Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 15 сағат бұрын)
Көктем келді
Сабақтың түрі: Ашық сабақ
Сабақтың тақырыбы: Көктем келді
Білім беру саласы: «Әлеуметтік орта»
Бөлімі: «Экология негіздері»
Мақсаты:
Білімділік: балаларға көктемгі табиғат құбылыстары мен ерекшеліктері туралы түсінік беру, жыл мезгілдері туралы білімдерін кеңейту;
Дамытушылық: ойлау, есте сақтау қабілеттерін дамыту, мәнерлеп оқуға баулу;
Тәрбиелік: табиғаттағы әсемдікті бақылауға дағдыландыру арқылы эстетикалық тәрбие беру, адамгершілік қарым - қатынасқа баулу.
Ұйымдастырылған оқу іс – әрекетінің әдіс – тәсілдері: әңгімелеу, баяндау, түсіндіру, сұрақ – жауап, ой қозғау, ойын, топтастыру.
Көрнекіліктер: слайд, құстар суреттері, үйшік бөлшектері, гүлдер бұрышы.
Ұйымдастырылған оқу іс әрекет түрі: ашық сабақ
Ұйымдастырылған оқу іс – әрекет типі: аралас сабақ
Пәнаралық байланыс: тіл дамыту, жапсыру, музыка.
Сөздік қор: үй құсы, дала құсы ұғымдары.

Ұйымдастырылған оқу іс - әрекетінің барысы
Мотивациялық қозғаушы
- Балалар, бүгін ерекше күн. Біздің оқу іс – әрекетімізге қатысу үшін қонақтар келіп отыр, қонақтармен сәлемдесейік.
Балалар шаттық шеңберін құрып, қонақтармен сәлемдеседі.
- Сәлем деймін күнге мен,
Сәлем деймін мен саған,
Сәлем деймін апайға
Қонақтарға, құстарға!
Ұйымдастырылған оқу іс - әрекеті психологиялық кезеңнен (көктем мезгілінің табиғат құбылыстары дыбыстары: құстар, жылғада аққан су дыбысы) басталады.
- Балалар, бұл ненің дыбыстары?
- Торғайдың!
- Көгершіннің!
- Желдің!
- Иә, балалар бұл – табиғат құбылыстарының дыбысы.
- Енді сендерге жұмбақ жасырайын.
Ақ қар еріп, су көбейіп,
Сай салаға толады.
Ағаш басы бүршік шашып
Гүл бәйшешекке толады.
Бөбектерім айтыңдаршы
Бұл қай мезгіл болады?
- Көктем!
- Демек, біздің бүгінгі ашық сабағымыз жылдың қай мезгілі туралы болмақ?
- Көктем!
(Балалар тақырыпты өздері ашады.)
Іздену ұйымдастырушы

Жаңа сабақ
- Балалар, көктемде күн шуағын шашады, түрлі гүлдер өседі, қар ериді, ең алғашқы бәйшешектер пайда болады, ағаштар бүршік жарады, бұтақтардан жапырақтар шығады, ағаштар жасыл желекке оранады, түрлі - түсті гүлдер өседі, құстар жырлы жаққа ұшып келеді, құстар ұя салады және жұмыртқалайды, адамдар жеңіл киінеді. Көктем – тамаша жыл мезгілі! (бейнелер слайдта көрсетіледі)

Тосын сәт. Шағала ұшып келеді.
- Мен – шағаламын. Осында солтүстіктен ұшып келдім. мұнда көктем келіпті. Біз, барлық құстар сендерге, жылы жаққа ұшып келдік. Осында ұя саламыз. Балалар, сендер біз туралы қандай тақпақ білесіңдер?
- Келді көктем жағаға,
Келді сұлу шағала.
Аспандағы ақ құстар
Ауылымды арала.

- Көктем, көктем, көктемде
Құстар келіп жеткенде,
Қуанып бір қаламыз,
Әнмен қарсы аламыз.

- Сары тұмсық балапан,
Аузын жиі ашады.
Үш жастағы балақан
Одан қорқып қашады.

- Көктем қандай көңілді,
Көктен жаңбыр төгілді.
Мөлдір аспан ашылып,
Күннің көзі көрінді.

- Қанеки, балалар, енді бойымызды сергітіп алайық!
Сергіту сәті:
Күндей болып күлеміз,
Гүлдей болып өсеміз,
Құстар болып ұшамыз,
Көбелектей қонамыз.
- Енді, балалар жылы жаққа ұшып келген құстарға ұя салып берейік.
Балалар құс ұясын жапсырады.
Шағала:
- Балалар, сендерге көп рахмет! Енді осы ұяға балапандарымды қоныстандырайын.
(Шағала ұяны алып кетеді)
- Енді, балалар, ойынға да кезек келді. «Құс мекені» ойыны.
Балалар дала құстары мен үй құстарын мекеніне топтастырады
Түзету іс - әрекеті

Қорытындылау:
- Балалар, қазір қай мезгіл?
- Көктемде қандай өзгерістер болады?
- Көктем!
- Қар ериді.
- Құстар келеді.
- Ағаштар бүршік жарады.
- Гүлдер өседі.
- Адамдар жеңіл киінеді
- Сабағымызды «Көктем келді шуақты» әнімен қорытындылайық!
Ән орындалады.
Мадақтау.

Күтілетін нәтиже:
Білуі: жыл мезгілдерін ажырата білуі;
Меңгеруі: көктем құбылыстары туралы толық мағлұматты меңгеру;
Жасай алуы: құстың ұясын жасай алуы.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама