tengrinews.kz
- 02 сәу. 2026 01:00
- 21
Көп балалы ана адам саудасымен сотқа тартылды
Адам саудасымен айналысқан көп балалы ана Абай облысында сотқа тартылды. Ол әлеуметтік жағынан осал жандарды алдап, жұмысқа орналастыруды желеу етіп, ақшалай қаражатты иемденген.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Істің мән-жайы
Аягөз аудандық сотында адам саудасы бойынша қылмыстық іс қаралды. Сотта 62 жастағы, «Күміс алқа» иегері атанған көп балалы ананың кінәлі екені анықталды. Ол 2024-2025 жылдары әлеуметтік жағынан осал адамдарды іздеп, олардың сеніміне кіріп, психологиялық қысым көрсеткен. Содан кейін жұмысқа орналастырамын деп алдап, шаруа қожалықтарына жіберіп, алған аванстарын өзі алған.
Сотқа берілген мәліметтер бойынша, жәбірленушілер Семей қаласында әйелмен кездескен. Ол жұмысқа орналастыруға көмектесетінін айтып, уәде берген. Кейбір жағдайларда сотталушы жәбірленушілердің еркіндігін шектеп, қорқытып, ішімдікке салдырған. Шаруа қожалықтарының басшылары әйелдің жеке шотына 100-400 мың теңге көлемінде ақша аударған.
Сот үкімі
Сотталушы кінәсін толық мойындап, өкінгенін білдірген. Сондай-ақ, келтірілген шығынды өтеп, жәбірленушілермен татуласқанын айтты. Жәбірленушілер де оны кешіргенін және бас бостандығынан айырмауды сұраған.
Сот кінәсін толық мойындауы, өкінуі, шығынды өтеуі, жәбірленушілермен татуласуы, жасы мен «Күміс алқа» иегері екенін ескере отырып, жеңілдететін мән-жайлар ретінде қабылдады. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
Сот үкімімен аталған азаматша 6 жылға бас бостандығынан айырылып, орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтейтін болды. Сот қаулысы заңды күшіне енді.