Орынды тілекке орынсыз бұйрық
Сонымен директор айналып облыстық аткомге барыпты, олар бұл ретте телефонды қойып, әдейілеп арнаулы қатынас жазып, рәсімді түрде бұйрық беріпті. Бұйрығында: "Август айына келетін отыннан Педучилищеге тоқтаусыз 100 тонна отын бер" деп кесіп айтыпты.
Міне, Өмірбековтың өзімшілдігін қоздырған осы бұйрық болыпты. "Ең болмаса "берілсін" де демей, олардың "бер" деп шорт кесуі қалай? Оның үстіне "тоқтаусыз" деуіне жол болсын?" — деп ақыра түрегеліпті. Столды жұмырығымен төмпештеп, төбелеске бергісіз айқай шығарыпты:
— Қалай менің үстімді басып, облысқа барасың? Қалай мені даттауға уәжде барды? Саған отын түгіл түк те жоқ. Айта бар айтатын жеріңе! Қатынасыңды қалтаңа сал да, қайқай! Ылғи бездельник! — деп ақырған Өмірбековтың ашуына кез келдік.
Күн жылжып өтіп бара жатыр. Август өтті, сентябрь де жетті. Сүмбіле туып, суықтың хабарын су әкелді. Бұл хабар директорға да оңай тиген жоқ, тыным таппады. Қалалық отын дайындау мекемесінің бастығы Ушанинді тауып жолықты. Әңгіме ақшаға тірелді. Ушанин директорға: "Өмірбековпен келістім, сентябрьдің бас кезінде бір баржы бүтіндей саған берілетін болды. Сондықтан сен біздің есебімізге ақшаңды өткіз" депті.
Ушанинның бұл тілегі тез-ақ орындалды, 27 мың сом бұлардың есебіне өтті. Бұл июль айының аяқ кезі. Сонымен біздің директордың құлағы телефонда, көзі Ушанин жақта болды да отырды. Бірақ түк хабар болмай кетті, жым-жырт.
... Күндерден күн еткенде сентябрьдің 4-не қарағанда, талтүсте Ушанинның өзі мектепке кіріп келді. Түгелдей қуандық. Тұрған бойы отын сияқты болып көрінді... Ол айтып отыр:
— Мен Өмірбековпен келістім. Бүгін баржы отынға жүреді. Сол баржының отыны сендердікі. Бірақ, оған отын тиейтін адам жеткіліксіз. Сондықтан бізге 5—6 кісі бер, — деді.
Сонымен бізден 6 кісі барып, баржыға отын салысты. Баржыны аттандырып кері қайтты. Енді біз баржыны күтіп отырмыз. Өз қолымызбен тиелген сексеуіл таудай боп үйіліп көз алдымызда тұр. Сырдарияның суымен ығып келе жатқандай елестейді. Өлеңдетіп те қоямыз: "Шіркін томар, ұзын сонар, әңгіме боп қолға тидің, қалай тоңар, біздің Омар! — десіп, томар тиескен Омарды сықақтаймыз. Келгенше асығамыз.
Сонымен сентябрьдің 11 күні телефонның қоңырауы жан-жақтан қағылды:
— Сөйлеп тұрған Ушанин. Баржы келді, тез жет, отын сенікі. Өмірбековпен келістім. Бүгін түсіріп алмасаң отын жоқ, — деп Ушанин безек қақты. Бұл хабарды есіте салып, бір күнгі сабақты тастай - тастай жүгірдік. Он емес, жүз емес, үш жүз бала бірден жүгірдік. 8 сағат мезгілінен бұрын түсірдік. Әрине, шаршадық, біраз еңбек сіңірдік. Бірақ еңбектің түбі рахат екенін біліп тұрмыз. Көз алдымызда от маздап жанып тұрғандай...
Ертеңіне сентябрьдің 12 күні отынды өлшеуге кірісіп, тезірек бітіруге тырысып жатқанымызда, Өмірбековтің бұйрығы сап ете қалды. "Отын берілмесін, өлшеу тоқтатылсын! Алса 30 тонна, алмаса жүре берсін!" депті.
Өмірбековтің бұл бұйрығы бәрімізге де қатты тиді. Директор облыстық аткомге жүгірді. Олар отынды біздің пайдамызға шешті. Бірақ, "бұл тыныштық" көпке созылмады, бір такси машинасы ентелеп келіп тұра қалды. Тіпті ортамызға кіріп кетті. Бастырмалап, кимелеп келеді. Біз аң-таң болдық. Сөйткенше болмады таксидің ішінен Өмірбеков шыға келді. Қасында қалалық милиция начальнигі бар. Онымен бірге тағы бір милиция тұр.
Бұйрық қысқа, әрі мығым болды: "Досанов, отыннан бұрау да шықпасын, біреу де тұмсық тықпасын! Менсіз өлсең де берме! Бере қойсаң менің алдымды көрме!" — деді де тайып тұрды. Біз үйіліп-төгіліп қала бердік.
"Ел құлағы елу" емес пе? Өмірбековтің осындайы барлығын бұрында да есітуші едік. Бірақ, өзін көрмеп едік. Біз оның, ол біздің хал-жайымызды білмейтін де еді. Рас, оның жұмысы да көп шығар, қолы да тимейтін болар.
Өмірбеков жолдас! Сіз қаланың бастығы болған соң, Сізге арыз айтпайтын кім бар. Ең арғысы кейбір тозған арық, шанды көше, бұзылған көпір де арыз еткісі келеді. Еңкейіп қалған, шалқайып тұрған, жарылып біткен, сөгіле бастаған, егіле түскен үйлердің де айтар мұңы бар. Өйткені Сіз қалалық советтің бастығысыз. Неге соған Сіздің жаныңыз ашымайды? Неге соларға көздің қырын салмайсыз? Неге Сіз біздің отынға жұмсаған күшіңізді, қайсар қарыспалығыңызды соларды жөндеуге жұмсамайсыз? Бір мектептің отынына көзіңіз түскенде, бір облыстың орталығына көзіңіз неге түспейді? Орынды бұйрықты орынды тілекке неге шығармайсыз? Біз осыған таң қаламыз.
Біздің жаңалыққа жанымыз құмар-ақ. Қалада бір жаңалық болса айналып тұра қаламыз. Екі этажды кинотеатр үйінің әр кесегі қаланған сайын қуанамыз, күніне барып бір көріп қайтамыз. Қазақ көшесінің бойына шлактан салынған бір үй тұра қалып еді, оған да қуандық. Кімнің үйі екенін білгіміз келсе де, иесін таппадық. Иесіз үй бола ма? Оны, әрине, Сіз білетін боларсыз... Әйтеуір "жаңа үй көбейе берсін" деген тілекпен тоқырадық.
Ең арғысы "Қазақ бауының" ішіне ектірген жыңғылдарыңызға да "қуандық". Өйткені, Сіз оның әр түбіне қазынаның қанша қаржысын жұмсадыңыз, үкіметке "мыңдаған ағаш егілді" деп көз бояғыш ақпар беріп, "аброй" алдыңыз, оны да білеміз. Сөз реті келген соң айтып жатырмыз, Өмірбеков жолдас, айыпқа бұйырмаңыз.
Біздің әңгімеміздің желісі отын болғандықтан соңымызға көшейік. Өйткені, бізге отын оңай соқпады. Бәрінен де соның сергелдеңін айтсаңызшы. Әсіресе, біздің қынжылатынымыз: әпербақан, сал сойыл, ұрда жық мінездің, төрешілдіктің, менмендіктің, адамгершілік салтқа жатпайтын жат мінездің әлі де болса қалмай жүргендігі. Оның ішінде басшы қызметкердің бірі Өмірбеков жолдастың бойынан табылғандығы.
Бірақ, орынды тілекті орынсыз бұйрық жеңе алмайды. Өмірбеков жолдас, осыны еске алыңыз. Өтпес жарлық, бойға қорлық. Бұл да есіңізден шықпасын" депті хатта.
Бұл хатқа біздің алып, қосарымыз болмағандықтан қолымызды қойдық.