Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Күрестің түйісінде

Қырман — толқыған адам теңізі. Тізбектеліп, біріне-бірі иегін арта тіркесіп тұрған маялар мойнын созып адам толқыны — теңізден аса қарап тұр.

Әлдененің... қара шойын денесінен шып-шып аққан ащы тердің, үңірейген жез тамақ көмекейден лақылдап атқан құсықтың, екі бүйірінен демін алып тулаған жүрегім мың құбылысынан шыққан ырғақты күйді адам толқынының шуы әкетіп, басып кетіп, кесіп тастап тұр.

Сағаттай соққан күш пен күрес толқыны.

Жалданған маялар. Күрес күшін жырлап тұрған комбайнға баулар допша лақтырылып жем болып жатыр.

Жардан құйылған судан сарылдап жатқан бидай. Оның әрбір тамшысын өлшеп, таразының қуанышты тілін естімей біліп тұрған кірші.

— Бригадир қайда? — деді қара мұрт дембелше келген алақан көз жігіт. Қырман ерлері үндемеді. Кейбіреуі нығызданып, емірене басып жүрген басқармаға көздерінің ұшымен бір қарап, қайтадан ісіне кірісті.

Бригадирді таба алмай Бексұлтан қосқа қарамай кетті.

Бригадир жоқтығын пайдаланып Бекен тынышын алып, қабағын кернеп жүрген ұйқының жетегіне еріп, жүгіріп маяның үстіне шықты, етбеттеп жата қалды. Бірақ күңкілдеген дауыс бүйірінен түртіп еріксіз басын көтерді.

Бригадирді тапқан басқарма мен Руднов қырманға беттеп келеді.

— Балқожа, сендердің қарқындарың әлі де мүшелерінің ұйымдасып істемейтінін көреді — деді басқарма Бексұлтан.

— Арамызда жік бар, жікті бастаушылар бар. Содан барып, сен саларда мен салар туып отыр — деді Балқожа. — Шаяхметов «бригадир басқара алмайды» деп көпшілікті азғырып, соңына ертіп алып маған қарсы қойып отыр.

— Жарайды, оны тексереміз — деді Бексұлтан бір иығын көтеріп қойып.

Бұлар аяңдап комбайнға келді.

Комбайншы Руднов комбайнның желкесіне мініп алып, барабанщиктерге команда беріп тұрды.

— Сал тезірек! Қимылда!

Қара тер жұмысшылардың маңдайларынан саулап ағып, мұрнының ұшынан мөлтілдеп омырауларына тамып жатты.

Айырдың ұшымен шаншылып түскен баулар екпінімен комбайнға барып жоғалып жатты.

— Шаяхметов, бас ходқа! Бұл не босаңсып кеткендерің — деп комбайншы Руднов бір айқайлап қойды.

— Ал, еріңдер! — деп Шаяхметов қасыңда тұрғандарға айқай салды.

— Жолдас Руднов, мына Шаяхметов қалай icтейді? — деді Бексұлтан.

— Комсомолдың екіншісі — деді комбайншы Руднов.

Бұл сөз бригадирдің жүрегіне шаншудай қадалып, денесіне мұздақ жүгіртіп Рудновтың екінші жарына шығарды.

Қырман басында ат жетектеп жүрген екі бала қолын былғап, айқай салды.

— Великанов, Великанов!

Көк жорға машинамен сырғытып біреу келіп түсе қалды.

Айғай-шуға кеп, беріле қоймайтын Шаяхметовтің «Великанов» деген дауыс сөзімен тұрып қалғандай жалт қаратты.

Великанов-саясаттық бөлімнің комсомол жұмысын басқаратын ұзын бойлы, қыр мұрын жас жігіт.

Келе салысымен:

— Е, басқарма, қарқын қалай? «Қызыл егіс» қашан бітеді?

— Бітіреміз ғой! — деді басқарма.

Әңгіме ұзаққа созылған жоқ, түскі тамақ басталды. Ең соңынан сырдың түйінін шешкендей Великанов пен Шаяхметов келді. Киіз үй, ыдыс-аяқ.

Жағалай әрбір керегенің түбінде өз астарын өздері жұтып, ұрысқан кісідей үн-түн жоқ колхозшылар отыр.

— Е, сендердің, ортадан ұйымдасқан тамақтарың қайда?

— Мынау не! Бригадир қайда? Шақыр бері — деді қызарып Великанов.

— Мен мұнда, жолдас начальник — деді есіктен кіріп келіп Балқожа.

— Сен әнеукүні тамақ ортадан жеп едің ғой. Өзінің қолына үлестірген бергенің не?

Бригадир ұсталған тұтам құйрығын Великановтың уысынан жұлып алғысы келді.

— Жоқ... е... е... осылай — деді.

— Не осылай? Басқарма, нені бақылап жүрсің?

— Бұл бригадирдің шығарған заңы ғой! — деп Шаяхметов кимелей сөйлеп, сөзді бөліп жіберді.

Отырған үйдің ішінде жиылыс ашылды. Бригаданың жұмысы турасында баяндама және комсомол тобынан Шаяхметовтың қосымша баяндамасы болды.

— Кәне, қырман басынан қызылдай, өлшенбей тұрғанда біреулерге бидай бердің бе? — деді Великанов шүйліге түсіп.

— Кімге бердің?

— Су тасушы Айтбайға...

— Және, ана кімге бергенің ше...

— Иә, 60 келеграмм бердім.

— Соларға бергенде, қалай бердің, еңбеккүніне қарай бердің бе?

Бригадир үндемеді.

— Бергеніне документтерің бар ма?

— Қажұғын өзіммен аталас, сондықтан, алғаның еш уақытта жасырмас дедім. Жүсіптен қолхат алуға ұмытып кетіппін.

— Сенің берген бидайларыңның тізімі бар ма?

— Бар — деді бригадир. — Әй, тұр, алып келші! Әңгіме десе аузы ашыла тыңдайды — деп баласына жекіріп, ашуын содан алғандай болды.

Бала жүгіріп екі тізімін алып келді. Тілімізде екі жүздей адамның атына бес-алты күнге әр жанға 3 килодан бидай берілуі жазылған.

— Мұның не? — деді помполит.

— Бұл колхозшыларға беріліп отырған күнделікті астықтың тізімі — деді бригадир.

— Бергенде қалай бердің, күнделікті соғылған астықтың 10-15 процент есебінен әр колхозшының еңбеккүніне қарай бердің бе?

— Иә!

— Ендеше, Шаяхметовтың қанша еңбеккүні бар.

— 350.

— Жұпардың ше!?

Бригадир жер шұқыды..

— «Иә» деп көз бояғың келеді. Астық өлшенбей жатып қырманның басынан береді екенсің, ал сен оның 15 процент есебін қайдан білесің?

— Пурсентіңді білмеймін, шырағым, әйтеуір, еңбеккүнге қарай береміз.

— Олай болса неге жанның бәріне бірдей үш килодан беріп отырғансың, жоқ, әлде сенің бригадаңда жанның бәрі бірдей істейді ме?

— Иә... жоқ, руды қайтейік, бәріміз колхоздамыз ғой.

— Ал, енді астықты осылайша үлестіруді не дейміз, жолдастар — деп помполит колхозшыларға қарады.

— Авансы — деді бригадир жұлып алғандай.

Помполит бригадирге біраз салмақты көзбен қарап тұрды.

— Бұл авансы емес-деп жан-жағына қарады да-паек, паек, байдың, құлақтың жалшысына беретін нәрсесі — деді помполит.

— Паек! — деді күбірлеп өзіне-өзі есік жақтағы біреу.

— Әйтеуір, бәрі де еңбек етіп жүр ғой, үш килоға тұрарлық еңбеккүні бар шығар, артынан есептеп шығара жатармыз деп жанының бәріне бірдей беруге бола ма? Жалқау Бекен неге аз алмайды, екпінді Тоқмырза неге көп алмайды? Комсомолдар қайда?

Қырман басында өлшенбей тұрған астықты үлестіруге кімнің қақысы бар? Жолдастар астық алдымен үкіметке тапсырылуы керек. Бірақ сонымен қатар күнделікті қырманнан 10-15 проценттейі еңбеккүнге қарай колхозшыларда беріп отырылуы керек. Сен, Тоқмырза, тынбастан маңдай терін тамшылап, адал түрде күніге еңбек етесің, саған жалқау Бекенмен бірдей береді. Сені құрметтегені қайда, екінші еңбегіңді бағалағаны қайда? — деп помполит қолын шошайтып Тоқмырзаға қарады.

Тоқмырза біраз көтеріліп қойды. Бекен бір колхозшының тасасына таман сырылып отырды.

— Тығылма, қарабет! Қара, бұл арада келіп ұялуын — деді Жұпар Бекенге.

Үстел басы тәртіпке шақырды. Помполит қояннан көз жазып қалған қаршығадай алақтап колхозшыларға қарап біраз тұрды.

— Жақсыбай, сенің қанша еңбеккүнің бар? — деді помполит есік жақтағыға қадалып.

— Қайдан білейік, шырағым, өзім хат танымаймын, еңбеккүн-ат үстінде жүрген балалардың ісі. Біз жұмысымызды білеміз — деді Жақсыбай.

— Екпінді түрде, адал еңбек ететін болсаң, неге астықты жалқаулардан көп бер деп талап етпейсің?

— Біздің міндетіміз-жұмыс істеуді білу, басқасын не қылайық, бергенін аламыз.

Помполит төс қалтасын сипады. Қолы Москвадан жүрерден алған куәлігіне тиді, есіне Қазақстанға келерде комиссиядан өткен, комиссияның сұрауына берген жауабы, уәдесі түсті.

Жоқ, жерден тығылып, булығып қалған помполит Великанов сөйледі.

Үй ішінде көзге ілінбейтін, тілге тиек болмайтын, қолға білінбейтін бір өзгерек пайда болды. Помполит Великанов сол өзгеректі тауып алғысы келгендей отырғандарға жағалай көзін жүгіртті...

Бес минуттан кейін, жұмыс сағаттай соғып, қайтадан жүре бастады. Жаңа айтылған сөздер электр болып қырманның барлық тарауына, тамырына қуат бергендей болды. Біз «Кішкене Долбы» колхозына келе жатқан жолда помполит Великанов жолдас:

— Мені жазбаңдар — деді қызарып. — Мені топтың ортасында партияға берген уәдем есіме түсіп, орындай алмай қалам ба деп сасқанымды жазасыңдар ма?! Жазбаңдар — деді.

Бірақ күрес туралы әңгіме осылай болды.

Көкшетау 1933.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама