tengrinews.kz
- 10 мам. 2026 12:00
- 22
Немістер Ирандағы соғысқа байланысты жеке көліктерінен бас тартуда
Германия тұрғындары Ирандағы соғысқа байланысты жанар-жағармай бағасының қымбаттауынан жеке көліктерін тастап, велосипед пен қоғамдық көлікке отыруға мәжбүр болып отыр. Бұл туралы Deutsche Welle сайтына сілтеме жасап Tengrinews.kz хабарлады.
Сауалнамаға қатысқан немістердің 48 пайызы АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысының салдарынан жанар-жағармай бағасының күрт өсуіне байланысты жеке автокөліктерін пайдаланудан жиі бас тартқанын айтты. Нәтижелерге сәйкес, немістердің 29 пайызы көліктен велосипедке ауысса, 24 пайызы қоғамдық көлікті жиі қолдана бастаған.
Германия автоклубтарының мәліметінше, Ирандағы соғыс әлемдік мұнай артерияларының бірі болып табылатын Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын тоқтатқан наурыз айының басынан бері бензин мен дизель отыны бағасы ең төмен деңгейге түскен. Мысалы, 7 мамырда Германиядағы E10 бензинінің орташа бағасы литріне 1,984 еуро, ал дизельдікі – 2,025 еуро болды. Бұл әлемдік нарықтағы мұнай бағасының төмендеуіне және мамыр айының басында Германия үкіметі енгізген "жанар-жағармай жеңілдігіне" байланысты мүмкін болды.
Сонымен қатар, сауалнамаға қатысқан респонденттердің үштен екісі (67 пайызы) бағаның өсуіне байланысты энергияны үнемдеуге көбірек көңіл бөлгенін мәлімдеді. 56 пайыз неміс тұрғындары пайдаланылмаған электр құрылғыларын "күту" режиміне қоюдың орнына өшіріп тастайтынын айтты.
Респонденттердің 55 пайызы үйлеріндегі жылыту құрылғыларының қуатын азайтқанын, 52 пайызы электр энергиясын тұтынуды саналы түрде қысқартып жатқанын айтты. 47 пайызы ыстық суды да үнемдейтінін көрсетті.