tengrinews.kz
- 09 сәу. 2026 23:01
- 29
Мексикада су астында қалған шахтада 14 күн болған кенші тірідей табылды
Мексиканың Синалоа штатындағы Санта-Фе кенішінде 25 наурызда болған апаттан кейін 14 күн бойы су астында қалған Франсиско Сапата Нахера есімді кенші тірідей табылды. Бұл туралы Euronews агенттігі хабарлады.
Әскери сүңгуірлер мен құтқарушылар кеніштің суын сорып алғаннан кейін кеншіге жеткен. Мексика президенті Клаудия Шейнбаум бұл құтқаруды «таңғажайып» деп атады.
Апат салдарынан тағы екі жұмысшы қаза тапты, ал бір кенші бұған дейін тірідей шығарылған болатын. Шахтаның құрылымындағы ақаулар су басуға себеп болған деген болжам бар. Апат кезінде 21 кенші өз бетінше сыртқа шыға алған.
Екі апта бойы тәулік бойы жұмыс істеген құтқарушылар мен әскерилердің арқасында аман қалған кеншіні Мазатлан қаласындағы ауруханаға жеткізіп, арнайы медициналық көмек көрсетті.
Бұл оқиға Мексика тау-кен өнеркәсібіндегі қауіпсіздік нормаларының сақталуына қатысты мәселені қайта көтерді. Елде мұндай жазатайым оқиғалар жиі болып тұрады. Мысалы, 2022 жылы Коауила штатындағы Эль-Пинабете кенішіндегі апаттан он кенші қаза тапса, 2006 жылы Паста-де-Кончос шахтасындағы жарылыс 65 адамның өмірін қиған.