Photo: Bia Limova (https://www.pexels.com/@bia-limova-1908542654) / Pexels
- 19 сәу. 2026 14:00
- 21
"Мұғалімдерді қорлап отыр": Аттестацияға наразылық күшейді
Танымал блогер-ұстаз Бәкіжан Кәкім мұғалімдер аттестациясы төңірегінде болып жатқан жағдайға қатысты алаңдаушылығын білдірді. Ол Оқу-ағарту министрлігінің аттестация кезінде енгізген жаңа талаптарын сынға алып, бұл жүйенің мұғалімдерді қорлаумен пара-пар екенін айтты.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аттестация талаптарына наразылық
Блогер өз пікірінде қазіргі Оқу-ағарту министрлігінің мұғалімдер аттестациясында жасап жатқан жаңалықтарын қатаң сынап: "Екі ортада президентті жаман атты қылады ғой осылай жүріп. "ОЗП" тапсырмайсыңдар деп, тапсыртып жатыр. Қағазбастылықтан құтыласыңдар деді, ақыры құтылдық. Дым өзгермеді. Педагог-шеберге қойылатын талап университеттердің ғалымдарына қойылатын талаптармен бірдей болды. Оқушылармен айналысайықшы, өтініш! Білім сапасын көтеру үшін, оқушыларға көбірек уақыт бөлуіміз керек секілді. Бұл жерде бас қатыратын ешқандай арифметика жоқ", - деді.
Мұғалімдердің жаппай наразылығы
Бәкіжан Кәкімнің бұл пікіріне әріптестері де қосылып, өздерінің наразылықтарын жасырмады. Пікір білдірген педагогтер "Бұл мұғалімді қорлау ғой!", "Бір түсінгенім - мектептен кету керек. Дым жақсарады деген үміт жоқ", "Мұғалімдерді қорлап отыр???? Ақша бермеудің амалы.......????? Әттең тонның келесі.......?????" деген сияқты ойларын жеткізіп, ашуға ерік берді.