерте бастадым. Бірнеше қатты, қатты шертістер артынан әлдекім іштен терезеге таяу келіп, «Бұл кім?» деп дауыстады. Мен: «Бұралқы үйде ме, шығып кетсінші, асығыс шаруа бар еді»,— деп жауап қаттым.

Маған кімсің деп тексерудің орнына,— «кәзір, кәзір шығамын» деген Бұралқының өзіме таныс даусы естілді. Соның артынша-ақ сықырлап есік ашылды, мен жалма-жан қора қақпасына қарап бет қойдым. Сыртқы қақпадан Бұралқы да шыға келді.

— Бұралқы! — дедім мен.

— Бұл кім?

— Мен, Сәдуақас.

— Сәдуақас!

Бұралқының үнінде әрі сасқан, әрі таңданған адамның кейпі бар. Мен қасына жетіп келгенде, ол сол қалшиып тұрған қалпын өзгерткен жоқ. Не амандық сұрасқан жоқ. Азғантай аңырыстан кейін: — «үйге кір, мен шам жақтырайын»,— деп, өзі дереу қақпадан үйге қарай аяңдады, мен де дедек қағып соңына ердім. Үйге кірдік, шам жағылды. Менің бар денем қалтырап, жүрегім шаншып ауырғандай болады, Бұралқының тұйық мінезі, жүріс-тұрысы маған бір ұнамсыз жәйді аңғартқандай, не сыр, не жұмбақ?! Әлде Ғайни бір пәлеге ұшырады ма екен, болмаса бұл менен суынған жан ба, деген ой басыма келе қалды.

— Бұралқы! Сен неге үндемейсің? Менің келгеніме ренжідің бе? Әлде Ғайни бір пәлеге душар болды ма?— дедім бірден.

Бұралқы тағы да тіл қатпай біраз отырды да:

— Біз масқара болдық қой, Ғайнидан айырылдық,— деп төмен қарады.

— Не болды? Өлді ме, болмаса күйеуге беріп жіберді ме? Айтсаңшы тезірек! — Даусым қалтырап, өн-бойым діріл қағады, енді бір сәтте құлағалы тұрғандаймын.

— Жоқ, өлген жоқ, тірі. Абзал, асыл жан еді, қор болды ғой сорлы,— деп Бұралқы көзіне жас алды.

Бұл сөзді естігенде менің тұла бойым мұздап кетті. Сөз айтуға мұршам жоқ. Ашу қысты ма, болмаса кенет естіген ауыр хабарды көтере алмадым ба? Әйтеуір тұрған жеріме жүремнен отыра кеттім де:— «Өзі қайда, осында ма, жоқ па?» деген сөзді қайталай бердім.

— Жоқ, мұнда емес, ақ солдаттарының қолында,— деген Бұралқының соңғы сөзі алыстан үзіліп-үзіліп әрең естілгендей болды...

***

Жан күйініші қағида, дәстүр дегеннен басым, ер қайратының бір нышаны сияқты, мен, міне, Ғайни үйінің төрінде отырмын. Мені осында алып келген жан күйініші, ыза мен кек. Әйтпегенде сүйікті қызынан айрылып отырған қаралы, қайғылы, кемпір мен шалға мені көру қайбір бақыт. Менің оларға баса көктей келуім қайбір жақсылық! Қызын тартып әкеткен ақтың әпісерінен (офицер дегені) екі сорлының көз алдында менің нем артық! Біз екеуміз осы үйдім. босағасына сұғылған екі найза, әке мен ана жүрегіне атылғам екі оқпыз. Екеуі де ауыр, екеуі де зиянды! Амал не, тартыс пен күрес қағидасы осылай секілді. Мен енді сыпайы жан, өтініш жалыныш құлы емес, тергеуші, әмірші қияпатындамын. Қыз әкесі, қыз анасы сөйлейді, мен тыңдаймын. Олар жылайды, олар өтінеді. Мен сақылдаған cap аяздағы қыраулы жалаңаш қылыштай сазарып іштен тынамын. Бұл үй маған үй емес, азынаған көрдей, әрі суық, әрі жат. Осылай бола тұра бұл үйде мен қимастық бірдеңе бардай, мені құшақтап жібермейтін сол белгісіз сыр мені таң сәріден осылай қарай жетектеген. Мен алақтап соны іздеймін. Бірақ көре алмаймын, ол зат не? Адам ба, болмаса үн бе, әлде жел ме!? Дәл бұл сұрауларға жауап іздемеймін. Тек, тұйық, үнсіз бір жұмбақтың соңына еремін де отырамын.

Жаңа ғана айттым ғой. Осы үйге келуім де сол жұмбақтың күші, осы үй ішінен іздегенім де сол. Мынау екі үлкен адамның бүк түсіп тірі жанмен тіл қатыспай жатқандары да сол менің еркімді билеген күштің құдіреті, сол бір қымбат асыл пенденің мұң-зары.

Сол құдірет иесін шал мен кемпір зар құшағында, қасірет бесігінде күтеді, ақсайды, қайғырады. Мен оны ыза мен.кек дауылында, қанжар жүзінде, мылтық аузында іздеймін.

Жоқ, бұл екі сорлы маған жау да, жат та емес, менің адасқан серігім, боранда жоғалтқан саусағым, үсіп түскен құлағымның ұшы. Оларды қайтару да, ұмыту да мүмкін емес!

Іздегенім табылмасын өзім де білемін. Бірақ біле тұра сенгім келмейді. Менің қымбаттым, сүйікті Ғайниым осы ағаш үйдің бір қалтарысында әлі де жасырынып тұрған секілді, міне, міне, «Сәдіжан!» деп шыға келердей, құшақтап алардай... Мен елегізіп жан-жағыма қараймын. Дәл шыға келер шағын андамай, байқамай қалармын ба деп қорқамын, асыға, абыржи күтемін...

Көз алдымда аппақ қудай кемпір әлсіз ғана күбірлегендей, маған Ғайни жәйлі әлденелерді айтады, бірақ мен естімеймін, құлағым шыңылдап, басым мең-зең болады. Бұл кім!? Аруақ сияқты қарт адамның жүзіне тесіле қараймын, өңім бе, түсім бе?!

Түс емес, өңім ғой, бұл Ғайнидың шешесі емес пе? Неткен өзгеріс!

Кеше ғана ақ жаулығы көлең қағып, жарқылдап жүретін кербез бәйбіше, қартайса да бет ажарын, дене сымбатын бермеген қайратты жан, бүгін бүкшиген, ақ жүзін әжімдер қаптаған көне аруақ сипатында менің алдымда отыр. Сөне қалған көз нұры тым аянышты.

Қайғы жалыны, қасірет соққысы дегеніміз осы екен-ау!

Жыртқыш аңдай мейірімсіз қиянат иесі! Сені адам дегенге кім нанар! Адам болсаң анадан туар едің ғой! Адам болсаң сенде де қарындас, аға болмас па еді? Сенде де туысқандық сезім, дір етер жүрек ар мен ұят, намыс пен парасат болмас па!

— Жоқ! Сен адам емессің, сенің жүрегіңде өткір сезім, бойыңда ар, жаныңда мейірім жоқ! Сенің қаның арам, сен бұзылған жүрек, шіріген дене, адам сүлдесіндегі азғынсың.

Енді әлсіз, қорғансыз жандарға деген аяныш, сүйген жарыма деген кек жалынымен араласқандай. Мен қыз анасының мұңды баянын тыңдап болдым да, орнымнан тұрдым. Қыз анасы қанша зарлағанымен, мен бұл зарды қанша тыңдағаныммен қайтып оралар Ғайни жоқ. Ғайни жоқ жерде маған не қызық, менің тірлігімде не мағына бар! Манадан бері құр отырмын дегенім болмаса, ештеңе естіп, еш сөзге құлақ аспадым, тек жылап отырған екі көзге, күбірлеп отырған қос ерінге қарап қатып қалыппын. Осы сәтте мені кеудесінде жаны бар адам екен деудің өзі қате болар. Мен жансыз, суық тас тәрізді едім. Ойым да, менің жүрегім де алыста, әлдебір қорқау жыртқыштың тырнағында кеткен Ғайниымды қуып кеткен еді. Қан сонарда аң ізіне түскен мергендей жау іздерін шарлап, аласұруда еді. Менің сөз тыңдар халым жоқ еді. Үнсіз ғана аруақтай шұбатылып есіктен шығып жүре бердім. Ендігі серт қас жауымнан кек алу, жау қолынан сүйген жарды, абзал періштемді тез босату. Бұл жол қанды жол, майдан жолы. Сәдуақас өз басын сол жолға бүтіндей арнады. Жаным қалсын деген адам жау түсіре алмайды. Ендеше, өлім мен өмір екеуі де менің алдымда бәйгеде тұр.

Міне, дала, міне, ауыл! Әр жерде түтіндері аспанға өрлеген жер үйлер бір қарағанда өте жүдеу, өте сұрықсыз, айдалада қаңғырап тұрған молаларға ұқсайды. Ақ солдаттары айуандықпен жәбірлеп тонап кеткен ауыл панасыз жетім, қаралы жесір қатынға ұқсайды. Мен мұңаямын, жапан түзде жалғыз қалған жолаушыға меңзес көңілімді қорқыныш билейді, серік, сүйеніш таба алмастай жабырқаймын. Мұндай күй әр адамның басында болатын бір өткінші жәйт қой! Мұның артын лезде басқа бір сезім — жарқыраған үміт сезімі басады. Әрбір мыжырайған жеркепелерден ызалы, ашулы жандар, қайрат пен ерлік, намыс пен кек иелері маған қарап тұнжырап, отты көздерімен атып тұрғандай болды. «Неғып тұрсың, жүр, атқа мін, бізді баста, кекке, намысқа ерлікке шақыр!»— дегендей. Мен жүгіре басып, Бұралқының үйіне келдім. Бұралқы қарсы кездесті.

— Аз күндер бірге болсақ та, туған бауырдай болып едің, мына қорлыққа шыдап отырасың ба? Жоқ, маған ересің бе?

— Ергенде не істемексің?

— Кек аламын.

— Кімнен?

— Ақтардан, әнеугі осы елді шапқан, Ғайниды әкеткен зұлымдардан.

Бұл сөзді естіген Бұралқы менің жүзіме тесіле қарап қалды. Екі көзінің оты өңмеңімнен өткендей, мен де сазарған күйімде тұрып қалдым.

Бұл көрініс сырт қарағанға екі көкжал бөрінің кенеттен қарсы келіп, отты көздерімен үнсіз арбасқанына ұқсас еді. Бұралқы көзінде ашу мен айбаттан гөрі «шын айтасың ба?» деген сұрау, күдік нышан тұрды. Мен бұл сұрауға, дәл кәзір, тоқтаусыз жауап беруге міндеттімін, әйтпегенде Бұралқы жүрегінің кілті менің қолыма түспейді, Бұралқы ойының арнасы маған жеткізбейді. Осы сырды іштей ұқтым да: «рас, айтамын. Мен қас жауымды не өлтірмей, не өзім өлмей бұл беттен қайтпақ емеспін. Олар да адам шығар, олар туған ата-анадан біз де туғамыз жоқ па?»,— дедім.

— Қару-жарақ ше, оны қайдан аламыз,— деді Бұралқы.

— Жау қолындағы қару-жарақ бізге ортақ қой, өз бастарын намыс пен кек жолына қиған адамның аянары бар ма. Ақыл мен айла, қайрат пен ерлік жігіт қанаты емес пе,— дедім мен тағы да.

— Рас-ау,— деді Бұралқы, бұрын ойланып, шешуін таба алмай жүрген бір жұмбағының дәл үстінен түскендей.

— Намыс пен кек жолы батырлар жолы ғой, бұл жолда өліп кеткен жанның не арманы бар. Денемді намыс буып, сырымды кімге айтармын деп жүр едім, ұран шақырып қол жинайтын жан табылса, бұл елде ермей қалатын пенде болмас, саған ендігі айтарым қысқа: ана қор болған, қырықтан асқанда абыройы, ары төгілген анам байғұстың көз жасы мен ақ сүтін көкірегіме кек, аузыма ант тұтамын, мен сендік, баста жолына, тартынба,— деді Бұралқы бір түрлі ызалы дауыспен. Ақтардың бұл ауылда қорламай кеткен қатын, қыздары қалмағанын, тонамай кеткен үйі болмағанын мен осы Бұралқы сөзінен кейін ұқтым. Жау найзасы етіне тиіп, қансыраған, жүрегі кекті, бойы ашулы жалғыз мен ғана, Ғайни ғана, оның ата, анасы ғана десем барлық ел екен, мен жалғыз емес, көп екенмін. Осы бір ой лезде сайрап көкіректе жанған қуат отын бұрынғыдан гөрі маздатқандай болды. Мен: «Тұр, Бұралқы! Осы маңның атқа мінер жандарын тегіс жина»,— дедім. Бұралқы жүгіре басып үйден шығып та кетті.

Міне, содан бері талай күндер өтті, біз ақтардың жолын торыдық, шетке шыққандарын қағып тастаймыз да, қару-жарағын аламыз. Ақыры, бұл әдіс те бізді қаруға жарытпайтын болды. Енді қайтеміз деп ақылдасып жүрген көзімізде шалғында жүрген Қыздарбек деген осы ауылдың жігіті шауып келіп: «Бір топ ақтар ауылға беттеп келеді»— деген хабарды айтты. Біз дереу екінші бір жақпен жытып отырдық. Солдаттар санын, қайда орналасқандарын ауыл адамдары бізге хабарлайтын болды.

Ауылдың оң жағында жарты шақырымдай жерде терең сай бар, сол сайды ерлеген адам ана тұрған Айыртаудың дәл етегінен бір-ақ шығады деп, ол алда көрінген зәулім биік қос тауды нұсқады. Мен сол тауға көз жібердім. Неткен келісті, неткен сұлу тау еді! Жер, дала, тау дегендер өмір, тіршілік перзенті ғой, мен шынымды айтсам дәл бүгінге дейін сол Айыртаудай сұлу тауды, сол жердегідей көркем сұлу жерді әлі көрмеген секілдімін. Рас, бұған наныңыз! Дәл бүгінге дейін маған ондай әсер қалдырған жер сипаты жоқ, мүмкін болмас та. Мүмкін жастық шақтың қызулы лебінен, жан құмарлығынан болар, сол бір тау келбеті әлі бүгінгідей көз алдымда. Париждағы дүние жүзі мадақтайтын атақты Эйфель мұнарасын мен көргенім жоқ, мүлде көрмеспін. Ал, қазақ даласында кенет — ұшырасқан осы екі тау қатар орнатқан қос мұнара тәрізді, үшкір мүйізімен бұлтты тірей өскен егіз күмбез алыстан қараған жанға өте әсем, асқақтаған биік, көз тоймастай кербез, көңіл сусыны қанбастай нәзік...

Әне, көрдің ғой, сол Айыртаудың етегінде ну орманның арасында біз отырдық. Күн де кешке айналып бара жатқан шақ еді. Бірімізде шиті, бірімізде қос ауыз, бірімізде бесатар мылтық, ал кейбіреулерде беліне қыстырған айбалта, қанжар, енді біреулерде селебе пышақ та бар. Жәй осылай болғанмен жігіттер бойында аса бір жинақылық ашу қысқан ызғарлы сұс екпін лебі сезіледі. Әркім өз қаруына сенгендей оңтайлы, орнықты. Тас қараңғы түн келді. Менің екі көзім ел жақта, жігіттер де орын-орындарында еліктей қатып қалған, бір адам қыбыр етпейді. Не болып жатыр? Жау қолында қалған ауыл күйі нешік? Бұл ісіміздің аяғы немен тынар? Бәрімізді тебірентер, бәрімізді толқытар ой осы. Істің аяғын асыға, абыржи күтудеміз.

Алдымыздан әлдеқандай сыбдыр естіледі. Аяқ сыбдыры мен құлақ түріп тыңдаймын. Біреу келе жатыр. Бұл кім болды екен? Біздің кісі болғай. Екі адам өзара сөйлескендей, бірақ не айтысқандарын айырып болмайды. Тек дыбыс үнінен басқа ештеңе құлағыма шалынар емес. Бір кезде: «Сәдуақас, қайдасыңдар!» — деген, дауыс анық естілді. Мен жасырынып отырған ағаш түбінен шыға келдім де, ақырын ғана дауыстап шақырдым. Олар жүгіріп менің қасыма келді, ауыл адамдары. Келе сала солдаттар жәйін баяндап жатыр.

— Барлығы он бес адам, ішінде бір бастығы бар. Тонамаған үйі жоқ, қыз-келіншектерді екі үйге жинап, әздері кәзір арақтарын ішіп жатыр, масқаралағаны былай тұрсын, өлтіріп кетпесе неғылсын, ете бір қатал, түстері тым суық, Жұмабай мен Бердәліні сақал-шаштарының аппақ қудай екендеріне қарамастан соққыға жықты, аузы-мұрындарынан қан кетіп, талып жатыр, тез қимылдамасаңдар, ауылда тірі жан қалдырмас,— деп екеуі боздап қоя берді. Мен жігіттерге бұл хабарды айтып, ауыл маңына жақындау керек екенін, бұл жолда өте сақтық, өте шапшаңдық қажет екенін ұғындырдым. Біз жиырма жігітпіз. Екі үйге он-оннан бөлініп тиіспекпіз. бір топтың бастығы бұралқы-жау бұл жерде өздеріне қол көтеретін жан бар деп ойламайды. келгендердің айтуына қарағанда түскен үйлерінде күзет жоқ, әр солдат қыз бен келіншектерді қастарына алып, арақтарын ішумен мәз-мейрам ендігі әңгіме тек соларды жатқан орындарында басу, естерін жидырмай шапшаң қимылдау. айқас тағдырын бір ғана шарт — батылдық, шапшаңдық шарты шешпек. Мен жігіттерге бұл жәйді қайта-қайта айтып пысықтадым.

Біз тез аттандық. Ұзын сайдың ауылға жақын сағасына аттарды тастап, өзіміз жаяу жөнелдік. Екі бөлініп ауылға кірдік. Мен солдаттар жатқан үйдің тұсына таяу бір қораға жігіттермен кірдім де, жансыз арқылы ақтар жәйін тағы да анықтап білдім. Ақтарға тамақ дайындап беріп жүрген кемпір-кешектер біз жіберген адамға:— Үй ішінде дәл кәзір не боп жатқанын білмейміз, өздері тегіс мас, қылыш, мылтықтары ауыз үйдің босағасында тізулі тұрғанын ас апарғанда көзіміз шалып еді,— дегеннен басқа ештеңе айта алмапты. Айтпақшы, ұмытып барады екемін-ау, үй маңында күзет жоқ деген хабарды да солардан алдық. Осыдан кейін біздер өзара ақылдасып, тез бару керек деген шешімге тоқтадың.

Біз жүріп келеміз. Мен ат бойы алда келе жатырмын. Аяқтарымызды аса бір ептілікпен басып, өте сақ келеміз. Үй ықтарын, үйілген тезектерді тасалай жылжимыз да тың тыңдаймыз, әлдебір дыбыс естілер ме, ия біреу-міреу көрінер ме деп қауіптенеміз. Әзірге дыбыс та шықпайды, қараңдаған адам көрінбейді. Етпелей аяңдап үй маңына да таянып қалдық, бір кезде үй ішінен барқыраған бір дауыс көтерілді де, басыла қалды. Біз сасқанымыздан жата қалдық. Жау беті, ажал айбаты деген оңай сауда емес қой. Осының артынан тағы бір-екі дауыс жарыса шықты да, оған бірнеше күжілдеген, қарлыққан үндер қосылды, сөйтіп бір сәтте үй іші азан-қазан болды да кетті. Мен енді мас солдаттардың қосылып ән сала бастағанын сезе қойдым. Бұл ауыл адамдары тарапынан қауіп күтпеудің, басынудың нышаны. Жатқан орнымнан ұшып тұрып ілгері ұмтылдым, жігіттер де еріп келеді. Міне үй, енді бірер аттасақ қасында боламыз, содан кейін қанды шайқас басталады, ана зары, қор болған жұбайлар мен қарындас кегі шақырған майдан осы. Жақындаған сайын үрей артта қалып, әлденендей зор, күшті құдірет алға, төгілер қанға қарай, майданға қарай сүйрейді, өзім арқылы өз жүрегім арқылы басқалар жайын да анық білгендеймін, сондықтан жан-жағыма қарамай ілгері баса беремін. Менде ес жоқ, тек ыза ғана дауылдай бұрқыраған кек қана бар. Міне, қора, мен қақпа алдына келгенде кілт тоқтай қалдым да, артыма бұрылдым, жігіттер де жеткен екен. Оларға осылай тұра тұрыңдар деп ымдадым да, өзім бұқпалап отырып терезеге бардым, барқыраған дауыстар әлі де үзіліп-үзіліп шығады да тына қалады, тынғаны болмаса, мүлде тоқтамайды, кейде бірнеше дауыс қатар барқырап көтеріледі де, тоқтай қалады, біраздансын екеу-екеу боп шыңғырып, одан кейін жалғыз-жалғыз күжілдерге айналып жоқ болады... Терезеден ақырын баспалап қарадым төргі үйде бір топ солдат алдарына арақтарын қойып, шылымды бұрқыратып отыр. Үстеріндегі ауыр киімдерін шешіп тастаған, екеу-екеу құшақтасып алып, әлденендей бір өлеңді бастай береді де, аяқтамай тоқтайды, сөйтеді де біріне-бірі жұдырықтарын түйіп кіжінеді, боқтық сөздермен үйді бастарына көтереді. Тағы дуылдасып, кеңірдектерін соза даурығады да, қайта құшақтасып сүйіседі. Түрлеріне қарағанда тегісімен удай мас. Бұлардан әріректе төрде сәкі үстінде шашы жалбырап жайылып кеткен бір әйел етпетінен құлаған күйі жатып қалыпты, өлі-тірісі белгісіз. Шамасы, талып жатқандай. Мұны көрген менің тұлабойымды ашу қысып әкетіп барады, қояншық ұстаған жандай дір-дір етемін, терезені сындырып жіберіп, үй ішіне ойран салғым келеді. Өзімді-өзім әрең тоқтаттым, енді терезеден қайта қарауға шыдамай жігіттерге қарай аяңдадым.

— Біз қораға кірдік. Қора тастай қараңғы, сонадай жерде жылтыраған әлсіз жарық көрінеді. Мен жақындап келдім, ауыз үйдің есігі ашық, босағада май шам жыпылықтап жанып тұр. Бір бүйірден тұрып, ақырын бөлме ішіне көз жібердім, ешбір пенде көзіме түспеді. Біз бөлмеге кіргенде түпкі үйде әлсіз қарлыққан бірнеше дауыстар бір әннің аяғын қайталап отырғандай көрінді. Жалма-жан ауыз үйдің бұрышында тұрған қаруларға жабыстық. Бірақ түпкі бөлмеден ешкім қозғала қоймады. Қолыма тиген бір бес атарды көлденең ұстап ішкі бөлмеге тап бердім. Осыдан қасында жігіттері, қолында фонарь Бұралқы шыға келді.

— Сапар оң ба?— деген менің сөзіме:

— Тегіс жайпадық,— деп жауап қатты. Бұл жауап менің не боп жатыр екен, әлде жау сергек болып алдырмай кетер ме деген қорқынышымды басып, көңілімді орнықтырғандай болды. Мен «жігіттер тегіс аман ба екен, түгендеңдерші!» дедім қатты дауыспен. Біздің топтан Ғаббас жоқ болып шықты. Бұралқы бастаған топтан үш адам жеңіл жаралы болып шықты, дереу кейін қайтып тағы бір фонарь сұратып, алдырдық та ұрыс болған үйге кіріп, өліктерді далаға шығара бастадық. Фонарь жарығын жүгіртіп сұлап жатқан өлі жандарды қарап тұрған менің көзіме анадай бұрышта етпетінен түсіп қимылсыз жатқан Ғаббас керінді, мен киімінен-ақ тани кеттім, жүгіре басып жанына келдім. Не ғажап! Бұл жерде әлі де қанды сойқан бітпеген ғой, мынау елі Ғаббас емес, тірі, алыса кеткен қас жауын кеңірдегінен қос қолдап ұстап алып жібермей, шеңгелінен шығармай мытып жатқан ер қимылы менің көзіме жас әкеліп, көңіліме мақтаныш жалынып қаулатты. Ғаббас тұр! Кел менің құшағыма, ата-анаң үшін, солардың мақтаныш, қуаныш ләззаты үшін сені мен құшақтап, мен сүйейін, бауырым!»— деп айғайлағым келді, жерде, сәкі үстінде алысқан жауын алқымынан қос қолдап сығымдап жатқан оны көтеріп алып жас балаша сүйгім келді. Бірақ оның өлік денесі қыбыр еткен жоқ, оның нұры сөнген көз жанары қайта тұтанған жоқ, кезерген ерні күбірлеп, байланған тілі шешілген жоқ... мен Ғаббастың балалық шағын да көрген жоқпын, өз өмірін неден бастағанын да, дәл осы бүгінгі сәтке дейін не істеп үлгіргенін де білмеймін. Ал, оның дүниеден өтер өмірімен қоштасар сәті осылай бітті, осылай тынды! Жайшылықта талай даурықпа тентектермен сотқар-сотанақтардың ел ішінде батыр атанып жүретінін де білеміз ғой, ал бұл жігіт ауыл арасында өте сыпайы, момын жан болып еді деседі құрбылары. Тегінде айғай-шуы көп мақтаншақ, дарақы адамдардың кісілік қасиеті аз, кеудесі бос ыдыс тәрізді саңғырауық келетін болар, күш пен қасиет, адамшылық пен ерлік үнсіз, сыпайы жанға тән сияқты.

Мен айтарымды айтып біттім, бұдан кейінгі аттаныс жорығында өзің де бірге болып келесін. Осы бір жайлар кеудеме сыймай бара жатқансын сені өзіммен кейін не болғанын жөнді біліңкіремеймін, есімде қалған уақиға— мен кіріп барғанда еңгезердей бір солдат жерде жатқан манағы әйелді шашынан ұстап ап кроватьқа қарай сүйреп барады екен. Мен соған тұра ұмтылдым, мені көрген біреуі барқыраған мас даусымен «киргизы!» деп айғайлап жіберді. Осыдан кейін жігіттердің лап қойған алғашқы қимылдары, біреулердің өкірген даусы, қырылдаған, алқынған дыбыстар бір-бірімен араласты да кетті. Мен қарсы алдымдағы жауызды мылтықтың дүмімен қарақұстан періп жібергенімде, ол доңыздай өкіріп, тәлтіректеп бір басты да, мойнын астына ала гүрс етіп құлады. Сол сәтте оң жағымда әлдекімнің «құтқарыңдар!» деген таныс даусы құлағыма сап ете қалды, жалт қарасам Төлеген деген жігіт екен. Бір солдат астына басып өлтіргелі жатыр, жалма-жан солай қарай тап бергенімде алдымнан сілейіп жатқан біреуге қарап ақырып тұрған Әуелбек кездесе кетті, мен мылтығымды соған ұстата салып сапыдан кездігімді суырып алған күйі Төлегенді жаныштап жатқан солдаттың дәл жауырын ортасынан сұқтым. Екі көзім қанталап, алдымда не жатқанын, үй ішінде не болғанын сезбеймін. Бірақ оң қолымда қатты қысқан кездік жүзінен сорғалап қара қан ағады, қызыл қан болуы мүмкін бе? Жоқ, мүмкін емес. Оның қаны да, жаны да, жүрегі де қара. Бір кезде салдыр етіп жанып тұрған панар құлады, жалп етіп шам сөнді. Сол сенген шаммен бірге үй ішінде бар тіршілік сөне қалғандай бірден тыныш, тас түйін. Ендігі бір демде: «Атаңның... жаны неткен сірі еді, екі қолым қарысып қалды ғой, шам жағыңдаршы!» — деген айғай мені ұйқыдан оятып жібергендей. Мен сіреңке тартып жарық қылдым. Біреу ауыз үйден май шам әкелді. Біз үй есігін сыртынан жаптық та далаға шықтық. Терезе алдына екі жігітті күзетке қалдырып, Бұралқылар кеткен үйге қарай бет алдық. Жүрегім ойнақшып, тұла бойымды әлдебір белгісіз күш билейді, екі аяғымнан құйын көтеріп бара жатқандай тез басамын, жігіттер де алды-арттарына қарар емес, дедектеп ұшып келеді, кейбіреулер қасында келе жатқан жолдастарына қысқа-қысқа тіл қатады да, тына қалады, әркімнің аяқ аттасы пысық, денесі ықшам, сергек, ұмтылыстары өктем. Бұларға қарап мен де өктем, нығыз құдіреттей күштімін. Осылайша жарыса басып келе жатқан біздің қарсы алдымыздан оңаша алып қалып едім, бәрін де ақтардым, енді көңілім жәй тапқандай, жаным жадырайын деді.

Тоқсан! Осынау мыжырайған шым үйлерде жел айдаса ыққа қарай боса беретін өңкей сорлы жандар тұр екен деп ойлама! Адам күшін мекеніне, болмаса сырт көрінісіне қарап айыра қою қиын. Мен оны өзімнің алғашқы жан ашуымнан, алғашқы сот торығуымнан аңғардым.

Өзің ойлашы! Бұл елдің көзінде мен кім?! Тек зергер, ел қыдырып тамақ асырап жүрген жан емеспін бе? Ендеше сол атақ, абыройы жоқ мен сияқты біреудің соңына осынша жігіттердің ергенін, ажалға қарсы аттанғанын сен неден деп білер едің?!

Ел бойында қайнаған кек, ұлы ашу, ыза бар. Бүгінгі ауылдың тұйық мінезі құйын көтеріп дауыл соғар алдында тұнып тұрған алдамшы күн райы секілді екен. Астаң-кестең дауыл боларына бір ғана батыр ұлдың ащы айғайы, долы айбаты керек екен, шым үйлер толған кек пен намыс, қайрат пен күш, оны түнгі айқаста өзің де көрдің.

Маған ерген ел тобы жалғыз ғана Ғайни кегін жоқтаудан гөрі жоғарырақ бір тілекке, мен әлі түсініп болмаған бір күйдің сазына арқа тіреп тұрған секілді. Мен соңғы күндері осы жәйді көп ойлап, көп іздеймін, бірақ, таба алмай болдырып тоқтаймын.

Өз тағдырларын менің қолыма, менің әміріме берген осы боздақтарды енді қайда бастап, қайда апару керек, бір бұраудың да бір сұрауы бар емес пе? Біздің ісіміз осылай тына қалар іс пе?! Менің бұл ойыма жауапты кім айтар, кім жол көрсетер?! Мына сенің қызылдар қатарында солдат болып жүруің мені бір нысанаға меңзеп, бір ойдың ұшығын қолыма ұстатқандай, сол нысанаға жөн тартып, сол ойдың соңына ерсем бе деймін...

Жақсы, бұл жәйді ауылға барғансын ақылдасармыз, сен де қазақ баласы емессің бе, өз түйгеніңді жасырмай ортаға салып, өз ақылыңды қос!

Сәдуақас атының тізгінін жиыңқырап ұстап, тағы да жорта жөнелді, мен де ілесе жөнелдім...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама