Мяу шаңары
Бір кездері Алматыда Айнаш деген қыз өмір сүреді. Ол өте мейірбан, қолы ашық, ақкөңіл болатын. Айнаштың қиялы да аса ұшқыр еді. Әрі ол табиғат аясындағы жануарларды да өте жақсы көретін. Бір жылы Айнаш 15-ке толған туған күні алдында қызық түс көреді. Түсінде алтын тәж киген мысық келіп:
— Айнаш, сенің мейірбандығың үшін мен сені Мысықтар әлемі — Мяу шаһарына арнайы шақырамын. Біздің құрметті қонағымыз бол! — дейді.
Келесі күні Айнаш дүкеннен келе жатып түсінде көрген мысықты кездестіреді. Бірақ мысықтың басында алтын тәж жоқ екен. Мысық Айнаштан қаша жөнеледі. Ал Айнаш соңынан тұра қуады. Мысық қаланың сыртына қарай қашады. Айнаш қуа береді, қуа береді. Мысық қала шетіндегі бір қарабайыр үйдің қорғаны бұрышындағы кішірек үйшікке барып кіріп кетеді. Еңбектеп барып Айнаш үйшік ішін қараса, ешкім де, ештеңе де жоқ. Ол да үйшікке кіреді. Көзін ашып-жұмғанша болмай бір жаққа ұшып бара жатқанын байқайды. Енді бір сәтте жұмсақ шөптің үстіне құлайды. Айналасына қараса, кішкентай сабан үйшіктер тұр. Айнаштың қасына көзге оғаштау — қызық киінген кішкентай бала мысық келеді. Ол Айнашқа:
— Сәлем! Менің атым — Динко. Сенің атың кім? — деп сұрайды.
Айнаш таңғалып:
— Сәлем! Менің атым — Айнаш, — деп, ой үстінде тұрып өз қолына қараса, қолы мысықтың алдыңғы аяғынан аумай қалған. Айнаш шошып, анандай жердегі кішкентай өзенге жақындап барып бетін жуайын деп суға үңілсе, беті де мысықтың бетіне ұқсас. Ол жанұшыра Динкодан:
— Динко, айтшы, біз қай жақта тұрмыз? — деп сұрайды.
Динко оған күле қарап:
— Біз Мысықтар әлемінің астанасы — Мяу шаһарында тұрмыз. Бұл көріп тұрғаның қаланың сырты, — деп жауап береді.
Динкомен сөйлесіп тұрған Айнашты сарбаз мысықтар гауһар таспен әшекейленген үлкен сарайға ертіп келеді. Сарайдың ішіндегі мәрмәр тақта Айнаш түсінде көрген алтын тәж киген үлкен мысық отыр.
Патша мысық оған:
— Айнаш, мені осынша күттіріп қойғаның не? Мен — Эльфиус патшамын. Қасымдағы менің ұлым — Мигель ханзада. Сен қайырымдылығың мен мейірбандығың үшін осы Мяу шаһарында тұратын боласың. Кәмелет жасқа толған кезде Мигельге тұрмысқа шығасың, — дейді.
Айнаш патшаға:
— Хан ием, мен сіздің ұлыңызға тұрмысқа шыға алмаймын. Әрі Мяу шаһарында тұрғым келмейді. Мені үйге қайтаруыңызды сұраймын, — деп қарсылық танытады.
Эльфиус патша ашуланып, оны түрмеге жаптырады. Айнаш түрменің терезесінен қарап отырып, Динконы көріп қалады.
Динко да оны байқап, оған жақындап келіп:
— Сенің менен біздің қай жақта тұрғанымызды сұрағаныңды енді түсіндім. Сен басқа әлемнің тіршілік иесі екенсің. Бірақ қай әлемнен келгеніңді біле алмадым, — дейді.
Айнаш өзінің адамдар әлемінен келгенін Динкоға түсіндіреді. Өзіне ханның айтқан сөзін айтып, мұңын шағады.
Динко:
— Сен бұл жерден күн батқанша кетуің керек. Кетпесең, мысық күйіңде мәңгі қалып қаласың. Анау алаңға қарашы. Ол жерде Эльфиус патшаның басқа әлемдерден шақырып, Мяу шаһарын-да қалуға, Мигель ханзадаға үйленуге ұсыныс жасағанда қар-сылық танытқан жас қыздардың бастары найзаларға шаншылып ілінген. Менде бір ой бар. Сенің қолыңа өткір пышақ беріп кетемін. Өзім сайқымазақ болып сарайға кіріп, ханның көңілін аулап, күлдіруге тырысамын. Сен оның күлкісін естіген сәтте темір торларды пышақпен кесіп, сыртқа қаш. Сөйтіп, мені ша-һардың сыртында күт, — деп, оған пышақ беріп, өзі сарайға кіріп кетеді.
Айнаш біраздан соң патшаның күлкісін ести сала торларды кесіп, сыртқа қаша жөнеледі. Темірдің сақыр еткен дауысын естіген Эльфиус патша Динконың желкесінен қыса ұстап, мысық сарбаздарымен бірге Айнашты сыртта күтіп тұрады. Динко оны көре салысымен:
— Айнаш, тез қаш! — деп айқайлайды. Өзі Эльфиус патшаның бетіне жармасады. Айнаш басқа жаққа қаша жөнеледі. Динко тістелеп жүріп патшаның қолынан сытылып шығып, Айнаштың соңынан жүгіреді. Екеуі шаһардың сыртына шығады. Сол жерде Динко қалтасынан күміс сақина шығарып:
— Бұл Эльфиус патшаның адамдар әлеміне есік ашатын сақи-насы. Біз адамдар әлеміне кірген соң, мен сөйлей алмай қаламын. Сен мені өз үйіңе апарып, өз мысығыңдай күт, өсір. Анаңа даладан тауып алдым де. «Өзің қайда болдың?» деп сұраса, достарыммен ойнадым дерсің, — деп кеңес береді.
Екеуі адамдар әлеміне оралады. Ұзақ әрі бақытты ғұмыр кешкен Айнаш Динконы соңғы демі біткенше аялап күтеді.