Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Маңғыстау майданы

БІРІНШІ БӨЛІМ

І

Әр соғыс майданындай, Маңғыстау мұнай майданының да өзінің маршал, генералдары, полковник, лейтенанттары, солдаттары болды. Ал біздің сөз еткелі тұрған кейіпкерлеріміз — оның маршал, генералдары, полковниктері де емес, қатардағы солдаттары мен ортан қолдай өндіріс командирлері. Әскери тілмен айтсақ, тікелей ұрыс тағдырын шешетін алдыңғы шептің адамдары, өндіріс тетіктері қолдарындағы жұмысшы мамандары.

Қысқасы, бұлар мұнай майданының алдыңғы қатары — жаны, жүрегі.

Әрине, Маңғыстауда ешкім қан төгіп, жау қолынан шаршы метр жер аламын деп жанталасқан емес. Бірақ Каспий теңізінің солтүстік-шығыс аймағын алып жатқан, солтүстік - шығысында Үстіртке жеткен, ал оңтүстігінде Қарабұғазбен шектескен, мол сулы бір өзені жоқ тек жусан, ақселеу, бұйырғын, ебелек өскен сонау шөлейт, құмайтты, сортаң жапан даланы игеру совет адамына ешбір соғыс майданынан кем тимеген. Ұлы дала өзінің ен байлығын, әрбір шаршы метр жерін орасан қиындықпен берген. Сондықтан да бұл арада бір кезде басталған мұнай тартысын Маңғыстау майданы деп атадық.

Иә, біздің бас кейіпкерлеріміздің көбі осы Маңғыстауда туып-өскен. Ата-бабалары да осы араны көптен бері мекендеп келген. Бұған қандай дәлеліміз бар? Ғалымдар бұл өлкеде түйе бұдан мың жыл бұрын сақ - сармат заманы тұсында да болған дейді. Тіпті біздің дәуірімізден бес ғасыр бұрын, осы арадан көшпенділер бұл қос өркеш жануарды Үндіге де апарған деп жазады.

Сонда сол түйелерді өсірген көшпенділер кім? Әрине, қазақ, түрікмен. Дәл бүгінгі ұрпақтың ата-бабалары болмағанмен, сол ата-бабаларының арғы ата – бабалары... Өйткені біздің кейіпкерлеріміздің әкелері де, аталары да, бабалары да сонау бұлдыр заманнан бері түйе бағып келген. Түйенің еті, сүті — қорегі, тері-терсегі, жүн – жұрқасы — киімі, көшсе — көлігі, жауға аттанса— мінері болған.

Біздің кейіпкерлеріміздің де әкелері мен ата-бабалары осы Маңғыстаудың алып даласымен Үйшіктің мұнайлы өлкесі түйіскен жердегі Қарақұмды жайлаған. Танысаң адайыңмын, танымасаң құдайыңмын» дейтін өр көкірек, тентек, батыр рудан шыққан. Бірақ шөптің бәрі тікенек, адайдың бәрі тентек емес, өмір тепкісі жуасытқан Бестібай да момын кісі еді. Қазақ жерінде советтендіру басталған кезде Ұштаған құмының шетіндегі қыстауынан жалғыз түйесімен Шевченко фортына көшіп келді. Сахарадағы көшпенділер тәрізді жеркепе салып, түйесінің қомына қарап отырмай, қалаға тұщы су тасыды. Түйесі көтерем болуға айналғанда, әлі ер жетпеген тұңғышы Хәлеліне інгенін жетектетіп өзі қазынаға үй салатын артельге кірді, тас қопарды, шым құйды.

Көне, көне заманда бұл арада сонау Солтүстік мұхитпенен ұштасқан Сармат теңізі болған. Көл тартылса – қарасу, дария тартылса өзен қалады. Сол тартылған Сарматтан Каспий теңізі қалған. Алыптың жұрнағы да алып болып туған. Ал осы Каспийдің солтүстік -шығыс жағында, Сармат теңізінің мәңгі тұнған толқындары тәрізді, жал-жал қыраттар, асу-асу сұрғылт белдер жатыр. Кең өрісті ойпаттар, құбыжық түсті жалаңаш тау деңгейлері, төбелері адай бөркі тәрізді шошайған жартастар, шөгіп қалған құз, қиялар. Осы бұдырлы атырап қартайған, тозуға айналған Мұғалжар тауларының еңіс, шатқалды етектеріне барып тіреледі.

Қазақ даласында не көп, құм мен сортаң көп. Маңғыстау жері — осының әйгілі үлгісі.

Бұнда не жетпейді — су жетпейді, бұнда не көп — су көп. Бірақ олар жер астында.. Жер бетіне тек құдықтар арқылы шығарылады. Ал құдықтар?.. Егер бұл араға адам келгелі қазылған құдықтарды картаға түсіріп, бүкіл Маңғыстау өлкесін алдарыңа жайсаңдар, күйе түсіп шұрық-шұрық болған бір керемет ұшы-қиырына көз жетпес кигіз дастарқанға ұқсатар едіңдер.

Бұл бір ғажап өлке! Асты лықылдаған су, үсті күн жеп, жел суырған су жетпей әбден қаңсыған, қартайған кәрі шалдың бетіндей әжім-әжім боп қатпарланып кеткен өңсіз кеңістік! Қысы қақыраған суық, жазы шыжыған ыстық. Сол қаттырақ жел тұрса, алай-түлей боран. Құмды боран, шаңды боран.

Осындай бір заманда құлан мен киік жортқан, кесіртке жүгіріп, тасбақа мен жылан жылжыған сұрғылт даланы ежелден жайлап келген қазақ елінің жаны қандай сірі десеңдерші! Құр итшілеп қана жайлап қойды ма ол бұл сараң атырапты? Төрт түлік мал өсіріп, қыс қыстап, жаз шыға күлсары жүнді аруаналарын ыңыранта, үдере көшіп, бір шеті Еділ өзенінің төменгі етегіне, екінші шеті Арал теңізінің құмды, тақыр жағалауларына, Торғай, Ырғыз өзендерінің көкпекті өңіріне дейін барды. Ал күз түсе атам заманнан бергі әдеті бойынша орыстардың шекаралас бекініс, шаһарларын шай - шекер, азық-түлігін алып, бәз-баяғы көне қыстауы Маңғыстауына келді.

Маңғыстау түбегінің өзге малдары да, адамдары тәрізді, көнтерілі жаралған. Олар сардаланың шөпке сараң табиғатына әбден көніккен. Шөліне де үйренген. Көгалды жердің малдарындай емес, ашқылтым суды да іше береді. Басына түссе теңіз суымен де шөлін айырады.

Расында да, Маңғыстау сырт бейнесі осындай ажарсыз ба? Онда осы жердің бірінші топографиялық картасын жасаған Г. С. Карелин бұны неге «Ұйықтап жатқан ару» деп атады? Сұрықсыз далаға мұндай теңеу берілмесе керек-ті. Ал сырт қараған адамға теңіз жарларын жағалап жатқан Маңғыстау сонау Бозашы, Түпқараған түбектерінен, форт Шевченко тұрған Бор, одан кейінгі Құм мүйістеріне дейін, шынында, қас-қабағы қиылып ұйықтап жатқан сұлудың маңдайы, мұрны, аузы тәрізденіп келеді, бірақ әйгілі шөлейт даланың бұл сыртқы кескінінен емес, оның құшағында жатқан мол қазынасы үшін ұйықтап жатқан ару дегенге ұқсайды. Зерттеушінің сөзінде осы арудың оянар кезі болар ма екен деген арманы да бар тәрізді. Сол арман орындалған. Ұйықтап жатқан ару оянған. Оны оятқан — біздің заманымыздың совет инженерлері. Енді романның атын да «Оянған ару» деп өзгертсе де болар еді. Бірақ біз Маңғыстаудағы еңбек күрес-тартысының құрметіне бұрынғы атын қалдырдық...

Сөйтіп ежелден бұл ұлы шөлейтті далада табиғаттың қаһарына шыдай білген көнтерілі ел тұрып келеді дедік. Сонда сол жердің астында жатқан ғажайып байлықтар кенет ашылды ма? Жоқ. Ұлы ғылыми табыс, астына от жағып қойған қазан тәрізді, суы бірте-бірте жылынып, ысып, кезі жеткенде ғана бұрқ-сарқ қайнайды. Маңғыстаудың қазынасы да осындай ұзақ жылдар зерттеуінің нәтижесі.

Сонда... Жаралғалы мал баққан, қолына сойылын ұстап, жау қорыған көшпелі көне адай қалай ата жолынан шығып, кенет мұнай қазуға кірісті? Жалғыз інгенінің қуатымен, сүтіменен күн көрген қарт Бестібайдың балалары романымыздың бас кейіпкерлері — Хәлел мен Жәлел қалай әйгілі мұнай барлаушылары болды?

Кәсіпшілік жұмыс істей бастағаннан кейін, жиырма үшінші жылдың қара суығында Бестібай он екі жасар баласы Хәлелі мен әйелі үшеуі, жалғыз түйесімен осы араға көшіп келді.

Бұл — ақтар жеңілсе де, керуен жолдарының әлі қауіпті кезі.

Соған қарамай, Қарабұғазда Бестібай тұз шығарудан гөрі, Хиуаға баратын көштерге жол көрсететін керуен басы жұмысын қалады. Сол көштерді сонау Амударияның жағасындағы Хожелі қаласынан Маңғыстаудың құмды алабынан өткізіп, Құлсарыға дейін бастап барды. Ақ бандыларды қуған қызыл отрядтарға жол көрсеткен уақыты да болды.

Осылайша Хожеліге бір керуен тартып қайтқан күнінің ертеңіне бұның үйіне поселкелік Советтің бастығы ашаң өңді, көгілдір көз Петровский келді. Бұл — Деникин солдаттары Маңғыстау жағасына «Николай» кемесімен әкеліп тастаған большевиктердің бірі еді.

Қарабұғазда сульфат өндіретін кәсіпшілік басталған кезде партия бұны осы жерге жіберген. Азамат соғысына қатынасып, сонау Орталық Россияға дейін барған. Жиырма бірінші жылы ақ бандымен айқасқан бір ұрыста бір қолынан айрылып Қарабұғазға қайтып келген. Содан бері ол соғыс кезінде тоқтап қалған осы кәсіпшілікті жүргізуге ат салысты. Соңынан Қарабұғаздың поселкелік революциялық комитетін құрды. Жақында сол комитет поселкелік Советке айналып, халық соған председатель етіп сайлаған. Жұрттың бәрі таниды. Қарабұғазды шаппақ болған ақ бандыларға талай тойтарыс ұйымдастырған большевик. Және өзі қазақшаға судай.

— Тамыр, — деді ол амандасып болғаннан кейін, Бестібайдың жеркепесінің есік жағындағы аласа орындыққа отырып жатып, — сен қызыл керуендерге жол көрсетіп көп еңбек сіңіріп жүрсің, бұныңа да бір рахмет! Ал енді бізге бұдан да көп басқа жәрдем ететін мезгілің жетті. Кешеден бері бүкіл еңбекші адамдар қаралы...

Төрде көнетоз домбырасын күмбірлетіп «Адай» күйін тартып отырған Бестібай, поселке бастығы келгеннен - ақ орнынан ұшып тұрып, қалбалақтай қалған. Одан енді әлгідей суық хабар естіп тіпті шошып кетті.

— Не бон қалды!?

— Ленин қайтыс болды.

— Ленин!?

— Иә, бүкіл дүние жүзі еңбекшілерінің көсемі, Октябрь төңкерісін орнатқан, Россия пролетариатының ұлы қолбасшысы!..

— Ойбай-ау, Ленинді білемін. Өзім көзіммен көрмегенмен, жақсының аты жақсы ғой, айдалада жатсақ та атына қанықпыз, өзі бір кемеңгер кісі дейтін жұрт... Қазақ пен орысты тең көреді екен... Япырым - ай сондай адамның дүние салуы қандай өкінішті!.. Қара жер кімді алмаған...— Бестібай шын қайғыланып төмен қарады.

Енді — деді Петровский, — тап жаулары арамызға іріткі салмақ. Бірақ біз қатарымызды тастай етіп Ленин кедей табы боп шеп құрып, жауымызға қарсы аттануға тиістіміз.

Қашан?—деді Бестібай орнынан атып тұрып, — өздері қай тұста келе жатыр? Құдай мұндайда жауға мінер ат та бермеді ғой.

Перовский күлерін де, ашуланарын да білмеді. Taп күресі, саяси тартыс, еңбекшілердің арасын нығайту дегеннің не екенін ол Бестібайға ұзақ түсіндірді. Шын мағынасында бұның бәрін терең ұға қоймағанмен, әйтеуір Маңғыстауына дәл қазір тікелей ат қойып келе жатқан ешкімнің жоқ екенін ұққан түйеші жадырап сала берді.

— Қайдан білейін, маңдайыма бар басқаным Маңғыстау болған соң, баяғы Хиуа ханының аламандары секілденіп сау етіп келіп қалған екен деп делебем қозып кетіп еді... Жау әлі Мәскеу көшелерінде жүр екен ғой, сонда мен не істеуім керек?

— Жаңа айттым ғой, сен біздің арамыздың нығая түсуіне жәрдемдесуің керек деп.

— Сендерді нығайта қоятындай менің қолымнан не келеді? Жалғыз түйенің сүті үй ішінен де ауыспайды.

— Жоқ, мен сенен ондай жәрдем сұрап тұрғам жоқ. Ленин көсеміміздің өлімін жауға қарсы ұран ғып көтеріп, қазір кәсіпшілігімізде коммунистер, комсомолдар, пионерлер санын өсіруіміз керек.

— Е, қайсысына аламын десең де бармын ғой. Біз секілді мосқал адамға қайсысы дұрыс? Камсаболың ба, үй өнерің бе? Көменезіңе ала қоймассың. Оған халық соңынан еретін сауатты адам болу керек дегенді естідім. Ал біз болсақ әліпті таяқ деп білмейтін жанбыз ғой.

— Әңгіме сен жайында емес, — деді Петровский, — өзіңмен сөйлесетін әлі кезім болар. Ал қазір балаң Хәлелді айтып тұрмын. Өзі нешеге келді?

— Доңыз жылы ғой, биыл он үшке кетті.

— Е, қазақ бұрын баласын он үште отау иесі демейтін бе еді? Рас, қазір заман өзгерген. Он үште отау иесі болып не өндіреді? Одан да оқысын, адам болсын. Биыл мектепке түсуге кеш қалды. Ал бес ешкіңнің соңында жүргенінен не шығады? Одан да осы балаңды биыл бізге жұмысқа бер. Кәсіпшілікте түйе жетектейтін жастар жетпей жатыр. Және өзі комсомол қатарына кірсін. Совет жұмысшы табына қосылып, біздің санымызды көбейтсін.

Бестібай қуанып қалды.

— Уа, ол күшік әжетке жарайтын болса, кім қарсы дейсіз. Айтқаныңыз болсын.

Miнe, осылай ешкінің асығындай шымыр, он үшке жетер-жетпес Хәлел ертеңіне Қарабұғаз жұмысшыларының тобына қосылды. Кешікпей комсомолға алынды.

Осы күндерден бастап Хәлел жұмысшы деген ардақты атқа ие болды.

Өмір шіркін кейде баяу желіп, кейде зымырап шауып өтіп жатты. Хәлел төртбақ келген, мып - мығым жігітке айналды. Түйеші бала деген аттан құтылып, Қарабұғаздың мұз тәрізді көгілдір тұзын қопаруына кіріскеніне үш жылдан асып кеткен.

Иә, бұл бір кешегі көшпелі елдің отырықшылыққа ауған, ұлы - қызы мал бағудың орнына машина жүргізіп, жер астынан көмір, темір шығаратын жұмысшы бола бастаған ұлы кезеңі еді.

Осы шақтың алғашқы көгершіндерінің бірі, он сегіз жасар Хәлел, сол Қарабұғазда тұз айдынын бұзушы боп өмір бойы қалар ма еді, қайтер еді, егер оның болашағы күрт өзгермесе... Бұған тағы Петровский мен әкесі Бестібай себепкер болды.

Осы тұста Үстірт пен Маңғыстауға геолог С. Н. Алексейчик басқарған үлкен экспедиция келді. Ол бұл араның болашағы үлкен, жалпы зерттеу жұмысын кеңінен жүргізу керек екенін дәлелдеп, мұнда мұнай кенінің бар екенін атап көрсетті.

Бестібай осы Алексейчик экспедициясымен Маңғыстау даласына барып қайтқан. Хәлел мен әйелі үшеуі таңертеңгі шайларын ішіп отырған.

Үйге Петровский кіріп келді. Ол соңғы кезде кәсіпшіліктің партия комитетінің секретары болатын.

— Бестібай, — деді ол сол кірген бетінде сол жақта тұрған кебежеге отыра кетіп, — сенің жәрдемің өте керек боп тұр, киін!

Осы бір өзімен тетелес кісінің бұрын мұндай абыржығанын көрмеген түйеші:

— Не боп қалды? — деді таңырқап.

— Әзір ештеңе болған жоқ секілді, бірақ біз кешіксек... Мәскеуден оқу бітіріп келген менің Михаилымды білесің ғой...

— Әрине. Аумаған өзің, бір болайын деп тұрған жігіт. Өзі инженер дейді ғой.

— Иә, инженер. Мәскеуде инженерліктің оқуын бітірген. Былтырдан бері Қарабұғазды зерттеп, жер астының көп қазынасын ашты... Осыдан бір ай бұрын экспедициямен Қарынжарық құмын барлауға кеткен еді. Өткен жетінің басында оларды Аққұдық маңынан көргендер бар. Содан кейін хабар жоқ. Почта апарған жігіт те таба алмай келді. «Керуен жолынан шығып, Үстіртке қарай беттерміз» деген екен бұрын. Іздеушілер о жақтан да кездестіре алмай қайтты. Шамасы, адасып кеткен тәрізді. Маңғыстау даласында құдық қуаламай жүрген кісінің адасуының қандай күйге түсерін өзің де білесің ғой.

— Білмей! — Бестібай орнынан тез-ақ тұра келді. — Тек өздері тірі болсын де!...

— Сосын ғой жан ұшырып саған келіп тұрғаным...

Онда қазір жүреміз. Хәлел, ана менің інгенімді қомда.

— Ой, түйемен Қарынжарыққа қай уақытта жетеміз. - деді шошып кеткен Петровский.. — Жоқ, қазір біз жедел салт атпен Аққұмға жүруіміз керек. Құмға сол арадан түйемен шығамыз.

— Мақұл.

Бағанадан бері үндемей тұрған Хәлел:

— Сіздермен бірге мен де барам, — деді.

Михаил Петровский Хәлелден төрт - бес жас қана үлкен еді. Биыл бұны өзінің экспедициясына жұмысқа шақырған. Осы кезде кәсіпшілікте тығыз жұмыс көп болып Халел босана алмай қалған.

Бестібайлар екі күн атпен, бір күн түйемен жүріп Михаил Петровскийдің экспедициясы соңғы рет түнеді деген құдықтың қасына жеткендерінде таң да сарғайып келе жатқан. Түнімен ұйықтамаған іздеушілер әбден қалжырағандарын біліп, осы арада түйенің жүгін түсіріп, сәл көз шырымын алдырмақ болды.

Жамбастары жерге тиісіменен, бұлар ұйықтап кетті.

Баласының тағдыры маза бермеген Перовский жұрттан бұрын өзі оянды. Жатқандары жаңа ғана тәрізді еді, күн көтеріліп қалған екен.

— Тұрыңдар! — деді ол дауыстап.

Көзін уқалап орнынан түрегелген Хәлел жан-жағына қарады.

Жүрегі кенет қобалжи қалды. Өзінің туып-өскен атамекен жерінің бейнесінен қорқып кетті!

Бұл не қылған жансыз, неткен сұсты дала!

Шілденің нағыз сарша тамыз ыстық кезі еді. Жаңа ғана найза бойы көтерілген күн күйдіріп әкетіп бара жатыр. Күн сол өзі тұрған тұстан шықты ма, әлде сонау қара қошқылдана толықси созылып жатқан құм белестердің үстінен жағалап жүзіп келе жатыр ма, адам түсініп болар емес. Бұлар тұрған жердің қай жағы шығысы, теріскейі, күнгейі, құбыласы екенін айыру да қиын. Жан-жағыңа қарасаң кілең жал-жал қыраттар, түксиген қабақты тау деңгейлері. Үстерінде — бүкіл дүниені қоршай жүгірген көкшіл сағымдар. Хәлел өзі осы елсіз атырапта туып-өскенмен, өмірінде сағымның бүкіл көкжиекті қоршай, жер шарының төрт жағынан бірдей бұлай дөңгелей ойнағанын көрген емес.

Аспанда ұшқан құс, жерде қыбырлаған жәндік көрінбейді, тек құм, тақыр, түксиген қырат, жансыз әлем! Бетіңді күйдіріп әкетіп бара жатқан қапырық жел. Дәл шекеңнен шадырая қадалған күн көзі.

Мұндай орасан ыстық күндері шөлейт даланың қызғылттана түсетін әдеті. Оған бүкіл көкжиекте ойнаған көгілдір сағымдар қосылып, жер шарының үстінен күн қызғылт жалын шашып, көкке көтеріліп жатқан тәрізді.

Осы ғажайып көріністен Хәлелдің жүрегі енді бұрынғысынан бетер қобалжи түсті.

— Япырай, — деді ол, — Маңғыстаудың даласын мұндай ғаламат деп кім ойлаған!

Петровский де күн күйіп тұрса да, жаратылыстың осынау жан түршігерліктей суық; таныс болса да, жат сипатынан көзін алмай қадала қарап, абыржып тұр екен.

— Мына сұмдықтан кісі табу түгіл, олардың қай жаққа қарай кеткенін айыру да қиын тиер,—деді ол өзінің сасып тұрғанын жасырмай, даусы діріл қағып.

— Асықпаңыз, тамыр,—деді Бестібай, — адам шешпейтін жұмбақ болмайды, бәрін де табамыз, — сосын баласына қарады. — Түйелеріңді қомдап, шайыңды қайната бер, көп кешікпей жүреміз.

Өзі құдықты қоршай біткен тақырдың шетіндегі болмашы бұйырғын мен түйетікенек өскен борсаң сордың бойын аралап біраз жүріп қайтты.

Шайды қана ішіп болған соң:

— Ал құм әбден ысығанша біраз жер жүріп қалайық, — деді Бестібай.

«Күн әлі ысығанша? Бұдан артық ысығанда не болмақ? Қазірдің өзінде қырық градустан асып кеткен - ақ шығар?»

— Қай жаққа қарай жүреміз? — деді Петровский.

— Мына тұсқа, Үстіртке қарай!

Петровский тағы таң қалды.

— Үстірт осы жақта ма? Оны қайдан білдіңіз?

Қара қошқыл боп күйіп кеткен Бестібай, аппақ тістерін ақсита күлді.

— Үстірттің қай тұста екенін білмей мені құдай ұрып па? Mынay қапырық жел бұл арада үнемі теңіз тұсынан Үстіртке қарай соғады... Ал Үстірттен, не Бозашы жағынан тұрған жел мұндай қапырық келмейді. Одан сәл бұйырғын, селеусе исі шығады. Және бұл жақтан жел шықса аяғы құмды дауылға айналады.

— Ал біздің балалардың Үстіртке қарай беттегенін қайдан білесің?

Бестібай жартымды жауап бермеді.

— Сонда мен анау түйетікенекті жылғаларды текке аралады дейсің бе?

Бұдан артық ол ештеңе деген жоқ. Петровский де қайырып сұрамады. Тек біраз жүріп, шаңқай түс бола Бестібай тағы көштерін тоқтатып:

— Осы бөктерде сәл тынышталайық, — деді де, Петровскийге қарады. — Көрдің бе, біз жүргелі көзімізге ешбір түйенің де, адамның да ізі түскен жоқ. Бірақ біздің бетіміз дұрыс. Әрине, сіздің балаңыз осы арадан өткен...

— Онда ізі қайда?

— Бұл атыраптан із көру қиын. Кілең сор, тақыр, ал болмашы борсаң, құмайтты жерге түскен түйенің ізін тынбай соққан жел жауып кетеді. Он бес күнде із түгіл қазған шұқыр да көрінбей қалады.

— Онда біз неге сеніп келе жатырмыз? Өзің білесің босқа өткізіп алған бір күніміз жоқ, күніміз емес, сағатымыз...

— Әрине ғой, — деді Бестібай күрсініп,—Бірақ сіз күні бұрын қорықпаңыз... Бұл ұшан -теңіз атырапта бірде-бір қазақ адасып өлген емес.

— Япырмай, ә?.. Бірақ олар кілең орыс жігіттері ғой...

— Болса ше? Әрине, мұндай шөлейт далада адам аштан өлмесе де, шөлден өледі. Мұндайда, қысылған кісі жер қазса, су шығады. Бірақ ең тайыз дегенде он құлаштай болуы керек. Бұған күш қайда?

— Азық-түліктерінің де бітетін уақыты сөз жоқ алдақашан болған.

— Екі түйесі бар емес пе? Біреуін сойып жесе де...

Мынадай ыстықта түйенің еті қанша күнге шыдайды?..

— Ия, бізге асығу керек, — деді Бестібай ойланып. —Әрине, олар адай жігіттері емес, түйені сойысыменен copғa аунатып ыстау, кептіру дегенді біледі дейсіңдер ме...

Тағы бір көш өткеннен кейін Бестібай Петровскнйге:

— Құдай бұйыртса, таң ата балалардың да жатқан жеріне жетерміз, — деді.

Таң қалған Петровский қуанып кетті.

— Қойшы? Рас па?

— Рас болғанда қандай!—деді Бестібай жерге шынтақтай жатып. — Олардың Үстіртке қарай кеткенін қайдан білдің дедің ғой таңертең?.. Міне, мына түйетікенектің басын қара? Байқайсың ба мына жерінің сабақтары бар, бүршіктері жоқ. Бұл қайда кетті? Бір сарында жайыла жүріп келе жатқан түйе жұлып жегені хақ. Ал түйе аузындағы шөбін, әсіресе, түйетікенекті әр отыз - қырық қадамдай жер өткенше шайнайды. Енді өзің ойлан, мен неге жерден басымды алмаймын? Біздің келе жатқан бетімізде түйетікенек пен меңдуана әжептәуір тың біткен. Ал көреген көзге олардың кейбіреулерінің бастары отыз - қырық қадамнан кейін қырқылып отырғанын аңғару бәлендей қиын емес. Және суарылған түйе алғашқы күні құмалақ тастап отырады... Көреген көз бұны да байқап қалады.

Петровский Бестібайға әбден сенді.

Дегенмен, бұлар Михаилдарды үшінші күн әзер тапқан. Бес жігіт ең алдымен көліктерінен айрылған екен. Осы араға келген күні түнде түйелері жоқ болып шығыпты. Аңдыған жау әкетті ме, әлде жершіл жануарлар атамекен өрісін сағынып, бұрынғы жайылымдарына қарай тартып отырды ма, белгісіз, әйтеуір, таңертең түйесіз қалғандарын бір - ақ білген бұлар. Азық - түліктерін арқаларына таңып, түйе кеткен жақта ел бар шығар деп, олардың құмда жатқан іздерінің соңына түсіп берген. Бірақ көп кешікпей жел тұрып, құмды өңірдің атақты дауылы соғып, бұлар ізден айрылып қалған. Түнімен адасып, не құдық таба алмай, әйтеуір бір тақырға келіп құлаған. Тұрғандарында көргендері — ұшы - қиыры жоқ құмды дала, дәл төбелерінен шақырайған күн... Түнде дауылмен алысып жүріп компастарын да жоғалтып алған. Қай жақтарының құбыла, қай жақтарының теріскей, күнгей екенін айыра алмай, қай тұсқа жүрулерін білмеген. Ақыры «тәуекел» деп алыста бұлдырлаған тоғайға қарай беттеген. Тоғай дегендері сағым елесі болып шыққан. Сосын сол жақтағы тауға қарай бұрылған. Бұ да шілденің құз, қияға ұқсас елесі екен. Не керек, қай жаққа бет алмасын, түбі айналшық жеген адамдай сол баяғы өздерінің алғашқы түнеген тақырынан шыға берген. Ақырында торсықтағы сулары да, рюкзактағы тамақтары да біткен. Жер қазатын саймандарын сол құм кезген алғашқы дауылды күні - ақ жоғалтып алған. Осындай күйде, үстерінен қалықтаған қара құстарды көздеп, ес-түссіз жатқан жерлерінен кеп Бестібайлар тапты.

Жігіттер естерін жиярлықтай үш-төрт күн өткеннен кейін Қарабұғазға қайтып келе жатып Михаилдан Хәлел:

— Қандай cop сендерді сонау құм далаға айдап барған? - деп сұраған.

— Біз сол құм даладан мұнайдың жер бетіндегі белгілерін іздедік.

— Қайдағы мұнай? Құм мен сорда не қылған мұнай?

— Маңғыстау мен Үстірттің асты толған мұнай.

— Қойшы?!

— Мұнайдан басқа да онда толып жатқан қазына бар. Әлі соның бәрін табамыз.

Осынау құлазыған жапан дүзден жер байлығын іздеп жүрген бұл жігіттердің ерлігіне Хәлел таң қалған. Өзі де осылардай болуды іштей тілей қалған. Тіпті туып - өскен жерінің байлығын мыналардай бейтаныс жұрттың іздеп жүргенін қызғанғандай да еді. Ал өз басы дәл қазір осы теңіздей ұшы-қиыры жоқ кең атырапты кезіп - ақ кетер еді, әттең не керек, жар астында жатқан асыл заттарды қалай табу керек екенін білмейді.

Дәл осы кезде Михаил Петровский Бестібайға:

— Ақсақал ,бұл сіздердің жеріңіз ғой, біз мұнай іздесек, бәріміздің қызығымыз үшін іздеп жүрміз, егер қарсы болмасаңыз, бізге жол көрсетуші боп жұмысқа кіріңіз, — деген.

— Игілікті іс істеп жүрсіңдер, — деген Бестібай. — Бұл арадан жер майы шықса, адай ауылдары керосін алуға Орынборға бармас еді. Бірақ мен қартайып қалдым, егер жарайды десеңдер Хәлелді алыңдар. Бұ да осы арада туып-өскен, дала баласы ғой, сендерді адастырмауға жарап қалар.

Михаил Хәлелге қараған:

— Хәлел, қалай, бізге жұмысқа кіресің бе? Бұрын да айтып едім ғой.

— Кіремін! - деді Хәлел ойланбастан. Қарабұғазға келісіменен Хәлел тұз қопару жұмысынан шықты. Енді кен зерттеушілерге еріп өзінің жанындай жақсы көретін сардаласын кезді. Алдымен жол көрсетуші, содан кейін тас уатушы, құдық бетінен жер май жинаушы болды. Сөйтіп жүріп ол экспедицияның ең керек адамының біріне айналды.

Бестібайдың Михаил Петровскийге жол көрсетіп жүргісі келмегені — кезекті енді баласы Хәлелге берейін дегені еді. Қыран балапанының өзінен жоғары ұшқанын, құлан құлынының өзінен шабысы асқанын тілейді. Бестібай хат танымағанмен де, ақылды шал еді. Қазақта мұндай көкірегінің жарығы бар оқымаған кәрілер көп. Бестібай да үрім -бұтағының болашағы — осы Петровский тәрізді, кең пейіл жандармен тату - тәтті тұруда, солармен бірлесіп жұмыс істеуде екенін түсінген. Со себептен де Хәлелге Михаилмен бірге бол деді. Әке сөзін бала да ұқты. Оның үстіне жер астында көп қазына бар дегеннен кейін, атамекен даласының қойнын аршып, құшағындағы байлығына кенелуге құмарлана түсті.

Бұлар Қарабұғазға келгеннен кейін, бір күні Петровский Бестібайға:

— Мені Маңғыстауға партия жұмысына жіберетін болды, — деді,—жақында көшпекшіміз. Ұмытпасам, өзің де сол маңайдан секілді едің ғой, бізбен бірге, мүмкін, еліңе қайтарсың?

— Иә, Өзек, Қызылсай аңғары біздің ауылдың ежелгі қыстауы. О жақтан күн көре алмаған соң көштік қой. Мұнда әйтеуір кіре тартасың, жол көрсетесің. Ал өз еліңде?.. Бағып отырған малың жоқ. Малсыз адамға Маңғыстау жат жер.

— О жақта да енді жаман болмайды, — деген Петровский, — жақында конфеске басталады.

— Оның не бәле?

— Байлардың малын, жерін алып, кедейлерге үлестіреді...

— Түсінсем бұйырмасын.

Петровский Бестібайға қазақ даласында болып жатқан советтендіру саясатының отырықшылыққа көшудің, кедейлер бірлесіп қосшы ұйымына кірудің не екенін ұзақ түсіндірді. Осы науқандардың аяғы байлардың мал - мүлкін, жерін кедейлерге алып беріп, өздерін жер аударатын конфескеге апарып соққалы тұрғанын бақайшағына дейін шағып, толық етіп айтып берді.

— Сен тәрізді жоқшылықтан көп мехнат көрген бейнетқорлар бұл тартыста шет қалуға тиісті емес. Тап жауларынан өздеріңнің үлестеріңді алып, бай – манаптарды араларыңнан аластап, бірлесіп жаңа өмір құруларың керек, — деген.

— Бай-манаптар бізге не көрсетпеді? Атамыз бір Жанбоздан шыққан Түйебай маған не істемеді? Байды былай қойғанда, Сарыдан не көрмедік? Рулас екенін пайдаланып, жігіттеріне басшы етіп, салып қойған жоқ па соңымызға оны Түйебай? Ал сол Түйебайдың өз басым он үшімнен жиырма бесіме дейін түйесін бақтым. Сондағы маған төлегені жалғыз бота. Әйтеуір, құдай аяп түйе болды. Мына күлсары інген сол. Сөйтсе де, жалғыз бота он екі жылғы малай ақыға тым аз. Қанау деген сол емес пе?—Бестібай кенет жүдей қалды. — Әрине, оларды аластау әділеттік - ақ. Бірақ өзім ондай жайға үлестірген бай малынан қотыр ешкі алмаймын.

— Неге?

— Қарғыс атсын оларды, қарғыс атсын! Арамдықпен жиналған бай малы кімге ырыс болады дейсің...

Бестібай өз еліне Петровскиймен қайтуға көнді. Бұлар Маңғыстауға бірге көшкен. Жолай үш жүз түйе біткен шалқыған бай Түйебайдың қандай адам екенін жыр еткен. Аталарының бір рудан екеніне қарамай, ол Бестібайды басыбайлы құлындай пайдаланған екен.

— Иә, — деген Петровский, — қазақтың руы дегені қарамағындағы ағайын-туысқа сөзін сөйлетіп, шоқпарын ұруға, саяқ жинауға бай мен билерге ғана керек. Ал кедейдің шын жан аямас туысы — ол өз табының, кедей табының адамдары... Мысалға сен екеумізді алайық. Мен орыспын, сен қазақсың, руымыз түгіл, ұлтымыз да бөлек. Ал мен саған аталасың Түйебайдан анағұрлым жақынмын.

— Сөз бар ма?

Осылай бірте-бірте Бестібай кімнің дос, кімнің қас екенін ұқты.

Бұлар Маңғыстауға келген кезде Каспий теңізінің атырабындағы жайылымға лайық құдық пен қыстау өңіріндегі жер біткен бөлініп, ауылдық жерлерде сауаттандыру науқандары басталып та кетіпті. Бұл бір советтендіру ісі қызу жүріп жатқан шақ еді.

Дүние үнемі бір қалпында тұрмайды, үнемі өзгеріп тұрады деген міне, осы! Кешегі құдық үшін қолына шоқпар - сойылын ұстап, ру - ру боп, жан - жағындағы көршілерімен тынбай жауласып, желі азынаған cap даланы тықыр жүнді түйемен кезіп жүрген елді бүгін тіл құралды ашып, бақандай саусақтарымен «әліпбиді» түрткілеп, сауатсыздығын жоюға қызыл отауға жиналады деп кім ойлаған!

Өмір өзгереді; халық өзгереді. Бұл - ежелгі қағида. Адайлар да қатып қалған тас емес, мезгіл ықпалына қарай бұлар да өзгере бастаған.

Маңғыстауға келгеннен кейін Петровский ОГПУ бөлімшесінің бастығы болып бекітілді. Өзімен бірге көшіп келген Бестібайды ол атқосшы етіп алды. Ақ банды таусылғанмен, Совет өкіметіне наразылардың тегіс біте қоймаған кезі. Атырапта әлі де шоғырланған тентектер, баукеспе ұры - қары, қаныпезерлер көп... Петровский атқосшысына да алтыатар бергізді. Және өзі қалай атылатынын үйретті.

Қаруына етене болып үйреніп қалған Бестібай:

— Осының маған керегі қанша? — деді бip күні Петровскийге, екеуі сайда оқ атып, қайта отырғандарында, — өзге адайлардай қолыма сойыл да ұстап көргем жоқ, бар қаруым өмірбақи тобылғы сапты қамшым болып келген.

Петровский сәл езу тартқан:

— Қамшымен тек малды ғана қорқытасың. Ал қасқыр шапса не істейсің?

— Маңғыстауда адамға шабатын қасқыр некен - саяқ.

— Адамның қасқыры да жоқ па?

— Әрине, ондайлар бар ғой. Бірақ өзің тимесең қазір олар да тимейді...

— Солай ойлайсың ба? Әлі өзіңе талай қанды ауыз қасқырлардың шапқанын көресің. Тұра - тұр. Маңғыстау тәрізді қазақ даласында тап тартысының нағыз күшейетін кезі енді келе жатыр. Керек уақытында қапы қалмас үшін күні бұрын мылтықты дәлдеп атуды үйрене бер.

Петровскийдің айтқаны келді. Бір ай өтпей, бұл жақта да байлардың мал-мүлкін конфискелеу науқаны басталды. Биыл Орынбор маңындағы жайлауына бармай қалған Түйебайдың мал-мүлкін конфискелеуге уәкіл болып Петровский тағайындалды. Ол қасына Бестібай мен екі милиционер жігітін ертіп, төртеу боп байдың еліне жүріп кетті. Түйебайдың ауылы жайлауында болмай шықты. Жылдағы әдетін бұзып, түйесінің ақсақ тайлағына дейін қалдырмай айдап, Қарынжарық құмына көшіп кеткені анықталды. Білетін адамдар: осыдан бір он бес күн бұрын Орынборда оқып жүрген Сарының Бегіс деген баласы келген. Байдың көш бетін өзгертуі, не болса да, сол нөкерінің ұлынан шықты, — деген, —және Бегіс түнеген күннің ертеңіне бай ауыл-аймағымен тұра көтерілді. Ал түйелерін берік қомдауына қарағанда, ол тек Қарынжарық құмына емес, Түрікмен жеріне, тіпті, әрі қарай асып кетпесе нетсін, тым етек-жеңін жия көшуінде бір гәп бар.

Қасындағы үш кісімен Петровский бай көшінің соңынан қуып берген. Және бір сенімді адамды Қарабұғаздағы ОГПУ бөліміне жіберген. Түйебайдың көшін Түрікмен жеріне өткізбеулерін өтінген. Және бұлардың аттандырған жауынгерлері, байдың ауылын кейін қайтару үшін, өзінің жасағына келіп қосылуын сұраған.

Қарабұғаздан келген төрт қызыл әскер мен Петровскийдің адамдары қазақ жігіттерімен Қарынжарық құмының Түрікменге таяу тұсындағы Қарашықсай құдығының күнгей жағында кездесті. Түн тастай қараңғы еді. Сірә, қызыл әскерлерді күні бойы сыртынан аңдып жүрген болулары керек, Петровский жігіттері құдықтан аттарын суарып, құм шетіне келіп, сәл көздерінің шырымын алмақ боп қисайған шақтарында жиырма шақты жігіт: «Жанбоз!», «Жанбоз!» деп атой салған. Түнгі айқай қандай үрейлі, жаңа ғана тыныш жатқан қараңғы әлем мың сан қол ұрандасып ат қойғандай, кенет дүрліге қалған. Сатыр - сұтыр сілтенген сойыл, шоқпар, осқырған, пысқырған, дүбірлей шапқан жылқы, ақырған, өкірген кісі дауыстары. Жау тиген үнсіз дала кенет қорқынышты үндерге толды. Гүрс-гүрс атылған бесатар, шаңқ-шұңқ еткен алтыатар дауыстары естілді. Бірақ жау дүмпуі заматта басылды. Мылтық даусына үйренген Адай жылқыларының үркіп, құмды далаға қарай шауып бара жатқан дүбірлері естілді.

Айқай шыққанда ең бірінші орнынан атып тұрған Петровский сойылға жығылыпты. Таң құланиектеніп алакөлеңке бола бастағаннан - ақ жігіттер Петровскийді шинеліне жатқызып, жан - жағынан көтеріп құдық басына қайта әкелді.

Жара қанын жуып, басына суық суға малынған орамал тартты. Бірақ сойыл қарақұсынан тиген екен, тілге келмей Петровский күн шыға мәңгі көзін жұмды.

Бестібай: «Қазақ даласында тап тартысының нағыз күшейер кезі келе жатыр», — деген Петровскийдің сөзінің не екенін енді ұқты. Аяулы бастығынан, жоқ, бастығы емес, жан жолдасынан айрылғаны жанына қатты батты. Туған бауыры өлгендей, жаңа ғана өздері жерлеген Петровский қабірінің басында ұзақ отырды. Көзінен аққан бүртік - бүртік ыстық жасты күсті қолының сыртымен ақырын сүртті.

Сонау көгілдір сулы Нева өзенінің жағасында туған Петроград жұмыскері Петровскийді Маңғыстаудың құмды даласына келіп осылай өледі деп кім ойлаған?

Бұ да өзінің ұшар қиясын, қонар ұясын көздеген құс тәрізді, адам баласының бақыт жолын іздеуінің бір куәсі емес пе?

Иә, бұл солай! Өз бақыты жоқ, өз бақыты үшін емес кедей табына бақыт іздеу жолында тек Петровский тәрізді халықтың аяулы адал ұлдары қаза бола алады, оққа ұшады. Тап тартысы деген, міне, осы.

Осылай Бестібайдың да жүрегі тап тартысының ең алғашқы әліпбиін түсіне түсті. Сөйтіп, ол Түйебайға бұрынғысынан да қатты кектенді. Жолдастарымен тізе қоса отырып, бай ауылын кейін қайтарды. Бестібай ауданнан келген жаңа уәкілдің қасында болып, Түйебайдың мал - мүлкін кедейлерге бөліп беретін конфескеге қатысты. Тек, бай бұларға қарсы жігіттерін жібергенін мойындамады. Бұл кінәсін қызыл әскерлер де оның мойнына қоя алмады. Оқиға қара түнде болды ғой. Шапқан жігіттердің ешқайсысы қолға түскен жоқ. Құр байдың әрекеті дегенге заң көнбеді. Оның үстіне, Сары мен оның баласы Бегіс те сол Петровский өлген күнінің ертеңіне үшті - күйлі жоқ болып шықты.

— Сары қайда кетті? — деген уәкілдің тегеурінді сұрағына, түйенің қайысындай сірі бет, сары сақал бай сол сірескен қалпында:

— Қайдан білейін!—деді. — Ол менің екі туып бір қалғаным ба еді? Кім қашпай жатыр қазір менен? Кетті де өз беттеріне.

Расында да солай еді. Петровскийді Түйебайдың жасағы өлтіріпті деген сыбысты естісіменен - ақ, қалада жүріп көзі ашылып қалған Сарының баласы Бегіс, бір бәлесіне ұрынып қалмайық деп, байдан ат құйрығын біржолата кестіртіп, әкесін қалаға алып қашқан.

— Ал өздеріңнің беттерің қалай еді? Қарынжарыққа көшіп барғанмен, онда қысты өткізе алмайтын едіңдер ғой?—деген сұраққа:

— Әрине, — бай жасырмай шынын айтқан. — Бұл мал шіркін ботасынан, құлынынан өргізгендіктен бе, адамға ыстық қой. Қазақ қара жерге кіргенше мал - мал деп өтеді емес пе... Бұрынғы жағдай жоқ, Орынбор даласындағы жайылымымыз да мұжықтарға көшкен. Олар жиналып ТОЗ болмақшы көрінеді. Ол шіркіндер бізді біржолата тоздырып, құртып жіберейін деген ғой. Сонда біз қайда барып күн көреміз? Мынау қыруар түйені қайда бағамыз?.. Құдық маңдарын кедейлерге былтыр бөліп бергенсіңдер. Әрине, Түрікмен жеріне ауыспақ боп көшкенбіз. Сыбырлағанды құдай естімей ме дегендейін, шамамыз келсе одан әрі де өтіп кетпек едік.

— Балаңызды осы жаққа тастап па?

— Қай баланы айтасыңдар? Менде бала жоқ...

— Әжіғали ше? Әлде ол сізден тумап па еді?

Жалғыз ұлы Әжіғалидің атын естігенде, шалдың көзінде кенет бір жылы ишарат сезілді де, біртіндеп барып жойылды. Енді оның үнінен мақтаныш сазы естілгендей:

— Ол итті бала дегеннен көрі, көкжал қасқыр деген жөн болар...

Түйебайдың баласы Әжіғали, шынында, қандыкөз көкжал қасқыр еді. Орынбор кадет корпусын бітірісімен, генерал - губернатордың адъютанты және тілмашы болып қызмет істеген. Түйені түгімен жұтатын жемқор, кесіп алсаң қан шықпайтын қайсар боп жаралған бір найсап. Анда - санда ауылға келгенде, ел ішін ұйқы - тұйқы етіп кететін. Жанбоздан шыққан желөкпе, есерсоқ жігіттерді соңынан ертіп алып, сары ала қылышын сүйретіп, әкесіне қырғи - қабақ ауылдардың басына әңгір таяқ ойната, момын жұртты қырып жібере жаздайтын. «Жанбоз! Жанбоз!» дегенге елігіп, бұған еретіннің бірі - Сары болатын. Бұл бір жалғыз атты кедей, бірақ балуан, көкпаршыл, жан шыдатпайтын сойылгер жігіт еді. «Сен мықтысың!» дегенге сеңсең бөркі қара қазандай боп масайрап, Әжіғалидің шашпауын көтергіш - ақ. Түйебай кейде барымтаға да аттандырып алатын. Атамыз бір деп бай сөзін екі етпейді. Бай берген қысқы соғымы мен жазғы сауынына мәз. Әкесіне бағынышты Сарыны Әжіғали да өзіне жақындатуға құмар. Елден оп - оңай түсіп жатқан пара, олжадан түлкі алған бүркітке қызыл асатқандай Әжіғалидің да бірдеңелерді Сарының көмейінен қылқытып жіберетін әдеті бар. «Мені өзіне жақын санайды, туыс санайды» деп Сары одан сайын байдың баласының дегенін орындауға құлшына түсетін...

Әжіғалидің тізгінінде жүру, түбі, Сарыға немен бітетіні белгісіз еді, әйтеуір, қазақ жерінде азамат соғысы басталып, екеуінің өмір жолы екі бөлінді.

Әжіғали сол азамат соғысы басталысымен - ақ өз ауылың әкесінің қарасын көрген жоқ, қолына мылтығын ұстап қызылдарға қарсы шықты. Алғашқы кезде Жымпитыдағы алашорда әскерінің бір эскадронын басқарып, полковник Беловтың полкімен бірге қызыл әскермен ұрысты. Соңынан Белов полкі Орал майданынан жеңіліп, Гурьевке қарай шегінгенде, Әжіғали қасындағы бес жігітімен кілт бөтен жаққа бұрылды.

Сөйтіп, кешегі қылышынан қан тамған алашорда офицері еліне, өз ауылына қайтуға, бір соғарсың деп әкесінің ауылын аңдып жүрген қызыл әскерден қорқып, енді амалсыз Толстовтан бөлініп, құм арасына сіңіп кетуге мәжбүр болды.

Осылай ол қашып жүріп, бір көшпенді шаруаны қорқытып оның қызына үйленген. Өзі тәрізді тағы басқа ұры - қарылардан кәдімгідей банды құрып, қалың құмның арасына сіңіп кеткен.

Түйебайды конфискелеуге келген адамдардың да байдан сұрап отырғаны осы Әжіғали жайы еді.

— Сөйтіп, сіз балаңызды сол баяғы кеткенінен бері мүлдем көрген жоқсыз ғой? — деді комиссия бастығы.

— Жоқ, көргем жоқ, — деді Түйебай сол тұнжыраған қалпында.

Петровскийді «Жанбоз! Жанбоз!» деп ұран салған бір топ жігіттер өлтіріп кетіпті» дегенді естігенде Түйебай қуанып қалған. «Бар екенсің ғой, жалғызым!» деген ол ішінен. Әкесінің басына күн туғанда бір белгіңді бердің ғой. Өзі Петровскийге қарсы жасақ жіберген жоқ, ал бұның жоғын жалғызынан бөтен кім жоқтайды.

— Мейілдерің, — деді Түйебай кенет, — күш қолдарыңда, кісі өлтіртті деп мені айыптау қазір оп - оңай, бірақ мен біреуді өлтіріңдер деп ешкім жібергем жоқ.

Бірақ іштей тағы: «О, құдай, артық айтсам өзің кеш, тек жалғызымды сақтай көр!»—деді ақырын күбірлеп.

Конфискелеуге келгендер, әрине, кісі өлтірттің деп кінә таға алмаған, тек мал-мүлкін тегіс конфискелеп, өзін үй ішімен Сібір жаққа жер аударған.

Бестібай дүние шіркіннің қандай қиын екенін осылай бірте-бірте мықтап түсінді. Бірақ одан Бестібай өзгеге сөзін өткізе қоятындай дәрежеге жете қойған жоқ. Сол бәз - баяғы қарапайым қалпында қалды. Бар қолынан келгені Петровский қайтыс болғаннан кейін НКВД - ны тастап (ОГПУ бұл кезде НКВД - ге айналған), кемпірімен екеуі қартаюға айналған жалғыз інгендерімен құмдағы жаман қыстауына қайта көшіп барған.

Ал екі жыл өткеннен кейін Михаил Петровский орталыққа жұмысқа шақырылып, жүргелі жатқанда, Маңғыстаудан мұнай зерттеуге Ленинградтың экспедициясы келген. Осы экспедицияға Михаилдің өзі Хәлелді ертіп әкеп, жер бұрғылайтын машинаға жұмысқа кіргізді.

Сол күннен бастап Хәлелдің тағдыры біржолата өзгерді.

Ол шу дегенде машина майлаушысы болды, содан бірте - бірте бұрғылау шебері мамандығына жетті.

Осылай Хәлел мұнай зерттеушілердің қатарында мүлдем қалды.

Бұл алғашқы қазақ мұнайшылары шыға бастаған бірінші бесжылдықтың тұсы еді.

Бала кезінен топырағы сексеуілдей жанатыны есінде қалған туған даласы Өзек аңғарына мұнай зерттеушілерді жұрттан бұрын алып келген де осы Хәлел еді.

II

Жер де адам тәрізді, сырты қандай сұрықсыз болмасын, кейде ішінде ғажайып асыл қасиет — байлық жатады.Тек адамның да жердің де сол сырын аша біл. Осындай бір жұмбақ жер Өзек еді.

Өзек!

Маңғыстауда не көп, өзек көп, не жоқ, өзен жоқ!

Сондықтан да бұйырғын, ақ селеу, жусан, алабота, еркек шөп, түйетікен өсетін осынау алыс атырапта құлама жарлы аңғардың түбінде жылтырап аққан жіңішке суы бар жерді ел өзен демейді, Өзек дейді. Атам заманнан бұл арада осы жұрттың қыстаулары тұратын. Бір кездерде мынау ғажайып құлама аңғарды бойлай бұрқырап өзен де аққан болар? Сол себептен де Өзекке ел қонып, атамекен қонысы еткен шығар?

Иә, бұл арадан ерте заманда өзен өткен. Мынау жарқабақты терең арна — соның куәсі. Бірақ ол өзен қай уақытта болған? Мүмкін сонау Сармат теңізі тартылғаннан кейін бе? Әлде қазақ Әлімсақтан дейтін Сақ заманында ақты ма? О да мүмкін. Әйтеуір бір кезде өзен өткен осы тұсты қазақ Өзек атаған. Өзек деген сөз де көне, оны солай деп атаған қазақ елі де ежелгі ел.

Маңғыстаудың ұлы тартысы осы Өзектен басталды.

1958 жылы март айының бұрқасынды, ызғарлы желді бір күні Маңғыстау барлау тресінде жұмыс істеп жүрген екі белгілі орыс геологтары В. П. Жихерев пен В. В Кузьманы және жас инженер Жәлелді форт Шевченконың қалалық партия комитетінің бірінші секретары шақырды.

Жәлел өткен жылы ғана жоғарғы оқу орнын бітіріп, осы Маңғыстауда зерттеу жұмысында жүрген.

Самайына ақ кірген, ұзын бойлы, ақсары мосқал кісі, амандасып болып, әңгіме басталғаннан кейін:

— Маңғыстауда мұнай кәсіпшілігі ашылғалы жатыр дегеннен кейін, бұл араға үкімет ұйғарумен қаншама жұмысшы, мұнай мамандары келгендерін білесіңдер ме? — деді.

— Білеміз, — деді үш инженердің қызмет жағынан үлкені Жихерев, — көп кісі келді.

— Білсеңдер, — деді бірінші секретарь. — Оларға жұмыс тауып беру керек, көбі үй ішіменен көшіп келіп жатыр.

— Үлкен барлау өндірісі әлі құрылған жоқ қой, — деді Жихерев. — Ал мұнай іздейтін бір - екі партияларға оншама кісінің қажеті жоқ.

Бірінші секретарь қабағын сәл шытты.

— Өндіріс құрылмаса, құру керек.

Жихерев те қабағын шытты.

— Қалай құрамыз? Әлі мұнайы бары - жоғы әбден зерттелген бірде - бір кен орны жоқ. Ал Қызан мен Төбежікте кәсіпшілік құруға болмайтынын геология институтының бір топ мамандары негіздеген. Біздің қолымызда бүгінгі таңда басқа дерек жоқ.

Бірінші секретарь геологтың сөзіне құлақ қоймағандай сыңай көрсетті.

— Өндірісті былай құрасыңдар, — деді ол өз ойын жалғап. — Он күн болды сонау Махачкала арқылы Уралмаш заводының төрт терең бұрғылау «УЗТМ» қондырғысы келгеніне. Мұндай алып машиналарды жинап, бізге жеткізудің өзі қандай қиын жұмыс екенін білесіңдер. Ал бұл жерде сол қондырғыларды күтіп отырған дайын төрт бригада бар. Тезірек бұрғылау станоктарын іске қосу керек. Техниканың тот басып жатуына жол берілмейді.

Жихерев тұнжырай сөйледі:

— Оларды қоятын анықталған даяр алаңдар жоқ дедім ғой мен жаңа...

— Онда менің шаруам жоқ, — деді енді қабағын қаттырақ шытып бірінші секретарь. — Жер мамандары сендерсіңдер, табыңдар! Қысқасы, төрт қондырғы жүргізіп, жұмысшылар жалақы алып, үй - іштерін асыраулары керек. Және сондай қиыншылықпен әкелінген машиналар бос жатпауға тиісті. Жұрт тезірек жұмысқа кіріссін!

Геологтар терлеп кетті.

— Мерзім бір ай! — деді бірінші секретарь осымен әңгіме бітті дегендей орнынан түрегеліп.

Иә, бұл жарлық күрт берілмегенде, мүмкін Маңғыстау мұнай тағдырының шешілуі әлі де ұзақ жылға созылар ма еді, қайтер еді... Бірақ бұл жарлық үзілді - кесілді неге өктем берілді? Маңғыстауда мұнай бар дегенді кім айтқан?' Кім зерттеген?

Каспий жағасындағы түбекке ең бірінші көңіл бөлген бірінші Петр еді. Әрине, ол Маңғыстаудың жер байлығын аша қояйын деп бұл араға көңіл қойған жоқ. 1713 жылы Қызылсу шығанын жайлаған, бабалары Сирия арабтары, бертін келе әкелері түрікпен болып кеткен Ходжанепес Ұлы Петрдің атына шағым берген. Ходжанепеc Абдал руына жататын Ходжанияздың немересі, Сүйіннің баласы, ауқатты кісі екен. Ол арызында «алла тағаланың жазуы бойынша жаратылғаннан, Каспий теңізінің Шағам (осы күнгі Красноводск) шығанының тұсына келіп құятын ұлы өзен Амударияны өзбектер Жаракай деген тұсқа бөгет салып, өз жерлеріне бұрып әкетті. Енді Амудария Каспийге емес, Арал теңізіне құяды» деген. Ходжанепес ақ патшадан мал баққан Маңғыстау жұртына өзенін қайтарып беруін өтінген. Және хатында Амударияның бұрынғы аққан арнасы Ұзбойды сызып көрсеткен. Бірінші Петр патша Маңғыстау халқына жаны ашығандығы үшін емес, Үндістанмен тікелей қарым-қатынас жасау көкейкесті армандарының бірі болғандықтан, бұл шағымды ерекше көңіл бөле қараған. Егер Амудария бұрынғыдай Каспийге қарай ақса, Хиуаға дейін, құмды даланы кешпей, сумен жетудің жеңіл түсетінін түсінген. Ал аржағында Үндістан, ол Үстірт пен Мәскеу арасынан жақын. Сол себепті патша қызметінде жүрген черкес князьі Муртаз Бек баласына — гвардия капитаны Александр Бекович Черкасскийге берген жарлығында: «Амудария өзенінің құйған жеріне мың адамдық бекініс тұрғызу керек... Елші болып Хиуа ханына бар. Жолың сол өзеннің бойы болсын, ағысына және салынған бөгетке ықыласыңды сала қарай жүр. Ыңғайы келетіндей күн туса өзенді бұрынғы арнасына түсіріп, Арал теңізіне құятын жолын бекіту керек», — деп жазған.

Александр Бекович Черкасскийдің экспедициясы бұл арада екі рет болды. 1715 және 1717 жылдары. Ақырында Хиуа ханы жендеттерінің қолынан экспедиция адамдарымен бірге қаза тапты. Бірақ ол алғашқы сапарында Еділ өзенімен жүзіп келіп, Каспий теңізінің шығыс тұсындағы Бозашы түбегін, Түпқараған қолтығын, Құм мүйісін картаға түсіріп кетті.

Бұл Маңғыстау түбегі зерттелуінің басталуы еді. Осыдан кейін Россия патшасы Маңғыстауды есінен еш кезде шығармады. 1820 жылы, осы араның жағрафиялық, әскери -соғыстық қолайлылығын толығырақ білуге Г. С. Карелин, Э. И. Эйхвальд, Н. А. Северцев, Н. Н. Ломакин тәрізді оқымыстылары бар полковник Ф. Ф. Берга басқарған арнаулы әскери экспедиция шықты. Он бес жыл өтпей осы экспедицияның ұсынысы бойынша Түпқараған қолтығына бірінші әскери бекініс — осы күнгі форт Шевченко салынды. Енді бұл тұс тек әскери қорғаныс орны емес, ұлы Россия патшалығының өзіне қарсы бас көтерген, бостандықты көксеген ұлдарын жер аударатын тағы бір «барса келмес» қамалына айналды. Сондай «бостандықты көксеушілердің» бірі, 1850 жылы осы араға, сол күндердегі форт Александрийскіге, әскер қатарына алынып, жай солдат дәрежесінде айдалып, Украина халқының ардақты ұлы Тарас Григорьевич Шевченко келді. Ол бұнда жеті жылын еткізді және өзінің әйгілі «Қайыршы балалар», «Қазақ қызы Катя» тәрізді бауырмал елдің тұрмысынан алынған, сондай - ақ «Казарма», «Мемлекет жұдырығы» атты адамның жанын оятқан саяси суреттерін салды. Топографиялық экспедицияға суретші болып қатысып көшпелі елдің ауыр тұрмысын өз көзімен көрді.

Россия бұл өңірде бұдан кейін де өзінің экспедицияларын жіберуін тоқтатқан жоқ. Әйгілі географ Николай Иванович Андросов түйемен мыңнан астам шақырым жер жүріп, Маңғыстаудың жағрафиялық картасын жасады. И. В. Мушкетов бүкіл Каспийдің арғы бетінің төңірегін картаға түсірді. Андросов бұдан кейін де бірнеше рет келіп, Маңғыстаудың бөтен жерлерін зерттеп, бұнда жер астында түрлі байлықтардың барын кітап етіп жазды. Бұл ғалымның жұмысын М. В. Баяурнас жалғастырды. Ол 1910 жылы Қарасазтас құдығынан май сіңген топырақты, су бетінде қалқыған жермайды көрді. Осыдан бастап Маңғыстауда мұнай бар деген алғашқы ой туды.

Бұлардан кейінгі де, В. В. Мокринский секілді ғалымдар кен зерттеуші геологтар Қырымның, Кавказдың, Жерорта теңізінің жағрафиялық құрылыстарына Маңғыстау табиғи жаратылысының ұқсастығын дәлелдеп, осынау ажарсыз сұрғылт даланың асты табиғат қазына мол деген қорытындыға келді.

Маңғыстауға Совет өкіметі орнағаннан кейін бұл арада зерттеу жұмысы қауырт жүре бастады. Бірақ Ұлы Отан соғысы басталды да, дамып келе жатқан жұмыс кілт тоқтады.

Осылай соғыс алдында зерттеуін аяқтай алмаған Ленинградтың Бүкілодақтық геологиялық ғылыми – зерттеу институты 1950 жылы барлау жұмысына қайтадан кірісті. Ал 1951 жылы Гуревьтен мұнай іздеуші партиясы шықты. Осыдан бастап бұл өңірдің жеріне бірде-бір тыныштық болған жоқ. Жылда мұнай іздеушілер қаптады. Ал 1957 жылы Маңғыстауда мұнай, газ барлау тресі ұйымдастырылды. Келесі жылы Бозашы оңтүстік ойпатында Қызан құдығының маңайында алғашқы скважина қазылды. Сондай - ақ, Төбежікте де бұрғылау жұмысы жүргізілді. Төбежіктен бор қатпарынан мұнай табылды, бірақ жер бетіне таяу жатқандықтан, жаңбыр суларымен қышқылданып, кәсіпшілік пайдалануға жарамсыз боп шықты. Мұнайдың қара майы көп болғандықтан өндіріс жұмысын ұйымдастыруға әзірге керексіз деп шешілді.

Бұл жолы, қолда бар геологиялық деректерге қарағанда Маңғыстау жерінде өндірістік маңызы бар мұнай табылмады. Енді Төбежік, Қызан алаңдары маңында іздену жұмысын бұдан әрі жүргізу керек пе, жоқ па деген сұрақ өзінен - өзі туды.

Осындай дағдарыс кезде жоғарғы айтылған оқиға болды. Егер бұл оқиға болмағанда, Маңғыстау байлығы тағы ұзақ жылдар бойы ашылмай қалар ма еді, қайтер еді?

Бұл кезде Маңғыстаудың оңтүстігінен солтүстігіне дейін меридиандық жүргізілген бір - ақ ғана геофизикалық профиль картасы бар еді. Секретарьдың табан тіреген талабынан бас тарта алмаған үш геолог енді осы жалғыз, әлі дәлдігі толық емес картаға үңілді. Ақырында, осы геофизикалық картаның өн бойынан тек Жетібай деген сайда ғана юра -бор қабаттарының доға тәрізді иіліп жатқанын көрді. Мұнай судан жеңіл болғандықтан түсіріп, Арал теңізіне құятын жолын бекіту керек», — деп жазған.

Александр Бекович Черкасскийдің экспедициясы бұл арада екі рет болды. 1715 және 1717 жылдары. Ақырында Хиуа ханы жендеттерінің қолынан экспедиция адамдарымен бірге қаза тапты. Бірақ ол алғашқы сапарында Еділ өзенімен жүзіп келіп, Каспий теңізінің шығыс тұсындағы Бозашы түбегін, Түпқараған қолтығын, Құм мүйісін картаға түсіріп кетті.

Бұл Маңғыстау түбегі зерттелуінің басталуы еді. Осыдан кейін Россия патшасы Маңғыстауды есінен еш кезде де шығармады. 1820 жылы, осы араның жағрафиялық, әскери - соғыстық қолайлылығын толығырақ білуге Г. С. Карелин, Э. И. Эйхвальд, Н. А. Северцев, Н. Н. Ломакин тәрізді оқымыстылары бар полковник Ф. Ф. Берга басқарған арнаулы әскери экспедиция шықты. Он бес жыл өтпей осы экспедицияның ұсынысы бойынша Түпқараған қолтығына бірінші әскери бекініс — осы күнгі форт Шевченко салынды. Енді бұл тұс тек әскери қорғаныс орны емес, ұлы Россия патшалығының өзіне қарсы бас көтерген, бостандықты көксеген ұлдарын жер аударатын тағы бір «барса келмес» қамалына айналды. Сондай «бостандықты көксеушілердің» бірі, 1850 жылы осы араға, сол күндердегі форт Александрийскіге, әскер қатарына алынып, жай солдат дәрежесінде айдалып, Украина халқының ардақты ұлы Тарас Григорьевич Шевченко келді. Ол бұнда жеті жылын өткізді және өзінің әйгілі «Қайыршы балалар», «Қазақ қызы Катя» тәрізді бауырмал елдің тұрмысынан алынған, сондай - ақ «Казарма», «Мемлекет жұдырығы» атты адамның жанын оятқан саяси суреттерін салды. Топографиялық экспедицияға суретші болып қатысып көшпелі елдің ауыр тұрмысын өз көзімен көрді.

Бірақ бұрғылау жүргізу үшін қондырғы қойылатын жерге жолдың алыс - жақындығы, ауыр - жеңілдігі, скважина қалуға және жұмысшы жұртты қамтамасыз ету үшін су мәселесі секілді тағы басқа деректерді шешу керек. Осыған сәйкес, бір жеті өтпей үш геолог терең бұрғылау қондырғысының бірін осы Жетібайға орнату керек деген ұсыныс берді. Ұсыныс бірден қабылданды. Енді Жетібайда бір мезгілде толық алаңдық геофизикалық зерттеу, структуралық бұрғылау, су іздеу жұмыстары қатарласа жүрді. Маңғыстау мұнай барлау алаңы осыдан басталды. Ақырында мұнда 1961 жылы мұнайы мол фонтан атылды.

Осындай бір Маңғыстауда зерттеу - барлау жұмысы тоқтап қаларлық дағдарыс туғанда, үш инженердің үлкен көмегі тиді. Бұл — жас инженерлердің Маңғыстаудың үлкен мұнайының табылуына қосқан алғашқы үлесі еді. Әсіресе, бұл — түйеші Бестібай қарттың кіші баласы Жәлелдің зор табысы болатын.

Дүниеде үш нәрсені — дарынды, туған жерді, өзіңді тапқан әке-шешені «осындай болсын» деп қалап ала алмайсың. Жақсы ма, жаман ба, бұларды табиғаттың өзі береді. Жәлел де сол туған жерін, сұр топырақты Маңғыстауын, туған әке - шешесіндей жақсы көріп өсті. Өн бойы ойдым - ойдым құмды, тақырлы, сұрқай реңді Маңғыстау оған алтын өлкедей көрінді. Одан тілегін, махаббатын аямады.

Көлде өскен қоңыр қаз

Шөл қадірін білмейді.

Шөлге үйренген дуадақ

Көлге апарып қамасаң

Шөлін бір аңсап шөлдейді.

дегендей, сонау сәулетті, салтанатты қалада жүріп, ол құмды cap даласын аңсады. Туған өлкесіне асыққан жыл құсындай, оқу бітіп, жаз шықса - ақ сол Маңғыстауына келді. «Жұрттай отын іздеп әуре болмайсың, Өзектің майлы топырағын кесіп - кесіп жақсаң тезектей жанады» деген әке сөзін бұ да ойына тұмар ғып тағып, бала жігіт студент күнінен - ақ Ұштаған өңіріне жалтақтай қараумен болды, әлсін - әлсін бұл маңды аралап сан қиял, ойға батты. Сөйтіп жүріп институтты бітірді. Бұрынғы ата - бабасынан қалған көнтерлілігіне, рухани күштілігіне енді білімі қосылды. Институтты бітірісімен зерттеуге туған жеріне келді.

Жоғарыда айтқан Жетібай мұнай көзін ашуға қатысты. Сосын?.. Алматыға жұмысқа көшті. Кішкентайынан жанындай жақсы көрген Маңғыстауына қалдырмай, бұны Алматыға алып келген қандай күш еді? Туған жерге, әке-шешеге деген махаббаттан күшті не бар еді? Әрине махаббаттан күшті тек махаббат қана. Тек ғашықтық. Бүкіл адам баласы бас иген осы ұлы сезімге Жалелге де бағынуға тура келді...

Жетібай — форт Шевченкодан үш жүз, Ембіден жеті жүз километр тұратын, Адайдың көне қонысы. Жоталы, қыратты сай. Аңыз айтуы бойынша, баяғы - баяғы заманда орасан жұт болыпты. Сол жұттан тірі қалған жеті жігіт апаттан аман шыққан жеті қотыр тайға мініп осы жерге келіпті. Өзге тұстан көрі жусаны, ақ селеуі, түйетікенегі шүйгін біткен осы сай құтты қоныс боп, жеті қотыр тайдан жеті жүз жылқы өсіп, жеті жігіт байыпты. Содан бұл ара Жетібай атаныпты. Қарттар осы сай алаңындағы жеті төбені, жеті құдықты, осы жеті байдікі дейді.

Сан азаппен, сан қиындықпен жүргізілген скважиналардан бұнда да мұнай шықты. Мұндағы байлықты алу үшін, он бес қабат жерді өтіп, юра жер жыныстарының арасындағы топыраққа сіңіп жатқан мұнайға жету керек. Өйту қанша күш, қанша қаражат жұмсалуды тілейді. Және ол мұнайдың көлемі қанша? Оны білу үшін құрығанда сексен -тоқсан скважина жүргізу қажет. Ал бұл кезде Өзектегі мұнайдың бұдан екі есе тайызда болуы кен зерттеушілерге айқын еді.

Осыдан барып ендігі жерде терең зерттеу - барлау бұрғылауды тез мерзімде Өзекке аудару дұрыс деген ой туды.

Маңғыстауда не көп — жол көп. Бүкіл Маңғыстаудың үсті айқыш - ұйқыш жол. Бір қыстаудан бір қыстау, бір құдықтан екінші құдыққа баратын арнаулы жол бұл арада ежелден болмайтын. Кім қалай жетеді, өзі біледі. Әркімнің өз жолы бар. Біреуі төте сүрлеу салған. Ал басқа біреуі қайдағы жоқ төбе, қыраттарды оралып жүреді. Маңғыстаудағы әр жол, әр адамның өзіне тән өмір жолы тәрізді. Әркімнің өзінің таңдаған беті, баратын жері, тек өзіне ғана тән жүретін соқпағы бар.

Осы ежелгі дәстүр Өзекте мұнай іздеу жұмыстары басталғанда да өзгермеді.

Жетібай мен Өзектің арасы жақын болғанмен, құрал - жабдық, азық-түлік әкелетін форт Шевченко мен Өзектің арасы үш жүз елу километр. Бұл — жай километр емес, боранды -шаңды, ал сәл жаңбыр жауып өтсе, аяғыңды жібермей, жабысып жатқан сұр топырақты лайсаң қияпат ауыр километрлер. Міне, осындай дала арқылы форт Шевченкодан Өзекке жүк тиеген, адам тиеген дағарадай - дағарадай жүк машиналары ағылды. Уралмаш - ЗД» атты мұнара қондырғыларын сүйреген, ұзын - ұзын жалғамалы, он - он бестен тракторлы ауыр керуендер, жер мен көкті дірілдете гүрілдей жылжыды.

Міне, осындай ғажайып машиналар, тракторлар Өзекке қарай құйылды. Құйылып кеп, Өзек аңғарының бойына құрал - жабдықтарды үйді. Биіктігі қырық бір метр «Уралмаш -ЗД» мұнаралары скважиналардың үстіне қондырылды.

Ал бұны істеп жатқан тағы баяғы қажымас қайраткер жұмысшы табы! Жұмысшы болғанда көбі осы Маңғыстау, Ембі, Гурьев бойының қазақтары.

Қазақстанда осыншама мұнайшы, мұнай шығарушы керемет мамандардың табылуына себеп болған ең алдымен Ембі мұнай кәсіпорындары.

Ембі мұнайлы аймақ Баку Грозныйлармен қатар төңкерістен бұрын ашылып, Совет үкіметі кезінде белгілі кәсіпшіліктерге айналған. Қазақстан мұнайшылары соғыс кезіндегі Совет өкіметі жылына өндіретін жиырма миллион тоннаның тек бір жарым миллион тоннасын ғана беріп тұрғанмен, Ембі қоры қазақ жұмысшы табын, әсіресе мұнайшыларын дайындауда көрнекті еңбек сіңірді. Соғыстан бұрын жұмыс істеп келген Доссор, Қосшағыл, Байшонас, Ескене, Құлсары, Сағыз кәсіпшіліктеріне соғыстан кейін Қаратон, Тереңөзек, Мұнайлы, Қошқар, Құрсақ кәсіпшіліктері қосылған. Бұлардың бәрі тегіс ылғи қазақ жерінде. Өз даласында табылған бұл ен байлықты қазақ халқы енді қуана қарсы алды. Бұрынғысындай түйе бағып, қой өсіріп қана қалмады, жаңа кәсіпке, жаңа өнерге құлашын жая ұмтылды. Оқыды, үйренді. Сөйтіп аз жылдың ішінде бұлар мұнай шығару кәсібіне машықтанды. Қазақ үй іштерінің тек үлкендері, не отау иелері ғана мұнайшы боп қойған жоқ, олар өздерінің баласын, інісін, келінін, қызын, ағайын - тумаларын жаңа өнерге бірге ала келді. Осылай Қазақстанда мұнайшы жұмысшы табы туды.

Маңғыстаудағы мұнай майданының негізгі жауынгерлері, міне, осылар еді.

Өзекте жұмыс басталған кез —күн көзі түтігіп жер – жаһан күйіп кеткендей қапыра қалған, әйгілі 1961 жылдың көктемі еді. Күнгей - шығыстан жандыра соққан ыстық жел бір толастамады. Өзге жылдан биыл көктем ерте шыққан. Бұл мезгілде аз да болса көгілдір тартатын Көкек айы тумай жатып сарғайып кеткен. Күн жылығалы кей жылдардағыдай, ең болмаса бір тамшы қар жауған жоқ. Сәл жел тұрса - ақ үстінен трактор мен жүк машиналар жүріп, шаң - топырағы бұрқ – бұрқ көкке көтерілген, сусыз қақыраған шөлейт дала кенет алай – дүлей бола қалады. Жел күшейсе, нағыз құмды боранға айналады.

Бұрын Маңғыстаудың құмды, адам тұрмайтын жерінде ешкім құсты көрмейтін. Енді бұл араға өмір келгенін, тіршілік келгенін сезді ме, аспанда, көз ұшында қара құс қалықтайды. Ал жар қабақтың беткейіне, не құмды жер түбіне көлбете салған қосаяқтың ініндей сұлама ішінен кенет атжалман тышқан көрініп қалады...

Осы көктемде Қызаннан Өзекке тобылғы торы, жас сексеуілдің безіндей мып - мығым әйелі Жансұлу мен екі баласын алып бұрғылау шебері Хәлел келді. Соғыстан кейін екі жыл өткен соң үйленген. Жансұлу да өзі тәрізді бұрғышы, мұнарада моторист болып істейді. Бұлардың он – он бір жасар бір ұлы, бір қызы бар. Ауыздарынан түскендей ұлы әкесінен айнымайтын қорғасын құйған тоқтының асығындай шымыр қара бала, қызы шешесіндей әдемі келген бүйрек бет, қыр мұрынды, қара торы. Кішкентай бұрымдарын ешкінің құйрығындай екі шекесіне құлақ түбінен шығарып, шошайтып өріп қойған. Тілі ерте шыққан, тақылдап тұрған бір пәле. Ұлы әкесі тәрізді, көп сөйлемейтін тұйық... Бір минут бос отырмай, пысылдап бірдемені істейді де жүреді.

Азғантай жүктерін жүк машина брезент асхананың жанына әкеп түсіргеннен кейін, Хәлел үстінің шаңын қағып тұрды. Өздері тәрізді жұмысшыларға арнап, қатар тігілген бозғылт шатырларға қарады да:

— Сұлу, бала-шағамызбен жұртпен бірге топырлап шатырда жатқанымыздың жөні келмес, — деді. — Ал мына тақырға өкімет кең сарайлары орнағанша да аз мезгіл өтпес, одан да жеке үй салып алғанымыз жөн болар. Уақытымыз бар. Тракторлар біздің «Уралмашты» сүйреп жеткізіп, оны скважинаға орнатқанша талай уақыт кетер. Босқа отырмай, баспана салып алайық. Үлгереміз.

Күйеуінің босқа ештеңе айтпайтынын білетін Жансұлу сөйтсе де таң қалып:

— Дұрыс қой, бірақ оған керекті заттарды қайдам аласың? – деді.

Халел ойлана алысқа қарады.

— Әне, ана тұмсықта бұрын біздің ауылдың қыстауы тұратын, — деді ол, — одан қазір не қалды дейсің... Кәкір - шүкір іске жарайтын пешке деген шым тәрізді бірдеме табылса, соларды тасып алармыз. Ал үйдің қабырғасын әне, ана бөктердегі бұйра тастардан қалаймыз. Жаңа жүріп келе жатқанда көзім түсті.

— Жарайды, өзің біл, — деді әйелі. — Бұл ара балшық илейтін суға да зәру ғой тегі... Жақын жерде құдық та көрінбейді. Мұнда судың өзін Борлыторым маңайындағы құдықтардан тасып жатыр дейтін жұрт...

— Саман құяйық деп жатқан жоқпыз ғой, — деді Хәлел, — тасты ұстайтын балшыққа қанша су кетеді? Бала кезімізде осы арада бір ескі құдық болатын. Қазір бітеліп қалған шығар. Соны аршырмыз. Және сол кездің өзінде де суы аз, мал суаруға келмейтін, жылап аққан осы тұста бір көз болатын. Бізге со да жетеді.

— Егер ол көзің бітеліп қалмаса...

Жүктерін шатырдың бір бұрышына үйіп қойып, бұлар үй салуға кірісті. Хәлел сопақтау төбенің етегіндегі ескі құдықты тауып алды. Үш күн аршыды. Суы шынында да аз екен, тұрып - тұрып бір шелекті әзер толтырады. Бірақ қабырғаға қалайтын тастардың арасын бекітетін балшықты илеуге жетеді. Содан кейін әйелі мен екеуі жүріп жар етектеріндегі бұйра тастарды жинай бастады. Таныс шофермен барып, қыстаудан ескі есік, қора төбесін жапқан әлі шіри қоймаған он шақты сырғауыл, бір - екі діңгек әкелді.

Бұлардың үй салып жатқандарын көріп, өзге қазақ жұмысшылары да өкіметтің үйлерін күтпей, екеуден - үшеуден бірігіп, баспана тұрғыза бастады. Әне - міне дегенше, шатырлы қаланың күнгей жағынан саманнан соққан, тау тастарынан қалаған үлкенді - кіші тырбиған үйсымақтар көрініп қалды. Сөйткенше, ауыр жалғамаларға тиелген бірнеше құрастырмалы ағаш үйлер де келіп жетті.

Енді Өзек жұмысшы поселкесінің іргесі кәдімгідей қалана түсті. Бірақ бұлар үйеңкілерден құрастырылған, тау тастарынан қаластырылған баспаналар болатын. Жеркепелерден сәл -ақ биік. Демек, осынау қазақтың құлазыған құмды даласында әлі - ақ салтанатты, сәнді қала орнайтынына ешкім де күмән келтірмеді. Істің игілікті болуы – сенімінде! Маңғыстауға ағылып келіп жатқан мұнайшылар мен жұмысшылардың бұл арадан мұнай шығатынына да, тамаша қала тұратынына да сенімі мол еді.

Сол себептен де оларды күннің қапырық ыстығы да, құмды дауылы да, жататын үйдің жоқтығы да, ішетін судың жетпейтіндігі де тоқтатпады. Тек мұнайшылар емес, енді Өзекке, жаңа құрылысқа көмек беруге мамандығы жоқ жастар да, үй салатын құрылысшылар да, жол төсейтін жұмысшылар да, ас пісіретін аспазшы да ағыла түсті.

Ең алдымен бес машина боп Қазақстан комсомолдары жіберген жүз жиырмадан астам студенттер келді. Сол - ақ екен, Махачқаладан тасылатын жүкпен бірге орыс, әзербайжан, лезгин жастары да күн өтпей лек-легімен жетті.

Осы кезде Хәлелдің де қондырғысы тракторлардан түсіріліп, ең бірінші мұнара тұрғызыла бастады.

Міне, биіктігі қырық бір метрлік «Уралмаш - ЗД» мұнарасы дайын болды. Әлі жатақ үй, асханалар салынып біткен жоқ, бірақ әрқайсысы үш жүз аттық күші бар қуат тудырғыштар жүре бастады. Жер солқылдап, дүние біткен гүрілге толып кетті. Тынымсыз зыр қаққан дизель моторының айналасы көк түтін.

Скважина үстіне қондырылған алып мұнара, дәл осы сәтте космосқа ракетасын ұшырғалы тұрған Байқоңырдың зәулім қондырғысы тәрізді. Жоқ, космосқа ұшқалы тұрған алып ракета дерсің!

Мұндай ғажайып мұнараны тұрғызып, жұмысқа қосудың қандай қуаныш екенін тек мұнай барлаушылар ғана біледі!

Қазір осы мұнараның түбіне Өзекке келген жұмысшылар тегіс жиналған. Міне, трест бастығы, орынбасары, бас инженері, бас геологы, Өзек экспедициясының бастығы Жандос Тілепов, бригада бастықтары әйгілі мұнайшылар Ораз Әшіров, Валентин Шиловтар тұр.

Бұлардың әрқайсысының өмірі бір ертегі. Мұнай іздеу де, мұнай алуда да алуан - алуан.

Бәрі де осы Маңғыстау, Үстірт, Жем, Бозашы, Қарабұғаз бойында туып - өскен. Тек Өзек экспедициясының бастығы анау талдырмаш денелі, ақшыл жүзді, күнге күйіп әбден тотыға қалған Жандос Тілепов қана Ақ Жайық бойынан. Кең балаусалы, жасыл шалғынды өңірден.

— Сонау ауасы жұпар, жері шұға Ақ Жайық жағасынан ит байласа тұрмайтын Маңғыстауға қалай келдің? – деп қалжыңдай сұраған жолдастарына:

— Ғашық болып келдім! — деп күле жауап беретін.

Бұнысы оның шынында да рас еді.

О баста осы Маңғыстау көгілдір шалғын Ақ Жайықтың жағасында өскен Жандосқа бала жасынан «бір көрсем» деген арманына айналған болатын. Сөйтіп жүргенде ер жетіп, Москва университетіне оқуға түсті. Келесі жазда біраз студенттер бірігіп экскурсияға форт Шевченкоға келді. Түнде түскен еді. Жұрттан бұрын оянып, таңертең далаға шықты. Баяғы жас күнінен арман болған жері оған бір ғажайып көрініс болып елестеді. Бір жағында — шетіне көз жетпейтін аспандай көкпеңбек теңіз. Екінші жағында — ұшы -қиыры жоқ жал - жал қыратты, үңірейген қызғылт жарқабақты, үйдей - үйдей бозғылт тасты сұрғылт дала. Сұр толқынды бір ғажап теңіз тәрізді. Өмірінде мұндай кереметті көрмеген басы, дәл бір екі мұхиттың ортасында тұрғандай, жан - жағына сүйсініп қарай берген. Жас кезі, бұрын көрмеген жердің бәрі таңсық. Оның үстіне, сол жолы осы өңсіз сұрқай даланың асты көлкіген мұнай теңізі деп естіді, сондықтан да шығар, Москваға қайтысымен, Губкин институтына ауысты. Содан бері оның атамекен жері осы Маңғыстау болды.

Гүрілдеген дизель, моторлардан ештеңе естілмейді, бүкіл мұнара алаңы солқ - солқ етеді. Темір алып қондырғы, өн бойы діріл қағып, аспанға ұшып кеткелі тұрған тәрізді.

Моторларының бәрін жүргізіп, скважинаға жіберілген колонна бір метрдей жерге енген кезде сыртқа Хәлел шықты.

— Құтты болсын!—деді шаттана Жандос Тілепов, — жолың құтты болатын еді, сен бұрғыңды жерге бірінші жібердің, бұйырса, мұнай теңізіне жетеді екенбіз!

Сөзге сараң Хәлел, езу тарта күлді.

— Айтқаның келсін, — деді май - май болған қолын шүберекпен сүртіп жатып, — өзге мұнаралары қашан іске кіріспек?

— Ораздың «Уралмашы» ертең, ал Валентиннің «Гуливері» де екі - үш күнде.

Ашаң денелі, ұйысқан қою шашты, қияқ мұртты әйгілі бұрғылау шебері Ораз Әшіров әдеттегісіндей ыржия күлді.

— Жұмысқа бір күн бұрын кіріскеніңнен қорықпаймын, — деді ...— Бәрібір социалистік жарысқа Валентин екеуіңді бірдей шақырамын.

Хәлел мен Ораздан атағы кем емес даңқты бұрғылау мастері Валентин Шилов қосарласа жауап берді.

— Біз дайын!

Дәл осы кезде Махачқала жақтан соңынан бұрқырата шаңын тастап «Газ-69» жеңіл машина мұнараға таяп келіп тоқтай қалды. Ішінен үстінде сұрғылт костюмі бар, сымбатты денелі, бұйра шашты, әдеміше келген қара торы жігіт түсіп жатты.

— Бұл кім болды екен? — деді Тілепов, — екпінді жүрісіне қарағанда орталықтан келген бастықтың бірі ме, қалай...

Кім біледі, бізге көмек беруге асыққандардың бірі шығар?!—деді Валентин Шилов.

Аузыңа — май, астыңа — тай!—деді трест бастығы Ақылбек Айтбаев. — Қазір Маңғыстауға көмекке келер кісіден қымбат ешкім жоқ...

Бас инженер Қиял Аманов:

— Министр жақында құрылатын Өзек экспедициясына арнаулы бас геолог жібереміз деген еді, — деді. — Дәуде болса, сол шығар...

Маңғыстау мұнай зерттеу ісін үкімет қалай тез жүргізем дегенмен, материалдық базасы алыста, геологиялық құрылысы әлі толық белгісіз бұл жаңа ауданда бұрғылау жұмысы ойдағыдай қарқын алып кете қоймады. Алғашқы жылдары әкелген алып машиналардың бөлшектері тозып, істен шығып, олардың орнына қоятын жаңалары жетпеді. Ал бұларды жөндеу үшін Маңғыстау мұнайшылары алдымен сонау форт Шевченко одан ары теңіз арқылы Гурьевке жүргізуге мәжбүр болды. Қазақстан мұнай бірлестігі болса, тек Гурьев,

Маңғыстау төңірегіндегі кәсіпшіліктерге ғана құдіреті жүріп, ал жаңадан құрылған көлемді мұнай аудандарын жан - жақты игеруге шамасы келмеген. Осыдан барып жылдың басында Маңғыстау мұнай — газ барлау тресі Қазақ ССР Геология және Кен қорғау министрлігінің қарамағына көшкен.

Қиял Амановтың айтып тұрғаны осы министрліктің уәдесі еді.

Сөйткенше, бейтаныс адам жақындай түсті.

— Ау, мынау біздің Жәлел ғой! — деді кенет жайнап сала берген Хәлел. Ол алға қарай асыға жүрді. Жәлел де ағасын таныды. Екеуі жүгіре басып біріне - бірі қарсы келе жатыр. Міне, құшақтаса амандасты олар. Жәлелдің судай жаңа брезент костюмінің алды май-май боп шыға келді.

Өзгелер де Жәлелге жақындады. Көбі бұны бұрыннан таниды. Орта мектепте бірге оқығандары да бар. Бәрі жапырласып амандасып жатыр.

— Иә, жол болсын! — деді Ақылбек Айтбаев, жұрт сәл саябырлаған кезде.

— Министрлік осы Өзекке бас геолог етіп жіберді.

Жұрт қайтадан жамыраса түсті.

— Құтты болсын!

— Өзіңнің туған жерің, мұнайын да өзің барлауың керек еді ғой.

— Алматыда тіпті мәңгі қалады ма деп едік.

— Жалғыз келдің бе? Әлі үйленген жоқсың ба?..

Бұл жолы да жұрттың у-шуын Жандос Тілепов басты.

— Жігіттер, бүгін той Бестібай отағасының үйінде, — деді. — Бір баласы туған жерінің тұңғиығында жатқан мұнайына жұрттан бұрын бұрғысын жіберді. Ал екінші баласы сол туған жерінің алтын қазынасын зерттеп барлайтын бас геолог боп келіп тұр. Рас, Алматыға барғалы да екі жыл өтіп кетті. Дегенмен, адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң дегендей!

Екі жыл!

Бұл Отанымыздың көптеген жоспарын орындайтын қыруар өмір ғой. Екі жылдан бері Жәлел қайда жүрген?.. Иә, ол астанада оқу бітіргеннен кейін бір жарым жылдай Маңғыстауда жұмыс істеді. Содан кейін Алматыға, министрлікке ауысты. Міне, осыдан бастап туған жерге деген Жәлелдің арманы бұрынғыдай от шашпай, жалынсыз біркелкі сұрғылт түске көшті. Өмірдің осы бір өзгермес аяңына біржолата көндіккендей, сол әдеттегі жұмысын істеп жүре берді.

Сонда кешегі тілек толы тіршілік осылай қанатсыз өте беруге тиісті ме еді? Тулаған толқындай әр тарапқа шарқ ұрған асау қиял енді желсіз күнгі қара судай біржолата тұнып қалмақ па?

Жоқ, Жәлелдің жақсылыққа толы сергитін де кездері көп болды. Әсіресе, Гүлжамалмен алғашқы кездескен шақтарында, не сол туралы ойлаған күндерінде. Аспандағы жұлдызды аламын деп талпынған жас жігіттің Алматыға келіп, жай инженер боп қалуының да себебі осы Гүлжамал. Ойдағы зерттеу тілектерін кейін сырғытып, арман қанаттарының серпінділерін әлсірете түсірген де Гүлжамал...

Ол осы бip көген көз, бидай өңді, әрі шекер, әрі бал, әрі қайың, әрі тал, сымбатты қызға осыдан үш жыл бұрын кездескен. Онда Жәлел Маңғыстаудан Алматыға командировкаға келген. Сарғылт шашын тоқпақтай етіп желкесіне түйіп тастаған, аппақ ұзын мойны жұп – жұмыр. Осы бір әсем қыз геологиялық музейде Жәлелдің сұраған қағаздарын беріп жатып, сәл көгілдір тартқан үлкен жәудір көздерімен жігітке күлімсірей қараған. Кенет Жалелдің ішіне біреу от тастап жібергендей болған.

— Мінекей, алыңыз, — деді қыз, жүрегіңді өртей түсейін дегендей бұрынғысынан да күлімдей.

Бәлендей тәжірибесі артып жатпағанмен, ойнақы қыздың жараған бедеудей қалыптасып қалған дене болмысынан Жәлел бұның ұялшақ уылжыған жас емес екенін аңғарған.

— Рахмет, — деген ол қыздың берген қағаздарын алып жатып, кенет жүрегі тағы ойнай жөнелген. Даусы әлденеге әзер күбірлей шыққан.

Жәлелдің ішкі даусы: «Мұндай да сүйкімді қыз болады екен - ау!»

Қыз бұрылып кеткен. Терезе алдында өзі тәрізді сары шашты, бөтен бір жас әйелге:

Какой симпатяга!—деп күлген.

Қыздың ішкі даусы: «Бұнымен танысқан жаман болмас еді!»

Қыз алғашқы сөзді серік әйеліне қалжыңдап айтқан. Бірақ, қаттырақ сыбырлаған. Мүмкін, қыз сөзі басқалау да шығар, бірақ жігіт жүрегі оны естіген. Алған қағаздарының сандарын тексеріп, әлі өз орнына кете қоймаған жігітке енді қыздың серік әйелі сынай көз тастаған.

— Нисколько!—деді ол сәл ернін шүйіріп. — Еще немножко на солнце поддержать, будет настоящим негус - негуста!

Абиссиния мен француз империалистерінің соғысы бұл кезден көп жыл бұрын өтсе де, сондағы уақиғаны үлкендердің айтуымен әлі де есінен шығара қоймаған жac әйел Жәлелдің қаралығының әдейі «негус – негустимен» — патшаның патшасымен — салыстырып тұр.

Қалжыңға түсінген қыз бұған естірте тағы күлді.

— За то у таких людей, говорят, сердце бывает горячее! — деді ол.

Сірә, қыз ойындағысын ашық айтатын өткір мінезді болуы керек.

Оның ішкі даусы: «Мен бәрін айтып үлгірдім ғой, ендігі кезек өзіңнен, жігіт!»

Әңгіменің кім туралы екенін айтпай түсінген Жәлел абыржып, қағаздарын қобырата ұстап, өз орнына барып отырды. Ол дударланған бұйра шашты, қыр мұрынды, қыз -қырқын қызығарлықтай көрікті - ақ жігіт еді. Қара торы жүзі күн шалса - ақ қошқылдана қалатын. Мектепте оқып жүргенде де бұны балалар «негус - негусти» деп мазақтайтын. Содан ба, ана әйелдің теңеу сөзіне бұл ашуланған жоқ. Тіпті, өзінің бала кездегі атын есіне түсіргеніне жымия күлді. Іші жылып кетті. Жоқ іші күйе түсті. Әрине, оның ішін күйдіріп бара жатқан — өзіне сұраған қағаздарын берген, әлі бұдан көзін алмай тұрған, сонау көген көзді, әдемі қыз. Бірақ Жәлел дәл қазір осы қыздың көп кешікпей жанының жаны, өмірінің өмірі, күнінің күні болатынын білген жоқ. Сонда да осы уақытқа дейін мұндай тыпыршып, әлектеніп көрмеген албырт жүрек, өзінен енді тыныштықтың біржолата кеткенін білді. Және сол тыныштығының бұзылуы осынау күлім көз қыздың өзіне күле қарағанынан туғанын түсінген. Жәлел сол күні адам жанының қалай оп - оңай жаралана қалатынын және ол жараның жалғыз емі — осы бір бидай өңді қыздың өзіне деген оңашада айтар жалғыз ауыз жылы сөз екенін ұққандай еді.

Жәлелдің ішкі даусы: «Япырмай, бір көргеннен жүрегім осыншама неге әлектене түсті? Бірден ғашық болу мүмкін бе?»

Жәлел сол күні қағаздарын құр алдына жайып қойып ештеңе де миына кірмей, әзер отырып шықты. Ертеңіне ашылар - ашылмастан геологиялық музейге қайта келді. Бірақ кенет жүрегінің жарасының жарасы, арманының арманы бола қалған қыз көрінбеді. Ертеңіне де болмады, арғы күні де... Жәлелге қыздың жоғы, оны көре алмаған әр күні енді қайғының қайғысына, сағыныштың. сағынышына айналды.

Алтыншы күні ғана қыз музейге келді. Жәлелге қараңғы түн бітіп, кенет таң ата қалғандай болды. Жоқ, қыз отырған музейдің солтүстік тұсы қып - қызыл күннің алаулатып шығып келе жатқанындай көрінді. Сол күннің сәулесі енді екі бетін ду - ду қызартып, өн бойын мүлдем балқытып жіберуге таяу тұрғанын сезінді. Осы уақытқа дейін осы күн сәулесі қалай өзіне түспей келгеніне таң қалды. Бұдан әрі мұндай рахаттың саясынсыз өмір сүрудің мүмкін емес екенін ұқты.

Жәлелдің ішкі даусы: «Бүйтіп босқа құса болып жүргенше, бұнымен танысуым керек қой...»

Қыздың ішкі даусы: «Жәйің белгілі болды. Қалай шыдап жүрсің? Асық! Сенен де бөтен көз салып жүргендер аз емес».

Оныншы күні екеуі қалың бақшаның арасында кездесті. Сағынысқан жүректер тез ұғысты. Жігіт қызды аймалай сүйді. Тағы да сүйді, тағы да. Енді оған Гүлжамалсыз өткізген әр күні сусыз жерден құдық қазғандай ауыр тиді. Жоқ, Гүлжамалсыз өткізген әр күні, сағаты, минуті тез бітпейтін көңілсіз жолдай ұзақ күнге, ұзақ сағатқа, ұзақ минутқа айналды. Ал Гүлжамал оған күнде жаңа Гүлжамал, жаңа атқан таң, жаңа шыққан күн болып көріне алды.

Сөйтіп жүргенінде мерзімді уақыты бітіп, Жәлел енді керек материалдарын жинап Маңғыстауына қайтты. Кеше күнде құшағындағы махаббаты, енді алыстан бұрынғысынан да әсемдене елестеп, оның қиялын орасан қуанышқа бөледі. Әр күнін, әр сағатын, әр минутін есіне түсіріп, Гүлжамалға бұрынғысынан да ынтық болды. Өткен күндегі қызығы енді Жәлелге бір ғажайып түс секілді елестеді. Бірақ сол қызықтар қайта оралар ма? Оралмаса ше? Бұндай ой келген сәтте ол төсегінен бүйі шағып алғандай сан мәртебе атып тұрды. Гүлжамалды Маңғыстауға шақырды. Жасыл Алматысын қыз да қимады. Жәлелге өзің осында кел деді. Махаббат азабына шыдай алмаған Жәлел Маңғыстауын тастап Алматыға көшті. Министрілікке жай қатардағы инженер болып жұмысқа кірді. Бірақ қатардағы адамдардан өзін анағұрлым бақытты санады. Гүлжамалмен алғашқы кездескен мезгілдері өткен жылғы алтын күндерінен де ыстық, қымбатты көрінді.

Жәлелдің ішкі даусы: «Сені күтіп тұрған Маңғыстау бар емес пе? Соған бармайсың ба? Сол үшін оқып едің ғой».

Тағы ішкі даусы: «Маңғыстау махаббат па, әлі уақыт бар ғой, күте тұрар».

Енді Жәлел Гүлжамалмен біржолата қосылу мәселесін сөз етті.

— Шыдай тұр, — деді Гүлжамал, — алдымен өзің әбден орналасып ал.

Жәлел бір - ақ нәрсені ғана білмейтін. Гүлжамалға тәңір құр суреттей түр, ыстық ләззат, әдемі қылық қана беріп қоймаған, оған сұлулықпен бірге, сол сұлулықты көркейте түсер байлық, дәреже, дүние тәрізді жанын жай тапқызбайтын армандар да берген. Сөз жоқ, Гүлжамал жалғыз ғана ерге шығуды бақыт санамады. Сол ерімен бірге молшылық, өзгеден өздерін жоғары қоятын артықшылықтың болуын да тіледі.

Сұрақты енді Гүлжамал өзі берді.

— Сені бөлім бастығы ететін болды ма?—деді бір күні ол.

— Жоқ, — деді Жәлел, — менен бұрын жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі инженерлер бар ғой.

— Мәселе жұмысты бұрын, не соң істеуде ме? Адамның дарынына қарамай ма?

— Әрине. Бірақ менен де дарынды инженерлер аз емес...

— Онда, әрине...

Гүлжамалмен екеуінің арасындағы қарым - қатынасқа етене бола бастаған Жәлел бір күні тағы қосылу мәселесін көтерді.

— Мен қашып кетеді дейсің бе? Мүмкін, сені өсірер. Сөйтіп қосылсақ жұрт көзіне де абыройлы болар едік, — деді Гүлжамал жүдей, — сенің жалғыз бөлмелі пәтеріңе...

— Кезінде бәрі де болады ғой. Тек шыдай білу керек...

— Мен де солай деп ойлаймын...

Жәлел алғашқы рет Гүлжамалдың бір сырын түсінгендей болды. Ұмытпаса, Цицерон ғой: «Егер дүниені әйелдерге билетіп қойсақ,осы уақытқа дейін адам баласы тағы кезіндегі үңгірден шықпаған болар еді, олар ошақ басына отты тауып бергенімізге риза боп жүре берер еді!»—деген. Дегенмен, де қандай әйел паркетті үй тұрғанда, тас үңгірді қанағат еткен!

Жәлелдің ішкі даусы: «Ау, Маңғыстауың қайда? Осылай жүре бересің бе, уақыт болса өтіп барады?»

Әттең не керек, Гүлжамалдың сорына қарай, екі жылдың ішінде Жәлелдің дәрежесі де, абыройы да титтей де өспеді. Өсуі де мүмкін емес еді. Көк аспанды шарлауға жаратылған қанатты құс тар қоршауда тұрып не істейді? Дала кезіп, кен зерттеуге туған Жәлел таңертеңгі сағат тоғыздан кешкі сағат алтыға дейін стол басында отырып, сызу сызып, өзгелердің істеген жұмыстарын есеп - қисапқа түсіруден не шығара алады? Әр істің өзіне лайық кісісі бар. Мүмкін, мұндай жұмыс та басқа біреуге бақыт шығар. Ал Жәлелге... Жоқ, жоқ, бұндай жұмыс оның қолы емес. Рас, Жалел екі жылдай жаз мұнай зерттейтін экспедицияларға еріп Үстіртке де барды, бірақ бұның қырсығына қарай нәтижелі ештеңе табылмады. Мұндай сәтсіздік жас жігіттің көңілін бұрынғысынан да баса түсті. Біркелкі күнделікті жұмыстарына дағдыланып, қанатсыз, серпінсіз істерге әбден үйренуге мәжбүр етті. Жәлел енді жай кеңсе жұмысына кәдімгідей дағдыланып алды. Осындай қиялсыз, шабытсыз жұмыс оны қамытқа үйренген өгіздей, өмірдің қуанышсыз жаяу аяңына бейімдей берді. Тек жалғыз жұбанышы Гүлжамалы болды. Бұрынғыдай жанып - күйіп жиі кездеспегенмен, тәртіпке салынған мезгілдерінде көрісіп тұрды. Бірақ Жәлелдің өмірден тілегені, күткені осы ғана ма еді? Адамзаттың бар арманы тек махаббат қана ма? Онда ол сол тағы қалпында неге қалмады? Қуанышы, азабы, қиындығы көп бұл күнге неге жетті? Дүниеде ғылым, іздену, творчество, атақ, бақ дегендер де бар емес пе? Адамның шын бақыты бір ғана махаббаттан емес, толып жатқан армандардың, қуаныштардың гүлденулерінен барып тумай ма? Соның ішінде махаббат бір ғана сызығы, бірақ сәулелі әсем сызығы. Ал Жәлел не тапты? Сүйген қызының құшағынан бөтен ештеңе тапқан жоқ. Әрине, бұ да аз қуаныш емес. Әйтпесе... Енді, міне, жұмыстан да, махаббаттан да ойдағысына жете алмай, ұнжырғасы мүлдем түсіп бара жатыр.

Жәлелдің ішкі даусы: «Жоқ, бүйтіп өмір сүруге болмайды. Маңғыстауға кетуім керек».

Бірақ Жәлел Маңғыстауға кете алмады. Демек, оның орнына жаз экспедицияға барды. Өзінің атамекен жерінің жер астында жатқан байлығы енді оның көңілін көтере түсті. Ақыл - ойы өшіп бара жатқан армандары қайтадан қанат қақты. Бұл жолы ол өзінің ауылының бір кездегі қыстауы Өзекке де соққан. Жас инженер бұдан бұрын жүргізілген жұмыстардың кейбір қателерін де көрді. Келер жылы қайта келмек болды. Бірақ Алматыға қайтып еді, тағы Гүлжамалдың мысы жеңді. Ал басқа дүние — жұмыс, еңбек, іздену — бәрі де кейін серпілді.

Жәлелдің ішкі даусы: «Жоқ, жоқ, қайткенмен де енді Алматыда қалуым дұрыс емес. Маңғыстауыма кетуім керек. Онда мені күтіп тұрған қуаныш, іздену бар»...

Осындай Алматыда өтіп жатқан бедерсіз сұрғылт күннің бірінде Жәлелдің пәтеріне әдеттегісіндей Гүлжамал келді. Жайраң - жайраң етеді. Көңілсіз ойлар, мешеу қиялдар сырғып өше берді. Таси жөнелген қуаныштарының мауқын басып болғаннан кейін, Гүлжамал қайтадан көйлегін киіп, көнетоз жалпақ тақтаға Жәлелмен қатарласа отырды.

Ол тізесінде жатқан Жәлелдің қолын сыртынан ақырын сипады.

— Сен, ренжіме, — деді Гүлжамал, — мен күйеуге шығатын болдым.

Жаңағы қуаныштан кейін бір құдіретті күш өн бойының бар нәрін сорып алғандай, еш ой -қуатсыз есеңгipeп отырған жігіттің бұл жат сөз миына қона қоймады. Сол себептен де ол:

— Кімге?—деді аузына бірінші түскен сұрақты айтып. Кенет өзінің атын естігісі келіп кетті.

— Сәлімгерей ағайға...

Сәлімгерей белгілі оқымысты. Соңғы кезде Өзекті зерттеген. Жәлелдің ойынша қате жіберген ғалым.

Жігіт енді бұрынғысынан бетер абыржи қалды.

— Рас па? Ол кәрі кісі ғой!..

Әйел қолын жігіттің иығына салды.

— Иә, ол кәрі... Бірақ дүниеде махаббаттан да бөтен армандар бар ғой.

Жігіт әйел сөзін енді ғана ұқты. Ұғып еді, біреу тұла бойына мұздай суық су құйып жібергендей тітіркене қалды. Гүлжамалдың жанынан түрегеліп кетті.

Гүлжамал енді мұңая сөйледі.

— Маған да өз болашағымды .ойлауым керек қой, — деді ол төмен қарап, — сенің қызығың да, бақытың да — бәрі алда. Ал қыз деген бір - ақ рет гүлденетін жанаргүл тәрізді. Оны дер кезінде мәпелеп бағып, қақпаса, тез солады. Ойнадық, күлдік, соған риза бол. Рас, Сәлекең жасы келген адам. Бірақ әйгілі оқымысты. Атақ - даңқы, дәрежесі де жеткілікті. Бір әйелге бақыт бере алатын адам. Ал сенің берерің...

— Тек махаббатың дейсің ғой? — Жәлел түтігіп кетті. — Бұл аз ба?

— Аз емес. Тіпті көп те. Бірақ мен қазір он жеті жасар қыз емеспін, жиырма беске келіп қалдым. Менің жасымда махаббатқа тірек болар көп жағдайлар керек.

— Мысалы, дәреже, дүние - мүлік дейсің ғой? Бұның бәрі әлі менде де болады.

— Қашан? Сенде бұның бәрі болғанда маған деген махаббатың болмайды.

— Мен сені өмір бойы жақсы көріп өтем!

— Ол мүмкін емес!

— Heгe?

— Оны өз басымнан білемін.

Жігіт ерсілі - қарсылы жүре бастады.

— Енді бәрін де түсіндім. Бөтенді сүйдім десейші!..

— Сүйдім дегеннен гөрі, оның дәрежесіне, атақ – бағына қызықтың дегенің жөн болар?

— Беy, опасыз дүние!

Шіркін махаббат, сен адамның да, құдайдың да тәңірісің» деп ұлы ақын босқа айтпаса керек - ті. Жәлелді де сол құдіретті күш құл еткен. Рас, бір кезде ол қиялына қанат, жас жанына бақыт берген. Махаббатқа бас иген күндері орасан қуанышты көрінген. Күн сәулесі өзіне үнемі төгіліп тұрғандай сезінген. Сол сәуле кенет жоғалып, мөлдір аспанын бұлт басып, қараңғылық қоюлана қалды. Сонда ғана Жәлелде бөтен сезім оянды. Ол бұрын өзінде мұндай өзге күш бар деп ойлаған емес - ті. Демек, бұл қандай сезім еді. Әрине, ол Жәлелдің екінші «мені» Гүлжамал тастап кетті деп ойлаған, намыстанған, ызаланған «мені» емес, өзінің махаббатын жоғары санаған, сол махаббатты аяғына таптағысы келмеген, адал таза «мені». Гүлжамал қанша жақсы көремін деп құштарлана сүйсе де, еш уақытта да «сені мәңгі осылай жақсы көріп өтемін» деп айтқан емес. Түбі, екеуінің айырылатынын білгендей, ол сол сүйген сәтінде ғана жан - тәніменен Жәлелдікі болатын. Сол әр секундтік рахатын Гүлжамал мәңгілік қуанышқа бағалай сүйе білетін. Енді Жәлел таң қалды. Түбі ләззатының таусыларын, бітерін, өлерін біле тұрып, ол қалай сол минуттерде Жәлелді сондай ыстық сүйе алды? Бұл не, махаббаттың жалпы мәңгілік емес, бір күндік екендігі ме? Ал Жәлел болса, Гүлжамалдың әрбір ерніне ернінің тигенін де, әрбір жалындана сүйгенін де, мәңгі таусылмас, тіпті өмір - бақи өлмес махаббат бар деп келген жоқ па еді? Иә, сөйткен. Енді сол күштің расымен өлгені ме? Жалпы махаббаттың өлуі мүмкін бе? Өлсе, кім өлтіре алады, жоқ кім өлтірді? Әрине, Гүлжамал! Гүлжамал! Тек Гүлжамал! Өзі айтты ғой «Махаббат емес, Сәлімгерейдің дәрежесіне, атақ - бағына қызықтым» деп. Бұл не деген сөз? Дәреже, атақ - бақ — бұ да, әрине, өмір... Сонда Гүлжамал махаббатын басқаға айырбастады емес пе? Жоқ, дәреже, атақ - баққа айырбастады. Бүйтіп тапқан қуаныш өз сезімін сату, қорлау емес пе? Гүлжамал өз қолынан тек Жәлелге деген ләззатын ғана емес, қуанышын да өлтіріп отыр. Иә, солай. Ал мен өз басым бәрін кешсем де, махаббатын қолжаулық еткенін кешпеймін! Кешпеймін! Кешпеймін! Сенің көзің маған көптің ішінен «уақытша қызығым» деп қана түскен екен! Ал менің көзімнің қарашығы, нұр сәулесі тек сен ғана болатынсың! Соны бағаламағаныңа, қадірлемегеніңе, осы уақытқа дейін жүрегімнің түбінде бұйығып тыныш жатқан екінші қасиетім—менің адамгершілік «менім» өкінеді, саған лағнет айтады! Сен мәңгілік махаббаттың қасы болсаң, мен оның мәңгілік досымын! Достық сол мәңгілік мөлдір махаббатты қорғайды, саған жалынып, не сені балағаттап өзін қор етпейді. Адал махаббатты адал сақтап, сенің жолыңнан қашады. Сенен қашады! Міне, менің екінші «менім» осыны тілейді.

Жәлелдің ішкі даусы: «Гүлжамалдың істегені әлде дұрыс болды ма? Сенің алдыңда Маңғыстауың бар емес пе, ол бәрібір саған серік бола алмайтын еді ғой!»

Дүниеде ең ауыр қайғы — кешегі қуанышыңның бүгінгі қасіретіңе айналғанының қайғысы. Жәлел Гүлжамалды әнеугі айрылғанынан кейін қайта көрген жоқ. Және іздеп бармады. Жыланның құйрығын басқандай, Гүлжамалдың бұл қылығы оның тәкаппар намысын оятты, алыста жатқан Маңғыстауын есіне салды. Бұнымен қатар бұрынғы өжет мінезі қайта оянды. Міне, осы кезде газетте XXII партия съезінің алдағы бесжылдықтың жоспарын жариялаған «Маңғыстау түбегінде мұнай, газ шығаратын өнеркәсіпті ірі ауданының салынуы тездетілсін» деген директиваларын қайта есіне түсірді.

Ертеңіне Жәлел министрге Маңғыстауға жіберуін өтініп, арыз әкеп берді.

Жәлел енді өзін бұрынғысындай қажырлы сезінді. Бейне бір жолындағы тас бөгетті күл -талқанын шығарып, алға қарай жөңки жөнелген асау тасқынды тау суындай көңілі лепіре қалды. Екі жылдан астам бұрыштағы столға үңіле отырып, бүкшие бастаған арқасы кенет жазыла түскендей болды. «Расымен, өмірімді жаңадан бастамақпын ба? — дейді сәл езу тартып». Сөйтті де өзіне - өзі күле жауап берді. — Дүниеге динамит жаралып бір жарылмай кету күнә!»

Жәлел жүруге дайындалып болды, соңғы керегін алуға орталық универсалдық дүкенге келді. Іздеген көзілдірігін тауып алып, көзіне өлшеп тұрғанда бір өлердей таныс дауыс:

— Жалел, амансың ба?—деді. — Мен сені жүріп кеткен екен деп зәрем қалмап еді...

Жәлел бұрылмай - ақ Гүлжамал екенін білді. Жүрегі ойнап кетсе де, сол көзілдірікті қарап тұрған қалпында:

— Ертең жүрем, — деді тамағына келіп тіреле қалған бір ыстық толқынды әзер басып.

— Тіпті қарағың да келмейді ғой, — деді Гүлжамал әлде өкпелегендей, әлде назданғандай үнменен, — үйіңе қашан қайтасың?

— Оны қайтесің?

Жалел енді ғана бұрылды. Гүлжамал, сол Гүлжамал үстіне киген таза жібек көйлегі сымбатты денесін қынай, екі көзінен қуаныш сәулесі төгіліп тұр. Жәлелдің өн бойы балқып кетті. Бірақ өз осалдығына өзі өкпелегендей, кенет қабағын түйіп томсара қалды.

Жәлелдің ішкі даусы: «Бекер кездестің - ау, Гүлжамал. Көңілі құрғыр тағы алай - түлей бола қалғанын қарашы».

— Жүр, бөлмеңе барайық, — деді Гүлжамал, — сөйлесетін сөзім бар.

— Сөйлесіп болған жоқ па едік?!

— Сен болғанмен, менің әлі де айтарым көп.

Жәлелдің жүрегі тағы ойнап кетті. Сөйтсе де, өзін-өзі тағы да қайрап:

— Әлі де дүкен аралауым керек, — деді.

— Ат құйрығын біржолата кескен екенсің ғой, — деді Гүлжамал кенет жүдеп. — Жарайды, солай - ақ болсын. Бірақ біз бұлай айырылуға тиісті емеспіз... Үйіңде бол, сағат сегізде келемін, — деді де Гүлжамал, Жәлел бірдеңе деп айта ма деп қорыққан адамдай сырт бұрылып, аяғын былқ - сылқ басып кете барды.

Жәлелдің ішкі даусы: «Шын жақсы көрген адамыңды ұмыту үшін оны шын жек көруің керек деген рас па! Гүлжамалды жек көре алмасам қайтемін?»

Жәлел не дерін білмей аңырып тұрып қалды. Гүлжамалдың көшенің арғы бұрышындағы қара «Волгаға» барып мінгенін ЦУМ - ның өзі тұрған жақтағы үлкен терезесінен көрді. Теріс бұрылып кетті.

— Сен кетпейсің, Жәлел, Жәлел, — деді Гүлжамал тағы жігітің қасына отырып, оның қолын алып, — мені шын жақсы көрген болсаң кетпейсің, кетпейсің!.. Қаласың, біз осылай кездесіп жүреміз... Сені көрмеген осы он күнде өлердей болдым. Әлде мені аямайсың ба? Қалай Гүлжамалыңды тастап кетпексің?

«Иә, бәсе қалай Гүлжамалын тастап кетпек?» Жігіттің көзі қарауыта түскендей болды. Ол орнынан тағы түрегеліп кетті.

— Heгe? Heгe? Неге тастап кетпексің?!

— Сыздықтың қалай қайтыс болғанын сен білмейтін бе едің?!

Сыздық екеуіне де бірдей таныс инженер жігіт еді. Машинадан құлап, омыртқасы үзіліп, үш жылдай төсегінен қозғала алмай жатып, былтыр дүние салған.

— Білемін. Неге білмейін. Ол жарақаттанған ұзақ кеселден өлді ғой.

— Жоқ, ол құр кеселден ғана өлген жоқ...

— Енді неден?

— Ең алдымен мынаны түсін, адамда көңіл күйі деген болады... Дәрігерлер тәжірибе жүргізіпті... Еркек - ұрғашы екі маймылды бір торға қамапты. Маймыл да адам тәрізді алдымен бір - біріне үйренуі керек екен. Бұлар әбден ұғынысып, енді ерлі - зайыпты болатын кезі жеткенде, еркек маймылды бұл тордан алып кетіп, ұрғашы маймылдың қасына басқа еркек маймылды енгізіпті. Бұл екеуінің ерлі - зайыпты болғанын көрген қарсысындағы торда отырған бұрынғы маймыл жаман қынжылыпты. Бірден қаны көтеріліпті. Қарсы алдындағы ерлі - зайыпты маймылдардың әр жақындасқан кезі жанына батқаны соншалық бишара ақырында қайғыдан өліпті...

— Бұл әңгіменің Сыздыққа қандай қатынасы бар?

— Есіңде ме, Сыздық пен Зейнеп қарама - қарсы екі бөлмеде тұрғандары? Зейнеп бір - ақ жылға ғана шыдады... Оның бөлмесіне кірген еркектің әр кешіккені Сыздықтың ауру жанын аямай қысқарта түсті. Өйткені, ол Зейнепті жанындай жақсы көретін еді ғой.

— Рас, Сәкең де мені өте сүйеді.

— Ал мен ше?

— Әлгі еркек маймылдың күйі саған да туады деп қорқасың ба? Жоқ, сенсіз менің күнім жоқ екен... Қаласаң, бүгін айырылайын...

Сәлімгерейді жұрт та, Жәлелдің өзі де қадірлейтін ғалым кісі еді. Былтыр әйелі қайтыс болып, биыл жылын бергеннен кейін көңіліне ұнаған осы Гүлжамалға сөз айтқан. Бала -шағасы жоқ кәрі адам. Ендігі бар қызығы – осы Гүлжамал. Оған дау жоқ. Гүлжамалды сүймеу мүмкін емес. Сондай адамның қуанышын тартып алғанда Жәлел көгерер ме? Қиянат емес пе? Бүйту Жәлелдің мінезіне жатпайды. Ол тағы:

— Мен үшін ешкімнен де айырылудың қажеті жоқ, - деді.

Әйелдің жаны шығып кете жаздады.

— Жәлел, Жәлел, сен не айтып тұрсың? Енді қайт дейсің? Өкпелеткен екенмін, бір жолға кешір...

Жәлелдің ішкі даусы: «Қазір жұмсақтық істесең бәрі қайта басталады...»

— Жоқ, кешіре алмаймын!.. — деді ол.

Жәлел өзіне - өзі таң қалды. «Бұл қай қаталдығы? Гүлжамалдан айырылғаннан бері жанының қиналғаны соншалық, тіпті сан рет айқай салып шақырғысы келмеп пе еді? Сөйткен сүйгені өзі келіп, кешірім сұрап тұрғанында осыншама қатулана қалғаны несі?! Гүлжамал бұның Күні, Айы, Жұлдызы емес пе еді?! Сөз жоқ, оны жақсы көреді. Өзі айтпағанмен, жүрегі айтып тұр. Онсыз өмірінің бақытсыз өмір болатынын сезінеді. Соған қарамай, мүлдем айырылмақ? Күші жетер ме?.. Сүйіп тұрып, сүймеймін деу қандай азап!..

Иә, Жәлел сезім адамы. Сондықтан да, мына қылығы оған ұқсамайды. Бірақ сезім, сезім ғой, сезімнен бөтен адамгершілік, адалдық бар емес пе? Гүлжамалды бұрын жақсы көрсе, онда ол өзінікі болатын. Ал қазір бөтендікі. Соны біле тұра, бұл қалай біреудің ар -намысын таптайды? Қалай өз арын былғайды? Жоқ, жоқ, жүрек мейлі күйсін, жансын, -Жәлел адамгершілікті, азаматтықты, ар - ұятты адал сақтайды! Онсыз махаббатың да мөлдір таза бола алмайды. Ал шын таза болмаған махаббат — ол махаббат емес, тек нәпсі құмарлық!

Жалелдің ішкі даусы: «Адалдық! Адалдық! Тек адалдық қана адамды қателестірмейді!»

Енді ол өзін сабырлы сезінді.

Мені аэропортқа апаратын такси келіп қалды, — деді бір мезет.

Гүлжамал солқ - солқ жылап, ең ақырғы рет Жәлелді құшақтап, сүймекші болды.

Жігіт сәл кейін шегініп, қолын берді.

— Ал енді хош бол... Жолың болсын!

Комендант келіп, босап қалған бөлменің кілтін алды. Машинаға отырып жатып, Жәлел бұрылып тағы артына қарады. Есік алдында үн - түнсіз тұрған Гүлжамалды көрді. Жүрегі жылардай ауырып кетті. «Расыменен, Гүлжамалды ұмыта алар ма?»

— Жүріңіз! — деді машина айдаушыға.

Такси жүре бастады. Иә, Жәлел жаңа өмірге бет алды. Бірақ сұлу Гүлжамалсыз, әсем Гүлжамалсыз, жанындай жақсы көрген Гүлжамалсыз, ол сонау өзін күтіп тұрған қиындықтарға шыдай алар ма екен? Қылықты Гүлжамалсыз, қиялымен тең Гүлжамалсыз, өмірінен де артық көрген Гүлжамалсыз өзін күтіп тұрған сонау жаңа дүниенің қызығына беріле алар ма екен? Махаббат қайғысын еңбек қуанышымен жеңе алар ма екен? Өйткені Гүлжамалды жанындай жақсы көргені, әлі де жақсы көретіні тек өзіне ғана аян хикая еді. Miнe, сол Жәлелдің қазір Маңғыстауға келіп түскен беті.

III

Жәлел Өзекке келгелі айдан асып кеткен. Алғашқы екі жетідей ағасы Хәлелдің үйінде тұрды. Сосын бір құрамалы ағаш үй бітіп, содан екі бөлмелі пәтер алып, соған көшті. Көшкен күнінің ертеңіне бұрғылау жүріп жатқан жерден елу шақырымдай тұратын Майқұдықтағы колхоздан кәрі әке-шешесін өзінің жанына алдырды.

— Қартайғандарыңда қасымда болыңдар, — деді ол әке-шешесіне. — Аз еңбек еткен жоқсыңдар, енді дем алатын кездерің де жетті.

— Болсын! — деді жасы келіп қалған Бестібай. — Сендердің де қызықтарыңды көрейік.

Бірақ Бестібай колхоздан құр қол қайтпады. Боталы інгенін ала келді. Кемпір - шалдың ермегі осы боталы інген мен Хәлелдің ұлы - қызы болды.

Кен іздеушілердің үш бұрғылау қондырғысы осы бір айдың ішінде бір мыңнан артық метр жер жүрді, Бірақ әлі жер астынан сыртқа атқан мұнай жоқ... Геология ғылымы бойынша алғашқы мың метр — Бор дәуіріне жататын қабаттар. Сосын Юра дәуірі басталады. Бұл екі мың метрге дейін кетеді. Юра қабатының орта жері ақшыл түсті уақ құмдақты - қоңыр саз аралас болып келеді. Бұл қабаты 1150—1450 метрдей тереңдікке кетеді. Содан кейін түйіршігі үлкейе түскен су қабаты құмдақ кездеседі. Мұнай кені осы екі тұста ұшырауы керек. Бұның асты, 2000—2200 метрден бастап, қара қоңыр түсті алевралит деп аталатын тығыз саз аралас ауыр жер жынысы. Оның қалыңдығы кен зерттеушілердің айтуы бойынша, бес-жеті километрдей. Әр километрді өткен сайын жүздеген атмосфералық салмақпен тығыздала түседі. Кен зерттеушілердің болжауы бойынша, бұл тым тығыз қабаттарда мұнай қоры болуы мүмкін емес.

Халелдің бұрғылау қондырғысы бір мың бір жүз метр жер өтті. Бірақ мұнай көрінбеді. Бұл қалай? Мұнай шығатын тұсқа әлі жете алмағандары ма?

Жәлел қобалжи бастады. Оның есіне өзі осы Маңғыстауға келер алдында геология министрмен сөйлескені түсті. Министр бұрын өндірісте көп істеп, мол тәжірибе алып келген кісі еді. Жәлелдің Маңғыстауға барсам деген өтінішін бірден мақұлдады.

— Әрине, өндірісте жұмыс істеген жөн. Министрлік қашпас, — деді ол ойланып, — сонда қандай қызметке барсам дейсің.

Жәлел адал ойын айтып, бірден ақтарыла қалған.

— Өзекке жіберуіңізді сұраймын, — деген.

Өзекке дейсің бе? Иә, онда қызық жұмыс басталғалы тұр. Бірақ сен өндірісте көп болған жоқсың ғой, тәжірибең аздау - ау.

Жәлел өзінің бірбеткей табандылық мінезіне салған.

Тәжірибені жұмыс үстінде алмаймын ба? — деген қайсарлана. — Жіберіңіз, сеніміңізді ақтаймын!

Министр кенет алақанымен столдың үстін шарт еткізіп тартып қалған.

— Жарайды, болсын!—деген. — Бірақ сені жай, инженер емес, бас геолог етіп жіберемін. Тек ұмытпа: қателесуге тиісті емессіңдер! Дұрыс қойылмаған бір терең барлау скважинасы қанша миллионға түсетінін білесің бе? Және қаншама уақыт босқа кетеді?

Жәлел — министрдің үлкен міндетпен жіберген адамы. Бұл Өзекке келген күні ғана Хәлелдің скважинасы бұрғылай бастаған. Бас геолог келмей жатып оған қарсы болған жоқ. Ал сол скважина әлі мұнай бермей келеді. «Қателесуге тиісті емессіңдер!» деген министрдің сөзін есіне тағы түсірді. Қандай жауапкершілік! Ол кенет терлеп кетті. Рас, Өзекте бұрын мұндай терең бұрғылау жүрмеген. Жалғыз ғана структуралық іздестіру скважинасы бар. Сондағы ақбарға қарағанда бұл арада мұнай қабаты болуға тиісті. Геологтардың осы болжауларын арқа тұтып, көп қаражат шығарылып терең бұрғылау жүріп жатыр. Ал егер бұл болжау дұрыс болмаса қайтеді? Жәлел Өзектің өзінен бұрын басталып, қазір жүріп жатқан бұрғылаудың осы жаңадан істелген геологиялық картасына қайта үңілді.

Ол отырған бөлме жақында ғана құрама ағаштан тұрғызылған экспедиция кеңсесіндегі кабинеті еді. Кішкентай ғана бөлме, скважиналардан алынған кен - жер жынысы тастарының бөлшектері мен толып жатқан геологиялық карта, әр түрлі ақпар беретін кітаптардан аяқ алып жүретін жері жоқ. Шағын ағаш столы мен бес-алты орындық қана бар...

Жәлел енді басқа үлкен қағазды алды. Бұл алғашқы структуралық бұрғылау скважинасының картасы еді. Бұны да геологиялық ғылыми зерттеу институтының ғалымдары жасаған болатын. Бұған да профессор Сәлімгерейдің қатынасы бар.

Жәлел «сонда мұнай қайда?» деп картаны алдына қарай жақындата үңіле түсті. Бірақ кенет дәл терезесінің алдынан шыққан шу ойын бөліп жіберді. Басын көтеріп алды.

Осыдан екі жеті бұрын ішкі жақтан келген жиырма шақты жұмысшылар екен. Қолдарында шамадандары, ақша беретін кассаның алдында тұр. Бас геолог бірден түсіне қалды. Бұрын да кейбір лепіре жеткен мамансымақтар, аузымен орақ орып қиратып жіберетіндей болып келген кейбір қызба жастар, жер жағдайының, тұрмыс күйінің нашарлығына, күннің тас балқытардай ыстықтығына, үнемі соғып тұрған шаңды желіне шыдай алмай, кейде келген ізімен, кейде бес - алты күн болып кейін қайтып кететін. Мұндайлардың ілуде бір – екеуі - ақ тиянақты жұмыс істеуге келісім беретін. Онда да алар жалақылары ойындағыларындай болса. Ал мына касса алдында тұрған топтай жырмалап қайту бұрын - соңды болмаған оқиға. Бұған не себеп? Рас, күні құрғыр күннен-күнге күйіп барады. Ауа ыстықтығы қырық градустан бір кемір емес, оның үстіне шығыстың қапырық ыстық желі адамның жанын қоярға жерін таптыратын түрі жоқ. Өзек төңірегі шын дозаққа айналғандай. Бірақ жұрттың бәрі ыстыққа шыдай алмай мыналардай топтанып кетер болса, Өзектің асыл қазынасын кім жер астынан алады? Ыстықтан қорықпайтын азғантай жергілікті қазақ жұмысшылары неменеге жетеді?

Шуылдасып тұрған жұмысшылардың қасына қалай жеткенін Жәлелдің өзі де сезбей қалды.

— Жолдастар, бұларың не? — деді алқынып,— жұмыс істейміз деп әдейі келген жоқ па едіңдер?

— Әрине, дозаққа күюге емес, жұмыс істеуге келдік, - деді ішіндегі алпамсадай біреуі. — Бізді алдап әкелдіңдер. Әуел бастан айтуларың керек еді, «Өзек» деген жер тамұқтан бірде - бір кем емес, ыстықтығы қырық градустан түспейді, шаңы бір басылмайды, ішетін суға да зәру боласыңдар» деп, онда бұл араға итім келер ме? Айдасаң да келмейтін едік. Кісі өлтірген жоқпыз.

— Оларың дұрыс емес,—деді Жәлел, — бұл араның құба жон екені, суының аз екені белгілі жәй емес пе? Сол себептен бес процент далалық, отыз процент сусыздығы үшін, тағы отыз процент аймақтық коэффицент артық ақша төленеді.

— Ол ақша біздің қалтамызға түсіп жатыр ма?—деді мұрны қызыл, кеңірдегі сорайып кеткен сары жігіт.

— Қалтаңа түспегенде қайда кетеді?

— Араққа! Магазиндерде бір жұтым арақ жоқ. Ал қаладан бізге әкеп беретін шофёрня үш сомдық бір бөтелкесіне он сом алады. Онда да сені қимастығынан. Көріп тұрсың ба сенің беретін процентіңнің қайда кетіп бара жатқанын?

— Ой, қоя тұр, арақ ішпесең өліп бара жатырсың ба? – деді әлгі алпамсадай. – Мәселе басқада, біз екі қолымызға сенген жұмысшылармыз. Біздің сіздерден миымыз, басымыз емес, екі қолымыз, денсаулығымыз жұмыс істейді. Егер денсаулығымыз болмаса, біз кімге керекпіз? Ал сол денсаулықты сақтайтын мұнда еш жағдай жоқ. Жататын жерің—анау шатыр. Бір мезгіл дем алайын деп ішіне кірсең, дәл моншаға түскендей терлеп шыға келесің. Асханада жөнді береке жоқ. Рас, ет, май мол. Бірақ біз қиярға, капустаға, сәбізге үйренген елміз ғой. Екі жеті көрмеп едік,тісіміз сырқырап, ішектеріміз қатып қалды.

Адам баласы мұндайда күлкі - қалжыңсыз жүре ме, қалжыңқойлар да табылады.

— Ішің қатса айран іш!—деді біреу күліп, — бұл жердің айраны ішің тастай боп қатса да, бес минутте қуып шығады!

— Iш ауру бол дейсің бе? Одан да ішімнің қатып жүргені жақсы емес пе?

— Айттым ғой, осының бәрі арақ жоқтықтан, — деді алғашқы қызыл мұрын, кеңірдек сары. — Арақ мол болса, іш ауру алмайды. Арақ бәрінің емі.

— Қап, мына маскүнем иттің малтасын езуін - ай! — деді қасында тұрған қартаңдау кісі, — адам ет пен майдан өлген бе? Бәріне де шыдар едік. Мына ыстығы құрғыр шыдатпай барады. Жаныңды қоярға жер тапқызар емес.

— Өзгелер қалай жүр?

— Үйренген ғой!

— Сендер де үйренесіңдер!

— «Қарадан тер шыққанша, сарыдан жан шығады» деген, біз үйренгенше, тегіс жан тапсырып жүрмесек нетсін!..

— Жігіттер, сендерге қиын екенін біз де білеміз. Бірақ шыдап көріңдер. Әне, анау құрама үйлерді күні - түні сіздерге арнап салып жатырмыз, әрі кетсе бір айда бітіп қалар. Капуста, қияр туралы айтқандарыңның бәрі дұрыс. Қолдан келген бар шара қолданылады. Осы жетінің аяғында көкөніс тиеген алғашқы машиналар да жетіп үлгірер.

— Мұндай үлкен істі бастарда, ең алдымен, сол істі жүргізетін жұмысшы адамдарға керекті жағдайларды тудыруды ойлау керек қой, — деді бір орта бойлы, көгілдір көзді жігіт. — Не, жататын үйі, түсетін моншасы жоқ, жуынатын суы да тапшы. Осыншама жұртты машинаға тиеп - тиеп шыжып тұрған шөл далаға алып келіп, енді жұмыс істеңдер дейсіңдер, бұл дұрыс па?

— Дұрыс емес, — деді Жәлел кінәні мойнына алып, — жұмысшы адамға жағдай тудыру біздің ең мықты міндетіміз еді, оны дер кезінде істей алмадық. Бұл — біздің қатеміз. «Тезірек мұнай алқабын барлаңдар» деген орталықтың бұйрығын орындай қоямыз деп бірден бұрғылау жұмысына кірісіп кеттік. Сөйтіп, тұрмыспен байланысты көп шаруаны үлгіре алмай қалдық. Ал қазір барымызша болған кемшіліктерімізді жөндеп жатырмыз. Көп кешікпей үй де, күй де жөнделеді. Тек сіздер аз күннің азабына шыдай алмай жұмысты тастап кетпеңдер! Шын жұмысшы табына жататын болсаңдар, уақытша қиындыққа өкпелеп, өз борыштарыңнан қашпауларың керек!

Жұрт үндемей қалды.

— Уәдеде тұрасыңдар ғой?—деді Жәлелге қарап аздан кейін ең алғашқы сөйлеген алпамсадай қара, — Егер сендер бізге дұрыс жағдай тудыратын болсаңдар, әрине, біз кетпейміз, шыдап бағамыз. Солай ма, жігіттер?

— Солай!—деді біраз дауыс.

— Демек, уәделесіп алайық,—деді алғашқы сөйлегендердің бірі, — тұрғын үйлерің бір айда бітеді ме?

— Бітеді!

— Арақ ше?—деді тағы әлгі қызыл мұрын сары.—Дүкенде о да болады ма?

— Жоқ, — деді Жәлел, — мен осы уақытқа дейін шоферлардың арақ әкеп сататынын білмейтін едім, енді бұдан былай қарай бұл жаққа ондай сәудегерліктің жүрмеуіне бар шара қолданылады!

— Саған сол керек!—деді қызыл мұрынға қасында тұрған жаңағы қартаң адам, — «тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айрылыпты» деген осы!

— Көкөніс ше? Көкөніс те бола ма?—деді тағы бір үн.

— Болады!

— Ал су ше? – деді тағы біреу.

— Болады! - деді жұрттың екінші бүйірінен бір әдемі қоңырқай дауыс.

Жұмысшылар дауыс шыққан жаққа бұрылды. Жәлел де сол жаққа қарады.

Екі көзі ботаның көзіндей жаудырап, өріп тастаған қолаң шашы тізесіне дейін төгіліп, жұмысшы комбинезонының белін қынап алған қазақтың бір қара торы қызы тұр...

Маңғыстау байлығын игеруде үкімет пен партия зерттеу жұмысын жан - жақты жүргізген. Алғашқы мұнай көзі ашылған жылы - ақ мұнда Қазақ Ғылым академиясының Уфа Ахметсафин басқарған су зерттеу экспедициясы келген. Бұл экспедиция жасаған картасында «Маңғыстау жер асты суына бай өлкенің бірі, оны теңіз үстінде қалқып тұр десе болады» деген қорытынды шығарған. Тек скважиналар қазып, суды жоғары шығаруды механикаландырып, керегіне қарай молынан пайдалана беруді ұсынған.

Шынында да Маңғыстау жерінің үсті қандай құнарсыз, дақылсыз болса, астындағы тұщы судың молдығы таң қаларлық еді. Ыстығы да, суығы да жеткілікті. Су байлығы сонау Бозашы түбегінен басталады. Сегіз - тоғыз метр қазсаң, ол арадан ішерлік су шыға береді. Өзені, көлі жоқ. Маңғыстау елі көбіне осындай құдығы терең емес жерлерді жайлаған. Ал форт Шевченкодан Красногорскіге дейін теңіз жағалай ылғи осындай құдықтар қазылған. Бұл араларда шамалы тереңдіктен ақ тұщы су шығады.

Ал мұндай судың ең мол тұсы — Қаратау, Ақтау қыраттары. Бұлармен жалғасып жатқан Бостан, Сауысқан, Қызылсу, Түйесу құмдары. Бұнда он екі құлаш тереңдіктен көз жасыңдай мөлдіреген тұщы су көрінеді.

Соңынан, Өзек және Жаңа Өзек кәсіпшіліктері ашылғанда, скважиналар қазылып, насос станциялары салынды. Су жер бетіне көтерілді. Үлкен резервуарлар орнатылып, одан құбырлар арқылы ыстық, суық сулар құрылыс орындарына жеткізілді. Бір ғана отыз мың адамы бар Жаңа Өзек қаласына он мың текше метр су берілді. Әр адамға тәулігіне үш жүз литрден астам су жұмсалды. Мұндай шығын тіпті Еділ, Ертіс жағаларындағы тұрғын жұртқа да шықпаған болар. Ал облыстың кіндігі Шевченко қаласы салынғанда, қасынан атом электростанциясы тұрғызылып, тұздан аршылған теңіз суымен бүкіл дала қамтамасыз етілді.

Бірақ бұның бәрі соңынан, соңынан болды. Ал сонау алпыс бірінші жылы Өзекке қаптап келе жатқан жұртқа су Борлыторым құдықтарынан машинамен тасылып, әзер жеткізіліп жатқанда, мына қыз қалай жұрттың бәрін сумен қамтамасыз етемін дейді?

Жұрттың бәрі қызға қарады. Жәлел де одан көзін алар емес. «Бұл кім? Қайдан келді?»

Өзекке ең алғашқы жеткен құрылысшылар кілең еркектер, әсіресе, жастар болатын. Жердің көркі гүл болса, жігіттің көркі қыз емес пе, құрылыста қыз - келіншектің жоқтығы бірден білінген. Өздеріндей жұмыс істеп жүрген, бірақ уақытша местком боп сайланған бұрғышы Валентин Шилов пен комсорг, бас инженер Михаил Алексеенкоға жастар келген.

— Клуб салып жатырмыз, қызыл бұрышымыз да бітіп қалды, ал қыздарың қайда?—деген олар, — қыз - келіншексіз жұмыс түгіл, тіпті ұйқының да берекесі кетеді екен.

Осындай талаптан кейін жастар мен кәсіпшілер одағының жергілікті комитеті боп Қазақстан қыз - келіншектеріне Өзек құрылысына келулерін сұрап үндеу алған.

Сол үндеу - шақыру бойынша осыдан он күн бұрын Алматы, Жамбылдан Маңғыстауға қырық қыз келген. Өзек жігіттері үш машинаға тиеліп барып, оларды форт - Шевченкодан қарсы алған. Әрқайсысына құшақ – құшақ гүл беріп, сырнайлатып - кернейлетіп Өзекке алып келген. Бұлар келісімен бірі үй сылаушы, бірі бұрғылау қондырғысына моторист үйренушісі боп орналасқан. Асханаға, дүкенге жайласқандары да бар. Бірақ бұлардың ішінде мына қыз тәрізді бота көзді Жәлел көрмеген. Бүгін - ертең осындай қыз -келіншектің тағы бір тобы келеді екен деп естіген Жәлел. Әлде солар келіп қалды ма деп ойлады ол.

Жәлелдің ойын бөтен дауыс бөліп жіберді.

— Өзің қайдан келдің? — деді бір жас жігіт қыздың сұлулығына таң қалып. — Көктен түстің бе? Жерден шықтың ба, періштем?

Қыз күлді.

— Көктен түскен жоқпын, жерден де шыққан жоқпын – деді маржандай аппақ тістерін жарқ еткізіп көрсетіп, - сіздерді шөлдеп жатыр деген соң су тауып берейін деп Мәскеуден келдім.

Бұл баяғы Сарының кенжесі Тана еді. Биыл ғана Мәскеудің су іздеу және суландыру институтын бітірген. Қарағандыдағы ағасының қолындағы әке – шешесін алып, Маңғыстаудағы ұлы құрылысқа өзі сұранып кеше ғана келген. Төбесі әлі салынып біте қоймаған үйден берілген жалғыз бөлмеге жаңа ғана әке - шешесін орналастырып болып, енді кеңсеге келе жатқан беті еді.

— Қайдан келсең де, енді біздің суға кенелетінімізге күмәнім жоқ, - деді әлгі жігіт. – Бізді судан қырылып өлмесін деп, құдайдың өзі әдейі жіберген періштесі болар бұл! Айда, жігіттер, шатырға! Енді біз еш жаққа кетпейміз!

Жұрт тарай бастады. Қыз да кетпекші болып еді, бағанадан бері одан зілдей ауыр көзін аудармай қарап тұрған тастан жасалған мүсін тәрізді денелі шойын қара бұжыр жігіт қасына келді. Түрі қазаққа ұқсаса да, неге екені белгісіз, ол орысша сөйледі.

— Хорошо, и я никуда не поеду, — деді көжек көрген крокодилдей кенет көзі жасаурай кетіп, — но имей ванду ты будешь моей!

Тананың көзі жарқ етіп, ұшқын шаша оған қадала қалды да, сөзге келместен, кішкентай алақанымен жігіттің бетінен тартып - тартып жіберді.

Анау қыздың ұрғанын шыбын шаққан құрлы көрген жоқ.

— Ну и краля! - деді ыржия, кенет қабағын түйе қалды. — Посмотрим, будешь ли также гневна, когда...

Жәлел жігіттің жанына жетіп барды, оның не деп тұрғанын естімегенімен, бір жамандықты жүрегімен сезген.

— Кет бұл арадан!—деді ол ашулы.

Жігіт тұманданып кеткен көзқарасымен оның басынан аяғына дейін бір шолып шықты да, бұрылып жүре берді.

— То же мне защитник!

Дүниеде махаббат болмаса, табиғаты сараң кісі бұрынғысынан да сараң ал жаратылысы қатты адам одан да қатулана түсер еді. Өйткені, адамның көңілін кеңітер, жанын жібітер махаббаттан артық күш жоқ. Қызды сүйген жігіт қандай азапқа болса да көнуге бар, ал баласын жақсы көрген ана баласы үшін жан қиюдан тайынбайды. Бұл — табиғат заңы. Махаббатты осындай құдіретті етіп, дүниедегі ең ұлы күш—жаратылыстың өзі жаратқан. Сондықтан да, махаббаттың алдында кім болса да әлсіз, амалсыз.

Рас, Жәлел Гүлжамалды да жақсы көрген. Бірақ қазір оны ұмытуға тырысқан. Бұнысы немене, опасыздығы ма? Жоқ, махаббатқа деген мейлінше опалылығы еді. Жәлел — уақытша сүю, алдау дегенді білмейтін, бірбеткей, шыншыл, адал жан. Ал мұндай адамға өзінің адал сезімінің кірленгені зор күнә. Сондықтан, Гүлжамалдың опасыздығы жанын жаман ауыртқан. Жаны ауырған сайын, одан алыстай түсуге тырысқан. Бірақ ол қолынан келмеген.

Сөйтіп жүргенінде, міне, ол Тананы көрді. Бұл кім? Жай, қарапайым құрылысшы қыз секілді емес. «Жақында бізге бір гидрогеолог инженер қыз келеді» деген Жандостың сөзі енді есіне түсті. «Ол қандай жас қыз, кім?» деп көңіл қоймаған. Өзіне жаудырай қарап тұрған қыз сол инженер қыз екеніне енді Жәлел шек келтірмеді. Сол екен деп шешімге тоқтап еді, әлденеге «бұл қыздың сүйер жігіті, көңіл қосқан адамы бар ма екен?» деген сұрақ өзінен - өзі туды. Демек, бұндай сұрақ неге тез туды? Өзі де білмейді. Расымен, Жәлел бір көргеннен тағы ғашық болып қалғаны ма?

Жоқ, Жәлел қазір Гүлжамалды алғаш кездестіргеніндей жиырма бестегі албырт жас емес. Енді бұл аз болса да өмір көрген, ақыл тоқтатқан жігіт. Өзі солай ойлайды. Әрине, Жәлел Танаға бірден құмар болып қалған жоқ. Құмар болдым деп те ойламаған. Аузы күйген үрлеп ішеді, бұрынғыдай құлап түсетін мінезден Жәлел әлдеқашан арылған тәрізді еді. Бірақ жүрек деген ақылға ырық бермес тентек бар емес пе? Кім біледі оның қалай соғарын? Демек, қыздың түр - келбеті Жәлелдің бірден көңілін бөле берді. Оған қарай бергісі келе берді. Мұндай сезім әркімде - ақ кездесетін шығар. Әсіресе, Жәлел тәрізді қызуқанды, сенімпаз жанда көбірек ұшырауы мүмкін. Расында да, тамаша салынған суретке таң қалатын, қарай бергісі келетін адам аз ба бұл дүниеде? Жәлелді дәл қазір осындай сезім билеп кеткен еді. Әйтсе де, біреуге қызыға қарау, оның түр - келбетінен жаныңа тәтті нәр алу — ол әлі ғашықтық емес. Ғашық болу — одан үлкен сезім. Жаныңды, тілегіңді билеп кетер аңсаған арманың!..

Жәлел ондай күйге жетті ме, жетпеді ме, әрине, бізге беймәлім. Бірақ,.. бірақ ол қазір Танадан көзін алар емес. Ал Тана болса, жаңағы бұжыр шойын қараның қылығы батып, Жәлелге жөндеп көз аударған да жоқ. Әлдеқалай жаудырай көз тастаса, бұлай қарау —оның табиғи мінезі, әдеті. Құдай оған осындай мөлдіреген көз берсе, оған Тана айыпты ма?

— Ағай, сіз экспедицияның бастығысыз ба?—деді қыз.

Қара бұжырды тез ұмытқысы келген жігіт:

— Жоқ, бас геологпын, — деді.

— Ә, сіз Жәлел Бестібаев екенсіз ғой.

— Оны қайдан білдіңіз?

— Министрлікте айтқан. Мен Тана Жанбозовамын. Сіздің экспедицияларыңызға жіберілген гидрогеологпын.

— Өте жақсы. Таныс болып қоялық.

Жігіт асыға қолын берді. Қыздың алақаны кішкентай, ұзын саусақты, бірақ бір түрлі қатты, қажырлы Тана жас жігіттердей Жәлелдің қолын қысып танысты.

— Экспедиция бастығы Жандос, әне, ана мұнараның жанында болуы керек, — деді Жәлел енді не айтуды білмей.

— Онда мен о кісіге со жаққа барып көрінейін.

— Өзіңіз білесіз. Түскі асқа дейін бұл араға оралмас.

Қыз дұрыс» дегендей басын изеді де, мұнараға қарай жүре берді. Жалел әлденені ойлап тұрып қалды тананы бұрын бір көрген тәрізді ме, қалай? Кенет қыздың соңынан қарағысы келіп кетті. Бірақ сыртымнан өзімді біреу бақылап тұрса ұят болар деп кейін бұрылды.

Жәлел кеңсесіндегі ондай - мұндай уақ шаруасын бітіріп, түскі тамағын ішкелі үйіне келді. Ауызғы бөлмеде әкесімен әңгімелесіп, буырыл сақалды бір бейтаныс кісі отыр екен. Жәлел сәлем беріп амандасып болғаннан кейін, әкесі:

— Бұл кісі — бір кезде үш жүз түйе шөктірген Түйебайдың сойылкері болған Сары, қарағым, — деді. — Түйебайдың он екі жыл есігінде жүрген, түйесін баққан. Өз қолымыздан конфисковайт еткенбіз. Сары сол кезде Қарағандыға кетіп, қазір содан келіп отыр.

Әкесінің жас кездегі құрбы - құрдастарымен кездескенде бір жасап қалатынын Жәлел жақсы білетін. Қарт Бестібайдың баласы сүйетін тағы бір қасиеті бар. Ол — әкесінің жаңашылдығы, бүгінгі күнді өте ұнататындығы. Кешегі көшпелі елдің кісісінің жаңа өмірді осыншама орасан жақсы көріп қалуына қандай себеп? Әрине, адамды өмір өзгертеді. Бестібай да өзгерген. Әсіресе, бұны өзгерткен Қарағанды еді.

Келесі жылы Маңғыстауда да жалпылай колхоздандыру науқаны басталып, Бестібай колхозға кірді. Сол жылы форт - Шевченкодағы жақын қарындасы қайтыс болып, соның жетім қалған Жәлел атты бір жасар баласын асырап алды. Баланы жастары келіп қалған Бестібай мен әйелі жандарындай жақсы көрді. Хәлелім жалғыз еді, енді інілі болсын деп, оған біржолата өздерінің аттарын берді. Жұрт та Жәлелдің қарындасының баласы екенін ұмытты, Бестібайдың кенжесі санады. Өмір бойы Жәлел өзі де осылай түсінді.

Бірақ осы кезде Маңғыстауды адам түсінбес, сұмдық оқиғалар басып кетті. Егісті даласы жоқ, бір - бір түйесін ортақ қорға берген колхозшы кедейлердің күйі табан астында қалыпқа келе қоймады. Асығыс ұйымдастырылған колхоздар ыдырай бастады. Осы кезде әлдекімдер: «Болышабай партиясы біз секілді мал баққан көшпелі елге колхоз бол демеген екен, оны шығарып жүрген мына аудан бастықтары көрінеді», — деген лақап таратып, бүкіл Маңғыстау даласы гу - гу етті.

Тап жауларының күткені де осы кез еді. Олар енді ұран тастап атқа қонды. Әлі көзі ашылмаған көп надан жұрт оларға ерді. Дәл жаугершілік замандай, он екі – жасар балаларына дейін қалмай, Адай біткен қиялына құрық, сойылын алды.

Бірақ Бестібай желіккен жоқ. Жас Жәлелі мен әйелін ертіп теңіз жасына көшті. Онда ау салып, балық аулап күндерін көрді.

Оқыс ереуіл, оқыс басылды. Үкімет түсінігін жүргізді, ашумен арандаған жұрт саябырланды. Колхоздар қайтадан құрылды. Бестібай өз ауылына үшінші рет қайта оралды. Мұнда түркімен елінен әкелінген және кей жеке меншіктен сатып алынған түйелерден шағын ферма ұйымдастырылды. Бестібайды соған бастық етті.

Жәлел жетіге шығып сол жылы ашылған сегіз жылдық мектепке түсті.

Колхоз шаруасы бірте-бірте жөнделе бастады. Бестібай да тәжірибелі түйе өсіруші болып алды. Сөйтіп жүргенде жер мен көкті сілкіндірген Ұлы Отан соғысы келді. Бір жылдан кейін түйе фермасын қатын-балалардың қолына қалдырып, еркектері тегіс әскерге алынды.

Жасы келіп қалғандықтан Бестібай майданға ілікпеді, ол еңбек армиясына өзі тіленіп, Қарағанды шахтасына барды.

Жәлел сол колхоз мектебінде қала берді...

Қарағанды еңбек армиясы Бестібайдың өмірдегі ең үлкен мектебі болды.

Сол кезде Қарағандыны көргендерің бар ма? Бұл бүгінгі зәулім биік үйлі өндіріс қаласы емес, шахты, поселкелер көбіне бір қабат, екі қабат үйден ғана тұратын.

Сондай шағын поселкенің бірі — Н - БИС шахтасының жанындағы Калинин ауданының орталығы еді. Осы уақытта қазақ жерінде қаулап өсіп келе жатқан басқа поселкалардан бұның бар айырмашылығы: бұнда не көп көмір көп, шахтадан шығарылып тау - тау боп үйілген топырақ көп, сосын беттері қап - қара күйе, тек тістері мен көздері ғана жылтыраған көмір қазушы жұмысшы - шахтерлер көп. Не аз — мас болып сандалып, не сәнденіп киініп бос жүрген кісі аз. Не аз, қазіргідей ерсілі - қарсылы жүйткіп жүгірген машиналар аз.

Жеңіл машиналар түгіл, тіпті жүк таситындары да некен саяқ. Бәрі майданға алынған, соғысқа әкетілген. Ал қалада жүк таситын машиналардың көбі қазіргідей машинамен емес, көмірмен, ағашпен жүреді. Қарағанды тәрізді кәсіп – өндіріс қаласының көшесінде шофер кабинасының жанынан шығарылған мұржасынан түтіні бұрқырап келе жатқан жүк машинаны көру де ғажап емес. Өйткені бәріне себеп — соғыс! Соғыс! Соғыс! Машинаның көмірмен жүруі де, кешегі мол дүниенің бүгін тарыла қалуы да, бәрі тек соғыспен ғана байланысты. Соғыс жұтуға тұрған аждаһадай жұрттың апшысын қуырған, жарық көңілін түн еткен.

Сол себепті Қарағандының сұсты ауа райындай, халықтың жүзі қаһарлана түскен. Сонау шахтыдан шыққан қап - қара тас көмірдей, көп адамның көңілдеріне қайғы түні ұялаған. Бірақ бұл қайғы түні жайшылықтағыдай жүдеу, мұқалудан жаратылмаған, кек, ызадан туған. Сондықтан да, мынау шахты үстіндегі мұнараға: «Шахтер, сенің әрбір шығарған тонна көмірің жеңіс күнін жақындата түседі!» деген ұран тұр. Сондықтан да, жұрт бензині болмай, көшеде тас көмірдің түтінін будақтатқан машиналарға күлмейді, үстінде тозығы жеткен брезент киімі бар жұмысшының шахтыдан өлердей боп шаршап шығып, аяғын ілбіп басып келе жатқанына таң қалмайды.

Иә, бұл — Отан басына ауыр күн туған өте қайғылы, бірақ әр шахтер, әр жұмысшы сол Отан үшін аянбай еңбек еткен жалынды кез еді! Майдан кейін шегініп, жау шебі Москваға таяй түсіп, жалпы халық рухы қиналған, бірақ әр жауынгер сол майдан үшін өзінің істеген ерлігін мақтан еткен—қайғылы да қаһарлы ауыр мезгіл еді!

Жыртық шекпен, түйе жүн күпілі, сірі етікті, елтірі тымақты, еңбек армиясына алынған Маңғыстаулық кәрі - құртаң шалдарды әскери жігіттер Н - БИС шахта поселкасының шетіндегі ұзын казармаға әкеп кіргізгендерінде, күн шығып та қалған еді. Қоржын -қапшықтарын арқалай, сүйретіле, ұзыннан - ұзақ жасалған екі қабатты сәкінің астындағысына бәрі дабырлай орналасып жатыр. Ат арқасы қиянға үйренген, алыс сапарларды әдеттенген көшпелі жұрттың адамдары болғанмен, сонау Кетіктен Үйшікке дейін кемемен жүзіп келіп, одан қызыл вагондармен ұзақ жүріп, Қарағандыға әзер жеткендерінен бе, бұларға жол қиямет - қайымдай ауыр және алыс көрінді. Әбден шаршаған екен, жамбастары жер иіскеп еді, жаңағы дабыр кенет басыла қалды. Қоржын -қапшықтарына сүйене, жантая - жантая кетті. Тіпті кейбіреулерінің заматта көзі ілініп, бір сәт қорылдағандары да естілді. Дәл осы кезде казармаға екі кісі кірді. Жасы келіп қалған, бірақ әлі қажырлы, еңгезердей қаба сақалдысы:

— Уай, тұрыңдар!—деп қатты дауыстады. — Қарай гөр өздерін әкелерінің үйіне келгендей шалжиып - шалжиып жата қалғандарын! Бұларың бола қояр ма екен! Қане, тұрыңдар! Әр қосқа бір-бір адамын қалдырып, өзгелерің далаға шығыңдар! Мына кіре берісте жатқан матрац - қапшықтарды алыңдар. Қорадағы сабанмен толтырып, әрқайсың өздеріңнің жататын жеріңді төсеңдер. Одеялы - көрпені соңынан өзім беремін. — Қаба caқал жұрттың қозғалмағанына таң қалып. — Уай, өздерің әбден бітіпсіңдер ғой, алыстан келдіңдер ме?—деді.

Қaбa сақалға таяу тұрған шүйкімдей сары шал:

— Маңғыстау, Бозашы деген жерлерді естуің бар ма - деді қаба сақалдың соншама өктемдей сөйлегеніне шамданып қалған кішкентай ол сарғылт көзі шатынай түсіп. — «Білсең — адайыңмын, білмесең — құдайыңмын» деген ел боламыз!

— Қарай гөр мынаны!—деді қаба сақал, дегенмен, кішкентай шалдың сөзінен ашуланудың орнына масаттанып қалғаны байқалады, — өле алмай жүріп Адаймын дейді! Адай болсаң қайтейін! Сенің Адайлығыңды шахтаға түскен соң көрерміз!.. Шахта саған Қарынжарық, Сауысқан мен Ұштағанның құмы емес! Ауа жайыла алмайсың, біліп қой!

— Қорқытпа шахтаңмен!—деді кенет кішкентай шал қалжыңдап. — Майлықұдықтан қорықпаған Адай, сенің шахтаңнан қорқатын ба еді? Оған да түсіп көргенбіз!

Майлықұдық — Мақта жолындағы Маңғыстаудың Күлсарыға таяу қырат жағындағы он бес құлаш ең терең құдық. Жұрт ду күлді. Қаба сақал жуаси қалды.

— Жә болды!—деді ол, — төсек - орындарыңды ыңғайлағаннан кейін моншаға апарамыз. Онда бәріңе жаңа ыштан, көйлек беріледі. Ал ескі киімдеріңді моншаға кірерде дезенфекке тапсырасыңдар. Тазалық — денсаулықтың бас қорғаны. — Қаба сақал, сірә, бұл сөзді басқа біреуден естіген болуы керек, сәл шатыса айтты, — содан кейін бәріңді дәрігер көреді.

— Отағасы, сен өзің тіпті бастырмалатып барасың ғой, - деді шеткерірек тұрған қапсағай келген арық қара кісі. — Адамның басы астау дейсің бе, айтқаныңның бәрі бірден сыя беретін! Біртіндеп үйретсейші!

— Жақсы, — деді қаба сақал. — Ал, қаптарыңның жанына кезекшілеріңді белгілеген болсаңдар, жүріңдер өзіме еріп, бәрін де көрсетейін.

— Алдымен шай ішіп алсақ қайтер еді?—деді бір бүкірейгендеу мосқал кісі.

— Қазір дәл шай ішетін кез! — деді оны кекетіп, өзгелеріне қарағанда жастау бір қияқ мұртты адам. — Далаға шығыңдар деп тұрса...

— Қайтейін, денем құрысып әкетіп бара жатқан соң...

— Денең құрысса, моншаға түсесің.

Өміріңде Маңғыстаудан бір шақырым алыс барып көрмеген, жолға шыққаннан бері кемеге, от арбаға, темір жолға, автомобильге, биік - биік үйлерге, бәрі - бәріне таң қалумен келе жатқан мықшыңдаған қара шал:

— Онысы тағы не пәле? — деді жанындағысына қарап:

Бұл да қара шалдан артық ештеңе білмейтін болуы керек:

— Түсесіңдер дегеніне қарағанда, — деді,—сірә, әлгі беліңе жабысқан сарысуыңды тарататын өзіміздің қара тұз тәрізді тұз көзіне ұқсайды.

Бұлардың күңкілін естіп қалған қаба сақал:

— Бәсе, адай деген осындай білгіш келетін еді ғой, — деді кеңкілдей күліп, — білгіштерім - ай!.. Адай болғаныңа болайын! Монша деген үсті - бастарыңды тегіс ыстық сумен жуатын жылы үй. Ұқтыңдар ма? Ал шайды келген соң ішесіңдер. Қайнаған ыстық сулы титан осы үйлеріңнің келесі бөлмесінде.

— Онысы жақсы екен, — деді бір аңқаулау шал, — жол бойы шепетогі шүмектеп ағатын еді. Мұнда ыстық су, сірә, қисаң дегенде тұратын көрінеді ғой. Мейлі, қисаң болса қисаң болсын, әйтеуір ыстық суға кенелсек жарады.

— Ал жүріңдер, — деді қаба сақал есікке қарай өзі бастап.

Бестібайлар — бір ауылдың кісілері. Кетіктен кемеге мінбей жатын бір қос болып алған. Жататын орындары да қатар, ішетіндері де бір. Ауылдан әрқайсысының алып шыққан сөк, құрт, май, ірімшіктерін бәрі ортаға салған. Кейбіреуінің аздаған сүр еттері де бар. Бұл да бәріне бірдей ортақ. Тек болмашы тиын - тебендері ғана өздерінде. Оларын сонау тері шалбар, бөз көйлектің қай жеріне тігіп алғандарын ешкім де білмейді. Білудің де қажеті жоқ секілді, өйткені, бұл ақшаға еш жерден ештеңе сатып алуға болмайды. Пристань, вокзалдарда бірен - саран ашық дүкен кездесе қалса, «Продуктовый аттестат» дегенді сұрайды. Маңғыстаудың жыртық тымақ қазақтарына ондай қағаз қайдан келсін, тіпті көбінің қолында паспорттары да жоқ. Тек ауыл советтердің бәлен жаста деп берген мөр басқан бір - бір жапырақ қағаздары ғана бар. Ол қағаздары да Қарағандыға бастап келе жатқан анау бұжыр лейтенант кемеге мінетін күні алып қойған. Және онда көрсетілген жастары бірінікі дұрыс, бірінікі бұрыс, шамалап қойылған. Жастары туралы жазылған бұл сенім қағаздардың тарихының өзі қызық...

— Қосекеңді қоян жылы туды дейтін менің әжем, әлі трудармияға екі жасы жетпейді, — деп жыпылық көзді сары бала. Хатшы басын көтеріп алса.

— Қой, ол ұлу жылы туған, — дейді ауыл совет бастығы ұзын мұртты қара шал, — тұратармияға ілігетін етіп жаз жасын, бишараны майданға жібертіп қайтесің, мылтық даусын естігенде жүрегі жарылып кетсе, артындағы шиеттей жас балаларын кімге қалдырасың?

Ал кейбір шындық іздеген қарт, ауыл совет төрағасына:

— Ау, мен сенің үлкен ағаң Нұрәлімен құрдас едім ғой, екі жасты қосып отырсың, бұның қалай? Қангерейдің шаңырағы жерге құлап түссін дейсің бе, ең болмаса артымда қалар балам жоқ, — деді.

Қара шал міз бақпастан:

— Шаңырағың неге құлайды? Артыңда пілдей қара бәйбішең бар. — Сосын шалдың құлағына аузын таяп, — көпке келген нәубет қой. Қангерейдің қара шаңырағынан біреудің шықпағаны ұят емес пе? Өзгеге қарағанда, әйтеуір, көзің соқыр, беліңнің құяңы жоқ қой... — дейді.

Шал сәл ойланып қалады.

— Иә, оның да рас, — дейді, — әйтеуір, атаусыз қалғаннан санақта жүрген дұрыс шығар, — сосын тағы, —Жарайды барсам барып қайтайын, — дейді, — ер адам таусылмай не көрмейді.

Трудармияға бару, оған бір Бейнеуге қала шығып қайтудай.

Ал колхоз председателі әлі тұғырынан түсе қоймаған, шомбалдай мосқал қара:

— Ана, Тыңайдың тақылдақ сары шалын неге жібермейсің? — десе:

Төраға:

— Қалай жіберем, — деп түнере қалады, — бір көзі соқыр, бір аяғы ақсақ, жұмысқа жарамайды.

— Жас тоқалға жарағанда...

— Немене, сары шалды тұратармияға жіберіп, жас тоқалын өзің иемденбексің бе? Жоқ, Төке, тұратармия мұндай арам ойдың жолы емес. Ал барғың келсе...

— Қой, Нұреке, менің орныма колхозды кім басқарады?

— Солай де! Менің орныма жаумен кім соғысады демейсің, ә?

Ғажап! Біреу еңбек армиясына дұрыс, біреу бұрыс алынып жатыр, бірақ «бармаймын» деп өңмеңдеген бірде - бір шал жоқ. Ел басына туған қиындықты бәрі де түсінгендей.

Адай елінің кәрі шалына дейін ержүрек, ештеңеден тайынбайтын батыр екенін осындайда білесің!

Түйе фермасын басқарып жүрген Бестібай ауыл советке өзі келді.

— Құрбы - құрдастардың бәрі кетіп бара жатыр, — деді ол.— Мені де жібер...

Төраға шақырая қарады:

— Сен үшін түйені мен бағам ба?

— Бақсаң несі бар, бағасың! Қалтаңа ауылнайдың мөрін салып алып, бос жүре бергенде не бітіресің?..

— О да дұрыс, — деді ауыл совет, сөйтті де Бестібайға екі жас қосты да, трудармияға жіберді.

Қостың өзге адамдары, біздерден көзі ашық деп оны өздеріне бастық етіп сайлады. Жол бойы Бестібайдың бар істегені — ортадағы азық - түлікке ие, ішетін - жейтін кездерінде азғантай астарына бақауыл.

Казармаға кіріп, бұлар орналасып жатқан уақытта сөйлей бастаған қаба сақалдың даусын естігеннен - ақ Бестібай елең ете қалған.

— Япырмай, бұл кім болды екен? Даусы таныс тәрізді, — деді жанындағы кісіге, — қайдан естідім? Өмір бойы есімде қалған бір үн. Осы Сары болмаса нетсін, ә?

— Қайдағы Сары?—деді жанындағы кісі, — Баяғы Түйебайдың сойылкері болып жүріп, үшті-күйлі жоғалып кеткен өзіміздің тентек Сарыны айтасың ба? Оның өзі түгіл сүйегі де алдақашан қурап қалған шығар. Ондай қаңғып кеткен кісіні айтасың, атамекен жерінен бас көтермеген өзіміз де әзер тірі жүрген жоқпыз ба?.. Қандай замандар өтпеді.

— Әй, білмеймін, Сары тәрізді еті пысық адамдар оп - оңай өле қоймаса керек-ті.

Қасындағы кісісі күлді.

— Тышқанға мысықтан үлкен мықты жоқ» деген. Түйебайдың айтақтауымен қамшысы тым батып кеткен екен ә?

Бестібай сөйлеп тұрған қаба сақалға таянғысы кеп есікке қарай жақындады, бірақ дәл осы кезде қаба сақал соңынан ерген жұртты топырлата үйден шығып кетті. Бестібай өз серіктерін күтіп тұрып қалды.

Расында да, бұл Сары еді.

Жуынған легендерімен алдыңғы жақтарын қалқалап, моншадан шыққан жалаңаш адамдарға көйлек - ыштан беріп тұрған қаба сақал, қарсы алдына келген бір кісіні көріп, кенет қуана қалды.

— Ау, мынау, өзіміздің жанбоздар ғой, — деді дауыстап. — Амансыңдар ма, Сәтімбек, Бестібай? Ат - көліктерің аман - есен жеттіңдер ме сендер де? — Аңырып қалған жалаңаш кісілерге:—Танымай тұрсыңдар ма? Мен баяғы тентек Сарымын ғой.

Жалаңаштар қысыла амандасып жатыр.

— Иә, өзіңіз де аман екенсіз ғой. Біз сізді...

Қаба сақал күлді.

— Өліп қалды деп ойлап па едіңдер? Көреріңді көрмей, көрге кірмейсің деген. Жүрміз ғой. — Ол тағы күлді. Қап! Кездескен жерімізді қарашы! Жарайды, соңдарыңдағы адамдар тұрып қалды, соңынан сөйлесерміз. Сосын арт жағында қапшықтардан көйлек -ыштан беріп тұрған бала жігітке дауыстады. — Ана бір қапты бері итеріп жіберші. Іштеріндегілері ашылмаған секілді еді, — деді, — ағайындарыма ең болмаса шыт жаңа көйлек - ыштан берейін...

Өзгелердей емес, Сарыдан судырлаған, қыры сынбаған жаңа көйлек - ыштан алған Бестібайлар мәз боп жатыр.

Дозақта жанып жатқаныңда да күзетшісі таныс болсын деген міне осы екен!—деді Қарабай шал.

Кешке таман Сары Бестібайларды өзі іздеп келді. Бұл баяғы Бестібай білетін дөрекі, байдың айтқанын істемеген жалшы – малшыларын қамшының астына алатын қиянатшыл, тентек Сары емес, заманы биялайдай жұмсақ еткен, жөнделіп қалған шал. Бәрі көрініп тұр.

— Жазығым болмаса да, Петровскийдің өлімін менен көреді екен деп қорықтым. Балам да байдан тізгініңді үз деп қоймады. Сосын осы жаққа қаштым, — деген ол өз жайын жерлестеріне түсіндіріп,—байдың айтақтағанына мәз болып бос жүрген екем, ешбір өнерім жоқ, көрмеген қорлығым, тартпаған мехнатым қалмады... Біз сорлыны өмір бойы құлқын тамақ өлтірген емес пе, ақшасы мол дегеннен кейін күрекші боп шахтыға түсіп едім, жаратылғалы қолыма сойылдан бөтен құрал ұстап көрмеген басым, сол күні - ақ екі алақаным балапанның терісіндей қызылшақа боп үлбіреп шыға келді. Өзінің іші де көрдей қорқынышты екен, сардалада сайрандап өскен бишара, шыдай алмадым, қашып шықтым. Содан кейін моншада еден жудым, шахтаның ат қорасында ат айдадым, қора тазаладым. Байдың малы болса да кейде жорға мінген сабазың енді итеңдеген сары атанның үстіне зар болды. Кісі басына түскеніне баспақшыл ғой, қара жұмысқа да әбден машықтанып алдым. Осылай, ана жылы Маңғыстауда қайтыс болған бәйбішемнен кейін осы жақтан екінші қатын алғам, содан туған қызым Танажаным мен әлгі әйелімді асыраймын деп жүріп, арада төрт - бес жыл өтіп кетті. Енді баяғы балуан Сары сығып алған жіптіктей болды. Қаба сақалды қырып тастап, тырбиған мұрт қойып «пролетар» атанып шыға келдім.

— Оның немене? Бастық деген сөзің бе?—деді бір жапалақ көз, жирен, қартаң кісі.

— Атаңның басы, пролетар деген бастық болатын ба еді? — деп күлді Сары. — Пролетар нағыз шыр бітпеген қара табан кедей.

Енді Бестібай күлді.

— Мына түріңе қарағанда, сені ондай шыр бітпеген кедейге жатқызу қиын болар, — деді оның әлі де алпамсадай, ет жеңді бейнесіне қарап. — «Жыланды үш кессе де кесірткелік әлі бар» дегендей, бізге қарағанда жемге байлаған құр аттайсың.

— Құдайға шүкір!—деді Сары өзінің қомақты келбетіне, түріне риза болғандай ,— құдай жан бергенде тән берем деген ғой, бізді де өлтірмеді. Бірақ тереземді жұртпен тең ететін жақсылық соңынан келді.

— Иә, соныңды айтсайшы, — деді әлгі жирен шал, — бағанағы бізге өктемдей сөйлегеніңе қарағанда, сен әлі осал кісі емессің...

— Қайдағы мықтылық? Сендерге көйлек - ыштан үлестіргенге мықты деп тұрсыңдар ма?—Әлденеге өкінгендей, қорланғандай пішін көрсетті.

Бестібай мысқылдай күлді.

— Уай, Сары, несіне көңілің босап кетті?.. Күйіңнің жаман емес екенін көріп отырмыз ғой. Одан да, мұндай жағдайға қалай жеттің соны айтсайшы.

— Қандай жағдайға?

— Жақсы жағдайға.

— Мен емес, балам жеткізді ғой. Жаңа айттым ғой, қара жұмыста жүріп жеті - сегіз жылым өтіп кетті деп. Иә, солай. Вагонге көмір тиеп жатыр едім, біреу келіп қасыма «көке!» деді. Жалт қарасам, басында сол уақыттағы инженерлер киетін жасыл мауыты фуражкейі бар, қас-қабағы қиылып, қияқ мұртын ширатып қойып, күлімдеп біреу тұр. Көзіме оттай басылды. Бірден таныдым. Сегіз жыл көрмесем де, ойымда мөрдей боп тапжылмай қалған суретін қайдан жаңылайын. Бегісім екен. Маңғыстаудан қашып шыққанда, бір стансада одан адасып қалғам. Қаңғып Қарағандыға келгенімді білмепті. Жеті жыл іздеп әзер тауыпты.

— Ана жылы, Түйебайды конпескелеуге барғанда Орынбордан оқудан кеп, бір түн қонып, өзіңмен бірге жоқ боп кететін Бегісің бе? — деді Бестібай, — ұмытпасам, о да отызға келіп қалды ғой деймін.

— Иә, биыл жиырма тоғызда. Бірақ ол жоқ боп кетпепті ғой, оқу іздеп кетіпті.

— Мейлі.

Сол балам орыстың ішкі қалаларында жеті жыл оқып инженер боп кепті. Жеті жылда оның да көрмеген қорлығы жоқ екен.

— Қайдағы қорлық? Сіздікі ылғи қорлықтан келеді екен. Айта бер...

— Иә, өткен күннің азабы да өтіп кеткен азап қой, айналайын үкімет, қаңғып жүрген біреу деп маңдайынан ұрмай, әйтеуір, оқуын оқытып, адам етіп шығарыпты. Сол Бегісім келген күннен бастап екі қолым жылы суға малынды. Шахтада анженер екен, ертеңіне бізді өзінің қос бөлмелі үйіне көшіріп алды... Содан бері көзіміз ашылды. Сол Бегісім қазір өздерің жұмысқа келген Н – БИС - те бастық.

— Соғысқа алмады ма?

— Алмады ғой, алмады. Өзінің де барғысы келіп - ақ еді, » жібермеді. Брон деген бірдемемен алып қалды.

— Ал менің Хәлелімді соғыс басталған күні шақырды! - деді Бестібай. Даусынан өкпеден гөрі, баласының соғысқа кеткенін мақтан еткендей үн естілді.

Бір кезде Түйебайға жылқышы болған, өзгеден гөрі тентектеу, өжет қара шал:

— Ол қара табан кедей сенің балаң ғой Бестібай. Бегістің түбі Совет үкіметіне де белгілі шығар, әкесі кеше байдың құйыршығы болған. Жауға қарсы тұрады деп сенбеулері де мүмкін... — деді өз ойын мылтық атқандай тарс еткізіп.

Сары шошып кетті.

— Ой, Басықара, сен не айтып отырсың, — деді даусы дірілдеп кетіп. — Баяғы тентек мінезіңнен әлі айрылмапсың ғой!?

— Немене, айрылмасам, баяғыдай қамшыңның астына алайын деп пе едің? — Қара шал да ежірейе қалды.

— Япырмай, мына патшағар кісі өлтірер!—деді сөз таба алмай қысылып қалған Сары.

— Кісі өлтіргенді құртатын болса, Совет үкіметі мына сені құртар еді ғой. — Қара шал өршелене түсті. — Петровскийді кім өлтіріп еді? Мына сен! Сен! Бегісің кісі өлтіргеніңді естіп, әдейі сені алып қашқан...

— Ойбай - ау, мынау қайдағы жоқ пәлені қайдан шығарып отыр!—деді әбден шошып кеткен Сары. — Менің жазығымның жоғын сол кездің өзінде - ақ НКВД анықтаған.

Қара шал тағы бірдеме деп келе жатыр еді, Бестібай зекіп тастады.

— Қой енді, жоқты былықтырмай!—деді ол, Петровский өлетін күнгі өздеріне шапқан жігіттерді Түйебай жіберді ме, әлде құмды кезіп жүрген басқа бандиттердің ісі ме, оның көзі сол кездің өзінде анық жетпеген. Сол себептен де қазір екі шалдың шатысқанын жақсы көрмеді.

— Жоғ – ay, — деді ашуын баса алмай отырған Сары, Бестібайдың жылы сөзін арқа тұтып. — Байдың сойылын соқсам, мен соқтым. Менің Бегісімнің не жазығы бар? Оқу оқыса, сенің балаларың көрмеген қиындықты, қорлықты көріп оқып шықты. Және өкіметтің өзі айтыпты ғой: «Баласы әкесі үшін жазықты емес» деп. — Сары сасқанынан не айтып, не қойғанын өзі де аңғарар емес, әйтеуір, баж - баж етеді. — Жоғау, ағайын, туғандарымыз келіпті, кілең шал екен, бұларды шахтаның ауыр жұмысына түсірмей, сырттағы жеңіл жұмысқа пайдалан деп Бегісіме айтайын деп жүрсем, бұл тіпті... — Сары не дерін білмей сәл отырды да, қайтадан сөйлей жөнелді. — Соғысқа алмаса, ол айыпты ма? Қазір жер астынан көмір шығару алдыңғы шепте жүріп оқ атудан оңай емес. Оның үстіне, қазір Отанға көмір керек. Менің балам күні - түні ұйқы көрмей соны басқарып жүр. Ал сен... — не дерін білмей Сары әзер тоқтады.

— Отағасы, сіз де саябырлаңыз, — деді Бестібай сәл езу тартып. — Басықара айтса, баяғы жас кезіндегі арқасындағы қамшының ашуы әлі басыла қоймаған соң айтып отыр ғой, қайтесіз кектеніп, одан да бізге балаңыз әлгідей шахта бастығы екен, ал өзіңіз қалай жұртқа көйлек - ыштан беріп жүрсіз? Соны айтыңызшы? Ұлық балаңыздың арқасында отырмайсыз ба үйіңізде шалқайып?

— Ой, қайбір жетіскеннен істеді дейсің, — деді жаман өкпелеп қалған Сары, өкпесін баса алмай. — Балаға масыл болғым келмеді. Және жұрттың бәрі Отан үшін жан аянбай жұмыс істеп жатқанында үйде бос отыра алмадым. Амал қанша, қолдан келгені осы болды, - деді.

Сарының ашуы сәл қайтайын деді, бірақ жаңағы ашу - араздықтан кейін сөз дұрыс желіске түсе алмады.

Маңғыстаудан келген түйеші, малшы шалдарды шахта басшылары жер үстіндегі жеңіл жұмыстарға пайдаланбақшы еді. Бірақ тоқсан шал, «алыстан қора тазалауға келіппіз бе?» деп қиқарлықтары ұстап, бірі қалмай шахтаға түсті. Осы отырған екі шал да, сол тоқсанның тобынан еді.

Әрине, Жәлел әкесінің соғыс кезінде Қарағандыда болғанын білетін, бірақ ол жақта не істеді, басынан қандай қиындықтар өткізді одан пәлендей хабардар емес - ті. Бестібай да тақа ақтарылып айта қоймайтын.

lV

Шахтаға алғашқы түскен күндері көбінің зәре - құты қалмады. Бірақ «қоянды — қамыс, ерді — намыс өлтіреді» дегендей, өздерін батыр санаған ауылдың намысқой өркөкірек шалдары қорыққандарынан да бір-бірінен жасырды. Бір күннің қарқыны үш күнге саналған соғыс кезі, бірте - бірте бұлар да жер астына үйренді. Тапсырылған жұмысты да меңгере бастады. Алғашқы мезгілдерде қарлары солқылдап, тұла бойлары қорғасын құйғандай қозғалтпай, шаршағандарынан сәкілеріне әзер жетіп құлауға ғана шамалары келсе, бір - екі жетіден кейін кәдімгідей көндіге бастады. Енді біртіндеп өзара қалжың – сықақ та пайда болды.

Вагонеткасы рельстен шығып кете беріп, әлсін - әлсін әуре болған Басықара:

— Құдыққа құлаған ботаны суырып алатын жиырма бес жасым - ай деп өкініп жүрсем, жолдан тайып кеткен, көмір тиеген әне бір темір қобдиі құрғырды да оп – оңай - ақ орнына сала қоюға болады екен! — деп күлді. — Мынадай бір ұзын темірмен алдыңғы жағынан бір, арт жағынан бір көтерсең, тып етіп өзі де темір жолға тұра қаларын итім білген бе!

— Шахта ішіне жиналған қарасуды қор - қор етіп жұтып, сыртқа шығарып жатқан жеңдей брезент құбыр көксау шалдай қақалып, кенет су тартпай тұрып қалғанда зәрем зәр түбіне кететін еді, — деді насос станциясына бақылаушы етіп қойған шүйкімдей кішкентай сары шал. — Күндіз кезекте болып, түнімен шахтада ұйықтайтын соқыр Микалайды оятқанымша, забойға су толып қалатын. Сөйтсем, су жұтатын құбырды тоқтатпау оп - оңай екен. Сусорғыштың әне бір кілтипанын оңға қарай екі - үш рет бұрай қойсаң, лоқсып - лоқсып жіберіп, құбыр әрмен қарай ала жөнеледі. Кәдімгі қақалған адамды желкесінен ұрғандай.

Забойға тіреу қойып жатқан адамдарға ағаш тасуға көмекке берген кісілер:

— Алғашқы кезде құлайын деп сықырлап тұрған тіреулерден зәре - құтымыз қалмайтын, — деп күлетін, —Дәл қазір үстіндегі жерді көтере алмай түсіп кететін тәрізді көрінетін. Енді етіміз үйренгендіктен бе, қолымызға балта алып біз де тіреу тұрғызғымыз келіп кетеді. Көп кешікпей бұған да жетерміз.

Адай шалдары жоғарыдағы жеңіл жұмысқа бармай, жер астына түскендерін мақтан ететіндері сөзсіз. Оның үстіне майданға баласы, не інісі кетпеген бірде – біреуі жоқ, ал «әрбір тонна қазылған көмір жеңіс күнін жақындата түседі!» деген ұран бұлардың да көкірегіне әбден қонғаны даусыз. Сондықтан да болуы керек, кейде жұмыс қажытса да, батса да, бірде - бірі табансыздық көрсетпеді, қандай қиын іс тапсырылса да бас тартпады, әлдері жеткенше орындап бақты.

Шахтаға түскен тоқсан шалдың ешқайсысы сырттағы жеңіл жұмысқа сұранбады.

Бұлардың мұндай қылығына таң қалған Сары бір күні өзінің жерлестерін үйіне дәмге шақырды. Өкпесін ішіне сақтап қалды ма, қалмады ма, белгісіз, Басықараға да «кел» деді.

Бегістің пәтері шахта бастықтарына арнап салынған, кең бес бөлмелі үй екен. Іші толған жиһазы мүлік. Бір бөлмесінде әкесімен реңі әлі де бұзыла қоймаған тоқал шешесі, екінші бөлмесінде — әлі оқуға бармаған кішкентай қарындасы Тана тұратын тәрізді. Өзгелері өздерінікі секілді. Бегістің екі кішкентай баласы, шырайлы келген мұғалима әйелі бар екен.

Сары қонақтарын ортадағы кең бөлмеге отырғызды. Екінші әйелі, келіні, қызы тік тұрып қызмет істеп жүр. Ет жер алдында үйге өздерінің шахта бастығы Бегіс те келді. Бұл — жұмсақ мінезді, жүдеу өңді қара торы жігіт екен. Тіпті басқаға ұқсамайды. Сөзі де, өңі де биязы. Шалдар Бегіспен жұмыста көп кездеспейтін. Ал өзгелері жұмыскерлерден «өте қатаң, бірақ білгір кісі» деп еститін. Бегіс шахтаға түсті дегенше бүкіл забой іші, қораларына қасқыр кіргендей үрейлене қалатын. Жұрт аяғының ұшымен қимылдайтын. Ал шалдардың бүгінгі көріп отырғандары ондай «қатаң бастық емес. Хал-жағдайларын, жұмысты қалай істеп жатқандарын сұрап, сыпайы, жайдарлы әңгімелесіп отыр. Бегістің бұл қылығын шалдар «Біз жерлестері болған соң, әкесінің абыройы үшін сыйлағаны болар, — деп ойлады.— Бұнысына да рахметі Оқығандығын істеп отыр ғой, әйтпесе, қарамағындағы біздей шалдар кімге дәрі!»

Ет жеп, шай ішіп болған кезде Сары:

— Ертең шахтаға мен де түсем, — деді Бестібайға қарап, - сендерден қалғым келмейді.

— Шахтаға түсем дейсің бе? — Бестібай оған тесіле қарады. — Біз болсақ бір сәрі, алыс жерден келдік. Ал саған...

— Не жоқ дейсің ғой? — Сары бір тізерлеп отырып алды, — мынау үй, мынау бала — бәрі бар демексің бе?!

— Иә, төрт түлігің сай...

— Мәселе қарыныңның тоқтығында, көйлегіңнің көктігінде ме? — Сары әлденеге жүдей сөйледі, — Соғыс басылғаннан кейін елге қайтқым келеді, жер - суды сағындым.

— Е, елге қайтсаң, сені шахтада жұмыс істемеді деп біреу Маңғыстауға кіргізбей қояды дейсің бе?

— Әрине, ол солай ғой. Бірақ ертең елге қайтқанда сендердің беттеріңе қалай қараймын? Басықара тәрізді біреу, — ол Түйебайдың баяғыдағы жалшысына әлі өкпелі екенін жасыра алмай қалды. — Біз жер астынан көмір шығарып жатқанда, сен жұртқа көйлек - ыштан үлестіріп, моншаның легенін санап жүр едің ғой деп бетіме салық етсе не деймін? Одан да, шахтаның астында өлгенім жақсы емес пе?..

— Біреу бірдеме айтады екен деп шахтаның астында өлмей - ақ қой, — деді Бестібай. — Ал елге қайтамын дегенің дұрыс. «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деген. Босансақ, бір күн тұрар ма екенбіз бұл арада.

— Қарағанды қанша жақсы болса да, Маңғыстауға қайдан жетсін!—деді қартаңдау келген кісі. — Шіркіннің топырағын бір иіскеп өлсем, арманым жоқ!

— О күнге де жетерсің, Маңғыстауға да барарсың, — деді қиқар Басықара, — жерін иіскеп жатқан кезіңде, өле қоюға көнер ме екенсің, көнбес пе екенсің оны да көрерміз! Жетуіне жеттім ғой, енді жүре тұрайын деп жалынарсың әлі құдайыңа. — Басықараның мұндай сөзіне өзгелері әбден үйренген болулары керек, құр езу тартты да қойды. Ал Басықара енді Сарыға қарады, — Өзгені білмеймін, ал менің өз басым сіздің шахтаға түсемін дегеніңізді қуаттаймын.

— Неге? — деді жанында отырған жүдеу өңді кісі.

— Мынау үй, мынау күй!.. — Басықара қуақылана жан - жағына қарады,—Ал кеше Түйебайдың арқасында бізден артық тұрғансың... Өмір бойы осылай ауырдың үстімен, жеңілдің астымен өтесің бе? Әділеттік деген қайда? Қолыңа күрегіңді алып, маңдайыңнан терің бұрқырап, вагонеткеге көмірді тией алмай менімен қатар бір тұршы! Тереземнің теңелгенін бір көрейін!

Әзілді түсінген жұрт ду күлді.

Мынау ит менің соңымнан қалар емес қой, — деді Сары да масайрап. — Бірақ байқа, жылағанда соқыр көзден де жас шығады, ышқынып кетсем көмірді де сенен кем тиемеспін!

— Тиесең, тиерсің! — деді Басықара күліп. — Өмір бойы маңдайыңның тері шып - шып шығып бір ауыр жұмыс істеп көрген жоқсың, бойың толған қуат болар.

Жұрт тағы күлді.

— Қап! — деді Сары, — осы сенің сөзің үшін, ертең шахтаға түсермін.

— Түс! Түс!—деді Басықара қызып кетіп, — бұрын қамшыны қалай үйіруді сенен үйренсем, күректі қалай ұстауды енді сен менен үйрен!

— Жақсы!

Жұрт тарар алдында Сары тағы:

— Әрине, Маңғыстауға шоқиып кемпір - шал екеуміз ғана бармаймыз,—деді. — Бегіс енді Қарағандыдан кете алмайды. Сол себептен де мына Танажанға соңыра оқуға түскенінде Маңғыстауға керек мамандық ал демекпін, ержеткенде соны қалқа етіп бармасақ, ағайынның арасында да сыю екі талай ғой...

Казармаға қайтып келе жатқан шалдардың бар әңгімелері жаңағы өздері шыққан Сарының үйі болды.

— Көрдіңдер ме, Маңғыстаудан қаңғып, қашып кеткен Сарыны? Бізден ақылды болып шықты, — деді біреуі. — Баласын оқытыпты... Соның арқасында, ханға да сәлем бермейтін күйде қазір... Ал біз болсақ...

Маңғыстаудан шет шықса қасқыр жеп кететіндей ұлы - қызымызды от басы, ошақ қасы еттік те қойдық...

— Қызын да оқытпақ.

— Өзі де бір керемет көркем болайын деп тұрған бала екен!..

Бестібайлар екі жылдайын Қарағандыда өткізіп соғыстың беті түзелген кезде елдеріне қайтты. Майданда жараланып, осыдан бір жыл бұрын Хәлел де үйіне келген, қазір Құлсарыда мұнай мұнарасында жұмыс істеп жүр. Бестібай Қарағандыдан қайтысыменен соның қолында оқып жатқан кенжесі Жәлелді оңаша шақырып алды да:

— Қарағым, — деді ол,—менің басыма қойған құлпытасың болсын, мектебіңді бітіргеннен кейін, әлгі анжинер болатын оқуға түс!

Өмір өзгерткен, Қарағанды өзгерткен, үрім - бұтағының келешек күні, өнер, біліммен байланысты екенін ұққан Бестібайдың бұл шын тілегі еді.

— Жарайды, көке! — деген Жәлел күліп. — Өзімнің де арманым — оқу!

Соғыс та бітті, Жәлел енді Гурьевтегі мұнай техникумына барып түсті. Одан кейін Қазақ университетінің мұнай факультетін бітіріп, ойдағыдай маман болып шығу үшін Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай институтынан білімін толықтырды.

Әке тілегі баласына жол көрсетер жарық жұлдызы болды. Соның арқасында емес пе, бүгінгі күні Жәлелдің, осыншама қыруар жұмысты басқарып, туған елінің керегін іздеп жатқаны!

Иә, соның арқасы! Өздерін оқытқан, хат танымаса да, болашақ күннің ғылымсыз, өнерсіз қараң екенін жүректерімен сезген осы отырған қарттардың арқасында ғой. Сондықтан үлкен адамдарға Жәлел үнемі ілтипатты жылы қарайтын.

Демек әкесінің: «Сары Түйебайдың сойылкері болған» деген сөзін естігенде, оның түрі сәл өзгергендей кескін көрсетті. «Сұсты адам екенсің, кезінде менің әкем секілділердің жон терісінен таспа алған сабаз шығарсың!»

Билеп кеткен сезімін бірден баса алмады. Енді бейтаныс адамға тұнжырай қарады.

Баласының халіне түсінген Бестібай кенет ақжарқын жүз көрсете күлді.

— Ой, бір кезде бай сөзін сөйлегенмен, бертін келе өз тобына қосылған, — деді, — тұратармияға барғанда, Қарағандыда шахтада қатар тұрып жұмыс істедік.

Бестібайдың баласына ұнамай қалғанын сезген Сары:

— Құдайға шүкір, Совет үкіметі надан кездегі қатемді кешті, өңменімнен біржолата итерген жоқ, — деді, — Балаларымды оқытты. Бір ұлым, бір қызым өзіңдей анженер болды. Ұлым — Қарағандыда шахта бастығы, қызым — су анженері. Соған еріп туған жерге келіп отырмыз...

«Ә, жаңағы қыз осы кісінікі болды. Ұмытпасам, бұл кісі Жанбоз руынан деуші еді ғой. Қызына арғы атасының атын берген екен».

«Ғажап! .Жаңа Тананы көріп іші қандай жылып кетсе, енді оның әкесін кездестіріп кенет көңілі құрғыр үрке қалды. Бұл неліктен? Әкесінің байдың сойылкері болды деген сөзінен бе? Сондағы сойылкер осы отырған мыжырайған қаба сақал кәрі шал ма? «Көн құрысса қалпына барады деген осы да!»

— Әй, Бестібай, — деді Сары, — сонда шахтаға түскенім қандай жақсы болған. Танажанымды да шахтердің қызы деп жоғарғы мектепке бірден алды емес пе, айналайын үкімет әділетті ғой.

Сары бір кезде бай шашпауын көтергеніне әлі де қысылатын секілді. Сол үшін де әлгі сөздерді айтты ғой. Бұны түсінген Бестібай:

— Әрине ғой, — деді. — Кеңес үкіметіндей әділетті өкімет болмаса, сенімен мен бүйтіп балаларымызды анженер етіп, шалқайып отырмас едік қой.

Шалдардың қысылуда екенін ұққан Жәлел де өзіне - өзі ренжіді. «Қайдағы жоқты қайдан шығарып тұрмын. Дәл бір осы шалдар айқасқан тап тартысын басымнан өткізіп, содан етімде өшпейтін таңба қалғандай, баяғыда бай жағында болыпты деп мына шалға неге тікірейе қалдым?»

Жәлел осылай өз сезімін ақылға салып, қанша басқысы келгенмен, неге екенін өзі де білмейді, жүрегі құрғыр Сарыға жіби қоймады.

Ол терезе алдына барды. Сағымды күні көк аспанның етек тұсына қадаған бір сүйір жалаудай, алыстан бұлдырап Хәлелдің мұнарасы көзіне түсті. Тағы ойын бір жүдеу сезім билеп кетті. «Расыменен, Хәлелдің буровойынан мұнай қабаты кездеспей ме? Онда қалай болады? Әрине, бір барлау скважинасынан мұнай шықпады деп ешкім бізді орнымыздан алып тастамайды. Мүмкін, қондырғы тұрған жерден кен қабаты үзілген болар. Бұрғы мүмкін бөтен геологиялық ерекшелікке шығар? Бірақ халық алдында жауапкершілік деген бар емес пе? Әркім өзінің нәтижесіз ісіне сылтау іздей берсе не болады? Жоқ, мәселе істі нәтижелі етуде. Қатесіз жұмыс істелуде!»

Көңілі енді тағы Сарыға ауды.

Адамды өмір өзгертеді деген, міне, осы. Бір кезде мақтан болған баймен жақындықтан енді мына кісінің құтыла алмай отырған түрі мынау». Бір мезет осы конфискелеуге келген революционер Петровскийді Сарының жігіттері өлтірді деген бала кезінде естіген ел арасының сөзі есіне түсті. «Біреудің малы үшін кісі өлтіруге барған тентек, міне, қазір түбіттей жұмсақ. Өткенді аузына алғысы келмей - ақ отыр...»

Жәлелдің ойының дәл үстінен шыққандай Сары: Басқа елге қаңғып бару алғашқы кезде жаман батты, — деді Бестібайға. — Сөйтсем өзге де қызық бар екен. Бала оқыту тәрізді. Және өзіңнің маңдай теріңмен тапқан тамағың қандай тәтті.

Жәлел оған ойлана қарады. «Бишара - ай, қайтсын, өткен күннен қашып құтыла алмай отыр – ay!» деді тағы ол ішінен.

Жәлел үндемей бұған ойлана қараған сайын, Сары қипақтай түсті.

— Айтпақшы, — деді ол Бестібайға бұрылып. — Ана жылы Түйебайды конфискелегенде жазым болған Петровский деген кісі бар еді ғой. Соның баласы өткен жылы Қарағандыға келді. Мәскеуде тұрады екен. Үлкен оқымысты көрінеді. Біздің Бегістің үйінде қонақта болды. Соның өз аузынан естідім, Петровскийді тонаушыларды басқарып, құмда қашып жүрген алаш офицері, сол өзіміздің Түйебайдың баласы Әжіғали өлтіріп кетіпті. Бұрыннан өші бар екен. Артынан ол ит колхоздастыруға қарсы бай - кулактың көтерілісін ұйымдастыруға қатысыпты. Соңынан ішкі жаққа бөтен атпен қызмет істеп жүрген жерінен қолға түсіпті. Сотта әлгі Петровскийді өлтіргенін мойнына алыпты. Жанындағы серігі ұстап берген көрінеді.

— Бәсе! — деді Бестібай. — Барымта емес, ерегес емес, өз малы емес, біреудің малын кәмпескелеуге келді деп, айдаладағы кісіні жігіттер қалай өлтіріп кетті деп өзім де күмәнданып жүруші едім. Және сенің жігіттеріңе тапанша қайдан келеді? Кісі өлген жерден тапанша табылыпты деп жүр еді ғой жұрт со кезде. Иттің артынан қалған үрім -бұтағы бар ма екен?

— Кімді айтасың? Әжіғалиді ма? Жеті жасар бір баласы болатын. Сырт естуім ұры -қарыларға қосылып кеткен көрінеді.

— Мүмкін...

«Бұл қай оқымысты Петровский болды екен? Мұнай институтындағы профессор Михаил Васильевич пе екен? Менің Маңғыстаудан екенімді естіп, үйіне шақырып еді, әне барам, міне барам деп жүргенде өзі шет елге командировкаға кетіп қалып, жолыға алмап едім. Сірә, қайтып келген ғой. Мәскеуге барсам, іздеп тауып алуым керек - ақ екен. Әкесі әлгідей қашқын алаш офицерден ажал тапқан болса...» деп Жәлел ойлап келе жатты да, кілт терезеге қарай түсті.

Дәл осы кезде Жандосқа еріп, поселкеге Тана қайтып келе жатыр екен. Жәлелдің жүрегі тағы әлек бола қалды.

Онсыз да мойынға алған міндеттен, үлкен мұнайды таба аламыз ба, таба алмаймыз ба деп әбден қобалжи бастаған жігіт енді өзіне маза бермес тағы бір беймаза кеселдің қосылғанын білді.

Қырсық қырық ағайынды. Жәлелдің өз басындағы қиындықтары аз болғандай, осы тұста Өзекке Сәлімгерей келді. Профессор Маңғыстауды жан - жақты тексеріп жатқан академияның экспедициясына көмек бермек. Өзі бұрын осы Өзекті зерттеген. Қасында әйелі Гүлжамал бар. Бірақ бұл қазір профессордың тек әйелі емес, бір жағы хатшысы, стенографисткасы. Сәлімгерей қайда жүрсе, бұ да сонда жүреді, ерінің дәл бір көлеңкесі тәрізді.

Сәлімгерей мен Гүлжамал кеше келген. Жәлел бұларды іздеп бармады. Оларға жолықпай, мұнара жағына кетіп қалған. Содан түн бола бір - ақ қайтқан. Ал бүгінде жолыққан жоқ. Кабинетінен шықпай қойған. Сөйтіп отырғанында Тананы көрген. Енді Гүлжамалға тіпті кездескісі келмеді.

Жәлел тағы терезеге қарады. Тана Жандоспен үйдің жанынан өтіп бара жатыр екен. Қыз әлденеге жалт бұрылды. Тостағандай мөлдір көзі жарқ ете қалды.

Екі шал әлі сөйлесіп отыр. Оның құлағына бір мезетте Сарының сөзі естілді.

— Көзі танадай үлкен болған соң шешесі Тана деп атап кетті. Кішкентайында ылғи «Танакөзім» деп аймалайтын...

Жәлел өз ойына алданып біраз отырып қалса керек... Үйге түскі тыныстамасына Хәлел кіріп келе жатыр екен. Жәлелдің жүзі тағы жадырап кетті. Екеуі де бір ана, бір әкеден туғандай тату - тәтті боп бір жерде жұмыс істеп өмір сүргенмен, ағалы - інілі ретінде сирек сөйлесетін. Жәлелдің өз ісінен, ойынан қолы босамаса, Хәлел үйіне ұйықтауға, тамақ ішуге ғана келетін. Өзге уақытының бәрін мұнай мұнарасының қасында өткізеді. Ағасының қондырғысы мұнай көрінетін тереңдіктен өтіп бара жатқан сайын іштей қобалжи түскен Жәлел қазір өзі сол жаққа барғалы тұр еді, Хәлелдің келгеніне қуанып қалды.

— Хәке, өзім барайын деп тұр едім, жақсы келдіңіз ғой, - деді Жәлел ағасының қолын алып жатып.

— Жай ма еді?

— Қайдан жәй болсын, — Жәлел ақырын күрсінді, — мерзімі өтіп кетті, ал мұнай әлі көрінген жоқ. Әлде мұнараны бос жерге құрдық па? Ақылдасайын деп едім.

Хәлел аппақ тістерін көрсете күлді.

— Тым ерте қобалжи бастаған екенсің, асықпай тұра тұр. Мен бірдеңе білетін болсам, екі - үш күнде мұнай қабаты да көрініп қалар.

— Қойшы? Белгісі бар ма?..

— Бүгін долатам уақ құмдақты тас шығарды. Жуынды сазбалшық та көпіршиді. Және жүрегім естіген секілді, алыстан бір газдың гуілі жеткендей ме, қалай...

— Уа, іске сәт!

Хәлел енді інісін қуантқысы келгендей шабыттана дауыстап қалды.

— Мұнай еш жаққа кетпейді, — деді ол, — тойға дайындала бер!

Дәл қазір жер астынан мұнай атылып жатқандай, екі шал да сөздерін тыйып, қалбалақтай қуанып тұра берді. Үй іші жадырай түсті.

— Іске сәт!

Ертеңіне Хәлелдің бұрғылап жатқан жерінде қалың мұнай қоры бары белгілі болды. Бұдан кейін жүргізілген бұрғышы ұстазы Ораз Әшіровтің да скважинасынан мұнай қабаты кездесті. Жәлел Өзекте іздеген кендері бар екеніне енді күмәнданбады. Бірақ оның көлемі, қоры қандай? Келесі мәселе, міне, осында еді. Өйткені бір - екі іздестіру скважинасынан көрінген мұнай оның алаңының қоры жөнінде мағлұмат бере алмайды.

Жәлел қайтадан ойға шомды. Ол алғашқы жылдары - ақ Маңғыстау мұнайының негізгі қоры оңтүстік Маңғыстау ойпатының теріскей қанатында деп болжаған. Орталық Маңғыстау — Төбежіктен табылған мұнайдың өндірістік бағасы нашар болып шықты. Ал солтүстік Маңғыстауда — Қызан алаңынан аздаған белгі көрінгенмен, жөнді мұнай табылмады. Сонда, Маңғыстаудың орталығы мен солтүстігінде мұнай белгілері бола тұрып, оңтүстігінде болмауы мүмкін бе? Жәлел мүмкін емес деп шешкен. Төбежік пен Бозашыда іздестіру жұмысы аз жүргізілді, түбі, бұл жаққа қайта соғу керек деп ойласа да, оңтүстік Маңғыстау ойпатында мұнай қорының мол екеніне шек келтірмеген. Бұл оңтүстік Маңғыстау ойпатының солтүстік қанаты Беке — Басқұдық дөңесімен қиысар жері, Маңғыстаудың басқа геологиялық аймағымен салыстырғанда, теориялық тұрғыдан қарар болса, төрт түрлі үлкен айырмашылығы барын Жәлел әбден ұққан.

Бірінші айырмашылығы: ұзындығы отыз бес, ені он километр Өзектің алып алаңы — өзге аландармен салыстырғанда оңтүстік ойпаттың ең биік жері. Екіншіден, Өзек алаңының жер асты құрылысының өзгешеліктері. Бұл тұста мұнай бітетін Юра - Бор қабаттарының қалыңдығы бір мың бес жүз—екі мың метрдей және бұл арадағы мұнайдың бұзылмай сақталуына барлық жағдай бар. Өйткені, бұл алаңның үстін иненің көзіндей тесігі жоқ, тығыз бор аралас сазды палеоген қабаты жауып жатыр. Үшінші айырмашылығы: Оңтүстік Маңғыстаудың солтүстік қанаты боп келетін Өзек, Қарамандыбас, Ассор алаңдарында мұнай ұстайтын Юра - Бор қабаттары жер қыртысы жарықтарынан аулақ. Мұнда мұнай Төбежіктей жарықтар арқылы быт - шыт боп жер бетіне шығып, өзінің жеңіл құрамдарынан аза болып, ауамен араласып қоюланып маңызын жоғалттыратын табиғи жағдайлар жоқтың қасы.

Төртіншіден, оңтүстік Маңғыстаудың жер құрылысының Кавказ, Түркия, Иран кендерімен қатынасының жоғы. Мұндағы мұнай миллиондаған жыл оңтүстік Маңғыстау ойпатының солтүстік қанатына қарай жылжи - жылжи, ақырында Өзек алаңын түгелдей толтырған. Жәлел осылай ойлаған. Бұны Өзекте қазылған структуралық скважиналар анықтады. Осыдан барып, Өзекті жан - жақты терең барлап, бұл араны өндірістік пайдалануға даярлық ісін жүргізу мәселесі туды. Жәлелдің ойынша, Өзек Қазақстан көлемі түгіл, бүкіл совет көлемінде мол қорлы мұнай ордасы. Жүргізілген скважиналардың разрездері бойынша, мұнда жалпы газ, мұнай қалдығы — мың метрдей. Екі жүз метрден мың жарым метрге дейін тереңдікте жүзге жуық мұнай, газ қабаттары бар. Мұндағы мұнайдың көлемін ашу үшін бұрғылау схемасын — методикасын тез шешу керек.

Міне, қазіргі Жәлелдің бар ойы осы. Ол қол сағатына қарап еді, кешкі бес кезі болып қалған екен. Кенет самолет гүрілі естілді. Терезеден қарап еді, поселке сыртына қонғалы жатқан АН - 10 самолетін көрді. Жәлел асыға сыртқа шықты. Самолет те қонды. Алаңға бара жатқан Жәлелге самолеттен түскен бір топ адам қарсы жүріп келе жатты. Жақындаған кезде кейбіреуін Жәлел тани бастады. Іштерінде өзінің Алматыдағы кешегі жолдастары да бар.

Қол алысып амандасып болған соң Жәлел олардан осыншама адамның хабар - ошарсыз бірден келе қалған мән - жайларын сұрады.

Бұлар Сәлімгерейге жәрдемге Өзек мұнай алаңының бұрғылау схемасының проектісін жасауға келген кісілер екенін білді.

Кеңес сол күні - ақ түнделете геологиялық карта, схемалардан аяқ алып жүретін жері жоқ. Жәлелдің кабинетінде басталды. Кісінің көптігі соншалық топограф, коллекторлар отыратын ауыз бөлменің іші де геолог, бұрғышы, инженерлерге толды. Ортадағы есік ашып қойылды.

Кеңесті басқарып отырған Сәлімгерей Өзек мұнай алаңының болжауын қорыта келіп:

— Жолдастар, Өзектің барлау схемасын жасау, менімше, бәлендей қиындыққа соқпайды ғой деймін, — деді көзінен екі саусағымен сыпайы түрде алтын сымды көзілдірігін алып. — Ембі мұнайшылары соңғы он - он бес жылдың ішінде Қаратон, Қарсақ секілді мұнай кәсіпшілдіктерін ашты. Сонда пайдаланылған барлау схемасы Өзекке де келіп жатыр. Сол схеманы қолдану керек.

Бұл схема — бірінші скважина мұнай қабатын кездестіргеннен кейін, келесі барлау скважиналарды алғашқы жүргізілген скважинадан алшақтау қондырып, бірте - бірте оған жақындау әдісі еді. Осылай мұнай алаңының көлемі анықталады. Геологтар тілімен айтқанда, белгісізден белгіліге келу. Бұл әдісті, көбіне, американдықтар қолданып келген. Олар бұны «тағы мысық» әдісі деп атайды. Американдықтар осындай жолмен жүз скважина жүргізіп, оның елуінен мұнай кездестірсе, соған риза. Өйткені осының өзі олардың шығарған қаражатын, еңбегін ақтайды. Әрине, бұлай барлаудың өзіне тән екі ерекшелігі бар. Бұл әдіс, біріншіден, көлемі тар, көлденеңі — бір - екі километрден аспайтын шағын мұнай алаңын, тұзды күмбездерді — брахиан клиналарын барлауға қолайлы. Екіншіден, бұл әдіс станок, кен құрал - саймандарының, бұрғылау жүргізетін бригадалардың жеткілікті болғанын керек етеді.

Сәлімгерей сөйлеп болысымен, кезекті Жәлел алды.

— Ғафу етіңіз, құрметті профессор, сіздің ұсынысыңызға менің көңілім толмайды, — деп бастады ол сөзін, — шынын айтсам, ондай схемаға қарсымын.

— Неге?—деді әлдекім.

— Қазір түсіндірейін. — Ол әлденеге көйлегінің үстіңгі түймесін ағытты.—«Тағы мысық» әдісі шағын алаңға және бірден жан - жақты жұмысты бастап жіберу үшін техника мен кісілері көп кен орындарына қолдануға ыңғайлы. Ал біздің Өзек секілді далиып жатқан жерге жарамайды. Ұзындығы отыз бес, көлденеңі он километрден асып кеткен мұнай алаңын әлдеқайдан бастап бұрғылау жүргізу үшін қаншама күш керек? Кем дегенде, жүздеген скважина өткізуіміз қажет. Оған техниканы және бригадаларды қайдан аламыз? Ал қазір біздің бар бұрғылағанымыз — екі - ақ іздестіру скважинасы. Дәл бүгінгі таңда біздің тарапымыздан он станок, оған он бригада табудың өзі қол жетпес қиялмен тең дүние.

— Сонда қандай әдіс қолдан дейсің?—деді тағы әлгі дауыс.

— Қазір... — деді Жәлел. Ол өз ойын жалғай түсті, — мұнда еске алатын тағы бір жағдайымыз бар. Ол мынay — қалыңдығы мың метрден астам жүздеген мұнай, газ қабаттары бар Өзек тәрізді алыпты Ембі тәрізді шағын мұнай алаңымен салыстыру үшін бұрғы жүргізсек, бізге құрығанда он жыл өмір керек. Ал мұнайды бүгін табуға міндеттіміз. Өзектің бар қорын ашу жұмысын әрі кеткенде бес жылдың ішінде бітіруге тиістіміз. Бұны бізден партия, халық, үкімет тілеп отыр. Сондықтан бұрғылау схемасын басқаша құруды ұсынам...

— Айтыңыз! — деді Сәлімгерей сәл күлімсіреп.

— Айтсам... — Жәлел қабырғаға сүйеп қойылған тақтайларға жабыстырған айқыш -ұйқыш геологиялық карта, диаграммалар, разрездердің қасына барды. — Miнe, Бірінші нөмірлі скважина, — деді ол алдыңғы қатарды көрсетіп,—бұл терең структуралық скважинаның разрезі үш топқа бөлінеді. Бірінші қабат — газ қабаты. Екінші — мұнай қабаты. Ал, онан төмен қарай су мен мұнай аралас қабат кетеді. Ар жағында мұнай жоқ. Біздің ойымызша, осы жоғарыда көрсетілген үш топ разрездегі мұнай, газ топтарын үш мерзімде барлауымыз керек.

— Ол не деген сөз?—деді тағы бір дауыс арт жақтан, — қалай түсінеміз?

— Ол былай,—деді Жәлел, — Доссор секілді мұнай алаңы төрт қабаттан тұратын жерді бір скважинамен бір мезгілде бұрғылауға болады. Ал, жүз қабаттан құрылатын Өзек мұнай алабын олай бұрғылай аласың ба? Оған қаншама жыл керек. Сондықтан, үш топты үш бөлек скважиндармен үш мезгілде бұрғылау қажет.Бізге керегі мұнай болғандықтан, бірінші кезеңде барлық күш, қаражат, адам, мамандар — бәрі - бәрі тек мұнай қабатын барлауға жұмсалады. Екінші кезеңде, мұнай қабаты мен газ қабатын барлау жұмысы қатар жүргізіледі. Ал, үшінші кезеңде су аралас мұнайды барлаймыз.

Шынында, Жәлелдің ұсынып тұрған әдісі жаңа әдіс еді. Отырғандар үн - түнсіз біресе Жәлелге, біресе тақтадағы сызықтарға қарады. Үй іші ұшқан шыбынның даусы естілердей тып - тыныш бола қалды.

Жәлел аппақ орамалымен маңдай терін сүртті де, сөзіне қайта кірісті.

— Жоғарыда айтылған үш топтағы әр кен қабаттарын бұрғылауда скважиналардың бір -біріне ұқсамайтын, әрқайсысының өзіне тән өзгешелігі бар, әдісі, торы болады. Мәселен, мұнай қабаттарына біз бұрғылауды былайша жүргізер едік. — Ол отырғандардың көңілін тағы картаға аударды. — Басқаша айтқанда, бұрғылау схемасын былай құрар едік.

Жәлелдің ойынша, Өзек мұнай алаңы алты профильге бөлінеді. Барлау дәл ортадағы профильден басталады. Бұл профильге бірінші және екінші структуралық бұрғылау скважинасы орналасады екен. Келесі барлау скважиналары олардан сәл қашықтау жүргізіледі. Геологтар тілімен айтқанда, мұнайы бар белгілі скважинадан мұнайы бары, жоғы белгісіз алаңға қарай жүру. Яғни бұрғылау станоктары мұнай анықталған, сыналған скважиналардан бастап бірте - бірте жан - жағына қарай алыстай береді. Ал, әр профильдің арасы екі жарым, жеке профильдегі барлау скважиналардың арасы бір жарым шақырым. Әр скважина өзіне арналған тапсырмасына қарай шахмат көздеріндей бірі мен бірі қиғаш орналастырылады.

Келесі санды барлау скважинасын белгілерде өткен сынау скважинасы көрсеткен мұнай мен судың түйіскен тұсы еске алынып отырылады.

Міне осылай қойылған алпыс скважиналар, Жәлелдің ойынша Өзек алаңының мұнай қорын тегіс анықтап беруге тиісті.

— Осы жұмыстың бәрінің бітуіне төрт жыл уақыт керек, — деп Жәлел сөзін бітірді.

Осылайша жүргізілген әдіспен, бірен - сараны болмаса, барлау скважиндары өзінің міндеттерін орындады. Әрине, бұл соңынан анықталды ғой. Ал, қазір ше? Жәлел өзінің ұсынған барлау әдісіне қаншама сенгенменен, әзірге бұл жобаның немен тынатыны белгісіз. Жер астындағы мұнай сандыққа салып қойған мүлкің емес, егер болжауың дұрыс шықпаса қаншама қаражат, еңбек, уақыт зая кетпек. Сөйткенменен де, қорықпау керек. Ғылыми дәлелденіп тұрған ойдан бас тарту — әскердің алғалы тұрған қамалынан шегінумен бірдей. Қиындықты тек қорықпаған ғана жеңеді. Сол жүректінің бірі — Жәлел.

Көп адам сөйледі. Біреу қарсы, біреу жақтайды. Көбі Жәлел жағында.

— Жәлел Бестібаевтың ұсынған әдісі мұнай зерттеуде сирек қолданылатын жаңа әдіс, — деді сөзді қорытқан Сәлімгерей,— тек нәтижелі болуын тілейік.

Үш күннен кейін Сәлімгерейден өзгесі Алматыға жүріп кетті. Ал, бір жеті жетпей бұл барлау схемасын Қазақстан кен зерттеу министрлігінің құрамасы да бекітті.

Осылай Өзек мұнайының тағы бір жаңа кезеңі, үлкен мұнай үшін жаңа тартыс – күресі басталды.

Жәлел осы бекітілген схемада көрсетілген геологиялық карталарды алдына жайып қойып, ойда отырғанда, үйге Жандос кіріп келді. Бұл — қандай қиын жұмыста жүрмесін, үстіндегі көйлегінің жағасы кірлеп, кенептен тігілген жеңіл костюмінің қыры сынып ұйпаланып көрмейтін адам. Сол әдеттегісіндей мұп - мұнтаз сәнді қалпы. Тек ботинкасының үстіндегі шаңы жаңа ғана дала жаққа барып қайтқанын аңғартады! Жүзінде сәл абыржығандық бар.

— Валентин Шиловтың скважинасында болдым, бір мин төрт жүз метрден асып кетіпті, — деді ол байсалды үнмен, орындыққа жайғасып отырып жатып. — Ал, Хәлел қондырғысын жинап жатыр. Ұмытпасам, оны мына тұсқа тұрғызамыз деп едік қой, ә?—Ол түрегеліп Жәлелдің алдында жатқан геологиялық картаның біреуін тауып алып, болашақ скважинаның қай жерден қазылатынын көрсетті. — Мына белгі ғой деймін?

— Иә, сол жер... дұрыс, — деді картадан көзін алмай Жандос. — Бірақ Өзектің дәл осы тұсында мұнай барын немен дәлелдейміз?

— Адамда интуиция деген бар емес пе? Және оның үстіне, мына скважиналардың разрездері де мұнайдың осы тұста жатқанын көрсетпей ме?

— Егер бұл арадан қателессек, сенің интуицияңның бізге қаншаға түсетінін білесің бе?

— Білемін. Құрығанда жарты миллион сом ақша.

— Әнекей!

Екеуі де үндемей қалды. Әрқайсысы өз ойының құлы тәрізді, дәл қазір бір дәрменсіз жандар секілді.

— Сосын, — деді бір кезде Жандос. — Бұрынғы схемаларды ұсынған Сәлімгерей ғой. Егер еңбегіміз зая кетсе...

— О кісінің де қателескенін бос қазылған мына скважиналар көрсетіп тұрған жоқ па? Есеп - қисап жүретін инженерлік ғылымға атақ, абырой бөгет бола алмайды. Әр нәрсенің өзінің реті бар...

— Мысалы, махаббаттың да дейсің ғой?

Жәлел осы арық, жүдеу өңді, күнге күйіп тотығып кеткен, жүзіне жолақ сызықтары түскен кісіге «бұл қай ойының, бұл жерде махаббаттың қандай қатынасы бар?» деп сұрамақ боп таңдана қарады. Жандос күлімсіреді.

— Сірә, мені өзіңдей жігіт болып көрмеді дейсің бе?

Жандос көз жіберіп тұрған терезе жаққа Жәлел де бұрылды. «ГАЗ-69» машинадан Тана түсіп жатыр екен. Шамасы, алыстағы бұрғылау қондырғысына барып қайтқан тәрізді. Жәлелдің жүрегі әдеттегісіндей тағы тыпырши қалды. Ғажап! Әнеукүнгі жұмысшылар кетпекші болған күннен кейін бұл екеуі кездескен жоқ, Кездеспесе де, бірақ бірінен - бірі бөлініп кете алмағандай. Әсіресе, Жәлел өзін осы бір қара торы қызға көзге көрінбес шынжырмен байланып қалғандай сезінген. Содан бері екеуі екі жақта жүрсе де, ойы Тананы іздеп тыным таппаған. Міне, қазірде де сол қызбен алыстан тілдесіп тұрғандай.

Жәлелдің даусы: «Мен сенімен сөйлесуге құмармын, неге көрінбей кеттің, үйге кірсейші».

Тананың даусы: «Жоқ, әзір кірмеймін, жұмысым бар, көргің келетіні рас болса, әлі де сағына түс».

Тана машинадан түсіп, адам қызығарлық бір сәнді жүріспен, аяғын ырғалта басып өз бөлмесіне кіріп кетті.

Жәлел Жандосқа бұрылды..

— Жаратылыс ережеге, заңға бағынғанмен, — деді оған, — адамның ойлағаны үнемі дәлме - дәл шыға бермейді ғой. Ал, біздің міндетіміз — ойлағанымыз бірден болмады деп тоқырап қалмай, іздей беру.

— Дұрыс, — деді Жандос. — Қондырғыны сол өзің ойлаған жерге көшір. Тәуекелсіз бәрібір ештеңе шықпайды.

Жәлел қуанып қалды.

— Рақмет.

Жандос Жәлелге өте ұнайтын. Үнемі осылай. Егер істің бағытын, идеясын жөн көрсе, Жандостың қандай жұмыстан болса да бас тартпайтынын Жәлел байқап қалған. Мұндайда экспедиция бастығы жауапкершіліктен де, қаражаттан да қашпайды. Әдеттегі сабырлы үнімен «жарайды» дейді де қояды. Жандос өз кабинетіне шығып кетті. Жәлелдің ойы кенет қайтадан Тананы іздеп тапты. Жоқ, Тана екеуі байланған шынжырдың бір басы «бері жүр» деп бұны өзі отырған бөлмеге қарай тартып бара жатқандай көрінді Жәлелге.

Мұндай толқыған жағдайда Жәлел дүниені тек өз тұрғысынан ғана ұға алатын. Егер көңілі қайғылы болса, көк аспан да оған күңгірт тартатын. Ал, қиялы көкке шарықтаған қуанышта тұрса, бұлтты аспан да кенет мөлдірленіп, айнадай ашық боп елестейтін. Мұндайда Жәлелге, Пабло Пикассо салған суреттердей, әдеттегі өмірден тыс ойын билеген әлемнің тек идеясы, өзі ғана ұнатқан, өзі ғана көре білген бейнесі ғана қалатын.

Міне, сондықтан қазір Жәлел үшін бар әлем, іздеп жатқан мұнай да, қазылып жатқан скважина да, алдындағы чертеж сызықтар да, бәрі - бәрі жоғалады да, көз алдында тек Тана ғана қалады. Мұндайда ол өзінің іс - әрекетін, қимылын, тілек - арманын ақыл -ойына бағындыра алмайтын, бәрін жүректің дегеніне, соғуына билететін. Осындай жағдайда ол Гүлжамалға да ғашық болған. Осындай жүрек қалаған минуттарда Танаға да ғашық болып үлгірген тәрізді.

Ғашықтық, ерлік ақылдан гөрі сезімнен туады. Адам кейде біреуді бірден неге ұнатты — өзі де білмеуі мүмкін. Оны тартқан түрі ме, әлде мінез - құлқы ма, не болмаса жанын тебіренткен әсем әні ме — дәлме-дәл айтуы қиын... Бірақ шын жақсы көрген адам бәрін де біледі. Шын жақсы көру — ғашықтық, адамның түрінен, мінез қылығынан, ақыл - ойы, сана - сезімінен, кісіні кісі етіп тұрған бүкіл қасиетінен, жан - тән гармониясынан туады. Шын сүю — адамды түгелдей сүю.

Біреулер «маған оның ең алдымен қос бұрымы көзіме түсті, қос бұрымына ғашық болдым» дейді. Ал, егерде сол қыз, не келіншек ертеңіне әлгі қос бұрымын кесіп тастаса, кешегі ұнатқан адам бүгін оны ұнатпай қалуға тиісті ме? Не болмаса, «мені ғашық еткен жаудыраған бота көз» дейді бөтен біреу. Ал жарайды, сүйген адамыңның бір көзіне тас тиіп зақымданса кісі дереу кешегі сүйгенін жек көре қала ма? Жоқ, шын махаббат адамның бір мүшесіне, не бір қылығына қызығудан тумайды, сол адамға жалпы қызығудан туады. Жәлелге Тана бірден ұнады. Жаудыраған бота көзі де, талдырмаш келген дене құрылысы да, шойын қараға ызаланған пішіні де, дірілдей шыққан күміс даусы да — бәрі - бәрі жігіттің жүрегінен бірден орын алды. Сөйтсе де, әсіресе өзіне жаудырай қараған қарақат көзі есінен кетпеді. Осы бір көз әнеу күні ішіне от тастап, сол от бірте - бірте өн бойын балқытып, қазір өртке айналып бара жатқандай сезінді Жәлел.

Әлгі көзге көрінбес шынжыр оны босатпады, Жәлелді еркіне қоймай тартып, Тананың кабинетінің есігін қаққызды.

— Кіріңіз!—деп сызыла шыққан қоңырқай әдемі дауыс.

Жәлел кірді. Тана екі білегін сыбанып жіберіп алдындағы керн - тастарды кішкентай балғасымен ұрғылап, бірдеме іздеп жатыр екен. Кенет костюмінің омырауы ашылып кеткен. Ар жағынан ақ жібек көйлегінің өңірі көрініп тұр.

— Қарындасым, амансыз ба?—деді Жәлел.

Қыз басын көтеріп алды. Тостағандай бота көзі жарқ ете қалды.

Жәлелдің ішкі даусы: «Көзі қандай әдемі еді. Тұнып қалған қарасудай түпсіз...»

— Өзіңіз де амансыз ба? — Қыз жымия күлімсіреді.

Қыздың ішкі даусы: «Әнеугіден бері неге іздеп келмедің? Әлде менің барғанымды күтіп жүрдің бе?»

— Жұмысыңызбен әбден танысып болдыңыз ба? Тәртіп бойынша гидрогеолог бас геологтың бөліміне жатады, ісіңіздің барысын бір хабарлап қоюыңыз керек еді ғой, — деді Жәлел.

Жәлелдің ішкі даусы: «Қап! Бөтен сөз таба алмадым ба? Бірден бағынышты екенін айтқаным сасқаным ба?»

— Әлі жағдаймен дұрыстап таныса алмай жатырмын, — деді Тана, — қызмет ережесімен танысып, уақыты жеткенде баяндаймын ғой деп жүр едім.

Ішкі даусы: «Өзім де сөйлескім келіп - ақ жүр: Ретін таба алмағанымды бұл қайдан білсін!»

— Демек, су мәселесі қазір ең ауыр мәселе боп тұр ғой, тезірек танысқаныңыз жөн болар, — деді Жәлел терезе алдына қарай барып.

Жәлелдің ішкі даусы: «Қап! Сөйлеспей жатып бұным не? Айтайын дегенім осы ма еді?»

Қыздың ішкі даусы: «Бұнысы несі келмей жатып? Бастық екенін көрсеткісі келе ме?.. Әйтсе де өзі жаман жігіт болмауы керек».

— Судың керек екенін мен де білемін, — деді қыз өкпелеп қалғандай. — Танысып - ақ жатырмын... Аз күнде бәрін бірдей біле қою қиын..

Жігіттің ішкі даусы: «Ренжітіп алдым білем. Қабағын шытқаны қандай әдемі еді! Жоқ, абайлап сөйлейінші».

— Әрине ғой, — деді Жәлел күлімсіреп. — Менікі жәй әшейін, жәрдемім керек болса деген ой...

Қыздың ішкі даусы: «Бәсе! Тым асығыс кетпегенің жөн болар. Өзі шынында да жақсы жігіт тәрізді. Бірақ көзі неге мені ішіп - жеп бара жатыр? Тек жәрдем бергісі келгені үшін бе?..»

— Жәрдем беремін дегеніңізге рахмет!—деді Тана қайтадан балғасын қолына алып алдындағы сұрғылт питы ұрғылай бастап. — Жәрдем сұрар кезімде өзім де келермін.

Жәлелдің ішкі даусы: «Тезірек кел. Сағына күтемін!»

— Онда жұмысыңызға бөгет болмайын, — деді ол есікке таяй беріп, — менің кабинетім төртінші есік.

— Білемін.

Жәлел шығып кетті.

Қыздың ішкі даусы: «От алуға келген жоқ едің ғой, Кішкене тұра тұрсаң қайтетін еді? Өзім де қызықпын, осындай жігіттермен кездессем сөйлесетін сөз таба алмай қаламын. Дүниеде осы Маңғыстаудың суынан бөтен өмір жоқ па еді? Әлде сөйлесетін басқа сөз құрып қалып па еді?»

Жәлел өз кабинетіне келгеннен кейін тағы ойға кетті.

— Қандай әдемі қыз? «Шу» дегеннен өзіме бағыныш екенін айтып шошытып алған жоқпын ба? Сөйткен тәріздімін. Мені бір тас мінезді, қатты адам екен деп ойлап қалды ғой. Бірақ Тана менің жүрегімнің алай – дүлей боп күйіп жатқанын қайдан білсін!»

Жоқ, Тана бәрін де ұққан. Өйткені дәл қазір өзінің де жүрегі аласұрып өртенуде еді.

Жәлел тәтті ойын бұза алмай әлі де ұзақ отырды. Кенет үйге Жандостың көмекшісі — бала жігіт кірді.

— Жәлел ағай, — деді ол. — Ерден ағай сізді шақырып жатыр.

— Ерден? О кісі келіп пе еді?

— Иә, Жандос ағай бұрғы мұнараларын аралап кеткенде келген. Мен аэроплан алаңына машина жібергем. Мейманханадағы бөлмеден шайын ішіп, конторға кірісіменен сіздерді шақыртты.

Ерден Малқожин — Қазақстан кен зерттеу министрлігінің мұнай жағын басқаратын үлкен жауапты қызметкері.

— Қазір, — деді Жәлел.

Бала шығып кетті, Жәлел қағаздарын ыңғайлап, өзіне керек бір папканы қолына алды.

— Бір ыңғайсыз кезде келді - ау, — деді ол өзіне - өзі. — Өйткені Ерден қатал, шарт та шұрт мінезді кісі еді. Ол келген кезде қай кәсіпшілікте болмасын тыныш күн кенет дауыл тұрғандай өзгеріп жүре беретін.

Жәлел әлденені сәл ойланып тұрды да, шығып кетті.

ЕКІНШІ БӨЛІМ

I

Жәлелдің көңіліне жорғаға мінгендей жел берген, қиялын қияға серпіндірген — осы өңір.

Рас, бұл келместен бұрын, Жетібайда мұнай шеберлері № 18 структуралық іздеу кралиус скважинасы жарты километрге сәл жетпейтін тереңдіктен газ фонтанын атқызды. Одан әрі бұрғылағанда, тым тереңде үлкен мұнай қоры жатқаны анықталды. Содан кейін ғана жұмыс Өзекте қайнай бастады. Енді, міне, Жәлел ұсынған жобамен Хәлелдің екінші барлау скважинасы жүргелі де біраз уақыт болып қалды. Жаңа скважина тереңдігі белгіленген межеден асып кеткен. Бірақ жер астынан атқылаған тау - кен жынысы тасынан мұнай білінбеген. Кен зерттеушінің көңіліне тағы күдік кірді. Халық ісі нәтижелі болуы керек. Қаншама қаражат шығып жатыр, ал мұнайдан еш дерек әлі жоқ. Мұнайдың барына іштей сенсе де, өзінен - өзі әбігерленіп «расыменен қате жолдамын ба?» деп қобалжи түсті. Бас геолог осындай халде жүргенінде, Хәлелдің бұрғылау — барлау терең скважинаның сынау кезінде он жетінші мұнай қабатынан кенет фонтан атылды. Фонтан атылды деген айтуға оңай, ал бұның не екенін көзбен көрсеңдер! Күн шығып келе жатқан мезгіл еді. Аспан айнадай ашық болатын. Кенет иін өлкенің құбыла жағынан биіктігі жетпіс-сексен метр жоғары көтерілген қарақошқыл бұлт көрінді. Қандай ғажап! Қандай сұлу сурет! Поселкедегі құрылысшылар тегіс далаға шығып қарап тұр. Бірін - бірі құттықтап, Құшақтап сүйісіп жатыр. Поселкеден жеңіл машинамен скважина қасына жеткен Жандос, Юрий, Жәлелдің екі езулері екі құлағында, үстеріндегі таза киімдеріне қарамай, май - май болған Хәлелмен кезек - кезек құшақтасып, құттықтап күлісіп жатыр. Бірақ моторлардың гүрілі, көкке атылған мұнай фонтанының гуілі бұлардың жай сөзі түгіл, айқайларын да естіртер емес. Әйтеуір, бастықтардың жақсылық айтып жатқанына шек келтірмеген жұмысшылар да бастарын изеп күлім - күлім етеді.

Шаттықтың шегі жоқ, өйткені, бұл — Маңғыстауда, жоқ, бүкіл қазақ жерінде атылған үлкен мұнай фонтаны! Жер астынан Қазақстанның үлкен мұнайынан алғашқы қуаныш хабарын әкелген алтын қанатты қарлығашы!

Фонтанның күштілігі соншалық 10 миллиметр штуцерден тәулігіне 80 тонна мұнай көкке көтерілді.

Қандай жеңіс! Бұған кім мақтанбас! Жұрттың бәрі де күйіп тұрған күннің ыстығында, таңдайлары кеуіп шөлдеп тұрғандарын да ұмытқан. Тек көңілдерін телегей теңіздей боп қуаныш билеген.

Жәлел бүгін де ерте тұрған. Күн көтеріліп, кеңседе жұмыс басталғанша, поселке сыртына шығып, серуендеп қайту бұған әдетке айналған. Мұндайда өзіне тек қиялын ғана серік ететін. Ал, қиял деген алтын құс, кейде бұны ұшқыр қанаттарына отырғызып алып, бүгінгі күннен әкетіп, халқыңның өткен күндеріне серуендететін. Жәлел бүгін де осындай күйде еді.

Бұл жерде кім болмаған, қай заманнан ел тұрмады. Геолог - археолог Алан Медоев Теңіз жағасындағы Сартас қырқасының жанынан палеолит дәуіріне жататын алғашқы адамдардың мекен орнын ашқан. Сол жерден тастан жасалған пышақ, найза ұшын, тағы сондай тас құралдарды тапқан. Сондай - ақ, Астрахань қаласының ғылыми қызметкері Курочкин осындай тас заттарды Құланды аралының маңынан қазып алған. Ал Бозашы түбіндегі «Жетіүйік» аталатын қолдан жасалған адыр, төбе, үйілген топырақтар осы арада бұдан екі - екі жарым мың жыл өмір сүрген массагет тайпасы көсемдерінің моласы еместігіне кім кепіл? Осының бәрі Маңғыстау даласын көне заманнан ел жайлаған жер екенін дәлелдемей ме? Рас, ғалымдар біздің планетамыз — жер шарымыз жаралғалы төрт миллиард алты жүз миллион жыл өтті дейді. Бұған қарағанда, Маңғыстауда адам пайда болған шақ ұшы - қиыры жоқ дүние өмірінің бір түні секілді, бірақ сол түні қандай күйде өтті? Үнемі ызғырық соққан қара түнек әлде жұлдыздары жарқыраған алтын айлы болды ма?

Маңғыстау — Европа мен Орта Азияның сауда жүйесі, екі мәдениеттің тоғысқан жері. Бұл — Европадан Орта Азияға, Индияға баратын керуен жолының үсті.

Сол себептен де, мұнда не көп болған, қырғын көп болған. Бейнеу мен Кетіктің ортасында Үшхан деген жер бар. Бір кезде Бейнеу, Кетіктегідей бұл арада да әдемі керуен сарайы тұрған. Аңыздың айтуына қарағанда, осы арада сыртқы жауына қарсы шығуға Хорезм, Өгіз, Қыпшақ хандары кездескен көрінеді. Сондықтан, бұл жер Үшхан аталған екен. Бұл қай кез? Қазақ жерінде Өгіз хандығының да өмір сүрген тұсы ғой. Оңтүстіктегідей мұнда да Өгізтөбе, Өгізарна деген жерлер бар. Соған қарағанда, бұл хандық та біраз жерді алған тәрізді. Әрине, үшхан текке бас қосқан жоқ, сыртпен соғыспаған күнде де өзара соғысты. Осындай қантөгіс қырғынның бірінен қалды ма, оңтүстік Бозашы ойпатында Қошақ қырғын деген жер бар. Қаптаған бейітті қауым. Ал, бір кезде осы арада мәдениетті ел болған. Үш метр, екі метр жерлерден қазғанда көптеген құмыра, фарфор сынықтары шыққан. Осындай қырғын орындары бұл Маңғыстауда толып жатыр.

Маңғыстауда не көп әулие зираттары көп. Атаулысы алпыстан асады дейді. Және бір ғажабы осы әулиелердің көбі (бәрі десе де болады) жау қолынан өлген. Сірә, елі, жері, суы үшін қаза болған ұлдарын әулие атау бір кезде бұл елде әдет болған тәрізді.

Жәлел Маңғыстау даласында ауыздан-ауызға көшкен аңыздарды естіген, тас мұра, әулиелердің мешіт, зираттарын өз көзімен көрген. Қалмақ қырылған, Алаң жеңілген адыр, төбелердің бастарына шығып сонау өткен күндерге көз жіберген. Сонда Жәлелдің бар тапқаны, осы өңсіз сұр далада өмір бойы қырғын соғыс болған. Бір халық бір халықты шапқан. Күші жеңгені, күшсізін талаған. Сонда не үшін? Осы егін ексең шықпайтын, суы астына біткен, құлазыған қу дала үшін бе? Әлде? Әлде?.. Жоқ, бұның астында не жатқанын көшпелі ел еш уақытта білмеген.

Мұндайда Жәлелдің көңілі кенет көне заманнан ауып, бертінгі күнге, Шыңғысхан шабуылынан кейінгі кезеңдерге ауатын.

Жәлел әлі осындай ойда тұр. Таң атқан. Бірақ әлі күн шықпаған кез. Ол поселке сыртындағы қырқаға көтерілді. Көзі алыстағы жаңа алаулана бастаған көкжиекке түсті.

Түнде ескі ақындар өлеңдерін оқыған. Дені осы өзі туып, өскен атамекен жерлерінің жырлары екен. Өз замандарының қайғы - мұңын, зарын ұрпақтарға қалдырған.

Сол түндегі оқыған жырларының әсері қиялын қозғады ма, кенет тағы ол халқының өткен өміріне шомылып кетті. Төрт түлік мал өсіріп, қыс қыстап, жаз шыға күлсары жүнді аруаналарын ыңыранта үдере көшіп, бір шеті Еділ өзенінің төменгі етегіне, екінші шеті Арал теңізінің құмды, тақыр жағалауларына, Торғай, Ырғыз өзендерінің көкпекті өңіріне дейін барды. Ал күз түсе атам заманнан бергі әдеті бойынша орыстардың қазақ жерінің шетіндегі бекініс шаһарларынан шай - шекер, азық-түлік алып, бәз - бағзы көне қыстауы Маңғыстауға келді.

Жәлел түндегі оқыған толғау, жырларын есіне түсірді. Қашаған жырау айтқандай:

Маңғыстауды жайлаған

Жұрт орнына қарасаң,

Талай ел болған жер екен.

Бұл арада сан ел өткен. Бір кезде хазарда, қарлұқта, селжүк түрікмендері де сеңсең бөріктерін желкілдетіп Маңғыстаудың құмды даласын кезген. Сақ та, Дай да, көне Қыпшақ та бұл далада болған.

Бір кездегі Еділдегі Алтын Орда астанасы Сарай шаһары арқылы осы Маңғыстаудың үстімен Стамбулдан Ханбалыққа баратын атақты көне Жібек жолы өткен. Түйелі Адай сонау Сарайға дейін жүздеген, мыңдаған нар, інгендерін тізбектей керуен тартты. Бертін келе Алтын Орда күйреп, Ноғайлы елінің астанасы (Сарайдың қалдығы десе де болады) Жайық өзенінің төменгі сағасындағы Сарайшыққа көшіп, Россия жерінде мата тоқу кәсібі өркендей бастағаннан бері бұл ел тағы әйгілі Мақта жолының керуеншісі болды. Бұхар, Хиуа мақтасы, түрікмен батырларының есімдерімен аталған Қара Мандыбас, Қара Манатты, Манатты қорғандарынан өтіп, Маңғыстаудың Бейнеу, Ұшан - әулие, Мызанәулие атты ел отырған құдықты жерлерін басып, Құмшеті Құлсарыдан асып Сарайшыққа жетті. Жүздеген түйелі керуендер әкелген мақта осы арадан кеме, баржаларға тиелді. Енді Каспий теңізі үстімен Еділге келіп, жоғары көтерілді. Сөйтіп мата кәсібінің Россиядағы астанасы болған Иваново - Вознесенский, Нижний Новгород мата фабрикаларына мақта жеткізілді.

Хиуадан Үстірт пен Маңғыстауды басып Сарайшыққа баратын осы екі мың шақырымнан астам құмды, тақырлы шөлейт Мақта жолына Адайлар екі шақырымдай. Қандай орасан еңбек!

Демек, Жәлел тағы ойға кетті, Адайлар осылай құр ғана мал өсіріп, керуен тартып бейбітшілік кәсіппен ғана шұғылданып қойған жоқ, ол өзінің осы атамекен жерін аламын деген сан жаулармен алысты. Сұлжық түрікмен қосындарынан бастап, сол Қашаған жырау айтқан:

Хорезмнің бектері,

— Шашырап бізге шеткері,

Қазақ деген қашқын келді деп,

Тілекті алла берді деп,

Ауылды тонап, малды алып,

Күң мен құл ғып жанды алып,—

Деген Хорезм хандығымен де Ақпан секілді ер ұлын бас етіп, күрескен бұл Адай...

Бертін келе, Россия патшалығы қанды аузын сала бастағанда он екі - он үш жасар баласына дейін атқа і қонып, қолына найза алып ақ патшаның отаршылық саясатына қарсы шыққан бұл Адай. (1870 ж.)

Ғасырлар бойы басынан талас - тартыс, жер - су үшін күрес, сан алуан қиындық өтсе де, бұл Адай бертін келгеншe екі қасиетін ұмытпаған: Ерлігін және көшуін.

Дәл Адайлардай, бүкіл әлемге әйгілі сахара бәдәуилері де үнемі көше бермеген. Адайларды көшірген тек мал қамы ма, әлде жау қаупі ғана ма? Жоқ, көшу бұл біздің ұзақ жылғы салтына айналған. Көшудің Адай еліне, өзге жұрттан гөрі орасан көркемдігі, қуанышы бар. Біреу өлеңді қандай сүйсе, бұлар көшуді сондай жақсы көрген. Көшу бейнетке емес, серуенге ұқсаған.

XXIII партия съезінің Маңғыстауды игеру жөніндегі тастаған ұранына ең бірінші боп үн қосқан мына осы батыр, өмір бойы мал баққан, жау қорыған көне Адай елдің бүгінгі ұрпақтары еді.

Жәлел ұйқыдан оянғандай жан - жағына қарады. Кенет көзі күнгей жақтағы, шыныдай мөлдіреген көк аспанның кеудесіне сүйір ұшымен қадалған бір алып найзадай, көкке сүңги түскен болат мұнараға түсті. Жүрегі лепіре қуана қалды. Заматта қиялы өткен кезеңінен бүгінгі күнге ауды. Иә, бұдан үш күн бұрын дәл осылай қуанған. Ал, қазір?.. Лепірген көңіл кенет басыла түскендей сезінді. Бұған не себеп? Жоқ, Жәлел қуанышты. Әйткенмен, көңілін кенет бір қауіп билеп әкеткен секілді... Расында. да, Жәлелдің көңілі кенет қобалжи қалатын себебі бар еді: оны өзге скважиналар да дәл мынадай мұнай берер ме екен, бермес пе екен деген ой қобалжытқан. Бұның үстіне, жақында Жетібайдан әкелінген «Уралмаш - ЗД» бұрғылау қондырғысы түнде тоқтап қалған. Бұ да қазір есіне түсті. Бұл қондырғы былтырдан бері үздіксіз жүріп келе жатқан еді, кей тетік - бөлшектер әбден тозған екен, шеберлер қанша тырысса да, жүргізе алмады. Тағы бір қырсығы -бөлшектер бұл арада болмай шықты.

Экспедицияның өтініштерін орындайтын заводтарға осындай заттарды тезірек істететін Ерден Маңғыстауға келіп, алып жәрдем берудің орнына жұрттың апшысын қуырып әкетіп барады. Дәл бір болат тұмсықтары мұқалып қалған бұрғылар, оның айқайынан өзіне - өзі өткірленіп кететіндей! Бастықтың дегбірінен, рас, қарапайым бағыныштылардың берекесі қашуы мүмкін. Бірақ одан кімге қанша пайда? Біле - білсе, қазір жұрттың бәрі сауатты, біреуді жекіріп, қорқытып, жөнді жұмыс істете алмайсың! Ал Ерден дүниені айқаймен тындырмақ, айқаймен алмақ! Әрине, оның дегбірленуі де жай емес. Жалқау түйе бақырауық. Айқайлап, жұртты дүрліктіре берсем, өзгеден көзге көп түсемін дейтін шығар ол! Аузыменен опырып - жапырып сес көрсету—кей қызметкерлердің ескі әдеті. Ескі кесел. Демек, осылай көзге түсуді көксейтіндер қазір жаңа әдіске кешкен! Айқайына қарсы келсең, кінәсін мойындағандай болады. Тек бұныңды ұмытпайды, есесін соңынан қайтарады. Айқай - шусыз үндемей қайтарады. Бәленің қай жақтан келгенін білмей қаласың. Ерденнің осындай адам екенін түсіне бастаған Жәлел бүгін оған тойтарыс бермек.

«Жоқ, Ерден, — дейді ол ішінен,—үнемі тек сен ғана сөйлеп, сен ғана айқайлауға тиісті емессің! Бізде де тіл, ауыз бар! Сәл асықпа. Кінә тағудың не екенін көресің бүгін! Не болса да бетіңе айтамын! Көр сосын істемей!»

Жәлел асыға жүрді. Қазір сағат онда барлау барысына арналған мәжіліс болмақ. Ерденнің өзі ашады, Кешігу қолайсыз. Тәртіптің аты тәртіп, біреуді жақсы көресің бе, жек көресің бе, адам әрқашан да өзін дағдылы жұмыс тәртібіне көндіре білуі керек.

Әйткенмен, Жәлел бүгін өте көңілді еді. Қалай көңілді болмасын, Өзекте үлкен мұнай фонтаны атылды. Ағасы Хәлелді бүкіл Маңғыстау маягі — өзгеге жол көрсетер шырағы болды десең де сыяды. Алдынан жанған шырақтың сәулесі екі есе жарық келеді. Нұры өзіңнен асып, жұртқа да түседі. Бұл — үлкен үлгі. Жұрт сенен қалмаймыз деп тырысады. Бұл жолғы бұрғылау — жай жер қабатын зерттейтін кралиус бұрғылауы емес, терең жан -жақты барлау скважинасы! Іздену осылай нәтижелі бола берсе, аз мезгілде Өзек барлауды былай тастап, кәсіпшілік өндірісіне айналады! Бұған қуанбағанда неменеге қуанасың!

Кенет, Жәлел ойлана қалды. Атылып жатқан фонтанға қарады. Көңілі әлденеден секем алған тәрізді. Алғашқы тәулікте атылған мұнай мұнарадан көп жоғары асып түсіп жатқан. Ал қазір?.. Жәлелге фонтан кешегіден көп төмендегендей көрінді... Бүйте берсе, екі - үш күннен кейін жер астындағы мұнай сыртқа әзер ғана жылап шығатын болады.

Соңынан, скважинаны өндірістік пайдалануға өткізгенде, бұл үлкен қырсыққа апарып соғуы сөзсіз.

Жәлел терлеп кетті.

Тереңдегі мұнай қатты екі жер қабатының ортасында жатады. Тәулік сайын аунай түсетін жер шары күннің көзін үнемі айналып тұратындығынан, осы екі жер қабатының ортасында жатқан мұнай орасан салмақты қысымда болады. Бұрғылау станогы сол мұнайға жеткен кезде, әлгі екі жақтан қысқан салмақтың күшімен сұйық жер майы көкке атылады. Осылай мұнай фонтаны туады.

Маңғыстау кен жаратылысының өзіне тән ерекшелігін ескеріп, үкімет бекіткен жоспарда жер астындағы мұнайдың тек қырық бес проценті ғана алынуы қаралған. Бірақ жер қабатының қысымы тым осал келсе, үкімет рұқсат еткен осы мөлшерді де ала алмайсың. Онда мұнайдың көбі жер астында қалады. Бұл — үлкен сәтсіздік. Әрине, мұндайда жер бетіне шығарудың қолдан жасалатын әдістері бар. Бірақ оның бәрі шығынмен, қиындықпен байланысты.

Фонтанның ұзақ атылғанына не жетсін! Жәлелдің қобалжуының да себебі осында еді. Әйткенмен, ол мәжіліске кешігіп қалмайын деп асыға түсті.

Жәлел поселкеге таяй бергенінде, бір қырқаның бұрышынан кенет Тана шыға келді. Әнеугі сөйлескендерінен кейін екеуі әбден танысып қалған - ды. Жігіттің қызы, қыздың жігіті жоқ екенін де өзді - өзі ебін тауып сұрастырып білген. Екеуінің де көңілдеріндегі бұйығып жатқан қанатты тілектер серпіле түсіп, бірақ жұмыстың көптігінен, ауырлығынан қайтадан бас көтере алмай қойған. Оның үстіне, күннің мазасыздығы соншалық, жақсы сезімдерге бой ұру түгіл, тіпті мезгілімен ұйықтап, мезгілімен тұруға да мүмкіндік шамалы еді.

— Қарындасым, таң атпай қайдан келе жатырсың? - деді Жәлел, қол алып амандасып болғаннан кейін.

— Қайдағы таң атпаған?—Тананың жігіттің бетіне аударған тостағандай көзі әдеттегісіндей тағы да жаутаң етті. — Келе жатқан бетіңізге қарағанда, өзіңізге до сондай сұрақты беруге болатын тәрізді ғой?

Екеуі қатарласа жүрді.

— Алматыдан келгелі күн шығар алдында даланы кезу әдетке айналды, — деп Жәлел кенет қиялдана күлімсіреді.—Осы кезде мынау сүрең төңіректің өзінің де қандай әдеміленіп кететінін білесіз бе? Күн әлі шықпаған, ал оңтүстіктің мына тұсына дейін көкжиек лаулап жанып жатқан от тәрізді, жоқ көкке көтерілген қызыл алтын жалыннан аумайды! Аспан шыныдай мөп - мөлдір көкпеңбек. Жер беті күміспен жауып қойғандай ақшыл... Жел де тына қалған. Дүние жүзін акварель бояуымен салынған бір ғажайып сұлу сурет дерсің! Шыныдай жарқырап тұрады. Бұл кезде Маңғыстаудың ауасы да тап - таза, бұйырғын, жусан исі мүңкіп, көкірегіңді ашады. Жоқ, бұл кездегі Маңғыстау көрінісі — бір ерекше көрініс.

Қыз сыңғырлай күлді.

— Сонда да сізге Алматы көрінісі ыстық қой деймін?

— Неге?—Жігіт кенет сезіктене қалды. — Неге олай дейсіз?

Қыз жұмбақтай сөйледі.

— Қайдам?.. Адамның алғашқы кездегі қуаныш - тілектері, қияларға қанат қаққан жері тым ыстық болуға тиісті ғой деп ойлаймын.

Жәлел сезіктене түсті. Гүлжамалды естіп қалған екен деп ойлады ол ішінен.

— Бірақ. Маңғыстау менің туған жерім ғой.

— Алматы ше? Ол сіздің қызық өмір өткізген жеріңіз емес пе?

Жігіт қатты қысылды.

— Әйткенмен, туған далаға жете ме?

Жалел кенет Тана естімеген бір өлеңді тақпақтай жөнелді:

Көңіл шіркін үнемі осылай күнде алаң,

Сағындым ғой, шөлейт, тақыр, құм далам.

Жайнаған гүл, жасыл шалғын болса да

Өзгенің мен жерін жаннат не қылам?

Жал-жал қырат, тұзды ойпаң, сұрғылт дөң,

Шексіз далам, аспан сынды, жатқан кең...

Көрсем сені іздегенімді табар ем,

Жан жарамды мәңгі-бақи жазар - ем.

Көк шалғыннан маған тіпті кем емес,

Еркек шөбің, жусаның мен бұйырғын.

Ешбір саған дүниеде жер тең емес

Топырағың, тілеймін, тек бұйырсын!"

Туған жер деген, міне, осы,— деді Жәлел,—Ол сені тапқан анаңмен бірдей. Ананы таңдай алмайсың. Туған жер де сондай!..

Қыз көңілі кенет жүдей қалды.

— Әлгі өлең кімдікі?—деді ол.

— Туған жерін сағынған, шетте жүріп қаза тапқан бір қайғылы ақындікі.

— Туған жерін сағынған? Сіз туған жеріңізді рас сағынып келдіңіз бе? Маған әлі де көңіліңіз Алматыда жүрген тәрізді көрініп еді... Неге бұлай ойлаймын, өзім і білмеймін...

Қыз сөзі Жәлелдің жан етін шымшып, ауыртып жібергендей болды. Сәл қабағын шытты. Танаға қарап еді, бойы кенет шымырлап кетті. Оның көзінен тұна қалған бір шексіз мұңды көрді. «Бұл не қылған қасірет көз!» деді ол өзіне - өзі іштей күбірлеп.

— Сіз менің бір тым құпия сырымды қазбалап кеткендейсіз бе, қалай? Оған қақыңыз жоқ секілді еді.

— Қалжыңдаймын деп ауру жеріңізге тиіп кетсем, ғафу етіңіз, — деді қыз кенет ақжарқын жүзбен, сөйледі әңгіме туған жер жайынан басталғандықтан ба, әлде өзі өсіп -өнген өлкесі есіне түсіп кетті ме, бала жастан айтып жүрген бір өлеңін шырқап жіберді.

Қамысы Әупілдектің мүше - мүше,

Сарғайдым Әупілдектің суын іше,

Қос қанат құсқа біткен маған бітсе —

Бармас па ем аулыңа мен әлденеше!.

Қыздың даусы сыбызғының үніндей қоңырқай әдемі екен. Ән сөзінің «аулыңа» деген жерін «аулыңа» деген жерін «айлыма» деп өзгерткен. Бұнысы сенің туған жерің Маңғыстау болса, менің де «қамысты Әупілдек тәрізді туған жерім бар» дегенді білдіргендей. Таңның тынық әуесінде Жәлелдің құлағына қыз әні бір түрлі құлпыра естілді. Тана өлең айтып келе жатып, жұмыр, ұзын мойнын бұра тастап, жаутаңдап қарап қояды. Жаңағы қасірет көзге енді басқа нұр, қуаныш ұялағандай. Ол қараған сайын жігіттің жүрегі отқа түсіп өртеніп жатқандай, күйе түседі. Жәлел де әнші еді. Өлеңнің екінші шумағын өзі бастай жөнелді.

Қарындас, қандай едің затың баяу,

Сүйемін болғаннан соң жүрек.ояу.

Егерде бір жылы сөз шықса аузыңнан

Жетер ем қанатсыз - ақ жүріп жаяу».

Жігіт сөзіне Тана күлімсіреді. Бұл бұрын естімеген өлең сөзі. Жәлелдің үні де, сөзі де көңілін елең еткізді. Енді екеуі қосылып кетті.

Жандырып жүрегіме түсірдің шоқ

Жан сәулем, сенен басқа сүйерім жоқ.

Ұмытсаң алысқан қол, айтқан сертті

Амал не, махаббатқа атқаның оқ.

Қатар шыққан екі қоңырқай ажарлы дауыс, бірін-бірі аймалап, сүйіп жатқандай... Жоқ, бірінің бірі бауырына кіріп, құшақтасып, бір үнге айналып кеткендей. Дәл осы сәтте бұл екеуінің жүрек тыныстары да бірдей соғып, көңілдегі армандары да қос көгаршындай бір жерден ұшып, көз жетпес алыс қияға қатарласа қанат қағып бара жатқандай.

Шіркін жастық, шіркін махаббат! Кейде сенің қалай тұтанып, қалай екі жүректі бірдей отына салып, өртей жөнелетінің алдын ала білу қиын. Ал қазір осы екі жастың қосыла шырқаған өлеңнің сөздері де екеуіне де бірдей таныс, бірақ көптен бері біріне-бірі айта алмай келе жатқан асыл сырлары тәрізді. Сол себептен, өлеңдері де, қатар келе жатқан түрлері де жарасымды. Сонау күміс белдің үстінен көрінген ал қызыл сәулелі күн де осылар үшін шығып келе жатқандай. Биылғы ыстық жазда сарғайып күйіп кеткен мынау күлтесіз тырбиған бұйырғындар да, жаңа шыққан егіннің көгіндей, бұл екеуіне әдемі көрінеді. Осынау реңсіз сұрғылт дала да, бұлақ қуған көгалдай, осылар үшін құлпыра түскендей. Дүние біткен өзінің жомарт алақанын кеңінен жайып, ән шырқап келе жатқан осы екі жасты маңдайынан сипап мәпелеп жатқандай.

Ән біткен, бірақ әннен туған қуаныш бітер емес. Жүректерінде кенет тулай қалған осы бір қызық, асау сезімдерін үркітіп алмайық дегендей, екі жас сөйлеспей үн - түнсіз келе жатыр. Өздерін билеп кеткен осы бір тамаша қуаныштар көңілімізге әбден ұяласын дегендей. Бұл не, махаббат па? Жоқ, әлі махаббат емес. Оркестрдің опера алдындағы увертюрасы. Шымылдық әлі ашылған жоқ, бірақ екі жастың көңіл күйін музыка үні бұрын дайындап жатыр. Екеуінің қазіргі хәлдері бұларды күтіп тұрған махаббат атты ұлы симфонияға бейімделе бастаған кездеріне ұқсайды. Бұл бірінің - бірі тек жүрек қылдарын шертіп, бір үнге, бір гармонияға жол іздеп аласұрған шақтары ғана. Қазір бұларды осы махаббат увертюрасы билеген. Егер де осы увертюра бұдан әрі күмілжіте түссе, сонда ғана махаббат атты ұлы симфония тумақ. Екеуін бірдей өз ырғағына алмақ, жүрек, жан, ой сезімдерін тегіс билемек.

Ол симфония қандай болмақ? Таудан құлаған ағынды судай асқақты, айбынды келе ме, әлде самал желдей жанға жайлы, не болмаса жауқазын жаңа өсіп келе жатқан дала гүліндей жұмсақ жаратыла ма? Бұл да осы екі жастың жүрек қылдарының қалай соғуымен жандарының жұмсақ, қаттылығымен байланысты.

«Жібекті жүн етеді түте алмаған» — дейді қазақ. Махаббат та бабын тауып тоқи білсе ғана жібектей мықты келеді. Сонда ғана махаббат сәнді және тез үзілмейтін, тозбайтын берік, шыдампаз жаратылады. Кейбіреулер ынтызар боп қосылып, сырттай тіпті араларынан қыл өтпейтіндей тату - тәтті көрінсе де, тез тарқап, тез суынады. Бұған не себеп? Тек көңілдің аумалы - төкпелілігі ме? Әлде мінез - құлықтарының келіспегендіктері ме? әрине, бұлар да себеп. Бірақ адамның тез қосылып, тез суынуы, көбіне бірін - бірі жетік білмей табысуынан.

Ал, екі жастың дұрыс ұғысуларына уақыт керек, оған жүрегі құрғыр шыдай ма? Махаббат шыдамсыз дүние. Шыдамсыздықты жоя алғанда ғана ол берік. Адамды ақыл емес, көбіне сезім билер болса, мұндайда өкініш те қатар тұрады.

Жәлел, бірден сезімге берілгендіктен, соңынан Гүлжамалдан қатты жабырқанған жоқ па? Иә, сөйтті ғой. Сондықтан да одан ат құйрығын біржолата кескен тәрізді. Бірақ бұған шын сенуге бола ма? Иә, өзі де ат құйрығын кестім деп ойлаған. Әйел де соған сенген. Және Жәлел Тананы көргеннен бері Гүлжамалды есіне түсіруді де ұмыта бастаған секілді. Толған айдай толықсыған Гүлжамалға деген бір кездегі ыстық сезімі енді оған күркіреп жауып өткен өткінші нөсердей көрінген. Әттең, не керек, махаббат, бірақ кейде түс тәрізді ғой, көргің келмесе де, қайта - қайта орала береді. Сөйтіп жүргенінде Гүлжамал Маңғыстауға келді. Жәлел кенет қатулана қалды. Оның бұл арадан тезірек кеткенін тіледі. Неге бүйтеді ол? Гүлжамалды әлі де жақсы көрмесе, оның қайда жүргені бұған бәрібір емес пе? Әрине, бәрібір ғой. Жоқ, бәрібір емес секілді. Егер бұл әйел көзіне көріне беретін болса, Жәлелдің мазасы кететін тәрізді. Сонда немене, сөнуге айналған, күлге көміп қойған шоқ тәрізді ыстық сезімі беті аршылып жел үргендей, қайта тұтана қалады деп қорқады ма, қалай? Иә, бұның өзі сонда не болғаны?

Әрине, осылай күйіп - жанбаған сезім, шынын айтсақ, махаббат емес, жай бірдеме. Бұның аты басқа. Ал Тананы көргеннен бері, жүрегін бірден күйдіріп жандырмай, алыстан жеткен сұлу ән секілді бірте - бірте ойды алып, туып келе жатқан сезімді не дейміз? Бұның да аты махаббат емес пе? Махаббат болмаса, онда басқа аты не?

Осындай жағдайдағы жігіт пен қыз, сол үн - түнсіз, әрқайсы өз қуанышына, өз ойына шомылған қалпында поселкеге келіп те қалды.

Тек үйлеріне таянғанда ғана екеуі екі айрылды.

Бұлар мұнаралар жағынан көрінгенде Гүлжамал кеңсе жанында еді. Жұмыстағы адамдардың бұлай бірге қайтулары сөкет емес екенін біле тұрса да, өңі кенет құбылып кетті. Кешегі сүйген жігітінің бөтен қызбен келе жатқаны, жүрегіне шаншудай қадалды. Әлі де Жәлелді өлердей жақсы көретінін түсініп, өзінен - өзі әбігерлене түсті. Қиналғаны ма, таң қалғаны ма, «таң атпай бұлар қайда барып келеді?» деді күбірлеп.

Күннің ыстықтығынан, бұрын да айқыш - ұйқыш шытынап жататын тақыр, сорлар енді піскен қарбыздай жарылып - жарылып кеткен. Індеріне — гулеп кірген оттай күйіп тұрған ауаға шыдай алмай, кесіртке, жыландар да түннің аздаған салқынын пайдаланып, жүздеп, мыңдап солтүстікке, Мұғалжарға қарай шұбырды. Бүкіл Маңғыстауға біткен жалғыз Қарашек көлінің суы тартылып, тайызданып, астынан от жағып қайнатып жатқандай, шеті тіпті ысып кетті. Жағаға таяу жүзетін уақ балықтар мен бақа - шаян, құрт - құмырсқалар шыдай алмай, қырылып қалды. Бір ғажабы, осыншама ыстыққа қарамай, құдық біткеннің маңын быжынаған сары маса, сона қаптады. Және шаққандары жайшылықтағыларынан он есе ащы, уытты. Масамен қатар бөгелек көбейді. Бұлар енді мал түгіл, адамға шапты. Күн найза бойы көтерілісімен - ақ лек - лек боп Өзек поселкесінің үстіне жиналды. Бірақ білектеріне, беттеріне жер майын баттастырып жағып алған мұнайшылар бұған да қарамады, жұмыстарын бірде - бір тоқтатпады.

Сона, маса кірмесін деп терезелеріне ақ марлі тұтқан пысынаған бөлмеде мәжіліс басталғалы әлдеқашан. Бөлме іші геологиялық карталарға, схема, диаграммаларға толы. Бос орын жоқ. Өзек экспедициясының басшы қызметкерлері, инженерлері, жұмыстан қолы бос бұрғылау шеберлері тегіс келген.

Жиналысты Ерденнің өзі басқарып отыр. Түрінде аздаған кейістік бар. Сөйлеп тұрған Жандосты кейде сұрақ беріп, бөліп жібереді. Мұндайда қабағын шытып, түксие қалады.

— Басы - аяғы жеті ай болмай, көптеген қиыншылықтармен алыса отырып, өздеріне жүктелген міндеттердің бір талайын ойдағыдай орындап шықтыңдар. Бұрғылау қондырғылары алғашқы мұнайын берді. Терең бұрғылау шебері Хәлелге көп көп рақмет! — деді ол Тілеповты тоқтатып қойып.—Әрине, сендердің бұл жетістіктеріңде біздің де үлесіміз бар. Бірақ қазіргі әңгімеміз нәтижелерің жайында емес. Жеткен жеңістеріңді ешкім тартып алмайды. Жақсылығының бәрі өздеріңдікі. Қазіргі әңгіме басқада. Қысқа екі - үш ай - ақ қалды, ал ар жағында жаңа жыл. Жаңағы сіз айтып кеткен жетістіктер қанша көрнекті болғаныменен, жылдық жоспарды ойдағыдай орындайды деген үміттен шалғай жатыр,—Кенет ол столды алақанымен қатты ұрып қалды. Кейбір өз ойына беріліп кеткен кісілер шошып кетті. — Жоқ, олай емес! Өзек бұрғышылары, шын қайратты көрсетпей отырсыңдар! Әйтпесе, жұмыстың мұндай ойдағыдай жүрмеуіне қандай дәлел бар?

— Дәлел көп, — деді сөзін қайтадан жалғап Жандос сабырлы үнмен. — Бірақ ең алдымен жаңағы сіздің «шын қайрат көрсетпей отырсыңдар» деген кінәңызға тоқтап кетейін. Бұл — орынсыз айып. Өзек бұрғылау шеберлері, мұндағы жұмысшылар қолдан келгенін аяп отырмаса керек. Табиғаттың бізге қарсы қойып отырған қиындықтарына қарамай, әлгіндей мен айтып кеткен жеңістерге жетсек, ол — сол құрыш білекті, қайтпас тілекті жұмысшы табының күші. Әрине, бұл жетістіктерімізді жеткен жеріміз дей алмаймыз. Жетіспегендіктеріміз де көп. Оған қандай себептер бар? Жол қатынасы нашарлығы, машиналардың тапшылығы, жұмысшыларға ойдағыдай жағдай тудыра алмай отырғандығымыз. Тұрғын үйлерді салып үлгере алмай жатырмыз, жабдықтау мәселесінде де аяғымызға тұсау көп. Соның арқасында Маңғыстауға алыстан келген жұмысшыларды

біржолата бекітіп, ұстай алмай отырмыз. Бүгін келген кісілердің көбі ертең кетіп қалады. Негізгі сенеріміз — мұнай жұмысын білетін Баку, Грозный, Эмба жұмысшылары. Бірақ бұлар қарқыны өсіп, міндеті өршіп келе жатқан құрылысымызға тіпті жеткіліксіз. Қандай істі болмасын, оның тағдырын ең алдымен адам шешеді ғой. Біздің бас жетіспегендігіміздің бірі осы — адам.

— Адам! Адам! Ол біз білмейтін қағида ма?—Ерден Жандосқа бір түрлі жек көре қарады. Бұл өндіріс мәселелерінің таласынан шығатын жәй көзқарас емес. Оны сырт бақылап отырған Жәлел де байқап қалды. Мұндай жек көру көңіл ұнатпаған өшпенділіктен туады. «Ондай жағдайға жететіндей бұлардың арасына не болды екен?» Ерден сөзін жалғап кетті, — Тілепов жолдас, егер сізге адам жетпей жатса, Доссордан келген қырық жасөспірімнің жартысынан көбін неге Алматыға жібердің?

Биыл Доссордағы орта мектепті бітіріп, Өзекке жұмысқа ұл, қызы бар, қырық оқушы келген. Бәрі Ембі мұнайшыларының балалары. Түбі осы Үстірт пен Маңғыстау даласында қалатын жастар. Сол жылы Қазақ политехникалық институтында келесі уақытта ашылатын мұнай факультетіне дайындайтын Алматыда бір жылдық курс ұйымдастырылған. Жандос өзінің қарамағына келген жастардың көбін сол дайындық бөлімге жіберіп қойған. Ерденнің айтып тұрғаны осы еді.

— Маңғыстаудың келешегін де ойлау керек қой, — деді Жандос сабырлы үнмен. — Әлі -ақ үлкен мұнайлы өндіріс өскенде білімді мамандар қажет болады. Алматыға кеткендер осы жердің жастары, ат айналып қазығын табады, ертең Маңғыстауларына қайтып келеді.

Ерден:

— Ал, бізге ертеңің емес, қазіргің керек! Жаңа өзің айттың ғой, мұнай шығаратын адам жетпей жатыр деп. Неге үйретпедің оларды? Неге бұрғылауға салмадың? Маман дейтін болсаң, оқып жатқан жастар аз емес. Әлі оларды қоярға жер таппассың! — Кенет Ерденнің көзінен ұшқын атты. — Ал, жақсы бұрғышы анау - мынау инженерден кем бағаланбайды. Соны неге ойламайсың? Мүмкін сенің сол жастарыңа инженер болғаннан көрі, жұмысшы атану ұнайтын шығар?! Адам еңбек үшін жаралған! Ешкімді еңбектен қашыруға қақымыз жоқ! Олар еңбекпен көгереді. Ал бізге дәл бүгін маман дайындаудан гөрі мұнай алаңын тез барлау қажет.

— Әрине, барлауды тездету керек! Керек! — Енді Жандос та қызынайын деді, — Бірақ тек бүгінгі күннің мұқтажымен өмір сүруге бола ма? Ертеңді де ойлау дұрыс қой! Мен оқуға жіберген балалардың әкесі де, кейбіреулерінің атасы да мұнайшылар! Олардың жоғарғы білім алып, өздерінің туған жеріне келулері қандай тамаша! Бұл — біздің келешегіміз. Келешекті ойламай болмайды!

— Сен келешегіңді қоя тұр! Оныңа жауапты өзінің замандастары береді. Сен алаңды өндірістік пайдалануды тез әзірле! Менен партия барлауды тездетуді тілеп отыр! Ертең емес, бүгін сұрап отыр! Партия бұйрығын орындаудың орнына жұмысшы жеткіліксіз дейсің! Онда барыңды неге базарға саласың? Ең алдымен өзің оқуға жіберген жастардың келешегін неге ойламайсың? Бүгін жақсы еңбегі болмаса, ертең келешегі де болмайды. Қазір оларға ең керегі еңбек! Тек еңбек!

Жандос кенет шаршап кетті.

— Адамға еңбек неге керек? — деді ол сәл саябырлап сөйлеп... — Құр жұмыс істеу үшін бе? Жоқ, жақсы өмір сүру үшін, рухани баю үшін, ғылым, білім алып, адамзаттың болашағын кеңейте түсу үшін керек емес пе? Сол ғылыми білімі арқылы еңбекті жеңілдетіп, қоғамды алға қарай бастырмай ма? Ал сіз... — Жандос қолын бір - ақ сілтеді,—Жарайды, бұл таласты қояйық. Баяндамамды аяқтайын...

Жәлел енді ғана бірдемеге түсінгендей. Оған бұл екі адам екі көзқарастың уәкілі секілді көрінді. Ерден — өмірге бүгінгі күннің қызығы тұрғысынан қарайтын тәрізді. Тек жоспарды орындап, халық алдында, үкімет алдында абыройлы болғысы келеді. Оның көкжиегі — бүгінгі күн. Ал Жандос болса, о да бүгінгі күнді ұмытудан аулақ. Бірақ ертеңін де есінен шығарғысы келмейді. Маңғыстаудың өрлеуі — оған келешекпен байланысты. Сол келешегіне де ірге тастай кетпекші. Әрине, Жандостікі дұрыс. Тек бүгінгі күнмен ғана өмір сүруге болмайды. Бірақ Ерденнің сол үшін осыншама өштесетін несі бар? Себебі тек бүгінгі күн мен ертеңгі күннің таласында ғана ма? Жоқ. Онда неде?

Жандос та Ерденнің неге өзіне өшіге беретінін түсінбейді. Үнемі осылай. Рас, екеуінің арасында баяғыда бір оқиға болған, бірақ оның жарасы жазылғалы қашан!

Иә, ол оқиғаға көп жыл өткен...

Қайғыдан қажыған Сақып бас көтеруден қалды. Көзінің қарашығындай жалғыз баласы Жандосты майданда қайтыс болды деп "қара қағаз" алғанына екі жылдан асып кетті. Көп уақыт жамандықтан бойын алып қашып жамандыққа сенбеді. Сөйткен ананың ең алдымен байқағаны – келіні Зейнептің қайғысы еді... кешегі бүлдіршіндей топ-толық, екі бетінен қаны тамып тұратын, Жандосының сүйген жары Зейнеп бүгін күзгі гүл секілді сарғайып, өңі қашқан... Басына түскен қайғыны ол тек жұмысына барса ғана ұмытатын. Аяқ киім тігетін машиналардың зыр айналған дөңгелектері шабысымыздан қалма дегендей еліктіре түсіп, еңбек күйімен көңілін аударатын. Сондықтан, уақытының көбін Зейнеп фабрикада өткізіп жүрді. Үйге келсе, шаршағандықтан ба, әлде жан жолдасының қасіреті жеңе ме, қабағын ашып бір күлмей, томсарады да отырады... Сақыпты ойландырған келінінің осы жайы еді. Көпті көрген кәрі ана жарын ойлап, жастық өмірін өкініш басқан қызындай еркелеткен келінін аяп кетті. Аналық жүрегі ерік бермей, онымен сөйлесіп, ақыл бермекші болды.

Зейнеп бүгін жұмыстан келді де, шайын ішіп бітісіменен төсегіне қисаюға ыңғайланды. Бірақ орнынан қозғалмаған Сақыпқа көзі түсіп, енесінің сөйлескісі келіп отырғанын сезіп, тұрып кетпеді.

— Апа, бірдеңе айтпақшы ма едіңіз?

— Иә, қалқам.

— Не жайында еді?

Сақып буы жаңа басылуға айналған сары самаурынға ұзақ қарап отырды да, ақырын күрсінді:

— Қалқам, сөнген шоқты қанша үрлесең де қайта жанбайды, өмір шіркін де сол секілді... Әр нәрсенің кезі бар... Жабырқаған көңілді жадырата алар тек жастық... Не ойлап жүрсің?

Тосыннан-тосын қойылған бұл сұраққа Зейнеп не айтарын білмей сасып қалды. Ойға кетіп, аз кідірді де, шынын айтты:

— Апа, менің бар келешегім Жандоспен байланысты, ал одан хабар жоқ... Және осы күні ой ойлауға да қолым тимейді, жұрт қатарлы ел үшін, майдан үшін жәрдемімді беремін деп күні-түні жұмыстан да босана алмайсың... Оның үстіне, Жандосты өлді дегенге сенбеймін. Біздің жаңа ғана басталған жас өміріміз бұлай аяқталуы мүмкін емес.

— Ниетіңнен айналайын, қалқам, — деп кәрі ана көзіне жас алды.

Осы әңгімеден кейін Сақып пен Зейнеп бір айдай бұл тақырыпты сөз қылған жоқ. Сөйтіп жүргендерінде май айы туды. Көкпен таласқан теректер қайтадан жасыл жапырақ киінді... Көше бойында, бақшаларда тамаша гүлдер жазғытұрымғы жаңбыр суына жуынып, жұпар аңқытты... Таудан аққан Алматы өзені көше - көшедегі арықтарға бөлініп, қыз шолпысындай сылдыр қақты. Қаланың қалың ағашы бозторғай мен сирек кездесетін бұлбұл үніне бөленді... Жаңа туған жазбенен жаңа сезім оянғандай, жер бетін қуаныш, шаттық биледі... Бұл шаттық кезең қан майдандағы табыстармен ұласып, халықтың көңілі көтеріле түсті.

Осы майдың бас кездерінде Зейнеп бір күні жұмыстан келді де, енесіне:

— Апа, мен бүгін «Қыз Жібекке» барып қайтсам қайтеді, операға бармағалы көп болды, — деді.

— Бара ғой, қалқам, — деді енесі.

Зейнеп театрда көптеген кісілерді көріп, өзі ұмытып бара жатқан жастық өмірдің жүрек пернесін қозғайтын тамаша бір әндерін естіді. Үйге қайтып келгеннен кейін осы бір әндердің сұлу үндері қиялын қытықтап көпке дейін ұйқы бермеді.

Осы, театрға барған күннен бастап, Зейнеп бұрынғыдан да жаман жүдей бастады.

Зейнептің бұл халі сыншыл анаға бұдан да артық батты. Ол бір күні баяғы әңгімені қайта қозғады.

— Қалқам, — деді Сақып, — мен сенімен тағы да сөйлеспекші едім.

— Айтыңыз, апа, құлағым сізде...

— Қалқам, өмір деген ұзақ сапар. Қуанышты болсаң, қалай өткеніңді де білмей қаласың. Қайғылы жүрсең, асықсаң да шетіне жете алмайсың. Қайғы деген жыландай ұзын келеді... Демек, өмір сүру көбіне адамның өзіне байланысты. Сен әлі жассың, жас адамға жастық өмір жарасады. Бұл дүниеде не кездеспейді. Ұзақ жолдың қуанышы да, қайғысы да аз емес. Қайғысына қарайлай берсең, қуанышына көзің түспейді. Қалқам, қайғылануыңды қой, жұрт қатарлы өмір сүр...

— Апа, апа, не демексіз?..

— Қызғалдақтай гүл-гүл жайнаған жасың бар, қызығын гөр. Көңілің қалаған адамың болса...

Сақып сөзін аяқтай алмай еңіреп жылап жіберді. Зейнеп орнынан түрегелді де, енесінің қасына келіп бетінен сүйіп:

— Апа, бұл не дегеніңіз? Менен құтыла алмай жүрсіз бе, бұл сөзге қалай аузыңыз барды?—деді.

— Қалқам, — деді Сақып кенет жасын сүртіп, — сен олай ойлама. Жалғыз баласының қосағына кәрі анасының мұндай сөзді айтуы — оған ауыр азап. Жандосымнан айырылып бір жыласам, сенің жүдегеніңді көріп екі жыладым. Обалыңа қалғым келмейді, өзегім өртенсе де өз аузыммен айтып, бақытыңды ашайын дегенім.

Зейнеп үн - түнсіз орнына барып жатты. Ол ұзақ уақыт тағы ұйықтай алмады.

***

Ерден мен Жандос 1941 жылы әскер қатарында алғашқы рет кездесті. Ерден бір жыл бұрын Мәскеудегі мұнай институтын бітіріп, Алматыдағы тау - кен институтына мұғалім боп келген. Жандос сол жылы осы институттың кен - зерттеу факультетін бітірмекші еді, аяқтатпай майданға алынған. Кездескеннен - ақ екі жас сырласа келе жан аяспас дос болып кетті. Бірі— мұнай инженері, бірі — Алматы институтына келместен бұрын Гурьевтегі мұнай техникумын бітірген екен. Соңынан бұлар қан майданда нелер ауыр күндерді бастарынан бірге өткізді. Ұрысқа Псков қаласы жанында кірісіп, жау әскерімен жағаласа отырып Старая Русь тұсындағы Лычков станциясына шейін шегінді. Бұл сентябрь айының орта кезі еді.

Қара сұр бұлтпенен торланған күзгі сұрғылт аспан. Көз аштырмай себелеген ақ жаңбыр. Аяғыңды бассаң, көк шөпті, қорда секілді жұмсақ жер, суы шығып, бырқ - бырқ етеді. Суық күздің көңілсіз райына бөленіп, берекесі кетіп, түксиген дүние... Тек қана сырын сыртқа шығармай мүлгіген ну жапырақты, қалың қарағайлы жасыл орман. Осы орманның бойын қуалай, Лычков станциясының солтүстік жағындағы «Долгий бор», «Длинный бор» деревняларына түйіле бұлардың полкі бекінді, Майданның алдынғы шебі бұл жерден он -ақ шақырым, Ауыр гаубицалардың гүрс-гүрс атылған үндері жер сілкіндіреді. Жаңбыр сәл толастаса, қалың бұлттың арасынан сымп етіп шыға келген неміс самолеттерінің гүрілі, аздан кейін тастаған бомбаларының жер солқылдатқан үрейлі дауыстары, тәтті қиялға кеткен адамдай, мүлгіп тұрған орманды селк еткізеді. Терең қазған окоптарда жауынгерлер бастарын шығарып «О - хо! Тағы да дәл тигізіпті! Айдаладағы төбешікке кебін кигізіпті!» деп сықақтай, сұр аспанға бір қарап қайтадан окоптарына кіріп жоқ болады.

Ерденнің полкі бекінген бұл орман майданының екінші қатары еді. Лычков станциясының оңтүстігінен бастап, солтүстікке қарай созылған 30 шақырымдай жерде екі - үш дивизия орналасқан. Ердендер соның дәл ортасында. Бұл күндерде Ерден рота командирі еді де, Жандос бөлімше командирінің қызметін атқаратын. Бірі лейтенант, екіншісі сержант болатын.

Бүгін Жандос азғантай кісімен полктың жатқан жерінен ілгерірек қазылған окопта күзетте болды. Түні бойы бір тынбаған артиллерия гүрсілі кенет өте жақын жерден булығып шыққан неміс автоматтарының сақау үні, майданның жақындап қалғанын сездірген. Сөйтіп таң атар алдында Ерден мен Жандос Совет Армиясының алдыңғы қатарында, неміс әскерімен бетпе - бет кездесетін жағдайда қалды. Жандос Ерденнің бұйрығымен жау келетін тұстың алдыңғы жағына бөлімшесіменен бекінді. Ерден оларға «Бұйрықсыз шегінбеңдер» деді.

Қою қараңғы түн бозарып барып, таң да атты. Кенет қатты жел тұрып, аспан ашылды. Алтын нұрын төгіп, көкжиекті алқызыл сәулесіне бояп күн де шықты... Атқан таңмен бірге өлім құшағын жайып майдан да оянды... Бейбіт жатқан өмірді қанға бояған қанішер фашистердің зор қылмысынан ұялғандай қызара бөртіп шыға бастаған қызғылт күн, күнәңді бар әлем көрсін дегендей, сәулесін молынан төге жоғары көтеріле берді... сол кезде, көзді ашып - жұмғанша дүниенің астан-кестеңін шығарып, қанды ұрыс басталып та кетті.

Жандостар екі пулеметті қатар қойып алып жауды тойтарумен болды. Қызылға үймелеген шыбындай неміс солдаттары бірнеше рет төніп келіп, совет жауынгерлерінің ерлігіне шыдай алмай кейін сырғыды. Жандос пен көршілес рота командирі Таран бастаған жігіттер аждаһадай жұтамын деп ұмтылған бірнеше танкілерді де үстерінен өткізіп жіберіп, соңынан дүре тиіп, ауыр граната, жанымпаз зат құйылған бөтелкелермен күл -талқанын шығарды. Ер жүректі жауынгерлер өлім қаупі таянған сайын, жараланған жолбарыстай ышқына түсті.

Жан беру жайшылықта қиын. Алысқан мақсатың қымбат болса өлемін деп өкінбейсің. Жаралы ерлер Отан үшін, халқының тілегі үшін төніп келген қауіпті түкке де санамады. Олар алыса берді. Аралары сиректей түскен сайын, өлген жолдасының міндетін өзіне тірісі борыш санап, жауға өршіге түйілді.

Адам баласының қасиеттері ауыр кезеңдерде ғана айқын көрінеді. Қимас қуанышың басыңа қорқыныш туғанда ғана жайшылықтағыдан гөрі қымбаттана түседі.

Сол қолының қары мен оң аяғының сан етінен оқ тиіп, қансырауға айналған Жандостың басына өлім төнді. Міне осы сәтте ойда жоқ жерден, әлсін - әлсін көз алдына Зейнеп елестей берді. Толқын қуып сыртқа шығарған теңіз түбіндегі асыл тастай, өлім қаупі жүрек шыңырауында жатқан Зейнепке деген махаббатын қозғап, қарт апасының қасындағы сүйген жарын бір көрсем деген тілек кенет пайда болды. Жан аямас қатты ұрыстың арасында бұл тілек біресе жанын күйдірген жалынға айналып, біресе жел үрлеген шырақтай лезде сөніп жатты. Осындай халде, окоп шетіндегі Жандостың көзіне бір суық сурет түсті. Оны Зейнепке бір жылдан кейін жараланып Алматыға қайтып келген Ерден айтқан. «Иә, оның көзіне арыстандай ақырған мен түстім», — деген Ерден. Дәл осы сәтте оған автоматын көздеп жақындай берген немісті көрдім. Батыр достан мәңгі айрылмақпын! Өзіме таяп қалған немістің бір солдатын мылтықтың сүйір ұшымен түйреп тастап, Жандосқа жақындаған фашистке қарай атылдым. Қышқаштай мықты қолдарыммен тамағына жабыса кеттім... Бір секундқа жетпей сорайып тұрған жұтқыншағы қолымда кетіп, ауыр денесін көтере алмай, неміс жерге гүрс ете құлады. Өзім де есеңгіреп қалдым ба білем, тек құлағыма:

— Өмірде ұмытпаспын бұл жақсылығыңды! — деген Жандостың өлімсіреген даусы естілді.

Қанша мезгіл екенін білмеймін, есім кіре, көзімді ашып, жан - жағыма бір қарағанымда, жер құшқан жолдастардың арасында мылтықтарын жалаңдатып өзіне таяп келе жатқан неміс солдаттарына қолындағы ақырғы гранатын жоғары ұстап, қаһарлана күтіп тұрған Жандосты тағы көзім шалды. Дәл осы сәтте гранатын Жандос та лақтырды, немістер де автоматтарын дырылдата алға жүгірді. Тек шалқая барып мәңгі құлаған Жандосты көріп қалдым. Ар жағында есім ауып кетті...»

Иә, Жандос жау оғынан құлаған. Кенет жел тынып, күннің көзін қара бұлт торлап, аспан түнере түсті. Қан - қан болған жасыл орманды қою қараңғылығымен бүркеп түн де келді.

Күні бойы мызғымастан неміс дивизиясының зор күшіне төтеп берген полкке бұйрық жетіп, Ерден де өз адамдарымен кейін шегінді.

Оққа ұшқан солдаттардың ішінде дыбыссыз жатқан Жандостың бетіне ол бір қарады да, кете барды. Жандос осы суретті көрген. Артынан неміс әскері бұл араны басып қалғандықтан, совет әскері қайта орала алмады., сөйтіп, шала - жансар Жандос өліктердің ішінде қалды.

Полк кейін ығысқанда, неміс дивизиясы «Долгий бор» деревнясына кірді.

Таң алдында Лычков станциясының қалың ағашында тығылып жүрген партизандар соғыс болып өткен жерлерден асып бара жатып, ақырын ыңырсыған Жандостың үстінен шықты. Өздерінің штабына көтеріп алып кетті. Олар жаралы жанды қалың орман түбіндегі госпитальдарында жылға таяу емдеді.

Жандос осылайша партизандарға қосылды да, оны өлді деп санаған полк командирі Сақып пен Зейнепке «Қара қағаз» жіберді.

Ерденнің полкі алдыңғы шептен шегініп, тынығуда біраз уақыт тұрғаннан кейін, Қазақстанға жіберген майдан уәкілдердің бірі болып ол 1942 жылы май айында Алматыға келді. Жолай абайсыз құлап аяғын азырақ мертіктіріп алған. Майдангер адамға балдақ жарасымды, Ерден де сол балдаққа сүйеніп өзінің бұрынғы сабақ берген тау - кен және металлургия институтына барды. Жаралы ерді жұрт құшағын жайып қарсы алды.

Бұл — Жандостан үш жас үлкен еді, осы жылы жиырма жетіге шыққан. Кең жауырынды қара торы жігіт болатын. Жоғарғы мектептерге мұғалімдер жетпей жатқан кез, жаралы жауынгер офицер институттың арнаулы хатымен сұралынып әскер қатарынан босатылды. Соңынан арнаулы броньмен мүлдем майданға бармай қалды. Аяғының жарасы жазылса да, енді ол өзін соғыс мүгедегі етіп көрсетіп, толып жатқан кездесу, мәжілістерде патриоттық сөздер сөйлеп, көптің көзіне түсе білді. Ол кезде жаралы майдангерлердің аса қадірлі шағы, аяғының сылтыңы бітсе де, балдақтың орнына таяқ ұстап, қолынан тіпті тастамады. Осылай Ерденнің бағасы арта берді. Бір жыл өткеннен кейін майдандос жолдасының үйі осында екені есіне түсіп, әлдеқалай Жандостікіне барды. Оның шешесі мен зайыбына болған уақиғаны бастан - аяқ жыр етіп айтып берді. Сақып пен Зейнеп көздерінен жастары сорғалап отырып тыңдады. Бұл екеуінің Жандосты өлді деп сенуіне осы Ерденнің сөзі көп әсер етті. Кәрі ана Ерденді жалғызының жан жолдасы деп түсінсе, жас келіншек сүйген жарының ерлік істегі серігі санады. Ерден бұл екеуінің бірдей тілеген қонағы, сырласар досы болып алды.

Жігіттің өзі де бұларды өте сыйлап, демалыс күндері әдейі арнап келіп, ұзақ уақыт әңгімелесіп кетуді жақсы көрді. Осындай әңгімелердің көбі майдан, жұмыс жайында, Жандостың ерлігі туралы айтылатын. Сөйте - сөйте Жандостың шешесі мен әйелі Ерденге әбден үйреніп, ол келмеген демалыс күндері көңілсіз өтетін күйге жетті. Сөйтіп жүріп жарым жыл мезгіл тағы өтті.

Ерден де жиырма сегізге аттап, енді оған үй болу керектігін ойлайтын мезгіл де жетті.

Бұл ой үйленер жасқа жеткендіктен емес, бөтен себептен туды.

Жасыл шепке қызыл гүл қандай жарасымды болса, жас өмірге махаббат та сондай келісімді ғой! Махаббатсыз өмір жапырақсыз ағаш сынды сидиып тұрады.

Ерденнің жүрегінен осы өмір көркі — махаббат өрістен орын алған еді. Оған себеп болған Зейнеп. Ерден досының жұбайына бір ақпейіл, кісіні аяғыш жан боп көрінеді. Содан кейін бөтендердің жарасын жазамын деп жүріп, өзінің жараланып қалғанын Зейнепке қинала -қинала сездірді. Бұған Зейнеп сенді. Жас келіншекке Ерденнің сонау күнәсіз көзқарасында «менің мұным кешегі жан жолдасымның өлмес бейнесіне жаққалы тұрған кірім болмас па екен?» деген бір жанына батқан, тәуекелге бара алмай қажыған сезім бары да өте ұнады. Жүрегін толқытты. Мұндай адал сезім екінің бірінде бола бере ме? Әрине, бола бермейді. Мұндай жолдасқа деген ардың адалдығы тек Ерден тәрізді жақсы жандардың ғана қолдарынан келеді деп ойлады Зейнеп. Бұның да көңілі Ерденге ауа түсті. Бірақ жас келіншек, кәрі енесі түгіл, өз ойын өзінен жасыра алды. Жаны Ерден деп қанша елжірей бастаса да, сыртына сыр бермеуге тырысты. Әйткенмен, көпті көрген бишара ана келінінің шерлі жүзінде Ерден келгенде жарқ ете қалатын болмашы қуаныштан оның жүрегінде терең толқындардың еріксіз тұнып жатқанын түсінді.

Оған әңгімеміздің басында келініне айтылған сөзді қайтадан бастауына да себеп болған өмір сырының бірі осы еді.

Қанша жасырғанмен бұл сырдың, астынан еріген қар секілді, бір күні сыртқа жарып шығатыны бишара aнағa мәлім еді. Расында да солай болды.

Кешке таман Ерден Зейнептікіне келді. Сақып үйде жоқ екен. Зейнеп пен Ерденнің көптен бері бірінші кездесуі еді. Көңілдерінде бірдеңенің бары себеп болды ма, оңаша кездескендерінен екеуі бірдей қысылды. Әсіресе Зейнепке осылай көрінді. Амандасқаннан кейін де жарытып бір - біріне еш нәрсе айта алмады. Фабрикадағы жұмыс жайын сөз қылып отырды да, Зейнеп терезеден алысқа көзін салып күрсінді.

— Неге күрсіндің, Зейнеп? - деді Ерден бетіне қарап.

— Жәй, әншейін... кейде ойда жоқ жерден есіңе өткен қызық күндер түсіп кетеді...

— Зейнеп, өткен күн қайта оралмас, ол тәтті ұйқыда көрген бір түс секілді. Адамның тіршілігі, тілегі келешегінде емес пе?

— Ол солай ғой...

— Солай болса, өзің келешегің туралы не ойлап жүрсің? Әлде осылай өмір бойы қара жамылып өтемін дейсің бе?..

— Қайдан білейін...

Ерден түрегеліп Зейнептің қасына барды, Зейнептің иығына ақырын қолын салып:

— Зейнеп, бері қарашы! — деді. Зейнеп терезеден бетін Ерденге аударды. Оның жүдеңкіреген ақшыл бетіне қызарып қан жүгіріп, мөлдіреген қара көздерінде жүрегін елжіретер тәтті сезімнің ыстық сәулесі ойнап тұр екен.

— Зейнеп, — деді оның иығынан қолын алмай. — Өзіңе анада сездірген бір сырым бар еді ғой, тағы да айтсам тыңдайсың ба?

— Тыңдайын.

— Бұрын сынасып көрген жоқ едім, махаббат деген ұлы күш екен, жеңілмес болсам да, мені еңсеріп әкетіп барады... Не дейсің?..

Зейнеп ұзақ отырды. Оның беті бір қызарып, бір бозарды.

— Не дейін? Жандостан айрылғаннан бері жүрегім тас болып қатқан секілді еді, жібімес деп ойлап едім... Олай емес екен, тірі адам тірлігін істейді екен... Нұрын түсірер сәуле болса, қара көңілің күмістей ағара алатын тәрізді...

Зейнеп кілт тоқтады. Оның сөзінің жалғасын махаббат нұрымен насаттанған мөлдіреген көздері айтқандай екен. Екі жас бір - біріне жалынды кеуделерін таяп ұзақ сүйісті... Сақып келгеннен кейін Зейнеп алыстан толғап, Ерденге қосылмақ болғанын естіртті. Кәрі ана осылай бітерін бұрыннан сезіп жүрсе де, не дерін білмей, сұп - сұр боп ұзақ отырды. Бойында іп - ілезде қызғаныштың оты лап етіп тұтанып, іші удай ашыды. Дегенмен де, ақыл - ойын адамгершілік сезіміне билетіп:

— Жарайды, қалқам, Жандосымнан кем жігіт көрінбейді, құтты болсын, — деді.

Екі айдан кейін Ерден мен Зейнептің тойы болды. Сақып алғашқы кезде бөтен үйге көшуді ойлағанмен, Ерден мен Зейнептің көңілін қимай қолдарында қалды. Зейнеп Сақыпты бұрыннан туған анасынан кем көрмейтін. Жалғыз ұлынан айырылып, мынадай күйге түскен кәрі ана бірдеңеден көңілі қалып ренжіп жүрмесін деп, басына жастық, астына төсек болды. Жалғыз баласынан айрылған сорлы анаға қандай күй керек, отыруынан жатуы көп. Сөйтіп жүргенде, арада тағы бір жылдай уақыт өтіп, Зейнеп екі қабат болып, ұл тапты, Ерден баласының атын Жеңіс қойды.

Кішкентай ғана Жеңіс үш айдан асысымен Сақыптың қолынан түсірмес ермегі, қуанышына айналды.

Жас балаға жаны құмар кәрі ана Жеңісті жанындай жақсы көріп, күндіз - түні соны ермек етті.

Үш ересек адамның ортасындағы балдырған жас нәресте үй ішінің сәні де, әні де болды, әлденені былдырлап жұрттың көңілін көтерді.

Бұл кезде майданда да біздің армияның шабуыл қарқыны күшейіп, қала үстіне қаланы алып, жағдай өзгерген еді.

Халықтың көңілі масайрай түсіп, шаттық шұғыласы ел басына нұрын төге бастаған күн туды!

Жеңіс сағатын жұрт енді аңсап күтті. Әсіресе жалғыз баласын жауға берген, жүрегінде кек жалыны әлі сөнбеген кәрі ана жұрттан ала бөтен, осы күнді сағынуда еді.

Таңертең үй іші болып шай ішіп, жайдарыланып отырғанда біреу есікті қақты.

— Кіріңіз, — деді Ерден дауыстап.

Былғары сумкасын көтеріп хат тасушы бала жігіт үйге кірді.

— Тілепова Сақып кім? — деді ол.

— Менмін, неге керек болып қалдым?—деп Сақып хат тасушы балаға қарады.

— Сізге майданнан телеграмма бар, — деп бала қолындағы қағазын Сақыпқа берді де, «отыр шай іш» дегенге қарамастан шығып кетті.

Сақып қолындағы қағазды аң - таң болып, түсі әлденеге сұрғылттанып Ерденге ұсынды. Ерден телеграмманы қолына алды да дауыстап оқыды.

Құрметті ана және Зейнеп!

Үш жыл партизандармен бірге болып, аман - есен Қызыл Армияның қатарына қосылғам. Денсаулығым жақсы, жақында елге барамын. Өздеріңнің жағдайларыңды айтып, телеграмма беріңдер.

Сендерді сүюші Тілепов Жандос». Содан кейін бөлімінің пошта жәшігінің номері көрсетілген.

Телеграмманы оқып шыққаннан кейін үшеуі де алдыменен еш нәрсеге түсінбеген адамдай аңырып отырып қалды.

Ерден телеграмма сөзіне сенбегендей басынан аяғына шейін көзімен тағы бір шолып өтті. Сәл кідіріп, көзінің астымен Сақыпқа қараса, екі көзінен жасы сорғалап, аузы кемсеңдеп, не қыларын білмей талмаусырап отыр екен.

— Апа, оныңыз не... Қуанады екен десе жылағаны несі...

Сақып жауап қайтармай ақырын жылай берді...

Қуаныш минуттары өтісіменен, ең алдымен ойға қалған Ерден болды.

«Бұл қалай? Жандостың өліп жатқанын өз көзіммен көрген жоқ па едім? Жоқ, оның кеудесінен жаны шықпаған екен ғой. Нағып сол минутта мен байқамадым? Қап! Енді мынау? Мен оны шешесі мен әйеліне өлді деп естіртіп, ақырында әйеліне өзім үйлендім...» Ерденнің денесі бір күйіп, бір суыды... Бірақ оны дәл қазір ұят емес, Зейнептен айырылып қалу қаупі жеңді. «Расымен Зейнеп Жандосына кете ме?» — жүрегі шын удай ашыды, өйткені ол Зейнепті шын жақсы көріп қалған еді.

Бұл минутта Зейнеп те жүрегінде алабұртып туа қалған асау толқынмен алысуда еді. «Япырай, бұл қалай?.. Неғып сеніп қалдым! Сенетін қандай қақым бар еді? Мәңгілікпін деп антымды берген жоқ па едім... Енді мынау төрт жылға да шыдай алмай жұрт алдында, Жандостың алдында масқара болғаным!..»

Зейнептің Жандосты аман - есен көремін деп алғашқы қарқында лепірген көңілі кенет су сепкендей басылды. Бұл сезім Жандосты көргісі келмегендіктен туған жоқ, ол әлі де болса оны көруге ынтық еді. Бірақ ер жігіттің ар намысын аяққа бастым - ау деген адамгершілік, ұялудан туған сезім жан - тәнімен күйдіріп, өзегін өртеді...

Бәріне де үлкен толқуда отырған Сақып еді. Жалғыз баласының тірі шыққан қуанышы кәрі ананың әуелі ақыл - ойын, сана - сезімін тегіс билеп кетсе де, қысылып отырған Ерден мен Зейнепке көзі түсіп еді, кенет кәрі буындары дірілдеп, кәрі жүрегі удай ашыды. Ол Жандостың Зейнепті жанындай жақсы көретінін ертеден - ақ білетін. Ер жігітке тірідей жан серігі сүйгенінен айрылу — өлімнен кем емес азап, қорлық екені оған ешкім айтпай -ақ мәлім. Қан майданнан жауды жеңіп, күні ертең Жандосы келгенде, оған не деп жауап бермек? Уыздай ұйып жарын күтіп отырған келініне жел берген өзі емес пе?.. Жарайды, Жандосы өлді деген қағаз - ақ келсін. Оған жұрт сенсін, Зейнеп сенсін, бірақ ананың сенетін жөні бар ма еді?

Сақып не қыларын білмей ұзақ отырды. «Болған іске болаттай бол», — дейді қазақ. Болған іске қанша берік боламын десе де, жалғыз ұлының басына туғалы тұрған қиындық кәрі ананы қоярға жанын жер тапқыздырмай, өртеп барады.

Әйткенмен, Жандосы тірі ғой. Жалғызы тірі! Анаға бұдан артық қуаныш бар ма? Кенет ол өзге өмірдің бәрін ұмытты. «Жалғызым, Жандосым тірі екен ғой!»деп дауыстап жіберді де, жылап қоя берді.

— Ие, енді не істейміз? — деді Ерден.

Бұл сұрақ Зейнепке арналған еді.

Жай айтылған сөздің түбінде үлкен зіл жатқан... Зейнепке бұл сұрақ: «Өзің шеш... Қайсымызды таңдайсың...» дегендей болып естіледі.

Қандай ауыр болса. да, осы ұятқа шыдаймын деп отырған Зейнептің жүрегінде, бір жағынан ескі жараның аузы ашылып, Жандосқа деген бір кездегі ыстық махаббаты қайта оянып, екінші жағынан Ерденге деген жалынды сезім өз құшағынан оны шығармаймын дегендей өрши түсіп, махаббат таласы туып та қалған еді.

Дегенмен де ақылға салып келгенде, Зейнепте ақырғы сезім күштірек көрінген. Ол Ерденге де сүйіп тиді, одан ұл тапты. Жандосқа бір кезде күйіп - жанып қосылғанмен де, толқынды толқын қуып жарға шығарғандай, екінші махаббатқа берілу үшін бірінші махаббаттың ерке желі жүрегінде сөнуге айналғанын сезгендей еді... Бірақ дәл қазір оған ар - намыс, махаббат, қуаныш, ұят — бәрі бірдей ұштасып, ойын қорытып, бір пікірге келуге жол бермеді.

Зейнептің қысылып отырғанын білген ана:

— Болар іс болды. Ақылды еді ғой Жандос қалқам, түсінер... әзірге амандықты білдіріп телеграмма беріңдер, — деді.

Ерден мынадай телеграмма жазып:

«Аман қосылғаныңа көп қуандық. Біз тегіс аманбыз, Жеңіспен тез қайтуыңды аңсап күтеміз.

Сақып, Зейнеп, Ерден». Почтаға апарып салып келді.

Бес алты күннен кейін:

«Демалысқа Алматыға келе жатырмын. 20 август күні боламын. Сәлем жолдап, Жандос», — деген Жандостың екінші телеграммасы келді. Сол күні Ерден мен Зейнеп басқа пәтерге шықты.

Жандосты 20 август күні Сақып, Ерден және бөтен жолдастары вокзалда күтіп алды. Жалғыз - ақ Зейнеп бармай қалды.

Үйге келгеннен кейін, зор қуаныштың арасында, жолдас - жораларымен рахаттанып қалжыңдаса бастаған Жандос бағанадан бері көзіне түспеген соң «Зейнеп қайда?» деп анасынан сұрады. Отырғандар үндемеді. Ерден үйден шығып кетті.

— Қарағым, бір үлкен кешірілмес қате болды, оған мен де айыптымын, — деді анасы, Жандосқа таяп.

— Қандай қате!? — Жандостың түсі өзгеріп сала берді.

Болған істі бастан аяқ Сақып баласына баяндап өтті. Бір сұмдыққа ұшырағанын қарсы алуға Зейнептің келмеуінен - ақ сезген Жандос анасының сөзін бір бөлместен, ернін тістеп, қабағын түйген қалпымен тыңдап шықты.

Сақып сөйлеп болды. Әлі ешкім аузын ашқан жоқ, тек көздерінің астымен отырғандар Жандосқа қарап қояды. Олар Жандостың бір бозарып, бір қызарып, әлсін - әлсін құбылған түрінен, жүрегінде қандай тартыстардың жұлысып жатқанын айқын сезуде еді.

Расында Жандостың ой сезімі, жан сезімі, ақыл сезімі бұлқан - талқан аласұруда еді. Бір жағынан алыстан аңсап келгенде сүйген жары сағым секілді көз алдында ғайып болып, махаббаттың жалынды дерті жас жанын отқа салса, екінші жағынан ұлы қасиет — адамгершілік парызы «Өзіңе өзің не бол» деп ақыл беруде еді. Сөйтсе де, Отан үшін, ел үшін, қала берді сол Зейнеп үшін қан майданда қан кешіп, туған жеріне сағынып жеткенде, ар - намысына күйе жағылып, шаңқай түстей көтеріңкі көңілді кенет жер болғаны оған жаман батты.

— Қалқам, ешкім де айыпты емес, тағдыр, — деді бір кезде кәрі ана.

— Жоқ, апа. Бұған айыпты — соғыс. Қанішер Гитлер, - деді Жандос орнынан тұрып. — Шіркін-ай, мен мұндай болады деп ойлап па едім!.. Махаббат күйігі, қандай ауыр едің!.. Оқасы жоқ, өмірдің бұ да бір сыны да... Бұл — опасыздықтан емес, өмір әрекетінен туған оқиға екен, орынсыз тулау білместік болар...

Жұрт Жандостың сана - сезіміне, ұстамдылығына таң қалған... Оның үлкен жүректі адам екеніне күмән келтірмеді. Отырғандардың көңілдері сәл көтерілді. Бір сағаттан кейін кісі жіберіліп Ерден мен Зейнеп шақырылып алынды. Зейнепті көргенде Жандостың бойы балқып, жүрегі өртеніп кетті. Екеуінің бетінен кезек - кезек сүйіп, қолындағы рюмкасын көтеріп:

— Кәне жолдастар, Ерден мен Зейнептің келешектегі қызықтары үшін ішейік!—деді.

Жұрт тегіс мақұлдады.

Жандостың жүрегін дәл осы сәтте адамгершіліктің ұлы сезімі биледі.

Иә, бұл оқиғадан кейін жиырма жылға жуық уақыт етті. Ондағы жара әлдеқашан жазылған. Рас, оңай жазылған жоқ ұзақ жылдар ісініп - қабынып, ақыры жара орны мәңгі кетпес тыртық болып бітті. Иә, тыртық болса да бітті ғой, Жандос соңынан басқа семья құрған. Бағына қарай, жаңа семья да құтты болды. Әйелінен бір ұл, бір қыз туды. Әттең, не керек, кемпір шешесі жалғыз ұлының соғыстан қайтқан қызығын көргенмен, баласының қайтадан бақытты болып, семья құрған қуанышына жетпей, екі жылдан кейін қайтыс болған. Бұ да Жандосқа ерекше батқан. Бірақ осының бәрі Жандостың жарасы еді ғой, ал Ерден өшігерліктей бұның қандай күнәсі бар? «Әлде, әлде сонау бір қарт коммунистің айтқаны шын ба? Қой, біздің заманымызда ондай себеп болуы тіпті мүмкін бе?»

— Тағы бір қиын жағдай, — деді Жандос сөзін қайта жалғап. — Біздің экспедиция әзірге барлау - зерттеу міндетін атқарады ғой. Әсіресе тереңдіктегі мұнайды зерттеуді. Ал алғашқы жүргізілген скважиналар жөнді нәтиже бермегені, өзіңізге белгілі. Біз тіпті осы тұстан ойдағыдай мұнай қорын таба алмаймыз ба деп қауіптеніп едік. Бас геолог Жәлел Бестібаевтың үлкен көмегі тиді. Бұ кісі мұнараларды оңтүстікке қойдырып жатыр. Соңғы терең жүргізілген скважинадан күшті фонтан атылғаны тағы да бәрімізге мәлім.

— Жарайды, Бестібаев келді де, мұнай табыла қалды делік, — деді Ерден кекете күліп. — Сосын?

— Сосынғысын мен айтайын, — деді орнынан ұшып түрегелген Жәлел. Ол рұқсат күтіп тұрмай сөзін бірден бастап кетті. — Өзектің қазіргі кемшіліктері бізден емес, мына сіздерден деп білемін. Жоғарғы жақпен байланысты...

— Қызық екен!—деді Ерден қабағын жаза күлген боп. — Мұнайды Өзекте сіздер барлайсыздар, ал оған Алматыда отырып біз айыпты боламыз! Бұл бұрын - соңды мен естімеген парадокс!

— Естімесеңіз, естіңіз! — деді Жәлел де қызулана қалып, — қандай сәтсіздік болмасын бұған бір ғана орындаушы айыпты емес. «Балық басынан шіриді» деп қазақ босқа айтпаса керекті...

— Асықпай сөйле, Жәлел, — деді Жандос сәл езу тартып. — Бұл — кінәласатын жер емес.

— Жоқ, кінәласатын жер, — деді Жәлел Ерденге тесіле қарап, — әркім өз міндетін дұрыс атқара білуге тиісті және кім болса да айыбын мойындауы керек. Мінекей, он үшінші скважина қазылып біткелі жарты ай болды. Жіберетін алты дүйімдік колонна жоқ, содан беpi бос тұрмыз. Бұған кім айыпты? Бізге бұл құбырларды Сумгаит заводы дайындауға тиісті еді. Телеграмма да бердік, кісі де жібердік. Не шықты? Құр уәде, бірақ құбырлар жоқ. Ал фонтан атылған бірінші скважинаның мұнайын өлшеп, сынау жұмыстарын жүргізу үшін насос - компрессорға қолымыз жетпей отырғаны тағы белгілі. Ең аяғы мұнай қабатын сынайтын тереңдік монометр мен штуцерге де жарымай келеміз. Маңғыстау құлазыған қу дала, мұнда белағаш сынса да, оңдайтын завод түгіл, шеберхана жоқ. Осының бәріне кім жәрдем беруге тиісті? Әрине, министрлік! Ал Малқожин жолдас сендерге не кедергі?» дейді. Бұдан артық қандай кедергі болуы мүмкін?

— Тағы қандай айыбың бар бізге қояр? — деді Ерден өткір көздерін сәл сығырайтып, Жәлелдің бетіне тесіле қарап.

— Министрлік істемей отырған басқа да кемшілік толып жатыр, — деді Жәлел сабасына түсіп.—Мысалға, су мәселесін алайық... Өзекке жұрттың шыдамайтын бір кемшілігі құр ғана ыстықтығы, табиғатының өрен қаталдығы ғана емес, кәдімгі ішетін ауыз судың жеткіліксіздігі. Ал поселке болса, үлкейіп келе жатыр. Өзектегі өзекті мәселенің бірі — бұрғылау қондырғыларын техникалық сумен қамтамасыз ету жайы. Қондырғыларға суды құдықтан қашанғы тасимыз? Бұл жерде, екі жүз елу метр тереңдікте тәулігіне мың текше метр су беретін қабаттар бар. Оның ащылығы 3 градус БЭМО бойынша. Бұл суды техникаға пайдалануға әбден болады. Осылай жер астынан су тартатын күшті станциялар орнатып, Өзекке құбырлар арқылы су әкелудің орнына, министрлік, тәжірибесі әлі шамалы гидрогеолог жас қыз баланы жіберумен іс бітті деп отыр.

«Тәжірибесі шамалы, жас қыз баланы жіберумен іс бітті, деп отыр» деген Жәлелдің сөзі Танаға батып кетті. Ол шарт ете қалды.

— Су үшін қам жемеңіз, — деді Тана даусы қатты шығып, — су болады!

Бүгінгі мәжілістің стенографиясын жүргізіп отырған Гүлжамал дауыс шыққан жаққа жалт бұрылды. Ол екі көзінен от шашып, Жәлелді жеп қоярдай, ызалана қараған Тананы көрді. Қыздың көзі дәл бұл сәтте махаббат емес, өзін мазақ еткендей болған жігітке ашу -ызаның ұшқынын төгіп тұр екен.

Гүлжамал әлденеге қуанып қалғандай. «Жоқ, жоқ, мынау көзқарасы жігітті жақсы көретін қыздың көзқарасы емес. Жақсы көретін адам әлгіндей «су, му» деген сөздер үшін, мұншама ашулана қалмаса керек - ті».

Жәлел де Танаға мысқылдай көз тастады.

— Су болады? Қайдан болады? Әлде құдықтан өзің шелектеп тасисың ба?

Қыз енді тіпті күйіп кетті.

— Тасыса несі бар, тасимын!—деді ол өжеттене, — бірақ ондай күйге жетпеспіз деп ойлаймын. Жақында ескі құдықтың үстінен су шығаратын «водокачка» құрамыз. Құдықты сәл тереңдетсек поселкеге әзірге ауыз суы жетеді.

— Водокачка?—Жігіт тағы мысқылдай езу тартты, — Ғафу етіңіз, оны сізге кім орнатып жатыр?

— Алматыға телеграмма берілген. Көп кешікпей моторы да, бөтен керек заттары да келіп қалуға тиісті!..

Жәлел кекете «әлі телеграммаңызды ғана айтып тұрсыз ба?» дей жаздады да, Тананың көзінен бұған шын ашуланып қалғанын ұғып, «жақсы, солай - ақ болсын» дей салды.

Бірақ Жәлелдің сөзі Тананың жүрегіне шаншудай қадалды. Поселкеге су жеткізе алмай бұрыннан да күйініп жүрген Танаға Жәлел оны бұл жолы жұрт көзінше айыптап тұрғандай боп көрінді.

Осы болмашы оқиғадан соңынан бірбеткей екі жастың арасына әжептеуір араздық туды.

— Ал тағы бізге қояр қандай кінәң бар? — деді әлі қабағы жібімей отырған Ерден Жәлелге қайтадан бұрылып.

Бірақ Жәлелді тоқтатып, сөзді жақында трестке барып келген Сәлімгерей алды.

— Менімше, — деді ол орнынан түрегеліп байсалды үнмен, — Жәлел Бестібаев жолдас дұрыс айтты. Маңғыстауды барлау тәрізді үлкен істе қателік, жетіспегендік болуы сөзсіз. Мәселе әркім өз міндетін дұрыс атқарып, кемшілікті дер кезінде жөндеуде ғой. Әрине, Өзек экспедициясының қолынан келмейтін істерге министрлік жәрдемдесуі керек - ақ. Үнемі олай болмай отырған тәрізді. Сондықтан бұрғыланып біткен екі скважинаның екеуі де сынақтан өтпей тұр. Бұл үлкен жетіспегендік. Ортақ істің оябын тапқанға не жетсін.

— Ал сонда, — деді Ерден әлденеге күлімсірей, — Жәлел Бестібаевтың бұрынғы барлау -бұрғылау схемасының көп жерін өзгертіп жібергеніне қалай қарайсыз?

Негізгі схемаға Сәлімгерей ғылыми тобының қатысы бар екені осында отырғандардың бәріне мәлім еді. Бұл сұрақты, әрине Ерден ғалымның менмендігіне тиіп, мәселені шиеленістіре түсіргісі келіп бергенін де жұрт аңғарып қалғандай.

— Геология — творчестволық ғылым, — деді Сәлімгерей. — Ал мұндай творчестволық ізденуде қатенің болуы ғажап емес. Біздің схемамыздың дұрыс емес екенін Алматыда жүріп өзім де күдіктене бастағам. Бірақ қатені менен бұрын Жәлел Бестібаев көріпті. Өз басым оған тек рақметімді ғана айтамын. Және кезінде Жәлелдің бұрғылау схемасын қабылдағаным жұртқа аян...

Сәлімгерей құр ғана белгілі оқымысты емес, онымен жоғарғы жақта санасатын белгілі ғалым. Оның үстіне, ол қатесін мойнына алып, Ерденнің ойлағаны болмай қалды. Амал жоқ Ерденге енді кілт өзгеруге тура келді.

— Бір қате екінші қатені тудырмау керек, — деді тағы Сәлімгерей. — Әркім ісінің осал жерін мойындауы біздің жұмысымызда өте қажет.

— Әрине, — деді Ерден, — сол үшін де осы мәжілісті шақырып, өз кемшіліктерімізді де білгелі отырмыз ғой. Жәлел жолдастың да және бөтен сөйлейтін жігіттердің де айтқандары еске алынады. Қолдан келген жәрдем көрсетіледі.

Бұдан кейін де біраз кісі сөйледі. Ақырында кемшіліктерді қалай жою жөнінде тиісті шаралар белгіленді.

— Мінекей, жігіттер, мәмлеге келдік, — деді Ерден күлімсірей, — тек осы белгіленген шараларымызды орындайық, Отан алдында жаманатты болын жүрмелік.

Мәжіліс бітіп, жұрт тарап жатқанда жанында тұрған Сәлімгерейдің көзінше, кетіп бара жатқан Жәлелді шақырып алып:

— Саған да рақмет, — деді оның қолын қысып тұрып Ерден, — бір-бірімізге қатемізді бетімізге айтып, осылай бірігіп қызмет істелік.

Бірақ көзі «тұра - тұр, жұрт алдында мені сынап, қадірімді кетіргің келетін сабазсың ғой, сенің де бір сүрінер кезің болар, «бірігіп жұмыс істеуді сонда көрсетермін» дегендей, бір түрлі суық қарады. «Өзі күлгенмен, көзі күлмейтін мұндайда кісі болады екен - ау» деп түйді ішінен Жәлел. Бірақ ол Ерден туралы бұдан әрі ештеңе ойламады. Өйткені Сәлімгерейдің жаңағы сөздері Жәлелді қуантып тастаған. Енді Жәлел оныменен жеке сөйлеспекші еді.

II

Жандос Хәлелді көптен білетін. Бұлар Төбежікте де, Қызанда да жұмысты бірге істеген. Маңғыстауға шабуыл басталғаннан бері бір сапта келе жатыр десе де болады. Жандос бұрғылау шеберінің тұйық мінезіне әбден қанық. Аты - жөні жоқ жарқылдай қоймаса да, дәл бүгінгідей қабағынан қан жауып тым түнерген шақтарын бұдан бұрын көрмеген. Ал бүгін дәл бір жақын кісісі өлгендей көзі кіртиіп, екі иығы түсіп кеткен.

Жеңіл «Газ-69» машинасымен Жандос, Жәлел, Юрий Алексеенко үшеуі келіп мұнай мұнарасының жанына түсе қалғанда, басшыларды қарсы алуға алдарынан әдеттегідей ешкім шықпады.

— Көрдіңдер ғой, жұмысшы табы біздің келгенімізге көңілдерін бөлер де емес, — деді күліп Жандос.

— Өзің болсаң да сөйтер едің, — деді Юрий Михайлович көңілсіз үнменен, — Қазір бұларға біздің қанша керегіміз бар?

— «Алыс деп аулыңа қайтпайсың ба?» деген қазақта мәтел бар, — деді Жандос,—Қайткенмен, бір шешімге келуіміз керек қой.

Осының алдында бұлар бұрғыланып біткен, сынаққа дайындалған скважинаға барған. Мұнай қондырғы тұрған төмпешіктің күнгей жақ ылдиына қап - қара қарасудай боп тұнып жатқан шағын ғана мұнай көлін көрген. Бұл жер астындағы салмақтың азайған сәтсіздіктің белгісі еді. Үшеуі де жүдей қалған. Содан кейін осы жаңадан қойылған мұнараға келген.

Қондырғыдан ешкім шыға қоймады. Енді бұл үшеуі сөйлесе солай қарай беттеді.

Мұнара іші әдеттегісіндей ың - жың. Тежегіш тетіктердің ысқырығы насос резинке шлангтар мен вертлюгтың қатты дірілі, ротордың ырылы — бәрі қосылып бір адам айтқысыз у-шуға бөленген. Тереңдегі бұрғыға қанша салмақ түсіп жатқанын және оны тағы қанша күшпен төмен қарай айдау керек екенін көрсететін дриллометрдің алдындағы тежегішін қос қолымен ұстап Хәлел тұр. Мызғыр емес. Өзге жұмысшылар да әрқайсысы орындарында. Қозғалар түрлері жоқ. Кейбіреулерінің сақал - мұрттары өсіп кеткен. Бәрінің де жүздерінен қажығандық па, әлде ренжігендік пе, әйтеуір бір кейістік байқалады. Экспедиция бастықтары келгенін көрсе де, сол қозғалмаған қалпында тұрған Хәлел енді ымдап қарсы алдындағы жәрдемші, кірпік шашты жас қазақ жігітін шақырды да, дриллометр тежегішін қолына ұстатты.

— Мықтап ұста, — деді ол. Сөйдеді де, өзі босанып шықты.

Келгендермен үн - түнсіз қол алысып амандасты. Өзіне бірдеме деген Жандосқа «естімедім» дегендей алақанымен ишарат істеді де, бәрін ертіп далаға шықты.

— Хәлдерің қалай?—деді Жандос, бұрғышылардың хәлінің қандай екенін біле тұрса да, үйреншікті сұрақтар беріп.

— Бізден қандай хал сұрайсың? Көрген шығарсыңдар, — ол Жәлелдер барып қайтқан скважина тұсын меңзеді, — сондай мұнай шығарып жатқан бригадада қайбір жөнді хал болатын еді?!—Ол төмен қарай жылжымай тұрған бұрғылау құралынан көзін алар емес.

Кеше ғана өзгеге шырақ саналып, Маңғыстау үлкен мұнайының алғашқы фонтанын атқызып, екі езуі екі құлағына жете мәз болып жүрген бұрғышының қуанышы кілт үзіліп, жанының шын ауырып тұрғанын үш бастықтың үшеуі де түсінді. Хәлел қайтадан сөйледі.

— Ана тоқтап қалған скважинадағы ерітіндіні көрген шығарсыңдар, — деді.

Бұлар, әрине, көрген. Ұзын астауда қара қоңырқай болмашы сұйық зат жатқан.

Бұл — бұрғы ерітіндісі еді.

Бұрғылау жұмысының қалай бара жатқанын көрсететін дриллометрден кейінгі екінші көрсеткіш — осы ертінді. Жер астындағы бұрғының сыртқа шығарылып жатқан қазынасы. Осыған қарап жұмыстың қай қабатта жүріп жатқанын анықтауға да болады. Қазір ол жердегі лай қою және қара қоңыр еді. Бұл бұрғының мұнай қабатының астыңғы жағындағы қысым салмағы түсіп кеткен аливариттен жоғарғы мұнайлы аргелит тау жынысының тұсын көрсетіп тұрған.

— Біз жұмысшы адамбыз,—деді Хәлел. — Ал жұмысшы адамның қуанышы да, арманы да істеп жатқан ісінің игілікті болуының үстінде. Тіршілігінің көбі осы бұрғылау өткен кісілерге мұндай қырсық өзгеден анағұрлым ауыр тиеді. Бұны өздерің де жақсы білесіңдер. Оның үстіне мына жаңа қондырғымыздың да бұрғысын тау жынысы ұстап қалды. Түніменен ұйқы көрген жоқпыз.

— Әрине, құр әуре болдыңдар ғой, — деді Жәлел.

Жалпы, тежегіш босатылып, салмақ бұрғыға түскенде тау жынысы қатты болса, бұрғымен жаншылып уақталып үлгірмей, ол түйіршік - түйіршік болып сыртқа лаймен бірге шығады. Әдетте, бұрғышы ерітіндінің әр сағат сайын сыбағалы салмағын, қазынды түйіршік құмның лайда қанша процент екенін, ерітіндінің сұйық, қоюлығын, тағы басқа көрсеткіш қасиеттерін бақылап, өлшеп тұрады. Бұрғы өтіп жатқан қабаттың тау жынысына қарай, жоғарыға ол үнемі өзгеріп шығады. Бұрғышы өзінің керегіне дәлдеп, ерітіндіні сұйылтып, не қоюлатып тұруға тиісті. Бұл технологиялық шарт. Дер кезінде судың жеткіліксіздігінен ерітіндіге құм мен тастар шөгіп бұрғы жүрмей қалады. Бұны бұрғылау құралын ұстап қалу — прихват дейді. Ал сол ерітіндінің түріне қарай бұрғының қандай тау жынысының тұсында екенін де айыру оңай. Тау жынысының ұшыраған жерін геологиялық картамен салыстырып қай қабатына бұрғының жеткенін анықтау тіпті қиын емес.

— Бұрғылау жеткен тереңдікте мұнайдың жоғы көрініп тұр ғой, — деді Жандос. — Бұдан әрі бұрғылаудың қажеті жоқ, тек бұрғылау құралының ұсталып қалғаны өкінішті. Иә! Жарайды, текке тұрудың қажеті жоқ. Қолдан келер мүмкіншілікті пайдаланған жөн.

— Ұсталған бұрғылау құралын босатуға мұнай ваннасын қолдансақ қайтер еді? — деді Алексеенко, — бірақ бұл әдіс извесі көп болған жағдайда қолданылады ғой...

— Мұнай ваннасының биіктігі забойдан екі жүз елу метрден кем болмауы керек, — деді Жәлел Алексеенкоға. — Оған отыз тоннадай солярка жұмсалуға тиісті. Қане, тез есептеп жіберші.

— Ау, Жәлел, не айтып тұрсың, — деді Жандос ренжіп. — Соншама солярканы қайдан аламыз? Қазір қолда бары отыз тоннаға жетпейді. Бәрін мұнай ваннасына жұмсағанда, өзге шаруаға қайдан табамыз?

— Оны өзің білесің...

— Иә, бұл кідіріс - бұрғылаудың айлық жоспарын орындамау деген сөз, — экспедиция бастығы қолын бір – ақ сілтеді. — Майданда өз шебіңнен кейін шегінуден бірде - бір кем емес. Қандай қиындыққа ұшырағанымызды екінің бірі түсіне бермейді. Ертең - ақ кейбіреулер Өзек экспедициясының кемшіліктері, шалағайлықтарынан туып отыр деп айыптайды. Ал жер астындағы мұнайдың шықпай қалғанына келсек, техникалық су мәселесі шешілмей жұмыс оңбайды.

— Бәрібір дұрыс айыптайды!—деді кенет қызынып кеткен Жәлел.

— Мен де Жәкеңе қосылам, — деді үндемей қалған Юрий Алексеенко. — Бұл — біздің кемшілігіміз. Енді бәріміз бірдей жауап беруіміз керек. Шу деп барлау скважиналарын жүргізгенде су мәселесін де қатар ойлауымыз керек еді. Енді, міне...

— Дәл мұндай дағдарыс болады деп кім ойлаған, — Жандос кенет жүдей қалды.

— Бір жылға отыз мың метр бұрғылау жоспарын жоғарғы жақ неге берді?—деп бағанадан бері үндемей тұрған Хәлел де сөзге кірісті. — Жоспар бар, өткен тереңдік жоқ, бұған кім айыпты? Бәз баяғы жұмысшы табы ма? Жоқ, жігіттер, біз жұмыс істегіміз келеді. Тек бұрғылауға керекті заттарды, суды қамтамасыз етіңдер. Бұрғылау жоспарын орындау біздің міндетіміз. Ал босқа тұрғызбау сендердікі. Жұмысшы адамға бос тұрудан, төсекте ауырып жату көп жеңіл!

— Жалпы Маңғыстаудың үлкен мұнайын барлауда болған бір мұнараның қырсығынан теңіз суалып, жер жарылмайды, — деді Жәлел. — Бірақ біздің кемістігіміз осы авариямен бітейін деп тұр ма? Бар мәселе атылмай қалған фонтанда. Бір бес жыл өткеннен кейін, жалпы геологиялық болжау бойынша, мұнай қабатының қысымы орта есеппен жиырма атмосфера төмендейді. Осының салдарынан көптеген скважиналарда, мұнай фонтандары тіпті атылмай қалулары мүмкін. Кезінде тиісті шара қолданбасаң қайғы - қасірет симфониясы басталады.

— Қандай шараны айтасың? — деді Жандос.

— Мұндай жағдайда, өздерін белгілі скважинаны сыннан өткізуге жәрдемдесер үш әдіс бар ғой, — деді Жәлел. — Біріншісі — скважинаны қышқылтыммен жуу. Екіншісі гидравликалық қысым арқылы мұнай қабатына су жіберу. Үшіншісі — торпедамен аттыру. Осы соңғы әдісті қолдансақ, кенді жібермей жатқан тау жыныстары жарылып, бөлшектенген тастардың арасымен қысымның жолы ашылады. Кішкентай жарықтар бойларымен мұнай скважинаға қарай ағады.

— Иә, алғашқы әдістер жалпы қолайлы... — деді Жандос. — Бірақ біздің жағдайымызда керекті құралдар жеткіліксіз. Мысалы гидравликалық қысым тудыру әдісіне ЦА - 200 агрегатының кем дегенде бесеуі керек. Қышқыл сұйық затпен мұнай қабатындағы жыныстарды жібіту ойдағыдай нәтиже бермесе тағы қиын. Одан да торпедамен атуды қолдансақ па екен?

— Дұрыс айтасың, — деді Юра, — соның үшін атом зарядын пайдалана білу керек.

— Атом зарядын?—Жандос күлді. — Міне мұның шын қиял! Иә, құр қиял!

— Неге?

Жер астындағы мұнайды шығаруға әлі ешкім атом зарядын пайдаланып көрген жоқ. Сосын ол зарядты бізге кім береді? Қалай атқызамыз? Қой, Юра, бұның құр қиял!

— Бермесе береді! — деді Юра кенет қызулана қалып, — құлағымыз үйренбеген сөзді естісек, ылғи үрке қарайтын әдетіміз. Обнинскиде жүргізіле бастаған атом станциясы, атом ядросының бейбітшілік өмірге керек қандай күшті бере алатынын көрсеткен жоқ па? Ғылым деген, соның ішінде біздің заманымыздағы атом ғылымы да адам үшін жаратылған. Ғылым дәрі тәрізді, бір жағдайда аурудан жазады, бөтен жағдайда — ауруды асқындыратын уға айналады. Тек дұрыс бейбітшілік мұқтажына пайдалана білу керек.

— Сонда не істе дейсің?

— Торпеда отынының орнына скважинаға атом зарядын түсіру керек. Осы жарылған атом зарядынан қас қаққанша, бір секундтан аз уақытта, атом реакциясы ғажайып қуат шығарады. — Юра қыза түсті. — Бұдан артық не керек? Атом реакциясы көзді ашып -жұмғаннан да тез уақытта өтеді. Адам ақыл - ойы бұның қалай болғанын да біле алмай қалады. Бұған шыққан уақыт бүкіл біздің планетаның миллиардтаған жыл сүрген, сүретін өмірімен салыстырсақ, көбелектің азғантай ғана мерзім қанат қағып тірі жүргені тәрізді. Бірақ сол қас қаққандай уақытта жер астында жарылған атом зарядынан миллион градустық ыстық пайда болады. Газы миллиондаған атмосфералық қысым тудырады. Бұл күш қаншама жердің күл - талқанын шығарады. Ыстықтан кенет пайда болған газдың керемет қысым - қуатына шыдай алмай, мұнай теңізі амалсыз көкке атылады. Бір тамшысы қалмай жер бетіне көтеріледі.

— Фантастика! — деді Жәлел.

— Иә, нағыз барып тұрған фантастика!—деді Жандос. — Мүмкін келешекте мұнайды солай атармыз да. Ал қазір... Сен бізге сонау жер астында көлкіп жатқан байлықты кәдімгі жай күшпен қалай аламыз соны айт! Соны айт!

Көптен бері ойлап жүрген өзінің қиялына беріліп кеткен Юра Жандостың сөзінен кейін іп - ілезде басыла қалды.

Жандостың да кенет қызына қалғанын түсінген Жәлел:

— Әрине, — деді, — біздің экспедицияның міндеті мұнай алаңын жан - жақты барлап, қорын есептеп болашақ кәсіпшілікке даярлап беру. Ол кәсіпшіліктің кезінде өз бастығы, өз бас геологы, бас инженері болады. Олар мүмкін скважинаның үздіксіз мұнай атқызатын жаңа прогрестік әдісін де табар. Бірақ біз өз міндетімізді дұрыс атқаруымыз керек. Анау мұнайы ақпай қалған скважинаны қайтадан тірілтуге тиістіміз. Бұрғыланып жатқан скважиналардың бәрінен де жер майы көкке атылуы міндет! Әйтпесе Өзек алаңын төрт жыл түгіл, болашақ кәсіпшілдікке сегіз жылда да даярлап бере алмаймыз.

— Сөйтіп, — деді Жандос қорытып, — тезірек су скважинасын қазып, одан скважинаға құбырлар тартуға кірісуіміз керек қой!? Ал мына бұрғының ұсталып қалғанына келсек, мұнай ваннасын қолданбай болмайды. Трестен соляркі жеткізуін сұрау керек.

— Сол дұрыс!—деді Жәлел мен Юра.

Бұлар көп мехнатпен тоқтап қалған Хәлелдің бұрғысын төрт күннен кейін қайта жүргізді.

Ертеңіне Жандос, Жәлел, Юрий, Маңғыстаудың академик Ахметсафин Уфа жасаған гидрогеологиялық картасын ортаға алып, жаңа скважинаны бұрғылау ісін ақылдасты. Іс үстінде Жәлел мен Тана қайтадан кездесті Жұмысқа берілгендіктері соншалық, араларындағы қырғи қабақтық өзінен өзі ұмытылды. Екеуі бірін - бірі шын сағынып қалған екен, бір үйде, бір столдың қасына қатарласа отырғандарына іштей жаман қуанды. Жандос жаңа істің игілікті болуы үшін су жинайтын резервуарды, скважиналар арасына жүргізетін құбырларды қамтамасыз етуді өз міндетіне алды. «Егер бұл заттар форттан, не өзге экспедициялардан табылмаса, бір жетіден кейін түрікмен мұнайшыларына барамын!» деді.

Барлаушылар айтқан уәделерінде тұрды. Апта бітпей су скважина бұрғылау қондырғысы да дайын болды. Бұрғылау басталардан екі күн бұрын былтыр үйленген Юрий әйелі Зинаның ұл табуымен байланысты өзінің әкесі осы араға әйгілі қарт мұнайшы Михайло Михайловичтің атынан жолдас, серіктерін тойға шақырды.

Жәлел мен Тананың арасында жаңа тұтанып келе жатқан махаббат оты кілт сөнгендей еді. Бұған себеп әрине әнеугі екеуінің арасындағы болмашы кикілжің емес. Рас, сондағы қағыс - талас, екеуінің де бірбеткей жан екенін көрсеткен, бір - ақ одан бұлар шын араздаса қоймаған. Егер жұмыс бабында кездесетін мұндай уақ - түйек жанжалдардан бірін - бірі жақсы көретін екі кісі бірден алыстай қалатын болса, одан махаббаттың не керегі бар? Жоқ, үлкен махаббат тек үлкен жүректерде ғана туады. Ал уақ адамның махаббаты да уақ. Жәлел де, Тана да мұндай жандар емес. Расына келсек, дәл осы кезде бұлар махаббат туралы ойлау түгіл мезгілімен ұйықтап, мезгілімен тұруға қолдары тимей кеткен. Екеуін де бірдей жұмыс басқан. Сондағы болған қабақ шытарлық болмашы кейістік әлгідей жағдайға дәл келген.

Жастардың міне осындай күндерде, істейтін шаруалары жоқ, зерігіп жүрген екі шал — Бестібай мен Сары поселке желкесіндегі төмпешікте кездесті.

— Сары, — деді Бестібай, — сенін үйіңнің шырағы бар. Ал менің үйімнің сол шырақты сөндірмейтін майы бар. Бірісіз бірінің күні жоқ, бірісіз бірі жарық бермейді. Қайтеміз оларды бірдей қараңғы үйде отырғызып, қоссақ қайтеді екеуін?

Бестібайдың сөзіне іштей қуанып қалса да, қызының өз дегені болмаса, өзгеге көнбейтін мінезіне қанық Сары:

— Қайдам, — деді, — осы күнгі шырақтар өздері жанып, өздері сөнгенін жақсы көреді ғой. Екеуміздің айтқанымызға менің қызым, сенің балаң көнетінін қайдан білесің?

— Көнбей! — деді Бестібай, — олардың көздері әке - шешелерінің көздерінен көреген болып па?

Мәселе көрегендікте емес қой. Бұл күні сен екеумізден билік кеткелі қашан!

— Уай, Сары, қартаяйын деген екенсің! Тізгініңді сонша босатып жібергенің қалай? Тек маған қарай жантайшы. Өзгесін өзіме жібер!

Сары күлді.

— Адайдың шалдарын осындай өр мінездерімен тануға болады. Ал, мен әлдеқашан илеген терідей жұмсарғам. Бала мен келінге ақыл айтып көндіретін заманнан қалғам,—Ол әлденені ойланғандай сәл үнсіз отырды, — әрине, сенің Жәлелің бір қызға ер бола алатын жігіт, сыртынан көз салып жүрмін, — деді, кенет есіне өзінің Жәлелмен алғашқы кездескені түсіп кетті. Ауыр күрсінді. «Заман деген міне осы, қойшы аты болмаса да, қойшы аты бар Жанбоздың Сарысының жалғыз қызын Түйебайдың малшысының баласы ала ма, алмай ма», — деп жүдеп тұрған түрі мынау!

— Уай, қайтесің өткенді қозғап! — деді Бестібай, бәрі де алдақашан ұмытқан баяғы күнді Сарының орынсыз есіне түсіріп отырғанына ренжіп қалып. — Бүгінмен санаспаған адамға өткен күннің өкініші жыланмен тең, құйрығын бассаң қайрылып келіп өзіңді шағады.

— Жылан боп шағатын менің қайбір «өткенім» бар?—деді Сары бұрынғысынан бетер тұнжырап, — рушылдықтың салдары ғой Түйебайдың дегенін істегенім... Бәрі өтті - кетті емес пе. Ағайын деп Түйебайға жағынғаным бетіме шіркеу болмасын деп шахтаға да түстім.

Сонау өткен күндерінен әлі де құтыла алмай жүрген Сарының жайын Бестібай бұл жолы қатты ұқты. Кенет оған жаны ашып кеткендей. «Айналайын Кеңес үкіметі - ай, кешегі біреулерге арман болған байға жағынуды, бүгін құбыжық етіп қойғаның - ай! Жұрттың терезесі теңелді деген міне осы!»

— Сонымен уәде ғой?—деді Бестібай тағы да.

— Ту, айттым ғой, менің қолымда ештеңе де жоқ деп, — деді кенет шын ашуланып қалған Сары, әйтсе де iп - ілезде қайта басылды. — Танажанымның өзі білсін, балалардың өзі шешсін...

— Әйтеуір, өз жағыңнан қарсылық болмайды ғой?

— Есі дұрыс адам, туған баласының бақытына қарсы шығады деймісің...

— Болды!—деді Бестібай бес - алты тал көсе сақалын сипап.

Кешке таман ол әйелін ертіп үлкен баласының үйіне келді. Хәлел жоқ боп шықты. Қондырғы қасында екен.

Жұмыстан қайтып келген келіні дереу шай дайындай бастады. Жайшылықта өткір, шайпау торы Жансұлу, өзін өзгелерден именбей еркін ұстағанмен, қайын ата, қайын енесінің алдында үкідей үнсіз жүріп, құрдай жорғалайтын. Сол мінезіне салып аяғының ұшымен қышылдап дастарқанын жайды. Атасының таяғына таласып алысып - жұлысып жатқан ұл - қызына:

— Қойсаңдаршы, — деді күлімсіреп, — жұрттың мазасын алмай.

— Мейлі, ойнай берсін, — деді Бестібай. — «Балалы үй базар» деген.

Аталарының «ойнай берсінін» естіген тетелес өсіп келе жатқан немерелері алыс -жұлыстарын үдете түсті.

Исі бұрқыраған, қаймақ құйған қоңыр шайды қана іше отырып Бестібай келген шаруасына кірісті.

— Келін шырағым, — деді қолындағы кішкентай шақпа шекердің шетінен тістеп қойып, кесесінен бір ұрттап, — ана, біздің үйдегі қайның туралы не ойлап жүрсің? Сақалы ағарғанша бойдақ боп бара бере ме? Ал біз жас бөпенің исін сағынып біттік. Бұл маңда да қыз - қырқын көбейіп қалды ғой, көзің түскен біреумен сөз байланған жөн болар...

— Өзім де анда - санда ойлап қоям, — деді Жансұлу дастарқаннан көзін алмай. — Бірақ инженер қайныма лайық көзіме ешкім түспей жүр - ау. Жетібайдан келген бір - екі мұнайшы қыз бар. Инженер қайным ондайларды менсінеді дейсің бе.

— Бір қыз балаға менің де көзім түсіп жүр еді.

— Әлгі жақында келген инженер қызды айтасыз ба? — деді келіні.

— Дәл өзі. Қыз болғанда қандай, мейіздей! Оқыған десең оқыған. Түр - келбеті де бір адамнан кем емес. Шыққан жері де тәуір, көрген елдің жұрнағы.

— Сен рас қартаяйын деген екенсің!—деді кемпірі, сірә шалының сөзін жақтырмай қалған тәрізді. — Осы өзің емес пе ең ана жылы Сарыны да ұстап алып құрту керек, ол байдың құйыршығы деп жұртты дүрліктіріп жүрген?! Енді бүгін оны «көрген ел» дей қапсың! Қандай көргендігі бар еді, байдың сөзін сөйлеп, жон теріңнен қайыс алғандардың бірі емес пе еді ол? Бәлен жыл малын баққаның үшін бай бір қотыр тайлағын әзер беріп, сауырыңнан сипап айдап салғанда ағайын болса неге араша түспеді?

— Өзің бүгін төсегіңнен шошып тұрғаннан саумысың? — шал әлі ашусыз отыр. — Бай болса Түйебай бай болған, жон терімнен қайыс алса Түйебай алған. Сарынікі құр шатысу, о да өзімдей пролетар. Ал, байдың берген қотыр тайлағынан шүкір күні бүгінге дейін аузыңнан сілекейіңді ағызған шұбатыңды ішкізіп отырған жоқсың ба? Тіпті баяғыда Сары байдың құйыршығы болды десең, болған әкесі емес пе, қызының ме жазығы бар?

— Әрине ғой, — деді Жансұлу сәл томсарып, — бай жағының қызы ма, кедей жағының қызы ма, қыз сорлы қай уақытта дегеніне жеткен, тек қазір ғой теңдік алып, қалағандарына қосылып жатқаны. — Ол әлденеге күмілжіп қалды. Тақа жақын танымағанмен, инженер қыздың сырт пішініне, сөз ілтипатына қарағанда, кімге болса да жар болуға жарайтыны көрініп тұр. Бірақ...

— Не «бірағы» бар?—деді келінінің сөзі ұнап кеткен Бестібай «бірақ» деген сөзден күні бұрын секем алып.

— Осы күнгі жастар бірін - бірі өздері ұнатып қосылып жүр. Оқыған қайным мен сол инженер қыздың арасында бізге жеңгетай болудың ыңғайы келер ме екен.

— Не ыңғайсыздығы бар?—деді Бестібай келініне тікелей қарап, — сен оларды айырайын деп тұрған жоқсың ғой, қосайын деп отырсың. Игілікті істің ешбір сөкеттігі жоқ.

— Оқыған қайныма қыз ұнамай жүрсе қайтеміз?

— Ұнамай? Қалай ұнамайды?! Ол шіркіннің көзі жоқ па осы?

— Не қыз жақтырмай жүрсе ше?

— Кімді, Жәлелді ме? Ондай ақымақ қызды қазір күні Маңғыстаудан пар атпен іздесең таба алмассың! Жәлел кімнен кем? Жас бурадай қылшылдап тұрған шағы. Бүкіл Маңғыстаудың мұнайын бір өзі ашып, зерттеп жатқан жоқ па!

— Сонда мен не істеуім керек? — Жансұлу қайын атасына бұрылды.

— Дәнекер бол деймін. Қайныңа айт. Осы бір қызды ойлап көрсін. Әке - шешеңнің де ойы бар де...

— Оны өздеріңіз неге айтпайсыздар?

Бестібай абыржып қалды.

— Қалай айтамыз? Тік бақай ит бірдеме деп жүрсе, тіпті көңіліміз қалып қояр. — Бұнысы, әрине, Жәлел бізден туған жоқ қой, сөзімізге құлақ қоймаса ренжіп жүрерміз дегені емес еді. Жәлелдің жақын қарындасынан туғанын Бестібай да, оның әйелі де әлдеқашан ұмытқан. Жәлел де осылардан тумаған шығармын деп ойлаған да емес. Бестібай сөзін шегелей түсті, — сен болсаң замандасысың. Және қайның ғой. Баяғы заманның жеңгелері...

Жансұлу күліп жіберді.

— Ол баяғы заманның жеңгелері ғой... Оның үстіне Өзекке келгелі оқыған қайныммен тіс жарып сөйлесіп көргем жоқ. Қалай оған «ана инженер қызды ал» деп бірден айта алам?

— Бірден айт деп отырмын ба?—деді Бестібай, — Ретін келтір... Бірақ ұзаққа созба... Қыз деген үзілгелі тұрған піскен алма емес пе, біздің Жәлел «мұнай, мұнай!» деп мұнарасын шыр көбелек айналып жүргенде, біреу - міреу қағып кетсе, өмір бойы ұмытпас өкініште қалармыз.

— Япырмай, — деді Жансұлу шын қиналып, — бұрынды - соңды сөйлесіп көрмеген қайным еді. Әлде ағасына айтсам ба екен, іні өзінікі ғой.

— Өзің біл, — деді Бестібай, — әйтеуір жатпай - тұрмай осы іспен шұғылдан.

Сол күні төсекке жатқаннан кейін Жансұлу күйеуіне:

— Осы оқыған қайным не ойлап жүр?—деді ерінің иығынан сипап. — Әке - шешесі қартайып барады. Шай - суларын дайындайтын бір шүйкебас алып бермей ме?

Көзі ілініп бара жатқан Хәлел әйелінің сөзіне жөнді түсінген жоқ.

— Шүйкебас? Оны қайтеді? — деді есінеп.

— Қайткені қалай?

— Әйел неге алмайды дейсің бе?

— Ие, ие, Сарының ана инженер қызын...

— Тананы айтасың ба? Оны шүйкебас деп кім айтты саған? Жоқ, Тана нағыз алтын бас...

Жансұлу бұртия қалды.

— Келмей жатып сол қыз бәріңе бірдей ұнай қалған екен? — деді теріс бұрыла беріп. — Алтын бас болса, алтын бас - ақ болсын, алып бер онда сол алтын бас қызды ана темір бас ініңе!

— Сенікінің бәрі оп - оңай. Жұрттың бәрі өзің дейсің бе, қас қаққаннан түсінетін? Ол қыздың ойының қайда екенін қайдан білесің?..

— Сонда тегін жатқан мен ғана екенмін ғой. — Жансұлу шын ашуланайын деді. — Жұрттың қызының бәрі қол жетпейтін алтын, ал біз болсақ...

— Ой, ой, сен алтыннан да қымбатсың, — Хәлел енді бері қарап жатты, — мен айтсам, сенің ұғымпаздығыңды айтам.

— Бәсе...

Екеуінің де ұйқылары шайдай ашылды.

Ертеңіне мұнарасына келген Жәлелге, оңаша қалған Хәлел:

— Жәлел, осы сен неге үйленбейсің? — деді. — Ана Сарының инженер қызы...

Жәлел ағасының сөзін бөліп жіберді.

— Бұрғылау шебері Хәлел Бестібаев жолдас!—деді кәдімгідей шарт ашуланып. — Қазір сіздің алдыңызда қандай міндет тұр: мені үйлендіру ме, әлде мына буровойды шапшаңырақ қазып бітіру ме?

Буровойда авария болғаннан бері інісінің абыржып жүргенін білетін Хәлел бұл жолы ашуланбай қалжыңдап:

— Өзекте барлау жұмысын бітірмейінше, мүлдем үйленбейсің бе?—деді ыржия күліп:

Ағасына дауыс көтеріп ренжітіп алдым ба деп қысылып қалған Жәлел, сабасына түсті.

— Алдымен жер астындағы мұнай қабатын тезірек барлап, зерттеуді ойланайық, — деді, — үйлену қашпас...

Екі бөлмелік шағын финн құрама үйінің кіре беріс жағынан тұрғызған шыны қабырғалы кең веранданың іші лық толған кісі. Жалпы саны көп болмағанмен, веранда көлеміне қарағанда тіпті сыймай отырған тәрізді. Біріне - бірі жалғастыра қойған столдардың үсті сыңсыған тамақ, ішімдік. Қарт мұнайшы жаңа туған немересінен ештеңе аяғысы келмегендей. Өзі кемпірімен екеуі ұзын столдың бас жағында отыр. Үстінде аппақ көйлек, бүгін ғана инеден шыққандай жаңа қара костюм. Кеудесі толған ордендер мен медальдар. Жирен мұрты мен қою бурыл шашын әдемілеп тегістеген. Шалдың жетпіске келсе де отырған отырысы да, өзін - өзі ұстау бейімі де мығым. Киген киімі де кеудесіндегі жарқыраған ордендері мен медальдары да бұл адамның жұртына еңбегі сіңген кісі екенін көрсетіп тұр. Бәрі де оған келісімді, орынды. Әке - шешелерін стол басына отырғызып қойып, қонақтарына қызмет істеп жүрген сұңғақ бойлы баласы Юрий мен ақсары келген оператор болып қызмет істейтін талдырмаш денелі келіні Зина. Бұл екеуіне жәрдемдесіп қызмет көрсетіп зыр қаққан бір - екі келіншек пен жас жігіттер бар.

Шал мен кемпірдің оң жағында Жандос, сол жағында Хәлел әйгілі мұнайшының жақсы көретін мирасқорының бірі бұрғылау шебері Валентин Шилов отыр.

Өзге жұрттардың ішінен ерекше көзге түсерлері, еркектерден — әнеугі Маңғыстауға әйелімен келген Сәлімгерей, Жәлел, қыз - келіншектерден, сөз жоқ, Тана мен Гүлжамал. Әсіресе, Сәлімгерейдің түр - келбеті өзгеше. Маңғыстаудай ыстық далаға қонақ екені бірден байқалып тұр. Алпыстан асып кеткенмен, бетінде бір де бір әжім жоқ, ақсары жүзін күн шалмағандай, сәл ғана қоңырланған. Үстінде қала серуендеріне ғана лайықты аспандай көгілдір костюм. Қырауланған қалың шашын жастарша толқындата желкесіне қарай түсіріп жіберген. Отырысы да, өзін - өзі ұстауы да паң...

Сірә, той басталғалы біркелкі уақыт өтіп кеткен тәрізді, кейбіреулердің маңдайынан тері шып - шып шығып, көздері әдеттегісінен гөрі жайнай түскен. Стол басы гу - гу сөз, әңгіме. Оқтын - оқтын қуана күлген әйелдердің даусы да естіледі.

Бір кезде өзіне осылай қараған Жәлелдің енді Тананы ішіп - жеп өліп бара жатқанын көрген Гүлжамал не істерін білмеді. Іші лаулай жөнелген өрт тәрізді. Ғажап! Жаны неғұрлым күйе түссе, солғұрлым ерні кезеріп, бетінің қаны қашып, өн бойын бір ызғар қарып бара жатқандай ақырын дір - дір етеді. Мұны Гүлжамалдың өзі де сезіп отыр. Бірақ бүйтпесіне әлсіз тәрізді...

Қонақтар далаға шыққанда түн тастай қараңғы екен. Аспанның тең жартысын бұлт жауып алыпты. Тек күнбатыс ашық жақтан он шақты жұлдыз жалтырайды. Шыққан жұрт гу - гу әңгімелесіп, екеуден, үшеуден бас қосып ерсілі - қарсылы жүр. Үйдің бір бұрышында бес -алты жігіт шылым тартып, әлденені айтып қарқылдай күлісіп тұр. Сәлімгерей мен Гүлжамал шықпай қалған тәрізді, көрінбейді. Тана терезе сәулесі түсіп тұрған жердегі тастың үстінде отырған Жәлелдің қасына келді.

— Қыдырмай неге жалғыз отырсыз?—деді ол күле сөйлеп. Жәлел орнынан түрегелді.

— Түн тым қараңғы екен, — деді ол дала жаққа қарап, — жалғыз адам қараңғыны жақсы көрмейді ғой. Екеу болса бір сәрі.

— Онда мен қосылайын. — Қыз сыңғырлай күлді. — Бірақ мен бір су жүрекпін. Қарадай үрейіңізді алып жүрмесем қайтсын.

— Екі адам бір - біріне серік қой. Жүріңіз. Жоқ жерден қорқа қоятындай жағдай туа қоймас.

— Онда, кеттік. Тек өзіңіз қорған бола көріңіз.

Бұлар әлденені сөйлесе, жүз қадамдай жердегі құрылыс ағаштарының үстіне барып отырды. Өзге жұрттың дабырлап сөйлескені естіліп тұр. Әлдекім домбыраға қосылып «Көргем жоқ Гурьевтей жер биігін» шырқап жатыр. «Уа, пәле!» деп қошаметтеп қояды әншінің даусына риза болған қостаушылар.

Бағана жігіт біткеннің бәрінің Танаға қарай бергені бұған ұнамаған. Тана да адам ғой, бұ да өзіне әлсін - әлсін сұқтанған екі - үш жас жігітке көз аударған. Бұл жай - ақ қарас шығар, бірақ Жәлелдің жүрегі кенет тулай қалған. «Егер сен қызды шын сүйетініңді білмесең, оның бөтен адаммен жақын отырғанын көр. Сонда жүрегің бар сырын өзі айтады», — деп ақын бекер жазбаған болар. Жәлел де осы сәтте өзінің Тананы шын жақсы көретінін әбден ұққан. Сол минутте ол Тананы біреу алып кететіндей қорыққан. Қызба қанды Жәлел дәл қазір барып Танаға: «Мен сені жақсы көремін», — деп сырын бірден ашуға ыңғайланған. Бірақ өзінен көзін алмай отырған Гүлжамалды аңғарып, абыржи қалған. Сол Тана қазір, міне, қасында отыр. Жандарында қараңғы түннен бөтен куәлері жоқ. Бірақ Танаға көптен мазасын алған сырын ашайын десе, аузы барар емес. Дәл бір өз ойын айта бастаса, қыз орнынан тұрып кететіндей. Осылай Тананың қасында үн - түнсіз мәңгі - бақи отыра беруге бар. Оған сөйту дүниедегі ең бір тәтті рахат секілді. Бұл арада Тананың әдемілігіне қызығып көзімен ішіп - жеп бара жатқан ешкім жоқ. Жүрегіне ешкім қызғаншақтық отын жақпайды. Жүрегі бір тамаша қуанышта бүлк - бүлк етіп, ақырын соғып елжіреп жүре береді. Бірақ Тана оның былай тілін кесіп алғандай үнсіз отырғанын тілемейді ғой. Иә, иә, не сұрап еді? Ә, адалдық туралы сөз қозғамақшы болған еді ғой. Тананың әнеугі бір сұрағынан Жәлел бұның Гүлжамал екеуінің арасында болған байланысты естіп қалғандай сыңай көрсеткен жоқ па еді, соны сылтау етіп Гүлжамалдың опасыздығын, өзінің алданғандығын сөз етпек еді ғой. Бірақ мынандай түнде, қасында мынандай жаныңдай жақсы көретін қыз отырғанда опасыздық еткен біреуді сөз ету жөн бе? Әрине, жөн емес, Гүлжамал кім? Ол бір ұмытылуға айналған түс. Түсті сөз етіп не керегі бар?

— Мен біреудің жылағанын жақсы көрмеймін, — деді ол кенет аты - жөні жоқ.

Қыз тағы күлді.

Бұл арада жылап отырған кім бар? Бұны неге айттыңыз?

— Тарих — теңіз, — деді. Жәлел өзінің түсініксіз ойын жалғап, — Адамзат тарихына бір адамның көз жасының еш мағынасы жоқ. Бірақ тарих теңіз болса, сол теңіз әлгі тамшы көз жасынан құралмай ма?

Қыз енді абыржи қалды.

— Сіз үнемі осылай сөйлейсіз бе? Әлде мені көрген соң философияға ұрынып отырсыз ба?

Жігіт сырын жасырған жоқ.

— Сізді көрген соң.

— Heгe?

— Сіз маған ұнайсыз.

Тана енді ішек - сілесі қата күлді.

— Қыз ұнайды екен деп адам қайдағы жоқ түсініксіз сөздерді айта ма екен?

— Күлмеңіз,—деді Жәлел. — Сіз менің құр ғана сезімімді емес, ақыл - ойымды, өмірге деген философиямды ояттыңыз.

Қыз күлкісін тыя алмады.

— Мен сізге ұнайтын болсам «ұнайсың» деп тікелей айтпайсыз ба? Қайдағы жоқ «көз жасы, тарих!» Оп - оңай нәрсені соншама қиындатып...

— Махаббат сізге оңай нәрсе ме?

— Ұнау мен махаббаттың арасы жер мен көктей ғой.

— Онда турасын айтайын: мен сізді жанымдай жақсы көрем!

Қыз не дерін білмей абыржи қалды.

— Ал сіз ше? — деді жігіт қайтадан.

— Сіз де маған ұнайсыз.

— Сіз де мені жаныңыздай жақсы көресіз бе?

Қыз мүлдем састы. Жәлел Танаға өзінің сезімін дәл бүйтіп, таяқпен басқа салып қалғандай етіп айтамын деп өмірінде ойламаған. Осының бәріне бүгінгі кеш айыпты. Өзгелердің Танаға қызыға қарағаны кінәлі. Біреу оны өзінен тартып әкететіндей, енді міне бар ойын лақ еткізіп төге салды. Асыққаны соншалық — сөзіне философиялық астар беремін деп басына келген әлденелерді шатты. Әрине, бұдан кейін Тана бұны бір жынды санап, қалай қашып кетуін білмей отырған шығар. Өзіме де сол керек! Әлі күнге дейін бір қызбен дұрыс сөйлесуді білмеймін.

Бірақ Тана Жәлелді айыптаудан тіпті алыс еді. Өйткені жігітті бұ да жақсы көріп қалған. Бұны ол әнеугі күнгі кішкентай жанжалдан кейін, ұзақ уақытқа дейін жолығыса алмай жүрген күндерінде ұққан. Сол күндерде «тағы да Жәлелмен кездессем екен!» деген тілек үлкен арманға айналып, жүрегін кәдімгідей ауырта бастаған. Неге Жәлелді жақсы көріп қалды? Оған жауап беру қазір Танаға да қиын. Бүкіл ақыл - ойының, сезім - қиялының бәрі қосылып жауап беретін сұраққа, тек жүректің соғуымен дәлелдеу дұрыс болмас еді. Жәлелді жақсы көрді. Жақсы көріп еді, «Неге жақсы көресің?» — деген сұраққа жүрегі жауап іздетпеді. Махаббаттың мiнe осындай жан түсінбес сыры бар. Ал шілденің ыстық күнінде адамның ақпан - қаңтардағыдай қалш-қалш етіп тоңғанын көргендерің бар ма? Жәлелді көрген сағаттан - ақ бүгін Тананы осындай сезім билеген. Бөтен жігіттерге көз тастағанмен, кісі толы үйден ол тек Жәлелді ғана көрген. Тек соның күлген даусын ғана құлағы естіген. Бар жан - тәнімен одан «сені сүйемін» деген сөзді ғана естуді күткен. Енді сол сағынған сөзін естіп еді, жүрегі тынышталудың орнына бұрынғысынан жаман ойнай жөнелді.

Тана бір қызарды, бір бозарды. Түн махаббаттың досы деген осы екен, бұның бетінің қалай құбылғанын жасырып - ақ бақты.

Дәл осы кезде бұларды іздеген дауыстар шықты.

— Қазір!—деді Тана дауыстап. Оның үні бір түрлі қуанышты, құдіретті естілді.

— Жауабын бүгін бер, — деді Жәлел түрегеле беpiп, — шыдай алар емеспін.

Бұлар қатарласа жүрді. Тана Жәлелдің қолтығынан ұстады. Жігіт енді қыздың аяғын еркелей шаттана басқанынан оның қуанышты екенін түсінді. Кенет бойын билеп кеткен бір алуан күшті тоқтата алмай, Тананың белінен құшақтай өзіне тартты. Құшырлана сүйді. Тана жігіттің сүйгеніне дірілдеген ернімен ақырын ғана жауап берді. Жәлел бұрынғыдан да жаман қуанып кетті. Қыздың бұрын бөтендермен сүйісіп әдеттенбегенін оның ернінің аузына жабыса қалмай әзер - әзер ғана тигізгенінен байқады. Жоқ, бұл Тана әдеттенбеген шаттық.

Бұлар үйге кіргенде жұрт тағы тағамға отырғалы жатыр екен. Қуаныш пен қайғыны кісі қанша жасырам дегенмен жасыра алмайды, іште жата алмай, бірі түндей түнеріп, екіншісі күн көзіндей күлімдеп, еріксіз адамның сыртына шығады. Гүлжамал Тананың жарқ - жұрқ еткен көзінен қуанышты қайтқанын ұқты. Кенет күндізі қараңғы бола қалғандай оған ештеңе көрінбей кетті. Жанының ауырып тұрғанын өзгелерге білдіргісі келмей, созыла барып, Жәлелге қырындай отырды. Табиғатта күйремейтін ештеңе жоқ. Ең мықты деген гранит тасты да жаңбыр мен жел бұзады. Ал, адам тәрізді ет пен сүйектен жаратылған, тек өзінің жан қуатымен ғана қиындыққа, күйзеліске шыдай білетін пендені қайғы әрқашан да күйрете алған. Тек ілуде біреу ғана мұқалып таусылмайды, тез айығады. Ал күші жетпегендер құрт ауруға шалдыққандай, бірте - бірте сөнеді. Гүлжамал әлі Жәлелді шын жақсы көретініне тағы көзі жетті. Сөйтсе де, сыр бергісі келмей, өзін - өзі зорлай күліп, қолындағы рюмкасына ақ арақты толтыра құйып қырындай бұрылды:

— Жәлел, — деді ол рюмкасын көтеріп жүдей күліп, — мына шарапты бүгінгі сенің қуанышың үшін ішемін!

Бірақ Гүлжамал күлмеді. Жәлел рюмкасын соғыстырды. Бетіне қарап еді, оның көзінде мөлтілдеп тұрған жасты көрді. Бұны Тана да байқап қалды. Өзі бақытты адам, біреудің қайғысын оңай түсінген бе, «мас болып қалған ғой?» деді де қойды. Тананың күдігін шындыққа шығарғысы келгендей Гүлжамал:

— Сенің қуанышың үшін ішем... ін, — деп рюмкасын аузына апара беріп еді, кенет қолы селк - селк ете жөнеле берді де рюмкесі түсіп кетті. Стол үстіндегі тәрелкеге тиіп шарт сынды. Жұрттың бәрі Гүлжамал мен Жәлелге қарай қалды.

— К счастью!—деді біреу.

— К счастью!—дегі өзге жұрт та ду ете түсті.

Бірақ Гүлжамал бұлардың сөзіне көңіл бөлген жоқ, бағанадан бері өзін - өзі әзер ұстап келсе де, енді шыдай алмай қалды, сылқ етіп орнына отыра кетті де, бетін екі қолымен басып солқ - солқ етіп жылап қоя берді.

Бағанадан бері үн - түнсіз отырған Сәлімгерей:

— Көтере алмайтының бар, ішпеуің керек еді, — деді ешбір зілсіз, сөйледі де әйелінің шашынан сипап ақырын сыбырлады, — жұрттан ұят болады, көзіңнің жасын сүрт.

— Нервы!—деді тағы біреу.

— Мұндай ыстықта ішпей - ақ жыларсың! — деді басқа біреуі.

— Оның үстіне, әйел адам ғой!—деді жаны ашыған басқа дауыс.

Бірақ Гүлжамал бойын тез жинап алды. Жаңа ғана солқылдап жылап отырған Гүлжамал емес ол, екі көзі күлім қаққан қайғы - қаперсіз жайнаңдаған жас әйел.

— Ғафу етіңіздер, — деді ол басқа бір рюмканы алып, — мұндай әдетім жоқ еді, жүрегім әлдеқалай қысылып кеткені.

Жұрт «уф!» — деп демін алғандай болды. Әлдекім:

— Кәні, жігіттер, мына шіркінді алып қояйық, — деді.

— Ненің құрметіне аламыз?—деді бөтен бір жігіт.

— Кішкентай Маңғыстаудың үлкен Маңғыстау болуы үшін!

— Дұрыс тост!

— Тамаша тост!

Той бұрынғы арнасына қайта көшті. Жәлел аң - таң. Гүлжамалдың мұндай құбылмалы мінезіне бұрыннан да қанық. Ал бұл жолғысы бәрінен де асып түсті. Тана екеуі үйге кіргендегі Гүлжамалдың қайғысына, кезінде тұнған жасына нанған. Қолынан рюмкасы түсіп кетіп, солқылдап жылап қоя бергенінде, оның өзін әлі де шын жақсы көретінін, бұны қия алмай отырғанына шек келтірмеген. Іштей алай - түлей боп сасып қалған. Өзін Гүлжамалдың осыншама жақсы көретіні жанына қатты батып кеткен. Қатесін шын түсінген екен деп, нәсілі кісі аяғыш Жәлел, оны жұбататын сөз таба алмай қатты қиналған.

Сөйткен Гүлжамалы көрер көзге кілт өзгерді. Жәлелді ойлап жылаған адам секілді емес тіпті. Адам дәл осылай заматта құбыла қалуы мүмкін бе? Гүлжамал сахнада тұрған артистка емес қой. Жаңа ғана махаббат азабын арқалап қиналып тұрған жоқ па еді, көзді ашып - жұмғанша қалай сол қайғысынан арыла алды? Әлде бұл мінезінің күштілігі ме? Жоқ, кей адам сан қырлы гауһар тас секілді, қай жағынан қарасаң да бірден жарқырай көріне біледі.

Гүлжамал да сондай, қайғысында да, қуанышында да, бірдей жарқырай білетін адам ба?

Қайткенмен Гүлжамалдың тойдың берекесін бұзбай өзін - өзі тез өзгерткеніне Жәлел іштей риза болды.

...Жұрт тарап, Тана мен Жәлел поселке шетіндегі үйлеріне бірге қайтып келе жатқанда, түн ортасы ауып бара жатқан еді. Аспанды басқан бұлт селдірленіп, ай көрініпті. Әлем сүттей жарық. Қара мақпал аспан төрінде быжынаған жұлдыздар, көкке қадап қойған күміс теңгелердей жарқырайды. Топырлап тарай бастаған қонақтардың соңынан Тана мен Жәлел оқшаулау келе жатқан. Тана бағанадай емес, бір түрлі жүдеп қалғандай.

— Әлгі... — деді бір кезде Тана көмескілей, — Сәлімгерей ағайдың келіншегінің қылығына түсінбедім.

— Мен де...

— Саған ол бұрыннан таныс па еді?

Жігіт жалтарған жоқ.

— Таныс еді.

Тана үндемей қалды. Аздан кейін барып: Тек, — деді Тана жылардай боп, — осындай бір таныс біреу соңыңнан жылап келіп, сені менен әкетпесе нетсін...

Жәлел кілт тоқтады.

— Қорықпа! — деді ол шын жүректен. — Сені менен енді адам түгіл, құдай да айыра алмайды! Тек мендікпін деп уәдеңді бер!

— Бердім!—деді Тана. Ол дәл осы минутте Жәлелді өзінен біреу шын тартып әкететіндей қобалжуда еді. — Мәңгілік сендікпін! — деді бір керемет шабытты үнмен. — Сендік болмасқа күшім жететін емес! Бұл — менің аузымнан ең алғашқы шыққан уәдем! Сен!

— Сендім!

Ай да бұрынғысынан сұлулана түскендей. Әлем де бұрынғысынан ажарланып кеткендей. Көктегі быжынаған жұлдыздар да бұрынғысындай құр күміс теңгелер тәрізді жарқырамайды, қатар келе жатқан қыз бен жігіттің сөздерін естіп қуанып кеткендей жымың - жымың етеді...

Жәлел мен Тана қуаныштан тұншығып бара жатқандай! Шіркін дүние қандай әдемі едің! Осының бәріне ажар берген, сән - салтанат берген махаббатты айтсайшы, махаббатты!

III

Күз келді. Күнгей - шығыстан соққан қара жел, ысқыра ышқынып бір толастамайды. Аспанды қаптай жөңкіле көшкен қою қара бұлт пен жерден көтерілген қара - көрпе сұр тозаң ұштасып кеткен. Дала қазір құр ғана көңілсіз емес, адам шошынарлық жексұрын, рабайсыз. Тіпті аспанда қарақұс, жер бетінде анда - санда жалт етіп көрінетін атжалман тышқан да көзге түспейді.

Бір қуанышы, тағы төрт скважинадан мұнай атты. Өзек адамдарына кеннің енді бір жарым мың метрдей тереңдікте, геологиялық жер жынысының жүз бесінші қабаты мен қатпарларында жатқаны анықталды.

Хәлелмен социалистік жарысқа түскен Ораз Әшіров пен Валентин Шиловтың скважиналары қазуды тоқтатты. Осының бәрі үлкен мұнайға жеткеннің белгісі еді. Жәлел енді қондырғыларды келесі бұрғылауда қайда қою керек, соның жабдығына кірісті. Ал, қазылып біткен скважиналар мұнай қабаттарын сынауға әзірленуде еді. Мұнараның теріскей жағынан сынаған кезде шығатын мұнайға үлкен шұңқыр қазылды. Бұл жолы жеті миллиметр штуцер арқылы тексерілмек. Сынау басталып та кетті. Жер май қабатының сығымы, арматура үстіңгі сығым, тағы басқа көрсеткіштер алынды. Бұл қабаттан тәулігіне сексен тонна мұнай және қосымша елу текше метр газ жоғары көтерілді.

Бұл үлкен табыс еді.

Дәл осы кезде Ораз скважинасында да сынау жұмысы жүріп жатқан - ды. Бұнда да мұнай фонтаны бәсеңдей түскен. Көп кешікпей мүлдем тоқтауы да мүмкін. Енді осындай жағдай Валентин скважинасында да туды.

Табиғи қысым арқылы әр скважинадан шыққан осы мұнай қабаттары тау жыныстарының ерекшеліктері зерттелді. Бұл деректерді білмей, жер астынан соңыра қанша мұнай қорын алуға болатынын есептеу мүмкін емес. Бұл жұмысқа немқұрайды қарауға болмайды. Өйту «бізден кейін, мейлі, дүние жүзін топан су алсын!» деумен тең. Мұндайға Ердендер барар еді, ал Жәлел, Жандос? Жоқ, жоқ, олар бүйте алмайды. Олар — тек бүгінгі күннің ғана адамдары емес, келешектің де жоқтаушылары. Себебі, жан - жақты барланған мұнай қабаттарының геологиялық, геофизикалық, гидравликалық мағлұматтарын қорытып келіп қана, жер астындағы мұнай қорының есебі шығарылады. Ол қор кен қоры жөніндегі үкімет комиссиясының алдында қаралып, бекітілгеннен кейін ғана, қобдишада жатқан алтынның қанша екені сонда ғана белгілі саналады. Бұл қордың өзі екіге бөлінеді. Бірі — жалпы қор. Екіншісі — сол жердегі зерттеген қазіргі техника жетістігіне сәйкес жер астынан алынуға болатын қор. Осыған байланысты кәсіпшілік құрылады. Кәсіпшілік құру үшін ғылыми институттың оқымысты мамандары, инженерлері, экономистері «ТЭБ» атты техника мен экономикалық баяндама дайындады. Осыған қарап кәсіпшілік құруға шығатын барлық қаражат, құрылыс, қазылатын скважиналар, одан алынған мұнайды қай заводқа жіберу, тұрғын үй салу жұмысқа керек адам мөлшері секілді негізгі мәселелер, сандар бекітіледі. Осыншама еңбек істеліп мұнайды өндіруге кіріскенде, егер барлаушылар мәліметтерін дұрыс көрсетпесе, не боп шығады? Бұл халықты, елді, партияны алдау. Сондықтан да Жәлел, Жандос, Алексеенко өздеріне тапсырылған істі адал ақтауға тырысады. Қиындықтан қашпайды. Өйткені мұндай адамдарды халқының көздері, Отанның майталман ұлдары десе де болады. Міне, сондықтан да бұлар өз жұмыстарынан жан - тәндерін аямады, әр істі ұқыпты қарады.

Бұл жердің мұнай мен газ жатысы екі үлкен қатарға бөлінеді. Біріншісі — он екі қабатты газды қатар. Бор дәуіріндегі неоком — апт - альб кесінді мезгілінде құмды, құмдақты газ ұстайтын тау жыныстарынан құралып келіп, саз балшықпен араласа бірнеше қабатқа бөлінеді. Екіншісі — бұдан төменгісі — бұл мұнай қатары. Бұлар табиғи сығымда жатқандықтан скважинаны ашып жібергенде ондағы сұйық дүние жер бетіне ұмтылады. Мұнай сыртқа шыға түскен сайын, қысым азаяды, ақырында фонтан тоқтайды. Мұндай қатардағы сынау жұмысы әрі қымбатқа түседі, әрі көп уақыт алады. Әдетте мұндай қабаттар газ - лифті секілді әдістермен сыналады.

Экспедиция басшылары табиғи жағдайда фонтан бермеген скважиналарға жасанды қысым беретін сынау әдістерін қолдануды ұйғарды. Қайткен күнде де қиындықтан қашпай, керекті мағлұматтарды алу керек. Сөйтіп өздерінің жағдайына қарай газ - лифті әдісін пайдалануды дұрыс тапты. Ол үшін газ қабаттарына скважиналар қазылды. Олардан алынған газдарды арнаулы резервуарларға жинап, компрессорлар әкелініп, мұнай колонналарының ішінен жіңішке құбырлар жіберіп, солар арқылы газ айдалды. Осы газ қысымы кәдімгі жоғары шықпай жатқан мұнайды жел үрген көбіктей астынан үрлеп қайтадан атқызады. Өзі де мұнаймен бірге жер бетіне шығады. Енді бұрғышылар скважина жанына бөлгіш қойып мұнайын мұнайдай, газын газдай айырып пайдаланады. Бұл әдіс мұнай скважиналарын кәсіпшілік құрылғаннан кейін жүргізілуі керек еді, бірақ су жіберілген скважиналарды мұнаймен бірге су көтерілген соң барлаушылар бұны қазір қолдануға мәжбүр болды.

Енді жаңа қондырғылар әкелініп, жаңа бригадалар ұйымдастырылып күздің қара суығы түсе, Өзек мұнай алаңында бұрғылаудан басқа отыздан астам сынау мұнаралары бір кезде жұмыс істей бастады. Көкке қарай ұмтылған, самсаған мұнараларды көрсеңдер, таң қалар едіңдер! Кешегі елсіз - күйсіз жатқан шөлейт дала осылай бір керемет кәсіпорнына айналды. Көп кешікпей сынақтағы скважиналар мұнай фонтанын ағыза бастады. Мұнай тасқыны осылай үзілмей ағылуға тиісті. Өзек барлаушылары «уф!» деп демін алғандай болды. Бірақ табиғат өзінің қойныңдағы байлығын, дүлей күшпен тартып аламын деген адам баласына оңай бергісі келмеді. Қиқарлана түсті. Барлаушылар күтпеген апатқа тағы ұшырады.

Хәлелдің бригадасы қондырғыларын жығып, ұзын - ұзын жалғамаларды трактор поезына тиеп жатқан. Дәлу айының қарға адым қысқа кезі. Күн шығып қалған. Жел де сәл толастаған. Аспанда аздаған алашабыр селдір бұлттар ғана көрінеді. Құм шаңдағы да шаршағандай, құммен аралас жәй әшейін, жер бауырлай жүгіре түскен.

Кенет бір жас жұмысшы айқайлап:

— Япырмай, ашық фонтан атылып кетпесе жарар еді! — деді күнгей жақты көрсетіп. — Қараңдаршы!

Жұрт жігіт көрсеткен жаққа қарай қалды. Сол сәтте - ақ бұлардың құлағына от арбаның ысқырығындай ащы дауыспен бірге таудан гүрілдеп өзен құлап жатқандай қорқынышты, үрейлі бір үн естілді.

Бұлар көз жіберген күнгей жақта, осы арадан бес километрдей жерде, күздің басында «БУ - 75» қондырғысы тұрғызылған еді. Бұрғылау бригадасы биыл Ембі - нефтіден келген жас жігіттерден болатын. Орыс, қазағы аралас.

Қазір сол биіктегі мұнара көрінбейді. Оның орнына, мұнараны жауып кеткен, одан анағұрлым жоғары, аумағы үй орнындай ғажайып, қара қошқыл түтінге ұқсас бірдеңе көкке көтерілген. Алыстан қарағанда сондай үрейлі, жан түршігерлік. жер қопарылып көкке шапшып жатқан тәрізді. Бұл өзінен өзі атылған мұнай фонтаны еді.

— Тек адамдары апатқа ұшырамағай да! — деді Хәлел бір түрлі қорқынышты дауыспен.

— Сұмдық екен!—деді бір жас жігіт.

— Мұндай сойқанды кім көрген?!—деді екінші жас бұрғышы.

— Мынау Жетібайда атылған фонтаннан да сорақы тәрізді!—деді бір мосқал келген бұрғышы.

Барлау скважиналары газ қатарына жеткеннен - ақ қатты бақылауға алынады. Сәл болмашы қате жіберсең — үлкен апатқа ұшырау оп - оңай. Газ тұсына жеткеннен - ақ бұрғылау үлкен сақтықпен жүргізіледі. Бұл — ежелгі шарт.

— Шамасы мына скважинада сондай сақтық шарты бұзылған. Расында солай болған екен. Осыдан бір жыл бұрын Гурьевтің мұнай училищесін бітірген жас жігіттер аянбай жұмыс істеп келген. Бұрғылау нысанаға алған жерге жеткен кезде, бұлар күніменен жер астына пайдалану құбырларын жіберумен болады. Бірақ сол күні бітіре алмайды. Таң сәріден іске кірісіп әбден қажыған жастар ендігі аздаған жұмысты кейінге қалдырып, поселкеге қайтып кетеді. Біраз тереңдікке жеткен құбырдан мұнай мен газ сыртқа атқылап кетпес үшін скважинаның ішін ауыр лаймен толтырмай, тек жеңіл бекітіп, қасына оператор бір жас жұмысшыны қалдырады. Бұрын мұндайдан тәжірибесі жоқ бала жігіт скважинадан сескенерлік ештеңе біліне қоймаған соң, енді еш қауіп жоқ екен деп, көрші бұрғылау мұнарасындағы жолдастарына кетеді. Бұрғылау шебері де осының алдында науқастанып, поселкеге кетіп қалған.

Жамандық қас пен көздің арасындай жерден туады. Кенет скважинаға салынған сазды лайдың ішінде газ пайда болып, мұнай қабатының үстіндегі салмақ жеңілдене түседі. Сазды лайға араласа бастаған газ оны көпіршітіп, салмағын жеңілдетіп жоғары көтере береді. Ақырында кенет жоғары ұмтылған газ бен мұнай үстіндегі босаңсып қалған балшық пен көпіршікті көтеріп тастайды да, көкке қарай ата жөнеледі.

Көрші мұнарада әңгіме соғып отырған жас жұмысшы жанартау үстінен пайда болған будақ - будақ лавадай, өзінің осыдан екі сағат бұрын тастап кеткен скважинадан ысқыра, гүрілдей аспанға шапшыған қара қошқыл лай тәрізді сұмдықты сонда ғана көреді.

Өз бетімен атылған мұнай фонтаны өте қауіпті.

Бұны жұрттың бәрі біледі. Ана жылы июльдің бесі күні Жетібайда да осындай оқиға болған. Тереңдігі екі мың алты жүз метр алтыншы номерлі скважинаға бұрғышылар құбыр жіберіп жатқандарында, забойдың қысымы кенет өсіп кетіп, жер астынан ысылдаған дыбыс естіледі.

Таңертеңгі сағат төрт кезі екен. ЬІсыл заматта адам шошырлық ысқырыққа, гүрілге, құлақты тас қып бітерлік жаңғырыққа айналады. Сөйткенше болмайды, көзді ашып -жұмғанша жер астынан көкке атқан қара қошқыл сұйық зат — мұнай тастай етіп бекітілген арматураны жұлып әкетеді. Газ, су аралас мұнай фонтаны биіктігі қырық бір метр мұнараны шомылдырып, бұрғылау алаңында сел боп ағады. Мұнай фонтанының биіктігі алпыс метрдей болады. Ертектегі бөтелкеден босанған жын секілді, кішкентай ғана тесіктен жан - жағына шашырай түсіп, алыстан бұрқылдап қайнап жатқан қара бұлт тәрізді боп көрінген.

Мұнай күркірі жеті километр поселкеге де жеткен.

Бүкіл поселке адамдары, бала - шағасына дейін қалмай мұнай фонтанының жанына жиналған. Соның ішінде Хәлел де бар еді. Брезент плащын киіп алып, көкке атылып жатқан мұнайды тоқтатпақ болып күреске түскен батыр жұмысшылардың қатарына бұ да қосылды. Бірақ үш мың метрге таяу тереңдіктен, үлкен қысыммен көкке көтерілген мұнай, газ, су аралас сұйық зат ештеңені шыдатпады.

Мұндай өз бетімен атылған мұнай фонтанының қаупі Хәлелге, әрине, белгілі. Сонау жер астынан көкке шапшыған сұйық заттың ішінде түйіршік тастар да кездеседі. Егер алда -жалда сол түйіршіктің біреуі мұнара теміріне келіп тисе, кәдімгі шақпақ тастай ұшқын жарқ ете қалуы даусыз. Онда мынау аспанмен тілдескен алып фонтан лап етіп жанады. Ондайда өртті сөндіру екі талай іс. Қызуынан өрттің мұнайына жақындаудың өзі қиын.

Сол үшін де Хәлел асыққан еді. Бұлар жан ұшырып фонтан жанына жеткенде, машиналарымен Жандос та, Жәлел де, Юрий де келіп үлгерген екен. Бөтен жігіттер де жетіпті. Сонау поселке жақтан шұбырған халық көрінеді. Жұрт болып қолдарынан келген жәрдемін аямай, халық қазынасын апаттан қорғап қалмақ.

Фонтанға күзетке қойған жігіт өз айыбынан жерге кірердей боп қорқып, өңі жоқ, түсі жоқ, безілдеп жүр. Аумаған жұмыртқа салып қытқылдаған тауық дерсің.

— Құдай атты мені, құдай атты! — дей береді.

Скважина бригадасы да жеткен екен.

Қажырлы кілең жас жігіт. Бірақ бұрын мұндай кереметті көрмеген тәжірибесіз жастар не істерін білмей, көкке шапшыған қара қоңыр затқа қарап, құр абыржып тұр.

— Ау, бұл қай тұрыс! — деді ентіге жеткен Хәлел. — Тоқтату керек қой бұл фонтанды!

Өзі бірінші болып будақтаған май ішіне кіріп кетті. Үстерінде брезент плащы бар тағы екі - үш жұмысшы да мұнай фонтанының астына енді. Сол - ақ екен, серке бастаған отардай, өзге жұмысшылар да түсе бастады.

Бұлар не істемек? Жер қабатының астынан ысылдай кеп заматта жетпіс - сексен метр биіктікке жетіп қалған осынау алып күшті қалай тоқтатпақ? Қалай тұншықтырмақ?

Әрине, мұндай күшке қарсы тұру оңай емес, оны ауыздықтау өте қиын. Әсіресе, көктен құлап жатқан, мұнараны жауып кеткен қарамайлы сұйық заттың ыстығына шыдау тіпті ауыр. Бірақ бұлар бұдан да сорақы қиындықтарды көрген ер жүрек жұмысшылар емес пе, шыдап бақты.

Әрине, мұндайда жұртты басқаратын кісі керек. Бұл кісі — қазір Хәлел. Жандостың да, Жәлелдің де, Юрийдің де мұнай апатына кіріп кете қоюға үстерінде арнаулы киімдері жоқ. «Фонтан атылып жатыр» деп бағана контор хабар бергенде, сол төсектерінен ұшып -ұшып тұрған қалыптарында қолдарына іліккен жеңіл - жеңіл киімдерін кие салған. Ар жағында үйлерінен ата - ата жөнелген. Енді міне, фонтанды айнала құр сырттарынан нұсқау беріп, жүгірісіп жүр.

Қазір бәрін басқаруды міндетіне алған — Хәлел. Жұмысшы біткен соның дегенін істеуде. Өзі құйып тұрған ыстық сел астында тұр. Плащын тұмшалап алған. Төбесінен төмен қарай сорғалаған ыстық мұнайды елең қылмай, жұмысшыларға қолымен әлденелерді нұсқап бұйрық беріп, жанталаса қимылдайды. Жұмысшылар оның даусын естімесе де, қолының ыңғайына қарай, өздеріне үйреншікті жұмыстарын істеп, әрі - бері жүгірісіп жүр. Ауыздарын ашса ақсиған тістері ғана көрінеді. Бет - ауыздары іп - ілезде қап - қара боп жабысқан қарамайға боялып шыға келеді.

Бұлар қанша жанталасқанмен, скважина тесігіне задвижкалы арматураны жақындата алмады. Қанша мехнатпен тесік аузына таяй алғанмен, дәл үстінен түсіруге күштері жетпеді. Жақындай берсе - ақ болғаны, жер астынан ысқырына көкке атқан дүлей күш, екпін арматураны ұстаған жігіттермен бірге, жан - жағына шашырата, ұшырып түсіреді.

Жұмысшылар осылай екі сағаттай алысты. Төтеп бере алмайтынын білгеннен кейін Хәлел амал жоқ сұрапылдың астынан сыртқа шықты. Жұмысшылар да кейін шегінді. Бәрі де әбден қалжыраған, демдерін әзер-әзер алады.

Жандос Алексеенкоға қарады.

— Фонтан қысымы азаймай ештеңе істей алмаймыз ғой деймін, — деді ол,—дереу шеберханаға жет. Арнаулы арматура жасауға кіріс! Екі сағаттан кейін менің кабинетіме жиналамыз. Фонтанды тоқтататын арнаулы бригадалар құру керек.

Жұрт не істеуін білмей абыржуда. Көбінің құр шықпаған жаны. Жүздерінен — жасығандық, сасқандық, амалсыздық, қорыққандық байқалады... Қолынан ештеңе келмейтінін біліп, сыртқа шыққан Хәлелдің көзіне үстінде шолақ жеңді тоқыма көйлегі бар, төртпақ келген, арыс кеуделі, әр қолы балғадай, қара бұжыр жігіт түсті.

Бұл анада Танаға тиіскен жұмысшы еді. Хәлелді таң қалдырған жігіттің тұлғасы емес, түрі болды. Жұрт фонтанды тоқтата алмай қиналып жатқанда, ол мынау апаттан өзіне керек бір орасан қуаныш тапқандай, көзі бip түрлі күлімдеп, бетінде рахат ойнағандай сес көрсетіп тұр.

Жігіттің қылығына ызалана қалған Хәлел теріс бұрылып кетті. Қара тасқынын будақтатып фонтан көкке ата берді.

Экспедицияның бетке ұстар инженерлері, бұрғы шеберлері екі сағаттан кейін тегіс Жандостың кабинетіне жиналды. Фонтанды қалай тез тоқтату мәселесі талқыланып жатыр. Әркімде әр түрлі ой бар. Тек солардың ішінен ең тиімдісін таңдап алу керек. Ақырында жұрт экспедицияның бас инженері Юрий Алексеенконың ұсынысына тоқтады. Бұның ұсынысы бойынша апатқа ұшыраған скважинадан жүз метр жерден көлбей, жанама тағы бір скважина қазылатын болды.

Сол скважина арқылы үлкен қысыммен фонтан атып жатқан скважинаның өңешіне барит аралас саз лай ерітіндісі жіберілу керек. Ертінді цементтей боп тез қатып анық атылып жатқан фонтан көмейін тығындайды.

Осы жұмысты тезірек іске асыру үшін көмекшілеріне тиісті тапсырмаларын берді де, Жандос кабинетіне Жәлел, Алексеенко, бұрғышы Хәлелді алып қалды да, өзге жұртты босатты.

Енді бұлар жанама, көлбей қазылатын скважинаның ұзындығы қандай градуспен қазылатыны, оның апаттағы скважинамен қиылысатын нүктесі қай тұста болуы керек деген секілді мәселелердің есеп - қисабын қарауға кірісті.

Дайындық жұмыстың бәрі түн ішінде бітіп, ертеңіне біршама скважина қазу жұмысы басталды.

Көкке атылған мұнай фонтаны тек үшінші күні ғана бәсеңдей түсті. Төртінші күні бұрынғыдан гүріл, ысқырық әжептеуір әлсіреді. Жедел қазылған жанама фонтан нан жіберілген барит аралас лай бір тәуліктен кейін цементтей боп қатып, фонтан тоқтады.

Ойламаған жерден пайда болған осы айқас Өзек барлаушыларының жеті күнін алды. Халықтың қаншама қаражаты босқа кетті.

Хәлелді мұнай апатынан гөрі, осы қырғи қабақ жұмыс үстіндегі өзі көрген қара бұжыр жігіттің қылығы таң қалдырды. Қандай күш, қандай қайрат! Түрінен көрініп тұр. Бірақ қылығы, қылығы қандай өрескел! Өзге жұмысшылар сөзге келмей мұнай сұрапылының астына түсіп жатқанда, бұл артынан қолын бір - ақ сілтеп өз бетіне кете барды. Бұны көрген Хәлел аң - таң. Оның бұл жүгенсіздігін қалай түсінуге болады? Жұмысшы адам бүйтпесе керек еді. Жоқ, о да жұмысшы. Бірақ қандай жұмысшы? Қазір Маңғыстауға кім болса сол келіп жатыр. Шын еңбек құмарлармен бірге, көп ақша іздегендер де ағыл -тегіл... Әрине, түріне қарағанда ол қара бұжыр да, еңбек адамы тәрізді, ал қылығына келсек, жоқ, еңбек адамы өйтпейді. Жұмысшы халқының әнеугідей қиын ісінен бас тарта ма? Тартпайды! Ол мынау шығып жатқан мұнайды да, анау салынып жатқан үйлерді де— бәрін де өзінікі демей ме? Әрине өзінікі дейді! Сол үшін, халқының мерейі үшін қандай қорқыныштан болса да шегінбейді. Керек болса, жан береді. Ал мынау қара бұжыр ше?!

Кей жұрт жұмысшы адамды күнделікті жұмысынан, күй - жағдайынан, әрі кетсе цехынан, заводынан артық ештеңені білмейді дейді. Жоқ, ол бекер. Қазіргі жұмысшы, біздің барлық замандастарымыздай, ой - өрісі кең, отандық сезімі өткір, өмірге, өнерге деген көзқарасы өскелең адам. Ал, соның бірі — осы Хәлел. Сол себептен де оған қара бұжыр алыптың қылығы өрескел, жоқ, құр ғана өрескел емес, тіпті құбыжық көрінген. Әрине, өзі болса, мұндай қиқарлық істемейді. Халық мүлкін, Отан мүлкін апаттан құтқару үшін жан пида етуге бар. Бұны ол осы апатта өзі бастаған күресімен толық көрсетті.

Хәлел енді ойына маза бермеген қара бұжырдың кім екенін білмек болды. Сұрастыра келіп, бұл жігіт жайында ұққаны: нәсілі қазақ екен. Жастайынан жетім қалған. Ее білгелі түрме есігін талай рет тоздырған бұзықтың бірі көрінеді. Фамилиясы Ажигалиенко, аты Алеша. Қазір осындағы бір құрылыс бригадасында тізімде:

«Жұмыс істеуден, бос жүруі көп, бірақ ақшаны жұртпен бірдей алады, бригадир нарядын кем жабуға қорқады», — деді ол туралы түсінік берген бір қартаңдау кісі. Хәлел осы жігітпен бір кездесіп, мықтап сөйлеспек болды. Иә, ол сөйлесті, бірақ екеуінің бұл сөйлесуі сұмдық жағдайда әзер бітті.

Тәжірибесі өзгелерден гөрі мол Хәлел ашық мұнай фонтаны тоқталғаннан кейін, жас бригадаға әлі де екі – үш күн ұстаздық жәрдем көрсетіп, шаршап үйіне келсе, әйелі Жансұлу өзінің әкесі мен Сарыға шай беріп отыр екен.

Жайдары әңгіме үстіндегі екі шал май - май боп қалжыраған Хәлелді көріп, қаужаңдасып орындарынан түрегелді. Хәлелдің мұнай сұрапылын сөндіруге апаттың ортасында жүргенін өз көзімен көрген Сары бұған шын риза болған пішін білдіріп, сүйсіне:

— Амансың ба, батырым, — деді. — Баяғыда жеті басты айдаһармен алысқан ер жігіттер болады деп еститін едік. Ал енді айдаһардан айбарлы дәумен айқасқан шын батырларды өз көзімізбен көрдік. Құдай бала - шағаңмен көгертсін!

— Әйтеуір, тоқтаттық қой,—деді Хәлел ыржия күліп.—Әттең, аздаған шығын болды... Амал бар ма?

— Иә, солай ғой, — деді әкесі. — Дегенмен, ер екенсіңдер, ұзаққа апармай ауыздықтадыңдар... Жақсы, жуынып шайға кел. — Бестібай дастарқан жанына қайтадан отырды. — Ақсақал, отырыңыз. Әңгімеңізді айта беріңіз... Сосын не болды?

Хәлел қазанда жылып тұрған суды үлкен шелекке құйып алып, киім - кешегін иығына сап жуынуға шоланға шығып кетті. Екі шалдың әңгімесі бұған еміс - еміс естіліп тұрды.

Қарағым, сәл сұйықтау құйшы. Қаймақсыз шайдан соңғы кезде жүрегі құрғыр қыжылдайтын боп жүр, — деді Сары кесесін Жансұлуға беріп жатып. — Сосын не болды дейсің бе? Сары ала түймелі, сары ала қылышты Алашорда әкімі Әжіғали ауылға келгенде, есерсоқ жастық қой, соңынан аз ермегенімді өзің білесің. Күш қолында бар адаммен әкей - үкей болу ол кезде біздей ақымаққа бір дәреже. Артынан барып білдік қой, ол біз тәрізділерді пайдалана білген екен. Шіркіннің көмейі кең еді! Түйені түгіменен жұтатын. Бірақ одан Әжіғали көгерді ме? Жоқ, әрине... Соңынан өзімен екі рет кездестім.

— Әжіғалимен бе? Соныңды айтсайшы, ана жылы «Әжіғалиді көрген жоқпын, білген жоқпын» деп азар да безер болып едің ғой.

— «Қорыққан көлеңкесінен үркеді» деген... Банды болып кеткен адамның бәлесі тиер деп, екі туып бір қалғаның болса да аулақ жүргенді жақсы көрдік емес пе? Иә, оныменен қалай кездескенімді айт дейсің бе?.. Қайбір той - думанда ұшырасты дейсің... Түйебай кәмпескеленуінен бір жыл бұрын ғой деймін... Әжіғалиді құм астына сіңіп кетіпті дегенді бұрын еміс - еміс естіп жүргенмін. Ауылымыз жайылымға Бозашыға көшіп бара жатқан болатын. Көшті құдықтың қасына тоқтатып, түйенің қомын алып қонып жатқанбыз. Түн ортасы ауа біреу қосымның жанына сатыр - сұтыр етіп жетіп келді.

— Сары, барсың ба?—деді бір үрейлі дауыс. — Шығып кетіңізші.

Ай жарық еді. Шыға келсем, үстінде қазақы киімі бар атын жетектеп біреу тұр. Сары ала пешпенті болмағанмен тани кеттім, Әжіғали екен.

— Ау, Әжіғалисың ба, барсың ба? — дедім қорқып кеткенімді де, қуанып қалғанымды да жасыра алмай.

— Сарыеке, — деді Әжіғали аптыға, — сізге хал - жайымды түсіндірер уақытым жоқ. Құдай жазса, артынан айтармын. Ал қазір... Қашқын екі үй құм арасында көшіп жүр едік... Жоқ жерден жалғыз балам Аланды жылан шағып, хәл үстінде жатыр. Өзімізде түйеден бөтен көлік жоқ. Барымыздың түрі мынау, — ол артында бүйірі солқылдап, үстінен көбік атып, басы жерге салбырап кеткен кәрі мәстегін көрсетті, — осы араға әзер жетті. Осыдан отыз шақырымдай жерде, Қайнарқұдықтың тұсында шөптен дәрі-дәрмек жасайтын қария бар көрінеді. Бір көмек тисе содан тиеді. Тезірек жетіп, дәрі - дәрмегімен өзін алып келуге жүрдек ат керек. Мүлдем емес, соңынан өзім әкеп берем. Әке аулына баруға өзің білесің, көрінуімді күтіп жүрген аңдығандар көп...

Бала шіркін бауыр еттен жаралған емес пе, бәрі де бөлтірігі үшін оққа ұшады, Әжіғалидің даусы маған өте үрейлі естілді. Баласы үшін қорқып тұрғанын даусынан таныдым. Артынан барып білдім, үш жасар жалғыз ұлын құмның сұр жыланы шағыпты. Батшағар, құм жыланының уыты қандай! Ол шаққан түйе де тәулікке әзер жетеді. Бала бие сауымына жетпей өліп кетер ме еді, егер әкесі сол сәтте жылан шаққан жерін аузыменен сорып алмағанда. Уытын бойына таратпайтын етіп, тізесінің жоғары тұсын қайыс белбеумен мықтап тұрып бунап үлгіріпті. Екі үйдің түйесі мен ешкілерінің сүтіне баланы салып қойып, Әжіғалидің маған жетіп тұрған беті екен.

Бәлендей ауқатым болмағанмен, жүйрік жалғыз күреңім бар. Жарысқа салам ба деп жаңа ғана жарата бастаған едім. Сол күні суытылып желіде байлаулы тұрған. Ұруымыз бір Түйебайдың кешегі жалғыз азаматы емес пе, маған да аздаған пайдасы тиген кездерін өзің білесің... Оның үстіне, жалғыз баласы анадай боп жатқанда атын аяп қалды деп соңынан кектеніп жүре ме деп те қорықтым. Отыз шақырым жерге шауып барып қайтуға тек менің күреңім ғана жарайды, қимасам да амал жоқ:

— Бердім мына жалғыз атымды!—дедім желідегі жүйрігімді көрсетіп.

Әжіғали өзінің мәстегін біздің ауылға тастап, күреңіме мініп, құстай ұшып кете барды. Әрине, сол кеткеннен жүйрігім қайтып оралған жоқ, сол жолы зорығып өліпті. Тым қатты шапқан көрінеді. Бірақ әлгі дәрі - дәрмек жинайтын қарияны әкеп, баласын ажалдан аман алып қалыпты. Соңынан Әжіғалиден бір жапырақ сәлемдеме қағаз келді маған. Рахметін айтыпты. Бәйгі күреңімді сорықтырып өлтіргеніне жаман қынжылыпты. Бұл жақсылығыңды тірі жүрсем бір қайтарармын, ал менен қайтпаса мына жалғыз баламнан қайтар депті ол хатында. Жүйрігімнен айырылғаным қабырғама аяздай батты. Құлын күнінде бар ешкі - қойымды беріп, біреуден сатып алған едім. Амал қанша бір кездегі тілектес адамның жалғыз ұлын өлімнен құтқарғанымды тәуба еттім. О да бір құба жонның қасқыры ғой, ізі - күйін ешкімге білдіріп келмеген екен. Қайда көшіп, қайда жүргенін маған да айтқан жоқ. Ал құмдағы екі үй деген не? Бір қап тарының ішіндегі тышқанның кішкентай екі құмалағы тәрізді, кім оны іздеп таба алады?

— Екінші рет қайда кездестірдің?—деді Бестібай.

— Қарағандыға қашып барып, жұмыс істеп жүргенімде, ұмытпасам отыз екінші жылы ғой деймін. Ат - арба тазалап жүргем. Қайдан тапқанын білмеймін, ішкі жаққа жалданып жүріп бара жатыр екен, баяғы өзім жәрдемдескен жеті жасар баласымен бір түн үйімде қонып шықты. Сенім қағаздарының бәрін мықтап орысша өзгертіп алыпты. Туған елден осы кеткенім мүлдем кеткенім шығар, егер ер жетіп, адам болса, мына жалғызым туған елін өзі іздеп келер деді. Баласының түсі де өзі тәрізді суық екен. Кескен томардай қошқыл, бітеу біткен бір сом дене. Сол жыл бір ауыр жыл еді ғой, әйтеуір өндіріс - кәсіпті жерде болып, тақа қара суға қарап отырған жоқ едік, бар - барымызша сыйладық, соның алдында ғана осы екінші қатынымды, Тананың шешесін алғам, кір - қоңын жуып, баласына Бегісімнің жас кездеріндегі ондай - мұндай, тері құлақшын, түйе жүн күпі тәрізді ескі - құсқы киімдерін бердік. Ризалық білдірген Әжіғали егер қатының бала тапса, Алаңым ағасы болар, бүгінгі істеген жақсылықтарыңды ұмытпас деп жүріп кетті. Содан қайтып оны көргем жоқпын. Баласын да кездестірмедім.

Осы кезде жуынып болған Хәлел үйге кірді. Әңгіменің ұзын ырғасына түсінген ол:

— Әлгі кісінің атын кім дедіңіз, — деді Сарыға, — және баласының аты қалай еді?

— Өзінің аты Әжіғали, баласының аты Алаң. Жай сұрадың ба?

— Жәй, әшейін, — Хәлел сәл ойланып қалды, «қара бұжырдың әкесінің аты Ажигалиенко, өз аты Алеша деді ғой осы» деді ол өзіне - өзі. — Қызық екен!

Екі-үш күннен кейін тоқтап қалған скважина қайта жүрмек! Қандай керемет! Жәлел бұған өте қуанған. Бүгін жұмысынан үйіне көңілді қайтудың себебі осында еді.

Жалпы, Жәлел өзі қоршаған әлемді — жерді, көкті, суды, адамды, өсімдікті, жан-жануарды — бәрі - бәрін өте қымбат бағалайтын. Солармен бірдей өзін де өте бай санайтын. Әрине, оның байлығы рухани, көңіл байлығы ғой. Мұндай өзгеге жаны жомарт, сана - сезімі бай кісінің өмірге деген көзқарасы да бөлек, қимылы да өзгеше келетін әдеті.

Егер сенің игілікті ісіңнен біреу өнеге алса, соның өзі қандай бақыт! Ал Жәлел, Жандос, Хәлел, Валентин, Ораз, Юрийлердің қаһарман еңбектері қаншама адамға үлгі. Қаншама адамды қуантады. Шабыттандырады!

Сондықтан да Жәлел өзін бақытты санайды. Әттең, тек осы жақсылықтың ішінде оның үлкен үлесі бар екенін көп жұрт білмейді. Кейбіреулер білсе де, әдейі білгісі келмейді. Бұл, әрине, өкінішті. Иә, адам біткеннің бәрі кең пейіл жаратылмаған. Біреулер басқалардың жақсы ісін көрсе кірпікшешен тәрізді жиырыла түседі. Өз қолынан ондай іс келмейді. Ал іс келетіндері кірпідей жиырылып, тікенек инелерімен шаншып өлтіруге бар... Ал, Жәлел ондай адам емес. Оның бар атақ - даңқы серіктерімен бірге істеген істерінде жатыр. Ол — солардың бірі. Ақын, әнші, тәрізді биікке шығу оның талайына жазылмаған. Шыңға жолдастарыңмен бірге шығу бұйырылған. Бұл — оның үлесі. Озса — серіктерімен бірге озады, қалса — бірге қалады. Сол себептен, Жәлел коллективтің бір мүшесі болуын қанағат еткен, Тәубә деген! Өзгеден дарыным артық бергенім көп деп өзін жеке атауды сұрамаған. Коллективімен бірге халқына берген жақсылығына қуанған. Ал жұрт қуанар іс істеп, оған өзің де қуансаң, бұдан басқа бақыт бар ма? Әрине жоқ. Рас, түбі ақын, әнші, ғалымдардай сен де артыңдағы ұрпағыңның атасы, бабасы боласың. Әлсіз, белгісіз ата - бабаны ешбір ұрпақ мақтан етпеген. Оларға да сенің даңқың, атағың күндердің күнінде өте керек болады. Бірақ сол ұрпаққа қалдырар әйгілі атағың болмаса не істейсің? Онда сен оларға аспанда быжынаған көп жұлдыздың бірісің. Күні де, Айы да, Марсы Да, Шолпаны да, Юпитері де емессің. Жай жұлдызсың. Атсыз жұлдызсың. Демек, атсыз болсаң да, жұлдыз болғанның өзі не тұрады! Со да жетеді ұрпаққа! Тек сол көп жұлдыздың бірі болып, көкте жарқырай біл! Тұра біл! Міне, сенің міндетің! Сондықтан да Жәлел жан - тәнін аямай жұмыс істейді. Ал сол жұмысы нәтижелі болса — жас баладай қуанады, өзін бақытты санайды.

Міне, қазір де ол өзін осындай қуанышта сезінген. Сол себептен ыңырсып өлең де айтып қояды. Аспанда ай ақырын жылжиды. Селдір біткен ұшпалы ақша бұлттар айдың бетін қымтап жаба алмай, жай бір қояншық адамның езуінен көпірініп жерге түсіп жатқан ақ көбіктей, түйдектеніп кейін қалып барады. Оның күміс сәулесінен жер беті қалайы тәрізді ақшыл тартқан. Түн ортасы таяп қалды - ау деген Жәлел жүре түсті де, сол сәтте тоқтай қалды. Поселке шетінде оқшаулау тұрған төбенің етегінде отырған Гүлжамалды көрді. Расымен Гүлжамал ма? Жоқ, ай сәулесіне шомылған су перісі тәрізді біреу. Оның Гүлжамал екенін Жәлел көзімен емес, жүрегімен таныды. Сәл кідіре қалды да, қайтадан жүрді. Қашар қылмысым жоқ қой, мейлі!» деді ол ішінен.

Жәлелді көріп, Гүлжамал отырған жерінен түрегелді, Баяғы Гүлжамал, кербез Гүлжамал, сұлу Гүлжамал, Тек ақшыл түсі бозғылт түнде бұрынғысынан да бозара түскен. Иығынан төмен төгіліп жатқан қызғылттау сары шашы, ай сәулесімен ойнаған қызыл алтын толқындар тәрізді.

— Бір - екі күннен кейін жүретін болған соң саған жолығып қалайын деп әдейі күтіп отыр едім, — деді ашу, зілсіз, жай жадырай сөйлеп ол, — ренжімессің деймін.

Жәлел ренжірін де, ренжімесін де білмеді.

— Сәлімгерей ағай жақсы ма? — деді, оны бүгін таңертең көрсе де, бөтен сөз таба алмай. — Өзі жасарып кеткен бе, қалай? Бұрынғысынан анағұрлым тың тәрізді.

— Тың болмай біреу оған жүк артып жүр дейсің бе?

— Жай күттің бе?

— Жай болса, түн ұйқымды төрт бөліп не жыным бар?—Ол жүдей күлді. — Алдымен жүр, азырақ отырайық.

Екеуі жаңағы Гүлжамал отырған төбе етегіндегі жалпақ тасқа қатарласа орналасты. Гүлжамал ішінде жатқан уайымды жасырғысы келіп, шерлі - шеменсіз адамдай күле сөйлегенмен, көңілінің ұйқы - тұйқы екенін Жәлел кенет толқи, қобалжи шыққан үнінен байқап қалды.

Заты адал жанның қайғысын адам сөзінен емес, көзінен таниды. Бетіне ай сәулесі ұялаған Гүлжамалдың көзінен Жәлел еш нәрсе ұға алмады. Және ұғу үшін жөндеп үңіліп қарағысы да келмеді.

— Әрине, сен маған әлі де өкпелісің ғой? — деді Гүлжамал ақырын күрсініп.

Жәлел шынын айтты:

— Өкпелеуден гөрі, алғашқы кезде саған қатты ренжігенім рас.

— Ренжідім?!— Әйел таң қалған тәрізді. — Мен сені өзімдей қапада ғой деп ойлап едім.

— Жоқ, — деді Жәлел, — сенің жүріп - жүріп келіп кенет істеген опасыздығың мені қапаландырудан гөрі таң қалдырған. Адамда сондай да орасан жаман қасиет болады екен -ау деп ойладым.

— Бірақ бәрібір сен мені бір күні болмаса бір күні тастап кететін едің ғой.

— Неге?

— Ұмыттың ба, менен кішісің ғой.

— Бірақ көңілім кәрі емес пе еді? Енді ғана жасарды.

— Расымен, сен ана қызды жақсы көресің бе?

— Иә, өлердей!

— Онда... Онда бақытты бол.

— Неге бақытты бол дейсің? Мен қазірдің өзінде де бақыттымын. Орасан бақыттымын!

— Ал, мен бақытсызбын. Соңынан түсіндім. Шын ғашықтың сүйген адамын ұмытуы — құлдың өзін матаған шынжырдан босануынан қиын екен. Шынжырды сындыруға болады. Ал махаббатты сындыра алмайсың, ол сені жібермейді, жаныңды ауыртады.

— Бұны бұрын неге ойламадың?

— Қолда бардың қадірі бола ма?

— Дұрыс айтасың, адам қолындағы қуанышын сақтай білуі керек. Сен сақтай алмадың. Ал мен... шын қуанышым Тананы кеудемнен шыбын жаным шыққанша сақтаймын ғой деп ойлаймын.

Гүлжамал Жәлелдің өзіне тіпті оралмайтынына енді әбден көзі жетті. Бірақ ол әлі де болса бірдемені күткендей, орнынан тұрып кетпеді. Екеуі үн - түнсіз қатар ұзақ отырды. Өйткенмен, қатар отырса да, көңілдерінің бірімен - бірі ұзап бара жатқанын екеуі де сезінді.

— Қайтайық, — деді бір кезде Жәлел.

— Қайтсақ қайтайық... — Ол Жәлелдің қолынан ұстады...

Жәлел бұрыштан бұрыла түсіп «азаптан құтылдым ба?» дегендей «уф!» деп демін алды. Бірақ тым ерте қуанған екен, шын азап бұны күтіп тұрғанын жаңа білді. Әлгі бұрыштан өз үйіне беттей беріп қарсы келген Сәлімгерейге тап болды.

— Түу, жақсы кездестің ғой, — деді Сәлімгерей шын қуанып кетіп. Төсегінен тұрған адам - сынды, шашы таралмаған ұйпа - тұйпа, үстінде өтектелмеген жеңіл костюм, пенжегінің жағасы ашылып кеткен.

— Гүлжамалдың қайда екенін білмеген соң, іздеп шығып ем. Ұйқысы құрғыр келер емес, — деді ол ақ жарқын үнменен.

Жәлел не дерін білмеді. «Сонда Гүлжамалды менің үйімнің қасынан іздеуі керек пе еді? Әлде бірдемені сезіп қалды ма?»

— Түннің өзі де бір түрлі жексұрын ғой, — деді Жәлел.

Расында, қазір оған түн де, бар әлем де құбыжықтай жат көрінген.

— Түу, бұдан артық түн бола ма екен!—деді Сәлімгерей жас баладай таласа кетіп. — Ай болса мынау, күмістей аппақ, жердің бетіне аямай алтын сәулесін төгіп тұр. Аспанда бір бұлт жоқ, жел де күндегісіндей екілене соқпайды. Әлем біткен жым - жырт. Бүгінгі түн тек бақытты жігіттер мен ғашық қыздардың кездесетін түні.

Жәлел терлеп кетті. Мүмкін, Сәлімгерей артқы сөзді жай әшейін айтқан шығар, бірақ геологтың күдікті көңіліне суық пышақтай тиді. «Расында да, түн тамаша екен - ау... Маған неменесі ұнамай қалды? Ә, түсінікті. Дүниенің бәрін маған бүйтіп тікенектей етіп тұрған жаңағы Гүлжамалмен кездескенім екен ғой».

Енді Жәлел Сәлімгереймен қатарласа жүрді. Бұлар жаңағы Гүлжамал екеуі отырған тасқа қарай келе жатыр. «Сәлімгерей неге бұл араға әкеле жатыр? Расымен көріп қалды ма?.. Сосын, әдейі...» Жәлел тіпті абыржып түсті. О жаққа бармаймын деуге шамасы жоқ. Ал барайын десе, Сәлімгерей бейбастақтық еткен жерін бетіне басқалы әкеле жатқандай, алға басқан аяғы кейін кетіп, әзер қимылдайды.

— Біз шын бақыттың не екенін білмейміз,—деді Сәлімгерей әлгі төсек тасқа отырып жатып. Ұйқысы қашқан ғалымның, сірә, сөйлескісі келіп тұрған - сынды. Шынында да, ол қазір бір үлкен пәлсапаны қозғамақ. Атақ, бақ, дәреже бір кездерде маған да дүниедегі ең үлкен бақыт көрінген. — Сәлімгерей есіне әлденені түсіргендей сәл тоқтады да, сөзін жалғап кетті, — Ал Гүлжамалға қосылғаннан бері көз қарасым көп өзгерді. Шын бақыт адамның бірін - бірі дұрыс бағалауында екен. Жалпы, кісінің бір - біріне жақсылық ойлағанына не жетсін! Егер Гүлжамал менің оған деген көзқарасымды бағаламаса, маған жақсылық ойламаса, мен дүниедегі ең бақытсыз адам болар едім.

Жәлел ауа жетпегендей, демін әзер - әзер алды.

— Ал дүниедегі ең жаман адамның кім екенін білесің бе? — деді Сәлімгерей кенет басқа бір ойға көшкендей. — Тату - тәтті екі кісінің арасына түсіп, татулықтарын бұзатындар — ең құнсыз жандар... Олар дымқыл індеріндегі жып - жылмағай тышқандар тәрізді. Денелеріне қолың тиіп кетсе, бір жаман ауруы жұғатындай жаның түршігеді.

Жәлел жерге қарай берді. Кенет Сәлімгерейдің аяғына жығылып, өзінің күнәкәр екенін айтып кешірім сұрағысы келіп кетті. Бірақ үлгермей қалды. Ғалым сөзін қайта бастап кетті.

— Егер адамның тағдыры баратын жері белгілі темір жол тәрізді тіп - тіке созылып жатса, — деді ол әлгі ойына алыстан орағытқандай, — онда кісі өзін сол жолмен сырғи беретін от арба секілді қамсыз, күшті санар еді. Өйткені, шығар, тоқтар, барар жері бәрі анық. Бірақ бұндай алдын ала бәрі белгілі өмір ешкімге қызық та болмас еді. Өмірдің қызығының өзі де сонда — адам ертеңгісін де, одан арғы күнгісін де білмейді. Бәрі белгісіз. Соны белгілі етем деп ол күреседі. Ойы, ақылы, жігері сол күресіне қанат береді. Адам өзінің не үшін өмір сүргісі келетінін, не үшін күресетінін біледі. Мұндай өмір қызықты, мағыналы. Жаңа айттым ғой, жаман жандардың қандай болатынын... Олар әлгідей мағыналы өмірдің құнын ұқпайды. — Сәлімгерей әлдене есіне түскендей тоқтап қалды да, қайтадан сөйлеп кетті. — Мұндай кісілер уақ келеді, адам мен адамды өшіктіруге құмар болады, — Сәлімгерей кенет Жәлелге бұрыла қарады. — Осының бәрін мен саған неге айтып отырмын? — деді.

Жәлелдің үні әзер шықты.

— Білмеймін...

Сәлімгерей сәл күлімсіреді.

— Білмесең айтайын. Сен маған өте ұнайсың. Жассың, жігерлісің, ақылдысың. Және менің қатемді тауып мұнай бұрғылау схемасын тыңнан құрғаның жақсы инженер екеніңді көрсетеді. Әрине, бөтен біреу болса, мүмкін, қатесін мойнына алмай, саған кектене қалар ма еді, Қайтер еді. Ал өз басым үйте алмаймын. Мен де жас болғам, мен де өзімнен үлкендердің қатесін талай тапқам. Және бұл күнде атақ, даңқым өз басыма жетеді, адасқаныңды мойындауға болады. Оның үстіне, бұл қателер басы ашық қателер ғой, құр таласу жөнге келмес еді. — Ол тағы сәл үндемей қалды. — Әйткенмен, жаңа айттым ғой, сен маған ұнайсың деп. Сол ұнағаның үшін және үлкендік, ұстаздық хақымды пайдалана отырып, бір ақыл айтқым келеді. Әрине, оны сен тыңдар құлық көрсетсең.

Жәлел бағанадан бері енді ғана басын көтерді.

— Айтыңыз, — деді Жәлел даусы дірілдеп кетіп.

— Әрине, көрінгенге ақыл айта бермейсің, — деді Сәлімгерей тағы да ойланып. — Сені өзімнің келешегім деп айтып отырмын. Тағдыр жолы қисық - қисық келеді, жол темір жол емес, құзы да, тұңғиығы да кездеседі. Сен де от арба емессің, ет пен сүйектен жаралған пендесің, адасатын да, шаршайтын да кезің болады. Бірақ соның бәрінен адамның бір қасиеті алып шығады. Еш уақытта да өкіндіртпейді. Ол — кімнің болса да ар - ұятын таза ұстауы. Ол атақ - даңқ емес, оған дарыныңмен, еңбегіңмен жете алмайсың, ар - ұятың өзіңмен бірге туады. Сондықтан оны көзіңнің қарашығындай қорғай білу керек.

Екеуі де кенет үн-түнсіз отырып қалды.

— Сен де ғалым боларсың, саған абырой да, дәреже де келер, — деді кенет қайтадан Сәлімгерей, — Бірақ ар - ұятыңды жоғалтып алсаң, оны ештеңемен де қайтарып ала алмайсың. Ол — дүниедегі ең қымбат қасиет. Одан айырылмауға тырыс. Түсіндің бе?

— Түсіндім, — деді Жәлел тұншығып бара жатқан адамдай қырылдай сөйлеп.

— Түсінсең... Онда үйге қайтайық. Гүлжамал да келіп қалған шығар.

Бұлар поселкеге қарай қатарласа жүрді. Екеуінде де үн жоқ. Жәлел малшына терлеп кетті.

Өз қылығынан өзінің ұялғандығы соншалық, ертеңіне кездесіп қалған Тананың бетіне қарай алмады. Асығып бара жатқан боп, сөйлеспей кетіп қалды.

Үш күннен кейін Сәлімгерейлер жүріп кетті. Танаға Жәлел жолыға қоюға тағы беті шыдамады. Сөйтіп жүргенде Өзекте ешкім ойламаған бір сұмдық оқиға болды. Оны Жәлел білген жоқ. Білуге жағдайы да жоқ еді. Кеше ғана жер астына жіберілген су Хәлел скважинасынан мұнай фонтанын қайта атқызған. Жәлел дүниенің бәрін ұмытып, тағы геологиялық зерттеу жұмысына шұғыл кірісіп кеткен.

IV

Тұйық мінезді Хәлел екі нәрсені өлердей жақсы көретін еді. Бірі — кітап, газет оқу. Екіншісі — қолы бос уақытта ойға, қиялға берілу. Хат танитын ғана білімі бар бұрғышыға кітап, газетке құмарлық ерте келді. Қарабұғазға жұмысқа кірген жылы бір күні әкесіне Ревком бастығы Петровскийдің: «Өзің әліпбиді білмесең де, балаларыңды оқыт. Саяси сауатын ашуға тырыс. Біздерге онсыз өмір сүру қиын Хәлелің менің баламдай инженерлік оқуға түспеді деп ренжіме, жұмыста жүріп те білім алуға мүмкіндік көп. «Правда» газетін бес жыл бойы үзбей оқыған адам, жоғары дәрежелі бір мектепті бітіргендей болады», — деген сөзі әлі күнге есінде. Осы сөз Хәлелдің санасына қамшы боп тиді ме, жігіт бола бастағаннан - ақ «Правда» газетін қолынан түсірмей оқыды. Жоқ жалғыз бұл газетті ғана емес, өзге газет, журналдарды да жазып алдырды, енді ол кітап деген бір баға жетпес қазына екенін ұқты. Осылай Халел өзінің жан дүниесіне керек орасан бір мол байлыққа кездесті.

Ал ойға, қиялға берілу — бұл да оның құр табиғи жаратылысынан, тілегінен ғана туған жоқ. Кен зерттеу тәрізді, кейде өз көлеңкесінен бөтен серігі жоқ құлазыған қу далада ұзақ жалғыз жүріп үйренгендіктен, ойын, қиялын жолдас ету Хәлелге әдетке айналған. Оқыған кітаптарының ол құр ғана қызық - қызық оқиғаларын, ондағы кездесетін сан алуан адамдардың қылықтары, мінез - құлықтары мен олардың тағдырларын, серпінділерін ғана өзінің ой азығы етіп қоймайтын, соларға еліктейтін, солардай болсам деп талпынатын. Және Хәлел сол оқығандарынан өзіне керек қорытындылар да iстeyгe тырысатын. Белгілі бір тұжырымдарға да келетін. Мысалы: Күн, Ай, Жер, Адам — бәрінің өзіне берілген өмірі, мерзімі бар деп сенетін ол, сол кітаптарды оқып біткеннен кейін, тек мәңгі бітпейтін оған уақыт қана болып көрінетін. Содан барып Хәлел өзіне қорытынды істейтін: «Күн, Ай, Жер миллиардтаған жыл өмір сүрсе, ал Адам көп дегенде жүз жыл ғана тұрады. Мейлі ауасы мөлдір таза тау басына шықсын, мейлі өмір бақи ірімшік пен апельсин жесін, бәрібір кісі екі жүз жыл жасай алмайды. Табиғаттың әр нәрсеге, дүниеге, жан - жануарға арнап берген уақыты бар, одан асу мүмкін емес. Бар мәселе, деп тұжыратын Хәлел, сол өзіңе берілген мерзімді аз ба, көп пе, — қалай өткізуде. Лениннің өмір сүрген елу төрт жылы мың жылға бергісіз. Ал істеген ісі, тастап кеткен жолы әлі миллиондаған жылға кетпек. Әрине, жұрттың бәрі ұлы көсем тәрізді мәңгі жасай алмайды, бірақ әркім - ақ өзіне берілген сол аз жасты адал, парасатты етіп өткізуге тиісті».

Бұл — Хәлелдің істеген қорытындысы, өмірге деген программасы. Ол осы жолынан еш уақытта да тайған емес, таямын деп те ойламайды.

Міне, бүгін де Хәлел осындай бір тамаша ойда келе жатты. Жаңа ғана үйінен түскі шайын ішіп шыққан. Беті өзінің мұнай мұнарасы. Бүгін күндегісінен гөрі қондырғысының қасында көбірек болмақ. Өйткені айдың аяғы. Графиктен сәл кешігіп, жоспардың орындалмаған олқылықтары бар, соны толтырулары керек.

Тәтті ойға беріліп, көзі күлімдеп рахаттанып келе жатқан Хәлел кенет тоқтай қалды. Мұнараға баратын жолдағы сайдың ернеуіндегі көкпекте шөгіп жатқан әкесінің інгеніне көзі түсті. Бұ да көшпелі елдің баласы ғой, жас күнінен - ақ түйенің жатысынан, тұрысынан әр нәрсені аңғарып өскен - ді. Інген басын поселкеге, арт жағын Қарақұмға бере шөгіпті. Түйенің былай жатуы құбыладан келе жатқан құмды дауылдың белгісі. Хәлел дереу Қарақұм жаққа қарады. Аспан айнадай ашық, көкпеңбек. Тек сонау құм дала осы кезде - ау деген тұстағы көкжиектен қағылып жатқан қара көрпе тәрізді, бірдеме алабұртып қарайып көрінеді. Бұлт па, әлде көтерілген құм ба? Көз жетпейтін алыстан айыру қиын. Жел жоқ, әлем біткен тып - тыныш. Бірақ әлгі қара дүние біреу шетінен ұстап алып, шаңын сілкіп тұрғандай, жоғары көтеріліп барады. Бұл не? Көтерілген құм, дауыл дейін десе, жел жоқ, бұлт жоқ. Дегенмен, Хәлелдің жүрегі әлденеге қобалжи бастады. Осы қара зат, өзінің мұнарасына қарай сырғып келе жатқандай көрінді оған. Сөйткенше болған жоқ, жел тұрды. Енді ыстық күнде үрлесең бұрқ ете қалатын. Маңғыстаудың борпылдақ сұрғылт топырағы, біреу сабаумен салып - салып жібергендей, бұрқылдап көкке көтеріле жөнелді.

Хәлел бір керемет дауылдың келе жатқанына шек келтірмеді. Түскі тыныстамада үйге қайтатын оның жалпы әдеті жоқ - ты. Бүгін поселкеде бір шаруасы болып және кешке жұмысқа қаламын ба деп ойлағандықтан, әлдеқалай келе қалған еді. Енді, міне, айдалада дауылға ұрынбақ. Ал Маңғыстаудың дауылының кейде қандай қияпат, жан шошырлық сойқан екенін Хәлел жақсы біледі Ол енді жел қатты тұрғанша қондырғыға жетіп қалайын деп жүгіре түсті. Бірақ айдалада, жел кідіретін кедір - бұдыры жоқ жазықта, дауылдан жүйрік дүниеде ештеңе жоқ. Жаңа ғана көз ұшында көрінген қара мақпал көрпе, кенет дастарқан үстіне төгілген сиядай, іп - ілезде бүкіл аспанды жаба бастады. Жел өкіре соқты. Жел екпінімен шашып жіберген күлдей жоғары көтерілген топыраққа енді сонау алыстан көшіп келе жатқан құмды ғаламат қосылып, жер мен көк кенет қаракөлеңкелене қалды. Тал түсте күн тұтылғандай.

Дауыл тұрған далада ежелгі тәжірибе бойынша керуен болсын, жеке адам болсын жүрмеуі керек. Жүру мүмкін емес. Қойны - қонышыңа, мұрын - аузыңа кірген құмнан тұншығып өлуге болады. Және адам көзін аша алмай, жел екпініменен заматта адасады. Дауыл шыр көбелек айналдырып, қай жақтан келе жатырсың, қай жаққа бара жатырсың тіпті айыра алмайсың. Бұны білетін Хәлел желге қарай қарап, құлағын қолымен басып, етпетінен жата қалды. Сұрапыл өткенше шыдайын деді. Мұндай сойқан ұзаққа созылмайды. Бірақ «мұнай мұнарасы желге қарсы тұра алар ма екен?» деген ойына бір мезет қауіп келіп, орнынан атып тұрып еді, сол сәтте дәл маңдайынан ұрған дауыл екпіні, үйіре түсіп оны кейін қарай сырғыта жөнелді. Хәлел амал жоқ, қайтадан жата қалуға мәжбүр болды. Жел күшейе түсті. Енді бірнеше тұстан ұршықтай үйірілген құм құйындар, бағаналар ойнақ салып, бүкіл Өзек үсті бұрқылдап қайнап жатқан алып қазанға ұқсап кетті. Аспан әлем -тапырық жерге құлап түскендей. Долы сұрапыл дүние жүзін шыр көбелек айналдырып әкетіп барады. Алғашқы кезде дауыл Қарақұм тұсынан келе жатқан тәрізді еді, енді оның бетін айырып болар емес, жел Өзек алабының төрт тұсынан бірдей соғып тұрғандай. Тек ортасындағы құм алап ойран - асыр тулай түседі. Дауылдың күштілігі сондай, поселке шетіндегі қазақ жұмысшыларының киіз үйлері әлдеқашан жығылып қалған, көрпе -төсектерін жел әлдеқайда қуып әкетіп барады. Қолдан салынған саман үйлердің де төбелерін дауыл көтеріп әкеткен. Сынбаған терезе, күйремеген есік жоқ. Күн көзі қалың матаға орап қойғандай, құм көрпенің арасынан анда - санда ағараңдап көрініп қалады. Қап - қара бұлттың жыртығынан сығалаған ай тәрізді, не қызуы, не сәулесі жоқ, тек ақшыл түсі ғана көзге түседі.

Жарты сағаттай соққан сұрапыл кілт тоқтады. Бір ғажабы, жаңа ғана бүкіл әлем құмы осы араға көшіп келгендей еді, енді Өзек бойының тақырлы, сорлы жерінде әлгі қалың құмның бір уысы да қалмағандай. Бәрін өткіншек сойқан өзімен бірге көтеріп әкеткен - ді. Енді аспанмен тілдескен қара көрпе - дауыл, Өзек өңірін тастап, Қарабұғаз жаққа ақырын сырғып бара жатқаны ту сыртынан байқалады. Тек шөккен тастар, жарқабақтар арасы мен Өзек бойының сай - жыралы кедір - бұдырлы ойпаттарын ғана құм басқан, өзге әлемнің бәрі бұрынғыдай ағараңдаған тақыр, күңгірт сор, бұйырғынды, еркек шөпті, жусанды түрсіз дала. Төңкерілген қазандарға ұқсаған дөңгелек ұшты, алыстан көгілдір тартқан төбелер. Ал қара албасты сұрапыл өткен құмды қыраттар, жал - жал боп тоқтап қалған теңіз толқындары тәрізді. Сөйткенше болған жоқ, сонау алыс көкжиектерде кенет тағы көгілдір сағым жүгіре бастады.

Үсті - басын басқан шаңды, құмды сілкіп тастап, Хәлел орнынан атып тұрды. Ең алдымен ол өзінің зәулім биік қондырғысын көрді. Болат мұнара сол қалпында тұр. Керемет сұрапыл да құлата алмапты. Сүйір ұштары аспанның көгілдір кеудесінде қадалған қалпынан мызғыр емес. Хәлел «уф» деп демін алды да, қондырғысына қарап тағы да асыға жөнелді.

Дәл осы кезде победит бұрғы ұшы мұқалып қалып, бұрғылау жұмысы әзер жүріп жатқан. Кетерінде Ерден керек бөлшектердің бәрін жіберемін деп уәде берген. Бірақ Өзекке сол заттардың көбі жеткізілмеген. Айдың орта шені асып бара жатқан шақ осы айда жаңа орынға көшемін деп социалистік міндет алған Хәлел сасуда еді. Өзектен тақа алыс емес жерлердегі экспедициялардан басы артық бұрғылар шыға қоймағаннан соң, Жандостың жеңіл машинасын сұрап алып Хәлел осыдан екі күн бұрын төрт жүз елу километрдегі түрікмен мұнайшыларына барып келген. Әйтеуір ісінің оңы түсіп, Түрікменнің Төңгелек Сор іздестіру партиясынан бір кезде өзімен бірге Қарабұғазда жұмыс істеген әйгілі түрікмен мұнайшысы — бұрғылау шебері Атанепесовтен қарызға өзіне керек бұрғылау саймандарын алып қайтқан. Қазір мұнарасына барысымен, тозған бұрғыларды Махачқалаға жібермек еді. Оның үстіне ай аяғы өндіріс жоспарын орындау үшін, барлаушыларға қалған мерзімнің әр күні, әр сағаты, әр минуты қымбат. Осыны ойлаған Хәлел мұнарасына қарай асыға жүрді.

Хәлел қатты жүрістен ыстықтап кетіп, пенжегін шешіп алды да алпамсадай темір кілтті ұстап келе жатқан оң қолының қарына ілді. Қарсы алдынан соққан ыстық желге енді кеудесін төсей, алға қарай ұмтыла түсті. Дәл осы сәтте оның құлағына кенет бір үрейлі үн естілгендей болды. Хәлел кілт тоқтай қалды.

— Ойбай, өлдім! Өлдім! Жібер! Жібер! — деген әйелдің даусы мұнайшының құлағына талмаусырай жетті. Дауыс жел жақтан шыққан тәрізді.

Хәлел тағы құлағын тосты. «Жібер! Жібер!» деген дауыс енді өлімсірей шықты. Алдындағы елу метрдей жерде кішкентай төбешікті қоршай, біреу әдейі әкеп тастағандай, сандықтай - сандықтай үйілген ақшыл тастар жатқан. Қайдан келгені, кім әкелгені белгісіз. Көшпелі ел бұл тастармен баяғы заманнан бері таныс. Дәл осы тастар үйілген төбешіктің түбінен сүрлеу жол екіге айырылады. Бірі Хәлелдің қондырғысына қарай кетеді де, екіншісі күнгей тұстағы жаңадан қазылып жатқан су скважинасына барады.

Дауыс осы үйілген тастар арасынан шыққанын Хәлел бірден ұқты. Жүгіре жөнелді. Ентіге, демін әзер ала бұл жеткен кезде, ең алдыменен көргені: төбешіктің етегінде теңкиген екі тастың ортасында, дауылдан кейін үйіліп қалған құм үстінде етпетінен, солқылдап жылап жатқан Тана болды. Пара - пара болған сырт көйлегінің бір жақ етегі қасқыр жұлып әкеткендей. «Бұл не сұмдық?» деп Хәлел тастарды жанай арғы бетіне қарағанда, төбені айнала кетіп бара жатқан әнеугі оба тас тәрізді шомбал қара жігітті көрді. Болған оқиғаны Хәлел бірден түсінді.

— Тоқта, малғұн!—деді ол ақырып. Жігіт кілт тоқтады да, ақырын бұрылды. Хәлел де жетіп барды. Жігіттің қанталап кеткен өткір көздері мызғыр емес. Ол өзіне жақындай берген Хәлелден көзін алмай, мелшиіп тесіле қарап тұр. Қозғалмайды да, қорықпайды да, тек көйлегінің жеңін сәл жоғары түріп, екі білегін сыбанғандай болды да қойды.

— Доңыз, жүр бері!—деді жанына жете беріп Хәлел.

Шомбал қара Әжіғалидің баласы Алаң еді.

Адам сан түрлі болып жаратылады. Бірақ Алаңдай кісінің тууы екі талай. Анасының ішінен бала емес, тас түскендей болған. Батпандай боп дүниеге келген томардың безіндей, шымыр біткен нәресте көзін ашқаннан жылауды не ауруды білмеді. Екі жасында шешесі қайтыс болды. Өмірден бөтен күтер қызығым жоқ, артыма алаңдасам, осы балам үшін алаңдармын деп Әжіғали оның атын Алаң қойған. Бертін келе аты - жөнін сәл өзгертіп, Россияның ішкі жағына ауысып кетіп, енді ұлының есімін Алеша деп атады. Осы Алаң -Алеша үшінші класта оқып жүргенінде әкесінен айырылды. Әжіғалиді қылмысы үшін ұстап әкетті. Ол әкесі ұсталғаннан кейін көп кешікпей, бұл кезде әлі де таусыла қоймаған жасөспірім ұры - қарылардың қатарына қосылды. Абақтының сан азабын да көрді, бірақ мойымады, сол алған бетінен қайтпады. Абақтыны Алаң - Алеша өз үйі санады. Керемет күштілігі, ештеңеден қорықпайтын батылдығы, жан аяуды білмейтін қаталдығы, оны сол абақты ішіндегілердің бастығы етті. Сондықтан мерзімі бітіп босанған кездерінде қайтадан бұрынғы әдетіне басты. Абақтыға қайта түсем - ау деп қорықпады.

Иә, мұндай сотқар, топас, қаныпезер адам дүниеде сирек кездеседі. Осы сиректің бірі — Алаң - Алеша еді. Бұның тағы бір ерекшелігі: Алаң - Алеша өз айтқанын ғана заң көреді. Ешбір ақыл оған қонбайтын. Барлық ойы, пиғылы, тілегі тек бір күндік болса да өзінің жан дүниесінің рахаттануы. Сол рахаттану жолында қандай қылмысқа болса да оп - оңай бара алады. Міне, осындай адамның көзі жоқ жерден Танаға түсті. Қалың құмның арасынан жарқ ете қалған сары алтындай Тана бірден оның көңілін тартып әкетті. Шынын айтсақ, Алаң - Алеша Танаға кәдімгідей ғашық болып қалған. Жүрегі елжіреп, бойы балқып жанын қоярға жер таппаған. Оңашада бір жылады, бір күлді, аузына тек Тана түсті, көз алдында тек Тана тұрды. Өмір бойы хайуандық нәпсі құмарлық сезімді ғана білген Алаң - Алешаны енді Құдайды да, адамды да өзіне бағындырған махаббаттың ұлы құдіреті бұны да дегеніне көндірді. Бұл — өзінен өзгені жау көрген, қасқырдың жүрегіндей Алаң - Алешаның тас жүрегінде оянған таза, шын махаббат еді. Дәл осы сәтте егер оған біреу: «Он жыл абақтыда отырып шықсаң Тана саған қосылады» десе, ол сол он жылға сөз айтпай көнер еді. Ал Тана өзі егер: «Мен сендік болам, жиырма жыл күт» десе, Алаң - Алеша жиырма жыл күтер еді. Сол жиырма жылын Тананың бір ауыз жылы сөзіне мәз болып өткізер еді. Өйткені, ол дәл осы күндерді бұрынды - соңды өзі білмеген бір тамаша жарық сезімдердің құлы болған. Өзінен ерік кеткен. Әттең, бұған ондай сөзді Тана да, ешкім де айтпаған. Өмір бақи көңілінде бір сәуле туған кезінде ешкім де бұған қолын бермеген. Ал бөтен тәрбие көрмеген, жаралғалы тек өзінің дүлей күшіне ғана сенген Алаң - Алеша бөтен жол таба алмады. Тананы ойлаған сайын күннен күнге жазылмас кеселге айналған құмарту азабынан құтыла алмады. Жүрек өртенген үстіне өртене түсті. Не істеу керек? Жалғанда топас адамның тілегінен қиын тілек жоқ. Шын махаббаттың оттан да ыстық жалынына түсіп көрмеген сорлы бар тапқаны тағы өзінің қара күші болды. Адамдық сезімін тағы хайуандық тілегі жеңді. Бар көргені осы болса бұған не істерсің! Осылай Алаң - Алеша Тананы оңашада қалай қолыма түсірсем екен деп енді оны аңди бастады. Ақырында гидрогеологтың сонау бұрғыланып жатқан су скважинасынан кей күндері түс кезінде үйіне келіп шай ішіп кететінін біледі. Орта жолдағы баяғы төбешік етегіндегі тастардың арасында жатып сан рет аңдыды. Бірақ Тана үнемі екі - үш жұмысшы жастармен поселкеге бірге қайтып, оңашада қолына түспеді. Сөйтіп жүргенде, бүгін сәті келді. Алаң - Алеша тас арасына келіп тығылысыменен Тана көрінді. Бұл жолы ол жалғыз келе жатыр екен. «Ә, предки мои, түсіре көр қолыма!» деп көзі жасаурап, әзер шыдап күтіп отырғанында кенет дауыл тұрды. Маңғыстау сұрапылында тек жер бауырлап жата қалу керек екенін білетін Тана жан ұшырып жүгіріп келіп дөңкиген екі тастың арасына тығылды. Қыздың өзіне таяу кеп құлағанын көзімен көрген Алаң - Алеша сұрапыл басыла екі құлағын қолымен жауып алып, етпетінен жатқан Тананың үстінен шықты. Ар жағындағының бәрі өзінің ойлағанындай болды.

— Жүр бері!—деді Хәлел бұзық жігіттің сомадай білегінен ұстай алып,—қайда қашып барасың?

— Ну, ты!—деді Алаң - Алеша қабағын қарс жауып, кішкентай көздерінен кенет сұп -суық от шашып, — Сгни отсюда!

Білегін қатты жұлып босатып алды да, мұнайшының кеудесінен періп жіберді. Тоқпақтай жұдырық шоқпардан кем тимеді. Мұндай қимылды күтпеген Хәлел құмға шалқалай кеп құлады. Қолындағы балғадай кілті анадай жерге ұшып түсті. Бірақ Хәлел Алаң - Алеша кеп үстінен басқанша атып тұрды. Анау да екі білегін сыбанып таяй берді. Бұ да қашқан жоқ, пенжегін лақтырып тастап қарсы жүрді. Сырт қараған адамға бұл екеуі, аяқтарымен жер тарпып сүзісуге келе жатқан желкелері күжірейген екі ашулы бұқаға ұқсар еді.

— Жить не хотел, да?—деді екі көзі қанталап кеткен Алаң - Алеша.

— Көрерміз кімнің өлгенін!—деді Хәлел жақындай түсіп.

Төртпақ келген, құйылған қорғасындай шомбал денелі Алаң - Алеша дәл қазір желке жүндері қаһарынан тік тұрып кеткен, ашулы қара доңызға ұқсаса, өмір бойы ылғи ауыр жұмыспен денесі болаттай боп шыныққан, сала құлаш жауырынды, апайтөс Хәлел, алып күшіне сенген аю тәрізді еді. Екі оба тас біріне - бірі ақырын жақындап келеді... Қайсысы жеңеді? Әрине, жеңілгені өледі. Бұл айқастың одан бөтен шешімі жоқ.

Сұмдық күштер айқасып кетті. Бірін - бірі мыжғылай қысты. Бірін - бірі иықтарымен, кеуделерімен итерісіп, жұлқыса түсті. Жас кезінен жанын сақтар жан cepігі — тоқпақтай жұдырықтарын Алаң - Алеша жұмсайын десе, екі қолымен дәу қышқаштай қапсыра құшақтап алған Хәлел жібермеді. Өмірінде өзіне жан шақ келіп көрмеген Алаң - Алеша күтпеген жерден мұндай күшке ұшырағанына таң қалғандай. Ал бұрғылау станогінің крандармен ғана көтеретін кей ауыр бөлшектерін, қысылған кезде жалғыз өзі арқалап ала жөнелетін Хәлел өзінің дегеніне көнбей, құшағынан босанып бара жатқан сом дененің қандай қуат иесі екенін сезіп, сәл қобалжығандай!

Бұл айқас өлім мен өмірдің айқасы еді! Егер Алаң - Алешаға қарсы қайрат қыла алмаса, оның өлтіріп кететінін Хәлел бірден түсінді. Сондықтан ол өзі үшін, өмірі үшін, жан аямай күресуге мәжбүр болды. Қайткенмен жеңу керек, әйтпесе өледі. Ал Алаң - Алеша болса, ондағы жалғыз тілек, өзіне қарсы кеп, күші пара - пар түсіп тұрған адамды не істесе де құртуы керек! Өйткені қылмысының жалғыз куәсі — осы Хәлел! Ал мынау тірі қалып, жауыздығы мойнына қойылса, атылу жазасына бұйырылатынын ол жақсы біледі. Өйткені, бұл қылмысының жазасы сегіз жыл абақтыдан атылуға дейін барады. Оның үстіне, бұрын істеген айыптары әлдеқашан өлім жазасынан асып кеткен. Осы уақытқа дейін тірі жүрсе, кісі өлтіруге қатынасқанының куәлері болмай кінәсі мойнына дәл қойылған емес. Ал бұл жолы, сонау инженер қызға еткен қиянаты, өзіне атылғалы тұрған ең ақырғы оқтай көрінді! Қайткенмен де оған бұл ақырғы оқты аттырмау керек! Алаң - Алешаның әлі де өмір сүргісі, қылмыс істегісі, арақ ішіп, кісі өлтіргісі келеді. Әлі де жер басып, қызық көргісі келеді. Сол үшін тек мына мұнайшыны өлтіруі керек! Өлтіруі керек! Өлтіруі керек! Оны өлтіре алмаса өзі өледі!

Алаң - Алешаның күшіне оның тілегі, ашуы, ызасы қосылды. Ол енді жұлқынып кеп, құшағынан құтылайын деп Хәлелді шыр көбелек айналдырды. Бірақ екі қарының сырты мен белінен айқара құшақтап алған мұнайшы оны тырп еткізбеді. Осылай сіресіп екеуі тағы бірер минут тұрды. Бір мезет Хәлел бар күшін жинап алып Алаң - Алешаны сәл жоғары көтерді де, жамбасына ала кеп жерге беріп қалды. Бірақ бекер құлатты! Хәлел үстінен басып үлгірмеді. Атып тұрған Алаң - Алешаның күткені де осы еді. Оның екі қолы босады. Титтейінен төбелесуге үйренген әдетіне салып, тоқпақтай жұдырықтарымен Хәлелді басы, көзі демей, ұрғылай бастады. Әр соққаны жұдырық тас тигендей! Бірақ сонау өмір бойы ауыр жұмыста боп әбден шыныққан құрыш дене оған да шыдады! Хәлел өмірінде төбелесіп көрмеген адам, ұруды білмейді. Бар қолынан келері — балуанша күресу. Бірақ оған Алаң - Алеша енді жіберер емес. Хәлелді нағыз бір боксшыдай айнала жүріп ұрады. Ұрып құлатпақ! Құласа ар жағы кісі өлтіріп дағдыланған бұзыққа оңай! Дегенмен, бұрғышы қанша болат денелі болғанмен сыр беруге айналды. Алаң - Алеша оны енді қалай ұрса да еркі бардай. Оған Хәлел қампиған бір үлкен қапшықтай көрінді. Ал Хәлел қолынан бар келгені екі бетін, басын қорғау болды. Тоқпақтай боп тынбай тиген жұдырықтан бұрғышы шын әлсіреді. Дәл осы кезде Алаң - Алеша сәл есеңгіреп қалған Хәлелді дәл шекесінен кеп ұрды. Хәлел тәлтіректеп кетіп, екі қолын басынан босатып жіберді. Анау оны енді дәл бетінен кеп соқты. Бұрғышының мұрнынан қан бұрқ етіп, сорғалай жөнелді. Талмаусырап кеткен бойы еңкейе берді. Сол кезде Алаң - Алеша кеп желке тұсынан тағы ұрды. Мұнайшы етпетінен түсті. Әлсіреп қалған адамға кімнің болса да күші жетеді. Хәлел енді осынау дүлей күштің қолынан өлетініне шек келтірмеді. Есі ауытқып барады, әйтсе де жүректегі ыза, санадай ашу әлі біржолата сөнген жоқ. Бірақ басынан, бүйірінен, арқасынан, бар - бар жерінен тепкілеп жатқан Алаң - Алеша оны өлтірмей тынар емес.

Өзінің осыншама әлсіздігіне Хәлел өлердей таң қалды. Сөніп бара жатқан сана, сезімі оны: «Хәлел, атақты мұнайшы Хәлел, расымен сен осындай бір қаңғыған иттің қолынан өлгенің бе, тұр, тағы айқас! Тұр, тұр, жатпа! Жатсаң өлесің! Тұр! Тұр!» деп айқай салып жатқандай болды оған.

Тұруға дәрмені жоқ, бірақ әлі жүрегінде сөнбеген ашуы, ызасы бар, өліп бара жатқан Хәлелдің қолы кенет астында жатқан бір суық затқа тиген. Алысып - жұлысып жүріп қызумен екеуі де ұмытып кеткен бағанағы ұшып түскен станок жүргізетін үлкен темір кілт екен. Кілттің үйреншікті сабын Хәлелдің қолы өзінен - өзі тапқан. Суық темірді алақанымен қысқан сайын, бұрғышының тамырында кенет бір орасан қуат жүгіріп, санасында «жоқ, жоқ, әлі өлмейсің, оны өлтірмей өзің өлмейсің!» дегендей бір сенім пайда болған. Қолына осы бір темір тиісімен - ақ Хәлел тез есін жиған. Бағанадан бері бойынан күш кетіп, дәрменсіз боп жатқан бұрғышы орнынан қалай атып тұрғанын өзі де білмей қалды. Әйтсе де, оң қолындағы кілтті пәрменінше сермеуге әлі әзер жетті. Бірақ Алаң - Алеша құлап түскенде, қуаныштан бойына кенет қайтадан алуан қуат бітіп, ананың кеудесіне қона қалды. Жеңіс адамға әрқашан да қанат, күш береді. Хәлелдің бойын енді бұзыққа деген ыза, ашу, кек биледі. Ол қолындағы балғадай ауыр кілтті жоғары көтере берді. Бүкіл ақыл, ойын, он бойын билеп кеткен өшпенділік»: «Ұр, ұр! Өлтір! Оны сен өлтірмесең, бәрібір бұл сені өлтіреді!» деп айқайлап тұрғандай. Хәлелді енді тек астында жатқан адамнан кек алу арманы ғана биледі. Ол астындағы бұзықтың дәл маңдай тұсынан ұрмақ боп ыңғайланды. Бірақ үлгірмеді.

Кенет ол;

— Тимеңіз, тимеңіз! Өлтіре көрмеңіз! — деп шар - шар еткен дауысты естіді.

Бұл Тана еді. Үрейі ұшқан қалпында, қыз безектей келіп Хәлелдің қолына жабысты.

— Адал қолыңызды былғамаңыз малғұнның арам қанына! — деді Тана екі көзінен парлаған жасын тыймай сол шарылдаған қалпында. — Бәлесінен аулақ, ағатай, бәлесінен аулақ!

Ашу үстінде өзінің не істегелі тұрғанын Хәлел енді түсінді. Әрине, мынау сом кілтпен есі ауып жатқан адамды маңдайынан бір ұрса иттің миы бұрқ етіп атылып, тіл қатпай жан беруі даусыз. Істеген жауыздығына, қылығына қарағанда — бұны өлтіру мың да бір сауап болар еді, бірақ Хәлел секілді әйгілі бұрғышыға, жұмысшы адамға, ашуға беріліп кісі өлтіру жөн бе? Рас, мынау жатқан бұзық жексұрын, малғұн, бірақ өзіңнің адал қолыңды оның арам қанымен қалай жуасың? Жуа аласың ба? «Өзі өліп қалған жоқ па?» деп, Хәлел астындағы адамның бетіне қарады. Қабағы діріл қағып, кеудесінен демін әзер - әзер алып жатыр. «Бұндай ит оп - оңай өле қоятын ба еді?!» Хәлел оның үстінен түрегелді де, аяғын ілби басып, теңселе қозғалып поселкеге қарай жүре берді. Бір он қадамдай жүрген кезде, ол тоқтай қалды. Құлап кетуге таяу тұр. Тана жүгіріп келіп қолтығынан ұстады. Аздан кейін, екеуі бірін - бірі сүйемелдей поселкеге қарай беттеді.

Поселкеге жетіп қалған кезде ғана Тана:

— Ағатай, ешкімге айта көрмеңіз, — деді екі көзінен кенет тағы аға жөнелген ыстық жасын тыя алмай, тұншыға сөйлеп. — Айрандай төгілген абыройымды жұрт естісе... Жоқ, жоқ, Жәлел мұндай сұмдықты көтере алмайды... Және оның бетіне қалай қараймын?.. Жоқ, жоқ қарауға хақым жоқ... Ертең, жоқ, бүгін бұл арадан көзімді жоғалтамын...

— Сонда... — Хәлел әзер сөйледі, — сонда... осындай зұлымдықты істеген адам... жазасын тартпай кете бере ме?

Қыз енді ағыл - тегіл жылап қоя берді.

— Оның тартар жазасы... жұрт естісе, Жәлел естісе, менің тартар жазамнан анағұрлым жеңіл болып тұр ғой.

Хәлел қыз сөзін енді ұққан тәрізді.

— Айналайын - ай, қандай бақытсыз жан едің. Бұл неткен қияпат қиянат! Жарайды, өле -өлгенше тірі жанға айтпайын.

— Жәлелге, Жәлелге айтпаңыз!

— Жақсы, қалқам.

Поселкеге таянғанда Хәлел өзі жалғыз кетті. Жұрт көзіне көрінуге өлердей қорланған Тана тек ымырт үйіріле ғана өз үйіне әзер барды. Бөлмесінің есігін ішінен жауып алды да, кереуетіне етпетінен құлады. Күндікке жылағаны аз болғандай енді жастықты бауырына қыса өкіріп қоя берді.

Тананың көзінен аққан ашу, ыза, кек, намыстың долы жасы емес еді. «Адамды аңнан айырар тек ұяты», — деп әйгілі Дарвин айтқандай, — ұлы сезім—сол ұяттың оттай күйдірген ыстық күйігі болатын.

Бұның бағына дәл осы сәтте, үйінде әкесі жоқ еді. Ол қызының болашақ тойы жайында сөйлеспек боп Бестібайдың үйіне кеткен.

Шын адам мағынасындағы кісі — ұят - ардың құлы. Ондай жанның басына қандай бақ қонбасын, қандай дәрежеге жетпесін, тек ар - ұяты таза болса ғана көңілі жай. Ар -ұятының былғанғаны оған өлімнен де ауыр. Мұндай адам жер басып жүргенінен өлгенін тілейді. Өмір сүргенінен сүрмегеніне риза. Бірақ дүниеде табиғат деген де ұлы күш бар ғой. Бұл дүниеде оған көнбеген жан - жануар жаралмаған болар. Қазақ бұрын жылап -сықтағанына қарамай, жас қызын өзінен үлкен адамға бергенде, жаратылыстың осы табиғи күшінің құдіретіне сеніп бермейтін бе еді? Күйеуін менсінбеген, тіпті өлердей жек көріп қосылған талай сұлулар да, егер ері осы табиғи — жаратылыс тілектерінің дегенінен шыға алса, соңынан үбірлі - шүбірлі боп, көндігіп, кетпейтін бе еді. Тіпті, кешегі зорлықпен берген күйеуімен бақытты өмір сүретіндері де аз болмайтын. Осындай қисыннан барып туған жоқ па қазақтың:

«Ойнасаң өзің теңдес жаспен ойна,

Ол дағы сүйген жардан кем болмайды» - деген өлеңі?

Арқаға батқан ер жылқының жүрісін өзгертеді. Жаңбырды аңсаған гүл тәрізді, дер кезі жетіп, әбден пісіп тұрған Танаға Алаң - Алешаның, мейлі зорлық - ақ делік, бір істеген қиянатынан осыншама қорланар, қапаланар не бар еді? Оның озбырлығында, қиянатында табиғаттың өзіне де тән тілегі жатқан жоқ па еді? Жоқ, жоқ! Адам хайуан емес, тек табиғи шөлдің құлы бола алмайды! Адамда жүрек, махаббат, қиял, арман атты ұлы күштер бар. Біреу жанып тұрған шырағын үрлеп сөндірсе, не басқа бір дүлей күш асыл арманын, өзінің балшықты, кірлі аяғымен таптаса, бар ынтызарын тек әйелдік табиғи күшке бағындырып, Тана қалай көне алар? Көне алмайды! Көне алмайды. Шынын айтсақ, зорлықтың аты зорлық, зорлықпен берілген қазақ қыздарының жазмышына көндіксе де, өмір бойы ерін жек көріп, қорланып өткендері аз ба? Тананы да осындай мәңгі өшпес жек көру билеген еді.

Тана өзінің күнәсінің, жазасының жоғын біле тұрса да, жанындай жақсы көре бастаған Жәлелдің қапелімде ар - ұятын былғағандай сезінді. Жәлелдің қолына махаббатын мөлдір таза қалпында жеткізе алмағанына өлердей қорланды, бетіне қарай алмай ұялды. Хәлелге «бұл сұмдықты ешкімге айта көрмеңіз, әсіресе Жәлелге...» — деп жалынғанда, Жәлелді алдап, болған оқиғаны одан жасырып қалу үшін айтқан емес - ті. Жоқ, Жәлелдей шын жақсы көрген адамына ластанған ләззатын ұсынуға ары бармады. Хәлел уәдесінде тұрып, бұл сұмдықты Жәлел өмірбақи білмей кеткен күнде де, Тана өзінің абыройын қалай жоғалтқанын бір минут ұмыта алмас еді. Және болған оқиғаны Жәлелден жасырып, оған қосылу еш уақытта да қолынан келмес еді. Егер алда - жалда қосыла қалса да, ешкім мұнан бұлай масқараланғанын тіпті білмесе де, Тана бәрібір ар - ұятын таза санай алмас еді. Мұндай жағдайда Тана секілді мөлдір таза жасқа, өмір ең қиын азапқа айналуы даусыз. Ондай азап кімге керек? Ондай азаппен өзін шын сүйген жігітке қалай жар бола алады? Жоқ, бола алмайды! Бола алмайды! Өйткені Тана Жәлелді шын жақсы көреді. Ал шын жақсы көрген адамына бар абыройынан айырылып қосыла алмайды! Қосыла алмайды!

Мүмкін, Танадан басқа қыз болса, жоғалған абыройын жасырар ма еді, қайтер еді? Сөйтсе ғой, сүйген жігітінен айрылмайды. Бірақ Тана ондай қыз емес қой. Танаға берген уәде, бір сөзде тұру, ар - ұятын таза сақтау — өмірдегі ең қасиетті парыз. Махаббатынан да қымбат парыз. Әлі есінде: студентка кезі. Базаргүл атты дос қызы екеуі екінші курста оқып жүрген шақтары. Оның Машырап атты өзімен бір курстағы ұнатқан жігіті болатын. Сондай бір биязы мінезді, ұяңдау жас еді. Өткір, шолжаң қылықты Базаргүл қалжыңдап, еркелеп, Машырапты ылғи күлкі етіп жүретін. Бірақ жақсы көретін. Москвада сол жылы қазақ көркемөнер онкүндігі жүріп жатқан, әлгі Машырап Танамен танысуға құмар өзінің жерлес бір жігітін ертіп бұлардың жатақханасына келген. Қолдарында сол күнгі Колонный залда болатын қазақ көркемөнер шеберлерінің концертіне екі билеті бар. Ойы, сірә Базаргүл екеуі бармақ... Базаргүл билетті көргеннен - ақ кесімін бір - ақ айтты.

— Концертке Тана екеуміз барамыз, — деді.

— Ал біз қайтеміз? — Машырап Базаргүлден айырылғысы келмеген сыңай көрсетті.

— Сендер біз концерттен шыққанша, сол Колонный залдың жанында жүре тұрасыңдар. Концерттен кейін бірге қайтамыз.

Машырап қуанып кетті.

— Жарайды — деді.

Концерт оңды болды. Бірақ тыныстама кезінде Таналарға екі жігіт кездесті. Біреуі Базаргүлмен бір қаладан екен. Екеуі де жанып тұрған оттай, өткір жігіттер екен. МВТУ -да оқитын боп шықты. Олар концерт біткеннен кейін ресторанға барайық деді. О кезде ресторандар түнгі сағат екіге дейін істейтін. Тананың барғысы келген жоқ. Далада өздерін күтіп жүрген екі жігітті есінен шығара алмады.

— Бұнымыз біздің тіпті адамгершілікке жатпайды. Жазығы бишаралардың өздерінің билеттерін бізге бергендері ме, рестораны құрысын, бармай - ақ қояйық, — деді.

— Ту, қызық екенсің, Тана, — деді Базаргүл, — ресторанға барып біз арақ - шарап ішпейміз ғой, азырақ отырып, музыка тыңдап, үйге қайтамыз. Ал біздің мушкетерлеріміз туралы тіпті опық жеме. Машыраппен ертең таңертең кездесетін болып уәделескем... Олар бізді күтпейді.

Тана сенді. Бірақ ресторанда көп отырмады. Базаргүлді қояр да қоймай, метро тоқтамай жатақханаға алып қайтты. Әйткенмен, түніменен өздерін күтеміз деген екі жігіт ойынан шықпай - ақ қойды...

Ертеңіне оларменен кездесті. Базаргүл әдеттегісіндей қалжыңдап жалған айтқан екен. Екі жігіт сол күтеміз деген жерінде тұрыпты. Таналардың қай есіктен шыққандарын байқамай қалыпты. «Уәделесті ғой, бізді тастап кетпес» деп екеуі сол маңда метро жабылғанша сандалып жүріпті де қойыпты.

Өздерінің істеген опасыздығына Тана екі бетінен оты шыға ұялған. Ал Базаргүл сол баяғы ерке - шора мінезіне салып:

— Оқасы жоқ, — деген күліп ана екі жігітке. — Өстіп сарғайып барып қолдарыңа түссек, бағалы боламыз.

Бірақ бұдан ол бағалы болған жоқ. Базаргүл әлгі театрда кездескен екі жігіттің біреуіне сол жылы күйеуге шыққан. Машырап өз бетімен кеткен. Осы Маңғыстауға жүрер алдында Тана Базаргүлді көрген. Бұрынғы жайнаған Базаргүл емес, дауыл ұрған гүлдей семіп қалыпты.

— Шын махаббаттың қадірін білмеген жеңілтектігімнің сазайын тарттым, — деген ол Танаға, — қолда бар алтынның қадірі жоқ, Машырап бишараны бағалай білмеппін, маған ерге соған шығу керек еді...

Осы бір кішкентай оқиға Тананың ойында мәңгі қалған. Өмір бойы тірі жанды алдамауға, өтірік айтпауға өзіне - өзі сөз берген.

Тана осындай жан еді! Ол Базаргүл емес. Сондықтан да жоғалған абыройы оның жанын өрттей жалады.

Махаббатын осылай құрбан етуіне Танаға тағы бір себеп бар еді. Ол — Хәлел, мүмкін, Жәлелге де, бөтенге де бұның абыройының қалай төгілгенін айтпас та, бірақ болған оқиғаны өз көзіменен көрді ғой. Ол — Жәлелдің туған ағасы. Бар жамандықты Хәлелдің көзімен көргенін біле тұра, Тана қалай ұялмай оның інісі Жәлелге қосыла алады? Мейлі, мұнайшы інісіне айтпасын - ақ. Бірақ одан келер бұған қандай жеңілдік бар? Өзінің абыройының жоғалғанына туған ағасын куә етіп қойып інісінің қойнына қалай жата алады?! Ол мүмкін бе? Ол мүмкін емес! Беттің арын белге буып, Жәлелге қосылған күнде де, Хәлелді көрген сайын күнде бір өлмей ме? Әрине! Әрине! Өйткені, Тана — адал жан. Адал адам — ар - ұятының құлы. Төгілген абыройына өзінің күнәсінің жоқтығын себеп етіп, басқаның өзін аяғанын тілемейді. Болған істі бүрке жауып, өзгенің де ар - намысын аяғына басқысы келмейді. Бұндайға ол бара алмайды! Бара алмайды!

Әйткенмен, Жәлел екеуі бірін - бірі жақсы көреді ғой, бір бұзықтың қылығы үшін мәңгі айырылып кетулері обал емес пе? Жазығы жоқ жас жүректерге қиянат емес пе? Қалай бірін - бірі қияды? Шын махаббат қандай қатені де, қылмысты да кешуге тиісті ғой. Иә, тиісті. Өйткені шын сүйсең, махаббат бәрінен де күшті. Жүрек өз дегеніне көндіреді. Бірақ сол жүрек суынбай ма? Адам балалы – шағалы болады. Бастарынан ұзақ өмір өтеді. Жалындай күйіп қосылғанмен, жылдар өткен сайын, сол от жүректердің қызуы азая түсіп, өмірдің ұзақ сүрлеуінде бірінен - бірі алыстай бастауы да мүмкін ғой. Сонда осы бір жас кезде төгілген абырой екеуінің арасына тікенек боп шықпасына кім кепіл? Бірін - бірі жек көріп кетуіне себеп болмасын кім біледі? Сондай күйге жетіп, махаббат деп алданып келгендері махаббат болмай шықса қайтеді? Бұл үлкен өкініш емес пе? Әрине өкініш! Өкініш! Одан да сол жастағы жалынды махаббатыңды көкірегіңде үнемі сақтап өткенің дұрыс емес пе. Бұл, жүрегіңді мәңгі өртейтін от, жаныңды жан таластырады және өмір бойы өлмейді. Өзіңмен бірге қартайып барып сөнген махаббаттан, әрине, өмір бойы қиял сезімінде от боп жанып мәңгі сөнбейтін махаббат артық! Мейлі ол жаныңды күйдірсін, жандырсын, бірақ ондай арманың мәңгі өзіңмен бірге ғой! Қолын жетпей қалса да, өзіңмен бірге. Мұндай арманды болуының өзі не тұрады! Ондай арманы бар адам — бақытты адам. Өйткені ол сүйе білген, сол үшін күйе де білген жан. Қысқасы, болған оқиғадан кейін Жәлелмен қосылуға Тананың ар - ұяты көнбеді. Ол өзін - өзі зорлап көндіре алмады.

Сол себептен де ертеңіне Жандос Тілеповке кеп, әнеугі трестің ұсынысына келісетінін айтып, бұл арадағы жұмыстан тезірек босатуын сұрады. Арызын берді.

Жәлел екеуінің жақында болмақшы тойынан хабардар Жандос бір түнде күн көзінен оңған шүберектей бозарып, қас - қабағы кіртиіп, жүдеп кеткен қызға таңдана қарады.

— Танажан - ау, не болып қалды?—деді абыржып. — Әнеугі сөзің бұлай емес еді ғой... Әлде...

— Еш «әлде - мәлдесі» жоқ, — деді Тана төмен қарап. Ол дәл қазір әбден таусылып тұрғанын жасыра алмай қалды, — Бұл арада жұмыс істегім келмейді. Шыдай алатын емеспін.

Жандос та қабағын шытты.

— Шыдай алмағаның қалай? Бүгінгі күнге дейін шыдап келіп, бір түнде өзгере қалуыңа жөн болсын? Трестен гөрі гидрогеолог бізге керек. Егер жібермесем қайтесің?

Онда бүгін кешке треске баратын машинамен кете берем...

— Япырмай, не болды саған? Әлде біреу - міреу ренжітті ме? Жәлел кейде өзін - өзі ұстай алмай қалатын еді...

— Жәлелді қайтесіз бұл араға қыстырып? Қалаған жеріме бару — ол менің шаруам ғой.

— Жалғыз сенің шаруаң емес, ол біздің де, халықтың да шаруасы. Өкімет сені алты жыл неге оқытты? Осындай керек жерінде жұмыс істесін, халық ісіне көмектессін деп оқытқан жоқ па?

Бағанадан бері өзін - өзі амалсыз қатты ұстауға мәжбүр болып тұрған Тана кенет босай қалды. Ол енді жалына сөйледі.

— Ағажан, мендей сіздің де өсіп келе жатқан балаңыз бар ғой, соның жылағанын жақсы көресіз бе? Егер мен бұл арада қалсам, өмір бойы жылап өтетін түрім бар... Өтінемін, босатыңыз, треске де мендей инженер керек қой. Сіздерге о жақта жүріп жәрдемім көбірек тиюі сөзсіз.

— Әрине, ол солай ғой... Бірақ бір түнде кетемін деп шыға келгеніңді түсінсем бұйырмасын, — ол қыздың бетіне тағы қарады. Тананың бір түнде осыншама жүдеп кеткеніне таң қалды. Енді оны шын жүректен аяп кетті. — Жарайды, босатсам, босатайын... Бір себебі бар шығар. Тек треспен хабарласуға мұрша бер. Сөйлесейін, бөтен адам алып қоймады ма екен.

— Қызмет табылмай қалады екен деп қорықпай - ақ қойыңыз, — деді Тана тағы төмен қарап,—біздің тресте орын болмаса, форттағы бөтен экспедициялардың біреуіне орналасармын, тек қазір босатыңыз. Бұл арада бір күн тұруға дәтім шыдар емес.

Қыздың соңғы сөзінен оның жанына жаман батқан бір ауыр қайғысы барын ұқты Жандос. Тананың бұл арада енді қызмет істемейтінін түсінді.

— Жарайды, бүгіннен бастап өз еркіңмен босайсың!—деді столынан басын көтермей, — қазір жарлық бергіземін. — Сөйдеді де есікке қарай қаттырақ дауыстады. — Вера, кадрлар бөлімінің бастығын шақырып жіберші.

Тана ес кіргелі әкесі Сарының күрек алып жер қазған, ат айдап жүк тасыған жұмысшы адам екенін ғана білетін. Оның бір кезде конфискеленген байдың сыбайласы болғанын тек еміс - еміс естіген. Бірақ ешкім бұған «сенің әкең бәлендей» деп бетінен қақпаған соң, Сарының өткен күніне көңіл қоймаған. Тана өзі тәрізді жүздеген, мыңдаған еркін үнді совет жастарының қатарында өскен. Сондықтан ба оның сана, сезімінде, қылығында өзгеге жамандық істеу тәрізді жат әдеттер кездеспейтін. Қоғам тәрбиесінде өскен адам қоғамшыл келеді. Тана өзі секілді жастарға жуық жүретін. Сөйткен Танаға, кенет, бұрынғы жолдастарынан бөлініп, жеке қалуға тура келді. Мұндайда тек өзімен - өзі ғана болу, өз жүрегінің ауыра соққанын ғана тыңдау адамға қандай қиын. Осындай жағдайдағы Тана дегенмен жұмыстарын, қағаздарын тез тапсырып, бірден жүріп кете алмады. Ал оған Өзектегі жалғыздық азапқа айналды.

Қандай адам болмасын, оның өмірі бөтендердің өмірімен байланысты. Дүние солай жаратылған. Күн, Ай, Жер, Су — бәрі - бәрі бірі мен бірі үзілместей боп шиеленіскен. Күнсіз Жер жоқ, Жерсіз Су жоқ. Бұл — табиғат гармониясы. Адам да сондай. Еркексіз әйел жоқ. Бұл — табиғат гармониясы, махаббат гармониясы. Адамды адам етіп жаратқан да сол махаббат гармониясы. Кісі бірін - бірі жек көруден емес, жақсы көруден көркейеді, өрісі кеңиді. Ал адамның жақсы көруі, мейлі әйел мен әйелдің еркек пен еркектің арасында болсын, бұл адамзаттың бақытының негізі.

Тана, міне, осындай өмірдің ну бұлағы, жанар шырағынан өз еркіменен айрылмақ. Бұдан артық оған қиындық бар ма?

Сүйгенінің жүргелі жатқанын Жәлел жаман оқиғаның болған күнінің ертеңіне естіді. Сол сағатта - ақ қыздың үйіне жетті.

Тана жалғыз екен. Кешкі тамақ мезгілі еді. Кішкентай терезеден батып бара жатқан күннің қызғылт сәулесі қыздың жүдеу бетіне түсіп тұр. Жәлел шошып кетті. Тананың кешегі бота көзінің жанарын ішіндегі бір ауыр қайғысы үркітіп жібергендей көрінді. Онсыз да үлкен көздері қазір қара су құйылған қос тостағандай. Тек қарашығында сөнуге айналған күннің қызғылт сәулесі ғана жылтырайды.

Жәлел Тананы «кетейін деп жатыр» деген сөзге сенбеген еді, енді бір сұмдықтың болғанына бірден нанды.

— Сені Өзектен біржолата кеткелі жатыр деп естідім, — деді ол екі ерні кенет дірілдеп кетіп, — рас па? Бұл не сұмдық?..

Қыз көзін жігіттің бетінен бұрып әкетті.

— Рас...

— Қалай рас болады? Маған берген уәдең қайда?

— Иә, білемін... Бірақ кетпеске амалым жоқ.

— Сонда не боп қалды? Себебі не?!

— Себебі... махаббат...

— Махаббат? Қызық екен! Кеше ғана маған уәде берген жоқ па едің?..

Беу, Жәлел, саған берген уәдесін, сол адал махаббаты үшін, бұзғалы тұрған Тананың жүрегінің қазір қалай ауырып тұрғанын білсең! Ешбір сұрақ бермес едің. Жанын бұдан әрі ауыртпас едің.

Қыз жауап қайтармады.

— Әлде біреу сені ренжітті ме, өкпелетті ме, тілі тиді ме?

— Жоқ...

— Онда не болды?..

— Айттым ғой жалғыз ғана себеп махаббат деп...

— Қайдағы махаббат?!

Өкініш, өкпе билеп, ө н бойы дірілдеп кеткен Жәлел енді өзін - өзі ұстай алмай қалды.

— Енді түсіндім, — деді ол аузы әзер барып,—бөтен сүйген жігітің бар екен ғой.

«Соған бара жатырсың» деуге аузы бармады. Ентіге барып әзер тоқтады. Жауап таба алмай тұрған Танаға Жәлел өзі жәрдем берді. «Жоқ, жоқ бұл азаптан тезірек құтылу керек, деді ол ішінен, бұл енді бірер сөз айтса менің шыдамауым мүмкін. Жалынып, жалбарынып аяғына жығылуым шәксіз...»

Қыз кенет басын көтеріп алды. Көзінде бір орасан өткір сәуле пайда болды.

— Дұрыс таптың!—деді даусы шаңқ етіп, бірақ сол сәтте әлгі сәуле сөне қалды. Енді ол қинала сөйледі — өлердей жақсы көретін жігітім бар еді. Әлденелер себеп болып айрылып кетіп едік. Сол фортқа келіпті. Жаздым - жаңылдым, қосылайық деп хат жазып отыр. Соған жетпей шыдай алар емеспін...

Жәлел не дерін білмей сәл тұрды.

— Онда... Онда маған жалған уәде берген екенсің ғой!? Алдаған екенсің ғой!?

— Кешір мені...

Ашу - ыза, өкпе қысқан Жәлел өн бойын өртендіріп бара жатқан намыс отына шыдай алмай:

— Қош!—деді қажырлы үнмен,—Бақытты бол!

Есікті тарс жауып сыртқа ата жөнелді.

Тана мелшиіп сәл тұрды да, кенет, орылған құрақтай, жанындағы кереуетіне, өкіре жылап, құлай берді.

Күні бойы далада жападан - жалғыз сандалып жүрген Сары қайтып келе жатып бұның үйінен ашулы шығып бара жатқан Жәлелді ту сыртынан таныды. Кешеден бері Танасына не болғанын біле алмай, «бір бәле осы Бестібайдың баласынан келді - ау, бөтен біреуді алайын деген ғой, сірә» деп күдіктенген қарт, енді сестене қалды. Қызының көз жасына Жәлелдің себепкер екеніне шек келтірмеді. Жүрегін кенет намыс өртен жіберді. «Шіркін -ай, баяғы күнім болар ма еді,—деді ол, Көп жылдан бері басынан ұшқан бағын, жастық шағын алғашқы рет есіне алып қапаланып,—менің қызымды жылататын, тең көрмейтін шіркінді алар едім - ау аттың бауырына, қамшының астына!»

Кенет оянған бұл сезім құдіретті, ай - шайды білмейтін, дүлей, тегеурінді әке намысы еді. Оның үстіне, Танасы қашып жат жерге барғаннан кейін туып, титтейінен қасында боп, өзінің балдан тәтті мінезіменен жүдеу ойын жадыратқан кенжесі ғой, жанынан да жақсы көретін. Кішкентай болса да, ол жалғыз тірегіне айналған. Бегісі хабарсыз кеткен Сары осы кезде қолындағы жалғыз қызы үшін өмір сүрмек болған. Бар тапқан - таянғанын соның үстіне салған. Сондықтан Танасы ерекше ыстық. Әке ниетін қызы да жақсы түсінген. Кішкентайынан одан сыр жасырмай, өкпе, назы болса да ашық айтып ерке өскен. Бала кезіндегі кейбір еркекшора мінездері бірте - бірте жойылып, Тана әкесінің бағына қарай, түбіттей жұмсақ, жібектей берік, сары алтындай салмақты қыз боп өсті. Сөйткен Танасын, жанындай жақсы көретін Танасын, кешегі бай есігінде жүрген малшының баласы көзінің жасын көл еткізді. Қорлады. Менсінбейді екен, шу дегеннен әуре етпеуі керек еді. Енді міне бүкіл Өзекке хабарлап қойып, масқара етіп отырғаны мынау!

Әке жүрегі қабына түскен. Намыс, ыза, қорлану — бәрі жиналып, үйінде отыруға дәйек тапқызбаған. Сол үшін күні бойы cap даланы кезді, өзімен - өзі күңірене сөйлесті. Сірә, ой түбінде бір шешім туған болуы керек, ауылға кетіп бара жатқан жолаушыға, колхозға берген жалғыз атын ала келуін сұрады. Содан кейін төменгі жыраның жағасында құлап жатқан екі тамның қасында өсіп тұрған жалғыз қарағаштың безді бір бұтағын кесіп алды. Оны күнімен жуан асатаяқ етіп кішкентай кездігіменен жонды. Міне сол таяққа сүйеніп үйіне келе жатқанда Жәлелді көрді. «Не болса да, осы жігіттен келді» деп ойлады ол. Шал асыға басып үйге кірді. Төргі бөлменің есігі ашық екен, төсегінің үстінде етпетінен түсіп солқылдап жатқан қызына көзі түсті. Жүрегі тағы ойнай жөнелді. Аяп кетті. Шешесі ауылға кетіп, қайтпай жатқан еді, қызын уатар өзінен бөтен ешкім жоқ. Танасының бөлмесіне бұрын аттап көрмесе де бұл жолы амалсыз жанына барды.

— Қалқам - ай, сенің түріңді көріп кешеден бері қабырғам қайысып, құр сүлдерім қалды ғой. Қандай ит сені жылатқан? Кәрі қойдың жасындай жасым қалды, сені жылатып қойып, жер басып жүрмей - ақ қояйын, кім болса да айтшы, қолында өлейін, — Қызы жауап бермеді. Шал бұрынғысынан жаман қинала түсті, — қандай ғана ит екен қарашығымды жылатқан? Үрім - бұтағы көрде өкірсін! Айтшы, қалқам, әлде... әлгі Бестібайдың баласы бірдеме деді ме? Көңіліңді қалдырды ма? Онда...

Әкесінің соңғы сөзі бір түрлі үрейлі шықты. Тана басын көтеріп алды, бірақ көзінен ағыл -тегіл ағып жатқан жасын сүртпеді. Сол булыға жылаған қалпында тағы біраз үн - түнсіз отырды. Өзіне деген әке махаббатын Тана жақсы білетін. Өзі үшін қандай қылмысқа болса да бара алатыны да оған аян еді. Әлі есінде, үшінші класта оқып жүрген кезі. Төртінші кластағы бір бала кішкентай бұрымынан жұлқып қалып, қолындағы дәптері мен қарындашын тартып алған. Тана бақыра жылап үйіне келген. Танасының бақырған даусын естіген әкесі кім жылатқанын ести салып, баланың үйіне барған. Тентегін қорғамақ болған еңгезердей қара кісіні қолындағы таяғымен салып - салып қалған. Сол жолы екі кісі бірінің - бірі мұрнын қанатқан үлкен төбелес болған. Милиция келіп екеуін әзер айырған. Бір жетідей абақтыда отырып шыққан. Бірақ шығысымен әлгі қара сақалдың үйіне тағы барған. «Егер, — деген ол қара сақалға, — мені тіпті Сібір айдап жіберсе де, балаң Танамның маңдайынан шертетін болса, өз обалың өзіңе, менен жақсылық күтпе, өзіңді де, балаңды да бауыздап өлтірем!» деген. Әке сөзін бірге еріп барған Тана өз құлағымен естіген. Сол әке қазір «кәрі қойдай жасым қалды, сені жылатып қойып жер басып жүрмей - ақ қояйын» деп тұр. Бұл сөздің астарында қандай зіл жатқанын Тана біледі. Ызаланған әке түсінбей Жәлелге зақым келтіріп жүруі де ғажап емес. Амал жоқ бұған шынын айтуы керек. Және Тана әбден бой жетіп қыз болғанша әкесінен сыр жасырып көрген емес. Оған

әбден сеніп үйренген. Сол әдеті де «айт, айт сырыңды» деп іштей мазалап әкетіп барады.

— Жоқ, ол емес,—деді Тана тағы өксіп - өксіп жіберіп.

— Онда кім?

Қыз бетін екі қолымен баса отыра, көзінен жасын тыймай болған оқиғаны жобалай айтып шықты. Тек Хәлелдің араша түскенін, бұзықтың өлі - тірісін білмейтінін, бұлар кеткен кезде оның айдалада қозғалмай жансыз қалғанын жасырмай анықтап айтты.

Қызының сөзі басталғаннан бері, бетінен қаны қашып, өліктей боп мелшиіп отырған әкесі, әлден уақытта барып:

— Кеше кешке таман жұмыстан қайтқан бұрғышылар, тасты төбеде шала - жансар біреуді ауруханаға алып кетті деп еді, — деді ол сөзінің әр буынына түйіле, — сол доңыз екен ғой..

Тана жауап бермеді. Тағы бетін басып жылап теріс қарап кетті.

— Қалқам, — деді әлден уақытта Сары. — Бұл жерден кетем дегенің дұрыс. Көп кешікпей машина да келіп қалар. Мен осы арада қалам. Апаң ауылдан қайтқан соң соңыңнан біз де жетерміз.

Қыз жылап тағы біраз отырды.

— Жарайды, — деді ол бір мезет, — тек, көке, сізден жалғыз сұрарым: бұл сұмдықты апама айта көрме, қорланып қайғыдан өлер. Және...

— Не қалқам, тағы не айтпақсың?

— Бұл сырдан хабардар екеніңізді Хәлел ағай білмесін. О кісі тірі жанға айтпаймын деп уәдесін берген.

— Қалқам - ай!—деді кенет қабырғасы қайысқан Сары. — Айтқаның көрге өзіммен бірге кірер. Хәлелге айтпақ түгіл, мен сорлыны оның бетіне қарай алады дейсің бе!

Шал ауыр күрсінді, бірақ сол сәтте ол кенет қатулана қалды.

— Болған іске болаттай бол, қалқам!—деді қызына бір түрлі қажырлы үнмен.

Ол орнынан ықшам қимылдап, тез түрегелді. Әлгіндей емес бойына бір қуат енгендей, қимылы да шапшаң, жігерлі. Орақтай иіле бастаған денесін тік ұстап, ауыз үйге барды. Неге екені белгісіз босағада сүйеулі тұрған бағанағы айдаладан алып келген безді басты жуан таяғын қайтадан жонуға кірісті.

Екі күннен кейін Тана жүріп кетті. Бірақ әке - шешесі бұл арадан көше қоймады. Әлденеге қарайлап жүрген тәрізді бұлар. Тек Сары колхоздан жолаушы әкеп берген жалғыз атын бәйгеге қосатындай баптап, күнде кешке таман құба жонға барып терісін алдырып қайтады. Қасқыр қуатындай мұндайда жуан таяғын тастамайды, үнемі өзімен бірге ала жүреді.

Екі жұмадай жатып Алаң - Алеша да ауруханадан шықты. Өзін ешкімнің іздемегеніне іштей таң қалды. «Кім сені ұрып кетті?» деген бөлімше милициясына «ескі есеп» деп жауап берді. Қыздың бұл арадан кетіп қалғанын біліп: «Бәсе, өзім де осылай ойлап едім, — деді ішінен, — ұяты бар қыз өзін - өзі қайдан масқараласын!»

Көңілі орныққан Алаң - Алеша да бірдемені күткендей бұл арадан кете қоймады. Жәлел де Сарының үйіне қайтып соққан жоқ. Сөйтіп жүргендерінде күздің қара суығы басталып, желі өңменінен өтетін Маңғыстаудың ақырған қысы да келді. Қыспен бірге Өзек бұрғышыларына тағы жаңа қырсықта жетті.

Жаз бойы тапқан жетістіктің бәрі енді босқа кеткендей болды. Мұнайшыларға қыспен бірге келген қырсық қатты батты. Енді Жәлелдің өз басының қайғысына берілуге уақыты да қалмады.

ҮШIHШI БӨЛIМ

I

Маңғыстау қысы біркелкі жылы келеді. Бірақ биыл жазы қандай ыстық болса, қысы да басқа жылдардан анағұрлым өзгеше суық болды. Күз түсе Шығыстан соққан үскірік адамның өңменінен өтіп, бет бақтырмады. Сібірдің қырық градустық қызыл шұнақ аяздарына мызғымайтын өжет жігіттердің өздері де осы бір қара суық желдің өтіне тұра алмай, арық қойдай бүрсең қақты.

Күзі былай басталғанда қысы қандай қырсық әкелмек?

Маңғыстау өлкесінің әсіресе Өзек алаңының мұнай құрамында күкірт аз да, парафин өте көп. Және жер бетіне шыққан мұнай отыз градустық жылылықтан сәл төмендесе бұйығып қалады. Сондықтан да барлаушыларға скважиналарды жан - жақты сынақтан өткізіп, керекті деректер алу, инемен құдық қазғандай қиынға түседі.

Парафиннің химиялық шикізат ретінде баға жетпес құны болғанменен, мұнай скважиналарын сынауда һәм оларды өндірістік пайдалануда кесірі аз тимейді. Ең жаман қасиеті сәл суықтан қата бастайды. Осының салдарынан мұнай, жер бетіне таяған сайын, қоюлана түсіп, құбырларды тығындап, тіпті ақпай қояды.

Ал қыс суық келсе, бұдан сорақы қырсық болмайды. Рас, әзір Өзекте сынау жұмысы үстінде тоқтап қалған скважиналар жоқ. Күн бір күн суыса, екінші күні қайта ашылып барлау жұмысы бір қалыпта жүріп жатты. Бірақ ертең суық келгенде скважиналар қандай күйге ұшырайды? Осыны ойлаған Өзек барлаушылары күні бұрын қолдан келер шараларды қарастыра бастады.

Ботасы өлген інгендей шығыс тұстан тынбай боздаған күздің қатты желі біреу қамшыменен қуып келе жатқандай бір толастар емес. Ышқына, ысқыра соғып тұр. Аспанда оймақтай бұлт жоқ, сөйтсе де көк төрінде жылтыраған жұлдыздар, күзгі суықтан тоңып кеткендей, дір - дір етеді. Жартылай туған айдың да күміс сәулесі жер бетін бәлендей жарыта алмай, бұталар алыстан қарайып, әлем біткен күңгірт тартқан. Оның үстіне желге де қара күңгірт түр біткендей, түн қараңғысы да қоюланып, бір түрлі үрейлене түскен.

Міне, осындай сұсты түнгі құлазыған далада санаудағы скважинаның жанында үстіне мақтадан сырған фуфайкасымен, шалбар киген кезекші оператор Жансұлу тұр. Ол скважинаны сынау шеберінің тапсырмасы бойынша, жер астынан аққан мұнайдың мөлшерін сағат сайын өлшеп шығуы керек. Және сол сандарды дәптерге жазып тұруға міндетті. Бұл өте керекті мағлұматтар. Әйел іші пыса ма, әлсін - әлсін әндетіп қояды, Оның әні де сұлу, даусы да әдемі қоңырқай...

Маңғыстау, сұлуысың барлық жердің

Бойыма таусылмайтын қуат бердің,

Іздесең табасың сен осы арадан

Әйгілі жұмысшысын туған елдің...

Өлеңді, сірә, жақында үйренген болуы керек, кенет ұйқасынынан айрылып қалып сәл тоқтайды да, әнін өзгертіп бөтен сарынға түсе жөнеледі. Енді ол аспанды, айды, соғып тұрған желді мадақтай бастайды. Бір мезет қайтадан еңбекке, бұрғылауға оралады. Өлең сөздері бәлендей ұйқасымды, күшті болмағанмен, лебізінен жұмысшы деген атты мақтан ететін, өмірді, еңбекті қуаныш сезінетіні ап - айқын көрініп тұр.

Бір сағаттай уақыт өткен кезде Жансұлу шұңқырға ағып жатқан мұнай мөлшерін, басқа мағлұмат — парометрлерін өлшеуге кірісті. Алған ақпарларын жуан дәптеріне жазып, оны кенеп боқшонтайына салып қойды. Көкке қарады. Қара мақпал аспан сол қалпында, титтей де бұлт жоқ, көк төріне қадап қойған күміс теңгелердей жыбырлаған тек жұлдыздар ғана оған күлім қаққандай. Ашулы жел де сол бұрынғы қалпында, кәрі қобыздың қиналған үніндей, сарнауын бір тоқтатар емес. Әйел әлденеге күлімсіреді. Қайтадан өлең айтуға кірісті. Бұл жолы оның әні де, әннің сөзі де өзгеше жылы шықты.

Шіркін өмір қызық қой ойнап, күлсең,

Сүйгеніңмен сыйласып қатар жүрсең,

Ғашықтықтың маңызы сонда емес пе,

Бір - біріңді сағынып күте білсең.

Өлең, сірә, әйелдің ойындағы мүддесін қозғағандай бір түрлі әсем, сырлы.

Сүйсең егер жарыңды, сүйсең қатты,

Ләззат деген, япырмай, қандай тәтті.

Басыңды ій, адамзат, алғыс айтып.

Берген бізге тәңірге махаббатты!

Әйел өлең сөзіне мәз - мейрам.

Бір мезет ол тағы қалта сағатына қарады. Мөлшер алатын уақыты асып бара жатқан болуы керек, кенет мұнай ағып жатқан тұсқа асыға ұмтылды. Осылай біресе өлең айтумен, біресе мұнай өлшеумен түн ортасы таяды. Жансұлудың шаршайтын түрі жоқ. Әйткенмен машина келетін уақыты таяп қалды білем, сағатына әлсін-әлсін қарай түсті. Бірақ машина көрінбеді.

Әлден уақытта түнгі сағат екі болды. Әйел ең ақырғы өлшеулерін жүргізіп, скважинадан керекті мағлұматтарын алып бітірді. Дәптерін кенеп боқшонтайына салды да, енді белбеуін қайта буынып, машинаны күтпей поселкеге бет түзеді.

Маңғыстаудың ауа райы, әсіресе, күзді күні өте құбылмалы. Бір күн қыс түссе, ертеңіне күн көзі қайтадан жадырап шыға келеді. Бүгінгі күн де осындай еді. Осыдан бір жеті бұрын түскен қар кенет еріп кетіп, қайтадан күз оралған. Ал бүгінгідей желді қара суықтың әп - сәтте долы боранға ауысып кетуі оп - оңай жәйт. Әйел скважинаның теріскей - батыс жағындағы поселкеге қарай жарты шақырымдай жер жүріп үлгірген жоқ, кенет күншығыс тұстан соққан жел үдей бастады. Енді бір жарты шақырымнан асқанда, дүние алай - дүлей ақ түтек боранға айналды да кетті. Жансұлу жүріп келеді. Жел бұрынғысынан да күшеюде. Айналасы ысқырған, ішін тартып қасқырдай ұлыған, әлем -тәпірік үнге толды. Скважина поселкеден төрт шақырымдай жерде еді. Оператордың жететін уақыты әлдеқашан болған. Бірақ поселкадан еш белгі жоқ, тіпті жылтыраған шам да көрінбейді. Жансұлу құлағын қанша тосса да бұл елең етер ешбір үн де естілмеді. Желдің гуілінен, ысқырығынан бөтен ешбір үн жоқ. Жансұлу адасып кеткенін енді білді. Оның үстіне түн де бұрынғысындай емес, суыта түсті. Қарлы, ызғарлы боран — бетіне, құлағына мың инедей қадалып бар екпінімен кеп маңдайынан ұрды. Жансұлу енді амалсыздан желге қырындай жүрді. Бұл оны адасқанының үстіне адастыра берді. Әйел осы тұрған поселкеден адасқанына, өзіне - өзі ыза болып, қайтадан поселке «осы жақта -ау!» деген бағанағы, алғашқы бет алған тұсына қарсы бет бұрды. Енді әбден шатысты. Оның үстіне боран үскірікке айналып, әйелдің өн бойын темір сауыттай қысып, мұп -мұздай боп қоршап алды. Қалшылдатып, сығып әкетіп бара жатыр. Әр басқан адымы, аяғын кісендеп тастағандай, қиынға түсті. Бірақ Жансұлу сонда да болар емес, басын төмен қарай тұқыртып алып, желге қарсы ұмтылды. Кенет тізерлей құлап кетті де, тұра сала қайтадан жүрді.

«Адам өзінің аса бір қиын кездерін, басынан өткізген ең қызық күндерін осындай жағдайда есіне түсіреді», — дейді мұндай оқиғада болып көрген жұрт. Бұл өліп бара жатқан кісінің шат дүниені қия алмай, көз алдына ақырғы рет елестеткеніне ұқсаса керек -ті. Осы бір өте шаршаған, қиналған шағында оператор әйелдің де көз алдына жас шағының өткен бір суреті ойнай жөнелді. Сол кезі кенет, дәл алдынан, көк орай шалғын шөптің арасынан быр етіп көтерілген көкаршындай көрінді оған.. Өмірдің осы бір тамаша шағы есіне түскен сайын Жансұлудың бойына қан жүгіріп, кенет қуаныш билеп кеткендей болды. Енді ол соғып тұрған алай - түлей боранға да елең етпейтіндей.

Жансұлудың әкесі қой баққан жай әшейін қарапайым колхозшы еді. Бұлар тұрған «Майдан» колхозында сегіз жылдық мектеп ашылғанда, әкесі ақ түйенің қарны жарылғандай қуанды. «Өзім оқымағанмен, әкем оқымағанмен, атам оқымағанмен, қызым оқитын болды, — деді ол,—айналайын үкімет - ай, қараңғы үйімізге әйтеуір жарық сәуле кіргізіп жатыр - ау!

Сол қызы осы Жансұлу — оқуға тек тоғызында ғана барған. Ол жаңағы сегіз жылдық мектепті бітіріп, он жетіге шықты. Мектеп бітіретін көктемде мұғалима әйел бұларды колхоз жанында былтырдан сынақтан өтіп жатқан мұнара бригадасына саяхатқа алып келді. Көкке атып тұрған мұнай фонтанын жасөспірім қыз бұрын көрмеген. Таң қалды. Әсіресе оны таңдандырған осы бір ғажайып дүниені басқарып, дегеніне жүргізіп тұрған қара торы жігіт болды. Жеңгелері құлағына ананы - мынаны сыбырлап, сана - сезімі ерте оянып, тіршілік - тұрмыстан ұғым ала бастаған ауылдың пысық қызы он жетіге жаңа шықса да, әлгі жігітке өзгеше қарады. Әрине, өз колхозында да жігіттер көп, Жақан тәрізділері мына мұнайшы жігіттен түрге де, бойға да артып түсуі мүмкін. Бірақ олар мынадай алып машинаны жүргізе білмейді ғой. Ал мынау қандай өнерлі десейші! Әрине, біздің ауылдың бозбалалары бұның башайына да тұрмайды. Ең тәуір дегендері қой бағып, жылқы күзетеді. Ал мынау... жоқ, жоқ, олардан көш артық!

Өзінен көзін алмай тұрған, піскен бүлдіргендей, екі бетінің ұшы қан қызыл қара торы қыз балаға жас жігіт Хәлел де екі - үш рет қараған. Өзге қыздардай емес, бұл да оған өзгеше көрінген. Тағы бір көзіне түсіп кеткенінде жігіттің ұшқын атып тұрған шоқтай жайнаған көздері ішіне от жағып жібергендей өн бойын кенет жылытып жіберген. Жігіт бұрғылау машинасының қалай жүретінін, не іздеп жатқанын оқушыларға түсіндіре бастағанында Жансұлу оған өзгелерден сәл жақындау келіп тұрған. Ыстық пештің қасына таянғандай, қыздың жігіт жақ бүйірі кенет қыза түскендей болған. Енді сол қызу, бүкіл денесін алып, «жылы, тәтті у тарады қаныма» деп ақын айтқандай, қыздың өзі де бір ғажайып тәтті сезім билей бастағанын сезген.

Сол күннен бастап колхоздан сүт, айран алуға Хәлелдің өзі барды. Барарда да, қайтарда да мектеп алдымен өтеді, бірақ оған сонау әсем қыз кездеспей - ақ қойған. Кездеспеген сайын, Хәлелдің қызды көргісі келе түскен. Егер ол кездесе қалса, аты - жөнін біліп, танысқысы келген.

Сөйтіп жүргенінде Хәлел бір күні кешке таман фермадан сүт әкеле жатқанында, поселка шетінде қызбен бетпе - бет кездесіп қалды. Қолында кітап салған сумкасы, сірә мектептен қайтқан беті болуы керек қаннен - қаперсіз келе жатыр. Сумкасын үйіре шайқап, әндетіп бірдемені айтып, күліп қояды.

Тапал үйдің мүйісінен, қарама - қарсы шыға келгенде жасөспірім қыздың да көзі жарқ етті. Хәлелдің де екі көзі күлімдеп, бетінде бір орасан қуаныш ойнай жөнелген. Хәлелдің сондағы жүзі Жансұлудың әлі күнге дейін көз алдында. Сол бақыт, сол қуаныш содан бері бұны да құшағынан шығармай келе жатқан. Өмір бойы осылай өтеріне Жансұлу сол күні, сол кеште әбден сенген.

Амандасып болғаннан кейін, жігіт:

— Көрінбей кеттің ғой?—деген.

Қыздың көзі жарқ ете түскен.

— Көрінуге міндетті ме едім?—деген ол әзілдесе күліп.

Жігіт сөз таба алмай:

— Әрине... Жоқ... «Бір көрген біліс, екі көрген таныс» деген... Атың кім?

Қыз бұрынғысынан бетер әзілдесе кеткен.

— Оны қайтесің? Әлде менің атымды біліп алып, хат жазайын деп пе едің?

— Жазғанда қандай! Бірақ атыңды білмеймін ғой.

— Атым Жансұлу...

Ауылдық жерде жігіт пен қыздың оңаша ұзақ сөйлесуі өрескел жағдай. Үйлерінің алдында тұрған бір - екі әйел бұларға қарай бастады. Бұны көрген қыз енді қысылып қалды.

— Жақсы, қош болыңыз. Әне бір қатындар бізден көзін алар емес, — деді жүре бастап.

Қыздан айырылып қалады екем деп қорқып кеткен жігіт:

— Ертең ымырт үйіріле осы арада кездесейік, — деді.

Кетіп бара жатқан қыз бір түрлі шаттана дауыстады:

— Жарайды!..

Артынан екі жылдай өткеннен кейін, қыз осы әскерден оралған жас жігітке ерге шықты. Жансұлу келесі жылы қалаға оқуға кетпей бұрғылау станогына жұмысқа түскен. Екі - үш жылда алдыңғы қатарлы оператор боп шыға келді. Хәлел екеуі шын бақытты ерлі -зайыпты болып, балдай тәтті тұрмыс құра бастады. Бірақ сол алғашқы екеуі оңаша кездескен күнгі Хәлелдің түрі, сөзі бәрі Жансұлудың дүниедегі ең бір үлкен қуанышы, мейрамы тәрізді мәңгілік есінде қалды. Міне қазір де, ең бір қиналған сәтінде сондағы көрініс кенет көз алдына елестеді. Көңілі жылып кетті. Үңірейген түнде, үскірік боранды қорқыныш та кенет жоғала берді. Ол аяғын бұрынғысынан ширақ баса түсті. Осы кезде дәл бүйір тұсынан машина оты көрінді. Жансұлу қуанып қалды. Бұны әдейі іздеп шыққан Хәлел екен.

— Ту, жақсы келдіңдер ғой, — деді Жансұлу қуанғанынан не айтарын білмей.

— Амансың ба, барсың ба, күнім?—деді Хәлел. — Еш жеріңді үсік шалмады ма?

— Тоңғаным болмаса, үсіп қойған жоқ шығармын.

Ертерек жететін едік, жолай өлейін деп жатқан бір жарақатты адамға кездесіп, соны ауруханаға апарамыз деп кешігіп қалғанымыз.

— Ол кім? — деді шошып кеткен Жансұлу. Хәлел қолын бір - ақ сілтеді.

— Ой, қай бір дұрыс адам дейсің!..

Осындай қиындыққа қарамай, қатаң қыс ішінде барлау скважиналардың саны қырық беске жетті. Кейбіреулері бұрғыланып та болды. Бірақ оларды сынау жұмысы өнбеді. Алпыс проценттен аспады. Және келесі айларда да сынау жұмысының жөнделіп кететіні байқалмады. Экспедицияның қандай халге ұшырап отырғанын баяндап, жоғары жақтан жәрдем сұралды. Жәрдем орнына, Алматы көмекке тағы кісілер жіберді. Тағы Өзекке Ерден мен Сәлімгерей келді. Мұндай жағдайда жоғарыдан келген адамдар ең алдыменен жергілікті жұртпен ақылдасу үшін бәз - баяғы кезекті мәжілісін шақырады. Бұл жолы да осы қалыптасқан дәстүр бұзылған жоқ, әдеттегі мәжіліске жұрт жиналды.

Жандостың кабинеті. Лық толы кісі. Экспедиция басшылары, аға инженер, бұрғышылар, Ерден мен Сәлімгерейден бөтен ғылыми зерттеу институтының бір - екі ғалымы мен Партия Комитетінің секретары отыр. Бұл жақында облыстан жіберілген ашаң жүзді, орта жасқа таяп қалған, қимыл, сөзі сабырлы кісі.

Жиналысты әдеттегі тәртіппен Ерден ашты.

— Қаралатын мәселе біреу - ақ, — деді ол.—Өзек барлау скважиналарын сынау жұмысы төмен болып отыр. Бұған не бөгет? Қысқасы, мәселе қыс кезінде шығатын мұнайдың парафинімен күрес жайында, яғни оған қарсы қолданылатын шараларды талқылап, қаулы - қарар алып, сынау жұмысын бір тәртіпке келтірсек деген ниет. Бұл жағдай бүгінгі күні Өзек барлау экспедициясының ең бір ауыр ісіне айналып отыр. Сол үшін талқыламақпыз. Егер қарсы болмасаңдар сөзді өздеріңізге белгілі оқымысты Сәлімгерей жолдасқа берсек деймін.

— Қарсылық жоқ, — деді екі - үш дауыс.

Өзектің бұрғылау ісінің барысын, сынау жұмысының нашарлығын, оның бас айыпкері парафин затының көптігі және қысты күні қатып қалатын қасиетін қысқаша баяндап келіп Сәлімгерей:

— Бұған қарсы біз не істеуіміз керек?—деді. — Ал, шынында, біз қорықпайтын заттан қорқамыз. Мұндай жағдайда қолданылатын шара көп. Мысалы фонтан скважинасының аузынан бастап жүз метрлік бойына дейін никел, немесе шыны ұнтағы тіпті болмаса кәдімгі лак жағылған құбырларды қою керек. Бұл құбырларға парафин жұқпайды. Бұны қиын десеңдер, скважинаның ауыз жағын электр жылытқышымен жабдықтау жөн. Бұ да мұнайдағы парафинді суыттырмайды. Ең ақыры, құбырларды жылытатын жылжымалы бу машинасын да пайдалануға болады. Қысқасы парафинді жеңетін әдістер көп. Қайсысын қолданамыз десеңдер де еріктеріңіз.

Сәлімгерей байсалды түрде сөзін бітірді де орнына отырды. Сөзді енді Жәлел сұрады.

— Сәкеңнің жаңағы ұсыныстарының бәрі де ғылыми дұрыс ұсыныстар, — деді Жәлел. Өзек мұнай парафинының өзіне тән басқа ерекшеліктерін де айта келіп, — кітаптарда бұл әдістердің бәрі де жазылған, теория көзімен қарағанда да қатесі жоқ... Бірақ іс жүзінде бұл әдістердің біреуін де біздің скважиналарға қолдануға болмайды.

— Неге? — деді жұлып алғандай Ерден таң қалғандық пішін көрсетіп.

— Оны сізден сұрау керек еді, — деді Жәлел әдеттегісіндей қызып кетіп.

— Қызық екен!

— Қызық ештеңесі де жоқ. Жарайды, профессор айтқан әдістердің біреуін қолданайық делік. Бірақ өйтуге біздің қолымызда не бар? Мысалға, жылжымалы бу агрегатын алайық. Қырық бес скважинаға құрығанда бұндай агрегаттың оны керек. Ал, біздің экспедиция түгіл, министрлікте де ондай жылытқыштың өзі түгіл, үлгісі де жоқ. Оны министрлік қайдан табады, қашан жібереді? Әлде мен қателесетін шығармын,—Жәлел Ерденге қарады. — Мүмкін ондай агрегаттарды сіздер тез ұйымдастыратын шығарсыздар?

Ерден үндемеді.

Жәлел сөзін жалғай түсті.

— Сәкеңнің екінші айтқан әдісі, — деді ол Сәлімгерейге қарай, — ұмытпасам, Өзек тәрізді мұнай құрамында парафины көп, Солтүстік Кавказдағы Өзек — Суат кәсіпшілдігінде қолданылып жатқан әдіс қой деймін. Мұнда скважина ауыз жағындағы құбырларды никельмен, не сұйық шыны ұнтағымен жауып пайдаланатын көрінеді. Құбырларды бүйту үшін арнаулы цех, және ондай істің мамандары керек. Біз оларды қайдан аламыз? Өзіміз ұйымдастырғанша қанша уақыт өтеді? Қыс кетіп, жаз келмей ме?

— Сонда осылай отыр дейсің бе?—деді Ерден қабағын сәл шытып. — Әлде ұсынар бөтен шараң бар ма?

— Бар, — деді Жәлел жігерлі үнмен,—рас, менің айтайын деп тұрғаным жаңадан табыла қалған тәсіл емес. Бұны біздің әкелеріміз де пайдаланып келген, атам заманнан белгілі айла. Амал жоқ соны қолдануға мәжбүр боламыз.

— Тіпті о заманнан қалған дүние болса да айтсайшы, — деді тағы Ерден шыдамы таусылып.

— Бұл екінің бірінің қолынан келетін амал, — деді Жәлел Ерденнің асыққанына мән бермей сол бұрынғы қалпында баяу сөйлеп. — Былайша айтқанда, мұнай атып жатқан скважинаның ауыз жағындағы құбырларды ысытқан факелы жөкемен сүртіп жылыту немесе қырғышпен қата бастаған парафинды қырып, құбырларды тазалап тұру.

— Ау, оған қыруар адам керек қой,—деді Жандос шын абыржып. — Оны қайдан аламыз?

— Әзірге Ембінефтіден шақырту керек.

Тағы біраз адам сөйледі. Ақыры Жәлел ұсынысына тоқтады. Скважиналарды сынау бригадалары бестен онға жеткізілсін, құбырларды тазалайтын кісілер дайындалсын делінді. Және бұларға қосымша Ембіден бес бригада әкелінетін болып қаулы алынды. Алматыдан келген кісілер шаруаларын бітіріп астанаға сол күні жүріп кетті.

Міне осылай, Өзек барлаушылары қыстың қақаған суығымен байланысты скважиналарды сынаудан өткіздірер тағы бір қиындықты жеңуге кірісті.

«Қоянды — қамыс, ерді — намыс өлтірген». Намыссыз жан болмаса керек - ті. Әсіресе, әке намысын айтсайшы! Сары Танасының қалай қор болғанын өз аузынан естіген күні, түні бойы көз іліктірмей шықты. Қорланған, намыстанған әке жүрегі қоярға жанын жер тапқыздырмады. Бір күйді, бір суынды. Ақыры азапқа шыдай алмай, Сары қара түнде, жастығын жұлмалап, ағыл - тегіл жылады. Әрине, қуаты бойына сыймаған жас кезінде бұндай оқиғаға кездессе, ол сол болған сұмдықты естіген сағатында - ақ бір мезет үйінде отырмас еді. Танасын қорлаған жігіттің қолында өлер еді, не оны өлтірер еді. Ал қазір ондай қайрат көрсететін жағдай қайда! Кешегі қажырлы дене қазір суға салған еттей босап кеткен. Біреуге күш көрсетпек түгіл, өзі әзер жүр. Ал бұзықты жазалауға кісі жіберуге — оған да құдіреті жоқ, рулас жігіттерін жинайтын заманы әлдеқашан өтіп кеткен. Заман демекші, Сарының сол өткен заманды көксейтін несі бар? Ештеңесі де жоқ. Бай болған жоқ, батыр болған жоқ, тек мұндай намыс қорланар күн туа қалғанда рулас Адайдың ақкөз жігіттерін бір жинар едім деген құр далбасасы ғой. Әрине, бұл құр далбаса. Рушылықты Сарының өзі де алдақашан ұмытқан. Осыдан барып ол еңбек, жұмыс дегеннің не екенін түсінген. Оның қуаныштарын да ұға бастаған. Сөйтіп жүргенде Бегіс адам боп келіп, Сары кенет жаңа заманның қызығына әбден кенелген. Оның үстіне, қызы Тана инженер деген атқа иеленіп, өзі кешегі қашып кеткен даласына, жұрт тәрізді толық құқықты адам боп оралып, төбесі көкке тигендей қуанышты еді. Осындай күйге жеткеніне тәубе етіп, Сары енді өткен Түйебай заманын мүлдем есінен шығарған. Жаңа дүниеге алғысын айтып, оны тіпті мақтан еткен, Сөйтіп жүргенінде мынадай жан түршігерлік оқиғаға кезікті. Енді кенет оған бар дүние қараң қалғандай болды. Қолдан келер дәрмені жоқ, сотқа беріп бұзықтан өшін алуға қызы Тана рұқсат етпейді: Жоқ, қызы рұқсат еткен күнде де, «менің Танамды осылай етіп кетті!» деп біреуге арыз етуге өзінің беті де шыдамас еді.

Міне, сонда барып оның есіне сонау соңынан сойылкер жігіттерді ерткен өткен заманы қайта түсті! Іш қазандай қайнады! Бірақ ол өткен күнін есіне түсіргенмен, Совет үкіметін айыптай алмады. Бұзықтық істеген адам — кешегі өзі тілектес болған Әжіғалидің баласы. Жалғыз күреңін пида етіп өзі ажалдан аман алып қалған баяғы қара домалақ Алаң. Енді Сарының өзінің қазіргі әлсіз жағдайына өкпесі мүлдем өшті. Сонда Алаң кім? Иә, иә, ол — өзі безген ескі заманның қалдығы. Ескі заманның зорлыққа, озбырлыққа тәрбиелеген жаман ғұрпының қанды көз тас түлегі. Оған Совет үкіметі айыпты ма? Жоқ, сондай бала өсірген Әжіғали, сондай баланы өлімнен алып қалған өзі айыпты. Міне, осылай жан таласқан Сары өз айыбын өз қолымен, керек болса өз қанымен жумақ болды. Танасының өшін де, өзінің өшін де Алаңнан өзім аламын деді. Бірақ қалай алады? Тепсе тегеуріні темір үзетін жігітке жетпістегі шалдың күші қалай жетеді? Ал Алаңның қандай күш иесі екенін дене бітімінің өзі айтып тұрған жоқ па? Иә, айтып тұр. Алаң - Алешаны алысып жеңбек түгіл, қасына барып қатты сөз айтудың өзі қандай қорқынышты! Бір қойғанына шыдай алар ма? Бірақ қайткенменен өшін алуы керек! Тапталған намыстан артық дүниеде қорлық жоқ! Ондай қорлыққа шыдағаннан да өлгені артық! Бірақ өшін қалай алады? Әрине, жерлес, рулас жігіттерден мұның намысын жоқтайтын қызу қанды намысқой бірер жас табылып қалуы да мүмкін. Бірақ... бірақ кек өзінікі ғой. Біреудің қолын қан еткенше, одан да бұзықты аңдып тұрып, өз қолын неге қандамайды. Жоқ, жоқ, әйтпесе кек қайтпайды. Кегін алу үшін қасын кісі сыртынан ұрып өлтірмейді! Бетпе - бет кеп кеудесіне мініп отырып, өшін алады. Солай қайтпаған кек кек емес! Намысыңды қорғағың келсе, жауыңмен жүзбе - жүз қарсы келе біл! Тек сөйтсең ғана кегіңді жоқтай білгенің! Бұл — атам заманнан келе жатқан дәстүр! Қодардай, не Бекежандай кісіні қазақ ежелден жек көрген! Алатын өшін, қандай адал болғанмен, біреуді сыртынан өлтіріп қайтқан өшті халық ерлікке санамаған! Бірақ бетпе - бет келер жетпістегі шалда қандай қуат бар?

Міне, осы күннен бастап Сары, Алаңнан өшін ашық алу дайындығына кірісті. Колхозға қойған жалғыз атын алдырып, баптай бастады. Көп жылдан бері ат арқасын көрмей әбден тосаңсып қалған екен, енді күнде жонға шығып, екі - үш сағаттай жүріп қайтатын болды. Шу дегенде желістен бастағанмен, біраздан кейін қатты шабысқа да үйренді. Содан кейін ескі қыстауға барып, бір жіңішке сырғауыл тауып әкелді. Оны күнде май жағып, күлге көміп, кәдімгідей сойыл етіп жонып алды. Енді құба жонға шығып, жердегі біреуді ұрғысы келген жандай, шауып келе жатқан атының үстінен сол жақ тұсына қарай сілтеп, көп уақыт шынықты. Күнде осылай. Сыртынан біреу - міреу көре қалса, бұны жын ұрған дер еді, әйтеуір ешкімнің көзіне түскен жоқ. Күздің қара суығы түспей - ақ, баяғы қасқыр соғып жүрген шақтарындай сойыл ұруға әбден төселіп болды. Енді қандай қасқыр болса да соғып ала алатын күйге жетті. Расында да, ол қасқыр соқпақ еді. Бірақ оның қасқыры төрт аяқты аң емес, екі аяқты адам Алаң - Алеша. Сарыға ол қасқырдан кем көрінген жоқ. Оны соғып өлтіруді — өзіне сауап санады. «Осыным дұрыс болар ма екен?» деп сәл күмәндана бастаса - ақ Танасының жылаған бейнесі көз алдына елестеп кетеді де, бұрынғысынан бетер қатулана түседі. Кенет сырғауыл - құрығын қыса ұстап, ат жалын құша, қасқыр қуып бара жатқандай қаһарлана шаба жөнеледі. Мұндайда жүрегі де ат шабысынан қысылмай, тынысының да едәуір кеңіп қалғанын сезеді. Енді Алаң - Алеша бұған айдалада кездесе қалса, сөз жоқ, сойылға жығып өлтіре алатынына күмән келтірмейді. Ат үстіне үйреніп, сойылға әбден шынығып қалған соң, Алаң - Алешаға деген ашуы енді оны қастасқан жауынан тезірек кек алуға шақырды. Сары бұзықпен кездесетін жағдайды іздей бастады. Бұл кезде Алаң - Алеша мұнай қондырғысының біріне сайман тасушы боп жұмысқа кірген. Сары қанша оңаша кездеспек болса да, оны жалғыз жолықтыра алмады. Алаң - Алеша да сонау қырқа бауырында сойылын сүйреткен салт атты аңшы шал өзін әдейі аңдып жүргенін сезгендей, үнемі мұнараға жұртпен бірге келіп, поселкеге бірге қайтты. Еш уақытта да жеке кездеспейді. Ал басқа мұнайшылардың көзінше тал түсте кісі өлтіруді Сары дұрыс көрмеді. Және жұрт та өздерінің көзінше кісі өлтіртпейді. Бұны Сары жақсы біледі. Сондықтан да ол қарақшыны аңдыған жеңеді деген қағидаға сеніп, бұзықтың жалғыз ұшырауын үн - түнсіз шыдап, күтіп жүре берді.

Бірақ қанша шыдаймын дегенмен де әке намысы шыдатпады. Ақырында Сары Алаң -Алешаны аңдып тағы да атына қонды.

Ал Сарының қасын кездестірген шақ кешкі мезгіл еді, жел күндізгі соққан дүлей екпінінен бірде - бір әлсіремеген. Жылжыған оба тастай, қырқа үстінен төмен қарай дөңкиіп құлаған Алаң - Алешаны Сарының көзі анадайдан шалды. Кенет денесі дірілдеп, ашу қысып кетті. «Доңыз, бір ажалыңнан өзім құтқарып едім, енді өз қолымнан өлтірейін» деді Сары кенет өзіне - өзі күбірлей сөйлеп, оған дәл осы сәтте бұл айтқаны шын адал үкім боп көрінді. Істегелі тұрған қылмысын дәлелді деп ұқты. Ашу енді Сарыны біржолата билеп кетті. Атын тебініп қап, келе жатқан адамға қарсы шапты. Иә, бұл Алаң - Алеша еді. Тымақты қара шалдың өзіне қарай құйындатып келе жатқанын бұ да көрді. Өзгені өлтіргенде міз бақпайтын жан өзіне өлім төнгенде қорқақ келеді. Өлтіруге келе жатқан салт аттының ыңғайын анадайдан ұқты. Ол енді сасқалақтап, көзі шарасынан шыға, бастырмалап қарсы жетіп қалған аттыдан тайсала, жалт бұрылды. Сол сәтте иық тұсынан кеп сырғауыл -сойыл сарт тиді. Жігіт жантая кеп құлай жаздап, тұрып кетті. Сары төнген бойы атының басын әзер бұрып, кейін қарай қайта шапты. Қашқанмен, бұлтарып жалтарғанмен, жігіт сау қалмайтынын ұқты ма, енді сәл еңкейіп, екі аяғын бүге, екі қолын ие, шабатын қасқырдай, салт аттыға қарсы тұра қалды. Келе жатқан аттыны секіріп барып, ат үстінен аударып түскісі келген барыс тәрізді. Сары сол құйғытқан қалпында таяй берді. Бірақ ыңғайы келе тұра ұрмады, сойылын сілтемеді. Қанша қаһарланғанмен, қарсы тұрған адамның көзінен бір орасан қорыққандықты, жанталасқандықты, дәрменсіздікті байқап қалды. Кенет қатуланған буыны босап кетті. «Ит, жауыздық істесе де, адам ғой, мықтап бір ұрдым, со да жетер» деген бір ой оның миында кенет пайда болды. Расында да, өмірінде кісі өлтіріп көрмеген адамға, бұлай бірден екі қолын қан етіп шыға келу қандай қиын еді. Әлгі алғашқы мықтап сілтеген сойылының ауыр салмағымен бірге өзінің жүректегі ауыр өші де жеңілденген тәрізді. Шал қайта оралып, сырғауылын басына көтере ұстап таяп келе жатыр. Жігіт сол секіруге ыңғайланған қалпында, тек салт аттыға бұрыла қалған. Түрінде сол қаһар төккен сес, сөйтсе де, көзінде жаным қайтсе қалады деп сасқандық, жанталасқандық қаупі бар... Жалғыз - ақ алғашқысындай аяй көр деген ишарат жоқ, оның орнына бөтен бір «қайтсем қаныңды ішем?» дегендей бір суық ызғар байқалады.

Сары енді ашуын, ызасын сөзбен баспақ болды.

— Шошқа - ау, білсең ол сенің қарындасың еді ғой, деді жақындай беріп. — Мен сені өлімнен құтқарғанмын, ал сен не істедің!? Өзіңді біржолата құрту керек еді! Әттең, әттең қан ішіп үйренбеген басым, қолым бармады.

Алаң - Алеша шалдың сөзін тегіс ұқпаса да, оның үнінен өзін енді ұрмайтынын түсінді. Бірақ тұрған қалпын өзгерткен жоқ. Шал тағы бірдемені айтып келе жатты да, кенет үрейлене сойылын сілтеп қалды. Сойыл бұл жолы жігіттің жамбасына тиді, бірақ сарт сынды. Аш қасқырдай қарсы атылған Алаң - Алеша бір жақ жамбасының жаны кетіп бара жатса да, ышқынып барып, аттың тізгінінен ұстап үлгірді. Тебініп қалған ат, ата ұмтыла беріп жігітті шалқасынан құлатты. Жігіт аттың бауырына түсті, сонда да қайыс шылбырды босатпады. Ол сүйретіле түсіп, аттың алқымына қарай тығылды. Сөйтті де, көтеріле беріп қайыс тізгіннен мықтап ұстап, аттың басын тұқырта, екінші қолымен жалына жабыса кетті. Енді бір сәт аюдай қарулы жігіттің қолы шалдың беліне де жетіп қалды. Сары бұны аяймын деп өзінің басына қауіп төнгенін енді сезді. Жігіттің көзіне көзі ұшыраса қалып еді, оның қып - қызыл боп қанталап кеткен көзінен бір рақымсыз отты көрді. Шал шаруасының біткеніне шек келтірмеді. Жігіт аттың кеуде жағынан жабыса кеп, шалдың белбеуінен мықтап ұстады.

Енді Сарыны аттың үстінен жұлып алуы ғана қалды. Ар жағында не істейтіні белгілі. Жанталасып, жолбарыстай жабыса, жігіт шалды өзіне тарта берем деген кезінде, Сары сырғауылдың қолындағы қалған сынығымен қос қолдап кеп оны дәл маңдайынан ұрды. Шалқалай құлай берген жігіттің, сірә, маңдай сүйегі сынып кеткен болуы керек, басынан қызыл қан бұрқ етті. Алаң - Алеша шалқасынан түсті, бірақ оның білегіне оралып қалған қайыс тізгін атты босатпады. Бәледен қашып құтылғысы келген Сары атын тебінумен болды. Әбден үріккен, шошынған, көп күннен бері шабысқа жаратылған тың күрең бауырында сүйретілген жігіттен құтыла алмай, оны алдыңғы екі аяғымен таптай берді. Әлден уақытта тізгін үзіліп кетті ме, әлде жігіттің қарысып қалған қолы жазылып босатып жіберді ме, ат шаба жөнелді. Сол шапқаннан Сары тек поселкеге таяп қалған кезде ғана аздап есін жиды. Енді ол атын тежеп тоқтатып, бөкен желіске салды. Бұл кезде түн болған еді. Поселкеге кіре бере, Сары атын тоқтатып, әлденені ойлағандай үн - түнсіз біраз тұрды. Сірә, есін жинағысы келгендей. Сосын тебініп қап поселкеге қарай аяңдады. Бірақ жолының оң жағындағы өз үйіне бұрылмады. Тікелей Өзек поселкесінің учаскалық милиция бөлімінің кеңсесінің қасына тоқтады. Созыла барып аттан түсті. Үйге кірді. Темір торлы кішкентай терезесі бар, шағын бөлменің ішіндегі қолдан жасаған тақтай столдың ар жағында отырған милиция лейтенанты, қияқ мұртты қара торы жас қазақ жігітіне:

— Қарағым, — деді аптықпай. — Мен кісі өлтіріп келдім, не істейтін едіңдер мұндайда, алдыңда тұрмын.

Жігіт шалдың сөзі қалжың екен деп күлді.

— Кісі өлтіріп дейсіз бе? Неше кісі?.. Мүмкін... — Бірақ электр жарығы көрсетіп тұрған етегіндегі күреңденіп шашыраған қанды көріп шошып кетті. — Япырмай, отағасы, сіз шын айтып тұрсыз ба?

— Қарағым, кісіні адам өтірік өлтіре ме? Болар іс болды, — деді төмен қарап. — Денесі жетінші мұнараның бер жағында жатыр...

Милиция лейтенанты өзінің жәрдемшісін шақыруға телефонға жабысты. Қолы дір - дір етеді. Зәресі жоқ, өйткені Өзек поселкесі салына бастағаннан бері адам өлтірген бұл бірінші оқиға еді. Және кім өлтірді десейші? Қазақтың жетпістегі шалы! Мұндай сұмдықты кім естіген. Кім көрген!

«Адасып кетті - ау!» деп машинамен Жансұлуды іздей шыққан Хәлел әнеукүні осы Алаң -Алешаның үстінен шыққан. Өлім аузында жатқан жаралыны шофер екеуі әзер көтеріп машинаға салып кейін қарай, поселкіге беттеген. Жолай, суық желі тынбай уілдеген қараңғы түнде Сары «өлтірдім» деген адамның өлігін таба алмай сандалып жүрген екі милиция мен медпункт кісілеріне кездескен. Әлі кеудесінде шығар – шықпас жаны бар жаралыны екінші машинаға салып жатуды қауіп көріп, бұлар оны сол Хәлелдердің машинасымен поселкеге алып келген. Жолай милиция лейтенанты Хәлелге:

— Бұны осылай етіп ұрған әнеукүні біздің Өзектен кетіп қалған әлгі инженер қазақ қызының әкесі,— деген.

Хәлел таң қалған.

— Оны қайдан білдің? — деп сұраған.

— Өзі айтты. Кісі өлтірдім, жетінші скважинаның бер жағында жатыр деп милицияға өзі келді...

— Өзі айтты ма?! Ол тіпті шал адам ғой! Неге өлтірдім дейді?

— Себебін айтпайды. Тек бізге: «өшім бар еді, сол үшін сойылмен бірақ рет ұрдым. Оны өлтіргім келмеп еді, өзіме жабысқан соң амалсыз өлтірдім» дейді...

Медицина машинасында лейтенантпен қатар отырған Хәлел үндемеген. Ойға кетіп тұнжырай түсті. Әлден уақытта барып:

— Онысы рас болуы керек, — деген.

Милиция лейтенанты Хәлелдің бетіне жалт қарады.

— Оны қайдан білесіз?

Хәлел жауап қайырған жоқ. Бұрынғысынан да қатты тұнжырай түсті. Ал дәл қазір оның іші де алай - дүлей еді. Қызының төгілген ары үшін намыстанып, Сарының Алаң -Алешаны өлтіргеніне ол күмәнданбады. Бірақ кәрі адамның жолбарыстай күшті жігітке қалай қорықпай қарсы қол көтергеніне таң қалды.

«Әке намысы деген, міне, осы, — деді ол ішінен, — бишараны шыдатпаған ғой... Бүйтіп өш алу — тағылық... Бірақ бөтен жолы болмаса не істейді?.. Енді, міне, қызы үшін қартайғанда сотталады... Бірақ неге сотталады?.. Әділіне келсек, бәрін бүлдіріп жүрген бұзық Алаң - Алешаның өзі емес пе? Оған сол керек! Ашу үстінде адам не істемейді? Ана жолы Тана болмағанда, оны мен де өлтіретін едім ғой... Қазір көзім бозарып абақтыда отырар едім... Шал да сондай күйге жеткен де.. Мүмкін оны өлтірмес пе еді, егер жанында менің қолымнан ұстаған Тана секілді жаныашыр кісі болса? Әрине, өлтірмес еді... Өзі де айтыпты ғой «өлтірейін деп өлтіргем жоқпын, өзі жабысқан соң өлтірдім» деп... Бұл сөзіне қарағанда, бар бәле тағы Алаң - Алешаның өзінен келген бе, қалай. Әрине, ондай болса Сарыны сонда қалай соттаттырмайсың?.. Кісі өлтіргеннің аты кісі өлтірген... Кәрі-жасына қарамайды, зад жұрттың бәріне бірдей. Бірақ өлтіру себебін біліп, жазасын жеңілдетуге болатын шығар. Ол үшін Алаң - Алешаның қылмысын ашу керек. Ал ол қылмыстың жалғыз куәсі менмін... Сонда Тананың абыройын қалай төгемін? Төге алмаймын... Мейлі, Танаға Жәлел мәңгі қосылмай кетсе де, жүрегі жеркенбесін... Ал бала намысы үшін осындай қылмысқа барған адамды абақтыға салдырып қою әділеттікке жата ма? Жатпайды! Жатпайды! Кәрі адам мұндай қылмысқа бостан босқа бармайды. Сотқа бұны айту қажет...»

Ойда отырған Хәлелден шофер кенет:

— Сары атам айдаладағы бұзықты неге өлтірді екен? — деп сұрағанында, ол:

— Өзің болсаң қайтер едің?—деп жауап берді.

Ештеңеге түсінбеген шофер:

— «Өзің болсаң қайтер едіңіңіз» не? — деді.

Хәлел тағы жауап берген жоқ. Машина енді омбы қарды бұрқыратып, қараңғы түнге кіре, кедір - бұдыр жерлердің үстімен секеңдей гүрілдеп, алға қарай жүйтки түсті.

Ертеңіне жел тоқтап, Маңғыстау түбегі толаным қайтадан қоңыр салқын күзге айналды. Өмір үйреншікті қалпына қайта кірді. Бірақ бір апта өтпей қара суық сұрапыл қайта соқты. Оның ақыры кенет ақ түтек боранға айналды. Боран бір күн емес, ұдайы бір жетідей ұлып тұрып алды. Енді осы суық түсісіменен, жиырма проценттен астам парафины бар мұнай қоюлана келіп, аяғында аязды боран кезінде мүлдем ағуды қойды. Құбырдың ішінде тығындалып қатты да қалды.

Өзек барлаушыларының басына тағы бір сын, жаңа қырсық туды. Табиғат қойнындағы қазынасын адамға оңай бермеу әрекетін қайтадан істеді. Бүкіл жұмысты үскірік билеп, жұрттың берекесін тағы алды. Мұнай фонтаны атылып, сынауға қойылған он скважинаның жұмысы бірдей тоқталды.

Жандос пен Жәлел күндіз - түні скважиналардың басында болды. Кеңсе жұмысы былай қалды.

— Ал боран тағы он күн соқса не істейміз?—деп Жандостың тапал кабинетін шылым түтініне толтырып, қабақтары қатыңқы тұнжырап отырған мұнайшыларға қарады.

— Он күн соқса, он күн күтуге тура келеді, — деді бір мосқал жұмысшы, — мынандай боранда өзгені былай қойғанда, ең болмаса адамды аяу керек қой?! Вахтаға келуге жаяу кісі түгіл, трактор—тягачтың өзі жүре алмайды.

— Трактор жүре алмаса — түйе жүре алады. Кәдімгі қазақтың қос өркеш сары атаны, — деді Жәлел.

— Түйені қайдан аласың?—деді арт жақта отырған бір дауыс, — оған бір түйе емес, құрығанда қырық - елу түйе керек. Одан да шыдайық, боран да басылар.

— Басылмаса ше?—деді Жәлел бұрынғысынан бетер тұтана, — осылай бораннан қорқып үйді-үйімізде тығылып отыра береміз бе? Бүйту тіпті жөн емес. Одан да боранға қарамай, жұмысшыларды жылы киіндіріп іске кірісуіміз керек. Қазір поселкеде жекеменшікте, жаз сүтін ішіп, қыс су тасуға деген он бестей түйе бар көрінеді. Иелірмен сөйлесіп, соларды пайдаланған оңды. Одан, артық түйе таба алмайсың, бұл маңда қолымыз жоқ. Ал колхоз болған күнде де, оларда түйе некен - саяқ....

Маңғыстау малды аудан болғанменен, мұнда түйе фермасы құрылмаған. Өйткені түйеден түсер пайда - кіріс шамалы. Түйе тек көшіп - қону үшін ғана керек, сондықтан оның саны қырық - отыздан аспайды.

Көбіне бұл жақта қаракөл қой фермалары ұйымдастырылған. Ал Өзек маңында жайылым жоқ. Сол себептен бұл арадан қой фермалары да алыста, жазда жүз елу — екі жүз шақырым жердегі Тұщықұдық, Қызан маңында тұрады да, қыс түсе әрмен қарай Сам құмына көшіп кетеді. Жұрттың қазіргі айтып тұрғаны осы жағдай.

— Сонда не істеуіміз керек?—деді арт жақтағы бағанағы көңілсіз дауыс, — күннің түрі мынау...

— Қазір... — Жандос ойлана сөйледі, — не істеу керек дейсіңдер ме? Меніңше Жәлелдің сөзі дұрыс... Қайткенмен де жұмысты тоқтатпауымыз абзал...

...Күн сол бұрынғы қалпында алай - түлей ақ түтек боран. Түйе жегілген қолдан жасаған ағаш табанды шана. Үстіне үйілген бұрғы ұштары, бөтен саймандар. Әр шананың жанында сегіз - тоғыз жұмысшы. Іштерінде Ембіден келген құбырларды парафиннан тазалаушы жас жігіттер де бар. Бәрінің аяғында пима, бастарында елтірі, немесе сеңсең тымақ, жылы құлақшын, үстерінде қалың фуфайка, қысқа тон, сырттарынан қар тұрмасын деп далбағайлы брезент шекпен киіп алған.

Боранның екпініне кісі қарсы тұра аларлық емес. Тіпті жел ішін тартып, долдана соққанда, кейбір шаналарды кейін сырғытып әкетеді. Жанындағы адамдар құлап кетіп, қайтадан жармасады.

Боран құр ғана екпінді емес, бет қаратпайтын ызғарлы. Тоқтайтын түрі жоқ. Тіпті, үдей түскен тәрізді. Міне, соған қарамай барлаушы - мұнайшылар алған беттерінен шегінер емес. Егер мұрындарын, қолдарын аяз ала бастаса, қармен уқалап - уқалап жіберіп, жұмыстарына қайта кіріседі. Біреуі қалжыраса, оның орнын поселкеден келген тың басқа біреуі басады. Осылай кезектесіп жұмысшылар біраз істі өндіріп тастады.

Боранмен алысқан осындай қауырт жұмыс үш күн ұдайы жүргізілді. Жұмысшылар кезектесіп өзгеріп тұрғанмен, Жандос, Жәлел, Алексеенко секілді басшы адамдар жұмыс жүріп жатқан буровойдан, скважиналар басынан кетпеді. Тек қолдан жасаған қалқандарға кіріп, бірер сағат көз шырымын алады. Поселкеден термостерге салып әкелінген ыстық тамақтарды жейді де, қайтадан жүріп жатқан жұмыс жанына келеді. Өздері де әбден қалжыраған, бірақ сыр берер емес. Тек осыншама адамның ішінен шаршауды білмейтіні жалғыз Хәлел ғана секілді. Қай уақытта ұйықтап, қай уақытта тамақ ішетінін білу қиын, үнемі буровойдың басында: Үш кісі әзер көтеретін құралдарды жалғыз өзі көтеріп жүр. Шаршаса да тоқтар емес, парыз бір боранды күні жұмыс істеуге туған адамдай.

Иә, адам баласы бір ғажап жаратылған күші әсіресе совет адамдарын айтсаңдаршы! Олар халқының бақыты, елінің болашағы үшін жандарын аямайды. Кеше қан майданда Отаны үшін міз қақпай жау оғына кеудесін қалай тосса, бүгін сол Отаны үшін ең ақырғы күшін сарп етіп, ерлігін еңбекте көрсетуге дайын! Мұндай боранды да, ең ауыр қиындықты да жеңеді!

Жарқырап күн де шықты. Жер беті белуардан келетін аппақ қар. Аяз бетіңнен тістеп -тістеп алғысы келген тентек құлын тәрізді, тап - тап береді. Омбы қар суықтықтан қатып қалған. Үстінен жүрген адамға тырп етпейді. Барлаушылардың көңілі енді бораннан құтылған ашық күндей жарқырай түскен. Міне, дәл осы ақ түтек тоқтаған күні, әнеугіден бері боран қойнына тығып қойып жаңа ғана босатып жібергендей, жоқ жерден самолетпен Ерден Молқожин тағы Өзекке жетіп келді. Бірақ ол жай келген жоқ боран біткенмен, өзімен бірге ашу атты екінші боранын ала келді.

— Он күннің ішінде экспедиция екі жүз метр ғана жер бұрғылады, — деді ол Жандостың кабинетіне жинап алған Өзек басшыларына. — Бұны қалай түсінуге болады? Әдейі істеп отырсыңдар ма? Әлде бұрғылау қолдарыңнан келмей жатыр ма? Онда сендердің орындарыңа станоктарды жүргізе білетін бөтен кісілерді қоюға мәжбүр боламыз!..

Әнеугі шаралардан кейін де қыс түсумен байланысты барлаушыларға туған қиын жағдайды Жандос түсіндірді.

Ашушаң Ерден сүзетін бұқадай жуан мойнын күжірейтіп, көзінің астымен қарады.

— Үнемі өзіңше істейтін әдетің ғой, Жандос. Өткен жолы ғана біраз шаруаны жөндеп кетіп едік қой. Содан бері не істедіңдер? Он күнде бұрғылау жоспары жүз елу метрге орындалмау деген сөз, ол өздеріңе тапсырған міндетті атқармау. Бұл тәртіпсіздік! Сондықтан да сынау жұмысындағы скважиналардың бірде – бірінен мұнай қабатындағы толық дерек алынбаған! Ал Өзек мұнайында парафиннің көп екені бәрімізге де мәлім. Қысты күні мұнай фонтандық құбырда қатып қалмас үшін оны үнемі жылылықта ұстап отыру керек дедім ғой. Бұны неге істемедіңдер? Одан да «шырылдауық шегіртке, шырылдап жүріп ән салып, қыс келерін білмеді» дегендей кезінде ойламағансыңдар ғой.

Өзекте жан - жақты барлау жұмысының тоқтап қалуына тек өздерің ғана себепкерсіңдер. Бар істеріңде салақтық, істің алдын ойламау. Енді амал жоқ, Жандос, сені орныңнан босатуды министрдің алдына қоюға мәжбүрмін.

— Неге өйтесіз?—деді атып тұрып арт жақта отырған бір жас жігіт. — Бір адамның жұмысқа жаны ашитын болса, Жандос ағайдай ашысын! Жұмысшылардың алдында мұндай сөз айту ұят!..

— Иә, ұят! — деді өзге жұмысшылар да.

— Мені босату еш жаққа қашпас, — деді Жандос сәл кекете, Ерденді тоқтатып қойып. — Әрине, онан құбырларды бойлап мұнай жүгіретін болса. Бірақ өйтпейді ғой. Бүйдеу, әрине, жергілікті жағдайды білмеуден шығады. Сөз жоқ, автономдық электр қыздырғыш істеуге болады. Рас, оған қазір ток беретін бізде күші жетерлік электр станциясы жоқ. Демек, мұндайда қолданатын басқа техникалық шаралар да бар ғой. Бірақ оларды тек министрлік қана шеше алады: жоғары орынның жәрдемісіз біз ештеңе істей алмаймыз. Жәрдем дегенде қандай жәрдем? Мысалы, бу агрегатының сіздер егер қолма - қол екі жылжымалы түрін тауып берсеңдер, міне сонда біз сынау құбырларынан мұнайды өзенше ағызар едік. — Жандос сәл тоқтап демін алғандай болды, — жоқ, Молқожин жолдас, — деді ол қайтадан сөйлеп, — қолда жоқ техниканы құр сөз ету — бұл қылмыс. Одан іс өнбейді. Осы себептен де біз қолдан келген шарамызды қолданып жатырмыз.

— Шара! Шара! Қандай шара? — деді Молқожин даусын көтеріп. — Шара қолданған болсаңдар фонтан қайда? Мұнай неге ақпайды?

— Мұнай да ағады, фонтан да болады, — деді салмақпен Жандос, сосын жұртқа қараң — қане, жолдастар, босқа тұрмайық, жұмыстарыңа барыңдар,—деді, — Молқожин жолдас шаршап келген шығар, азырақ демін алсын.

Жәлел көптен бері Молқожинмен оңаша сөйлескісі келіп жүрген. Ондағысы Ерденнің қандай адам екенін білу еді. Ғылым кандидаты, көптен үлкен қызметтерде жүрген адам, бірақ өзгеге қояр орынсыз талаптарына қарағанда, оны түсіну шынында Жәлелге қиын тиген. Үнемі ылғи білері: «Жоспар! Жоспар!» Өзге жұрт асық ойнап жүргендей! Мұндай көзқарастың ар жағында не жатыр? Тек жұмысты ойлаған патриоттық па? Әлде іске берілген қызба мінездік пе? Әлде осылай етсем жұрт көзінде тегеурінді қызметкер боп көрінемін дей ме? Ал істеп жүрген жұмысына қарасаң, бәрі су бетіне қалқыған жапырақтардай жеңіл жатыр. Еш тереңдігі жоқ.

Ал шынын айтсаң, Жәлелге Ерден өз кезеңі тудырған жаңа бюрократтық кейіпкер боп көрінген. Сол себептен де геолог оның тамырына терең үңіліп, қандай адам екенін білгісі келген. Геологтың бүйтуіне тағы бір себебі бар еді. Неге екені белгісіз, түбі Жандос екеумізге бір пәле келсе, осы кісіден келер - ау деп, ол күні бұрын өзінен өзі сезіктене берген. Неге сезіктенеді? Бұндай ой неден туды? Оны өзі де түсінбейді. Жаздың қандай боларын күні бұрын аңғаратын бытпылдықтай, көңіл шіркін тек Ерденнен күдіктене түскен.

Жәлел өстіп жүргенінде, оның үйіне Молқожинның өзі келді.

Кешке таманғы мезгіл еді. Геолог алыстағы жүріп жатқан скважиналарға барып қайтқан. Алматылық дәрежелі қонақтың үйлеріне өзі келгеніне кемпір - шал да қуанып қалды. Етін асып, шайын құйды. Жатса, сырқыраған буындарына шифасы бар дегеннен кейін, Бестібай күзден бері сақтап жүрген жарты бөтелке спиртін де сандықтан алып, су қосып, дастарқанына әкелді.

Маңғыстау жайын шай ішкелі әңгіме етіп отырған Ерден Жәлел күткен сөзді кенет өзі бастап кетті.

— Адам қызық жаралған, — деді ол кесесін дастарқанға қайта қойып. — Мақтағанды жақсы көруі оңай. Ал жамандағанды ұнатуы қиын.

Жәлел Ерденнің сөзін іліп ала жөнелді.

— Бәрінен қиыны — адам өз қасиетін, жақсылығын, жамандығын мойындай білуі. Егер кісі өзінің қандай екенін ұғып, сонысына қарай кемшілігін жоюға тырысса, дүниеде бірде - бір жаман адам болмас еді.

«Сондағы жаман адамың менмін ғой», — деді Ерден ішінен. Сөйтсе де:

— Дұрыс айтасың. — Ол кесесін қайта алды. — Бірақ жұрттың бәрі бірдей емес қой.

— Жақсылықты түсінуде жұрттың бәрі бірдей болуы керек.

— Сен солай ойлайсың ба? Адамның қара басының қамы деген бар емес пе? Бұл — біздің өміріміздің ең негізгі тетігі... Мысалы, соғысты алайық. Әркім - ақ «соғыста мен өлмеймін, бөтен өледі» деп сенеді, Егер өзінің өлетінін білсе, ол соғысқа бармас еді. Жұрттың бәрі сөйтсе, әрине, соғыс та болмас еді. Жоқ, өйтудің орнына жұрт соғыстан бас тартпайды, өйткені өзі емес, басқа өледі деп ойлайды. Бұл не? Бүкіл адам баласының тағдырына кісінің тек өз басының қамы тұрғысынан қарауы емес пе? Иә, солай. Жоқ, Жәлел, адамды алға ұмтылдыратын да, өмір үшін күрестіретін де, таластыратын да ең алдыменен өз тілегі, өз арманы.

«Расыменен осылай ойлайсың ба?» дегендей Жәлел Ерденге таңдана қарады. «Міне, сен қандай адам едің. Мұндай философиямен адамзат қамын ойлап та жарылқамассың, жоқ, сен адамзат қамын ойлайды деп маған кім айтты? Ешкім де айтқан жоқ...»

— Егер жұрттың бәрі сіз айтқандай дүниеге тек өз тұрғысынан ғана қарайтын болса, онда қоғам қалай өркендей алады? — деді Жәлел. — Жоқ, Ерден, мен сенің бұл философияңа қосыла алмаймын.

— Әрине, қосыла алмайсың!—деді күліп Ерден. — Өйткені сен патриотсың. Өзің үшін емес, халқың үшін қызмет істейсің. Мен де сондаймын. Бірақ екеуміздің өзгеден бір айырмашылығымыз бар. Бөтендер ең алдыменен өз басының қамын ойлайтынын ашық айта алса, біз ондай ойымызды жасыра білеміз.

Жәлел ашудан қызарып кетті.

— Мүмкін, сіз сондай шығарсыз. Мен ештеңе жасырғам жоқ, жасырғым да келмейді.

— Қойшы!

Баласы мен қонағының сөзі Бестібайға ұнаған жоқ. «Осы иттер ұрсысып қалмаса нетсін» деп ол қауіптене екеуіне кезек - кезек қарады.

Бірақ бұл екеуі ұрсысудан аулақ еді.

— Сен ғой, менің сөзіме қарап, Ерден Молқожин деген қара басының қамын жеп жүрген біреу деп ойлап қаларсың, — деді күліп Молқожин. — Олай ойлар болсаң, қателесесің. Мен бұлай десем, қоғам ісінде адамның жеке басының қандай орны бар екенін есіңе салып жатқаным ғой. Ал өзімнің кім екенімді түсіндіру үшін майданда болған бір оқиғаны айтып берейін.

— Айтыңыз...

— Лычков станциясында бір полктың бүкіл солдат, командирлерін сапқа қойып дивизия бастығы жарлық оқиды. Полк осының алдында ғана қырғын ұрыста болып, резервке шыққан. Дивизия командирі бір жігіттің фамилиясын атады. Жігіт алға шықты.

— Аса істеген ерлігі үшін бәленшені Қызыл Ту орденімен наградтаймын, — деді дивизия командир! — лейтенант, орденін кеудесіне тағыңыз!

Бірақ наградталған жігіт:

— Жолдас командир, бұл орденді мен алмаймын,— деді.

— Неге? — деді таң қалған командир.

— Бұл ұрыста мен еш ерлік көрсеткенім жоқ. Ерлік көрсеткен жігіттердің біреуінің орденін кеудеме тағу маған ұят. Одан да оны иесіне беріңіз, — деді. Әрине, оған орден берілген жоқ. Ал білгің келсе, сол жігіт мен едім.

Жәлел Ерденнің соғысқа қатынасқанын және еш наградасының жоқ екенін бұрын да естіген. «Осындай адамның тек қара басы үшін қызмет істеуі мүмкін бе? Мүмкін емес. Сонда менікі не? Сірә, Ерден жайында қателесіп жүрген тәріздімін ғой...»

— Мен сендерден жоспардың орындалуын талап етсем, өз басым үшін, не болмаса жоғарғы жақтан бір жақсы сөз естиін, не бір орден алайын деп жүрген жоқпын. Сендерден жоспарды талап ету — менің міндетім. Мен тек сол міндетімді адал орындағым келеді. Құс жеткен жеріне қонады. Мүмкін менің де жеткен жерім сол шығар... Оған ренжуге бола ма?

— Әрине ғой.

Жәлел үн - түнсіз отыр. Расында да, Ерден жайында қателескен тәрізді.

— Ал менің саған неге келгенімді білесің бе? — деді Ерден сәлден кейін.

— Жоқ.

— Білмесең айтайын. Біз сені Өзекке бастық етпек едік.

— Жандосты қайда қоясыңдар? — деді Жәлел жұлып алғандай.

— Оған да бірдеме табылар. — Ерденнің даусынан Жәлелдің құлағына жат бір жағымсыз үн естілгендей болды. — Өзектей алыпты басқару оған күннен күнге қиынға соғуы сөзсіз... Отан соғысы кімнің денсаулығын құртып кетпеген.

— Оны босату дұрыс емес. Жоқ, мен болмаймын.

— Неге?

— Жандос Өзектегі барлау экспедициясын өзі құрған. Енді өзі бастаған істі өзі аяқтауы керек. Егер дихан көктемде егінін егіп, жаз бойы оны күтіп, ал күз келе, піскен шағында оруға қатынаса алмаса қиянат қой. Бұл да сондай жағдай.

— Онда өзің білесің. Бізге басқа адам іздеуге тура келеді.

— Жоқ, сіздер ешкімді де іздемейсіздер!—деді кенет Жәлел қызулана қалып. — Іздеткіздірмейміз де! Бұндай ойыңыздан бас тартпасаңыз, біз бүкіл коммунистер болып қарсы шығамыз.

— Бұқа менің ойым емес қой.

— Кімнің ойы болса да!

— Жарайды, Жандосқа тимей - ақ қояйық, — деді Ерден әлгі сөзінен тез қайтып — Жоғарғы жаққа да түсіндірермін.

Әрине, Жандосқа ешкім де тиген жоқ. Бірақ Жәлел сол күнгі әңгімеден Ерденнің Жандосты жек көретініне көзі жетті. Неге? Жәлел оны білмеді. Және Ерден өзіне: «Өзекке бастық сен бол», — дегенде, Жәлелді осылай өз жағына тартып, Жандосқа қарсы қоймақ болғанын Жәлел артынан ұқты.

ІІ

Маңғыстау қысы енді біржолата түсті. Боран апталап қасқырдай ұлып тұрып алды. Ол толастаса, түкірігін жерге түспей қатып үлгіретін қақаған аязы келді; Бет бақтырмайды. Қарай қалсаң, бетіңе жүздеген мұздай ине қадалып жатқандай шыдай алмайсың. Күннің суықтығы сондай, бұрғылау мұнараларына тартқан жерге көмілген су құбырлары мүлдем қатып қалды. Соған қарамай Өзек барлаушылары бір күн жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Суықтан жүрмей қойған моторларды отпен жылытып, қайта - қайта еңбек майданына шықты.

Хәлел скважинасының да жұмысы біркелкі, дұрыс жүріп жатты. Бұрғы шеберінің көңілі тек бір нәрсеге алаң еді. Ол Тана мен Жәлел жайы болатын.

Інісінің Тананы жақсы көретініне бұрғылаушының көзі әбден жеткен. Сүйгенінен айырылғалы Жәлелдің салы суға кетіп жүдеп кеткен. Бұл, әрине, ғашықтықтың қайғысы. Рас, сол қайғыны ұмытқысы кеп Жәлел жұмысына бұрынғысынан да беріле түскен. Соның салдары ғой, бас геологтың міндетіне жатпайтын істерге де боранды күндері жанын сала кірісіп жүрді. «Мен бас геологпын, менің шаруам—жер астының қай тұсында мұнай бар, соны сендерге біліп беру» деп сылтау айтып, бір сағат бос отырмады. Қауіпті, қиын жұмыстардың басы - қасында болды. Жандос, Алексеенколардан қалыспады. Әрине, совет инженерінің өз борышына бұлай қарауы таң қаларлық іс емес. Бірақ адамның өмірі тек жұмыстан, мұнай шығарудан ғана тұрмайды ғой. Әр нәрсенің өзінің орны бар. Тек жұмыс ғaнa өмір емес, махаббат та өмір. Соның бәрі ойлағандай болса ғана кісі өзін бақыттымын дейді. Ал бір жағы күйреп жатса, кім өзін бақытты санар? Ондайда адам өзін біреу поездан айдалаға түсіріп кеткендей сезінеді. Әрине, Жәлелдің жүрегі темірден жаратылған емес. Сондықтан оның күйінуі де, жүдеуі де заңды. Сол себептен де, оған бүгінгі өмірі кейін кеткендей. Барлық жан сезімі өліп қалғандай.

Иә, ол қайғысын тез мезгілде ұмытар емес. Мұндай қайғыны ұмыту ақылға сыя ма? Сыймайды! Оның үстіне, Танадай бөтен қызды Жәлел екінші рет сүйе алар ма? Сүйе алмаса қайтеді? Махаббат деген адамның шын қызығы, қуанышы емес пе? Сол махаббаттан айырылса, Жәлелдің қалған өмірі мағыналы, бақытты болар ма? Болмаса керек-ті.

Әрине, тек бұрғылауды ғана біліп, үнемі май - май боп, ауыр жұмысқа ғана әдеттенген Хәлелден ешкім де мұндай толқуды, махаббатқа осындай мән беруді күткен емес - ті. Бірақ Хәлел құр ғана әйгілі мұнайшы, жұмысшы емес қой, ол — адам. Адам болғанда, нәзік сезімді, ақын жанды адам. Табиғаты солай жаралған. Өзіңе біткен қасиетің әрқашанда өзіңмен бірге болады. Хәлел де өзінің жаныменен, қаныменен бірге біткен қасиеттерінен айырыла алмады. Сол себептен де Жәлелдің махаббатына аяй қарады.

Хәлелге тағы бір батқан жағдай Сарымен байланысты еді. Жаратылысы қанша мықты болғанмен, Алаң - Алеша екі ай жатып, дүние салған. Оның өліміне Сары жауапты екені белгілі. Енді сотталуға тиісті. Сарының өзі де өлтіргенін мойнына алып отыр. Тек «сырғауылмен қатты бір соққанымнан кейін, өшім қайтқандай болды, оны өлтірейін деген жоқ едім, өзіме жабысқан соң, амал жоқ, сырғауылдың сынығымен басынан ұрдым. Егер мен оны өлтірмегенде, ол мені өлтіретін еді», — дейді... Бірақ бұған кім сенеді, жанында тұрған кісі жоқ, өлімнің аты өлім, жауап беруі керек. Әрине, Сарыға осыншама жұрттан бөтен жаны ашып күйіне қалатын Хәлелдің себебі жоқ тәрізді. Өзі де жат, қылығы да жат. «Кеше кедейлердің сүліктей қанын сорған байдың жағында болған адам. Кісі өлтірсе өзі жауап берсін. Қолдан істегенін мойнымен көтерсін» деп Хәлелдің бұл іске кіріспеуі де кешірімді. Бірақ адамгершілік деген бар емес пе? Сарының мұндай қылмысқа неге барғанын бұл біледі ғой. Сарының қызына Алаң - Алешаның істеген қиянатын көзімен көрді ғой. Бөтенге айтуға қорланған әкенің жанын жеген намысын қайтаратын бөтен қандай жолы бар еді? Рас, бұлай өш алу айуандық... Бірақ... бірақ... өзің болсаң не істер едің? Мүмкін ашуыңды ақылға жеңгіздірер ме едің, қайтер едің? Ал ондай ұстамдылық екінің бірінің қолынан келе бере ме? Мүмкін, қорлыққа сен шыдарсың, ал Сары шыдай алмады, қайтесің? Өлтіресің бе? Намыс деген де бір қиянат сезім ғой, әке түгіл, мұндай жағдайда бөтеннің де оның дегеніне көнбеуі қиын. Сарының қылмысқа барғанын қанша дұрыс көрмегенмен Хәлел, қызының арын, намысын кәрі шалдың осылай қорғағанына іштей, бір ретте, риза да болып қалған. Кәрі адамның мұндай қылмысқа баруында жауыздықтан, қанішерліктен гөрі, үлкен адамдық сезім жатыр деп ойлаған. Бала үшін, оның былғанған ары үшін мұндай намысқа шабу, төрінен көрі жақын шал адам түгіл, көңілінің оты сөнбеген жас кісінің де қолынан келе бермейді. Осындай шалды соттатып жіберу әділеттікке жата ма? Жоқ, жатпайды! Жатпайды! Жатпайды! Және өлтірген адамы қандай адам? Әбден кісі болудан қалған, хайуанмен тең бір қанішер. Бұндайды өлтірудің өзі бір сауап емес пе? Әрине, сауап... Тек Танаға істеген қиянаты үшін оны атып тастаса Хәлел адал үкім дер еді. Әттең не керек, өйтуге болмады. Ақырында бір шалдың қолынан жазасын алды.

Сарыға қандай үкім болмақ? Әрине, сот оны ақтамайды. Кісі өлтіріп отыр. Және қалай өлтіріп отыр десеңдерші! Күні бұрын, бір айдан астам дайындалып әдейі өлтіріп отыр! Алаң - Алеша қандай бұзық болғанмен, адам деген аты бар ғой, заң оны мұндай жазадан қорғайды. Қорғауға тиісті. Өйткені Сары тәрізді біреуде кеткен өшін әркім өз бетімен ала берсе не болады? Онда күші жеткен бірін - бірі өлтіріп, адам аңға айналып кетер еді. Әрине соттан ешкім Сарыны алып қала алмайды. Бірақ қандай жаза қолданылады? Кісіні әдейілеп өлтіргені үшін заң ондай адамға өлім жазасын беруге тиісті деді ғой, кеше мұны заңмен таныстырған адвокат. Сонда Алаң - Алеша секілді қаныпезерді өлтіргені үшін Сары өлуге тиісті ме? Жоқ, бұл тым ауыр үкім..

Сарыға айтылатын үкім жайында Хәлелдің қиналатын тағы бір себебі бар. Ол — осы жақында болатын сотқа заседатель етіп белгіленген - ді. Үкім шығаратын үш дауыстың бірі өзінікі. Алаң - Алешаның қылығынан бастап, Жәлелдің сүйген қызынан айырылған себебіне дейін білетін Хәлел бұл істі тек заң тұрғысынан ғана қарай алмады. Оған өзінің ішкі даусы көнбеді. Бір рет сотқа кеңесші болудан бас тартқысы да келді. Бақытсыздыққа ілігіп отырған адамның бірі Жәлел — өзінің туған інісі, ал оны сол бақытсыздыққа душар еткен адам — Алаң - Алеша. Ал сондай бұзықты өлтірген— Сары. Хәлел інісі үшін осы Сарыны жақтап шығуы мүмкін ғой. Осыны дәлел етіп ол сотқа қатыспауына болатын. Бұнысы және дәлелді де еді. Бірақ оған бармады. Өзінің пікірін айтпай, тығылып қалуға ары жібермеді. Барлық жағдайды көзі жете тұрып, үкім айтудан тайсалу әділеттіктен бас тарту деп санады. Қандай қиын болса да әрқашанда шындыққа көшу, сол шындық үшін өзінің пікірін қорықпай айту — осынау қарапайым жұмысшының жанына біткен қасиетінің бірі еді.

Сары, әрине, өліп кетуге бар, бірақ Алаң - Алешаны неге өлтіргенін сотқа айтпайды. Ал бұл қылығы, шындықты жасырып қалғаны, сот алдында оның күнәсін ауырлата түседі. Сондықтан да оған қатты үкім шығуы мүмкін. Ал өзінің міндеті, бұл сұмдықтың бар сырын білетіндіктен, Сарының жазасын жеңілдету. Бірақ қалай жеңілдетеді? Қалай?

Хәлел ойлап - ойлап, бұл істі қарауға ауданнан әдейі келген, көшпелі соттың председателімен ашық сөйлеспекші болды.

Сот председателі орта жастағы, көгілдір ойлы көзді орыс әйелі еді. Хәлел есік қаққанда, Сарының ісіменен әбден танысып болып, ол қызыл бұрышта, зілдей столдың жанында үлкен ойда отыр екен. Сот ертең осы үйде болмақ. Хәлел өзін таныстырғаннан кейін:

— Бұл бір біздің даламызда бұрынды - соңды болмаған оқиға, — деді.

Әйелге сот мүшесі — барлаушы мұнайшының күні бұрын кеп танысқаны ұнап қалды.

— Иә, — деді ол, — жетпістегі адамның әдейі біреуді өлтірем деп дайындалуы, әсіресе, таң қаларлық іс... Бұның түбінде бір терең сыр жатқан тәрізді. Тергеуде бірақ айтылмаған. Шалдан тергеуші бірнеше рет сұраса да, жауап бермепті. «Өлтіргім келді, сосын өлтірдім» дей беріпті. Көп түйін осында жатыр...

Хәлел сәл қозғалды да:

— Шалдың мұндай қылмысқа неге барғанын білсеңіз, жазасын жеңілдетуге болады деп ойлайсыз ба?

— Бұл Алаң - Алеша әрекетімен байланысты. Егер ол шалды өлтіргісі келіп жүрген болса...

— Жоқ, ол одан да зор қиянат істесе ше?

— Сіз бірдемені білетін тәріздісіз ғой, — әйел бұрғышыға ойлана қарады... — Айтыңыз, айтыңыз. Үкім дұрыс болу үшін мұндай істің егжей - тегжейіне дейін біліп алған жөн.

Хәлел Тана мен Жәлелдің арасындағы махаббаттан бастап, өз көзімен көрген Алаң -Алешаның қылмысын, содан Тананың қорланып Өзектен кетіп қалғанын, бұл оқиғаны Хәлелден ешкімге де, әсіресе Жәлелге де айтпауын өтінгенін, тегіс айтып келіп:

— Осы салмақтың түйіні шалға келіп тірелген ғой, — деді. — Сотқа беруге қызының абыройы төгіледі деп қорыққан, ал үндемей қалуға дәті шыдамаған... Намысқор әке қызын қорғамақ болған. Бірақ жетпістегі шал қалай қорғайды? Сіз Алаң - Алешаны көрген жоқсыз, адам баласының бір алуаны. Өштескен шал оны өлтірмей тыныштық таба алмайтынын білгеннен соң, күні бұрын дайындалған. Әйтсе де, бетпе - бет келіп, сонау сырғауылмен алғашқы мықтап бір ұрғаннан кейін «кегім алынды» деп бұрынғы ойынан қайтқан. Бірақ Алаң - Алеша оны тағы ұруға мәжбүр еткен.

— Сіз шалдың сол сөзіне сенесіз бе?

— Сенемін.

— Неге сенесіз?

— Білмеймін. Бірақ оқиғаның солай болғанына күмәнім жоқ. Солай болды деп жүрегім айтады.

— Иә, жүрек деген кейде әділ...

Әйел үн - түнсіз ұзақ ойланып қалды. Әлден уақытта барып:

— Бұл істің түбінде бір үлкен трагедия жатыр - ау деп өзім де ойлап едім, — деді, — солай болып шықты. Бұндай жағдайда шалды бәлен жылға соттап жіберуде қиын. Кісі өлтіргені қылмыс болғанмен, біз де адамбыз ғой... Кейде мен өзімді қылмыстының орнына қойып «өзің болсаң не істер едің?» деген сұрақ қоям. Әрине, өз басыңнан өтіп, жаның ауырмаған іске жауап беру қиын... «Алтын тіс қанша қымбат болғанмен, өзіңдікі емес қой», — дегендейін, жаның қанша ашып тұрса да, іс өз басыңнан өтпегені сезіліп тұрады... Мұндайда үкім шығару өте ауыр. Мына қылмыс та сондай тәрізді. Шалды соттау үшін, көп ойланғаныңыз жөн...

— Әрине, мен де сізге сондықтан күні бұрын келіп отырмын ғой.

— Келгеніңіз тіпті дұрыс болды.

Әйелдің ақылды сөздері Хәлелге ұнай түсті. Сары туралы алынатын үкімде бәлендей қате болмайтынына ол енді сене бастады.

— Егер сіз келмегенде, — деді әйел сөзін қайта жалғап. — Мен Сарының Алаң - Алешаға өшігуін басқаша түсіне жаздап едім... Істе Сары бір кездерде Алаң - Алешаның әкесімен жақын болғанын тіпті Алаң - Алешаны бір рет өлімнен құтқаруға жәрдемдескенін де айтыпты... Соған қарап, шалдың өшігуі ертеден келе жатқан бір оқиғаның салдары ма деп ойлап едім... Онда, әрине, қылмыстының тағдыры өзгеше шешілер еді. Әкесінің қиянатын баласынан алуға болмайды ғой. Қасыңды қанша жек көргенмен, оның баласы екен деп жазықсыз жанды өлтіру — үлкен қылмыс. Өлтірмеген күнде де, өлтірем деп дайындалудың өзі де күнә. Ал баланың өзінің жазығы болса... Сіз айтқандай қыз әкесінің намысына тиіп қорлап тұрса—бұл басқа мәселе... Оның үстіне, өзін қорғау үшін шалдың жігітті өлтіргенін еске алсақ... Бірақ бұл істе тағы бір жағдай бар.

— Қандай жағдай?

— Танаға Алаң - Алешаның еткен қиянатын кім біледі? Сізге куә болуға болмайды, өйткені заседательсіз...

— Meн сізге ғана айтып тұрмын. Сот алдында шығып сөйлемеймін. Танаға берген уәдем бар.

— Онда қайтеміз? Әрине, шал адамды мұндай күйге жеткізгені сот үкіміне үлкен жәрдемін тигізер еді. Ал онсыз... Жоқ, сот шешімі сенімді болу үшін, оған айғақты дерек керек, — әйел Хәлелге қарады. Шалдың қызы өзі айтар? Рас, оған мұндай сұмдық істі жұртқа естірту қиын - ақ болар. Бірақ әкесін соттатпаймын десе... Мүмкін, алдын ала онымен өзім жеке сөйлескенім дұрыс шығар? Әйел мен әйел тіл табуы қиын емес қой? Сіз қалай көресіз?

— Әрине, сөйлескеніңіз жөн, бірақ Тананы дәл қазір қайдан табасыз? Ол бұл арадан көшіп кеткен.

— Әкесі сотталып жатқанда қандай бала шыдап тұра алады? Бүгін Өзекке келген. Бағана соттың қашан болатынын сұрап кеткен.

— Тана осында дейсіз бе? Бишара, амалы қалмаған ғой. Әйтпесе Өзекке келмек түгіл, бұ жаққа қарауға да беті шыдамас еді. Баста бұл арадан кеткенше асыққан, — Хәлел кенет сот председателіне қарады. — Сөйлесіңіз. Міндетті түрде сөйлесіңіз. Мүмкін, болған оқиғаны сізден жасырмас.

Үш күннен кейін Сарының соты болды. Соттың жабық мәжілісінде Тана өзінің Алаң -Алешаның қолына қалай түсіп қалғанын, абыройының қалай төгілгенін, болған оқиғаны тек әкесіне ғана айтқанын, әкесінің Алаң - Алешаны өлтіруге бел буғаны содан шыққанын айтып берді. Бұл бұрынғы сандуғаштай құлпырған әп - әдемі Тана емес еді. Әбден жүдеген. Қайғыдан ба, әлде жұмысының ауырлығынан ба, Хәлелге ол мүлдем таусылып қалғандай көрінді. Бірақ Хәлел қызға еш сұрақ бермеді.

Сот әке әрекеті қорланудан туғанын және Алаң - Алешаны өлтіруде, бұзықтың өзі де себепкер болғанын, сондай - ақ айыпты адамның жасы келіп қалғанын еске алып, Сарыны екі жылға соттады. Бірақ жоғарғы себептермен санаса келіп, сот бұл мерзімді Сары абақтыға жабылмай өткізсін, тек егер осы көрсетілген мерзімнің ішінде айыпкер басқа бір бөтен қылмыс істер болса, мына екі жыл да қосылып, бар мерзімін абақтыда өткізетін болсын деп шешті.

Қызы үшін қылмыс істеуге бел буған кәрі кісіні аяған соттың екінші заседателі Сарыны мүлдем босатып жіберуін сұрады. Бірақ сот мүшелерінің дауыстары бөлінбес үшін, ол өз ұсынысын қайтып алды.

Әкесін босатып алған Тана кеш түсіп кетіп, сол күні жүре алмай қалды.

Қыс қатты басталғанмен, ортасына таман жұмсара түскен. Бүгінде тап - таза жұмсақ қар жауып әлем жүзі күмістей ағара қалған. Желсіз, борансыз жауған қар соншалық қалың бітіп, сай мен аңғарлардан ауыр машиналар оптығып әзер - әзер етті.

Жәлел күнімен мәжілісте болып, үйіне шаршап қайтқан. Сөйтсе де қыстың тамаша кешін пайдаланып, серуендеп азырақ ауа жұтуға поселкенің сыртына шыққан.

Тана кеткелі Жәлелдің жападан - жалғыз айдалаға қыдырғаны осы еді.

Әлемде ішкі бедері біріне - бірі ұқсас ағаштың екі кесіндісі кездеспейді. Бұл табиғаттың бәрі бірдей бір үлгіменен жаратылуын жек көретінін көрсетеді. Сондай - ақ, өмірде де ішкі сезімдері бірдей боп екі адам қатар тумайды. Қайғы - қасіретті де, қуаныш - қызықты да әркім әр түрлі қабылдайды.

Тана кеткен күні Жәлел жанын қоярға жер таппаған соң Гүлжамалды да жақсы көрген, бірақ одан айырылғанда өзін мұндай бақытсыз сезінген емес. О да жанына батқан. Әйткенмен, Гүлжамалдың Сәлімгерейдің дәрежесіне, атына қызығуы — бұның намысына тиіп, оны тезірек есінен шығаруға тырысқан. Ал, бұл жолы? Жоқ, Тананың қайғысы оған өзгеше батты. Ол өзін тіпті өмір бойы қайғыда өтетіндей сезінді. Рас, Тананың да қасіреті, оның бөтен адамды қалауынан туды ғой, бұл жолы да Жәлел намысқа шабуға тиісті еді, бірақ өйте алмады. Бұл неліктен? Әлде Тананы Гүлжамалдан артық жақсы көргендігінен бе? Әлде?.. Бұл қасіреттің өңменінен ұрғандай кенет келгенінен бе? Ал, Гүлжамалдың қайғысы мұндай болған жоқ қой, оның құбылмалы мінезімен байланысты түбі одан айырылатынын Жәлел соңғы кезде аңғара бастаған емес пе еді? Сөйтті ғой. Бірақ онда мұны күтіп тұрған Маңғыстауы бар еді. Тезірек туған жерге жетіп, соның байлығын зерттесем деген арман махаббат қайғысын жеңілдетті емес пе. Ал, қазір ше? Сол арман орындалып, және жаңа махаббат тауып көңілі орнығып қалған жоқ па еді? Сөйтіп жүргенінде мынандай күйге ұшырады. Енді міне оған дүние қара түнектей көрінді. Расыменен барлық арманнан махаббат күшті болғаны ма?

Бір кітаптан «Біздің қуанышымыз да, қайғымыз да әйелдерден» деген сөзді оқығаны бар. Расыменен дүниенің бар тетігі әйелдерде тұрғаны ма? Өзінің күйінуіне, жүдеуіне қарағанда солай тәрізді ғой. Ал, сонда өмірдің бөтен тілегін, қызығын қайда қоясың? Тана жүріп кеткен кезде емес пе еді қара суықтың басталғаны. Артынан ақ түтек боранға айналды ғой сол суық. Өзек кәсіпшілігінде барлау жоспарын орындай алмайтын қаупі туды. Махаббат кеселі соншалық күшті болса, неге Жәлел сол сәтте қайғысынан бас көтермей бүк түсіп жатып алмады? Неге суға батып, отқа күймеді? Жоқ, ол өйткен жоқ, қайғысын да, махаббатын да былай тастап, екі білегін сыбанып жіберіп, жұртпен бірге бұ да партия, үкімет тапсырмасын орындауға кіріскен. Сөйтті. Бұл махаббаттан да жоғары, махаббатты да құрбан етерлік үлкен тілектердің бар екенін көрсетпей ме?

Сондай тілектің бірі Жәлел үшін Өзек аймағынан үлкен мұнай қорын ашу емес пе еді? Иә, солай. Енді сол тілекті дәлелдеу үшін күрделі жұмыс үстінде, махаббат деп салы суға кетіп, тағы күйзелуге тиісті ме? Жоқ, көңілі жарымжан адамнан нәтижелі жұмыс шықпайды.

Сонда қалай болғаны, жан - тәнімді аямай жұмыс істеп жүрмін деп өзін - өзі алдауда ма? Жоқ, жоқ, Жәлел ондай жігіт емес. Бұл борыштың адамы. Махаббат деп жүрегі мың жерден күйсін, жансын, ол өзінің ақыл - ойын, жігер - қуатын оған құл етпейді. Халқының алдында, үкіметінің алдындағы тиісті азаматтық міндетін бұлжытпай атқарады. Пулемет дзотын кеудесімен жапқан Сұлтан Баймағамбетов, жанып бара жатқан самолетін жау шебінің үстіне құлатқан Нүркен Әбдіровтер де осы Жәлелдей жалғыз жүректі жандар шығар. Олар да біреулерді сүйген шығар. Біреулер үшін олардың да жандары оттай күйген шығар. Бірақ соған қарамай, ел басына күн туғанда олар да шыбын жандарын құрбан еткен жоқ па? Сүйгенім бар еді деп қорқып қалған жоқ. Жоқ, әрине. Бұған қарағанда махаббаттан да асатын күштер болғаны да! Ол қандай күштер? Жүрек, ақыл, сезім, даңқ, абырой дегендердің бәрін былай қойғанда, халқының, отанының алдында адамның кәдімгі міндеті, борышы бар емес пе? Осы борыш, міндеттер махаббаттан да басым күштер. Адам өзінің жан сезіміне опасыздық істей алғанмен, өзінің борышына опасыздық істеуге тиісті емес. Ал Жәлел міндетіне, борышына опасыздық істемек емес. Miнe қазір де, оңаша келе жатып әлсін - әлсін есіне түсе берген Тананың суретін, бейнесін өзінен аулақ қуып, бар ойын әлі де шешілмей жатқан болжамына аударғысы келеді. Бірақ махаббат деген қынабында жатқан қылыш тәрізді суырып алсаң болды, алып түсуге дайын, о да Жәлелдің дегеніне көнбеді. Қиялы болжамынан гөрі Тананы көз алдына қайта - қайта алып келе берді. Әсіресе оның бота көзі өзіне жаудырап қарап тұрғандай көрінеді Жәлелге. Ол кенет ауыр күрсінді. Көп жыл бұрын өткен бір оқиға есіне түсті.

Бала кезі еді. Көрші үйінің бір кішкентай ботасы болды. Ботаның жүні аппақ, көзі үп -үлкен, мөлдіреген бір керемет көз еді. Танамен алғашқы кездескенінде сол ботаның көзін көргендей болған. Қазақтың «бота көз» деген сөзі, осындай әйелдердің көзінен алынған екен - ау» деп ойлаған Жәлел. Әлгі бота бір жылдан кейін енесінен айырылған. Жетім кезінде Жәлел оны тағы көрген. Таң қалған. Кешегі мөлдіреген көзде бір орасан қайғы тұнып жатыр екен. Жас бала болса да жүрегінде кенет ақындық сезім туып, ботаны Жәлел «Қасірет көз» деп атаған. Сол «Қасірет көз» өмір бойы оның есінен шықпай қойған. Жас ботаның алғашқы көрген мөлдіреген көзінен жаны қанша қуанса, артынан оның қасіретті көзінен соншалық ауырған. Сондықтан да болуы керек, Тананы алғашқы көргенінде, оның дүниеге қуана қарағанынан жүрегі толқи түсіп, ішінен: «Тәңір, бұның көзін сондағы ботаның көзіндей қасіретке толтыра көрме!» деп еріксіз тілеген. Әрине, бұның тілегі орындалған жоқ. Айрылар күні кездескен Тананың көзі сүйген жігітіне қосылғалы бара жатқан бақытты қыздың көзі емес, баяғы жетім қалған ботаның қасіретті көзі еді. Тананы ойласа ең алдымен өзіне жылардай боп қарап тұрған оның сол қасіретті көзі елестеп кетеді. Қайда болса да сол «қасірет көз!» Ояу жүрсе де, ұйықтаса да өзіне жалынғандай боп қарайды да тұрады. Бұнысы несі? Сүйгеніне қосылғалы жолға шыққан бақытты адам осылай қарайтын ба еді? Жоқ, бұл өте бақытсыз адамның қарасы. Ал, аз мезгілдің арасында оған бақытсыз бола қалатындай қандай жағдай туды? Не болды? Жоқ. Тана «бөтен адамға шығамын» дегені ойлап тапқан тәсілі. Менің көңілім алаң болмасын дегені. Гәп бөтенде!..

Ол енді өзінің ойына әбден сенген. Жақында Тананы іздеп барып, тағы сөйлесуге ұйғарған.

Осындай ойда келе жатқан Жәлел қарлы төбені айнала беріп кенет тоқтай қалды. Дәл қарсы алдында өзіне мөлие қарап тұрған Тананы көрді. Жоқ, бұл Тана емес. Басындағы ақ түйе жүн шәлісі, үстіндегі аппақ етін илеген тері тоны, тоқтай қалған түрі, тұрысы бәрі -бәрі бөтен адамдікі. Тек көзі, көзі ғана Тананыкі. Сол баяғы өмірінде есінен кетпейтін қасірет көз. Қара судай тұнған қайғылы көз! Жанына қайғы батқан жаралы көз!

— Амансың ба, Жәлел? — деді ақ киімді әйел.

— Тана? Танажан?! - деді Жәлел даусы кенет қаттырақ шығып айқайлай жаздап. Оның даусынан қуанғандай да, таң қалғандай да бір үн естілді.

Расында да бұл Тана еді. Бүгін жүрмейтін болған соң, азырақ қыдырып қайтқалы поселке сыртына шыққан. Құба жонда Жәлелді кездестірем деп ойламаған.

— Япырмай, — деді Жәлел не айтарын білмей, — сені де көретін күн бар екен ғой! Қайдан жүрсің?..

Қыз қайғылы езу тартты.

— Әкемнің сотына келіп едім...

— О кісінің соты бүгін бе? Немен бітті?

Тана кеткеннен кейін, осының алдында Жәлел бір айға жуық Москвада, Алматыда командировкада болып; бұл жақтың көп әңгімесінен хабарсыз еді. Тіпті Тананың қандай күйде екенін де жөнді білмейтін. Оның үстіне осыдан үш күн бұрын орталықтан тағы да кісілер келіп, соларға бұрғылау қондырғыларын көрсетемін деп жүріп қолы босамаған. Шынында да Сарының сотынан беймәлім - тін.

Қыз төмен қарады.

— Әйтеуір бітті ғой. Екі жыл берді.

Жәлел шошып кетті.

— Екі жыл абақты ма? Кәрі адамға...

Қыз қасірет көзін жігітке аударды.

— Жоқ, абақтысыз... Әдейі өлтірмегені анықталды. Бірақ қандай малғұн дегенмен де адам аты бар ғой... Сол үшін.

— Әйтеуір абақтыда отырмайды ғой?!—Жігіттің жүзі сабырлана түскендей. — Онда оқасы жоқ, құдайға шүкір де!

Қыз ақырын күлімсіреді.

— Өзім де солай ойлаймын..; Қартайғанда бишараның абақты көрмегенінің өзі қандай қуаныш..

Жәлел Тананың бетіне қарады. Көзіне көзі түсіп кетіп еді, жүрегін өрт жалағандай өн бойы балқып жүре берді. «Япырмай, мұндайда көз болады екен - ау, қарашығында дәл қазір қайғы менен қуаныш таласып жатқандай...»

— Қуанышыңа ортақпын, Тана, — деді Жәлел бойын алып кеткен үлкен бір толқыма сезімді ұстай алмай, — сені мұндай бақытты кезіңде көргеніме мың да бір шүкір...

Қыз жауап бермеді. Екеуі қатарласа жүрді. Қайда бара жатқандарын өздері де білмейді, беттері ауған жаққа қарай келе жатыр.

— Өткен жолы сенің қайғылы түріңнен жаным шығып кете жаздаған еді, — деді Жәлел тұнжырай. — Егер бүгінде сондай бақытсыз күйіңді көрген болсам...

— Бүгін менің бақытты түрімді көрдің бе, Жәлел? — деді қыз сол басын жерден көтермеген қалпында аяғын ілби басып, — әкемнің абақтыға түспегеніне, әрине, қуаныштымын. Бірақ мен бақытсыз жанмын, өмір бақи бақытсызбын...

Жәлел қалай қатты дауыстап жібергенін өзі де білмей қалды.

— Не болды?! Не болды саған, айтсайшы?!—деді өзінің де жүрегінің ауырып кеткенін жасырмай, — қолымнан келер жәрдемімді аямайын... Мүмкін менің жолдастық көмегім керек шығар? Әлде... әлде сол сүйген жігітіңе қосыла алмай қалдың ба?..

— Иә...

— Онда... Әрине, менің қолымнан ештеңе де келмейді, — деді жігіт күбірлеп.

Екеуі тағы үн - түнсіз біраз жер жүрді. Енді бүкіл батысты жауып тұрған торғын ақша бұлттар жоғары көтеріле түсіп, батып бара жатқан күн көзі көрінді. Күннің қызғылт сәулесі түскен аппақ қарлы жазық дала, үстінен күміс көрпе жабылғандай жалт - жұлт етті. Дүниенің кенет бұлай өзгергеніне таң қалып, қыз үн - түнсіз алыстағы белеске қарап тұрды да, кенет поселкеге қарай бұрылды.

— Жәлел, — деді ол, — әрине, сен маған өкпелісің ғой?

— Бұл араға «өкпелісің бе?» деген сөз жүрмейді, — деді Жәлел жүре бастаған қызға ере түсіп. — Өкпе емес, өкініш пе, әлде алданған махаббат азабы ма, жүрегімді күні бүгінге дейін күйдіруде.

— Ал менің жүрегім одан жаман өртенуде.

— Мен осы күнге дейін түсінбеймін, не болды? — деді жігіт кенет тағы толқып кетіп. — Жоқ, мені жақсы көргеніңе күні бүгінге дейін күмәнсізбін. Сендей адал жан басқа біреуді жақсы көре тұрып, бөтен адамға сені сүйем дей алмайды.

Қыздың жүрегіне Жәлелдің «адал жан» деген сөзі біздей қадалды. Ол демін әзер - әзер алды. «Сүйген адамы айыпты ма, айыпсыз ба, егер бұл оның арының былғанғанын білсе не дер еді? Адал сенімінің ақталмағанына қападан өлер еді... Жоқ, Жәлелдің жүрегіндей пәк жүрекке абыройың былғанбаса ғана өмірлік жолдас болу лайық. Ал, абыройың айрандай төгіліп тұрғанда, оның бетіне қалай ұялмай қарай аласың? Жоқ, біздің махаббатымыздай махаббат тек мөлдір таза жаратылуды тілейді. Онсыз арамыздағы достық мәңгілік бола алмайды! Ал, маған тек мәңгілік, өмірлік қана қуаныш керек! Онсыз мен өзімді де, Жәлелді де бақытты санай алмаймын!» Қыз кенет өзін - өзі ұстай алмай қалды.

— Кешір, Жәлел, — деді ол даусы жасқа тұншығып, — Саған деген ләззатымды мен адал сақтай алмадым.

— Неге?! Қалай?! — деді Жәлел кенет айқайлап жіберіп. — Айтшы, неге адал сақтай алмадым дейсің?! Кім айыпты?! Әлде...

— Аузым бармайды. Сұрама!—деді қыз жылап жіберіп. — Мен саған татымаймын, қара бетпін! Енді саған мәңгі жоқпын! — Сөйдеді де қыз кенет поселкеге қарай жүгіре жөнелді.

Төбесінен жай түскендей боп аңырайып тұрып қалған Жәлел кенет: «Тоқта! Тоқта!» деп соңынан ере түсті де, кідіріп қалды. Бұл кезде Тана алдындағы қырқадан асып кеткен еді. Ар жағында поселке.

Тананың сөзінен түні бойы жүрегі қабынып Жәлел көз іліктіре алмай шықты. Онымен тағы сөйлеспек боп таңертең қыздың үйіне келді. Бірақ Тана әкесімен күн шықпай жатып жүріп кеткен екен. Орталықтан келген адамдар қайтысыменен, қызды өзі іздеп бармақ боп қала берді. Тананы бұрынғы жақсы көруіне енді бір қайдағы жоқ, өзі түсінбес жаңа жан күйігі қосылды, көңіл құрғыр әлденеден сезіктене ме, намыстана ма, өзі де білмейді, тек әйтеуір күйіп - жанып бір өкінішке бөлеп әкетіп барады.

Қыс кенет тағы суыды. Боран аралас ызғырық бүкіл Маңғыстауды тағы темір сауыттай құрсап алды. Шығыстан соққан суық жел тағы бет қаратпайды. Бойын құрыстырып, өңменінен өтіп адамның берекесін кетіріп болды. Жаңа жыл туғалы Өзектің өндіріс жоспары да өскен.

Биыл бірінші үш айлықта он бес скважина сынаққа қойылып, екінші үш айлықта сынау жұмысы екі есе артпақ. Бұрынғы барланған қабаттарға қосымша солтүстік - шығысқа қарай мұнайдың бірнеше километрге созылып жатқанын айқындайтын деректер алынбақ.

Маңғыстау түбегінің теңізбен шектескен жағалауларында бұрын балық кәсіпшіліктері, балық аулайтын колхоздар ғана орналасқан - ды. Бөтен өзге өндіріс мекемелері болмаған. Ал, теңізден әрі далаларында тек мал шаруашылығы ғана өркендеген. Маңғыстау мен Гурьев облыстары әсіресе Совет үкіметі кезінде қой өсіретін аудандарға бейімделген. Осымен байланысты бұл өлкеде не көп — қой көп, не көп — қойшы көп.

Енді міне, бір мың тоғыз жүз алпыс бірінші жылдан кейін бұл даланың түрі кілт өзгере бастады. Жел үрлеген қу атыраптың әр тұсында мұнай барлаушылар поселкелері пайда болды. Кейін бұл құлазыған қу далада, анда - санда қойшы, малшының әні естілсе, ал бүгін бүкіл өңір басқа үнге, машинаның гүріліне толды. Бұл жаңа ән—қысы, жазы, қақаған суықта да, ұлыған боранда да тоқтамады. Кешегі мал соңында жүруге дағдыланған қазақ жастары енді форт - Шевченко қаласында ашылған мұнай бұрғылау мамандарын дайындайтын училищеге түсті.

Маңғыстау партия ұйымдарының аса көңіл бөлген өндіріс орны болды. Мұнда Москвадан үкімет мүшелерінен бастап, Алматыдан Орталық Партия Комитеті мен Геология министрлігінің жауапты қызметкерлеріне дейін ағылып келіп жатты. Жаңа үйлер салынды. Жаңа қаражаттар бөлініп, бұрғылау жұмыстарының кем - кетіктері жойылып, мұнай іздеу ісі алға қарай басты. Әсіресе партиялық ұйымдастыру, халық мәдени - ағарту жұмыстарының ойдағыдай өрісі кеңіді. Бұрынғыдай емес, әр барлау поселкелерінде өзінің Мәдениет үйлері, кітапхана, кинотеатрлары ашылды. Құрылыс қарқыны үдей түсіп, жұрт жеркепе, саман үйшіктерден құтылды.

Көн терілі жұмысшы табы жанталаса еңбек етті. Жәлел басқарған мұнай іздеушілердің алдына жаңа міндеттер қойылды. Алғашқы үш ай ішінде жүргізілетін жиырма терең бұрғылау қондырғылары қойылатын мұнайлы жаңа алаңдар белгіленуі керек болды. Бұл әлі әбден зерттеліп бітпеген Өзек тәрізді жерге жеңіл іс емес еді. Рас, кейбір нүктелерге жаңадан орнатылатын қондырғылар, бір жағынан мұнай іздеу міндетін атқарса, екінші жағынан астыңғы қабаттарды барлау жұмысын да жүргізеді. Бұл жағдай мұнай зерттеушілердің міндеттерін біраз жеңілдетеді, бірақ бұған қарап мұнара қойылған жерден ойдағыдай мұнай қабаты табылмай қалса, «бұл әлі іздену» деп жауапкершіліктен бас тарту орынсыз, өйткені, Отанға жаңа мұнай алаңы керек, нәтиже берер жаңа орын керек. Бар іс, мұнай іздеуге мұнай алаңын табуға бағынған. Сондықтан әрбір қондырғы тұрғызылған жер ойдағыдай шығуы қажет.

Өз басының қайғысы жүрегін қан жоса етіп жүрсе де, Жәлел өзін - өзі зорлап, қайтадан геологиялық карталарға үңілді, мұнай іздеуші серіктерімен жиылып, жаңа ойлар, жаңа ұсыныстар талқыланды. Қазақ республикасының геология министрі бір келгенінде Шабдун Ералиев суға батырылған жерден теңіз фортын салуды түгелдей шешіп кеткен. Өзге тұстан емес, осы арадан Өзек пен Жетібайға жүргізілген жол ең қысқа жол болуға тиіс еді. Онымен қатар осы фортта бүкіл Маңғыстау бойындағы мұнай барлаушы экспедицияларды техникамен және бөтен керек заттармен қамтамасыз ететін база құрылған. Мұндағы жұмысшыларды, жалпы Маңғыстау мұнай барлаушыларының мәдени - тұрмыс жұмыстарын жөндеуді облыстық партия комитеті өз міндетіне алған және тиісті шаралар белгілеген.

Miнe осы істердің арқасында тез мезгілде Ералиево форты салынып, жаңадан жүргізілген қысқа жолмен қыстың суығына, боранына қарамай үлкен - үлкен жүк машиналары мен тракторлар бұрғылау станоктарын Өзекке төге бастады.

Бүгін бұрқасын еді. Соған қарамай Жәлел, жанында екі жас серігі бар, салт атпен алыстағы бұрғылау қондырғысына барып қайтқан. Бұлардың бағына қарай, біраздан кейін жел де толастап, күн ашылған. Болашақ мұнаралар тұрғызылатын жерлерге темір қазықтарды қағып, түс ауа әзер оралған. Өздері де өлердей боп қалжыраған еді. Жәлел үйіне келсе колхоздан әке - шешесі де қайтқан екен. Бұлар осыдан төрт ай бұрын, тарту -таралғыларын алып, ел аралап кеткен. «Төрімізден көріміз жақын ғой, қанша жүреді дейсің, төсекте жатып қалмай ағайын - туысты көріп, туған жердің топырағын иіскеп бір жасап қайтайық», — деген Бестібай қарт. Содан оралған беттері екен. Күндегідей емес, шешесі пешін жағып, қуырдағын қуырып, шайын қайнатып, үй ішін маздатып қойыпты.

— Ту, апамның келгенін бірден білдім ғой,—деді Жәлел жас күніндегісіндей шешесіне арсалаңдай қуанып, — үй іші құлпырын кетіпті. — Сосын киімін шешіп жатып, — әйтеуір аман - есен барып қайттыңдар ма? Ауыл - аймақ, ағайын - туыс аман ба екен?..

— Бәрі де аман. Сендерге сәлем айтып жатыр. Өзі болған төркінін танымайды деген, неге келмейді дейді. — Бестібай баласына күлімсірей қарады.

— Елді өзім де сағынып жүрмін. Құдай бұйыртса биыл жаз Орал, Гурьев маңайындағы жолдас - жора, ағайын - туысқа бармақпын. Әйтеуір, өздерің ауырмай - сырқамай, жақсы жүріп қайттыңдар ма?

— Ой, несін айтасың! Қонағасыға шақырмаған ел жоқ. Күніне екі малдың басын жеп отырдық десек өтірікші болмаспыз. Ел де күйлі екен. Баяғыдай түйенің қомына, сиырдың желініне қарап дірілдеп отырған бірде - бір қазақты көрмедім. Жегені ақ май, ішкені інді шай... Тіпті кейбіреуінің жеңіл машинасы да бар. Жоғында матасекіл. «Түйеге мініп итіңдеп кім жүрсін» дейді.

— Мақтауыңызға қарағанда, ауылыңызға қызығып келген түріңіз бар ғой, — деді Жәлел қолын жуып жатып, әкесіне күлімсірей қарап. — Сірә, Жем бойындағы колхоздың біреуіне көшіп кетіп жүрмесеңіз нетсін?

— Бүйте берсең, көшіп кетуден де тайынбаспыз.

Жәлел күлді.

— «Бүйте берсеңіз» дегеніңіз не?

Дастарқан жайып болған шешесі:

— Қалқам, шайыңды іш, — деді отырып жатып, — «әкеңнің сөзін қайтесің... Жол бойы той істеймін деп лепіріп келгенде...

— Иә, солай болды, — деді Жәлел дастарқан жанына отырып жатып.

— Мына құрт - май нағашың аулынікі, ала отыр, — деді шешесі, абажадай сары самаурынның жанындағы қайқы мұрын кішкентай аппақ шәйнектен шайды бұрқыратып керней кесеге құйып жатып. — Тоңып қалған шығарсың, ыстықтай іш...

Шешесі баласының баяғы жас кезіндегісіндей асты - үстіне түсіп өліп барады. Бестібай дастарханның төр жағында малдасын құрып алып, жай, байсалды түрде oтыp. Баласына әкесінің мінезі белгілі. Бір жанына батқан істі айтарында үнемі осылай ойға кетіп, үндемей қалады. Бұл жолы да солай боп шықты. Шайын бір - екі ұрттап қойды да сөзіне кірісті.

— Асыл тас жерде, жаман сөз елде жатпайды, — деді ол. — Бұл жақта болып жатқан сұмдықтың бір шеті еміс - еміс бізге де естілген. Анығын ешкім білмеді. Күн жылына қайтамыз ба деп едік, қақаған суыққа қарамай жүріп кетуімізге сол себеп болды. Кеше ауылдас қана болғанмен, бүгін құда ғой. Қартайғанда кісі өлтіріп бишараға не көрінді екен?..

— Онысын ешкім білмейді. Өлтірген жігіті әйгілі бұзық екен. Әкесінің бір кезде Сарымен қатынасы болған деседі. Содан қалған бір өшпенділік бар ма, қалай?..

— Аты кім екен әкесінің?

— Ұмытпасам Әжіғали ма, Қажығали ма, сондай біреу, жоқ Әжіғали деді білем. Бұрынғы уездің тілмашы, алаштың офицері көрінеді...

— Ойбай - ау, ол баяғы Түйебайдың Әжіғалиі болды ғой әлгі Қарақұм кезінде, бандит боп құмға сіңіп кеткен, өшіккен елін қырып жібере жаздаған найсаптың өзі ғой! Оны әлдеқашан өлді деген жұрт. Мына Сарыдан қаза тапқан соның баласы дейсің бе?

— Иә, соның баласы. Өмірін абақтыда өткізген бір қанішер деседі.

— Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің деген міне осы. Бөлтірік анасының емшегін жанын ауырта емеді. Анасы да сол үшін, өзімдей ешкімді аямас боп өседі деп күшігін жақсы көреді. «Қаныпезер Әжіғали тәрізді адамның баласын мұндай жақсы көргенін, бұрын - соңды кездестірген емеспін», — деп Сары үнемі таң қалып айтып отыратын еді. Сірә бұрыннан бір кектескен жерлері болды ма, әйтпесе Сары кісі өлтіретін бе еді? Балаларының жетілгеніне мәз - мейрам еді ғой. «Айналайын үкімет балаларымды оқытып сендерменен тең етті» деп ұлы, қызының инженер болғанын ылғи мақтан етіп отыратын. Сөйткен төрт түлігі сай Сарының ойда - жоқта қаңғып келген біреуді өлтіруі тіпті түсініксіз. Әлде әкесінде кеткен бір өші болды ма екен? Әйтсе де ескі кектің тозатын уақыты да жетті ғой. — Бестібай кенет баласына бұрылды. — Біздей кәрі адамның қандай жағдайда қылмысқа баратынын білесің бе, — деді түксие.

— Әр түрлі жағдай болатын шығар, — деді күліп Жәлел, — өзім кәрі бола қоймаған соң ойламаған шаруам...

— Мүмкін қызымен байланысты емес пе екен? Қаңғыған ит бір қиянат істеп жүрмесе нетті. Мұндайда әке бала үшін өлуге бар. Сары секілді ұлы, қызын жанындай жақсы көретін адам...

Жәлел сұп - сұр болып кетті.

— Білмедім.

Кенет оның көз алдына Алаң - Алешаны алғаш көрген күні, сондағы оның Танаға аш қасқырдай тамсана қараған түрі елестеп кетті. Оның үстіне Тананың жылап тұрып: «Жәлел, мен саған деген ләззатымды адал сақтай алмадым» деген сөзі есіне түсті. «Япырмай, сондай бір сұмдық болды ма!?» Жәлел енді шайын іше алмады.

Жүрегі өртеніп, қолы дірілдеп кетті. Шайын төгіп ала жаздап кесесін жерге қоя қойды.

Баласының кенет осыншама әбігерлене қалғанын көрген шешесі, бажырайып шалына қарады.

— Баланың көңіліне түйтік салып, шала жанған тезектей әлденені бықсытпай жайыңа отырсайшы, — деді сәл ашулы үнмен, — Танажан кетсе алысқа кеткен жоқ мына тұрған Шетпеде көрінеді ғой. Әлі талай жолығар. Қызмет бабында осы күнгі жастар қайда жүрмейді?

Соны да сөз деп...

Бірақ Бестібай әйелінің сөзін елең де етпеді. Баласының құбыла қалғанына да қараған жоқ, шайын бір ұрттап қойып, өзінің ойын жалғай түсті.

— Шырағым, — деді ол,—Сарының әлдеқалай өшіккеннен ана бұзықты өлтірді дегеніне сенбеймін. Әрине, қылмысқа бару жақсы қасиет емес. Мұнда бір үлкен гәп бар... «Адаммен жақсысында сыйлас та, жаманында қаш» демейді ғой бұл қазақ. Ертең Сарыны іздеп Шетпеге жүрсем бе деймін. Құда ғой, мүмкін бір сыр ашылып қалар. Дегенмен Тана тәрізді қыздан айырылу жөн емес.

Әкесінің Сарыға баруын Жәлел жек көрген жоқ. Мүмкін ол Тана екеуінің арасын жақындатудың бір тәсілін біліп қайтар.

— Автобус таңертеңгі сегізде жүреді,—деді Жәлел.

— Тіпті жақсы болады, — деді әкесі. — Бір - екі түнеп, біраз шерімді тарқатып қайтайын.

Бірақ мен осы сәтте әкесі мен баласы Сарының Алаң - Алешадан қызының абыройы төгілгенін айтпайтынын білген жоқ. Қандай әке өз қызының абыройының қалай төгілгенін бөтенге естірте алады? Бұндай сөзді айту оған өлімнен де артық қорлық қой...

Адам істеген ақылды ісі мен ақылсыз ісін, өмір жолын толық таптап өтіп, тек қартайғанда ғана біледі. Жас күнінде кісінің алғырлығымен қатар қатесі де көп болады. Бұдан жас адамның ақылды, әлде ақымақ болатынын күні бұрын болжай алмайсың. Ал Бестібай Жәлелдің Танадан айрылғанына өте қайғылы және өкінішті екенін ұқты. Адам жаны ашитын кісісіне, өзінің қайғысын сөзімен емес, көбіне көзімен айтады. Бестібай, баласының Танадан айрылдым деп уайымын ашпаса да, оның сонау кешегі айнадай ашық көз жанарында бүгін бұлт болып мұң ұялағанын көрді.

Жәлелдің ойы осыдан миллиондаған жыл бұрын өткен кезеңдерге кетіп тұр.

Қазір Жәлелдің көз алдына елестетіп тұрғаны бұдан жүз миллиондаған жыл бұрын өткен баяғы заман. Адам баласы тек қиялымен ғана шамалаған сол көне заманды геологтар «жоғарғы альба» дәуірі деп атаған. Жәлелдің еске алып тұрғаны Бор дәуірінің соңғы қабаттары біткен шағы... Miнe осы Бор дәуірінен жүз жиырма миллион жыл бұрын Юра заманында мұнай жаралған деген жорамал бар. Неден жаралды? Қалай жаралды? О да тек жорамал... Бір оқымыстылар мұнай сол замандағы ойпат, алаңды алып жатқан құрт, титтей жәндіктерден пайда болды дейді, ал басқа ғалымдар: «Жоқ, мұнайдың жаралуы, сол кездегі жер астындағы минералдардың ерекше табиғаттарымен байланысты» дейді. Қайсынікі дұрыс?

Жәлел қазір мұнайдың қалай жаралғанын ойлап тұрған жоқ. Оның көз алдына елестетіп тұрғаны өзінен жүз миллион жыл бұрын өткен, бүгінгі күнге кейбір тас боп қатқан сүйектері ғана жеткен үрейлі бейнелі диназавр, ихтизаврлар.

Иә, олардың өмір сүргеніне миллиондаған жыл өткен! Бүгінгі заман адамдарына олар енді бір қиял жетпес ғажайып дүние!

Ал, дүние тағы бір миллиондаған жыл өткеннен кейін, біздің бүгінгі күніміз — оларға қандай боп көрінбек? Расымен, осы күнгі адам, аңдар, сонау алыстағы ұрпақтарға қазіргі өзіміздің диназаврларға таң қалғанымыздай, оларға да ғажайып бір бейнелер болып елестеуі мүмкін бе? Осы күнгі адам, хайуандар миллиондаған жылдардан кейін басқа түрге айналуы мүмкін бе?

Дарвиннің эволюциялық заңы осыны дәлелдемей ме?

Жүз миллион жыл! Адам баласының алдында сондай ұзақ өмір бар ма? Бар! Жүз миллион жыл, табиғаттың жалпы мәңгілік өмірімен салыстырғанда ұзақ уақыт емес. Тіпті қысқа мерзім! Мүмкін адам баласы мәңгі өлмес? Күн сөнсе де Адамзат өмірі сөнбес?! Сондықтан мәңгі өмірге әрбір ұрпақ, әрбір адам өз үлесін қосуы керек, Жәлел де өз үлесін қосады.

Міне осындай ойдағы Жәлел өзіне қарай қарсы төбешікке көтеріліп келе жатқан Жандосты көзі шалды. Жәлел таң қалды. Жандостың бұдан бұрын былай жападан -жалғыз өз бетімен жүргенін ол бірінші рет көріп тұр.

— Түу, дала қандай жақсы еді!—деді Жандос Жәлелдің жанына жеткеннен кейін, төбенің үстінен жан - жағына қарап. — Тіпті жұмыстан қолың босамайды, жарықтықпен жөндеп кездесе де алмайсың.

Жәлел ақырын езу тартты. «Осынау кең далада жүріп, оны дұрыстап көре алмайсың», — дегені күлкі тәрізді ғой. Бірақ бұнысы рас. Жандостың жұмыссыз, жападан - жалғыз жүргенін көріп тұрғаны осы. Демек, шыныменен жұмыссыз жүр ме?»

— Япырмай, — деді Жәлел, — мен өзіңді скважиналардың араларында зырлаған ана кішкентай «ГАЗ» машинаңсыз не жан - жағыңыздан қоршаған адамсыз.көріп тұрғаным осы. Адам өз көзіне өзі сенбейді де екен – ау.

— Иә, жұмыстан қолың босамайды ғой,—деді Жандос сәл езу тартып. — Ескі жараларым маза бермеген соң әдейі жүріп қайтайын деген едім.

Ол өзінің осылай жұмыссыз, өзінен - өзі жалғыз қыдырып жүргенінен ұялғандай. Жәлел Жандостың соғыстан қатты жараланып қайтқанын білетін. Күзді күні Шевченко қаласына барған жолы, мейманханада сау - тамтығы қалмай тыртық - тыртық боп біткен денесін көріп таң қалған. Содан бері «Япырмай, бұл кісі қалай жұмыс істеп жүр!?» деп caн ойлаған. Қазір Жандостың «ескі жараларым сырқырап» деген сөзінен, оның қандай күйде тұрғанын ұққандай болды. Аяп кетті. Бірақ Жандостың шын жағдайын анық білмейтін. Экспедиция бастығының құр сырты ғана сау, ал шынын айтсақ ауырмайтын жері жоқ еді. Тек соның бәрін жұмыспен ғана жабады. Кей түндерде ескі жаралары сырқырағанда қоярға жанын жер таппай, дереу машинасына мініп алып түнгі кезекте жұмыс істеп жатқан скважиналарға тартып кетеді. Күн демей, түн демей өздеріне жетіп келетін экспедиция бастығының жігеріне жұмысшылар таң қалатын. «Япырмай, бұл кісінің жаны темірден жаралған ба?»—дейтін. Егер олар Жандостың сол «темірден жаралған ба?» деген денесін көрген болса қандай ер адам екенін түсінер еді. Оның үстіне соншама сырқат ауыр халде жүргеніне қарамай мінезінің қандай биязы екенін айтсаңдаршы! Жандостың біреуге дауыс көтеріп қатты ашуланғанын Жәлел көрген емес. Ал, кейбір қызу қанды өндіріс командирлеріне ұқсап күйіп - пісуді тіпті білмейді. Не істесе де сабырлы, жайымен істейді.

— Жәке, — деді Жәлел, — мен сіздің қалай жұмыс істеп жүргеніңізге таң қалам. Анау жаралар кімді болса да шыдатпайтын - ақ шығар.

— Тек жаның ауырмасын, Жәлел, — деді Жандос тағы езу тартып. — Жаның ауырмаса бәріне де шыдайсың. Ал, осыншама істеліп жатқан жұмысты, мынау қайнаған еңбекті көре тұрып, — ол қолымен сонау Өзек бойын тізілген барлау, сынау мұнай мұнараларын жайпай көрсетті,—ауырмақ түгіл, рахаттанудан қолың босамайды. Тіпті денеңнің ауырғанын ойлайтын кезің де болмайды!

— Дегенмен...

— Рас, кейде жаның да ауырады. Онда өзіңді - өзің қоярға жер таппайсың. — Ол Жәлелге бір түрлі жүдей қарады. — Сондай жағдай, әсіресе мына алғашқы скважиналар қазылу кезінде болды. Жасырмайын, бірінен соң бірі әр түрлі себептермен жөнді жүрмей тұрған шақтарында менің іштей күйінгенімді көрсең!

— Оны мен сіздің түріңізден байқамадым ғой?

— Егер өндіріс командирі өзінің абыржып жүргенін жұртқа сездірсе, жұмыстан қандай нәтиже шығады. Еңбек майданы да, соғыс майданы тәрізді, іс басқаратын адам, өз қобалжуын, сенбеуін, күмәндәнуін, қысқасы жұмысқа кедергі істейтін сезімдерінің бәрін жасыра білуі керек. Өйтпесе жұртта да сенім азаяды. Ал сенім азайған жерде жұмыста да береке қалмайды.

— Ол солай ғой... Оның үстіне, алғашқы сынақтағы скважиналар жан - жақты зерттеуде тұрған айлар нағыз шілденің бас кезі болатын. Жер, ауру адамның тіліндей, ақтаңдақтана жырылып, жарылып кеткен еді ғой. Есіңізде бар ма, ыстық елу градусқа таяп қалғаны?

— Елу градус? Ғафу ет, соны мен байқамаппын - ау! Байқайтындай мезгіл ме еді?

Жандосқа Жәлел іштей қатты сүйсінді. «Өз жұмысыңа берілсең, осылай беріл. Міне, осы Жандос секілді кісілерден ғана өндірістің шын қамқоры, нағыз командирлері шығады. Тіпті күннің күйіп тұрғанын да байқамаған! Тек айтуға ғана жеңіл! Ал...»

Жәлелдің ойын Жандос бөліп жіберді.

— Алғашқы мұнай шықпай жатқан кезде, — деді ол, — менің ойымнан бір күдік кетпей -ақ қойған. Әйтеуір сыртыма шығармауға тырыстым.

— Ол қандай күдік еді?

— Адам деген өткенімен, бүгінгісімен, алдағы келешегімен өмір сүреді ғой. Өткені кісінің көңілінде сақталады. Қандай ауыр болса да демек, ол бірте - бірте алыстай береді. Бүгінгісі — адамның бүкіл тамырына қан жүгіртіп тұрған жүрегінің соғуы тәрізді. Ол жүрек қалай соғады? Қуанышты ма, қайғылы ма, содан сенің қазіргі тіршілігің айқындалады. Ал, алдағы күн — ол үміт, сенім. Сол келешек үшін сен қанат қағасың, алға ұмтыласың. Егер сол үмітің, сенімің ақталмаса дүниеде бұдан жаман нәрсе жоқ. Өзіңді өзің қанатың кесіліп қалғандай сезінесің. Босқа әуре болғаныңа өкінесің. Айыпты жандай тіпті жұрт бетіне қарауға ұяласың... Егер біздің скважиналар фонтан атпағанда мен өзімді

де осылай cезінеp едім. Сол себептен де «мұнай бар ма, жоқ па?» деген күдік, сол күндері менің ақыл, ойымды жегідей жеді, жанымның ауырғаны соншалық әзер шыдап жүрдім.

Жәлелге ол кездерде Жандос ойшыл жан секілді көрінетін. Іштей, «қызық кісі екен, тіпті мұнай бар ма, па, ойына кіріп те шығар емес. Тек жоспардағы скважиналарды жүргізсе жетеді бұған. Егер мұнай мүлдем табылмаса, қандай ұялатынымызды неге түсінбейді екен» деп өкпелі болатын. Сондағы Жандос туралы теріс пікірінен енді өзі ұялғандай. Кешірім сұрағалы келе жатыр еді, Жандос тағы бөліп жіберді.

— Бірақ мен сендерге, геологтарға іштей қатты сенген едім, — деді.— Сол себептен де бұрғылауды тоқтатпауға қолымнан келгенімді аямадым...

— Ал, егер мұнай табылмаса қайтетін едіңіз?

— Әрине, жауапкершілік деген бар ғой. Онда. Онда мен мұнай іздеу барлау ісінен мүлдем кететін едім. Үкіметтің сонша ақшасын босқа шығарып, қалай ұялмай, қызармай жұмыс істеп жүре аласың?

— Мұнайдың жоқтығына сіз жауапты болмас едіңіз ғой.

— Жоқ, қолына алған іске коммунист адам әрқашан да жауапты. Егер сенбейді екенсің, онда жуыма, жуиды екенсің, жауап бер.

Жәлел кенет көз алдына Ерденді елестетті. Ол мұндайда, әрине, «мұнай шықпады, ешкім де айыпты емес» дер еді. Шыққан қаражатқа беті де қызармауы мүмкін. Ал, мына кісі ше? Әр жұмсалған үкімет сомына ұятымен жауап беруге бар. Miнe екі түрлі бастық, екі түрлі құлық. Осыдан қоғам тілегін орындау жөнінде екі түрлі философия туады. Бірі барлық іске өзі жауапты, ар - ұятыменен жауапты, ал екіншісі тек орындалған іске ғана жауапты, іс нәтижелі болса — ол соның нәтижесі. Ал нәтижесіз болса, оған басқалар, табиғат, не өзгенің олақтығы кінәлі.

Жандос тағы Жәлелдің ойын бөліп кетті.

— Мен сені әдейі іздеп келіп едім. Отызыншы скважина...

Жәлел күліп жіберді.

Жандос таңдана қарады.

— Неге күлесің?

— Жай, әншейін. Өзім де таң қалып едім. Жәкең біздің қалай бостан - бос қыдыруға шықты деп.

Жандос ақырын езу тартты.

— Қайтесің, жұмыстың ыңғайы солай болған соң.

Енді екеуі де күлді. Олар ар жағындағы отызыншы скважинаға қарай қатарласа жүрді.

— Менің айтайын дегенім...

Енді бес минуттан кейін екеуі де жан - жақтағы жаңа ғана өздері сұқтана қараған осынау аппақ қарлы табиғатты да, өткен күннің мұнай іздеудегі қобалжу - қуанышын да ұмытты. Ертең істейтін шаруаларын талқылай бастады.

Бестібай Өзектегі кәкір - шүкір шаруалары екі - үш күндей біте қоймай, тек бүгін ғана, қазір шай ішіп болғаннан кейін жүрмекші еді. Әке - шешесіне дастарқан басында әлденені айтып отырған Жәлел конторына баруға енді орнынан тұра бергенде хат тасушы жас бала кіріп келді.

— Аға, — деді ол Жәлелге. — Сізді Жандос ағай тезірек келсін деді.

Жәлел балаға қарады.

— Не болып қалды? Жай ма?

— Жай болуы керек. Бағанағы кезде самолетпен ана жолғы әдемі сары әйелі бар кісі келген.

— Қай кісі? Сәлімгерей емес пе?

— Иә, иә. Тағы әйелімен келіпті.

— Қазір барамын.

Кетіп бара жатқан балаға Жәлелдің шешесі:

— Отырып шай ішіп кетсейші, үнемі жүгіресің де жүресің, — деді.

— Жоқ, асығыспын. Тағы Юрий Михайловичті тауып алуым керек.

— Онда мына бауырсақтан ала кет...

Бала алған бір уыс бауырсағының біреуін аузына сап, бұлтыңдата шайнай үйден ата жөнелді.

«Сәкең қысты күні босқа келмесе керек - ті. Маңғыстау мұнайын зерттеуде тағы бір талас туып қалған ғой» деп ойлаған Жәлел конторға таяғанда есік алдында тұрған Гүлжамалды көрді. Сол баяғы қалпы. Тіпті бұрынғысынан да әдеміленіп кеткен. Үстінде ақ норка терісінен тіккен пальто. Бас киімі де сондай ақ норка, «Амансың ба?» деп ұзын саусақты қолын ұсынып, көздері күлім - күлім етеді. Тана мен Жәлелдің айырылысып кеткенін естігендей. Жүзінде бір орасан шаттық бар. Айтпағанмен «бәрібір менен бөтен ешкімді таба алмайсың!» дегендей көзінде де бір ойнақы от билеп тұр.

Ғажап! Бұрын қандай ренжіп жүрсе де Гүлжамалды көргенде бip толқып қалатын. Тананың қайғысы жүрегіне әбден батқандықтан ба, бұл жолы көңілі тіпті селт етпеді. Алдымен қымбат бағалы ішікке малына киінген түрін көргенде «осы үшін ғой Сәкеңе ерге шыққаның, арманыңа жеткен екенсің!» деп бір ойлады да, өзіне қылымси қолын беріп, күлім қаққан келіншектің бетіне тағы бір қарап «әдейі есік алдында күтіп тұрғаны, оңашада кездесейін дегені екен» деп шешті. Бірақ сол қабағы ашылмаған қалпында: «Аман, есен келдіңдер ме?» деп сұлық амандасты да, Жандостың кабинетіне өте берді. Артына бұрылып қараған да жоқ.

Бұл кабинетке кіргенде бөлмеде екі - үш инженерімен Жандос отыр екен. Үстінде көгілдір костюмі, әдеттегісіндей тап - таза, мұнтаздай боп киінген, қою ақ шашы бұйралана түскен Сәлімгерей терезе алдында тұр.

Ол жарқын жүзі күлімсіреп, есіктен кірген Жәлелге қолын соза қарсы жүрді.

— Амансың ба, Жәлел? — деді Сәлімгерей өзінің қоңырқай даусымен. — Өзектің жаңа табыстарымен құттықтаймын. Мына жолдастар мені барлаудың түзету жүргізілген жаңа схемасымен таныстырды. Бәрі дұрыс. Өзектегі соңғы кездегі жүргізілген барлау жұмысынан алынған деректерге қарағанда бұрынғы зерттеулерімізде аздаған қате бар - ау деген жаңа болжамға келіп едім. Сен оны дәлме - дәл анықтапсың! Көп рақмет!..

Жәлел әйгілі ғалымның бетіне тікелей қарауға тағы жүзі бармады. Бұрынғы өкініші, қабаған иттей тағы жанына жармаса түсті. «Сезімге беріліп, өзімді - өзім ұстай алмай, осындай ақ жарқын адамның көзіне шөп салдым - ау! Бұрынғым болса бір сәрі... Ал, Гүлжамал бұған шыққаннан кейінгім не? Адамгершілік деген қайда?»

Өзінен - өзі қысылған Жәлел:

— Сізге де рахмет! — деп міңгірледі.

III

Көңіл жаныңның көлеңкесі. Жаныңды ештеңе жүдетпесе, етіне қызыл қосып семіре берген күзгі көк дөнендейсің. Ал, жаның ауру, көңіл сырқат болса, қанатына оқ тиген құс тәріздісің, қанша талпынсаң да көкке көтерілер дәрменің жоқ.

Егер адам күні бұрын бәлен күні бәлен сағатта өлерін білсе, сол кезіне жеткенше қайғыдан сан мәртебе өлер еді. Ал, арманы орындалар мезгіліне алдын ала көзі жетсе, сол мерзіміне дейін күні бұрын сан рет жасарар еді. Осының бәрі көңілден. Дегенмен адам арманына итшілеп, біртіндеп жетеді. Ал, қайғы өзі келеді. Және бірден келеді.

Жәлел жұмысын қанша беріліп істеймін дегенмен де, бұл жолы бұрынғысындай емес қабағы ашылмай - ақ қойды. Және көзіне күйік болып құлпырған Гүлжамалды көрген сайын Тананы сағына түсті. Түр жағынан, қылық жағынан Гүлжамалды Жәлел ешкімнен кем дей алмас еді, сөйтсе де оған деген көңілінің біржолата суынғанын өзі де сезді. Бір ғажабы: мұндай жайына қуанбаса, ренжіген жоқ.

Осындай күйде отырғанында үйге Гүлжамал кірді. Март айының бас кезі еді. Күн бұл кезде жайма - шуақтана жыли бастаған. Осының алдында ғана түскен қалың қар, жіпсіп, әр жерден көз жасындай жылап аққан мөлдіреген қар суы да көрінген. Бірден ауада көктемнің дымқыл исі сезілген. Сәулесі әлі күйдіріп жібермегенмен күн көзі кісінің бетіне жылы тиіп, арқасын жіпсіткен. Өзге құстардан бұрын бұл жақта ерте пайда болатын қара торғай, қарлығаш, тарғақтар әлі келе қойған жоқ еді, бірақ көктем таяп қалғаны хақ, өйткені қыс ызғары қайтып, жұрттың көңілі көтеріліп, қысқы киімдерін тастап, жеңіл киіне бастаған.

Гүлжамал да кілт өзгерген. Үстіне жасыл шұға пальто киген, басында да сол түсті шляпа. Пальтосының етек жағын кеңдеу етіп тіккен. Белі қыналып тұр. Аяғындағы шұлық етіктің қонышы оқтаудай дүп - дүзу және жұп - жұмыр балтырмен балтыр болып, сыптай етіп көрсетіп ерекше көзге түседі. Шиедей қып - қызыл томпиған дәнді еріндері, бұрынғысындай сүп - сүйкімді. Бұлтсыз күнгі аспандай, жадырай түскен үлкен көздері күлім - күлім етеді. Жалпы сырт бейнесі, өмірде қайғы - қасірет көрмеген адамдай. Жәлел оған еріксіз қарады. Сәкеңе ерге шыққаны қандай жақсы болған. Жайнап кетіпті. Көңіл күйі — ғұмыр күйі деген міне осы!»

— Амансың ба, Жәлел, — деді Гүлжамал екі көзі күлімсірей тұманданып, — Сәкең саған он төртінші мұнай қабатында көрсетілген структуралық картаны берсін деді.

— Қазір...

Жәлел орнынан түрегелді. Гүлжамал бұртия қалды.

— Өзің тіпті амандасқыңда келмейді ғой.

— Ғафу ет...

— Ғафу ет! Ғафу етпесем, не істейсің?— Ол ойнақши күлді.

— Өзің біл...

Жәлел бұрыштағы столдан Сәлімгерейдің сұраған картасын алып келді.

— Мінекей...

Жаңа ғана жайнап тұрған Гүлжамал кенет жүдей қалды.

— Арамыз мұндай болады деп ойламап едім, —деді даусы дірілдеп кетіп. — Мен келгелі айдан асып кетті, ең болмаса қандай күйде екенімді де сұрамадың ғой.

— Қандай күйде екенің түріңнен көрініп тұрған жоқ па?

— Қара жамылып жылай беруім керек пе еді? Адамның бәрі бірдей емес. Кейбіреуі іштегі қайғысын сыртқа шығарғысы келмейді.

— Іштегі қайғысын? Сонда қайғылымысың?

— Қайғылы болмай! Махаббат деген сүртсең кете қоятын, ерніне жаққан бояуың ба?

Гүлжамалдың көзіне кенет мөлдіреп жасы келіп қалды. Жәлел оның бұлай кілт өзгеретін әдетіне бұрыннан қанық. Жылап тұрып күліп жіберу, не күліп тұрып жылап жіберу оған оп - оңай еді. Мұндай мінезіне әбден үйренген Жәлел тек «шіркін - ай, бұл актриса боса— тамаша өнер иесі болар еді. Адам өз жолын үнемі таба білмейді ғой!» деп ойлайтын да қоятын. Жоқ, Гүлжамалдың мұнысы артистігі емес еді. Оның мінезі осылай жаратылған. Күлуі де, жылауы да оңай, жас баладай кексіз, ақ көңіл жан. Бұның кілт өзгеруі де, өзінің сондай зілсіз мінезінен туатын.

— Сені көрсем дүние бір түрлі кеңіп кеткендей болады, — деді ол толқуын баса алмай. — Өзімнің барлығымды не қылайын, қасымда сен жоқсың...

Жәлел созыла тұрып жанына барды.

— Гүлжамал, — деді ол ақырын. — Жаңа өзің айттың ғой, махаббат сүртсе кете қалатын ерінге жаққан бояу емес деп. Жақсы айттың! Бірақ екеуміздің арамыздағы махаббат сол бояу екен. Сондықтан да сен оп - оңай ерге шықтың. Ал мен болсам...

— Бөтен қызды жақсы көрдім демексің ғой.

— Иә, мен ол қызды жанымдай жақсы көрем.

— Бірақ ол қыз енді саған жоқ қой.

— Қыз жоқ болғанмен, оған деген махаббатым өзіммен бірге емес пе?

Жаңа ғана жылауға жақын тұрған Гүлжамал кенет жымиып күлді.

— Қыз саған жоқ. Ал сенің оған деген махаббатың бар... Түсінбеймін. Сонда жоқ қызды сүйемін деп, ешкімге қарамай өтпексің бе?

— О да мүмкін. Мүмкін мен тағы біреуді сүйермін. Бірақ кімді сүйсем де шын, адал сүйгім келеді. Өзіңнің жүрегің таза болмай тұрып, басқаның да таза болуын тілеу қиын ғой,—Жәлел төмен қарады. — Анадағы оқиғадан кейін, өзімнен өзім жеркеніп жерге еніп кете жаздадым. Осы уақытқа дейін Тананың маған бұйырмағаны сондағы күнәмнан ба деп ойлаймын.

— Странно, — деді Гүлжамал тағы жымиып. — Маған сол түн, екеуміздің ең бақытты түніміздей көрініп еді. Ал, сен... Жоқ әлгі сөзді дүниеде тек махаббат қана бар деп ұғынатын он тоғыз жасар бала жігіт айтса бір сәрі. Ал, сен тәрізді...

Жәлел Гүлжамалдың сөзін бөліп жіберді.

— Менің кім екенімді айтпай - ақ қой, Гүлжамал, — деді Жәлел шамасы келгенше жұмсақ сөйлеп, — көп жыл бірге болсақ та мені анық түсінбеген екенсің... Амал не! Меніңше махаббаттың қызығы да сонда, егер адам оған өмір бойы сол он тоғыз жасар жігіттей қарай алса! Сонда ғана махаббат адам баласының қуанышы, шын идеалы бола алады.

— Өзің солай қарай аласың ғой, сірә?!

— Қарай алмасам бұл сөзді айтпас едім...

— Онда маған деген бәлен жылғы махаббатың не болғаны?

— Жалған болғаны. Оны жалған еткен өзіңсің. Және оған көзімді жеткізген де өзіңсің!

— Бәріне мен айыпты екенмін ғой. Жақсы. Егер сол айыбымның бәрін мойныма алып, кешірім сұрасам қайтесің? Махаббат бәрін де кешіреді дейді ғой жұрт.

— Ондай кешірімпаз келетін шын махаббат қой. Ал жалған махаббат ше? Ондай ләззаттың кешірім сұрап қиналатын ештеңесі жоқ... Күйінуі де. өртенуі де — бәрі өз кезінде. Тез өтетін көктем тәрізді. Адамның жүрегіне жазын, күзін, қысын қалдырмайды... Бір сәттегі қуаныш тәрізді ұмытылады да кетеді.

— Сөйтіп... Бәрі де ұмытылды дейсің ғой? — деді Гүлжамал кенет түсі қуқылданып кетіп.

— Өзім де солай болар деп ойлап едім. Сондықтан да Сәкеңе ерге шығуға асыққам. Ойлағанымдай шықты... Тым жақсы көретін тәрізді едің. «Әсіре қызыл тез оңар» деп қазақ бекер айтпаған екен ғой.—Кенет ол бойын жиып алды. — Жә, болды. Бәрі де түсінікті. Қош бол.

— Қош бол.

Гүлжамал кілт бұрылды да шығып кетті. Жәлел тағы жалғыз қалды. Жоқ, жалғыз емес, оның қайғысы, қиялы, ойы өзіменен бірге қалды. Сол қайғы, қиял, ой «қолымызға жеке түстің бе?» дегендей тағы жан – жағынан шырмай жөнелді.

Расында дүниенің бар қызығы адамның бірақ кісіні сүюінде ғана ма? Көбелек тәрізді көрінген гүлге құмартып жүргендер аз ба? Дүниенің қызығын көріп қал дейді біреулep. Дүниенің қызығы бірді емес, онды сүйгенде ме? Ол да мүмкін. Демек, бірді сүйесің бе, онды сүйесің бе? Сірә, адамның мінез - құлқымен, жүрегінің соғуымен байланысты болар. Өз басым өйте алмаймын. Маған махаббат — өмірің тәрізді жалғыз рет келіп, жалғыз рет қана қызығын көрсететін күш. Ал егер сол күштен, сол рахатыңнан мәңгі айырылсаң өмір сүріп жүрмін деуіңе бола ма? Адам баласы бұл дүниеге бақыт үшін, қызық өмір үшін келмей ме? Ал ондай өмірсіз бұл дүниенің саған қандай қызығы бар? Сонда барып сен шын махаббат қолыңа түспесе, жалған махаббатқа да тәубе етпейсің бе? Алтынның орнына жезбен алданбайсың ба? Солай күніңді өткізбейсің бе? О да өмір емес пе? О да саған қызық емес пе?»

Жәлел кенет үрейлене қалды. Мүмкін Тана бір оқиғаға душар болды ма? Бірақ істеген күнәсін Гүлжамалдай жасыруға ар - ұяты жібермеген шығар? Қолмен істегенін мойнымен көтеріп, бөтен айла таба алмай, өзін-өзі осылай жазалап, менен безген түрі ме бұл қылығы? Жәлелдің бұлай ойлауының да себебі бар еді. Шетпеден жақында әкесі Бестібай оралған. Бірақ еш нәрсе біле алмай қайтқан. Баласының:

— Ана Алаңды неге өлтірмекші болыпты? — деген сұрағына ол:

— «Әкесінде кеткен кегім бар еді, соның өшін алмақшы едім» деп жауап берді Сары,—деген,—Әрине, мұнысына мен сенген жоқпын. Сары ондай адам емес. Өзінің баяғыдағы өмірін ұмытқанда, біреуде кеткен кегі есінде жүр дейсің бе, жай әншейін өзінше тауып отырған сылтауы ғой... Жалпы, не бәле болса да сол қызы арқылы келген тәрізді... Бірақ өйдейін десең, Тана шырағым жүзінің солғындығы болмаса, сол бұрынғы жіптіктей қалпында. Арда емген құлын тәрізді, мойнына құрық түсіп жуасып қалыпты деу қиын. Тек әлденеден ұялғандай адамның бетіне қарай алмайды. Мұндай әдет бұрын соңынан сөз ермеген қыз балада болып тұрады... Ал бұрын... Шырағым, бұл тасбауыр жазмыш кімді биялайдай жұмсақ етпеген.

Әкенің жұмбақтай сөйлеген сөзінен Жәлел көп нәрсені аңғарған. Тананың жұрт көзін шұқып көрсететіндей қауіптен адал екенін ұққан.

Ал әңгіме екі шал арасында өзгеше болған. Бестібайдың өзін іздеп келгеніне қуанып қалған Сары, қонақ асын бергеннен кейін, замандасын төргі бөлмеге алып кеткен. Бұлардың соңынан ерген әйеліне:

— Екі шал, қыршаңқы жылқыдай, бірінің қотырын бірі тілдерімен қасып айыздарын қандырсын, — деген Сары, — сен ауыз үйде бол. Тана қалқам келсе, асын бер.

Сарыны тек «отағасым» деп қана сыйлап тұратын әйелі, үндемей ауыз үйде қалып қойған.

Төр үйге кіріп, астарына көрпе, шынтақтарына жастық салып, жайғасқаннан кейін екі қарт әңгімеге кіріскен:

— Әрине, Бестібай, сен жай келген жоқсың ғой, — деді Сары, — шаруаңды айта отыр.

Бірақ оның ішкі даусы басқаша сөйлеген: «Танамның Жәлелге неге қосылудан қашқанын білгің келеді ғой. Демек, бір бұзықтан абыройының төгілгенін аузым барып қалай айтамын?»

— Дұрыс айтасың, Сары. «Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық» деген. Балалардың арасы алыстап кетсе де, өз қалыңды білгім келді.

Бестібайдың ішкі даусы: «Танажанның неге Жәлелімнен айырылды деп қалай сұраймын? Ауру жеріне тиіп кетсем, ренжіп қалмай ма?»

— Иә, Бестібай, «күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық» деп бұрынғылар тауып айтқан. Осы күнгінің жастарына не дейсің?

Сарының ішкі даусы: «Иә, осы күнгі жастардың бәрі менің Танамдай ма? Егер, Бестібай, Танамның қалаған адамын біржолата неге ұмытқысы келгенін білсең...»

— Иә, осы күнгі жастардың мінезіне түсіну қиын. Жоқтан өзгені сылтау ете салады ғой, — деді Бестібай Сарыға жайбарақат қарап.

Бестібайдың ішкі даусы: «Танажанның Жәлелден айырылу себебін енді айтатын шығарсың, Сары? Уақ-түйек демесең, кәне, сырыңды аш!»

— Дұрыс айтасың, Бестібай, бұл заманның жастары кәкір - шүкірді де себеп ете береді. Кесімін бізге салмайды ғой!

Сарының ішкі даусы: «Беу, Бестібай, сен оның қандай кәкір - шүкір» екенін білсең! Адамның, аузы барып айтпақ түгіл, ойыма түсе қалса жүрегім жарылып кете жаздайды!»

— Солай де!—деді Бестібай.

Бестібайдың ішкі даусы: «Енді анық болды, Тананың айырылуы кәкір-шүкір емес екен! Кәкір-шүкір болса айтар едің ғой. Гәп қиында жатыр екен».

— Солай! — деді Сары.

Бестібай енді бөтен жағынан келмек болды.

— Жастардың арасында біздің шаруамыз жоқ, —деді ол. Бәрібір біздің айтқанымызға көнбейді. Өздері түсінісеp.

— Сөз бар ма?—деді енді арбасқысы келмеген Сары.

Сөз осымен біткен. Олар бөтен әңгімеге көшкен. Әйтсе де Сары қызының Жәлелден айрылған себебім айтқысы келді, бірақ айта алмады. Бестібай білгісі келді, бірақ біле алмады.

Олар ананы - мынаны әңгіме етіп ұзақ отырды. Тана келіп, шайын ішіп өз бөлмесіне кіріп кетті. Жатар алдында да екі шал өмір туралы тағы бір ұзақ әңгіме қозғады.

— Өмір шіркін жасыңда қырдың қызыл түлкісі секілденгенмен, қартайғаныңда бір сиқы кеткен кәрі қотыр қой тәрізді көрінеді екен, — деді Сары әңгімелері аяқталып келе жатқан кезде бір күрсініп. — Көрген қызығымның бәрі ұмытылып, көкірегіңде тек өкініш қалады.

Бестібай ойлана жауап берді:

— Адамның жасы келгенде өкініш те тозады ғой.

— Тозбайтын да өкініштер бар...

— Баяғы тентек - жастық күніңді айтасың ба?

— Жоқ, о күнге бәлендей құштарлығым жоқ. Көрінген мықтыдан қорқатын шерменде, ойсыз сұрқия заман кімге қажет дейсің. Одан, қартайған шағымдағы көрген күнімнің тынысы кең. Тек балаларым аман болсын.

— Соны айт.

Уәзір:

— Мына келе жатқан сол кісі, — дейді.

— Арқанды тартпай тұра тұр, — дед! хан бұйырып.

Сол айыпкер кісі екен.

— Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас дегендей, — деді ол, — мына жаман мәстегімді биыл жаз шыға отқа жіберіп едім, тойынып қалған екен, кешеден бері ұстатпай бүгін таңертең ғана әзер ұстадым. Сондықтан кешігіп қалдым, хан ием, кешіріңіз. Дарыңызға асылуға мен дайын.

Сонда таң қалған хан:

— Сенің орныңа мына уәзір бүгін дарға тартылып, өзің аман қалатын едің ғой, соны біле тұра неге келдің? Тастай алмай жүрген жаның бар ма еді? — дейді.

— Әрине, тастай алмай жүрген жаным жоқ, — дейді айыпкер. — Бірақ, мына уәзіріңіз маған сеніп кепіл болды ғой. Қарамағыңыздағы адамдар бір - біріне сенімін жоғалтпасын деп әдейі келдім.

Жауабына риза болған әділетті хан оған кешірім істейді, сосын уәзіріне қарап:

— Ал, сен неге танымайтын адамыңа кепіл болдың? — дейді. — Егер мына кісі келмесе дарға өзің тартылатын едің ғой?

— Иә, білемін, хан ием, — дейді уәзірі. — Мен қарамағыңыздағы адамдар бір - біріне мейірбандығын бірі үшін бірі ара түсер жан қияр жақсы ғұрпын ұмытпасын деп кепіл болдым. — Уәзір сөзі риза еткен әділетті хан бұны да өлім жазасынан босатқан екен. Міне көрдің бе, қалқам, — деді Бестібай баласына күлімсірей қарап, — әрине, хан қара халыққа жақсылық жасай да қоймас. Бірақ халық арманы, қиялы соны көкседі. Ал бақыт кілті біздің өз қолымызда тұрғанда, миллионнан шыққан бір бұзық баласының абыройын төгіп жатса, ол үшін әкесі жан беруге бармағанда не істейді? Мұндай әкеңе мыңда бір рахмет. Өзім болсам да сөйтер едім. Әкесінің сөзіне Жәлел іштей риза боп қалды. Кішкентайынан балаларын «жігіт болсаң әрқашан да кішік бол, біреуге тон, біреуге өн ішік бол» деп жақсылыққа үйреткен осы қарапайым шал дер кезінде үнемі дұрыс ақыл бере алатын. Бұл жолы да солай тәрізді.

Шал қайтадан сөйледі.

— Менікі жай далбаса ғой,—деді ол. — Тек саған айтарым, біз тәрізді жетпістегі шалдар бостан - босқа кісі өлтірмейді. Намысына қатты тиген ғой ана найсап. Ал төрінен көрі жақын адамға соншама намыстанар не боп қалды? Кici қартайғанда тек балалары үшін ғана өмір сүреді. Бала үшін адам ең ауыр қылмысқа да бара алады. Әсіресе оның абыройын, ар - ұятын сақтауға тура келсе және Сары маған баяғыда болған құдық басындағы оқиғаны босқа шертті дейсің бе?—Бестібай сәл үндемей қалды. — Мен саған өзімнің жай жорамалымды айтсам, қалқам, түбі Тана жазықсыз күйіп жүрсе сен де оның жебеушісі бола біл демек едім...

Әке сөзі ұнаса да Жәлел үндемеді. «Тана күнәсіз болса, әрине, тек оны кешіруге тиістімін ғой. Кешірмеу адамгершілікке жатпайды. Бірақ Тананы мен бұрынғыдай сүйе алар ма екем? Міне мәселе қайда?..»

Ал Тананың ойламаған оқиғадан ар - ұятының жер болғанын былай қойғанда, оның тірі қалу, қалмасының өзі екі талай еді. Қыздың әбден бой жетіп, күзгі алмадай мүлдем пісіп тұрған кезі, егер Алаң - Алешадан, абыройы ғана төгіліп қоймай, одан да сорақы күйге ұшырап қалғандай күн туса, қайтеді? Тананың тым жүдеп кетуінің бір себебі осы қорқу еді. Иттің етінен де жек көретін, өңі түгіл түнде түсіне кірсе жиіркенетін адамнан шермиіп шыға келсе не қылады?

Тана әлденеге бел буғандай, күннен - күнге қабағы қатуланып, іштей жиырыла түскен. Дәрігерлерге барып, күні бұрын шара қолдану, туғалы мұндай іс түгіл, Жәлелге дейін бір жігітпен жөндеп сүйісіп көрмеген Тана адамның беті шыдамайтын масқара саналады. Өйтуге дәті бармады.

Өлу! Егер Алаң - Алешадан екіқабат екеніне Тананың көзі жетсе де, әрине, бір күн тірі тұрмауы ақиқат. Бірақ өлу оңай дүние ме? Қалай өзіне - өзі қол көтереді? Қалай өмірді қияды? Жарайды, қия алмайды делік, сонда ерсіз бөпе әлдилеп отыру бұған өлімнен кем тиер ме? Жұртқа көрінген сайын күнде бір өлмей ме? Бұдан артық қорлық, азап болар ма? Жоқ, бұған шыдай алмас еді. Рас, адам баласы басына түссе баспақшыл келеді, Тана да бұл қорлыққа көнсін, ал сонда дүниедегі ең жек көрген адамынан туған балаға ана жүрегі дұрыс соғар ма? Өзінің бақытсыздығына себеп болған нәрестені ол қабылдай алар ма? Егер қабылдай алмаса, нәрестені де әкесіндей жек көре қалса, дүниедегі ең қиын сормаңдайлық сол емес пе? Бұл өзіне де, іштен шыққан баласына да өлімнен кем соғар ма? Жоқ, ондай азапқа Тана тағы бара алмас еді. Одан да Тана біржолата өмірмен қоштасқанды әділетті көрер еді. Әлде, іштен шыққан шұбар жыланға да ана, аналық махаббатпен қарайды дейді ғой қазақ, мүмкін Тананы да сол бір ұлы сезім жеңіп, баланы жақсы көріп кетер? Сол бала үшін өмір сүремін дер. Бірақ мұндай ой дәл қазір Тананың басына келген жоқ. Ол қазір тек өзінің абыройсыз төгілген ар - ұятының қайғысымен, қауіптене, қинала күнін өткізіп келді.

Осындай арпалыста қыл үстінде тірі өлік боп Тана үш жарым ай жүрді. Үрейін алған қауіптен аман өткенін сезгенде ғана Танаға ес кіре бастады. Бестібай шал да оны осы кезде көрді.

— Сары, кемпірімен екеуі асты - үстіне түсіп, жақсы күтті, — деген Бестібай баласына ойлана қарап. — Сендерді тағы көретін күн бар ма дейді. Сірә, жаз шыға қызын алып, Қарағандыдағы баласына көшетін түрі бар ма, қалай?

Әкесінің бұл сөзі Жәлелдің ауырып тұрған жеріне таяқтан кем тиген жоқ. Әбігерлене қалды. «Рас, Тана біржолата кетіп қалса не істейді? Жоқ, онсыз өмір сүру қиын. Оған осы төрт айдың ішінде көзі жетті ғой? Ал, Тана көнбесе ше? Неге көнбейді? Неге? Қандай қылмысы бар. Тек қылмысы бар адам ғана сүйіп тұрып, сүймеймін дейді. Әлде өзіне - өзі кешпейтін бір қате істеді ме? Әй, адам баласы, осы «бір қатені» істемей өтуіңе әлің жетпей ме?

Жәлел кенет басын көтеріп алды. «Иә, иә», — деді ол өзіне - өзі, сотта да Сарыны жақтап шығыпты. Бұл шиеленіскен оқиғаның сырын бір адам білсе, ол Хәлел. Әнеугіден бері содан неге сұрамадым? Жоқ, қазір сұрауым керек. Бірақ өзі скважина басында ғой...»

Скважина есіне түсіп еді, Жәлел бұрынғысынан бетер әбігерлене қалды.

Жәлелдің әдісімен қойылған қондырғылар айтарлықтай нәтижеге апарғаны жұртқа белгілі. Бұл ғылыми табыстар, жұртқа әлі жете қоймаған геологтың айтарлықтай жеңісі еді. Бірақ теория көзімен қанша дұрыс делінсе де, жер астының кені сенің өз қолыңмен сандығыңа салып қойған қазынаң емес, мұндайда жаңа ойының ең ақырғы қазығы — осы күнгі Хәлел жүргізіп жатқан алпыс үшінші санды скважинада ғой. Егер он үшінші — он төртінші мұнай қабаты бұл скважинадан кездессе, Жәлелдің болжауы бүтіндей дұрыс болғаны. Әлі де Өзек ауданын зерттей түсуді керек еткені. Қосымша зерттеу жүргізілгелі осы араға қондырғыны тұрғызып жатқанда, Хәлелге берілген тапсырмаға сәйкес, бұрғыны екі мың бір жүз метр тереңдікке дейін жіберілуі керек деп ұйғарылған. Жәлел «түбі көрерміз, алдымен бір мың үш жүз елу метр өтсін» деп ойлаған да қойған. Miнe, қазір ғана есіне түсті, кеше кешке Хәлелдің үйіне барғанда, шайын ішіп отырған Хәлелге Жәлелдің:

— Шаруаң қалай? — деген сұрағына ағасы:

— Жаман емес, графиктен алда келе жатырмыз, — деп жауап берген, егер қатты тау жынысы кездесіп қалмаса, енді бір жиырма шақты күнде екі мың бір жүз метр тереңдікке жетіп, сенің нысанаға алып отырған жиырма бесінші қабатыңды да сынап қалармыз...

Жәлел үйден шығып кеткен. Кеңсесіне барып картадағы диаграммаларды талдап, жіктеп келіп, ағасына алпыс үшінші скважинаны қазіргі жеткен бір мың үш жүз елу метрден әрі қарай бұрғыламауын тапсырған. Қазір Жәлел өз кабинетінде отыр. Кешегі берген нұсқауын тексеруде. «Бәрі дұрыс,—деді ол өзіне, газ қабатынан өтіп, мұнай қабатына Хәлел жетіп қалған екен. — Кеше өзі де сүйдеді ғой». Неге мұндай шешімге келді, тек Жәлелдің өзі ғана біледі. Бірақ бір мың үш жүз елу метрден бұрғылауды тоқтатқаны дұрыс екеніне күмәні жоқ. Сондықтан да ол экспедицияның техникалық бөліміне Хәлел скважинасын сынауға тез дайындық жүргізуін өтініп телефон соққан.

Ал бүгін?.. Дәл осы кезде дүр етіп есік алдына Газ-69» машинасы тоқтай қалды. Жәлел орнынан тұрып та үлгерген жоқ, кабинетіне коллектор қыз жүгіріп кірді.

— Ағай, сұмдық, — деді ол екі көзі шарасынан шыға бадырайып, — скважинадан газ атылып жанып жатыр дейді, Хәлел ағай өрт астында қалған көрінеді...

Жәлел үйден ата жөнелді.

Газ фонтанының өрті бір қауіпті өрт. Жер астынан жүздеген атмосфераның қысымы арқылы тынбай, жоғары көтеріліп көкке шапшыған газдың өртенуі бір қияпат дүние! Қара қошқыл түтіні будақтап көкке өрлей, жалыны жан - жағына шашырай жүз елу метрдей биіктікке жеткен қып - қызыл оттың түрі қандай қорқынышты!

Көбіне мұндай өрт техникалық қауіпсіздендіру ісіне салақтық етілген кезде, пропан, бутон тәрізді жанғыш газдың кенет тұтануынан шығады. Бұл газдардың тұтануы да оп - оңай. Газбен бірге жоғары қарай жер астынан атылған кішкентай түйіршік тастардың біреуі мұнара теміріне тиіп, ұшқын берсе болғаны от лап ете түседі. Бұл жолы өрт осындай жағдайда, тіпті күтпеген жерден шыққан.

Жәлелдің бұйрығын алғаннан кейін, Хәлел сол күні түнгі кезекте бұрғылауды бір мың үш жүз елу метрден тоқтатып, скважинаға сол тереңдікте пайдалану құбырларын жібереді. Жәлелдің тапсырмасы бойынша сынау мезгіліне керек цемент келіп үлгіреді. Газ қабатынан жоғары қарай газ атылмасын деп Хәлелдің бригадасы екі ЦА - 80 агрегаты арқылы құбыр мен скважина қабырғасының арасындағы бос жерге үш тәулікте қататын сынау цементін құяды. Бұл шаруа бітісіменен Хәлел отыз жеті метр биіктіктегі заттарды жоғары - төмен түсіретін темір қондырғы үстіне шығады. Дәл осы кезде күтпеген жерден, құйылған цементті өзімен бірге көкке көтере тарсылдай, гүрсілдей газ фонтаны атылады. Жер астының үлкен атмосфера қысымы газбен бірге аспанға бір - ақ жеткізген кішкентай түйіршік тас мұнара арматурасының теміріне тиіп, кәдімгі шақпақ тас ұшқынындай от жарқ етеді. Сол сәтте - ақ газ лап жанады. Көзді ашып - жұмғандай уақыт өткен жоқ, асау жалын кішігірім таудай боп лаулай жөнеледі. Хәлел секіруге де үлгерген жоқ. «Ах?» деген ең ақырғы айқайы, бір сәт саңқ етіп естіледі де, заматта тына қалады. Өзі қып - қызыл оттан көрінбей кетеді...

Жәлел машинасын ұшырып скважинаға жеткенде бұдан бұрынырақ келген, не істеуге білмей үрейлері ұшып тұрған бір топ кісілерді көрді. Ұшар басы қап - қара түтін боп, жүз елу метрдей биіктікті алып, қып - қызыл от пен көгілдір жалын көкке шапшып тұр. Мұнараның болат темірлері шоқтай балқып, жерге құйылып жатыр.

Көзінің жасы бетінің үстінен бұршақтай домалап, омырауын жуып, үн - түнсіз, отты қабырғаға қарап Жәлел қатты да қалды. Ешкім бұл мынау сұрапыл өртті сөндіруді ойлап тұрған жоқ секілді. Ешкім тыпыр етер емес. Дыбыс шығармай, үрейлі көздерін тулап жатқан жалыннан алмай тек мелшиіп күйзеліп тұр. Жандос пен Алексеенкода да үн жоқ. Жоқ, олар жан-жақтағы жұртқа бірдеме дейді, бірақ дауыстары естілмейді, құр еріндері ғана қыбырлайды.

Жәлел қанша тұрғанын өзі де білмейді, тек бір мезет біреу жеңінен тартқандай болды. Бұрылып қарап еді, Хәлелдің ұлы екен. Баланың жанында егіліп өзінің әкесі мен шешесі, ағасының әйелі мен жас қызы тұр...

Жәлел баланы көтеріп үн - түнсіз бетінен сүйді. Оның көзінен аққан ыстық жас ернін күйдіріп жіберді ме, тезірек жерге қоя қойды. Қалтасынан орамалын алып, бетін сүртті.

Осы кезде қызарып барып күн де батуға айналды. Көкжиектегі күн қызылы мен айдаладағы мынау ғажайып өрттің шарпуы қосылып, жұртқа бүкіл әлем жанып жатқандай боп көрінді.

Жәлел сонда ғана барып, мұнарадан кілт бұрылып поселкеге қарай жаяу жүре берді.

Өрт сөндіру әрекетіне жұрт тек түнде кірісті. Инженер біткен жиылып Жандостың кабинетінде ақылдасты, ертең істейтін шаруаларын қағазға түсірді, проектылардың сызықтарын жасады. Үш сағаттай төсегінде етпетінен түсіп жатып алған Жәлел, түн ортасы ауа бұларға кеп қосылды. Көзінде тұнған жасын әзер дегенде сыртына шығармай, сол қабағы қатқан қалпында бұ да жұмысқа кірісті.

Жанған газ фонтанын сөндірудің де әр түрлі әдістері бар. Егер газ қысымы бәсеңсіген кезде өрт шықса, онда атылып жатқан скважинаға қарсы ауа қысымын жіберіп тұншықтырылады. Өрт сөнеді. Не болмаса сонау фонтан көтерілген тесікке әдейі арнаулы құрыш тығын жасалып, арнаулы маман кісілердің күшіменен скважинаның аузын бітейді. Кейде осылай да сөндіріледі. Мұндай әдісті сол Маңғыстауда бұрын да қолданылған.

Газ өртін сөндіретін бөтен де әдістер бар. От - дәрімен скважина тұсын аттырып, өртті бірден жоқ ету, не скважина ішін, пенопласса секілді заттардың көбігімен толтырып, газды жоғары шығартпай тұншықтырады.

Басқа да тәсілдер аз емес. Өрттің орасан күштілігіне байланысты Өзек инженерлері арнаулы арматура жасап, газ шығып жатқан құбыр мен скважина қабырғасының арасын бітеп, газды тұншықтыруға кірісті.

Қажырлы жұмысшылар қоя ма, бір аптадан асырылмай өрт сөндірілді. Мұнай тәрізді халық, мүлкі апаттан аман сақталып қалынды, бірақ аяулы бұрғышы Хәлел құрбан болды.

Міне, Маңғыстауға да көктем келді! Көктемнің бір ғажайып қасиеті бар. Күн жылысымен - ақ тіпті тақырлар да өзгеріп сала береді. Көктем, сортаңды, тақырлы, құмды Маңғыстаудың алып даласын да жеңді. Көктен аямай төгілген күн сәулесі биыл қар мол түсіп, жер қар суына лықылдап тойған. Жоғарғы қабаты әбден дымқылданған сұрғылт дала шу дегеннен - ақ түрлене бастады .Қазақстанның өзге өлкелеріндей көк орай шөп қалың бітпесе де, тізеге дейін өсетін жусан, алабота, еркек шөп, ақ селеу, бұйырғындарын бірден дүр еткізді. Әр өлкенің төрт мезгілге қарай өзінің түрленетін кезі бар. Мұндай кез Маңғыстауға жазғытұрым келеді.

Жәлел көктемді үнемі бір үлкен қуанышпен күтетін. Күннің алғашқы қыза бастаған кездерінде - ақ екі беті күреңденіп, көзінде орасан жарқын нұр пайда болатын. Қонатын көліне, ұшатын көгіне жеткен жыл құсындай қиялы қанаттана түседі.

Ал, биыл ше? Көп жылдан бергі арманы, — зерттеп келген Маңғыстаудың Өзек мұнай қабатының құрылысы Жәлелдің болжағанына сай шықты. Осындай Өзек ауданында ғаламат мұнай кені анықталып, көңілі көтеріле түсуге тиісті еді. Әйтседе қабағы ашылмай қойды. Халқы үшін, Отаны үшін осыншама жеңіске жете тұрып, Жәлелдің бұлай жүдеуі жөн бе еді?! Әрине, жөн емес. Бірақ жүрегі құрғыр өз басына түскен, тек өзі ғана көтеретін ауыртпалықтан құтыла алмаса не істесін!

Жәлелге ағасының тұйық мінезі, бірбеттілігі, табандылығы, жұмысын жақсы көретіні — бәрі - бәрі ұнайтын. Және өзі осы жасқа келгенше Хәлелге қарсы, оның көңілі қалар бір ауыз сөз айтып көрмеген. Іштей әйгілі мұнайшы Хәлелін мақтан ететін, әр еңбек табысынан бір жасап қалатын, баладай қуанатын. Сөйткен ағасы жоқ жерден қаза тапты.

Ал, бұл өлім болмауы мүмкін еді!

Міне Жәлел ойының осы жеріне келгенде, бармағын шайнап «аһ» ұрып ерсілі - қарсылы жүре бастайды.

«Иә, егер Хәлел сол «бір мың үш жүз елу метр тереңдікке жеттік!» деген күні неге бұл «бұдан әрі жұмысты тоқтатпай, екі мың бір жүз метрге дейін бұрғылай бер» демеді? Рас, өйтіп бұрғылаудың қажеті жоқ еді. Сөйтсе де белгіленген мөлшерге дейін жұмысыңды тоқтатпа дегенде Хәлел өлмес пе еді, қайтер еді? Қап, бекер ақыл берген екен! Бәрібір бір мың үш жүз елу метрден көрінген мұнай еш жаққа қашпайтын еді ғой.

Әлде, ажалдың себебі көп, Хәлелдің дәмі таусылып тұрды ма? Әттең, әттең бір мың үш жүз елу метрден газ атылатынын білсейші! Бұрғылауды тіпті тоқтатпас еді ғой!

Жәлелдің тағы бір өкінетін себебі бар. Артынан барып айқындалды, қойма бастығы сынау скважинасына цемент жібергенде, екі түрлісін жіберіпті. Жартысы сынауға деген арнаулы цемент, екінші жай түйіршікті құрылыс цементі. Біріншісін лаборанттар тексергенде, екіншісін тексермеген. Бәрі бір цемент деп ойлаған. Нашар цемент газды ұстай алмай, апат содан болған. Цементтердің қандай екенін қадағалап, неге тексертпедім? — дейді ол. Міне сондықтан да Жәлелдің өн бойы өртеніп, жүрегі әлсін - әлсін қабына қалады.

«Иә, оның үстіне сол күні әкесі Бестібай Шетпеден келіп, бар ойы соның сөзінде, Танада болды ғой... Сол Тана деген шөңге үнемі ылғи жүрегіне қадалып, өзге іске көңілін бөлдірмей қойды емес пе... Сол күні де жүрегі дәл бүгінгідей күйіп, ойын тас - талқан етіп тұрмап па еді? Иә, иә, солай, солай! Бәрі солай!».

Қазір ол жападан - жалғыз төбе басында тұрған. Көзі сонау көкжиектегі алғашқы пайда болған сағымда, ал ойы онан да алыста.

Жарайды, Тана, кешегі ағасы Хәлел тәрізді, бұған мүлдем жоқ болсын делік, сонда Жәлел өмір бойы осылай қайғыда өтпек пе? Танадан, оның махаббатынан басқа да өмір бар емес пе?.. Халқының алдындағы борышы, міндеті қайда? Осыны істесем деп арман еткен ойлары қайда? Соның бәрін бір махаббатқа құрбан етіп, дүниеден осылай түңілмек пе? Жоқ, Жәлел ондай адам емес. Махаббат қайғысы жанына қандай батса да, ол жұртының алдында өзінің борышын, міндетін адал ақтап өтеді. Жалғыз жаңқасы қалғанша әлі де өз ойы, алдағы тілегі үшін күреседі.

Ендігі күрес неде?

Жәлелдің болжамы бойынша, Оңтүстік Маңғыстау өлкесінің Өзек алаңы мұнайға ең бай және сол кен байлығы өте тереңде жатпаған тұсы. Тағы осындай қай жері бар? Мүмкін солтүстігі шығар? Ал қолдағы дерекке қарағанда бұл болжам негізсіз тәрізді. Неге бұлай? Жәлелдің ойынша Оңтүстік Бозашыдағы, Қызандағы аздаған зерттеулер мұнай теңізінің құрғақ араларында өтіп жатқан секілді. Мұнаралар мұнайы бар алаңдарға қойылмағандай көрінеді оған. Сондықтан геологтың ендігі ойы кен барлаушылар Өзекті тастап, әлі жөнді зерттелмеген Бозашы қолтығына барса дұрыс болатын тәрізді. Мұндай іздеу жұмысы бұдан былай қарай сол жақта жүргізілуге тиісті. Бұл әрине, оңай шаруа емес. Өйткені Бозашы түбегінің солтүстігі бұрын Каспий теңізінің түбі болған. Әсіресе солтүстік Бозашы күні кеше Өліқолтық Сорқайдаң шығандары арқылы теңізбенен жалғасып жатқан. Бұл жерлер қыс пен күзді былай қойғанда, жаздың ортасының өзінде жамбастан келетін балшық, сазды. Осы маңда Қаражамбас дейтін жер бар, Мұнда альб - апт дәуірінің қап -қара саз қабаты жер бетіне шығып жатыр. Сондықтан да бұл араны қазақ Қаражамбас деген. Осы жерлерде қай сазынан болса да өте беретін вездеход машинасы болмаса, өзге машина жүре алмайды. Зерттеудің бір қиындығы осында. Мұндай қиын жерлер қаншама еңбек, қаншама қайрат тілейді. Бірақ ізденудің қасиетінің өзі сондай қиындықта, күресте, қажымай еңбек етуде жатқан жоқ па? Иә, сонда. Толып жатқан кедергі, бөгеттерге қарамай қажырмен, дарынмен, осындай тартыспен әбден шаршап тапқан жеңіске не жетсін! Өмірдің қызығының өзі осындай ізденуде, осындай күресте ғой. Әрине совет кен зерттеушілері ондай қиындықтан бас тартпайды, сол Бозашыға барып жаңа айқасқа түседі. Өзектен де мол мұнай аудандарының табылуы мүмкін.

Тіпті, барып Жәлел сезетіндей жүрегі, интуициясы ояна бергендей. Студент күнінен - ақ, Маңғыстауға алғашқы мұнай іздеген экспедиция партиялармен бірге келген күндерінде -ақ Жәлел туған даласының орасан бай дала екеніне әбден нанған. Сол күмәнсіз ойы, бұны әлі сан биіктерге жетектер, әлі сан қиындықты алдырар!

Жақында Маңғыстауға үкімет адамдары келіп кеткен. Бұлар Маңғыстаудан бұрын Таяу Шығыс, Египет, Америкада да болыпты. Бүкіл капиталистік дүниеде осы мұнайдың жеткіліксіздігі мен энергетикалық дағдарыстың басталғанын өз көздерімен көріпті. Бір жағынан осы да себеп болды ма, әлде Маңғыстау мұнай байлығы — осы үкімет адамдарының қанатты ойларына күш берді ме, Маңғыстау өлкесін, мұнай шаруашылығымен шұғылданатын жеке облыс істеу керек деген ойды айтқан бұлар.

Егер жеке облыс болса, әрине, сөз жоқ, Маңғыстаудағы мұнай зерттеу жұмысы да біркелкі жөнге қойылады. Партия басшылығы таяу жерде, алыс міндеттер де жақындай түседі. Сонда Бозашыны зерттеу мәселесі алдыңғы міндеттің бірі болып саналуы даусыз. Сол міндетті, әрине, Жәлел секілді барлаушылар өз мойнына алады. Жан - тәнін аямай зерттеу жұмысына беріледі. Мүмкін Жәлел Бозашыға барып, зерттеу жұмысына беріліп, жүрегін жеген қайғысын ұмытар, лаулаған күрес, қайнаған еңбек арасында Тана да бірте - бірте естен шығар.

Жәлел ақырын күрсінді «Есінен шығара алар ма екен бұл Тананы? Беу, махаббат қандай ауыр едің? Ауыр болсаң да армансың!

Жоқ, жоқ, өмір бойы арманда кеткенше Танамен тағы бір кездесуі керек, тағы бір сөйлесуі міндет».

Жәлел шығыс жаққа қарады. Ералиеводан созылған жолмен ағып келе жатқан «Газ-69» машинасын көрді. «Бұл кім екен! Жандос емес пе? Оралатын уақыты да болып қалды ғой».

Бұрғылау қондырғысында болған кісі өлімімен байланысты. Алматыдан Ерден Молқожин басқарған арнаулы комиссия келген. Оқиғаның неден болғанын тексерген. Жалпы кәсіпшіліктегі техникалық қауіпсіздендіру жұмыстарымен тегіс танысқан. Мұндайда өндірісте кездесетін кемшілік - қатеңнің бәрін жіпке тізгендей етіп жазып әкеткен. Сол комиссияның қорытындысы министрлікте қаралмақ боп Тілепов пен Алексеенконы Алматыға шақырған. Олар кеткелі де бір жетідей уақыт өткен. Келетін кездері де болып қалған.

Жәлел қырқадан төмен түсіп, жолға қарай аяңдады. Өздеріне төтесінен келе жатқан кісіні көріп машинадағылар тоқтады. Жандостар екен.

Тілепов пен Алексеенко машинадан түсті. Амандасып болғаннан кейін Жандос Юрий Михайловичке:

— Сендер жүре беріңдер,—деді. — Біз Жәлел екеуміз әңгімелесіп, поселкеге жаяу қайтармыз.

— Жақсы.

Машина жүріп кетті. Екеуі оңаша қалғаннан кейін Жәлел:

— Министрліктің коллегиясынан қалай өттіңдер? — деді Жандосқа. — Әйтеуір орынсыз кінә таққан жоқ па?

— Ерден Молқожинның жаппаған бәлесі жоқ, — деді Жандос күрсініп. — Бәріне де тиісті жауап берілді ғой. Бірақ одан қандай маған жеңілдік бар? Бәрібір аяулы ер қаза болды. Хәлелдің өлімі есіме түсіп кетсе қоярға жанымды жер таппаймын... Маған қандай жаза қолданылса да өзіме аз көрінеді... Кісі болғанда қандай кісі еді!..

— Иә, Хәлел бір орасан жақсы жан еді, — деді Жәлел тұнжырап.—Амал қанша, жазмыш солай болған соң.! Оның ажалына егер біреу кінәлі болса, мына мен, туған інісі Жәлел кінәлімін. Мың үш жүз елу метрден әрі бұрғылауды тоқтат дегенімде мүмкін бұл оқиға болмас па еді. Ешкім маған екі мың бір жүз метрге дейін бұрғылама деген жоқ қой... Осы жағдайды ойлай қалсам өкініштен жанымды қоярға жер таппаймын...

— Бар мәселе сол тереңдікте болды емес пе. Ерденнің де бізге қойған бас айыбы да осында жатыр. Бірақ есіңде бар ма, осы бұрғылауды жүргізердегі біздің таласымыз?

— Иә, иә, — деді Жәлел, сондағы болған таласты есіне түсіріп. — Бұрғылау тереңдігін сіз бір мың төрт жүз елу метрден алайық, қаншама мезгілді, қаражатты үнемдеп қаламыз, ал ол қаражатты тұрғын үйлерді көбейтуге жұмсайық дегеніңіз әлі есімде. Ерден тіпті көнбеген. Бес - алты скважинадан мың төрт жүз елу метрге дейінгі мұнай қабатына қарап, бүкіл Маңғыстауды солай бола береді екен деп ойламаңыздар деген. Жоспар министрлік бекіткен, проектіге де соны бұлжытпай белгілеңдер деп отырып алған жоқ па еді? — Жандос ақырын күрсінді.

— Иә, жоспар деген догма емес, әрқашан да творчестволық көзқараспен қарау керек деп бетбақтырмады Ерден. Сөйлеген сөзіне қарасаң барлық барлау жұмысын өзі атқарып жүргендей. Бұларды, әсіресе, мені жұмыстан босату керек деп тас табандап отырып алды. Әйтеуір, бұл іске министрдің өзі араласып, әзер аман қалдық. Ерденнің скважиналарды проектіде қаралған тереңдіктен кем бұрғыламау керек деген ұсынысы министрдің де есінде екен. Егер мұнай ерте көрінсе де бұрғылай бересің бе? деді ол. Әйтеуір, сөгіспен орындарымызда қалдырды. Барлау скважиналарындағы қауіпсіздікті күшейту үшін көптеген шаралар бекітілді.

— Ол сөгіс маған берілуге тиісті еді, — деді Жәлел тағы жүдей сөйлеп. — Әттең мұндай күйге ұшырайтынымызды білсем!

— Енді сен де жүдей берме, — деді Жандос. — Өлген адам қайтып келмейді. Топырағы торқа болсын.

Екеуі поселкеге қарай қатарласа жүрді.

— Хәлелдің ажалына бәріміз де айыптымыз. Бұл оқиға өмір бойы есімнен шықпас. — Жандос кенет Жәлелдің бетіне қарады, — Бозашыны зерттеу жөнінде министрге арыз жазған екенсің, маған неге айтпадың?

Жандостың сұрағының орнына Жәлел оған өзі сұрақ қойды.

— Министр қалай шешті?

— Өзі де Бозашыны қолға алмақ боп жүр екен, ойының үстінен дәл түсіпсің! Экспедиция бастығы етіп мені де жіберу керек деп министр ұсыныс беріп еді. Ерден көнбеді. Енді ол жаққа сен барасың. Жәлелге бұл экспедицияны сенуге болады деді Ерден. Және егер Жәлел Бозашыда мұнайдың көптігін дәлелдесе, Тілеповты сонда мұнайды шығаруға жібереміз деп күлді.

— Оған министр не деді?

— Не десін? Иығын көтерді де қойды. Әрине, Ерден кен сұрайтын болса, мені біржолата құртып жіберуден тайынбас еді.

Енді Жандостың бетіне Жәлел қарады.

— Осы мен бірдеңеге түсінбеймін, — деді ол. — Өзекке келгелі көріп жүрмін. Ерден сіз десе, бөтен үйдің көкжалын көрсе желке жүні тікірейіп, ырылдап шыға келетін төбеттей тітіркене қалады. Неге бүйтеді?

Жандос күлді.

— Ол үнемі өйтпейді ғой, кейде жұмсақ сөйлейді де, тіпті маған жаны ашитын ыңғай көрсететін де кездері болады.

— Иә, иә, сөйтеді. Бірақ ар жағында бір үлкен зіл жатқанын мен де сеземін. Және ол зіл көптен келе жатқан секілді.

— Дұрыс айтасың, ол маған көптен өшігулі...

— Неге?

— Біздің арамыз бір қызық оқиға, — деді Жандос алдарындағы қырқаның үстіне шыққаннан кейін, кеудесін ашып көктемнің салқын самал желіне тосып, — осыдан он жыл бұрын мен Алматыдағы ғылыми - зерттеу институтында жұмыс істедім. Кандидаттықты жаңа қорғаған кезім. Өзімді - өзім дүниені төңкеріп тастайтындай сезінетінмін. Мен істеп жүрген лаборатория соның алдында ғана басқа лабораториядан бөлінген. Бастығымыз осы күнгі ғылым докторы Жакенова. Әкесі бұрын біздің жақта белгілі қажы болған. Бірақ баспасөзде жұмыс істеп жүрген ағайындары қажыны төңкеріске қатысқан етіп газетке жазып, қызының бағы ашылып тұрған шағы... Бізде кейбір адамдар, біреуді көтергілері келсе жоқтан барды сылтау ететін әдеттері ғой, бәлендей әкетіп бара жатқан ғалымдығы болмағанмен, әйтеуір, институттың біраз тетігін қолына беріп қойған. Әрине, менің лабораториямның бөлінгенін Жакенова жақсы көрген жоқ. Көп дүние адамның мінезімен байланысты ғой, біздің жеке отау болғанымыздан оның қадірі түсіп кетердей, ерін бауырына алып тулады. Менімен тіпті өшігіп алды. Сөйтіп жүргенімізде директор боп осы Молқожин келді. Бұрын жоғарғы институтта мұғалім болған, ғалым деген аты бар. Оқу орындарында істеген адамдардың тікелей ғылыми зерттеу жұмысқа қатыспағаны қандай қиын іс. Студентке сабақ беру бір сәрі де, ғалымдарды басқару екінші дүние ғой. Бірақ «семіздікті қой көтереді» деп қазақ босқа айтпаса керек, мың адамдық институтты қолына бергендіктен Ердекең өзін жарты құдай санай келді. «Өзі де шығуға таяу тұрған кез еді» дегендей, бұрын да көкірек адам, бірден дәрежесі мұндай көтерілгеннен кейін қалай көкімесін! Менімен бұрын соғыста бірге болған және арамызда бөтен де қиын жағдайлар кездесіп жүрген. Қойшы, оның бәрін қозғап қайтейін, әйтеуір, келісіменен бір ай өтпей - ақ маған тиісе бастады. Ол кезде мен Ақтөбе мұнай барлау трестімен шаруашылық шартқа отырып, зерттеу жұмысын жүргізіп жүргенмін. Ең алдыменен сол жұмысыма жабысты. Әрине, біздің зерттеуіміз, кәсіпшіліктің басшылары өздері қабылдап, алған мұнай іздестіру - барлау тәсілдеріне қарсы келді. Оларға «бұларың дұрыс емес, халықтың қаражатын босқа шығарып жатырсыңдар, мына жаңа ғылыми әдісімізге көшіңдер», — деп ұсыныс енгіздік. Адам біткеннің бәрі өз қатесін тез көре қоя ма, барлау трестісінің басшылары да айыптарын мойындарына алғысы келмеді. Әрине, ұсынысымызды қабылдаған жоқ және «бұл пәлемен қайдан табысып қалып едік!» дегендей бізден құтылғанша асықты. Ақырында жаңа жылға шарттаспай қойды. Молқожин осыны пайдаланып, менің соңыма түсіп берді. Ол менің лабораториямды жауып, жұмысымызды Жакенова лабораториясына қосып, өзімді босатпақшы болды. Осының бәрі неден? Тіпті Ақтөбе аймағындағы зерттеуім қате бола - ақ қойсын, бірақ бұл ғылым ғой, ғылымда кім қателеспейді? Ондай жағдай өз басына да тумасына кім кепіл? Жалпы жамандық істеуден жақсылық істеу қиын. Жамандық екінің бірінің қолынан келеді. Ал жақсылыққа үлкен жүрек керек.

Жақсылық істейтін адамның ең басты қасиеті, ол адам дегенді жақсы көре алатын болуы керек. Сонда ғана кісі өзгеден жақсылығын аямайды. Ал Молқожин ондай болмай шықты. Ақыры өзімді қуу үшін жұмысымды ғылым кеңесіне салды. Жакенова мен өзі және «қайтсем өсемін» деп жанталасып жүрген жас бір - екі оқымысты жігіт жұмысыма қарсы шықты, бірақ өзге профессор, докторлар, ғылымның шын адамдары мені жақтады. Бұл іске енді жоғарғы орындар, партия ұйымдары қатынасты, ақырында лабораториямды жауып, өзімді жұмыстан шығару былай қалып, директордың өзіне сөз келді. Бірақ Молқожин, өзің де сезіп жүрсің ғой, оп - оңай айтқанынан кейін шегінетін адам ба, менің соңыма түсуін қоймады. Енді өзім ол институтты тастап, өндіріске кеткім келді. Бұным әрине, Ерденнен қаймыққаным емес еді, бұдан бұрын өндірістегі тәжірибемнің аз болғанын, зерттеп жүрген ғылыми жұмыстарымда сезіне бердім. Отызға жаңа жеткен кезім, ғылымға әлі уақытым бар ғой, алдымен молырақ тәжірибе алайын дедім. Бірақ бір нәрсе көкейімнен кетпей - ақ қойды. «Маған осынша өшігер Молқожинге не істедім?—деп өзімнен өзім сұрадым. Жакенова тәрізді бір адамның айтқанымен өшігу тіпті миға сыймайтын дүние ғой... Сөйтіп жүргенде бір кезде әкеммен әріптес болған бір қарт коммунистпен кездестім.

Ол маған:

— Жандос шырағым, сені Молқожинның қарамағында жұмыс істеп жүр деп естідім ғой, — деді амандасып болғаннан кейін, — қалай, қиянат көрсетіп жүрген жоқ па?

— Жоқ, — дедім арамыздағы шатақты бәлендей жақын емес кісіден жасырып.—Оны неге сұрадыңыз?..

— Қайдам, — деді қарт коммунист. — Біз. сендердей тапсыз қоғамда тәрбиеленген жоқпыз ғой, тап тартысының шылғи ортасында өстік. Молқожинның баласы сенен бес жастай үлкен ғой...

Мен ештеңеге түсіне қоймадым. Сонымды айттым.

— Түсінбеуің заңды, — деді ол кісі, — мүмкін қателесетін де шығармын, дегенменен өз ойымды ашайын. Молқожа емес, оның атасының аты Малқожа. Бұл Жайық бойына аты шыққан шынжыр балақ, шұбар төс би ұрпақтары бертін келе кедейленген. Конфискелегені конфискеленді, конфискеленбегендері ертерек, елінен, жерінен бөтен қалаларға ауысып, орыс араларына сіңіп кетті. Кешегі бөлтіріктер, енді қой терісін жамылып момақан бола қалды. Соның бірі осы сенің директорыңның әкесі Қамдем еді. Ол кісі Жакен қажымен құда болатын. Жакен қажының Қамдемнің осы кейінгі, сендерге директор баласына айттырған қызы да өздеріңнің институттарыңда жұмыс істейтін көрінеді ғой, жұрт оны үлкен ғалым болды дейді. Болсын, бала әкеге айыпты емес, ғылымға пайдасы тиіп жүрсе, мейлі. Ал, сенің әкең де сол жақтан еді. Қаратабан кедейдің баласы, Орынборда орысша оқып, төңкеріс ісіне ерте қатысқан, аяулы азамат болатын. Сол кісі конфиске өткен жылы біздің ауданға уком секретары болып келген. Мен ол кезде жұмысшы - шаруа бақылау инспекциясында жұмыс істейтінмін. Ана жақта өзге туыстары конфискеленіп жатқанда, біздің жерде партияға кіріп, басшы қызметке де ілігіп қалған Қамдем мен Жакенді сенің әкең екеуміз партиядан шығартып, жұмыстан қуып жібергенбіз. Сонда осы қара домалақ директорың, он бір - он екідегі бала еді. Әрине, өмір өзгерді. Жұрт та өзгерді. Біздікі жай ескіден қалған түсінік қой. Әкеңмен әкесі жау болды, тап жауы болды, бүгін әкеңнің қасының баласы жетілді, әрине ол совет тәрбиесінде өсті, оған өткен күн, тап тартысы да жат шығар, бірақ көп нәрсе адамның өз басыменен байланысты ғой, кеше соғыста өзімізбен қатар тұрып жаумен атысқан әкелері конфискеленген жігіттер болды. Ал, таптың жаттығын қуып жау шебіне шығып кеткендер де кездесті. Сондай - ақ бүгінде, коммунизм құрып жатқан заманда да, күні үшін түсін өзгертіп, бірақ ішінде қара жылан - жаттығы бұйыққан кейбір сұмырайдың жоқ еместігіне кім кепіл? Қазіргі идеологиялық күрес біздің заманымыздағыдай ашық белдескен күрес емес, ішінен тынған, ыңғайлы сәтін күткен күрес. Әкесі жеген таяқты ұмытпай, баласы өшін сенен алуды ойлап жүрген жоқ па деген менікі бір жай далбаса ғой. Бірақ бұнымның да секем алған себебім бар еді. Бізге адал келсе ол әйгілі Малқожаны неге Молқожа етіп өзгертеді?

Әрине, қарт сөзі маған бәлендей әсер қалдырған жоқ. Бірақ бұ да жай нәрсе шығар... Оның үстіне Ерден майданда менімен бірге болды ғой. Өзім жараланған күні оның соғысқа қатысқанын өз көзіммен көргенмін. Көңілінде алаңы бар адам ондай алдыңғы шепте тұра алады ма? Тұра алмайды. Әйелімді алғанмен, майдандас болған адамды мен жаманатқа қимадым. Оны қорғауды өз міндетім көрдім.

— Ақсақал, сіз қателесетін тәріздісіз,—дедім қарт коммуниске. — Ерден майданда менімен бірге болды. Фашизмге қарсы күрескенін өз көзіммен көрдім. Егер онда бөтен таптық сезім болса...

Қарт мені бөліп жіберді.

— Оның қалай соғысқанын білесің бе? — деді ол, — білмесең, мен айтайын. Сол өзің қызмет істеген ротада, осы Ерденнің ординарец - атқосшысы болып менің жалғыз ұлым майданға қатысты.

— Ермекті айтасыз ба? Иә, оны мен жақсы білемін, Ермек деген бір жанып тұрған от, тұрымтайдай кішкентай сержант болатын. Оны бәріміз де жақсы көретінбіз.

— Иә, білсең, сол сен қатысқан ұрыста, — деді қарт, — менің балам да қатысқан. Рота басқарған Ерден екен. Сен сонда жараланыпсың. Ал, бүкіл ұрыс бойынша Ерден окоптан бір шықпапты. Жауға қарсы бір оқ атпапты. Тек ұрыс біткен соң ғана жұрттың көзіне көрініпті. Артынан сол ұрыс үшін наградалар бермек болғанда оған да орден берілетінін естіген менің балам ұрыс кезіндегі командирінің қылығына әбден күйінгендіктен оған «жауға бір оқ атпай осы орденді алатын болсаңыз мен сізді жұрт алдында масқара етем» деп тікелей айтыпты. Мұндай адамдар әрқашан да қорқақ келеді. Ерденге ол уақытта орденнен гөрі өзінің тірі қалуы арман болуы керек, бергелі тұрған орденді алмапты. Осылай жұрт көзіне адал азамат боп көрініп қапты. Соңынан Қазақстанға майданнан делегаттар жіберілгенде, командир Ерденді өзі қосыпты. Бұны Алматыға келгеннен кейін, керек ғалым еді деп институт сұрап соғыстан босатып алыпты. Сөйтіп, оның майданда болуының өзі екі ұшты ұғым деген әлгі қарт коммунист.

Мен бұл сөздің анығына жеткен жоқпын. Жеткім де келмеді. Және сол күндері қарт коммунистің сөзіне бәлендей мән бергем жоқ, өйткені бұның бәрі баяғыда болған дүние ғой. Егер Ерден сондай адам екені рас болса, өзінің ар - ұятының алдында жауап берсін! Соның өзі де оған жеңіл тимес, әрине, ұят - ары бар адам болса, — деді Жандос аз тоқтап қалып, — және біздің заманымызда ғалым адамдар да, оқымысты кісілер де, елімізде әлдеқашан біткен таптық күрестің ызғары бар деу шын жалған ұғым болар еді. Бірақ Жакенова мен Молқожинның бір жерден екені, екеуі де бірін - бірі жастан білетіні маған әжептәуір әсер қалдырды.

— Әрине.

— Қысқасы, мен Молқожинның өзіме өшігуін тек мінезінен, ақылының жетпегенінен көрдім. Маған істеп жүргені қиянат екеніне Ерденнің ақылы жетпесе не істеймін? Онымен таласатын уақытым болмады, өндіріске жүріп кеттім.

— Бірақ Ерден онда қалды ғой. Көрдің бе бүгінгі күні қандай сатыға көтерілгенін?

— Мәселе оның көтерілген сатысында емес қой, мәселе адам қандай сатыға шықпасын, өзінің орнында тұруында емес пе?

— Әрине ғой.

— Ал Ерден қазіргі көтерілген дәрежесінде дұрыс отырған жоқ. Амал жоқ, министрліктің ертеңінде болған коллегиясында соны айтуға мәжбүр болдым. Әрине, бұнымды кейбіреулер бас араздықтан деп те түсінер, бірақ үндемей қалуға коммунистік арым бармады.

— Жұрт қалай ойласа солай ойласын, мейлі! Дұрыс еткенсің! Егер сенің орныңда мен болсам, мен де сөйдер едім! Министрлік Молқожин туралы қандай қорытындыға келді?

— Әрине, бұл мәселе бірден оңай шешіле қоймайды ғой. Молқожин, жасыл шөп арасындағы жасыл кесертке тәрізді, жұрттың оны бірден айыра алуы да жеңіл шаруа емес. Бірақ қанша ұзын болғанмен жіптің де бітетін шегі бар емес пе? О да қанша жүрер дейсің...

Бұлар поселкеге таяп қалды. Үндемей келе жатқан Жәлел кенет тағы бөтен ойға берілді. «Бұл адам баласының уақтығы қашан бітеді. Маңғыстауды игеру секілді үлкен істе Ерден Молқожин тәрізділердің ұсақ қылықтары шын жексұрындық қой. Жоқ, Маңғыстау майданы тәрізді тартыс майдандағы құр ғана мұнай үшін күрес емес, бұл адамның жамандықтан тазару жөніндегі күресі. Мұндай күрестер бізді тек материалдық жағынан ғана байытпайды, рухани байытады. Біз бұндай тартыс - таластардан кейін жаман қылықтарымыздан, жаман адамдардан арылып, сұлулана түсеміз. Сол үшін де аянбай күресуіміз керек. Тек мұнай үшін ғана емес , адам үшін де күресуге міндеттіміз. Өйткені мұнай да тек Адам үшін ғой!»

Бұлар бұдан әрі сөйлеспей поселкеге кіре берді. Үндемегенмен екеуі де, алдарында әлі сан қиындық барын, сол қиындықтардан тайынбай әлі де талай күресетіндерін, іштей ұғып келеді.

Өзек мұнай барлаушылар поселкесі үлкейе түскен. Қаз - қатар тізілген бір қабат үйлер. Кең көшелер де пайда болған. Бұрынғы бірімен - бірі жалғаса, бұйығып тұрған қазақтың жеркепелерінің ныспысы да жоқ. Ол қорда қазір жас бау - бақша, кісі бойындай боп өсіп қалған жас қарағаш, қанды ағаш... Бұлар Сауысқан құмынан қазылған скважинадан құбыр арқылы жер астының мөлдір суымен суарылады... Көктемдегі күн сәулесімен мол су бұл бау - бақшаны мезгілінен бұрын көгерткен. Сұрғылт далада аз болса да жасыл бау - бақша қандай тамаша. Аса бір көрік беріп тұр. Дала күміс жүзік болса, бұл жас тоғай сол жүзіктің жасыл меруерт көзі тәрізді, бүкіл даланы өзгертіп жіберген. Ал поселкенің сыртында, алыстан сағымдана көрінген, бүкіл көкжиекті алған самсаған мұнай мұнаралары. Қазір мұнда құрығанда елу қондырғы қойылған. Бұл Маңғыстаудың үлкен мұнайының алдыңғы шебі.

Поселке көшелерінің аттары да үлкен қалалардағы тәрізді жаңа: «Еңбек», «Коммунистік», «Космос». Осындай көшенің бірі Хәлел Бестібаев деп аталады. Бұл бір жалпақ кең көше. Бұдан шыққан жол тікелей Шетпеге апарады. Қазір осы көше бойымен поселкенің сыртына қарай ағылған халық. Бәрі сәнді киінген. Қызыл галстукты топ - топ пионерлер. Жұрттың көбінің қолында гүл. Бұл әрине, роза, астра емес, көбінің ұстағаны көктемде ғана осы арада аз уақыт пайда болатын сарғалдақ, жанаргүл, асай - мүсей, кейбіреулерінің қолдарында осы кезде гүлді жапырақтарын ататын меңдуана, алабота тәрізді дала өсімдіктері. Жұрттың бәрі сонау қырқа үстіндегі үстін березентпен жауып қойған үлкен тас мүсінге қарай ағылып бара жатыр.

Бұл Хәлел Бестібаевқа арналған мүсін — ескерткіш. Бүгін ашылмақ. Өзі де тым үлкен. Үстін брезентпен жауып қойғандықтан алыстан бір сұрғылт жартас тәрізденіп көрінеді.

Мүсіннің ашылуына келмеген адам жоқ. Алматыдан, Гурьев, Шевченко қалаларынан арнаулы уәкілдер топтары да жеткен. Солардың ішінде Сәлімгерей, Молқожин, Тана да бар. Хәлелдің әкесі мен шешесі, әйелі мен екі баласы да осында тұр. Жүздерінен әлі де қайғы ізі таралмаған. Анандай жерде Жәлел көрінеді. Үстінде қара костюм, галстуксыз ақ көйлек. Ол бүгін қуанышты да, қайғылы. Қуанышты болатын да себебі бар. Былтырдан бері жүргізілген 62, 51, 57 скважиналар Өзектің бүкіл структуралық жер құрылысы картасын өзгерткен. Осы бұрғылаулар арқылы Өзек алаңының он төртінші, он бесінші қабаттарының мұнайы Солтүстікке қарай ауғаны анықталған. Соңынан осы арадан ұзындығы он шақырым, ені он бес шақырым, қалыңдығы тоқсан метр орасан бай, жана мұнай алаңы ашылған. Бұл кен орны Самотларға11 жетпегенмен, Ромашкино22, Арлон33 кен орындарымен пара-пар түсуі хақ еді. Егер Бозашыны зерттер болса мұнай қоры өсе түсуі сөзсіз делінген. Осы байлық жақында Мәскеудегі Мемлекеттік қор бекіту комитетінде қаралған. Сонда Жәлел ұсынған барлау тәсілі—методикасының сондай дұрыс болғаны айтылған, «осы методиканың арқасында, деген комитет председателінің өзі, бірде-бір бос скважина қазылмапты, бәрінен мұнай атылыпты. «Елу жыл өмірімде, мен мұндай арзанға түскен мұнайды көргем жоқ» деген сөзінің аяғында сол қорғауда комитет председателі академик Малышев. Соңынан Өзек өндіріске берілгенде де Өзек мұнайы арзан екені анықталды. Егер Америкада бір тонна мұнай жүз доллар тұратын болса, әрине бізде ондай қымбатқа түспейді. Әркімнің өз ісінің нәтижелі болғанына қуанатын әдеті ғой. Жәлел де ұзақ жылғы іздеуінің мұндай жоғары бағаланғанына өте көңілді, шат еді. Ал қабағының қатыңқы болуының да себебі бар. Ол, әрине, Танамен байланысты. Сондықтан да Жәлел дүркін - дүркін Тана тұрған жаққа қарап қояды. Әр қараған сайын көзінде бір орасан толқу, өзіне бір мәселені шеше алмай шаршап тұрғаны, қобалжуы байқалады. Бірақ сонау қоңыр көздердің жарқ ете түскен сәулесінен Танаға деген үлкен махаббаттың оты сезіледі. Тана да Жәлелдің өзіне әлсін - әлсін қарай бергенінен әлденеге әбігер болып, жанындағы адамдарды тасалай бергісі келеді. Бұның дәл қазір осыншама қысылуында бір себеп бар. Жәлелдің жанында, осыдан төрт - бес ай бұрын, өзі жауап берген әкесінің сотын басқарған әйел тұр. Жәлелге бар болған оқиғаны оның айтып бергенін жүрегі сезеді. Сондықтан ұялғанынан жанын қоярға жер таппай тыпыршиды. Кетіп қалайын десе, әдейі өзі сұранып келген Хәлелге деген ескерткіштің құрметті ашылу мерекесін қимайды. Бұл құрметті өз көзімен көріп, осынау құшақтап тұрған гүлін, анау бір оқиғадан кейін үлкен адамгершілік қасиетіменен, жүрегінен мәңгі орын алған осы бір әйгілі барлаушының тас мүсінінің аяғының астына төсеп, басын имек.

Иә, Тананың ойлағаны дұрыс еді. Осыдан бір ай бұрын Жәлелді жаңадан құрылған Бозашы мұнай іздестіру экспедициясы бастығы және бас геологы етіп бекітілген министрліктің бұйрығы келген. Дайындық жұмысына кіріскенмен Жәлел, жақында ағасына арнап жасалған ескерткіштің ашылу күнін күтіп, жүрмей қалған. Ескерткіш ашылғанша Шетпеге барып, Танаға жолықпақшы болып жүргенінде Өзекке бір шаруамен ауданнан судья әйел келген. Өткен жолы өзі сот жүргізгенде әділетті қасиетімен ұнап қалған заседательдің үйіне барып көңіл айтқан. Сонда Жәлелмен кездескен. Хәлелдің сөзінен Тана мен Жәлелдің бірін - бірі жақсы көргенін, Алаңның әлегімен екеуінің айрылғанын, және Тананың Өзектен неге дереу кетіп қалғанын, бұны Жәлелдің білмейтінін Хәлелден естіген әйел, Жәлелмен ұзақ әңгімелескен. Оқиғаның қалай болғанын бәрін айтып берген. «Біреудің озбырлығынан ұялып, сүйген адамының көңілін жабықтырмайын деп өз қызығын құрбан ету Танадай адамгершілігі мол, қызға ғана тән қасиет» деген ол. Жәлелдің жүрегі кенет тағы алай - түлей бола қалған. Қорланған сезім, жер боп тапталған намыс, біреудің жауыз қылығы қандай жанның ар - ұятын аяғына басқаны, жоқ жалғыз Тананы ғана емес, өз жүрегін жерге таптап кеткені, Тана айыпты болмаса да, аппақ сүтке аузы лас қара мысықтың тигеніндей, қайдағы жоқ сезім жанын өртей жөнелген. Соның бәрі Жәлелдің басына кеп, қабайын деп қоршап алған көп иттей түнімен маза бермеген. Жүрегін қабындыра, жанын жылан уындай жаман ашындырған. Бірақ бірте - бірте басқа сезім билей бастаған. Біреудің қиянатынан ешбір жазығы жоқ Тананың қайғырғаны, налығаны, ұялғаны Жәлелдің жүрегіне қайтадан от тастаған. Өз махаббатын құрбан еткенмен, Жәлелдің адал сезіміне кір жұқтырғысы келмей, сүйгенінен айырылардай қиын шешімге барғаны — енді Жәлелді басқа ойға бұрған. Мұндай адалдықты жүрегіне тұмар ғып таққан, адамгершілікті тым жоғары бағалаған кісіні, біреудің озбырлығы үшін айыптауға бола ма? Болмаса, сондай Тананы кездейсоқ жамандыққа душар еткен жамандықты ұмытып, Тананы бұрынғысындай жақсы көре ала ма? Түнімен ұйқы көрмей, жүрегі жанып - күйіп, дөңбекшіп шыққан. Өйткенмен орынсыз тулаған намыс, қорлану емес. Тананың адалдығы, өзінің кірлеген ар, ұяты басқаны қорламасын деп, жүрегі өртеніп тұрса да, оның ерлігі, адамгершілігі жеңген. Тананы осы мінезі үшін бұрынғысынан да жақсы көре бастағанын сезінген. Міне Жәлелдің де толқуы осыдан еді.

— Жолдастар, — деді жұрт жиналып болды - ау деген кезде мінбеден Жандос. — Бүгін біз, Өзектің терең барлау скважинасын бұрғылап, Маңғыстаудың үлкен мұнайының алғашқы фонтанын атқызған және сол үлкен мұнайды барлау - зерттеу үстінде ерлікпен қаза болған әйгілі бұрғышымыз Хәлел Бестібаевқа арналған ескерткішімізді ашқалы тұрмыз! Бұл осынау Үстірт даласы мен Каспий теңізінің арасындағы алып өлкеде тұрғызылған алғашқы мүсін! Бұл мүсіннің жұмысшы адамға, еңбегімен, ерлігіменен бәрімізге үлгі көрсеткен қарапайым, барлаушы - мұнайшыға арналғаны, Хәлел Бестібаев секілді халқымыздың, партиямыздың әйгілі ұлдарына деген сүйіспеншілігінің белгісі. Сол белгіні көзімізбен көрейік! Жасасын жұмысшы адам! Кәне, брезентті төмен түсіріңдер!

Екі жұмысшы мүсін үстіндегі кенептің жуан кендір бауларын төмен тартты. Брезент сырғып төмен түсе берді. Ең алдымен Хәлелдің кенеп далбағай киген басы көрінді. Ескерткіш - мүсін құр үлкен емес, ғажайып шебер жасалған екен. Жанып жатқан от тәрізді, шеттерін кедірлі - бұдырлы етіп қашаған қып - қызыл гранит тас - пастамент үстіне жүрегін жалынға, ажалға қарсы тосқан алып адам тұр. Бұл сәл алға қарай ұмтыла түскен, қап - қара мәрмәр тасынан ойып жасалған қажырлы пішін, бұрғышы — Хәлел Бестібаев! Көк аспанның аясында алып мүсін өмірдің мәңгі өлмес бейнесіндей. Тұғыр да «Есіл ер өлгенменен, есімі мәңгі өлмес» деген тасқа ойған жазуы бар.

Жұрт ду қол шапалақтаумен бірге духовой оркестр қуаныш гимн ойнай жөнелді. Мінбеде Хәлелдің аяулы серіктері Жандос, Алексеенко, оның әке - шешесі, әйелі, балалары, інісі Жәлел ең бірінші боп, гүлдерін мүсіннің жанына қойды. Сол - ақ екен ескерткіштің астыңғы жағы гүлден көрінбей кетті. Бұл халқының аяулы ұлына көрсеткен ұлы құрметі еді. Оркестр тоқтап, митинг қайтадан ашылды. Хәлелдің серіктес жолдастары әйгілі бұрғышылар, Валентин, Ораз, әкесі Бестібай сөйледі. Қарт Бестібай көзіне келіп қалған жасын ақ орамалмен сүртіп тұрып:

— Менің балам Хәлел Маңғыстаудың мұнайлы топырағын қазуға жиырмасына жетпей араласып еді, ағайын, — деді. — Жиырма жылдан астам еңбек етті. Сол еңбегін бағалап бүгін оның мәңгі құламас тас мүсінін орнатқандарыңа, халайық, алғысымды айтамын! Өркендерің өссін!

Митингі күн батуға жақындағанда ғана бітті. Жұрттың бәрі тарап болған кезде ғана Жәлел мен Тана поселкеге қарай беттеді. Екеуі қатар келе жатыр. Батып бара жатқан күн қызылы алыстағы төбе, адыр, белестердің басын алтын сәулесімен шалып, әлем біткен бір түрлі сәндене қалған. Кешкі көк торғын аспан да айнадай ашық. Дүние бұдан былай қарай еш қайғы – мұң көрмейтіндей, жер беті мүлдем көңілдене түскен. Осы батып бара жатқан күнді құттықтағысы келгендей, бозаң арасына қонып алған бір топ бозторғай қосыла шырылдайды. Бұлардың әнін тыңдауға құмартқандай, ақ селеу түбіндегі індерінен, атжалман тышқан, әлсін - әлсін басын қылтыңдатып, жан - жағына қарайды. Бұйырғын түбін қуалай, Маңғыстаудың топырағы тәрізді, сұп - сұр кесірткелер жүгіреді. Кенет сол кесірткелердей сұп - сұр түсті шегірткелер шырылдай жөнеледі. Күндізгі қапырық жел де тына қалған. Әлемді анаңның құшағындай, бір жайлы, жұмсақ тыныштық билеген. Табиғат, күн бойы ыстық күнмен алысып, аянбай жұмыс істеген адал баласының шаршаған жанын аяп, бір мезет өзінің құшағына алып, әлдилеп жатқандай.

Қыз бен жігітте әлі үн жоқ. Тек тас мүсіннен алыстаған кезде ғана Жәлел:

— Тана, ертең мен Бозашыға жүрем, — деді.

Тана әзер - әзер жауап берді.

— Естідім.

— Естісең... — Жәлел тағы үндемей қалды. Біраз жер өткесін ғана ол қайта сөйледі. — Сот әйел маған болған оқиғаның бәрін айтты.

— Құдай үшін айтпаңызшы. Еш нәрсе естігім келмейді. — Тана ар жағын айта алмай, бетін қос қолымен басып, жас баладай солқылдап жылап жіберді.

— Оған сен айыпты емессің. — Жігіт ақырын қыздың бетінен қолын алды. — Мен сені бұрынғыдан да жақсы көремін...

Жәлел жас балаша өксігін баса алмай тұрған Тананы құшақтап, үнсіз ұзақ тұрды. Сонан соң екеуі қол ұстасып шетсіз - шексіз даланы бетке алып кетіп бара жатты...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама