- 12 қар. 2019 00:00
- 207
Нағашымның әңгімесінен
Менің нағашыларым Шаншар елінің әдет-ғұрпын еске алып, мынадай бір әңгіме айтты.
Қыс айы болатын. Күн шаңғытқан аяз еді. Үш салт атты адам Ақайдың Қасенінің аулынан қайтып келе жатып, төрт үйден ғана тұратын Шаншардың аз ғана аулына кез болдық. Келген қонаққа таныған-танымағанына қарамай қонақасы беріп, сыйлау қазақ елінің ежелгі дәстүрі ғой. «Бой жылытып алайық» деп ойлап, аттардың ауыздығын алып, шөпке байлап, сәлем беріп, бір үйге кіріп келдік.
Келсек, бір қыз жүкаяқтың үстінде жүн түтіп, жеңгесі сырмақтың үстінде ұршық иіріп отыр екен. Екеуінен басқа үйде адам жоқ. Біз төрге шығып жайласып отырдық. Қасымдағы жігіттердің бірі атқосшы болатын. Басында жаңадан тіктірген, плюш барқытпен тысталған қара елтірі
тымағы бар-ды. Басқа киімдері жұпыны еді. Екінші жігіттің аяғында қонышы ұзын жылтыр саптамасы бар-ды. Қай үйге келмесін қонышындағы киізін алып, түкіріп-түкіріп етігінің қонышын жалтыратып сүрте бастайтын-ды. Ыспалайтын да жататын-ды. Әлгі жігіт үйге кіріп отырысымен, өзінің сол дағдылы кәсібіне кірісті.
Жүкаяқтың үстінде отырған қыз бәрімізге көз тоқтатып бір қарап алды да:
— Жеңеше, мына кісілердің жөн-жобасын сұрап, таныспайсыз ба? — деді жеңгесіне бұрылып.
— Жөндерін сұрамай-ақ өздері түсіндіріп жатқан жоқ па? Таудың басынан етегіне дейін түлкі қуған тазы ұқсап, үйге кіріп үлгермей-ақ сәнденіп, аяқтарын жалап жатқан ел арасының серілері емес пе? — деді жеңгесі еріндерін сылп еткізіп.
— Менің байқауымша бұл кісілер қайын жұртының аулына бара жатқан адамдарға ұқсайды. Өйткені шеткерек отырған ағай тым басынан жарасыпты, — деді қыз сөзді іліп әкетіп.
Ол елдің сыры ертеден бізге мәлім ғой. Бізді ермек жасап күлкіге айналдыра бастағанын сездім де:
— Қарақтарым, біздің жәйімізді айтқызбай-ақ білгендеріңді түсініп отырмыз. Бірақ, енді, алыс жолға кетіп бара жатқан адамдар едік. Асығыспыз. Бізге арнап ет аспаңдар. Ащы қуырдақ пен бір шай әзірлей қойыңдар, — дедім мен. Үйдің иесі:
— Қақсап-зарлап айтатынын айтты ғой, орындамасақ болмас, — деп орнынан тұрды [жеңгесі]. Оның соңынан қыз да кетті. Тағы қай жерімізден мін табады бұлар деп күдіктеніп, берген шайларын қысыла-қысыла ішіп, асығыс аттандық әлгі үйден.