- 10 қар. 2016 00:00
- 241
Мемлекет басшысы еліміздің білім секторындағы басты мақсатын айтты
Қазақстанның басты мақсаты - білім беру секторының экспорттық әлеуетін өсіру. Бұл туралы Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында бүгін Сеулдегі Енсей университетінде болған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Басты мақсаты болашақтың көшбасшыларын дайындау болып саналатын сіздердің университеттеріңіздің құрметті докторы атану мен үшін сүйсіндірерлік жайт. Бұл ретте университет басты назарда еркіндік ұстанымын алға қойып отырғандығы да маңызды. Бұл ұстанымды қолдаймын әрі ол елінің және бүкіл өркениеттің дамуына бағалы үлесін қосатын ұрпақ тәрбиелеуге басты шарттардың бірі деп санаймын. Соңғы жылдардағы Кореяның экономикалық және әлеуметтік дамудағы жетістігіне бұл дәлел бола алады», - деді Назарбаев.4
Мемлекет басшы екі ұрпақ буыны ауысқан қысқа ғана мерзімнің ішінде Кореяның шетелдік көмек алушы елден ірі донарға айналғандығын баса айтты.
«Сіздер 2025 жылы ғылым мен техника саласындағы бәсекеге қабілеттілік деңгейі бойынша үздік 7 елдің қатарына кіру мақсатын сенімді түрде жүзеге асыра аласыздар. Жетістік кілті адами ресурстарды дамыту болып саналады. Біз Кеңес одағы күйрегеннен кейін құрылған жас мемлекет әр уақытта сіздердің тәжірибелеріңізге қарадық. Өзіміздің мемлекеттігімізді қалыптастырудың бастауында Оңтүстік-Шығыс Азия жолбарыстарының бірі - Оңтүстік Кореядан үйрендік те», - деді Қазақстан Президенті.
Елбасы Кореяның креативті экономиканы дамытудағы саясатына оң баға бере келе, Қазақстанда да экономика мен бүкіл қоғамды жаңғырту жүргізіліп жатқанын айтты.
«Реформаларда ғылыми қамтымды экономиканы құру және ЭЫДҰ елдері стандарттары негізінде адам капиталы сапасын арттыруға айрықша мән беріледі. Біздің басты мақсатымыз - шығарылатын кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және білім беру секторының экспорттық әлеуетін өсіру», - деді Назарбаев.