Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 15 минут бұрын)
Латвияда «бір сағаттық күйеулер» индустриясы гүлденіп келеді: Ерлер тапшылығы жаңа трендті тудырды

Әйелдер басым, ерлері аз қоғамдарда тұрмыстық ұсақ-түйек жұмыстардың өзі табыс көзіне айналып барады. Бұл құбылыс Балтық жағалауындағы Латвияда «бір сағаттық күйеу» («муж на час») атауымен танылған кәсіптің қарқынды дамуына себеп болды.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Демографиялық теңгерімнің бұзылуы

Латвиядағы демографиялық жағдай алаңдатарлық. Eurostat дерегінше, елде әйелдер ерлерден 15,5%-ға артық. Бұл көрсеткіш Еуроодақтағы орташа деңгейден үш есе жоғары. Әсіресе, 65 жастан асқандар арасында әйелдер саны ерлерден екі есе көп. Алаңдатарлық жағдай – 30-40 жас аралығындағы ерлердің өлім-жітімі әйелдерге қарағанда 3 есе жоғары.

«Көрінбейтін майдан» және өмір сүру ұзақтығындағы алшақтық

Латвияда ерлердің суицидке бару көрсеткіші әйелдерден 4 есе жоғары. Бұл психологиялық қысым мен әлеуметтік күйзелісті көрсетеді. Сонымен қатар, латыш әйелдері ерлерге қарағанда 11 жылға ұзақ ғұмыр кешеді. Бұл жағдай еңбек нарығына да кері әсер етеді.

Жаңа индустрия: «Жалға берілетін күйеулер»

Ерлер тапшылығынан туындаған тұрмыстық қызмет көрсетуге деген сұраныс «бір сағаттық күйеу» қызметінің дамуына жол ашты. Komanda24 сияқты компаниялар тұрмыстық ұсақ мәселелерді шешуге дайын шеберлерді ұсынады. Бұл қызметтерге сантехниканы жөндеу, жиһаз құрастыру, тұрмыстық техниканы орнату кіреді.

Өзбекстаннан «күйеулер» экспорты

Латвиядағы ерлер тапшылығын өзбекстандық жұмыс күшімен толтыру жолға қойылды. Өзбекстанның Көші-қон агенттігі Еуропаға жұмыс күшін экспорттауды ұйымдастырып, арнайы мамандықтар бойынша мамандар даярлауда. Мысалы, дәнекерлеушілер Латвияда 2000 еуро жалақымен жұмыс істейді.

«Handyman» феномені – жаһандық тренд

Латвиядан өзге, Ұлыбританияда «Rent My Handy Husband» жобасы, АҚШ-та «handyman» қызметі де кеңінен танымал. Бұл – тұрмыстық ұсақ жөндеу жұмыстарын атқаратын әмбебап маман. Бұл құбылыс әйелдердің отбасылық рөлдерге деген көзқарасының өзгеруімен және кәсіби қызмет көрсету секторының дамуымен байланысты.

Жаңалықтар

Жарнама