Кірпі мен қоян
Үш көріністі қойылым
Қатысушылар:
Кірпі
Қоян
Жылан
Бірінші көрініс
Орман іші. Жол үстінде бос қапшығын арқалап, әндетіп Кірпі келе жатады.
Кірпі.
Орман, орман, орманым,
Аң-құстарға панасың.
Сенсің, менің қорғаным,
Қасиетті анашым.
Айналдым, анашым,
Киелі — панасың.
Құшағыңда ән салып,
Тербеледі тал, қайың.
Сымбатыңа тамсанып,
Қарай берем әрдайым.
Аңсаған жандайын
Тамсанам әрдайым.
Қызыл-жасыл гүлдерің,
Ауаң қандай, орманым!
Дертке шипа түрлі емің,
Дауаң қандай, орманым!
Ауаң-ай, орманым,
Дауаң-ай, орманым!
Осы кезде жүк машинасының гүрілі, бепілдеген үні естіледі.
Машинасын «шыңғыртқан»
Білмейтұғын мүлде есін,
Сасық судан сыңғытқан
Біреу болып жүрмесін.
«Сақтаймын, — деп, — сақтансаң»
Айтқан екен құдайым.
Болмас босқа тапталсам,
Жолдан былай тұрайын.
Кірпі жолдан шеткері шығып аялдап тұрады. Осы кезде үстіне капуста тиеген жүк машина жолдағы шұңқырды елемей, оқыс шайқалақтап өте шығады. Үстінен бір капуста түсіп қалып, домалаған күйі Кірпінің алдына келіп тоқтайды. Кірпі оны әуелі айнала иіскеп қарайды. Сосын бір жапырағын аузына салып, шайнап, дәмін татып көреді. «Ім» деп, ұнатып қалады да, арқасынан қапшығын алып, ішіне салып жатып айтады.
Мұндай олжа табылмас,
Бүгін жедел той қылып,
Ағайынды ауылдас,
Жіберейін тойдырып.
Қапшықты арқалап, жүріп кетеді. Келе жатып, әлгі орман әніне қайта басады.
Екінші көрініс
Кірпі ағаштан оңашалап салған бір әдемі үйдің қасына келгенде, алдынан екі қолы ербеңдеп қоян кездесе кетеді.
Қоян.
О, Кірпіжан,
Құйындай
Ұшып
Қайдан келесің?
Екі езуің жиылмай
Неге күле бересің?
Кірпі.
Мол олжаға кенелдім,
Ойда жоқта мен бүгін.
Тойғаныңша беремін,
Дәм тат кешке үйімнен.
Қоян.
Шақырғанда ағайын,
Қалай бармай қалайын?
Үйшігімнің маңайын
Тазартып боп барайын.
Кірпі.
Мұндай олжа табылмас,
Ұлан-асыр той қылам.
Жинап жекжат, ауылдас,
Достарды бір тойдырам.
Қоян.
Ниетіңе жет, досым,
Басыңнан бақ кетпесін.
Кірпі.
(Арқасынан қапшығын алып жерге қояды.)
Асықпасаң, Қояным,
Қарай тұршы жүгіме.
— Болып кет, — деп, — қонағым, —
Ескертейін ініме.
Қоян.
Маған жат қой жаман ой,
Алаңғасар аң деме.
Алаңдамай бара ғой,
Жүгің үшін қам жеме.
Кірпі үйіне кіріп кеткенде, Қоян қапшықты салмақтап көреді.
Қоян.
Жинап алған не теріп,
Пысық өзі бауырым!
Қалай жеткен көтеріп,
Олжасының ауырын!
Ішіндегі көк пе екен.
Аузын шешіп, қараса!..
Әлде жаңғақ, ет пе екен?..
Капуста-ау,
Тамаша!..
Қарап тұрмын мен нағып,
Қапы қалсам, оңам ба?
Апыл-ғұпыл жеп алып,
Жоғалайын одан да.
Қоян қапшықтың аузын шешеді де, капустаға бас қояды. Бір-екі қабаттан соң, қалғанын қолтығына қысып, тайып тұрады. Кірпі үйден шыққанда, бос жатқан қабын көріп, екі қолын екі жағына жайып, тұрып қалады.
Үшінші көрініс
Кірпі арқасында қапшығы, баяғы жолмен «Орман» әнін шырқап келе жатады. Оны Қоян көріп, білдірмей соңына ілеседі.
Қоян (өзіне-өзі).
Олжалы-ау тағы да,
Арқасында сол қабы.
Жақындайын жанына,
Алдай алсам болғаны.
Кірпі баяғы әдемі үйдің қасына тоқтап, қабын жерге қояды. Осы кезде жанына Қоян келеді.
Қоян.
Көріспекпін бетпе-бет,
О, Кірпіжан, аман ба?
(Кірпі Қоянды көріп, сырт айналады.)
Әнеукүні өкпелеп
Қалғансың-ау шамамда?
Көрмегелі көп болды,
Талай өттім тұсыңнан.
Еске алсам өткенді,
Әлі күнге қысылам.
Көзімді алмай жүгіңнен,
Қарап тұрсам,
Маңдағы
Бір бұтаның түбінен
Түлкі шыға қалғаны.
Құтқар деуге үн керек,
Үнім шықпай зауладым.
Сол сұм іздеп жүр ме деп,
Тойыңа да бармадым.
Кірпі.
Көңілім қалып мен мүлде,
Не болды деп жүр едім.
Не болмайды өмірде,
Ұмыт оны — тілегім.
Қоян.
Құп,
Ұмытам барлығын,
Бұдан әрі созбайын.
Жақсы ма денсаулығың,
Қалай енді өз жайың?
Кірпі.
Ойда жоқта бүгін мен
Олжалы боп келемін.
Достарыма
Үйімнен
Дәм татырсам деп едім.
Асықпасаң, Қояным,
Қарай тұршы жүгіме.
— Боласың, — деп, — қонағым, —
Ескертейін ініме.
Қоян.
Менде жоқ қой жаман ой,
Қайырымсыз аң деме.
Алаңдамай бара ғой,
Жүгің үшін қам жеме.
Кірпі.
Түлкі келіп тағы бір,
Зәреңді алса, не етесің?
Қоян.
— Сумаңдамай әрі жүр,
Аулақ, — деймін, — көкешім!
Хабар берем сендерге
Айғайға бір басамын.
Қауіп шындап төнгенде,
Амалым жоқ қашамын.
Ал бара ғой, Кірпі інім.
Кірпі.
Тез шығамын.
Қоян.
Жарайды.
Кірпі.
Кетпе аузында Түлкінің,
Бақылап тұр маңайды.
Кірпі ішке кіріп кетісімен, Қоян қаптың аузын шешеді.
Ішіне басын сұға беріп, шалқасынан құлайды. Қап ішінен қылтыңдап жыланның басы көрінеді. Кірпі үйден қайта шыққанда, шалқасынан сұлап жатқан қоянды, оған басын шайқап, таңдана қарап отырған жыланды көреді. Көреді де, дереу ішке қайта кіріп, ыдыспен су алып шығады.
Кірпі.
Қысылды ма жүрегі,
Жатқан жоқ-ау бұл тегін.
Емдеп жазар су оны,
Бетіне су бүркейін.
Кірпі ыдысындағы суды Қоянның бетіне құяды. Қоян орнынан қарғып тұрып, алды-артына қарамай қаша жөнеледі. Кірпі қап ішінен мойнын созып отырған жыланға бір, қашып бара жатқан Қоянға бір қарап күле бастайды. Көзін уқалап, ішін басып ұзақ күледі. Күліп тұрып жыланға бұрылады.
Жүруші еді бөсіп тым,
Жарадың сен, жыланым!
Қоянды бір шошыттың,
Ал бара ғой, шырағым!
Осылай деп Кірпі жыланды қаптың ішінен суыра бастайды.
Шымылдық