Оқытуға өзгеріс енгізу
Оқытуға өзгеріс енгізуді дайындау барысында
8 «г» сыныбының психологиялық- педагогикалық сипаттамасын жаздым:
Сыныптағы оқушылар саны: 23, жасы: 13-14.
Сыныптың құрамы: ер балалар- 9, қыздар -14.
Сынып 2006 жылы қалыптасты.
Сынып жетекшісі: Алимбаева Алтынай 2010жылдан бері сынып оқушыларымен жұмыс жасауда. Қазіргі уақытта бір-біріне көмектесуге негізделген қарым- қатынас қалыптастыруға бейімділік байқалады. Өзара сыйластық, көшбасшылық ақсауда. Қиынға бейім балалар қатары көп. Көпшілігі көп балалы, тұрмысы нашар, әлеуметтік жағдайлары төмен отбасынан шыққандар.
Үлгерімі: үздік оқушы жоқ. Екпінділер саны:6. Сынып оқушыларының жаратылыс математикалық бағыттағы пәндерге қарағанда, гумманитарлық бағыттағы пәндерден үлгерімі жақсы.
Оқуға көзқарасы: оқушылар қабілетіне қарай берілген тапсырмаларды орындайды. Сыныптың төрттен бір бөлігі ғана үлгереді. Білім деңгейі өте төмен. Жарсып оқитын балалар жоқтың қасы. Білімдегі олқылықтары көп. Коллиграфиясы нашар; есте сақтау қабілеті төмен; қабылдауы баяу; спортсмен оқушылар көп. Тақтадан қорқады.Үй жұмысын үнемі орындамайтын
оқушылар өте көп. Себебін сұрасам, түсінбедім деп жауап береді. Әр сабаққа жаңа дәптер арнайтын оқушылар да баршылық.Тегін үштікті алып үйренген. Мұғалім өзі үшін қояды, қоймаса мейлі деп бейқам отыратын оқушылар да жоқ емес. Сабақта белсенділік танытпайды.
Тәртіп: көп шуылдайды. Артқы партаға отыруға құмар. Сен тимесең мен тимеймін принципін ұстанады. Үзілістің болуын күтеді. Сынып жетекшісінің орналастыруы бойынша отырғылары келмейді. Мұғалім жоқ болса немесе шығып кетсе, уда шу болып бөрлігіп жатады. Оларды өз бетінше тастап кету мүмкін емес. Жауапкершілігі жоқ оқушылар, үнемі қадағалауды талап етеді.
Қызығушылықтары: олардың көпшілігі ұялы телефондардың жаңа модельдерін белсенді талқылайды. Кейбір оқушылар музыкамен және спортпен шұғылданады.
Сабақтан бос уақытында көпшілігі ата- анасына қол жәрдемін береді. Кейбір оқушылар қыш қалап, үй шаруашылығында барлық дерлік жұмысты атқарады.
Сыныптағы қарым-қатынас: қарым -қатынастар екі адамнан төрт адамға дейінгі шағын топтарда жүреді. Шағын топтарға кірмейтін барлығымен бірге араласатын оқушылар да бар.
Физика пәні мұғалімі: Айпеисова Б.М.
8 «г» сыныбындағы жетістігім
Сыныптағы оқушылар саны: 23, жасы: 13-14.
Сыныптың құрамы: ер балалар- 9, қыздар -14.
Сынып оқушыларымен тығыз байланыс орнады. Олардың маған деген сенімділік көзқарасы пайда болды. Сынып жетекшісіне ашылып айта алмайтын дүниелерін, маған айта бастады.Тақтадан қорқу үрейі жоғалды.Физика пәніне деген қызығушылықтары артты. Мені күтіп, іздейтін болды. Топ, шағын мемлекет, сынып деген ұғымдардың мәнін түсіне бастады. Ауызбіршілік, ынтымақтастық, бір -бірін қолдау пайда болды. Оқушылар өз жұмыстарының сапасын көтеруге тырысатын болды және оны жақсартудың мүмкіндіктерін іздей бастады.Әрине бұл менің жұмысымды жеңілдетті. Олар сабақ үшін тек мұғалім ғана жауапты емес екендігін түсінді. Сабақтың қызықты өтуіне өздерінің тікелей қатысы барын түсінді.
Жаңа форматтағы сабақтарды қуана қабылдады.
Оқушылардың шығармашылық ойлау қабілеті артты. Олар өз ойларын сурет арқылы бере білді. Олардың «Суреттер сөйлейді» циклі бойынша жұмыстары жинақталған. Бұл - оқушыны жаңа қырынан көрсететін жұмыстар болып табылады. Менің өзім олардың жұмыстарына таңқалып, пән мұғалімдеріне көрсеттім.Сонда кейбір мұғалімдер: бұлай ойлай алады ма? деп таңырқаған.
Жаңа форматтағы сабақтарға байланысты қысқаметражды фильм де түсірді.
Өз ойларын ашық айта бастады.
13-желтоқсанда 8д және 8г сынып оқушыларымен бірігіп «Электр тоғының жылулық әсері. Джоуль -Ленц заңы» тақырыбында онлайн сабақ өткіздім. Сабақ жоғары деңгейде өтті. Өзімнің де көңілімнен шықты.Әрине жоғары деңгейдегі тапсырмалардың басым көпшілігін 8д сынып оқушылары орындады. Бірақ 8г сынып оқушылары да, төменгі және жеткілікті деңгей тапсырмаларын орындауда айтарлықтай жетістіктерге жетіп отырды. Практикалық тапсырманы орындауда екі сынып та белсенділік танытты.
Бұрын соңды мұндай іс-шараларға қатыспай қашқақтап, тіпте үлгеретін оқушылардың өздері қорқа соға үрейлене қарайтын. Бұл сабаққа өздері ниет білдіріп қатысуларын сұранды. Мен үшін бұл үлкен нәтиже.
Ақпан айында өткізілген апталықта математикадан «Квадрат теңдеулерді шешу» тақырыбында ашық сабақ өткіздім. Сабақ мен үшін қарапайым стандартқа сай болды. Ал оқушылар үшін керемет сабақ болды.Себебі сабақты өздері дайындап, барлық дерлік оқушы осы сабақты өткізуге атсалысты. Мен айтар болсам, олар бір үлкен той өткізгендей қуанышта болды.Олар үш топқа бөлініп, жұмыла жұмыс жасады. Сабақтан соң берген кері байланыста: «Бізбен ешқандай мұғалім ашық сабақ өткізбеген еді; Біз жұмылған жұдырық секілді бірігіп жұмыс жасадық; Енді біз 8д сыныбымен жарысамыз; Біздің де қолымыздан келеді екен; Бірінші рет тақтада жұмыс жасадым; Топта мен графикті салдым және өзімнің сөздерімді қолданып түсіндіре алғаныма қуаныштымын, т.б.».
Олар өздерін бағалауды үйренді. Мен үшін «5 минутка» бағалауды үйретудің бірден- бір тиімді тәсілі болды.Оларға бес тапсырма беріледі. Тапсырманың деңгейіне қарай бағасы мен ұпай саны белгіленеді. Кейін оқушылардың өздері бағасы мен ұпайын көрсететін болды. Тапсырманың орындалуына қарай өздерінің бағаларын білетін болды. Бұл ең қарапайым тәсіл.
Олар үштік бағаның қадірін түсінді. Аузын ашпай үштік қойылмайтынын білді. Дайындықпен келіп алған үштікке қуанатын халге жетті.
Әр сабақтан соң уақыт қалдыруды талап ете бастады. Кей кездерде уақыттың жетіспеушілігіне байланысты мен кері байланысты жасамайтынмын, маған қарамастан қоңырау кезінде бір- біріне кері байланыс беріп жататын. Мен әрине оған қуанатынмын. Олар үшін кері байланыс, жаңа форматтағы сабақтың ең маңызды элементі болып табылады.
Жоғарғы сынып оқушыларының қосымша сабақтарында (Термодинамика; Электр құбылыстары; Джоуль -Ленц заңы; Ом заңы; Электр заряды; Электр кернеуі;Электр тізбегі т.б.) 8д және 8г сынып ішіндегі физикаға ынталы оқушыларды қатыстыра отырып есептер шығаратын болдық. Бұл экспериментке қатысқан оқушылар өздерін көшбасшы ретінде санап, келесі осындай сабақтарға дайындықпен келетін болды. Көкіректерін мақтаныш кернеп, физикаға құштарлықтары артты. Бұл тәсіл оларды шыңдай түсті.
Өздері «Диалог» сабағын ұсынып, оны іске асыра білді. Осы сабақтардың арқасында, өзімнің де кемшіліктерімді түсіне бастадым.
Тақтаға шықпақ түгелі, аузын ашпайтын оқушылар да, осы сабақтар топтамасына белсене қатысты. Дәл осы «Диалог» сабақтарының топтамасына көптеген басқа мұғалімдер де қызығушылық танытып отырды. Осы зерттеу нәтижелерін басылымда жариялап, ұстаз веб сайтынан анықтама алдым.
Олардың жетістіктерін әріптестеріммен бөлістім. Мұғалімдердің осы сыныпқа көзқарасының өзгергендігін мен де, оқушылар да байқады.
Сынып оқушылары «Диалог» сабағын биология пәні үшін де өткізген болатын.2-3 сабақтарына қатысып дәл сол физикадағы қолданатын әдіс-тәсілдердің биологияда әлде қайда оңай және қолжетімді екендігін көрдім. Бұл сабақтарда оқушылар айтарлықтай белсенді болды. Олардан сұхбат алу барысында, биологияның менің пәніме қарағандағы артықшылығын байқадым. Себебін сұрағанымда, биологияда есеп жоқ деп жауап берді.Сонда оқушылар үшін формуланы түрлендіру, шамаларды айналдыру және математикалық есептеу жұмыстарының қиындық тудыратындығы белгілі болды. Әрине, физика – қиын пән. Физиканы білу үшін химия, биология және география пәндерін меңгеру қажет. Ал, математикасыз физиканы оқып-үйрену тіпті де мүмкін емес.
Мен белсенді сынып құра алдым деп есептеймін. Оқушылар бір –бірімен сөйлеседі. Олар мұғалімге және сыныптастарына сұрақ қояды. Өздерінің сыныптастарымен жұмыс жасау үшін кабинет ішінде қозғалады. Өздері түсіндіреді және көрсетеді. Оқушылар өздерін еркін ұстайды және бір –бірімен ой бөліседі. Бұл жәйттер белсенділіктің көрінісі екендігі даусыз. Менің мақсатым оқушылардың физика пәніне қызығушылығын арттыру болатын. Мен мақсатыма жеттім.