Photo: Pixabay (https://www.pexels.com/@pixabay) / Pexels
- 16 ақп. 2026 18:01
- 17
Маңғыстаудағы Боқты тауы әлемдік басылымның жұлдызына айналды
Маңғыстаудың Қарақия ауданында орналасқан, өзінің таңғажайып бедерімен ерекшеленетін Боқты тауының суреті шетелдік The Trillionaire Life журналында жарияланды. Бұл журналдың Instagram парақшасында 12 миллионнан астам оқырман бар.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Таудың ерекшелігі
Журнал парақшасында Боқты тауының бірегейлігі оның терең геологиялық тарихымен байланысты екені атап өтілген. Миллиондаған жыл бұрын қазіргі Маңғыстау аумағы ежелгі мұхиттың түбі болған. Судың шегінуінен кейін шөгінді қабаттар қатайып, эрозияның әсерінен шөл далада жалғыз тұрған мүсінге ұқсас ерекше пішінге ие болған.
Табиғаттың тамаша туындысы
Басылымда Боқты тауының айналасында өсімдіктердің жоқтығы, шексіз даланың көкжиек пен аспанмен ұштасып жатуы, ал өзі биікке ұмтылған таудың ерекше бедерімен және айқын силуэтімен ерекшеленіп тұратыны айтылады.
Журналдың мәліметінше, Боқты тауы шетелдік саяхатшылар үшін Қазақстанның табиғи кереметтерінің бірі және елге келген кезде міндетті түрде баратын орындардың бірі болып саналады. Табиғи ландшафты, таңғажайып көрінісі және басқа әлемде жүргендей әсер қалдыратын бұл жер аймаққа келген қонақтарға ұмытылмас әсер сыйлайды.
Бұған дейін американдық Washington Post газетінде Маңғыстау облысының көрікті жерлері туралы мақала жарияланғанын естеріңізге саламыз.