Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Мұғалім

Мұғалім ауладағы балаларды жинап алып оқыта бастаған кезде, адамдар таңданысып қалды.

Сөйтсе де балалардың сабаққа деген ынтасы әдеттегі мектебіне барған кездегіден де анағұрлым жоғарырақ еді. Олар сабақ уақыты жақындаған кезде дереу ойындарын доғара салып, дәптерлері мен қаламсаптарын алған күйі әлгі мұғалімнің пәтеріне қарай асығып бара жататын.

Осы бір пәтерге қоныстанған ерлі-зайыпты жандарға жұрттың назары алабөтен ауған еді. Адамдар оларды ерлі-зайыпты мұғалімдер екен дейді.

Киім киісі мен өзін-өзі ұстауы жағынан оқыған-тоқыған жан екендігі байқалып тұратын осы бір ер адам мен оның жанындағы сұлуша жүзді жұбайын ауладан көруге болар еді. Олар жарасымды түрде қолтықтасқан күйі қатарласа кетіп бара жатады.

Жұрттың назары, әсіресе, ер адамның жұбайына көбірек ауады. Себебі әйел мұсылмандық ғұрып үлгісімен киінетін.

- Олар өзі сендерге не оқытып жүр? - деп сұрайды ата-аналар балаларынан.

- Олар бізге түрік тілін үйретеді, біз түрік тілін үйреніп жүрміз, - дейді балалар ата-аналарына. - Бізге сабақты ер мұғалім жүргізеді. Ол әріптерді асықпай, ыждағатпен үйрете бастайды. Бұл кезде оның жұмысына жұбайы араласпайды. Ол ас бөлмеде болады және бізге тәттілер пісіреді. Ал күйеуі сабағын аяқтап болғаннан кейін, ол бізді тәттілермен сыйлайды.

- Олар, шынында да, балаларды жақсы көреді екен, - дейді ата-аналардың бірі. - Мен олармен сөйлескен едім. Бұл олардың табиғи мінезі ме, әлде кәсібіне сай ұстанымы ма, білмедім? Өздері балаларды қатты жақсы көретіндігі туралы айтты.

Балалар бірте-бірте қара тани бастады. Олар тіпті кейбір жекелеген сөздердің мағынасын ажыратып айтып та бере алатын болды.

Ал бір күні ерлі-зайыпты жандар басқа пәтерге қоныс аударып кетті.

Сол-ақ екен, ауладағы жағдай баз баяғы қалпына түскен еді. Балалар енді дәптерлері мен қаламсаптарын ұстап сабаққа асығып бара жататын уақыттарында аулада бұрынғысынша асыр салып ойнап жүретін болды. Олардың дәптерлері де бір бұрышта ұмытылып қалды. Өздері де бірте-бірте білгендерін ұмыта бастады.

Ал бір күні олар осы бір пәтерде осындай бір ерлі-зайыпты жандардың тұрғандығын да мүлде ұмытып кетті.
 


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама