Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Мектепке дейінгі балалардың денсаулық сақтау технологиясы

Астана қаласы
«Алтын дән» балабақшасы МКҚК
Балабақша әдіскері:
Ешмуханова Ақмарал Аманжоловна

 

Дұрыс жолға қойылған дене шынықтыру ойындары оқу-білім алуға бөгет емес, қайта бойды сергітіп, ойыңа жәрдем ететін нәрсе.

Ғабит Мүсірепов

Қазіргі кезде қоғамның өміріндегі түбірлі өзгерістерге байланысты білім жүйесінде оның мазмұны мен оқыту технологиясында да өзгерістер болып жатыр.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың еліміздің халқына жолдауында рухани байлықтың, денсаулықтың қажеттілігін айтқанындай, жас ұрпақтың бойына тазалық пен сергектікті, салауатты өмір құндылықтарын енгізу − біздің міндетіміз. Сондықтан бала денсаулығын нығайтып, психологиялық сақтандыруды жүзеге асыру және оның насихаттау шараларын белсендірек жүргізу балабақшадан басталғаны абзал.

Мақсаты: Балалар денсаулық сақтауға және нығайтуға арналған іс-шараларды жүзеге асыру. Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінің жұмыс белсенділіктерін сақтау. Салауатты өмір салты туралы біліммен дағдыны қалыптастыру. Алған білімдерін күнделікті пайдалана білуге үйрету.

Денсаулық болу үшін төрт бірдей шарт қажет:

1 шарт: Еңбек

2 шарт: Жүйелі тамақтану

3 шарт: Салмақтың тұрақтылығы

4 шарт: Шынығу

Жеке тұлғаның дамуы үшін мектепке дейінгі кезең ең қолайлы кезеңі болып саналады, себебі оқу-тәрбие үрдісін салауаттандыру мақсатын жүзеге асыруда, балалардың жеке психологиялық, физиологиялық денсаулықтарын сақтауды ескеру аса маңызды.

Мықты денсаулықтың, дененің дұрыс жетілуінің, жоғары жұмыс қабілетінің негізі нақ осы мектеп жасына дейінгі балалық шақта қаланады, қозғалыс қызметінің қалыптасуы, сондай-ақ дене қасиеттерінің бастапқы тәрбиесі де осы жылдарда өтеді.

Дені сау бала тіпті қарап отыра алмайды. Бірақ, бала не істеуді, қалай істеуді білмейді. Сондықтан ол ересек адамдардан өнеге алады. Баланы өз күшіне сендіріп үйрету керек. Бала еш уақытта іссіз отыра алмайтын болғандықтан оған ылғи пайдалы іс беріп отыру керек. Пайдалы іспен айналысқан бала өз бетімен жат қылықтарға әдеттенбейді.

Қимыл-қозғалысын дамытып, қозғалмалы ойындар ойнатып, күн тәртібінде көрсетілген серуен, ойын, тамақ, оқу іс-әрекет, ұйқы кезеңдерін мүлтіксіз орындау керек.

Сонымен қатар бала тамағының жақсы болуы, құндылығының артуы міндеттердің бірі болып есептеледі. Бала ағзасының таза әрі денсаулығының жақсы болуы тамақтануға, күнделікті қолданатын тамақ құрамында қажетті дәрумендердің көп болуына, тамақ түрлеріне байланысты. Бала ағзасы өскен сайын өз қажетінше дәрумендер алуы қажет.

Балаларымыздың дені сау болып өссін десек, біз бала тәрбиесінде серуенге аса мән беруіміз керек. Таза ауадағы серуен баланың денсаулығын жақсартып, денесін шынықтырады. Даладағы серуен баланың ширақ қимылдап, жан-жақты дамуына көмектеседі. Жаз айларында барлық сауықтыру шараларын далада таза ауада өткізген жөн. Баланы жылдың қандай ауа райы болсын серуенге шығарған абзал. Ауладағы құрал-жабдықтар, ойын әрекетіне арналған ойыншықтар баланың жасына сай болуы керек.Дені сау ішкі жан дүниесі сау адам − бақытты адам, ол өзін өте жақсы сезінеді, өзін-өзі одан әрі жетілдіруге, дамыта түсуге тырысады, жан дүниесінің сұлулығын аша біледі.

Мектеп жасына дейінгі балалар өздерінің іс-әрекеттеріне ата-аналарының қатысқанын ұнатады. Ойын − баланың еңбегі, сондықтан өз еңбегінің жемісіне ата-аналарының қатысып, бірге бөліскені бала үшін үлкен қуаныш. Сонымен қатар жазғы сауықтыру кезеңдегі ұйымдастырылған серуен, саяхаттарға бірге барып, өз көмектерін береді.

Әрбір ата-ана өз баласының денсаулығы мықты, қайратты азамат болып өсуін қалайды. Сондықтан мектеп жасына дейінгі бала денсаулықтарын нығайтып, психологиялық сақтандыруды жүзеге асыруда балабақша мен отбасы бірлесіп жұмыстану қажет.

 

Күтілетін нәтиже:

- Балалардың дене сымбаты сақталады

- Денсаулық ең басты құндылық екенін түсінеді

- Баланың бағдарламаны игеру деңгейі өседі

- Көңіл-күйлері көтеріліп, қызығушылық қабілеттері артады

- Санасында өмірге деген құлшыныс, өзгені сыйлау сияқты адамгершілік қасиеттері дамиды

- Үлкендер және өз қатарындағы құрбылармен іскерліктері шыңдалады

- «Өз денсаулығым өз қолымда» түсінігі қалыптасады.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама