Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Мен қалай соттала жаздадым?

«Адамның басы алланың добы» деген ел ішінде тұрпайы тіркес бар. Асылы адамның басы Алланың добы емес, адамның басын доп етіп ойнайтын адамның өзі ғой. Өйткені «адамзатты махаббатпен жаратқан» (Абай) Алла әділетті. Адам ғана әділетсіздікке бейім. Мәселені Алла Аллаша, адам адамша шешеді. Адам туғаннан өзімшіл. Сондықтан да мұндайда адам өзінің пайдасы үшін пендешілік шеңберінен шыға алуы тым қиын. Бұл әсіресе, тасбауырлана түскен қоғам тұсында анық байқалады. 1937 жылғы репрессия заманында да, Желтоқсан оқиғасы кезінде де солай болған. Одан қызір де ұзай қойған жоқпыз. Әсіресе, құқық қорғаушылар тарапынан әділетсіздік көріп, нақақтан күйіп бара жатқандар туралы мысалдың талайын көлденең тартуға болар. Ондай оқиғаны алыстан ат сабылтып іздемей-ақ, өз басымнан өткенді баяндасам да жетіп артылады. Егер тергеушілер қанша әурелесе де жалғыз түйір кінәрат таба алмай, Құдай қалап, амалсыз босатпағанда, егер өзгеріп кетпесе, қазіргі Қылмыстық кодекстің 96-бабы бойынша (адам өлтіру), берісі алты, әрісі он бес жылға бас еркімнен айырылып, темір тордың арғы жағында өмірім өксумен, бостандыққа телмірген күйі әлі күнге дейін отырған болар едім. Ал сонша уақыт нақақтан нақақ тас қапастың тұтқыны болу, ондағы қорлық пен азапты бастан кешіру — арманның адыра қалуымен тең емес пе? Он бес жыл бір жігіттің жастық өмірі. Жастығын жоғалтқан жанның өмірді жаңадан бастап, қалыптасып кетуі, әй, тым қиын-ау. Одан түрмеден жігері жасып, қайраты кеміп шыққан адамның ерік күші жете қоя ма?

Алматыдағы Әуезов аудандық ішкі істер бөлімінің жанынан өткен сайын сол оқиға — кінәсіз сотталып кете жаздағаным еске түседі. Бірі кәріс, бірі қазақ — қос тергеушінің білегіме кісен салып, аса қауіпті қылмыскер ретінде, сол кезде осында орналасқан мемлекеттік тергеу комитетіне айдап әкелгені ойға оралады. Бұл 1996 жылдың жазы еді.

— Пистолет қайда?

Ұлты кәріс тергеушінің (кейіннен білдім, фамилиясы Цхай екен) зілдене қойған алғашқы сауалы осы болды.

— Менде ешқандай пистолет болған жоқ.

— Ал А-ны немен аттың?

— Ешкімді атқаным жоқ. Айтып тұрғаныңыз жала.

— Бар, апарып таста камераға, — деді Цхай жанындағы қазақ жігітіне бұйырып. Тас камера аса үрейлі, аса ызғарлы қабақпен қарсы алды.

...Физкультура институтының студанты Жарқынбек екеуміз жалдамалы пәтерде тұратын едік. Ара-тұра оның таныстары, достары үйге бас сұғатын. Солардың бірі А. есімді жігіт сол күні ертемен үйге келді. Үстінде шолақ шалбар, ақ футболка.

— Мені Абай мен Правданың (қазіргі Алтынсарин) қиылысына жеткізіп салшы, таксимен, — деді Жарқынбектің үйде жоғына көзі жеткен соң. — Стадионда жүгіріп жүр едім, біреу пышақтап кетті. Міне.

Қинала сөйледі. Алақанымен басқан ішінен шып-шып қан білінді.

— Ауруханаға апарайын.

— Жо-жоқ... үйге...

Жүйрік көлік лезде-ақ айтылған тұсқа тізгін тартты. Сол арада А. автомат телефонмен әлдекімге қоңырау шалған. Сәлден соң жүздерінен үрей табы сезілген екі жігіт сау етіп жетіп келді де, әлсірей бастаған А-ны сүйемелдеп ала жөнелді. Мен оларды пәтеріне дейін шығарып салдым да, болған жайды баяндап, келген ізіммен кері қайттым.

...Алғашқы тергеуден босаған соң кеудені қысқан қараңғы камераға сыздықтатып сәуле сыйлап тұрған оймақтай терезеге көз сала отырып, осы оқиғаны ой елегінен өткіздім. «Демек А. пышаққа түспеген. Оны біреу пистолетпен атқан болды ғой». Сол сәт өмірімде екі мәрте ғана кездескен А-ның кейінгі жайынан хабарым жоқ болатын. Тек оның қалқан құлағы ғана есімде қалыпты. «Ауруханаға апарды ма екен? Не қалды екен?»

Абақтының темір есігі сатыр-сұтыр ашылды. Кезекші полиция екен.

— Кеттік!

— Қайда?

— Тергеуге! Немене әкеңгің үйіне апарар деймісің?

Тағы да Цхайдың алдында отырмын.

— Сонымен пистолетті қайда жасырдың?

— Менде ешқандай пистолет болған жоқ.

— Сатып жіберіпсің ғой?

— Болған жоқ деймін.

— Айт шыныңды. Біз бәрін біліп отырмыз. А-ны қалай аттың?

— Ешкімді атқаным жоқ. Ол үйге өз аяғымен келді. Біреу пышақтап кетті деді. Айтқан жеріне таксимен жеткізіп салғаным рас.

— Түсінік жаз онда. Бәрін жаз. Қалай, қашан атқаныңды.

— Ешкімді атқам жоқ.

— Өшір үніңді! Жаз!

Қазақша жаза бастағанымды көз қиығымен байқап қалған ол «орысша жаз» деп зекіп тастады.

— Жазбаймын орысша.

— Жазасың.

— Өйткені мемлекеттік тіл қазақ тілі. Мемлекеттік тілде жазуға құқым бар.

— Қарай гөр, — деді Цхай ызаланып. — Заңды біліп тұрсың, ә?

— Өзі журналист екен. Міне мүшелік билеті, — деді жанындағы орыс тілді қазақ. Шамасы көмекшісі болар.

— Солай де, журналистпін де... Онда бұдан былай зэк туралы, түрме туралы жазатын боласың, — деді Цхай мысқылдап. — Ұқтың ба? Зэк туралы. — Ол сұқ саусағын шошайтты. — Түсіндің бе? Зэк...

Қос білегіме тағы да кісен түсті. Тергеу толастаған жоқ. Әрбір жарты сағат сайын тергеушінің сұмпайы жүзін көру, құйтырқы сұрақтарына жауап беру жүйкені жұқарта бастады.

— Тек шыныңды айт. Ертелетіп екеуің қайда бардыңдар?

— Ешқайда барған жоқпыз. Ол өзі келді үйге.

— Екеуміз бірге болдық деп айтты ғой ол.

— Болған жоқпыз екеуміз. Әкеліңіз, беттестіріңіз.

— Айқайлама! Он бес жылға кетейін деп отырып неге айқайлайсың? Ол өлейін деп жатыр. Өліп қалса біттім дей бер! Кетесің... фюу..

Тергеуші саусағын айқастырып, тордың белгісін көрсетті.

— Айттым ғой, зэк туралы роман жазасың...

...Тағы да тас қапас... тағы да тергеу.

— Екеуің неге жанжалдасып қалдыңдар?

— Ол сенің үлесіңді аз берді ме?

Төзімді тоздырған сұрақтар...

...Көшені қараңғылық бүркепті. Алақандай ойықтан үміт сәулесіндей болып білтеленген күндізгі жарықты қараңғылық жұтқан. Тыстан торғайдың шиқылы ғана естіледі. Бостандықта жүрген қаперсіз құстың шиқылы. Сол арада кінасіз бола тұрып, анау торғай құрлы дәрменімнің жоғына налыдым. Кейбір тергеушілердің адам тағдырынан гөрі қылмыстың «ашылу» үлесі өскенін жөн санайтынына сол арада көзім жете түсті. Тек алдына келген адамды сөзден сүріндірсе, сөйтіп болмағанды болды қыла алса жетіп жатыр.

Қылмыстық кодекстің 52-бабында «жазаның мақсатына жетуі» деген ұғым бар. Бұл жазаның тәрбиелік мәні деген сөз. Әділетті тергеуші осы ұғымды ең әуелгі орынға орынға қоюы міндет. Ал олар осы орынды ұғымды түсіне ала ма? Кінасіз адамды қылмыскер етіп шығарудан ұтылатынымызды, жалпы қоғамның осыдан зардап шегетінін мойындауымыз керек. Мойындамағанымыз шығар, прокуратура жұмысы, тергеуші ісі біздің қоғамда бүгінге дейін жабық тақырып. Оны жазуға кейде төртінші билік деп есептелетін бұқаралық ақпарат құралының да шамасы жете бермейді. Дұрысы жеткізбейді. Тіпті кінәсіз екенімді сезе тұра, журналист екенімді біле тұра, «ертең абройсыздыққа ұшыраймын-ау» деп ойламастан БАҚ өкілін қанқұйлы қанішер етіп шығарғысы келгені осының бір дәлелі емес пе? Әйтпесе қылмыскердің жәбірленушіні таксимен үйіне жеткізіп салғанын естіп пе едіңіз?

Қолым кісенге сұғулы қалпы таңды ұйқысыз атырдым. Темір торлы ойықтан бозамықтанып сәуле білінді. Көшеде машинаның гүрілі молайды. «Жала жапқан деген осы ма? Шынымен соттамақ па? Неге келім Алматыға?»

Тағы да тергеу. Тағы да сұрақ. Тағы да зэк туралы мысқыл.

Үшінші күні түс ауа менің адалдығыма сенген бір қайырымды ағайдың көмегімен тас бұғаудан әрең босап шықтым. Бұл кезде Цхай тергеуші мені қылмыскер етіп шығаруға жақындап қалған еді.

Осы мақаланы жазып отырып, сол Цхай мен Цхай сияқтылар қанша кінасіз адамның түбіне жетті екен деп ойлаумен болдым.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама