Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 сағат бұрын)
Мәдина Ералиеваның күнделігі: Ұлына, тағдырына және жан сырына толы жазбалар

Жеке парақшасында белгілі режиссер Әсет Ақмолданың жазбасынан кейін, қазақ эстрадасының аты аңызға айналған тұлғасы Мәдина Ералиеваның күнделігінен үзінді жарық көрді. Бұл жазбалар әншінің өміріндегі ең қымбат адамдары – жалғыз ұлы мен сүйікті сіңлісіне деген терең сезімін, сондай-ақ өнер жолындағы тағдыр тәлкегі мен ішкі толғаныстарын ашып көрсетеді.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәдина Ералиеваның жазбаларында ұлы Арсеннің әкесі, белгілі театр режиссері Болат Атабаевпен қарым-қатынасы, олардың өнер жолындағы қиындықтары мен жеке өмірлеріндегі алшақтықтар туралы айтылады. Режиссердің неміс тілі маманы болып, кейін театр саласына ауысқаны, Алматы мен Қарағандының арасындағы қашықтық салқындатқан қарым-қатынастары туралы да естеліктер қамтылған.

Ұлына деген махаббат пен қамқорлық

Әншінің өміріндегі тірегі – сіңлісі Сағира. Ол әншінің қолында тәрбиеленіп, көркемсурет училищесін бітірген. Мәдинаның концерттік сапарларда жүріп, ұлына қарай алмаған кездерінде сіңлісінің Арсенді бағып-қаққаны, әншінің сіңлісіне деген ризашылығы мен оның жалғыз қалып қалуынан қорқуы жазбада айқын көрінеді. Қазір Арсен Қазақ университетінің студенті. Әнші ұлын шетелге емес, елімізде оқытуды жөн көргенін, бұл шешімнің қаржылық жағдайға емес, ұлының біліміне деген сенімі мен қатаң талабынан туындағанын жеткізеді.

Өнердегі аңыз бен шындық

Мәдина Ералиеваның өмірі өтірік-шын аралас аңыз әңгімелерге толы болды. Солардың бірі – Мұстафа Өзтүрік сыйлаған «Мерседес» көлігі туралы. Әнші бұл сөзді жоққа шығарып, Өзтүрікпен арадағы сыйластықты жоғары бағалағанымен, ешқандай ірі сыйлық болмағанын нақтылайды. Өзінің «Джип» көлігі мен ұлының «Максимасы» туралы да қызықты деректер келтіреді.

Шаршаған жанның сырқаты мен сырласуы

Соңғы жылдары әнші мен оның ұлының денсаулығы сыр берген. Мәдина ұлының жағдайына қатты алаңдап, Арыстанбаб әулиеге бірнеше рет зиярат еткенін айтады. Кейде өзін «алтын торға қамалған құстай» сезініп, «депрессиямен» күрескенін жасырмайды. Мұндай сәттерде табиғат аясына шығып, тау ішінде айқайлап ән салып, ішіндегі шерін тарқатып, энергиясын шығарып, жеңілдеп қайтатынын жазған.

Айта кетейік, Мәдина Ералиева 2000 жылдың 27 қарашасында жол апатынан қайтыс болған.

Жаңалықтар

Жарнама