- 27 нау. 2020 00:00
- 216
Оңдыбай, Құлтас әңгімесі
Тама руынан шығып, елін жақсы басқарған Құлтас деген болыс елуден асып қалған шағында өз жақыны Оңдыбай деген бала ержетіп, болыстыққа таласады. Болыстыққа талас айтысқа ұласады. Содан елінің қариялары баланың қайтпайтынын сезіп, ол елдің қарт сыншысына астыртын хабарласып, «мына баланы бетінен қайтарсын» деп сәлем жолдайды. Ал Оңдыбайды қарияның қолын алып, бата алуға жібереді. Оңдыбай келгесін қария әңгімеге айналдырып отырып:
— Құлтас атаңның қара құлы ғой, оған тең келмейсің, — деген сөзді айтады.
Сонда алған бетінен қайтпайтын бір бет Оңдыбай тұрып:
— Мені Құдай Оңдыбай қылып жаратса, сіздің батаңызсыз-ақ Оңдыбай болармын, — деп орнынан тұрып, жүре беріпті.
Оңдыбайдың қайтпайтынын сезген сыншы Құлтасқа сәлем жолдайды: «Көзі көк, рақымы жоқ, бірбет жігіт екен. Болыстығының жартысын бөліп берсін» деген сәлемдеме жіберіпті.
Сонымен, Оңдыбай бұл жақта жүргенде әкесі Құлтасты үйіне шақырып, сыйлап күткен екен. Әкесі қара мая, шешесі жанат ішік жауып жіберіпті. Оны Оңдыбай жолшыбай есітіп, ашумен келіп шешесіне:
— Ә, шеше, қайныңыз келді ме? Оған не сый жасадыңыздар? — депті.
Сонда шешесі:
— Мен жанат ішік жаптым, әкең қара мая мінгізді, — депті.
Сонда әкесі:
— Шешең жанат ішік жапса, қайнысына жапты. Мен қара мая мінгізсем, сенің тіл жазаңа мінгіздім. Үлкенге тілің тиіп, үлкенді сыйламадың, — депті.
Ақыры Оңдыбай бақталастықпен Құлтасты үзеңгіге у жағып өлтіріп жібереді екен.