Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Менің педагогикалық ұстанымым

Әсетова Зарина Махмутқызы                                              
Сырым ауданы Жамбыл ауылы
ЖББ Жамбыл негізгі мектебінің
Бастауыш сынып мұғалімі

«Ел есінде бір жыл қалғын келсе-ас бер, он жыл қалғың келсе-ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе-бала тәрбиеле»  дейді халық даналығы. Мен үшін ең қастерлі де, қасиетті мамандық ол - ұстаздық.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай атамыз айтқан осынау қастерлі мамандықтың иесі атанғаныма 3 жылдан аса уақыт болды. Қиыны мен жеңілі, қызығы мен қуанышы мол болған еңбек жолындағы педагогикалық ұстанымым - үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және әр оқушының бойынан жақсылық тауып, бұлақтың көзін ашу арқылы биік мақсаттарға жетелеу.

«Ана мейірімі мен ұстаз мейірімі егіз» демекші, адам баласының өміріндегі қасиетті ананың бірі болып табылатын ұстаздық қызмет соның ішінде бастауыш сынып мұғалімі болу аса жауапкершілікті іс деп білемін. Осындай жаһандану заманында тұспа-тұс келген біздің   шәкірттеріміздің бойында ұлттық рухымызды сіңіріп, тілі мен дінін, ділін берік ұстанған ұрпақ оқыту, тәрбиелеу барысында бастауыш сынып мұғалімінің мойнына жүктелетін міндет зор. Менің педагог ретіндегі басты ұстанымым - өз ұлтыма рухани діңгегі мықты, қазақ елін әлемдік  кеңістікке еркін самғата алатындай, білім мен тәрбие деп аталатын қос қанатын қомдаған заманына сай ұрпақ тәрбиелеуге өз үлесімді қосу.

 Ұлы Абай “Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады”, деп айтқаны белгілі. Адамзат баласының алтын тәжі, асылы Пайғамбарымыз  Мұхаммед с.г.с  хадис шарифінде былай дейді: «Адам баласының бойында бір кесек ет бар, егер сол ет  дұрыс болса, сол адам дұрыс  болғаны, ал егер сол ет дұрыс болмаса онда барлық  дене бүлінеді».  Ал ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов: «Мектептің жаны — мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі, мектепке керегі — білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім», — деген.

Мен ақпарат кеңістігінен хабар алып, сабақтардың қалай өту барысын көріп, өзге ұстаздардан ақыл-кеңес алып отырамын. ustaz.kz sabak.kz, bilimland т.б. көптеген сайттарға кіріп тұрамын.

Бастауыш сыныптарды оқыту барысында интерактивті модульдік  технологиялардың әдісін қолданамын.  Келешекте өз әдістемелік технологияларым мен сабақ үйрету шеберлігімді жетілдіру үшін мынадай жұмыстар жүргізу қажет деп білемін:

— үздіксіз біліктілігімді көтеріп отыру;

— арнайы әдебиеттерді оқу;

— оқытудың жаңа әдістері мен технологияларын ендіріп отыру;

— өзіндік сарап жүргізу арқылы ұзтаздық шеберлікті жетілдіру.

Қазіргі ақпараттық технологияның заманында  ұрпағымыздың бойында кітап оқу үрдісі кенжелеп қалған. Осы кемшілікті жою барысында   шәкірттеріме кітап оқуға көптеген тапсырмалар беремін. «Поэзия баспалдағы» атты үйірмемде балаларды қазақ халқының маржан  сөздерімен сусындатуға, кітап оқуға баулыймын.

Халқымызда «Жас келсе - іске» деген керемет сөзі бар. Демек мен бойымдағы жастық жігерімді, күш қуатымды, жаңашылдығымды шәкірт  тәрбиелеуге жұмсауым керек деп ойлаймын. Болашақта өз оқушыларымды биік белестерден көрсем, сол үшін өзімнің кішкене де болса   үлесім тиген болса, мен өзімді бақытты ұстаз, бақытты адам деп білемін.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама