Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 8 сағат бұрын)
Өрелі кер (І нұсқа)

Бай есігінде күн көрген бір кедей жігіттің шапса да, жорғаласа да алдына ат салмаған кері аты болады. Мал мен дәулет бермесе де, елге атағын жайған әрі жүйрік, әрі жорға ат берген тәңірге жігіт іштей риза. Қайда думан, қайда той болады, қайда бәйге мен жорға жарысы болады, сол топ алдымен кері атқа көз сүзе қарап, сәйгүлік деп осыны айт десіп таңданады. «Ер қанаты ат» дегендей, кедей жігіттің маңдайына біткен жалғыз атқа көзінің құрты түскен талай бай мен әкім қолқа салады. Жігіт оның ешқайсысына көнбейді. Жігіттің бұл «сараңдығына» ішқұса болған әкімнің бірі тартып алуға бел буады да: «Шаңырағын шағып, өзін шабыңдар да, кері атты тартып әкеліңдер», — деп үкім береді де, бір топ сойылсоғарларын аттандырады. Шаш ал десе, бас алған сойылсоғарлар іргелі жаумен шайқасып, ел кегін қайырардай-ақ қаһарланып, атқа қонады.

Келе жатқан сойылсоғарлардың хабарын естіген біреу қалыңдығына ұрын келіп жатқан кер аттың иесіне суық хабарды жеткізеді. Әкімнің сойылсоғар ұрдажықтарына қарсы тұрар дәрмені жоқ жалғыз жігіт, тек қашып құтылуды ойлайды. Әділеттігі жоқ қараң заманның надан биінен құтылудың басқа жолын таба алмай дал болады.

Тарыққан жігіт атын іздеп шықса, бекітіп қойған аты жоқ. Ауыл маңындағы сай-саланы тінтіп, өрелі керін іздеп діңкесі құрыған жігіт қойшыға кезігіп:

— Ой, қойшы-ау?! Өрелі кер көрдің бе, өрелі кер көрдің бе? —  дейді жалынышты үнмен. Қой соңына түсіп ұзақты күн дала да жүрсе де, қойдан басқаға назарын салмаған қойшы:

— Ой, жезде-еке-ау! өрелі кер көргем жоқ, өрелі кер көргем жоқ, — дейді ағынан жарылып. Өрелі керін таба алмай дал боп жүрген жігіттің алып ұшқан көңіліне: «Үй деймін! Өрелі кер мұнда тұр, өрелі кер мұнда тұр», — деп дауыстаған қалыңдығының үні сабыр береді. Сөйтіп, жаяу жүгіре-жүгіре тұралап шаршап, алқына ентіккен жігіт екі етегін қайырған күйі атына келсе, үркіп аты ұстатпайды. Сонда «так-так жа-
ным, так-так» деп атын шыр айнала жүгірген екен.

Жігіт атын ұстап алады. Қуғыншылардың будақ-будақ шаңы көрініп, таяп қалғандықтан, жігіт атының өресін алуға да сабыр қылмай қалыңдығын мінгестіріп, өрелі кермен қашады. Шапса алдына ұшқан құс түсірмейтін кер ат қуғыншыларға жеткізбей, аман құтылады. Жау қарасы алыстаған соң жігіт пен қалыңдық аттан түсіп дем алып, аттың өресін босатып, қайтадан ілгері құйғытып, еліне келеді. Өрелі кердің осы жүрісіне риза болған күйші «Өрелі кер» күйін шығарады.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама