Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Лениншілдер

Күннің нұры Алатаудан бері көзін салғанда, сұлу табиғатты, көрікті әсем қаланың әдетті қимылы басталды. Көше-көшемен қаптап жүріп жатқан халық, оның ішінде жуан портфелді совет қызметкерлері де бар, социализм елінің бақытты бөбектері, өмірдің, білімінің биік шыңына қол созған, оқушы, студенттер де бар, жас ұландар да бар. Әйтеуір қала тіршілігі, қала өмірі тіпті көркем, тіпті әсерлі.

Зырқырап дамыл таппай жүріп жатқан машиналар көз сүріндіреді. Олар бірінің артынан бірі қатарласып тізбектеліп өтеді. Кейде көшенің бұрышына топталып, иіріліп те қалады, бұл кезде тәртіпті милиция өзінің шебер қолының қимылымен бұл машиналарды бір-бірлеп өткізіп жатады. Қала өмірі тіпті қызық, тіпті әсерлі.

Осындай әдемі, сәнді өмірмен араласып екі дос та асфальтты көшемен қаланың қызығына қарай жүрді. Екеуінің де көңілдері көтеріңкі, ажарлары әдемі. Әлденені сөз қылған адамдарша бұлар бір біріне бас изесіп қояды, кей кездерде сақылдап күлген дауыстары да шығады. Мұның бірі студентка Дина, екіншісі студент Асқар еді.

Жан-жақтарына көз салып, өмір әсеріне шаттанып келе жатқан екі жас, кенет көшенің оң жағына бұрылды, ілгері қарап біраз жүре түсіп, кілт тоқтай қалды.

— Сусын іше кетелік, — деді Асқар.

— Мақұл,— деді Дина.

Сусын сатып тұрған әйелге бір бутылка лимонад заказ етті де, Асқар қолындағы сағатына қарады. Сағат тоғыз. Әлі уақыт бар екен деді ол ішінен.

— Сағат неше дейсің?

— Тоғыз.

— Ендеше біздің экзаменге кіруімізге әлі бір жарым сағат уақыт бар екен.

— Иә солай.

— Бүгін ең ақырғы сабақтан экзамен береміз, бұл ақырғы сын, бұл сыннан да мүдірмей өтемін ғой деймін,— деді Дина күлімсіреп.

— Қай сабақтан?

— Қазақ тілінен.

— Дина, сен қазақ тілін жақсы білесің, сондықтан бұл сабақты да отличноға тапсырасың ғой,— деді Асқар.

— Әрине, сен барлық сабағыңды отличноға тапсырғанда, мен неге кейін қалайын. Кейбіреулер қазақ тілі қиын екен дейді, үйренген адамға түк қиындығы жоқ. Менімен бірге оқитын орыс жолдастардың көпшілігі мен секілді қазақ тілін біліп қалды,— деді Дина.

Күн де нұрын төгіп, жаздың күніндей маужырап тұрды. Көшелерде қар да ери бастады, екі дос сусындарын ішіп болып, ілгері қарай жүрді. Әдемі, сұлу күннің отты нұры екі жасты мектептеріне дейін апарып салды...

* * *

— Тіпті қуаныш, бұл менің өмірімдегі қуаныштарымның ең бір елеулісі болды,— деді Дина Ленин томдарын ақтарып отырып.

— Рас, бұдан артық қуаныш бола бермес, отличниктер тізімінен сенің атыңды көргенде мен де қуандым. Біздің достық жай ғана достық емес, Ленин достығы. Сондықтан біз Ленин достығына кір келместей мінсіз болуымыз керек, біз өз ісімізге табанды, берік болуымыз керек. Өткен заманда, сұм патша заманында сені «хахлушка», мені «киргиз» деп қорлайтын еді. Біздің екі ұлттың арасына от салатын еді, бір-біріне қарсы қоятын еді. Енді міне, қандай, оның бірі де жоқ, өмір де, тұрмыс та қызық,—деді шаттанған түрмен Асқар Динаға қарап.

— Рас, неткен тамаша өмір, неткен достық, бұл достық біз екеуіміздің ғана достығымыз емес. Бүкіл совет еліндегі ұлттар достығы осындай. Рахмет, ұлы Ленинге,— деді Дина масаттанып.

Бірақ біз ұмытып кетпеуіміз керек, әлі де ұлт арасына от жағатын, партия жолына қайшы келетін ұлтшылдардың қалдықтары бар емес пе?

— Әрине бар. Олар күллі әсем өмірдің шешек атқан балғын гүлінің дәніне түсетін құрт сияқты... Біздің партия олармен сондықтан да қатты күреседі,— деді Дина,— Біз ешқашан Ленин саясатын бұрмалауға жол бермейміз, біздің ұлттар достығы мәңгілік достық. Ол Ленин достығы. Бақытты гүлді ел, мәңгілік дос совет ұлттары бірлесе отырып алға басады. Оның жастары туысқандық, татулықпен шалқып өседі,— деді Дина алғашқы сөзін қайта қайталап.

Алтынды күн, балғын өмір, рахат шат тұрмыс екі жасты құшағына алды. Екі дос, екі ұлттың бақытты жастары қол ұстасып билеп кетті.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама