Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Өлі мен тірі

— Тірі кісі мен өлі аруақ — екеуінің жолы екі айырық. Бірге жүріп, бірге тұрмағы мүмкін бе? — деді Ли.

— Өлген адам — бұ дүниеден тыс. Алайда, артында еске алып отыратын жақыны болса, ол да өткенін ойламай, кейінге қарайламай тұрмайды, — деді баласы.

Пу Сун-Ли. Қайта тірілген Чжұр. 1657 ж.

— Бізге — аруақтарға бәрі де мағлұм, — деді шәйіт болған жігіт.

Шоқан Уәлиханов. Өлі мен тірінің достығы. 1862 ж.

— Мен хақ тәңірім — мәңгілік аллаға да, өлмес, өшпес тірі жан — қастерлі аруаққа да сенемін…

Мұхтар Мағауин. Шытырман. 1996 ж.

* * *

Айбол мен Сындыбала қартайғанша… жоқ, жасамыс тартқанша тату, тәтті тұрды. Тек жалғыз-ақ кілтипан — перзентсіз еді. Әуелде уайым, кейінірек — қайғы, ақыр түбі — ішке түскен, тіршілікке керағар болмаса да, үнемі жан ауыртып, көкірек сыздап тұратын, шарасыз, үйреншікті дерт. Жазмышқа көнбейтін пенде бар ма.

İлкіде кім ойлапты. Айбол он жеті жасқа келді. Сол жылы мектеп бітірмек. Енді… кәмелетке толар-толмаста майданға әкетуге тиіс. Аудандағы комсомол жетекшісі, бітірген, бітірмегені бар, құралпас оншақты баланы арнайы шақыртып алып, жастарын өсіріп, әскерге сұрану туралы жарлықты кеңес беріп еді. Айбол хош көрмеді. Ауылдағы алдыңғы ағалар түгелге жуық қырылып біткен. Бұл да өлімнен қорықпайды. Тек мезгілсіз ажал құрығын өз еркімен мойынға салғысы келмеген. Анығында, Сындыбаланы қимап еді. Екеуі жақында ғана жарастық тапқан. Бұл оқитын орта мектепте кітапханашы болатын. Жасы толған. Он сегіз. Бірақ өзі, анық өз қалауымен тіленбесе, әскерге шақыра алмайды. Ал Айболдың жасы толмаса да, арнап сұранбаса да әкетуге мүмкін екен. Әлгі комсомол жетекшісі екінші қайтара келтіріп, қатты ескерткен. Сенен басқа сегіз бала түгел өтініш берді, кері тартқан жалғыз өзің, егер еркіңмен тіленбесең, әскериятқа сыртыңнан қажетті дерек береміз, он сегізге толды деген, одан да, абыроймен арыз жаз деген. Советтік социалистік Отанды сүю керек, ұлы Сталин үшін, балшабек партиясы үшін… тағы қаншама нәсихат айтқан. Ал Айболдың ұлы Сталинге де, балшабек пен советке де дауы жоқ, социалистік Отанды… теріс көрмейді, ал Сындыбаланы анық сүйетін. Қыз да… солай сияқты. Әлде бүгінгі ауылдағы жігіт тапшылығы ма, ұзын бойлы, биік қабақ, қоңыр көзді аққұба бойжеткен өзінің құлағынан әрең асып тұрған шарқы, бірақ қағылез, нәзік баланы тәуір көріпті. Шын сияқты. Шын. Айболдың күмәні жоқ еді. Осы жазда, тіпті, мектептегі оқу бітер-бітпесте келін түсірмек. Қайткенде де ажалға асықпайды. Осылай шешті. Екеуі келісе отырып.

Дәл осы кезде… ойламаған жерден қырғын соғыс аяқталды. Сенер-сенбес жағдай. Қашан, сонау қырық бірінші жылдың сары күзінен бері, әне жеңдік, міне құртамыз деп келген, енді, біржола талқандадық… барып кірдік… астана қаласын алдық… деп дауылдатқанмен, дүдәмал көп еді, ақыры шындыққа айналды. Арада ай өткенде оқу да біткен, яғни бар бала кәмелеттік аттестаттарын алып, еркіндікке шықты. Сол күні кешке Айбол ғашық Сындыбала сұлуды өз үйіне оң аяғымен енгізіп еді.

Арты әжептәуір әңгімеге ұласқан. Жасы жетпепті. Абырой болғанда, қыз емес, жігіт. Заңда жасы кеміс жігітті жауапқа тарту туралы тармақ жоқ екен. Бәрібір іске ілінді. Әлгі, кәмелетке толса да бойдақ, әрі әскер жасынан асып кетсе де соғысқа бармаған комсомол жетекшісі пәлелі қағаз түсіріпті. Қозғалып, тергеліп үлгермеді. Айболды баяғы, мектептес, ауылдас сегіз баламен қоса, екі жүз шақырым жердегі Нарын қаласына шақыртқан. Қарақайыс түйе жеккен ескі арбамен, ұшқасып, жаяулап, арада бес қонып, әрең жетті. Әскер емес екен. Әскерден босату. Соғыс бітті. Енді бейбіт еңбек, бүлінген шаруашылықты қалпына келтіру. Отаншыл, ер жігіттерге алғыс. Қолдарына бір-бір жапырақ қағаз берген. Сонда көрді. Бұл да арыз жазыпты. Жасым он сегізге толды, Отанымызды қорғап үлгермедім, енді жаудың ордасын ойрандауым керек деген. Бұдан бұрын да талайдың түбіне жеткен әлгі сұғанақтың шаруасы. Тіпті жақсы болды. Айбол сотқа алғыс, яғни куәлік қағазын әкеп көрсетіп, оп-оңай құтылған. Ол — ертеңіне. Әуелгі және одан да соңғы ең үлкен қуаныш — ұзақ жол үстінде тұтас екі апта аралары ажыраған, сағына аңсаған Сындыбаламен қайта табысу еді. Бұдан соң ешқашан жұптары жазылмады, иә, сырттай оқуға түсерде алыстағы Семейге барып қайтқан, тура жарым жылдай көрінген бірер айлық сапары болмаса. Оның өзінде әуелгі курстан соң, екінші жазда Сындыбаланы қасына ала кетіп еді. Қалалы жерді көреді, дүкен жағалап, базар аралайды. Құдайға шүкір, табыстары мол, қызметтері жақсы еді. Сындыбала баяғы кітапханада. Ал Айбол — мұғалім.

Сол қызықпен әуелгі, жас дәурен, жиырма беске дейінгі уақыт өте шығыпты. Бұл кезде ғайыптан тірі қалып, соғыстан аман-есен қайтқан жігіттер де тегіс бейбіт өмірге араласқан. Бойдақтарының өзі түгел үйленіп біткен. Әйтсе де, басы бос қыз көп, Сындыбала қарайлас, одан аз-маз үлкен, тіпті, кіші, жаңадан бой түзегендердің өзі тұнып тұр. Бір мүшесі кем болса да, еркек атаулыға қолы жеткен әйел заты түгел бақытты сияқты. Өзге емес, Сындыбала. Тағдырын әйтеуір біреу емес, Айболмен телігенге шынымен-ақ риза. Жаңа ғана қосылғандай, күндіз аралары ажырамайды, түнде құшақтары жазылмайды. Тек… басқа жұптардың бәрінде жапырлай туып жатқан бала ғана әзірше елесін көрсетпей тұр.

Әуелгі үш жылда ойланбаған. Одан соңғы төрт жылда сенімнен айрылмаған. Кейінгі бес жылда үмітін үзбеген. Ақыры отызға келгенде күмән түсті. Отыз бен қырықтың арасы қиялмен өтті. Арман алыстап кеткен. Бірақ екеу-ара, неге, қалай деген сөз тумап еді. Және үміт те біржола үзілмепті. Сындыбала қалаға барған бір сапарда арнайы дәрігерлік тексерістен өткен. Бәрі дұрыс. Онда, рас, отыз екіде. Қайткенде де жас қой. Енді… күйеуіңізді қаратыңыз депті. Қалай айтар. Қаралғанда… не өзгермек. Көрініп тұрған ойыс-кеміс ештеңесі жоқ. Онда да… бәрі дұрыс. Ендеше, әлі де мүмкіндік түгесілген жоқ. Сонымен, алдамшы көңіл жетегінде әжептәуір заман өтіпті. Содан бір күні, Сындыбала қырық алтыға қараған еді, кейінгі кезде жайы болмай жүрген, ақыры бір күні кешкі шай үстінде айтты, ендігі кінә менен, қайткенде де бала көтере алмаспын деп.

Екеуі атау керелерін ішкендей, үнсіз тынып, қураған дастарқан басында ұзақ отырды. Содан соң шамды сөндірмеген қалпы төсекке жатты. Қараңғылық түссе, екеуін қатарынан жалмап қоярдай. Біріне-бірі тығылыса, үн-түнсіз құшақтасқан қалпы. Бір кезде Сындыбала шалқасынан аударылып түсті, ауа жетпегендей, көрпені кеудесінен төмен ысырған. Аққұба өңі сұрлана толқиды. Бет-ажары әлі де әжімсіз еді. Ал омырауы жазық, кеудесі толық, бар денесі бұзылмаған, баяғы он сегіз емес, әрине, отыздағы қалпында сақталғандай. Керіле созылып, кеудесін көтере бере, әлі құрығандай сылқ түсті де, екі қолымен бетін басып, өксіп жылады. Өмірінде алғаш рет назаланған. Тәңірі тағала, неден жаздым, неден сорлы болдым, дейді. Бүгінде жұрт далаға тастап жатқан бір шикі-өкпені бізге неге қимадың деп еңіреген. Онсыз да қапалы Айболдың өне-бойын қара тер жауып кетті. Жұбатарға сөз таппаған. Ақыры айтты. Сенің обалыңа қалған, бағыңды байлаған — мына мен, деді. Әуелде асықтырып, майданнан оралатын атпал жігіттерге жеткізбей, алып кеткен мен жазықтымын бәріне, деді. Сындыбала, бар қайғы-зары қылышпен кесілгендей, қалт тынды. Содан соң, тарқатылған күрең шашы бетін жауып, басын көтерген.

— Сен не айтып тұрсың? — деді. Басынан тоқпақпен ұрғандай, мәңгіре абыржып азғана бөгелді. — Мүмкін, мен шығармын, сені тұқымсыз қалдырған, — деді. — Соншама неден тарындың!.. — деді, бар кінәні, бар салмақты көтеріп алған кейіпте.

Енді Айболдың көңілі босап еді. Сындыбала еркіне жібермеді.

— Тұр, — деді. — Бәрі жақсы. Бар қайғы осымен кетсін. Шай ішейік. Жаңа… жаңа бір өмір бастайық… — деді.

Тұрды. Бет жуылды — қайғы тарқаған жоқ. Жаңадан, таза киініп, дастарқанға отырды. Екеуден-екеу ғана. Сындыбала мұңды жүзіне күлкі үйіріліп, баяғы, үлкен үйге алғаш келін болып түскен күнгі толқыныс, қуанышы туралы айта бастады. Сол бір күнгі қызығы, сол бір түнгі мерейі қырық жыл бейнет көруге татитындай екен. Айболдың да ойы. Алғашқы күн, алғашқы түндер ғана емес. Бар ғұмыр. Бақытты болыпты. Бірақ сыртқа шығарып айтпаған. Үнемі көкейде тұрса да. Бұл жолы да анық ақиқат жағдайды қайталап жатуды артық көрген. Дәл бүгін, дәл осы сәтте, қамыққан, жабыққан мезет, бейуақ, шарасыз сағатта орайы келіп тұрса да.

Оның есесіне басқа бір кептің шетін шығарды. Екі рет ұмсынып, үш рет жұтынып барып… ақыры:

— Осы біз… бала асырап алсақ қайтеді?.. — деген.

Сындыбала аңырып қалды. Басын көтере, еңсесі жазыла, кейін серпілген. Шошып кеткендей. Содан соң бетін басып, тағы да… жылаған жоқ, төмен қарап, тұқшиып отырып қалды.

Иә. Талай айтқан. Баяғыда. Сындыбаланың өзі. Бірақ Айбол хош көрмеп еді. Бірге туған, тіпті, немере, шөбере жақыны жоқ. Аталас жамағайын баласын бере қоя ма. Берсе… ақыр түбі сіңе ме. Оның үстіне, ел біледі, жұрт көреді. Енді… өзі соған мегзеп отыр.

— Ауылдан, ағайын арасынан емес, — деді. — Жақын деп айтарлық кімің бар. Сырттан… Қазіргі жастар әрқилы жағдайда… сол, жетімдер үйінен таңдасақ…

Сындыбала басын изеді. Енді тағы да… бір күліп, бір жылаған.

Жаз еді. Бар қаражатын жандарына салып, қалаға аттанды. Қыдырып, дем алып қайтуға. Шындығында, бала тауып алуға. Әуелі Нарын бармақ. Одан облыстық қала Семей. Одан да асып, астана Алматыға. Қайткенде кеңінен қамтымақ. Жолдары болуға тиіс.

Алматы аспаған. Семейге жетпеген. İргедегі Нарыннан тауыпты. Мұнда балалар үйі жоқ екен. Бірақ… тастанды балалар ұшырасады. Ұшырасқанда, перзентханадан шыға бере, тастап кеткен жағдайлар болған. Болды. Былтыр ғана. Әктілеп, куәландырып, арнайы медбикемен, Семейге апарып әрең өткізген. Ал осы жақында ғана… ерте көктем, анада ғана, қаланың қақ ортасындағы қоқыр жәшіктен шықты, кіндігі де кесілмеген кішкентай қыз, қатып қалыпты… Әлдебір бетсіз салдақы тапқан, тастаған. Осындай сұмдықтар. Өздерімен ауылдас, тіпті, бесінші, әлде алтыншы атадан қосылатын, иә, жетінші екен, жасы тетелес жамағайын туыстары айтқан. Баяғыдан бері осында орныққан білікті дәрігер. Ертерек хабарласқанда…

— Әйткенмен, деген, бір күмәнді жағдай болып тұрғаны. Бір жас қыз түсті, кеше ғана. Аман-есен босанды. Балпанақтай ұл. Бірақ… уайымды, назалы, — деді. — Жылай береді. Бала емес, әлгі қыз. Ешкімі жоқ сияқты. Әйтеуір артынан кісі келмеді. Өзі де ешбір дерегін айтпайды. Сірә, басқа жер, басқа қаладан. Жол-жөнекей, пойызда толғағы ұстапты, жедел жәрдем бізге вокзалдан алып келді…

Екеуінің де өзегі солқ ете түсті.

— Қыдырбек… — деді Сындыбала демі дірілдеп. — Сол қыздың артынан мен барайын. Туыс апайы ретінде…

Барды. Барғанда, тәртіп, ішке кіргізбейді. Сырттан дәм берген. Ыстық сорпа, нәрлі тамақ. Араға қолды-аяқтай медбикелер түсті. Сырттай сөйлесіп, жағдайды біліп тұруға. Жаңағы, әрі жақын бауыр, әрі осындағы әжептәуір бастық Қыдырбектің шапағатымен.

Ақыры, не керек, әлде төртінші, әлде бесінші күні сыртқы, ашық терезе арқылы қыздың өзімен жүздескен. Сыздықтап жөн-жобасын айтты. Өткен жазда Алматыға оқуға барған. Түсе алмаған. Содан… ауылға қайтуға намыстанып, келер жылды тосып, тоқыма фабрикасында жұмыс жасап жүргенде… әлде алып қашқан, әлде алдаған. Енді не тиын-тебен жоқ, не мекен-тұрақ жоқ, ешқандай амал таппай, елге қайтыпты. Уақытын, жағдайын нақты білмеген, әйтеуір жетіп алайын дейді ғой. Әлде Семей, әлде Өскемен. Енді бір сөзіне қараса, Семейден Алматыға бара жатыр ма, қалай. Әйтеуір, шатысқан, адасқан бір жағдай. Әуелде ойлағандай, елге көрінер де беті жоқ. Енді… өзі де білмейді, не болғанын, не боларын.

Не болғаны белгілі еді. Алып қашса да, алданса да, тіпті, өз қалауымен сейіл құрса да, күтпеген пәле жабысқан. Содан қайткенде құтылсам деген. Ақыры, ешкім білмес, адам танымас жерде, сәтімен аяғы жеңілдепті. Енді не болары… Сындыбала ақылшы әрі тілектес апайы ретінде… ептеп айтты. Айтты. Ақыры көндірді. Баласымен алып шығады. Қол-аяғын бауырына жиғанша, жақын туыстарының үйінде болады. Содан соң… қалтасына бар қажетіне жетерлік көп ақша салып береді. Басы бос, қай тарапқа да жол ашық. Әрине, сәбиін тастап кетеді… Келісті. Иә. Көнді, келісті.

Сорлы қыз қуанышын жасыра алмаған. Енді бір ғана кілтипан. Перзентханадан шығарда қағаз толтырады ғой, нәрестеге. Әуелгі… Сана деген… кім болса да, енді толық есімін айтады. Сындыбала. Тиесілі жөн-жосығымен. Онысы да оңай. Бас дәрігер бұл апаңның туған

Толығырақ: https://alashainasy.kz/proza/muhtar-magauin-ol-men-tr-angme-134533/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледіқайнысы, бәрін тиісінше толтырып береді… Қыдырбектің өзі ақыл қосып еді. Солай етсек. Бұл қыздың дерегі белгісіз, айтып отырған аты-жөні, сөз жоқ, бекер, осылай десе бізге де жеңіл, күнәдан да, қылмыстан да шет боламыз, толтырамыз да береміз деп. Және… үлкен сауап. Сіз ғана емес, ең алдымен бала үшін. Күмәнсіз нәрсе, шыға бере, мұнда болмаса, басқа бір жерде, жолға лақтырып кетеді, обалдың, тіпті, үлкен пәлекеттің алдын алған мейірбандық деп.

Не керек, апта, ай емес, тұтас бір жылға созылған жеті күннен соң қызды баласымен, қажетті қағаздарымен қоса алып шықты. Өздері жатқан мейманханаға емес, азғана күнде ең жақын туысқа айналған бас дәрігер, бас қомқоршы, жолы болғыр Қыдырбектің кең аула, көк шатырлы жеке үйіне. Абыр-сабыр қуаныш үстінде кешті батырып, таңды атырды. Таң атқанда қараса, бала орнында жатыр, қыздың өзі жоқ. Елбіреп, есі шыққан Сындыбала қасында болған, түні бойы баққан, қаққан, алакеуімде көзі ілініп кеткен екен, қажетімен сыртқа шыққан қыз сол беті қақпадан асып түсіп, қарасын батырыпты. Жай кетпеген, өзіне еншілеп бөлген ақшамен қоса, Сындыбаланың бар қаражаты, барлық әлекей, сақина-жүзік, айна-тарағы салынған қол сөмкесін қоса алып кеткен. Әуелде аңырған екеуі артынан шынымен қуанып еді. Енді ешқашан қайыра соғып, тіпті, көлденең жағдайға себеп болған, көзімен көріп, үйіне әкелген, мекен-тұрағы белгілі Қыдырбекке де, ерте ме, кеш пе, әлденендей бір талап қоя алмайды. Онсыз да өздеріне берілген бала біржола меншікке көшті деген сөз.

Қуанышта шек жоқ, бірақ бар қиындық осы жерден басталған. Әуелгі келісім бойынша манағы қыз бүгін-ертең, бірер апта бойы жас сәбиді ауыздандырып, уызға тойғызып кетуге тиіс еді. Бірақ уақа емес. Ана сүті кеміс, тіпті мүлде емшектен қалған сәбилерге арналған әрқилы қоспа қоректер болады екен. Оп-оңай тауып алысты. Сыртында топ-толық, сап-сары, кішкентай орыс баласының суреті бар, әдемі қорапша. İші толған ұлпа ұнтақ. Екі қасығын бір стақан қайнаған ыстық суға езгенде, кәдімгідей, аппақ сүт болып шықты. Бұдан басқалары да бар көрінеді. Мәселен, қою ботқа іспетті. Ол енді, кейінірек, еңбектей бастағанда. Ал әзірше осының өзі жетіп жатыр. Езді, берді, тойды. Міне рақат. Бұлар ойлаған. Шіркін, ауылға бір жетіп алсақ. Бұлғыртаумен екі ортада баяғы ат арба, өгіз арба емес, кәдімгі машинаның өзі жүреді, рас, тас жол жоқ, даланың шаңдатқан қара жолы, таудан асасың, белді басасың, тегіс жерде оппасы, сай-салада шалшық-батпағы бар, әйткенмен екі жүз шақырымдық сапарда асса ара қонасың, кейде тіпті, тәулік өткізбей, түнделетіп жетесің; балаларын шаршатпай, аман-есен ел шетіне ілінсе, қазір жаз жаңа шыққан, биенің таза саумалын беріп, оп-оңай, кәдімгідей асырар еді ғой. Мына жасанды қорек те керемет екен. Қосымша, бәлкім, негізгі тамақ ретінде он, жиырма, тұтас бір жәшігін ала кету қажет. Міне, қазірдің өзінде бар мәселе шешілді.

Сөйтсе, шешілмепті. Жағдай бұлар қуанғандай, тым жеңіл болмай шықты. Таңертең аштықтан жылаған бала тамаққа тойып, тыным тапқан, шымырап ұйықтап кеткен. Көп ұзамады, әлде ішіне жақпады ма, әлде басқадай пәле ме, енді тоқтықты көтере алмай, мазасы кетті. Кішкентай ғана қарны шеңбірек атып, шыр қағады. İшегі қатып, көгере солықтап, әрең тыныстап, тынымсыз бақырады. Екеуінің жаны шығып кете жаздады. Үй иелері де бәйек болған. Бала өсірген, өзі де кезінде қосымша қорек ретінде осындай сүт берген, жасы тетелес келін бар емін жасап жатыр. Баланы кешеден бері осымен екінші рет шымшым суға түсірді, ішін сылады, қарнына құйрық май жақты. Әйтеуір бір ретке жандары қалған. Баланың, балаға өбектеген екеуінің.

Кешкі тамағын шамалап беріп еді. Шамалағанда, өлмес қоректен көбірек, әлгі, шипалы саумалға жеткенше осылай там-тұмдамақ есеппен. Түн ортасынан аумай, тағы да ауыр азап басталған. Әлде жақпады, әлде жарымады. Қолды-аяққа тұрмай шыр-шыр етеді. Енді мүлде естері шықты. Әлдиледі, айналды-толғанды, сылады, сипады, етпеттей ұстады, тігінен көтерді, қырындай ұстады — ақыры ішегі түйілді ме, ауруы қайтты ма, азғана тыншыды. Тіпті, аузын әнтек ашып, кірпіктері айқасып, кәдімгідей ұйықтап кеткен.

Сол кезде… мана өңі қашып, қара тер болған, енді қызара толқынып, мейірленіп отырған Сындыбала айтты:

— Омырауым тітіреп барады… — деді.

Кеудесін көйлек сыртынан ұстап, содан соң алдын ашқан. Ақ мама… томпағы бұзылмаған, бірақ соңғы жылдарда салбырамаса да, босаңсып, болбыр тартқан қос емшек тырсылдай толып тұр екен.

— Сірә, сүт келді… — деді Сындыбала абдырап.

Бір жағын ептеп сығып көріп еді, қара барқыт түйменің ұшы — тар үрпіден ірі, ақсары тамшы көрінді.

— А, құдай!.. — деді Сындыбала көз жасы саулап.

Есі шыққан Айбол қалбалақтап жүріп, әлдебір қуыс ыдыс әкелді. Сындыбала ағыл-тегіл көз жасымен бірге қос емшегін сауған.

— Бойым иіп барады… — деді. — Қырық жыл қатқан қу тамыр…

Қақтап, ақырына дейін тазартты.

— Қазір қайта толады… — деген.

Бие сауымға жетпеді. Тітіреп, қайта толған. Бірер сағат тыншып, ұйықтап кеткен сәби бұл кезде беті тыржиып, аузын ашып, қыңқылдай бастап еді. İңгәға жетпеді. Тіршілік бұлағы — ананың ақ мамасы аузын толтырған.

Жасы тиылған, көзі жанарланып, жүзі нұрланған Сындыбала бақыттан басы айналғандай, тұла бойы түгел иіп, жадырай күліп еді. Ал бірде бозарып, бірде қызарған Айбол отырып байыз таппады, тұрып тыныш көрмеді.

— Шашалып қалмасын… — деген, жан торсығын құныға сорып жатқан балаға бір, маужырай, мейірлене толғанған қосағына бір, сүйсіне қарап. — Әй, өзі де мықты екен!.. — деді содан соң алақанын уқалап.

— Ақылды! — деді Сындыбала сәбиіне еміреніп.

Ауыл — алыс-жақын, дос-жар ағайындар у-ду, абыр-сабыр. Біреуге таң, біреуге қуаныш. Шындығында, таңданатын ештеңе де жоқ. Қырықтың жуан ортасында бала көтеріп жүрген әйел аз ба. Рас, жетінші-сегізінші, тоғызыншы, оныншы бала. Сонда да. Ерекше белгісі байқалмаған. Ешкім ештеңе естімеген. Несі бар. Үлкенді бой жасырады. Соншама жыл зарыққанда… тым сенімді болмаған ғой. Айы-күні тақағанда жұрт көзінен аулаққа, алыс қалаға барып, арнайы дәрігердің қолында босанған. «Жоқ, жетімдер үйінен асырап алса керек,» — дейді кейбір өсекқұмар қатындар. «Нарынға ғана барып қайтты, онда дегдом жоқ, — десті тілектес абысындар. — Бала өзінікі. Жаңа туған қағаздарына дейін қолдарында. Даладан келген бала болса, сүт қайдан шықты. Әне, әлдилеп, емізіп отыр…» Емізуі рас. Оны көрді. Қағаз да шын екен. Енді тіркетіп, метіркелеп алу керек. Келген күннің ертеңіне бармақ еді. Бірақ әуелде азғана кілтипан шыққан. Екеуі апта бойғы абыр-дабырдан соң, жаңа туған балаларына ат таңдау әлегімен тағы екі-үш күн бөгеліп қалып еді. Мұндай ерекше балаға өзгеше есім керек қой. Арыдағы Алпамыс, Қобыландыдан бастап, бүгінгі Бауыржан мен Мәлікке дейінгі аралықтағы барлық батырды түгендеп, өткендегі Абай мен Шоқаннан кейінгі Мұхтар, Қаныш, Сәбит, Ғабитке дейінгі аралықтағы барлық ақын-жазушы, ғалым-оқымыстыны саралап, бағзыдағы Асан, Жиреншеден асып, ортадағы Қазыбек, Құттыбайдан озып, кейінгі, осы өңірге мағлұм Байғара, Жобалай, Кеңгірбайларға тағы байыздамай, әбден дағдарған. Бәрі де жақсы, ірі, келісті. Алайда бәрін бірдей атай алмайсың ғой. Біреуіне ғана тоқтау керек. Тоқтай алмады.

Ақыры Айбол айтқан:

— Сенің атыңды қоялық.

— Қалайша? — деген, бақытты әйелі. — Бұл ұл ғой. Тіпті, әкесінің аты болса да жұрт күлмей ме.

— Жоқ, — деген Айбол. — Нақты өзін емес. Мәселен, Сындыбек, Сындыбай десек. Немесе, Бірдеңе-Бала. Ербала, Балбала, Ақбала. Иә, таптым. — Сағымбала. Сындыбала — Сағымбала. Тамаша ат. Әрі туған анасымен қосақтас…

— Мен де таптым, — деген Сындыбала күліп. — Екеуіміздің аттарымызды жалғайық. Ортақ, осы екеуімізге ғана тиесілі бала ғой…

Сөйтіп, сәбидің есімі — Айсын болып шықты. Әкесі Айболдан — Ай, шешесі Сындыбаладан — Сын. Айсын. Ғажап ат. Және ешкімде жоқ. Және екеуіне ғана тән.

Осыдан соң, бар шаруа біткендей, Азаматтық құжаттар тіркеу бөліміне барып еді. Меңгерушісі — өздері бала кезден білетін Сәния деген әйел. Есебі, есебі емес, тумысынан қыз. Сания десе дегендей, әдемі еді, кербез, паң еді. Ақыры, соғыс біткенде жапырлай келген қаншама жігіттің біреуі бұйырмай, соқа бас қалды. Әуелде ешкімді менсінбеген, артынан ешкім қарамады. Сол, ежелден дос-жар Сәния. Ауырып-сырқады ма, шаруадан босамады ма, үйге де келіп-шықпаған. Бұлар балаларын көтере, жадырап кіргенде қату қабақпен қарсы алды. Тісі ауырып отырғандай, сыздап әрең сөйлеседі. Сірә, әлденендей бір көңілсіз жағдайға ұшыраған. Келер мезетте көңілсіздік… емес, қырсықтың себебі белгілі болды.

— Бұл қайдан келген қағаз?.. — деді, перзентхана берген бір жапырақ куәлікті бес төңкеріп, он айналдырып барып, қайтадан екеуінің алдына тастап.

— Қайданы қалай… Перзентханадан. Мына Нарында… — деді тұтығып, әрең сөз тапқан Айбол.

— Нарынды да, перзентхананы да көріп тұрмын. Қалай, қайтіп алдыңдар деймін?

— Қалай?.. — Айболдың демі бітіп қалды.

Сындыбала ғана сабырдан айрылмапты.

— Қағаз дұрыс па? — деді салмақты, байыпты әуезбен. — Дұрыс. Бала бар ма — бар. Міне, емшегім…

Осы кезде әлдене сұмдықты сезгендей, қыңқылдай бастаған сәбиінің аузына салды, омырауын айқара ашып. Бала борпылдатып еме бастаған.

— Міне, — деді Сындыбала енді даусы дірілдеп, ыза мен қорлықтан жарыла жаздап. — Әлде қалған киімімді ашып, домбыққан пұшпағымды көрсетуім керек пе?

Сәния отырған креслосында шалқая керілді.

— Менімен салғыласып қайтесің, — деді кекете күліп. — Керек десең… мен тиесілі орындарға хабарлап, заңсыз қағаздың қайдан, қалай шыққанын оп-оңай анықтата алам. Қылмыс…

Енді екеуі бірдей жер болып еді. Шошына әрі таңырқай қараған. Сәния даусын шығара, тамағынан күлді. Сонда ғана аңдады. Бірге өскен, баяғыдай көретін кәрі қыздары, бір кездегі кербез сұлу Сәния тозған, бар нәрі қайтып, бет-аузы қатып-семіп, көнге айналған, қырықтың жуан ортасына жаңа келген кексе әйел емес, жетпістен асқан кәрі мыстан болып шығыпты.

— Қорықпаңдар, — деді содан соң мүләйімси жымиып, стол басына қайтадан еміне түсіп. — Тек біліп қойыңдар…

— Енді… қайттік? Бірге өскен замандас едің… — деді Айбол қалтырап, жалбаруға жақын дауыспен.

— Айттым, мен сендерді… көрсетпеймін, — деді Сәния мерейі үстем қалыпта. — Және ауылдас екен, көзкөрген екен деп, қылмысты, заңсыз іске тағы бара алмаймын!..

— Қандай заңсыздық, қандай қылмыс? — деді әлі де мойымаған әрі өз құлағына өзі сенбеген Сындыбала.

— Қылмыстың жайы өздеріңе мағлұм, — деді Сәния. — Ал заңсыздық… Метіркені бала туған жерден алу керек. Нарыннан. Бұлғыртауда туған жоқ қой бұл бала, кімнен туса да, қалай туып, кімге жазылса да. Нарынға барыңыздар. Менің айтар ақылым осы сендерге. Жаным ашығаннан…

Бүйтіп жаны ашығаны құрысын. Екеуі таяқ жеген иттей болып үйге қайтты. Жүректерінің басына тас байланған. Осындай да мейірімсіз адамдар болады екен. Жарар, бере алмайды. Соншама шұбыртпай-ақ бірден айтуға болмады ма. Орынсыз қорлық, шарасыз ыза көңілге қауіп-қатер ұялатқан. Бірақ баяғыдай қамыққан жоқ, қатуланып алып еді.

Таңды ұйқысыз атырды. Айбол қажетті бар құжатын дайындап, сол күні ертемен, аллаға сыйынып, Нарынға аттанды. Загс бөліміндегі әдемі жас келіншек жалғыз-ақ ескертпе айтқан. Ескертпе де емес, үлкен ағаға наз. Оншақты күн өтіп кетіпті, шілдеқана, той-томалақтан қол босамаған ғой деді. Арғы жағы белгілі. Айбол жаңа ғана, универмагтан үлкен қорапты, қымбат шоколад алған. Міне, тойдың сарқыты деп алдына қойды.

— Қалжыңдаймын, аға, — деді келіншек. — Нешінші балаңыз еді?..

— Е, құдайдың бергені де. Қазақ бала санамайды ғой, — деді бұл да әзілге сүйеп.

Сонымен бар шаруа бітті. Айбол баланың метіркесін ала сала, заңды куәлікке орай заңды құжатын толтырып берген мейірбан әйелге рақметін айтып, тезінен жылыса шығып, бөйтеңдей жөнелді. Екі-үш орам өтіп, оңды-солды жүріп, әжептәуір ұзағанша, қойнынан ақтарылған қуанышқа әрең ие болды. Алақандай қағаздан кеудесіне шым-шым тараған жылуды анық сезініп келеді. Ақыры, оңаша бір айналмада тоқтады. Әдемі, көкжасыл қатырма қағаз. Сыртында «Туу туралы куәлік» деп жазылған. İші… İшінде, міне — екеуінің, Сындыбала екеуінің бар бақыт, бар байлығы тұр. Кішкентай Айсын! Әкесі — Айбол. Шешесі — Сындыбала. Өзі… иә, осы екеуінің атында! Айсын Айболұлы! Енді кімнің таласы бар? Кімнің күмәні бар! Өздеріне ғана тиесілі. Сындыбала қандай күйде отыр екен… Жолда тағы бір қонып, жетті ақыры үйіне. Міне, шын бақыт!

Балалы, базарлы, дарқан өмір басталды. Әйтсе де, көңіл түкпіріндегі түйткіл, кездейсоқ қатер күткен белгісіз дірілден арыла алмап еді. Әйтеуір Айсынның ойында ештеңе жоқ. Бұлар да жақсылықтан, игіліктен бөтен ештеңе ойламауға тырысты.

Келесі көктемде он айлық Айсын қалтақтап қаз басты. Жаз шыға тәй-тәйлап жүре бастады. Балпанақтай аппақ ұл. Сындыбаланың өзінен аумайды. Әрине, әкесіне де тартқан. Қабағы. Маңдайы мен иегі. Өзі қорбиған денесіне қарамай, тым қағылез. Еркелігі басынан асады. Құртақандай бола тұрып, соншама ақылды. Мұрның қайда десе, танауын тыржитады, құлағың қайда десе, қолымен қағады.

Әкесі мен шешесі мектептегі оқу жылы бітісімен, өздері де аяқ баспаған Алматыны баламызға көрсетеміз, қыдырып, бой жазып қайтамыз деп, кәсіподақ жолдамасымен, астана төңірегіндегі әлдебір демалыс жайына аттанды. Негізгі мақсат — жаңа қоныс қарастыру еді. Өздеріне ғана тән, ешкіммен талассыз баланы… қайткенде де бар ғұмырлары көз алдарында тұрған ауылдан алысырақ әкету қажет деп тапқан. Иә, сәт. Құдай бір берсе құлай береді деген ғой. Мәселенің түйіні тіпті оңай шешілді. Тау аңғарындағы жұпыны демалыс жайында осы Алматыға жақын төңіректегі бір мектептің директорымен көршілес қана емес, дастарқандас шығып еді. Биыл дүниеден өткен бір үлкен кісінің орнына физика-математика мұғалімі керек екен. Тек… қаладан тым жырақ емес, ал аудан орталығына тіпті тақау болғанымен, тау қойнауындағы, жазда жақсы, бірақ қыста қатынасы қиын, әрі шағын ауыл, сегіз жылдық мектеп.

Тіпті тамаша. Келісті. Демалыстан соң бірге барды. Құралпас қамқоршысының үйінде қонақта болды. Қазір жұрт ауылдан безіп, жаппай қалаға беттеген заман. Совхоз есебіндегі, осы тақауда ғана босаған, қора-жайы бар, төрт бөлмелі бір үйді еншіледі, тіпті, көшіп келгенде қаңырап тұрмасын деп, бірер жеті бөгеліп, аз-маз қаржы шығарып, есік терезесін бүтіндеп, мұнтаздай қылып сылап, адам тұрарлық кейіпке келтірді.

Туған ауылға шұғыл барып, жедел көшкен. Дүние-мүлік деген не. Ағаш-аяқ, темір-терсек дегендей, алып жүрудің өзі бейнет мүкәмал атаулыны ағайын-туғанға үлестіріп берді. Қолға ілінгені шамалы: осыдан екі-үш жыл бұрын ғана, ел аралаған қапқаздық саудагерлерден үш бағасына алған, қабырғадан түсіп, Айсын еңбектейтін төсенішке айналған шағын қалы кілем, бір көрпе, екі жастық, күнделікті киім-кешек және қаншама ойыншық. Шылдырмағы бар, машинасы, тапанша, мылтығы бар, тағы басқасы — тура бір шабадан болды. Содан соң, банктегі, екеуі де табыс тапқан, тым құрса сейіл-серуенге жұмсамаған, шығыны кем соңғы он бес жылда жинақталған мол ақшаны түп қопарып, түгелімен алды. Біржола кеткені. Аң-таң болған ағайындарға, Алматының өзінде тұрамыз, қазір бар тетік орысқа қараған заман, мына баламыз соның тіліне жетігіп, ерекше оқуға түсіп, ешқандай кемшілік көрмей қатарға қосылуы үшін кетіп барамыз дескен. Бір жасқа енді ғана толған бала. Негізгі себеп — іште тұнған. Айтып, айғақтамай-ақ. Түсіністі жұрт, қайтсін енді байғұстар дескен. Ағайынның баласын бауырына салмаған кім бар. Тіпті, баяғыда аталары шабындыда қалмақтан да әкеліпті. Бірақ кім аттандап көзге шұқушы еді. Аңдаусызда, немесе қасақана айтып қалған кісінің өзі ұятты болатын. Қазір заман басқа. Адам бұзылған. Үлкендер үндемесе де, ендігі ойын баласы күндердің күнінде бетке басуы мүмкін, сен сондайсың деп. Тілектес абысындар көздеріне жас алған. Ал пәледен тыс бейсауат ағайын: “Е, жөн, мұнда таза қазақ ортасы, бізден жақсы бітірген балалардың өзі орыс тіліне кемдігінен зоотехник пен мұғалімнен басқа оқуға жарамай жүр, балаларын қалада оқытса, өздері де от жаққан, су тасыған бейнеттен құтылады,” — дескен.

Екеуі жаңа қонысында да отын жағып, суын таси берді. Бірақ тұрмыстары ғана емес, көңіл-күйлері де тым жақсы. Айбол — беделді мұғалім. Ал Сындыбала, мұнда да жеңіл жұмыс табылатын еді, ұлғайғанда көрген жалғыз ұлымен отыр. Бөтендігін ешкім білген де, аңдаған да жоқ. Ерке болғанда өзгеше. Шешесінен айналып шықпайды. Арда құлындай, мамасын алты жасқа дейін емді. Тіпті, ес білгеннің өзінде, есік алдында басқа балалармен ойнап жүреді де, кенет есіне түсіп, үйге жүгіреді. Келе сала анасының омырауына жармасады. Борпылдата сорып, маңдайынан шып-шып тер шығып, шөлін қандырған соң, қайтадан ойынға кіріседі. İс мәнісін аңдаған ересектеу балалардың мазағын да елемейді. Ақыры, мектепке, дайындық класына барарда енді үлкен болдым деп өзі қойды.

Әкесі күткендей емес, оқуға онша болмай шықты. Түрлі түсті қарындашпен әрқилы сурет салғанды жақсы көруші еді, онысы ермек екен, оқуға мүлде құлқы жоқ. Ұғымсыз деуге ауыз бармайды, мүлде ынтасыз. Алғашқы күннен бастап, әкесі ғана емес, шешесі де арнайы сабақ өткізеді, бәрібір қонбайды. Дайындық кезеңінде онға дейінгі санды әрең жаттап, небәрі бес-алты-ақ әріп танып, сол қалпы шықты. Бірінші кластың жыл ортасында қаріптердің көбін танығандай еді, буынға бөліп, сөз құрап үйрене алмай-ақ қойды. Не керек, мұғалім әкесі де, сауатты шешесі де қиналды, уайымдады, тіпті, соншама топас па, ақыл-зердесінде кемшілік бар ма деп қайғыға батты, бірақ қайран таппаған. Не ұғындыра алмайды, не ұрса алмайды. Ақыры, түңіліп, қамығып, оқудың бір жөні табылар, оқымаса да аман болсын деп, шаршап-шалдығып тоқтаған. Міне, дәл осы кезде жақын көрші, үш үйден кейін тұратын, екі жас үлкен Асқан деген бала ойын арасында қызық суреттер көруге келіп еді. Бұлар баласына арнап сатып алып, қабырғаға бекітілген төрт-бес сөрені түгел толтырып қойған, кішкентайларға арналған, ертегісі, әңгімесі, өлең-тақпағы бар, әрқилы бояу суретті қаншама кітап. Аю мен қасқыр, түлкі мен жолбарыс, қаз пен тырна — аң мен құстың неше атасы. Ақтарыстап отырған. Ақыры өзі оқыды. Асқан. Суреттерді көрсетіп, мысалын айтып. Содан соң, қызық көріп, Айсынға ежіктеткен. Кенет… әлде әке-шешесінің жыл бойғы реніші көңілде тұр ма, әлде тетелес баланың сабақ үйрету тәсілі ұтымды ма, кенет тіл бітіп, оқып кеткен. Әріпке әріп қосып, буыннан сөз құрап, кәдімгідей. Зуылдап кеткені шамалы, бірақ жазудан жаңылмайды. Уһ. Енді тығырықтан шығып, алға жылжыды. Ақыры, қар кетіп, жаз жақындаған, көктемгі тыныс қарсаңында, басқа балалар жыл ортасында бітірген әліппені түгесті. Соған керісінше, бұлар мән бермепті, есепке тәуір екен. Қосу, алу — тақ-тақ. Екінші класта қатарға ілінді. Ең соңында болса да, үлгерімі анық. Рас, қызметтес әрі сыйлы ағаның баласы деп, мұғалімдері көтермелеп қояды. Әйтеуір алғашқы жылғы кейіс жоқ. Сол қалпында бастауышты тәмамдап, төртіншіге өткен.

Бұл кезде әке-шешесінің де қолы ұзарып еді. Жұдырықтай Айсын шаруаға сондай ыңғайлы. Айтқанға қарамай, отын жарады, су әкеледі. Қора-қопсыны түгендейді. Ауылда тұрған соң, әрине, азғана мал бар. Жазғы сауынға, қысқы соғымға дегендей. Бәрінің шөбін салатын, астын тазартатын Айсын. Шаруақор ғана емес, әке-шешесіне қамқорлығы да өзгеше болып шықты. Ал оқу баяғы бір қалыпта. Яғни, үлгермелі жағдайда ғана. Кейде, тіпті, әкесінің сырттай болса да жебеуімен, кластан әрең көшіреді. Сөйтіп жүріп сегізіншіні бітірді. Айбол мен Сындыбала он жылдық жайын ойлап, енді төменгі, үлкен ауылға көшеміз бе, әлде ол тараптағы, қаншама жыл бойғы таныс, біліс болып қалған ағайындардың бірінің үйіне тұрғызамыз ба, еркін, ерке өскен баламыздың жағдайы нешік болады деп қам ойлап, кәдімгідей уайымдай бастаған.

— Енді оқымаймын, — деді Айсын.

Төбеден ұрғандай, екеуі бірдей отырып қалған.

— Неге?.. — деді әкесі, даусы әрең шығып. — Оныншыны бітіресің, содан соң университетке түсесің.

— Бітірмеймін, түспеймін, — деді Айсын. — Менің мыйым сабақ алмайды. Одан да… жұмыс істеп, сендерді асыраймын.

Бұл соңғы сөз — үлкен қуаныш еді. Алайда әуелгі сөз — әжептәуір қайғы. Құдайдан тілеп алған жалғыз бала, әке-шешеге қамқорлығы жөн, бірақ оқусыз, мамандықсыз қалай адам болмақ…

— Ұзын-Ағашта кәсіптік-техникалық училище бар, — деді. — Анау Асқан мектепте жақсы оқыса да, бітіруге жағдайы келмей, сонда түскен. Қазір ауылда, трактор айдап жүр, жалғыз шешесін бағып. Әрі механик. Шопырлықты да үйреніп алыпты. Сол училищеде оқимын, нақты, қажетті мамандық алам… Содан соң маған машина әперіңдер. Он сегіз жасқа толғанда. Өз машинама үйреніп алған соң, шопыр болам. Ұзақ жолда жүк таситын, қала-аралық автобус айдайтын… Алматыдан басқа да қалаларды көргім келеді. Фрунзе, Ташкент. Содан соң Москва, Ленинград. Мүмкін, шет елге де шығармын. Сондай да шопырлар бар дейді. Бірақ әуелі тракторшы-механик…

Айтқанын жасады. Жатақханада тұрған. Екі жыл емес. Бір жыл да емес. Бір ғана қыс. Төрт-бес ай. Соның өзі төрт-бес жылдай көрінген. Екеуі жиырма шақырым жердегі үлкен ауылға жексенбі сайын барады. Кейде апта ортасында Сындыбаланың өзі, Айбол мектебінен шыға алмаса, жалғыз кетіп қалады. Сақтаған тәтті тамағын, қажетті деген керек-жарағын алып. Ең бастысы — баласын бауырына қысып, мауқын басып қайтады. Ақыры, қар сөгіле училищеден де жеріді. Трактор жүргізуді үйрендім, тіпті, ұсақ-түйек кінәратын да жөндей алам, міндетті оқудың керегі жоқ деген. Онсыз да жұмыс табады екен. Көктемде совхозда жер жыртты, егін салу науқанына жегілді. Ауылда жұмыс күші қашан да жеткіліксіз. Ал мектеп, міндетті оқу… Жыл басында кәсіптік училищеге кетті деген есеп бар. Енді ешкім қузамайды. Сөйтіп, қаршадай Айсын он алты жасынан бастап, сол кездегі баспасөз, ақпарат тілімен айтқанда, елімізде азық-түлік молшылығын жасау, кемелденген социализмнің берік қабырғасын көтеру жолындағы қызу еңбекке араласты. Зейнеті, яғни табысы да мол. Әке-шешеге керегі — табыс емес, басының саулығы. Бала, бұлар ойлағандай, тіпті де қиналып жүрген жоқ. Қайта, балтыр сыздаса да, бас ауыртпайтын қарапайым қол жұмысынан соншама қанағат табатындай.

Он сегізге толғанда үш ай оқып, шопырлық куәлік алған. Әке-шешесі тірнектеп жинап, өзі алғаш айтқаннан бергі төрт жыл бойы кезекте тұрып, еңбегі сіңген қарт мұғалім ретінде тиесілі жерлерге барып, әйтіп-бүйтіп, әрең дегенде алып берген өз машинасы бар. Қып-қызыл “Жигули”. Күнделікті шаруаға салмады. Ара-тұра әке-шешесін серуендетіп Ұзын-Ағашқа, одан да әрі Алматыға апарып қайтады. Рулін ұстаған, негізгі және күнделікті жұмыс машинасы — дәу самосвал. Совхоздың құрылыс шаруашылығы. Тас, топырақ тасиды. Арасында үйге көмір, ағаш әкеп тастайды.

Не керек, Айбол мен Сындыбаланың ең бақытты күндері екен. Қызығы бар, қорғаны бар. Қамқор ғана емес, асыраушы. Рас, өздері де құралақан емес. Бұл кезде Айбол қырық бірдеңе жыл қызметтен соң жасы толып, заңды еңбек демалысына шыққан. Бұрынғы еңбек стажы отыз жылға тақау, енді ақырында мектепке түнгі күзетші болып тіркелген бірер жылдан соң Сындыбала да, азғана зейнетақыға ілініп еді. Екеуінің айлық қаржысы әдепкі тіршілікке жетіп жатыр, енді Айсынның мол табысынан соң бай болмаса да, бұрынғыдай баршылықта тұрып жатты.

Міне, дәл осы кезде дүние теріс төңкерілген. Басы — қызық еді. Көңілге, сөз жүзінде. Аяғы — кейіске ұласты. Тұрмыстағы, іс жүзіндегі. Астананың дәл іргесі болса да, тұйық қойнаудағы бейбіт ауылға әуелгі жел сөздің жаңғырығы ғана жеткен. Кейінгі нақты іс — қақ төбеден қара бұлттай басты. Мың батпан салмағы, көз алдың көрінбес түнегімен. Әуелі қолдағы ақша құнсызданған. Айбол мен Сындыбаланың айлық зейнетақысы енді апталық та емес, үш-төрт күндік шай-суанға жетпейтін болды. Одан соң бар ақшаның өзіне ала алмайтын тауар атаулы түгел құрыған. Шай жоқ, қант жоқ, ұн жоқ, түк жоқ. Ең аяғы кір жуатын қара сабынға шейін сап болды. Бәрі қосылып, бір пәлекет болып жабысты. Жоқшылық, таршылық деп аталатын. Уақытша, өтпелі қиындық деп жатқан жоғарыдан шыққан лебіз. Жалпы жұрт, қарапайым бұқара үшін. Ал билеушілер… арғыны білмейді, тақау төңірек, осы шағын ауылдың өзін ұстап отырған әкім, басшы атаулы қарық болды. Бұрын мемлекетке тиесілі, сонымен қатар жалпыжұртқа ортақ саналған, қайткенде де халық тіршілік талғажауын тауып отырған барлық байлық — солардың жеке-дара иелігіне көшті. Мейлі, әуелден қызығын көріп келе жатқан қауым. Бірақ бұрын қалған жұртқа да бірдеңе тиюші еді ғой. Тегін емес, атаулы еңбегі, жасаған жұмысына орай. Енді еңбек — зая, жұмыс — төлемсіз. Мүлде керексіз. Ең аяғы — тас тасыған шопырға дейін. Машинасы совхоз басшыларының бірінің үлесіне қосылды. Ал шопырдың өзі далада қалған. Енді құрқол… қара жұмыстың өзі табылмайды. Бірақ біздің Айсынның әкесі әперген меншік машинасы бар еді ғой. Жап-жаңа, жүйрік “Жигули”. Сол, өз машинасының құлағына отырды. Отырғанда, бұрынғыдай сейіл-серуен емес, жұмыс, табыс үшін. Қайыңды-Түбек пен Ұзын-Ағаш аралығында қатынай бастады. Бұл екі ортаға, анау бір, заман оңдалған жылдарда енсіз, бұрма-иректі, бірақ орнықты тас жол тартылған. Тіпті, тәулігіне екі рет рейісті автобус жүретін. Қазір автобус тоқталды, кейінгі, топалаң алды және талапай бөлістен соңғы үш-төрт жылда қараусыз қалған жол да шұрық-шұрық, оппа-тесік. Бірақ аңдап, айналып, ептеп жүруге жарап жатыр. Сол жолда кісі алады. Танитын, білетін, тіпті, көрші-қолаң жұрт. Бұрын, қатынас бар кездің өзінде, жөнекей кездессе, мінгестіре кететін. Әрине, тегін. Енді тек қана ақшаға. Бес-он тиын болса да. Жаңа заман ежелден ағайыншылығы мол жұрттың арасына сылдыр теңге салыпты. Ұзын-Ағаштан ары Алматы. Бұл екі ортаның қатынасы да, қарымтасы да тәуір. Барарда ауылдағы аялдамадан, қайтарда — қаладағы автовокзалдан кісі жинайсың. Әйтеуір машинаның майын айырып, тым құрса екі-үш күндік нанның пұлын табасың. Айсын таң атқаннан кеш батқанша өстіп, тиын сауып, әке-шешесін тарықтырмай, өзі де, шаршағанмен еңсесі түспей, күнделікті тіршілік амалына машыға бастады. Керек десеңіз, үйреніп, қалыптасып алды.

Тек… шарасыз әке-шешеде ғана маза жоқ. Кеткенде аллаға аманат айтып шығарып салады, келерде үй алдынан, тіпті, ауыл сыртынан тосып алады. Бірде кешіне кері оралмады. Түн түсті. Таңға ауды. Күн шықты. Екеуі көз ілген жоқ. Әйтеуір құр сүлдері ғана қалған, шықпаған жан. Сол кемтік жанның өзі табаннан өтіп, бақайдың ұшына жеткендей. Күдер үзбейді, пәлеге сенбейді, әйтсе де, сағат, минут өткен сайын жарық дүние қараңғы тұманға бейімделе берген. Ақыры… сәске түсте… жарқ етіп жетіп келгенде… екеуі бірдей еңіреп қоя берген.

— Немене соншама… — деді Айсын бір күліп, бір қызарып. — Біліп ем сендерді. Өзімнің де жайым болмады, сендерді ойлап. Бішкекке жол аштым. Кешке шығып, түнде жетіп, таң ата тағы кісі алып. Бұрын кіріге алмай жүр едім. Қолында ұстап отырған жігіттермен тіл табыстық. Енді үнемі түнделетіп жүрем. Үйреніңдер…

Шалбарының артқы қалтасынан бүктемелі әмиянын алды да, бір уыс ақша шығарып, шешесінің қолына ұстатты.

— İркілмей жарата бер, ендігі ақша тәуірірек болады, — деген.

Ақшасы тәуір, бірақ жұмысы да тым ауырлап кеткендей. Табысының белгілі бір бөлігін жол ұстаған, яғни мұндағы, сондағы, жүлік деуге, қарақшы деуге ауыз бармайды, олардан да мықты, жасырын, жабық емес, ашық жүретін, қажетін алым-салық ретінде алатын рэкетир деген шығыпты, сондай, өздігінен билік орнатқан бұзықтарға береді екен, ол да ештеңе емес, бар жүрісі, жұмыстың кезегі мен реті, яғни табыстың ғана емес, тіршіліктің бар тізгіні де солардың қолында сияқты. Әйткенмен, Айсын бірер жылдай осы ортада жақсы жұмыс жасады. Ақыры сіңісе алмады. Сірә, бермегі көп әрі тым мазасыз. Өзі кеткен. Кеткенде, басқа бір кәсіп тауып.

— Көке, апа, сендер қарсы болмасаңдар, мен машинаны сатам, — деді бір күні. — Біраздан бері ойланып, шешіне алмай жүр едім. Енді Асқанның тобына қосылам.

Сөз мәнісін бажайлап түсіндірген. Асқан, — бұлардың өздері де біледі, осы ауылдың баласы. Өзін өзі жеткізген, ер көңілді, пысық жігіт. Айсыннан екі-үш-ақ жас үлкен. Осы Асқан, әр тараптан қосылған тағы бес-алты жігіт Германияға жол ашыпты. Ол жақта арзан, азды-көпті ұсталған, бірақ әбден жарамды, бұл жақта таңсық әрі қымбат иномарка машиналар әкеледі. Айтарлықтай кілтипаны жоқ. Соңғы жылдардағы саяси кеңшілік нәтижесінде осы төңіректен алыстағы тарихи отанына оралған, бұрыннан таныс неміс ағайындар бар. Осылар арқылы жалғасқан тағы бір кісілер. Арнайы шақырту жібереді. Ұшақпен барамыз. Қажетті машиналарды таңдап, сатып әпереді, азғана үстемесімен. Енді сол, өзіміз иеленген көлікке мініп, жер бетімен қайтамыз. Польша — Белоруссия — Россия — Қазақстан. Жетекшіміз — Асқанның өзі. Былтыр күзде бастаған екен. Көктемнен бері үш рет барып қайтыпты. Әкелген автомобильдерін әлденеше бағасына сатқан. Әрқайсысы үш, төрт мың доллардан. Жолын, ондағы төлем, мұндағы кеден, аралықтағы басқа да қажетін шығарғанда, әр сапарда кемінде мың доллар табыс табасың. Ол деген — қыруар ақша.

Екеуі шыр-пыр болды. Бізге сорпа-сулық жетеді. Төрімізден көріміз жақын. Өзің амал бол, шаршама, қажыма, десті.

— Мұндағы жұмыс екі есе ауыр, — деген Айсын. — Әрі қауіп-қатері де әжептәуір. Оның үстіне… арыстай ұлдарың бар, тиын санап, аш-арық отырасыңдар ма? Жоқ, бұрынғыдай, молшылықта өмір сүресіңдер, енді, қартайғанда таршылықта қалуға тиіс емессіңдер. Және… — Айсын күлді. — Мен өмір бойы арба сүйреп өтпеймін ғой. Міне, аттай жиырмадан астым. Жиырма бір… Әуелі тұрмысымызды оңдап алайық. Содан соң сендерге келін түсіріп беруім керек…

Екеуі айтар сөз таппай, аңырып қалған. Ұлдары тағы да күлді.

— Жоқ, әзірше ен салған, сырға таққан ешкімім жоқ. Ақыр түбі дегенім ғой… Бұл жаңа шаруаның соңында да көп жүрмеспіз. Асқан айтып отыр, әрі кетсе үш-төрт жылда бұл кәсіптің де мәнісі қашады деп. Арзан машина тасумен біз сияқты жекешелер емес, үлкен фирма, кәдімгі алпауыттар айналысады, бізге орын қалмайды деп. Несі бар, тағы бір шаруа табылар. Ал әзірше… басқа амал жоқ.

Көнді. Көнбегенде қайтпек. Қауқарсыз екі кәрінің қолынан не келеді.

Айсын жап-жаңа машинасын тәуір бағаға өткізді. Оның үстіне, ауылдас ағасы Асқан да көмектескен сияқты. Көп ұзамай, бар қағазын түгендеп, аттанып кетті. Өзінің айтуынша, сайдың тасындай сегіз жігіт. Әке-шешесі аллаға жалбарынып, елбіреп қала берген.

Айтқанындай, арада жиырма күн өткенде аман-есен оралды. Сүйріктей сұлу, жарқырап тұрған, шет елдік, пәленбай деген көкжасыл автомобилімен. Арада апта өтпей сатты. Күнбұрын келісіп қойған кісілері болады екен. Айырым, таза табыс — ақшалай тоғыз жүз долларға шығыпты. Сол қалпында әке-шешесінің қолына ұстатты. Қалғаны — ең қомақты қаражат — қайыра жолға және кезекті машинаға.

Оншақты күн анда-мұнда жүріп, уақыт оздырмай, бұл жолы да Асқан бастаған, бірақ қарасыны көбейген тоғыз жігіт ішінде тағы да кетті. Тағы да олжалы оралған. Неміс ағайындардың шақыруымен алған виза — тоқсан күндік екен. Енді бір рет барып келуге молынан жетеді. Одан ары тағы бір толық айналым. Содан соң қыс түседі, жүріс қиын, амалсыз бөгеліс, төрт-бес айға. Мүмкін, ендігі жылғы бағдар — Қиыр Шығыс. Жапонияда жасалған автокөліктер екі есе арзан, әрі сапасы да артық. Бірақ тым шалғай елге қол жетпейді, арысы Владивосток, берісі Хабаровскідегі орыстарға жалғасу керек. Олар, әрине, өздері әкелген машиналарын екі бағасына сатады, бәрібір мұнда артығымен, жақсы өтуге тиіс. Оның үстіне, Батыстан әкелу күн озған сайын қиындай түскен. Ара-тұра іс жөнімен үйге келіп, бұлармен де сәлемдесіп кететін Асқан мен өз ұлдарының арасындағы үзік әңгімелерден, аралас, сапарлас тағы бір жігіттердің бейсауат сөзінен аңдалған жағдай — жолдың ұзына-бойы толған қатер. Жүріс қиындығы емес, кәдімгі, көпе-көрнеу зорлыққа негізделген қарақшылық. Рэкет деп еді ғой. Мұндағыдай ұсақ-түйек емес, нағыз үлкені. Түгел қарулы. Балта, пышақ емес, от қару. Ештеңеден тайынбайды, ешкімнен қорықпайды. Ең сыпайысы салық салады. Оның өзі әр тұста әрқилы деңгейде. Кейде… иә, тым көп сұрайды, көптігінен бұрын, әзірше қолда жоқ ақша. Тіпті, көңілдеріне ұнаған машинаны тастап кетуді талап етеді. Соңғы жолы, дәл осындай жағдайда, мол төлем беріп, әрең құтылыпты. Қалталары қағылған жігіттердің, тым құрса бензиндік тиын-тебені қалмаған. Әйтеуір бөлісе, ауыса құйысып, біріне бірі тіркесіп, Еділге әрең жеткен. Сонда, дариядан өткен соң, Саратов облысының бір ауылында жөнекей танысқан қазақтар бар екен. Қазақтығы да шамалы. Әйтеуір қандас. Жаншылған, жанышталған. Бір жақсысы — ешкімге зорлығы жоқ. Соларға ананы-мынаны саудалап, майды суға жалғап дегендей, Қазақстан шегіне ілінеді ғой. Енді, жүрегі шайлыққан жігіттердің біразы қайыра сапардан бас тарып отыр. Осы кезекте — соңғы бір жыл бойы әрқилы жағдайда, рет, ыңғайымен барып тұрған оннан астам баланың төртеуі ғана шығыпты. Асқан, Айсынмен — алтау. Шешесі әуелден-ақ қатерлі жұмысты хош көрмеген. Ал мән-жайдан аз-маз хабардар әкесі артығымен күпті.

— Мен бармасам, Асқанға қиын, — деген Айсын. — Кейбір жігіттердің жанашырлығы жоқ. Өз бастарын сауғалап, далаға тастап кетуі де ғажап емес. Байқап жүреміз…

— Әйтеуір шекарадан бір өтсеңдер… — деді әкесі.

— Қай шекара, — деп күлген Айсын. — Сыртқы, бұрынғы совет шекарасына дейін тіпті оңай. Немістер тыпа-тыныш, өз ауылыңнан бейбіт. Поляктар… орыс ағайындарға ғана қатқылдау, бірақ бізбен мәмлеге оңай келеді, азғана алым. Белорустар да теріс емес. Мұнда жалпы жұртқа кеңшілік және қазіргі басшылары әжептәуір тәртіп орнатқан. Бірлі-жарым рэкетирлер ұшырасып қалса, өздерімізден көп емес, әрі қарусыз, қысқа қол. Қызықтың, яғни көлденең қиындықтың үлкені — Ресей шегінен басталады…

Ары қарай таратып айтпаған.

— Әйтеуір тілін білеміз ғой, — деді. — Кәдімгі, өзіміздің орыстар. Тек тойымсыздау…

Осы жолы әдеттегіден көбірек ақша әкету керек екен. Шешесі екі реткі түсімді түгел бермек еді, Айсын жол шығынының үстіне бес жүз доллар ғана алды. Соның өзі көп, сақтыққа ғана… деген. Артығы онсыз да қалтада қайтады ғой деп, өзін өзі жұбатқандай еді.

Соңғы күні тағы бір жігіт айнып қалыпты. Енді алтау да емес, бес бала кеткен.

— Тіпті жақсы, — деді Асқан күліп. — Етек-жеңіміз жинақы. Шұбатылмай, тез жүреміз. Ал, амандықта, саулықта болыңыздар. Үшінші аптада оралып қалармыз! — деген.

Бір апта өтті. Алаң астында. Екі апта өтті. Бұлың үміт, бұдан бұрынғы жағдайда. Адам тозаққа да үйренеді деген ғой, тозақ емес, ер жігітке сейіл де серуен, сергелдең де серуен дегендей… Көңіл күпті болса да, сенімнен айрылмаған. Әйткенмен, осыдан соңғы сапарға, Батыс болар, Шығыс болар, мүлде тоқтау салмақ. Еңіреп, аяғын құшып жатып алса да, шығармайды. Қатер күткен құсадан ажалымыздан бұрын өлеміз, топырақ та сала алмай қаласың дейді. Қайткенде көндіреді. Соған бекінді.

Міне, екінші аптадан соңғы жексенбі. Он жеті күн өтіпті. Әлі келер уақыт бола қойған жоқ. Бірақ бүгін-ертең ел шетіне — қазақ жеріне ілінуге тиіс. Әлде ілінді. Немесе, иек астында. Екеуі түн ұзақ, қайта-қайта оянып, ұйықтай алмай шам жағып, тіпті, не істерін білмей, от көсеп, шай қойып, дастарқан басында шоқиып, аллаға мүнажат етіп, таңды әрең аттырған. Сірә, жетті. Өзіміздің шекараға. Ендігісі жеңіл.

Жаңа апта басталды. Бір күн. Түн жарым… Екі күн. Ертең — сәрсенбі. Иә, пірім, иә сәт… Бейсенбіге озды. Ол да өтті, толқыған көңіл, түйткіл жүрек, мазасыз, енді сағаттап емес, минуттап санаған ауыр азап астында. Екеуі кезектесе далаға шығады. Тіпті, ауыл сыртына, әбден тозған, ойқы-шойқы, тасы мен құмы араласып, оппа-ойығы үңірейіп, бүтін тұстары қарауыта түнерген тас жолды бойлап, ұзап барып қайтады. Ақыры кеш батты. Ұйқы… өткен жексенбі күнгідей, үзік-үзік, мазасыз, берекесіз.

Жұма күнінің ауыр таңы атты. Екеуі қайтадан серпіліп, балаларының дәл бүгін келеріне нық сеніммен, ертеңгілік шайға отырған. Кенет… сыртқы есік ашылғандай. Үнсіз, баяу болса да, тыпырлаған көп аяқ. Иә, тәңірім… Айсын келе жатыр, бар жолдасымен. Апыл-құпыл, орындарынан тұра берген.

Есіктен… сығылыса кіріп, тұнжырай түнеріп, қалт бөгелген бір топ жігітке… таңырқай қарап еді. Ең алда — Асқан. Одан соң — әлдебір үлкендер, таныс, бейтаныс тағы бес-алты бала. Айбол түгел түстеп шықты. Айсын жоқ. Ал кешегі қажырлы, қайратты, тас-темір Асқан бүкшиіп, салбырай тұқырған еңсесін жазып, еңірей жылап, алға қарай ұмтыла бергенде… Бұдан әрі не болғанын білмейді. Екеуі бірдей — бақытсыз әке мен сормаңдай шеше қатарынан, шалғын қырыққан қурайдай, қабытымен құлап түсіпті.

Содан… үйге тағы қаншама жұрт кіріп-шыққаны, бәрінің де кәдімгідей көріскені, әлдекімдердің қосыла жылағаны еміс-еміс. Ызғар соққан Суық-Төбенің етегінде, үлкен зираттың бір шеті, жаңадан қазылған көр басында тұрғандарын біледі. Одан әрі тағы да күңгірт.

Сол күні кешке, әлде ертеңіне ес жиды. Ес жиған бетте, енді екеуі өзара көрісіп, дауыс салып жылаған. Жылағандай болған. Зар емес, қыстыққан, ықылық атқан өксік. Көзде жас жоқ екен. Дауыс та құрып біткен. Ал көңіл… көн болып қатыпты.

Тағы бір мезетте, сірә, кеш батқан, немесе әлі таң атпаған… кәдімгідей бастарын көтерді. Қаралы топ тарқапты. Асқанның шешесі және жаулықты, байсалды тағы екі-үш жасамыс әйел ғана жүр. Жамырай қуанысқан. Бейне бір… кеткен бала тіріліп келгендей.

Келмеген. Кеткен. Кеткен балаға емес, отырған екеуінің тірі кебіне қуаныпты. Не тірлік…

Артынан түгел, немесе түгелге жуық естіді. Бұл жолы тіпті жеңіл келе жатыр екен. Ешқандай бөгеліссөз. Неміс жағындағы жол — саяхат, мереке сияқты. Поляктар — байыпты. Белорус шегі — ол да тыныш. Ресей… әуелде айтарлықтай қиындық тумапты. Бір жерде жол тосып тоқтатқан екен, рэкетир, яғни қарақшы жігіттер өткеннен таныс, Германиядан арнайы алып шыққан арақтарын ұсынып, азғана салықпен аман өтеді. Тағы бірде, орыс еліне бойлап енгенде, көлденеңнен қарасын шалыпты. İркес-тіркес үш-төрт машина, жолаушы емес, қарақшы екенін бірден таныдық дейді. Жүйріктеріне сенген жігіттер үдере қашады. Соңдарынан қуыпты, бірақ жете алмай қалды деді Асқан. Мұндай жағдайлар бұрын да болған. Енді, келесі бір күні аман-есен Еділден өттік. Орынбор аймағына тақап қалдық. Ендігі жол — оңай әрі жақын еді. Пәлеге осы кезде ұшырадық, дейді. Сірә, сірә емес, анық, қарақшылық кәсібін жаңа ғана бастаған топ. Жексенбі күнгі кеш еді. Жайдақ жол, ай далада тосып тұр екен. Көп те емес, көлденеңдеген екі машина. Байқалып қалды, арыдан шыққандар еркін өтеді, берідегілер тексеріспен кететін сияқты. Білдік. Бұрылар жер жоқ. Әйтіп-бүйтіп келісерміз деп, амалсыз тоқтадық. Бірден-ақ қатты кетті дейді. Қолдарында тапанша, обрез, түгел қарулы бес кісі екен. Алдымен кекете күліп, қол беріп амандасып шықты. «Бұл неткен әділетсіздік, — деді содан соң, шақпағын шағып, темекісін тұтатқан тыртық бет атаманы. — Сендер де бесеу, біз де бесеу. Бірақ сендердің әрқайсыңда бір машина. Және түгел иномарка. Біздің бесеуімізде екі-ақ автомобиль. Салдырлаған «Волга», тозған «Жигули». Осы да жөн бе? Болмайды бұлай. Теңдей бөлісу керек.» Мен үйреншікті әдет, қалыпты сөзбен мәмлеге шақырдым, дейді Асқан. Біз де кедей-кепшікпіз, езілген таппыз, осы, сонау қиырдан тасымал жасап, ата-ана, бала-шағамызды әрең асырап жүрміз, келісімге келейік деп. «Жарайды, — деді бас қарақшы. — Теңдей бөлмей-ақ қояйық. Тіпті, сендердің пайдаға. Бесеуіңе — төртеу. Ал біздің бесеуімізге — үшеу. Бір машиналарыңды тастап кетесіңдер.» Біреу, енді, тым ауыр. Жарты машинаның ақшасын берейік, дедік. Сол кезде… біздің жігіттердің бірі, шеткерірек тұрған, ақша әкелем деп машинасына бара берді де, кенет рульге отыра қалып, тұра қашты. «Барсын, — деді жаңағы қарақшы кеңкілдей күліп. — Әлі де төрт машина қалды. Бірақ айтқан сөзімнен қайтпаймын. Екеу емес. Біреуін ғана аламыз. Ал қашып кеткен жолдастарыңның төлемі ретінде… міне…» — деп, сөзге келмей атып салды, шошқаның баласы. Онымен де тоқтамады, тапаншасын ойнатып тұр. «Қалғандарың… — деді езуі ұртына жете ыржиып, — бәріңді де осы арада иттей қылып атып тастаған жөн болар еді, онда үш авто қатарынан далада қалады. Айттым, айнымаймын, бір-ақ машина аламыз. Мына жүректі жігіттің мінгені қайсысы еді?» Көріп тұр, барды да, от алдырып, жүре берді. Бірақ, аға, сіздің қолды болған машинаның толық ақшасын береміз, — деген.

Бала жоқ, енді ақшасы несіне керек. Тек көңілдегі ризашылық қана. Қаражат үшін емес. Көлденең қазаға ұшыраған шәйіттің денесін алып жеткізудің өзі ерлік еді. Қайғыға батқан үш жігіт келесі күні түс ауа Орынбор аймағын жайлаған қазақ ауылдарының біріне жетіп, ес жияды. Мәйітті арулап, сондағы жөн білетін үлкендерге кебіндетіп, сыртынан қаптай тігіп, тағы бір, әлде кілемше, әлде көрпемен жауып, бойын тасалап, күні-түні суыт жүріп, аман-есен жеткен. Айтпақшы, әлгі, бар пәлеге себеп болмаса да сылтау болған қашқын жігіт әлдебір шұғыл бұрылыста аударылып, қолы сынса да басы бүтін, ал машинасы мүлде іске жарамсыз, ұзын жол үстінде, жарасы жанына батып, тарығып отырған жерінен көріп, реніштен, ұрысқаннан пайда жоқ, тиесілі сыбағасын тапты, далаға тастап кету обал, оны да мінгестіріп алыпты.

Асқан өз есебінен және әлгі екі жігіттің, тағы да, сол жолы бармай қалған балалардың үлесі бар, толық бір машинаның құнын әкеліп берді. Ақша керек екен. Екеуі қалтырап, жылай еңіреп жүрсе де. Жалғыз ұлдың басын оңдауға. Оған дейін… қырқы. Одан кейін — жылы. Басын көтеру де, артын атқару да міндет еді. Ең соңғы алданыш. Алатаудың ақбас жүлгесінен бөлектеніп, ойға қарай еміне көтерілген, кейде бұлт оранып, түксиіп, кейде тұманыта тұлданып тұратын, әуелде рақымсыз көрінген дөмпеш Суық-Төбе, барған сайын рай, келбеті жұмсара түскендей, ақыры сауырын күнге тосып, басынан қар кетіп, жаз шыққанда қараса, рас, ағаш атаулыдан ада, бірақ сол жалаңаштығының өзі айрықша көрік бергендей, түйетайлана барып, тігінен шаншылған беткейінен, күргей, домбақ төбесіне дейін көк майса, соншама етене, соншама жақын, тіпті, бауыры мейірлі, жайсаң екен. Алыс бір қиырда демі үзілген жалғызды жетімсіретпей құшағына алып, жылулы қойнына басыпты. Жазықсыз екен, жазмыш екен. Қайран қара жер. Көп ұзамай, кешегі бақытсыз баланың бейбақ ата-анасы да сенің баурыңнан тыныс табар. Енді өлімнен басқа тілеу жоқ еді.

Бірақ зар тұтып қанша сұранса да келмей қойған ажал бұл екеуін біржола тұралатып барып алуға бекінгендей. Қапалы көңілге күнкөріс қиындығы қосылған. Күнкөріс болғанда, тәуір тұрмыс емес, әдепкі тіршілік, кәдімгі азық-түлік таршылығы. Баяғы, 1932 жылғы ғаламат ашаршылық елесі. Бұл ауылда, бұл ғана емес, барлық қазақ ауылында бұдан екі-үш жыл бұрын сыз беріпті. Әлі де қоңыр көлеңкесі сейілген жоқ. Керісінше, азғана қоры сарқылған жадау шаңырақтардың үстінде бұрынғыдан қоюлана түскен сияқты. Рас, советтендіру, колхоздасу кезеңіндегі жаппай таршылық емес. Соған керісінше, советсіздендіру тұрғысындағы, озық болар, тозық болар, қайткенде де біршама қалыптасқан, өз орнында тұрған колхоз, совхоздарды тарату, жай ғана таратпай, алдымен бар байлығын талапай құрдымға жіберіп, қалған жұқанасын басшылық арасында бөліске түсіріп, әдепкі қара бұқараны кәсіпсіз, қорексіз қалдыру нәтижесінде туындаған, түптеп келгенде, бұл да қолдан жасалған құбылыс. Әлбетте, барлық жұрт бірдей және бірден ашыққан жоқ. Аз да болса мал бар, қайткенде де басы бос. Қиындық жалпыға ортақ десек, қауқары кем, әрі асыраушысы жоқ кәріп-қасер, жетім-жесір тығырыққа тірелген. Әйткенмен, ел ортасы. Көпе-көрнеу, аш-ашалаң өлтірмес. Бірақ қашанғы көрші-қолаңға телміресің. Жетімсіздік — ауру-сырқауға жел берген. Азғана дерт — үлкен кеселге айналды. Дені сау — жаңа бір сырқат тапты. Төрт мүшесі түгел кісінің өзі жұмыссыз. Ал бала-шағалы жесірлер… Кемтар, мүгедек жандар… Жасы жеткен кәрілер… Түйір түсім жоқ. Жәрдемақың — жарты күндік қана… Сонда топырақ жей ме?

Біздің екі мұңлық — Айбол мен Сындыбаланың басындағы жұт екі есе. Қайғыдан көтерем болған үстіне тақыр қазан. Қыста соғымға арық тайыншаларын жыққан. Жазда сауын бар еді. Енді келер күзде… әлгі, тамақтарынан түйіртпектеп әрең өткен, әбден сүрленіп, шандырға айналған азғана ет те бітті. Былтырдан сарқыншақ жарты қап ұн тұр. Қылышын сүйретіп қыс келгенде көже қатыққа жалғыз сиырдың торпағын сойды. Сонымен екінші қыстан шыққан. Қырсыққанда, кім қарасын, сенген сиыры қысыр қалыпты. Сатса, сойса, сонымен бар шаруа бітеді. Амалсыз өріске қосты. Өздері жарты тоқашты бөліп жейді. Сүтсіз қара шай ішеді. Осының өзі көп тәрізді. Екеуі де арса-арса. Иә. Бар сүйегі сыртына шығып, омырайып, сорайып қалған. Сындыбала. Ал Айбол шүйкедей шал болды. Ұрты суалған, көзі шүңірейген. Көйлегін шешсе, қабырғасын санап алуға болар еді. Таршылықтан емес, деседі біріне бірі, қабақ астынан, сөз қайырмай-ақ. Қам көңілге титтей қоректің өзі жетіп жатыр. Тіпті, дастарқан аста-төк болып кетсе де, осыдан артық нәр сіңбес еді. Күн аралатып, мүбәрак жұма мен мүскін ұл дүниеден көшкен жексенбіде міндетті түрде зират басына барады. Әуелде зар еді. Енді алданыш, алданыш қана емес, қуанышқа айналды. Қабірді төбесінен жаныштамай, басына қызыл-күрең құлпытас қана орнатқан-ды. Түйетайлы топырақ үстіне көк шөп шығып кеткен. Әр талшығын сипалап көреді. Қабір үсті ғана емес, қоршаулы темір шарбақтың іші, іргесі, төңірегі түгел түкті кілемдей. Аяқтарымен әрең басады. Содан соң үнсіз, тілсіз, қабірдің екі жағында, тізе бүгіп, жайланып отырады. Шым-шымдап бойға қуат құйылғандай. Кенет Сындыбала жымиып күледі. «Есіңде ме, менің алғаш емізгенім…» Енді Айбол жадырайды. «Алғаш қаз тұрған күні… «апа…» — деді.» «Жоқ, кейінірек, әуелі «көке» деді.» «Енді, алдымен «апа» деді ғой, тілі келмейді, «а-а…» «Иә, қаз тұрған күні. Сен үйреткенсің ғой…» «Өзі айтты. Ал «көке» деп үйреткен — сенсің.» «Кө-кө-кө…» деп, қоймай қойды ғой бір күні. Тұсауын кескеннен соң…» «Иә. «Кө-кө-кө…» дейді де күледі. Тілі сондай тәтті…» «Содан, мектепке барғанда, «а»-ға «пы»-ны қоса алмай…» Ол да қызық екен.

Бәрі қызық. Бәрі есте. Жалғыз Айсын… Тура жиырма бір жыл, үш ай және жеті күн… Үнемі көз алдарында болыпты. Қадам аттап шықпаған. Иә. Кейінгі, ажалға тура бастаған үш мәрте сапар. Соңғысы. Жиыны неше күн? Бәрібір жер бетінде ғой. Есебі, қастарында, бірге. Яғни, жинақтап келгенде… үйде, дастарқан басында отырып есептегенде, жиыны, кібісе жалдардағы артық бір күнді қосып есептегенде — тура жеті мың жеті жүз алпыс тоғыз күн… ғұмыр кешіпті, соншама күн, соншама заман көз алдарында жүріпті, қисапсыз қызық көрсетіпті. Әрбір сағат, әрбір сәт қайта айналып келгендей. Бай екен, барақат екен. Екеуі де шексіз бақытты болыпты. Айсын да… бақытты, кеңшілікті ғұмыр кешкен. Ерке болды, жоқшылық көрмеді, бұла, балпаң өсті. Тек соңғы екі-үш жылда… Ойлап тұрса, ол да тіршілік таразысы. Кейіген жоқ, шаршап жүрсе де қабақ шытпады, ауыр жұмысты — әке-шешесіне септескен, өзі де қанағат тапқан жұмысты бейнет емес, міндет, қуаныш санады. Соңғы сәтінде… соңғы сәтінде де қиналмай кетіпті. Зұлымның мейірімсіз оғы қақ жүректен қадалған екен… Азғана жылап алысады. Содан кейін тағы да мейірлі естелік. Тағы да… бесікте тырбаңдап жатқаны, тәй-тәй басқаны, мектепке барғаны. Тіпті, сабаққа ықылассыз, кезінде бұларды қаншама қамықтырған, ұғымсыз… емес, селқос, кежір мінезінің өзі қызық еді. Ал тракторымен — май-май, самосвалымен шаң-шаң болып жұмыс жасағаны… таусылмас хикая. Тағы қаншама, қимас, қуанышты, мейірге толы әңгіме. Зират басына бағана, таңертеңгі, асығыс, татымсыз шайдан соң келген. Енді міне, күн еңкейіп, Суық-Төбенің басына төніпті. Көкірек сыздай қоштасып, бірер шақырымдай жер, жазаң сайлауытта жатқан ауылға қарай аяңдайды.

Екінші қыс та өткерілді. Екеуі… екеуі де өлмеді. Қабарған қайғы қатып-семіп, ішке түскен. Еңкейсе де үзілмепті. Бірақ ажал елесі босағада тұрған. Бүгін… Ертең… Күмәнсіз.

Ендігі жерде өткен ұлды ғана емес, алдарында кеткен өздерінің ата-аналарын да еске түсіре бастап еді. Жиырма жыл болыпты елден шыққалы. Кім бар, кім жоқ. Соншама заман бойы ешкімді көрмепті, ешкіммен хабарласпапты. Көргісі де келмеген. Қашқан. Иә. Ауыл ғана емес, ауылдас атаулыдан түгел. Бірде әлгі… қайда жүрсе жолы болғыр, бұлардың осы бақытына дәнекер, барлық қызығына ұйтқы болған, әрі аталас туыс Қыдырбекті сыртынан көріп қалып, екеуі бірдей, балаларын жетелеп, дымдары біте кері шегініп, үлкен универмаг, Алматыға әдейі барған, киім қарағаны, аралағаны не, сол беті сыртқа шығып, аулаққа безіп еді-ау.

Бұдан соңғы кезеңде етене таныс біреу-міреу кездейсоқ ұшырасып қалар деп, қалаға да көп бармайтын болған. Әйтпесе, ауылдан неге кетті. Осы бір бала үшін. Әлдекім бөтен тумысын біліп қоймасын деп. Әлдекім емес, баланың өзі. Шаранасымен етегіне салды, ақ мамасын беріп, әлпештеп өсірді. Туғаннан артық. Өздері риясыз. Бірақ… көңілге қаяу түспей ме. Тіпті, бала естіп, білмесе де, өздері маза таппас еді. Өйткені… бұл ерекше бала, қайдан келгені, қалай бауырға кіргені… өздері үшін де бөтен біреудің басынан өткен ертегі тәрізді көрінеді.

Қайткенде де қызықтары келісті болыпты. Бұған да тәуба. Өзі берген құдай өзі алды. Қолдан кетті, асыл анасы қара жердің қойнына кірді. Міне, тура екі жыл. Артын күтті. Жылады, сықтады, қайтып келмеді. Енді өздері де көр аузында. Бәлкім… туған жер, ата-аналарының қасына… Бұл — еркектің қапыл, толғанысы еді. Осы жаз шыққаннан бері шым-шымдап ойға оралған, ақыры бойға сіңіп, тілге үйірілген.

Қайғы қалыпқа түсіп, жан жадырамаса да, көңіл байыздаған, өткендегі өз өмірлерін де еске түсіріп, зират басында емес, ашық аула, үй алдында отырған бір күні айтқан.

— Елге қайтсақ қайтеді?.. — деген.

Әйел шошып кетті.

— Қайда? — деді селк етіп.

— Ауылға, — деді біршама басылып қалған Айбол…

— Кімге барасың? Не үшін барасың?.. — деді Сындыбала өзінде болмаған қатқыл үнмен.

— Енді… туған жер… Тым құрса көріп қайтсақ…

— Несін көресің, — деді Сындыбала көзіне жас алып. — Не деп барамыз? Жалғыз ұлдың қыршынынан қиылғанын айту үшін бе? Әлде әке-шешеміздің қараң қалған моласын құшақтау үшін бе?..

Айбол өз сөзінің оқыс әрі қисынсыз шыққанын мойындап, жер шұқып, үндемей қалып еді. Сындыбала өзінің байыпты, бекзат мінезін қайта тапты.

— Жоқ, — деді ауыр күрсініп. — Менің туған жерім — жалғыз ұлдың өскен жері. Өлгенде қасында жатам. Иесіз, панасыз, ай далаға тастап кете алмаймын!

Айбол менің айтпағым басқа еді деп, жуып-шайып жатыр.

— Сенікі де жөн, — деді Сындыбала шалына мүсіркей, жанашырлықпен қарап. — Бірақ осында болайық. Аруақ… мен білем, сезем, біз күндіз өзіне — зиратқа барсақ, Айсын түні бойы бізді — осы үйді төңіректеп жүреді. Күн сайын. Кетіп қалсақ, тіпті, азғана күнге аулаққа ұзасақ, көрмеген, білмеген жер, бізді қайдан іздемек? Жалғыз ұлдың жаны кеудеден шықса да, шығанға кеткен жоқ. Қиямет-қайымға дейін қасымызда, осы Суық-Төбенің етегінде жүреді… — деді.

Сол күні кеште үйдегі шам сөніп қалып еді. Электр жарығы. Өзінен өзі емес. Жарым жылдан асты, ақшасы төленбеген. Екі рет ескертті, бес рет ескертті, келесі пенсия, арғы пенсия… Жарық қайда, күнделікті нанға жетпейді, амалсыздан кейінге шегере берген. Бұлармен қоса бүкіл ауыл. Түгелге жуық. Аудан орталығы Ұзын-Ағаштан арнайы тексеруші келген де, түгел қиып кеткен. Жарықтан айрылған барлық үйде майшам жағылып еді. Кәдімгідей, дүкендегі таяқша балауыз емес, ол құрғырың жоқ, болса да әжептәуір ақша, баяғы кедейдің, соғыс кезіндегі, одан да бергі замандағы, қолдан жасайтын, үйреншікті шырағданы. Бармақ басындай тоң май болса жетіп жатыр. Мақтадан, шүперектен білте ширатып, төңкерілген кесе түбіне орнатасың. Кеш қарайғанда бұлар да осындай шырақ жақты. Тіпті жақсы. Ешкім ақы сұрамайды. Тек… онсыз да үңірейген үй іші қарауыта, құлази түскен.

Екеуі төрде, жайпақ жозы, жалаңаш дастарқан басында отырған. Сындыбала жоқтан-бар, кәдімгідей ыстық тамақ жасапты. Тіпті оңай екен. Бұрын ойға келмеген. Өткен, мол болмаса да, таршылыққа жетпеген сұрықсыз қыста жалғыз сиырдың аузынан қалған азғана жем. Комбикорм аталатын. Қап түбінде жатқан, бір пұттай. Сол азғана, азғана емес, әжептәуір жарма, қоспа, бидай, кебекті қоқым, қауызынан тазартып, жарты аяғын тура бір тәулік суға бөрттірген. Содан соң бір шөкім тұз, азғана шылаумен отқа қойған. Былқыған, керемет ботқа шығыпты. Рас, қатықсыз. Бірақ тоқ. Әрі… аяқ астынан табылған өзгеше ас. Үйде түк жоқ еді. Көктемде, албардағы бақшалықта жер шұқып, баптап еккен азғана картоп жаңа түйіндеген, күзге қаратса, тым құрса бірер қап өнім алмақ. Енді міне, құрама ботқа. Астық жиналғанда кезекті пенсияның бар ақшасына тағы бір қап, жемдік қоспасыз, таза бидай тауып алса… қарық болады екен. Өзегі талған, әйтсе де құнығып отырмаған екеуі әжептәуір көтеріліп қалды. Иә, тегін, мол тамаққа емес. Онсыз да тәбеттері кем, шетінен шөкіп, анық үш қасық жеген жоқ. Аяқ астынан көңіл демейтін жаңа арман, жаңа кеңес шыққанға. Ойлап тұрса, өткеннің бәрі қуаныш екен. Айсынға қатысты, ертегілік, әрқилы әңгіме өз алдына. Одан бұрынғы. Тіпті, соқа бастары отырған, бірақ күш-қайраты бойында, бар тілеуі алда, кәдімгідей қызмет жасап, ел қатарлы табыс тауып, адамша өмір сүрген қаншама заман. Оған дейінгі, екеуі жаңа қосылған, уайым, қайғысыз жылдар. Одан да бұрынғы, — бозбала, бойжеткен шақ. Аш-арық, мехнат, бейнетті соғыс кезі. Дәл осындай майшам жағып отырар еді. Қазір ала-көлеңке көрінеді, ол кезде самаладай жарық. Осы, дәл осындай майшам жарығымен сабақ дайындап, кітап оқитын.

Бірін бірі делбеп, әжептәуір отырған соң бұл әңгіме де таусылды. Түн ортасына тақау. Бәлкім, асып та кетті. Сағатқа қарамаған. Сағатқа қарамағалы, уақыт санамағалы қанша заман. Бүгін де. Алда ұзақ түн тұр. Қайткенде де күн жарығы жанға жақын екен. Сыртқа шығасың, аулада жүресің, қайтадан үйге кіресің, қыбыр-жыбыр, баяу болса да уақыт өтіп жатады. Ал түнде… Ұйқы жақсы, әрине. Кейде бастығырылып, ауыр түстер көрсең де. Баз-базында өткен күнге қайта ораласың. Балаңмен, барыңмен бірге жүресің, аман-есен, шат-шадыман. Түсте, елесте болса да, бір жасап қаласың. Тек… жаңа ғана оянған сәтте қиын. Бүгінгі күнге, жетім-жесір, қаралы күніңе қайтып ораласың. Әйткенмен де ұйқы — әжептәуір жеңілдік әкелетін. Бар қайғыңды біржола ұмытпасаң да. Тек… бірден ұйықтап кете алмайсың. Талығып барып, түн ауғанда, кейде таң бозарғанда әрең көз ілінеді. Екеуі сол жеңілдік сәтін күтіп, уақыт созып қана отырған. Бірақ бүгінгі отырыс тым ұзарып кеткендей. Айбол амалсыз сағатқа қарап еді. Жылжымай, бір орында тұрып қалғандай. Түн жаңа ғана орталанған. Тура он екі екен. Нөл-нөл. Сол кезде… Сындыбала ішін тартты. Айбол да жалт қараған. Тура босағада тұр екен!..

Үңіле, еңкейе қарап, тура босағада тұр. Айсын!!

Жүзі көлеңкелі. Әлде жәбірленген, әлде аянышқа толған, жабырқау кейіпте. Сол, назалы күйінде сәл бөгелді де, үнсіз, дыбыссыз қалпы алға қарай екі-үш қадам басты. Енді түр-тұлғасы айқынырақ көрінген. Жанары жасаурап, бет-жүзіне күлкі үйірілді.

Екеуі… мана… тас болып қатқан. Енді ғана ес жиды.

— Құлыным!.. — деді Сындыбала шыр етіп.

— Балақан!.. — деді Айбол, омалған орнынан тұра алмай.

Екеуі бірдей көз жасына ерік берген.

— Қайтып келдің бе, ақыры… — дейді анасы.

— Бар екенсің ғой, жүр екенсің ғой… — дейді әкесі.

— Иә… — деді Айсын. Теңселе бере бойын жиды. — Мен… кел… дім… — деді аз-маз дірілі бар , күмбірсіз, анық әуезбен. — Сендер… жыламаңдар… Маған ауыр… — деді күрсініп.

Келер мезетте ғайып болды.

Екеуі қармаланып, орындарынан тұрды. Қалтақтап босағаға барды. «Айсын!.. Құлыншақ!.. Балақан… Жалғызым… Жарығым…» — десіп, қолдарын алға созып, әр қадамын аңдай басып, шағын бөлмені он айналып шықты. Жоқ. Содан соң есікті сипалаған. İшкі ілгегі салулы тұр екен. Ауызға — даланға шықты. Ол да берік. Қайтып келіп, терезені түгендеді. Желдеткішіне дейін жабық. Содан соң дымдары құрып, отыра кеткен.

Сындыбала тағы да көз жасын бұлады.

— Жылама, — деді Айбол. — Айтты ғой жаңа ғана балаң. Сен жыласаң, жеңілейіп қаларсың, ал оған ауыр. Солай деді.

Сындыбаланың көз жасы бірден тиылды. Екеуі бірдей бойын жиып, аз-маз сабыр тапқан.

— Тірі, — деді шешесі. — Өлген жоқ. Тірі екен!

— Онда… қалай келді, есік қозғалмаған қалпында…

— Тылсыммен ашылып, тылсыммен жабылды, — деді Сындыбала нық сеніммен. — Біз қапелімде аңдамай қалдық.

— Рас, тірі, — деді Айбол да, жеңіл күрсініп. Бет-аузы шалбарланып, кәдімгідей, ыржиып күлді. — Жаны… Жаны кеудеден шықса да, өзі тірі. Жаңағы… — Бойын бекітіп, азғана бөгелді. — Жаңағы — аруақ. Айсынның өзі емес, аруағы. Есебі, өзі. Бізді ұмытпапты. İздеп келді. Тағы келеді…

— Тағы келеді… — деді Сындыбала. Көз жасын сыға бере, қайтадан қатайды.

— Иә, енді жыламауымыз керек, — деді Айбол. — Жыласақ… тағы да кетіп қалады. Содан, өкпелеп… мүлде… Келеді…

— Келеді! — деді Сындыбала соншалық берік сеніммен. — Мүмкін, қапалы күйімізді көріп, жұбату үшін келген шығар. Бірақ ендігі жерде… соның өзіне… қалай жыламассың… — деді тағы да босаңсып.

Айбол еңсесін жаза жадырап, мүлде оңалып алды.

— Жыламайық. Қуанайық. Баламыз бар екен, — дейді. — Енді қайғыратын не қалды, — дейді. — Келді. Көрдік. Тағы келеді. Бүгін. Осы қазір. Тек… өзі айтқандай, бекем болайық. Қайғымен емес, қуанышпен қарсы алайық. Міне, қазір…

Екеуі қайтадан серпілді. Отын маздатып, жаңадан шай шығарды. Алаңдаған қалыптары былықай ботқаны да, табақтың түбіне дейін, түгел жеп алды. Сырттағы беймезгіл машина дүріліне де, алыс, жақында әлдебір иттердің үргеніне де, орындарынан атып тұра жаздап, тіпті, тыпа тыныштықтың өзіне елеңдеп, таң бозына дейін күтіп отырды. Айсын келмеді.

Шала-шарпы көз ілген соң, асығыс оразасын ашып, зират басына барған. Момақан, үнсіз қалпында тып-тыныш жатыр екен. Аруақ емес, үстіндегі көк шөбіне дейін тілсіз, өзі де жансыз, жетім төмпешік.

Кешіне… сыз бермеді. Ертеңіне де. Арғы күні де. Үш күн, төрт күн өтті.

Бесінші күні, түн ортасына толмай, ел ұйқыға жатар кезде қайтадан көрінген. Өңі боп-боз екен. Қайғыдан да, қуаныштан да шет. Тағдырға көнген, байсалды, бекем. Әкесі мен шешесі жылаған жоқ. Тіпті, қыбырлап, қозғалуға қорықты. Әнеугідей кетіп қалар деп. Тіл қатысып та үлгермеген. Айсын тым асығыс, бір сәтке ғана оралғандай. Ол да ештеңе айтпады. Ата-анасына елжірей, барлай қарап азғана тұрған соң көзден ұшқан. Тым құрса бес-он минут бөгелмепті.

Әйтсе де, екеуінің қуанышында шек жоқ еді. Өткенде еріксіз ренжітіп алдық па деп қорыққан. Бұл жолы өкпесі жоқ сияқты. Шынында, өзінің онсыз да өлмелі әке-шешесі, реніш-өкпе үшін емес, есіркеп, еңсесін көтеру үшін келді емес пе. Десе де… неге тура бес күн бөгелді? Ойлап, санап, есептеп, оп-оңай тапты. Әуелгі келіс — жексенбі, қазаға ұшыраған күні екен. Одан соңғы жұма — ауылға жеткен күні. Ендеше, жамбасы жерге тиіп, келісімен, мәйітті зарықтырмай, түнде қондырып, ертеңіне, сәскеге таман қара жерге тапсырған — сенбі күні бар емес пе. Жұма, сенбі, жексенбі. Аптаның соңғы үш күні қатарынан… Соншама қуанышты жағдайды ойша елестетудің өзі қиын еді. Сөз жоқ, келеді. Сенбі күні, яғни ертең тағы. Тек, буындарын бекітіп отыру қажет. Әйтпесе, үшіншіден соң мүлде көрінбей кетуі. Тек осы бір жолы келсе. Әуелгі сенбіде. Ертең…

Келді. Келесі жексенбі, арғы жұмаға қаратпай.

Екеуі кешкі алакеуімнен күткен. Қатарынан үш майшам жақты. Баяғыдан қалған әдемі кәрлен кеселерінің түбіне. Үш кесеге үш майшам. Сындыбала әр жерге қойып еді. Айбол бірдеңеге қайшы келіп қалармыз, үйреншікті жерде тұрсын деп, түгелімен дастарқан үстіне, қатарынан орнатты. Екеуі бірін-бірі сабырға шақырған. Шынында да, бойлары үйреніп қалыпты. Жылайтын не бар. Рас, қуаныштан да жылайды кісі. Бірақ дәл бұлар үшін орны жоқ.

Ақыры, түн жарымда, босағадан аттағанда, босаға емес, жабық есіктен төрге қарай қадам басқанда… мейірлі қуанышпен көріскен еді. Айсын да бұрынғыдан көтеріңкі екен. Және еркін. Екеуі қалт-құлт етіп, кәріліктен, кемшіліктен емес, мазат толқыныстан, буындары дірілдеп, қарсы алдына келгенде… баяғы бір замандағыдай жымиып күлді. Ал бұл екеуі… әлде именіп, әлде үркітіп алармыз, жаңа, беймәлім рәсімге қайшы келер деген түйткілді қауіппен, еміне бере тоқтап қалған. Айсынның өзі де, бұлар тақағанда бір қадам кейін шегініп еді.

— Мен… тағдыр… — деді. — Әйтсе де… сендерге обал болды… — Даусы тұтқырланып, азғана бөгелді. — Мен бәрін де білем, — деді тағы да жарты қадам шегініп. — Сендердің қалай қайғырып, қамыққандарыңды. Көл-көсір көз жастарың таусылып, қалай демдерің біткені. Содан соң, қайғы үстіне тұрмыстан талай тарыққандарың… Ашаршылық алдында. Күні бүгінге дейін…

— Жоқ, жоқ, жарығым… — деді Сындыбала қолын ербеңдетіп. — Біз… біз…

— Біз де ел қатарлы… — деді Айбол. — Аштан өліп, көштен қалмаймыз. Тек…

— Өлі аруаққа бәрі де белгілі, — деді Айсын. — Көрсе де, көрмесе де.

Содан соң…

(айтты…

— Аруаққа бәрі де аян. Ата-анасының жайы ғана емес. Ағайын-туыс, тақау төңірек, таныс-біліс. Өзінің өткені түгел. Тіпті, туған, ес білген шағына дейін… Мен бәрін де білемін. Сендердің… құдайдан бала тілеп, қалай зарыққандарың, маған қалай қуанғандарың… Қалай мәпелеп…

Мынау сөз — атқан оқтан әрмен болды. Екеуі бірдей өзектері суынып, опырыла құлауға шақ қалған…

Жоқ!

Ол рас, аруаққа бәрі мағлұм. Болғаны да, болмағы да. Ақиқат десең де, қазақшылыққа жатпайтын қылық. Көргенсіздік. Кір, қоқыс. Көңілге қаяу. Орынсыз қатал, тым ауыр соққы. Әрине, айтпайды.

Айтпады.)

… іркіліп қалды. Бірақ екеуі де әлдене, тосын бөтендіктің лебін аңдағандай. Алдымен ес жиған, немесе, біржола есі шыққан Сындыбала екен.

— Құлыным-ау, — деді жассыз көз, зарлы көңілмен аңырап. — Тас емшегімді жібіткен қоңыр қозым-ау, қалайша ғана…

Асығыс аттап, бас салып құшақтап еді, құр ауаны қармады. Аң-таң болған, өңі бұзыла абдыраған, қапалы, қаралы күйде кері бұрылып еді, Айсын жылысты ма, секірді ме, әлде буалдыр сағымдай толқынып өтті ме, екеуінің аралығында тұр екен.

— Сендерді бұрынғыдан да жақсы көремін, — деді. — Әйтпесе, Суық-Төбенің етегінде тыныш қана жатар едім. Апа, көке… менің басқа кімім бар… Сендердің жалғыз ұлдарың… Жаралмыштан бастап, өткен ғұмыр бойы, енді жер қойнында, қияметке дейін… Сендерден басқа түгім жоқ. Тым құрса үйленіп, артымда тұяқ қалса ғой. Сендердің де қайғы-зарың…

Сөзін аяқтап үлгермеді, ауаға сіңіп жоғалды. Енді екі кәрі бірін бірі құшақтап алған. Жабығып, жылаған жоқ. Сүйініштен де, түңілістен де тыс. Үрейден де, үміттен де ада. Бәрі өтті. Бәрі бітті. Аттай жиырма бір жыл тек қызығын ғана көрсеткен Айсыннан шынымен-ақ айрылыпты. Біржола кетті деп білген. Тіпті, кешелі-бүгін, осы жаңа ғана көзбен көргендеріне күмәнді. Күмәндана тұрып сенімді. Сонда… бұл не? Не емес, кім? Өзі екені анық. Аруақ болса… тірі. Яғни, өлген жоқ…

Өлгенін көрген жоқ. Әйтеуір іштен кебіндеп, сырттан тігіп тастапты. Бетін ашқызбаған. Ауыл ақсақалы. «Міне, шәйіт болғалы алтыншы тәулік, күн жаз, қайнаған тамыз, көруге… сыртын сөгіп, ішін ашып, көруге… көңілдерің қайтады, сол, өңі бұзылмаған, аман-сау қалпында есте сақталсын… Ең бастысы — кебінделіп қойған мәйітке обал, сендерден ары қайғы…» — деген. Мүмкін, сонда… басқа бір… Айсын өлген жоқ. Ғайыптан тірі шыққан. Ғайыптан көрініс берді.Өлген жоқ. Сірә, әлдебір сиқыр аймағына түсті… Иә. Анық. Екеуі қайтадан дағдарған. Ақылдан алжасқандай. Өң мен түсті айыра алмай тұр. Жаңағы… түс пе, өң бе. Естелік пе, елес пе. Елес емес. Түс емес.

Шын екен. Ешқайда кетпепті. Келер мезетте манағы орнында тұр…

— Уһ… әрең оралдым, — деді бұл жолы ашық әуезбен. — Көке, апа… Сендер мені өлді деп білдіңдер. Енді тірі қалпыма сенер-сенбес жағдайда тұрсыңдар. Мен өлгем. Әрі тірімін. Мен — тән емес, жан! Мен — мәңгі жасар аруақ…

— Жоқ! — деді екеуі қатарынан. — Сен — барсың. Аман-есен, тірісің. Әлдебір сиқырлы өлкеде жүрсің. Сиқырмен келіп тұрсың. Енді осында қал. Біз кетейік. Ауыс, айырбас мүмкін бе?

— Жазмыштың жолы түзу, — деді. — Қайтпайды, қайрылмайды. Сендер біле тұра сенгілерің келмейді. Міне.. қабырғада қалтылдаған екі көлеңке көрінеді. Екеуің. Үшінші — мен жоқпын. Апа, айнаның бетіндегі пердені ал, — деді салқын жымиып. — Енді үшеуіміз кезектесе жақындап көрейік. Міне, мен жоқпын. Сендер — тірі, мен — өлген кісімін. Қайтып келдім, бірақ қайта тірілмеймін. Көнгенсіңдер, енді мені көре тұра, үміттеріңді біржола үзіңдер. Келмейтін едім, көрінбейтін едім, бірақ кешегі… малдың жемінен қалған быламық ботқа… Мен әупіріммен көрден тұруға мәжбүр болдым. Менің… әлпештеп өсірген әке-шешем мұндай кемшілік жағдайда қалуға тиіс емес…

Тағы да, күтпеген жерден ғайыпқа айналды. Аңдап қараса, солай болмас жөні де жоқ. Көп ұзамай, терезеден таң сыз берген.

Ертеңіне — жексенбі болатын. Кезекті күні. Келмеді.

Арғы, қайғылы, қаралы жұманы тағатсыз күтіп еді. Таң атқанша, күн шыққанша тосты. Жоқ.

Сенбі… Ең соңғы болмаса да, үміт күні.

Кеш тезірек батса деп тілеген. Кешке жетпеді. Сәске түсте жетіп келген. Асқан. Айсын емес, Асқан.

Қысыла, қымтырыла кірген. Сәлемнен кейін дастарқан басына тізе бүкті. Жан-жағына қаранып, азғана отырған соң, дұға қылды. «Құл-һу-алла…» Жаттап алыпты, күбірлей созып, үш қайтарып, «алла әкбар» айтты. Содан соң ғана жөн сұраған. Қарттардың амандық, саулық жайы.

— Аға, тәте, мен кінәлімін, — деген, назарын төмен салып. — Міне, жыл асты, есебі екі жыл, тым құрса үйлеріңізге кіріп шықпаппын. Көшіп кеткем. Қу тірлік. Тапыр-тыпыр, алас-күлес. Әне-міне деп жүріп ұзартып алыппын. Енді… жағдай жаман емес.

Сындыбала шай қойды. Сол кезде ғана… жерге кірердей қиналған. Дастарқанға салар… жарты жапырақ нан жоқ екен.

— Тәте, әуре болмаңыз, — деді Асқан әлденені сезгендей. — Кейінірек келіп, ағамен еркін отырып әңгімелесемін ғой. Бүгін асығыс едім. Осы ауылда азғана шаруа шығып… Сіздердің үйге арнайы келгелі жүр едім. Тіпті жақсы болды.

Екі кәрі үшін Айсынның өткендегі серіктес ағасын көрудің өзі үлкен қуаныш еді. Әуелде әлденелер еске түсіп, кемсеңдегенмен, өздерін тезінен бекемдеп алған. Шеше сұқтана, сүйіне қарап отыр, баласының досына. Әке әрнені сұрастырып, әңгіме жалғады.

— Қазір жағдай біршама жақсарды, — деді Асқан. — Жапониядан оң рульді машиналар жеткізу мәселесін жолға қойдық. Баяғыдай өзіміз айдап әкелмейміз. Барамыз. Пойызбен. Көбіне Владивосток. Сонда іскер, сенімді жігіттер таптық. Тиесілі ақшасын төлейміз де, бір машина емес, оншақтысын қатарынан арнайы вагонға тиетеміз. Өзіміз салт қалпымызда, жолаушылап, саяхаттап қайтамыз. Айсын болса ғой… — деді кенет жүзін көлеңке шалып. — Сондай… табанды екі-үш жігіт бар, — деді. — Бірақ… — Сөзін тауыспады. — Мені өз балаларыңыздай көріңіздер, — деді, тізерлей орнынан тұрып. Еңкейе бере, қойнына қолын салып, стол үстіне бір буда ақша қойды. — Мынау — Айсынның үлесі. Кейінгісі тағы бар… Қиналмай, қажетке жарата беріңіздер. Мен… тағы да келем…

Келмеді. Айсын. Сол күні кешке. Сенбі ғой. Кезекті көріс күні. Ертеңіне, жексенбі күні тағы да. Екеуі таң атқанша, елбірей зарығып, ұзақ күтті. Ақыры, күн шыға, талығып, әрең көз ілген. Ендігі емескі үміт — алдағы жұма.

Келді. Түстен кейін. Күн жарық қой. Айсын емес, әрине. Асқан.

Екі кәрі шелпек пісіріп отыр екен. Мүбәрак жұма ғой. Арыдағы аруақтарға, берідегі… өлі, тірісі нақты белгісіз балаға арнап.

Асқан тағы да дұға қайырды. Бұл жолы, әлде уақыты көп пе, әлде жетім-жесір кемпір-шалдың көңілін аулағысы келді ме, ұзағынан отырды. Кәдімгідей әңгімемен. Қазіргі табыстары тәуір көрінеді. Бұрынғыдан бес есе. Бірақ бұл да тұрақты кәсіп емес. Ертең, ұзаса екі-үш жылда ұсталған, арзан машинаның құны түседі, түспесе де, өткізу қиындайды. Өйткені, әр тараптан жеткізушілер көп. Әрі кеден — бұл жақтағы билік тұтқасын ұстағандардың көмейі кең. Көп созбай, осы биыл, қосымша, бәлкім негізгі табыс көзі — СТО — Техникалық қызмет бекетін ұйымдастырмақ. Қаланың іргесінен қажетті жерін алып қойыпты. Енді тиесілі жабдықтары бар төрт қабырғасын тұрғызу керек.

— Айсынды жұмысқа алдым… — деді кенет басын көтеріп. Содан соң, аңдаусызда айтқан сөзі тамағына кептелгендей, қалт тынды. Даусы қаймыжықтанып, — Айсын… — деді де, тұқыра төмен қарап, тағы бөгелді. Келер мезетте көзіне жас алған.

Әңгімесін аздан соң ғана жалғастырды.

— Сол жолы мен өлуге тиіс едім, — деген. — Айсын араға түсті. Оқтан қағу үшін емес. Мені қорғап. Ұрып жібере ме деп. Қайратты еді ғой. Әрі жылдам. Мына тәтеме тартып туған, ірі. Атады деген ой жоқ. Қорқытып тұр деп ойладық. Сонда да араға түсе беріп еді. Әлгі қарақшының тартып жібергені. Қорқытқан жоқ, шынымен атқалы тұр екен. Содан… есіме түссе, әлі күнге дейін буыным дірілдеп кетеді… Айсынды құшақтай алып едім, маған жанары жарқ етіп, көзін төңкере қарады да, кете барды…

Екі кәрі үнсіз жылап отыр еді.

— Жә, — деді Асқан қатайып. — Содан… міне, екі жыл, есімнен шыққан емес. Тек қана… — Тағы да тұтқырланып, бөгеліп қалды. — Өткен жұма күні түнде… Әлде түсім, әлде өңім… — деді басын сілкіп. — Ертесімен, тұра сала сіздерге асықтым… — Жымиып күле бере, аңырып қарады. — Сол күні… Өзімнің де көңілім жайланып, тыныш ұйықтадым. Ертеңіне.. өткен жексенбі ғой, тура түн ортасында келіп тұр… «Мені жұмысқа ал,» — деді. — «Тым көп емес, орташа айлыққа,» — дейді…

Асқан тағы да басын шайқап, төбеге қарады.

— Алдым. Тіркеп қойдым. Ортадан жоғары жалақымен. — Күлді. — Енді сіздерге әкеліп беріп тұрам. Ешқандай таршылық көрмейсіздер, маған сеніңіздер, — деді.

Екеуі ыңғайсызданып, әлденендей уәж айтпақ еді, Асқан қолымен жасқады.

— Мен қайда болар едім қазір? Суық-Төбенің етегінде жатар едім. Айсын емес, мына мен. Ақша деген не, ағасы. Тәте. Мың, мілион теңге бір күндік жарыққа жете ме. Сіздер де… Кеткеннің орны толмайды, енді… асықпаңыздар. Мені Айсынның өзі болмаса да, көзіндей көріңіздер… Өткендегім — қарыздың қалдығы еді. Міне, балаларыңыздың әуелгі айлығы, — деп, тағы да әжептәуір ақша тастады.

Жарлы-жалбағай кемпір-шал не айтпақ. Алғыс, ризашылықтан басқа. Ақша үшін емес, адамгершілік үшін. Ең бастысы — өлген ұлдары әлі де тірі жүргендей. Өлсе де өздерінің қасында екен.

Жұма еді ғой. Кешкісін… келді. Айсынның өзі, әрине.

Жүзі ашық екен. Екеуіне кезек қарап, үш-төрт қадам алға басып, бір қадам кейін шегінді. Әкесі мен шешесі… кеудеде шықпаған жаны ғана бар, шымырай толқынып, бұлар да әрең тұр. Әлденендей түйсікпен сезінді, бұл — ең соңғы келіс. Ең соңғы көрініс. Бұ дүниедегі. «Қош, бақұл бол!» — деп, «Ақыретте көрісейік!..» — деп айтуға ауыз да бармады, уақыт та жетпеді. Жарқ етіп, еңселене көрінген елес келер мезетте тұмандай тарап, ғайыпқа айналған. Иә. Біржола…

Кәрі әке-шеше қапалы қуанышта қалып еді. Бірге тұрмақ жоқ, бірге жүрмек бар екен. Бұ дүниеде емес, о дүниеде. Көріс күні де тым алыс емес. Бір жыл, екі жыл, ұзаса бес-алты жыл. Еріксіз тездету — күнә болар еді. Асыққан жоқ, фәниден безіп, бақиға сұранған жоқ. Бірақ шын үмітпен, ақ пейілмен күткен. Соған орай өздерін ерекше талайлы, соншама жеңіл сезінген. Жалғыз ұлдары — бар екен. Аман-есен жүр екен. Енді не арман. Айсын алдарында іңгәлап жатқан, алғаш қаз тұрып, тәй басқан, құлдырап ойнап, апа, көке деп мойынға асылған, өскен, жеткен, қорғаныш, сүйеніш болған абат, кеніш өмір бастарына қайтып оралғандай, несібелі, ырысты күн кешті. Бес-алты жыл емес, екі, бір жыл да емес, ұзақ жеті-сегіз ай бойы. Сол мейір, сол қанағат, иман, тілекпен ерте көктемде екеуі қатарынан дүние салыпты. Бірі — таңертең, екіншісі — кешке қарай.

Алматыдан Асқан келді, таныс-біліс, тумаса да туғандай ауыл-аймақ түгел жиналды, мұғалім марқұмның алдын көрген жігіттер Суық-Төбенің етегіндегі көкмайса зираттың күнбатыс шетіндегі, өздерімен бірге ойнап, бірге өскен Айсынның дәл қасынан, беті ғана жіпсіп, асты тоң болып қатқан сары топырақты қопара текшелеп, қатарынан екі қабір қазды. Туған-туыссыз, баяғы бір заманда осы өңірге көшіп келіп, берік орныққан, соншама ұзақ уақыт бойы ірге аудармай, бір қоныста отырған, басы — бақытты, соңы бұлағай, қайткенде де өзінше ғұмыр кешкен, атаулы үш-ақ жан болса да, тұтас бір әулет — отбасымен төрт қанат киіз үйдің орнындай ғана жерге сыйыпты. Ең соңғы белгілері — бастарына үйілген кішкентай төмпешік қана екен. Бірі — үстіне көк шөп тебіндеген жас жігіт. Екеуі — әзірге таза топырағы ғана қопсыған екі кәрі. Қайткенде де жансыз, тілсіз үш дөмбек. Ал астында…

Тірі жан білмейді. Бірақ анық. Әке мен шеше қасыретпен айрылған жалғыз ұлдарын қайта тапты. Енді ешқашан жұптары жазылмайды. Қиямет-мақшар күніне дейін. Одан соң да…

Имандары саламат болғай, ғазиз мүскіндердің!..


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама