- 16 мау. 2023 00:00
- 235
Мерзімді қызмет өткерген 1500 сарбаз ЖОО-да тегін оқу мүмкіндігін алды
2022 жылғы көктемде шақырылған мерзімді қызмет сарбаздарын ЖОО-ға іріктеу конкурсы аяқталды.
Іріктеу ыңғайлы әрі ашық өтуі үшін «Срочники 2.0» цифрлық платформасы енгізілді. Платформада ҚР Қарулы күштері, Төтенше жағдайлар министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметінің 110-нан астам жауынгерлік бөлімі тіркелген.
«Бұл жүйеде барлық мерзімді қызмет жауынгерлерінің қызмет ету кезеңін бағалау көрсетілген. Оны қандай да бір жолмен ауыстыру мүмкін емес. Ай сайын барлық пәндер бойынша әскери қызметшілердің ағымдық бағаларының рейтингі шығарылып отырады. Әскерлердегі жауынгерлік дайындық журналдарында және осы электрондық платформада есеп жүргізіледі. Электрондық жүйеде әр сарбазға жеке рейтинг жасалады», - деп түсіндірді ҚР Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның айтуынша, кандидаттарды іріктеу келесі критерийлер бойынша жүргізіледі: жауынгерлік дайындық; жеке тәртіп; арнаулы міндеттемелерді орындаудың толықтығы; психологиялық жағдайды бағалау.
Әр сарбаз үш университетті таңдай алады. «Срочники 2.0» электронды жүйесінде сарбаздарды ЖОО-лар бойынша бөлу автоматты түрде жүргізіледі.
«Қорғаныс министрлігінде жоғары оқу орындарына сарбаз бөлуді бақылау үшін комиссия құрылғанына ерекше назар аударғым келеді. Комиссия құрамына Қарулы күштердің басшылық құрамы, Ұлттық ұлан, Төтенше жағдайлар министрлігі секілді күштік құрылымдардың өкілдері, азаматтық жоғары оқу орындарының және сарбаз аналары комитетінің өкілдері кірді», - деді спикер.
Қазір конкурстық іріктеуге 2022 жылғы көктемде шақырылған 12 548 мерзімді қызмет сарбазы қатысуда. Оның ішінде Қорғаныс министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметі, Төтенше жағдай министрлігінен – 6539 сарбаз, Ұлттық ұланнан – 6007 сарбаз бар.
2022 жылғы күзде шақырылғандар үшін квотаның екінші бөлігі осы жылдың күзінде өтеді.
Сарбаздар жоғары оқу орындарына түсу сертификаттарын «Срочники 2.0» платформасынан ЖСН арқылы тексере алады. Сондай-ақ, тізімдер әлеуметтік желілерде жарияланып, жоғары оқу орындарына жіберіледі.
«Қазір ЖОО білімін алуға 1500 орын бөлінеді. Экранан сарбаздардың онлайн режимде қалай бөлінетінін көреміз. Мұнда ҰБТ-ға ұқсас, QR коды бар сертификаттар бар. Оларды қолдан жасай алмайды. Мәселен Номировский Родион Алексеевич оқуға 100 пайыздық жеңілдік ұсынысын алды. Құттықтаймыз! 1500 сарбаздың 350-і әскери оқу орындарын таңдаған», - деді А. Төлембаева.
Сонымен бірге, Қорғаныс министрлігінде жедел желі құрылды, барлық толғандырған мәселелер бойынша +77051200417, +77087641616, +77172565360 нөмірлеріне хабарласуға болады.